АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Түрікке тигенше, қазақ жігітіне тоқал болған мың есе артық[:]

[:kz]

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Соңғы кезде «Отбасы-ошақ қасы» айдарында түрік жігіттеріне ғашық болған қыздар туралы мақаланы, астында жазылған қызу әңгіме, дау-дамай пікірді оқып өзімнің басымнан өткен оқиғаны жазуды жөн көрдім.

Отырып алып айтқан оңай-ақ. Басыңнан кешкен жағдай да ғана нақты ой айта аласың! Сол көп түрік жігітіне сеніп, ғашық болған қыздардың бірі менмін. Сол түрік жігіттердің уақытшалық «керемет» образына алданып, сонау Түркиядан шыққан қыздың бірі тағы менмін…

Өзім Ақтөбе жақтың қызымын. Алматыда жоғарғы оқу орнын аяқтап, ауылға барып келдім. Ендігі мақсатым- жақсы жұмысқа орналасу. Құрбым Айсұлудың пәтеріне келіп орналастым. Әзірге жұмыссызбын.

Мен сияқты қолдарында табақтай дипломдары бар қыздар қаптап жүр. Бәрімізге жақсы жұмыс қайдан табылсын. Пәтерде менен басқа үш қыз тұрады. Сол үш қыздың бірі ресторанда даяшы болып істейді екен. Мен енді күн көру амалын ойластырып, уақытша сол ресторанға даяшы болуға келістім. Бойым ұзын, көзім қарақаттай әдемі қыз еді.

Ресторан әкімшілігі мені бірден ұнатып, жұмысқа қабылдады. Күндер өтіп жатты. Күнде қызық күнде той. Бір күні ресторанда бес-алты түрік жігіттері көңіл көтерді. Солар отырған дастарханға қызмет көрсету маған бұйырды. Өз қызметімді атқарып, түрік жігіттеріне мән бермедім. Кетер уақыттарында әдеттегіден «чаевые» тастап, кете барды.

 

Осылайша күндер өтіп жатты. Бір күні жұмыстан шығар уақытта есік алдында машинадан өткендегі түрік жігітінің бірі шығып, менімен танысқысы келетінін айтты. Қасымдағы құрбым екеуіміз еш қысылмастан танысып, үйімізге жетіп қалдық.

Есімі- Мұстафа. Мұстафа күнде мені жұмыстан соң күтіп алатынды шығарды. Құрбым екеуімізді үйімізге жеткізіп салады. Бір күні бізге «жұмыстан соң көңіл көтеурге қалайсыңдар?» деп қыдыруға ұсыныс жасады. Ерігіп тұрған екі қыз келісе кеттік.

Осылайша таң атқанға дейін Алматыны қыдырдық. Шынын айтсам сол кезде түрік жігіттері мен қазақ жігіттері арасында айырмашылық жоқтай көрінді. «Онда тұрған не бар, ұлты-түрік, бәрі мұсылман» деген ой тұрды басымда.

Осылайша мен түрік жігітінің қыз бен жігіт болып жүруге жасаған ұсынысын қабыл алдым. Ол бір түріктердің құрылыс фирмасында қызмет атқарады екен. Ар жағын көп сұрап жатпадым. Ең бастысы-жігіт маған ұнайды. Бойлары ұзын, қастары қалың, көздері оттай жанған түрік жігіттерін ұнатпау мүмкін емес, оған қоса асты-үстіңе түсіп сыйлайтындығы тағы бар. Сыйлықты үйіп тастайтын жомарттықтары бір бөлек.

 

Уақыт өтіп жатты. Жігітім өте қызғаншақ болып шықты. Мені көзден таса қылғысы келмейді. Түрік жігітінің ақылымен ресторандағы жұмысымнан шығып кеттім. Ол күндіз жұмыста, кешке келеді. Осылайша үш ай уақыт өтті. Мұстафаның жұмысы аяқталып, Түркияға қайтатынын айтты. Маған үйленгісі келетінен де жасырмады. Төрт ай ішінде бір-бірімізге бауыр басып, ғашық болып үлгерген едік. Мен де ойланбастан келісім бердім. «Ата-анам не дейді» деген сұрақ болған да жоқ. Барлық шешімді өзім қабылдадым.

 

Ақтөбеге келіп, ата-анама жағдайды айттым. Әкем үйден қуып шықты. Анам да батасын бермеді. «Не болса ол болсын!» деп мен есікті тарс жауып, кетіп қалдым. Ата-анамның жалғыз қызы едім. Сол кезде батасыз кеткенім ойландырмады да. Алматыға келдім де сүйіктіммен Түркияға тайып отырдым.

Сериалдардан көргендей деп елестеткен Түркиям мүлдем бөлек болып шықты. Стамбулға бірнеше шақырым алыс бір ауылда тұрады екен.

Кәрі шешесі бар. Ауыл дегенде де адам аяғы баспайтын бір там үйлері бар шағын ауыл. Маңайы тау мен тас. Тұрмыстары да керемет емес. Оның бәріне қарайтын мен емес, ең бастысы-ғашығым қасымда. Осылайша мен түрік келіні болып шыға келдім. Армандаған ұлан-асыр той да жоқ.

Еркектері бөлек, әйелдері бөлек отырып атап өткен бір отырыс болған сияқты. Қыздары ірі денелі, денелерін түк басқан өңсіздеу, әрине осыдан кейін қазақтың үріп ауызға салған қыздарына қалай ғашық болмайды.

«Намаз оқимыз» дейді өздерінше, әйелі де еркегі де темекіні бұрқыратып тұрады. Мұстафа өзі тұратын ауылдан 20 шақырымда орналасқан бір қалашықта құрылыс саласында жұмыс істеп жүрді. Мен күні-түні үйде, бір қадам аттап шығуға рұқсат жоқ. Ызыңдап сөйлеп «қазақтың қыздары ашық-шашық киінеді, тәрбиесіз, намаз оқымайды» деген енемнің сөзін естіп, естісем де естімегендей, түсінбегендей жүре бердім. Сол кездері келіндерін қыздарындай көріп отырған аналарым еске түсетін.

Мұстафаның көңілі маған суымаған. Асты-үстіме түсіп тұрады. Өзімнің аяғым ауыр екенін айтқанда қатты қуанды. Осылайша тоғыз айдан кейін қызым дүниеге келді. Есімін- Айлин қойдық. Менің бар құжаттарымды Мұстафа алған.

Ол кезде құжат іздеу менің ойымда да болған емес. Туған ата-анамды сағынсам да іштей өкпем қара қазандай. Айлиннің қызығына батып, күндерім өтіп жатты. Бұрынғыдай емес Мұстафаның қалашықтағы жұмыстары көбейе бастаған сыңайлы. Бұрынғыдай «жаным» деп мені іздеп тұрмайды.

Қалаға барып базар аралап, қызық көру дегенді ұмытқанбыз. Тіпті үстімдегі киімдерім сол баяғы ескі киімдер. Ақша ұстау деген менің құзырыма кірген де емес. Апталап келмей қоятын күйеуім бізді ұмытқандай. Келсе қайта асығып тұрады, бір сөз айтсаң шамданып, маған қол көтеруге дейін баратынды шығарды.

Енем мені жамандап, түймедейді түйедей етіп, сол кісінің көңілін бір таба алмадым. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, құлдарына айналдым. Байқасам, Мұстафа сол қалашықта жұмыс жасайтын украин, орыс қыздарымен әуей сияқты. Тіпті, қасыма жолауды қойды.

Мен сол үйдің күңіне айналдым. Қазақстандағы күніме зар болдым, кәрі әке-шешемді сағындым. Батасыз кеткен ақымақтығыма өкіндім.

Түнімен жылап шығамын. Қолдан келер қайран жоқ. Баратын ағайын- жанашырым алыста. Интернетке кіру деген мен үшін үлкен орындалмас арман еді. Өзімше, таныстарыммен хабарласып, бар жағдайымды айтқым келеді. Ата-анама хабарласатын менде бет те мүмкіндік те жоқ. Енемнің аңдығаны мен, қалт кетсем күйеуім келгенде таяқтың астына алады. Мұстафаға бір-екі рет айтып көріп едім, «өзіңді қаңғыртып, итке жем қылып, баланы алып қаламын» деп қорқытып, ұрып тастады. Кәрі әке-шешем мені сағынса да кінәмді кешірсе де мені қайдан табарын білмейтіні есіме түсіп, үмітім өше бастады.

 

«Жақсылыққа Алла жақ» дегендей, менің бағым бар екен. Ауылымызға қазақтың бір топ жас студенттері туристік сапармен келген екен. Ауылды аралап жүргендерін көріп, енеме байқатпай ретін тауып бар қағазға аты-жөнімді, басымнан өтіп жатқан жағдайымды жазып, бір жапырақ қағаз ұстата бердім. Маған салса сол қазақ бауырларыммен еріп кетуге бар едім. Түрімді көріп жандары ашыса керек, елшілікке аманатымды жеткізген екен.

 

Осылайша сот болып, ол да бір үлкен ауыр іс болды. Қаншама уақыт, қаншама шығын, қаншама стресс. Ақырында мен қызыммен еліме қайттым. Ата-ана жүрегі кең ғой шіркін, қазір ата-анамның қасындамын. Елшілікте істейтін қазақ ағайдың айтуы бойынша мен сияқты қыздар түрік жігіттеріне күйеуге шығып, сорланған қыз мыңдаған. Оларға келмегені қаншама. «Мен сені әдемі ақ бұлттан жасап алғанмын» деп қазақ қыздары түрік жігіттерін керемет образ жасуды қысқартыңдар! Түрікке тигенше,  қазағымның жіттеріне тоқал болғандарың мың есе артық! Бұл менің сендерге ақылым!

 

 

 

 

Бақытгүл, Ақтөбе

alashainasy.kz

 

[:]