АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қытайда сақшы болып істеген қандасымыз не дейді?[:]

[:kz]

Қытайдан келген қазақ «Саяси үйрену мектептері» туралы шындықты айтты

Таяуда «Youtube» желісінде саяси үйрену орталығы деп аталатын Қытай концлагерінде сақшылық қызмет атқарып келген қазақ жігітімен сұхбат жарияланды. Онда қытайлардың өзге ұлт өкілдеріне жасап жатқан қысымы туралы баяндалады. «Сайрагүл оқиғасынан да сұмдық дүмпу қозғайтын бір оқиғаның куәсі болғалы отырмыз. Себебі бұл әңгіме қытайдың адамзатқа қарсы жасап жатқан қылмысын әшкерелейді.

Ендеше, куәгерімізге сөз кезегін берейік. Ал ары қарай бұл тақырыпты талқылауды тағы да бір мәрте қазақ қоғамының өз еншісіне қалдырдық», – дейді сұхбат басында «Атажұрт ерік­тілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлы. Ары қарай әңгімені қандасымыз жалғастырды.

– Менің аты-жөнім – Баймұрат Жұмғайұлы. Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Санжы облысы, Шонжы ауданында дүниеге келгенмін. 2009-жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2010-жылы осы елдің азаматтығын алған болатынбыз.

2013-жылы екінші баламның денсаулығында кінәрат пайда болып, оны емдетуге отбасымды алып Қытайға бардым. Бізге ол жақта емделуге біраз уақыт керек болды. Содан Қытайдың Санжы облыстық ішкі істер басқармасына барып: «Біз мұнда Қазақстанның төлқұжатымен келдік. Баламды емдету үшін осында ұзақ уақыт тұратын боламын. Ертең осында жүргенде қиындықтар туындамас үшін осы мәселені қалай шешіп бересіздер?» – дедім. «Сенің Қытай жеке куәлігің біздің базамызда сақтаулы тұр екен, еш кедергі жоқ, жұмыстарыңды жасап жүре бе­ріңдер», – деп біздегі Қазақстан төл­құжатын өздеріне алды да, әйелім екеумізге Қытай жеке куәлігін ұстатты. 

     Баламызды емдетіп жаттық әрі күнкөріс қамын жасап, Қытайда жұмыс істеп жүре бердім. 2016-жылдың соңына қарай жоғарғы оқу орнын бітірген азаматтарды жаппай полицейлік жұ­мыс­қа қабылдап жатқандығын естіп, мен де соған бардым. Өзім Шыңжаң педагогикалық университетін бітір­генмін. Сынақ тапсырған соң Шонжы ауданында сақшының көмекшісі болып қабылдандым.

Мен жұмысқа тұрған соң бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде полиция бекеттері салына бастады. 300 метр сайын салынған мұндай «көк үйлердің» жалпы саны 92-ге жетті. Ішіне бақылау аппараттары орнатылды. Шыңжаңның мекеме орындарының бәріне бақылау камералары орнатылған. Сол арқылы 24 сағат бойы барлығын осы жерде кезекпе-кезек бақылап отырамыз. Онымен қоймай, әр бекетке бір полиция көлігі берілген, соған мініп алып, көшені барлап, ауданды айналып жүреміз. Мылтығымыз бен ағаш тоқпағымыз бар, кез келген көлікті тоқтатамыз да, тексереміз. Ал қолымыз қалт еткенде «Коммунистік партия жасасын!» деген секілді үгіт-насихаттарды, Қытайдың заңдарын жаттаймыз. Өзіміз сол жерде екі-үш айға дейін жатамыз, үйге жібермейді. Барлық жерде камера, ешкімге артық ештеңе айта алмайсың. Бұйрыққа бағынасың, бар деген жеріне барасың.

Алты айдан кейін әлгі бекетке адамдарды, көліктерді тексеретін түрлі аппараттар әкеле бастады. Соның бірі – күдікті туралы барлық мағлұматтарды әп-сәтте білуге болатын бақылау аппараты. Адамның жеке куәлігін немесе ұялы телефонын әлгі заттан өткізген кезде, «хиджаб киген бе, орамал тартқан ба, дінге қатысы бар ма, Қазақстанмен байланысқан ба» деген секілді барлық ақпарат шыға қалады. Бұрыс ақпар шыққан адамдарды бірден ұстап әкетеді.

Мен істеп жүрген сол ауданда салынғанына көп болмаған қазақ мектебі бар еді. Ондағы оқып жатқандарды бас­қа мектептерге қосып жіберді де, оны саяси үйрену орталығына айналдырды. «Саяси үйрену орталығы» деп отырғанымыз – кәдімгі түрме. Сыртқы қорғанының биіктігі 4 метр, оның үстінде тағы 3 метрдей темір дуал бар, оған электр тоғы жүргізілген. Ішінде жатын төсектер бар. Солардың ортасына адамдарды тізіп отырғызып қояды да, әлгіндей Қытай заңдарын жаттатқызады. Жаттай алмағандары ұйықтамай сағаттап отыра береді. Әлгі мектептің жан-жағын қоршап, қақпасынан бастап есіктің барлығын ағаштан темірге ауыстырып, түрме жасаған соң ол жерге мешітке барғандарды, басына орамал тартқандарды, намаз оқығандарды шетінен тоғыта бастады.

Бір күні барлық сақшыны жинап алып, бізді осы секілді басқа бір түрмеге жіберді. Ондағы адамдарды бұрын­ғы мектеп болған орталыққа көшіріп әкелетін болдық. Ол жерде ұсталып жатқан 600 адам бар екен. Кішкентай қыздардан бастап шашы ағарған апаларға дейін небір жандар отыр. Ерлер мен әйелдер бөлек-бөлек қамалған. Олардың ішінде ұйғыр, дүңген, қазақ – барлығы аралас.

Алдымен әйелдерді көшірдік. Қол-аяқтары кісенделген күйі көрпе-төсек­терін көтеріп, көлікке барып отырып жатыр. Кенет қатты бақырған жаман дауыс шықты. Қарасам, шашы аппақ қудай, жасы 80-ге таяп қалған ұйғыр апаға аяғының сынғанына қарамастан кісен салып жатыр екен. Оны көтерген күйі көлікке апарып тоғытып жіберді. Оны көрген мен жүрегім ауырып, «осы жұмысқа неге келдім екен» деп іштей жанымды жеп, өкіне бастадым. Ал бұл жұмыстан шығамын десең, «Неге, не себепті кетесің? Әлде шыдамай жүрсің бе? Шыдамасаң, біраз демалыс алып, қайта жалғастыр», – дейді. Ал оған қарсылық танытып, мүлде қоямын дегендер өзі де бірден қамалады.

Бірде бір азаматтың қолына кісен салып жатып қарасам, алдымда бұрын бізбен бірге сақшының көмекшісі болып қызмет атқарған қазақ жігіті тұр. Қамалып кетіпті. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Өзінен бірдеңе сұрайын десем, маңайдың бәрі бейнебақылау. Түк дей алмадым. Кейіннен жанымдағылардан әлгі қазақ жігіті туралы сұрадым. Сөйтсем, сақшылық қызметте жүргенінде түрменің ішінде жатқан бір жапырақ қағазға көзі түсіп, оны ашып оқыған күйі қалтасына сала салған екен. Ал оның ішінде «Қайт­сеңдер де мені мына жерден алып кетіңдер» деген сөз жазылыпты. Оның бұл әрекеті камераға түсіп қалған. Сол үшін қамап қойған.Салмағы 130 келі тартатын бір жігіт болатын. Қазақстанға туыстарына телефон шалғандығы үшін ұсталып кеткен екен. Бірде сол жігітті көріп қалдық, салмағы бір айда 50 келіге түсіп, кірпігі әрең қимылдайтын халге жетіпті.

 

Сол жерде менің әкемнің қарындасы бар еді. 2017-жылы оның да келіні мен ұлын ұстап алып кетті. Екеуі бұрын қолданыста болған екі телефон сатып алған екен. Міне, олардың сол телефонын тексерген кезде ішінен белгісіз видеолар шыққан. Телефонның тілін жақсы түсінбегендіктен  оның ішінде не бар екенін өздері де білмеген. Балалары түрмеге жабыл­ғаннан бастап асқазан обырына шалдығып ауырған анасы уақыт өткен сайын нашарлай берді. Содан хал үстінде жатқан аналарын көріп қалсын деп, шешелерімен кезіктіреді. Оларды кісенделген күйде әкелген екен, бір-біріне ештеңе айта алмай, «шеше» деуге шамаларын келтір­местен 15 минуттай ғана тұрғызып, аянышты жағдайда қайта алып қайтады. Содан көп уақыт өтпей апайым қайтыс болып кетті. Одан кейін балаларын топырақ салуға әкелді ме, жоқ па, оны білмеймін.

 

Бір үйдің университет бітіріп келген жалғыз ұлы сақшылыққа жұмыс­қа тұрды. Әлгі жігітті түрмедегі оншақты адамға қарауыл етіп қояды. Оның көпшілігі дінге қатысы бар деп ұсталған ұйғырлар екен. Ішіндегі біреуі түннің жарымында әлгі қазақ сақшыдан бір тал темекі сұрайды. Жаны ашыған жігіт сұрағанын береді. Әлгі адам сұрап алғанын  шегіп бола берген кезде сақшыны ұстап алып кетеді. Сондағы қылмысы – темекі ұсынғаны. Оның ары қарайғы тағдырынан хабарым жоқ.

Сөйтіп жүргенде өз басыма да қауіп төнді. 2018-жылдың бастапқы айларынан бастап аудандағы тұрғындардың төлқұжатын жинап алған болатын. Сөйтіп Қазақстанға шыққандардың барлығынан «Қазақстанға неге, кімге, не мақсатпен бардың?» деген сұрақ-жауаптар алды. Сосын елге барыс-келіс жасап жүргендердің бәрін де түрмеге жапты. Бір күні сол тізімге менің де аты-жөнім түсіп қалыпты. Соны білген соң-ақ жаным тыныш таппай, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Біреуге айтайын де­сем, ондай кезде жұрттың бәрі сенен қашады. Содан Қазақстан елшілігіне барып, жағдайымды түсіндірдім. Солардың көмегімен барлық дүние-мүлкімді Қытайда қалдырдым да, әрең дегенде отбасымызбен елге келдік, – дейді Баймұрат.

…Міне, Қытайдағы осындай құпия тірліктері туралы отанына оралған қандастарымыздың өз аузынан естіп жатырмыз. Бірақ оның астары не, оны ешкім де дөп басып айта алмайды. Бұл жағдай сондағы қазақ, қырғыз, ұйғыр секілді ұлт өкілдерінің үрейін ұшырып отыр. Алдағы уақытта бұл мәселенің мәнісі анықталып, оңды шешімін табар ма екен, әлде зар илеп жүрген жандарға ешкім де көмектесе алмай ма?

 

М. ӘМІР

zamana.kz

[:]