АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Молданың мазағына шыдай алмадым»: танымал ақын жаназада «лекция оқитындарға » наразылығын білдіртті[:]

[:kz]

«Бет-жүзінде уайым-қайғының еш нышаны жоқ. Семірген. Елдің бәрін ақымақ санайтын пиғыл көзінен жылт-жылт етеді. Бейне бір, о дүниеге өзі барып келгендей, құдайдан сәлем алғандай, өз сөзіне өзі удай мас».

Поэзия әлемінде ерекше жыр жолдарымен танылған ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жаназаға келген кісілердің «миқұртын жеп» сағаттап лекция оқитын молдаларды сынға алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Ақын ел ішіндегі назар аударарлық мәселені facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазған.

Қоғамдық ортада көргенін, көңілге түйгенін сын садағына алған ол жазбасында жақынын жоқтап, жаназаға жиналған адамдарға молдалардың уағыз айтатынына наразы екенін жеткізген. Мәселен, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының ойынша, онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған адамдардың уақытын алып, уағыз айтудың қажеті жоқ. Егер рухани лекция оқығысы келсе, мешітте айтсын деген пікірде ол.

«Ана жылы Шыңғыстауда өзім қатты сыйлайтын жездем қайтыс болды. Әдеттегідей, жаназа алдында — молда «лекциясы». Ол «лекциясы» «Қатындар былай тұрыңдар!..» дегеннен басталды. Оған шыдадым. Жер басына барып қайттық. Сонсоң, ас алдында әлгі молда дәмхананың сахнасына шығып алып, тағы да «лекциясын» бастады. Тіпті, ұзап барады. Жұрттың бәрі бас изесіп әлек. 

Мен со жолы молданың мазағына шыдай алмадым. Өйткені, бет-жүзінде уайым-қайғының еш нышаны жоқ. Семірген. Елдің бәрін ақымақ санайтын пиғыл көзінен жылт-жылт етеді. Бейне бір, о дүниеге өзі барып келгендей, құдайдан сәлем алғандай, өз сөзіне өзі удай мас.

Шыдай алмадым да: «Айналайын, уағызыңды мешітіңде жүргіз! Біз қазір ардақты адамымыздан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырмыз. Мында көптеген ағайын қоштасу сөзін айтқалы келіп отыр. Олардың жұбату сөзін де естігіміз келеді. Соңынан басқа да шаруалары бар тірілердің. Сенің бітпейтін «шариғатыңды» қайта-қайта тыңдап отыруға уақыт жоқ. Тоқтат!» — деп ақырып жібердім. 

Сонда, қалың қазағымның арасынан тек бір шалдың ғана қарсылық дауысын естідім. Не болар екен деп жұрт сілейіп қалған. Ештеңе де болған жоқ. Молда абыржып, сахнадан түсіп кетті. Ас бітті. Шығуға бет алғанымызда, тар дәлізге кептелген жұрт ішіндегі көптеген «ақсақалдар» елге білдіртпей: «Сенікі жөн болды, жөн болды», — десіп сыбырласа қолымды қысып, өтіп жатты қасымнан…

Әрине, біздің со жолғы ренішіміз нақты со молдаға ғана емес, барша имам-молдаларға деген реніш болатын. Өйткені, олардың сондай сүйкімсіз-жөнсіз қаракеттері талай жылдардан бері жаппай тенденцияға айналып кетті», — деп жазды ақын имамдардың әрекетіне наразылығын, бәлкім, сын-ескертпесін жеткізіп. 

Айтпақшы, өткір тілді ақынның бұл пікіріне желі қолданушылары селсоқтық танытпаған. Қайта оның ойын қоштап, көптеген пікір білдірген.

Мысалы, «Бір ауыз сөз айтпайды халықтың жағдайын жақсарту үшін, полицияға қарсы бір ауыз сөз айтпайды. Тек уағыз деп сөйлей береді. Дұрыс жасадыңыз ағасы… Әр сөздің өзінің айтылатын орны бар…», «Тыныш аға, өте дұрыс жасапсыз. Молдасымақтары, тіпті, ресми имамдар да кейде жағдайға қарамай, жаттанды уағыздарын жөнсіз айтып кетеді», «Осы қазақы мінез жетіспей тұр қоғамға… дін жамылған дүмшелерді төрге шығарып алып, түсіре алмай әлек бұл Қазақ бүгінде… мола басында мылжыңдайтын молдасымақтарды тоқтататын мерзім келді, үндемегенге ұлттың басына шығып, тайраңдап кетті. Дұрысы, олар, діндарлар діни салттық рәсімін орындап қана… өз орнында отырғаны жөн… ендігі Қазақ тұрмысындағы дәстүрлі орнын белгілеп… сол шеңберден шығармау керек мола молдаларын. Елдің ұлттық идеологиясын, ұранын Қазақ мемлекеті өзі белгілеп, өзі жүйелі түрде жүргізуі тиіс. Бар болыңыз, асыл Аға!», — деп жазды желі белсенділері.

Skifnews.kz 

[:]