[:kz]
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында жалғызбасты әке төрт перзентімен амалдап күн кешуде. 45 жастағы Ербол Қыстаубаев бүлдіршіндерімен қыстың қара суығында құрылысы аяқталмаған жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүр. Құдай қосқан қосағы осыдан 4 жыл бұрын дүние салғалы бұл отбасының берекесі де қашқандай. Біз төрт баланы жалғыз жетілдіріп отырған Ербол ағаның жағдайын білген болатынбыз.
«Әйелім екеуміз Таңатар ауылында пәтер жалдап тұрғанбыз, – дейді ол. – Сонда да әр бала өз несібесіне туылады деп сәбилі болудан қашпадық. Келіншегім тағы нәрестелі болатынымызды айтып, қуантқанына көп өтпей, ауруханаға түсіп қалды. Іштегі екі айлық шарана шетінеп қалыпты. Оны аудандағы дәрігерлер «кесарь тілігі» арқылы тазалап, алып тастамақшы болған. Бірақ бір нәрсесі дұрыс болмады ма, ота үстінде қан кете бастаған. Содан бір түн қиналған әйелімді ертеңіне ғана «жедел жәрдеммен» облыстық ауруханаға жеткізеді. Бұл жер тексеріп, ақыры олар жұбайымды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелткен. Жағдайдың қалай өрбіп, не болғанын мен толық білмедім. Себебі балаларым ол кезде тым кішкентай болып, үйде қалдым. Осы жерге келген соң көп өтпей келіншегім жан тапсырады. Менің қайынжұрттан естігенім осы.
Қайғылы хабардан есеңгіреп, балапандарымның болашағын ойлаумен болдым. Менің жаныма қатты батқаны – әйеліме «Кене шаққан» деген диагноздың қойылғаны еді. Бұл өз абыройына нұқсан келмеуін көбірек ойлаған ақ халаттылардың арамдығы емес пе? Егер одан кене шаққан қандай да бір белгі білінсе, дәрігерлер сонадайдан қашып, ота жасамас еді ғой.
Тағы бір сорақылығы, әйелімнің қайтыс болуы туралы анықтамасы қолыма тиген соң оқысам, «Остро-сердечная недостаточность» деген жазуды көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Мұны былай қалдыруға дәтім шыдамай, біраз жүгірген кезімде келіншегімнің әкесі: «Өлер адам өлді ғой. Енді жұртты шулатпай-ақ қой», – деді. Амал жоқ, жарымның әруағын мазаламайын деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырдым.
Ол уақытта үлкенім 3-сынып оқыса, кішкентай ұлым 3 жасар еді. Ер адамның тірлігі қайбір оңсын? Шаянға 2018-жылдың қазанында көшіп келдік. Әупірімдеп былтыр ғана салынған «Спорт комплекске» электрик болып жұмысқа орналасып алдым. Балаларымды сабаққа дайындап, киім-кешектерін жуып, үтіктеп, түскі, кешкі тамақтарын әзірлеймін. Жұмысқа да үлгеріп, кешке келген соң сабақтарын да қадағалаймын. Әйтеуір үйді үш қызым жабылып жинап қояды. Оған да шүкір деп отырмын.
Біздің тұрып жатқан екі бөлмелі үйге айына 10 мың теңге төлеймін. Отын-су, жарық, көмір мен азыққа бір айлығым кетіп қалады. Киім-кешек пен балаларым ауырып қалса, алатын дәрі-дәрмек, басқа да қажетімізге төрт балаға берілетін әлеуметтік көмектің қаржысы жаратылып кетеді.
2015-жылы тұрғын үй кезегіне «жалғызбасты әке» ретінде тіркелгенмін. Аудандық тұрғын-үй және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына өзім, бізді уайым қылған анам да бірнеше рет бардық. Еститініміз – «кезегіңіз келгенде аласыз» дейтін бір ғана жауап. Осы кезек ертерек келсе деп ұл-қызым жатса-тұрса тілеп жүреді».
Тағдыр сынына тап болған азамат үйленгісі келмейтінін айтады. Ол балаларының біреуге жәутеңдей қарағанын қаламайды екен. Оның бар арманы – бір баспана. «Басқа қиындықтың бәрін еңсеремін», – дейді ол.
Жалғыздық жанына батса да ол туралы сөз қозғамай, қайтсем балаларымды жетілдіремін деп жүрген қайырымды азаматқа қол ұшын созып, көмек берейікші!
Ербол Қыстаубаевтың байланыс телефоны: 8-705-893-02-87.
Zamana.kz
[:]