[:kz]
Жапонияның орталық ауруханасында қызмет ететін қандасымыз Әбдібек Қалибек көптеген ауруға шипа болатын дәрі ойлап тапқан. Білікті маман алдағы уақытта Қазақстанға келуді жоспарлап жүр және еліміздің медицинасының дамуына үлес қосуды армандайды деп жазады Түркістан басылымы.
Әбдібек Қалибек Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен. Ол Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығы бойынша білім алып, кейін Қытайда дәрігер болып бір жыл қызмет атқарған.
«2004 жылы Жапониядағы белді оқу орындарының бірі – Juntendo университетінің магистратура бөліміне, кейін докторантурасына түстім. Әрі университет, әрі клиника саналатын бұл мекемеге алғашында жәрдемші болып жұмысқа тұрған едім, қазір осында көмекші профессор болып жұмыс істеймін», — деп сөзін бастады Әбдібек. Әбдібек Жапонияда дәрігерліктен бөлек, жеке кәсіппен айналысып жүргенін жасырмады.
Оның сөзінше, кәсібі медициналық туризммен байланысты. «Бұл кәсіп Жапонияда онша дами қоймаған. Байқауымша, жапондықтардың медициналық туризмді қолдауға «зауқы» жоқ, кедергі де көп. Жапония Түркия, Германия дәрігерлері секілді «Бізге тезірек келіңіз. Ақшаңыз болса кез келген ауру-сырқауды емдеп береміз» дейтін ел емес.
Барлығы сақтандыру қағазын қолданады, емдеу процесі қатаң жүргізіледі, барлығы қауіпсіз әрі ұсынатын қызмет түрлерінің де сапасы жоғары. Сол себептен де Жапония медицинасы әлем бойынша бірінші орында тұр.
Бізге көбіне Қытай, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Мексика, Үндістан елінің азаматтары жүгінеді. Ал Қазақстан азаматтары Жапониядағы Қазақстан елшілігі арқылы маған байланысқа шығады, бірақ оларға компания арқылы қызмет түрін ұсынбаймын. Осында келген қазақтарды жаныма жақын тартып, барлығын өзім түсіндіріп беремін.
Сондай-ақ, оларға гуманитарлық көмек көрсетемін. Опық жеп қалмасын, екі есе шығынданбасын деп, тиімді жол тауып беремін. Қазақтар бірінші күні таныс болғанымен, екінші күні бір-біріне аға-бауыр болып кетеді ғой. Сосын үшінші рет кездескенде ерекше қарсы алып, үйге қонаққа шақырып, жақын араласып кетеміз. Сол себепті осында ем-дом алуға келген қазақтарға ішіміз жылып тұрады», — дейді қандасымыз.
Сонымен қатар, Әбдібек дәрі-дәрмек жасау ісін қолға алғанын да атап өтті. «Он жыл бойы клиникалық тесттер жасап, өзім ойлап тапқан үш түрлі биоқоспам бар. Осы жылдың соңына дейін лицензия алсам, алдымен Жапонияға сатылымға қоямыз, сосын «Қазақстанға арналған» деп жазып, елге жібереміз. Дәрі-дәрмек жасауға рұқсат беретін лицензиядан бөлек, медициналық аппарат сатуға лицензиямыз тағы бар», — дейді ол.
Осы орайда қандасымыз қандай дәрі дайындап жатқанына тоқталды. «Мен ойлап тапқан биоқоспаның бірі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп атадым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп.
Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар», — дейді Әбдібек. Қандасымыз осы жылдың соңына дейін үш түрлі өнімді әзірлеп шығару жоспарда тұрғанын айта кетті.
Әбдібек сөз арасында Қазақстан медицинасының қазіргі жағдайына баға берді.
Олардың кәбіи деңгейін көріп таңғалдым. Бірақ мені толғандыратын бір мәселе бар – бізде медицина жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мықты мамандар жетерлік, бірақ жұмыс сапасын арттыру үшін кемелденген жүйе керек. Байқап қарасам, елде Кеңес Одағынан қалған жүйемен жұмыс істейді екен. Оған қоса, дәрігерлердің жалақысы аз, аппараттар да жеткіліксіз. Жүйені өзгертпесе, мықты мамандарымыздан айырылып қалу қаупі бар.
Дәрігерлер жыл сайын Америкаға барып, біліктілік арттырып келсе де, медицинаға деген жалпы көзқарас өзгермей, сапа көтерілмейді. Әлем жұртшылығы медицинасын мойындаған елдердің тәжірибесіне сүйеніп отырып, Қазақстан медицинасына реформа жүргізу керек. Мысалы, Жапонияда дәрігерлердің жалақысы жоғары. Дәрі-дәрмектің барлығы мемлекеттің қатаң бақылауында. Қулық жасап, артық дәрі-дәрмек алып қалу деген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, Жапония дәріханаларында дәрігердің рұқсаты болмаса дәрі берілмейді. Ал Қазақстандағы фармацевтер ел сұраған нәрсенің барлығын бере береді екен.
«Осыны ішсем жазыламын» деп, өз бетінше тон пішіп, денесін дәрімен улай берсе, күннің бір күнінде ол адамның денсаулығында кінәрат пайда болады ғой. Дегенмен, Қазақстан – даму үстіндегі мемлекет. Билік басындағылар дамыған елдерден қалыспай, терезесін тең ету үшін тырмысып, әлемдік аренада өзін мойындатуға барын салып жатыр», — дейді қандасымыз.
Сөз соңында Әбдібек Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетінін жасырмады. Бірақ тарихи Отанға дәрігер ретінде емес, елдегі медицина жүйесін өзгертетін білікті маман ретінде келіп, еңбек еткім келеді, дейді ол. Сонымен қатар, Әбдібек Қазақстанда тегін жұмыс істеуге де дайын екенін айтты. «Қаражат мен үшін бірінші орында емес.
Қазақстанда маған жалақы бермей-ақ та қойсын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінен үлкен өзгеріс енгізуге құқық беретін лауазым ұсынса, жалақы алмайақ жұмыс істей беретін едім.
Жалақыға келіп, тіреліп қалған дәнеңе жоқ. Біз табатын ақшамызды таптық. Алатын тәжірибемізді алдық. Бар түсінгенім – жас ұлғайған сайын қоғамға пайда келтірудің орайын іздеп, артыңнан із қалдыру үшін шәкірт тәрбиелеуді, білім мен біліктілікті дұрыс арнаға бағыттауды көп ойлайды екенсің. Жас кезімізде ақша табуды көздедік, жалақысы жоғары жұмыс істеуді жөн көрдік, ал қырықтан асқан соң, мұның барлығы қалады екен», — дейді Әбдібек Қалибек.
Мақала авторы Әлия Тілеужанқызы
[:]