[:kz]
Одақтасымыздың ортақол деңгейдегі ақпарат құралдары соңғы бір апта бойы Қазақстанға кәрін төгіп, біздің елді опасыздық жасады деп жазғыруда. Мұны Мәскеуден жем жейтін, өз ішіміздегі ресейшіл масс-медиа қағып әкетіп, айқайға аттан қосып жатқан жайы бар.
Оны қайдан шығарды десеңіз, биыл біздің ел былтыр пандемияға байланысты кейінге шегерілген «Дала қыраны» әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Dalanews.kz.-ке сілтеме жасап.
Жаттығуға Америка жетекшілік етеді. АҚШ Орта Азия елдерін заманауи әскери стандарттың қыр-сырымен таныстырады. Бұған дейін Қазақстан аумағында өтетін ауқымды шараға АҚШ-тан бөлек, Ұлыбритания және Канада елдері қатысады деген хабар тараған. Әскери мәжіліске НАТО-ға мүше басқа да мемлекеттер атсалысуы мүмкін.
«Дала қыраны» оқу-жаттығуларына әдетте Өзбекстан мен Тәжікстан, кейде Қырғызстанның әскери қызметшілері қатысады.
Ресей мен Қытай әлгі шараға шақырылмаған, тіпті қонақ ретінде де қатыса алмайды. Шарт бойынша мүлде маңайламауға тиіс.
Мәскеуге маза бермей отырған да осы жайт. Шағымын одақ пен Қазақстан аумағындағы ресейшіл сарапшылар арқылы айтқызып, Солтүстікатлантикалық альянстың әрекетінен саяси астар іздеуде.
Соның бірі – Никита Мендкович. Еуразиялық аналитика клубының жетекшісі. Кремльдің Орта Азия, соның ішінде Қазақстанды барлап, бақылап қайтуға жөнелтіп отыратын көп шолғыншыларының бірі.
«Дала қыраны» әскери оқу-жаттығу жиындарына қатысты Мәскеудің позициясын Нұр-Сұлтанға жеткізе келген Мендкович:
«Ресей Қазақстан аумағында әлгіндей іс-шараның өткізілгенін құптамайды. Бұл одақ аясындағы талап-шартты табанға таптаумен тең. Қазақстан одаққа кірген бетте бірқатар міндетті мойнына алғаны мәлім. Әскери жаттығу өткізу арқылы Нұр-Сұлтан ұйымның ұстанымын ескермейтінін, сөзімен санаспайтынын көрсетіп отыр. Ақорда болса «бұл мемлекеттің көпвекторлы стратегиясына сай» екенін айтып ақталуда.
90-жылдары бұл аргументті қабылдауға болар еді. Бірақ қазіргідей жағдайда көпвекторлы саясатты сөз ету, соның жолымен жүру қисынсыз. Ақылға сыймайтын саясат. Қазақстан осы әрекеті арқылы саяси әдепсіздікке жол берді…», – дейді.
…
Ресейлік идеология құралдарының пайымдауынша, біздің елдің АҚШ және НАТО елдерімен қоян-қолтықтасып әскери жаттығу өткізуі ҰҚШҰ ұстанымына қайшы.
Бұл тұрғыда олар Қазақстан мен Ресейдің 1992 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы келісімге қол қойғанын, құжаттың 2-бабында: «бір немесе бірнеше мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына және территориялық тұтастығына қатер төнген жағдайда бұған бірлесе төтеп беру туралы» талап барын алға тартыпты.
«АҚШ – Ресейдің ата жауы. НАТО нағыз дұшпан. Байден Ресейдің территориялық тұтастығын мойындамайды. Путинге тіл тигізіп, санкция атаулыны күннен-күнге үдетіп жатыр. Міне, осындай қысылтаяң шақта Қазақстан Ресейдің қас жауын қонақ қылып, өз жерінде әскери жаттығу өткізуге шақырғаны қай сасқаны? Мұны қалай түсінеміз? Стратегиялық қарсыласқа сыр алдырмау керек едік», – дейді бәз-баяғы Мендкович.
[:]