АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]А. Баталов: Тұрлашов көп сөйлейді, Шалтабаев колхозник әкім[:]

[:kz]

Есептік жиын жақындағанда Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ жұмысы тіптен қыза түсті. Бұл жолы өңір басшысы Талдықорған іргесіндегі өркениеттен тыс қалған елдімекендерді аралады. Әдеттегідей, қымбат көлік мініп, туфлиіне шаң тимейтін шенділер аяғы балшыққа батып, үнемі жаяу жүретін тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап көрді. Баталов пен бірінші орынбасары Ләззат ТҰРЛАШОВ және Талдықорған әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВТАР алғаш табан тіреген елді-мекен — қала іргесіндегі “Ынтымақ” ауылы.

Мұндағы мыңнан астам тұрғынның ынтымағы жарасып-ақ тұр. Ауыл жұртшылығының айтуынша, қиындықтарға бір адамдай төзіп келеді. Алайда, шыдамның да шегі бар екенін күзде көтеріліп, жергілікті билікке талап қойғанда куә болғанбыз. Он жылдан асты ауылда жөні түзу жол жоқ. Кәріз жүйесін әлі жоспарға енбеген. Электр жарығын ескі трансформатордан тартуға мәжбүр, бағаналар ескірген. Қоғамдық көлік қатынағанымен, негізгі бағытта жүретін “маршурткаларға” міну үшін тұрғындардың көпшілігі күре жолға дейін 1 шақырым жаяу жүретіндерін бұрын да айтқан. Ауылда инфроқұрылым толықтай аяқталмаған. Әлеуметтік нысандарға жауапты мердігерлер мен тапсырыс берушілердің бірлесіп жүргізген инженерлік жүйесінде кемшілік жетерлік. Ашуға ерік берген Амандық Баталов бұған тікелей жауапты қала әкімі мен бірінші орынбасарына шүйлікті. Шүйлікпей қайтсін, тапсырылған шаруалар атқарылмаса.

Ей, бұл қала ғой, айдалада жатқан барханник емес. Түсінесіңдер ме, бұл таза ақымақтың ісі. Қараңдаршы, жап-жақсы ауылды неге айналдырдыңдар? Барлығы как попала салынған. Егер ақылдарың жетпесе, жоспарлау жобасын қарасаңдаршы. Ол жерде барлығы көрсетілген. Ештеңе білмейсіңдер. Сондықтан істеріңде шикілік көп. Бір жыл болды, жұмыс жасап жатқаныңа, бір рет болса да «адамдар қиналып жатыр» деп айтқан жоқсың (Дастан Шалтабаевқа қаратып айтылған сөз). Сен де сондайсың. Менің бірінші орынбасарымсың ғой. Көп сөйлегеннен басқа ештеңе білмейсің (Ләззат Тұрлашовқа айтылған сөз). Құрылыстан түк хабарың жоқ, мына әкім де колхоздан келген. Мұндай әрекеттеріңнен кейін халық шуламай қайтсін!

Мұндай сөздерден кейін, әдетте, атқамінерлер кірерге тесік таппай абдырайтыны анық. Бірақ, Шалтабаев пен Тұрлашовқа тесік іздейтін уақыт табылмады. Үнемі жылы кабинеттен шықпайтын шенділердің жоспарлы сапарына “Қызылтас” саяжайының азып-тозған тұрғындары қатты қуанған сияқты. Талай уақыт күткендерін айтып, бірден проблемаларын жайып салды. Саяжайда қылмыс көп. Бірақ ешқашан ашылмайды екен. Елдімекеннен «Қаратал» өзені арқылы қалаға қатынайтын жалғыз көпір бар. Көлік те, тұрғындар да аталған “қыл” көпірден басын қауіпке тігіп өтеуге мәжбүр.

 

Осыдан 4 жыл бұрын үйім тоналып, өртеніп кетті. Қылмыс осы күнге дейін ашылмады. Күдіктілерді іздеген жан жоқ, осылайша қылмыс жабылды. Төтеншеліктер мына көпірден өте алмай, үйім көз алдымда күлге айналды. Мына көпірді скорый мен пожарный өтетіндей етіп жасап берсе. Тіпті, адам өте алмайтын болды, жүрсең дірілдейді”, – дейді “Қызылтас” тұрғыны Ермек БЕРІКҰЛЫ   

Ауыл жамағаты мешіт құрылысын қолға алып, 2016 жылы аяқтағандарын айтты. Алайда, 3 жыл бойы құжаттарын реттей алмай келеді.

Хава НҰРХАЕВА “Қызылтас” тұрғыны: Жақсылық жасаймыз деп зардабын шегіп келеміз. Бар ойымыз балаларымыз темекі, арақ сияқты жаман әдеттерден алыс жүрсе деп едік. Әкімдіктегілер құжаттарымызды реттеуге мұрсат беретін емес. Діни басқармадан көмек сұрадық. Бірақ баяғы жартас сол жартас.”

Мұны естіген Амандық Баталов қала әкімі Дастан Шалтабаевқа мәселені шешу үшін 3 күн уақыт беретінін айтты.

Осы бюрократиялық кедергілер үшін мешітке барып құрбандық шал. Сосын, Құдайдан жасаған күнәң үшін кешірім сұра”,- деді Баталов мырза қала әкімі Дастан Шалтабаевқа.

Амандық Баталов екі жарым сағатын қиып, бас-аяғы 5 нысанды аралап үлгерді. Талдықорған маңында осындай күй кешіп отырған 9 саяжай бар. Барлығының мұңы ұқсас: жол жоқ, электр жарығына жарымай келеді, кейбірі таза ауыз судан дәмелі. Есесіне, өңірде 1 жыл ішінде Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін бақандай 9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатпен облыс атқамінерлері 9 саяжайдың проблемасын тұтастай шеше алмаса да,  жағдайы мүшкіл тұрғындардың бір жыртығын жамауға болатыны анық еді.

А. Баталов: Тұрлашов көп сөйлейді, Шалтабаев колхозник әкім 

Фотолар автордікі.

zhasalash.kz

[:]