АЛТЫНОРДА
Блоги

[:kz]Ауғанcтаннан келгендер президентке туыстарын Қазақстанға көшіріп беруді сұрап отыр[:]

[:kz]

Ауғанстандағы биліктің ауысуы мұндағы этникалық қазақтарды да алаңдатып отыр. Ислам Республикасынан ертеректе елге көшкен азаматтар қазір сондағы туыстарының ертеңіне қорқынышпен қарайды. Сондықтан Ауғаннан келген қандастар президент пен сыртқы істер министрлігінен туыстарын Қазақстанға көшіріп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Түркістандық Мұхамед Құрбан 1968 жылы Ауғанстанда туып, жиырма жылдай сонда тұрған азамат. Ауғанстанда соғыс болған кезде Иранға көшіп, 1993 жылы Қазақстанға оралған. Айтуынша, қазір Ауғанстанның алты қаласында отыздан астам отбасында жүз елудей қазақ өмір сүріп жатыр.

 

“Герат қаласында бар, Алинеу қаласында бар. Кейін Құндызда бар, Пулухумрида бар. Мазари Шарифте бар. Шұбырғанда бар. Осы қалаларда, әрбір қаланың өзінде үш-төрт, бес семьядан қалған”,- дейді Түркістан қаласының тұрғыны Мұхамед Құрбан. 

Мұхамед Қазақстан азаматтығын алса да, ондағы туыстарынан қол үзбеген. Сауда-саттық жасап, Ауғанстанға жиі барып тұрған ол кешегі төңкерістен соң, сонда қалып қойған жақындарына алаңдап отыр. Өйткені, көшеге шығудан қорқып, үйге қамалып отырғанын айтқан туыстары жиі хабарласып көмек сұрайды екен. 

Ет жақындарына алаңдағандардың еліміздің сыртқы істер министрлігінен көмек болса деген өтініші бар. Өйткені күннен-күнге ушыққан Ауғанстандағы жағдай арқаны кеңге салуға мүмкіндік бермей отыр.  


“Осы бір-екі күнде мен хабарластым. Жағдайымыз өте қиын дейді. Мына талибан дегендер келген. Талибандар исламдық өздерінің заңын жүргізіп жатыр. Әйелдер көшеде жүрмесін дейді. Қыздар жүрмесін дейді, мектепке бармасын дейді”, – деп қынжылды ол. 

Ал депутат Ерлан Саиров Ауғанстан билігі құлап, дүрбелең басталғалы ондағы этникалық қазақтарды елге алдыру қажет деп есептейді. Ол жырақта жүрген қандастарымыздың жағдайына мемлекет бей-жай қарамауы тиіс екенін айтады. 

“Шетелдегі әрбір қазақ үшін біз күресуіміз керек. Екіншіден менің ойымша, бұл мемлекеттің, әрбір мемлекеттің өзінің бір моральдық міндеті бар. Осы шет елде жүрген қазақтарға қиын кезеңде көмектесу Қазақстан мемлекетінің моральдық міндеті деп есептеймін”,- дейді депутат. 

Сарапшылар қазақтардың басым бөлігі Өзбекстанда тұратынын айтады. Одан кейінгі орындарда Қытай мен Ресейде екен. Сондай-ақ, Түркіменстан, Иран және Қырғыз Республикасында бар. Ал Ауғанстандағы біраз қазақ Түркияға көшкенімен, онда қалғандары да аз емес.

 

[:]