[:kz]
26-маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөніндегі Қаулыға қол қойды. Бұл жаңалық көпшілікті елең еткізсе де кешірілетін несиенің шарттарын жұртшылық жете түсіне қойған жоқ. «Менің де қарызымды мемлекет төлеп бере ме?» деп үміттеніп жүргендердің қарасы қаншама! Аталған жайт көпшілікке түсінікті болуы үшін қаржылық сауаттылықты көтеру мақсатында түрлі сабақтар мен мастер-кластар өткізіп жүрген экономист әрі журналист, «Хабар» арнасынан берілетін «Таңғы хабар» бағдарламасындағы «Баспанаға бағыт» айдарының тұрақты жүргізушісі Дәулет Төлеутайұлымен (суретте) сұхбаттасқан едік.
«Несиені кешіру жұмыстары екі бағытта жүзеге асады. Бірінші бағыт – әлеуметтік аз қамтылған топтың несиесін кешіру. Бұл санаттағы адамдардың несиесі биылғы жылдың 1-маусымына дейін алынған және банкке жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспайтын кепілсіз несие болуы тиіс. Осылардың 300 мың теңгеге дейінгі негізгі несиесі мен оған есептелген сыйақысын мемлекет өтейтін болады. Оны ақшалай алды ма, әлде тұрмыстық техника алды ма, ол жағы есепке алынбайды. Бұған қарызды төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен, яғни 90 күн «просрочкасы» бар адамдар ілігеді», – дейді Дәулет мырза.
Мұндағы әлеуметтік аз қамтылған топқа көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, мүгедек баласы бар ата-аналар, асыраушысынан айырылғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қамқоршысынан айырылған жетім балалар кіреді екен.
«Ал екінші бағыт бойынша, кепілсіз несиесі бар 5 миллион адамға жеңілдік жасалады, яғни әрбір қарыз алушының алған несиелерінің өсімақылары (пеня) мен айыппұлдары (штраф) алынып тасталынады да, олар тек негізгі қарызын ғана төлейтін болады. Бұл жеңілдікке жоғарыда айтып өткендей, биылғы жылдың 1-шілдесіне дейін кепілсіз несие алған азаматтар мен қарызды төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен адамдар ғана іліге алады. Осы жерде түсіндіре кететін бір жайт, банкке қарызға алған ақшаның үстіне қосып қайтаратын пайыздық үстемақы кешіріледі деп қате түсінбеу қажет.
Ал қарызы коллекторлық компанияға өтіп кеткендердің кредиті кешірілмейді. Осыны да ескеру керек. Сондай-ақ несие талабына сай келген адамға банкке барудың, қандай да бір құжат жинап, жүгірудің қажеті жоқ. Мұнымен құзырлы орындар мен банктер базадағы мәліметтерге сүйене отырып, өзара ақпарат алмасу арқылы айналысады. Бұл алдағы екі ай ішінде жүзеге асатын шаруа, сондықтан адамдарға даурықпай, күте тұру керек болады.
Осы жаңалықты естіген кей адамдар мұны дұрыс түсінбей: «Қазір несие алсақ, оны да мемлекет төлей ме?» – деп сұрап жатыр. Дәл қазір барып алған несиені мемлекет емес, алған адамның өзі қайтарады. Үкімет төлеп береді екен деп қате түсініп, банкке ақша төлемей қоюдың немесе жүгіріп барып, несие алудың қажеті жоқ», – дейді Дәулет мырза.
Дәулет Төлеутайұлының бұлай айтуының себебі де бар. Аталған несиені кешіру жұмыстары – бұл мемлекет тарапынан жүзеге асатын бір реттік науқан. Дәулет мырза мүмкіндігі болып, шамасы жетсе, адамдардың қарызды өзі төлеуге тырысқаны жөн екендігін айтады. Себебі аталған науқанға іліккен адамдарға алдағы уақытта банк тарапынан қандай да бір шектеулер қойылып, қайта несие рәсімдеуде қиындықтар туындап, банктен қарыз ақша берілмеуі мүмкін.
Айта кетсек, тұрмысы төмен азаматтардың несиесін мемлекет есебінен өтеу үшін 105 миллиард теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде жағдайы төмен 250 мыңға жуық адамның несиесі кешірілетін болады. Сондай-ақ, Жарлыққа сәйкес, бұдан былай қаржы ұйымдарына табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды.
М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.
[:]