[:kz]
42 жастағы Владимир Зигерт – Қарағанды облысының тумасы. Неміс ұлтының өкілі қазақтар арасында ер жетіп, қазақшылықты бойына сіңіріп өсірген. Қазақ қызына үйленіп, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Владимир тарихи отаны Германияға да барып келген. Әкесі қалуын сұраса да, қазақ дәстүрін, тәрбиесін, ұлтын қимаған. Германияға сіңісе алмаймын деп ойлаған. Stan.kz тілшісі ұлты неміс, өзі қазақ ер азаматпен сөйлесіп, екі ел арасындағы дәстүр ерекшеліктері, қазақ отбасын қалай құрғаны, қазақ тілін үйренгені жайлы сұрады.
Владимир Зигерттің үлкен атасы сонау респрессия кезінде Қазақстанға қоныс аударады. Осы жерге тұрақтап, үйленіп, қазақтар арасында өмір сүреді.
“Әкем неміс, анам орыс. Әкем Қазақстанда Кеңес Одағы ыдыраған уақытта дүниеге келген. Кейін елден інісін жолықтырып, Германияға көшіп кетті. Анам екеуі мен бала кезде айырылысыпты. Анам мен 3 жаста болған кезде қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Сол кісіні әке деп таныдым.
Өзімнің әкеммен араласып, Германияға барып тұрамыз, ол да келіп тұрады. Неміс тілін мектеп бағдарламасымен оқығаным бар, бірақ сөйлей алмаймын. Әйелім Германияға барғанда сөйлей алғым келеді деп курсқа қатысып үйренген”, – дейді Владимир.
Қазір ол төрт баланың әкесі, қазақ әйелін жар еткен.
Қазақ тілін қалай үйреніп кеткені есінде жоқ. Көрші-қолаң, балалармен ойнап жүріп сөйлеп кеткен. Өгей әкесінің қолында, оның анасы – қазақ әжейдің қолында тәрбиеленеді. Анам – қаланың қызы, орысша сөйлеген, әлі де орысша сөйлейді.
“Қазақ мектебіне барғалы жүрдім. Аудандағы мектепке ұзақ жол жүріп баратыны үшін қызықтым. Осылайша орыс мектебіне бардым. Ауылда өстім. Мектепте қазақ тілінен жақсы оқыдым, мұғалімдер білім ал деп тартатын. Сабақты аса мән бермей оқыдым, жоғары білім алмадым”, – дейді ол.
Айтуынша, жоғары білім алмаған соң жұмыс табуы қиын болған. Осы уақытқа дейін 3-4 жыл шамасында теміржолда қызмет еткен. Күзетші, көлік жүргізуші болып нәпақа тапқан. Қазір үйде, жұмыссыз. Әйелі ғана жұмыс істейді.
Владимир Зигерт
Болашақ жарыма анасы “Қазақ жігіт таппай қалдың ба?” деп ұрысқан
Владимир Маржан есімді қазақ қызын қалада жүріп жолықтырады. Екі екі жыл шамасындай сөйлесіп, бір-бірін ұнатып, екі жас шаңырақ көтереді. Бастапқыда бұл ұлтаралық некеге қыздың анасы қарсы болған. Алайда кейін баталарын берген. Владимир қазақша той жасап, салттың барлығын орындаған, қыздың ата-анасына қалыңмал берген.
“Қарағандыға әскерден келген кезім. 22 жастамын, үйленбегенмін. Қалада қыдырып жүрген кезде қыздармен танысып, сөйлесіп жүрдік. Сондай бір күндердің бірінде әйелімді құрбыларымен аялдамада тұрған жерінен жолықтырдым. Олар студент еді. Сол күні танысып, қыдырып, үйіне дейін шығарып салдық. Сөйлесіп, бір-бірімізді ұнатып, ол мені әскерден, мен оны оқуын бітіргенін күтіп үйлендік.
Әйелім анасына жігітім бар, бірақ басқа ұлт деп айтқан екен. Сонда анасы: “Қазақ жігіт таппай қалдың ба?” деп ұрысқан. “Елге не айтамыз?” деген. “Не айтсаң, соны айт” деп солай болады деп шештік. Туыстарымен танысып, олар Алланың қалауы деп батасын берді. Қазақша той жасадық. 100 адам шақырдық. Жалғыз баламын, той жасап көрмегенбіз. Жеңгелеріміз көмектесті. Кит алдық, тамада жалдадық. Жұбайым отбасында төрт қыз бір ұл, мен екінші қызын алып отырмын. Ұлына қазақ дәстүріне сай жылқы мінгіздім. Қалыңмалға бір жылқы бердім. Анасы тізім жасап берді, соның бәрін алып, шарттарын орындадық. Тойда, бірақ өзімнен басқа бір неміс болған жоқ. Германиядағы туыстарыма видеоларды түсіріп жібердім, сөйтсем, олар біздің айғай-шуды түсінбепті”, – дейді Владимир Зигерт.
Бүгінде төрт баласы қазақша сөйлеп, қазақ тілінде білім алып отыр. Ал Владимирдің өзіне қазақтың қырқынан шығару, бесікке бөлеу сияқты ырым жоралары ұнайды екен. Тіпті қызын өзі бесікке бөлеген. Айтуынша, қазақ дәстүрін, ғұрыптардың орындалуын енесі үйретіп берген.
“Қазақтың қырқынан шығару, шашын кесіп, тырнағын алып бала өскенше жинап қоюы, тұсауын кестіру сияқты дәстүрлері өте ұнайды. Өз қызымды да бесікке бөледім. Енем үйретіп, көрсетті”, – дейді ол.
“Ойбай, сен қазақ екенсің ғой!”
Қазақтар арасында өскен соң қазақша сөйлегеніме қазақтар таңғала қоймайтын дейді Владимир. Айтуынша, бала кезінде басқа ұлттардың өзі қазақ тілінде сөйлейтін.
“Кейін есейе келе менің қазақшамды естіп, көбі таңғалып, қасыма келіп сұрақ қоятын болды, себебі мұндайды көрмеген. Қазақ пен немістерді айырады, басқа ұлт екенімді бірден таниды.
Бір жолы көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген кезде тойдан бір топ адамды алып кеттім. Қазақ жігіті маған қарап, орысша сөйледі. Мен де орысша сөйлей бердім. Құдағи құдаларын шығарып салып жатыр екен, заттарды салып, көлікке отырдық. Бас құда менің жаныма отырды. Маған бір қарады да, екі әйелмен бірге құдаларын жамандай жөнелді. Үндемей келе жаттым, алайда ештеңе деген жоқпын. Жеткізетін жеріне келгенде пакеттерін қолына табыстап жатып, әйелге қарап: “Апа, құдаңыз нашар кісі екен” дедім. Сонда әлгі кісі “Ойбай, сен қазақ екенсің ғой! Менің айтқандарымның бәрін естіпсің ғой” деп ұялып қалды. Мені басқа ұлт деп, білмейді, түсінбейді деп сасып қалды.
Тағы бір жолы теміржолда қызметте жүргенде 70-80 вагонды сүйемелдеп, Талдықорғанда тоқтадық. Қараңғыда екі кісі жүрген. Бірі – күзетші, екіншісі – жолсерік. Күзетші ана кісіден “Мына кісі кім?” деп сұрапты. Әлгі кісі менің кім екенімді айтпапты, шала-пұла “Неміс қой дим, әйтеуір аты Вова” депті.
Сонда жолсерік: “Неміссің бе?” деп көзі шарасынан шыға жаздаған. “Кәне, қазақша сөйлеші!” деп білегімнен ұстап алған.
“Мә, мен бұрын кинодан ғана көретінмін немісті. Тірідей бірінші рет көріп тұрмын” деп шегі қатып күлді”, – деп еске алады Владимир.
Германия маған ұнады, бірақ қазақ дәстүрін қимадым
Владимир Зигертті әкесі Германияға бірнеше рет шақырған. Тарихи отанына оралу туралы Владимир де біраз ойланған. Алайда барып көрген соң, бірқатар себептерге байланысты онда қалудан бас тартқан.
“Германияға алғаш барған кезде таңғалдым. Таза, дамыған ел. Екі ел арасы жер мен көктей.
Дәстүріне келгенде мынадай ерекшеліктер байқадым. Біз ет асып жесек, олар етті қуырып жейді. Әрине, бешбармақ та жасайды. Бойдақ жігіттер үйлерінің сыртына нәски іліп қояды. Бұл басы бостығын білдіреді. Үйленгендер көліктің артына сыраның банкісін сүйретіп жүреді. Оның мәнін әкемнен сұрап білдім. Олар үшін сыра біздің қымыз сияқты”, – дейді ол.
Оның сөзінше, Германия қатты ұнаған, бірақ бала тәрбиесіне, діни мәселелерге қатысты өзінің сіңісе алмайтынын түсінген.
“Маған бұл елде ұнамағаны – балаға дұрыс тәрбие берілмейді. Оларда бала мектепке барғаннан бастап ата-анасы оның ісіне араласпайды. Әкемнің інілері сонда тұрады. Олар Германияға сіңіп кетті. Әкелер мен балалардың қарым-қатынасы суық, қазақтардай емес. Ата-анаға құрмет жоқ, өз балаңның қызығын көре алмайсың. Оның үстіне баланы мектепке беру үшін католиктік шіркеуіне жазылу керек екен. Оларда барлығы шіркеу арқылы жасалады. Мен үшін бұл жабайылық болды”, – дейді ол.
Владимир Зигерт өзін мұсылман санайды. “Бес уақыт намаз оқымасам да, жүрегімде иманым бар”, – дейді ол.
“Қайтыс болған әкемнің шешесінің, әжемнің тәрбиесімен өскенмін. Мұсылманмын. Бес уақыт намаз оқымасам да, жүрегімде иманым бар. 28 жасымды сүндетке отырдым.
Германияға кетсем, дініміз өзгеріп кетер еді. Анамды да тастап кете алмадым. Осы себептерге байланысты Германияға сіңісіп кете алмаймын деп ойладым”, – дейді төрт баланың әкесі.
[:]