АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Иран-Америка қарым-қатынастары мен қақтығысы

ЖОСПАР

 

Кіріспе ……………………………………………………………….…..….

 

1 ТАРАУ ИРАН-AМЕРИКА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ УШЫҒУЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІ……………………………………………..

1.1. Иран мемлекетінің ядролық саясаты…………………………..….…

1.2. Иранның ядролық бағдарламасы – Иран-Америка қақтығысының өзегі 1.3. БҰҰ-ның позициясы. Келісім-шарттары мен санкциялары…………

 

2 ТАРАУ  АҚШ-ТЫҢ ИРАНҒА ҚАРСЫ САЯСАТЫНА СЫРТҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ КӨЗҚАРАСЫ………………………………………………….

2.1. Ресей мен Қытайдың ұстанымы……………………………………………………..

2.2. Батыс елдерінің көзқарасы ……………………………………………………………

 

ҚОРЫТЫНДЫ ……………………………………………………………………………………..

ПАЙДАЛАНҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………………..

 

Кіріспе

 

Жалпы сипаттамасы. Иран-Америка қақтығысына қатысты ірілі-ұсақты материалдар аз жазылған жоқ. Олар қазіргі заманның ушығып тұрған бұл мәселесіне әр қырынан келеді. Сарапшылар мен зерттеушілер қақтығыстың басты қатысушыларының, яғни, Иран мен Американың халықаралық жағдайын ескере отырып, әр тараптың өзіндік шындығын ашуға тырысады.

«Иран-Америка қақтығысы» атты дипломдық жұмыс осы тақырыпқа арналған сараптамалық-зерттеу еңбектерінің заңды жалғасы болып табылады. Дипломдық жұмыс Иран-Америка қақтығысының туындау себептеріне, жалпы сипаты мен халықаралық қарым-қатынастардың қатарында алатын орнына, мән-маңызына арналады.

Жұмыстың басты айырмашылығы – осы қақтығыстағы АҚШ-тың агрессиялық рөлін көрсете отырып, Иранның қорғаныстық бағытына баса назар аудару. Сондай-ақ, аталмыш қақтығысқа қатысы бар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) іс-әрекетін, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) позициясын, басқа мемлекеттердің көзқарасын, оның ішінде Ресей мен Қытайдың қандай позиция ұстанып отырғанын ашып көрсетуге талпыныс жасалады.

Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі таңда Иран-Америка қақтығысы халықаралық қарым-қатынастардың қатарында аса маңызды орын алатын, әлемдік қауіпсіздікке елеулі әсерін тигізетін, геосаяси жағдайлардың өзгерісіне алып келуге қабілетті, мейлінше өзекті мәселеге айналып отыр.

Бүгiнде әлем назары Иран Ислам Республикасында. Өйткенi, бұл мемлекет уран өндiрудi қолға алып, оны өңдеуге батыл кiрiсiп кеткен. Әлбетте, ядролық технологияларды игерудің екіжақты қыры бар. Уранды түрлі деңгейде байыту арқылы оны бейбіт мақсатта да, әскери мақсатта да қолдануға болады. Осыған орай, әлем қауымдастығы Иран атом қаруын жасап, дүниенi дүр сiлкiндiре ме деп қауiптенедi. Әсiресе, Иранға қырғи-қабақ танытып, қырын қарап отырған Америкада маза жоқ. Сондықтан да соның айтақтауымен өркениеттi елдердiң бiрқатары Иранға уран өндiрудi, оны өңдеудi тоқтатыңдар деп, жан-жақтан қысым көрсетуде. Әлем елдері Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуына алаңдап, қақтығыстың негізгі өзегіне айналған Ирандағы ядролық бағдарламаның дамуына үреймен қарауда. Ал Иран болса, алған бетiнен қайтар емес. Ядролық бағдарлама бойынша Иранның көзқарасы баршаға белгiлi. «Бiз уранды тек бейбiт мақсатта ғана пайдаланамыз, атом қаруы бiзге қажет емес», – деп, ант-су iшіп, сендіруде. Тегеранның пікірінше, 70 миллион халқы бар Иран үшiн экономикалық тұрғыда уран өндiрiсi керек. Елдің ядролық технологиямен айналысуға толық мүмкiндiгі бар.

АҚШ болса, өзінің Иранға қарсы саясатын ирандық ядролық бағдарламаның әскери мақсатта құрылып отырғанына негіздеуде. Сөйтіп, ол Иран ядролық қару жасауға талпынуда деп тұжырымдап, әлем елдеріне өзінің догматикалық көзқарасын таратып отыр және сол көзқарасты берік орнықтыру жолында түрлі айла-шарғыға баруда.

Әрине, атомдық бомбаның қауіпінен қорқатын бүкіл адамзат ядролық державалардың қатарының көбеюіне қарсылық білдіреді. Сондықтан, әлем елдері ақпарат майданында басымдық көрсетіп отырған АҚШ-тың және оның жақтастарының ирандық ядролық саясатының өңін айналдырып таратып отырған хабарларына шошына қарайды. Олар Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта жүзеге асатынына күдік білдіре отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесі арқылы Иранның әкімшілік орталығы – Тегеранға қарсы саяси-экономикалық санкциялар жариялап, айтарлықтай қысым көрсетуде.

Иранның басқа мемлекеттер тәрізді атомды бейбіт мақсатта қолдануға толық құқығы бар. Міне, осы тараптан алғанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болып табылатын, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойған Иранның ядролық саясатының жүзеге асуы аса бір өзекті мәселеге айналып отыр.

Тақырыптың мақсаты мен міндеті. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты – Иран-Америка қақтығысының жалпы табиғатын ашу. Яғни, бұл қақтығыстың негізгі қатысушыларын айқындап, олардың әлемдік қарым-қатынастардың арнасында алатын орнын, мән-маңызын ашып көрсету. Осыған сәйкес, Иран-Америка қақтығысының туындауының негізгі себептерін ашып, оның дамуының сипатын көрсету, екі ел қарым-қатынастарының келешекте қалай өрбитініне болжам жасау және олардың әлемдегі геосаяси жағдайға тигізетін әсерін анықтау зерттеу жұмысының негізгі мақсаты болып табылады.

Дипломдық жұмыстың мақсатына орай мынадай нақты міндеттер қойылды:

  • Иран мемлекетінің ядролық саясатының даму хронологиясын жасау;
  • Иран-Америка қарым-қатынастарының даму сипатын айқындап алу;
  • Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуының нәтижесінде пайда болған қақтығыстың негізгі себептерін ашып көрсету;
  • Иран-Америка қақтығысының өзегі болған Иранның ядролық бағдарламасының сипатын айқындау;
  • Әлемдік қауымдастықтың, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) позициясын ашып көрсету;
  • Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) келісім-шарттары мен санкцияларын сараптау;
  • АҚШ-тың басқа мемлекеттер мен Біріккен Ұлттар Ұйымына ықпалын көрсету;
  • АҚШ-тың Иранға қарсы саясатына сыртқы мемлекеттердің көзқарасын айқындау;
  • Иран мемлекетінің ядролық саясатына байланысты Ресей мен Қытайдың ұстанымын көрсету;
  • Батыс елдерінің ирандық ядролық бағдарламаға көзқарасын анықтау;
  • Иран-Америка қарым-қатынастарының келешекте қалай өрбитініне болжам жасау және олардың әлемдегі геосаяси жағдайға тигізетін әсерін анықтау.

Зерттелу әдістемелік негізі. Тақырыпты зерттеуде халықаралық қарым-қатынастар ілімінің қол жеткізген жоғары жетістіктері негізге алынды. Атап айтқанда, халықаралық қарым-қатынастарды зерттеу білімі, тарих, философия, саясаттану, экономика, әлеуметтану және дінтану салаларындағы аталмыш мәселеге қатысты мақалалар, жарияланымдар, теориялық тұжырымдар, зерттеулер мен болжамдар қаралды. Дереккөздері ретінде саясаткерлердің мәлімдемелері, жария сөздері, сұқбаттары, пікірлері, тарихшылар мен философтардың теориялық тұжырымдары, саясаттану, экономика, әлеуметтану және дінтану мамандарының, сарапшыларының зерттеулері мен болжамдары, журналистер мен репортерлердің жарияланымдары пайдаланылды. Нақты мәліметтерді жинақтау, сараптау, топтау, салыстыру, талдау және сипаттама беру, болжам жасау, ой түйіндеу, қорытындылау әдістері қолданылды.

Тақырыптың құрылымы.Жоспардан,кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Екі тарау бес тараушаға бөлінген.

Бірінші тарауда Иран-Aмерика қарым-қатынастарының ушығуының негізгі себептері. Иран мемлекетінің ядролық саясаты, Иранның ядролық бағдарламасы – Иран-Америка қақтығысының өзегі, БҰҰ-ның позициясы. Келісім-шарттары мен санкциялары зерттелген.

Екінші тарауда АҚШ-тың Иранға қарсы саясатына сыртқы мемлекеттердің көзқарасы, Ресей мен Қытайдың ұстанымы, Батыс елдерінің көзқарасы.

Нәтижесінде жұмыс бойынша қорытынды шығарылып, қойылған мақсаттары мен міндеттеріне қорытынды шығарылды.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі жалпы теориялық әдебиеттерден, деректерден, монография мен мақалалардан тұрады.

Дипломдық жұмыс  беттен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Иран-Америка қарым-қатынастарының ушығуының негізгі себептері

 

1.1. Иран мемлекетінің ядролық саясаты

 

Ирандық ядролық бағдарлама 1967 жылы Америка Иранның шахы Мохаммед Реза Пехлевиге қуаты бес мегаватт атомдық реактор бергеннен кейін жүзеге аса бастады. Одан кейін реактордың құрылысына технологиялық көмекті Германия мен Франция көрсетті. Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа 1968 жылы қол қойып, оны 1970 жылы ратификациялады. 1974 жылы «Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымы» (АЕОІ) құрылды. Бұл ұйым АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің қолдауымен құны 30 миллиард долларға жуық болатын 23 ядролық энергоблоктың құрылысының жоспарын жасады. Бағдарлама 25 жылға есептелінген болатын. Сол жылы Иран 4 атомдық реактор сатып алды: екеуін – Франциядан және екеуін – Германиядағы Siemens KWU компаниясынан. 1977 жылы Германия және 4 реактор сатып берді. 1978 жылы Иран қуаты 5 мегаватт болатын американдық зерттеу реакторына ие болады. Иранмен атомдық энергетика саласындағы ынтымақтастықты Аргентина да бастайды. Ал, Батыс Германия Буширдегі АЭС-тің екі блогының құрылысына кірісіп кетеді.

Алайда, 1979 жылы Иранда ислам революциясы бұрқ ете түсіп, шах қашып кеткеннен кейін құрылған жаңа үкімет АЭС құрылысынан бас тартады. Елден шетелдік мамандар ғана емес, ядролық бағдарламаға қатысқан ирандықтардың үлкен бөлігі де кетіп қалады. Ирандағы жағдай тұрақталғаннан кейін ел басшылығы ядролық бағдарламаны жүзеге асыруды жаңғыртуға шешім қабылдайды. Исфаханда Қытайдың көмегімен оқу-зерттеу орталығы құрылады. Бұл орталық ауыр суды пайдаланатын зерттеу реакторымен жұмыс істейді. Уран кеніші өз қызметін жалғастырады. Осымен бір мезгілде Иран уранды байыту және ауыр суды өндіру технологияларын сатып алу жөнінде Швейцариядағы және Германиядағы компаниялармен келіссөздер жүргізеді. Ирандық физиктер Амстердамдағы ядролық физика мен биік энергиялар физикасының ұлттық институтына және Нидерландыдағы Петтен ядролық орталығына барып жүрді.

1992 жылы Ресей мен Иран арасында атомдық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісім жасалады. Бұл келісім бірнеше бағытты мақсат тұтты: ядролық технологияларды медицинада, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте пайдалану, ядролық физика саласындағы фундаменталды зерттеулер және т.б. 1995 жылы Ресей Буширдегі АЭС-тің бірінші блогының құрылысын аяқтау жөнінде келісімге қол қойды. Ресейлік «Атомстройэкспорт» компаниясының мамандары Бушир АЭС-індегі істерді талдап, нәтижесінде германиялық мердігердің Ираннан кеткенінен кейінгі алаңда қалған құрылыс конструкциялары мен жабдықтарды пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. Дегенмен, түрлі типтегі жабдықтарды жымдастыру қосымша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және құрылыс-монтаж жұмыстарының үлкен ауқымын жүргізуді қажет етті. Ел ішінде ядролық бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалатын үлкен шығынды ескере отырып, қарсы болғандар да табылды. Өйткені, германиялық мердігер АЭС-ке бөлінген ақшаны қайтармай кеткен еді.

Қуаты 1000 мегаватт болатын бірінші энергоблоктың құны 1 миллиард долларды құратын еді. Ресейлік жоба бойынша реакторларды жеткізуші «Объединенные машиностроительные заводы» компаниясы, ал машина залдарының жабдықтарымен қамтамасыз етуші «Силовые машины» компаниясы болатын. «Атомстройэкспорт» АЭС-тегі жабдықтарды монтаждауды 2007 жылдың басында бітіруді жоспарлаған болатын. Ал АЭС-ке жылу бөлетін элементтердің жеткізілуін 2006 жылдың күзінен қалдырмау шешілген еді. Буширге қажет отын өндіріліп, Новосибирсктің химиялық концентраттар зауытында сақталынды. «Атомстройэкспорт» Ирандағы екінші АЭС-тің құрылысына да (ол оңтүстік-батыстағы Хузестан провинциясында жоспарланды) қатысуға дайындығын білдірген-тұғын. 1998 жылы Бушир АЭС-інің құрылысы басталады.

Алайда, Парсы шығанағында емес, бүкіл Орталық Азия аумағында саяси-экономикалық даму тұрғысында басымдық таныта бастаған мұсылман мемлекетінің өз ядролық саясатын жүргізуіне әлемнің жетекші елдері сескене қарады. Сөйтіп, олар алдын-ала сақтық шараларына кіріседі. 2003 жылдың аяғында Франция, Германия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрліктерінің басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қосымша хаттамаға қол қоюға келісім беруін айтып, Иранды үгіттеді. Қосымша хаттама бойынша МАГАТЭ инспекторлары кез-келген ирандық нысананы тексеруге құқылы еді. Бірақ, бұл құжатты Иран парламенті ратификацияламады. Сондықтан, Иран МАГАТЭ инспекторларының тексерістер жөніндегі талаптарына көбіне-көп құлақ аспайды. Дегенмен, МАГАТЭ инспекторлары Иранда уран байытуға арналған центрифугаларды тауып алады.

2004 жылдың тамызында Мәскеудегі Иран елшісі өз елінің Ресейге өңделген ядролық отынды (ӨЯО) қайтаруға келісетінін және таяу арада бұл турасында келісім-шартқа қол қоятынын мәлімдейді. Бұған дейін Ресейдің Атом энергиясы жөніндегі федералдық агенттігі Бушир АЭС-інің бірінші блогына ядролық отынды жеткізу Ресейге ӨЯО-ны қайтару жөніндегі хаттамаға қол қойылысымен жүзеге асатынын мәлімдеген-тұғын.

2004 жылдың 18 қыркүйегінде МАГАТЭ Иранның ядролық басқармасы бойынша қатаң қаулы қабылдайды. Қаулыға сәйкес, Иран 25 қарашаға дейін уранды байытумен байланысты барлық жұмыстарды тоқтатып, өз нысаналарын халықаралық инспекторларға ашып беруге тиіс болатын. Осыншалықты қатаң қаулыны Иран басшылары наразылық тудырарлықтай деп тауып, Иранның уран байытуды тоқтатуымен байланысты ультимативтік талаптардың ешбірін қабылдамайтынын мәлімдейді. Сөйтіп, араға үш күн салып, Иран уранды байытудың бірінші кезеңіне кірісіп, уран рудасын кең масштабта қайта өңдеудің басталғанын хабарлайды. 37 тонна руданы алғаш өңдеп көру табысты өтеді. Одан әрі өңделген руда арнайы центрифугаларда байытылатын болады. Батыс сарапшыларының пікірінше, бұл процестің нәтижесінде алынған байытылған уран бес атом бомбасын жасауға әбден жетеді. Осымен бір мезгілде Иран президенті Мохаммад Хатами Тегеранның ядролық қару жасауға талпынбайтынын мәлімдейді. Оның пікірінше, бұл ұлттың діні мен мәдениетінің талаптарына қарама-қайшы келеді. Дегенмен, Иран 2004 жылдың 15 қарашасында уранды байыту жөніндегі жұмыстарын 22 қарашадан бастап тоқтатуға келіседі. Оның үстіне Еуроодақ өкілдері Иранға ядролық отын мен атомдық технологиялар жеткізіп отыруға, сондай-ақ, жеңіл су негізінде жұмыс істейтін реактор беруге уәде еткен еді.

2005 жылдың 27 ақпанында Ресей мен Иран Бушир АЭС-інен өңделген ядролық отынды міндетті түрде Ресейге қайтару жөніндегі хаттамаға қол қояды. Ал, 2005 жылдың 28 сәуірінде Иерусалимге барған сапарында Ресей президенті В. Путин ресми түрде мәлімдеме жасап, Ресейдің Иран жағының толық ядролық циклдің технологияларын жасаудан бас тартуын және Ирандағы ядролық нысандарды МАГАТЭ-нің бақылауына қойылуын жақтайтынын жеткізеді. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі мәселе бойынша АҚШ пен Ресей арасында компромиске келу мүмкіндігі пайда болады. Бірақ, 2005 жылдың 26 маусымында Иран президенті болып Махмуд Ахмадинежад сайланғаннан кейін Еуроодақ елдерімен және АҚШ-пен келіссөздердегі Тегеран позициясы қатая түседі. 2005 жылғы тамыздың 2-і күні Ұлыбританияның, Германияның және Францияның сыртқы істер министрлері Иранға нота жібереді. Бұл құжатта уранды өңдеу жұмыстарының жаңғыртылуы ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді ақырына алып келеді деп көрсетілген. Иран «еуроүштіктің» уранды өңдеу жұмыстарын жаңғыртпау жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай, тамыздың 8-і күні Исфахандағы ядролық орталықтың пломбаларын алып тастап, уранды конверсиялау жұмыстарын жалғастырады. Тамыздың 9-10-ы күндері МАГАТЭ Иранның 2004 жылы қабылданған Париж келісімін бұзғанын Венадағы шұғыл мәжілісте хабарлайды. 24 қыркүйек күні МАГАТЭ-нің Басқарушылар кеңесі ирандық досьені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тапсыру мүмкіндігі туралы қаулы қабылдайды.

Ирандағы ядролық бағдарламаның дағдарысын жұмсарту мақсатында Ресей 2005 жылдың 3 қарашасында Иранға ресейлік аумақта уранды байыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы ұсыныс жасайды. Иран бұл ұсынысқа қызығушылық танытқанын мәлімдейді, бірақ, нақты жауабын бермейді. Ал, 2005 жылдың 20 қарашасында ирандық парламент МАГАТЭ-нің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ирандық досьені тапсырған жағдайында Тегеран өзінің ядролық зерттеулерін жаңғыртатыны жөнінде қаулы қабылдайды.

Осы кезде батыс саясаттанушылары ультраконсерватор деп таныған Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың Израильге байланысты айтқан қатқыл сөздерінен кейін оған қарсы ұйымдастырылған ақпарат майданы өршіп тұрған еді. 2005 жылдың желтоқсанында БАҚ арқылы Иранның ядролық нысаналарына қарсы Израильдің дербес әскери операция жасауы мүмкін екені туралы хабар таратылады. Ал, 2006 жылдың қаңтарында әлемдік қауымдастық Иранның өз аумағында уранды байытуына қарсылығын білдіреді. Өйткен жағдайда Тегеран ядролық қару жасауға кіріседі деген қорқынышта болады. Иран болса, ешқандай компромиске бармай, өзінің ядролық бағдарламасын дамытуға құқығы барын алға тартады. Мәскеу екі арада делдалдық қызмет етуге тырысады: ол 2005 жылдың күзінде-ақ Тегеранға уранды ресейлік аумақта байытуға ұсыныс жасаған еді. Тегеран ұзақ уақыт бойы іс жүзінде ресейлік ұсыныстан бас тартып, оның сабыр сақтау, әлемдік қауымдастықты арандатпау туралы ақылына құлақ аспайды. Мәскеу өз идеясын әлемге паш етсе де, Тегеран бірнеше ай бойы ондай ұсыныс алмағандай сыңай танытады.

Тегеранның позициясы 2006 жылы қаңтардың басында ғана өзгереді. Қаңтардың 7-8-і күндері Тегеранға сапарлатып келген ресейлік делегация РФ Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Валентин Соболев бас болып келіссөздердің бірінші раундын өткізеді. Алайда, екі жақ кеңесуді одан әрі жалғастыру жөнінде ғана келісімге келеді. Екі аптадан кейін Тегеран тағы да ресейлік ұсынысқа қызығушылық танытқан түр көрсетеді. Келіссөздер бір айға жуық жалғасады. Президент Путин мен Росатом басшысы Сергей Кириенко қатысқан ресейлік жақ аса бір оптимистік мәлімдемелер жасайды. Сөйтседе, Иран Батысқа да, Ресейге де қабылдамауға келмейтін шарттар қояды: бірлескен кәсіпорынның жұмысын екі жылмен шектеу, бұдан соң уранды байыту Ресейден Иран аумағына көшуі тиіс; ирандық мамандардың ресейлік нысандарға бара алуы; Иранның ядролық саладағы өз зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыру құқығын бекіту. Мұнымен қоймай, Иран осы жылдың қаңтар айының басында МАГАТЭ-ні өзінің ядролық зерттеулерін жүргізетіні жөнінде ескертеді. Қаңтардың 10-ы күні Иран билігі МАГАТЭ өкілдерінің қатысуымен елдің Натанздағы, Парстағы және Фараяндағы ядролық зерттеу орталықтарынан пломбаны алып тастады.

2006 жылдың 29 қаңтарында Иран өзінің «Лавизан-Шиян» әскери нысанасында демонтажға дейін пайдаланылған жабдықтарын тексеру жөнінде МАГАТЭ-нің сауалын қанағаттандырып, осы мекеменің бас директорының орынбасары Олли Хейнонен бастаған инспекторлар тобына рұқсат береді. Инспекция аяқталған соң Хейнонен өз хабарламасында Иранның бұрынғы ядролық қызметімен байланысты бірқатар мәселені анықтай алмағандарын, сондай-ақ, оның бейбіт ядролық қызметіне қатысты жаңа сұрақтар туындағанын айтады. Атап айтқанда, оның сөздеріне қарағанда, сонау 2005 жылдың қарашасында-ақ МАГАТЭ сарапшыларының қолына уран гексафторидін металдық уранға өңдеп айналдырудың және одан жартылай шеңберлер жасаудың (бұлар тек әскери ядролық зарядтарда қолданылады – бейбіт энергетика саласында емес) процесі суреттелген ирандық құжаттар тиген. Ертеңіне еуропалық «үштіктің» Иран Ұлттық қауіпсіздігінің жоғары кеңесі хатшысының орынбасары Джавад Ваидимен ирандық ядролық бағдарлама бойынша жүргізген келіссөздері нәтиже бермейді. Тегеран кезекті рет өзінің диалогты жүргізе беруге даяр екенін, бірақ, ядролық саладағы зерттеулерін тоқтатпайтынын мәлімдейді. Осы келіссөздерден кейін бірнеше сағаттан соң Лондонда бас қосқан Ресей, Еуроодақ, АҚШ және Қытай Иранның ядролық досьесін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тапсыру жөнінде келісімге келеді. Рас, Мәскеу мен Пекин тағы бір уақыт шегеріліміне қол жеткізеді: әзір БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі ирандық ядролық бағдарламасы жөнінде тек «хабардар» болып қана қояды, бірақ, ең құрығанда наурыз айына дейін Иранға қарсы ешқандай санкциялар енгізбейді.

2006 жылдың 1 ақпан күні Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Бушир провинциясына барған сапарында былай деп мәлімдейді: «Иран халқы бейбіт ядролық энергияны толық игеру жолында одан әрі жылжи береді және ядролық салада өзінің заңды құқығын табанды түрде қорғайды… Батыс өркениеттен тыс екінші сортты адамдармен түйісіп қалдым деп ойлайды. Біз болсақ, ғалымдарымыздың көмегімен бүкіл Иран бойынша жалпы қуаты 20 мың мегаватты құрайтын атом электр станцияларын салуға ниеттіміз… Еуропалықтар мен Батыстың тілі – Орта ғасырлардың жаңғырығы. Олар өздерінің колониалдық армандарымен өмір сүруде. Бірақ, біздің халық бүкіл әлем үшін шешім қабылдай аламыз деп ойлайтын бұл деспоттық мемлекеттердің алдында шегінбейді». Ертеңіне Мәскеудегі ирандық елшілік Иранның сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін таратады. Ол іс жүзінде Иран мәселесі БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тапсырылған жағдайда  Тегеранның МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын жою жөнінде ультиматум болды. Алайда, бұл мәлімдеме жағдайды өзгертуге қабілетсіз еді. 4 ақпан күні МАГАТЭ-нің Басқарушылар кеңесі 27 дауыспен (үшеуі – қарсы, бесеуі – қалыс қалды) Иранның ядролық бағдарламасының әскери сипатына қатысты қауіпті жоққа шығару үшін қажет қадамдары туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне хабарлау туралы шешім қабылдайды. Бұған  қарсы жауап ретінде МАГАТЭ-дегі ирандық өкілдіктің басшысы Джавад Ваиди Иранның өз нысаналарында халықаралық инспекцияны шектеп, уранды байыту жөніндегі кең ауқымды бағдарламаға кірісетінін мәлімдейді. Сол күні Иран президенті Махмуд Ахмадинежад ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қосымша хаттаманы орындауды тоқтатуға және энергияны өңдіру үшін бейбіт ядролық технологияларды пайдалану мақсатында барлық зерттеу және өнеркәсіптік қызметін бастауға бұйырады.

Тегеран Иранға қарсы ұйымдастырылған науқанның дамуына өзі де  мұрындық болғандай еді. Ол еуропалық серіктестерімен жасаған келісімдерді бұзды. Ал, ақпанның 6-сы күні Мұхаммед пайғамбарды келемеждеген каррикатураның жарияланымына байланысты басқа мұсылман елдері Еуропа елдерінің елшіліктеріне жасаған шабуылдары үшін кешірім сұрап жатқан кезде Ирандағы еуропалық дипломатиялық өкілдіктеріне шабуылдың одан әрі өрши түскен еді. Бұл тап сол 2006 жылдың ақпан айының басында Ахмадинежадтың мәлімдемесінен кейін болған оқиға-тұғын. Тіпті, оны Иранның ядролық бағдарламасына қарсы арандатушылық әрекет еді деп тұжырымдауға болады.

МАГАТЭ ирандық досьені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ақпанның 7-і күні өткізеді. Ал, 11 ақпанда Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Тегеранның бейбіт атомды дамытуға деген өз құқығынан бас тартпайтынын және Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттан шығатынын мәлімдейді. Сөйтіп, МАГАТЭ-нің штаб-пәтеріне өзінің ядролық нысаналарынан агенттіктің пломбалары мен бақылаушы видеокамераларын алып тастау туралы талабын жібереді. Ертеңіне МАГАТЭ өкілдері Иранның талабын орындауға мәжбүр болады.

2006 жылдың 26 ақпанында Иранның вице-президенті Гулям Реза Агазаде ресейлік ұсыныс жөнінде Росатом басшысы Сергей Кириенкомен болған келіссөздердің табысты аяқталғанын және таяу уақытта Мәскеуде екі жақты техникалық консультациялар басталатынын мәлімдейді. Кириенко өз тарапынан Ресейдің Буширдегі атом электр стансасының қосылуын қамтамасыз ететін ядролық отынды мерзімінде жеткізетіні жөнінде хабарлады. Сол тұста АЭС құрылысында Ресейдің үш жарым мыңнан астам маманы жұмыс істеп жатқан еді.

2006 жылдың наурыз айының алғашқы аптасында Ресей Иранның төңірегіндегі жағдайды реттеуге бар күшін салады, ал Иран өзінің «ядролық досьесінің» БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне берілуіне бөгет қоюға тырысады. Алдымен ирандық делегация 1 наурызда Мәскеуде болып, уранды байытуға мораторий режиміне қайта оралудың мүмкін еместігін мәлімдейді. Сосын делегация Венаға барып, «еуроүштікпен» (Ұлыбритания, Германия және Франция) келісуге тырысады. 3 наурызда «еуроүштік» Тегеранның жаңа бастамасынан бас тартады: уранды өнеркәсіп көлемінде байытудан екі жылдық мерзімге бас тарту, алайда, байыту жөніндегі жұмыстарды лабораторлық жағдайда жалғастыру. 4 наурызда Иранның Ұлттық қауіпсіздігінің Жоғарғы кеңесінің хатшысы Әли Лариджани бастаған делегация Мәскеуге оралып, Ресей Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Игорь Ивановпен жабық келіссөздер жүргізеді. 5 наурызда Иран әлемдік қауымдастыққа психологиялық қысым жасауға тырысады: бір жағынан, ол Ресеймен немесе «еуроүштікпен» келісім таяу сағаттарда шешіледі деп мәлімдесе, екінші жағынан, МАГАТЭ ирандық ядролық досьені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тапсырысымен бұл келісім бұзылады деп мәлімдеді.

2006 жылдың 8 наурызында МАГАТЭ басшысы Әл-Барадейдің баяндамасын тыңдап, МАГАТЭ ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі мәселені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне көлденеңнен қою туралы шешім шығарады. 12 наурызда Иранның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хамид Реза Асефи уранды байыту жөніндегі ресейлік ұсыныстан түбегейлі бас тартқаны жөнінде мәлімдеме жасады. Сөйтіп, Иран басшылығы АҚШ-тың шылауында кеткен Мәскеудің «сатқындығына» осылайша жауап береді. Ирандық мәлімдеме бұқаралық ақпарат құралдарында Иранмен арадағы келіссөздер барысында ресейлік делегацияның аты аталмаған мүшесінің пікірі жарияланғаннан кейін артынша-ақ жасалды. Делегация мүшесі былай пікір білдірген-тұғын: «Ресей уранды байыту жөнінде бірлескен кәсіпорынды құру – егер ирандық жақ МАГАТЭ талаптарын орындамаса – мүмкін болмайды деп есептейді». Сонымен қатар мәлімдемеде ирандық нысаналар үшін уранды байыту бойынша бірлескен кәсіпорынды көрші Түркияның аумағында құру туралы Иранның ұсынысы «абсурдты» және «абсолютті түрде қабылдауға келмейді», – деп бағаланды. Бұл идеяны ирандықтар ресейлік ішкі істер министрі Сергей Лавровтың Вашингтонға үш күндік (6-8-наурыз) сапарынан кейін алға тартты: екі жақ ирандық мәселе бойынша түсіністік тапқанын және Ираннан МАГАТЭ-нің талаптарын орындауын күтетінін білдірді.

2006 жылдың 11 наурызында Иранның ішкі істер министрі Мұстафа Пурмохаммади егер БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі санкцияларды енгізуге дауыс берер болса, Иран да мұнайды тоқтам салудың саяси қаруы ретінде қолдана алатынын мәлімдеді. Ертеңіне оның әріптесі – Иранның сыртқы істер министрі Манучер Моттаки бұл мәлімдеменің мәнін өзгертеді. Дегенмен, ол Иран өзінің ядролық саясатын қайта қарай алатынын және де егер Иранды уран байыту және ядролық отынды өндіру құқығынан айырса, ол Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттан шыға алатынын айтып қорқытты.

2006 жылдың 30 наурызында Берлинде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елдердің (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ресей және Қытай) және Германияның сыртқы істер министрлері ирандық ядролық мәселені шешу жолдарын табу мақсатында кездесу өткізеді. Алтаудың екеуі – Ресей мен Қытай – Иранға қарсы қандай да болмасын санкциялар енгізуге қарсы болады. Берлиндік кездесудің қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірлескен мәлімдемеге қол қояды. Оның мәтінін үш апта бұрын Ұлыбритания мен Франция ұсынған еді. Осы мәтінді талқылау барысында Ресей мен Қытай басқаларды Иранның МАГАТЭ-ден шықпауы үшін жұмсартып жазуға көндіреді. Мәтіннен Тегеранға қарсы мүмкін болар санкциялар туралы ескертулер түгел алынып тасталады. Ирандық дағдарысты шешуде басты рөл МАГАТЭ-ге беріледі. Сөйтседе, бейбітшілікті сақтау жауапкершілігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүктеледі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранды уран байыту жөніндегі барлық жұмыстарды тоқтатуға шақырады. Алайда, мәлімдемеге қол қойылған бірнеше сағаттың ішінде-ақ БҰҰ-дағы Иранның өкілі Әли Асгар Сұлтан елінің аталмыш жұмыстарды тоқтата алмайтынын мәлімдеп, ирандық ядролық бағдарламаның бейбіт сипатта екенін тағы да тұжырымдайды.

2006 жылдың 23 желтоқсанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы санкциялар енгізуді қарастыратын алғашқы қаулыны бірауыздан қабылдады. БҰҰ шешіміне сәйкес әлемнің барлық елдеріне Ирандағы ядролық және зымырандық бағдарламаларды жасақтауға өз үлесін қоса алатын материалдарды, жабдықтар мен технологияларды жеткізуге тыйым салынды. Бірақ, Иранның сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қаулысын «күші жоқ» және «заңсыз» деп сипаттап, кері қайтарып жіберді. Сонымен қатар, ол өздерінің ядролық бағдарламасы бойынша жұмыстарын жалғастыра беретініне ант етті. Қауіпсіздік Кеңесінің екінші резолюциясы 2007 жылдың 24 наурызында қабылданып, ондағы талаптардың орындалуына 60 күн мерзім беріледі. Айта кету керек, санкциялар екі рет күшейтілген болатын. Соңғы рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мұндай қадамға 2008 жылдың наурызында барған еді, алайда, Тегеран оларды еш пайдасыз деп атады. МАГАТЭ Иран өзінің ядролық бағдарламасы туралы ақпаратты бұрынғыша жасырып отыр деп тұжырымдап келеді. Оның мәліметі бойынша Натанздағы ирандық зауытта уранды байытатын 3,5 мың центрифуга жұмыс істеп тұр, таяу уақытта Иран 6 мың қондырғы орнатпақ. МАГАТЭ 2008 жылдың сәуір айында сауал жібергенімен Иранның өз ядролық нысандарына агенттіктің инспекторларын жолатпай отырғанына наразылығын білдіруде. Ал, Иран БҰҰ-ның жоғарыдағыдай позициясына қарамастан өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпай, уранды байыту бойынша жұмыстарын әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Осы жерде Иранға ядролық бағдарлама не үшін керек дегенге тоқталайық. Әрине, уранды байыту арқылы алынған ядролық технологияны игерудің екі жағы бар: атомды бейбіт мақсатта да, әскери мақсатта да пайдалануға болады. Иранның атомдық электр станцияларын салуға талпынысы түсінікті: елге күшті қуат көздері керек. Ал, әлем елдері үрейленетіндей Иранның ядролық технологияны әскери мақсатта игеруіне не себеп болып отыр? Сарапшылардың пікірінше, Иран өзінің қауіпсіздігі жөнінде қорқыныш ойлап отыр. Иран шекаралас елдердің бәрімен дерлік (Пәкістан, Сауд Арабиясы, Израиль, Әзірбайжан) салқын қарым-қатынаста қалды. Достық пейіл танытып отырғандай Арменияны есептемегенде. Өйткені, Армения Иранның газын алып жатыр, Ереванда Иранның бизнесмендері көп.

1979 жылы жүзеге асқан исламдық революциядан кейін Иранмен шекаралас елдер оған күдіктене қарайтын болды. Әсіресе, Сауд Арабиясының корольдік әулеті Ирандағы төменнен басталған исламдық революцияның көршілерге ауып кететінінен қорықты. Оның үстіне Иранның өзі де бұл жолда белсенділік танытты: ол ислам өртін бүкіл әлем бойынша тарататын түрлі ұйымдар құрды. Сондықтан, бұл режимдердің арасында орасан зор сенімсіздіктің пайда болғаны түсінікті. Бұл сенімсіздік уақыт өте келе сақталып, жалғасып, шиеленісу үстінде. Осы ретте сарапшылар Иранның мұсылман әлемінің лидері болуға (немесе кейбір адамдардың солай деп тануға) талпынысын парадокс деп қабылдайды. Олардың пікірінше, қазіргі саяси жағдайда бұл – жүзеге аспайтын идея. Яғни, егер Иран исламдық революция экспортынан бас тартатын болса, әлбетте, оның мұсылман әлемінің лидері болмайтыны белгілі. Кейбір сарапшылар іс жүзінде Иран исламдық революцияның ауқымды экспортын әлдеқашан ұмытқан деп санайды. Тек Иранның Таяу Шығыстағы қақтығысқа «Хезболлах» арқылы қатысы қалып отыр.

Енді бір сарапшылардың бағалауынша, Иран исламдық революцияның емес, Батысқа қарсы исламдық қарсылықтың лидері болып отыр. Бұл, әрине, оның исламдық революция экспортынан бас тартуын аңғартады. Сөйтсе-дағы, Иран ислам дүниесін жұмылдыруға әлдебір лидерлік мақсатта емес, өзіне қарсы Батыстың шабуылын сүнниттердің қолдамауы үшін тырысып бағуда. Яғни, бұл жерде Иранның шабуылдық позициясын емес, әзір қорғаныстық позиция ұстанып отырғанын аңдаймыз.

Дегенмен, Иран өзін Таяу Шығыс аталатын орасан зор аймақтың ішінде ең ірі держава санайды. Сондықтан, оған атомдық бомба аса қажет. Иран өз бомбасы болмаса, бомбасы бар көрші Израиль мен Пәкістаннан өзін кем санайды. Шындығына келгенде, ядроны таратпау режимінің күні бітуге жақындаған сыңайлы. Ирактың, Югославияның және Солтүстік Кореяның тәжірибелері көрсетіп отырғанындай, егер әлдебір ел ядролық қаруға ие болса, онда оған шабуыл жасап, елдегі режимді ауыстыра қоюы екіталай.

Әйтсе де, исламдық Иран өзінің ядролық қаруға иеленуге ниетін ашықтан-ашық мәлімдеген емес. Оның ядролық бағдарламаның әскери бөлігін де жүзеге асыруға талпынысын жанама дәлелдерге ғана сүйеніп тануға болады. Іс жүзінде Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартты бұзған жоқ. Алайда, аталмыш келісім-шарттар ядролық саладағы бүгінгі жағдайдың талаптарына жауап бере алмайды. Иран осы сәтті пайдалануда. Бүгінгі таңда ядролық отынды байытудың толық цикліне қол жеткізе отырып, ядролық бомба жасауды игеру аса күрделі емес. Атом электр станцияларына арналған уранды 4-5%-ға байытуға болатын базаның негізінде оны 95%-ға дейін байытып, ядролық қару жасап алуға болады. Иран ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттың талаптарын бұзбай-ақ, кезең-кезеңімен ядролық қару жасауға болатын инфрақұрылым құруда. Бұл инфрақұрылым Иранға кез-келген уақытта ядролық бомбаны өндіріп алу үшін қажет. Қазіргі уақытта Германия, Жапония, Бразилия бомбаны бірнеше айдың ішінде жасап алуға қабілетті. Бірақ, қажеттілік туындамағаннан кейін олар мұндай қадамға бармай отыр. Иран да осындай сәтке жақындауды ойлауда.                

 

1.2. Иранның ядролық бағдарламасы – Иран-Америка қақтығысының өзегі

 

Американың соңғы 10-15 жылдың аралығында ирандық ядролық бағдарламаның басты қарсыласы болып, аталмыш бағдарламаның жүзеге аспауы үшін белсенді түрде әрекет жасағаны белгілі. Талайлы тарихтың тәлкегіне қараңыз, тап сол бағдарламаның бастау алуына АҚШ-тың өз басы мұрындық болған еді. 1967 жылы Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевидің құзырына атом реакторын бергенде ол келешекте сол сыйлығын өкінішпен еске алатынын аңғарған жоқ-тұғын. Әрине, Америка сол тұста өз шылауындағы Иранның ядролық бағдарламасын қолдай отырып, өзінің ішкі есебін түгендеген еді. 1974 жылдың ортасында шах Мохаммед Реза Пехлеви мәлімдеме жасап, «Иран ядролық қаруға кейбіреулер жорамалдағаннан гөрі әлдеқайда ертерек еш күмәнсіз ие болады» деді. Дегенмен, АҚШ-тың қысымымен ол бұл мәлімдемесінен бас тартты. Пехлевидің өз мәлімдемесінде көп ұзамай Иранның ядролық қаруға ие болатыны жөнінде лақ еткізіп аңдаусызда айтқан сөзі оған аса ұнаған жоқ. Себебі, Иран шахы Парсы шығанағы мен Орталық Азияда гегемондықты мансұқ ететін Американың ұзаққа баратын үлкен жоспарының құпиясын ашып тастағандай болды. 10 жылдан асқаннан кейін 1978 жылы АҚШ Иранға тағы бір реактор – бұл жолы қуаты 5 мегаватт болатын зерттеу реакторын береді. Алайда, Ирандағы ислам революциясы Американың империялық жоспарын тас-талқан етіп бұзып жібереді. Кешегі дос тұтып жүрген Иран мемлекеті енді оның қас жауына айналады.

Иран Ислам Республикасы ұлттық ядролық бағдарламасын жүзеге асыруды қайта қолға алғанда, Америка ішегін тартып, бұл орасан зор жобаға қорқынышпен қарады. Исламдық Иранның ядролық державаға айналу ниеті бар екеніне оның еш күмәні қалмады. «Қорыққан бірінші болып жұдырықтасады» дегендей, ол Иранның ядролық бағдарламасының жүзеге асуына елеулі қарсылық көрсете бастайды. Өйткені, Иран ядролық қаруға ие болса, «үшінші әлем» аталатын мұсылман елдерінде үлкен беделге ие болып, нәтижесінде бүкіл мұсылман әлемі уысымыздан шығып, бағынбай кетеді деп қорықты. Сөйтіп, 1995 жылы АҚШ Иранға қарсы біржақты сауда-экономикалық санкцияларын енгізеді. Бірақ, Иран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта жүзеге асыратынын мәлімдеп, Батыс елдерін сендіруге тырысады. Иран осы тұста өзімен экономикалық байланысы бар еуропалық «үштіктің» (Ұлыбритания, Германия және Франция) және Ресейдің қолдауына сүйенеді. 2002 жылы АҚШ Президенті Джордж Буш Иранды «зұлымдық діңгегі» деп атаған елдерінің қатарына қосып, оны халықаралық қарым-қатынастар шеңберінен шығарып тастауға шақырғанда, «еуроүштік» пен Ресей бұл ұсынысты қабылдамады. Джордж Буш Иранның ядролық қаруға ие болғысы келетінін айтып, үрейлі күдігін жасырмаған еді.

2003 жылы АҚШ Иранды жасырын түрде ядролық қару жасау жұмыстарын жүргізуде деп айыптайды. АҚШ Иранның халықаралық изоляциясына қол жеткізгісі келді, сондағысы – бұл елдің ядролық бомба жасауына бөгет болу. Алайда, АҚШ-тың бұл талпыныстары Иран мұнайын алып отырған Францияның, Германияның және Ұлыбританияның, сондай-ақ, Иранға әскери-техникалық өнімдерін жеткізіп отыруды және Буширдегі АЭС-тің бірінші блогының құрылысын аяқтауды мойнына жүктеген Ресейдің қарсылығына тап болады.

Осы тұста Вашингтон Израильді қолдау саясатын жүргізе берді және Иракқа қарсы агрессиялық бағытын ұстанды. 2003 жылдың маусымында Ирандағы ядролық бағдарлама мазасын алған Израиль АҚШ-тан 5 мың басқарылатын бомбаны 319 миллион долларға сатып алу жөніндегі келісімге қол қояды (оның ішінде 500-і – GBU-28 атты 2270 кг бомба – терең жер астында орналасқан нысандарды жоюға бағытталған). Өз уақытысында Израиль Ирактағы ядролық орталыққа табысты әуе соққысын жасаған еді. 2004 жылдың ақпанында Израильге F-161 үлгісіндегі 102 жойқын ұшақ жеткізіледі. Бұл ұшақтарға Иранға ұшып барып қайтуға жетерліктей қосалқы жанармай бактары арнайы жасақталған.

2004 жылдың жазында МАГАТЭ инспекторлары Ирандағы бұрын Лавизан-Шиян ғимараты тұрған аумақты тексеруге мүмкіндік алады. Нысанадан алынған грунт пен ауаның құрамын тексерген олар мұнда бөлшектенетін материалдармен ешбір жұмыс жүргізілмегеніне көз жеткізеді. Лавизан-Шиянда Иранның қарулы күштерінің зерттеу орталығы орналасқан-тұғын. Иран басшылығының мәлімдеуі бойынша, бұл орталыққа ядролық-қауіпті нысаналардың апатынан кейін және потенциалды қарсыластардың ядролық соққысынан соң болатын апатты жағдаймен күреске қажет кешенді шараларды жасақтау міндеттері жүктелген тұғын. Бұл орталықтың ғимараты Тегеранның муниципалдық билігінің жер телімін қайтарып алу жөніндегі талабына қатысты сот шешімімен бұзылған еді. Вашингтон бұзылған ғимараттың орнын спутник арқылы түсіріп алып, фотосуреттерді зерттеп, Лавизанда ядролық қару жасау жөнінде құпия қызмет атқарылған деп мәлімдеді. МАГАТЭ комиссиясы жабдықтардың кейбір түрлері (мәселен, сәуледен жарақат алған адамды зерттеуге арналған спектрометрлер) американдық компаниялармен жеткізілген деп көрсетті. Алайда, АҚШ нысананың демонтаж жасалған жабдықтарын мұқият тексеріп қарауды талап етуден басқа уәж айта алмады.

2004 жылдың қыркүйек айында АҚШ МАГАТЭ қаулысының мәтінін Ұлыбритания, Франция және Германиямен келісіп алады. Бұл қаулы бойынша Ираннан өзінің бүкіл ядролық бағдарламасының құпиясын ашу талап етіледі. Еуропа елдері осыған байланысты Иранға қысымын күшейте түсетінін мәлімдейді. Британдық сыртқы істер министрлігі Иранды уранды байыту жөніндегі барлық жұмыстарын дереу тоқтатуға шақырады. Ұлыбритания, Германия және Франция өз мәлімдемелерінде Иранның құпия түрде ядролық қару жасау жұмыстарын 12 жыл бойы жүргізгенін, алайда оның бұл қызметі 18 ай бұрын ғана белгілі болғанын айтады.

2004 жылдың 14 қыркүйегінде Иран басшылығы уранды байыту және центрифугаларды өндіру бағдарламасын мерзімсіз тоқтату жөніндегі міндеттерді өзіне жүктеуден бас тартады. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың МАГАТЭ-ге қойған талабымен сәйкес келеді. Талап бойынша, МАГАТЭ 2004 жылдың 31 қазанына дейін Иранның ядролық бағдарламасын тексеру нәтижелері бойынша баяндама жасауы керек болатын. Баяндамада Иранда бар ядролық материалдар жөнінде толық мағлұмат пен қара базардан жеткізушілер туралы мәліметтер болуы тиіс-тұғын. Мұндай талапты қоя отырып, АҚШ іс жүзінде өзінің басты мақсатына жетуге тырысады: яғни, МАГАТЭ-ге Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі мәселені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің қарастыруына бергізу.

2004 жылдың 16 қыркүйегінде АҚШ-тың ғылым және халықаралық қауіпсіздік институты спутник арқылы түсірілген фотосуреттерді жариялайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл суреттерде Тегеранның оңтүстік-шығысындағы 30 км қашықтықта, Парчин деген жерде ядролық қаруды жасақтауға арналған құпия ирандық полигон бейнеленген. Осымен бір мезгілде АҚШ әкімшілігі ресми емес түрде Иран аумағында превентивтік соққы беру мүмкіндігі туралы әңгіме көтереді.

2005 жылдың 29 қаңтарында МАГАТЭ директоры М. Әл-Барадей Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қол жеткен компромистің барысында елеулі ілгерушілік бар екенін мәлімдейді. Екі күннен соң АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс еуропалық турне барысында АҚШ-тың Иранмен болатын келіссөздерде «еуроүштікті» қолдауға даяр екенін хабарлайды. Тура осындай мәлімдемені 22 ақпан күні Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Джордж Бушта жасайды.

2005 жылдың 11 наурызында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Вашингтонның Иранға ядролық бағдарламасын тоқтатуына айырбас ретінде американдық авиациялық моторлар мен авиаэлектрондық жабдықтарды сатып алуына рұқсат беретінін және Тегеранның Әлемдік сауда ұйымына өтуіне қолдау көрсететінін айтып, ұсыныс жасайды. Бірақ, Иран бұл ұсынысты қабылдамайды.

2006 жылдың қаңтар айының соңында әлемдік қауымдастықтың Иранға қатысты саясатын қаталдандыруға бірнеше жыл бойы талпынып келе жатқан АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің бәрін, олардың ішінде Ресей мен Қытай да бар, Иран мәселесін Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына тапсыруға көндіреді. Кейбір мерзімдік шегерулерге қарамастан бұл процесс Вашингтонға қажет бағытта жүре береді.

2006 жылдың 6 ақпанында АҚШ Сенатындағы көпшілік республикашылардың басшысы Билл Фрист (президент Буштың ежелгі жақын досы) өзінің қажеттілік туған жағдайда Иранға қарсы әскери күшті пайдалануды міндетті түрде қолдайтынын мәлімдейді. Онымен ықпалы күшті республикашыл сенатор Джон Маккейн келісе отырып, «Иранмен соғыс – ядролық қаруға ие болған Ираннан гөрі жақсы» деп мәлімдейді. Осыған дейін АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд ирандық режимді «әлемдегі халықаралық терроризмнің бас демеушісі» деп атаған еді. Ал, мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс «әлем Иранның ядролық қаруға ие болуға табанды түрде талпынып келе жатқанына жәйдан-жәй қарап тұра алмайды» деп мәлімдеген болатын.

Американдық Иранға қарсы насихат науқанына Ирак басшылығы да қосыла кетті. Олар ирактық терроршы Әбу Мусаб әз-Заркауидің Иранда, Иран-Ирак шекарасына таяу жүрде тығылып жүргенін хабарлайды.

2006 жылдың 7 ақпанында Иранның ядролық бағдарламасы туралы құжаттар МАГАТЭ-ден БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне түседі. Ал, 11 ақпанда Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Тегеранның бейбіт атомды дамытуға деген өз құқығынан бас тартпайтынын және ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттан шығатынын мәлімдейді. Сөйтіп, МАГАТЭ-нің штаб-пәтеріне өзінің ядролық нысаналарынан агенттіктің пломбалары мен бақылаушы видеокамераларын алып тастау туралы талабын жібереді. Ертеңіне МАГАТЭ өкілдері Иранның талабын орындауға мәжбүр болады. Тап сол күні кейбір БАҚ-тарда АҚШ-та Иранға қарсы әскери операцияларға дайындық басталғаны жөнінде жарияланымдар пайда болады. Британдық Sunday Telegraph газетінің ақпараты бойынша, АҚШ-тың қарулы күштері әзір жаяу әскерді енгізу нұсқасын қарастырмаған, әңгіме тек ракеталық-бомбалық соққы жөнінде ғана болған. Операция дайындығын АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің өзі жеке бақылауына алған көрінеді.

2006 жылдың 16 наурызында АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Стивен Хэдли Вашингтондағы бейбітшілік институтында жаңа «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен» таныстырады. АҚШ-тың басты қаупі деп Иран аталады. Баяндама авторлары Иранның ядролық қаруды иемденуге талпынғанымен қоймай, терроризмді қаржыландырып отырғанын, Израильге қауіп төндіретінін, Таяу Шығыстағы бейбітшілікті және Ирактағы демократияны бұзғысы келетінін атап көрсетті. Дегенмен, ирандық дағдарысты реттеудің басым құралы болып әскери күш емес, дипломатия делінді. Дәл сол күні АҚШ конгресінің халықаралық істер жөніндегі комитеті Иранға көмек беруге даяр елдерге қарсы экономикалық санкцияларды күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Ертеректе мұндай санкциялар құны 100 миллион доллар болатын жобаларға қатысты енгізілген еді. Жаңа жоба санкцияларды жылына 20 миллион доллар болатын сомамен шектеді. Комитет санкция қызметін барлық елдерге бірдей емес, іріктеуші сипатқа ие болатындай етеді. Сөйтседе, құжатта Иран мен Ресей арасындағы ынтымақтастыққа айрықша назар аудару қажеттілігі атап көрсетіледі.

АҚШ Иранға қарсы жүргізіп отырған саясатында барлық жағдайды ескеруге тырысты. 2006 жылғы наурыздың 28-і күні Сенатта болған тыңдауда АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс өз мәлімдемесінде: «Біз кеңірек категориялармен ойлауымыз керек, қазіргі коалицияны кеңейту қажет және Иранның ядролық салада не істеп жатқанын ғана емес, ирандықтардың терроризмді қолдау тұрғысында не бітіріп жатқанын да талқылау керек», – деді. Мәлімдемеде Иранның көрші Ирактың ішкі ісіне қол сұғып отырғаны, Ливан мен Палестинадағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатыны да айтылды. Сонымен қатар, АҚШ Иранның басты одақтасы болуға тырысушылығын жалғастырып отырған Ресейге қысым көрсетіп бақты. Атап айтқанда, Ресейдің 2003 жылы АҚШ-Ирак соғысы кезінде Саддам Хусейнге әлдебір барлау мәліметтерін беріп отырғаны жөніндегі АҚШ қорғаныс министрлігінің мағлұматын жария етуге ниеттенді.

2006 жылдың 14 қыркүйегінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) американдық конгресс комитетінің Ирандағы бағдарлама жөніндегі баяндамасын қатты сынға алып, оны «жалған» және «адастырушы» деп атады. Дегенмен, бұл сын американдық саясаткерлердің Иранға деген қатып қалған көзқарасын өзгерте алмайтын еді. АҚШ әкімшілігі ирандық ядролық бағдарламаны тұсаулауға күш сала берді.

2007 жылдың 11 қаңтарында АҚШ-тың әскерлері Ирактағы Эрбиль қаласындағы Иранның өкілдігіне баса-көктеп кіріп, бес қызметкерін тұтқынға алады. Күзетшілерді қарусыздандырып, ештеңе түсіндірместен компьютерлер мен құжаттарды алып қояды. Осыған байланысты Иран Біріккен Ұлттар Ұйымына  (БҰҰ) АҚШ-тың үстінен арыз береді. Тегеран БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға жазған хатында АҚШ әскерлерінің Иранның бес дипломатын ұрлауына қарсылық білдіріп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен американдық әскерлердің әрекетіне жылдам һәм пәрменді жауап беруін талап етеді. Иранның ресми өкілдері АҚШ-тың бұл әрекетін Ирактағы жағдайды ушықтырып, өзінің осы елді заңсыз жаулап алуын ақтап алуы үшін жасады деп түсіндірді. Пентагонның пікірі бойынша, тұтқынға алынған ирандықтар Ирак экстремистеріне қару жеткізіп отыр, әрі оларды Иранның аумағындағы үйрету лагерьлерінде оқытып жүр деп айыпталынып отырған Иранның Революциялық гвардиясымен байланысты. Тегеран болса, оларды дипломаттар деп тұжырымдады. Мұндай операцияны өткізуге АҚШ президенті осыдан бірнеше ай бұрын үкім шығарғанын айта кету керек. Бірақ, ол Ирак ұрыскерлерінің белсенділік танытуы тұсында ғана іске асырылуы керек болатын. Бір қызығы, ирактық Күрдістанның аумағында өткен аталмыш операция Буш мәлімдеген АҚШ-тың Ирактағы стратегиясымен тұспа-тұс келді. Осы мәлімдемесінде іс жүзінде американдық президент Сирия мен Иранды ирактық ұрыскерлерді қолдап отыр деп айыптады.

2007 жылдың аяғында Ирандағы американдық барлаушылардың бірі жасаған баяндаманың құпиясы ашылады. Баяндамада Иран өзінің әскери ядролық бағдарламасын тұсаулады деп тұжырымдалған еді. Осы тұста Иран аумағына американдық әскери шабуылы турасында қауіп күшейе түседі. Ол қауіптің бар екеніне бірнеше фактор меңзейтін еді. Ең алдымен, саяси шешім қабылданған еді: Конгресс әскери операциялардың басталуына шектеулердің барлығын алып тастап, іс жүзінде Буштың қолын шешіп берді. Екіншіден, АҚШ-тың қарулы күштері әскери ұрысқа дайындық жөнінде директиваны алып қойған еді. Шұғыл түрде тегеріні күшті әуе-теңіз тобы жасақталып, операция жүргізуге арналған әскери үйлесімділікке қол жеткізілді. Кемелер мен әуе бекеттеріне қарудың жаңа түрлері әкелінді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол кезде әуе-теңіз тобының иелігінде тактикалық палубалық авиацияның 400 ұшағы мен стратегиялық авиацияның 60-қа жуық ұшағы және «Стелс» үлгісіндегі ұшақтар болған екен. Және де Ирандағы әскери ұрыс үшін 500 зымыран бөліну жоспарланыпты. Алайда, аталмыш әуе-теңіз тобы екі-үш күн төңірегінде локалдық сипаттағы міндеттерді орындауға қабілетті еді. Оның мақсаты – Иранның жекелеген аймақтарындағы әуе қорғанысының жүйелерін (ПВО) істен шығарып, жекелеген командалық пункттерді, әскери инфраструктураның нысаналарын және ғылыми-зерттеу орталықтарын жайрату. Осы шамалас құраммен  Югославиядағы әскери іс-қимылдар басталған-тұғын. Міне, осы айтылғандардың үстіне азаматтық қорғаныс үйретулері болып, Израильдің аумағында мобилизация элементтері бар шаралар өткізілді. Ал, Тегеранда бірқатар Батыс елдерінің елшіліктерінде эвакуацияға дайындықтар жүргізілді. Қысқасын айтқанда, Америка Иранмен соғысуға даяр болатын. Бірақ, әңгіме әскери соққыны локалды операция аясында ғана беру жөнінде болатын. Сөйтседе, оның салдарының ауыр болатыны түсінікті еді. Жоспар бойынша, әскери соққының «хирургиялық» тәсілі қолданылып, одан кейін Буш Иранның ядролық бағдарламасының тоқтатылғаны жөнінде мәлімдеп, мұны жарқын жеңісі ретінде ұсынбақ-тұғын.

Десек те, әскери сарапшылардың пікірінше, аталмыш әуе-теңіз тобы ядролық қаруды қолданбаса, алдына қойған өз міндеттерін орындай алмайды. Жеті қабат жер астындағы жартас жыныстарының арасында жасырылған нысаналарды жайрату мүмкін емес.  Әдеттегі қарудың күшімен айрықша қорғалған командалық пункттер мен нысаналардың көзін құрту мүмкін болмайды. Таяуда ғана қуаты арттырылып жасақталған BLU-109 «бункерлік» бомба 15-20 метр тереңдіктегі нысаналарды ғана жайрата алады, одан тереңге күші жетпейді. Ал, ондаған, тіпті, жүздеген метр тереңдіктегі нысаналарды тек тактикалық ядролық бомбалармен ғана жоюға болады. Ашық ақпарат көздерінің мәліметтері бойынша, американдықтар бірінші кезектегі 350 нысаналарға соққы беруді көздеген, олардың ішінде 128-і ядролық нысана болып табылады. 70 метр және одан да көп тереңдіктегі мұншалықты көлемдегі ядролық нысаналарды жою мүмкін емес. Демек, соққыға мемлекетті басқарудағы бей-берекет тірлікті туындату мақсатында әкімшілік орталықтары, ашық өнеркәсіп нысаналары, инфраструктуралық орталықтар жығылады деп болжауға болады. Олай болса, Иран шекарасына таман шоғырланған американдық күштерге оңай жеңіс берілмейді, өйткені, ирандық армия – Орта Шығыстағы жақсы қаруланған ең үлкен әскер. Егер американдықтар Иран аумағында  неғұрлым көп әкімшілік орталықтары мен нысаналарын жоюды көздейтін болса, онда Тегеранның ассиметриялық жауабы ретінде Ормуз бұғазында хаос тудыру болады. Ол кезде мұнай мұрагерлігінен айрылған көптеген елдер Иранды қорғап шыға келеді.

Егер американдықтар тактикалық ядролық қаруларды қолданатын болса, Орта Шығыста коллапстың туындайтыны анық. Иранға шабуыл жасау бүкіл әлемдегі (Батыс елдерін қоса алғанда) өркениеттер соғысының сатылап өршуіне алып келеді деп санайды сарапшылар. Ядролық қаруды қолдану қақтығысты тіпті өзгеше өлшемдерге әкелер еді. Оның салдары адам айтқысыз болатындай-тұғын. Бұл жерде радиоактивті жарақаттанудың салдарын да қоса айту керек. Егер Иранда бей-берекетсіздік басталса, 15 миллионнан астам ирандық әзірбайжандардың Түркия мен Әзірбайжанға үдере қашуы сөзсіз. Тұрақсыздық пен созылмалы соғыс жағдайы Ресейдің Кавказ-Каспий аймағына қатты әсер етуі мүмкін. Соғыс ресейлік шекараға тақалып кеп қалады.

Американдықтар әлемдік қауымдастыққа ықпал жасаудың оңтайлы кезін аңдып, түрлі нұсқаларды есеп қылғанымен, бұл жерде маңызды бір сәт ескерілмей  қалды: ядролық қаруды қолдану дүниенің төңкеріліп түсуіне алып келер еді. Алайда, Ақ Үй өзінің Иран аумағына әскери шабуылы турасындағы сыбыстарды жоққа шығаруға тырысты. АҚШ әкімшілігі Вашингтон ирандық ядролық бағдарламаның тоқтатылуын тек дипломатиялық һәм экономикалық шаралармен ғана жүзеге асыруға тырысатынын ресми түрде тұжырымдауын қоймады. Дегенмен, АҚШ-тың Иранға төндірген соғыс қаупі бірнеше жыл бойы жалғасып келген еді. Бұл мәселе АҚШ пен оның жақтастарының Иракқа шабуылынан кейін қатты ушыққан-тұғын. Ирактағы партизан соғысын бағыттап һәм қаржыландырып отырған бірінші кезекте Иран болатын. Сөйтсе-дағы, шындап келгенде, АҚШ-тың Иранға тісі батпады.

Осы жерде кейбір ресейлік сарапшылардың Иранға қарсы шабуылдың негізгі себебі туралы пікірлеріне жүгінгенді жөн көрдік. Олардың ойынша, Иранға қарсы шабуылдың негізгі себебі – Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу емес. Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, Иранның ядролық бағдарламасының қазіргі жағдайынан ядролық қару-жарақ даярлауына дейін кемінде 10-15 жыл өтеді екен. Пәкістан өзінің ядролық қаруын 15 жыл бойы күтіпті. Сондықтан, агрессияның туындау себептері – мұнай, АҚШ экономикасы мен қаржылық жағдайының қазіргі тұрпаты. Американдық сарапшылардың өз болжамдары бойынша, АҚШ пен Канададағы мұнай он жылдан астам уақытқа жете қоймайды. Десек те, көмірсутегі шикізатының шиеленіскен жағдайы бүкіл әлем бойынша нашарлауда. Ғалымдардың болжамдары көңілді көншітерліктей емес. Долларға негізделген әлемдік қаржы жүйесі күйреудің аз-ақ алдында. Американдық валютаның тұрақты құлауы мен стагнация, американдық экономиканың даму қарқынының баяулауы көзге ұрып тұр. Мұндай жағдайда АҚШ-тың арандатуға барып, соғысты тудыруы әдетке айналып барады. Мұнайды қымбаттату есебінен ол виртуалды доллардың көпіршігін азайтып, ал, қару өндірудің есебінен өз  экономикасының дамуына түрткі жасайды.

Жаңа соғысқа АҚШ пен оның жақтастарының тұрақсыздықтың үлкен аймақтарын құрауға ұмтылысы да итермелейді. Егер Иранға қарсы шабуыл басталса, Ирак, Иран және Ауғанстанды қамтитын үлкен аумақ Орта Шығыс пен Кавказдағы жағдайға әсер ететін, Орталық Азия мемлекеттеріне салмақ салатын және Қытай шекарасына дейін жететін тұрақсыздықтың орасан зор массивін құрайды. Осыдан келіп, Иранмен соғыстың үшінші себебі шығады. Ол дегеніміз – Қытай экономикасының қарқынды дамуын тоқтатуға деген ұмтылыс. Қытай Иранның 40 пайызға дейін мұнайын алып отыр.

Бұл тұрақсыздық аймағы қанша уақыт өмір сүруі мүмкін? Балқан түбегінде, Иракта бақылап отырғанымыздай, оның ондаған жылдарға созылуы әбден мүмкін. Американдықтар Иранда және басқа мемлекеттерде өзін жақтайтын режимдерді орнатудың оңтайлы сәтін күтуде. Ирактағы жағдай оның орнына өзара өмір-бақи қырқысып өтетін үш квазимемлекет құрылғанда шешімін табатын болады. Американдықтар үшін Ормуз бұғазын, Парсы шығанағын және үлкен мұнай далаларын бақылап отыру ғана маңызды болып қалады.

Осы  ретте сарапшылар Ресей, Қытай және Еуропаның соғыстың болмауына мүдделі екенін атап өтеді. Өйткені, бұлар Иранға экономикалық тұрғыда тәуелді деп тұжырымдауға болады. Алайда, АҚШ пен оның жақтасы – Израиль олардың мүддесімен санаспай, Иранды тізе бүктіргісі келеді. Шамасы, олар өздеріне ұзақ уақыт бойы қарсы саясат жүргізгені үшін Ираннан кек алғысы келетін тәрізді. Бұл екі елдің Иранмен ешқандай дипломатиялық байланысы жоқ. Кез келген келісімді олар үшінші жақ арқылы жүзеге асырады. АҚШ-Иран қақтығысында Израильге айып батальоны сияқты рөл тиіп отыр. Израильдің американдық әскери операциясына қатысуы қарсы жауапты тудыратыны белгілі, Израиль халқына бұл соғысқа араласпағаны құба-құп. Израиль өзінің қауіпсіздігінің құнымен бұл мәселеге араласуы қисынсыз екенін түсіне бастаған сыңайлы. Шаронның кезінде Израиль өз қауіпсіздігін көбірек ойлайтын. Сондықтан, Израильдің Иран-Америка қақтығысына белсене араласуы Шаронның доктринасына қарсы келер еді. Қайткен күнде де, Израиль өз тыныштығын ойлап, тыныш жатқан жыланның құйрығын баспасы анық. Израильдің барлау қызметі мен әскери қауымы Ахмадинежадтың мәлімдемелеріне қарамастан, Израильді Иранға қарсы қою талпыныстарына үзілді-кесілді қарсы шығуда. Олардың көзі жеткені: Иран өзінің ядролық саясатынан бас тартпайды және оның аумағында нүктелік соққы беруді қарастыратын шабуыл жасаудан түк шықпайды. Нүктелік соққылар жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Иранға қарсы шабуыл жасалса, ол қарсылық ретінде бірінші кезекте Израильге «Шахаб» атты зымырандарын жіберіп, жерін ойрандап, бейбіт халқын қырады. Осы себепті АҚШ-тың жақтасы бұл қақтығысқа белсене араласудан қорқасоқтап отыр.

1.3. БҰҰ-ның позициясы. Келісім-шарттары мен санкциялары

 

АҚШ өзінің Иранға қарсы саясатын ирандық ядролық бағдарламаның әскери мақсатта құрылып отырғанына негіздеп, «Иран ядролық қару жасауға талпынуда» деп тұжырымдауда. Сөйтіп, оның әлем елдеріне өзінің догматикалық көзқарасын таратып және сол көзқарасты берік орнықтыру жолында түрлі айла-шарғыға барып отырғанын байқадық. Әрине, атомдық бомбаның қауіпінен қорқатын бүкіл адамзат ядролық державалардың қатарының көбеюіне қарсылық білдіреді. Сондықтан, әлем елдері ақпарат майданында басымдық көрсетіп отырған АҚШ-тың және оның жақтастарының (атап айтқанда, Израильдің) ирандық ядролық саясатының өңін айналдырып таратып отырған хабарларына шошына қарайды. Олар Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта жүзеге асатынына күдік білдіре отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесі арқылы Иранның әкімшілік орталығы – Тегеранға қарсы саяси-экономикалық санкциялар жариялап, айтарлықтай қысым көрсетуде.

2006 жылдың 30 наурызында Берлинде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елдердің (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ресей және Қытай) және Германияның сыртқы істер министрлері ирандық ядролық мәселені шешу жолдарын табу мақсатында кездесу өткізеді. Алтаудың екеуі – Ресей мен Қытай – Иранға қарсы қандай да болмасын санкциялар енгізуге қарсы болады. Берлиндік кездесудің қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірлескен мәлімдемеге қол қояды. Оның мәтінін үш апта бұрын Ұлыбритания мен Франция ұсынған еді. Осы мәтінді талқылау барысында Ресей мен Қытай басқаларды Иранның МАГАТЭ-ден шықпауы үшін жұмсартып жазуға көндіреді. Мәтіннен Тегеранға қарсы мүмкін болар санкциялар туралы ескертулер түгел алынып тасталады. Ирандық дағдарысты шешуде басты рөл МАГАТЭ-ге беріледі. Сөйтсе-дағы, бейбітшілікті сақтау жауапкершілігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүктеледі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранды уран байыту жөніндегі барлық жұмыстарды тоқтатуға шақырады. Алайда, мәлімдемеге қол қойылған бірнеше сағаттың ішінде-ақ БҰҰ-дағы Иранның өкілі Әли Асгар Сұлтан елінің аталмыш жұмыстарды тоқтата алмайтынын мәлімдеп, ирандық ядролық бағдарламаның бейбіт сипатта екенін тағы да тұжырымдайды.

2006 жылдың 31 шілдесінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ Жарғысының VII тарауының 40 бабына сәйкес (резолюцияны орындауға міндеттейтін бап) Иранға тамыз айының аяғына дейін уранды байыту бойынша жұмыстарын тоқтатуды талап ететін №1696 нөмірлі резолюция қабылдайды. Резолюцияның қабылдануы үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 14 мүшесі жақтап дауыс беріп, Катар елі ғана қарсы шықты. Бұл құжатта Қауіпсіздік Кеңесі уранды байытуды және химиялық қайта өңдеуді тоқтату, сондай-ақ, МАГАТЭ Басқарушылар Кеңесінің талаптарын Иранның толық және тексеруге болатындай орындауы ирандық ядролық бағдарламаның таза бейбіт сипатына кепілдік беретін дипломатиялық шешімге болысады деген сенімін білдіреді. Иран уранды байыту жұмыстарын тамыз айының аяғына дейін тоқтату жөніндегі талаптарын орындамаған жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясында Тегеранға қарсы экономикалық және дипломатиялық санкцияларды енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы резолюция қабылданғаннан кейін Иранның басшылығы әдеттегідей бұл құжаттың да заңды негізі жоқ екенін мәлімдеді.

2006 жылдың 6 тамызы күні Иранның ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани баспасөз мәслихатын өткізіп, Иранның бейбіт ядролық бағдарламасын одан әрі дамыта беретіні жөнінде мәлімдеме жасады. «Бізге берілген мүмкіндіктерге орай, біз өзіміздің бейбіт ядролық технологияларымызды МАГАТЭ инспекторларының бақылаумен дамытып жалғастыра береміз», – деді ол. Лариджанидің айтуынша, Тегеран ядролық саладағы барлық халықаралық міндеттемелерді мойындайды. «Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттың міндеттемелеріне бағынышты және әділетті (ирандық ядролық проблеманы шешу жөнінде) келіссөздерді жақтайды», – деді ол. «Біз Иран бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын қабылдауға болмайтындай және құқықтық негізі жоқ деп санаймыз, сондықтан Иран резолюцияны жоққа шығарады. Сондай-ақ, біз уранды байыту бойынша жұмыстарымызды тоқтатамыз, өйткені, байытуға мораторий жариялайтындай біз ешқандай заңды бұзған жоқпыз», – деп мәлімдеді Лариджани. «Батысқа Иранмен күш пен жұдырық тілінде сөйлеспеген жөн. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын қабылдай отырып, Батыс ирандық ядролық проблеманың бейбіт түрде шешудің мерзімін алыстатып жіберді», – деп өкінішін білдірді ол.

Сонымен қатар, Лариджани БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясы келісімдердің веналық пакеті деп аталатын құжатқа қайшы келетінін айтты. Аталмыш құжатты Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі (АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания) мен Германия Иранның басшылығына 6-шы маусым күні жіберген-тұғын. Келісімдер пакетінде Иранның ядролық отынды байыту құқығы айқын көрсетілген болатын. Демек, мұндай жұмыстарды дереу тоқтату туралы талап қойылған резолюция Тегеранға Батыс елдерінің «екі стандарттылық» саясаты жөнінде әңгіме қозғауға ұлықсат береді. Кейбір сәттерді ескермегенде, Иран келіссөздер пакетіне оң көзбен қарайды.

Сондай-ақ, Әли Лариджани осыған дейін мәлімделгендей, БҰҰ-ның резолюциясына ресми жауабын тамыздың 22-і күні беретінін растады. Осы мәлімдемеде Иранның әскери шабуыл жағдайы туындай қалса, ядролық бағдарламасын құпия түрде дамытуға мәжбүр болатыны айтылды. Қазіргі сәтте Тегеранның ядролық саладағы жұмыстарын ашық жүргізіп отырғаны, Иранға шабуыл ешкімнің мүддесіне сай келмейтіні ескертілді. «Алайда, егер шабуыл бола қалса, американдықтардың мұндай ақымақтыққа баруы күмәнді», – деп қосты Әли Лариджани.

Осының алдында ғана, тамыздың 5-і күні Иранның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хамид Реза Асефи журналистерге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясының мойындауға келмейтінін мәлімдемеген болатын. «Бұл құжат Тегеранның бейбіт ядролық технологиялар құқығын ресми түрде мойындамайды», – деді ол. «Еуропалықтардың өздері келіссөздер жолынан тайқып шығып, «алтаудың» жіберген ұсыныстар пакетіне Тегеранның жауабын күтпестен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ирандық «ядролық досьені» тапсырып жіберді», – деп ренішін білдірді Асефи.

2006 жылдың 14 қыркүйегінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) американдық конгресс комитетінің Ирандағы бағдарлама жөніндегі баяндамасын қатты сынға алып, оны «жалған» және «адастырушы» деп атады. Дегенмен, бұл сын американдық саясаткерлердің Иранға деген қатып қалған көзқарасын өзгерте алмайтын еді. АҚШ әкімшілігі БҰҰ-ға ықпал жасай отырып, ирандық ядролық бағдарламаны тұсаулауға күш сала берді. Сөйтіп, 2006 жылдың 23 желтоқсанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы санкциялар енгізуді қарастыратын резолюцияны бірауыздан қабылдады. №1737 нөмірлі бұл қаулысында Иранды уран байытуды тоқтатуға шақырып, өйтпеген жағдайда елді көнбейтіндігі үшін жазалайтынын мәлімдеген болатын. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шешіміне сәйкес әлемнің барлық елдеріне Ирандағы ядролық және зымырандық бағдарламаларды жасақтауға өз үлесін қоса алатын материалдарды, жабдықтар мен технологияларды жеткізуге тыйым салынды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осы резолюциясына қатысты 27 желтоқсан күні Иран парламенті МАГАТЭ-мен қарым-қатынастарын қайта қарастыруға шешім қабылдайды. Ал, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад аталмыш резолюцияны «бір жапырақ қағаз» деп кемсітіп, оның иран халқын ядролық бағдарламадан бас тартқыза алмайтынын мәлімдеді.

2007 жылдың 21 ақпанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясында көрсетілген 60 күндік мерзім аяқталады. Осы мерзім ішінде Иран Натанзда және Исфаханда орнатылған қондырғыларында уран байытуды тоқтатуға тиіс болатын. Егер Иран резолюцияның талаптарын орындамаса, Қауіпсіздік Кеңесінің санкцияларды күшейтетіні түсінікті еді. Бірақ, Иран президенті Махмуд Ахмединежад сондай-ақ бекем мәлімдеме жасап, өз елінің толық энергетикалық ядролық цикл бойынша құқығынан, уранды байытуды қоса алғанда, ешуақытта бас тартпайтынын нығыздап айтқан-тұғын.

23 ақпанда МАГАТЭ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жасайтын баяндамасында Тегеранның резолюция талаптарын қалай орындап жатқанын хабарлауы тиіс болатын. Егер баяндамада Тегеран әлемдік қауымдастықтың талаптарын орындамай жатқаны жөнінде айтылса, онда Қауіпсіздік Кеңесі қосымша санкцияларға бармақ-тұғын. МАГАТЭ өз баяндамасын ақпан айының сонында жасады. Онда Иранның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясында көрсетілген мерзім ішінде уранды байытуды доғармағаны көрсетілді.

Ал, наурыздың 5-і күні Нью-Йоркте өткен ресми емес кеңесулерде «еуропалық үштік» (Ұлыбритания, Франция және Германия) АҚШ-тың қолдауымен жаңа жобаның детальдарімен таныстырды. Ертеңіне Иран Ислам Республикасы ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани баспасөз мәслихатын өткізіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына Тегеран тегеурінді жауап береді деп мәлімдеді. «Бүгінгі таңда біздер үшін және Батыс үшін екі жол бар. Бірінші жолға – ирандық ядролық проблемасын жасанды емес, нағыз келіссөздер арқылы шешу жолына – біз оң көзбен қараймыз. Екінші жол – радикалды жол, яғни, резолюция қабылдау. Егер олар осы радикалды жолды таңдап, резолюцияны қабылдайтын болса, ол қарсы жауапқа тіреліп, жағдайды өзгертеді», – деді ол.

2007 жылдың 24 наурызы күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүше елдері ирандық ядролық проблема бойынша №1741 нөмірлі резолюцияны бірауыздан қабылдайды. Жаңа резолюция ирандық ядролық және зымырандық бағдарламалар бойынша санкциялардың қолданылатын аумағын кеңейтті, сонымен қатар, Ирандағы ядролық проблеманы келіссөздер арқылы шешудің жолдарын іздестіруді жалғастырудың қажеттілігін атап өтті. Осы жерде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа резолюциясының негізгі тармақтарымен таныса кетуді жөн көрдік:

Біріншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі ирандық ядролық проблеманы шешу ядролық қаруды таратудың алдын алу бойынша және Орта Шығыс аймағының ядросыз қаруды мәртебесін қамтамасыз ету мақсатына жету үшін бүкіл дүние жүзінің күш салуына болысатынын көрсете отырып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) сәйкес резолюцияларын құптады.

Екіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция ұсынған ішінде ынталандыру шаралары бар «пакеттік нұсқаның» өз күшінде қалатынын көрсете отырып, Иранның ядролық проблемасын келіссөздер жолымен шешуге ұмтылған ниетін атап көрсетеді.

Үшіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Тегераннан Қауіпсіздік Кеңесінің №1737 нөмірлі резолюциясын және МАГАТЭ-нің сәйкес резолюцияларын дереу орындауын, иранды байыту және оны қайта өңдеу жөніндегі бүкіл қызметін, сондай-ақ, ауыр сумен байланысты барлық жұмыстарды тоқтатуды қайта талап етті. Резолюцияда Иранның сәйкес резолюцияларды орындаған дерегін растау үшін инспекция өткізгеннен кейін 60 күннің ішінде Қауіпсіздік Кеңесіне баяндама жасауы туралы МАГАТЭ-нің бас директорына өтініш айтылған.

Төртіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық елдерді ирандық ядролық бағдарламаға және ядролық қаруды жеткізу құралдарын жасақтауға қатысы бар адамдардың келуі мен кетуіне қатысты сақ және ұстамды болуына шақырады және де бұл жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялар жөніндегі комиссиясын хабардар етіп отыруын талап етеді. Бұған қоса, жоғарыда аталған адамдардың жол жүруіне тыйым салынбайды.

 Бесіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның ядролық және зымырандық бағдарламаларына қатысты жеке және заңды тұлғалардың активтерін қозғалыссыз қалдыруды жалғастырады. Санкциялар қолданылатын нысаналар тізіміне қосымша 28 нысана енгізілді.

Алтыншыдан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық елдер мен халықаралық қаржы ұйымдарын иран үкіметіне тегін субсидиялар, қаржылық көмек пен жеңілдігі бар несиелер беру жөнінде міндеттемелр қабылдамауына шақырады.

Жетіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі МАГАТЭ-нің беделі мен рөлін қолдайды және күшейтеді, Иранның әлемдік қауымдастықпен және МАГАТЭ-мен жаңа байланыстарын ынталандырады, және де ирандық ядролық проблеманы МАГАТЭ аясында реттеудің қажеттілігін атап көрсетеді.

Сегізіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық санкцияларды Иран уранды байытумен және ядролық отынды қайта өңдеумен байланысты өз қызметін тоқтатқаннан кейін тоқтатады, кері жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі,  БҰҰ Жарғысының 7 тарауының 41 бабында қарастырылғандай, әскери іс-қимылдардан басқа, бұдан да қатал қадамдарға барады.

Аталмыш резолюцияда осының алдында қабылданған құжаттарда қойылған талаптар қайталанған еді.

Осының алдында ғана интернет-сайтта Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың мәлімдемесі орналастырылған. «Резолюция иран халқы үшін аса бір үлкен жаңалық емес. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өзінің заңсыз резолюцияларымен Иран халқының бейбіт ядролық қызметін бір секундқа да тоқтата алмайды» делінген онда. Ахмадинежад БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «заңсыз» резолюциясы «либералдық-демократиялық құрылыстың жеңілісі мен оның күйреуінің айқын белгісі болып табылады» деп санайды. «Иранның жаулары Исламдық республиканың прогресіне бөгет бола аламыз деп ойласа, оңбай қателеседі», – деп қосты ол. Иран президенті өз елінің ядролық қызметі абсолютті түрде бейбіт сипатта екенін және халықаралық өлшемдер аясында жүзеге асып жатқанын атап көрсетті.

2008 жылдың 22 қаңтарында Берлинде халықаралық делдалдардың «алтылығы» Иран жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясының жаңа жобасын келісіп алады. Осы жолы жаңа резолюцияда бұрынғы санкциялар күшейтіліп, оларға жаңа қатаң талаптар қатары қосылады.

2008 жылдың 21 ақпанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі мен Германия ирандық ядролық бағдарлама жөнінде жаңа резолюцияның жобасын мақұлдайды. Содан кейін-ақ ИРНА ирандық ақпарат агенттігі Ахмадинежадтың жаңа резолюцияның Тегеранның позициясына әсер етпейтіндігі туралы мәлімдемесін таратты. Әлемдік қауымдастықпен келіссөздер барысында ирандық делегацияның басшысы Саид Джалили де өз елінің уранды байыту құқығын тағы бір еске салды. Брюссельде Еуропарламенттің шетелдік істер жөніндегі комитеті мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Джалили Иранның МАГАТЭ мүшесі ретінде және Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шарттың қатысушысы дәрежесінде міндеттемелерінен өзге құқығы бар екенін де түсіндірді. Осы тұста АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс атомдық бағдарлама төңірегіндегі Иранмен қақтығыс әлі де дипломатиялық жолмен реттеледі деген пікірін жеткізді. Райс Тегеранға уранды байыту жөніндегі жұмыстарды доғаруға айырбас ретінде тікелей келіссөздер мен сауданы кеңейте түсуге алып келетін қарым-қатынастарыдың дұрысталуын ұсынды.     

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2008 жылдың 3 наурызында Иранның осыған дейін резолюцияларды орындаудан және уранды байыту тоқтатудан бас тартқаны үшін оған қарсы экономикалық санкцияларды күшейтіп, №1803 нөмірлі жаңа резолюция қабылдады. Бұл құжатты жақтап 14 ел дауыс беріп, Индонезия тартынып қалды. Соңғы екі жылда қабылданған үшінші санкциялық қаулыда Иранның ядролық бағдарламасын ұқсатуға қатысатын бірқатар адамның шетелдік сапарларына тыйым салу, кейбір ирандық компаниялар мен банктердің есепшотын қозғалыссыз қалдыру, сондай-ақ, жүк инспекциясы қарастырылған. Санкциялар Бушир АЭС-іне қолданылмайды және күштеу қысымынан-ада. Бұл қаулыны орындау үшін Тегеранға 90 күндік мерзім берілді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мемлекеттерді Иранның жеке және заңды тұлғаларына жаңа несиелер мен кепілдіктер бөлгенде қырағылық танытуға шақырды. Бірақ, ынтымақтастықтың гуманитарлық аспектілеріне шектеу қойылмайтыны ескерілді.

Резолюция мәтінінде ирандық «Мелли» және «Садерат» банктерінің аты атлған. Осыларға қатысты аса сақтық таныту қажет көрінеді. Сондай-ақ, “Иран Эйр Каргоу” және “Исламик Репаблик оф Иран шиппинг лайн” көлік компаниялары тасымалдайтын жүктерді халықаралық құқық өлшемдеріне сәйкес қосымша тексеру керек екен. Санкциялар мен тексерулер халықаралық қауымдастықтың қорқынышын тудырып отырған ядролық және зымырандық бағдарламаларға қатысы бар 18 жеке тұлғаға және 12 ирандық компанияға таралады.

Резолюцияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауысқа салынары алдында БҰҰ жанындағы Иранның тұрақты өкілі Мохаммад Хазаи былай деп мәлімдеме жасады: «Иранға қарсы оның ядролық бағдарламаларына байланысты жаңа санкциялар енгізу Қауіпсіздік Кеңесінің беделіне нұқсан келтіріп, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агеттікке (МАГАТЭ) сенімді жоғалтады. Ирандық ядролық бағдарламалар таза бейбіт сипатқа ие және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке ешқандай қауіп төндірмейді». Бұған қоса: «Уранды байыту елдің тез дамып келе жатқан экономикасының қажеттіліктерін өтеу үшін аса қажет», – деп атап көрсетті Хазаи.

2008 жылдың 25 наурызында исламдық республика үкіметінің ресми өкілі Голям Хоссейн Эльхам ирандық теледидар арқылы мәлімдеме таратып, сол күні кешке өткізілген мәжілісте министрлер кабинетінің парламенттің бұрынғы шешіміне сәйкес МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты ішінара тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Айта кету керек, санкциялар екі рет күшейтілген болатын. Соңғы рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мұндай қадамға 2008 жылдың наурызында барған еді, алайда, Тегеран оларды еш пайдасыз деп атады.

Соңғы №1803 резолюцияның аясында енгізілген санкциялардың шеңберінде АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін ирандық екі банктің (Мelli және Saderat) қаржылық операцияларын талдаудың қажеттілігіне көзін жеткізеді. Ондағысы – ирандық банктер Ирандағы ядролық бағдарламаны және Ирак пен Ливандағы халықаралық террорлық ұйымдарды қаржыландырып отыр деп күдік келтіру. АҚШ Еуроодақты есепшоттарын Еуропада орналастырған ирандық банктерге қарсы санкциялар енгізу жөнінде талай рет қысымға алған еді. Батыс дипломаттарының мәліметтеріне сүйенетін британдық Daily Telegraph газетінің хабарлауынша, ирандық банктер өз активтерін Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді Парсы шығанағындағы елдерде құрылған жалған компаниялардың құпия желісі арқылы аударып отырады. Халықаралық санкциялардың нәтижесінде есепшоттардың жабылып қалу қауіпінен сақтану үшін Иран президенті Махмуд Ахмадинежад елдегі ірі банктерге миллиардтаған долларларды Еуропадан Иранның Орталық банкіне аударуға жарлық берді. Басылымның атап көрсеткеніндей,  Ахмадинежадтың бұл шешімі Иранның Орталық банкісінің басшысы Тахмасеб Мазахеридің тарапынан түсіністік таппаған. Ирандық БАҚ-тарда Мазахеридің қызметінен кету жөнінде ақпарат тарап үлгереді. Батыс сарапшылары Ахмадинежадтың бұл шешімі оның экономикалық мәселелер бойынша біліктілігіне күдік келтіреді деп болжап отыр.

МАГАТЭ Иран өзінің ядролық бағдарламасы туралы ақпаратты бұрынғыша жасырып отыр деп тұжырымдап келеді. Оның мәліметі бойынша Натанздағы ирандық зауытта уранды байытатын 3,5 мың центрифуга жұмыс істеп тұр, таяу уақытта Иран және 6 мың қондырғы орнатпақ. МАГАТЭ 2008 жылдың сәуір айында сауал жібергенімен Иран өзінің ядролық нысандарына агенттіктің инспекторларын жолатпай отырғанына наразылығын білдірді.

БҰҰ позициясы әлі күнге дейін өзгере қойған жоқ. Оның ойынша, Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартуы тиіс. Сонда ғана әлем жұртшылығы оның құпия түрде атом қаруын жасап жатпағанына сенімді болып, тыныш ұйықтайды. БҰҰ-ның осындай позициясына қарамастан Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпай, уранды байыту бойынша жұмыстарын әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.Тарау АҚШ-тың Иранға қарсы саясатына сыртқы мемлекеттердің көзқарасы

 

2.1. Ресей мен Қытайдың ұстанымы

 

90-ыншы жылдары КСРО күйреп, Ресей Федерациясы өз алдына бөлек шыққаннан кейін Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасына үлкен мән бере бастайды. Әрине, ол өзінің Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы мүддесін көздеді. Ресей Ирандағы ядролық бағдарламаға қолдау көрсетуге айрықша ынта танытады. Сөйтіп, Ресей жағы Иранның ядролық бағдарламасының басты қолдаушысы болды. Дегенмен, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мен Иранның арасындағы байланыстар біркелкі болған емес. 1995 жылы ирандық ядролық бағдарламаның жүзеге асуына қарсы шыққан АҚШ біржақтылық жағдайда Иранға қарсы сауда-экономикалық санкцияларды енгізеді. Гор-Черномырдиннің меморандумына қол қойылғаннан кейін Ресей Иранға әскери техника жеткізуін тұсап тастайды. Атап айтқанда, Иран Т-72С үлгісіндегі 570 танкті, мыңнан астам БМП-ны, ПВО құралдарын және бұрынырақта жеткізілген қару-жараққа қосалқы бөлшектерді ала алмай қалады. Иран әскері қаруының құрамында МИГ-29 үлгісіндегі 24 жойғыш ұшақ, СУ-24 МК үлгісіндегі 12 бомбардирші, 877ЭКМ «Варшавянка» жобасының класы бойынша үш дизельмен жүретін суасты қайығы, Т-72С үлгісіндегі 422 танк, 413 БМП-2, С-200 зениттік-ракеталық кешендері және т.б. бар еді. 2001 жылы  Хатамидің Мәскеуге сапарынан кейін Ресей Иранға әскери-техникалық өнімдерін жеткізуді жаңғыртады.

Ирандағы ядролық бағдарламаны қолдаушылары ретінде негізінен Ресей мен Қытайды ғана атап көрсетуге болады. Қытай алғашқы кезде Иранға белсенді түрде көмек беріп, Исфаханда ауыр сумен жұмыс істейтін зерттеу реакторы орнатылған оқу-зерттеу орталығын құруға қатысқан-ды. Жалпы, Қытай мен Иран арасындағы қарым-қатынастар мейлінше жылы екенін атап өту керек. Бүгінгі таңда Қытай Иранның 15 пайыз көлемінде импорттық мұнайын алып отыр. Ал Иранда екі мыңға жуық қытайлық компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. 2007 жылдың аяғында Қытайдың теңіз мұңай ресурстарын пайдалану жөніндегі бас компаниясы Иранмен табиғи сұйық газды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық жөнінде меморандум қабылдады. Келісім-шарт 16 миллиард доллар көлеміндегі жалпы сомаға жасалды. Құжат бойынша, қытайлық компания Ирандағы табиғи газ кенін игеруге қатысып, табиғи газды сұйылтып, оны Қытайға тасымалдау үшін зауыт орнатады. Өндірілген сұйық табиғи газдың 50 пайызы қытайлық компанияның үлесіне тиеді. Ирандық жақ табиғи газды қытайлық компанияға 25 жыл бойы беріп тұрады. Табиғи газдың барланған қоры жөнінде Иран әлемде екінші орынға ие (бірінші орында Ресей тұр). Қытай Ираннан қуат алу импортының көлемі жөнінен Жапониядан кейін екінші орынды алады. Сондықтан, Қытай Ирандағы ядролық бағдарламаға оң көзбен қарайды.

АҚШ және оның жақтастары Ресейдің Иранды қолдауына қарсы болғанымен ресейлік позициямен санасуға мәжбүр. Десек те, олар өз мүддесін қорғап, Мәскеуге ирандық мәселе бойынша дипломатиялық қысым жасауға тырысып бағады. Мәселен, 2006 жылдың 18 қаңтарында Ресейге өкілетті израильдік делегация келеді. Оған Израиль ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Гийор Айленд пен атомдық энергия жөніндегі комиссияның бас директоры Гидеон Франк кірді. Израильдік делегация Ресейдің сыртқы істер министрлігінің қауіпсіздік кеңесінің және Росатомның өкілдерімен кездесіп, Батыстың Иранға қарсы кешенді экономикалық санкцияларына қосылуға ұсыныс жасады. Бірақ, Ресей ұсыныстан бас тартты.

Алайда, 2006 жылдың қаңтар айының соңында лондондық кездесу барысында ирандық досьені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін Тегеранмен келіссөздер ауырлап кетеді. 2006 жылдың 13 наурызында РФ СІМ басшысы Сергей Лавров ресейлік басшылықтың Тегеранның ядролық мәселе бойынша келіссөздер барысында өзін қалайша ұстайтынына көңілі толмайтынын көрсетеді. Ол «Тегеран проблеманы шешудің бейбіт тәсілдерін тапқысы келетіндерге көмек беруден бас тартады» деп мәлімдеді. Сол күні Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Тегеран өзінің ядролық саясатынан айнымайтынын тағы да қайталап: «Біз бейбіт атом саласындағы өзіміздің заңды құқығымыздан бас тартуға мәжбүрлегісі келетін елдердің аз ғана тобынан шықпаймыз», – деді.

Осы кезде Financial Times газеті былай деп жазады: «Лавров уақытты сағыздай созуда. Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға қатысты резолюциясы бойынша келіссөздер Ресейдің қарсылығынан апталап бір орында тұр. Вашингтон мен еуропалықтар Ресей көңілін табуда тіпті ілгерілеп кетті. Еуропалықтар бұған ерікті түрде барып отыр, өйткені, олар Ресейдің өзімен бір қайықта болуын қалайды. Ал, АҚШ-тың, тісін шықырлатып отырса да, басқа таңдауы қалмады. БҰҰ-ның жоспарланған резолюциясында АҚШ талап еткеніндей қатаң санкциялар жөнінде әңгіме де жоқ. Оның орнына «еуропалық үштіктің» елдері Иранға жаңа ұсыныс жасап отыр, ал, Вашингтон Тегеранмен тікелей келіссөздерге баратынын мәлімдеді. Лавров креслосында шалқая отырып, асықпай темекі шексе де болады».

Тап осы тұста Еуроодақтың сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Хавьер Солана Тегеранға «еуропалық үштіктің» ұсыныстарын алып келген еді. Көптеген шолушылар оны ультиматум деп атады, өйткені, Иранға қатаң ұсыныстар жасалды: ядролық жұмыстардан бас тарту немесе БҰҰ тарапынан санкциялар процедурасы басталады. Рас, Еуроодақтың бұл ұсынысын Тегеранның қабылдайтынына Солананың өзі де сенген жоқ еді. Қалай болғанда да, Тегеран бұл ұсынысты талқылауды ойластырады. Ал, Мәскеу «үлкен жетіліктің» саммитінде дипломатиялық табысқа жетуге мүмкіндік алады.

Иранның уранды байытуды тоқтатқан жағдайында Ресей өз аумағында ирандық атомдық электр станцияларына арнап отын өндіруді ұйымдастыруға, ал, «еуроүштік» ирандықтарға жеңіл сумен жұмыс істейтін реакторды тегін беруге және ядролық энергетиканы, экономикалық қызмет пен қауіпсіздікті қамтитын экономикалық жеңілдіктер пакетімен қамтамасыз етуге даяр болатын.            

2006 жылдың 25 сәуірінде Ресей вице-премьері, қорғаныс министрі Сергей Иванов Қытайдың қорғаныс министрі Цао Чанчуаньмен келіссөздерінен кейін ирандық ядролық бағдарламасына қатысты көзқарасы бірдей екенін мәлімдеді. Оның айытуынша, келіссөздер барысында екіжақта бұл проблеманың бүге-шүгесін ежіктеген жоқ, дегенмен, Ресей мен Қытай оны саяси-дипломатиялық тұрғыда реттеуге тырысуда. Иванов проблеманы шешу бойынша келіссөздер процесіне ешқандай балама жоқ екенін атап көрсетті.

2006 жылдың 23 желтоқсанында қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірауыздан қабылданған №1737 нөмірлі резолюцияға түсініктеме бере отырып, БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркин бұл құжаттың ирандық проблеманы тек бейбіт жолмен шешілуін көздейтінін атап көрсетті. «Резолюция Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты сұрақтар мен қауіптің шешілуіне бағытталған Атомдық энергия жөніндегі халықаралық агенттікпен ашық және ынтымақтасу қажеттілігі турасында Иранға үндеу болып табылады», – деді Чуркин.

2006 жылдың 24 желтоқсанында Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лю Цзяньчао мәлімдеме жасап, Қытайдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясының қабылдауына дауыс бергенін, соған қарамастан, бұл құжаттың ирандық ядролық проблеманы түбегейлі шеше алмайтынын жеткізді. «Біз резолюцияның кәдімгідей орындалатынына үміт білдіреміз. Сонымен қатар, біз санкциялар мақсат емес және олар проблеманы түбірімен шеше алмайды деп санаймыз», – деді Қытай дипломаты. Қытай осы мәлімдемесімен мүдделі жақтарды дипломатиялық күш салуға шақырған еді. Бірақ, Иранның сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қаулысын «күші жоқ» және «заңсыз» деп сипаттап, кері қайтарып жіберді. Сонымен қатар, ол өздерінің ядролық бағдарламасы бойынша жұмыстарын жалғастыра беретініне ант етті.

2007 жылдың 26 ақпанында Лондонда АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері Иранның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын орындамауына байланысты орныққан жағдайдан шығу жолдарын талқылау үшін бас қосқан еді. Бұл басқосуға Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Ча Пейсинь қатысқан-тұғын. Ертеңіне Пекинде Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Цинь Чан баспасөз мәслихатын өткізіп, онда Қытай жағы ирандық ядролық проблеманы келіссөздер жолымен шешуді мақұлдады. Қытай дипломаты санкцияларды қолдану мағынасыз мақсатқа айналмауын атап көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдайтын шаралар ирандық ядролық проблеманы келіссөздер арқылы бейбіт жолмен оңтайлы шешімін табу жолы болуға тиіс екенін мәлімдеді.

2007 жылдың 1 наурызында Пекин қаласында Қытай сыртқы істер министрі Ли Чжаосин ирандық сыртқы ведомствоның басшысының орынбасары Аббас Арагчимен кездесуінде ядролық мәселе жөнінде әңгімелесіп, әлемдік қауымдастықты толғандырып отырған бұл проблеманы Иранның оңтайлы шешетініне үміт білдірді. «Әлемдік қауымдастық келіссөздерді тезірек қайта жаңғырту үшін дипоматиялық күш салуы тиіс», – деді ол. Арагчи өз кезегінде Иранның ядролық проблеманы келіссөздер жолымен әділетті һәм ақылды түрде шешуге даяр екенін мәлімдеді.

2007 жылдың 20 наурызында Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лю Цзяньчао ирандық ядролық бағдарлама проблемасына қатысты кеңестер мен іс-қимылдар бұл проблеманы шешу жөніндегі халықаралық дипломатиялық күштеулерге болысуы тиіс деп мәлімдеді. Дипломаттың айтуына қарағанда, Қытай жағы Ирандағы ядролық мәселеге айрықша назар аударып отыр және ядролық қаруды таратпаудың халықаралық жүйесін қалтқысыз қолдап, Таяу Шығыстағы жаңа қақтығыстарды болдырмау мақсатында ядролық қарудың таралуына қарсы қимылдар жасауда. Лю Цзяньчао ирандық проблема жөнінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кеңесулер өтіп жатқанын жеткізуде.

2008 жылдың 5 мамырында Ресей президенті Владимир Путин БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы (2008 жылдың 3-ші наурызында) қабылдаған №1803 нөмірлі қаулысын орындау жөніндегі жарлыққа қол қойды. Бұл Ресейдің Иранға қарсы санкцияларға қосылуын білдіретін еді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы №1803 нөмірлі қаулысы іс жүзінде оңай қабылданды, өйткені, оны Кеңестің барлық тұрақты мүшелері қолдады, олардың ішінде Ресей мен Қытай да бар.

Сөйтсе-дағы, Ресей мен Қытай Иранмен байланысын үзбей келеді. Неге десеңіз, Ресей Иранның қолдауымен Таяу Шығыстың және Орталық Азияның елдерімен тығыз қарым-қатынаста болғысы келеді. Ресей Иранның осы аймақтағы үлкен беделін, басымдылығын мойындап, өзінің мүдделігін танытуда. Сондықтан, ол тонның ішкі бауындай болмаса да, Иранмен қарым-қатынасында жылылық білдіруге мәжбүр. Ресей геосаяси жағдайы бойынша аса маңызды осы аймақта өз мүддесін қорғаған жағдайда Иран өзіне ең құрығанда бейтараптық танытса деген ниетте. Ал, Қытай экономикасы көп жағдайда Иранға тәуелді болып отыр. Егер ирандық мұнай мен газдан айрылып қалса, Қытай экономикасының даму қарқыны күрт баяулап, басқа елдердің қарышты дамуынан ұзақ уақытқа артта қалуы мүмкін. Осындай селкеуі жоқ себептерге байланысты Ресей мен Қытай Иранмен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Сондықтан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға қарсы қолданып отырған қатаң шараларын барынша жұмсартуға мүдделі болып отыр.

 

2.2. Батыс елдерінің көзқарасы

 

Батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасын шах Мохаммед Реза Пехлевидің кезінде белсенді түрде қолдаған еді. Батыстың шылауындағы Иран еліне шексіз билігін жүргізген қуыршақ шах ядролық бағдарламаны қуана жүзеге асыра бастады. Пехлевидің арманы атомдық бомбаны иелену болатын. Алайда, ол арманына жете алмай кетті. Мерзімі 25 жылға есептелінген ядролық бағдарламаның орындалуына АҚШ-тан басқа Франция және Германия елдері де экономикалық жағынан мүдделі болды. Сөйтіп, осы елдердің қолдауымен Иран 30 миллиард доллар тұратын ядролық кешеннің жоспарын жасап, арнайы Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымын (АЕОІ) құрған еді. Батыс Германия осы жоспарға сәйкес Буширдегі АЭС-тің екі блогының құрылысына кірісіп те кетеді. Бірақ, Ирандағы ислам революциясы болашағы зор болады деп күтілген бұл жоспардың быт-шытын шығарады. Жаңа үкімет АЭС құрылысынан үзілді-кесілді бас тартады.

Ирандағы жағдай тұрақталғаннан кейін қайта қолға алынған ядролық бағдарламаға Батыс елдері күдікпен қарады. Әйтсе де, Иран басшылығы ядролық технологияларды игеру үшін тек батыстың ғана көмегіне иек арту керектігіне көз жеткізді. Басты жауы Америкаға арқа сүйеуді ар көрді, оның ықпалына қайта түскісі келмеді. Сөйтіп, өз ғалымдарын Нидерландыға жіберіп, Швейцариямен, Германиямен келіссөздер жүргізді. Дегенмен, Батыс елдері Иранның өз ядролық бағдарламасын дамытуға деген талпынысына күмәндана қарап, көмек беруге аса үлкен ынта көрсете қойған жоқ.

Батыс елдерінің ирандық ядролық бағдарламаға теріс көзқарасын тудырған АҚШ-тың Иранға қарсы бағытталған салқын саясаты деп тұжырымдауға болады. АҚШ пен Иранның арасындағы дипломатиялық байланыстың үзілгеніне отыз жылға жуықтап қалды. Ал соңғы он жыл уақыт шамасында екі елдің арасы тіпті ушығып, қарым-қатынасы қырғи-қабақ соғыс жағдайында жалғасуда. АҚШ егер Иран ядролық қаруға ие болса, Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ықпалын жүргізеді деп үрейленеді, сөйтіп, өзінің осы аймақтағы гегемониясынан айрылып қалу қауіпінің туындайтынына шәк келтірмейді. Сондықтан, ол ирандық ядролық бағдарламаны осы аймақтағы саясатының туы етіп ұстап, Иран туралы теріс насихат науқанын жүргізуде. Осы бағытта ол Израильді шебер пайдалануда. Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың Израиль туралы ашықтан-ашық айтқан негативті пікірлері бүкіл әлемге белгілі. Әйтсе де, Иранмен дипломатиялық байланысы жоқ Израиль исламдық бұл елді кім басқарса да, өзіне қауіп төне беретініне сенімді. Исламдық Иран Израильдің өмір сүруімен келіспейді деп санайды ол. Сондықтан, ирандық аятоллалардың қолындағы ядролық қару Израильдің басына үйірілген қара бұлт деп өлердей қорқады. Осыған байланысты Израиль Иранның ядролық мәртебесімен еш уақытта келіспейді және оның жүзеге аспауы үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады. Дегенмен, Израиль БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ирандық мәселе бойынша бүкіл қадамдарын қолдайтынын білдіреді.

1995 жылы АҚШ Иранға қарсы біржақты сауда-экономикалық санкцияларды енгізгеннен кейін бұл қадам Батыс елдерінің ирандық ядролық бағдарламаға теріс көзқарасын одан әрі тереңдете түсті. Тіпті, Иранға жылы қабақ танытатын Ресейдің өзі оған әскери техникасын жеткізуді тұсаулап тастаған еді. Ал, 2003 жылы АҚШ Иранды құпия түрде ядролық қару жөніндегі жұмыстарды жүргізіп отыр деп айыптап, оны халықаралық қатынастардан тыс қалдыруға тырысады. Бірақ, бір таңданарлығы, ол аяқ астынан еуропалық «үштіктің» (Франция, Германия және Ұлыбритания) және Ресейдің қарсылығына тап болады. Иранға қарсы санкциялар енгізуге олардың өзіндік мүдделері жібермеді.

Мұнда сөз Иран мен Батыс елдерінің өзара экономикалық байланысы жөнінде болып отыр. Исламдық Иранның сыртқы экономикалық байланыстарының конституциямен бекітілген басым бағыттары ислам мемлекеттері болғанымен, іс жүзінде Иран өз мұнайын тұтынатын, ең бастысы, капитал мен технологиялардың көзі болып отырған  дамушы елдерге иек артады. Ирандық мұнайды негізгі сатып алушылар – Батыс Еуропа елдері (35-50%) және Жапония (20%-дан астам). Басты импортерлер Еуропа елдері болып табылады. Ал, Ресейдің Иранға әскери-техникалық көмек көрсетіп, Бушир АЭС-ін қолға алып отырғаны белгілі.

Дегенмен, осы жылдың аяғында «еуроүштіктің» сыртқы ведомствосының басшылары Тегеранды ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартқа қосымша хаттамаға қол қоюға көндіреді. Бұл қадам американдық саясаткерлердің әккі әрекеттерінің нәтижесінде жасалған болатын.

АҚШ Иранмен ресми түрде байланыс жасамаса да, бұл елдің бүкіл жағдайын қазіргі заманғы техника тәсілдері арқылы алақандағыдай көріп-біліп отырады. Ол үшін ЦРУ атты үлкен аппаратты ұстап, барлық мүмкіндікті пайдалануда. Сонымен қатар, ол өзінің сыртқы саясатының басты нысанасы етіп ирандық проблеманы алғаннан кейін осы елдің басқан ізін аңдып отыратыны  түсінікті. Әрине, АҚШ халықаралық жағдайдың ауанын аңдап, басқа елдерді өз мүдделерін қорғау үшін өте шебер пайдаланып отырады.

2004 жылдың қыркүйек айында АҚШ Ұлыбританиямен, Франциямен және Германиямен МАГАТЭ резолюциясының мәтінін дайындап, келісіп алады. Бұл құжат бойынша Иран өзінің ядролық бағдарламаларының құпиясын ашып беруге тиіс болатын. Егер бұл талап орындалмаса, Еуропа елдері Иранға қарсы қысымын күшейте түсетінін мәлімдеді. Британдық сыртқы ведомство Иранды уран байыту жөніндегі бүкіл жұмыстарын доғаруға шақырды. Еуропалық «үштік» Иранның осы уақытқа дейін жасырын ядролық қару жасау жұмыстарын жүргізіп келгенін мәлімдеді.

2005 жылдың 26 маусымында Иран президенті болып Махмуд Ахмадинежад сайланғаннан кейін Еуроодақ елдерімен және АҚШ-пен келіссөздердегі Тегеран позициясы қатая түседі.

Тамыздың 2-і күні Ұлыбританияның, Германияның және Францияның сыртқы істер министрлері Иранға нота жібереді. Бұл құжатта уранды өңдеу жұмыстарының жаңғыртылуы ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді ақырына алып келеді деп көрсетілген. Әйтсе де, Иранның бұл ұсынысты қабылдамағаны белгілі. Осыдан кейін келіссөздер ұзақ уақытқа доғарылып қалады.

2006 жылдың 29 қаңтарында Иран өзінің «Лавизан-Шиян» әскери нысанасында демонтажға дейін пайдаланылған жабдықтарын тексеру жөнінде МАГАТЭ-нің сауалын қанағаттандырып, осы мекеменің бас директорының орынбасары Олли Хейнонен бастаған инспекторлар тобына рұқсат береді. Инспекция аяқталған соң Хейнонен өз хабарламасында Иранның бұрынғы ядролық қызметімен байланысты бірқатар мәселені анықтай алмағандарын, сондай-ақ, оның бейбіт ядролық қызметіне қатысты жаңа сұрақтар туындағанын айтады. Ертеңіне еуропалық «үштіктің» Иран Ұлттық қауіпсіздігінің жоғары кеңесі хатшысының орынбасары Джавад Ваидимен ирандық ядролық бағдарлама бойынша жүргізген келіссөздері нәтиже бермейді. Тегеран диалогты жүргізе беруге даяр екенін, бірақ, ядролық саладағы зерттеулерін тоқтатпайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін Еуроодақ, АҚШ, Ресей және Қытай Иранның ядролық досьесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тапсыруға келіседі. Бұл қадамды жасауға мұрындық болған АҚШ әкімшілігі еді. МАГАТЭ ирандық досьені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ақпанның 7-і күні өткізеді. Иран оған қарсы жауап ретінде МАГАТЭ-нің штаб-пәтерінен өзінің ядролық нысандарынан агенттіктің пломбаларын алып тастау туралы талап етеді.

2006 жылдың 16 ақпанында Францияның сыртқы істер министрі Филипп Дуст-Блази Иранды құпия әскери ядролық бағдарламаны дамытуда деп тұңғыш рет айыптады. Бақылаушылардың пікірі бойынша, мұндай қатаң мәлімдеме Еуроодақ елдерінің келісімге келмейтін бірбеткей Иранға деген теріс көзқарасын айқын көрсетеді.

2007 жылдың аяғында Францияның жаңа сыртқы істер министрі Бернар Кушнердің кабельдік теледидар арқылы жасаған мәлімдемесі де әлемдік қауымдастықты тағы бір тітіркентті. Кушнер адамзат Иранмен соғысуға дайындалуы қажет деп ескертті. Француздың La Chaine Info атты телеарнасында сөйлеген Кушнер: «Ирандағы ядролық бағдарлама дағдарысы – қазіргі заманның ең қауіпті дағдарысы», – деді. «Демек, ең жаманына дайындалу керек, ал ең жаманы – соғыс», – деп тұжырымдады ол. Сыртқы істер министрі Кушнер өз сөзіне «Еуропа Иранға БҰҰ-ның қаулысын орындаудан бөлек қосымша қысым көрсетуі тиіс», – деп қосты. «Біз мүмкін болар жаңа санкцияларды дайындау туралы шешім қабылдадық. Бұл санкциялар БҰҰ құзырының аясында емес, тап сол еуропалық санкциялар сапасында енгізілуі тиіс», – деп мәлімдеді ол. Артынша-ақ, Кушнер бұл ұсынысты жасаған оның «неміс достары» – Германия басшылығындағы әріптестері деп көрсетті. Дегенмен, француздың сыртқы саясат ведомствосы басшысының сөзі бойынша, еуропалық дипломаттар Иранмен келіссөздерді ақырына дейін жеткізу ниетінде, өйткені, қақтығыстарды бейбіт түрде шешу – олардың басым міндеті. Сөйтсе-дағы, Кушнердің пікірі бойынша, оқиғалардың өте қатқыл түрде дамуын есепке алмаса да болмайды, өйткені, «ядролық қаруға ие болатын Иран бүкіл дүние жүзіне төнген қатерлі қауіпке айналады» және бұған ешбір жол беруге болмайды.

Сол күні-ақ Иранның айрықша мәселелер бойынша мемлекеттік комитетінің басшысы Натек Нури Кушнердің мәлімдемесіне қатаң жауап қатты. «Ұлыбританияның Иранға деген теріс көзқарасы әу бастан-ақ белгілі. Бірақ, мені таңғалдыратыны – әрқашан еуропалық мәдениеттің алдыңғы деңгейінде тұратын һәм американдық саясаттан бойын аулақ ұстайтын Франция неге осындай мәлімдемелер жасайды?» – деп қайран қалды Натек. Саясаткер Иранның ядролық бағдарлама бойынша ресми позициясын еске салды. Нуридің мәлімдемесі бойынша, Иран атомдық технологияларды дамытуда тек бейбіт мақсаттарды мансұқ етеді және бұл елдің халықаралық қауымдастықтан жасыратын ештеңесі жоқ.

Әлбетте, Нуридің мәлімдемесі Иранның дипломатиялық позициясы екені түсінікті еді. Әйтсе де, Тегеранның ядролық қару жасауға деген ниеті барын жалғыз американдықтар емес, бүкіл әлем елдері пайымдап отыр. Қайткен күнде де, Ирандағы ядролық бағдарлама атомдық бомба жасау дәрежесіне жеткенге дейін жалғаса бермек. Әлемдік қауымдастықтың елдері қандай шара қолданса да, Иран алған бетінен қайтпай, ядролық бағдарламасын тоқтатпайтыны белгілі болды. Әрине, Тегеран қолдан келгенше атомдық технологияларды дамытуда тек бейбіт мақсаттарды мансұқ ететінін уәж етіп, Батыс елдерімен келіссөздерін соза беруге тырысады. Айтары жоқ, ирандық режим ядролық бағдарламаны жалпы ұлттық идеяға айналдырып, Иран халқын оның жүзеге асуына топтастыра білді. Ендігі жерде әлемдік қауымдастық қаласын, қаламасын, Ирандағы ядролық бағдарламаға ешкім тоқтау сала алмайды. Әлемдік қауымдастық тек Тегеран ядролық қару жасау дәрежесіне жеткенше уақыт соза беруі мүмкін, одан басқа оның қолынан келер қайыр жоқ екені күмәнсіз. Күшке салса немесе Иран елін ұзақ уақыт бойы экономикалық блокадада ұстаса, жағдайды одан әрі ушықтырып, Тегеранның ядролық қару жасап алуын ғана тездетеді.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Сөйтіп, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында орын алған Иран-Америка қақтығысы халықаралық қарым-қатынастардың қатарында аса маңызды һәм салмақты орын алатын, әлемдік қауіпсіздікке елеулі әсерін тигізетін, геосаяси жағдайлардың күрт өзгерісіне алып келуге қабілетті, қарама-қайшылығы мол, өте өзекті мәселеге айналып отыр. Әлемдік қауымдастық Иран-Америка арасындағы қарым-қатынастардың ушығып кетуіне алаңдап, қақтығыстың шектеулі шеңберден шығып кетпеуін қадағалап отыр.

Сонымен, бұл қақтығыстың өзегі болып отырған нәрсе ирандық ядролық бағдарлама екенін байқадық. Десек те, Иран-Америка қақтығысының туындау себептері тым тереңде жатқанын, біз кеңінен қарастырған кезеңнен ілгеріде, ертеректе болған Ирандағы исламдық революциядан бастау алғанын аңғаруға болады. Ширек ғасыр бойы американдықтардың шылауында болған Иран мемлекеті елеулі әлеуметтік өзгерістерге ұшырады, оның сыртқы саясаты да түбегейлі түзетулерге түсті. Міне, сол кезден бастап Ирандағы исламдық революцияның көсемі, ХХІ ғасырдың ұлы имамы – аятолла Хомейнидің көзқарасына сәйкес АҚШ пен Израильге қарсы доктринаның негізі қаланды. Қазіргі заманның өзекті мәселесіне айналып отырған Иран-Америка қақтығысы осыдан отыз жыл бұрын қалыптаса бастаған антиамерикандық саясаттың салқын салдары екенін байқауға болады. АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың сол кезде-ақ үзіліп қалғаны белгілі. Сарапшылардың қазіргі Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың саясатын Хомейнидің жүргізген сардарлық саясатымен сабақтастыруы тегін емес. Демек, Иран-Америка қақтығысының негізгі себептерін қазіргі заманғы Ирандағы қалыптасқан жағдайдың негізін салған сонау исламдық революцияның қойнауларынан іздеу қажет.

Әрине, алдымен аталмыш қақтығыстың әскери сипатының жоқтығын тұжырымдауға болады. Иран-Америка қақтығысының саяси-дипломатиялық сипаты басым екеніне соңғы 15 жылдың ішіндегі оқиғаларды мысалға ала отырып көз жеткізе аламыз. Рас, американдық жақтың ресми емес түрде әуе соққысына дайындық жүргізгені мәлім. Әйтсе де, АҚШ пен Иран бір-біріне қарсы ресми түрде соғыс жариялаған жоқ. Кейбір сарапшылар Буштың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Иранға шабуыл жасалуы мүмкін деп болжам жасаса да, бұл қисынның әлсіз екені түсінікті. Десек те, АҚШ пен Иранның шиеленіскен қарым-қатынастарын қалыптасқан ұғым бойынша «қырғиқабақ соғыс» деп те мінездеуге болар.

АҚШ ресми түрде, яғни, сөз жүзінде, ирандық ядролық мәселені бейбіт келіссөздер арқылы шешуге тырысатынын мәлімдеп келеді. Дегенмен, Таяу Шығыста айбаттанып, күш көрсетіп, қару қолданып та (Ирак соғысы) тәжірибе жинақтаған американдықтардың бұл мәлімдемелеріне әлем елдерінің сене қоюы екіталай. Сөйтсе-дағы, олар әлемдік қауымдастыққа үлкен ықпалын жүргізіп отырған державаның дегеніне көніп, көзге ұрып тұрған «екі түрлі стандарт» деп аталатын екіжүзділікті көрмегендей болып, көлгірсіп отыр.

АҚШ сонау 1995 жылы Иранға қарсы біржақты сауда-экономикалық санкцияларын енгізгеннен бастап, ядролық бағдарламасынан бас тартпай келе жатқан ирандықтарға әлемдік қауымдастық арқылы саяси-экономикалық һәм дипломатиялық қысым жасаудан жалыққан емес. Тіпті, жалыққан кезінде Иранды алдаусыратып, делдалдар арқылы әскери-экономикалық көмек ұсынып көрген кезі де бар. Американың өз сыртқы саясатында Ирандағы билік режимін өзгертуді, сөйтіп, оның ядролық бағдарламасын тоқтатуды басты бағыты етіп алғаны жасырын емес. «Тегеран ядролық қаруға ие болмақ» деген тиянағы жоқ тұжырымды әлемдік қауымдастықтың құлағына әбден құя бергесін, әлемдік қауымдастық бүкіл Таяу Шығыс аймағында ірі держава болуға талпынып отырған Иранның аяқ астынан ядролық державаға айналып кетуінен қорқып, үрейлене қарады. Сондықтан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пәрменімен санкциялық резолюциялар қабылдап, ондағы тармақ-тармағымен тәптіштеліп берілген тегеурінді талаптардың күшімен Ирандағы ядролық бағдарламаны тұсаулауға тырысты. Алайда, әлемдік қауымдастықты құрап отырған еуропалық елдердің біразы Иранның мұңайы мен газын алып отыр. Сондықтан, мұндай санкцияларды қабылдау өз тынысын тұмшалаумен, яғни, өзін тұншықтырумен бірдей. Өкпеден қысатын мұндай өтеуі күшті санкцияларды қабылдауға экономикалық тұрғыда Иранға көбірек тәуелді Ресей мен Қытайдың ұзақ уақыт бойы қарсы болып келгені сол себепті. Экономикасы ирандық мұнайға тәуелді Еуропаның да аса қатаң санкцияларды айналысқа салуға мүдделі емес екені түсінікті. Иранды экономикалық жағынан тұншықтыруға тырысатын тек АҚШ қана. Экономиканы оңдырмайтын ондай санкцияларды енгізу әскери соққыдан да күштірек екені түсінікті. Сондықтан, исламдық Иран елі еңсесін көтере алмай, қазіргі билік режимін ауыстыруға мәжбүр болуы да мүмкін. Бірақ, іс жүзінде нәтижесі не болары белгісіз мұндай сценарийге ешкімнің бармасы анық. Американың амбициясына бола, өз өкпесінен алып қысуға басқа елдер көне қоймайды. Сондықтан, соншалықты «өлтіре қоярлықтай» санкциялардың бола қоймайтынын білетін «тентек мінезді» Тегеран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюцияларынан қалтырап-дірілдейтіндей дәрежеде қорқып отырған жоқ. Шындап келгенде, өзі болып-толып отырған бай Иранға кедей қалпында қалған Солтүстік Кореядағыдай сияқты экономикалық көмектің қажеті шамалы, өз күнін өзі көре алады. Оған реакторлар орнатып беруге де, Әлемдік сауда ұйымның мүшесі болуға да, ұшақтарына қосалқы бөлшектер беруге де және тағы басқа түрлі көмек көрсету туралы көптеген ұсыныстар жасалған еді. Бұған қоса Ресей өз аумағында уранды байытып беруге де ұсыныс жасады. Әлбетте, ол экономикалық жағынан аса тиімді де болатын. Алайда, өзінің байлығын жеткілікті санайтын Иран экономикалық тиімділікті місе тұтпай, саяси тәуелсіздікті артық көрді. Бұдан қандай ой түюге болады? Егер ирандықтарға өнеркәсіпті дамыту үшін тек бейбіт атом қажет болса, онда олар бұл ұсыныстарға келісер еді, әрине. Бірақ, олар барлық ұтымды ұсыныстардан бас тартты. Демек, Иран өз жерінде бейбіт атом ғана емес, әскери-ядролық қару жасауға да мүдделі болып отыр.

Тегеранның ядролық державалар клубына мүше болып кіруге тырысатыны анық. Бірақ, қазіргі заманда ол үшін атом бомбасын жасап, сынақтан өткізіп, «міне, бізде бомба бар» деп көрсетудің қажеті шамалы. Асылы, ирандықтарға бомбаның өзі керек те емес, оларға «бес минуттық дайындық» керек, яғни, атомдық бомбаны қысқа мерзімде жасап шығару мүмкіндігіне ие болса, сол – мақсат. Яғни, Тегеранға Иранның потенциалды ядролық державаға айналуы аса қажет болып тұр. Екіншіден, Тегеранға керегі – өз режимінің өміршеңдігі, яғни, АҚШ ирандық режимді өзгертуге бағытталған курсынан айнып, саяси еркіндікке кепілдік беруі тиіс. Әзір түрлі саяси-экономикалық, дипломатиялық шаралардың күшімен ирандық режимді өзгертуге әлі де болса мүмкіндіктер бар. Өйткені, Иранның өз ішінде президент Махмуд Ахмадинежадтың жалпы саясатына қарсылығын білдіретін күштердің бар екені жасырын емес. Міне, Тегеранның қорқынышы осы – биліктен айрылып қалу. Егер осы екінші қажеттілік, яғни, аталмыш қауіпсіздік жөнінде АҚШ кепілдігі қамтамасыз етілсе, Иранның ядролық бағдарламаны тоқтатуға дейін шешім қабылдауы әбден мүмкін.

Міне, Иран-Америка қақтығысынан осындай ойларды түйіндеуге болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1) «Центральная Азия: диалог цивилизаций в ХХІ веке» Материалы международной конференции. Алматы, 2003.

2) Ноузари Эззатолла «Вклад Ирана в мировую цивилизацию» Иран-наме, №1, 2007, Алматы.

3) Луков В.Б., «Большая восьмерка в современном и будущем мире. Международная жизнь» № 3, 2002, Москва.

4) Пенттиля Р. Политическая анатомия «Большой восьмерки». Международные процессы, т.1. № 3, 2003, Москва.

5) Фененко А.В. Стратегия «Принудительного разоружения и международный бизнес». Международные процессы. Т. 3. № 3 (9), 2006, Москва.

6) Васильев Л. С. Цивилизации Востока: Специфика, тенденции, перспективы // Цивилизации. Вып. 3. Наука, 1995, , Москва.

7) Шабани Риза «Иран тарихы. Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдени өкілдігі» Алматы, 2002.

8) Иран сегодня. Культурное представительство Посольства Исламской Республики Иран в Казахстане, Алматы, 2003.

9) Исламская энциклопедия, Москва, 2000.

10) Хатами Сейед Мохаммад «Диалог цивилизаций: путь к взаимопониманию» Алматы, 2002.

11) Жебесін Гүлбаһрам «ХХ ғасырдың ұлы имамы. Қағанат-КС» Алматы, 1998.

12) Телибеков Мурат «Путешествие в Иран. Культурное представительство Посольства Исламской Республики Иран в Казахстане» Алматы, 2005.

13) Ерыгин А. Н., Восток. Запад. Россия. Ростов-на-Дону, 1993.

14) «Қызылбастар елінде», «Айқын» газеті, 27.06.2006, Алматы.

15) «Әлем назарындағы Иран», «Дала мен Қала» газеті, 27.06.2006, Алматы.

16) Турсон Акбар, Лес и трава. Иран-наме, №1, 2007, Алматы.

17) Панфилова Виктория «Иран как образ жизни» Огонек, №3, 2007.

18) Кучеренко Владимир. Иран. Российская газета. 12.03.2001.

19) Джемаль Гейдар «Революционный Иран в XXI веке» Советская Россия, №10(327),12.04.2007.

20) Шестернина Елена «США готовы нанести ядерный удар по Ирану» Известия, №23, 10.04.06.

21) Евгений Бай «Ключ к разрешению иранского кризиса – в руках России» Еженедельник Дело, №17, 24.04.2006.

22) Екатерина Семыкина «Национализм сильнее религии?» Еженедельник Дело, №27, 13.06.2006.

23) Крючков Игорь, Саргин Александр «Если начнется война в Иране, вы за кого будете?» Газета, №17, 18.09.2007.

24) Эркаев Абдурахим, Две необходимые требующие друг друга. Таффакр (Мысль), №3, 2000, Москва.

25) Георгий Мирский, Тегеран не даст «задний ход». Российская газета, Федеральный выпуск, №4301, 22.02.2007.

26) Максим Макарычев «Спасти миллиарды распорядился президент Ирана Махмуд Ахмадинежад» Российская газета, Федеральный выпуск, №4681, 10.06.2008.

27) Урановый сговор. Иран и МАГАТЭ подозревают друг друга в мошенничестве. Время новостей, №19, 29.05.2008.

28) Евгений Шестаков, Надежда Воронина, «Шесть минус один» Российская газета, Федеральный выпуск, №4659, 15.05.2008.

29) Дарья Юрьева, Сигнал Ирану. Российская газета, Федеральный выпуск, №4295, 15.02.2007.

30) Preventing a Nuclear-Armed Iran: Will China and Russia Help? The New Yorker. №8, 15.04.2006. USA. 

31) At the White House, Engaging Iran With Words Over Action. Christian Science Monitor, №8, 15.04.2006. USA.

32) Iran Details Nuclear Ambitions; Rice Urges ‘Strong Steps’

33) Iranian Nuclear Weapons? The Uncertain Future of Iran’s Nuclear Programs

34) Iranian Nuclear Weapons? Options If Diplomacy Fails

35) Представитель МИД России Михаил Камынин: Шаг в неверном направлении. ИТАР-ТАСС. 12.04.2006.

36) Президент Ирана обвинил Совбез ООН в бездействии. ИТАР-ТАСС. 04.08.2006.

37) Иран подал в ООН жалобу на действия США в Ираке. IRNA. 20.01.2007.

38) Президент Ирана: резолюция СБ ООН не правомочна остановить развитие ядерной программы страны. IRNA. 20.01.2007.

39) Хлопков Антон, США-Иран: не шахматная партия. РИА Новости. 18.04.2007.

40) Иран продолжит работу над своей ядерной программой. РИА Новости. 06.08.2006.

41) Иран пообещал Западу “болезненный ответ”. РИА Новости. 06.08.2006.

42) Президент Ирана приказал банкам выводить активы из Европы, чтобы наказать Евросоюз. РИА Новости. 10.06.2008.

43) Иран испытывает ядерное оборудование нового поколения. Reuters. 08.04.2008.

44) Иран готов возобновить переговоры с Евросоюзом. Reuters. 04.04.2008.

45) Резолюция СБ ООН по Ирану не решает иранскую ядерную проблему. Interfax. 24.12.2006.

46) Резолюция СБ ООН по иранскому “ядерному досье” встретит “серьезный ответ” Тегерана – А. Лариджани

47) Новая резолюция СБ ООН по иранскому ядерному проблеме “не будет стоить ни гроша” – М. Ахмадинежад

48) Основные пункты новой резолюции СБ ООН по иранской проблеме

49) США: Невыполнение резолюции СБ ООН ухудшит положение иранского народа. Reuters. 28.12.2006.

50) СБ ООН может принять новую резолюцию по Ирану еще до конца марта. AFP. 06.03.2007.

51) Президент Ирана Махмуд Ахмадинежад в ядерном центре в Натанзе. AFP. 25.03.2007.  

52) США предложили Ирану уладить конфликт друг с другом. Associated Press. 28.01.2008.

53) Тегеран: Нападение на Иран станет для США «катастрофой». Associated Press. 27.04.2008.

54) Россия присоединилась к санкциям против Ирана. Reuters. 07.05.2008.

55) М.Ахмадинежад: Иран сделает Западу новое предложение. Reuters. 13.05.2008.

56) Белый дом опроверг слухи о планах военного удара по Ирану. Associated Press. 20.05.2008.

57) МИД Ирана: Сотрудничество с МАГАТЭ абсолютно прозрачно. IRNA. 25.05.2008.

58) Иран обвинили в демонстративном неповиновении ООН и МАГАТЭ. Associated Press. 04.06.2008.

59) Хамдохов Станислав, Тегеран рассчитывает на успех ирано-американских переговоров по Ираку. РИА Новости, 05.03.2008. www.rian.ru.

60) МИД Ирана: резолюция СБ ООН по Ирану неприемлема. РИА Новости, 06.08.2006. www.rian.ru.

61) Хамдохов Станислав, Иран продолжит мирную ядерную программу, несмотря на резолюцию СБ ООН. РИА Новости, 06.08.2007. www.rian.ru.

62) Азербайджан пострадает при любом раскладе военных действий США в

Иране: азербайджанский политолог. ИА REGNUM. 03.04.07.

63) Позиции РФ И Китая в отношении иранской ядерной проблемы идентичны. РИА Новости. 25.04.2006.

64) Иран пообещал “жестко ответить” на санкции ООН. France Presse. 06.08.2006.

65) МИД КНР: действия по ядерной проблеме Ирана должны соответствовать международным дипломатическим усилиям. Агентство Синьхуа, 20.03.2007.

66) Глава китайского МИД ЛИ Чжаосин встретился с заместителем министра иностранных дел Ирана. Агентство Синьхуа, 02.03.2007.

67) Представитель МИД КНР подтвердил позицию страны по ядерной проблеме Ирана. Агентство Синьхуа, 28.02.2007.

68) Китайская компания будет осваивать природный газ в Иране. Агентство Синьхуа, 22.12.2007.

69) В Китае заявляют о единой позиции с Россией по иранскому вопросу. Агентство Синьхуа, 21.03.2006.

70) Новая резолюция СБ ООН по иранской ядерной программе может привести к худшему варианту развития событий – МИД ЮАР. ПРАЙМ-ТАСС. 23.03.2007.

71) Мир осуждает Иран за обогащение урана. Би-би-си, 12.04.2006.

72) Ахмадинежада не устроил новый проект резолюции. Немецкая волна, 24.01.2008.

73) Иран. http:// www.ru.wikipedia.org.

74) Акимбеков Султан, Исламский ренессанс. http://www.islam.ru. 25.01.07.

75) Мамаев Шамсудин, Ирану дадут жить спокойно. http://www.prognosis.ru. 20.02.2006.

76) Воронов С.С., Новые моменты в ирано-американских отношениях

США — Иран: война или мир? http://www.highlander.hut1.ru. 14.04.2006г.

77) Саппенфилд Марк. Станет ли Иран следующим? Расчеты для военного удара. Тегеран повысил ставки, заявляя, что обогащает уран. http://www.inosmi.ru. 12.04.2006.

78) США готовы нанести ядерный удар по Ирану. http://www.inosmi.ru. 12.04.2006.

79) Юлия Раабе (Julia Raabe), Четкого «нет» сказано не было («Der Standard», Австрия). Военная операция США против Ирана становится все более вероятной. http://www.inosmi.ru. 12.04.2006

80) Коган Александр, Штаты и Иран готовятся к военной тренировке. http://www.rian.ru.17.10.2007.

81) Обстановка вокруг Ирана накаляется! http://www.rian.ru. 28.03.2007.

82) Долин, Карикатурно-ядерный фашизм. http://www.prognosis.ru. 20.02.2006. 

83) Долгин, Мир без Ахмади-Неджада. http://www.prognosis.ru. 10.02.2007. 

84) Долгин, Бомба в Иране – революция в Америке. http://www.prognosis.ru. 13.03.2007. 

85) Цыпин, Военный иранский сценарий. http://www.prognosis.ru. 15.03.2007. 

86) Берман, Идеология Хомейни с ядерной дубинкой. http://www.prognosis.ru. 25.03.2007. 

87) Мирский, Ближний Восток: выхода нет. http://www.prognosis.ru. 11.04.2007. 

88) Злобин, Мы проспали момент, когда это было еще обратимо. http://www.prognosis.ru. 05.05.2007. 

89) Долгин, Кто спасет Европу? http://www.prognosis.ru. 20.05.2007. 

90) Карапузов Дмитрий, Иран. http://www.krugosvet.ru. 23.05.2003.

91) Суслов Дмитрий, Сажин Владимир, Нужно учиться сосуществовать c ядерным Ираном. http://www.gazeta.ru. 31.01.2006.

92) Что последует за карикатурами? Удар по Ирану? http://www.islam.ru. 06.02.2006.

93) Куртов А., Мифы и действительность современного Ирана. http://www.gazeta.ru. 31.01.2003.

94) Ядерный бунт: Иран не прочь стать изгоем. http://www.un.org. 26.03.2007.

95) Буш допустил возможность ядерного удара по Ирану. http://www.NEWSru.com. 19.04.06.

96) Ядерный бунт Ирана. http://www.gazeta.ru. 02.05.2008.

97) Котенок Юрий, США готовят «хирургический» удар по Ирану. Аналитики Академии геополитических проблем не сомневаются в начале масштабной военной операции против Ирана. http://www.utro.ru. 03.04.2007

98) Мех Николай, Иран уходит в ядерный андеграунд. http://www.utro.ru. 05.02.2006.