АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы

Мазмұны

 

Кіріспе…………………………………………………………………………   2-5

 

Тарау -I. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ КАЛЫПТАСУЫНЫҢ БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢІ (1917-1925 жж)

1.1. Кеңестік шығармашылық интеллигенцияның пайда болуының алғышарттары……………………………………………………………………………………  6-15

1.2. Ұлтық элитаның қалыптасуы …………………………………………………… 15-19

 

 Тарау-II. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТ КЕЗЕҢІ (1917-1925 жж)

2.1. Ескі интеллигенцияның тағдыры………………………………………………. 20-31

2.2. Кеңестік шығармалылық интеллигенцияның алғашқы

 өкілдерінің қызметі………………………………………………………………………….. 32-45

 

Қорытынды ……………………………………………………………………………………… 46-47

Пайдаланылған әдебиеттер ……………………………………………………………..  48-49

 

 

Кіріспе

 

Тақырыптың өзектілігі. ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған өзгерістер қазақ халқының рухани өміріне терең әсер етті.

Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы бірдей болған жоқ, күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. Бұл жағдайдың халық шаруашылығана да, мәдениетте де мамандар санының өсуінен көрінгені күмәнсіз. Оның барысын отаршылдық режим жағдайлары, патша өкіметінің бағындырылған халық жөніндегі кемістушілік саясаты тежеп отырды. Дегенмен ХIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басы халықтың интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең болып табылады.

Еліміздің тарихында өзіндік елеулі із қалдырған қайраткерлер ХIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында тарих сақнасынан шыққан қазақ зиялыларын жатқызуға болады. Бүгінгі таңда сол зиялы қауым өкілдерінің бірқатарының ғұмырнамасы жасалып, көпшілік қауымға ұсынылып жатыр. Дегенмен бұл бағыттағы ғылыми – зерттеу жұмыстарын тереңдете жүргізіп, қазақ зиялыларының ғұмырнамасы қатарын толықтыра түсуіміз керек.

Қазақ зиялыларының өмір жолы Кеңестік дәуірде аракідік зерттелді. Олардың көпшілігі революциялық қозғалыстарға кеңестік құрылысқа ат салысқан қайраткерлерге арналды. Алайда мұндай іріктеме зерттеулер марксизм-ленинизм идеологиясы аясынан аса алмады.Ол дәуірде қазақ зиялыларының өмір жолын атқарған қызметін объективті тұрғыда ашып көрсетуге кеңестік тарих ғылымның ұстанған идеологиясы тосқауыл болды.

Кеңестік тарих ғылымы сүйенген идеология кеңестік империя мүддесі жолында ұлттық мүддені ескермеді. Ұлтшылдыққа қарсы күресемін деп ұлттық сипаты бар құбылыстарды аяққа басты. Кеңестер Одағында аз халықтардан шыққан ұлтжанды, елін сүйген қайраткерлер ұлтшылдар болып қудалана түсті.

Марксизм-лениензим методологиясын басшылыққа алған зерттеушілер 1917 жылғы қазақ революциясына дейін қазақта ұлттық интелигенция қалыптасып үлгермеді деген тұжырымды ұстанды. Ал, революцияға дейінгі кезеңде саны аз болған қазақ зиялыларының қызметі «Ұлттық буржуазия мен үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғау жолындағы әрекет» ретінде түсіндірілді. Таптық мүддені қызғыштай қорғаған кеңестік тарих ғылымы біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлттық еркіндікті қамтамасыз ету жолында атқарған қызметін жоққа шығарып, теріс бағалады. Осыған орай қазақ зиялыларының арасында өзіндік ұстанымдарымен дараланған жеке бір тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылық мұралары объективті, шынайы тұрғыда бағаланбай қалды.

Қазақ халқының әлем қауымдастығы қатарынан егемен ел ретінде өз орнын тауып, тәуелсіздік туын тіккен осы бір өзгерістер заманында еліміздің өткен тарихына деген көзқарас та мүлдем жаңа сипатқа ие болды. Оның бір көрінісі осы уақытқа дейін бұрмаланып, ақиқаты айтылмаған немесе біржақты қаралған тарихи құбылыстарды ой елегінен өткізіп, оларға объективті баға беруге деген талпыныс. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, демократиялық мемлекет құруды мақсат тұтқан елімізде төл тарихымыздың олқылау жазылған тұстарын толықтыра түсуге барынша жағдай жасалып жатқаны белгілі. Осынау сәтте, яғни халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылып жатқан мезгілде, қазақ халқының тарихында өзіндік терең із қалдырған қайраткерлердің ғұмырнамасын жасауды да қолға алғанымыз абзал. Мұндай ғұмырнамалық зерттеулер жекелеген қайраткерлердің өмір жолын танып білумен бірге, олар өмір сүрген дәуірдің қыр- сырын түсінуге де өз септігін тигізеді. Өткен тарихымызды еркін қорытып, одан объективті теориялық тұжырымдар жасауға жол ашылып отыр.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазан төңкерісі қарсаңында және революцияның алғашқы кезеңінде ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақтың өзге интеллигенциясынан, яғни оқытушылар қауымынан, дәрігерлер, заңгерлер, әкімшілік қызметкерлерінен рухани жағынан жетілген, оқыған атаулыларға шамшырақ болған үлкен топ болды. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедов, Алаш идеологтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, және т.б, қайраткерлер ұлттық шығармашылық интеллигенцияның аса көрнекті өкілдері болып сол кездің өзінде — ақ танылған еді. Есімдері аталған азаматтардың іс-әрекеттері Алаш қозғалысының тағдырында да, бүкіл қазақтың ендігі уақыттағы тағдырында ерекше рөл атқарды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндетті. ХХ ғасырдың басындағы алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары өздерінің саяси қызметінде ұлттық, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғауды басты мақсат деп білді.Олар өз халқына тәуелсіздік және отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресінде көмектесуге ұмтылды, әрбір адамның және әрбір халықтың жеке өз бостандығына құқығы мен бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен табыстарына еркін қол жеткізуі сияқты жалпы адамзаттық қазыналар үшін күресті.

Қазақ зиялыларының көш басшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында:

  • Алаш зиялылары мен олардың қызметі;
  • білімге деген құлшынысты ояту;
  • сауатсыздықты жою;
  • қазақ тілін дамыту, қазақ тілінде мектеп оқулықтарын шығару;
  • баспасөз;
  • «Талап», «Алқа» ұйымдарының қызметін;
  • қазақ әйелдерінің қоғамдық және шығармашылық қызметі;
  • қазақ публицистикасы,драматургиясы,журналистикасы…
  • қазақтың ақын-әншілерінің шығамашылығы

бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары дәрігерлер, саясатшылар, судялар, ақын-жазушылар болатын. Бұл кезең қазақтың жан-жақты білімді азамататры- Ә.Бөкеханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, және басқалардың қалыптасуымен ерекшеленді. Қазақстан ғылымының қаулап дамуы кеңес үкіметі жылдарында болғанын теріске шығаруға болмайды, бірақ оның ірге тасын нақ жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ зиялыларының таланты жас өкілдері қалаған еді.

Зерттеу жұмысының деректік негізі Мұрағаттық құжаттарда кеңестік немесе партиялық басшы қызмет атқарған қазақ қайраткерлерінің өз білімдерінің жеткіліксіз екендігін сезініп, оқуға жіберуді сұраған өтініштері көп кездеседі.

 Ұлттық шығармашылық, интеллигенцияның қалыптасу жолында үлкен белес болып табылатын «Талап» және «Алқа» ұйымдарының тарихын зерттеудің маңызы зор. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚазАПП-тан бұрын құрылған қауымдар қазақ зиялыларының алғашқы шығармашылық ұйымдары болды.

Әдебиеттанушылар мен тарихшылар бірігіп күш салса, қазірдің өзінде «Талап» сынды ұйымға мүше болған — зиялыларды түгендеуге, «Талапқа» қатысты Ташкент мұрағаттарында бірталай кұжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Қазақстан Рсепубликасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Халық ағарту халкоматының (81-қор), мәдени қайраткерлердің жеке қорлары мен өзге де дерек көздері «Талап» құрамын анықтауға негіз болып табылады. «Алқа» атты әдеби ұйым туралы алғашқы деректер 1924 жылдың аяғында пайда болды. Егер «Талаптың» бастамашысы қоғам қайраткері, дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедов болса, «Алқа» ұйымын құруды алғаш қолға алған — сарабдал ақын Мағжан Жұмабаев болды. Қазақ интеллигенциясының «Талап» пен «Алқа» ұйымдары отандық тарихнамада зерттелуі жаңа қолға алынған тың тақырыптар. Олар ұлттық мәдениетке, ғылым мен танымымызға берері көп тарихи мәселе.

 Бүгінгі таңда деректердің, әсіресе мұрағаттық құжат-дәйектемелердің көптеп зерттелуі қазақ зиялыларының өмір жолын толық баяндап, олардың тарихын толымды ашып, жүйелі, жазуға септігін тигізуде. Мәселен: соңғы жылдары «Алаш мұрасы» сериясының редакция алқасының мүшелері М.Құл-Мұхаммед, Ғ.Әнес, С.Қасқабасов, М.Қойгелдиев, Ж.Әбділдин, С.Қирабаев, Ғ.Сапарғалиев, К.Нұрпейіс, Р.Нұрғалиевтердің жарық көріп отырған алаш зиялылары туралы еңбектері, көңілге демеу қуантарлық жайттар.Сонымен қатар М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы», «Ұлттық саяси элита» еңбектерінің өз оқырманына берері көп мол дүние екендігінде сөз жоқ.

 Жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзінің тарихында «Ақжол» газеті аса көрнекті рөл атқарды. Бұл- осы басылым төңірегіне Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлерінің шоғырлануының заңды нәтижесі еді. Қазақ мәдениетінің жұлдыздары болып танылған зиялылары және олардың ізбасарлары — болашақта үздік шығармашылығымен әлі танылатын жас дарындар (Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров т.б.) газеттің бағыт — бағдарын түзулеп, ұлтжандылық сипат беріп, халыққа етене жақын етті.

40-қа жуық тамаша әндерін мұра етіп қалдырған халық композиторы Үкілі Ыбырайдың шығармашылығы А.Затаевич, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов, Борис Ерзакович, Шахмат Хұсайыновтардан бастап, бүгінгі өнертанушы замандастарымызға дейін зерттеліп келгенімен әлі де анық-қанығына жетпеген мәселелер баршылық, көркем сөз бен саздың асқан шебері Үкілі Ыбырай жас өнершілердің үлкен тобына ұстаз болды.

Зерттеушілер Темірбек Қожакеев, Ләйлә Ахметова Абай шығармашылығынан нәр алып өскен Нәзипаның ұлы ақын өсиеттерін мұрат тұтып, Абайды байшыл, феодалдық заман ақыны деп қаралау жүргізілген кезде де, Абай мұрасына адалдығын сақтап, өмір бойы насихаттап өткенін жазды. Темірбек Қожекеевтің «Сара сөздің сардарлары» атты жинағында шығармашылығы зерттелген 12 қаламгер-журналистердің ішінде жалғыз әйел Нәзипа Құлжанованың баспасөз саласындағы еңбегі жазылған. Автор Нәзипа Құлжанованың Ж. Иманбаева,, Мәриям Хәкімжанова, Ахмет Елшібеков, Сапарғали Бегалин, Дәриға Ермековаларға жасаған қолдау-көмегін ашып көрсеткен. Аққағаз Досжанова туралы алғашқы дерек «Айқап» журналында (1913) кездеседі. Онда Орынбор гимназиясын бітірген жас талапкер Акқағаз Досжанқызының Мәскеуге жоғарғы оқу орнына түсуге шыққандығы хабарланады. Башқұрт халқының азаттық күресінің жетекшісі Ахмет Заки Уәлиди Аққағаз Досжанованы жазушы деп атап, «шығыс түркілері арасынан шыққан тамаша әйелдер қатарында болды», 1917 жылдың мамырында Мәскеуде белгілі 12 адам кірген Орталық Мұсылман Шуросына (Кеңесіне) қазақтардың өкілі болып Жаһанша Досмұхамедұлы, Уәлитхан Танашев және Аққағаз Досжанованың сайланғанын атап көрсетті.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Алғашқы екі революция кезінде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері ретінде Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай секілді демократиялық, интеллигенция өкілдері тарих сахнасына шықты. Бірақ олардың бүкіл қазақ халқының арман-тілегін білдіріп, оның мүддесін қорғау жолындағы ізгі әрекеті табысты болмады. Қазан революциясы мен 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы халықты қырғынға ұшыратып, қазақтарды әлеуметтік және саяси қақтығыстар арнасына тартты. Қазан революциясы нәтижесінде орнаған Кеңес өкіметінің саяси, әлеуметтік-экономикалық қайта құрулары ат төбеліндей ұлт зиялылары мен ауқатты шаруалар тобын қуғын-сүргінге душар етті, дәстүрлі шаруашылықты қиратып, аштық апатын туғызды және халықтың біраз бөлініп атамекенінен ажыратып, Қытайға, Монғолияға, Иранға, Ауғанстанға, Түркияға, т.б. елдерге кетірді. Осы қырғынның нәтижесіңде және Кеңес Одағының басқа аймақтарынан көшіп-қону толқындарының өте күшті болуы салдарынан қазақ халқы өз атамекеніңде аз ұлтқа айналды дегенмен, бұл кезеңде қазақ халқы өз жерін тұтастаңдырып, ұлттық автономияға қол жеткізді. Сауатсыздық жойылып, бастапқыда тегін бастауыш, кейіннен орта білім алуға жол ашылды. Арнаулы орта және жоғары оқу орыңдары, сондай-ақ ғылыми, денсаулық -сақтау және мәдени-ағарту мекемелері жүйесі ұйымдастырыпды Ұлттық жұмысшы кадрлар мен инженер-техник интеллигенция өкілдерінің недәуір бөліп қалыптасты.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе,екі тараудан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Тарау-I. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ КАЛЫПТАСУЫНЫҢ БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢІ (1917-1925 жж.)

 

1.1 Кеңестік шығармашылық интеллигенцияның пайда болуының алғышарттары

 

Қазан төңкерісінен кейін қазақтың кеңестік интеллигенциясының пайда болып, өсуінің басты алғышарты — саяси биліктің Ленин бастаған коммунистік партияның қолына көшуі болды. Бүкіл Ресейде — метрополия мен отарларда біркелкі әкімшілдік — әміршілдік басқару жүйесі, әскери күшке сүйенген казармалық тәртіп орнатыла бастады. Билік басына келгеннен соң большевиктер бастапқыда қазақтың ұлттық шығармашылық интеллигенциясын қажет етпеді, тіпті оның өкілдеріне тиісті көңіл де бөлмеді. Азамат соғысы жылдары ақтардан босатылған жерлерде қазақтарды өз жағына тарту үшін олардың сауаттыларын, беделді- адамдарын кеңестік — партиялық қызметке шақырды. 1919 жылы Алашорда қайраткерлеріне кешірім жасалып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары Коммунистік партия мүшелігіне кіріп, оқу — ағарту, мәдениет, баспасөз істерімен қызу айналыса бастады.

Лениннің декреті бойынша құрылып 1919 жылдары Казақстанды басқарған Революциялық Комитет (Казревком) өзінің қызметін Солтүстік Қазақстанда Қызыл әскерлердің үстемдігін орнату шараларынан бастаған еді. Казревкомды Мәскеу жіберген .

С.Пестковский, В.А.Радус — Зенькович сияқты қазақтан хабары жоқ лениншіл — коммунистер басқарды. Ахмет Байтұрсынов, Әліби Жанкелдин, Сейітқали Мендешев, Бақытжан Қаратаев сынды қазақ қайраткерлері Казревком құрамына алынғанымен, билік тізгіні еуропалықтарда болды. Казревком ескі интеллигенцияны коммунистерге қызмет еткізуге бағытталған бірталай шараларды қабылдады.

1920 жылдың 22 қаңтарында қазақ ревкомы өлкедегі бүкіл интеллигенттік күштерді кеңес жұмысына жұмылдыру (мобилизациялау) туралы қаулы шығарды [1]. Оқыған азаматтарды уақытша болса да өз жағына тартпайынша көздеген мақсаттарына жетудің мүмкін еместігіне көздері жеткен жаңа билеушілер ауыл мектептерін, бастауыш қазақ — орыс мектептерін. бітірген сауатты адамдарға іздеу салды. Кеңес жұмысынан бас тартқан оқыған адамдар революция жауы ретінде соғыс жағдайындағы зандар негізінде жауапқа тартылды. 1920 жылдың 24 маусымында Казревком Орал облысындағы қазақ интеллигенциясын жаппай мобилизациялау туралы шешім қабылдады. Бұл жұмысты іске асыру П.И.Струппе төрағалық еткен (комиссия құрамында белгілі зиялылар Мұхаметжан Қаратаев, Есенғали Қасаболатов болды) арнаулы комиссияға жүктелді. [2] Азамат соғысы біткенімен, соғыс жағдайына тән төтенше қимыл жасап, облыстағы барлық қазақ оқығандары есепке алынып, еріксіз кеңес жұмысына жегілді.

 Өлкедегі сауатсыздықты жою желеуімен Қазревком 1920 жылдың 28 қыркүйегінде тағы да ұлттық интеллигенцияға жаппай мобилизация жариялады. Бұл жолы интеллигенциямен қатар «мектепте сабақ беруге жарамды» барлық адамдар, атап айтқанда он (10) дәрежелі білімі барлардың бәрі есепке алынды: 1) жоғары білімділер; 2) орта білімділер; 3) арнаулы педагогикалық оқу орындарын бітіргендер; 4) жоғарғы бастауыш училищелерді бітіргендер; 5) медресе тамамдағандар; 6) екі сыныпты училище бітіргендер; 7) бір сыныпты бастауыш училище түлектері; 8) «земское одноклассное училище» аталған оқу орнын бітіргендер; 9) мектептер (бұл жерде жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап пайда. бола бастаған болыстық, ауыларалық жәдид мектептері айтылған болу керек) және 10) өз бетімен хат таныған (самоучки и лица с домашним образованием» делінеді) бастауыш арифметика амалдарын жақсы білетін және сауатты жаза алатын адамдар [3]. Көріп отырғанымыздай, өкіметтің пәрменімен қандай болмасын оқып — тоқығаны бар барлық азаматтар есепке алынып, қызметке тартылуға тиіс болды. Алайда бұл жолы да Кеңес өкіметі қазақтың барлық оқығандарын өзіне қызмет еткізе алмады.

Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң көп ұзамай, 1920 жылғы 30 қарашада ҚазОАК «Қазақ АКСР-дегі оқыған қазақтардың тізімін алу» жөнінде қаулы қабылдады. Қазақ интеллигенциясын жинау бүкіл республикалық ауқымда жүргізілді.

Қазақ қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке деген ұмтылысы Алаш қозғалысынан айқын көрінді. 1917—1920 жылдардың аралығында қазақ оқығандары мемлекеттік тәуелсіздік алу үшін күресті. Империя құрамында Алашорда аталған автономия құруға көп күш салды. Деректерге қарағанда, Алаш қозғалысында ұлттық шығармашылық интеллигенциясының өкілдері жетекші рөл атқарды. Қазан төңкерісі қарсаңында және революцияның алғашқы кезеңінде ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақтың өзге интеллигенциясынан, яғни оқытушылар қауымынан, дәрігерлер, заңгерлер, әкімшілік қызметкерлерінен рухани жағынан жетілген, оқыған атаулыларға шамшырақ болған үлкен топ болды.

Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейхан, Батыс Алашорданың жетекшісі Халел Досмұхамедов, Алаш идеологтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, және т.б, қайраткерлер ұлттық шығармашылық интеллигенцияның аса көрнекті өкілдері болып сол кездің өзінде — ақ танылған еді. Есімдері аталған азаматтардың іс-әрекеттері Алаш қозғалысының тағдырында да, бүкіл қазақтың ендігі уақыттағы тағдырында ерекше рөл атқарды. Халқының болашағын ойлаған Ахмет Байтұрсынов бірінші болып қызылдармен сөз табысып, коммунистермен одақтасты. Алайда оның Казревкомдағы қызметі бұрынғы алаш мұраттарына берілгендігін ұлттық идеяларды берік ұстағандығы айқын көрсетті.

Большевиктер Алаш қайраткерлерін саяси билікке жолатпау саясатын ұстанды. Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялылар еріксіз Қазақстанан қуылды. Бүрынғы алашордашылар Ахмет Байтұрсынов, Аспандияр Кенжин, Ғ.Әлібеков халық комиссарлары болып тағайындалып, өкімет мүшелері болғанымен, оларға саяси сенімсіздікпен қарау жалғаса берді. Олар әртүрлі деңгейдегі кеңес жұмысына тартылғанымен, барлық билік шоғырланған партия комитеттеріне жолатылмады. Коммунист басшылар оларға жоғарыдан төмен қарап, техникалық қызметшілер ретінде қолданды. Өздерінің басыбайлы құлдар етпекші ауыл қазақтарын басқаруға көмектесетін оқу — білімі аз, мәдениеті таяздар өздерінен әлдеқайда білімді әрі саналы интеллигенция өкілдеріне билігін жүргізген ахуал орнады. Қазақтың саналы азаматтарына жергілікті жерлерде, облыстық, уездік мекемелерде көп қысымшылдық көрсетілді. 1920 жылдың жазында Ақмола мен Семей облыстарын тексерген А.Д. Авдеев Казревкомның 1920 жылы 13 тамызындағы отырысында «Работники — киргизы, даже не алашординские, подвергаются преследованию, что является тормозом в работе» [4] деп сол түстағы ауыр жағдайды сипаттап берді.

Жаңа интеллигенцияның пайда болуына қажетті алғышарттар бүкіл халық ағарту ісіндегі өзгерістерге тікелей байланысты болды. 1917-1925 жылдары қазақ қоғамындағы бұрынғы оқу жүйесі қиратылып, білім беру ісі кеңестік негізде қайта құрылды. Ежелден бергі ауылдық және ауыларалық мектептер жабылды. Молдалар ескіліктің сарқыншақтары ретінде куғынға салынды. Төңкеріске дейінгі жылдары мүғалімдік еткен молдалардың ішінде терең білімді, білікті әрі тәжірибелі ұстаздар аз емес еді. Молдаларды жаппай көзсіз куғындау ұлттық білім беру жүйесіне орны толмас үлкен зақым келтірді.

Қазан төңкерісіне дейін, жиырмасыншы ғасыр басында казақ ағартушыларының рухани жетекшісі болған Ахмет Байтұрсынов революциядан кейін де осы игілікті істің басы -касында болды. Ахмет Байтұрсыновтың үлгісі, іс-әрекеті мен жалынды сөздері ескі ағартушы — ұстаздарды оқыту жұмысын жаңа жағдайда жалғастыруларына үлкен ықпал етті. Қазақ интеллигенциясының алдына елдегі жаппай сауатсыздықты жою міндеті қойылды. Сауатсыздық дегенде мұсылманша оқығандар сауаттылар қатарында саналмады. Еуропалық үлгідегі оқу орындарын, мектептер мен училищелерде оқығандар, орысша білетіндер ғана сауатты адамдар саналды. Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен жер-жерлерде облыстық, уездік халық ағарту мекемелері құрылып, бұл істің мамандары жұмысқа келді. 1921 жылы 18-25 қаңтарда Орынборда болып өткен халық ағарту қызметкерлерінің бүкіл Қазақстандық бірінші конференциясы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасы бойынша Азамат соғысында тоз-тозы шығып қираған оқу орындарын қалпына келтіру, мүмкіндігінше көбірек мектептер мен курстар ұйымдастырып, балалар мен ересектердің сауатын ашу, жан-жаққа тентіреп кеткен мүғалімдерді оқу -ағарту жұмысына қайтадан жұмылдыру сияқты бірінші кезекте атқарылатын шараларды белгіледі [5].

Сол жылғы 21 ақпанда Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің төралқасы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасын тыңдап, Халық ағарту халық комиссариатын екпінді комиссариат деп жариялап, республикадағы барлық мекемелер оку орындарына жан-жақты көмек көрсетуге міндеттелді [6]. Қазақ мәдениетіне қатысты барлық мәселелерді шешу Қазақ АКСР-нің Халық ағарту халық комиссариатына (кейде Оқу халкоматы деп аталды) тапсырылды. 1921 жылғы 9 тамызда Республика Халық Комиссарлар Кеңесі Халық ағарту халкоматының қызметі жөніндегі Ережені бекітті. Осы Ережеде Оку халкоматына «Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, басқару, халық ағарту және денсаулық қорғау салалары бойынша Қырғыз (Қазақ) Республикасына қажетті мамандарды даярлау ісіне жалпы басшылық жасау» тапсырылды.[7]. Бұл дегеніңіз қазақтың ұлттық шығармашылық интеллигенциясын даярлау ісін республиканың Халық ағарту халкоматының құзырына берілуін заңдастыру болып табылады. Шын мәнінде, 1920-1930 жылдары Қазақтың шығармашылық интеллигенциясын қалыптастыру мәселесінің барлық ұйымдастырушылық, қаржылық жұмыстарымен айналысқан бірден-бір халкомат (бүгінгі сөзбен айтқанда — министрлік) болды. Республиканың халық ағарту халкоматының ұсынуымен 1921 жылы 26 шілдеде Қазақ АКСР-і ОАК қазақтардың сауатын ашу жұмысына он алты мен елу жас аралығындағы барлық сауатты қазақтарды мобилизациялау туралы қаулы шығарды [8]. Осы каулы бойынша төңкеріске дейін және төңкеріс жылдары медресе, бірінші — екінші сыныптың бастауыш мектеп, тіпті өз бетімен сауатын ашқан адамдардан бастап жоғарғы оқу орындарын бітіргендердің бәрі міндетті түрде оқу жұмысына жұмылдырылатын болды.

Қазақ зиялылары халқының көзін ашу, сауатсыздықты жою ісіне бар күштерін жұмылдырды. Олар Оқу халық комиссариатының төңірегінде топтасып, күш біріктіре қимылдады. Халық ағарту саласында жиырмасыншы жылдардың басында әрекет еткен оқу комиссариаты мен БК(б)П Киробкомы тарапынан атқарылған жұмысты салыстырғанда, соңғылар ұраншылдық пен науқаншылыққа ұсынып, көбінесе көзбояушылықпен айналысқандығы байқалады. Партия орындарының нұсқауымен жер-жерде құрылған ГрамЧК деген ұйымның (Сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше комиссия) жұмысы сауатты адамдарды күштеп мобилизациялап сауатсыздықты жою (ликбез) жөніндегі қысқа мерзімді курстарды ашумен шектелді [9].

Алаш оқығандарының ауыл еңбекшілерінің көзін ашып, оқу-білімге тартып, ел ішіндегі дарын иелерін қолдап-көмектесу ісінде атқарған еңбектері елеулі болды. Қазақтың оқығандары, алғашқы жоғары білімді мамандары, тұңғыш ғалымдары бір-біріне көмектесіп, қолдау жасауды парыз санағандығы жөнінде деректер жеткілікті. Осындай өзара ынтымақтың арқасында көптеген жастар өздерінің табиғи, дарындарын ұштап шығармашылық интеллигенция қатарынан орын алды. Өлеңге ебі бар талапты жас Сапарғали Бегалин Семейге келіп Нұрғали, Нәзипа Құлжановтарға атшы бала болып сауатын ашты. 1922 жылғы 1 маусымда Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің қазақ тіліндегі баспа ісін жақсарту туралы қаулысына қол қойды. Бұл қаулыда республиканың Халық Комиссарлары Кеңесіне барлық халкоматтары өз салалары бойынша қазақ тілінде кітаптар, плакаттар, оқулықтар шығаруын қадағалау тапсырылды. Бұл міндетті орындау үшін қажетті қаржы көздерін тауып, қазақ интеллигенттерін осы игілікті іске жұмылдыруды тапсырды [10]. Өзге халкоматтарға қарағанда жұмыстың көп бөлігі Оқу Халық комиссариатына жүктелді. Оған әртүрлі дәрежедегі оқу құралдарын шығарумен бірге, әдеби, ғылыми, саяси-үгіт мазмұнды кітаптарды даярлаумен қатар орыс тілінен көп санды басылымдарды қазақшаға аудару ісін ұйымдастыру тапсырылды. Бұл кең ауқымды мәдени іс-шараларды жүзеге асыруға тиісті жоғары білікті мамандар жетіспеді. Сондықтан болар, кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар қорларында сақталған жиырмасыншы жылдар басылымдарының сауаттылығы төмен болып келеді. Бұл олқылықты қазақ зиялыларының өздері де терең түсініп, өз еңбектерінің нәтижесіне деген талапкершілікті күшейтумен болды. Мәдениет саласында жетістіктерге жету үшін оқу — білім беру жүйесінің жұмысын орнықтыру қажет болды.

1917 жылдан бастап ескі оқығандар жер-жерде мәдени-ағарту ұйымдарын құрды, қазақтың бүкіл әдеби интеллигенциясын ұйымдастыруға талпынды (1922 жылғы желтоқсанда Ташкентте құрылған «Талап»қауымы). Ал революцияны жақтағандар әлі әлсіз болғандықтан күш біріктіруге деген талпынысы да әлсіз болды. Шынында олар әлі әдебиетші ретінде қалыптасып үлгермеді, пролетариат ақын-жазушылары атану үшін бірталай уақыт керек еді.

Аға ұрпақ өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Сейітқали Меңдешев, жас қызметкерлер Сәкен Сейфуллин, Смағүл Сәдуақасов бастаған қазақ зиялылары ана тілін жанын сала қорғады. Аса өзекті мәселе ретінде баспасөз бетінде көтерді. Ең маңызды істер қатарында республика өкіметінің күн тәртібіне қойды. Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті жанындағы іс кағаздарын қазақ тіліне көшіру жөніндегі Орталық Комиссиясы 1923 жылы 6 желтоқсанда құрылып, оны ОАК-нің хатшысы Жанайдар Сәдуақасов басқарды. 1924 жылдың сәуірінен бастап Комиссияның төрағасы қызметін Аспандияр Кенжин, 1925 жылы — Ораз Исаев атқарды. «Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан Жұмабаев өлеңдері көрсете алады» [11] деп жазды. Сұлтанбек Қожанов Мағжан Жұмабайұлының 1923 жылы Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағына жазған алғы сөзінде.

Қазақтың ғылыми интеллигенциясының алғашқы өкілдері ұлт тағдырына байланысты барлық мәселелерді шешуге белсене катысты. Заман тудырған ең өзекті міндеттердің іске асуы, мәдени өркендеудің барлық күрделі мәселелерін оңтайлы шешілуі қазақ ғалымдарының аз ғана шоғырының мойнында болды. Мысалы, қазақ тіліндегі мектеп окулықтарын баспадан көптеп шығару, олардың сапалық деңгейін арттыру жөніндегі жанашырлық ғылыми-әдістемелік Кеңестің төрағасы Молдағали Жолдыбаев пен осы Кеңестің мүшесі Телжан Шонановтың Халық ағарту халкомы Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатында (1925 ж. 13 ақпан) айқын көрініс тапқан [12]. 14 ақпан күні Молдағали Жолдыбаев пен Біләл Сүлеев Халық ағарту халкоматы алқасының құрамына енгізілді [13]. Бұл қайраткерлердің әрқайсысы бір мезгілде қоғамдық — басшылық, оқытушылық, ғылыми-зерттеу, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды.

Мұрағаттық құжаттарда кеңестік немесе партиялық басшы қызмет атқарған қазақ қайраткерлерінің өз білімдерінің жеткіліксіз екендігін сезініп, окуға жіберуді сұраған өтініштері көп кездеседі. Алайда БК(б)П Қазақ өлкекомы оларды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, қызметінің үстіне жаңа қызмет тапсырып, бірнеше жылдар бойы еш демалыссыз жұмысқа жегумен болды.

Қоғамдық — саяси басшылық қызметтерден гөрі шығармашылық жұмыспен айналысуға ұмтылған Сәкен Сейфуллиннің өтінішін қарап, БК(б)П Қазөлкеком бюросы 1925 жылы 7 сәуірде: «Идя навстречу необходимости предоставления широкой возможности заняться литературно-творческой работой, направить тов. Сакен Сейфуллина в распоряжение Наркомпроса, рекомендовав для работы в качестве председателя научной комиссии НКПроса» [14] деп қаулы шығарып, Сәкенді әдеби шығармашылық жұмысын ғылыми — ұйымдастырушылық қызметпен қоса атқаруды міндеттеді.

Ұлттық шығармашылық, интеллигенцияның қалыптасу жолында үлкен белес болып табылатын «Талап» және «Алқа» ұйымдарының тарихын зерттеудің маңызы зор. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚазАПП-тан бүрын құрылған қауымдар қазақ зиялыларының алғашқы шығармашылық ұйымдары болды. Әдебиеттанушылар мен тарихшылар бірігіп күш салса, қазірдің өзінде «Талап» сынды ұйымға мүше болған — зиялыларды түгендеуге жақындап қалдық. «Талапқа» қатысты Ташкент мұрағаттарында бірталай күжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Қазақстан Рсепубликасы Орталық мемлекеттік мұрағатының Халық ағарту халкоматының (81-қор), мәдени қайраткерлердің жеке қорлары мен өзге де дерек көздері «Талап» құрамын анықтауға негіз болып табылады. Біздің есебіміз бойынша, бүгінгі күнде «Талапқа» мүшелігі құжаттармен дәлелденген жиырма төрт адамның тізімі төмендегідей: Жүсіпбек Аймауытов, Ишеналы Арабаев (қырғыз ағартушысы), Мұхтар Әуезов, Абдолла Байтасов, Ахмет Байтұрсынов, Қажым Басымов, Жұбаныш Бәрібаев, Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов кейбір құжаттарда Испулов делінеді), Кәрім Жәленов, Мағжан Жұмабаев,Қошке Кемеңгеров, Шамғали Сарыбаев, Қабылбек Сарымолдаев,Біләл Сүлеев, Иса Тоқтыбаев, Мұқаметжан Тынышбаев, Қасым Тыныстанов (қырғыз қайраткері), Даниял Ысқақов, еуропалықтар Н. Архангельский мен А.Э. Шмидт, ұйғыр қайраткері Абдолла Розыбакиев.

Бұл тізім «Талапқа» әр түрлі мамандық иелері; басшы қайраткерлердің мүше болғандығын айғақтайды. «Талаптың» алдына қойған мақсаттары да өте ауқымды, жалпы ұлт мәдениетіне қатысты үлкен мәселелер болды. Сондықтан да қалам иелері қазақ әдебиетінің мезгілі жеткен өзекті мәселелерін қауым болып шешу үшін өзінің шығармашылық ұйымын құруға ұмтылды.

«Алқа» атты әдеби ұйым туралы алғашқы деректер 1924 жылдың аяғында пайда болды. Егер цТалаптың» бастамашысы қоғам қайраткері, дәрігер, ғалым Халел Досмүхамедов болса, «Алқа» ұйымын құруды алғаш қолға алған — сарабдал ақын Мағжан Жұмабаев болды. «Алқаны» құру жолындағы барлық ұйымдастырушылық қызметті де ақын-жазушылар өздері атқарды. «Талап» қауымының біршама белсенді жұмыс атқарып, аяғынан қаз тұрып кетуінің бір себебі — оны Түркістан автономиясының үкіметі, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Аспандияров сынды ірі басшылардың қолдап, көмек корсетуі еді, ал «Алқада» мұндай қолдау болмады.

«Алқаның» «Талаптан» айырмашылығы — бұл ұйым әдебиетшілердің, «таза» ақын-жазушылардың, газет — журнал қызметшілерінің қоғамы болмақшы еді. Сонымен бірге «Алқа» каламгер — әріптестердің сынаулы тобын біріктіретін жабық клуб емес (бүгінгі Әбдіжамал Нүрпейісов жетекшілік ететін жазушылардың Пенклубына ұқсамайды), атақты, тәжірибелі ақын-жазушылармен бірге әдебиет жанашырлары, жаңа қалам тербеткен жастардың басын қосатын ашық ұйым болуға тиісті еді. Тура және жанама деректерді саралай келіп, «Алқаны» ұйымдастыруға ат салысқан азаматтардың есімдерін атайтын болсақ, олар: Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Сұлтанбек Сәдуақасұлы, Е.Омаров, Жәкен Сәрсембин, Абдолла Байтасов, Жұмағали Тілеулин, Сәбит Дөнентайұлы. Талантты зерттеуші Дүйсембек Камзабекұлы «Алқаның» бағдарламасын жазған Мағжан Жұмабайұлы деген бұрыннан келе жатқан пікірді терістемейді, сонымен бірге бұл тарихи құжаттың бір адамның жазғаны емес, ұжымдық еңбектің нәтижесі деген көңілге қонымды пайымдау жасайды [15]. Жоғарыда аталған қаламгерлердің қайсы (өзге адамдар да болуы мүмкін) бағдарлама мәтінімен жұмыс істеді — бұл жаңа деректер табылғанда айқындалады.

Жүсіпбек Аймауытовтың 1929 жылы 21 және 24 мамырда тергеушіге берген жауабында «Алқаның» платформасымен Орынборда 1925 жылы Еркеғали Алдоңғаров пен Жәкен Сәрсембин арқылы танысқандығын, «Алқаның» бағдарламасы жөнінде Мағжан Жұмабаевпен хат жазысқандығы, бағдарламаны «Мағжан Жұмабаев платформасы» деп, «Алқаны» әдеби үйірме («кружок») деп атап, бұл ұйымды құру мәселесі әрі тарт, бері тартпен іске аспай қалды» дейді.

Қазақ интеллигенциясының «Талап» пен «Алқа» ұйымдары отандық тарихнамада зерттелуі жаңа қолға алынған тың тақырыптар. Олар ұлттық мәдениетке, ғылым мен танымымызға берері көп тарихи мәселе. Бүгінгі таңда деректердің, әсіресе мұрағаттық құжат-дәйектемелердің жетіспеуі олардың тарихын толымды ашып, жүйелі, жазуға қолбайлау болуда. Сондықтан да, біздіңше, «Алқа» қауымы құрылмай жатып талқандалды дегенге саятын қорытынды жасау әлі ерте. 1929-1930 жылдары аяқ-қолы кісенделген аздматтардың ОГПУ-дің жаналғыштарына берілген жауаптар бір басқа екендігі бұл жолы да расталуға тиіс.

Ақын — жазушылар қатары жаңа есімдермен үнемі өсіп, толығып отырды. Олардың өсіп-жетілуіне орталық (бүкілқазақстандық) және жергілікті баспасөз айтарлықтай қолдау көрсетті, ықпал етті. Сонымен бірге баспасөз шығармашыл интеллигенцияның тарихы жөніндегі аса құнды деректер көзі болып табылады. Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы газет-журналдар беттері қаламгерлер-авторлардың көптігімен (көбінің есімдері мен шығармалары бүгінде белгісіз) ерекшеленеді. Бұл ерекшелік бір жағынан қазақ халқының сөз өнеріне бейімділігін айқындай түсетін дерек болып табылады. Екіншіден, қазақ ақындары газет — журнал пайда болғанға дейінгі кезенде көп болды ма, әлде баспасөз кеңінен тараған соңғы уақытта көбейді ме деген сауал тумай қоймайды. Жоғарыда біз шығармашылық интеллигенцияны сан жағынан есептеудің қиындығына тоқталып өткен болатынбыз. Дегенмен, егер әңгіме жазушы — прозаиктер, әдебиеттің жазба түрімен дамитын жанрларында еңбек ететін өзге де қаламгерлер жөнінде болып, олардың сан жағынан дамуының шартты түрде диаграммасын бейнелейтін болсақ, онда олардың пайда болғанынан бастап, яғни жиырмасыншы ғасырдың басынан 1941 жылға дейінгі кезеңде үнемі сатылап жоғарылап, сан жағынан жыл өткен сайын ұлғая түскен динамикасын көретін боламыз.

Ал поэзия саласында мәселе күрделірек, ақынжанды қазақ халқының сөз таланттары әр кезде де —заман тыныштықта да, аласапыран қиыншылықта да туып отырды, жетіліп, сан-сапасы өсіп отырды. Газет-журналдарға қол жетпеген кезде, поэзиялық шығармалар ауызша және қолжазбалар түрінде тараған уақытта өмір сүрген ақындарда есеп жоқ. Ана тіліміздегі түңғыш мерзімді басылым «Түркістан уалаятының газетіне» (1870) дейінгі ақын-жырауларымыздың оннан бірінің есімі мен шығармашылығының жұрнақтары зерттеуші-ғалымдардың өздеріне ғана белгілі деуге келеді. Ал 1917-1925 жылдардағы мерзімді және мерзімсіз (кітап бастыру) баспасөз ақындарымызды түгендеуге үлкен мүмкіндік туғызды. Алайда, мұрағаттық, қолжазбалар қорлары мен басқа да дерек көздерімен бірге газет-журналдарда есімдері аталып, шығармалары жарияланған авторлар қауымы байсалды зерттеу объектісіне айналған жоқ. Бұл — өз байлығымыздың қадірін білмейтініміз, өткен заманның рухани мұрасын толымды түрде пайдалана алмай жүргенімізді көрсетеді.

Қазақстанның Түркістан АКСР-ндегі өкілетті өкілі Темірбек Жүргеновтың 1925 жылғы 12 ақпанда ҚазОАК-не жіберген есеп хатында Түркістан республикасында түратын қазақтардың мүддесін қорғау жөніндегі істерінің ішінде 1924 жылы өкілдік Казақстаннан жіберілген жастарды Ташкенттің жоғары оқу орындарына орналастыру, қалада оқитын қазақ студенттерінің тұрмысын жақсартуға бағытталған әрекеттерін атап өтеді [16]. Темірбек Жүргенов сынды зиялылардың ізгілікті қызметінің арқасында Ташкент қаласында көптеген қазақ жастары жоғары білім алып, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның қатарын толықтырды.

Коммунистік партия тарихшылары Кеңес дәуірін қазақ мәдениетінің Ренессансы ретінде бағалауға бейім болды. Шығармашылық интеллигенцияның барлық топтарының сан және сапа жағынан күрт өскендігі дәріптелді. Қазан төңкерісінен кейін ұлттық шығармашылық интеллигенцияның жаңа топтарының пайда болғандығы ескіден келе жатқан ақын-жыраулар сынды шығармашыл интеллигенцияның құрамы мен қызметі де үлкен өзгерістерге ұшырады — тарихи шындық болғанымен, тарихи деректерді саяси -идеологиялық түрғыдан сараптап-түсіндіру шығармашылық интеллигенцияның өткен жолын объективті сипаттаудан аулақ болды. Алдымен, сан -алуан деректер 1917 жылды уақыт кеңістігінде айрықша белес ретінде қаралып, Казан төңкерісіне дейінгі кезеңге де қарағанда, Кеңес дәуірінде қазақтың ақын-жыраулары сан жағынан күрт өсті деген түсініктің негізсіз екендігін көрсетеді. Коммунистік партия тарихшылары сол кездегі ғылыми зерттеулердің төмен дәрежесін өз мүддесіне пайдаланды. Осы және басқа да қасаң түсініктерді орнықтыруға 1) шығармашылық интеллигенция туралы тарихи деректердің белгісіз болып келуі және жиналмауы; 2) билеуші Коммунистік партия тарапынан төңкеріске дейінгі қазақ мәдениетін,оның ішінде шығармашылық интеллигенция тарихынан объективті зерттелуіне қарсы болды, тосқауыл жасады; 3) мақсатты түрде жүргізілген қасаң саясаттың нәтижесінде қоғамда төңкеріске дейінгі қазақ мәдениеті артта қалған мешеу болды, яғни «ол дәуірде зерттейтін ештеңе жоқ» — деген идеология үстем орын алды. Бір жағынан сұраныс болмаған соң, екінші жағынан билеушілердің саяси қысымы қоғамтанушы ғалымдарды Кеңес дәуірінің тарихын жазуды мәжбүр етті. Ал төңкеріске дейінгі ақын — жыраулардың санын анықтауға, шығармашылығының мазмұнын айқындауға қажетті деректер қозғаусыз қалғандығын пайдаланған Компартия тарихшылары төңкеріске дейінгілерді жамандап, төңкерістен кейінгілерді мадақтауға кірісті. Оның ішінде революцияға дейінгі ақын-жыраулар сан жағынан аз, шығармашылықтары — негізінен байшыл-феодалшыл, ұлтшыл, ескішіл, діншіл делініп, ресми көзқарасқа айналдырылып, оны қайта қарап, бұзуға қатаң тиым салынды. Сонымен бұл мәселеде де ғылыми емес, саяси мүдде үстем болып келді.

Жаңа интеллигенцияның пайда болуына әсер еткен алғашқы шаралар туралы айтқанда, ескі және жас интеллигенция әрдайым айырып көрсетілмеуін атап көрсетуге тиіспіз. Мысалға «Қазақ» газеті төңкерістен кейін 1918 жылға дейін шығып тұрсадағы оны төңкеріске дейінгі баспасөзге жатқызу орын алған. Зиялылар төңкеріс кезеңін қазақтың ұлттық санасын оятуға қолайлы уақыт деп танып, осы бағытта белсенді әрекетке көшті. «Екеу» деген псевдониммен жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов казақ халқының санасын оятқан алдымен оята бастаған Абай деп, ұлы ағартушының ісін жалғастыруға тырысты. Ұлттық оянуға екінші себепкер — «Казақ» газеті, жүртымыздың «бетін түзеп» жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған — «Қазақ» газеті. Бұл газет халықтың саяси көзі ашылуына, «Жұрттық» деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетіне борышы үлкен» [17] деп жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығы ғылыми әдебиетте негізінен жиырмасыншы ғасыр басындағы казақтың демократияшыл ағартушылар қатарында зерттелініп келді. Дегенмен, ақынның 1937 жылы жарық көрген екі томдық академиялық шығармалары жинағын саралап қарағанда Сұлтанмахмұт туындыларының үштен бірі өмірінің соңғы екі-үш жылында жазылғандығы көрінеді. Бұл, әрине, Сұлтанмахмұт Торайғыровты кеңестік ақын — жазушы болды деуге негіз бермесе де оның 1918-1920 жылдардағы еңбектері 1917 жылғы Қазан төңкерісінің тигізген әсерін жаңа түрғыдан зерттеу қажеттілігі айқын байқалады.

Сәбит Мұқанов Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде «Драматургия және проза төңкеріспен бірге туды» деген еді [18]. Бұл 1917 жылға дейін қазақта драматургтер мен жазушы-прозаиктер болмады дегенмен бірдей. Көпке дейін үстем болып келген бұл көзқарас Көлбай Төгісов, Ишанғали Меңдіханов, Міржақып Дулатовтардың ұлттық драматургиядағы бастамашылық қызметін жоққа шығарып келді. Сол сияқты прозада Міржақып Дулатов, Спандияр Көбеев, Түрғанбай Жомартбаевтардың еңбегін дұрыс бағаламау болып табылады. Олардың атқарған еңбегін әдебиетке төңкерістен кейін келгендерге әкеп телу тарихи әділетсіздік еді. Бұл — қазақ мәдениетін таптық мүдде түрғысынан ұлтсыздандырып — интернационалдандыруының бір көрінісі еді.

Бүкіл қазақтың мүддесін ту етіп көтерген зиялылар коммунистердің мұндай саясатына қарсы шықты. Бұрынғы алашшыл шығармашылық интеллигенция ұлт мәдениетінің қорғаушысы болды Алайда қазақ интеллигенциясы арасында ауызбірліктің болмауы салдарынан әсіре қызылдардың шабуылына тиісті тойтарыс берілмеді Мәдениет пен идеология қазақтың ескі интеллигенциясы мен большевиктердің шиеленіскен күрес майданына айналдырылды. 1917-1925 жылдар аралығында күштердің ара салмағы бірталай өзгергенімен, коммунистердің ықпалы біртіндеп күшейе түскенімен, басымдылық Ахмет Байтұрсынов бастаған ескі зиялылар жағында болды. Қазан төңкерісінен кейін Коммунистік партия қазақтың бүрынғы ұлттық интедлигенциясын жоққа шығарып, жаңа социалистік сипаттағы ұлттық интеллигенция құруды міндет етіп қойып, осы мақсат жолындағы іс — әрекетке кешті.

Қазақтың ақын — жазушыларынан бірен-сараны ғана Қазан революциясын құп көрді. Революция қарсаңында қазақ шығармашылық интеллигенциясынан басым көпшілігі ұлттық-демократиялық көзқарасты ұстанған еді. Олар бірден өз көзқарастарын өзгерте алмады. Сондықтан да 1917, 1918 жылдар ғана емес, 1925 жылы да «кеңестік» деп атауға толық лайық қазақтың қаламгерлері әлі қалыптасып үлгермеген еді. Бұл кезенде қазақтың кеңестік шығармашылық интеллигенциясының құрылуына қоғамдық негіз жасалды.

 

1.2 Ұлтық элитаның қалыптасуы

 

 Белгілі бір қөзқарастар жүйесі ретінде ХХ ғасырдың басында пайда болған қоғамдық ғылымдардың элита теориясы бұрынан қалыптасқан дәстүрлі тарихи танымды тың соқпаққа жетелейді.Элита қоғамдық өмірді өзінің бастамшылдығмен,тұлғалық ерекшелігі, кәсіпқойлық сапасымен танылатын адамдар тобы дер болсақ, ол топтың саяси әрекеті ғылыми талдаудан өткізілгенде қоғамдық құбылыстар мен тарихи оқиғалардың даму заңдылығын жаңа қырынан танып, білуді жеңілдетеді.

 Саяси элита әлеуметтік жағдайына байланысты қоғамды басқару процесіне тікелей немесе жанама түрде ықпал еттіп, қоғамның даму стратегиясын жасап, оны іске асыруға өз үлесін қосады. Әдетте,халықтың басым бөлігінің саяси белсенділігі төмен болғандықтан олар саясаттан бейтарап өмір сүреді. Осындай жағдайда қоғамдық өмірідің даму бағыттарын айқындайтын саяси элитаның рөлі арта түсері сөзсіз.

 «Элита» сөзі француз тілінде «қоғамның белгілі бір бөлігін құрайтын топтың ең көрнекті,таңдаулы өкілдері» деген мағына береді.Бұл анықтама «элита» деген ұғымның қоғамдағы түрлі топтардың қандай бөлігіне байланысты қолданылатындығынан анық хабар берсе керек.Бүгінгі гуманитарлық ғылым элитаны саяси, басқарушы, ғылыми, ғылыми-техникалық деп түрлі жіктерге бөледі.

 Ғылымда басқарушы топтың, яғни элитаның қызметін арнайы ғылыми талдауға алатын саланы «Элиталогия» деп атайды.[19]

 Ұлттық элита ұғымы осы кезге дейінгі ғылыми әдебиетте ұлттық интеллигенция ұғымының контекстінде қарасытырлып келеді. Ал кеңестік қоғамдық партиялық номенклатураның сипаты саяси элитаның жекелеген ерекшеліктерін ғана танытқан.

 Ұлттық элита деп арнайы аталмағанымен оны қозғаушы, бағыттаушы қызметтін атқарған әлеуметтік топ тарихтың қай кезінде де болған. Осы құблыстың ХIХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың алғашқы ширегін қамтыған бөлігін бір тұтас бірлікте қарстыруға енгіз бар. Ол негіз ұлттық элитаның отаршылдыққа қарсы азаттық күресінің сипаттық ерекшеліктеріне байланысты. Бұл кезеңде ұлт-азаттық күресттің саяси тәсілдері пайда болды, қалыптасты, және қоғамдық идеялардың практикасына айналды. Жаңа замандағы қазақ тарихының ұлт-азаттық қозғалыстардан туындаған саяси және құқықтық тарихының ХIХ ғасырдың соңынан Алашорда қозғалысы таратылған 1919-1924 жылдарға дейінгі аралығын бес кезеңге бөліп қарастырылу ұсынылуда.

 Ұлт-азаттық қозғалыс кезеңдерінің дәуірі базалық негізі бір текті болғандықтан оларды салыстырмалы тәсіл мен егжей-тегжейлі ой елегінен өткізуге болады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлт-азаттық қозғалыс шеңберінде ұлттық саяси элитаның даму эволюциясы, қалыптасу ерекшеліктері және саяси іс-әрекетін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік аламыз.

Зиялылар тарихын зерттеген мамандардың есебі бойынша 1917 жылғы қазан революциясына шейін негізінен еуропалық, сондай-ақ бірлі-жарым шығыс жоғары оқу орындарын аяқтаған дипломы бар қазақ зиялыларының саны 120 адамнан, ал Ресейлік орта арнаулы оқу орындарында білім алған мамандардың саны 700 асып жығылатын еді. [20]

Екі ғасырдың тоғысында Ресейдің түрлі қалаларында 700-ге жуық қазақ жастары білім алған болса, олар туған халқын отаршылдықтың бұғауынан құтқару үшін монархиялық тәртіпті құлатуға бағыталған кез-келген саяси күштерді қолдап, Ресейдегі түрлі ағымдардың қызметіне араласып, тәжірибе жинақтады.

Қазақтың кемшілігін сынау, ұлттық қалғыған рухын оятуға қатысты идеялар ұлт зиялыларының саяси әдеби қызметіне арқау болды.

Патшалық билік жаңа қалыптаса бастаған ұлттық элитамен екі жақты ойынға түсті. Бір жағынан ұлт зиялылапының өкілдері Мемлекетттік Думаға депутат болып сайланса (Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов, т.б), екінші жағынан белсенді саяси қызметпен айналыса бастаған жеке қайраткерлер (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақпаев,т.б) саяси қуғын нысанына айналды.

Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес, қазақ қоғамында ресеми билікке қарсы тұрған саяси оппозицияның қалыптасумен аяқталды. Сондай-ақ ол ұлттық мемлекеттік дербестік және тәуелсіздік идеясын жаңа сапада қайтадан көтерді.

Уақытша үкімет органдары мен тығыз бірлікте жұмыс жүргізген ұлттық элита өкілдері саяси тұрғыдан қолайлы жағдайды ұлттық мүддеге пайдалана алды. 1912 жылдың науырызында Түркістанда «Шуро-и-Исламия» ұйымы құрылса, осы жылдың шілдесінде алаш саяси партиясы құрылды. Олардың ұйымдық құрылымы нығайып, саяси тұғырнамасының айқындалуына жоғарыда аталған қайраткерлер өлшеусіз үлес қосты.

Түркістан өлкесінде М.Шоқай, М.Тынышбаев, С.Лапин және т.б қайраткерлер мұсылмандық қозғалыс аясынан Түркістан Мұхтариятын құрып, өлкедегі кеңес өкіметіне баламалы ұлттық мемлекеттік құрылым жасақтады. Ал Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған ұлттық элита өкілдері алаш қозғалысының идеяларын іске асырып, Алашорда Уақытша үлкен үкіметін жасақтады. Күрделі жағдайда орнаған бұл ұлттық мемлекеттік құрылымдардың саяси тағдары бәрімізге белгілі. [21]

1917 жылдың соңына қарай өмірге келген Алашорда және Түркістан (Қоқан) Автономиясы үкіметтері ұлттық элитаның жігерлі еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге оның ұлт өмірін қайта жаңғыртудағы потенциялдық мүмкіндігінің де көрінісі де болатын.

Ұлттық саяси тарихындағы бұл кезеңнің тарихи ерекшелігі: саясат сахнасына ұлт тағдырын, заман ағымын уақыт сұранысна лайық теориялық дәрежеде қорта алған, сондай-ақ онымен шектелмей ұлт өмірін жаңа талапқа сай мазмұнда қайта құруға (модернизация) ынталы да жігерлі саяси күш келді. Бірақ империялық күштер,яғни олардың оңшылдары мен солшылдары, ақтары мен қызылдары енді ғана бой көрсеткен ұлттық зиялы-элитаның ұсыныстарына құлақ аспақ түгілі, одан тезірек құтылуға тырысты. Сондай-ақ бұл ойды большевиктер іске асырды да.

Түркістан АКСР-і (1918-1924 жылдарда өмір сүрген автономиялы республика) Кеңестерінің Орталық Атқару Комитеті (Түрікатком) жанында құрылып, қызмет атқарған Қазақ бөлімінің тарихы отандық тарих ғылымы тарапынан әлі күнге дейін толық зерттелініп, ғылыми түрғыдан таразыланған жоқ. XX ғасырдың 20-жылдарының басында Түркістан өлкесі қазақтарының саяси, әлеуметтік, қоғамдық, мәдени өмірінде үлкен орны мен ықпалы болған аталған бөлімнің сан-саналы қызметін жан-жақты да толық ашып көрсету үшін іргелі зерттеудің қажет болатындығын ескертеміз.

Түрікатком жанында қызмет атқарған Қазақ бөлімінің құрылуының өзіндік тарихы бар, ол 1917-1920 жылдары Түркістанда орын алған қым-қиғаш саяси процестердің нәтижесінде дүниеге келген еді.

Тарихтан белгілі, 1917 жылы қарашада Ташкент большевиктерінің қарулы төңкерісінің нәтижесінде Түркістан өлкесінде Кеңестердің саяси билігі орнайды. Аталмыш кеңестер өлке халқының небары 5 пайызынан аспаған орыс-еуропалық келімсектердің жұмысшы — мұжық — солдат бұқарасының мұң-мұқтажын жоқтаған, мүддесін күйттеген, сойылын соққан саяси-әскери органы болды. Құрылған кеңестердің құрамында алғашында Түркістанның жергілікті мұсылман — түркі халықтарының өкілдері саусақпен санарлықтай болса, ал Ташкенттегі Орталық билік орындарында (Комиссарлар Кеңесінде) бірде-бір жергілікті ұлт өкілдері болмады. Қара шекпенді патшалық империяны қызыл түсті кеңес империясы алмастырды.

Орыс болышевиктері билеп-төстеген кеңестердің билігіне балама түрде Түркістанның мұсылман-түркі халықтарының зиялылары 1917 жылы күздің соңында Қоқан қаласында, Түркістанның жергілікті халықтарының еркін орындай отырып, «Түркістан Мүхториятың» (Түркістан автономиясын) дүниеге әкелді, бірақ бұл құрылым 1918 жылы ақпанда Ташкент большевиктерінің агрессиясы нәтижесінде қанға бөктеріліп, қиратылды [22].

Түркістанда монополиялы саяси билікке ие болған орыс большевиктері ұзақ уақыт бойы өлкенің саяси статусын анықтау мәселесі бойынша ешқандай нақты қадам жасамай, саяси көрсоқырлық танытты. Тек 1918 жылы сәуір айының аяғында ғана Түркістан өлкесі — революцияға дейінгі Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығы «Ресей Социалистік Федерациясының Түркістан Республикасы» деп жарияланды [23]. Бірақ республиканың барлық ресми құжаттарында қысқаша «Түркістан Республикасы» деген атау қолданылды. Дүниеге келген Түркістан Республикасында ұзақ уақыт империялық отарлық саясат жүргізіліп, Түркістанның жергілікті халықтарын «бұратаналар», «түздіктер» деп кеміте атауды жалғастыра берді. Тек 1919 жылдың көктемінен бастап белгілі қайраткер Т. Рысқұловтың жетекшілігімен құрылған Мұсылман Бюросының [24] ұлт мәселесі бойынша жүргізген позициялы күресінің нәтижесінде ғана жергілікті халықтарды кемсіте атаушылыққа тыйым салынып, ресми құжаттарда «Түркістанның жергілікті халықтары», «түркі халықтары», «мұсылмандар»деп атау дәстүрі қалыптасады. Республика коммунистері де осы уақыттан бастап, «мұсылман коммунистері» және «еуропалық коммунистер» деп аталатын екі үлкен топқа жіктеледі. Т.Рысқұловтың төңірегіне топтасқан мұсылман Коммунистері Түркістандағы орыс коммунистерімен және Түркістанға арнайы аттандырылған Мәскеудің коммиссарлы органы – Түріккомиссиямен ымырасыз күресе отырып, Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтық ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни Ресей Федерациясы құрамында болса да, саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиісті дербестік қүқықтарына ие болуға ұмтылады. Ол үшін, ең алдымен, Түркістанның түркі халықтарының ішкі бірлігін қамтамасыз етіп, барлығын (қазақтарды, өзбектерді, қырғыздарды, түрікмендерді, қарақалпақтарды және түркілермен мың байланысы бар тәжіктерді) «Біртұтас Түркістан», «Біртұтас түркі халқы» идеясына топтастыру қажет еді. Сондықтан да Т.Рысқұлов 1920 жылы қаңтар айында Ташкент қаласында болып өткен Мұсбюроның III конференциясында арнайы баяндама жасап, «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» деген атақты тезистерін қабылдатқан еді. Тезистердің 6-бабында: «Түркі халықтарының — татар, қазақ, қырғыз, башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын жою, біртұтастық мақсаты үшін… түркі халықтарын Түрік Кеңес Республикасының төңірегіне топтастыру» [25] қажеттілігі ерекше атап көрсетілген болатын. Өз идеяларын іске асыру мақсатында Т.Рысқұлов басқарған Түркістан делегациясы 1920 жылы 7-мамыр — 12-шілде аралығында арнайы сапармен Мәскеуге барып, В.И.Ленинмен ауыр келіссөздер жүргізгені белгілі [26]. Нәтижесінде «Біртұтас Түркістан» идеясынан шошынған В.И.Ленин Түркістан Республикасын тез арада жою, республиканы мекендеген түркі халықтарын ұлттық белгілеріне қарай жіктеу, Орталық Азияда саяси жағынан Мәскеуге толық бағынышты «ұлттық республикаларды» құру туралы тапсырма береді [27].

Әрине, «Біртұтас Түркістан» идеясын көтерген кезде Т. Рысқұлов Түркістанды мекендеген түркі тілдес халықтардың жеке ұлттық белгілерін тіптен жоққа шығарған жоқ, тек Ресейдің отарлықсаясатына, қызыл империяға бірлесе қарсы тұру, бостандық пен егеменді жолында күш біріктіру, бөлініп бөріге жем болмау жолында тактикалық тегі мен қаны қазақ болған соң, Т.Рысқұловтың жаны да үнемі қазаққа тартып тұрды әрі шешуші мәселелерде қазақ ұлтының мүддесін бәрінен де жоғары қоятын еді. Қазақ жерлерін бір республика аясына біріктіру, автономиялы статуста болса да қазақ мемлекетін қалпына келтіруді назарда ұстады. Т.Рысқұлов 1919 жылы қарашада Орынборға арнайы хат жазып барлық қазақ жерлерін бір республикаға біріктіру, Қазақстанның астанасын Ташкентке көшіріп әкелу туралы ұсынысын жеткізеді [28]. 1920 жылы Түрікатком төрағасы болып сайланған соң, Т.Рысқұлов өзі басқарып отырған органның жанынан таза қазақ істерімен шүғылданатын арнайы бөлім құруға күш салады. Бірақ 1920 жылы шілдеде, яғни жоғарыда біз тоқталып өткен Мәскеудегі саяси тартыстар нәтижесіз аяқталған соң, Т.Рысқұлов бастаған саяси топтың өз қызметтерін тастап шығуларына байланысты Түркістан қазақтарының арнайы бөлімін құру, Жалпытүркістандық қазақ сиезін ұйымдастыру ісі аяқсыз қалады [29].

 

 

 

 

 

 

Тарау-II. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ  ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТ КЕЗЕҢІ (1917-1925 жж)

 

2.1. Ескі интеллигенцияның тағдыры

 

Қазан революциясының (1917) нәтижесінде билік басына келген большевиктер коммунистік тұрғыдағы жаңа интеллигенцияны бірден тәрбиелеп, өсіре алмайтындығына, бұған бірталай уақыт керектігіне көздері жеткен соң, амалсыздан ескі интеллигенцияны кеңестік қызметке тартуға мәжбүр болды.

Бірден айта кету керек, «ескі интеллигенция» терминін пайдаланғанда біз ғасыр басында, Казан төңкерісіне дейін білім алған, шығармашылық қызметі революцияға дейін басталған қазақ оқығандарын айтамыз. Жиырмасыншы жылдары бұл үғым коммунистер тарапынан саяси астар беріліп айтылды. Ал біз зерттеуімізде жиырмасыншы — отызыншы жылдары қолданыста болған өзге де терминдермен қатар ойы шартты әрі қысқа сөз тіркесі, «бүрынғы интеллигенция», «Алаш зиялылары» ұғымдарының баламасы ретінде қолдандық.

Туған халқына қандай жағдайда болмасын қызмет етуді адамгершілік парызы санаған қазақ зиялылары кеңестік заманда да ел-жұртына пайдалы істермен айналысуды дұрыс деп санады. Өздерін шығармашыл интеллигенция өкілдері болып калыптасқандығын төңкеріске дейінгі жылдары танытқан қалам кайраткерлері, өнер иелері, халық-ағарту қызметкерлері кеңестік жұмыстарға жегілді, кейбірі Коммунистік партияға мүше болып та кірді.

Ескі интеллигенцияның тәжірибелі өкілдері қазақ мәдениетінің барлық саласында қызмет етті. Шығармашылық интеллигенцияның жас ұрпағын тәрбиелеуге көп күш салды. Олардың көпшілігі ұлтшыл атанып, саяси қуғынға үшыратылды. Казақстан республикасынан сырт кетуге мәжбүр етілген ұлттық шығармашылық интеллигенцияның үлкен бөлігі Ташкент каласында шоғырлана бастады. Дегенмен, Ахмет Байтұрсыновтың шақыруымен зиялылардың басым көпшілігі халық ағарту саласында қызмет етті.

1917 жылдың Казан төңкерісі қарсаңында қазақ зиялыларының үлкен шоғыры Семей қаласында жиналды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Көлбай Төгісов, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Мәннан Тұрғанбаев, Нүрғали Құлжанов т.б. зиялылар Семейді ірі мәдени орталыкқа айналдырды. 1916 жылдың қараша айынан бастап 1917 жылдың мамырына дейін Семейде Көлбай Төгісовтың «Алаш» газеті шығып тұрды. 1917 жылдың маусымында

Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген Райымжан Мәрсеков (1879 — ө.ж.б.) пен Мәскеу университетінің физика-математика факультет түлегі (1915) Халел Ғаббасовтың (1988-1931) редакторлығымен Шығыс Алашорданың ресми үні болған «Сарыарқа» газеті шықты. 1918 жылы Семейде Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлық етуімен «Абай» әдеби журналы жарық көрді. 1919-1928 жылдары Семей қаласында Сәбит Дөнентаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ілияс Молдажанов, Сәду Машақов т.б. каламгерлер редактор болған «Қазақ тілі» газеті шығып тұрды. Бұл газет көптеген қазақ журналистері мен әдебиетшілерін тәрбиелеп шығарды. Осының бәрі Семейді қазақ баспасөзінің астанасы етті.

Ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақ мектептеріне ауадай қажет болған окулықтарға деген сүранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс тіліндегі окулықтарды қазақ үғымына лайықтап «Арифметиканы» — «Есеп — қисап», «Геометрияны» — «Кескіндеме» деп аударумен айналысқан Элдос Омаров (1892-1938) кейін төл окулықтар жазуға кірісті. Ғалым — лингвист ретінде ол ана тілінің тазалығы үшін аянбай күресті. Бұл іске Ахмет Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев, Мүхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты.

Алаш қозғалысының ірі қайраткері, Ташкенттегі Қазақтың халық ағарту институтының оқытушысы Мырзағазы Есболов (1896-1936) «Талап» қоғамын құрушылардың бірі, «Түркістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі» (Ташкент, 1923) атты өте қүнды зерттеу кітабының авторы болды. Аталған кітапты жазуда ол өзін білікті экономист әрі тарихшы ретінде танытты. Осы кітапты жазу үстінде ол патша өкіметінің ресми күжаттарын, статистикалық материалдарын, Гаврилов, Кауфман, Васильевтердің зерттеулерін пайдаланып, қорытты.

Бастапқы кезенде Қазақстандағы ғылым істеріне басшылық жасап, үйлестірумен Халық ағарту халық комиссариаты және оның Ғылыми-әдістемелік кеңесі, Академиялық орталық, КСРО ҒА-ның Қазақ базасы, кейіннен филиалы (КазФАН) тікелей айналысты. Академиялық орталықтың 1922-1923 жылдары атқарған жұмысы туралы есепті жазбасында баспадан шығарылған және шығаруға дайындалып жатқан әдебиеттердің ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралы», «Мәдениет тарихы», М.Дулатовтың «Казақ тарихы», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Дидактика», Т.Шонановтың «Әдебиет хрестоматиясы», «Саяси экономия», «Қазақстандағы жер мәселесі тарихының » очерктері», Е.Омаровтың «Физика», Қаныш Сәтбаевтың» Алгебра», Б. Айбасовтың «Табиғаттану», Н.Құлжанованың «Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі», Ж.Тілеулиннің «Мектеп гигиенасы» [30] кітаптары мен окулықтары аталады. Көріп отырғанымыздай, кейбір кітаптар (немесе кітапқа айналмаған қолжазбалар) біздің заманымызға жетпеді (мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың «Мәдениет тарихы», Міржақып Дулатовтың «Қазақ тарихы» т.б.). 1923 жылы 29 карашада Халық ағарту халкоматы еуропалықтарға арналған қазақ тілінің курстарына әліппе ретінде Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралын», грамматика оқулығы ретінде «Тіл құралы» кітабын және Т.Шонановтың «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын» ұсынған [31].

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында Халық ағарту халкоматы жанындағы Академиялық Орталықтың «Қазақ тарихы» және «Түркілер тарихы» атты орта мектепке арналған оқулықтарды жазуға Міржақып Дулатовпен, казақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастыруды мойнына алған Т.Шонановпен, қазақ тілінде «Физика» оқулығын жазуға Елдес Омаровпен екі жақты жасалған келісімдердің мәтіндері сақталған [32]. Міржақып Дулатовпен 1923 жылы 12 ақпанда жасалған келісімнен автор құқынан мемлекеттік мүдде басым түрғандығы айқын аңғарылады. Міржақып Дулатов автор ретінде өзінің қолжазбасын алдымен Ғылыми — әдеби кеңестің талқылауынан өткізіп, Академиялық Орталықтың алқасының саралауына салады. Аталған екі орындарда айтылған сын пікірлерді автор басшылыққа алып, олардың бәрін міндетті түрде орындауға тиісті болды. Тарихи және саяси терминдер Академиялық Орталық бекіткен күйінде ғана қолданылды.

Қазақтың ірі ғалымдарының ғылымға келген жолдарын арнайы зерттесе жас ұрпаққа тағлым боларлық өте қызықты кітаптар болып шығар еді. Қаныш Сәтбаев Принстон университетінің (АҚШ) анкетасындағы сұрақтарға жауап бере отырып: «Білім жолына жүйелі түрде түскенім үшін туысым, ескі зиялы Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа қарыздармын» [33] деп жазған еді. Әбікей Сәтбаевты кім болған дегенде бұл кісіні ғалымдардың, әдебиетшілердің, ұлттық интеллигенцияның ұлағатты ұстазы деп атауға болады. 1920 жылдан бастап Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, мүғалімдер семинариясының оқытушысы, Семей педтехникумының директоры, Омбы рабфагының, Бішкек (Қырғызстан) пединститутының оқытушысы болған, сталиндік зүлматта қаза тапқан зиялы адам. 1937 жылы Қаныштың туған ағалары Ғазиз Сәтбаев (1894-1937) пен Кәрім Сәтбаев (1897-1937) та қуғын-сүргінде қаза тапты. Академик Ш.Шокиннің дерегіне карағанда, Қаныш Ғазиз ағасының ақыл-зердесін өзінікінен жоғары санаған [34]. Жазушы Медеу Сәрсекеев Қаныштың әкесі Имантай би туралы: «өз заманының озық ойлы, алды-артына толғана қарайтын зерек те зиялы адамы болған» [35] деп жазған еді.

Қазан университетінің түлегі, аса дарынды дәрігер Мәжит Шомбалов өзінің жерлесі Қазан университетін бітірген дәрігер Махмұт Шолтыровпен (1884-1965) бірге ол төңкеріске дейін-ақ Бөкей губерниясында чума сияқты мындаған адамдардың өмірін қиып кететін індетке қарсы Іс-шаралар ұйымдастырып, аурудың алдын алуға белсене әрекет жүргізді. 1923-1929 жылдары Мәжит Шомбалов Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары қызметін атқарып, талай ізгі істердің басы-қасында болды. 1924 жылы 24 сәуірде болып өткен РК(б)П Киробкомы алқасының хаттамасына қарағанда, ол республикадағы медицинаны ғылыми жолға қоюға әрекеттеніп, басшы органдардан бұл жұмысқа айрықша назар аударуды табанды түрде талап еткен қайсар әрі білгір қайраткер болған. Ол Киробкомнан ел ішіне көшпелі медициналық отрядтар жасақталып жіберілуіне қолдау көрсетілуін сұрап, бұл отрядтардың міндеті, бір жағынан бұқараға медициналық көмек беру болса, екінші жағынан республика халқының денсаулығы жайында аса құнды деректер жинау болып табылатындығын атап көрсетті [36].

Лирик-ақын Бернияз Күлеев қазақ әдебиеті тарихында Қазан төңкерісі тудырған ақын ретінде жазылып келді. 1990 жылдарға дейін Бернияздың мұрасы туралы жазғандар оның өлендерінен таптық негіз іздеп, байларды сынаған тұстарын дабырайтып, Б.Күлеевтің өзін де, шығармашылығын да «большевиктендіруге» тырысып бақты. Бұл мәселе туралы алғаш рет ғылыми анықтама берген басқа емес, ақын Мағжан Жұмабаев болды. «Бернияз төңкеріс заманында туған ақын, — деп жазды Мағжан Жұмабаев, — бірақ төңкеріспен дүниеге шыкқан шағы бір келгені болмаса, төңкеріс туғызған ақын емес еді» [37]. Ол Берниязды «әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуға тиісті» деп есептеді. Мағжанның пікірінше, Бернияздың екпіні «тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ окушы оған жалт беріп қарап қалған еді.

Мағжан Берниязды «Жас ұлан», «асау жан» деп атаса, Сәбит Мұқанов Бернияз — «саяси адам», оның қазасына махаббат емес, саяси себептер болған, ол «пролетариаттың темір тегеурініне шыдай алмады» дейді. Сәбит Мұқановқа Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтің рухани туыстығы ұнамайды, ол Мағжанға деген теріс көзқарасын Берниязға да қаратып: «Шынында Бернияз бай табының ақыны…», «Бернияз … Мағжанның копиясы», ‘Мағжанның әйелжандылығы … Берниязда да болды» [38] деп жазды. Бұл жолдар Бернияз Күлеевтің замандастары арасында оның шығармашылығына қайшылықхы көзқарастардың орын алғандығын айғақтайды. Бернияз Күлеевтің замандастары арасында оның шығармашылығына қайшылықты көзқарастардың орын алғандығын айғақтайды. Бернияз Күлеевтің ақындық түлгасы мен мол мұрасы жөніндегі идеологиялық сарында, таптық тұрғыдан жазғандарға қарағанда (Сөбит, Мүқанов т.б.) Мағжан Жұмабаевтың тұжырымдары шындыққа жақын, сондықтан да оның ғылыми мәні құндырақ көрінеді.

Төңкеріске дейін 3-4 өлеңдер жинағы мен 2 окулық шығарып, өзін кітабын ақын, ағартушы ретінде көрсеткен Кенжеғали Ғабдуллин Кеңестер дәуірінде республика жүртшылығына танымал журналистке айналды. Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтында (КИНО-да) сабақ бере жүріп ол «Еңбекші казақ» газетінің редакция алқасының мүшесі болды. Көсемсөзші ретінде белсенді әрекет етті. Ел-жүртының санасын оятуға бағытталған көп мақала жазды. Кенжеғали Ғабдуллиннің өз өмірбаяны туралы дерек сирек кездеседі. Жазушы Ғалым Ахмедов Кенжеғали Ғабдуллинді саяси репрессия құрбаны деп атап, бірталай мәлімет келтірді [39]. 1928жылы Кенжеғали Ғабдуллин Ақтөбе округтық «Кедей «газетінде, кейінірек «Оңтүстік Қазақстан» (Шымкент) газетінде еңбек етті. Сол сияқты 1917 жылы «Алаш» газетінің жаңа редакторы Түзел Жанабаев, 1918 жылы «Қазақ» газетінің соңғы сандарын шығарған Жанұзақ Жәнібеков, 1919 жылы «Сарыарқа» газетінің редакторы болған Шынжы Керейбаев туралы білетініміз шамалы.

Кеңес дәуірінде ана тілімізде түңғыш шыққан журнал «Қызыл Қазақстан» (Орынбор, 1922 ж. қазан) — «Қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі» (М.Қ. Қозыбаев) болды. Академик М.Қ. Қозыбаев «Қызыл Қазақстан» журналы кейін «Ауыл коммунисі» мен «Қазақстан коммунисіне» айналғанына дейін тарихи принципті жоғары үстаған, аты «қызыл» болғанымен әсіре қызыл тапшылдыққа ілеспеген басылым болғандығын ерекше атап көрсетті [40]. Бұл журналдың бастауында А.Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Мүхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Смағүл Сәдуақасов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Байділдин, Нәзипа Құлжанова, Ғаббас Тоғжанов сынды шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері тұрды.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзінің тарихында «Ақжол» газеті аса көрнекті рөл атқарды. Бұл — осы басылым төңірегіне Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлерінің шоғырлануының заңды нәтижесі еді. Қазақ мәдениетінің жұлдыздары болып танылған зиялылары және олардың ізбасарлары — болашақта үздік шығармашылығымен әлі танылатын жас дарындар (Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров т.б.) газеттің бағыт — бағдарын түзулеп, ұлтжандылық сипат беріп, халыққа етене жақын етті. «Ақжолдың » редакторлары мен белсенді авторлары Ахмет Байтұрсынов (1873 — 1938), Халел Досмүхамедов (1883 — 1939), Міржақып Дулатов (1885 — 1935), Жүсіпбек Аймауытов (1889 — 1931), Нәзір Төреқұлов (1892 — 1937), Бакытжан Сүлеев (1892 -1937), Мағжан Жұмабаев (1893 — 1938), Шамғали Сарыбаев (1893 — 1958), Есім Байғаскин (1893-1937), Иса Тоқтыбаев (1894 — 1967), Ілияс Жансүгіров (1894 — 1938), Сұлтанбек Қожанов (1894 — 1938), Телжан Шонанов (1894 — 1938), Әлжан Байғүрин (1896 — 1938), Ғазымбет Бірімжанов (1896 -1938), Қажым Басымов (1896-1938), Мұхтар Әуезов (1897 — 1961), Абдолла Байтасов (1901 —ө. ж. б.), С. Оспанов (т. ө. ж. б.), Сәдуақас Баймаханов (1938 ж. қаза тапты), Жүсіпбек Арыстанов (1904-1993), Мұстафа Қайыпназаров (1904 -1938), Әуелбек Қоңыратбаев(1905 — 1986) және т.б. зиялылар газетті Казақстанның оңтүстігіндегі елдің «көзі, құлағы һәм тілі» (Ахмет Байтұрсынов) етуге көп күш салды.

«Ақжолдың» ұлттық мазмұн — сипаттағы бұқаралық басылым болуы коммунистік басшылықтың ызасын тудырды. Оның үстіне домалақ арыздар Мәскеуге жетіп, БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы И.В. Сталиннің өзі «Ақжолдың» жұмысына араласып, партияда жоқ интеллигенттерді тез арада газет редакциясынан шығаруды талап етті. Бүрынғы редакция мүшелері газет жұмысынан аласталды. «Ақжол» БК(б)П Сырдария губкомының үніне айналдырылды. 1926 жылы 21 сәуірде БК(б)П Қазақ өлкекомының секретариаты «Ақжол» газетін «Еңбекші қазақ» газетіне қосу туралы шешім қабылдап, бұл шешімді іске асыру үшін Қазақөлкекомының баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ә.Байділдинді Шымкентке жол сапарға жіберді [41].

Ескі оқығандар қазақтың публицистикасын (көсемсөзін) кеңестік дәуірде орнығып, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Көлбай Төгісов, Сәбит Дөнентаев, А.Құлжанова сынды баспасөз майталмандары көсемсөз жанрында төңкеріске дейінгі кезенде өнімді еңбек етіп, осы жанрдың негізін қалаған еді. Жаңа заманда көсемсөздің қоғамдық мәні күрт өзгеріп, ұлттық қүндылықтарға жайсыз тиді.

Шын қадірін кейінгі кезде ғана түсіне бастаған қаламгеріміз — Қошке Кемеңгеров (1896-1937). Жаңа дәуірде ғана жарық көрген оның шығармашылық мұрасы Қошкеннің зиялы болғандығына, шығармашылық интеллигенцияның жетекші өкілдерінің бірі екендігіне көзімізді жеткізеді. Ол — Қазан төңкерісіне дейін калыптасқан дүниетанымын, ой тәуелсіздігін коммунистік идеология постулаттарына айырбастамай дүниеден өткен калам гер. «Ел окуға ынталы» атты публицистік мақаласында Қошке Кемеңгеров мектеп салған Медеу деген адам туралы: «Артық дәулеті болмаса да, талабы зор. Қазақтан Медеудей азамат көп шықса игі еді!» [42] деп жазды. Қошке Кемеңгеров қазақ балаларын жазда оқыту ыңғайлы, ал қыста мүғалімдердің білімін толықтыру керек деп санады. «Жол әсері» очеркінде қазақ оқығандары ауыл бұқарасын тазалыққа үйретсе, үғындырып, үлгі көрсетсе «дүниеде қазақтан (дені) сау халық болмас еді» дейді. Жағдайын оңалту үшін біреулерге көзсіз еліктеу емес, ұлттық ерекшеліктеріміздің мейлінше ескерілуі шарт: «Қашанда үлкенді-кішілі жұмысты жат елдің үлгісімен қойып қарамай, қазақтың бойына шақтап, өміріне үйлестіру керек»; «Күй тартатын кәрі шалдар. Бұлардың көзі, жоғалса, ескі күйден айырыламыз… Ескілікті тезінен жинақтап алу үшін губерниялық оқу бөлімі қам қылса жарар еді»; «Балық басынан шіриді» деген дұрыс. Елдің оңалуы басшыларға байланысты, олар түзелмей ел түзелмейді. «Ру таласын кеңсе қызметкерлері қолданса, ру, сайлау таласы қанына сіңген қазақ мүлде, әуейіленіп кетеді» [43] деген сынды оқшау ойлар көп айтылады.

Қаралып отырған уақытта оқу орындарында, мекемелерде қолжазба журнал мен қабырға газеттерін шығару дәстүрі кең өріс алды. Бұл газет-журналдың тапшы кезінде жастарды қаламгерлік шығармашылыққа баулудың бір жолы еді. «Ғалия» медресесі окушыларының «Садақ» атты қолжазба журналының (редакторлары—Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов) алғашқы саны 1915 жылдың қараша айында шықты, ал соңғы саны 1918 жылдың ақпанында жарық көрген еді. 1917 — 18 жылдары Омбыдағы «Бірлік» ұйымы «Балапан» атты әдеби қолжазба журналын шығарды. Журналдың редакторы Қошке Кемеңгеров басылым бетіне әдебиетке кұмар студенттермен окушы жастарды кеңінен тартты. Біздің ойымызша, «Балапан» журналында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Смағүл Садуақасов, Қошке Кемеңгеровтердің бізге жетпеген шығармалары болуға тиісті. 1924жылы Алматыдағы Қазақ-қырғыз халықағарту институтының (директоры — Ілияс Жансүгіров) шәкірттері «Қызыл суаат» («суаат» — қырғыз сөзі болса керек) атты қолжазба журналын шығарып тұрды. 1928 жылы Алматы рабфагының окушылары «Екпін» атты қолжазба журналын ш ыға рды.

Жиырмасыншы — отызыншы жылдары қызмет еткен шығармашылық интеллигенция қатарында 1916 жылғы ұлт -азаттық қозғалыстың батырлары болғандығын айрықша атап өтуге тиіспіз. Бұл орайда ең алдымен Амангелді Имановтың сарбаздары болған, әрі ақын, әрі батыр Күдері Жолдыбайұлы (1861-1931), Омар Шипин (1879-1963), Сәт Есенбаев (1895-1963) есімдерін атауға тиістіміз. Есімі елеусіздеу қалған Күдері Жолдыбайұлының жарық көрмеген шығармалары ҚР ҰҒА-ның Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының сирек кездесетін қолжазбалар қорында (№349 папка) сақтаулы тұр. Күдері Жолдыбайұлының туындыларының Кеңес дәуірінде жарық көрмеуінің себебі — шынайы халық ақынының шығармаларында таптық идеологияның нышанының да болмауы. Оның орнына ол бүкіл қазақтың ұлттық бірлігі мен ынтымағын жырлайды («Аманкелдінің Торғайды алғаны», «Әліби Жанкелдіұлына» атты толғаулары). Омар Шипин көптеген шығармалары кітап болып шығып, өз заманының ең атақты халық ақындарының бірі болып көтерілсе, Сәт Есенбаевтың (Бейсенбай Кенжебаев «Есембетов» дейді. Қараңыз: Кенжебаев Б. Жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет. А.: Білім, 1993. 206,210-6.; Ә.Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» окулығында (А.: Санат, 1994. 301-6.) «Еспенбетов» дейді) шығармашылығы жөнінде жеке зерттеулерде ғана айтылып, қалың жұртшылыққа белгісіз болып келді. Күдері Жолдыбайұлы, Сәт Есенбаевтың үлгілері халыққа жақын ақындардың Коммунистік партия басшылығы тарапынан бәрінің бірдей қолдауына ие бола алмағандығын айқын көрсетеді.

Қызылдардың қолынан қаза тапқан (1860 — 1930) теңдессіз дарын иесі Үкілі Ыбырай Сандыбаев салдық құрып, туған жұртына өлеңі мен әнін бірдей жайған, алғашында «Гәкку» әнімен әнші атағы шыққан өнерпаз еді. Ол әннің мәтінін де, әуенін де өз жанынан шығарып айтудың майталман шебері болды. 40-қа жуық тамаша әндерін мүра етіп қалдырған халық композиторы Үкілі Ыбырайдың шығармашылығы А.Затаевич, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов, Борис Ерзакович, Шахмат Хұсайыновтардан бастап, бүгінгі өнертанушы замандастарымызға дейін зерттеліп келгенімен әлі де анық-қанығына жетпеген мәселелер баршылық көркем сөз бен саздың асқан шебері Үкілі Ыбырай жас өнершілердің үлкен тобына ұстаз болды. Оның туған жиені әрі шәкірті Тайжан Қалмағамбетов (1878-1938) те сал-серілер дәстүрін берік ұстаған ақын әрі әнші-сазгер болды. Тайжан Қалмағамбетовтың ерен өнерін мойындаған Қазақстан өкіметі 1934 жылдың маусымында оған Жамбыл Жабаев пен Шығыс Қазақстан облысының өкілі, әнші-композиторы Балабек Ержановпен бірге дербес зейнетақы белгіледі [44]. Естай Беркімбайұлын (1868-1946) үлкен ақын ретінде әдебиет кайраткері деп те, зор әнші-композитор ретінде музыка өнерінің аса ірі өкілі деп те санауға болады. Естай «Қорланнан» басқа ештеңе шығармаған жағдайда да осы жалғыз өлең оның қазақ мәдениеті тарихында мәңгілік сақтаған болар еді. Біздіңше, Естайдың есімін аңызға айналдырған «Қорлан» әнінің орны бір бөлек те, оның қалған шығармалары бір төбе болып табылады. Бүкіл ән әлемінде «Қорландай» сұлу әрі әсерлі туынды сирек кездеседі. 30-шы жылдардың өзінде «Қорлан» әні алғашқы қазақ операларында («Біржан-Сара», «Ер Тарғын») пайдаланылды. Ақындар Қасым Аманжолов 1939 жылы «Қорлығайын» атты драмалық поэмасын жазса, кейінірек Мұзафар Әлімбаев осы ғажайып тақырыпқа арналған «Естай-Қорлан» атты поэма жазып шығарды.

1921 жылы 1 ақпанда серілердің соңғы өкілдерінің бірі Мәди Бапиұлы Қарқаралыда қызыл милиционердің қолынан қаза тапты. Өліміне қызылдар себеп болғандықтан ол туралы жазылмай келді. Мәди өмір бойы өз қандастарының да, отаршылдардың да куғынына көп ұшырап, сот пен абақты қиянатын мол тартқан шығармашыл интеллигенцияның өкілі. Бостандық үшін алысу, ел мүддесін қорғау — Мәди ғұмырының басты мазмұны болды. Ақын Сапарғали Ләмбекұлы Мәдидің жастайынан өзінің жездесі Абайдың шығармаларын жаттап өскендігін, ұлы ойшылдың өсиеттерін орындауға, әділет жолын үстауға ұмтылып өткендігін жазды [45]. Бұл туралы Әлжаппар Әбішев «Найзағай», «Атыңнан айналайын» романдарында, Әшімбек Бектасов «Мәди» атты деректі кітабында (1973) бірталай жазды. Түрмеде жазылғанымен ерекше күш-куатты «Қаракесек» әні туралы Ахмет Жұбанов: «қазақ әндерінің шедеврлерінің бірі болып тарихта қалады. Дұрысында Мәдидің атын қалдыратын да осы ән» [46] деп жазды. Мәдидің «Қаракесегі» алғаш рет 1937 ж. 15 қаңтарда сахнада қойылған «Ер Тарғын» операсындағы Тарғынның (Құрманбек Жандарбеков) ариясы болып орындалады. Ал «Шіркін-ай» әні «Қыз Жібектегі» Бекежан (Құрманбек Жандарбеков) ариясы ретінде одан бұрын, 1934 жылдың қарашасынан бастап Қазақтың мемлекеттік музыкалық театрында айтылып келді. Мәдидің «Қарқаралы», «Мәди», «Үшқара» сынды әндері — халқымыздың күні бүгінге дейін сүйіп тыңдайтын музыкалық шығармалары болып табылады.

Кеңес заманының алғашқы жылдарында төңкеріске дейін білім алып үлгерген бірталай қазақ әйелдері қоғамдық және шығармашылық қызметімен танылды. Нәзипа Құлжанованың (1888 — 1934) есімі қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы қалам кайраткері, көсемсөзші ретінде құрметтелуге тиіс. Ол жаңа калыптағы шығармашылық интеллигенцияның түңғыш әйел өкілі болды. «Қазақ» газетінің белсенді авторы Нәзипаның тұлғасы казаққа төңкерістен көп бүрын жақсы танымал болды. Біздің аңғарғанымыз, дәл Нәзипадай замандастарының ілтипат-құрметіне ие болған өзге әйел — қайраткерді табу қиын. Сондықтан да Нәзипа Құлжанованың есімі қазақтың «Әйелдер қозғалысы» деп жазылып келген тарихи құбылыстың бастаушысы ретінде бірінші болып аталуы керек.

Нәзипа Құлжанованың шығармашылық туындылары оның ерекше дарын иесі, көркем сөз зергері, қазақ әйелінің жағдайын жетік білетін зерделі публицист болғандығын айқын көрсетеді. Орынбор гимназиясын ғана бітірген (1904) ол өзінің табанды ізденімпаздығымен саясат, тұрмыс, халық педагогикасы, тіпті медицина ғылымымен шектесетін денсаулық қорғау салаларын бір адамдай меңгергенін оның көпшілікке арналған ағартушылық сипаттағы мақалалары айғақ бола алады. Әр түрлі тақырыпта жазылған туындылары жүйеленіп-жиналатын болса, Нәзипа Құлжанованың ғылыми-танымдық маңызы зор бірнеше томдық шығармалар жинағы болып шығар еді. Нәзипа Құлжанова коммунистік партияға мүше болып кірмесе де өзінің білім-кабілетінің арқасында РК(б)П Қазақ обкомының органы «Қызыл Казақстан» журналының жауапты хатшысы болды (1922-1925) [47]. Зерттеушілер Темірбек Қожакеев, Ләйлә Ахметова Абай шығармашылығынан нәр алып өскен Нәзипаның ұлы ақын өсиеттерін мұрат тұтып, Абайды байшыл, феодалдық заман ақыны деп қаралау жүргізілген кезде де, Абай мұрасына адалдығын сақтап, өмір бойы насихаттап өткенін жазды [48]. Темірбек Қожекеевтің «Сара сөздің сардарлары» атты жинағында шығармашылығы зерттелген 12 қаламгер-журналистердің ішінде жалғыз әйел Нәзипа Құлжанованың баспасөз саласындағы еңбегі жазылған. Автор Нәзипа Құлжанованың Ж. Иманбаева,, Мәриям Хәкімжанова, Ахмет Елшібеков, Сапарғали Бегалин, Дәриға Ермековаларға жасаған қолдау-көмегін ашып көрсеткен. Нәзипа Құлжанованың қазақ әйелдері арасынан шыққан тау-кен ісі саласындағы түңғыш ғылым докторы, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Жамал Қаңлыбаеваның (1923-1974) әкесі Мұсағалиді оқытқандығы жөнінде деректер бар. Нәзипа Құлжанованы «Әйел теңдігінің ең алғашқы жаршысы» деп атай келіп, академик Манаш Қозыбаев оның мұрасын өз зерттеушісін күтуде екендігін жазды [49]. Ескі оқығандардың арасында жоғарғы оқу орнын бітірген тұңғыш қазақ қызы, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігер Гүлсім Аспандиярованың (Санжар Аспандияровтың анасы) есімі аталуға тиіс. Гүлсім Аспандиярова (1880 — 1941) 1908 жылы Санкт-Петербург әйелдер медицина институтын бітіріп, өмір бойы дәрігер мамандарын оқытып, ұстаздық етті.

Алғашқы дәрігер әйелдердің бірі Аққағаз Досжанова (1893 -1932) Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) медицина факультетін үздік бітіріп (1921), халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. ТүркАКСР Халком Кеңесі университетті бітірген алғашқы Шығыс қызы ретіңде Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындады Аққағаз Досжанова елінің жанашыр қайраткер қызы ретінде ерте танылды. Аққағаз Досжанова туралы алғашқы дерек «Айқап» журналында (1913) кездеседі [50]. Онда Орынбор гимназиясын бітірген жас талапкер Акқағаз Досжанқызының Мәскеуге жоғарғы оқу орнына түсуге шыққандығы хабарланады 1917 жылғы сәуірде болып өткен Торғай облыстық қазақ съезі Аққағаз Досжанованы Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне (Мөскеу, 1-11 мамыр) делегат етіп сайлады [51]. 1917 жылы қазақ әйелінің облыстық өкілетті өкілі болуы өте сирек кездесетін құбылыс еді Сондықтан Аққағаз Досжанованың қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш қоғам қайраткерлерінің бірі болғандықтан атап өтуіміз керек. 1918 жылы Аққағаз Досжанова өте ауыр күйге түскен Жетісу қазақ, қырғыздарына көмек жинауды ұйымдастырып, жинаған қаржысын жылу комитетінің төрағасы Мұхаметжан Тынышбаевқа табыс етті.

 Башқұрт халқының азаттық күресінің жетекшісі Ахмет Заки Уәлиди Аққағаз Досжанованы жазушы деп атап, «шығыс түркілері арасынан шыққан тамаша әйелдер қатарында болды», 1917 жылдың мамырында Мәскеуде белгілі 12 адам кірген Орталық Мұсылман Шуросына (Кеңесіне) қазақтардың өкілі болып Жаһанша Досмұхамедұлы, Уәлитхан Танашев және Аққағаз Досжанованың сайланғанын атап көрсетті [52]. Айта кету керек, осы А.З.Уәлидидің кітабында есімі аталмай, жай ғана «қазақтың, білімді оқыған ақын қызы» делінген өнерлі, қайсар қыз туралы сүйсіне жазылады. Автор бұл қыздың өте қызықты, шытырман оқиғаларға толы барлаушылық қызметі туралы роман жазуға болар еді дейді. Барлаушы қыз Әліби Жанкелдиннің сеніміне кіріп, Мәскеудегі жағдай жөнінде құнды ақпарат жинайды, екінші жағынан Бөкей ордасы, Теке (Орал), Үйшік (Гурьев, Атырау), Хиуа мен Бұхарадағы жағдайды қадағалап, біліп отырған [53]. Кейбір жанама деректер кездескенімен, нақты деректердің болмағандығынан бұл тұлғаның кім екендігін біз де әзірше айқындап атай алмадық.

 1915 жылы Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек» кітабын Уфада өз қаржысына бастырған Сәния Қасымқызы нағыз меценаттық рөл атқарды. Бұл туралы «Айқап» та, «Қазақ» газеті де жазды [54]. «Уақ-түйек» шығысымен Сәбит Дөнентаев бүкіл қазакқа белгілі ақынға айналды. Ақын Сәду Машақовтың естелігі бойынша, Сония Сәбит Дөнентаевтың Керекудегі Қасым қожаның медресесіне окуға түсуіне себепкер де болған кісі [55]. Сәнияның азаматтық ісі жөнінде 1931 жылы Сәбит Мүқанов та жазып калдырды [56]. Қазақтың баспа кітабының тарихын зерттеген Әбіш Жиреншин: «Керекулік Сәния Қасымқожақызы Ертісбаева — қазақтан тұңғыш баспа ісімен шұғылданған қыз» [57] деп жазған еді. Омбыдағы «Бірліктің» белсендісі, «Жас азамат» ұйымының Кіндік (Орталық) Комитетінің мүшесі (1918 ж. мамыр) болып сайланған Гүлшаһра (Гулия) Досымбекқызы да (Ахметсапа Жүсіповтың әйелі) құрметтеуге лайық түлға. Ақын Дихан Әбілев қазақгың абзал қызы Мәлике (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың күтушісі) туралы:»күндіз мектепте бала оқытып, кешке Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін кітап етіп шығартуға әзірлеп», ақынның «арманы жолында қызмет етіп жүрген»асыл жары болғандығы туралы естелік қалдырды [58]. Кейін осы Мәлике жайында Н.Тәукин көпшілік кауым біле бермейтін өмір дерегін жариялағанда [59], белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев оны Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды «Үлкен тағдырдың көмескі жақтарына сәуле түсіретін естелік» [60] деп бағалады.

Ұлттық журналистика тарихында есімі ардақталуға лайықты тұлға — Мәриям Тоғысова. Ол — газет редакторы болған түңғыш казақ әйелі. «Алаш» газетінің (1916-1917) өз қаражатына шығарушы әрі редакторы Мәриям Тоғысова туралы үзік-үзік деректер кездескенімен, оның өмірбаяны мен шығармашылық қызметі жөнінде тиянақгы зерттеу жүргізілген жоқ. Оның қандай оқу орындарында оқығаны да белгісіз. Алайда, Мәриям Төгісованың өзінің ері Көлбай Төгісовпен бірге білгені мен тоқығаны көп ұлттық шығармашылық интеллигенцияның алдыңғы қатарынан орын алатындығы анық. «Қазақ» газетімен тайсалмай бәсекеге түскен жаңа басылым жұрт көңілінен шыққандығы белгілі. Бұған Мәриям Төгісованың ұйымдастырушылық қызметімен қатар, қарымды қаламгерлігін танытатын қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеретін мақалалары да себепші болды. Ол «Алаш» газетінде қазақ әйелдерінің көкейкесті мүдделірін білдіретін шығармалардың көптеп басылуына түрткі жасады. Осыған орай айтатынымыз: әр жерде сақталған «Алаш» газетінің тігінділері мен жеке сандарын ғылыми — жүйелі сарапқа салу — қазақтың шығармашылық интеллигенция тарихын тың дүниелермен толықтыратыны анық. Сонымен қатар, бұл зерттеулердің нәтижесінде Мәриям Төгісованың ұлттық баспасөз тарихындағы алғашқы әйел -редактор ретіндегі біздің пайымдауымызды расталатынына үміт бар.

Қазақ әйелдерін өз үлгісімен өнер-білім биігіне шақырған үлкен тұлға — Алма Оразбаева (1898 — қайтыс болған жылы анықталмаған). Алма Оразбаева Кеңестер дәуірінде қоғамдық өмірге, және шығармашылық қызметке араласқан қазақгың кайраткер қыздарының шоғыры қатарында бірінші болып жазылады. Оның ардақты есімі әйелдер қозғалысы шежіресінде жиырмасыншы — отыаыншы жылдары өмір сүрген әйелдер ұрпағының жалынды жетекшісі ретінде мәңгі қалды. Алма Оразбаева Шығыс әйелдерінен шыққан түңғыш коммунист ғана емес, сонымен бірге әйелдер арасынан суырылып шыққан алғашқы мемлекет қайраткері де болып еді.

Алма Оразбаеваны өз биігіне алып шыкқан табиғи ақылы мен кайсарлығы. Ол қазақ қызының тар қапас заманда азаттыққа оқу-білім арқылы жететіндігінің өнегесі болды. Алма Оразбаеваның білім алу жолында қандай қиыншылықтарды жеңуіне тура келгендігін тарихшы Хасиба Сейітқазиева мұрағаттық деректер негізінде жазған еді [38]. Алма Оразбаева бостандыққа ұмтылған, өнер-білімге құштар қазақ қыздарының алдынан кездесетін көптеген бөгет-кедергілерден аман өтіп, 1916 жылы Ордадағы үш жылдық оқытушылар курсын бітіріп, бастауыш мектебінің мүғалімі мамандығына ие болды. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі алғашқы онжылдықтарда да мүғалімдік дәрежеге жеткен казақ қыздары санаулы ғана еді. 1919 жылы Алма Оразбаева Мәскеудегі Я.Свердлов атындағы Коммунистік университеттің жанындағы үгітшілер курсын, 1925 — 1926 жылдары БК (б)П ОК жанындағы марксизм — ленинизм курсын оқып бітірді.

 Кеңестер дәуірінде оның есімі қазақтың алғашқы революционер қызы ретінде асыра дәріптелді. Сөйткен Кеңес өкіметі Алма Оразбаеваның өмірінің соңғы жылдарының елеусіз әрі қасіретті өтуіне жайбарақаттық танытып, қашан қайтыс болып, зиратының қай түпкірде қалғандығын ешкім білмейтін күйге жеткізді. Өз қайраткерлерін өзі «жейтін» әділетсіз тоталитарлық жүйе тұсында бұл трагедия туралы ешікім жұмған аузын аша алмады.

 Алма Оразбаева РК(б)П Қазобкомының әйелдер бөлімінің құрылған кезінен (1921) бастап, 1925 жылға дейін басқарды. Ол осы бөлімнің жергілікті ұйымдарынан бастапқыда губкомдардың жұмысшы және шаруа әйелдермен жұмыс істеу I бөлімдері (работниц и крестьянок, женотдел) деп аталған құрылымдарды ұйымдастыруда көп еңбектенді. Мұндай арнаулы бөлім 1923 жылы 13 желтоқсанда Қазақ АКСР-і Орталық атқару Комитеті жанынан да құрылды. Ол «Қырғыз (қазақ) әйелдерінің тұрмысын жақсарту жөніндегі комиссия» деп аталды (төрағасы — Сейітқали Мендешев). Бұл комиссияға Денсаулық қорғау, Халық ағарту халық комиссариаттары сынды республикалық 9 мекемелердің басшы өкілдері кіргізілді.

 Алма Оразбаеваның 1925 жылы 21 сәуірде РК(б)П Қазақ обкомының әйелдер бөлімінің жұмысы туралы жазған қатынас кағазға қазақтың оқыған қыздары туралы бірталай қызықты түсінік береді. Республика басшылығының қазақ әйелдері арасындағы нақты жұмысы 1925 жылдан жүргізіле бастады, оған дейін, 1922-1925 жылдары бұл жұмыс негізінен әйел өкілдерінің өз бастамасымен, үлкен қиыншылықтармен, баяу жүргізілді. 1925 жылдың сәуірінде республикадағы әйелдер арасындағы жұмыс бөлімдерінде (женотделдерде) қазақтың жиырма жеті қыз-келіншектері жұмыс істеді. Осы тұста өлкелік әйелдер курсында жеті қазақ қыздары қоғамдық қызметке даярланды. Ал түрлі дәрежедегі мектептерде, курстар, рабфак, медтехникумда 700-ге жуық қазақ қыздары оқыды [39].

 Қазақ аруларының ортасынан шыққан алғашқы профессионал артисі әнші Майра Уәлиқызы (1896-1929) болғандығын айтуға тиіспіз. Әйел заты рұқсатсыз ер адамдардың үстіне кірмейтін тұста, ауылдан аттап баспайтын кезде ол құстай үшып, қалалар мен ауылдарды еркін аралады, тамаша өнерін көрсетуімен қатар казақ әйелінің азаттығын өнеге етті, белсене насихаттады. Халық әндерімен бірге өзі шығарған өлендерін айтып ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сонымен бірге қазақ әйелінің емін-еркін жүріп-тұруына әлі тосын қарайтын ауыл қазағының кінәлаушылығына да ұрынғандығын айтуға тиіспіз.

Майра Уәлиқызымен кездесіп, оның әндерін жазып алған А.В.Затаевич Майранікіндей шабытты, батылдық пен екпіндікті бұрын кездестірмегендігін айрықша атап көрсетті [40]. Музыка өнері мен музыкатану саласындағы әзірше жалғыз академигіміз Ахмет Жұбанов өзінің теңдессіз мұрасы — «Замана бұлбұлдарында» шығармашылығы баяндалған 24 әнші, сазгерлердің ішінде әйелдер қауымынан Майра Уәлиқызын ғана келтіреді. Ахмет Жұбанов Майраның әншілік өнерінің шыңы «Майра» — қазақ әйелінің «еркіндік әні.., әншінің өз қолымен калап кеткен ескерткіші болуға түрады» [41] деп жазды. Майра Уәлиқызының қайтыс болған жылы ҚСЭ-да (7-т., 388-6.) 1926 жыл деп көрсетілген. Біздіңше Майра Уәлиқызын жақсы білген Ахмет Жұбанов пен жазушы Сапарғали Бегалиннің [42] 1929 жыл деп көрсеткені шындыққа жарасады.

Шығармашылық интеллигенцияның қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы өкілдерінің ең көрнектілерінің бірі — ақын Шолпан Иманбайқызы (1904-1926). «Арманым жалғандағы өнер, ғылым» деп мәдениет биігіне талпынған, небәрі 22 жас ғұмыр кешкен Шолпан Отан тарихында ақындық ізін қалдырып үлгерді. 15 жасында тоқалдыққа берілген Шолпан тағдыр тауқіметін ерте тартып, поэзиялық шығармашылықпен үш-төрт жыл ғана айналысып, өзінің ерен талантымен елді тамсандырып, жарқ етіп жанып-сөнген таңғы шолпан жұлдызындай әсер қалдырды. Феномен десе дегендей еді. Қазақтың ақын қыздары бұрын да көп болғанымен, жиырмасыншы жылдары Шолпан Иманбайқызының поэзиясы жеке-дараланып шықты. (Сарыарқа қыздарын өнер-білімге баулуда Шолпан Иманбайқызы шығармашылығының атқарған қызметі өте үлкен болды. Оның өз басының үлгісі, жүректен шыққан жалынды сөздері ауылдың қыз-келіншектеріне большевиктердің жалаң үгіт-насихатынан әлде-қайда күшті ықпал етті.

Аяулы ақын қыз туралы жаңа деректер іздей жүріп, бұрын белгісіз болып келген мұрағаттық құжатқа тап болдық. Шолпан Иманбайқызының 1924-1925 жылдары Орынбордағы Нағима Арықова басқарған Өлкелік әйелдер курсында оқығаны белгілі. Осы курс окушыларының әр пәннен жазған жазба жұмыстарының ішінен Шолпан Иманбайқызының өз қолымен жазған (араб карпімен) «Жаратылыс пен табиғат туралы» деген жұмысы кездесті. Қағаз беті ақынның өте сезімтал жаны, балаға тән тазалығы, ой алғырлығы, нағыз шығармашылық адамның қабілеттерін аңғартады. 1931 жылы Мұстафа Шоқайдың Шолпан Иманбайқызының есімін Ахмет Байтұрсыновпен қатар атап, бұл екеуін «ұлттық» әдебиетіміздің ең үздік түлғалары» [43] деп атағаны жуырда ғана белгілі болды. Айта, кету керек, жоғарыда аталған курста оқыған қыздардың тағдыры арнайы зерттеуді қажет етеді.

 

2.2. Кеңестік шығармалылық интеллигенцияның алғашқы

өкілдерінің қызметі

 

 Қазан төңкерісі бұрынғы ұлттық интеллигенцияны жоққа шығарып, жаңа социалистік сипаттағы ұлттық интеллигенция құруды міндет етіп қойып, осы мақсатқа жету жолындағы қауырт іс-әрекеттерге көшті Қазақтың ақын жазушыларының бірен-сараны ғана Қазан революциясын құп көріп, негізгі бөлігі бұл төңкерісті қазақ халқына сырттан таңылған құбылыс деп қабылдады. Революция қарсаңыңда қазақтың шығармашылық интеллигенциясының басым көпшілігі ұлттық-демократиялық көзқарасты ұстанды. Төңкерістен кейін олар өз дүниетанымын бірден өзгерте алмады. Сондықтан 1917, 1918 жылдар ғана емес, 1925 жылы да «кеңестік» деп атауға лайықты қазақтың ақын-жазушылары әлі қалыптасып үлгермеген еді. Бұл кезеңде кеңестік ұлттық интеллигенцияның қалыптасуына қажетті қоғамдық негіз ж а салды.Қазақ тіліндегі кеңестік алғашқы республикалық газет — 1919 жылдың 17-ші желтоқсанында 1-ші саны жарық көрген «Ұшқын» газеті болды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы бүгінгі «Егемен Казақстан» өзінің тарихын осы «Ұшқыннан» бастайды. 1920 жылы 13 қарашадан бастап газет «Еңбек туы», 1921 жылы 7 қарашада «Еңбекшіл қазақ» атымен шықгы. Ерекше атап өтілуге тиісті мәселе — газеттің бастауында тұрған адамдар туралы нақтылы деректердің тапшылығы. Газеттің 1919-1922 жылдары редакторлары мен шығарушылары жайында баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдар — Қалижан Бекхожин, Саттар Имашев, Темірбек Қожакеев, Сағымбай Қозыбаев, Жарқынбек Бекболатов, т.б. әркім әр түрлі жазып жүр.

 Соңғы уақытқа дейін «Ұшқынды» кім шығарды дегенде,»Казревком құрған Тәмимдер Сафиев бастаған редакциялық алқа (мүшелері Мерғали Ешмүхамбетов пен Әміржан Қаратаев)» деп жауап беріліп келді. Алайда, кейбір деректерге қарағанда (мысалы «Ана тілі», 1992, 7мамыр) «Ұшқынның» алғашқы редакторы — 1938 жылы саяси қуғында қаза тапқан Халел Есенбаев болған. Әртүрлі басылымдарда «Ұшқын» — «Еңбекшіл қазақтың» 1922 жылға дейінгі редакторлары немесе редакциялық алқасының мүшелері ретінде Бернияз Күлеев, Смағүл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Амаңғали Сегізбаев, Сәбит Мұқановтардың есімдері аталады. Дерек көздері нақты көрсетілмегендіктен бұл қаламгерлердің газетті шығаруға қашан, кім ретінде қанша уақыт қатысқандығын тексеріп-анықтау қиын. Бұл мағлұматтар газеттің толық емес тігінділерінде көрсетілген деректермен қайшылыққа келеді.

Мұрағаттық құжаттарда келтірілген мәліметтері де тексеруді кажет етеді. Біздіңше, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты қорында сақталған төмендегі екі құжат 1921 және 1922 жылдардағы газет редакциясының құрамын анықтауға көмектеседі.

  • жылы 22 қазан күні РК(б)П Қазақ облкомы (Киробком) төралқасы материалдық жағдайдың қиындығынан шықпай тоқтап қалған «Еңбек туы» газетінің орнына «Еңбекшіл қазақ» атты газет шығарылсын, оның редакция алқасына Мұхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Әбдірахман Байділдин, Абдолла Асылбеков, Телжанов енгізілсін деген қаулы қабылдады. Көрсетілген дерек аталған бес адамның тек екеуінің ғана (Еркеғали Алдоңғаров пен Әбдірахман Байділдин) өмірбаянында расталады. 1926 жылдың 4 наурызында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімінің кызметкері Әбдірахман Байділдин жазған ресми сипаттағы жазбасында «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1921 жылдың 7 қарашасы мен 1922 жылдың тамызына дейін төрт адамнан тұратын — Мұхтар Әуезов, Абдолла Асылбеков, Еркеғали Алдоңғаров және Әбдірахман Байділдин — редакциялық алқасының шығарғандығы, 1922 жылдың тамыз айында газеттің жауапты редакторы болып Сәкен Сейфуллиннің тағайындалғаны айтылады. Бұл дерек Тұрсынбек Кәкішевтің кітаптарында расталады [44]. Редакциялық алқа түріндегі ұжымдық басқару газет өміріндегі жеке тұлғалардың атқарған қызметі туралы талас пікір тудырса, Сәкен Сейфуллиннен бастап (1922-1924) газетті басқарған журналистер — Молдағали Жолдыбаев (1924-1925), Смағұл Сәдуақасов (1925-1926), Тұрар Рысқұлов (1926), Ораз Жандасов (1926), Ораз Исаев (1926), Ғаббас Тоғжанов (1926-1932), Әйтіке Мусин (1932-1934), Ғабит Мүсірепов (1934-1936), Жанайдар Сәдуақасов, Жүсіпбек Арыстанов, Сақтаған Бәйішевтердің (1936-1941) газеттің жауапты редакторы болған күні мен айына дейін газеттің өзінен және мұрағаттық деректермен нақтыланды.

1924 жылдың 17 қаңтарында РК(б)П Қазақ обкомының басшы қызметкері Әбдірахман Байділдин Молдағали Жолдыбаевқа Кеңестер съезіне делегат болып Мәскеуге кеткен Сәкен Сейфуллиннің орнына «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы міндетін уақытша атқаруды жүктеді. Сол жылғы 11 сәуірде РК(б)П Қазақ обкомының төралқасы Молдағали Жолдыбаевты «Еңбекшіл қазақтың» редакторы, ал Зарап Темірбеков пен Рақым Сүгіровты редакция алқасының мүшесі етіп бекітті. 1925 жылы 7 сәуірде Бейімбет Майлин БК(б)П Қазақ өлкекомының бюросының шешімімен «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакциясына кызметке жіберілді .

Көрнекті қазақ журналисі Шәймерден Тоқжігітов 1922 жылы 23 ақпанда өз қолымен толтырған анкетасында Семейде басталған коғамдық және шығармашылық қызметін тізіп шыққан. Осы кісіге байланысты мұрағаттарда табылған құжаттар белгілі каламгердің еңбек жолының белестерін айқындай түсуге мүмкіндік береді. Шәймерден Тоқжігітов 1924 — 1925 жылдары РК(б)П Семей губкомының үгіт-насихат бөлімін басқарды әрі «Казақ тілі» газетінің редакторы қызметін атқарды. Казкрайкомның тапсырмасымен 1924 жылдың күзінде семейлік «Казақ тілі» газетінің қызметін арнайы тексерген Сәкен Сейфуллин газетінің саяси бағыты редакторлыққа Шәймерден Тоқжігітов келгеннен бері түзелді, оған дейін бұл газеттің таптық түғыры айқын болмай келген еді, газеттің дұрыс жолға қойылуына Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы Әбілқайыр Досов жолдастың газет редакциясының қызметін тікелей бақылауға алуының үлкен ықпалы болды деп жазды. Айта кету керек, Сәкен Сейфуллин оң бағасын берген Әбілқайыр Досовтың (1899 -1938) ұлттық баспасөз ісінің дамуына қосқан үлесінің айтарлықтай болғандығын айғақтайтын мұрағаттық деректер бірталай кездеседі. 1920ж. ол Омбыда шыққан «Кедей сөзі» газетінің редакторы да болды. 1925 жылдың 9 қаңтарындағы губкомның мәжілісінде ол калың ауыл бұқарасына арналған журнал шығару мәселесін көтерді. Губерния басшылығын құптатып, қажетті қаражат көздерін тауып, журналдың алғашқы сандарын шығарды. Журналдың редакторы болып Шаймерден Тоқжігітов, мүшелері — губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Сейдалин және каламгер Жантілеуов Қали бекітілді. Абайдың оншақты өлеңдерін алғаш жариялаған «Таң» журналы осылай дүниеге келген еді. БК(б)П Қазақ өлкекомының бюросы 1925 жылы 20 сәуірде Шәймерден Тоқжігітовты Ташкентке «Ақжол» газетінің редакторы етіп жіберу туралы шешім қабылдады. Шәймерден Тоқжігітов Семейден кеткен соң журналды ешкім корғап қала алмады. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросы 1925 жылы 2 маусымдағы отырысында Казкрайкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Н.И.Ежовтың (1936 -1938 жылдары КСРО ішкі істер халкомы болды) баяндамасы бойынша Таң» журналын жапты.

Қазақ публицистикасының (көсемсөзінің) өсіп-дамуы журналистика-ның қалыптасуымен тығыз байланысты болды. Ғалымдар кеңестік дәуірде жарыққа шыққан түңғыш публицистикалық кітап деп Абдолла Асылбековтың «Біздің де күніміз туды» (Орынбор, 1921) шығармасын бірауыздан атайды. Абдолла Асылбековтың ізін ала Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мүқанов, Ерғали Алдоңғаров, Әбдірахман Айсарин, Молдағали Жолдыбаев, Аманғали Сегізбаев, Нағима Арықова, Сара Есова, Шәймерден Тоқжігітов, Хамза Жүсіпбеков сынды публицистер шықты. Жергілікті және орталық баспасөз бетінде өз орталықтарының өзекті мәселелерін көтерген қазақ публицистерінің қатары жыл өткен сайын арта түсті.

Жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап, Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдар қазақ журналистерінің сан және сапа жағынан қарыштап өскен кезеңі болды. Ғасыр басында «Айқап», «Қазақ» сынды ұлтжанды басылымдарды шығарған алғашқы журналшылдар Қазан төңкерісінен кейін жаңа сипаттағы басылымдардың шығуьіна көмектесті, тілшілердің жас ұрпағын әдеби шеберлікке баулыды. Олардың адал еңбегінің арқасында мерзімді баспасөздің ел өмірінде алатын орны өзгерді.

Қазақ тілінде «журналист» деген сөз әлі қолданбаған заманда газет-журналдардың авторлары «жазушы» делінді. «Тілші» деген термин қазақ тілінде жиырмасыншы жылдары қолданысқа еніп, бас кезінде «жазушы» терминімен қатар айтылып келді. «Жазушы дегеніміз екі түрлі, — деп жазды Сәбит Дөнентаев, — бірі — әрі оқулы, әрі газет-журнадың мәнісін білетін адамдар; екіншісі — көзі ашық қана, жазу танитын ел кісілері. Әуелдегілерге біз жаз, жазба деп еш нәрсе айта алмаймыз. Өйткені олар қолы тиіп, жазғысы келсе, біз айтпай-ақ жазар. … біз салғанда қолқаны елдегі жазу танитын ақсақалдар, жастарға саламыз». [45] деп елдегі оқығандарды, ауылдағы түрлі дарын иелерін ұлттық баспасөз жұмысына үн қосуға шақырды. «Жазушы», «тілші» терминдерімен қоса кейде «газетші» және «журналшы» (қазір «Ана тілі» газеті «журналист» деген сөздің қазақша баламасы ретінде қолданады) сөздері де пайдаланылады.

Арнаулы оқу орындары жоқ заманда тілші ретінде газет-журнал бетінде үлкенді-кішілі шығармашылық туындыларды жариялау — қазақ журналистерінің қалыптасуының басты жолы болды. Дарынды әрі белсенді авторлар газет редакцияларына қызметке алынып маман журналистерге айналды. Ұлттық журналистер БАҚ құралдарының төрт — бес түрінде өсіп жетілді: жергілікті (уездік, округтық, аудандық, губерниялық, облыстық) газеттерде; орталық яғни республикалық басылымдарда; салалық («Ауыл тілі», Наркомземнің «Колхоз», Түрксібтің «Теміржолшы» газеттері т.б.) БАҚ құралдарында; мекемелер мен оқу орындарының қабырға газеттері мен қолжазба журналдарында; радиожурналистика (жергілікті және республикалық радиотораптарда шығармашылық қызмет істеу арқылы).

Соғысқа дейінгі жылдар ұлттық баспасөздің қаулап өскен кезеңі болды. 1917 — 1919 жылдары қазақ журналистері «Сарыарқа» (Семей, 1917 — 1919),.— редакторлары: X. Ғаббасұлы, Имам Әлімбекұлы, Райымжан Мәрсекұлы; «Тіршілік» (Ақмола, 1917-1918), шығарушылары: Рақымжан Дүйсенбаев, Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Бәкен Серікбаев; «Ұран» (Орда, 1917-1918) — Ғ. Мүсағалиев, «Бірлік туы» (Ташкент, 1917-1918) — Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Кайретдин Болғанбаев; «Жас азамат» (Омбы, Қызылжар, 1918-1919) — Қошке Кемеңгерұлы, Біләл Малдыбайұлы, т.б.; «Абай» журналы (Семей, 1918) — Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов; «Дұрыстық жолы» (Орда, 1919) — Наркомнацтың Бөкей облыстық бөлімшесінің үні; «Ұшқын» (Орынбор, 1919-1920) — Қазақ ревкомының үні сияқты, т.б. басылымдар дүниеге келсе, 1920-1925 жылдары мұнан әлдеқайда көп газет-журналдар пайда болды: «Ақжол» (Ташкент, 1920-1925) — Сұлтанбек Қожанов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов жоне т.б.; «Бостандық туы» (Қызылжар, 1921-1928) — Сабыр Айтқожин, Әбдірахман Айсарин, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Сәбит Мүқанов, т.б.; «Жас Алаш» (Ташкент, 1921-1922) — Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүтіров, Сара Есова; «Өртең» (Орынбор, 1922) — Смағұл Сәдуақасов, Еркеғали Алдоңғаров, Әбдірахман Байділдин, т.б; «Жас қайрат» (Ташкент, 1922) —Ғани Мұратбаев, Сәдуақас Баймаханов, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.; «Шолпан» (Ташкент, 1922 — 1923), «Сана» (Ташкент, 1923 — 1924) -Халел Досмүхамедов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Иса Тоқтыбаев, т.б.; «Темірқазық» (Мәскеу, 1923) РКФСР Ұлт істері халкоматының үні; «Ауыл» (Қостанай, 1923) — Мұхаметжан Сералин, Бейімбет Майлин, т.б.; «Таң» (Семей, 1924-1925) -Мұхтар Әуезов, Шәймерден Тоқжігітов; «Жаңа мектеп» (Қызылорда, 1925) — Казақ АКСР Халық ағарту халкоматының үні, т.б.

1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында Ғани Мұратбаевтың редакторлығымен қазақ жастарына арналған түңғыш басылым — «Жас алаш» газетінің түңғыш саны жарық көрді. Алғашында Қазақстанның оңтүстігінде ғана (Түркістан АКСР-де) тараған осы газетті шығаруға Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров, Сара Есова белсене араласты. «Жас алаш» 1922 жылдың тамыз айына дейін шығып тұрды. 1922 жылдың бірінші кыркүйегінен бастап «Жас алаштың» орнына «Жас қайрат» газеті шыға бастады (Ташкент). Бұл газетті шығарушылар Ерғали Алдоңғаров, Иса Тоқтыбаев, Өтебай Тұрманжанов болды. 1924 жылдан бастап мЖас қайрат» журнал болып шықты. Темірбек Қожакеев: «Газет кезінде де, журнал болып түрғанда да оған Ғани Мұратбаев тікелей басшылық етті» [46] деп әділін жазады. Сонымен бірге Ташкентте шыққан жастар басылымдарына «Ақжолдағы» зиялылардың үлкен көмегін ашып айтуымыз керек. Казақ автономиялық республикасындағы жастардың түңғыш басылымы — «Өртең» газетін (Орынбор, 1922 ж.) Ахмет Байтұрсынов, Смағүл Сәдуақасов, Ерғали Алдоңғаров, Әбдірахман Байділдин шығарды. «Өртең» газеті екі ай шығып тұрды.

Қазақтың жастар баспасөзін ұйымдастырушылардың ең көрнектісі Ғани Мұратбаев (1902 — 1925) болды. Ғани Мұратбаев аз ғана уақыт ішінде өзін үлкен қоғам қайраткері, талантты ұйымдастырушы, дарынды журналист, редактор, публицист, аудармашы ретінде танытып кетті. Газеттерге 1920 жылдан бастап жаза бастаған Сара Есова өзінің естелігінде: «Маған журналистика жұмысында өз күшінді сынап көр деп кеңес берген Ғани Мұратбаев болатын. Жастар өз ортасынан талантты публицистер кадрларын даярлау керектігі жайында ол өте қыза әңгімелеуші еді. Мен оның кеңесіне құлақ асып, 1922 жылдан бастап бүтіндей газет жұмысына ауыстым. Әуелі Жетісудан облыстық қазақ газеті Тілшіде» редактор, ал кейініректе «Әйел тендігі» журналына редактор болдым» [47] деп жазды.

Тамаша журналист Ерғали Алдоңғаровтың (1901-1930) бірталай қазақ басылымдарының бастауында түрғандығы белгілі. Соның бір айғағы —төменде келтірілетін құжат. 1923 жылы 17 казанда Қазақ КЖО-ның саяси-ағарту бөлімінің алқасында Е Алдоңғаров қазақ жастарына арналған журнал шығару туралы мәселе қойып, басшыларды «Жас қазақ» журналын шығаруға көндірді. Журналдың 5 адамнан түратын (Еркеғали Алдоңғаров, Смағүл Сәдуақасов, Алма Оразбаева, Иса Тоқтыбаев, Қазанғапов) редакциясы да осы күні бекітілді. «Жас қазақ» журналы 1923-1925 жылдары шығып тұрды. 1924 жылдың 8 ақпанында «Лениншіл жас» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет редакторы Еркеғали Алдоңғарұлының жазған бас мақаласында жаңа басылымның мақсаты: «елдегі надан жастарды окуға шақыру» деп түсіндірілді.

Еркеғали Алдоңғаров 1925 жылы шыққан «Пионер» журналының да түңғыш редакторы болды. Осы журналдың алғашқы санында Шолпан Иманбаеваның өлеңдері жарияланды. Жастар баспасөзінде шыныққан Еркеғали Алдоңғаров «Еңбекші казақ» газетінің жауапты хатшысына дейін көтерілді. Еркеғали Алдоңғаров жас қаламгерлерге өнеге көрсетті, олардың шығармашылық жағынан төселуіне үлкен қамқор бола білді. «Менің дүниетану әліппемнің бетін ашқан, алғашқы сабақты берген аяулы Еркеғали Алдоңғаров еді» деп еске алады қазақ журналистикасының ардагері Ахмет Елшібеков.

1925 жылдың күзінде Мәскеуге келіп, Бүкілодақтық Коммунистік журналистика институтына (КИЖ) оқуға түскен Ілияс Жансүгіров қазақтың күнделікті басылымдары уақытында келіп жетпегендіктен, ұлттық баспасөзден қол үзіп қалғандай сезінді. Мүндай жағдайға төзгісі келмеген Ілияс Жансүгіров БК(б)П Қазақ өлкекомының үгіт-насихат бөліміне хат жолдап, Мәскеуде оқитын қазақ студенттеріне «Еңбекші қазақ», мЖас кайрат» және «Советская степь» газеттерін жіберіп тұруын сұрады (1925 жыл 28 қазан). Қазөлкеком АПО-сының меңгерушісі Ораз Жандосов аталған газеттердің бір данасын КИЖ студенттері Ілияс Жансүгіров пен Ықылас Ысқақовтың атына міндетті түрде жіберіп түруды міндеттеп редакцияларға нұсқау берді (1925 жылдың бесінші қарашасы) .

Сөз шеберлігіне бейімділік, ақындық дарынның ерте байқалуы — ақындардың шығармашылығын зерттеуден келіп шығатын зандылық деуге болады. Мүны аз ғана ғұмыр сүрсе де ақындық, каламгерлік өнерімен жарқырап өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 -1920), Бейсенғали Жәнікешев (1894 — 1921), Баймағамбет Ізтөлин (1899 -1921), Бернияз Күлеев (1901-1930), Шолпан Иманбаева (1904 -1926), шығармашылығы растайды.

1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының он үшінші санында Елжас Бекеновтың «Бидің жауыздығы» атты әңгімесі жарық көрді. Бұл әңгіме жазушы, журналист Елжас Бекеновтың тырнақалды туындысы еді. Аз уақыт ішінде талапты, әрі шебер каламгер болып республикаға танылған Елжас Бекеновтың өмірбаяны қызықты, ал шығармашылық мұрасы ауқымды болды. Шығармашылық интеллигенция өкіліне айналмастан бұрын ол Көкшетау, Қызылжар, Томск губерниясында қара жұмысшы, 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың майдан жұмысына алынғандар қатарында болды, мұғалімдік етті, Сәбит Мүқановпен бірге Кеңес қызметіне қатысты, Көкшетау уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды, Орынбор рабфагінде оқыды. 1922 жылдан бастап он бес жылдай Қазақстанның әдеби өміріне бір кісідей атсалысқан Елжас Бекенов көптеген газет редакцияларында, республикалық кәсіподақ, бақылау комиссиясы (РКИ), Қазақ АКСР-і ОАК-нің жергіліктендіру комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Мәскеудегі БК(б)П жанындағы Орталық марксизм-ленинизм курсының редакторлық бөлімін оқып бітірді (1931-1933). КНИИМЛ-да ғылыми қызметкер болды. Ұлтшыл атанып ұсталар алдында 1937 жылы Қазақстан Главлитосының саяси редакторы болған еді.

1923 жылы «Ақ жол» газетінде Өтебай Тұрманжановтың (1904-1978) өлеңі тұңғыш рет жарық көрді. Қазақ әдебиетіне көп қырлы талант иесі келді. Өз қолымен жазған өмірбаянында (1937 жылы 14 қарашасында жазылған) 1918-1920 жылдары «Ташкенттің беспризорныйы» болғандығын, 1920-1922 жылдары балалар үйінде, одан соң Мәскеуде КУТВ-ны оқып бітіргендігін (1922-1925), жеті жыл бойы Ташкенттегі Ортаазиялық Комуниверситетінде октушы болып 1931 жылдан бастап Алматыда Казиздатта сектор меңгерушісі әрі КазПИ-де қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы, 1933-1934 жылдары Балқашта «Балқаш жұмысшысы» газетінің жауапты хатшысы, 1934-1937 жылдары «Қазақ әдебиеті» және «Әдебиет майданы» редакторының орынбасары қызметін атқарғандығын атап көрсетті. Зиялылығы, өткір қаламы мен шыққан тегі саяси репрессияға ұшырауына себеп болған Қадыр Тайшықовтың (1900-1937), алғашқы туындылары 1924 жылы жарық көрді. Ол шебер журналист, нәзік ақын, прозаик, өткір сықақшы, фельетоншы, дарынды композитор әрі әдеби аудармашы болды. Ғалым Бейсенбай Кенжебаев Қадыр Тайшықовтың шығарған 3-4 әндері мен күйдің аттарын келтіреді [48]. Әкесі Баспақ бай әрі би болғандықтан Қадыр Тайшықов 1928 жылы Ортаазиялық унверситеттен (САГУ) қуылды. Оқыған-тоқығаны көп, өнімді еңбегімен көпке белгілі болған Қадыр Тайшықов өзінің шығармашылық бейнесімен Бейімбет Майлинге жақын түрған каламгер.

Драматургия әдеби шығармашылықтың ең күрделі түрінің бірі болып саналады. Драматургтер ең алдымен жазушылар, кейде ақындар. Драматургия жанрының күрделі, қиын болатын себебі — егер прозаиктер шығармаларында түрлі сипаттаулар, әңгімелеу, түсіндірмелерді еркін әрі кеңінен пайдаланатын болса, поэзиялық туындылар толығымен автордың қасиеттері мен өзгешеліктеріне негізделеді. Ал драмалық шығармаларда авторлар байқалмайды, барлық тартыс кейіпкерлердің сөздері арқылы, диалогтар мен монологтардағы адамдардың ақыл-парасаты, дүниетанымы, көзқарастарының қақтығысы, шиеленіскен күресі арқылы жеткізіледі.

Ақын-жазушылар үшін басты сыншы — кітаптарның окушылары болса, драматургтер үшін — театр көрермендері болып табылады. Қаламгер ойының жемісі болып қағазға түскен драмалық шығарма жан бітіретін өнер ордасы — театр. Драма, трагедия, комедия — әдебиет пен өнердің жиынтығы, ал драматург-әдебиет пен өнерді меңгерген жазушы, әдебиет пен сахнаның мол тәрбиелік мүмкіндіктерін халық пайдасына жаратуды ойлаған зиялы адам, шығармашыл еңбекқор.

Қазақ драматургиясының негізін Көлбай Тоғысов (Төгісов), Иманғали Меңдіханов, Бейімбет Майлин, Бекмұхамед Серкебаевтар Қазан төңкерісіне дейін қалаған еді. Ал ұлттық драматургияны толыққанды әдеби жанр ретінде қалыптасуы соғысқа дейінгі жылдары өтті. Алғашқы драмалық шығармаларының жазылу уақытына қарап кеңестік дәуірдің драматургтерінің пайда болу процессін жүйелеуге әбден болады.Алдымен 1917-1918 жьілдары драматургияға иық тіресе келген Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Қошке Кемеңгеровтың есімдері аталуға тиіс. Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Рабиға», «Мансапқорлар», «Қанапия — Шарбану» пьесаларының 1916-1917 жылдары жазылғандығы туралы дерек қалдырды [49].

Мұхтар Әуезов түңғыш пьесасы «Еңлік-Кебекті» 1917 жылы жазды. Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» және Қошке Кемеңгеровтің «Әулие тәуіп» пьесалары 1918 жылы жазылды. Бұл төрт қаламгер кейінгі жазған пьесаларымен бірге қазақ драматургиясында жетекші рөл атқарады. Халықтың ортасынан шыққан өнерпаздар — әншілер, күйшілер, сазгерлер, бишілер, сәулетшілердің қызметі елге ұнағанымен билік басына келген коммунистердің қолдауына бірден ие болмады. Өнердің ұлттық сипаты мен мазмұнына большевиктік шабуыл жасалды. Қазақ түсінігіне жат идеологиялық-таптық қүндылықтар күштеп енгізілді.

Қазан төңкерісінен кейінгі кезенде ұлттық шығармашылық интеллигенцияның құрамдас бөлігі — өнер иелері сан және сапалық өзгерістерге ұшырады. Таптық күрес, саяси сипаттағы кауырт жүргізілген науқандар, қызыл идеологияның қысымы — бұл кезеңді интеллигенция үшін бір қалыпты даму кезеңі етпеді. Өнер адамдарының тағдыры, олармен бірге жалпы қазақ халқының тағдыры ауыр сынға түсті.

Қазақтың дәстүрлі қоғамында ақын-жыраулар кәсіпқой топ, маман иелері ретінде жеке бөлініп шықса, өнерпаздар (әншілер, күйшілер, сазгер-композиторлар, т.б.) көбінесе әуесқойлар түрінде кабылданды». Олар өнердің бір немесе бірнеше түрлерін игергенімен әдетте өзінің негізгі шаруасынан қол үзбей келді.

Әнші, күйші яки сәулетші болып, маман ретінде ерекшеленіп елінгендер туа бітті дарын иесі болуымен қатар негізгі кәсібі — шаруашылығынан кол үзіп өнер иесінің тұрақсыз қиын тіршілігінен қорықпай, өз өнерінің күш-қуатына сенгендер еді. Есімдері мен шығармалары ел есінде қалғандардың көбі де осы таза өнерге бет бұрған өнерпаздар еді.

Әншілік өнердің көп ғасырлық тарихы болғанымен, өнер кіслерінің қалың тобында сан жағынан басымы осы әншілер болса, жиырмасыншы ғасырға дейін әншілердің (кейде өлеңшілер іс делінеді) жеке әлеуметтік топ ретінде көрінбеуінің басты себебі — тек қана ән айтумен айналысатын өнерпаздардың сирек кездесуі. Өлең айтуды кәсіп етпегенімен әншілік өнер шығармашылық интеллигенция өкілдерінің көбіне тән болды. Мысалға, Түрағұл Абайұлы (1875-1934) әкесінің жиырмаға жуық әндерін кенже баласы Мәкенге (1912 ж.т.) үйретіп Абай әндерінің сақталуына себепкер болды. Мәкен Түрағұлқызының орындауында «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» («Хұп білемін, сізге жақпас…») сынды әндерді 1939 жылы Ахмет Жұбанов, кейінірек Борис Ерзакович, А. Серікбаева, Қ. Жүзбасов нотаға түсірді.

Сарыарқаның жезтандай әншісі, Жарылғапбердінің (1851-1914) шәкірті Қали Байжановтың (1877-1966) есімі қазақтың кеңестік дәуірдегі ән өнерінің іргесін қалаушылардың бірі ретінде қастерленіп келді. Аңызында ол ұлттық өнердің дамуына төңкеріске дейінгі кезенде көп үлес қосып үлгерген сақа әнші еді. Калидың орындауындағы халық әндері мен Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Жарылғапбердінің әндерін бір тындаған адам оның құдіретті үнін ешқашан ұмытпайтын еді. Ол 1932 жылдан бастап өмірінің аяғыйа дейін Қарағанды радиосының солист әншісі болды. Қазақ өнерінің баға жетпес қазынасы ретінде Қали Байжановтың орындауында елуге жуық ән таспасы сақталып калды. Қали Байжановтың ізбасар-шәкірті Жабай Тоғандықов (1889-1956) та 1932 жылдан бастап өмір бойы Қарағанды радиосының әншісі болды. А.В.Затаевич Сарыарқа әншілер мектебінің ірі өкілі Ғаббас Айтбаевты (1882-1929) «өте сирек кездесетін әнші-ақын» деп жоғары бағалап, Ғаббас Айтбаевтың орындауында 12 әнді нотаға түсірді.

Ташкентте Романовтардың таққа отыруына 300-жылдығына орай өткізілген өнер байқауында (1913 жылдан) бас бәйгі атақты Қараторғай — Шолпан Жанболатқызына (1889 — 1923) берілген еді. Содан бері ән әншінің есіміне айналды. Караторғай — Шолпанның өмірін зерттеп, насихаттаған жазушы Айтбай Хангелдин (1906 — 1981) ол туралы «Қараторғай» атты деректі повесть жазды (Алматы, Жазушы, 1971). Шолпан Жанболатқызының орындауында 1913 немесе 1914 жылдары грамофонға жазып алынған «Қараторғай», «Ахау, Семей» әндері — таспаға түскен алғашқы қазақ әндері саналады. Зерттеушілер Шолпан Жанболатқызы орындаған әнді «Сырдың Қараторғайы» деп атады. Бұл атау Шолпан Жанболатқызының өзі шығарып, өзі орындаған «Қараторғайды» өзге «Қараторғайлардан» айыру үшін қолданылды. «Қараторғай» әнінің он шақты түр-нұсқалары, оның ішінде Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, авторлары ұмытылып халық әндері делініп кеткендері де белгілі. Ал осы Шолпан Жанболатқызының «Қараторғайын» жоғалтпай, бүкіл қазақтың сүйіп тыңдайтын әніне айналдырған әйгілі әнші Жамал Омарова (1912-1976) болды. Отызыншы жылдарнан бастап қазақтар жаңа туған қыз балаларына «Жамалдай елдің сүйіктісі болсын» деп Жамал атын беру әдетке айналды. Өнертанушы З.Қоспақов пен хазушы Б.Нұржекеұлы Ж.Омарованың атақты «Ақбөпе» әнін (бұл әнді шығарған «Ашаның алты салы» атанған Шу өңірінің өнерпаздарының бірі Сауытбек Үсауұлы (1870-1932) Құрманбек Жандарбековтен үйреніп, күйтабаққа жазып бізге жеткізгендігін жоғары бағалады [50].

Арқаның аса дарынды әншілерінің бірі Қосымжан Бабақовтың (1891-1956) есімі көпке кеңінен белгілі болды. Ол бірталай тамаша әндер шығарған шебер композитор да болды. Ол 1930-1937 жылдары Қарағанды облрадиосының хорында, 1937-1943 жылдары Қазақ филармониясында әнші болды. Қосымжан Бабақовтың шығармашылығы халқының көңілінен шыққанымен, Коммунистік партия басшылығына жақпай, еңбегі тиісті дәрежеде бағаланбады. 1930 жылы арнайы шақырумен Қарқаралыдан Алматыға атақты әнші Қуан Лекеров (1896-1955) келді де, Қазақ радиосының әншісі болып орналасып, қазақ әнінің де, радионың да беделін көтерді. Драма және музыка театрында жүрттың есінде калған бірталай рөлдерді сомдады. Арнаулы концерттік бригадалар құрамында республиканы аралап, шалғай ауылдарда халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін шырқады. Оның есімі ел арасына кеңінен тарап, сый-құрметке бөленді. 1939 жылы Қуан Лекеровке республиканың еңбек сіңірген артисі атағы берілді.

Қатарынан озып үздік шыққан, елінің сүйіспеншілігіне бөленген, Жүсіпбек Елебеков (1904-1977) жастайынан «Әнші бала» атанып, Қоянды жәрмеңкесінде, Семейдің «Ес-аймақ» группасында ән салды. Каздрамтеатрда (1931 — 1935), Қазақ филармониясында (1935-1960) қызмет атқара жүріп, халық әндерін, музыкалық фольклорды, Абай әндерінен бастап, репертуарын үнемі кеңейтіп отырды. Жүсіпбек Елебеков Естайдың «Жайқоңыр» сынды әндерін орындағанда, білетін адамдардың пікірінше, автордың өзнен кем емес, кейде тіпті ажарландырып айтатын болған [51].

Естайдың өз аузынан естіп үйренген «Наз қоңыр», «Бір кысқал» атты сұлу әндерін республикалық радиоға жаздырған әнші Байғабыл Жылқыбаев (1893 — 1983) бұрын естілмей жүрген Біржан салдың «Теміртас», Ақан серінің «Нәзік гүл», Майраның «Толқыма» т\б. әндерді таспаға жазып қалдырды. Елді әншілік талантымен тамсандырған қызылжарлық айтыскер ақын Игібай Әлібаев ауыл мүғалімі, артисі, соғыстан кейін (1945 — 1948) Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының көркемдік істекшісі қызметкерін атқарды.

Ұлттық ән өнерінің жарқын жұлдызы Әміре Қашаубаев (1888 1934) 1925 жылы Парижде, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте (Германия) қазақ өнерімен шетелдіктерді алғаш таныстырды. Халықтың қалың ортасынан дарын қуатымен суырылып шыққан Әміренің еңбегі көзі тірісінде де, кейінгі заманда да өкімет пен партия тарапынан тиісті дәрежеде бағаланбады. Әншінің шын өмірін түсініп, Әміре Қашаубаевтың есімін сақтауға бағытталған арнайы бұйрық шығарған (1934 жыл 19 қараша). Оқу халық коммиссары Темірбек Жүргеновтің бастамалары қолдау таппады. Әміре Қашаубаевқа байланысты деректер қоры үнемі ұлғая түсуде. Бұл деректер Әміре Қашаубаевтың мәдениет тарихында алатын орнын қайта саралап, зерттеу қажеттігін көрсетеді.

Әлихан Бөкейханұлы 1925 жылы маусымда Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында Әміренің Парижге сапарына үлкен мән беріп, еуропалықтар алдында ұятты болмау үшін оған казақтың ең мәнді өлеңдерін жаттатқызуды, еуропалық костюм кигізбей ұлттық киіммен барғандығын қалайтынын білдірді [52]. Алаштың тағы бір үлкен қайраткері Мұстафа Шоқай шетелде жүріп Әміре Қашаубаевтың бірнеше әндерін патефон табақшаларына жаздырып алды. 1943 жылы Герман әскерінің соғыс тұтқыны болған Уақит Түрысбеков Париждегі Мұстафа Шоқайдың үйінде қабырғада ілулі түрған Мұстафа Шоқай мен Әміре Қашаубаевтың бірге отырып түскен фотосуретін көргендігін жазды [53 ]

Қазақ өнеріне Майра Уәлиқызының (1896-1929) келуі нағыз феномендік құбылыс болды. А.В.Затаевич Майра Уәлиқызының Қазақстан әнші әйелдерінің ішіндегі ең үздігі деп білді. Ахмет Жұбанов Майра Уәлиқызы ауыр тұрмыстың талқысына талай түссе де тұншықпаған, бұрын ер азаматтар ғана айтып келген әндерді («Ісмет», «Мақпал», «Телқоңыр» сынды) емін-еркін салған тамаша әнші-ақын, композитор деп атап, «Қайраты мен өнері бірге қосылып» қазақ қызының өжеттігін көпке паш еткен атақты «Майра» әнін өте жоғары бағалады. Сапарғали Бегалин «Майра Уәлиқызы өз жанынан ән шығарған композитор, әрі үйренген әнін көкейге қондыра, тыңдаушыны өзіне ұйыта, бір есіткен кісі әнді екінші есіткенше құмартып тұратын етіп айтатын аса шебер әнші» [54] деп сипаттады.

Майра Уәлиқызының үлгісі жаңашылдықты таңдаудың, өнерпаздың шын қадірін түсініп, дұрыс бағалаудың оңай еместігін көрсетеді. Майраны халық қолдады, өнерін сүйіп, қызықтады. Сонымен бірге оның еркіндікке ұмтылған іс-әрекетін құптамаған замандастары да аз болмағанға ұқсайды. Майра Уәлиқызы кеңес дәуірінде 10 жылдан астам өмір сүрсе, де коммунизм елесіне елікпеді. Кеңес өкіметін мақтап-мадақтап ән шығармады. Өз кезегінше қызылдар да Майра Уәлиқызы көп жағдайда әйелдердің еркіндігіне қойылған әдет, шектерден шығып, әйелдердің бас бостандығы үшін күрескер болғанына қарамастан оны қолдауға ниет етпеді, ешқандай құрмет-қошемет, белгісін көрсетпеді. Біздіңше, шығармашылығы төңкеріске дейін, 1910-шы жылдары басталған Майра Уәлиқызының тарих сахнасына шығуы әбден заңды, табиғи қүбылыс. Ол әр ауылда молынан кездесе беретін казақтың әнші, ақын, домбырашы, биші, өнерпаз қыз-келіншектерінің өкілі болып табылады. Сайып келгенде Майра Уәлиқызының өнердегі жаңашылдығын төмендегідей тұжырымдауға болады: 1) Майра Уәлиқызы қазақ әндерінің мазмұнына, құрамына, түріне бірталай жаңалық енгізді; 2) Қазақ өлеңінің көркемдігін ашуда елге таңсық гармонның мүмкіншіліктерін молынан пайдаланды; 3) Ауылдың өнерге калалық, еуропалық үлгідегі өзгерістер әкелді; 4) Майра Уәлиқызының репертуары өте кең болды. Ол қазақ әндерімен катар татар және орыс әндерін көп салды.

Алма Оразбаева (1898 — 1943) А.В.Затаевичке көмектескен алғашқы қазақ әншілерінің бірі болды. 1920 жылдың шілде-тамызында Затаевич Алма Оразбаеваның орындауында 8 әнді жазып алды. «Натура очень музыкальная, — деп жазды Алма Оразбаева туралы А.В.Затаевич, — с мягким нежным голосом (сопрано) и чрезвычайно поэтическою, проникновенною манерою передачи. Алма Уразбаева была первого букеевскою казашкой, особенно горячо отнесшеюся к моей работе и давшею мне чрезвычайно ценные сообщения» [55]. Затаевич фортепьянода ойналатын екі әнін Алма Оразбаеваға арнады.

Ұлт зиялылары театр өнеріне негіз боларлық дүниенің бәрі казақта бар деп есептеді. Қазақтың әдет-ғұрпында, ойын-сауығы, ән-күйі, өлең-жыры, «Жар-жар», «Беташар», ақындар айтысында театр өнерінің кейбір элементтері кездесетіндігін айтып, оларды театр сахнасына бейімдеп қоятын халық өнерпаздары табылатындығына кәміл сенді.

1918 жылғы 1 мамырда Ақмолада Сәкен Сейфулиннің «Бақыт жолында» пьесасы қойылды. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен Сейфуллин бұл пьесасы туралы: «Менің ең алғашқы ірі деген шығармам осы еді, осымен жазушы болып едім» дейді [56]. Қазақстанның »батыс аудандарында ауыл мүғалімі әрі ақын Әбдіғали Сұлтановтың өлеңмен жазылған «Дариға-Қайдар» драмасы мен «Сүліктер» атты комедиясы жиі қойылып, жұртшылықгың ыстық ықыласына бөленді. 1918 жылдың аяғында Омбыдағы «Жас азамат» қоғамының мүшелері Жүсіпбек Аймауытовтың «Жебір болыс» (кейін «Мансапқорлар» аталды) пьесасын қойып, большевизммен соғыстағы Алашорда әскеріне каржылай жәрдем еттті. 1919 — 1920 жылдары Қызылжар каласының жастары Қошке Кемеңгеровтың «Әулие тәуіп», «Касқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» пьесаларын қалалық бақтың сахнасында ойнады.

Сол жылы қараша айында Қостанайда «Қызыл керуен» группасы ұйымдастырылды. Әліби Жанкелдиннің жасағындағы казақ жігіттері Серке Қожамқұловтың басшылығымен жеке ән-күй үйірмесін құрды. Соңғы шығармашылық топтың мүшелері Бейімбет Майлин «Бетім-ау, құдағи» атты шағын комедиясын Серке Қожамқұловтың ойнаған түңғыш сахналық кейіпкері болды. Кейінірек Серке Қожамқұловтың үйірмесі «Қызыл керуендегілермен» бірігіп, үлкен группаға айналды. Үлкейіп-нығайған группа «Қызыл керуен» атын сақтап қалды, жер-жерден ел өнерпаздарын өзіне тартқан шығармашылық ұйым болды. «Қызыл керуен» группасында Елубай Өмірзақов, Канан Бадыров, Жұмаш Еленов (группа жетекшісі) артистік шеберлігін шындады, кейін көрнекті журналистке айналған Ерғали Алдоңғаров, сырнайшы Оразалы Аяқбаев, т.б. белгілі адамдар сахна қызметіне араласты. Группа 1924 жылға дейін Ишанғали Мендіхановтың ‘Малдыбай», Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» пьесаларын, көптеген комедиялар қойып үлгерді.

Кейін Серке Қожамқұлов Троицкіде, Уфада 1915-1916 жылдары Бейімбет Майлиннің өлендерін сахнадан оқыды, «Ел мектебі», «Неке қияр», «Шаншар молда» атты шағын пьесаларында ойнады. Ол 1919 жылы Әліби Жанкелдин отрядында болғанда жүрген жерлерінде жоғарыда аталған драмалық шығармалармен бірге Бейімбеттің «Қос қақпан», «Келін мен шешей» пьесаларын қойғандығын еске алады [57].

1920 жылы Костанайда Жұмаш Еленовтың режиссерлік етуімен Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Ерғали Алдоңғаров, Аманғали Сегізбаев, Әмина Еленова, Мұхамеджан Фаризов, Досмырза Нүрпейісов, Хасен Баймүрзин Бейімбеттің «Каламқас» атты үш актілі комедиясын қойды.

Ұлттық театрымыздың тарихында жарқын із қалдырған Семейдегі мЕс-аймақ» мәдени-ағарту қоғамы 1920 жылы қазан айында өнерсүйер қауымның бірлестігі, ұлт театрын құруға ұмтылған жастардың группасы ретінде құрылды. Қауымды ұйымдастырушы әрі алғашқы жетекшісі Сейітқазы Тоқымбаев болды. 1921 жылы дүние салған Сейітқазы Тоқымбаев туралы деректер тым аз. «Ес-аймақтың» шығармашылық жұмыстарына Уәли Түрлыбеков, Ғалиақбар Төребаев, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин кезекпен басшылық етті. «Ес-аймақта» қазақ өнерінің жарқын жұлдыздары Қали Байжанов (1877-1966), Әміре Кашаубаев (1886-1934), Жұмат Шанин (1892-1938), Иса Байзақов (1900-1946), ‘Манарбек Ержанов (1901-1966), Жүсіпбек Елебековтердің (1904-1977) театрдағы алғашқы қадамдары басталды.

 Семейліктердің ықпалымен 1920 жылдан бастап Карқаралы жастары айына екі рет сауық кешін ұйымдастыруды әдетке айналдырды. Ірі ауылдарда қызыл отауларды ашып шағын пьесалар қойып, ойын-сауықшылар аталған осы өнер сүйер жастардардың қолында алғашында қолжазба күйінде жазып алған пьесалар болды. Осы тұста «Акжол» газеті Қызылжардағы «Талап» қауымының мүшелері драма үйірмесін ұйымдастырғанын хабарлады (1921 ж. 21 қаңтар). Сол жылғы көктемде «Талаптың» өнерпаз жастары Қошке Кемеңгеровтың «Алтын сақина» драмасын сахнаға шығарды.

 1921 жылдан бастап Қазақтың халық ағарту институты (КИНО) мен Киринпрос, рабфактың ашылуына байланысты Орынбордың мәдениет орталығы ретіндегі рөлі арта түсті. Аталған оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, қаладағы республикалық мекемелердің қызметкерлері Свердлов атындағы клубтың жанынан қазақ театр группасын құрды. 1922 жылы группа Мұхтар Әуезовтың «Еңлік — Кебек» драмасын сахнаға шығарды. Спектакльде Сәбит Мүқанов (Көбей), Серәлі Қожамқұлов (Еспембет), Рахым Асылбеков ойнады. Еңліктен басқа әйелдердің рөлдерін еркектерге орындауға тура келді. Группа жұмысының жандануына 1923 жылы Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтың келуі себеп болды. 1923-1925 жылдары группа Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше тоқал», Бейімбет Майлиннің «Неке қияр», Жиенғали Тілепбергеновтың «Таңбалылар», Рахметжан Малабаевтың «Қатесіз қарғыс», «Ғұрып күні», Әбдіғали Сұлтанбаевтың «Дариға-Қайдар», т.б. пьсесалары қойылды. Осы группадан Қапан Бадыров, Әбіқай Абдуллин, Сейфолла Байғожин, Жүсіпбек Оспанов сынды маман артистер шықты. Группаның жұмысына жас актер Тайыр Жароков, Мінетай Жақсылықов, Жұмағали Әуезов, Рақым Иманбаев, Құсайын Оңғарбаев сынды оқыған азаматтар белсене қатысты.

1922 жылы Иса Байзақов өзінің туған жерінде өнерлі жастардың басын қосып драмалық үйірме ұйымдастырды. Осы шығармашылық ұжым «Үлгілі» деген атпен біздің заманымызға жетті. 1981 жылы ұжымға халық театры атағы берілді. Әуесқой театрлар ұжымдарының республикалық байқауының лауреаты атанды. Көптеген пьесаларды сахналап, жастарды артистік, музыкалық, әншілік өнерге баулыды. 1922 жылы Ташкентте қазақ оқығандары өткізген «Шығыс кешінде» Ілияс Жансүгіров Жанақ ақын, Қалдарбек Жандарбеков Бала ақын рөлінде ойнап, Жанақ пен Бала айтысын көрсетті. Сол жылы Орынборда «Еңлік-Кебек»пьесасының басты кейіпкерлерінің бірі — Көбей би рөлін Сәбит Мұқанов ойнады.

1922 жылы 4 қазанда Мәскеу қаласында Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы ұйымдастырған астанада оқитын қазақ жастарының музыкалық концерті болып өтті. Қоғам басшылығының Қазақ АКСР Халком Кеңесіне жолдаған баяндама хатында бұл концерт»қырғыз халқының тарихындағы тұңғыш концерт» деп жаңсақ жазылған. Құжатта өзінің табиғи әсемдік- көркемдігімен тыңдаушыларын таң ғажайып қалдырған бұл өнер шексіз қазақ даласынан қала ғимараттарына — театрға келуге тиістігі, қазақ әншілері мен күйшілері «еуропалық концерт бағдарламаларына енгізілуге тиіс», Қазақстан үкіметі қолдайтын болса Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы Орыстың мемлекеттік оркестрінің жетекшісі Г.П.Любимовтың көмегімен Қазақтың музыкалық аспаптарының оркестрін құруға кірісетіндігі айтылған. Алайда Қазақтың халық аспаптары оркестрін Ахмет Жұбанов тек 10 жылдан кейін, 1933 жылы ұйымдастыра алғаны белгілі. 1917-1925 жылдардың тәжірибесі кеңестік сипаттағы қазақтың шығармашылық интеллигенция-сының қалыптасуы күрделі процесс екендігін көрсетеді. Бұл — жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылық тағдырынан айқын аңғарылады. Ақындық жолы, яғни шығармашылық қызметі төңкеріске дейін басталған Сәкен Сейфуллин «революция ақыны», «қызыл сұңқар» аталғанымен, ұлтшыл-демократияшыл ақыннан бірден пролетар ақынына айналған жоқ. «Сәкен Сейфуллин революцияны бірден жақтап кетті» деген сөз Компартияның ұлылығын дәлелдеу үшін қажет болды.

Сол сияқты қазақтың кеңестік әдебиетінің негізін қалаушы, классигі саналған Бейімбет Майлиннің де әдебиеттегі жолы «Ғалия» медресесінде «Садақ» қолжазба журналын шығарудан (1913) бастау алып, жетекші прозашыға айналуы ұзақ еңбек пен күрестің нәтижесі болды. Кезінде Алашорда әскеріне өз еркімен кірген Бейімбет Майлин қаншама өнімді еңбек етсе де, шыққан тегі «таза пролетариат» Сәбит Мұқановтай билік басындағылардың сеніміне ие бола алмай дүниеден өтті. 1917-1925 жылдары еңбек еткен ескі және жаңа шығармашылық интеллигенция өкілдерін кеңестік интеллигенция деп атау әлі ерте еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

 Тарих сахнасында орын алған ірі оқиғалар дүниеге ұлы адамдарды әкеледі. Тарих тағылымы осылай дейді. ХХ ғасырдың басында Ресейде болған үш революциялық оқиға, қазақ халқының патшалы Ресейдің отаршылдығынан құтылуы, Қазан төңкерісінің нәтижесінде үкімет билігін алған коммунистердің Ресейді мекендеген бұратана халықтар тұрғысында жүргізген шовинистік саясаты және тағы басқа ірі-ірі саяси оқиғалар Орта Азия және Қазақстанда жаңа күрескерледі дүниеге әкелді. Қазақ халқының ұлт-азаттығы үшін ХVIII-ХIХ ғасырда патшалы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бұқараны көтереген күрескерлермен салыстырғанды ХХ ғасырдың басындағы қайраткерлердің күрес жолы ұзақ та ауыр болды. Ұлт азаттық қозғалыс ендігі жерде ұйымдасқан түрге көшті. Бұл күрестің көш басында алаш қайраткерлері тұрды.

 ХХ ғасырдың басында жалпыресейлік мұсылмандық және түркі халықтары арасындағы азаттық қозғалыста бірнеше бағыт байқалды. Мәселен, Ә.Бөкейханов бастаған қазақ саяси элитасы Россия федеративтік демократиялық республикасы құрамында ұлттық мемлекеттік автономия алудан үміттеніп, осы мақсатты өзіне мұрат тұтқан ұлттық-саяси Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құрды яғни қазақ жерін, оның асты үсті берекесін, ұлттық рұхани құндылықтарын ұлттық мемлекеттік құрылым арқылы сақтап, оларды жаңа талапқа сай бейімдеу міндетін қойды. Бұл орыс үкіметінің Қазақстанда жүргізілген пәрменді қоныс аудару және орсытандыру саясатына қарсы жауап ретінде білімді ұлттық элита тарапынан қарастырылған табиғи қам-қаракет болатын.

 Мұстафа Шоқай және Минуар Кари бастаған келесі бағыттағы Түркістан өлкесінің зиялылары (құрамында қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен, татар бар) Түркістан халықтарын отарлық тәуелсіздіктен- экономикалық және мәдени мешеуліктен Ресей Федерасиясы құрамында Түркістан Республикасын (мұхтарият) құру арқылы құтқарудан үміттенді. Осы мақсатта Түркістан өлкесі мұсылман халықтарының орта мәселелерін талдауға алған мұсылман съезі Түркістан автономиясы құрылғандығын жария еткен оның Уақытша үкіметін бекітті. Бұл бағыттағы Түркістандық зиялылардың түсінігі бойынша қуатты отарлық биліктің зорлығынан оған Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және діни ауыз бірлігін, тұтастығын қарсы қою арқылы ғана мүмкін еді. Басқаша айтқанда Түркістандық саяси элита Ресейдің Түркістандағы саясатын жеке ұлттардың мүддесіне қарсы бағытталған әрекет емес, жалпы өлке халықтарының ортақ мүддесіне, өркениеттік құндылықтарына шабуыл есебінде бағалап, оған күш біріктіп қарсы шығуды азаттық қозғалыстың басты міндетіне жатқызды.

 Келесі бағыттағы зиялылар 1917 жылғы Қазан социалистік революциясы жеңгенен кейінгі уақытта Ресей социал-демократиясы большевиктер партиясының бағадарламасына қабыл алып, өз елдері арасында осы саяси ұйымның талап-тілектерін орнықтырушы күшке айналды.

 Әрине, ресейлік түркі халықтарының азаттық қозғалысындағы бұл бағыттар арасындағы айырмашылықты асыра бағалауға болмас.Сонымен бірге оны елемеу де қателікке ұрындырар еді. Біздің түсінігімізше, ХХ ғасырдың басында өмірге келген бұл азаттық қозғалыстағы алдыңғы екі ағым теориялық немесе тәжірибелік тұрғыдан болсын өзінің логикалық соңынан жетпестен империялық күштердің араласуымен үзіліп қалды. Кезінде өмірге келіп, қызу тартыс туғызған бұл ағымдар ұстанған пікірлерді қазіргі тарихи кезеңде ой елегінен өткізу тым пайдасыз болмас деп түсінеміз.

 Ұлттық элитаның социалистік төңкеріске шейін қалыптасып қалған ұлттық идеологиясы, ұлттық қайта жаңғыру бағдарламасы бар еді. Өз ретінде бұл идеология, бағдарлама іске асып, шындыққа айналса,онда қазақ елі басқа елдің, өзге мемлекеттің идеологиялық арбауына көнбейтін еді. Демек, жаңа отарлау (неоколонизация) саясатына бой алдырмайтын еді, яғни өз атамекеннің байлығын өз игерерлік жағдайға жетіп, өзін-өзі басқара алатын еді.

 ХХ ғасырдың басындағы алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары өздерінің саяси қызметінде ұлттық, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғауды мақсат деп білді. Олар өз халқына тәуелсіздік және отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресінде көмектесуге ұмтылды, әрбір адамның және әрбір халықтың жеке бостандығына құқығы мен бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен атбыстарына еркін қол жеткізу сияқты жалпыадамзаттық қазыналар үшін күресті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Бес арыс. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы: Жалын, 1992. 294-295-б
  2. Қамзабек ұлы Д. Руханият. Алматы: Білім, 1997. 203-б
  3. Екеу. Абайдан соңғы ақындар // Абай. 1918. №1 7-б.
  4. Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезі. КИХЛ,1934. 71-б
  5. Сәрсеке М. Ғасыр перзенті // Егемен Қазақстан. 1999. 29-қаңтар.
  6. Чокин.Ш. Четыре времени жизни 273-б.
  7. Серсекеев М. Сәтбаев. Алматы: Жалын,1988. 22-б
  8. Мағжан. Бернияз Күлеев// Ақжол. 1923.22- қаңтар.
  9. Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті 1-бөлім. Қызылорда: Қазақстан,1932.371,375,378-б
  10. Ахмедов Ғ.Алаш алаш болғанда. Алматы: Жалын,1996. 146-б
  11. Қозыбаев М. Тарих зердесі. 1-кітап. Алматы: Ғылым, 1998. 65-68,70-71б
  12. Кемеңгерұлы Қ.Шығармалар.Алматы:Тұлға,1995.102-б
  13. Бұл да сонда 98,104,110-б
  14. Ләмбекұлы С.Тектінің тұяғы // Егемен Қазақстан.2000.28- маусым
  15. Жұбанов А.Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы 164-б
  16. Ахметова Л.Қарлығаш қаламдастар.Алматы: Қазақ университеті, 1993. 64б.
  17. Қожакеев Т.Сара сөздің сардарлары. Алматы: Санат,1995. 81-89б
  18. Хабарлар // Айқап 1913,№16 359-б
  19. М.Қойгелдиев. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры ( ХVIII-ХХ ғасыр) Алматы: «Жалын баспасы» 2004. б-3.
  20. Бұл да сонда б-20.
  21. Х.Тұрсын. Тұрар Рысқұлов және ұлттық саяси элита мәселелері. «Т.Рысқұловтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция» Түркістан: 2005ж. б-179.
  22. Агзамходжаев С.С. Түркистон мухторияти: милий-демократик давлатчилик қурилиши тажрибаси. Тошкент: Маьавият, 2000. 168б.
  23. Конституция Туркистанской Республики Россиской Социалистической Федерации, принятая 6-м Туркестанским съездом Советов. Ташкент: Издания Бюро печати при ТурЦИК-е, 1918.-16с.
  24. Рыскулов Т. Мусбюро РКП (б) в Туркистане. Ташкент,1922.
  25. ӨРОММ, Р-17-қор, 1-тізім, 214-іс, 123-п.
  26. О.Қоңыратбаев. Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. А:, «Қазақстан» 1994. б-98
  27. Ленин В.И. Шығармаларының толық жинағы. 41-т., 169-б.
  28. ӨРОММ, Р-17-қор, 1-тізім, 214-іс, 143-п.
  29. Бұл да сонда, 229-іс, 253-арт.п.
  30. Алаш-Орда. Сб. документов. Сост. Н.Мартыненко. Алматы: Айқап 1992.27б.
  31. Заки Валиди Тоган.Воспаминания. Борьба народов Туркестана и других Восточных мусулман- турков за национальное бытие и сохранение культуры.Кн.1. Уфа, Китап,1994, 182-184б
  32. Айқап: Библиографиялық көрсеткіш. Алматы,1995. 325-б
  33. Дөнентаев С. Ұрпағыма айтарым. Алматы: Жазушы.1989. 267-б
  34. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті.1-бөлім Қызылорда:1932.345-346 б.
  35. Жиреншин Ә. Қазақ кітаптары тарихынан. Алматы: Қазақстан.1971. 143-б.
  36. Дөнентаев С.Ұрпағыма айтарым. Алматы: Жазушы.1989. 287-б
  37. Серікқалиев З. Тағдыр және біз.Алматы: Ана тілі,1996. 245-246б
  38. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті 1-бөлім 1932ж 264-б
  39. Алғашқы қарлығаштар. Жинақ. Алматы: Қазақстан, 1993. 3-17б
  40. Затаевич В.А 500 казахских кюйев. Алматы: Казиздат. 1931 289-б
  41. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. Алматы: 1963. 232-239б
  42. Бегалин С. Сахара сандуғаштары: Алматы: Қазақстан 1976. 144-б
  43. М.Шоқай. Таңдамалы. 1-том. Алматы: Қайнар 1998. 154-б
  44. Кәкішов Т. Қызыл сұңқар Аламаты: Қазақстан 1968. 186-б
  45. Дөнентаев С. Ұрпағыма айтарым. Алматы: Жазушы.1989. 253-б
  46. Қожакеев Т.// Лениншіл жас 1991.5-мамыр.
  47. Есова С. Октябрьдің ұрпақтары. Кіт: Қазақстан азамат соғыс жылдарында. Алматы: Қаз.мем.баспасы., 1960.377-б
  48. Тайшықов Қ. Октябрь ұшқыны Алматы: Қазмемкөркемәдебас,1961.5-б.
  49. Бес арыс Алматы; Жалын,1992. 379-б
  50. Нұржекеұлы Б. Әйгілі Жамал әнші // Егемен Қазақстан,2002,5 наурыз.
  51. Базарбаев Ж. Шалқыған күй,шырқаған ән // Социалды Қазақстан, 1936. 26-мамыр.
  52. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. 379б
  53. Атамекен. Шиелі өңірінің шежіресі. Алматы: Мұраттас, Қайнар,1998. 33б
  54. Бегалин С. Сахара сандуғаштары. Алматы: Қазақстан, 1976. 144-б
  55. Затаевич А.В. 1000 песен казахского народа. М.Музгиз, 1963 с.193-196, 489, 546
  56. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Алматы: Жазушы, 1977. 136-б
  57. Би аға Бейімбет Майлин туралы естеліктер. Алматы: Жазушы, 1991. 107-114б, 295б