[:kz]
Теміртау қаласының тұрғыны Жанар Шалабаева 15 жыл отасқан күйеуінің зәбіріне шыдамай, өз үйінен қашып кетті. 3 баланың анасы тұрмыс құрғалы жолдасы тарапынан көрген қорлығына «ұят боладының» күшімен көніп келгенін жеткізді. Күйеуі қыстың күні үйден жалаңаш қуып шыққанда, көрші-қолаң оны үйлеріне кіргізіп, паналатып, басу айтып отырған.
Бұл туралы «Пендеміз ғой» бағдарламасында айтылды
Ал ішімдікке сылқия тойып, денесіне пышақ сұғып алған кезде шыдамай полиция шақырады. Алайда бұл жолы да тәртіп сақшылары әйелге балалар үшін шыдап бағуын талап етіп, сабырлы, төзімді болуға кеңес берген. Бұл оқиға бойынша ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған, жауыз күйеуі жауапқа тартылмаған. Ешкімнен қорған таба алмаған ана соңғы соққыдан кейін балаларын алып, үйден қашып кеткен.
«Мен күйеуіммен танысқаныма бір апта болғанда алып қашты. Бізді ауылдағы көрші әйел таныстырды. Артымнан туыстарым келіп, алып кетпек болды. Енем жібермеді. Қазақта салт бар, сен енді босаға көрген қыз боласың. Салттан аттама. «Барып келді» деген жаман атаққа ілінбе деп көндірді. Алдымен тұңғышымды үйде босанып қойдым. Үш бала босанғанаға дейін бәрі де ойдағыдай бірқалыпты өмір кешіп жаттық. Уақыт өте оның
маған дейін үйленіп, әйел жібергендігін білдім.
Ол әйелде бір баласы кеткендігін кейін айтты. Ата-енем қайтыс болғаннан кейін, күйеуім көрші ауылда тұратын 5 баласы бар бір әйелмен көңіл қосып, үстімнен ашық жүре бастады. Оған да көндім. Үш баламен қайда барамын деп ойладым. Алайда көп ұзамай қол көтере бастады. Ішімдікке тойып келіп, пышақ ала жүгіреді. Сондай күндердің бірінде, таң ата мас күйінде денеме пышақ сұғып алды. Әрең ес жидым. Полиция шақырдым. Ауыл арасы таныс адамдар болғандықтан ешқандай шара қолданылмады.
Балаларың бар ғой деп қайта табыстыруға тырысып кетіп қалды. Соңғы соққыда үйден екі кішкентайымды алып қашып кеттім. Үлкен ұлым көрші бөлмеде ұйықтап жатқандықтан бізбен шығып үлгермеді. Қазір әкесінің қасында, ол үшін алаңдаулымын. Өтініш маған үлкен ұлымды қасыма әкелуге көмек беріңіздерші?», — деп Жанар Шалабаева жалынышпен көзіне жас алды.
Үш баланың анасы күйеуінен алимент талап етеді. Күйеуінің қасында қалған үлкен ұлын қасын алғысы келеді.
“Ұлым мені тастап кетті деп ренжіп жүр. Мен оны тастамаймын. Оны қасыма алғым келеді. Мен оларды оқытамын. Мен балаларымның қасында боламын”, – деді ол.
Ресми статистика бойынша Қазақстанда жылына 2 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Бұл тек жәбірленушілердің тиісті мекемелерге хабарласып, өз жағдайлары туралы хабардар етіп, ресми тіркелгені ғана. Ал шын мәнісінде Жанар Шалабаеваның оқиғасындай «ұят болады» мен көрші-қолаңның, ағайын-туыстың басуымен шыдап жүргендердің саны белгісіз. Әйел күңіренсе, әлем ажарынан айырылады емес пе? Бұл кейіпкер сол екі жарым мың әйелдің бірі ғана.
Stan.kz ақпарат агенттігі.
[:]