АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бейсен Құранбектің досы: Соңғы алты жыл Бейсенге ауыр болды[:]

[:kz]

Мынау пәни дүниеден сүйкімді болып өту екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой. Бейсен бақиға озғанда, тіпті жарқырап жүрген күндерінде де оның көпшіліктің жүрегіне жол тапқан кілті қайсы деп ойланғанымыз да есте. 

Бұл туралы Егемен Қазақстан газетіне сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГУ-ге құжат тапсырып жүргенде көр­дім. Үстінен ақ костюм-шалбарын тас­тамайтын оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар, оны жас мұғалімдердің бірі екен деп қалғанымыз рас.

Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі бол­ғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бір­ауыздан староста етіп сайлап алдық.

Мек­тепті енді ғана бітірген біз үшін әс­керде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ.

Содан ол курстағыларды білу, тану, қор­ғау міндетіне бірден кірісті. Груп­па­лас­тар­дың әрқайсысымен сөйлесе келе, кім­нің неге әуестенетінін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай сөй­лейтін әдеті бар болатын.

Кейін ойлап қарасам, Бейсекең әр қазаққа қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзін­де-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен, дейді Дәурен Құдайберген.

 

…Иә, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жана­­шыр­лығы жайында естеліктерді бір­інен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бі­рін­ші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сен­гім келмеді.

Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болды­рып, шаршағанын көрген емеспін.

Себебі оның қашанда мерейі үстем, жүзі жарқын жүретін. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін. Ал оның нәтижесі бәрімізге белгілі «Айтуға оң­ай», «Қарекет» секілді бағдарламалар ар­қылы замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралып жатты.

Және ол жеңіл-желпі аурулардан өз өзін йога тәсілімен емдеп алып отыра­тын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен қош айтыс­қа­нына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым.

Екінші. Соңғы 27 жылда оның жасаған жақ­сылық­­­тарын саралап шығуыма маған бір­ша­ма уақыт қажет болды. Себебі досым­ның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтей­мін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шыр­мауынан шыға алмадым.

Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бей­несі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлде­нені айтқысы келетіндей әсерде жүр­дім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеңе демеді…

– Соңғы алты жыл Бейсекеңе өте ауыр болды, – дейді «Жетісу» телеар­на­сы директорының бірінші орынба­са­ры, досы Досан Қызайбекұлы. – Талды­қорғанда «Жетісу» арнасының жұмыс­та­ры, Алматыда «Айтуға оңай», кейін «Қарекет» хабарының түсірілімдері, ара­сында басқа да жобалар мен шаруалар­ды реттеп көп шапқылады.

Өзгесін айтпағанда, бір ғана «Айтуға оңай» ток-шоуы қатты қажытты. Жылына эфирге 235 хабар шығады, сүзгіден өтпей, архивке кеткені қаншама. Осы хабарды толық сегіз жыл жүргізді. Енді есептей беріңіз… Хабарға жылап келген қанша мыңдаған кейіпкердің көз жасын сүртіп, бірге егілді, сүйіншілеп келген қан­ша мыңдаған жұртпен бірге қуанды. Адам­ның жүрегі – тас, жаны темір емес қой. Күн­­дердің күнінде ол да шаршайды. «Бір адамға болса да пайдамыз тисін» деп, ел үшін, қазақ үшін тыным таппай жүрген бауы­рымызға құрғыр кеселдің жабыс­қа­нын байқамай да қалыппыз.

«Бөрі арығын білдірмес…» Тоғыз ай жаны қиналып, адам төзгісіз азапқа түссе де, сыр білдірмей кетті ғой. Керісінше, көңілін сұрай барған жұртқа басу айтып, жұбатып жататын. Қайран, Бейсеке! «Секе, Досеке, бұл дертті әлі-ақ жеңеміз!

Үшеуіміз зейнетке шыққанда көрші боламыз, шығармашылықпен айналысамыз. Немере бағамыз» деген арманы бар еді. Сол арманына қатты асықты. Ауырып жүрсе де, болашақ үйімізді салатын жер­ді де жылдамдатып алдырған еді. Әттең! Енді, міне, ішіміз күйіп, жанымыз жетім­сі­реп қалды. Еңіреп жыласақ та, иен дала­ға кетіп айғайласақ та, іштегі шерден жуық арада арыла қоймаспыз.

[:]