АЛТЫНОРДА
Народ в потоке историиНовости Казахстана

[:kz]БАТЫР БАБАМА ТАҒЗЫМ ЕТЕМІН[:]

[:kz]

Өмірдің талай бел-белесінен өтіп, өзіміз де ата болып, әне-міне дегенше ақсақал жасына жетіп қалыппыз. Бұрын бұла балалықпен, жастықтың желігімен әрі жұмыс бабында ойда-қырда шапқылап жүргенде ескере бермейді екенбіз, әсіресе жас ұлғайған сайын адамды қайдан келдік, қайда барамыз?.. шыққан тегіміз кім?.. ата-бабамыз кім болған?.. деген сұрақтар жиі мазалайтын көрінеді. Бұлай дегенде білгішсініп әлдебір Америка ашқалы отырған жоқпын, біз құралпастардың көбін-ақ осы мәселе толғандыратын шығар.

Бала кезімде Байкен атамның бауырында тәрбие алып, әңгімесін көп тыңдадым. Солардың көбі уақыт аласапыранында ұмытылса да, біразы көкейде мықтап жатталып, еміс-еміс есте қалғандары қаншама. Әрине, арғын ішінде қылды қарауыл екенімізді аксиомадай анық білеміз. Бірақ әрі әскери қызметте болғандықтан, әрі Ресейдің түрлі қалалары мен шет елде жүргендіктен, ру мәселесіне мүлде мән бермеппін. Осы арада рушылдықтан да ада, азат екенімді және айтып қояйын. Алайда, Еңбекшілдер-Степняктың Құдықағаш ауылында және Уәлиханов ауданының бұрынғы «Совет» кеңшарында өткен балалық шағымда ана тіліне уызынан жарығанымды басымдағы бағым деп білемін. Атама, ара-тұра әкеме еріп шарлаған Көксеңгір мен Қойтас, Ерейментау атыраптарын да атамекенімдей ыстық көріп, жадымда жаттадым.  Содан да болар, өмір-бақи орыс пен орыстілділер арасында жүрсем де мен қазақтығымды жоғалтпадым, қаны сорғалаған қазақ болып қалдым. Міне, нақ осынымды іштей мақтан тұтамын. Себебі, ана тілім мен қазақтығымды, яғни ұлттық рухымды сақтағандықтан да, шыққан тегімді ұмытпадым, уақыты келгенде бұрынғы бабаларымды іздедім.

Арғы атамыз Қалақ екенін, оның ішінде Қуандық деген ұлынан тарағанымызды бала күнімде атамнан естігенмін. Сол бабамыз Айғыржал деген жерде, сондағы Ақтөбе деген қырдың басында жерленген дейтін әңгімелерді де құлағымыз шалып қалатын. Ойын баласы емеспіз бе, естігеніміз естіген жерде қалған. Кейін есіміз кіріп есейген шақта, ақыл тоқтатқан кезімізде жадымызды қағып-сілкіп қайта жаңғыртуға мәжбүр болдық. Қалақтың жай адам еместігін, өзінің әулеті мен руына ғана емес, қалың қазаққа қадірлі үлкен қасиет иесі болғанын аңғардық. Баба сүйегінің қайда жатқанын білу, бейітіне зиярат етіп, белгі орнату, аруағын разы қылып Құран бағыштау, тағзым етіп, құрмет көрсету, есімін ел есінде қалдыру орайында еңбектену ұрпағы ретіндегі перзенттік парызымыз екенін тереңнен түйсіндік. «Ештен кеш жақсы» дегендей, осылайша, бабамның қазақтың Салқам Жәңгір ханының қолбасшысы болған батыр Қалақ екендігін қаралы қаңтар оқиғалары болып жатқан осы жылдың басында ғана анықтап білдім. Бұған да сансыз шүкір етемін.

Батыр бабам мәңгілік мекенжай тапқан Айғыржал-Ақтөбені 2000 жылдардың басында бір іздемекші болғанмын. Ол кезде атамның көзі жоқ. Әкем нақты бағдар сілтей алмаған. Атамның есімде қалған әңгімелерінде Ақтөбенің басынан қарағанда Көкшетау таулары бейне алақандағыдай көрініп тұрады деп айтылатын болған соң  Бурабайдың айнала төңірегін біраз шарлап, таба алмағасын шаршап қойғанмын. Енді содан аттай жиырма екі жыл өткенде осы баба сүйегі жатқан жерді де Көкше өңірінің ардақты қайраткер ардагері Мұрат қажы Ыдырысұлынан естіп білгенде жүрегім атқақтап соқты. Менің талай жылдар бойы іздеген асылым Көкшетаудан алыс емес, Күсеп ауылдық округінің аумағында, Ортақ ауылының іргесінде екен!

Ендігі жерде байыз, дегбір табу қайда, наурыз айында Көкшетауға келіп, екі-үш жақын жолдас ертіп, жол таңдамайтын төрт мәшинемен Күсепті бетке алып жолға шықтық. Терістік өңірдің қатал табиғатына сай даладағы қар да қалың. Оппаға қайта-қайта батып қалып, қарды ала шыққан күрекпен аршып, өлдім-талдым дегенде әупірімдеп, жергілікті азаматтардың бастауымен Ақтөбеге де жеттік-ау! Атын бала кезімде естіп, өмір бойы көкірегімде жүрген баба аруағымен осылай қауыштым. Сол сәттегі алай-дүлей сезімімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Бес-алты жыл бұрын орнатылған құлпытасты аялай құшақтап, запыранымды төгіп, мауқымды бастым. Сөйтсем, қазақ тарихының еңселі де толағай тұлғаларының бірі Қалақ батыр бабамды іздеуші жалғыз мен емес екенмін. Басқа ұрпақтары бейітін менен әлдеқашан бұрын іздеп тауып, ілтипатқа алып, ұрпақтың ұлағатты құрметін көрсетіп үлгеріпті. Алла разы болсын! Ол бауырларыма сауаптан жазсын! Солардың ішіндегі айрықша белсендісі, атпал азамат Қайырбек Жұмабайұлы Есмағұловтың есімін інілік ізетпен даралап, ерекше атай кетуді жөн көрдім. Негізінен әуел бастан тынымсыз іздестіріп, сұрастырып, өзгеше табандылық танытып, батыр бабасы Қалақтың соңғы тыным тапқан жері бұрынғы Айғыржал ауылының қасындағы Ақтөбе адыры екенін дәлелді түрде нақтылап анықтап, жалпақ жұртқа жария еткен де осы кісі екендігіне қазір ешкімнің таласы жоқ, ал алғысы шексіз. Қайрекең мұнымен де шектелмей, сауабы мол ізгілікті һәм игілікті ісін одан әрі жалғастырып, 2016 жылы ел азаматтарының басын біріктіріп, ескі қорымдағы бейіт басына ескерткіш құлпытас орнатылып, ас таратылып, Құран бағышталуына мұрындық болған екен. Батыр бабамыздың өзінен кейін үш ғасыр өткенде де осындай ұлағатты ұрпақтарының болғандығы қандай ғанибет! «Су үзілсе де сүйек үзілмейді» деген осы-ау…

Қарауыл Қалақ батырдың сонау жаугершілік замандардағы жортуыл-жорықтарын әйгілеп, қазақ тарихынан алар мәртебелі орынын, ерлікке толы өмірін айқындай түсіп, зерттеп-зерделеуде үлкен еңбек сіңірген тағы бір тұлғалы ағамыз – көрікті Көкшенің аруағы шат болғыр абыз ақсақалдарының бірі, ақын, өлкетанушы, шежіреші, белгілі қайраткер қаламгер Айдос Әбутәліпұлы еді. Қалақ бабамыздың қадап айтар жақсылықтарын, жанқияр ерліктерін, арпалыс күреске толы ғұмырын осы Айдос ағамыздың жазбаларынан, кезінде жергілікте газеттерде жарияланған, кітаптарына енген мақалаларынан  оқып білеміз. Шежіреге жүгінсек, Қалақ батыр қарауылдың қылды тармағы тарайтын Түнғатардың немересі, яғни Күнсары бабамыздың бел баласы болып келеді. Қалақтың ұлдары Қуандық, Жолымбет, Малбақты, Тілеу деп көрсетіледі. Осылардың ішіндегі менің бабам – Қуандық.

Қалақтың өмір сүрген кезеңі он жетінші ғасыр екені еш күмәнсіз. 1643 жылғы Орбұлақ шайқасының тұсы батырдың бөрілі байрақ көтеріп жалындаған дер шағы болса керек. Иә, қайбір деректі әңгімелерді зерделесек те, арғын ішіндегі қылды қарауыл Күнсарыұлы Қалақ батырдың қазақ тарихындағы, Қазақ хандығының іргесін бекемдеп бекітудегі, халқымызды анталаған сыртқы жаулардан жанталаса қорғап, тәуелсіздігін сақтаудағы алатын орыны ерекше екенін байқаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, ол атақты Орбұлақ шайқасы ерлерінің бірегейі. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің алғы шебінде болған. Қазақтың Салқам Жәңгір ханының алғыншы-шолғыншы тобын бастап, әлі ел жайлауға шықпаған ерте көктемде қалмақ мыңбасысын қолға түсіріп, қазіргіше айтқанда, «тіл» әкеліп, жау тарабының алдағы жоспарынан құнды мағлұматтар алғызады. Осы сайыпқырандығына орай батыр бабамыздың есімі ержүрек нөкер серіктерімен бірге ханның дуалы ауызымен қастерленген, «Қалақтың темір тоғызы» деген айбынды атақпен тарихта қалған, елдің жадында жатталған, есінде сақталған. Қуандық пен Жолымбет, Әйтімбет, Айтқұл, Көмекей, Тілеуден бөлек, қылды қарауылдың Жайылған, Мұсақұл, Тарағай тармақтары да осы Қалақ батырдан тарайды. Олар негізінен зерлі Зеренді ауданының ауылдарында тұрады. Батыр бабаның сүйегі де, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тараған ел аузындағы әңгімелерден айқындалғанындай, дәл осы Зеренді ауданындағы Күсеп ауылдық округінің аумағында, Көкшетаудан отыз шақырымдай жердегі Ақтөбе деген төбеде жатқанын тағы бір қайтара шегелеп айтқым келеді. Ел ағалары мен ұрпақтары бастамашы болып, қабірінің басына құлпытас орнатылғаны да көңілімізге жұбаныш.

Әлбетте, біздің ойымызша әрі көкейдегі жоспарымызға орай, батыр бабаға деген алғыскер ұрпақтың құрмет-ілтипаты мұнымен тоқтап қалмайтынына кәміл сенімдіміз. Осы ретте алда атқарылмақшы біраз игі істерге өз басым бастамашы, ұйтқы болмақшы ниеттемін. Ол үшін бұған дейінгі ондаған жылдар бойы қатаң әскери мектепте шыңдалып шыныққан өмірлік тәжірибем жеткілікті деп ойлаймын. Соңғы уақыттарда «Байтақ дала – бабалар мұрасы» этнографиялық экспедициясын ұйымдастырып, қанша адамдарды өз Қазақстанымыздың табиғаты көрікті, тарихы көрнекті жерлерін саяхаттап көрулеріне мұрындық болып жүрген едім. Енді сонымен қатар, жақсы іс пен ізгі ниеттің жалғасындай қылып, азаматтармен ақылдаса келе, «Қарауыл Қалақ батыр бабаға – ұрпақ тағзымы» қоғамдық бірлестігін құрған жайымыз бар. Заңды түрде тіркеуден өткізілді, Жарғысы қабылданып, бірлестік кеңесінде алда атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілді. Әрине, мұның бәрі бір күнде біте қалмайды. Ақылдасып, қолдасып, көп болып көмектесіп, күллі ұрпақтары, барша қарауыл баласы жұдырықтай жұмылып біріккенде, бірлескенде ғана ойдағы шаруаның орайы келмек.

Әуелі Көкшетаудан Қызылжар мен Омбы бағытына шығатын күре жолдың бойына батыр баба жайлы қысқаша мағлұмат қашалып жазылған стелла-сынтас орнатылса, елдің рухын көтерер тәрбиелік мәні зор болмақ. Одан соң батырдың мәңгілік мекенінде кесене-күмбез көтерілсе, тағзым етіп зияратқа келушілердің саны молаяр еді, Зеренді-Көкшетауымыздың туристік әлеуеті де арта түсер еді. Сонымен бірге жоңғар басқыншылығына қарсы халықтық күрестің қаһарманы, әскербасы сардар Күнсарыұлы Қалақ батырдың атына Зерендіде, Көкшетауда, одан әрі астанамызда көше берілсе, көңіл тоғайып, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Мектептерде, жастар мен студенттер арасында  батыр бабаға арналған жиындар өткізілуі тиіс. Аруаққа арнайы Құран бағышталып, ас берілсе тіптен құба-құп. Алла жолындағы ақжолтай істі көп болып қолдауға, алғаусыз көмектесіп, жұмыла кірісіп атқаруға шақырамыз.   Осы аталғандар шып-шырғасы шықпай жүзеге асса, біздің «Қарауыл Қалақ батыр бабаға – ұрпақ тағзымы» қоғамдық бірлестігіміздің мойнына алған міндет-парызы да біршама орындалып қалар еді.

Бірлестікті құру барысында тапқан бір олжам, Алматыда тұратын көкшетаулық ақын Қорғанбек Аманжол ағамызбен таныстым. Ол кісі, өзі де Қалақ батырдың ұрпағы, бастамамызға барынша қолдау білдіріп, ақ тілегін айтып, ақыл-кеңесін аяп жатқан жоқ. Айтайын дегенім, Қорғанбек ақын өзінің 2019 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Мұсақұл балуан» поэмасында батыр бабамыз жайында былайша жақсы толғап өткен екен.

Бір өзі батыр Қалақ мың кісі еді,

Қарауыл ішіндегі қылдысы еді.

Қазақта Салқам Жәңгір ханымыздың

Қалмаққа салып қойған дүрбісі еді.

 

Орбұлақ шайқасының дүр батыры,

Шыңындай Оқжетпестің тұлға-түрі.

Ер Қалақ темір тоғыз серігімен

Болмаған торуылда бір қапылы.

 

Алдаспан қиып түсер қылышы да,

Болыпты ырысы да, тынысы да.

Қалақтан болат туған Малбақты ата

Тұрады тұнық сырдай тіл ұшында.

Өлеңде де, өмірде де қаһарман Қалақ атамызды осылай ардақтай берейік. Жаугершілік заманда ел үшін жан аямаған ержүрек батыр бабаның аруағы разы болсын! Көп ниеті қабыл болсын!

                                Мейрам Байкенов,

«Қарауыл Қалақ батыр бабаға – ұрпақ тағзымы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, Қалақ батырдың ұрпағы

 

 

 

 

[:]