АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Телжан Шонанұлы тарихшы-ғалым

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

 

ӘЛ‑ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

 

 

 

ТАРИХНАМА ЖӘНЕ ДЕРЕКТАНУ КАФЕДРАСЫ

 

 

 

 

 

 

 

БІТІРУ ЖҰМЫСЫ

 

 

Телжан Шонанұлы тарихшы-ғалым

 

 

АЛМАТЫ — 2011

МАЗМҰНЫ

 

 

КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………3

 

1-тарау.  ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ТУЫП ӨСКЕН ОРТАСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ

  • Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық

 көзқарастарының қалыптасуы……………………………………………………………….9

  • Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі……………..14

 

2-тарау. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ  — ҒАЛЫМ,  ТАРИХШЫ.

2.1 Телжан Шонанұлының ғалымдық қырлары ………………………………….23

2.2 Телжан Шонанұлы  және қазақ жерінің мәселесі ……………………………31

 

ҚОРЫТЫНДЫ  ……………………………………………………………………………………50

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ……………………………………..53

 

                          

 

КІРІСПЕ

 

Тақырыптың өзектілігі. Өткен ғасырдың  басында еліміздегі қоғамдық-саяси өмірде пайда болған тың құбылыс — ұлт-азаттық күрестің жаңа сапалы кезеңін бастап берген ұлт зиялылырның тарих сахнасына көтерілуі болды. Тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіруді мақсат тұтқан «Алаш» қозғалысының қайраткерлері ұлт өміріне қатысты сан-салалы маңызды мәселелермен айналысты. Қазан төңкерісінен кейін билікке келген кеңестер үкіметі тұсында да қазақ зиялылары жаңа жағдайға бейімделіп, ұлт тағдыры мен болашағы үшін аянбай еңбек етті. Дегенмен бірте-бірте барлық салада өз биліктерін нығайтқан кеңестер үкіметі негізгі мақсаттары мен мүдделері тоғыспайтын «Алаш» қайраткерлерін қудалау саясатын жүргізді. Олар «халық жауы» ретінде айыпталып, тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргінге ұшырады. Осылайша ұзақ жылдар бойы «Алаш» қайраткерлерінің өмірі мен қызметі бір жақты бағаланып, оны зерттеу ісі тарих ғылымындағы «жабық» тақырыптар қатарына жатқызылды. Алайда XX ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап қоғамдық-саяси өмірде орын алаған өзгерістерлің нәтижесінде арыстарымыздың есімдерің қайта ортамызға оралуына мүмкіндік туды. Осылайша қазіргі Қазақстан тарихы ғылымында тұтастай «Алаштану» бағыты бойынша іргелі зерттеулер жүргізілді. Белгілі зерттеуші ғалымдар  К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев және т. б. зерттеулерінің нәтижесінде  Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтерін жан-жақты зерттеу ісі қолға алынды. Дегенмен әлі күнге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқан, өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің қатарынан табылған, белгілі ағартушы-ғалым, тамша тіл маманы Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасын тарихи тұрғыдан зерттеу ісі кенжелеп қалған еді. Осы тұрғыдан алғанда                      Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасын зерттеу Алаш қозғалысының тарихын зерттеудің жаңа қырларын аша түсері де сөзсіз. 

Осы орайда, 1937 жылғы тоталитарлық жүйе құрбаны болған                                   Т. Шонанұлының есімі мен оның шығармашылық мұрасы 60 жылға тарта мерзімде өткен тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерінің қатарында болып келгендігін, бұл тақырыптың заман талабына сай қайта талдау қажеттілігін айқындай түседі.

Телжан Шонанұлы тәрізді тұлғаның қайраткерлігіне және еңбегіне объективті баға беру, ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, егемен Қазақстанның жас ұрпағын рухани және саяси тұрғыдан тәрбиелеу үшін де керек.

Т. Шонанұлының өмір жолын, қоғамдық-ағартушылық қызметін зерттеуде жасаған талпынысымыз – еліміздің тарихындағы осындай олқылықтардың орнын толтыру бағытындағы алғашқы әрекеттің көрінісі. Сондықтан да біз зерттеп отырған тақырып отандық тарихтың қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Мәселенің зерттелу деңгейі. ХХ ғасырдың  көрнекті ғалымдарының бірі Телжан Шонанұлы жалған айыптармен “халық жауы” атанып, соған орай атылып кеткен отызыншы жылдардың екінші жартысынан кейін оның қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұраларын зерттеуге тиым салынды. Нәтижесінде жарты ғасырға толар-толмас ғұмырының барлық қырлары арнайы зерттеуге лайықты Т. Шонанұлының өмірі мен ағартушылық қызметінің толық ашылып зерттелмеген тұстарының көп екендігі белгілі болып отыр.

 Ғалымдар Т. Шонанұлының педагогикалық және әдеби-шығармашылық қызметінің қырларын ашу бағытында біршама жұмыстар жасады. Соған орай  Т. Шонанұлы туралы зерттеулердің басым бөлігі оның қаламгерлік, педагогикалық шығармашылығын баяндауға арналған. Ал Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми істері толымды жазылмай отыр. Бұл жағдайдың қалыптасуы тиісті деректердің  әлі де болса ғылыми айналымға түспеуіне байланысты болса керек.

Еліміз егемендік алып, іргесін бекіткен тұста ғана тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға мол мүмкіндіктер туды. Соған орай, мемлекет тарапынан 1990 жылы 13 тамыздағы КСРО Президумының “20-50 жылдардағы саяси репрессиялау құрбандарының барлық құқықтарын қалпына келтіру” туралы қаулысы қабылданып, 1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің “Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы” /1/ заңы қабылданды. Осыған байланысты          Т. Шонанұлының өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасын зерттеуге мол мүмкіндіктер туды.

Ал Т. Шонанұлын тарихшылар тарапынан алғаш зерттеген профессор             Әбу Тәкенов пен мұрағаттанушы Бейсенғали Байғалиевтар болды. Олар ізденуші Гүлбану Жүгенбаеваның жәрдемімен үлкен істі жүзеге асырды: 1995 жылы “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты Т. Шонанұлының зерттеуін “Жер тағдыры – ел тағдыры” деген атпен, ғылыми  түсініктемемен оқырман қауымға ұсынады /2/.

Аталынған құжаттарды бірер жылдан соң орыс ғалымдары Ф.Д. Ашнин, В.М. Алпатов, Д.М. Насилов өздерінің бірлескен еңбектерінде атап өтеді. Еңбекте ғалымдар Телжан Шонанұлын Құдайберген Жұбановпен бірге тіл мамандары (лингвисты Шонанов и Жубанов) ретінде бағалай отырып, оларға тоталитарлық жүйе тарапынан жасалған қысымшылық істердің айғақтарын көрсетеді /3/.

Сонымен қатар профессор Әбу Тәкенов пен Бейсенбай Байғалиевтар                                Телжан Шонанұлы турасында ғана емес оның жары, қазақтың зиялы қыздарының бірі Шахзада Аронқызы жайында да жазып, Шахзаданың ату жазасына кесілген жалғыз әйел екендігін атап өтеді /4/.

1997 жылы ізденуші С.А. Баймұратова  “Жалпы педагогика” саласы бойынша “Педагогическое наследие Т. Шонанова: (ученого-энциклопедиста, педагога 20-30-х гг. в Казахстане)” /5/ атты кандидаттық диссертация жұмысын жазды. Зерттеуші өзінің ғылыми жұмысын жазу барысында                    Т. Шонанұлын ағартушы-педагог ретінде қарастыра отырып, ғалымның педагогикалық ойларын, идеяларын зерттеуге тырысады. Жұмыста                       Т. Шонанұлының педагогикалық көзқарастары Ресейдің төңкеріске дейінгі алдыңғы қатарлы орыс ғалымдарының идеяларымен теңестіріледі және зерттеуші Т. Шонанұлының педагогикалық қырларының 20-30 жылдардағы кеңестік педагогикалық ой-пікірлердің ықпалында қалыптасқандығын да жасырмайды. Жұмыста  Т. Шонанұлының педагогикалық көзқарастарының қалыптасуы мен ғылыми-ағартушылық қызметіне мінездеме бере отырып, одан әрі ғалымның оқыту әдістері мен бала тәрбиесіне арналған еңбектері талданады. Сондай-ақ   С.А. Баймұратова Т. Шонанұлының өз кезегінде орыс педагогтары    К.Д. Ушинский, Н.Ф. Бунаков, Н.А. Корф, одан бері қарай ұлы қазақ ойшылдары – Абай Құнанбаев, Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин еңбектеріне терең бойлай отырып, нағыз педагог ретінде шыңдалғанын да естен шығармайды. Ғалымның өмірінің белгісіз тұстарынан тұңғыш мәлімет беретін бұл диссертацияның ғылыми құндылығын атап өткен жөн. Алайда диссертация құрылымы  Т. Шонанұлының қызметін қарастыруда кейбір мәселелерді қамти алмаған. Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі мен өмірі 20-шы жылдардағы күрделі процестермен тығыз байланыста көрсетілмеген; Т. Шонанұлының жазушылық, аудармашылық қызметі зерттеуші назарынан тыс қалған; Т. Шонанұлының Қазақстанды зерттеу қоғамындағы қызметі, оның ішінде әсіресе өлкетану саласына қатысты қызметі, сондай-ақ тарихшы-ғалым ретіндегі көзқарастары толықтай зерттелмеген. Біздің диссертациялық жұмысымыз осы айтылған олқылықтардың орнын толтыратын дербес зерттеу болып табылады.

Зерттеуші өзінің ғылыми жұмысын жазу барысында  Т. Шонанұлын ағартушы-педагог ретінде қарастыра отырып, ғалымның педагогикалық ойларын, идеяларын зерттеуге тырысады.

Ал тіл маманы Қ.С. Құлманов Т. Шонанұлының шығармашылық мұрасына қатысты зерттеу жұмысын жазады /6/. Зерттеуші өз жұмысында          Т. Шонанұлын әдебиетші, көсемсөзші, ғалым ретінде бағалап, мәдени-ағарту істері турасындағы ғылыми мұраларын зерттеген.

Қазақ зиялыларының қоғамдық саяси өмірдегі қызметтері мен Алаш қозғалысы турасында саралап жүрген тарих ғылымдарының докторы                          М. Қойгелдиевтің “Алаш қозғалысы” атты еңбегінің маңызы зор. Сондай-ақ  көрнекті ғалым К. Нұрпейісовтің “Алаш һәм Алашорда” монографиялық еңбегінде Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттес болғандардың қатарында Т. Шонанұлының да есімін атап өтеді /7/.

Ал Алаш зиялылары турасында қалам тартып жүрген әдебиеттанушы ғалымдарымыздың бірі Д. Қамзабекұлы да Т. Шонанұлы туралы өзінің зерттеу еңбектерінде біраз мағлұматтар беріп өтеді.                            

Соңғы кезеңде жарияланған еңбектерде Т. Шонанұлына қатысты біраз мәліметтер беріледі. Мәселен, 1996 жылы тарихи дерек пен естеліктер негізінде жазылған Ғ. Ахмедовтың “Алаш “Алаш” болғанда” атты еңбегінде  Т. Шонанұлының ағарту саласындағы қызметі туралы да мәлімет береді /8/.

Ал қазақ зиялыларының тарихи көзқарастары турасында қалам тартып жүрген тарихшы-ғалымдарымыз Т. Омарбеков пен  Ш. Омарбековтың “Қазақ тарихы мен тарихнамасына ұлттық көзқарас” атты  монографиясында                        Т. Шонанұлының өмірі мен қызметін ғана емес, тарихи мұраларын да зерттеу қажеттігі жөнінде аталып өтіледі.  Сондай-ақ Қазақстанды аграрлық қатынастар турасында өз пікірін қосып жүрген зерттеуші  О. Мұхатова өзінің “ΧІΧ-ΧΧ ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы” атты монографиялық зерттеуінде Т. Шонанұлының “Жер тағдыры – ел тағдыры” атты еңбегін Кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарындағы қоныстандыру саясатына байланысты жазылған Ғ. Тоғжанов, С. Асфендияров, С.П. Щвецов,                      П.П. Галузо, Е. Федоров, Т. Рысқұлов, С. Садуақасов сияқты авторлардың құнды еңбектерінің қатарына қосып қарастырып, жер мәселесіне байланысты жазылған ойларын көрсетеді /9/.

З.О. Дүкенбаеваның “Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы (1917-1941)” атты монографиясында Т. Шонанұлының шығармашылық мұрасына қатысты біраз мәліметтер берсе, профессор             Қ.М. Атабаев “Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1917 жж.)” атты еңбегінде Т. Шонанұлының қазақ жері мәселесін зерттеуге үлкен үлес қосқанын атап өтеді /10/.

 Жоғарыда аталынып өткен зерттеулік еңбектермен қатар Қ.Е. Тілешова,                  С.С. Иманбаева, К.Е. Абикенованың ғылыми мақалаларында                             Т. Шонанұлы зиялы қауым қатарында аталынып өтіледі. Жас зерттеуші            К.Е. Абикенова Т. Шонанұлының 100-н аса мақалалары, 30-дан аса кітаптары және аудармаларының болғандығы туралы жазып жүр /11/.  Сол себепті де              Т. Шонанұлының тарих ғылымына да қосқан үлесін анықтау тақырыптың тың екендігін байқатады.

Бітіру жұмысының деректік негізі.

 Деректік мәліметтердің бірінші тобын Телжан Шонанұлының өз еңбектері, ғылыми мақалалары құрады. Әсіресе, Т. Шонанұлының тарихи көзқарастарына  оның 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Қызылорда қаласында 3 мың таралым болып шыққан  “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты еңбегі 1995 жылы “Санат” баспасынан      қайта бастырылып “Жер тағдыры – ел тағдыры” атпен шықты. Бұл Т. Шонанұлының тарихшы ғалым болғанын дәлелдеуде құнды болып отыр. Сондай-ақ ғалымның артына қалдырған мол мақалалары мен кітаптары жұсмысты жазуда негзгі дерек көзі болып отыр.

Т. Шонанұлына қатысты деректер 1998 жылы Л.Д. Дегитаеваның редакторлығымен шыққан “Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг” атты құжаттар жинағында /12/, сондай-ақ 2002 жылы                           Қ.С. Қаражанның редакторлығымен шыққан “Хрестоматия по новейшей истории Казахстана (1917-1939 гг.)” /13/ атты құжаттар жинағында кездеседі.

Жұмыстың мақсаты  Бітіру жұмысының алдына қойған басты мақсаты – Т. Шонанұлының туып-өскен ортасы мен ағартушылық, қоғамдық қызметтерімен қатар оның нағыз тарихшы ғалым екендігін айқындау болып отыр.

Бітіру жұмысы өзінің алға қойған мақсатын шешуде төмендегідей міндеті жоғарыдағы мақсатқа жету үшін, бітіру жұмысы төмендегідей нақты міндеттер тобын шешуді көздейді:

  • Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық  көзқарастарының қалыптасуына тоқталу;

      – Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметіне баға беру;

     –  Телжан Шонанұлының ғалымдық қырларын ашу;

  • Телжан Шонанұлының тарихшы-ғалым болғандығын көрсету;

Жұмыстың мерзімдік шегі: Телжан Шонанұлының өмір сүрген жылдары, яғни 1894-1938 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Телжан Шонанұлының туған ортасынан бастап, өмір жолының барлық тұстарын және оның саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған кезеңге дейінгі уақытты қамтиды.

Жұмыстың методологиялық негізі: Т. Шонанұлының саналы ғұмыры мен қызметі кеңестік кезеңге сай келгендіктен, сол кездегі басты методологиялық бағыт болған қалыптасып келе жатқан марксистік-лениндік деп аталған тарихи материализмге негізделген көзқарастар жүйесіне көңіл бөліп, оның зерттеліп отырған тарихи тұлғаның көзқарастары мен бағыттарына ықпалын айқындауға тырыстық. Жеке тұлғалар жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын жазу барысында Ұлы бабамыз әл-Фарабидың интелект туралы трактатындағы тұжырымдардың маңызы зор болғандықтан,  жұмыс барысында Ұлы бабамыздың актуальды интелект және әрекетшіл интелект жөніндегі тұжырымдары Т. Шонанұлының өз ұлтына қызмет еткен қайраткер, ағартушы-ғалым екендігін кеңірек айқындауға, жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға көмектесті.

Бітіру жұмысының қолданыстық маңызы Ұсынылып отырған бітіру  жұмысында жасалған ой-тұжырымдар мен қорытындыларды ΧΧ ғасырдағы қазақ зиялыларының тарихына қатысты курс жұмыстарында, түрлі  Қазақстан тарихы бойынша жазылған студенттік баяндамаларда  оқу орындарында жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулуға арналған тәрбиелік сағаттар барысында пайдалануға болады.

Т. Шонанұлының тағдыры бұрын толық зерттелмегендіктен, ол туралы бұрынғы таптық тұрғы негізінде жазылған еңбектер тарихымызға бұрмаланған қорытындылар қатарын алып келгендіктен, оның өмірін тұтастай алып қарастырдық. Бұл мүмкін болашақта шонановтануда ағартушы өмірінің белгілі тұстарын жекелей талдап, тереңінен зерттеуге немесе оның қызметінің жекелей тұстары мен мұраларын зерттеушілердің  арнайы қарастыруларына пайдаланар, негіз болар деп санадық.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

  1. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ТУЫП ӨСКЕН ОРТАСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ.

 

  • Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық

көзқарастарының қалыптасуы

 

.ΧІΧ ғасыр мен ΧΧ ғасырдың тоғысында бұған дейін Ресей империясының толық отарына айналып, нәтижесінде ұлттық рухы мен мемлекеттілігінен айырылған туған елінің саяси, рухани және экономикалық негізін жаңаша дамыту қажеттілігін түсінген ұлтжанды қазақтың зиялы қауымы қалыптасты. Ұлттық мүддені қорғаған қазақ интелегенциясының саны аз болғанына қарамастан, олар өз кезегінде халықтың саяси санасының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Бірақ, тоталитарлық  жүйеге қызмет еткен  моно идеология ұзақ жылдар бойы қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылық қызметтерін ұлтшылдық ретінде бағалап, олардың еңбектері мен саяси идеяларын оқып-зерделеуге, мәндерін танып-білуге тиым салып отырды. Соңғы жылдары осыған байланысты өмірлерін ұлт мүддесі жолындағы күреске арнап өткен А. Байтұрсынов,   М. Дулатов, Ж. Ақбаев,    Х. Досмухамедов, М. Шоқай, С. Сәдуақасов, Ж. Аймауытов және тағы да басқа  қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық, шығармашылық, ғылыми қызметтері туралы жаңа көзқарастар тұрғысынан жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жазыла бастады.

Негізінен Т. Шонанұлының өмірбаяны, білім алуы мен өмір жолы турасында құжаттық материалдар өте аз. Т. Шонанұлына қатысты қысқа мазмұнды жазылған бұл құжаттар оның өмірінің басты белестерін ашып, нақты даталарды келтірумен құнды. Бірінші мұрағаттық мәліметте ол өзінің туған жылын, өскен ортасын, алты жасынан бастап ауыл молдасынан сауат ашқанынан бастап, 1929 жылға дейінгі аралықтағы атқарған істерін қысқаша баяндап өтеді. Өз қолынан жазылған бұл қысқаша өмірбаян бойынша, Телжан Шонанұлы  1894 жылы 17 желтоқсанда Торғай облысына қарасты Ырғыз уезі, Аманкөл болысы, 4-ші ауылда (қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ұ. Құлымбетов атындағы кеңшар, Аманкөл ауылы) қарапайым малшының отбасында дүниеге  келген /14/.

Т. Шонанұлының әкесі Шонан мен анасының өмірі туралы мәліметтер кездеспейді, ол тек өзінің қысқа өмірбаянында ата-анасының нашар тұрып, аздаған  малымен күнкөріс жасап отыратын қарапайым шаруа адамдары болғанын атай келіп “6 жастан бастап мені молдаға оқытуға берді. 9 жасымда мен әкемнен айырылдым. Әкем қайтыс болғаннан кейін мен балаларды оқыттым және өзім де оқыдым. Осылайша 14-15 жасқа дейін өмір сүрдім” /15/ – деп жазады. Жастайынан ауыл молдасынан сауат ашқан                                Т. Шонанұлы өзінің алғырлығының  арқасында күнкөріс қамы үшін аздаған мұсылмандық білімін кішкентай ауылының балаларына үйреткендігін де жасырмайды.

Т. Шонанұлының көрнекті тұлға ретінде қалыптасуында оның жастық шағында жалпы қазақ даласында болып өткен тарихи оқиғалар мен процестердің орны ерекше болды. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Ресей империясы отарлау саясатына байланысты жүргізілген реформалары Торғай өңірін де қамтыды. Қазақстанды түпкілікті отарлау және оны өзінің ішкі провинциясына айналдыру міндетін қойған Ресей империясы, қазақ даласына әкімшілік басқару жүйесін енгізу мақсатында 1867 жылы 11 шілдеде “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөніндегі Ереже”, 1868 жылы 21 қазанда “Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ереже”, 1891 жылы 25 наурызда “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай обылыстарын басқару туралы Ереже” қабылдады. Реформалардың заңдық негізде іске асырылуы Торғай өңірінде де көрініс тапты. Мәселен, 1891 жылы 25 наурызда “Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” қабылданды. Ереженің қазақ жеріне байланысты негізгі баптарында былай деп жазылды: “119. Көшпелілер қонысы орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман- тоғайы да мемлекет меншігі саналады.

Сондай-ақТ. Шонанұлы туып-өскен Торғай өңірі ежелден оқу-білім ошағының негізі қаланған өлке ретінде де ерекшеленеді. Негізін қазақтың тұңғыш ағартушысы   Ыбырай Алтынсарин қалаған алғашқы орыс-қазақ училищесі осы Торғай топырағында тұсауы кесілді және Қазақстандағы басқа  оқу орындарынан бағдарламалық жағынан және мазмұнды оқытуымен өзгеше болды. “Кел, балалар, оқылық” – деп ұран тастаған Ы. Алтынсарин ұйымдастырған орыс-қазақ мектептерінің типі, қазақ халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайына теңестірілген еді.

Сондай екі кластық орыс-қазақ училищелерінің жанынан, шеттен келген   балалар үшін интернаттар ұйымдастырылып та отырылды. Олардың қатарында  – Ырғыздағы орыс-қырғыз (қазақ) екі кластық училищесі де болды. Білімге деген мол құлшынысының нәтижесінде зерек те ақылды                    Т. Шонанұлы 1908 жылдың бірінші қыркүйегінде аталған училищенің табалдырығын аттайды. Бұған дейін тек мұсылмандық сауаты бар жас шәкірт  оқудың қиыншылығына қарамастан өз бетінше ізденіп, ерінбей оқып, орыс тілін жетік меңгереді. Телжан мұнда өзінің ана тілін оқымайды, негізінен жалпылама пәндерді өтіп, түрлі дәрежедегі ұстаздардан дәрістер тыңдайды.

1912 жылы Т. Шонанұлы аталған училищені бітіріп  шығады. Училищені үздік бітіргендерге арнайы степендия тағайындалып, тұрмысы нашар отбасының балаларына қазына есебінен оқуларын жалғастыруларына мүмкіндіктер берілді. Соған сәйкес оқу орнын ойдағыдай аяқтап шыққан                       Т. Шонанұлы да 1912 жылы қазына есебінен (480 сом) қаражат алып, Орынбор қырғыз (қазақ) учительдер мектебіне оқуға түседі /16/. Дегенмен, қазақ жастарына патша өкіметінің отаршылдық саясаты, қаражат  тапшылығы  мен түрлі кедергілердің кездесуі шәкірт үшін ауырға соқты. 

Орынбордағы қырғыз (қазақ) учительдер мектебінде білім ала жүріп                 Т. Шонанұлы алғаш рет Шығыстың ойшылдарының шығармаларымен танысады. Оның сүйіп оқыған ақын-жазушылары Әбу Насыр әл-Фараби,             әл-Бируни, Низами, Фирдоуси, Ибн-Сина және т.б. болды. Сондай-ақ ол Ресейдің озық ойлы мәдениетінен де құр қалмай Н.В. Гоголь, А.С. Пушкин,                     Л.Н. Толстой, А.М. Горький, В.Г. Короленко сияқты танымал классиктерінің еңбектерімен осы қырғыз (қазақ) учительдер мектебіндегі кітапханада танысты деуге әбден болады. Өйткені, бұл оқу орындарының кітапханалық қоры өте бай еді.

 Т. Шонанұлының студенттік шағының нағыз қызықты кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. 1914 жылдың 19 шілдесінде                      (1 тамызда) басталған бірінші дүниежүзілік соғыс еңбекші халықтың жағдайын бұрынғыдан да ауырлатып, соғыс қисапсыз көп шикізатты, азық-түлікті, малды және тағы да басқа толып жатқан материалдық игіліктерді қажет етті. Елдегі шаруашылық күйзеліп, егіс көлемінің азаюынан оның өнімі күрт төмендеп, малдың саны кеміді. Азық-түлікпен халық тұтынысын қанағаттандыратын заттардың бағасы күн санап өсті. Мысалы, бұрын ұнның бір пұты 94 тиын болса, 1916 жылы 40 сомға дейін өсті. Тек қана Қазақстанның Солтүстік Шығыс облыстарында 1916 жылы бидай ұнының бағасы бір жарым есеге, ал ет өнімдері екі есеге дейін жоғарылады /17/.

Ал осы тұста Телжан Шонанұлы 1916 жылы Орынбордағы төрт жылдық қырғыз (қазақ) учительдер мектебін  үздік бағамен аяқтаған, “бастауыш мектеп мұғалімі” мамандығын алып шыққан, қазақ ағартушыларының санатына қосылған азамат болды.

1916 жылдан бастап Т. Шонанұлының өмірінің жаңа белесі басталады. Жас маман елге оралып, 1920 жылға дейін Ырғыз уезінің Тоқырауын болысына қарасты № 3 ауылда Қасым Әбдірахмановтың мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Сол жылы Губерниялық комитет мобилизациялаған интелегент ретінде Семейде мұғалім, бір айдай аудармашы қызметтерін атқарады. Бірақ, мұнда көп тұрақтай алмай, тікелей өзінің өтініші арқылы еліне қайта оралады. Жас ұстаз – Т. Шонанұлы өзінің алған білімін болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен оларды білім нәрімен сусындату жолына арнайды. Болашақ ағартушы қазына есебінен оқығандықтан 6 жыл қазақ бастауыш мектептеріне орыс тілінде жұмыс істеп, бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруға жіберіледі.

 Елге келген Т. Шонанұлын туған елінің бір жағынан патша өкіметінің отарлау саясатының қыспағына, екінші жағынан жергілікті халықтың патша сойылын соғушы би-болыстарының зәбірі мен тұрмыс ауыртпашылығына ұшырауы толғандырады. Патшалық империяның отаршылдық саясаты дала өлкесінің бір саласында үстемдік алып, басынан еркі, қолынан билігі кетіп, жерінен еріксіз айырылған туған  халқының  тұрмысына байланысты, саяси-әлеуметтік мәселелерден  оқшауланып  қала  алмауы, әрине заңды  құбылыс болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, соған қарай отарлық езгінің бұрынғыдан да күшеюі, соғыс қажеттілігі үшін жиналатын алым-салықтың қисапсыз өсуі “Қазақ”  газетінің төңерегіне топтасқан қазақтың зиялы қауымын қатты ойландырды. Еліне оралып, ағарту ісіне жаңадан араласқан                            Т. Шонанұлын мұндай істерден сырт қалды деп айта алмаймыз. Бұл пікірді нақтылай түссек, бірінші дүниежүзілік соғыстан әлсіреп, жеңіліс таба бастаған Ресей  империясы майданның  қара жұмысына  шақыру туралы 1916 жылы 21 маусымда жарлық шығарады. Патшаның бұл маусым жарлығы отқа май құюмен бірдей болып, отарлау саясатынан әбден титықтаған халықтың қарулы көтерілісін туғызды.

 Көтерілістің жалыны Орал, Торғай мен Жетісу облыстарын түгелдей қамтып, Ақмола өңірінің кейбір аудандарына жайылды. Тарихшы                          М. Қойгелдиев: “Ұлт зиялылары бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында үкімет саясатына қарсы болған жоқ, қайта бейімделу бағытын ұстанды” /18/ – деп ұлт  зиялыларының соғыс жылдарында елді үкіметтің саясатына қарсы шықпауға шақырып, мұндай көтерілісте соғыс техникасы жетілген патша әскеріне ашық қарсыласудың тиімсіздігін де білгендерін көрсетеді. Себебі, елге жазалаушы әскер шығып, ең алдымен бейбіт халықтың шырқын бұзып, шаруа мен малының күйзеліске ұшырайтынын сезді.

Мұндай қазақ елінің басына қиын-қыстау күн туған шақта қазақтың сенімін артуға тұратын азаматтарының қатарынан Т. Шонанұлы есімінің тізімге ілігуі бұл оның қоғамдық қызметке ерте араласып, есейгендігін, ел-жұртына ісімен танылғандығының айғағы болды. Аталған кезеңде “Қазақ” газеті қазақ халқының мұң-мұқтажын қоғамдық-саяси және мәдени мәселелеріне қатысты мақалаларымен ұлт зиялыларының басын біріктіргені баршаға мәлім. Жоғарыдағы ұлттық білім беру мен мәдени дамуымыз үшін өте маңызды шараны ең алғаш көтерген де осы “Қазақ” газеті болатын. “Қазақ” газеті 1917 жылғы маусым айындағы санында күнбатыс майданындағы 299 партияда жұмыс жасаған Жетісу облысы Қапал уезінің 700 жігітінің, Торғай облысы Ақтөбе уезінің 94 жігітінің Әлихан Бөкейханов атына деп “ия медресе, ия стипендия ашу жолына арнап екі мың сом жиып, мыңбасы Мырзахан Төлебаев арқылы елдеріне қайтып бара жатып “Қазақ” басқармасына тапсырып” кеткенін жазды. “Бұл екі мың сом ақшаман медресе де, стипендия да ашылмайды, – деп жазды газет, – жұмысқа барған 794 жігіттің одан артық жиюға пұлы жете тұрып, жомарттығы жетпей қалған жоқ. Ол һәм құқықты нәрсе. Олар мұрындық болып, іс бастап, арғысын Алаш алдына салып отыр. Осы еткен көсемдігіне де рахмет” /18, 212 б./ – делінеді. Бұл ізгілікті құптарлық істе де Телжан Шонанұлының ұйымдастырушылық қабілетімен, адамгершілік ісі жарқырап көрінеді.

Әсіресе Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық істегі белсенділігі 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің жеңіске жетіп, патшаның тақтан құлатылуынан кейінгі тұста басталады.

Елдегі демократиялық лепті сезінген қазақ зиялылары үлкен мәселеге, яғни қазақ халықының болашағын одан ары ойластыру мақсатында Жалпықазақ съезін шақыру мәселесі күн тәртібіне қояды. Себебі Жалпықазақ съезі қазақ зиялыларының басын қосатын, барлық облыстар мен уездерді біріктіре отырып, мемлекет құрудың бірден-бір мүмкіндігі еді. Алаш партиясын құрып, ұлт-азаттық қозғалысқа бағыт-бағдар беруші қайраткерлер 1917 жылдың соңына қарай дербес ұлттық мемлекет құруға қолайлы сәт келді, қазақ қоғамын тәуелділік пен мешеуліктен құтқарудың, жалғыз жолы әрі тиімді құрамы өзін-өзі басқару болсақ деп тұжырым жасады /19, 35 б.].

Үлкен істі жолға қойып, оны жүзеге асыру ісінде белсенділік танытып отырған қазақ зиялыларының қатарында Т. Шонанұлы да бар еді. Оған мына мәлімет дәлел. Осы жылы шақырылған Жалпы қазақ съезі туралы  материал жариялаған “Қазақ” газетінен белгілі болатын; 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші съезд Телжанды Алаш Орда үкіметінің оқу комиссиясының жұмысына мүше етіп сайлайды /20/.

Ұлт зиялылары осы аласапыранның тұсында елдігін, ұлтын сақтап қалу үшін Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған топтың ұйымдастыруымен 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттілігі туралы мәселе қараған екінші Жалпы қазақ съезі болып өтті. Оған барлық қазақ облыстарынан, сондай-ақ одан тыс аймақтарда тұратын Алтай губерниясы мен Самарқант облысы қазақтарынан – барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің барысында қазақ халқына маңызы бар он мәселе қаралды. Ә. Бөкейханов съезде ең негізгі де басты  мәселе ретінде – ұлттық автономия құру туралы баяндама жасайды. Съезд бұл мәселе бойынша қарар қабылдап, онда Алаш облыстарында қазір орын  алып отырған бүліншілік әрекеттерден қорғау мақсатымен уақытша “Ұлт Кеңесін” құрып, оның аты “Алашорда” болсын деген шешімге тоқтайды. Он бес адамнан тұратын бұл өкіметтің төрағасы болып Ә. Бөкейханов сайланды /7, 332 б./.

Съезд барысында қазақ зиялылар қауымы Ресейде жаңа тұтанып келе жатқан соғыс қаупінен аман қалуды ойлап, елді бейбастық әрекеттерден қорғау мақсатында әскер құрып, қаулы қабылдап, халық милициясын және ұлт қазынасын құру  ісіне  ерекше  назар аударды. Сол сияқты съезд барысында оқу мәселесі де назардан тыс қалмай, М. Дулатов аталған мәселені көтеріп, баяндама жасайды. Ол өз сөзінде елдегі мектеп-медресселердің аздығын, мұғалімдердің жоқтығын, қазақ тілінде басылып шыққан оқулықтардың жетіспеушілігін айта келіп, осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіп, ұлт мектептерін  құру  қажеттілігін  атап өтеді /19, 35 б./.

М. Дулатовтың съезд барысындағы баяндамасы талқыланып, айтылған мәслелердің орынды екендігі ескеріліп, нәтижесінде 5 адамнан тұратын комиссия құру туралы қаулы етті. Комиссияның құрамына бұған дейін оқу-ағарту салалары бойынша қызмет етіп жүрген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров  және  жас ұстаз Телжан Шонанұлы да енеді.

Қорыта келгенде Телжан Шонанұлының саяси белсенділігі өзінің ұшқан ұясынан бапталып, кейіннен зиялылар арасында өзінің білімділігімен таныла отырып қазақ елінің болашағы мен келешегі үшін саяси істерге араласып, өзін таныта білді. 1916 жылдан басталған жаңа кезең Т. Шонанұлының  болашақтағы қоғамдық-саяси, ағартушылық және ғылыми қызметінің негізін қалады.

 

  1. 2 Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі

 

ХХ ғасырдың басында Ресей сияқты алып империяның Петербург, Мәскеу сияқты орталық қалаларында жеңіске жеткен Қазан революциясы аз ғана уақыттың аралығында жер-жерлерге тарап, коммунистер билігі толықтай орнады. Осы тұста Т. Шонанұлы да жаңа билікке бейімделу қажеттілігін түсіне отырып, халқына адал қызмет етуді басты мақсат етіп алды. Ал кезіндегі Алашорда жетекшілері осылайша кеңестік жүйе қызметіне тартылып, жаңа құрылған жас мемлекет қиыншылығына төзімділік танытты және ұлт болашағын тағы да бірінші кезекке қойды.

1920 жылы Ырғызда өзінің ағартушылық ісімен танымал болған                      Т. Шонанұлы жергілікті атқару комитетінің өкілдігіне сайланады Алайда Кеңес үкіметі тарапынан жүктелген жұмыстарға енді ғана араласа бастаған    Т. Шонанұлы да Алаш қайраткерлерінің қатарында болғаны ұмытылмай, 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, ОГПУ-дың Орынбордағы бөлімшесіне тапсырылады. “Кеңес үкіметіне қарсы, ұлтшыл” деп айыпталып, екі-үш ай түрмеде отырады. Әйтсе де тағылған айыптың дәлелденбеуіне орай 1922 жылы тұтқыннан босап шығады /11/.

Елге оралып, Халық соты қызметіне кіріскен Т. Шонанұлы Ырғызда көп тұрақтап қалмаған еді. Оған себеп, Т. Шонанұлының Орынбор қаласына жаңа қызметке шақырылып, Халақ Ағарту комисариатында білікті маман ретінде жұмыс атқарады. Аталған мекеменің жұмысы турасында: “Академиялық Орталықты Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы және Жолдыбайұлы басқарады… Пролетариат рухында жазылған авторлардың қатарын “көркемдігі жетіспейді” деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық баспаға өткізбейді” – деп   С. Мұқанұлы өзінің кітабында /21/ еске түсіреді.                        Т. Шонанұлы қазақ елінің тілі мен мәдениеті үшін ойландыратын мәселелер төңерегінде ұстазы А. Байтұрсыновтан оқып-үйреніп, оны үлкен ғалым ретінде бағалап отырған.

Сондай-ақ Т. Шонанұлы А. Байтұрсыновтың ұлт мүддесі үшін жасаған іс-қимылдарына қолдау танытып, жәрдемшісі де бола білді. Бұл әсіресе Кеңес үкіметінің орнап, соған орай елдегі сауатсыздықты жою, мәдени-ағарту мекемелерін жандандыру жұмыстарының барысында айқын көрініс тапты. Қазан төңкерісіне дейін, яғни жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ ағартушыларының рухани жетекшісі болып келген Ахмет Байтұрсынов Кеңес үкметі басшылығы тұсында да осы игілікті істің басында тұрды.                               А. Байтұрсыновтың үлгісі, ой-әрекеті мен жалынды сөздері ескі ағартушы-ұстаздарды оқыту жұмысын жаңа жағдайда жалғастыруларына үлкен ықпал етті. Соған орай қазақ интелегенциясының алдына елдегі жаппай сауатсыздықты жою міндеті қойылды. Мұнда еуропалық үлгідегі оқу орындарын, мектептер мен училищеде оқығандар, орысша тіл білетіндер сауаттылар санатына жатқызылса, ал мұсылманша хат танығандар сауаттылар қатарына жатпады.

Осы жылдың 21 ақпанында Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің төралқасы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасының мәтінімен танысып, Орынбор Халық Ағарту комиссариаты белсенді комиссариат деп жарияланып, республикалық барлық оқу орындары мен сауатсыздықты жою ісіне жан-жақты көмек шараларын көрсетуге міндеттенді. Соған орай қазақ мәдениетіне қатысты барлық мәселелерді шешу Қазақ АКСР-нің Халық Ағарту комиссариатына тапсырылды. Нәтижесінде Халық Ағарту комиссариатының  ұсынысымен 1921 жылы 26 шілдеде Қазақ АКСР-і Атқару Комитеті қазақтардың сауаттарын ашу жұмысына он алты мен елу жас аралығындағы барлық қазақтарды мобилизациялау туралы қаулы шығарады /22/.

Алаш зиялыларының қатарында көзге түскен Т. Шонанұлы ендігі тұста тіпті халқының болашағы үшін Орынбор қаласында жүріп, Ташкенттегі ұлт зиялыларымен хабарласып, “Ақжол” газетіне өзінің 1921 жылы “Іс һәм идея ” атты мақаласын да жариялайды. Қазақ халқын өркениетке ілестіру жолында ұлттық мұраны қадірлей отырып,  ағарту саласына күш салу керектігін түсінген   Т. Шонанұлы өзінің іс-қимылында да байқатып отырды. Соған орай автор: “Оқу оқудың екі беті, екі құны болады: бір қыры идея, екінші қыры іс. Түрлі заңдар, ережелер, нұсқаулар. Оқудың еңбек негізінде құру һәм жас буыннан артықшылық әсері жасынан сүйегіне сіңген азаматтар әзірлеу керек деп жазылған мақалалар, айтылған сөздер, ойдағыдай армансыз мол. Қысқасы, идея жағынан қамтама жоқ, идеяға көңіл толарлық… Мектептердің саны көп, сапасы жоқ. Қыстай Қазақстанда кітапсыз оқытылып келіп жаңа ғана бірен-саран бастауыш кітаптардың басы көріне бастады. Азын-аулақ кітаптар келгенмен, оқытушылар тағы жоқ” – деп, елде идеяның мол болып, істің аз жасалынып отырғандығын түсіндіре келіп, халықтың  сауатын  ашатын  оқытушылардың саны мен сапасын жоғарылатуды ұсынады /23/.

Сондай-ақ Т. Шонанұлы елдегі ұлт зиялыларының халық санасын ояту, көзін ашу, сауатсыздықты жою ісіне де бар күш-жігерін жұмсады және ол зиялылар тобына қосылып, аталған шараға демеушілік танытты. Үкіметтің тарапынан жасалынып отырған аздаған игі саясатты орынды пайдалану қажеттілігін халыққа түсіндіріп, “Қызыл Қазақстан” журналы арқылы                       Т. Шонанұлы “Оқу бұрын бұл һәм күнде” мақаласын жариялайды /24, 90-92 бб./. Ол патшаның заманында ана тілінде мектептер мен медресселер ашу мүмкіндігінің болмағанын тілге тиек етіп, Кеңес үкіметі тұсындағы оқу мәселесімен салыстырды. “Күні бүгінге дейін әлі есімде. Жапон соғысының сәл алды болуы керек. Аяқ жетер жерде школ жоқ. Болғанмен пайда кеміс. Ол кезде орыс школына берілген баланы солдатқа алынатындай не шоқындыратындай көрді. Школдан  халықтың мұндай көзқарасын туғызған, школдан халықты әрі  итерген патша үкіметінің саясаты екенін соңынан білдік” – дей келе, қазір оқудың барлығына, табына қарамастан тегін болғанын сөз етеді.

1923 жылы 29 қарашада Халық Ағарту комиссариаты еуропалықтарға арналған қазақ тілінің курсына әліппе ретінде Ахмет Байтұрсыновтың “Оқу құралын”, грамматика оқулығы ретінде “Тіл құралы” кітабын және Телжан Шонанұлының “Қазақ әдебиеті хрестоматиясын” ұсынады. Бірақ бұл кітаптар немесе кітапқа айналмаған қолжазбалардың біразы бізге жетпеген.

Сол сияқты Халық Ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық Орталық “Қазақ тарихы” және “Түркілер тарихы” атты орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтарын жазу үшін М. Дулатовпен, Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастыру үшін Т. Шонанұлымен, “Физика” оқулығын қазақ тілінде жазу үшін Е. Омаровпен екі жақты жасалынған келісім-шарттың мәтіндері мұрағат қорларында сақталып қалуы осы тұстағы оқулықтар шығару ісінің кезек күттірмейтін іс екендігінен хабар береді /25/.

Т. Шонанұлының Ірі Академиялық Орталықта жүріп өлкедегі оқу-ағарту жұмысының алға басуы мен оқу құралдарын даярлауға атсалысуына тағы бір себеп, 1923-1929 жылдары Қазақтың Халық Ағарту Институтында (КИНО) оқытушы болып жұмыс жасауы еді. Қазақ АКСР-нің астанасы Орынбор қаласында ашылған бұл Халық Ағарту институты Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі болады. Аталған оқу орны өз кезегінде қазақтың жастарының үлкен үміт артып, соған орай оқу-білім жолында дамылсыз ізденісте жүрген А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Е. Омаров,              Т. Шонанов, М. Жолдыбаев, Ж. Оразалин, С. Досжанов, Н. Бекетов сынды ұлт зиялыларының басын біріктірді /25/. Әрине, қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту ісінің алға басуына, оқулықтар шығару ісіне Т. Шонанұлының Қазақтың Халық Ағарту институтында оқытушы болып жұмыс жасауы да септігін тигізгені сөзсіз. Т. Шонанұлы оқулықтарды бастауыш сыныптарға, жаңадан сауаттанып жүрген ересектер мен өзге ұлт өкілдеріне арнап жазды. Оның әзірлеген оқу құралдарының мазмұны оқушылар үшін жеңіл, күнделікті тұрмыстан алынып жазылғандықтан түсінікті болды. “Шаруа болса мал баға білсін, инженер болса көпір салып, кен  қаза білсін, мұғалім болса бала оқыта білсін” – /26, 103 б./ деген қағиданы қатаң ұстаған   Т. Шонанұлы институттағы қазақ жастарына тек сапалы білім беру жолын ұстанды.

Нәтижесінде Т. Шонанұлы 1920-1929 жылдардары  (“Орынбор кезеңі” – деп айтуымызға болады-К.Е.) бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болды. Мәселен, Қазақ тілінің оқу құралы (орыс мектептері үшін). – Алматы, 1923. – 86 б.; Самоучитель киргизского языка для русских. – Орынбор, 1925. – 99 б.; Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы. – Қызылорда, 1926. – 207 б.; Самоучитель киргизского языка для русских (Словарь и краткая грамматика). – Қызылорда, 1929. – 99 с.; Жаңа арна (Алғашқы жылдың оқу құралы). – Қызылорда, 1928, – 167 б.;  Жаңалыққа жетекші. – Қызылорда, 1929. – 36 б.;  Диаграмдар, графиктер қандай болады, қалай салынады? – Ташкент, 1929 және т.б. оқулықтар мен оқу құралдары қайраткердің қаламынан дүниеге келді.

Сондай-ақ “Жаңа мектеп” журналында редакциялық коллегияның мүшесі болып жұмыс жасаған Т. Шонанұлы өзінің ағартушылық қырының тағы да бір тұсын танытады. Журналдың әр айлық санында елдегі оқу-білім және түрлі методикалық істер турасындағы мақалаларын жариялап, оқытушылар мен оқушыларға түрлі кеңестер қатарын ұсынып тұрады.

Т. Шонанұлы қоғамдық-ағартушылық істерді қатар алып жүріп    жиырмасыншы жылдары орын алған қазақ зиялылары тобының әліпби (алфавит) тартысы тарихында да өзіндік із қалдырады. 1924-1926 жылдары әліпби  тартысы Түркістан мен Қазақстан аумағында толассыз жүрді. 1924 жылы 12-18 маусым аралығында болып өткен білімпаздардың тұңғыш съезінде қазақ ұлтына қатысты әр түрлі мәселелермен  қатар әліпби алу ісі туралы сөз болады. Жалпы Кеңес үкіметі билігі тұсындағы ұлттық оқыған қауымның алғашқы бас қосуы осы қазақ білімпаздар тобының съезі болды. Түрлі баспасөз беттерінде білімпаздар тобының жиыны өтетіні туралы ерте-ақ жария етіліп, онда қандай мақсаттар атқарылатыны туралы жазылды.

Аталған съезд бірқатар қазақ зиялыларының қарсылығына қарамастан барлық түркі халықтарының жазуын латындандыру туралы шешім қабылдайды. Бұл шараға жетекшілік ететін жаңа түркі алфавитінің Орталық Атқару комитеті құрылып, оған Қазақ АКСР-нен тек Нәзір Төреқұлұлы енеді. Съезд мүшелігіндегі Телжан Шонанұлы латыншылар жағында болды. “Жалғыз қазақ емес, бүкіл араб әліппесін қолдап жүретін елдер арасында латын әліппесіне көшу деген ағым болғаны белгілі. Бұлар тек Кеңестер Одағындағы түріктердің ғана арасында емес, Одақ сыртындағы түріктер мен мұсылман  елдерінің  арасында  да бар. Латын әліппесі бірқатар елдер әлемінде жатыр… әрине латынға қарсылар да бар. Қарсылардың да дәлелі бар. Әңгіме дұрыс шешілу үшін латыншылардың да, оған қарсылардың да ой-пікірлері айқындалуы қажет” – деп өз ойын білдіреді /27/.

1927 жылы 9 маусымда БК(б)П Қазақ Өлкелік  комитетінің  секретариаты Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесіне латын алфавитін насихаттайтын республикалық комитет құру турасында ұсыныс жасалады. Комитеттің құрамына Нығмет Нұрмақов (төраға), Телжан Шонанов, Әбдірахман Байдилдин, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Жандосов, Қайыпов пен Ормантаев сияқты ұлт зиялыларын  бекітті /27/.

Осы тұста “Әліппе – мәдениет құралы” деп өз ойын ашық білдірген                  Т. Шонанұлы латын әліппесін алу мен оның төңерегінде болып жатқан түрлі мәселелерді баспасөз бетінде жариялап, халықты хабардар етіп отырды. Мәселен, “Латын әліппесін алуды неге тілейміз?” (Жаңа мектеп. –1926. – № 9-10), “Мәскеудегі қазақ студенттері латын әліппесі жайында не деген?” (Еңбекші қазақ. 1928 жыл. – № 95), “Латын әліппесі туралы” (Еңбекші қазақ. –1926. – № 9-10), “Орта Азиядағы латын әліппесінің жұмысы” (Еңбекші қазақ. –1927. – № 134), “Қазақстандағы латын әліппесінің жұмысы” (Еңбекші қазақ. –1927. – № 128), “Бұл да әліппе жайында” (Еңбекші қазақ. – 1927. – № 9), “Латыншылардың толық жиналысы” (Еңбекші қазақ. – 1927. – 19 маусым), “Жаңа әліппі жұмысы” (Еңбекші қазақ. – 1927. – № 163) “Жаңа әріптің кезекті міндеті” (Еңбекші қазақ. – 1929. – № 66-67) және т.б.  мақалалар қатарын халық назарына ұсынумен болды.

Латын алфавитын насихаттайтын республикалық комитет құрамына енген Т. Шонанұлы латын әліпбиін алу қажеттілігі туралы көпшілікке түсіндіріп, баспасөз арқылы оқырман қауымға әр түрлі кеңестер беріп отырды. Мәселен, “Үмбетұлы Мәжитке жауап (латын әліппесі туралы сұрауына)” атты мақаласында бір ғана мақаланың төңерегінде бұл мәселені түсіндіре алмайтынын айта келіп, латын әліппесінің тиімділігін былай көрсетеді: “Әліппе жаңғыртудың екі жағын қарастыру керек:

 1 негізі жағынан;

 2 іске асырылуы жағынан.

 Негіз жағынан дегеніміз – осы күні тұтынып жатқан әліппеміз боларлық жарамды ма? Жарамды болса, артықшылығы қандай? Ол кемшілік жабуға келе ме? Жарамастай болса, жарамды әліппе қайсысы? Ал іске асарлық жағы дегеніміз – араб әліппесінің кемшілігі сонша зор болып, басқа әліппені аламыз дегенде жаңа әліппені қалай кіргізіп жіберуге болады? Осыларға қысқаша жауап берелік.

Халық ағарту саласында қызмет жасап отырған ұлттық зиялылар өкілдерінің жұмысы күрделеніп, енді ғана қалыптасып, аяғынан тік тұра бастаған оқу жүйесін сауат аштыру мектептерінен жоғарғы оқу орындарына дейін – оқушылар мен оқытушыларды қайта оқыту; оқу бағдарламаларын қайта өзгерту; оқулықтарды арабтан латыншаға аудару сияқты т.б. көптеген ұйымдастырушылық-техникалық шаруалармен айналысуына тура келеді.

Соған сай Т. Шонанұлы латын әліппесінің жай-күйін басылым беттерінде түсіндіре отырып, өз бетінше сауат аштырту ісіне кіріседі. Тіпті ол қазақ халқына таныс өлең жолдарын латын жазуымен көрсетіп, көзін үйретті. Мысалы, латын әліпбиімен Мағжанның “Бүлдірген беті бөбектің” өлеңін латын әліпбиімен былай жазып көрсетеді:

Бүлдірген беті бөбектің,

Қолында отыр сылдырмақ.

Өзі сақ-сақ күледі,

Сылдырмақтай сылдырлап …

Сол сияқты қазақ еліне  танымал “Елім-ай” әнін:

Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.

Айырылған ағайыннан жаман екен,

Мөлдіреп қара көзге жас келеді /28/.

Түрлі қиыншылықтардың туғанына қарамастан алфавит ауыстыру ісіне қазақтың ұлт зиялылары өзінің төл ісі ретінде жақын көріп, белсене атсалысты. Ұлт зиялылары қатарындағы Т. Шонанұлы да белсенділік танытып, “Жаңа мектеп” журналында “Жаңа әліппе сабағы” айдарымен бірнеше әліппе сабақтарын жариялап отырды. Тіл маманы өз кезегінде халыққа қарапайым тілде мысалдар келтіре отырып, жаңа әліппемен  оқушылар  сауатын ашуға мүмкіндіктер жасайды. “Білім негізі – хат тану. Бірінші басқышта бітірген бала тұрмысқа керек жерінде іркілмей, оқи, жаза білуі керек. Жеңіл кітаптарды түсінерлік болсын. Уақ хат, куәліктер, әдістер жаза алсын. Жарнамаларды, салық қағаздарын оқырлық болсын. Мұның үстіне жаңа әліппеміз қалың еңбекшілерге нағыз пайдалы да жеңіл әліппе болу үшін, өткір құрал болуы үшін істелетін бірқатар жұмыстарымызды үлгеруге уақыт жетпей жатыр. Онымыз жаңа әліпті телеграмм, радио, стеонграммалар үйлестіру ісі сияқтылар” – деп, бұдан әрі халықты жаңа әліппемен сауаттандыру жолдарын ұсынды /29/.

 Сол сияқты Т. Шонанұлы өз кезегінде тек Қазақстан жағдайында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі латын әліпбиі істеріне араласып, пікір қосып отырды. Орта Азия халықтары мен Кавказ, Еділ бойы, Орал тауы, Қырым түбегі түріктерінің тілдеріндегі аз-маз айырмашылықтардың барлығын атап көрсетіп, барлық түрік тілдерінің дыбыстық заңдылықтарын қарастырады.                                  Т. Шонанұлы түрік тілдерінің арасындағы кейбір айырмашылықтарды тек бірнеше әріптер төңерегінде ғана түзеуге болады деп есептеген. Мәселен, ол татар халқының  жаңа  емілесіне  тоқталып, латын  әліпбиіне көшу жолында әр түрлі түркі халықтарында туындауы мүмкін ерекшеліктерге татар тілінің мысалында тоқталады. Соңында Т. Шонанұлы “татарлардың бұл емілесі осы кезден барлық татарлы жерде ұсталуы керек. Біздің Қазақстан татарлары бұл емілені ұстауға міндетті. Осы кезден мектептеріне кіргізу керек. Татар оқытушылары бұл емілені біліп алулары керек. Татарша бас қаріп те ұсталады. Ұсталуы орыстікі сияқты жерлерде. Елдегі оқытушыларды да таныстыру үшін, тілін қазақша еміледе көрсетілген материалдарды татарша жаздық. Татарлардың жаңа емілесімен жаздық. Мұғалім түсінбеген жері болса, “Жаңа мектеп” басқармасынан сұрасын” /30/ – деп мәселені түсіндіре кетеді.

1929 жылға дейін республиканың астаналары болып келген Орынбор, Қызылорда қалаларында ғылым, оқу-ағарту қызыметіне қызу араласып, әліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты  сауаттандыру жолында талмай қызмет жасады. Т. Шонанұлы енді Алматыға жол тартып, оқу-ағарту саласында ғылыми еңбектерін жалғастырумен болды. 

1929 жылы Қазақ Халық Ағарту комиссариатында әдіскер болып жұмыс жасап жүрген Т. Шонанұлы жаңа астана Алматыға жұмыс бабымен келеді. Астанға келген Т. Шонанұлы осыған дейін алған біліміне қанағаттанбай, өздігінше (экстерно) емтихан тапсырып, жаңа ашылған оқу орны Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдеби-лингвистикалық факультетіне қабылданады.

Мұрағат  мәліметтері көрсетіп отырғандай Т. Шонанұлы өзінің ізденімпаздығы мен білімділігінің арқасында 1929 жылы-ақ доценттік ғылыми біліктілігіне (квалификациясына) қол жеткізіп, 1932 жылы көптен армандап келген жоғарғы оқу орынының дипломына ие болады.

1930-1934 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де оқытушы бола жүріп, студенттермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, оларды мәдени іс-шараларға қатыстыру сияқты жұмыстар атқарады. Оқу орны студенттерінің білімге деген құштарлығын байқаған Т. Шонанұлы оларға аса түсіністікпен қарап, үлкен демеу көрсететіп отырды. Жастарға білім беру, ана тілін оқыту мәселелерімен қатар жалпы қоғамға, туған еліне, жеріне қатысты өзекті жайттарды түсіндірірді. Әсіресе Т. Шонанұлының оқытушылық қызметіндегі елеулі белес – жаңа арнаға бет бұрған ел өміріндегі білім жолын бір жүйеге  келтіріп, тиянақты дәріс берудің жаңа жолын салу болды. Аталған бағытта оқытушы мектептегі оқу бағдарламасын жасаумен айналысты.

Халқының оқу-ағарту ісіне белсене араласқан Телжан Шонанұлы ендігі тұста өлкенің мәдени-ағарту, ғылыми қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, талмай қызмет жасағанын мұрағаттық құжаттар айғақтайды.

20-30-жылдары республиканың қоғамдық өмірінің  ғылыми саласында ерікті ғылыми қоғамдардың ролі жоғары болды. Ондай ерікті қоғамның бірі-1920 жылы құрылған Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы (Общества изучения Киргизского края) еді. Қойған қоғам өзінің мүшелігіне алғашқыда 21 адамды алады, оның үшеуі ғана қазақ ұлтының өкілі болды. Атап көрсетсек, А. Байтұрсынов, М. Жолдыбаев және Е. Омаров [150, 3-4пп.] еді. Ал 1923 жылы 15 сәуірде қоғамның кезекті отырысы болып, қоғамның председателі К.Н. Саковский, орынбасарлығына М.Н. Баталов, ал басқару ұйымына А.Л. Мелков, М. Дулатов, К.Р. Қаржаубаев сайланып, 22 адамды қоғам өз  мүшелігіне қабылдайды. Мүшелікке қабылданғандардың             12-сі қазақ ұлтының өкілдері болды. Олар Д. Тоқтабаев,                                                              С. Сәдуақасов, С. Қадырбаев, М. Мурзин, С. Сейфуллин, Ә. Жангелдин,                    Н. Айдаров, А. Алдоңғаров, С. Досжанов, Т. Шонанов, А. Бірімжанов,                   М. Жолдыбаев болды /31/.

Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы өзі құрылған тұста тарих-археология, жаратылыстану-географиялық және этнографиялық /31/ болып үш секцияға бөлініп жұмыс атқарса, 1923 жылы қоғамның жұмысының барысына қарай ендігі кезекте төрт секция бойынша жұмыс жасайды.

1 Жаратылыстану-географиялық.

2 Тарихи-этнографиялық.

3 Өлкетану.

4 Өнеркәсіптік-экономикалық.

1925 жылы қоғамның кезекті  мәжілісінде Қазақстан өлкесінің тарихын, этнографиялық құндылықтары туралы мол мағлұматтар жинастыру мақсатымен, тарихи-этнографиялық секциясының төрағалығына                        А.К. Бірімжанов тағайындалып, ал Т. Шонанұлы оның төраға серігі (товарищ председателя) болып  сайланады /31/.

Әр кез өзінің білімділігімен, тыңғылықты істерімен танымал                           Т. Шонанұлы 1926 жылдың 14 наурызынан бастап Қоғамның тарих-этнография секциясы төрағалығына сайланғанады.

Жаңа да жауапты қызметке кіріскен Т. Шонанұлы ендігі тұста  қазақ елінің тарихына, этнографиясына қатысты деректік материалдар жинап, ұлттық құндылықтар қатарын толықтырып отырады. Мәселен,                                П.В. Ивановтың басшылығымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің он жылдығына орай, тарих-этнография секциясының аталған шараға орай жасалынып жатқан жұмыстарын тыңдап, арнайы тапсырмалар жүктеледі /32/.

Ал бұл тапсырма бойынша тарих-этнография секциясына төрағалық етіп отырған Т. Шонанұлы айтарлықтай іс тындырады. Атап айтсақ, 1926 жылы          Т. Шонанұлы өз тарапынан  арнайы хабарлама жазып, баспасөз бетіне ұсыну арқылы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы беттерін ашуға тырысады. Яғни, Т. Шонанұлының  1916 жылғы көтеріліске қатысты берілген бұл үндеуі қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық көтерілістерін тарихи тұрғыдан зерттеуде деректік маңызы зор.

 Сонымен қатар Телжан Шонанұлы қазақ тарихын деректік негізде, шынайы жазылуын қажет деп санай отырып, секцияның мүшелері                        Д.В. Гусевқа “1916 жылғы қазақтар көтерілісінің үш құжаты”;                             О. Жандосовқа “Генерал Куропаткиннің құпия баяндамасындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің кейбір мәселелері”; С. Қаржаубаевқа “1916 жылғы Орал губерниясы қазақтарының көтерілісі” және т.б тақырыптарда баяндамалар жасау тапсырылады. Ал Т. Шонанұлы “1916 жылғы Жетісу губерниясы қазақтарының көтерілісі” мәселесін өзінің тікелей зерттеу обьектісі етіп алады. Өкінішке орай, секция отырысының хаттамаларында аталған тақырыптарда баяндамалар жасалғандығы турасында хабарланып өтілгенмен, олардың тезистері кездеспейді. Сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты материалдарды қазақ тілінде жинаққа енгізу туралы қаулы қаралып, оның жұмысын қадағалау үшін үш адамнан тұратын комиссия тағайындалады. Олар: Т. Шонанов, А. Қасымов және Е. Омаров болды /32/.

1928 жылға дейін қоғамның тарих-этнография секциясында төрағалық қызмет атқарған Телжан Шонанұлы қазақ тарихына қатысты жазылған жұмыстардың жарыққа шығуына да өз үлесін қоса білді. Мәселен, 1927 жылы 29 желтоқсанда І. Жансүгіровпен Т. Шонанұлы арасында екі жақты келісім жасалады. Келісім бойынша, 1925 жылы 15 қазанда “1916 жылғы Жетісудағы қазақ-қырғыз халқының көтерілісінің құжаттары”  атты қазақ тіліндегі көлемі 13 беттік жұмысын баспа бетінде шығару үшін                              І. Жансүгіровке 1000 сом  қаламақы төленсе, М. Әуезовтың орыс тіліндегі “Образцы народного творчества в Джетысуйской губерний” еңбегіне 960 сом қаламақы төлгені туралы құжат та мұрағат қорларында сақталынған /32/.

Аталған кезеңде де қазақ зиялылары тағы да бірлесіп, қазақ елінің тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинау ісінде белсенділік танытқанын байқаймыз. Мұрағат құжаттары көрсетіп отырғандай, Тарихи-этнографиялық секциясы мүшелігінде төмендегідей қазақ зиялыларының есімдері кездеседі: И.А. Ахметов, І. Жансүгіров, М. Жолдыбаев,                             Х.Д. Досмухамедов, Д.Д. Досмухамедов, О.Ж. Жандосов, А.М. Майлыбаев,            Е. Омаров,  Т. Шонанов, Ж. Қасымов және т.б /32/. Яғни, бұдан                           Т. Шонанұлы өз кезегінде қазақ елінің тарихы мен этнографиясына айтарлықтай үлес қосқанын көруге болады.

Осылайша өз кезегінде ұлтының болашағы үшін ұлт зиялыларымен қатар үлкен еңбектер атқарған Т. Шонанұлы өзін нағыз ағартушы-ғалым, әдіскер ретінде танытты. А. Байтұрсынұлынан тәлім алып, нәтижесінде үлкен ағартушы деңгейіне көтерілген Т. Шонанұлы қоғамдық істерге де белсене араласып, ұлтының тарихы мен этнография саласына қатысты құжаттарды топтастыру ісінде де айтарлықтай жұмыстар қатарын атқарды. Оны біз жоғарыда келтірілген түрлі мұрағат құжаттарынан және Т. Шонанұлының атқарған істерінен айқын аңғара аламыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ — ҒАЛЫМ, ТАРИХШЫ.

 

2.1 Телжан Шонанұлының ғалымдық қырлары

 

Өткен ғасыр басында қалыптасқан ұлт зиялылары қазақ халқын қоғамдық дағдарыстан шығарар жол – ғылым мен оқу-ағарту салалары деп білді. Және де олар өз шығармаларында халықты өнер-білімнің түрлі салаларымен таныстыру үшін қоғамдық ғылымдарды қалыптастыруға тырысқан еді. Нәтижесінде жиырмасыншы жылдары қазақ зиялыларының алдында ұлттық ғылымды  барынша жандандыру мәселесі көтеріліп, соған орай біршама жұмыстар атқарылғандығы зерттеу жұмыстарының барысында біршама қарастырылған болатын. Ғалым Телжан Шонанұлы да көптеген еңбектер қатарын жазып, ұлт ғылымының өркендеуіне үлес қосып, өзінің жан-жақты ғылымдар саласын меңгергендігін байқатты.

Ел өміріндегі қажеттілікті өтеу барысында қоғамдық ғылымдармен қатар жаратылыстану ғылымының мамандарын даярлап шығару ісіне Т. Шонанұлы да қол ұшын берді. Соған орай Т. Шонанұлының ғылыми мұраларының бір тобын – жаратылыстану ғылымы бойынша жазылған еңбектері құрайды. Мысалы, “Тамшының тарихы” (Жас қазақ. – 1924. – № 5-6); “Нұх кезіндегі топан деген не?” (Жас қазақ. – 1924. – № 5-6); “Мектепте аймақтану” (Жаңа мектеп. – 1925. – № 3); “Жазғы серуенге қыс қалай әзірленді?” (Жаңа мектеп. – 1928. – № 1-4-5); “Жағрафия оқыту әдісінің жемісі”(Жаңа мектеп. – 1929. – № 4); “Жағрапияның алғашқы сабақтары” (Жаңа мектеп. – 1927. – № 1-8) және т.б.

ΧΧ ғасырдың 20-шы жылдарында түрлі ғылым салаларымен қатар өлкетану, әсіресе мектептегі өлкетану ісінің қолға алынуы жаңа бастама болды. Кеңестік Қазақстан жағдайында өлкетанудың негізінің қалануына  жұмыстың бастапқы тарауында аталынып өткен Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының орны ерекше болды. 1924 жылдан бастап қоғамның негізгі бағыттарының бірі – мектепте өлкетану бөлімдерін ұйымдастыру болды. Бұл бөлімге ең бірінші кезекте төмендегідей міндеттер қатары жүктелді: қолда бар маңызды материалдарын мектептік өлкетану ұстанымдарына бейімдеу, өлкетану жұмыстарына оқушылар мен ұстаздарды тарту, мектепте өлкетану үйірмелері мен ұйымдарын нығайту болды.

Телжан Шонанұлы Қазақстанды зерттеу қоғамының  қызметінде жүріп республикадағы өлкетану жұмыстарына қатысты істер атқарғандығын мұрағат құжаттары да айғақтайды. Мәселен, 1927 жылдың 12 сәуірінде Қоғамның кезекті отырысында Шонанов, Мелков, Ахмедов, Алдабергенов, Жолдыбаев, Дулатовтарға қоғамның жұмысымен қатар өлкетану жұмыстарына қатысты лекторлық курстар даярлау ісі жүктелсе, ал 1929 жылы 28 сәуірде Өлкетану штаты құрылып, өлкеде түрлі мәдени шаралар жүргізу үшін Ерназаров (төраға), Жандосов, Жолдыбаев, Айтмағанбетов және Шонановты бекітеді /33/.

Сондай-ақ Қазақстан Халық Ағарту комиссариатының тікелей тапсырмасымен қоғам мектептерге Қазақстанның географиялық карталарын дайындап, оқулықтар мен әдістемелік құралдарді өңдеп, қазақ тіліне аударды.

Ғалымның аталған сала бойынша жазып қалдырылған еңбектерінің ерекшелігі – әр бір ұсынылған материалдың нақты да дәлелді болып, ғылыми тұрғыда ұсынылуында еді. Мәселен, “Мектепте аймақтану” атты мақаласында автор өлкені зерттеу турасында өз ойлары мен тілектерін жазды. … Аймақтану деген не? Нені қалай үйретеді? Өз алдына бір пән бе? Болмаса педагогиканың тәрбие беретін бір әдісі ме? – деп /34/, жүйелі мақсат қою арқылы мәселенің мәнін ашуға тырысады.

Осыған орай Т. Шонанұлы сол кезеңдегі әр түрлі топтағы ғалымдардың мектептегі аймақтануға қатысты көзқарастарын талдап, өлкетануды еңбек және қоршаған орта арқылы оқытушыларды оқыту мен тәрбиелеу құралының бірі ретінде көрсетіп берді. Т. Шонанұлы: «Аймақтың табиғатын, кәсібін, қоғам тұрмысын білу керек. Мұның бәрі түрлі ғылымның басын құрайды, бір ғылым болып шығарылмайды. Аймақтану – комплексті жүргізудің негізі, үйренудің, білудің әдісі… Осы аймақтануға байланысты “аймақ” деп біреулері бүтін Қазақстанды айтады. Біреулері уезін иә губерниясын айтады. Ал біздіңше, қазақ мектебінде “аймақ” деп бүтін Қазақстанды айту керек” – деп /34, 31 б./, тұжырымдайды Т. Шонанұлы жоғарыда аталған мақаласында.

Аймақтануға анықтама берген Т. Шонанұлы бұдан әрі аймақтану – бәрінен бұрын өз туған өлкесін, оның адам қажеттілігіне қарай өзгерісін оқып үйрену деп түсіндіреді. Мектептегі аймақтану мәселесі туралы аталған еңбегінде автор жергілікті табиғат пен адам әрекетін оқып үйренуге көңіл бөле отырып, мектептегі пәндер баланы табиғатқа жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу керек, ал өз өлкесін тану үшін оның тарихын білуі керек, яғни “Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгіні  үйрету арқылы келешекті білуге болады… Балалар қоршаған табиғат ерекшеліктерін басқа жердің табиғатымен салыстыра білулері қажет, туған жерін білмеген адамның ой-өрісі тар болады” – дейді /34, 33 б./.

Ғалым 1924 жылы “Жас қазақтың” 5-6 санындағы “Нұх кезіндегі топан деген не?” атты мақаласында  “Топан болу үшін ең алдымен су керек. Ендеше, бүтін құрлықты басып, ең биік таулардың төбесін шаю үшін қанша су керек? Мұны дәл есептеп шығаруға болады. Жердің үлкендігін бұл күнде жақсы білеміз.., – деп, бұл сұрауына жауап іздейді, дұрысында жер алма сияқты домалақ. Ортасынан тең кессек екі тесік арасы 12 шақырым болады. Айнала белбеу тартсақ ұзындығы 38 мың шақырымдай арқан керек болар еді. Жердің барлық бетінің кеңдігі 450 миллион шаршы шақырым. Жер осінде биіктігі 8 шақырымдай таулар бар. Мәселен, Азиядағы Гималай  тауларының Ғауризиқар деген қиясының биіктігі 8 шақырымдай. Олай болса, бүтіл жер жүзін, яғни 450 миллион шаршы шақырымды 8 шақырымнан терең су басуы керек. Оның  үшін  кемінен 4 мың миллион текше (“текше” деп ұзындығы да ені де бірдей нәрсені айтады) шақырым су керек. Әрине мұндай су мұхиттардағы, теңіздердегі, өзендер мен көлдердегі судың үстіне керек,”– деген қорытындыға келеді ғалым /35/.

Жаратылыстану ғылымын жақсы меңгерген Т. Шонанұлы “Тамшының тарихы”  атты мақаласында тамшының күннің қыздыруы арқылы оның буға айналып, аспанға көтеріліп, бұлттар тобына қосылып, қайтадан өз күйіне келуін ғылыми тұрғыдан жазады. Күн көзіне жеткен тамшы ыстыққа шыдамай қалың бұлтқа кезігіп, қалың тұман ішінде бір-біріне тығылып, үлкен тамшыға айналып, соңында тамшының қайта жерге түсуін балаларға қызықты да қарапайым тілмен жеткізеді. “Адамдар масайрап күліседі: “Жаңбыр жауды” деседі. Тамшымыз келіп үлкен тасқа соғылады. Тамшылар соғылып үлкен сел болады. Сел жиылып сай толады. Тамшы ілгері аға береді. Аралап талай жерді көреді… Жел ойнақтап тамшыны батысқа ала жөнеледі, тынбай ілгері айдап келеді, тамшы да тынбай бірге ұшып келеді. Бір кезде жалпақ ақ даланың үстімен өтеді, бұл жеріміз Қазақстан еді” – деп /36, 13 б/,  мәселені балалар ойына лайықтап, жауын-шашынның түзілуін  ғылыми тілмен баяндап береді.

Сондай-ақ Т. Шонанұлының “Жағрафияның алғашқы сабақтары” атты мақалаларында мектеп оқушыларына жағрафия пәнін оқытудың жеңіл жолдарын ұсынады. Жағрафияның ең негізгі құралы ретінде картаны пайдаланғаны байқалады. “1926 жылдың ортасында қазақ пәнінде карта шықса керек. Менің өзім жазусыз карта алып керегеге ілдіріп қойып, жер бетінің бедерін, шектерін, тауларын, ауа-райы, топырақ жағдайы сықылды нәрселерін сол карта бетіне салғызамын. Тек картамен таныстырғанда, асықпай, жайлап балалар картаны толық танырлық қылып бастау керек. Күн, сағат жасау, төрт түсті, мердиан табуды балаларға үйрету қажет” – дей келіп, автор, картамен толық таныстырудан бұрын балаларға жердің домалақ екенін білдіріп, картамен қатар глобусты алып жүруді ескертеді. Ол үшін  ең алдымен балаларға мердиан мен параллель ұғымдарын меңгертіп, кейіннен мердиан табуды үйренген балаға қолдан күн сағат жасату әдісін көрсетеді. Яғни бірінші кезекте тәжірибе жасау әдісін толыққанды меңгеру қажеттілігін  ескертеді /188/.

Ғалым жағрафия оқытуда балалардың теориялық білімдерін іс жүзінде практикамен ұштастыру тұсын да назардан шығармайды. Мәселен, “Әсер білу – баланы серуенге шығарып, далаға алып бару. Серуендеген балалар жер бетіндегі нәрселермен танысады. Сай бойына, өзен жағасына, жер астынан құдық қазған жерге барғанда балалар жер астында не бар екендігін көреді. Туған жерінде қандай тау жыныстары бар екендігін біледі. Тау жыныстарының қай жерде қабат-қабат болып, қай жерде жатық, қай жерде көлбеп жатқанын аңғарады. Тау жынысының қалай жатқанын көріп, қағаз бетіне тау жыныстарының суретін салады, суретпен қалай жатқанын көрсетеді. Соңынан оқытушы картадан Қазақстанның таулы қатпарларын көрсетеді” – деп, жер жынысы қалай қабаттасып жатқанын түсіндірудің қиынға соқпайтынын, оны түсіндіру үшін жауын жауған күні аққан сел мөлшеріне қарай ертеңіне селмен келген қоқым мен лайдың шөккен жерінде пайда болған қабаттың мысал бола алатын атап айтады /37, 48 б./.

Ендігі кезекте ғалым өзен мен көл турасында сөз қозғайды. Жағрапияның алғашқы сабақтары туралы “Өзен жағасының шапшаңдығын өлшеу” атты мақаласында автор өзендегі су ағысының шапшаңдығын өлшеу тәсілін оқушыға таныстыруды жөн санайды. Соған орай балалар ойнайтын жаңқа, ұстаған 4 таяқ, ұзындығы белгілі арқан мен сағат арқылы өзеннің жағалауындағы шапшаңдығын өлшеуді үйретеді. “Ал өзен ортасының ағысын өлшеу үшін қайық керек. Қайықпен жүріп барып, жиектен көрінерлік нәрсе тастайды. Оған бауланған қамыс, пішен, тұқым, күрек сияқты нәрселер жарайды. Оларды соңынан қайықпен қуып барып алуға болады, мұны өлшеуде, құрауда алдыңғы су жиегіндегі нәрсені өлшегендей болады. Өзен ағысын тасыған кезде, жаздыкүні күзге қарай өлшеген дұрыс” – деп кеңес береді /38/.

Соған сай Т. Шонанұлы белгілі бір этикалық және құқықтық білімдерді игеру ғана емес, оларды күнделікті өмір қажеттілігінде қолдана білу икемділіктерін қалыптастыруды көздеді және өлкетану жұмыстарының кең арнада дамып, қалыптасуына терең қызығушылықтар туғыза отырып, қоршаған орта туралы өткізіліп жатқан шараларды оқу мазмұнына және табиғатты қорғау мәселесін шешу жолдарына жатқыза білді. Республикадағы өлкетану жұмысының әдісін кеңейту арқылы жас ұрпақтың Отанын ойша емес, нақты сүйуін қалаған Т. Шонанұлы бұл істе де аянып қалған жоқ еді.

Жалпы Кеңес үкіметі тұсында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанов сынды және басқа да ұлт зиялыларын қатты толғандырған тіл мәселесі еді. Кез келген халықты ұлт ретінде жойып жіберудің алғы шарты ана тілін жоғалтудан басталатыны белгілі. Мұны ұлт зиялылары алдын ала көре біліп, жақсы түсіне білген. Мәселен, тіл мәселесіне қатысты өзінің ойын Ахмет Байтұрсынұлы былайша білдіреді: “Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз оңды емес. Осы күні орыс школа мен татар мектептерінде оқып  шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл әрине жаман әдет.

Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабамыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек” /190, 14 б./.

“Тіл жоқ жерде халық біріншіден ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалады, екіншіден рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ана тіліне айрықша маңыз беріп, оны қастерлеу парыз” – деп [2, 126 б.], Телжан Шонанұлы ұлт зиялыларының тілге қатысты өз ойларын жалғастыра отырып, өз кезегінде қазақ тілінің өркендеуіне және оның жазу мәдениетіне, жалпы ұлттық мектептің дамуына ерекше мән береді.

Ғалым сондай-ақ мектеп қабырғасында ана тілін оқыту жүйесін жеңілдету мақсатымен түрлі әдістемелік оқулықтар қатарын да жазып қалдырады. Бұл салада ол Ахмет Байтұрсыновтың “Баяншы”, “Әліппе астары”, “Нұсқаушы” сынды еңбектерінің жалғасы ретінде “Жаңалыққа жетекші”, “Диаграмдар мен графиктер қандай болады, қалай салынады” атты оқу құралдары мен кітаптар тобын өмірге алып келді /40/.

Т. Шонанұлы А. Байтұрсыновты өзіне ұстаз санап, одан тек үйреніп қана қоймай, саяси істерде де, оқу-ағарту саласында да қоян-қолтық араласып отырғандығы жұмыстың алғашқы тарауларынан белгілі. Алайда                            Т. Шонанұлы мен А. Байтұрсынұлының мұндай өзара бірігіп, ұлтына жанашырлық танытуы олардың қазақ тіл біліміне арнап оқу құралдарын құрастыру істерінен анық байқалады. Соның бір белгісі А. Байтұрсынов пен Т. Шонанұлының бірлесе отырып құрастырған “Оқу құралы” болды.

Сондай-ақ қазақ тілінің грамматикасы мен басқа оқу құралдарын дайындау барысында Т. Шонанұлының ең тұрақты ұстанған қағидасының бірі – жүйелілік принцип болды және соған орай бірнеше оқулықтары жазылды. Мәселен, “Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында”, “Ересектерді сауаттандыру әдісі”, “Дауыстап оқытудың әдісі”, “Диаграмдар мен графиктер қандай болады, қалай салынады?” және тағы басқа.

Бұл аталып отырған жұмыстарында ана тілінің шұбарланып кетпеуін ескере отырып, оқу мазмұнының жүйелігін, ұстанған материалдың сабақтастығын, біртіндеп күрделіге қарай ауыса түсетін оқу бағдарламалары мен оқулықтарын шәкірттердің ой-өрісіне жеңіл қабылданып, тақырыпты терең түсінуіне Т. Шонанұлының үлес қосқаны сөзсіз. Мәселен, “Диаграмдар мен графиктер қандай болады, қалай салынады” атты кітабында: “Диаграмм деген не? Цифрды көзге көрнекті қылып геометрияның түрлі пішіндері мен сызықтармен көрсетуді диаграмм дейді” – деп /41/, қарапайым түрде ана тілімен баяндау арқылы оқыту жүйесіне жеңіл әдістердің жолын ұсынуға тырысады.

Сондай-ақ 1935 жылы көрнекті методистер Ғ. Бегалиев және                             С. Жиенбаевтармен бірлесіп “Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі” – деп аталатын   көлемді оқу құралын бастырып шығарады. “Жалпы білім беру үшін де, дұрыс сауаттылықты күшейту үшін де ана тілі – мықты құрал. Бастауыш мектепте ана тілін оқытудың мақсаты – баланың білімін толықтыру үшін кітаппен пайдалануға баулып, жазып, ауызша да өз ойын түсіндіруге жаттықтыру, тіл арқылы балаға салт-сананы сіңіріп күшейте беру…

Ана тілінің жұмысы бастауыш мектепте бес салаға бөлінеді: сауат аштыру, оқу, грамматика мен еміле, тіл дамыту… Ана тілі әдісі – ана тілін дұрыс жүргізудің техникасы” – деп /42/, кітапқа алғысөз жазған авторлардың меңзеген ортақ мүддесі – ана тілінің тазалығын ойлай отырып, аталған оқу құралын төмендегідей тарауларға бөледі:

1 Сауаттандыру әдісі,

2 Сауат аштыру сатылары;

3 Бастауыш мектепте тіл ширату жұмыстары;

4 Грамматика мен тіл үйрету әдістері;

5 Жазып үйрену әдісі.

Жалпы тіл тазалығы мәселесі Т. Шонанұлының мақсатты ойларымен тікелей байланысып жатты деуге болады. “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады” деген  халықтың нақыл сөзін жадында ұстаған ғалым, тұрмыста тілдің мықты құрал екенін көрсетіп, тілдің қоғам тұрмысы үшін күшті қару бола алатынын  есепке алады.

“Тұрмыстағы күшті құралдың міндетін атқару үшін тілді жетілдіруіміз, тезден өткізуіміз, безендіруіміз керек. “Өнер алды қызыл тіл”. Бұл талассыз шын. Бірақ біз тілімізді ажарлау үшін, безендіру үшін онша қам етпейміз. Жай бір өзара әңгімелескенде болсын, мінбеге шығып баяндама немесе жиылыста шығып сөйлегенде болсын тілімізді безеу жағын ойламаймыз” – деп, өз ойын ашық айта отырып, ана тілінің қадірін кетіріп, ойдың үстінен дөп түсе алмай, мағанасының бұзылып, басқаға еліктеп, орыс тілін қоса сөйлемесе сөзінің дәмі кірмейтіндерге: “Бізде тағы бір кемшілігі сол, қазақша сөйлесек, арасында орынсыз жерде шоқпыттап орысша араластыра береміз. Сөзіміз иа орысша емес, иа қазақша емес “бәлду батпақ” болып кетеді. Бұдан орыс тілінен без деушілік тумайды. Жоқ, орыс тілін білуіміз керек. Бірақ, қазақша сөйлесек оның ішінде орыс тілін орынсыз тықпалау жосықсыз” – деп /195/, реніш білдіреді.

Тіл мәселесіне үлкен жанашырлық танытушы Т. Шонанұлы еңбектерінде тіпті тіл заңын орынсыз бұзушыларға да ашық түрде қарсылық білдіру де байқалады. Мәселен, “Тілін бадырайтқан закон елең қылмай, орысшаға ұялмай кісінің өз атын әкесінің атынан бұрын жазуы, таза атын жазбай “бәленшеұлы” деп әкесінің атымен ғана жазу жазылған сөзді сорақы етіп шығарады. Сондықтан жазылған сөз жалпыға түсінікті болу үшін ол әдетті тастау керек. Кісінің әкесінің атын өз атының алдына келтіріп жазуы керек. Содан ықшамдамай  екеуінің  біреуін  ғана  жазу керек болса, әкесін қоя беріп қана өз атын ғана жазу керек”  –  деп жазады. Телжан”  немесе тек “Телжан” деп қана таныстырып отырады.

Ғалым Дихан Қамзабекұлы: “Тіл ғылымы Телжан шығармашылығының күретамыры-тын” /44, 141 б./ – деп үлкен баға беруі орынды деп есептейміз. Өйткені мерзімді басылым беттерінде арасы үзілмей жазылып отырған мұраларының басым бөлігін қазақ тілінің мәселелері құрайды. Тіпті ғалымның тіл мәселесіне қатысты еңбектерінде көркем шығармалардың тілдік ерекшеліктеріне де көңіл бөлгенгені аңғарылады. 1935 жылғы 5 шілде “Социалды Қазақстан” газетінде жариялаған “Сәкеннің тілі” атты мақаласы осы ойымызды айғақтайды.

Мақаланың кіріспе сөзінде әдебиет саласындағы тіл мәселесін арнайы зерттеу қажеттілігі туралы айта келіп “… халықтың ауыз тілі, диалектілеріміз, әдебиет тілі араларындағы бір-біріне өткен, өтіп келе жатқан айқыш-ұйқыш әсерін зерттеп алуымыз керек” – деп нық мақсат қойып, Сәкеннің де тілінің әлі зерттелмегенін, соған орай өз көзқарасын ұсынатындығын білдіреді.

“Сәкен көбінесе өлең-поэзиямен жүйткіп келеді. Қарасөзбен де аракідік ірі шығармалар жазып қояды. Бірақ ақын тілінің ерекшеліктерін көрсететін шығармалары – поэзиясы. Сондықтан біз көбінесе өлеңдерінің тілін көздеп айтамыз». Бұдан әрі автор Сәкеннің Абайдың үлгісін ұстап қалған ақын, ескі теңеулерді қолданады деген сынмен келіспейтіндігін: “Сәкеннің халық әдебиетін жетік білуіне, Абай түгіл Шортанбай, Бұхар, Орынбай, Шөже, Жамақ сияқты халық ақындары мен Ақмолда, Алтынсарин, Ахаң тәрізді ақындарды да толық білуіне, қысқасы, әдебиет мұрамыздың алпыс екі саласын аралап, електен өткізіп, керегін ала білуіне таласу қиын. Сонымен Сәкен өткен мұраны сол күйінде тұлдырық етпей, көзден өткізіп, социалды дәуірге оңтайластыруға тырысқан ақын” – деп байқатады /43/.

Т. Шонанұлы тіл маманы ретінде Сәкен еңбектеріне осылайша талдау жасай отырып, Сәкеннің тақырыпқа, түрге, шығармасының мазмұнына бай екендігін атап кетеді. Сәкеннің тіл байлығын аңғара отырып, өз тарапынан қолдау көрсетіп, тілі нашар шығарманың әдебиет саласына келтіретін зиянын саралап-санамалап көрсетеді. Яғни, Сәкен еңбектерін талдау арқылы оның тілдік кемшіліктерін көрсету, жақсы тұстарын бағалау нағыз тіл маманының ісі екенін атап өтеді.

Сондай-ақ Т. Шонанұлы тіл маманы ретінде тілдің өзекті мәселесі – емілеге де көп көңіл бөледі. Бірде ол шет тілінен енген сөздердің жазылуын сөз етсе, бірде жазылуы дүмәдәл сөздерді ретке келтіріп, бір ізге түсіруге атсалысады.

Соған орай, ғалым еңбектерін саралау барысында мұрағат  қорларынан осы аталған ойымызға қызғылықты жауап табылған еді. 1929 жылы 27 желтоқсанда Телжан Шонанұлы Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесіп “Алма-Ата қаласының және Алмата уйезінің атын өзгерту жөніндегі Жетісу губерниелік атқару Комитетінің қорытындысы туралы” шараға Ғылыми-методикалық Кеңестің мүшелері ретінде өз пікірлерін білдіреді. “Алматы қаласы мен Алматы уезінің атын өзгерту жөніндегі Комитеттің төрағасы Ә. Әлібековтың түсіндірме хатын тіркеген барлық дәйектемелер мен ұғымды назарға аларға тұрарлық. Оның аса беделді тюрколог ғалымдардың бірі академик Бартольдтің жасаған пікіріне сілтемесі және басқа тарихи тұрмыстық анықтамаларға сүйенуі негізді /45/ – дей келіп, Жетісу губерниелік Атқару Комитетінің бұл пікіріне тіл мамандары ретінде өз тараптарынан  қосымша төмендегідей пікір қосады: “Зат есімнің соңына қазіргі қолданылып жүрген лы, лі орнына қатаң ты, ті-ні қойса түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне тән сын есім пайда болады. Сонымен бірге “ты” үлгісіндегі сөз жасам тәсілі басқа формаларға қарағанда қазақ тілінің ең көнесі болып табылады.

“Ты” жалғауы ең бастысы сөздің, өсімдіктің, жануардың және басқа да тұтыну заттарының молшылығын немесе бір нәрсенің көп екендігін көрсетеді. Сондықтан “ты” ежелгі мекендердің атауларында жиі кездеседі. Оның бірден-бір мысалын мекендер мен өзендердің қазіргі атаулары айқын анықтайды. Мәселен, Шыдыр-ты (қазіргі Шыдырлы орнына), Өлең-ті (қазіргі Өлеңді орнына), Мойын-ты (қазіргі Моынды  орнына) және т.б.

… Қазіргі қазақ тілінің емле ережесі тұрғысынан қарағанда Алма-Ата сөзі жазуымызға қолайсыздық туғызады. Өйткені, қазір қазақ тілінің жазу ережесі бойынша Алма-Ата деген екі сөз қосылып, бірге жазылуға тиіс” – деп [196], қазақ тіл жазу ережесі бойынша екі дауысты дыбыстың қатар жазылмайтындығын және Алма-Ата деген мағанасы екі бөлек сөздің телеграф қатынастарына қолайсыздық тудыртатынын атап, сондықтан қала мен уезд атауын Алматы деп аталуын орынды деп санаған.

Жарты ғасырдан көп уақыттан соң оңтүстік қаламыз Алма-Ата емес, қайтадан Алматы атауын қайтарып алған кезеңде ғалымдар тарапынан берілген бұл пікірдің орынды екені дәлелденіп отырғандығы мәлім. 

Соған орай біз Т. Шонанұлының ғасыр басында ана тілінің жанашыры ретінде айтқан, жазып қалдырған ойларының әр қайсысын жеке алып қарастырып, қазіргі қазақ тіліне қатысты тұстарын қажетке жаратуымыздың әбден мүмкін екеніне күмәніміз жоқ. Кеңестік жүйенің саяси қысымының үдеп тұрғанынына қарамастан ана тілін қорғап, жүйелі ой қозғаған тіл маманының еңбектері қазіргі тұста тіл мамандарының тарапынан қарастырылып, жүйелі зерттеуді қажет етіп отырғаны да сөзсіз. Сол себепті Т. Шонанұлының жеке жұмысқа татырлық тіл туралы ойларын бұдан ары қарай талдап, баға беру тіл мамандарының үлесі деп білеміз.

Т. Шонанұлының мол мұралары, оның ішінде ана тіліне қатысты айтылған ойларын зерделей отырып, ана тілінің ұлт үшін үлкен мәнін айқындауға болады.

Сондай-ақ ғалымның аса бір ескерерлік еңбегі – 1920 жылдардағы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жариялануына байланысты қазақ тілін  үйрету мақсатында оқулықтар жазып, бағдарламалар құрастырып, ана тілін өзге жұртқа оқытудың әдістерін баяндайтын мақалалар жазып, тіл мәселесіне үлкен мән беруі болды. Белгілі библиограф, тіл білімінің ірі маманы Шора Сарыбаев: “Сүйген іс сүйкімді келеді” дегендей, сегіз қырлы талант иесі Телжанның бар  күш-жігерін  сарп  етіп, бал арасының гүл шырынын тергендей көп ізденіп, арнайы шұғылданып, жиырмадай кітап жазып берген саласы – тіл білімі, оның әдістемесі, әсіресе оқулықтар түзу еді” – деп /46/, ғалымға үлкен баға береді. Шындығында да Т. Шонанұлы ана тілінің шын жанашыры бола білді және тілге қатысты еңбектер қатарын жазудан жалыққан жоқ еді.

       Телжан Шонанұлы  және қазақ жерінің мәселесі

ΧІΧ ғасыр мен ΧΧ ғасырдың тоғысында бұған дейін Ресей империясының толық отарына айналып, нәтижесінде ұлттық рухы мен мемлекеттілігінен айырылған туған елінің саяси, рухани және экономикалық негізін жаңаша дамыту қажеттілігін түсінген ұлтжанды қазақтың зиялы қауымы қалыптасты. Зиялылардың қазақ қоғамы үшін атқарған қызметі, халық мүддесі үшін көтерген жүгі қашан да ауыр болып келді. Халық бұқарасы әр кезеңде өзінің зиялы оқыған азаматтарына үлкен үміт артып, басына қиын-қыстау күн туған уақытта арқа тұтты. Ал зиялылар халқының жарқын болашағы үшін аянып қалған жоқ. Ұлттық мүддені қорғаған қазақ интелегенциясының саны аз болғанына қарамастан, олар өз кезегінде халықтың саяси санасының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Бірақ, тоталитарлық  жүйеге қызмет еткен  моно идеология ұзақ жылдар бойы қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылық қызметтерін ұлтшылдық ретінде бағалап, олардың еңбектері мен саяси идеяларын оқып-зерделеуге, мәндерін танып-білуге тиым салып отырды. Соңғы жылдары осыған байланысты өмірлерін ұлт мүддесі жолындағы күреске арнап өткен А. Байтұрсынов,              М. Дулатов, Ж. Ақбаев,  Х. Досмухамедов, М. Шоқай,   С. Сәдуақасов,                Ж. Аймауытов және тағы да басқа  қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық, шығармашылық, ғылыми қызметтері туралы жаңа көзқарастар тұрғысынан жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жазыла бастады. Ұлттың әл-ауқатын, тұрмысын, руханиятын ілгерілетуге біреуі қоғамдық-саяси белсенділігімен, енді біреуі ғалымдық ізденістері мен зерттеу жұмыстары арқылы үлес қосты. Телжан Шонанұлы соңғы айтылғандардың санатына жататын ғалымның бірі болды.

Телжан Шонаұлы аса талантты ағартушы, ғалым, ұстаз болды. Ол жан-жақты ғылым салаларыа байлаысты еңбеер қатарын өмірге алып келді. Т.Шонанұлы  түрлі ғылым салаларымен бірге  тарихи тұрғыда да еңбетер жазып қалдырды. 

Яғни ғылыми мұраларының бір тобын құрайтын тарихи сипаттағы зерттеулерінің орны ерекше. Т. Шонанұлының бұл саладағы негізгі мақсаты, міндеті – оған тән туған еліне, Отанына деген сүйіспеншіліктен, ұлттық мақтаныш сезіммен патриоттық ықыластан бастау алады. Оның тарих ғылымына қатысты өзіндік тұжырымдары да осы көзқарастардан туады.                 Т. Шонанұлы үлкен ізденіспен, көңілге түйгендерінің нәтижесінде, біртұтас қазақ халқының тарихын шынайы жазуға ұмтылған және де сол ұлттан шыққан алғашқы зерттеушілердің бірі.

Қазақ халқының тарихын ғылыми негізде жазуға тырысқан Ә. Бөкейханов,    М. Дулатов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев сынды ұлт зиялыларының қатарында Т. Шонанұлының да батыл қадам жасауы әрине, сәтті іс болды. Бірақ, өкінішке орай, көп уақыт өтпей қайраткер-ғалымның кеңестік жүйенің қуғынына ұшырауы, тарих ғылымында таптық көзқарастар  талаптарының берік орнауы ғылыми істерді жалғастыру мүмкіндігін аяқсыз қалдырды.

Т. Шонанұлының тарихи тұрғыда жазылған негізгі еңбектерінің бірі 1926 жылы жарық көрген “Қазақ жері мәселесі” атты көлемді монографиясы және басылым беттерінде жарияланған “Англия һәм басқа мемлекеттердің Кеңес үкіметін тануы”, “Одақтас социал негізде құрылған Кеңес республикасы мен Англия арасында болған шарт”, “Ішкі һәм сыртқы саяси халдер” сынды тарихи-ғылыми мақалалары болды /47/.

Т. Шонанұлының “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты ғылыми зерттеуі 1926 жылға дейін аталмыш тақырыппен “Қызыл Қазақстан” журналының 1923 және 1924 жылдардағы сандарында көлемді алты ғылыми мақала болып жарияланғанын жоғарыда  атап өттік.

Көлемі 11,7 баспа табақтық, 27 тараудан тұратын таптық көзқарастар тұрғысынан таза бұл еңбек қазақ жер мәселесін объективті тұрғыдан оқып, игеруде таптырмайтын аса құнды зерттеулер қатарынан орын алады. Әрине бүгінгі күнгі тарих  ғылымының, оның  ішінде  қазақ  жері мәселесі тарихының кезеңдерін зерттеудің биігінен, жоғарғы жетістік тұрғысынан алып қарағанда, Т. Шонанұлының кейбір пікірлері, тұжырымдары толықтыруды қажет ететіні сөзсіз.

Жер мәселесінің қашан да қазақ ұлтының тағдырындағы орны ерекше. Мұны ұлттық зиялы қауыммен бірге Т. Шонанұлы да ұғына біліп, сол себепті өзінің зерттеу еңбегінде мәселеге үлкен мән берді. “Мәселенің мән-жайын, шама-шарқымызша толығырақ түсінеміз десек, тарихымыздың ең болмағанда, мұнан екі жүз жыл бұрынғы дәуірінен бастап, бері қарай жолаушыламасақ болмайды. Мәселенің мәні зор және қашаннан қазақтың көкейін кесіп келе жатқан әңгіме” – деп сөз бастаған Т. Шонанұлы зерттеуінде қазақ жерінің әріден келе жатқан тарихына шолу жасай отырып, қазақтың жерге деген көзқарасын, қарым-қатынасын сипаттайды.

“…Фирдоуси сөзіне қарағанда, біздің бабаларымыз Х ғасыр шамасында көшпелі. Көшпелі халық шабағаншыл (Көшпелі, жауынгер Т.Ш) болатыны рас. Мұны тарих көрсетеді”– дей келіп /48/, көшпелі елдің мал асырауы егіншілік пен аңшылық сынды шаруашылық саласының бір жүйесі екенін еске салады. Мал асыраған ел көшпелі болып, ал ел көшпесе мал өнімі азайып, қоныс тарылады, қонысты кеңейтудің салдары амалсыз соғысқа алып келеді. Бұдан келіп көшпелі халықтың жауынгершіл, шабағаншыл келеді деп өзінше тарихи тұжырымға жол таба отырып, зерттеу барысында деректік негіздің әлсіздік тұстары байқалған сәтте, жерге байланысты географиялық атауларды ұсынады. Мәселен, қазақтың “Ақтабан шұбырындыға” ұрынып, соның салдарынан жөңкіліп, ақырында Орта жүз бен Кіші жүз Сарыарқаның – Алғайдың құба жонына қарай ағылуы, Сарыарқаның беліне ығуын айтады. Мұнда автор “Алғидың құба жоны” деп Сарыарқа белінің Атбасар, Торғай, Қостанай уездеріндегі созылып жатқан жонын атап, “Алғидың құба жоны” атауының қазақтың ескі тарихымен қатар Рычков “Топографиясында” да кездесетіндігін көрсетіп, дәлелдеуге тырысады /48/.

Туған елінің тарихын жақсы білген Т. Шонанұлы “Жерден айырыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Жалғызынан айырылғандай жермен қоштасады. Ботадай боздап өлең айтады” – деп /4/, ұлтының жерге деген қатынасын суреттей отырып, Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы өрескел әдістері мен оның қазақ халқының тағдырындағы қасіретті салдарын нақты деректер негізінде ашып көрсетеді.

Т. Шонанұлы қазақ зиялылары арасынан “Қазақ жер мәселесінің тарихы” атты зерттеуі арқылы алғаш рет патша өкіметінің қазақ жерін отарлауы, ондағы орыс шаруалары мен мұжықтарын, атты казактарды қазақ жеріне қоныстандыру саясатын кезеңдерге бөліп зерттеу мәселесіне үлкен назар аударған ғалым. Ғалымның  түсіндіруі  бойынша  “Қазақ  орыстың  қол  астына 1732 жылдан бері қарай кіре бастаған. Сол жылдардан бастап-ақ патшашыл үкімет қазақ жеріне жерік ауруға ұшырап, қол сала бастағанын” – тілге тиек ете отырып, қазақ жерін отарлауды екі үлкен дәуірге бөліп көрсеткен:

1 Орысқа бағынғаннан бастап ХІХ ғасырдың 80-жылдарының басына дейін. Бұл казактардың, әскерлердің пайдасына жер алу дәуірі.

2 80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардың басынан бастап бері қарай Николай құлағанға шейін қара шекпенділер үшін жер алу дәуірі /48/.

Осылайша патша өкіметінің қазақ жерін отарлауының екі бағытта болғанын бөліп көрсете келіп, “…бірі – орыс жұртының өз бетінше, ешкімнен сұрамай отарлауы (вольная колонизация), екіншісі – ресми отарлауы (правительственная колонизация)” – деп, нақтылайды. Соған орай                             Т. Шонанұлының пікіріне қарағанда, қазақ үшін жерін көп талаған, қазақ шаруашылығының даму үрдісіне үлкен кесірін тигізген – ресми отарлау әрекеті – деп көрсетеді /48/.

Шындығында да ΧІΧ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыстар қазақтар шабуылынан қорғануды сылтау етіп, Омбыны Орынбормен жалғастыратын бірқатар казак бекіністерін салады. Олар бекіністерді қорғау ниетімен бірте-бірте қазақ жеріне ішкерілей еніп, қазақтың шұрайлы да құнарлы аймақтарын иемдене бастайды.

Бұл процесс туралы П. Румянцев: “Жаулап алушыларға қазақ жерін иемдену қиынға соқпаған. Себебі бос жерлер көп болған. Ал, онда тұратын жергілікті халық надан болатын. Әрі олар бейбіт, қонақжай жандар еді. Сондықтан қырқыздар орыс қоныстанушыларына бөгет болмады. Көп жағдайда орыс шаруалары өздері ұнатқан жерге уақытша орналасып, шатырлар тігетін. Ал, одан соң бар аймақты жыртып тастап, біржолата орналасып алатын” – деп жазады /48/.

 Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы қазақтың билеуші тобының Ресеймен жақындасуына түрткі болғаны белгілі. Т. Шонанұлы да қазақ жерінің Ресей құрамына кіруінің негізгі себебін осы жағдаймен түсіндіре отырып, қазақ еліне сол тұстағы қалың қалмақ пен башқұрттардың дүркін-дүркін шабуылы, батысынан түркіменнің, оңтүстікте қарақалпақтың, Қытай жақ қабырғасынан жоңғардың қысымшылық жасауын баяндай келіп, Әбілқайыр ханның  еріксіз орыс  патшасына қол созып, аяғында қазақ жерінің Ресейге тегін сыйлық болғанын да жасырмайды.

Зерттеуші Ресейдің қазақ жерін иелену барысындағы саяси-экономикалық мақсаттарын көрсете отырып, оны жүзеге асыру үшін шет аймақтарға әскери күш, яғни атты казактарды орналастыру қажеттілігін жазады.

Яғни, ұлттық мүддені қорғай отырып, атты казактардың кімдер екендігі турасында тәптіштеп айта отырып, оларды патша өкіметінің қазақ даласына қалай пайдаланғанына бірден-бір назар аударған да Т. Шонанұлы болды. Мәселен, төмендегі  автордың ой-пікірі осыны аңғартады: “…үкімет сол кезде әуелі қылмысты болып, жазаға бұйырылып, Ресейге зиянынан басқа пайда тигізбейді деп түсінген, шіріген жұмыртқаға есептелген адамдарды қазақ арасына орнықтыруға ұмтылды. Өлім жазасына кесілген және саяси өлімге арналғандарды жіберді. Екінші тіпті салық төлемей шаруашылық күші үзіліп, Ресейге пайда келтіруден қалған мұжықтарды көшірді. Бұларды атты казак қылып жазды. Үшінші, бұрынан басы бос, жауынгер атты казактарды орналастырды, жауынгерлері оның үстіне казак-орыс бұрынан қазақпен соғысып үйренген һәм Арқаның даласын да жақсы біледі” – дей отырып, қазақ еліне шоқпар жасауға казактан артық құрал жоқ екенін де естен шығармайды. Қысқасын айтқанда үкімет ΧІΧ ғасырдың 90-жылдарының басынан бері қазақ  жерін атты казак үшін һәм “мұнда жіберілген, түрлі содырлар, некесіз туылғандар, ауыр жаман қылмыстылар, әйтеуір соғыс қызметіне              жарамсыз һәм салық төлей алмағандар үшін қазақ жерінен қоныс берген” – деп жазады /48/.

Осылайша, Т. Шонанұлы зерттеуінің барысында атты казактар тобының әлеуметтік тұрғыдан әбден азғындап, жүгенсіз тобырлар болғандығын айтып қана қоймай, сондай-ақ олардың қазақ жеріне біртіндеп енуін, қандай құнарлы аймақтар қатарын иемденгендерін көрсетіп берді. Мәселен, “казак-орыс Жайық пен Ертістің оң жағында болып, бұрын сол бетіне өтпейтін. Сол беті қашаннан қазақтікі болатын. Бері келе Түркістанға аяқ басқанда Орынбор жағынан Жем, Елек, Сырдарияны қуалай бірте-бірте қамал тұрғызылып, Сырдария шебін тартып, Сібір жағын Көкпекті, Аягөз, Қапал арқылы шеп тартып, әскери адамдар орнығып, бұрынғы шептерді бойлай қамал салынғанына місе тұтпай үкімет қазақ ортасына қарай да шеп тартып, қамал тұрғызып, жер кесіп алады. Ырғыз (бұрынғы Уральск қамалы) 1845 жылы, ΧІΧ ғасырдың 20-жылдары- Көкшетау, Қарқаралы, 1830 жылы Ақмола һәм 1846 жылы Атбасар қорғандары салынды. Бұларға да жер кесіп алынады. Бұл қамалдар тұрғындарына қазақтан жер кесіп алғаны қазақққа пайда келтіру үшін алған болады-мыс. Үкіметтің жатық тілімен айтқанда, “Мазасыз жабайлар  арасында тыныштық орнату, залымынан момынды қорғау, табан жерде жақын тұрып әкетер қазақ пайдасын мезгілінде дұрысырақ көздеу үшін” – деп елге түсіндірілген. Қазақ жерінің шұрайлы, ең асылы, ең ардақтысы – Тобыл, Жайық, Ертіс, Есіл өзендерінің көк майсалы жағалары жат жұрттың табанында қалды. Атты казакқа алынған да осы жерлер. … Қазақ жеріне табақтас болған әскерлер Орал атты казактарының 1755 жылы штаты бекітілді, ат қойылған, түрлі адамдардан, полктардан құралған Орынбор атты казагы Сібірде де шеп құрды,”– деп мәлімет береді /48/.

Бұдан кейінгі тұста зерттеуші атты казактардың қазақ жерін иемденудегі  озбырлық әрекеттерін дәлме-дәл көрсетіп, шындықты ешбір бұрмасыз тура етіп жаза білді және мұндай зерттеушілер қатары Қазақстан тарихында бүгінгі күнге дейін көп емес екендігі анық.

Т. Шонанұлының аталып отырған зерттеуіндегі аса құнды тұстарының бірі – қазақ жерін баса-көктеп қоныстанушы атты казактар әскери бөлімдерінің құрылуы мәселесі турасындағы мәліметтері боды.. Автор Орал атты казактарының штатының 1775 жылы бекітіліп, олардың осы тұста осындай атау алғанын, ал енді Орынбор атты казагының осы Сібірдегі аталғанын, сол сияқты Жетісу атты казактарының осы Сібір атты казагының 9 және 10 полктарынан құралғандығын және Жетісу атауын 1867 жылдан бастап алғандарын атап өтеді. Тіпті осы казактардың бәріне “ең жақсы жерлерден 150 жыл ішінде 10 мың десятинадан артық қазақтан жер кеткенін” ашына отырып жазады /48/.

Сол сияқты осы тұста Т. Шонанұлы атты казактардың қоныс аудару тұстарының экономикалық және саяси себептерін де айқындап көрсетуге тырысады. Мәселен, “Үкіметтің қазақ жерін атты казактар пайдасына телімге салуының зор шаруашылық, еуропаша ғылым тілімен айтқанда, экономикалық себептері болды… Қазақ жерін талаудың түп себебі шаруашылықтан шықса да әлгі баяндауымыз бойынша, бұл түп себептен саяси себептер һәм мақсаттар да шығып, тұрмысқа уытын жайды. Сонымен қазақ жерінің алғаш тануының шаруашылық һәм саяси себептері болды. “Саяси себеп” деген сынайы сөзді дұрысырақ айтсақ, бұны полицейский мақсаттар дейміз деп, неге десеңіз, Ресейдің ішкі саясатында полицейский мақсаттардың дәурен сүрмеген кезін тарих білмейді.

Қазақ орысқа бағынардан сәл ілгерірек Ресейде сауда майданға шыға бастайды. Сауда арқылы, яғни затты өндірушіден тұтынушыға тасымалдап жетістіріп, өндірушінің еңбегінің құнын кем төлеп, еңбек сорушы байлықты саудашыл капитал дейді. Саудашыл капитал – капитализмнің алғашқы дәуірінде туды” – деп /48/, өзінің саяси сауаттылығын тағы да таныта отырып, Т. Шонанұлы басқа елдің, яғни көрші Ресей империясының тарихынан да хабардар екендігін танытады және өзінің терең білімділігін дәлелдеді.

Патша үкіметінің қазақ халқына жүргізіп отырған қоныстандыру саясатын ұлт зиялылары халықтың мұң-мүддесі тұрғысынан баяндағаны белгілі. Мәселен, М. Тынышбаев бұл саясатты былайша айқындайды: “Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, жабайы және тағылық қуғын-сүргіндер және тілді, әдет-ғұрыпты, барлық өзіндік ерекшелікті қыспаққа алу арқылы қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, пәрмендер мен ережелер күшімен қазақтарды құқықсыз, қауқарсыз, заңсыз тобырға айналдыру; үшіншіден оларды қаны төгіліп, сүйегі шашылған ата қоныс жерлерінен айыру және құладүз, қудалаға, ажал апанына айдау” – дейді /48/.

ΧІΧ ғасырдың екінші жартысынан Ресейде капиталистік қатынастардың ауыл шаруашылығына ене бастауы шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жерге қатынас мәселелерін жаңа тұрғыдан пайымдауды қажет етті. Соған орай қоныс аудару қозғалысының себептері іздестірілді. Қоныс аудару мәселесі бойынша ірі маман А.А. Кауфман: “Мен қоныс аударудың жерге тапшылықтың жемісі екендігіне сеніп келдім; жерге орналастырудың қиыншылығына ұшыраған шаруалар аласұрып басқа кеңістікке ұмтылады. Тек қана оған осы кеңістікке шығуына рұхсат берілуі керек, сонда қоныс аудару халық мүддесінен туындаған. Аграрлық саясаттың аса маңызды және ізгі буындарының біріне айналады” /48/ – деп жазды және шаруалардың жерге тапшылығының  өсуінен  құтылудың амалы шаруашылықты жүргізу мен жерді өңдеудің жаңа заманғы әдістеріне көшіруде деп санады. Әрине, бұл тұстағы себептердің барысы қазақ жерінің есебінен шешілгені анық еді.

Т. Шонанұлы да патша өкіметінің өз кезегіндегі қоныстандыру саясатының себептерін жан-жақты талдауға тырысады. Оның төменде айтылатын пікірі тарихи шындықты нақтылап көрсетіп бере алады деуге болады. Мұжықты қазақ жеріне көшірудің (переселение) себептері туралы: “Бұрын мұжық әскер қызметін атқармаған, әскер қызметінде ақсүйектер болды. Қара шекпендер Петр кезінен бері қарай ғана солдат бола бастады. Мұжық ауланса әскер күшімен қанды судай ағызып, аямай басатын еді. Қожайындарының қамытынан құтылу үшін мұжық түрлі әдіс қылған, иә қашып кеткен, иә өзін-өзі өлтірген немесе қожайынын өлтірген. Әйтпесе жаппай қанаушы топқа қарсы көтерілген. Бұл жағдай көршілес, әсіресе XΙΧ ғасырда көп болған. Тек Николай Ι тақта отырған кездің ішінде ғана 556 көтеріліс, яғни жылына 19 көтеріліс болып тұрған. Сол неше жүз жылдар құлдық қамытын киіп, мал орнына жұмсалып келе жатқан мұжықтардың басына 1861 жылы 19 ақпанда азаттық берілді… 1815 жылы Ресейде 45 млн халық бар еді, ол 1858 жылы 74 млн болды. Қанша тұрмыс нашарлығынан өсімталдығы мардымсыз болса да, мұжық саны да өсті. Қоныс тарылды. Қоныс тарылса, шаруа күйзелетінін жоғарыда көрдік. “Азаттық” алдында 25 жыл ұдайынан мұжық өсуі тіпті тоқталды. Шаруашылықтың екінші түрімен айналысу керек болды. Қала берді басында еркі жоқ, құл халық шаруаны да дұрыс істемеді. Құл мұжықтан да жалдама жұмысшының жұмысы берекетті болды. Мұны ақсүйектер аңғарды. XΙΧ ғасырдың 20 жылдары Ресейде фабрика, зауыттар көбейе бастады. Буржуа тобы майданға шықты, капитализм аяқтана бастайды, индустрия ілгерілейді… Алпауыттан басқа да буржуазия жүлде ала бастайды… Сонда 19 ақпан “азаттығынан” мұжықтың тапқаны мынау болды: мұжыққа бостандық берілген жоқ. Мұжықты жерден айырды. Мұжық баяғы алпауытқа баяғыша май кемік болып қала берді… “Азаттық” алып, мәз болып қуанар деген мұжық, сол бостандық шығарылған жылы, 1100 жерде үкімет, ақсүйектерге қарсы көтеріліс ашты… қазақ даласына мұжықтарды көшіру саясаты мұжықтың жерге тарылып, қонысының қысылғандығынан туған. Мұжықтың жерге таршылық көруі Ресейде жер иелену тәртібінен шыққан” /48/.  Яғни, Т. Шонанұлы еңбегінен орыс мұжығының қоныстандыру саясатының қарсаңында жоғарғы билікке қарсы наразылық әрекеттерін білдіргенін байқаймыз.

Т. Шонанұлы аталған тұста Ресей сынды алып империяның өз ішінде қалыптасып отырған әлеуметтік ахуалын тәп басып айтып отырғаны күмән туғыза алмайды деп ойлауға болады. Тіпті мұндай қоныстандыру саясатының әрекетіне итермелеп отырған жайттарды қазақ зиялылары қатарындағы  /49 /М. Шоқайдың да өз естеліктерінен кездестіруге болады.  М. Шоқай: “Ресейде уақыт өткен сайын байлардың жерлері шаруа ұйымдарының қолына өте бастады. Үкімет бұған бөгет жасамады. Байлардың жерінің шаруа қауымына өтуі қаншалықты баяу жүргізілгенін ΧІΧ ғасырдың соңғы жылдарындағы мына екі цифр айқын көрсетеді:

Осы тұста 30 мыңға жуық алпауыттардың отбасының меншігінде                64 700 000 гектар жер болатын. 10 миллион шаруа отбасы қоғамының қолында 68 600 000 гектар жер бар еді. Осының өзі Ресейде жер мәселесі аса қиын жағдайда болғанын айқын көрсетеді… Осы жағдайда революциялық насихаттың дихандар арасында кейін кең қолдау тапқаныны өте заңды құбылыс еді. Орыс патшасының үкіметі тақтың тірегі саналатын байлардың ғасырлар бойғы “құқын” қорғай отырып, шаруалар бұқарасының өсіп келе жатқан  революциялық рухтағы қимылына қарсы күресті. Өршіп бара жатқан қиындықтан құтылудың амалы басқыншылық, яғни шаруаларды бұрын басып алынған орыс жерінен шеткері өлкелерге, Кавказға, Сібірге, әсіресе Түркістанға көшіру деп табылды” /49/.

Ал Қ. Кемеңгерұлы өзінің 1922 жылы жазылып біткен “Қазақ тарихынан” деген еңбегінде бұл процесті былайша түсіндіреді: “Патша үкіметі 1891 жылға дейін қазақ жеріне  келімсектердің  орнауына қарсы болды. Ондағы қарсылығы қазақты қадірлегендіктен емес, болмаса аяғандықтан емес, ішкі Ресейдегі алпауыттардың жұмыс күші азайып, адыра қалды дегенінен. Ал соңғы кезде  үкіметтің құшағын ашып, келімсектерге жәрдем  көрсетіп, неше жылдай алым-шығыннан азат қылып, қазақ жеріне шегірткедей қаптауының мәнісі мынау:

– ішкі Ресейдегі қара шекпенділер байлардың жеріне ауыз сала бастауынан; 

– мал баққан орыс байлары Сібірге келіп орныға бастаған соң, бұларға жұмыскер керек болды. Байдың тілін далада қалдырмайтын хүкіметтің, байлардың жұмыскері дегенінен;

– шоқындыру мақсатынан;

– келімсек пен қазақты жауластырып, саясатқа қаратпайық дегеннен;

– бәрінен де күшті пікір қазақты жауынгерліктен бездіртіп, айдауына жүретін, ұрғанына көнетін қылу мақсатынан” – дейді автор /50/.

Әрине, бұл айтылғандар Ресейдің Шығысқа шаруаларды жаппай қоныс аудартуының басты себептерінің қатарында тұрды. Келесі кезекте патша үкіметі өзінің отарлау саясатын өркендету мақсатымен шаруа-мұжықтарға қазақ жеріне қоныстануға мүмкіншіліктер (кеңшіліктер) жасап беруі аталған себептер сұранысын қанағаттандыруға игі әсер етті. Бұл туралы тарихшы                   Д. Әбенов өзінің мынандай пікірін білдіреді: “Патшалық өзінің қоныстандыру саясаты арқылы, біріншіден, Ресейдегі жер шиеленісін қазақ жеріне орыс мұжықтарын қоныстандыру арқылы шешу, екіншіден көшіп келген орыс шаруаларын өзінің әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыру; үшіншіден, қазақ жерлерін Орта Азия бағытындағы өзінің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы плацдарм ету; төртіншіден өлкенің жер байлығын тонау, елді өзінің шикізат көзіне айналдыру; бесіншіден орыстар санын арттыру, сөйтіп жергілікті халықты орыстандыру, алтыншыдан осы шараларды пайдаланып, қазақ халқының саяси бірлігі мен тұтастығына жол бермеу және қазақ елінің Ресейдің түпкілікті отарына айналдыру мақсатын көздеді” /51/.

Орыс мұжығының қазақ жерін отарлауға қатынасуы да Т. Шонанұлының назарынан тыс қалмаған еді. Т. Шонанұлы: “…ΧІΧ ғасырдың аяғына ХХ ғасырдың басына дейінгі созылып келген заң мен құқық жүзіндегі қазақ пен атты казактың жер таласы, айтысы, жанжалы, бұрынғы отарлаудың сөнбей қалған ұшқыны еді. Осы әскери отарлау толастай берген кезде патша өкіметінің мұжыққа қазақтың жерін талату саясаты (переселение) майданға асыға келді. Қазақ даласының аумағына қоныстандыру мәселесінің өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы  мен 90-жылдардың басынан бері қарай Ішкі қара шекпенді көшкен бұлттай түнеріп, қазақ жеріне үкімет аудара бастайды.

Шын талау енді басталып, бұрынғылар ойыншық болып қалды. “Қара орысты көргенде, сары орысты әкем дерсің” деген мақал осы кезде туса керек. Неге десеңіз, казак-орыстан гөрі, оңтүстік жылы губерниялардан мұжықтардың түсі қаралтым, қоңырқай. Алғашқы кезде де, соңынан да мұжық пен қазақ арасы “ит пен мысықтан да” жаман болғаны және белгілі. 90-жылдардан бері қарай қазақ жері талану тарихының екінші дәуірі туады. Переселение деген пәле шығады…” –  дейді /48/.

Т. Шонанұлы бұдан кейінгі кезеңде мұжықтарды көшіріп әкелу қарсаңындағы қазақтың жер пайдалану ретімен де таныстырып өтуді жөн көреді. Автор жұмысында қазақтың кәсібінің ең маңыздысы да, бары да мал бағу екенін баяндай келіп, төрт түлік малдың еті мен сүті азық болса, ұзақ-ұзақ кештерде біреулері көлік болып, енді бірде үйін жаятын киіз, үстіне киетін күпі-ішікпен болып, халық қажетінің барлық жағын қамтығанын сөз етеді.

Алайда пейлі кең қазақ қоныстың тарылып, Ертіс пен Жайыққа үздіксіз талас тумай тұрған тұста жерді жеке-жеке меншіктеп, мынау сенікі, мынау менікі демей-ақ, бір рудың екінші ру жеріне көшіп-қонып жүре беруі заңды үрдіс болады. Қазақтың әрі екі өзенге таласып, әрі отыруға көңіл аударғаны сол қоныстың тарылу себебінен екендігін баяндайды. Т. Шонанұлы еңбегінде қазақтың жерден айырылған күйзелісін, одан айырылғанда күнінің қараң екендігін атақты Досқожа ақынның өлеңіне сүйене отырып келтіріп:

 Еті тәтті, сүті бал

 Иісі жұпар аңқыған.

Сары қарда жайылған,

Сары аязда жусаған.

Көк Есілден кеткен соң,

Жылқының қонысы табылмас.

Семіртуші еді жылқыны,

Қом жасатқан түйеге,

Алабота, тарлау мен

Қараойға біткен бетеге.

Еркіндеп жайлап Есілді,

Еркелеп өскен халық еді.

Бұл қоныстан айырылсақ,

Зар болмасақ игі еді

Тай мен құнан, дөненге, – деп /48/], қазақтың жерінен айырылған тұстағы күйзелісін, одан айырылғанда күнінің қараң екендігін осы осы шумақтар арқылы білдіреді.

Сондай-ақ, Т. Шонанұлы аталған тараудың соңында қоныстан еріксіз айырылып, еріксіз шаруашылық жағдайының күйзеліп, жергілікті малшылар жайылымдық жерлерден, табиғи шабындықтардан айырылып, көшіп-қону аумағының едәуір шектелуі мен тыныс-тіршілігінің өзгергендігін былайша қорытады: “Сонымен қазақтың егін салып, отырықшы бола бастауы қоныс тарылу, одан жұттарға ұшырау, жұттан шаруа күйзелу. Бұл барып үкімет саясатына айқасып, бәрінің қорытуынан шыққан деп түсінуіміз керек. Кәсіптің түріне табиғат жағдайы қожа. …бұрын адам баласы төменгі дәрежедегі күйде, бері келе маймыл мен адам арасында жүргенде, осы бірдей адам болғысы келгенмен адам болып кеткен жоқ. Тұрмыс пен табиғат жағдайы адам түріне бірте-бірте түсірген. “Маңдайыңнан жоғары секіре алмайсың” деген орыс мақалы бар. Оңтүстік көшпелілер дағдыланғаннан емес, Арқадағы жайлауынан жұрдай болып, көшіп жүр. Сол жерсіз оңтүстік қазақтарын қоныстандыру, отырықшы болуына демеп жіберу, кезекті, маңызды мәселелердің бірі” – деп қорытады /48/.

Бұл туралы А. Байтұрсынов: “Қырғыз (қазақ) халқы ғасырлар бойы өз жерін мекендеп, өз тіршілігін жасап келді, ал қазір далаға қоныстанушылар қаптап кетті. Біздің болашағымыз қандай болмақ? Егер қазақтардың қазіргі шаруашылығы табиғи жағдайларға сәйкес келсе, бұл шаруашылықты өзгерту табиғи ортаны өзгертуге тікелей тәуелді болмақ. Қазақтар мал шаруашылығымен бұл ең жеңіл кәсіп болғандықтан айналыспайды. Табиғат жағдайлары шаруашылық жүргізудің басқа түрлері үшін қолайсыз” – деп түсіндіреді /52/.

Т. Шонанұлының келесі тұстағы қарастырып өткен тағы бір мәселесі – Сібір теміржолының келімсектер қатарын арттырудағы рөлі еді. Патша үкіметі аграрлық саясатын жүргізудегі ең негізгі жолы бұл – Сібір жолын салу деп тапты. Сібір теміржолы магистралын салу ісі ΧІΧ ғасырдың 50-жылдары қозғалды. Бұл салу жобасы ұзақ  жылдар бойы талқыланды. Ақыры 1891 жылы темір жол құрлысын бастау жөнінде патшаның бұйрығы шығып, 1892 жылдың 10 желтоқсанында “ Сібір темір жолының арнайы комитеті” құрылады  – дей келе /48/, Т. Шонанұлы Сібір теміржолының патшалық Ресейге тиімділігін, яғни теміржолдың отарлау саясатының стратегиялық көзі болғанын ашық айтып көрсетеді.

 1893 жылы Сібір темір жолының батыс учаскелерін салудың аяқталуы үкіметке қазақ халқының және өз бетімен қоныс аударып келген шаруалардың жер пайдалануын тәртіпке келтіру қажеттілігін алға қояды. Бұған қоныс аударушылардың жергілікті халықпен де, бұрыннан тұрып жатқан шаруалармен де көптеген жанжалдары мәжбүр етті. 1894 жылы ІІ Николай да дала генерал-губернаторларының кезекті есептеріне жасаған ескертуінде Ақмола және Семей облыстарының көшпелі халқының пайдаланылуындағы бос жерлердің сапасын тез арада зерттеу мен мөлшерін анықтау қажеттігін атап өтеді. Мұндай зерттеуді ұйымдастыру Сібір темір жолы комитетінің міндетіне жатқызылады.

Нәтижесінде қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру мәселесі ашық түрде қаралады. Бұл іске қанық болған Т. Шонанұлы Ресей мұжығының қазақ жерін көрместен жатып келуді ұйғарған шешімін “Баянға ғашық болған Қозы-Көрпештің ынтық болуына” теңей отырып, темір жол арқылы қазақ даласына ағылған мұжықтың жайын баяндайды. Сібір темір жолы комитеті мен оның жанындағы комиссия қазақтан жер кесуге мұрындық болып, тек 1900 жылдың жалғыз маусым айында ғана осы жолмен бір миллион переселен өткізеді. Яғни, темір жолдың бір мықты  мақсаты – Сібір мен қазақ даласына отарды молырақ орналастыру болды.                             Т. Шонанұлының пікірінше, жер бөлетін “Уақытша партиялар” темір жолдан 100 шақырымдық қашықтықты кесу туралы тәртіпті сылтаурату арқылы Омбы, Қызылжар аймағын ғана емес, темір жол езуіндегі шаруаның пайдалануынан тысқары қазынаның тіке қарауындағы жерлерді де алғанын былайша суреттеп береді: “… Патша үкіметі қасапшы-қасапшының қолына ілінген қой бауыздалмай қалмайды. Омбы, Қызылжарды ғана темір жолдың езуіндегі шаруаның пайдалануынан тысқары қазананың тіке қарауындағы жер қылғанын місе тұтпай, біраздан соң басқа уезд, басқа облыстарға да соны істеді. Темір жолдан 500-1300 шақырым жердегі Семейде, 300-800 шақырым жердегі Ақтөбеде, Қостанайда жер кесіп жүрген партиялар Сібір темір жолы езуінен жер кесіп жүргенге есептеледі.

Комитет пен комиссия біраздан соң, Торғай облысында да (Қостанай уезінде) отар орнату жұмыстарын басқарады. Мұны комитет пен комиссияның ісі ұлғайғаны, өнімді болғаны, Қостанай уезі темір жолға сүйкене жатқандығы деп түсіндіреді қазақ жеріне құмарлар. … 1891 жылы Ақмола облысында да өз бетімен орнаған 21 поселкаға жер кесіліп берілді. Темір жолдың бір мықты мақсаты Сібір мен қазақ даласына отарды молырақ орнату болды” /48/.

Т. Шонанұлы еңбегінің тағы бір көңіл аудартатын тұсы – Ф. Щербина санағының барысы туралы тарауы еді. Тарихымыздан белгілі болғандай,               Ф. Щербина экспедициясының негізгі алдына қойған мақсаты – ΧІΧ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресей үкіметінің қоныстандыру саясатының нысанына айналған қазақ өлкесінің “артық” жерлерін анықтап, қазақ шаруашылығындағы үй-үйді қора басымен есепке тіркеп, жайлау, қыстау, егіндік-шабындық жерлердің көлемін анықтау, қазақтың жер-суын, орман-тоғайын, шөл даласын есепке алу еді. 1896-1903 жылдар аралығында экспедиция Ақмола, Семей, және Торғай облыстарының 12 уезіне статистикалық сипаттама жасап, қазақтардың шаруашылығы туралы мәліметтер жинады. Үкімет экспедиция қызметкерлерінің алдына: алуға арналған жердің мүмкіндігінше көп  мөлшерін табу және олардың егіншілік үшін жарамдылық дәрежесін анықтау міндеті қойылады. Әр түрлі аймақтар бойынша қазақтардың жер пайдалану нормаларын әзірлеу, ал осылайша жасалған “артық жерден” қоныс аудару қорын рәсімдеу көзделді /48/.

Әрине, белгілі земство статистігі Ф. Щербина еңбегінде қазақ жері, тұрмыс-тіршілігі турасында мол мәліметтер кездеседі. Дегенмен, осы жүргізілген шараның қазақ мүддесіне қайшы келетін тұстары да аз болмаған.                                 Т. Шонанұлы жұмыстың осы қайшылықты түстарын талдап, оны патша шенеуніктерінің сөздерін келтіре отырып дәлелеп береді. “Щербина 1896 жылы іске кірісіп, 5 жыл ішінде Көкшетаудан бастап Ақмола, Семей облыстары мен Ақтөбе, Қостанай уездерін зерттеп шыққан. Қазақтан жер кесуге негіз болатын переселен мекемелері де де соңғы кезге шейін, осы Щербина санағына сүйенетін еді, – деп мәселенің  барысымен түсіндіре келіп, – … Щербина санағы қазақ шаруасына, жеріне пайда келтірді деп мақтана алмайды. Қазақ жері бақалшының тауығы емес. Білу үшін тереңірек байқап, маңыздырақ зерттеу керек. Ең алдымен, Щербина мәселенің зілділігін аңғармады немесе аңғарғысы келмеді. Онысы “мойнына сонша ауыр міндетті ала тұрып, уақытша партиялар қазақтан жерді “Степное положениеге” сүйенбей, Бас кеңестің пікірін елең қылмай тал түсте заңсыз, жолсыз, бытырлатып алып жатқанына зейін салмағаннан көрінеді” – дейді Седельников. Щербина сияқты зор адамға уақ көрінгенмен, уақ қазаққа зор мәселе осы еді”. Бұдан ары автор Щербина қазақтың артық жерін оп-оңай тауып алу мәнінің тіптен әділетсіз жүріп, өлшеу-межеде де ісі болмай, далаға шықпастан жердің 10 шақырымдық картасы да жасалған кезі болғанын ашына айтып өтеді. Щербина есебі отарлау жұмысына зор қызыметін тигізе отырып, оның нормасымен зерттеліп шыққан 12 уездегі 100 мыңдай қазаққа 17 миллион десятина қалдырылып, 18 миллион десятинадан астам ауысқан жер “артық жер” ретінде переселен орнатуға кесілініп алу шарасы нақты дәлелмен көрсетіледі .Яғни,  Т. Шонанұлы қазақтан алынған жер көлемін (35 млн дес.) көрсете отырып, бұл цифрдың кем көрсетілмесе, артық көрсетілмегенін ескертіп, мәліметтерді қалай болса солай келтірмей, сын көзбен қарап, ой елегінен өткізіп барып, сақтықпен пайдаланады.

Ал, Ф.А. Щербина экспедициясы құрамына қатысқан Ә. Бөкейханов қазақ даласына орыс шаруаларының жаппай қоныс аудару процесін дайындап беруге тиіс болған экспедиция жұмысына араласа жүріп, ол патшалық Ресейдің жаулап алу саясатынан жалпы саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтар саусақпен санарлық қазақ қоғамы үшын жеңіл-желпі іс еместігіне көзі жетті.

Ә. Бөкейханов аталған экспедиция жөнінде: “Біздің қазақ орыстың түзу жолда жүргендердің отына жылынып келген, “империялық жүйе жағдайында” қазақ сияқты аз, кем ұлт мақсаты біреуге ілесіп жүріп болады. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды” – деп жазды /52/. Яғни, қазақ зиялыларының өкілдері Ә. Бөкейханов пен Т. Шонанұлы да А.Ф. Щербина экспедициясының отаршылдық бағытта болғандығын дәлелдеп көрсетуге тырысады.

Қазақ тарихын зерттеумен белсенді айналысқан ұлт зиялылары өкілдерін  толғандырған мәселелердің бірі – Қазақстандағы Ресей отаршыларына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстар еді. Аталған мәселе турасында жер мәселесімен объективті түрде айналысушы Т. Шонанұлы да пікір қосады. Әсіресе ΧVІІІ ғасырдың орта тұсында патша үкіметі Ертіс өзенінің бойындағы жерледерді жаулап алу мақсатымен түрлі іс-қимыларға барды.

“1752 жылы Сыртқы істер коллегиясына берілген құпия жарлықта: жоңғарлардың нояндары Ертіс басын аламыз деп көз алартады, бұл жерге келтірмеске тырысу керек дейді. Бұл жарлықтан жоңғар бұдан бұрын Ертіс басынан кетіп, қазақ қоныс қылған көрінеді. Міне, осы жылдардан бастап, қазақ Ертістің оң қабырғасын қоныс қылуға тырысады. Үкімет қазақты Ертістің тіпті сол жағынан қууға ұмтылады. Ертіс бойына үздіксіз талас қылады. Үкімет қазақты Ертістің тіпті сол жағынан қууға ұмтылды. Ертіс бойына үздіксіз тартыстар жасады. Үкімет қазақты аударуға түрлі тәсіл, шара, амал, заң шығарды” деп патша өкіметінің қисынсыз амалдар қолданып, қазақты Ертістен қууға түрлі әрекеттер жасаса да қонысы тарылып, қысылған халық орныққан орнында отыра беретінін баяндайды /48/.

Шындығында Ертістің кең алабы бұрыннан қазақтың ежелгі ата қонысы еді. Сол себепті бұл жер үшін қазақ орыс отаршылдарына қарсы аянбай күрес жүргізеді. Қазақтың ұлы ханы Абылайдың тұсында орыс отаршылдары қазақтарды Ертістің оң жағына қарай өткізіп, Ертісті еркін билетпеуге күш салады. Бұның ақыры қазақтардың үлкен қарсылығын туғызған еді. Бұл турасында Т. Шонанұлы: “ Ертістің оң жағына өтіп, қоныс қылып үкімет кет десе, сол жақтың оты малымызға жетпейді, кетпейміз деп, Абылайға қараған қазақтар қарсылық қылды. Ертісте қазақтан басқа елдің қонысы жоқ, бізді Ертістің оң жағынан кет десең, біз орысқа тіпті суат бермейміз деп жауап қайырады. Ертісті қазаққа еркін билетпес үшін, үкімет 1755 жылы Сібір жерінде әскер молайтуға бұйрық қылады… Сол жылы көп елмен Ертістің оң жағына Құлеке батырдың баласы көшіп өтіп, қарсы жіберілген атты казак һәм драгун әскерімен Ертістің оң жағасы үшін соғысты. Көп адам қырылып, жарақаттанып, қазақ Ертістің сол жағасына өтеді… Осы жылдары қыпшақ Қошқарбай батыр қалмақты Объ өзенінен асыра қуып, Ертістің оң бетінен көп қазақ қан төгіп, қоныс алады. Міне, осындай қан төгіп алған қазақ кетпейміз десе, үкімет мұны қазақ тек содырлығынан Ертісті тастап кетпейді деп, қазақты жай бір беймаза халық көрсетіп, теріс мағана береді, қазақты күшпен Ертістен қуу үшін әскер жинай беретін еді, Ертістен қуамыз деп бұйрық шығара беретін еді. Мұнан орысқа қазақ беймаза болғанда, еріккендігіннен мазасыз болмай, өзінің еңбек сіңірген қонысы үшін, амалсыз мазасыз болғанын көрсетеді” – деп /48/, қазақ пен үкіметтің арасында Ертіс үшін орын алған талас-тартыстың мән-жайын көрсетеді.

Сол сияқты Жайық бойын мекен етуші қазақтардың отаршылдарға қарсылығы Ертіске бола жасалған қарсылығына ұқсас болды. Жайық пен Ертіс сынды шұрайлы да құнарлы аймағы қазақтың ежелден келе жатқан ата қонысы болғаны да рас. 

Әсіресе ΧІΧ ғасырға қарай патша үкіметінің Жайық бойына көз салуы үдеп, зорлық әрекеттер өрши түсті. Ендігі тұста үкімет жаңа әдіске көшіп, қазақ жерін отарлауда атты казактардың күшін тиімді пайдалануды ойластырған еді. Бұл іспен қатар үкімет отарлаудың заңдық негізін нығайта түсу үшін “Уақытша ережені” де шығарып үлгереді. Аталған әрекеттер қазақтардың отаршылдарға қарсы жаңа күрестеріне алып келген еді.                    Т. Шонанұлы бұл маңызды мәселені де өз назарынан тыс қалдырмай, шынайы зерттей білді. Мәселен, “ΧІΧ ғасырдың бас кезінде, Кіші жүздің біраз елі Жайық өткен соң қалғандары  өзен бойынан кетпей, қоныс тебе бастайды… Жанжал үкіметті қазақтың бұрын “қотыр қасқыр” деп шепке жолатпайтынын себебі де осы жер таласы болатын. Сол ғасыр басында қазақты Жайықтан өткен кезде үкімет ұнатқан белгілі жерлерден ғана өткізуге әскер шығаратын болды.

Шыққан әскерлерімен соғысып, қазақ Жайықты көктей қоныс қыла береді… қалайда күштірек шара қылу ниетімен өкімет 1859 жылы Орал атты казагы иемденген жерде отырған қазақтар атты казакқа жазылғысы келмесе, Ішкі Орда мен Жайықтың сол жағына тартып көшірілсін деп бұйрық шығарады… Осы 50-жылдардан бері қарай атты казак пен қазақ арасында жер жанжалы өте-мөте күшейді. Атты казак өзінің маңдай тері сіңбеген Жайықтың сол жақ бетін қағаз жүзінде өзіне алып, қазаққа жалдамаға беруге ұмтылады. Жер жайының өршіп тұрған ұшқынының үстіне 1868 жылдың Уақытша Ережесі шығады. Шоқтың үстіне түскен бұл оқ-дәрі болып, Кіші жүз ауланады (аулану – наразы болу, толқу. – Ред.Т.Ш.).

Үкіметке қарсы көтеріледі, соғыс ашады. Әсіресе мықты ауланған Жайық бойындағы және Жайыққа жақын жерлерін ала алмай жүрген қазақтар болды” – дей келіп, ΧІΧ ғасырдың орта тұсында Есет, Жанқожа, Сүйінқара батырлар бастаған көтерілістерден кейін жер үшін мықты көтеріліс 1869-1872 жылдары болғанын жасырмайды. Автор ұлттық көзқарас тұрғысынан баға бере отырып, тархты шынайы көрсетеді. Яғни, жер үшін отаршылдарға халық қарсылығы “жексұрын” көрініп, таяғын соққан атты казактың ақырында “сүйкімді” болуымен істің отаршылдар пайдасына шешілуін баса көрсетеді [48, 57-58 бб.].

Тіпті автор Кенесары, Жанқожа, Есет сынды батырлар бастаған көтерілістерге шынайы баға бере отырып, көтерілістер себебін тікелей ата қоныс үшін болғанын да жасырмайды. Мәселен, “1868 жылдан бастап, ұдайынан сегіз жыл Кенесарының үкіметке қарсы көтерілуінің басты себебі – жер үшін болатын” – деп, Кенесары турасында жырланған қара сөздер көтерілістің жер үшін болғанын көрсетінін айта келіп, соған орай бұл көтерілісті халық ойының сәулесі ретінде бағалайды. Тіпті Көтібардың Есеті Арыстанды өлтіру себебі де осы ата қоныстары болған Жем мен Елек арасындағы жер үшін болса, Жанқожа батыр көтерілісі – Түркістаннан орысқа жер бермеу үшін туғанын /48/ ешбір бүкпесіз баяндауы қазіргі тәуелсіз ел тарихы үшін құнды болып отыр.

 Өз кезегінде қазақ зиялыларының патша өкіметінің отарлау саясатының қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы мен дағдылы тарихи-табиғи тұрмысын бүлдіруі, түрлі заңдық негіз-қағидалар мен ережелердің қазақ ұлты мүддесін аяққа басатын әділетсіз астарларымен қатар  кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жер мәселесіне пікір білдіріп, әділдік сұрауы тәуелсіз тарихымыз үшін орасан маңызы бар екендігі белгілі.

Алаштың көсемі Ә. Бөкейханов патша үкіметінің әділетсіз жасалып отырған жер саясаты қазақ еліне қасірет алып келгенін: “Орыстардың далаға қоныстанулары барынша арта түсті, жер үшін қоныстанушылармен қырғыздар (қазақтар) арасында күрес күшейе түсті. Кейде тұрпайы түрде көрініс берген бұл күрес онсыз да заңсыздық негізінде бой көтерген ұлттық антоногизмді шиеленістіре және тереңдете түсті” – нақты мысалдар арқылы көрсетіп берді.

Т. Шонанұлы: “Ресейдің қол астына кіргеннен бергі қазақ жерінің тарихы – колония тарихы. Колония тарихы – бірте-бірте қазақ жерін сырттан келіп иемденудің тарихы, талаудың тарихы… – деп, одан ары қазақ жерін еріксіз отарлаудың салдарының ауыр тұстарын былай деп: …қазақ жерін отарлаушылардың ұстанған саясаты, қолданған ебі, тұтынған әдісі, жасаған зорлығы – қазақ тұрмысын көп өзгеріске ұшыратты. Көшпелілерді бірте-бірте жерсіз қалдырып, татыр мен шөлге иіріп тастап, егін саларлық, отырарлық жерден құр алақан қалдырды. Арқадағы аудандарда қазаққа норманы қайта-қайта пішіп, бұлар да қысаңдыққа түсірді. Қазақ жерінің ауданын тұжырып жерді пайдалану ісіне де зиянын тигізіп кетті. Қонысы әбден тарылып болған соң, Арқадағы қазақтар Қызылқұм, Жиделібайсынға қарай бос жерлер іздеп, шұбыра бастады. Осылай қоныс іздеп, мал-мүлкін сатып босу, 1910 жылдан бері қарай қазақ арасында күшейе бастады. Ресейден көшіп келген мұжық күні қазақтың басына келіп туды. Баяғыда Ресей мұжықтарының Алтайға қарай “түбі бал, суы сүт, жиегі қант” өзендер іздеп сусағаны сияқты, Қазаққа да Жиделібайсын, Қаратөбеге деген құмарлық болды. Солай қарай ағып-тамып, қыстауларын, отаршылдардан қалған азын-аулақ жерін, ағайын-туысқанын, неше жылдан бері дағдыланған кәсібін тастап, қазақ шұбырына бастады” – деп тұжырымдайды /48/. 

 Т. Шонанұлының ойынша жоғарыда  аталғандар қазақ елін жерінен айырып, ендігі тұста халықты мұжықтың кейпіне түсірген. Тіпті мұның ақыры қазақ елінің еріксіз босқыншылық әрекетіне де алып келгендігін жасырмайды. Осылайша, “Жиделібайсын түгіл Қытайдағы босып кеткен қазақтар да көп. “Қазақ”  газетінде 14-жылы бірден 500 үй Қытайға ауып кеткені жазылды (Қазақ. – № 178). Осылай қазақты жерден қуып, қазақты переселенге айналдыруы отаршылдар жұмысының жемісі.

1912 жылы Зайсан уезі Майтерек болысы “Күршім” деген жерде бір ретте 500 үй қазақтың тоғаны мұжыққа алынып берілді (Қазақ. – № 21). Қазақтың отырған жерін жұрдай қылып талап, қазақты атамекенінен айдап, қолайсыз жерге асырып тастау отаршылдар жұмысының екінші жемісі. Осыны көріп отырған қазақ мұжықпен тату бола ма? Орыс пен қазақ ит пен мысықтай араз болды. Қымс етсе жанжалдасып, кісі өлтіріп тұрды. … Екі шаруа елдің тұз-дәмін жарастырмай қойған – ескі үкімет саясатының үшінші жемісі.

Көшпелілерді жерсіз қаңғыртып қою – отаршылдар саясатының төртінші жемісі. Іске асарлық жердің бәрін жұрдай қылып қазақтан тартып алу – ескі үкімет саясатының бесінші жемісі” – деп /48/, Т. Шонанұлы нақты фактілер арқылы жердің отарлану салдарын рет-ретімен көрсетіп береді.

Қазақтың жерінен айырылып, сорлатқан нәрсе әрине бәрінен бұрын қазақ жерін алуда патша өкіметінің заңдастыру шаралары болды. Аталған мәселені жан-жақты қарастырып, терең зерттеген Т. Шонанұлы қазақ жерінің мемлекет мүлкі деп жарияланып, иемденуі туралы: “Мұжықты қазақ жеріне аудару толқыны өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында, 90-жылдар басында көтерілгенін білдік. 1891 жылы 25 наурызда бекітіп патша үкіметі “Степное положениені” былай деп түсіну керек “ұрысы күшті болса, иесі өледі. Ұры иесінен мықты өзінікі қылып, танып аударып алады”. Қазақ жерін қазыналыққа деп жариялануы, сол кездегі үкіметтің күшті ұры болғаны. Еңбек сіңірмей жатып дворяндар иен жерге ие болса, оны қазыналық демейді. Қазақ еңбегін сіңіріп отырған жерді қазыналық дейді. Қазақ жері құрбандыққа алынған қой, ал “Степное положение” союға  қайралған пышақ сияқты.

Николай құлағанша, қазақ жерінде тұратын заңдардың, нұсқаулардың негізі болып келген “Степное положение” заңы. Мұның ішінде бас-аяғы 17 бапта (119-136 баптар) жер жайлы сөйленетін еді. Бұлардың ішінде екі бап пен  бір ескерту болушы еді” – дей келіп, одан ары автор 119-120 баптардың негізінде үкіметтің қателіктер жіберуін атап өтеді  /48,115 б./.

Шындығында да қазақ жерін заңдық негізде тартып алу салдары тым күшейе түсті. Тек 1885-1893 жылдарға дейінгі аралықта Ақмола облыстарының ежелгі тұрғын халқының пайдалануынан 151 779 десятина жер тартылып алынып, 10 940 жан еркек халқы бар 24 қоныс аударушылар учаскелері құрылды. Ал Семей облысында осы аралықта қазақ шаруаларының 33 064 десятина егін егетін жерлері тартылып алынды /48, 240 б./.

Осылайша, Т. Шонанұлы отаршыл жер саясатының қазақ өміріне тигізіп өткен зардаптарын, жерінен айырылған қазақтардың өздері қоныс аударушыларға айналып, Жиделібайсынға шұбырғандығы, тіпті Қытай асқандығын күйзеліспен баяндауын жоғарыда байқадық. Зерттеу жұмысының соңғы тарауында Т. Шонанұлын болашақта қазақты жерге қалай орналастыру керектігі мәселесі ойландырады.

Ғалым үшін ең маңызды мәселе – методология және материалдардың объективтілігі болып отыр. Бұл ретте Т. Шонанұлына лайықты баға беруімізге болады. Ол Ресей ғылымының зерттеу шарттарын жақсы меңгере отырып, өзінің ғалымдық назарына ΧІΧ ғасыр мен ΧΧ ғасырдың басында Ресей қалаларында шыққан тарихи зерттеулер, ғылыми жаңалықтар, құжаттар топтамасы қолданылған. Ғалымның Орынбор мұрағатында жұмыс жасағанын Ресейлік мерзімді басылымдар мен қазақ газет-журналдарынан қажетті деректер алғанын да еңбектің жазылуы барысынан көреміз.

Атап көрсетер болсақ, М. Есболұлы, Ж. Сұлтанбекұлы сынды қаламгерлердің жер мәселесіне қатысты еңбектері сияқты жиырмасыншы жылдардағы жерді аудандастыру (“районирования”) шаралары туралы жазылады. Соған орай зерттеу жұмысында “Болашақта қазақ жерге қалай орналасуы керек” атты бөлімінің маңызы ерекше. Мұнда автор Қазақстан Орталық комитетінің 1921 жылғы 7 ақпандағы Декретіне, 1922 жылғы 26 тамыздағы федералдық жер ісін қарайтын комитет пен Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті бекіткен “Қазақстанда еңбекпен пайдаланудың негізгі Заңына”, 1922 жылғы 30 (ақпан) қазанда шыққан “Жер кодексіне” табан тірей отырып, қазақ жерінде ұстануға тиісті жер саясатын көрсетіп береді.

Соған орай зерттеуші ғалым қазақты жерге дұрыс қоныстандыру үшін, отырықшы болуына жер беру үшін жер мәселесін белгілі  бір ретпен, жүйемен шешу керек деген ғылыми қорытындыға келеді. Нәтижесінде                 Т. Шонанұлы жер мәселесін шешу ісіне нақты талаптар қатарын ұсынады. Онда:

“1 … Қазақ еңбекшілері жерге дұрыс орналасуы үшін “Земельный кодекс” бойынша ең әуелі байырғы тұрғын елді қоныстандыруы керек. Қазақстанның ішіне сырттан колонизация дегенді ада-жуда жабу керек. Қазақстанды отарлауды тіпті жою керек.

2 Қазақстанды табиғат, тарихи жағдайы және шаруашылық сынақ жағынан дұрыстап зерттеу керек…

3 Қоныстандырғанда елдің шаруасы, жердің түрлі шарттарына сіңірген еңбегі мен жерге қанша мұқтаждығына қарай беру керек.

4 Жерге ең мұқтаждар қазақ кедейі мен мал бағушылар, сондықтан ең әуелі қоныстандыру жұмысын мал бағушы мен кедейден бастау керек. Әуелі енді қалған іске жарарлық деген жерді мал бағушыларға беру керек. Оңтүстік уездердегі елдерде де жер жоқ. Арқадағы мал бағушыларға да жер беру керек.

5 Бірден мал бағушылардың бәрін орналасытыруға келмейді. Оған күш те, жер де жетіспейді… Отырықшы болғанша көшпелілер өтерлік жер, құдық, қоныс арнап беру керек. Отырықшылыққа үйреніп, мал бағу әдісін дұрыстату үшін жеңіл шарттармен көршілерге әуелі пішен, сонан соң егін саймандарын тарату керек.

6 Көшпелілер және әрі жерсіз Бөкей қазағы сияқтыларға Орал жиегі сықылды жерлерден қоныс алып беру керек. Өздері тілеп көшуіне жәрдемші болуы керек.

7 Қазақ елі шаруасының негізі – әлі мал. Олай болса, жақын арада қазақ шаруасын түзеуді мал шаруасынан бастап дұрыстау керек…

8 … Қазақты жерге орналастырғанда мал бағушы және шала егінші мөлшерімен жер беру керек. Арқадағы ел орналасқанда, ауысқан жер болса, оңтүстіктің мал бағушы және малды көп ұстап егінді кеміс салатындарына шетінен жер бере беру керек” /48,  200-202 бб./.

Міне, осылайша Т. Шонанұлы халықтық мүдде үшін немесе елді жерге дұрыс орналастыру хақында ғалым ретінде салиқалы пікір білдіріп, өз тарапынан нақты ұсыныстар жасайды. Ғалым Мұхтар Құлмұхаммед: “Патша өкіметі қазақ халқының қайта өрлеуі былай тұрсын, аман қалуына да мүмкіндік қалдырмайтын геноцид саясатын ашықтан-ашық жүргізді. Сөйтіп, қазақ халқына деген “жарқын болашақ” шөл және шөлейт даладағы резервацияларда тіршілік етіп, сонан соң аурулар мен індеттерден, аш-жалаңаштан қырлу ғана болатын. Ресейдің Ішкі істер министрлігі жанындағы қоныстандыру басқармасына 1916 жылдан 1930 жылдарға дейінгі кезеңде қазақтарда қалған ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді тартып алу жоспары жалпы жұртқа онша мәлім емес. Бұл жоспар аса құпия жасалды, өйткені ол Орталық Азиядағы ежелгі халықтардың бірін тұп-тұяғын қалдырмай құртуға бағытталған еді” – деп патша өкіметі мен Кеңес үкіметінің жерге байланысты жүргізген негізсіз саясатына пікір білдіруі Т. Шонанұлының жерге аса жауапкершілікпен қарағанын растай түседі.

Т. Шонанұлы болса ендігі кезекте “Объязчик, ленсничныйлар меншіктеуінде болған жерлер, кабинет және басқа қазынаға деп алынған жерлер, маңызды ағаш болмаса да, “орман дачалары” деп алынған жерлер, кабинет және басқа қазынаға деп алынған жерлер. Бұрынғы барлық оборчный статьялар, төтенше керек деп алынған учаскелер, әр жерден шіркеу, монастырларға деп алынған жерлер, офицерлерге мақтауға берген жерлер, войсковой жерлер, мал бағуға деп кесілген, алынған жерлер, 1917 жылдан бері қарай қазақтан баса шөгіп зорлықпен алып отырған жерлер, бұрін почта жолының үстінде иә жақын деп алынған жерлер, бұрын қалаға мал бағуға деп алынса, қала пайдасынан артық жерлер, Бөкейліктегі Сарыөзен арасындағы (Бесқала) жерлер, Бөкейліктегі Савика тұсындағы 40 мың десятина және Ақ теңіз жағалауындағы жерлер, бұрыннан қазақ жалдап келе жатқан жерлер, Бөкейліктегі “калмицкиечередние кочевья” деген жерлер, ескі переселен мекемелерінің малын бағуға деп алынған жерлер және басқалар, қоныстандырылып жатқан аудандарда ауыса барған жерлер” – деп, қазақтан алынған жерлерді санамалап, қазақ еңбекшілеріне жер тауып беру, қазаққа жағымды қылып, шаруасына тиімді қылып қоныс алып беру мәселесін көтереді. Қазақстанда жер өңдеу мәселесі қоныстандыру мәселесінен олқы еместігін айтып, дұрыс шешімін табуына жол көрсетеді /48, 201-203 бб./.

Сөз соңында зерттеуші-ғалым: “Қазаққа жер берілгенде шаруа мен табиғат түріне қарай бер демеске болмайды. Бірақ соны жергілікті жер мекемелері жаңылыс түсініп, ішегін ақтарып білеміз деп, істі кідіртпесе тиіс. Олай істеу қазақ еңбекшілерін жерсіз қалдырумен тең. Ешбір сылтау қоныстандыру жұмысын кешіктіру керек емес” /48, 204 б./ – деп ой қорытады.

Қорыта келгенде, Т. Шонанұлының жерге қатысты жазылған ғылыми-зерттеу тұрғысындағы аталып отырған еңбегі қазіргі оқырман қауымы үшін үлкен жаңалық болып табылады.  Зерттеу жұмысы оқиғаларға, нақты дәлелдерге сүйене отырып, қазақ елінің жерінен айырылып, переселенге өз жерін беріп, енді өздерінің переселенге айналуы жан-жақты баяндалады. Автор мұрағат материалдарын, дәлелді деректерді, үкіметтің жер туралы заң-қағидаларын, қазақ ауыз әдебиетінің материалдары негізінде патша саясатының жерге байланысты орын алған әділетсіз тұстарын және зерттеу еңбектерін кеңінен пайдаланады.

Сонымен Т. Шонанұлы қазақ елінің тарихына қатысты жазылған еңбектеріне қысқаша талдау жасау, оның Отандық тарих ғылымындағы өзіндік орны бар үлкен тарихшы-ғалым екендігін айқындайды. Оның зерттеулерінің көлемділігі, оларда келтірілген тарихи фактілердің саналуандығы, көп түрлілігі, өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектерін тиімді пайдалана отырып, оларда келтірілген тұжырымдарды одан әрі толықтыра түсуі, осы негізде дәлелді, түйінді қорытындылар жасай білуі бұл пікірімізді растай түседі.

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

ΧΧ ғасыр басында қалыптасқан ұлт зиялылары Отан тарихына өшпес із қалдырды. Мұны тарихтың өзі дәлелдеп көрсетті. Орыстандыру саясатын ұстанған кеңестік тоталитарлық жүйе өзінің қол астында болып келген  елдердің тәуелсіздікке ұмтылу жолындағы күресін көрсететін, олардың ұлттық санасына патриотизмді оятатын тарихи және саяси еңбектерді оқытуды қажет санамағаны белгілі. Өздерін азаматтық, патриоттық, творчестволық, саясаткерлік қырларынан танытқан Алаш қайраткерлері бұл саясатпен келіспей, ұлттық тәуелсіздікті қалпына келтіру жолында аянбай қызмет жасады.

Қиын да күрделі оқиғаларға толы ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шығып, өздері ұстанған бағыттары мен көкейтесті ойларын ортаға салып, сол арқылы қарулана отырып, ел тәуелсіздігі үшін күресуді өздерінің азаматтық борышы ретінде санаған ұлттық зиялылар қауымы – бұл қозғалыстың негізгі ұйытқысы бола білді.

Бұл зерттеу жұмысында осы ұлттық зиялылардың белсенділігі артқан тұста сол топтың бел ортасынан табылатын тұлғаның бірі – Т. Шонанұлының қоғамдық-саяси және ағартушылық-ғылыми қызметін тарихи тұрғыдан жаңаша, бүгінгі күн талабына сай зерттеуге талпыныс жасалды. Алға қойған міндетті орындау барысында біз ең алдымен Т. Шонанұлының дүниетанымы, қоғамдық көзқарасы қандай жағдайда қалыптасты деген сауалға жауап іздедік. Т. Шонанұлы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсынан бастап-ақ саяси сахнадан көріне бастаған еді. Ол Орынборда білім ала жүріп, “Игілік” атты жастар ұйымына басшылақ жасап, мәдени-ағартушылық мақсатта жұмыстар атқарады. Сондай-ақ ол осы тұстағы қазақ ұлтының басына қиын күн туған шақта ұлт зиялыларының көзіне ілігіп, игілікті шаралардың ішінде бола отырып, сол бір күрделі де қайшылықты кезеңде туған елін тәуелсіздікке жеткізу позициясын ұстанады.

1922 жылдан бастап Орынборға келген Т. Шонанұлы Халық Ағарту Комиссариатының жұмысын жандандыруды мақсат етеді. Ол бұған дейін де саяси істерде таныс болған ұстазы А. Байтұрсыновпен қайта қауышып, елдегі оқу-ағарту, жаппай сауатсыздықты жою ісіне белсене атсалысуына әкелді. Комиссариаттың түрлі оқулықтар шығару, аудармалар жасау жұмыстарына қол ұшын бере жүріп Т. Шонанұлы Қазақтың Халық Ағарту институтында оқытушылық жұмысын атқарады.  Ол оқытушы ретінде жастарды жаңа өмірге бейімделе отырып, елдің ертеңі үшін игілікті істер атқаруларына ықпал жасады.

Жасынан елінің тарихына, тұрмысына, тіліне деген үлкен ықылас оны осы жылдары Қазақстанды зерттеу қоғамының жұмысына да белсене араластырады.  Қоғамның жұмысына етене араласқан Т. Шонанұлы қоғамның тарих-этнография секциясының төрағалығына дейін көтеріліп, елінің тарихына қатысты құжаттар топтамаларын жинауға басшылық етті.

Т. Шонанұлы әсіресе тарихымыздың шынайы тұстарын ашу керектігін жете түсінді. Мұрағат құжаттары айқындап отырғандай, ол ең әуелі ұлт тәуелсіздігі жолындағы ірі көтерілістің бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың шынайы бет-пердесін  ашуға  ұйытқы болады. Соған орай дәлелді құжаттар негізінде жазу үшін секция  мүшелеріне арнайы тапсырмалар жүктеп, өзі де осы шараға орай түрлі  жұмыстар атқарды.

Т. Шонанұлы ел өмірінде оқу орындарының үлкен мәнге ие екенін ескере отырып, әсіресе білім алудың алғашқы баспалдағы саналатын  мектептер үшін оқу процесіне ең қажетті бағдарламалар жасау ісімен де шұғылданды. Ғылымның көптеген саласын жетік меңгерген ғалым еңбегінің тарих үшін ең қомақтысы – жер мәселесі болды. “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты көлемді зерттеу еңбегі Қазақстандағы ΧІΧ ғасырдың аяғы мен ΧΧ ғасырдың басындағы жер мәселесін ғылыми тұрғыда негіздейтін, дерек көздері бай, туған ұлты тарихының күрделі тұстарын айқындайтын іргелі еңбек болды.

Ғылыми еңбекте орыс отаршылдарының қазақ даласына сырттан жаппай қоныстандыру саясатының нәтижесінде жерсіз қалған қазақты болашақта жерге орналастыру мәселесіне қатысты Т. Шонанұлының ой-толғамдары бүгінгі күні еліміздің өткенін зерттеу ісіне үлкен қызмет көрсетіп, қайта жазылып жатқан тарихымыздың игілігіне жарауда.

Белгілі ғалым-ағартушы, қоғам қайраткері Телжан Шонанұлының  Қазақстан тарихы ғылымының дамуына қосқан үлесі мол. Ғалымның ғылыми шығармашылығының негізгі бағыттары: ағартушылық саласы, аудармашы, тіл, тарих, өлкетану салалары.

Т. Шонанұлының зерттеуші ғалым  ретінде қазақ елі тарихының күрделі кезеңдерін жан-жақты талдап, бізге үлкен ғылыми мұра қалдырды. Оны бүгінгі күнге жеткен 1926 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты көлемді 224 бет араб әрпімен жазылған ғылыми еңбегі мен “Англия һәм басқа мемлекеттердің Кеңес үкіметін тануы”, “Одақтас социал негізде құрылған Кеңес республикасы мен Англия арасында болған шарт”, “Ішкі һәм сыртқы саяси халдер” сынды тарихи-танымдық мақалалары болды.

Жер мәселесінің қашан да қазақ ұлтының тағдырындағы орны ерекше. Мұны ұлттық зиялы қауыммен бірге Т. Шонанұлы да ұғына біліп, сол себепті өзінің зерттеу еңбегінде мәселеге үлкен мән берді. Автор Патшалық Ресейдің отарлау саясатын, жер мәселесі жөніндегі саясатын сынайды.

Біздің пайымдауымызша, Телжан Шонанұлының осынау зерттеу еңбегіне, тарихшыларымыздың жас ұрпағы әлі талай мәрте үлкен ризашылық сезімімен назар салатындығы және оларды тың зерттеулер кәдесіне жарататыны сөзсіз.  Т. Шонанұлын тарихшы-ғалым ретінде жеке қарастырып, оның тарихи көзқарасына лайықты баға беретін зерттеу жұмысының да өмірге келетіні күмән тудырмайды.

Өкінішке орай, саяси көзқарасты алғашқы орынға қойған кеңестік билік жүйесі Т. Шонанұлының артына қалдырған мол ғылыми мұрасына менсінбеушілікпен қарап, саналы түрде пайдалануға тиым салды. Аса талантты ғалымының қажырлы еңбегін  ұзақ жылдар бойы оқырман назарынан тыс қалдырылды. Т. Шонанұлының қолтаңбасы қалған мол ғылыми мұрасы қазіргі тәуелсіз Қазақстанның игілігіне қажет екендігін  ескерсек, әділдікке жүгініп, тарихи шындыққа орын беруіміз қажет.

Түрлі ғылым саласын меңгеріп, оны халқының игілігіне жұмсаған Алаш қозғалысының көрнекті тұлғалардың бірі – Т. Шонанұлының өмірі мен сан-салалы ғылыми-ағартушылық еңбегі туралы дайындалған зерттеу жұмысымыздың қорытындысын аяқтай отырып, қайраткердің қазақ елінің болашағы мен өркендеуіне қатысты ой пікір  оның тарапынан ұсынылған мол мұралары бүгінгі жас ұрпақтың санасына жол табады деп сеніммен айтар едік. Ол қазақ тарихын шынайы жазуда тарихымыздың ақтаңдақ беттерініен көрінуі қажет деп білеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Сборник нормативно – правовых актов о реабилитации жертв массовых политических репрессиии. – Алматы: Жеті Жарғы, 1997. – 64 с.

2 Тәкенов Ә., Байғалиев Б. Телжан Шонанов // Халық кеңесі.                       – 1994. – 1 қараша

3 Репрессированная тюркология / Под ред. Ф.Д. Ашнина., В.М. Алпатова., Д.М. Насилова. – М.: Восточная литература, 2002. – 296 с.

4 Тәкенов Ә. Ату жазасына кесілген ару // Егемен Қазақстан. – 1997.                 – 8 қаңтар.

5 Баймуратова С.А. Педагогические наследие Телжана Шонанова: (ученого-энциклопедиста, педагога 20-30-х гг. в Казахстане): Автореф. дис. канд. пед. наук. – Алматы, 1997. – 21 с.

6 Құлманов Қ.С. Телжан Шонанұлының шығармашылық мұрасы: Филол. ғыл. канд. дис. автореф. – Астана, 2002. – 25 б.

7 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 253 б.

8 Ахмедов Ғ. Алаш “Алаш” болғанда. – Алматы: Жалын, 1996. – 224 б.

9 Мұқатова О. XIX-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы: Оқу құралы. – Алматы, 2002. – 152 б.

10 Дүкенбаева З.О. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы (1917-1941).  – Алматы. Ғалым, 2003. – 330 б.

11 Абикенова К.Е. Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасы (1894-1938 жж): Тарих. Ғыл. канд. дис. Автореф. –Алматы, 2007. — 24 б.

12 Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. (Архив Президента РК). – Алматы: Қазақстан, 1998. – 336 с.

13 Хрестоматия по новейшей истории Казахстана (1917-1939 гг.) / Под ред. К.С. Каражан: В 2-х т. – Алматы: Санат, 2002. – Т.1. – 408 с.

14 Тәкенов Ә., Байғалиев Б. Телжан Шонанов // Егемен Қазақстан. – 1995. – 5 қараша.

15 Абикенова К.Е. Телжан Шонанұлы туралы зерттеулер // Қазақ тарихы. – 2005. – № 5.  – 58-60 бб.

16 Қозыбаев М. Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихын зерделеу // Отан тарихы. – 1999. – № 4. – 2-9 бб.

17 Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3 т. – 768 б.

18  Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 365 б.

19 Бөкейханов Ә. Шығармалар / Құрастырып, кіріспесін және өмірбаяндық ғылыми мақаласын жазған: М. Қойгелдиев. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 б.

20 Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы // Қазақ. – 1917. – 23 декабрь.

21 Мұқанов С. Өмір мектебі [Роман]: 1-3 кітап. – Алматы: Жазушы, 1970. – 3 кітап. – 471 б.

22 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлының ағартушылық қызметі // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2005. – № 3 (38). – 127-130 бб.

23 Шонанұлы Т. Іс һәм идея // Ақ жол. – 1921. – 14 сәуір.

24 Шонанұлы Т. Оқу бұрын бұл һәм күнде // Қызыл Қазақстан. – 1923. – № 22. – 90-92 бб.

25 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлының ағартушылық қызметі // ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2005. – № 3 (38). – 127-130 бб.

26 Шонанұлы Т. Қазақ Ғылым кеңесінің жұмысы // Қызыл Қазақстан. –1923. – № 19-21. – 103-105 бб.

27 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлы ұстаз-ғалым ретінде // Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында: Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары, 25-26 мамыр 2005 жыл.  – Алматы, 2005. – 225-227 бб

28 Шонанұлы Т. Орта Азиядағы латын әліппесі // Еңбекші қазақ. – 1927. – 16 маусым.

29 Шонанұлы Т. Жаңа әліп майданында кезекті мақсатымыз // Жаңа мектеп. – 1929. – № 8. – 22 б.

30 Шонанұлы Т. Татар жаңа әліппесі // Жаңа мектеп. – 1929. – № 7. – 10 б.

31 Абикенова К.Е.  Т. Шонанұлы ұстаз-ғалым ретінде // Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында: Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары, 25-26 мамыр 2005 жыл.  – Алматы, 2005. – 225-227 бб

32 Абикенова К.Е. Т. Шонанұлы еңбектеріндегі тіл мәселесі // Методологические и конкретно-исторические проблемы изучения отечественной истории: Материалы международной научно-практической конференции “Касымбаевские чтения”. –  Алматы, 2005. – 171-173 бб.

33 Абикенова К.Е.  Мектептегі өлкетану жєне   Т. Шонанұлы // Отандық және әлемдік тарихтың маңызды мәселелерін қазіргі көзқарас тұрғысынан талдау: Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары,  25-26 мамыр 2006 ж.    – Алматы, 2006. – 573-575 бб.

34 Шонанұлы Т. Мектепте аймақтану // Жаңа мектеп. – 1925. – № 3.                     – 31-36 бб.

35 Шонанұлы Т. Нұх кезіндегі топан деген не? // Жас қазақ. – 1924. – № 5-6. – 82-88 бб.

36 Шонанұлы Т. Тамшының тарихы // Жас қазақ. – 1924. – № 5-6. – 77-78 бб.

37 Шонанұлы Т. Жағрафияның алғашқы сабақтары // Жаңа мектеп. – 1927. – № 1-2. – 47-49 бб.

38 Шонанұлы Т. Жағрафияның алғашқы сабақтары тарихы // Жаңа мектеп. – 1924. – № 7-8. – 49-53 бб.

39 Байтұрсынұлы А. Ақжол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

40 Шонанұлы Т. Жаңалыққа жетекші. – Қызылорда, 1929. – 36 б.

41 Шонанұлы Т. Диаграмдар мен графиктер қандай болады, қалай салынады? – Ташкент, 1929. – 40 б.

42 Бегалиұлы Ғ., Жиенбаев С., Шонанұлы Т. Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі. – Қызылорда: Қазбас, 1935. – 122 б.

43 Шонанұлы Т. Сәкеннің тілі // Социалистік Қазақстан. – 1935. – 5 шілде.

44 Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: Фолиант, 2002. – 474 б.

45 Байтұрсынов А., Шонанов Т. Алма-Ата қаласының және Алма-Ата уйезінің атын Алматы деп өзгерту туралы Жетісу губерниялық атқару комитетінің қорытындысы туралы // ҚРОМА. 81 – қор.; 1 – тізбе, 313 – іс. – 35 п. – № 3 хаттама.

46 Сарыбаев Ш. Телжан Шонанұлы // Ана тілі. – 1991. – 4 шілде.

47 Абикенова К.Е. Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасы (1894-1938 жж): Тарих. Ғыл. канд. дис. Автореф. –Алматы, 2007. — 24 б.

48 Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1994.                       – 224 б.

49 Шоқай М. Таңдамалы: 2 томдық. – Алматы: Қайнар, 1999. – 2 т. – 520 .

50 Кемеңгеров Қ. Таңдамалы. – Алматы: Қазақстан, 1996. – 296 б.

51 Байтұрсынов А. Шаруашылық өзгеріс // Қазақ. – 1913. – 14-16 мамыр.  

52 Байтұрсынұлы А. Ақжол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

53 Қазақстан тарихы очеркі. Көне заманнан бүгінге дейін.                                   – Алматы, 1994. – 240 б.