[:kz]
Ресейлік бойжеткен Елизавета Осипова қазақ тілін үйреніп алған. Осылайша, ол YouTube-тен «Мәскеу қазақша» атауымен қазақтілді арна ашып, Ресей астанасындағы көрнекті орындар туралы қазақтың тілінде баяндап жүр. Бойжеткеннің айтуынша, ол тілді университет қабырғасында үйренген.
Бұл туралы «ИАЦ» сайтына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Елизавета Осипова 2012 жылы Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетіне түсіп, «Шет ел өңіртануы» мамандығы бойынша білім алыпты. Сол кезде оқытушылары қазақ тілін үйренуге ынталарын ашыпты.
«Бастапқыда филология ғылымдарының докторы Мұсабекова ұлжан Есенқызы, артынша Шахатов Кәмшат Тілекқызы Қазақстанды тануға, қазақ тілі мен мәдениетін сүюге ынталандырды. Осылайша, 4 жыл бакалавриатта, артынша 2 жыл магистратурада қазақ тілін үйрендік», – дейді ресейлік бойжеткен.
Өз сөзінде ол қазақ тілін үйрену үшін қажетті оқулықтар жеткілікті болмағандықтан, тілді меңгеру қиынға соққанын айтты.
«Әрине, қазақ тілін өздігінен үйрену үшін түрлі оқулықтар көп болғанын қалаймын. Тағы бір қиындық, тілді меңгеру үшін тәжірибенің жоқтығында. Бізге Мәскеуден қазақ тілінде сөйлейтін адамдарды іздеуге тура келді. Жалпы, біз «Мәскеу қазақша» жобасын қазақ тілінде сөйлеуге жаттығып, оны ұмытып қалмас үшін құрдық. Егер ғаламторда қазақтілді ортадан тыс жерде қазақ тілін үйреніп жүрген адамдарға тілді меңгеруге, дамытуға арналған видео және аудиоконтент болса, жақсы болар еді. Егер мен үйренген қазақ тілі қажетке жарамаса, реніш тудыратын еді», – дейді ол.
Сонымен қатар Елизавета қазақ тілі арқылы мүлде бөлек мәдениетпен танысқанын атап өтті.
«Қазақ тілі арқылы біз қазақтың мәдениетімен, бұған дейін бізге таңсық болған мәдениетпен таныстық. Қазақтың менталитеті, салт-дәстүрі, тұрмысы, асханасы, жалпы Қазақстан туралы көп дүниеге қанық болдық. Тіпті, қазақ пен орыстың мәдениеттерінен ұқсастықтар таптық. Мысалы, біздің елдердің қонақжайлығы, шынайылығы мен ашық-жайсаңдығы. Әсіресе, бізге қазақтың «Аспанға қараймын», «Сұлу қыз», «Көзімнің қарасы», «Армандастар» әндері ұнап қалды», – дейді Елизавета Осипова.
Елизаветаның айтуынша, «Мәскеу қазақша» жобасын қазақ тілін меңгеру деңгейін одан әрі қолдап, дамыту үшін құрған. Бір жағынан жобаның бізді тамашалайтын аудиторияға қызық болғанын қаладық, дейді ол.
«Неден бастарымызды білмедік. Сол кезде мен Мәскеу көшелері туралы айтып, осылайша, қаланың қызықты және көрнекті орындарының картасын жасауды ұсындым. Оны қазақ тілінде жүргіземіз деп шештік. Бір жағынан, Ресейде қазақ тілін үйреніп жүрген адамдарды тартқымыз келді. Екінші жағынан, қазақстандық жастарға Мәскеу туралы өз ана тілінде білу қызық болар еді.
Жобаны қолға алып, алғашқы роликті түсірген кезде біздің университетіміз орналасқан Остоженка көшесі туралы айттық. Әрине , өздігінен сценарий мен мәтінді жазып шығу қиын болды. Алайда біз педагогтар мен қазақстандық достарымыздан әдейі көмек сұрамадық. Бәлкім, біздің сөйлегенімізде қателіктер бар шығар, алайда біз оны әдейі түземедік. Себебі қазақ тілінде қате сөйлесеңіз, бұдан қорықпаңыз. Тіл иелерінің алдында маңызды көрінетін дүниелерді жасаңыз. Олар біздің мұндай қателіктерімізге түсіністікпен қарайды деп үміттенемін», – деп түйіндеді бойжеткен.
stan.kz
[:]