ЖОСПАР
Кiрiспе
I-тарау. Қазақ қоғамындағы дәстүрлi құқықтық мәдениет ұғымы
II -тарау. Әдет-ғұрып құқығы нормалары жүйесiнiң құрылымдық сипаты және оның негiзгi принциптерi
III-тарау. Қазақ әдет-ғұрып құқығының қайнар көздерi
IV-тарау. Сот билiгi
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттердiң тiзiмi
КIРIСПЕ
Қазақ халқының ғасырлар қойнауына кетер тарихы, ұлы ұлағат пен адамгершiлiк иманға және тек өзiне ғана тән ерекшелiктерге толы ұлттық құқықтық мәдениетi бар. Бұл мәдениеттiң бастаулары пәк те мөлдiр, иiрiмi – терең де тұңғиық, түла бойы тұнған дүниетанулық ой-әуенге толы өнеге мен өсиет. Сондықтан осынау бiр “өтпелi кезең” атты бимәлiм өлiара дәуiрде тұрған бүгiнгi ұрпақтың басты мiндетi – елеусiз қалған осы асыл қазынасына көңiл аударып, оны өгейсiтпей бауыр тарту, сөйтiп заман көшiнен жұққан шаң-тозаңнан арылтып, оны өзiнiң бүгiнгi өмiрiнiң айнымас тiректерiнiң бiрiне айналдыру. Әрине, бұл оңай шаруа емес, дегенмен оның мемлекеттiк және құқықтық өмiрiмiздiң бүгiнгiсi мен болашағының қажеттiлiктерiнiң бiрi екендiгiн мойындағанымыз абзал. Халқымыздың құқықтық болмысын және мәдениетiн толық игермей, оны өзiмiздiң төл мемлекетiмiз бен құқықтық жүйемiздiң алтын арқауы етпей Республикамызда құқылық мемлекет құрамыз деудiң өзi – “көзжұмбайлыққа” салыну, тарих тағлымына немқұрайлықпен қарау, қазiр жүргiзiлiп және болашақта көзделiп отырған реформаларға пәрмендiлiк пен қуат берер асыл арналарды тануда кешiрiлмес селқостық таныту.
Ұлттық құқықтық мәдениетiмiздiң ғылыми түр-тұлғасын сомдап, шынайы табиғатын ашу әлi де болса келешектiң iсi. Бұған дейiн бiз бұл мәселеге тек танымдық қана мәнi бар деген көзқарас төңiрегiнен қарадық, сөйтiп оның тарихи контексiне ден қойдық. Құқықтық мәдениетiмiздiң бүгiнгiсi мен болашағы туралы сұрақты анық та ашық қоя алмадық. Ал, қазiр жағдай түбегейлi өзгердi. Республикамыз Егемендiк алып, мемлекеттiк тәуелсiздiгiмiз өмiр ақиқатына айнала бастасымен ұлтымыздың құқықтық мәдениетiн танып бiлу және игеру, шамамыз келгенше оны жаңғырту және пайдалану күн тәртiбiне қойылып отыр. Өзiне ғана тән құқықтық сезiмi, құқықтық ұғымы және танымы халқымыздың жадында. Ендi өзiнiң осы бiр ерекшелiгiн – ұлттық құқықтық мәдениетiн – ескерудi және соған назар аударуды талап етуде.
Бүгiнгi күн оқиғалары халқымыздың дәстүрлi құқықтық мәдениетiн тек танымдық, тарихи ғана мәнiмен шектеудiң ағаттығын, оның бүгiнгiсiне зер салып, болашағына зор үмiт артудың артық емес екендiгiн ескерткендей. Олай болатын болса бұл саладағы бiздiң ғылыми iзденiстерiмiзге де жаңа серпiн, тың леп беру керек. Әсiресе ұлттық құқықтық мәдениетiмiздiң тарихына арналған ғылыми зерттеулерiмiздi оның бүгiнгi халi мен болашағын анықтап, сараптауға бағышталған iзденiстермен қатар әрi тығыз байланысты өрбiткен абзал. Бiз сонда ғана ұлттық құқықтық мәдениеттегi орнын, жетiстiгiн және ерекшелiгiн анықтаймыз, сөйтiп оның дүниежүзiлiк тарихтағы шынайы әрi обьективтi келбетiн мүсiндеуге жол ашамыз.
Көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық өмiрдi арнайы бақылап, оны жүйелi түрде зерттеп-зерделеудiң ұзаққа созылған тарихы бар. Оның бастауы көшпелiлер тарихының ежелгi дәуiрлерiне барып тiреледi. Сол кезден бастап қазақ сахарасындағы әдет заңдары хатқа түсiрiлiп, оларды iздеп, жинау, жариялап-зерттеу iсi бiрте-бiрте жолға қойылды. Дегенмен, қолда бар деректер қазақ әдет-ғұрып құқығының зерттелу барысын Ресейдiң қол астына ену кезеңiнен бастауға ғана мүмкiндiк бередi.
Қазақ сахарасындағы әдет құқығын зерттеудi осы уақыттан бастап алғанда шартты түрде бiрнеше кезеңге бөлуге болады.
Ресей империясы тұсында әдет-ғұрып құқығын зерттеудiң өз ерекшелiктерi болды.
Бұл уақытта әдет заңдары қазақ қоғамындағы басты құқықтық жүйе болғандықтан ол жәйлы деректердi жинап, жүйелеу және сарапқа салу патша органдарының ресми қызметi болды. Сондықтан бұл кезеңде әдет құқығы нормаларын iздестiрiп, жинауға, оларды дұрыс ұғынып, түсiнуге көп мән берiлдi. Екiншi жағынан ол нормаларды патша заңдарымен салыстыра қарап зерттеуге, жарамдыларын, өкiмет саясатына және жарлықтарына қарсы келмейтiндерiн қолдап, пайдалануға, ал қарсы келетiндерiне шектеу, тосқауылдар қойып не оларды өмiрден аластау шараларын iске асыруға көңiл бөлiндi. Демек, жергiлiктi халықтың құқықтық нормаларын жинақтап зерттеу, көп жағдайда ресми органдардың тапсырмасымен, бақылаумен және солар тарапынан iске асты. Әрине, бұл жәйт осы уақыттағы қазақ әдет-ғұрып құқығының жариялану және зерттелу барысына әрi деңгейiне әсер етпей қалған жоқ. Тiптен, жеке-дара зерттеушiлердiң өздерiнiң еңбектерi де әдет заңдары жәйлi ресми органдардың бағыт-бағдарын, сарынын және бағасын ескерiп отыруға мәжбүр болды.
Қазақ сахарасының заң-жарғылары жәйлi осы кезде қалам тартқан жергiлiктi ұлт зиялыларының шығармалары, әрине, көзге оттай басылады. Олар өз халықтарының құқықтық нормаларына немқұрайлы, “жоғарыдан” қарай алмады. Орыс оқырманына, сырт көзге көшпелi қоғамдағы әдет заңдарын мейлiнше дәл суреттеп таныстыруды ғана мақсат етiп қоймай, бұл заңдардың ерекшелiктерiне, ұтымды, пайдалы және тиiмдi жақтарына көңiл аударуға тырысты. Орыс, Европа заңдарына қарағанда олардың артықшылығының, жергiлiктi халық тұрмысына, өмiр сүру салтына жақындығын айтуға әрекет жасады. Бұл саладағы Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннiң, Ж. Ақпаевтың, А. Байтұрсыновтың, Б. Сыртановтың еңбектерi айтарлықтай.
Кеңес өкiметi орнағаннан кейiнгi алғашқы он-он бес жылдықта да қазақ әдет-ғұрып құқығы нормалары қоғамдағы өз орнын әлi жоғалта қоймаған едi. Сондықтан жаңа билiк органдары да олармен санасуға мәжбүр болып, оларды жинау, жүйелеу, өз заңдарымен салыстырып бағалау, соған сай не қолдау, не керi итерiп шектеу жұмыстарын жүргiзуге мiндеттi болды. Демек, кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарында да әдет-ғұрып құқығына деген өкiмет органдарының ресми көзқарасы оны зерттеп-зерделеудегi, бағалаудағы басты фактордың бiрi болып қалды.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы, әсiресе, оның неке және қылмыс пен жаза саласындағы нормалары бұл кезде кеңес заңдарымен салыстырыла қарастырылды. Оларға қарсы бағытталған кеңес заңдарының мән-мағынасы, мақсаттары және iске асу тәжiрибесi қарастырылды.
Қазақ халқының дәстүрлi құқықтық мәдениетiн зерттеушiлер алдында тұрған қазiргi таңдағы басты талап – оның тiрi құбылыс екендiгiн көре бiлiп, осы қалпында тани бiлу. Егер осыған дейiн құқықтық мәдениетiмiздi негiзiнен тарихи кейiпкер есебiнде бағалап, осы тұрғыдан қарастырсақ, ендi оның шын келбетiн мүсiндеу үшiн қазiргi кездегi де түр-тұлғасына назар аударуымыз керек. Ұлттық сананың қайта түлеуi, соған сай ұлттық құқықтық сана-сезiмнiң де оянуы, билер институттарының жандануы айтылған ойымызды қуаттай түседi.
Ұлттық құқықтық-мәдениеттiң өмiршеңдiгi оның арналарының және бастауларының терең де мөлдiр, пәк те таза әрi сарқылмас мол екендiгiнiң көрiнiсi. Ол ұлттық тарихымыздың небiр шырғалаң бұрылыстарына икемделiп, әр дәуiрде өзiне сай түрге, нысанға ие болып өмiр сүруiн тоқтатқан емес. Демек, дәстүрлi құқықтық мәдениетiмiз ұлт болмысының қасиеттi құнарынан нәр алып, қуатты шуағынан нұрға бөленуде.
Әдет-ғұрып құқығы – құқықтық жүйенiң тарихи тұңғыш түрi. Бұл оны адамзат тарихының ежелгi дәуiрлерiне сай өмiр шындығы аясында қарастыруды талап етедi. Әсiресе, әдет-ғұрып құқығының теориялық деңгейдегi және ауқымдағы сипаты әлi де болса толықтыруды, түзету енгiзудi, ал кей тұстарды қайта қарауды талап етедi. Әдет құқығының жалпы мәселелерiне арналған жеке монографиялық зерттеулер жоқтың қасы. Себебi әдет құқығының методологиялық және теориялық мәселелерi негiзiнен жалпы құқық проблемасы аясында қаралып шешiлдi. Әдет-ғұрып – қауымдағы адамдардың қарым – қатынасын реттейтiн, дағдыға айналған географиялық, ұлттық, экономикалық факторларға байланысты тарихи қалыптасқан, жазылмаған мiнез – құлық қағидасы.
Ал, құқықты мемлекеттiк билiкке және мемлекеттiкөмiрге қатысты қарастыру, тек осы тұрғыдан зерттеу әдебиетте белең алғандықтан, әдеттiк құқықты да мемлекеттiк заңдармен салыстыра және байланыстыра қарау кең етек жайған едi. Осының нәтижесiнде әдеттiк құқық жәйлi теориялық байламдар мемлекеттiк заңдарға айналған ұғымдардың ықпалында қалды, солардың негiзiнде және аумағында қалды. Әдет-құқығы жәйлi ұғым мемлекеттiк заңдар туралы қалыптасқан көзқарас негiзiнде дүниеге келдi, соның әсерiн өз бойына таратты.
Әдет – ғұрыпқа негiзделген құқықтық жүйе мемлекет заңдарынан түзелген құқықтық жүйеден өзгеше құбылыс. Бұл өзгешiлiк әдет – ғұрып құқығының тарихи контексiнде, әлеуметтiк саяси астарында, рухани бастауларында, принцип қағидаларында, өмiрнамалық құндылықтарында, адамға әсер ету ерекшелiктерiнде. Әдет — құқығы өзiнiң iшкi мәнi және мазмұны, сыртқы түр – сипаты, iс – қимылды реттеу және оған әсер ету мүмкiншiлiктерi, жалпы болмысы, яғни, қандай параметрлерi тұрғысынан алса да адамзат мәдениетiнiң ерекше туындысы екендiгiне шүбә келтiрмейдi. Сондықтан бұл құқықтық жүйеге оның тарихтағы орнына сай көзқарас, соған лайық зерттеу әдiсi және ұғым-түсiнiктер қажет.
Көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық өмiрдiң iшкi құрылысы қат – қабат, сан – салалы боп келедi. Ғылыми әдебиетте көбiнесе құқықтық әдет – ғұрыптарға, нормаларға назар аударған.
Әдет – ғұрыптық нормалар мен институттар көшпелi қазақ қоғамының өмiрiнде үлкен роль ойнады. Бiрақ қазақ сахарасындағы құқықтық мәдениет, құқықтық нормалар жүйесiмен ғана шектелмейтiн, тек соларға ғана сайылмайтын, оның мән – мазмұны әлдеқайда кең көлемдi, сан – салалы және терең болатын. Әдет – ғұрыптық нормалар осы күрделi құбылыстың тек бiр жағы және қыры ғана едi.
Құқықтық нормалардың көшпелiлер қоғамындағы орны, мемлекеттiк билiктiң, оның iшiнде орталық хандық билiктiң күшейген тұстарында арта түсетiн. Мұндай кездерi құқықтық нормалардың қайта қаралып сұрыпталуына, електен өткiзiлiп бiр жүйеге келтiрiлуiне баса көңiл бөлiнетiн. Олардың ең жоғарғы мемлекеттiк билiк деңгейiндегi қаралып құпталған (бекiтiлген) жинақтарын шығару iсi қоғамның басты назарында болатын. Қасым ханның, Есiм ханның және Тәукенiң Заң кодекстерiнiң пайда болуы, Қазақ мемлекетiнiң ең күшейген және кемелденген дәуiрлерiнiң туындысы әрi көрiнiсi едi.
Көшпелi қазақ қоғамында құқықтық құбылыстарды қабылдап – сезiнудiң, танып – бiлудiң және қорытып – бағалаудың өз ерекшелiктерi болды. Бұл ерекшелiктер қоғамдағы құқықтық сезiмнiң және құқықтанымның өзiндiк кескiн – келбетiн анықтайтын, солардың негiзiн қалайтын.
Қазақ қоғамындағы құқықтық сана-сезiм ондағы құқықтық мәдениеттiң туындысы, көрiнiсi, әрi белдi факторларының бiрi едi. Ол құқықтық өмiр саласының басқа компоненттерiмен тығыз байланыста болды, солармен қоян-қолтық араласып және бiрiгiп iс-қимыл жасады.
Қазақ қоғамындағы құқықтық өмiр түптеп келгенде ауызша сөйлеу мәдениетiне негiзделген едi. Сөз өнерi құқықтық жүйенiң негiзгi рухани тiректерiнiң бiрi, мәйегi, әрi құралы едi.
Құқықтық ұғым-түсiнiктердiң, қағида принциптердiң, норма жарғылардың туындап пайда болуы, олардың халыққа тарап, құлаққа сiңуi, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп, ел жадында сақталуы, iске асып орындалуы, бұзылған жағдайда қалпына келуi, өзгерiп-жаңаруы-көшпелiлердiң құқықтық болмысының осы аталған барлық көрiнiстерiнде және тармақтарында сөз мәдениетiнiң орны ерекше болатын.
Қазақи санада құқықтық принцип, нормалардың туындауы үлгiлi сөздiң, аталы сөздiң өмiрге келуiмен байланыстыра қарастырылуы тегiннен-тегiн емес едi. Бұл шындықтан қияс кете қоймайтын түсiнiк едi. Себебi, шын мәнiнде, қазақ қоғамында билер сотының шешiмдерi прецеденттiк роль ойнайды және осы шешiмдер халық арасында құқықтық қағида (принцип), жарғы (норма) есебiнде қабылданып бағаланды. Яғни, елге кең тараған билер сотының шешiмдерi құқықтық мәнге ие болатын да, кейiн құқықтық принцип, норма есебiнде өзiнiң жеке-дара өмiрiн сүре беретiн.
Ал, билер сотының мұндай шешiм-келiсiмдерiнiң ауызекi айтылатындығы, ауызша сөйлеу мәдениетiне сүйенетiндiгi, сөйтiп, нақыл сөз, тақпақ үлгiсiнде болатындығы, көркем де әсем безендiрiлетiндегi-басы ашық ақиқат.
Атақты Төле би, Қазбек, Әйтеке, Сырым, Абай билердiң шешiмдерi, билiктерi осы айтылған жәйтке бұлтартпас дәлел, күмән тудырмас күә. Дәлел ретiнде, бiр мысал келтiрсек. Төле би қанжыға қайыс ұрлаған ұрыға ат-шапан айып кеседi және бұл шешiмдi “қанжыға тон сақтайды, тон жан сақтайды” деп әсем өрнектейдi. Тұсау ұрлағанға ат бастатқан тоғыз айып салады. Бұл кесiмдi “тұсау-ат сақтайды, ат-ер сақтайды, ер-ел сақтайды”деп нақыл сөзбен түйiндеген.
I-ТАРАУ. ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛI ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ҰҒЫМЫ
Көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық өмiрдiң объективтi ғылыми бейнесiн сомдау мақсатында атқарылар iстiң ең бастысы және кезек күттiрмес маңыздысы-осы мәселеге байланысты ғылыми тұғырнаманы айқындау. Яғни, қалыптасқан әдiстемелiк бағыт-бағдарды қайта қарап, соның мүлтiксiз болуына баса назар аудару. Бұл- әсiресе қазiргi таңда, елiмiзде болып жатқан түбiрлi дүние танымдық өзгерiстерге сай қоғамдық ғылыми iзденiстiң барлық салалары үшiн, оның iшiнде құқық тану ғылымы үшiн, аса қажет iс.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы осыған дейiн кеңестiк құқықтық тану ғылымында таптық көзқарас тұрғысынан зерттелiп келдi. Соған сай бұл құбылысты танып-бiлуде бiржақтылық, бiрiздiлiк сарыны бiршама орын алды. Ендiгi мiндет, жеткен жетiстiктерiмiзден жерiнбей, оны көре бiлiп, сонымен қатар жiберген олқылықтарымыздың орнын толықтыру, аталмыш мәселенi зерттеудегi, оған баға берудегi кеткен қиянаттардан уақытылы арылу. Сөйтiп, қазақ қоғамындағы құқықтық-нормативтiк өмiр арнасының шынайы табиғатын ашып, оның объективтi кескiн-келбетiн, бiтiм болмысын ғылыми тұрғыдан сомдау.
Таптық идеологияға негiзделген қазақ әдет-ғұрып құқығының бет пiшiмi қандай едi?
Бәрiмiзге аян, таптық идеологияның астарында қоғамның негiзi экономикалық қатынастар деген тұжырымды асыра сiлтеу жатыр. Осының нәтижесiнде адам қоғамдық қатынастардың жиынтығы деген ой-түйiнге абсолюттi мән берiлдi. Адам қоғамды емес, керiсiнше қоғам адамды билейдi деген ой-сана берiк орын алды. Сөйтiп, жеке адам мен қоғам арасындағы айырмашылық назардан тыс қалып, ол жоққа баланды, адам тек қоғам үшiн жаратылған болып шықты, адам әлемi тек қоғамдық қатынастар шеңберiнде ғана қаралды. Яғни, қоғамның адам өмiрiндегi ролi, орны барынша асыра бағаланды.
Осы бiр адам, қоғам және олар арасындағы байланыс мәселелерiн тек таптық тұрғыдан сипаттайтын тұжырымдарды бiз осыған дейiн әдiстемелiк бағдарлар ретiнде басшылыққа алып келдiк. Кез-келген жеке мәселенi осы тұрғыдан қарап шешуге тырыстық. Әдет-ғұрып нормалары, соның iшiнде қазақ халқының құқықтық жүйесi жәйлi мәселелер де осы тұрғыдан зерттелiп келдi.
Осының нәтижесiнде әдет-ғұрып құқығының, бiрiншiден, таптық күн көрiстiк сипаты асыра бағаланып, қазақ халқының құқықтық өмiрiнiң мәнi, мазмұны көшпелi қоғамдағы әлеуметтiк қатынастар жүйесiмен және солардың негiзiнде жатқан экономикалық мүдделермен анықталды, солармен тұйықталды. Бiздiң назарымыз әдет-ғұрып нормаларының осы қырларымен ғана шектелiп, олардың қоғамдық қатынас мүшелерiнiң тiкелей адами табиғатына, адами қасиетiне және жаратылысына шығар байланыстары, тұстары көзден таса қалды.
Екiншiден, көшпелi қоғамдағы құқықтық өмiр, негiзiнен, мемлекет мүддесi тұрғысынан қаралды. Яғни, әдет-ғұрып құқығы нормаларының мемлекет органдарымен байланысына дұрыс назар аударылғаныменен, бұл байланыстың мәнi де тек таптық қарама-қайшылыққа тiрелiндi, сонымен түсiндiрiлдi. Осы тұрғыдан әдет-ғұрып құқық нормаларына келiп, олардың да адамды билейтiн, әсiресе, оны күш қолдану арқылы iс-қимылын, тәртiбiн бағындырып ұстайтын тұстарына баса назар аударды және сонымен тұйықталды. Қоғамдағы құқықтық нормалардың басты мәнi, объективтi мақсаты адамның адами табиғатының қоғамдық қорғаны болуы естен шығарылды, көлеңкелендi. Мұндай көзқарас ақыры бұл саладағы ғылыми iзденiстердi тұйыққа тiреп, әдет-ғұрып құқығы мемлекет пайда болғасын туындай ма, әлде оған дейiн қалыптаса ма деген шешiмi табылуы мүмкiн емес, демагогиялық талас-пiкiрлердiң толастамас тасқынын тудырды.
Үшiншiден, таптық көзқарастың объективтi мәнiнен гөрi идеологиялық сипатын асыра сiлтеу қазақ әдет-ғұрып құқығының жалпы пiшiмiн бұрмалап, оны артта қалған, тарихи тұрғыдан алғанда дамуы кешеуiлдеген, ескi құқықтық жүйелер қатарына жатқызуға жол бердi. Ол-феодалдық топтардың мүддесiн қорғайтын, соған бағытталған нормалар жинағы есебiнде қаралды. Қазақ әдет-ғұрып құқығы консервативтi, негативтi суреттермен боялды. Оныд негiзiнен керттартпа, көнерген нормалар орын алған және олар бiрiмен-бiрi онша үйлеспеген едi деген ой-пiкiр басым болды.
Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн жоғары оқу орындарына арналған оқулықтағы қазақ халқының хандық дәуiрдегi құқықтық жүйесi жәйлi негiзгi тұжырымдарын келтiре кетейiк. Онда былай делiнедi:”Право казахского общества было обычным правом (адатом), т.е. совокупностью юридических обычаев, отвечающих интересам господствующего класса… Для казахского обычного права (адата) характерны следующие особые черты:
- Консерватизм, выражавшийся в закреплении многих патриархальных, родовых обычаев, правил (например, обязательства о взаимопомощи сородичей);
- Наличие множества пережиточных правил и институтов (обычай кровной мести, самосуд, узаконение института барымты)”1.
Оқулықтың тағы бiр жерiнде әдет-ғұрып құқығына мынандай түсiнiк берiледi:”Обычное право казахов-это свод обычаев, закреплявших политические отношения в раннефеодальном обществе, когда применение норм права зависело, как правило, от произвола феодалов”2.
Бұл пiкiрлер қазақ халқының құқықтық өмiр саласы жәйлi кеңестiк құқық тану ғылымында қалыптасқан жалпы көзқарастың көрiнiсi едi, яғни әдет-ғұрып құқығының таптық тұрғыдан келгендегi жалпы кескiн-келбетi осындай едi, ол, негiзiнен, тарихтың жағымсыз кейiпкерi, өгей баласы болып суреттелген.
Демек әдет-ғұрып ережелерi экономикамен, күн көрiс қамымен, әлеуметтiк қайшылықтармен тiкелей байланысты және осы байланыс олардың мәнiн, мазмұнын толық анықтайды деген ойлау сарынын және әдiсiн сын көзбен қарау қажет-ақ. Бұл әрине, аталмыш байланысты үзiлдi-кесiлдi жоққа шығару емес. Әрине, экономикалық, әлеуметтiк қатынастар мен әдет-ғұрып заңдары арасында байланыс бар, бiрақ ол тiкелей байланыс емес, оралымы мол, қыр-сыры, қабаты жеткiлiктi ара қатынас. Керек десеңiз, әдет-ғұрып нормалары қоғамдық қатынастардың, оның iшiнде экономикалық, әлеуметтiк қатынастардың бiр қабаты болып келетiндiгi де рас. Мәселе-осы байланысты асыра бағаламауда, оны өз орнына қоя бiлуде.
Таптық көзқарасқа негiзделген әдiстеменiң кемшiлiгi оның өз мүмкiншiлiгiн асыра бағалауында, сөйтiп, өз байламдары мен тұжырымдарының ғылыми ақиқат шеңберiне шек қоймай, оларға абсолюттiк (мәңгiлiк) мән беруiнде едi. Бұл олардың объективтi мән-мазмұнын идеологиялық мақсат-мүддеге бағындыруға жетеледi. Осыдан келiп олар ғылыми зерттеудiң арнасынан гөрi тұсауына, баспалдағынан гөрi байлауына айнала бастады. Яғни, қазақ әдет-ғұрып құқығының таптық идеологияға сай кескiн-келбетi мүсiнделiп қана қойған жоқ, ол осымен бiрге көшпелiлердiң құқықтық өмiрiнiң бiрден-бiр ақиқат және оның мазмұнын мейлiнше мол әрi жан-жақты қамтитын сұлбасы деп есептелдi. Әдет-ғұрып құқығының ұғымына нұқсан келтiрер, тiптен, одан азын-аулақ ауытқуға жол берер кез-келген өзге өрнегi үлкен тексерiске түсiп, керi тебiлетiн. Сондықтан көшпелiлердiң құқықтық өмiрi таптық ұғым шеңберiмен шектелiп, сонымен тұйықталған болатын.
Дегенмен, соңғы жылдары “құқықтанымның кең тұжырымдамасы” деп аталған заң ғылымы саласындағы белгiлi бетбұрыс кезiнде әдет-ғұрып құқығына жаңаша көзқарас қалыптастыру талпынысы орын ала бастады. Ғалымдар оның тарихи-құқықтық әдебиетте кең тараған, таптық тұрғыдан берiлген анықтамасын әлi де болса кеңейте және дамыта түсу керектiгiне назар аударды. Әсiресе, Африка, Индус, орыс әдет-ғұрып құқықтарын зерттеушiлер бұл мәселеге баса көңiл бөлдi. Айталық, Супатаев М.А., Валеев Д.Ж., Крашенинникова Н.А., Александров В.А. әдет-ғұрып құқығына мемлекет тарапынан арнайы бекiтiлмеген, бiрақ мiндеттi түрде орындалуға тиiстi басқа әлеуметтiк әдет-ғұрыптар да кiредi деген пiкiр айтты1. Ал, Синицына И.Е. алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау дәуiрiнен мемлекеттiктiң пайда болуына дейiнгi кезеңдегi барлық құқықтық жүйелердi әдет-ғұрып құқығы деп атауды ұсынды2.
Саидов А.Х. әдет-ғұрып құқығының отарлық жүйенiң ыдырауы нәтижесiнде пайда болған жас мемлекеттердiң саяси өмiрлерiнде әлi күнге дейiн елеулi орын алатындығын, сондықтан оны өткен тарихтың еншiсi есебiнде ғана қараудың үстiрттiгiн ескерттi1.
Көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық өмiрдi оның өз ұғымына сай кең көлемде, әр түрлi деңгейде қарау керектiгi қазақстандық заңгерлер тарапынан да батыл қойыла бастады. Олар қазақ халқының құқықтық жүйесiн зерттеу бағытында тек алғашқы қадамдар ғана жасалғанын, онда атқарылар iстiң қыруар мол екендiгiн баса көрсете бiлдi. “Все, что сделано до сих пор в области исследования проблем обычного права казахов, можно считать только началом,-деп жазды академик С.Зиманов. Теперь задача состоит в том, чтобы опираясь на достигнутое, перейти к более глубокому и широкому ее изучению. Слишком еще много белых пятен “на карте” обычного права казахов”2. Осыған сай, қазақ әдет-ғұрып құқығының демократиялық институттарына арнайы назар аударылып, оларды аксиологиялық3, криминологиялық4 тұрғыдан зерттеудiң қажеттiлiгi алға тартылды. Яғни, қазақ әдет-ғұрып құқығының қалыптасқан ұғым-түсiнiгiн сын көзбен қарап, оны түзетiп, толықтырып және дамыту керектiгi күн тәртiбiне қойыла бастаған едi. Әсiресе көшпелi қазақ қоғамындағы заң кодекстерiнiң әдет-ғұрып құқығының нормалары мен институттарын толық қамтымайтындығы, құқықтық әдет-ғұрыптарға хан билiгi тарапынан қолдау тапқан нормалармен қатар билер сотында қолданылар жол-жоралардың да жататындығы, құқықтық ережелер мен жалпы әдет-ғұрыптар арасындағы айырмашылық туралы академик С.Зимановтың байлам-түйiндерi бұл саладағы ғылыми ойды кең белеске, үлкен арнаға бұрған едi.
Келе-келе көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық өмiрдi зерттеудiң жаңа деңгейi және болашағы оны қазақ халқының тарихи жетiстiктерiнiң бiрi, яғни, мәдени құбылыс есебiнде қарастыруда екендiгi ғалым мамандарға айқын бола бастады. “Ни одно исследование культуры дореволюционного Казахстана независимо от того, в какой области общественных наук оно осуществлено, не может не касаться так или иначе вопросов обычного права1,-деп атап көрсеттi С.Зиманов.
Қазақ халқының мемлекеттiк және құқықтық өмiрдегi ұғым-түсiнiктердiң, атаулардың тарихын, даму эволюциясын сонау түркi дәуiрiнен берi салыстыра зерттей отырып, Ғ.С.Сапарғалиев олардың әлi күнге дейiн iшкi мән-мазмұнындағы сабақтастықтың сақталғанын мәдени тұрғыдан қарастыруды ұсынады. “Осы саяси, құқықтық терминдер мен ұғымдар бiздiң дәуiрге дейiн жетiп, қазақ халқының саяси және құқықтық мәдениетiнiң төрiнен өзiне лайықты орын алып отыр”2,-дейдi ол.
Қазақ халқының құқықтық тарихын мәдени тұрғыдан зерттеу оны ғылыми сарапқа салудың жаңа өреге көтерiлуi, құлашын тыңға сермеуi, кең тынысты иемденуi деп бағалаған абзал. Шын мәнiнде, iзденiс-зерттеу жұмыстарын осы бағытта және деңгейде жүргiзгенде ғана бiз осыған дейiн жинақталған ғылыми ой тәжiрибесiн және нәтижесiн лайықты ескерiп, оның кемшiн тұстарынан арыла аламыз, сөйтiп қазақ халқының құқықтық өмiрiн тұтастай танып бiлуге жол ашамыз, оның мәдени мән-мазмұнына барлау жасап, сол арқылы қазақ халқының ғана емес жалпы адамзат тарихындағы оның орнын және үлесiн анықтауға мүмкiндiк тудырамыз.
Көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық мәдениет ұғымы әдет-ғұрып құқығы ұғымымен үндес, соның заңды жалғасы және жаңа даму деңгейi деп қаралғаны дұрыс. Оның негiзiнде сахара жұртының құқықтық өмiрiн оның iшкi мәнiне және ерекшелiктерiне сай барынша терең, кең әрi жан-жақты зерттеу талабы жатыр. Соған сай бұл құбылыстың тарих тезiне төтеп берер объективтi бейнесiн жасау мақсаты басты нысана болып алға тартылады.
Әрине, қазақ халқының құқықтық өмiрiн мәдени тұрғыдан қарастыру оңай шаруа емес. Бұл зерттеу объектiмiздi қайта қарап, оған жаңаша келудi талап етедi. “Необходимо решительно преодолеть укоренившиеся в науке и общественном мнении представления о праве, о его роли в жизни общества, т.е. изменить сам угол зрения на право3,-дейдi Алексеев С. С., құқықтық өмiр саласын мәдени құбылыс ретiнде зерттеудiң қажеттiгiн ескерте отырып. Оның ойынша, құқыққа мәдени көзқарасты орнату-бүкiл адамзат қоғамдастығы, әсiресе бұрынғы кеңестiк республикалардың болашағы, оның iшiнде Ресей қоғамы үшiн зәру талап. “Нужно всему российскому обществу утвердиться в том, что право не сводится к выступающим в качестве орудий государственной власти актам. Оно самостоятельный, высокозначимый феномен цивилизации и культуры”1,- деп атап көрсетедi ол. Ғалымның бұл пiкiрi қазақ халқының құқықтық өмiрiнiң өткен тарихына ғана емес бүгiнгi өмiрiне де қатысты екендiгi айтпаса да түсiнiктi болса керек.
Мәдениеттану ғылымында мәдениет ұғымына әр түрлi көзқарас тұрғысынан келiп зерттеп-зерделеу қалыптасқан.
II-ТАРАУ. ӘДЕП-ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫ НОРМАЛАРЫ ЖҮЙЕСIНIҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ СИПАТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕГIЗГI ПРИНЦИПТЕРI
Көшпелiлердiң құқықтық мәдениетiнiң халық тұрмысына және тiршiлiгiне барынша лайықтанған, оның күнделiктi өмiрiнде қолдануына ең бейiмделген сүбелi бiр бөлiгi-әдеп-ғұрып құқығы нормалары мен институттары. Олар құқықтық мәдениеттiң институциоланған, ресмилеген қабаты едi, құқықтық сезiмнiң және құқықтық танымның шақпақталған, белгiлi бiр қалыпқа түскен және тiкелей пайдалануға болатындай дәрежеге дейiн көтерiлген, “пiсiп-толған” түрлерi едi.
Тарихи және құқықтық әдебиетке әдет-ғұрып нормалар жүйесi белгiлi бiр дәрежеде зерттелiп, зерделенген. Әсiресе, олардың нормативтi кескiн-келбеттерi тәптiштелiп сүреттелген және әлеуметтiк сипаттары жерiне жеткiзiле бейнеленген.
Дегенмен, әдет-ғұрып құқығының нормалары мен институттарын зерттеуде кемшiн кеткен тұстар мен олқылықтар да жоқ емес. Әдет-ғұрып құқығы нормалары әлi күнге дейiн көп жағдайда мемлекет заңдарын зерттеу әдiстерi тұрғысынан қаралып, осындай зерттеу әдiсiн қолдану арқылы танып-бiлiнiп жүр. Әдебиетте әдет-ғұрып нормалары, негiзiнен статикалық түрде зерттеледi.
Мұндай зерттеу әдiсiнiң де өмiр сүруге хақысы бар шығар. Дегенмен, бұл әдiс әдет – ғұрып құқығы нормаларының iшкi табиғатына, оның iске асу, қолданылу, “өмiр сүру” мәнерiне сай келе бермейдi. Сондықтан ол әдет – ғұрып құқығы нормаларының бет-бейнесiн бұрмалап көрсетуi мүмкiн.
Мысалы, әдет – ғұрып құқығы нормалары тұп-тура және дәлме-дәл iске асып қолданылуға, орындалуға арналмаған. Қоғам мүшелерi оларды бұлжытпай орындауға сырттан, жоғарыдан мiндеттелмеген едi. Олар адам тәртiбiнiң классикалық үлгiсi iспеттес болатын, оның ауқымымен қамтылған қоғамдық қатынас иелерi ол үлгiден ауытқи алатын, яғни осы үлгiнiң жалпы сұлбасы ғана басшылыққа алынатын. Әдет-ғұрып құқығы нормаларындағы басты нәрсе – олардың iшкi мәнi едi, олардың негiзiнде жатқан принциптер едi. Ең басты нысана — сол принциптердiң өз мәнiн, мазмұнын жоймай iске асуы болатын.. Әдет – ғұрып нормалары сол үшiн қызмет ететiн және осы жолда өздерiнiң формальды жағын “құрбандыққа” шалып жiберетiн, яғни, осы принциптер iске асу үшiн олар өздерiнiң қолданылу ортасының әр түрлi жағдайына бейiмделiп, түрлi-түрлi варияцияларға баратын, бiр норма әр түрлi болып айтылып, ерекшеленетiн, нюанстарға ие болатын. Яғни, бiр норманың бiрнеше нұсқасы болуы мүмкiн едi, олар құбылмалы едi.
Бұл құбылмалылық осы нормалардың өмiршеңдiгiнiң, қоғамдық қатынастардағы титтей де өзгерiске елгезектiгiнiң және өздерiнiң негiзiне берiктiгiнiң көрiнiсi едi. Өйткенi әдет-ғұрып құқығы нормаларының негiзiнде жатқан принциптердiң тұрақтылығын, бiркелкiлiгiн, мызғымас берiктiгiн қамтамасыз етудiң және соған жетудiң бiрден-бiр жолы, әдiсi осы едi. Түрдiң әр қилылығына және көп нысандығына жол бере отырып қана негiздiң, принциптiң, сол арқылы бүкiл әдет-ғұрып құқығы жүйесiнiң бiркелкiлiгiн әрi тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкiн едi. Яғни, әдет-ғұрып құқығы дегенiмiз, ең бiрiншi ол-құқықтық (немесе құқықтық мәнi бар) принцип, көзқарас, ойтүсiнiк жүйесi және соларды iске асыруға бағытталған нормалар жүйесi. Көзқарас, ой-ағым-қазақ қоғамындағы iс-қимылдың, тәртiптiң негiзi болатын.
Әдетте әдет-ғұрып құқығы нормаларының көп түрлiлiгi, яғни әмбебаптығы, елгезектiгi, “адамгершiлiгi” дұрыс бағаланбай, керiсiнше керi түсiнiлiп оның тұрақсыздығы, табансыздығы, үйлесiмдiлiгi (партикуляризм) деп жазылып жүр. Шын мәнiнiде, бұл әдет-ғұрып құқығы нормаларының нағыз берiктiгiн, бiрлiгiн және бiркелкiлiгiн көрмеу едi. Олар өстiп құбылмалы, елгезек, өзгергiш болу арқылы өздерiнiң мақсаттарына жетiп, өздерi реттейтiн қатынастардың берiктiгiн, тұрақтылығын бiр қалыпта сақталуын қамтамасыз етедi. Әдет-ғұрып нормаларын партикулярлық деу олардың сыртқы түрiнен iшкi мәнiн ажырата алмау, көре алмау едi, бұл нормаларға мемлекет заңдары тұрғысынан келiп, соларды зерттеу әдiсiн оларға да қолданудың және осының нәтижесiнде әдет-ғұрып құқығы нормаларының бейнесi бұрмалануының көрiнiсi едi.
Олар өстiп құбылмалы, елгезек, өзгергiш болу арқылы өздерiнiң мақсаттарына жетiп, өздерi реттейтiн қатынастардың берiктiгiн, тұрақтылығын бiр қалыпта сақталуын қамтамасыз етедi. Әдет-ғұрып нормаларын партикулярлық деу олардың сыртқы түрiнен iшкi мәнiн ажырата алмау, көре алмау едi, бұл нормаларға мемлекет заңдары тұрғысынан келiп, соларды зерттеу әдiсiн оларға да қолданудың және осының нәтижесiнде әдет-ғұрып құқығы нормаларының бейненi бұрмалауының көрiнiсi едi.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормалары жүйесiн олардың принциптерiнен, соған сай көзқарас, ой-ағым арнасынан жеке-дара бөлiп қарауға болмайды. Көшпелiлердiң құқықтық мәдениетiнiң ерекшелiгi-принцип пен құқықтық норма ажырымас бiрлiкте болды және олар бiрiнен-бiрiне “өтiп” отырады. Осындай тiзе қосқан бiрлiк және үйлесiмдiлiк құқықтық нормалар жүйесiнiң мәдени (рухани) деңгейiн әркез биiкте ұстай бiлдi, оның тартымдылығын еселедi.
Қазақ әдет-ғұрып құқығының нормалар жүйесiн құрылымдылық сипаты және ерекшелiгi осы айтылған жәйден туындайды. Құқықтық мәнi бар көзқарастардың, ой-түйiндердiң дүниеге келуi соған сай реттеушiлiк күшке ие принциптердi туындататын.
Ал, бұл кезегiнде түрлi-түрлi ситуацияларды, толып жатқан өмiрлiк қарама-қайшылықтарды, дау-дамайларды шешуге бағытталған нормалар толқынына (легiне) бастау болатын. Сондықтан әдет-ғұрып құқығы нормаларының жүйесiн анықтап, танып-бiлу, олардың негiзiнде жатқан принциптер мен көзқарастарды ажыратуды талап етедi, норма мен принцип арасындағы байланысты көре бiлудi мiндеттейдi.
Әрине, құқық туралы зерттеушiлердiң көзқарасы бiр жерден шығып, бiр тектi болады деп айтуға болмайды. Негiзiнен, құқықты таптық және жалпы әлеуметтiк тұрғыдан түсiндiру ғылымда кең орын алып келдi. Маркстiк iлiм құқықты, оған байланысты құбылыстарды тек таптық тұрғыдан ғана зерттейдi. Бұл iлiм бойынша құқық – үстем таптың саяси құралы, тек соның жоғын жоқтап, мүддесiн қорғайды. Ал өркениеттiк тұрғыдағы iлiм бойынша құқық қоғамдағы барлық адамдардың еркiн бiлдiрiп, мүдделерiн қорғайтын құрал болып саналады. Қандай iлiм болса да құқықтың әлеуметтiк мәнi бар екенiн айтады. Бiрақ маркстiк iлiм құқықтың әлеуметтiк мәнiн өте тар тұрғыдан түсiндiруге тырысады. Әрине, құл иеленушiлiк дәуiрде құқық ашықтан-ашық тек құл иеленушiлердiң мүдделерiн қорғап, құлдарды сөйлейтiн мүлiкке теңегенi белгiлi. Бiрақ бұл көзқарасты барлық қоғамдарға, түрлi сатыдағы мемлекеттерге телуге болмайды.Құқық тек үстем таптың еркiн бiлдiретiн болса, ондай қоғамда үздiксiз тап тартысы орын алып, ақырында ол құлдырап, жойылады. Қазiргi замандағы өркениеттi мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркiн бiлдiретiн саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек. Қазақстан мемлекетiнде қалыптасып келе жатқан құқыққа да осындай жалпы әлеуметтiк тұрғыдан қарау шындыққа сай келедi десек, қателеспеймiз.
Құқықтың жалпы әлеуметтiк мәнiн мойындай отырып, оған мынадай анықтама беруге болады.
Құқық (обьективтiк тұрғыдан қарағанда) – адам мен қоғамның жаратылысымен байланысты тұлғаның бостандығын бiлдiретiн, қоғамдық қатынастарды реттейтiн, ресми құжаттарда формалды түрде анықталған, мемлекеттiң күшiмен қамтамасыз етiлетiн құқықтық нормалардың жиынтығы.
Құқықтың қандай құбылыс екенiн жалпы түрде анықтадық. Ежелден құқықпен қатар заң деген ұғым да қалыптасқан. Екеуi дербес екi әлеуметтiк құбылыс болғанымен, бiрiмен-бiрi тонның iшкi бауындай өте тығыз байланысты. Жоғарыда айтылғандай, құқық нормалардан, ережелерден, қағидалардан тұрады. Ал құқықтық нормалар ресми түрде қабылданады. Дәлiрек айтсақ, құқықтық нормалар нормативтi актiлерде жазылады.
Осы аталған нормативтi- құқықтық актiлердiң iшiндегi ең негiзгiлерi – заңдар. Айта кету керек, әдебиетте заң “кең” және “тар” тұрғыдан түсiндiрiледi. Кең тұрғыдан алсақ, заңға нормативтi актiлердiң барлық түрлерi: нағыз заңдар, жарлықтар, қаулылар, шешiмдер, бұйрықтар, нұсқаулар, ережелер, жарғылар, т.б. жатады. Ал “тар” тұрғыдан қарайтын болсақ, заңға тек қана “заң” деп аталатын нормативтi- құқықтық актiлер ғана жатады. Заң, өз мәнiнде алатын болсақ, нормативтi-құқықтық актiлердiң арасында ерекше орны бар, ерекше қызмет атқаратын акт болып есептеледi. Былайша айтсақ, “заң” – төрағасы сияқты, басқа нормативтi-құқықтық актiлердiң төрiнен орын алатын акт.
Өзара құқықтық күшi әр дәрежеде болса да, аталған заңдар ең маңызды нормативтi актiлер болып саналады. Басқа нормативтi актiлер заңдарға тәуелдi актiлер қатарына жатады.
Нормативтi-құқықтық актiлердiң құрамында заңдардың ерекше орны болуы, айрықша қызмет атқаруы заң мен құқықтың арақатысын анықтауға мүмкiндiк бередi. “Құқықты қоғам жасайды, заңды мемлекет жасайды” деген тұжырым – заң мен құқықты ажыратудың қажет екенiнiң белгiсi. Құқықты қалыптастыратын қоғам – қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Құқық қалыптасуының обьективтiк барсысын формалды заң шығару қызметiмен шатастыруға болмайды. Құқықтың жасалуы – қоғамдық қатынастардың өздiгiнен шынайы қалыптасып, адамдардың және олардың бiрлестiктерiнiң байланыстары әдеттегi, бiрыңғай жолмен, үлгiлермен, белгiлi көлемде жүрiп отыруына байланысты. Мұнда шындық, әдiлдiк, дұрыстық – құқық қалыптасуының негiзгi принциптерi болып табылады. Демек, заң шығарушылықтың алғы шарты, оның тиiмдi болуының негiзi – құқықтық жасалуы. Заң шығарушылық неғұрлым құқықтың талаптарын (әдiлдiктi, шындықты) толығынан ескеретiн болса, соғұрлым заң құқыққа сәйкес болады. Мұндайда заңды құқықты заң деп айтуға негiз бар. Бiрiншiден, құқықты заң қоғамдық қатынастарды жөнге салып, реттеуге, дамытуға атсалысады, екiншiден, құқықты заң әдiлдiктi, адамгершiлiктi баянды етедi, үшiншiден, көпшiлiктiң еркiн бiлдiрiп, халықтық сипатқа ие болады. Сондықтан құқық пен заңды айырудың және олардың арақатысын дұрыс анықтаудың зор адамгершiлiк мәнi бар. Сонымен қатар бұл мәселенiң практикалық мәнiн де естен шығармаған жөн. Заңның құқық талаптарына сай келуi оның сапасын көтередi. Демек, бұл жағдайды заң шығаратын орган ескеруi қажет.
Құқықтың үш “алтын” тiрегi бар: имандылық, өмiрдiң материалдық жағдайлары және мемлекет. “Құқық” түсiнiгi имандылыққа, әдептiлiкке тiреледi. Құқық имандылық негiзiнде пайда болады. Имандылықтың өзi де адамдар арасындағы қатынастарды реттейтiн күш. Әрине, имандылықтың талаптары заң емес, тек адамгершiлiкке негiзделедi. Ал құқық имандылықтан нәр алады, неғұрлым құқықтың нормалары имандылық шарттарына сәйкес келсе, соғұрлым олардың сапасы да, абыройы да жоғары болады. Имандылық тек арға, ұятқа арқа сүйейдi, жұртшылықтың пiкiрiне негiзделедi. Имандылық әдiлетсiздiктi, жауыздықты, зорлық-зомбылық, ұрлық, тағы сондай терiс қылықтарды айыптайды. Бiрақ ондай қылықтар үшiн жаза қолдануға қажеттi құралы жоқ. Имандылықтың ең күштi құралы – жұртшылықтың пiкiрi. Құқық та терiс қылықтарға тыйым салады. Тек тыйым салып қоймайды, кiнәлi адамдарды жазалау шараларын белгiлейдi, сол шараларды қолданатын мемлекет органдарының күшiне сүйенедi. Сөйтiп, құқық нормалары арқылы мемлекет имандылық талаптарына ресми мағына бередi, соның нәтижесiнде қоғамдық қатынастарды реттейдi. Имандылықтың талаптары жалпылама түрде болады, олардың анықтамасы, дәл түсiнiгi жоқ. Айталық, ұрыны, зорлықшылды, өсекшiнi жаман адам деп айыптайды. Ал құқық мұндай адамдардың iс-әрекетiне мейлiнше дәл, бұлтартпайтын анықтама берiп, тиiстi құқықтық норманың мазмұнына жатқызады.
Құқықтың әлеуметтiк мақсаты оның атқаратын қызметiнен байқалады. Оның қызметi қоғамдық қатынастарға, адамдардың мiнез-құлқына, iс-әрекеттерiне әсер етуге бағытталады. Құқық қызметiнiң негiзгi бағыттары мыналар: 1. Реттеу қызметi. Бұл қызметтiң мәнi – қоғамдық қатынастарды баянды ету, тұрақтандыру. Мысалы, құқық нормалары азаматтардың түрлi жағдайлардағы құқықтық мәртебесiн анықтайды. Конституция азаматтарға сан қилы құқықтар мен бостандықтар, соларды пайдалану үшiн тиiстi қоғамдық қатынастарға қатысу мүмкiндiктерiн туғызады. Құқықтар мен бостандықтар тұрақты құбылыстар, өзiнiң мәнiн, күшiн жоғалтпайды, оларды үнемi пайдалануға болады. Сондықтан құқықтар мен бостандықтарды паш ететiн құқықтық нормалар әрдайым қоғамдық қатынастарды реттейтiн құрал болып саналады; 2.Тыйым салу қызметi. Құқықтық нормалар жек адамның, қоғамның және мемлекет органының зиянды iс-әрекеттерiне тыйым салады. Зиянды iс-әрекеттердiң алдын алуға арналған құқықтық нормалар адамдарға, ұйымдарға мiндет жүктейдi, зиянды iстен сақтандырады, құқықтық нормалардың қағидаларын бұзбауды талап етедi; 3. Заңды игiлiктердi қорғау қызметi. Адамдарға, ұйымдарға, бiрлестiктерге құқықтыр мен бостандықтар белгiлi бiр игiлiктi пайдалану үшiн, өз қажетiн (рухани, материалдық, т.с.с.) қанағаттандыру үшiн берiледi. Мысалы, әркiмнiң өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар. Оған ешкiм қол сұға алмайды. Егер адамды заңсыз бас бостандығынан айыратын болса, кiнәлi адам құқықтық жауапқа тартылады. Заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың рұқсатымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады. Соның өзiнде же тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi. Тұрғын үйге қол сұғылмауы керек. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Заңға сәйкес пайда болған меншiктi мемлекет қорғайды. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Кәсiпкерлiкпен шұғылдану – азаматтардың негiзгi құқықтарына жатады. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi.
Құқықтық нормалар адамдардың, ұйымдардың, бiрлестiктердiң құқықтары мен бостандықтарын паш етумен қатар, оларды қорғау жолдарын, әдiстерiн, мүмкiндiктерiн жан-жақты қарастырады.
Ру – адамдардың тарихи қалыптасқан бiрлестiгi, туысқан адамдардан тұратын қауымдастық. Оның мүшелерi өзара некеге отырмайды. Барлық халықтар рулық дәуiрден өткен. Қазiргi халықтардың кейбiреуiнде рулық дәуiрден қалған әдет-ғұрыптары, дәстүрлерi әлi де сақталған. Қазақтың әдетi бойынша жетi атаға дейiн қыз берiсiп-алыспайды.
Рулық қоғамда қауымдық билiк болған. Ру өмiрiне байланысты мәселелердiң барлығын рудың жалпы жиналысы қарап, шешiп отырған. Оған жынысына қарамай, кәмелетке толған ру мүшелерiнiң барлығы қатысатын. Қандай мәселе болса да, жалпы қауымның келiсiмiмен, әдiлдiк жолымен шешiлетiн. Ру мүшелерi жалпы жиналыста ру ағасын сайлайтын. Ру ағасына ақылы толған, ру әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерiн бiлетiн, рудың қамын ойлайтын, қауымды басқара бiлетiн адам сайланатын. Бiрнеше рулар бiрiгiп, тайпа құрайтын. Тайпаны басқару үшiн ру ағаларынан кеңес құрылатын. Сол кеңесте рулардың тұрмысына, басқа тайпалармен қарым-қатынасына байланысты мәселелер қаралатын.
Әдет-ғұрып – қауымдағы адамдардың қарым-қатынасын реттейтiн, дағдыға айналған географиялық, ұлттық, экономикалық факторларға байланысты тарихи қалыптасқан, жазылмаған мiнез-құлық қағидасы. Әдеттер ру тұрмысының дамуына байланысты, ру мүшелерiнiң арасындағы қатынасты жөнге салып, реттеу үшiн, олардың өсiп-өнiп, өмiр сүруiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi құрал ретiнде қолданылады. Олар ұрпақтан ұрпаққа ауысып, ру мүшелерiнiң сана сезiмiне ананың сүтiмен, қауым өмiрiнiң үлгiсiмен сiңiп, олардың мiнез-құлықтарын, iс-әрекетiн алға бағыттап отырады. Ру әдеттерi барлық ру мүшелерiнiң еркiн бiлдiрiп, мүдделерiн қорғайтын қағидалар деп танылып, оны мүлтiксiз орындау әрбiр ру мүшелерiнiң дағдысына айналады. Ру әдет-ғұрыптарын сақтау, орындау – мiндет пе немесе құқық па деген сауал ру мүшелерiнiң ойына кiрiп те шықпайды. Олардың түсiнiгiнше ру әдеттерiн, дәстүрлерiн бұлжытпай орындау табиғи, өзiнен-өзi түсiнiктi жағдай болып саналады. Рулық әдеттер, дәстүрлер қандай болғанын қазақ халқының тарихынан да көруге болады.
Ру дәуiрiнде адамдар тек жаратылыстың даяр өнiмдерiн жинап қорек етiп, өмiр сүрген. Келе-келе адамдар өндiрiс құралдарын жасап алып, өздерi шаруашылыққа кiрiседi. Сөйтiп, жинау шаруашылығынан өндiру шаруашылығына ауыса бастайды. Мал өнiмдерiмен күнелтуден диқаншылыққа ауысады. Диқаншылықтың нәтижесiнде отырықшылық қалыптасып, елдi мекендер, қалалар салына бастайды. Қалаларда қол өнерi пайда болып, ол мал шаруашылығы және диқаншылығы сияқты табыс көзiне айналады. Экономиканың аталған салалары бiрiнен-бiрi бөлiнiп шығып, дербес өмiр сүре бастағаннан кейiн, бiрiнiң өндiрген өнiмiне бiрi мұқтаж екендiгi байқалады. Диқандарға мал өнiмi, малшыларға жер өнiмi, қолөнершiлерге тамақ қажет болады. Сөйтiп, соларға делдалдық жасайтын алып-сатарлар бөлiнiп шығады.
Құрал –саймандардың жетiлдiрiлуiне байланысты еңбек өнiмдiлiгi де өседi. Соның нәтижесiнде ортақ өнiм пайда болады. Рулық қауымда барлық жиналған, табылған өнiм ру мүшелерiнiң жалпы меншiгi болған едi. Ендi еңбек өнiмдiлiгiнiң өсуiне байланысты артық өнiм жеке адамдардың, жеке отбасыларының меншiгiне айнала бастайды. Сөйтiп, малға, жерге, қолөнер бұйымдарына жекелеген иелер пайда болады. Ақырында ру қауымының жалпы меншiгiнiң орнына жеке адамдардың меншiгi пайда болып, меншiктiң айрықша түрi – жеке меншiк қалыптасады. Жеке меншiктiң пайда болуына байланысты қоғам таптарға бөлiне бастайды. Бiр жағынан, құрал-жабдықтар, өндiрiлген бұйымдар, байлық адамдардың бiр тобының қолында шоғырланады да, байлар пайда болады. Сөйтiп, рулық қауым өзiне тән белгiлерден айрылып, құлдырайды. Оның орнына жеке меншiкке негiзделген, айрықша екi үлкен әлеуметтiк топтан тұратын қоғам қалыптасады. Мұндай жағдайда рулық қоғамдағы қауымдық, барлық ру мүшелерiнiң игiлiгiн көздеп, еркiн бiлдiретiн билеу құрылымы өз мiндетiн, қызметiн атқара алмайды.
Меншiк иелерiнiң – байлардың айрықша мүдделерi болғандықтан, басқа ру мүшелерiмен, кедей-жарлылармен қатар отырып, мәселелердi тең негiзде шешуге бармайды. Содан байлар мен кедейлердiң арасынды қайшылықтар пайда бола бастайды. Қоғамдағы осындай түбегейлi экономикалық-әлеуметтiк өзгерiстердiң нәтижесiнде қоғамды билеу, басқару жүйесi де өзгере бастайды. Сөйтiп, қоғамның белгiлi бiр сатысында мемлекет және құқық пайда болады.
Әдетте, құқықтың қалыптасуының үш жолы бар:
- нормативтi актiлер; 2) үлгiлер (прецедент); 3) құқықтық әдеттер. Кезiнде қазақ мемлекеттiлiгiнiң құқығы осы үш жолмен қалыптасқан. Оған дәлел “Қасым ханның қасқа жолы” (XV ғ.), “Есiм ханның ескi жолы” (XVI ғ.), Тәуке ханның “Жетi жарғысы”(XVIII ғ.). Сонымен қатар қазақ қоғамында билердiң үлгi шешiмдерi де қазақтың ұлттық құқықтық әдеттерiн дамытқан. Қиыннан қиыстырып тапқан билердiң шешiмдерi ұқсас iстердi қарағанда күшi бар құқықтық норма ретiнде пайдаланылған. XIX ғасырда билер съезiнде қабылданған ережелерде құқықтық нормалар жазылып, нормативтi актiлер ретiнде пайдаланылған. Солармен қатар қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан құқықтық әдеттер де қоғамдық қатынастардың реттеушiсi болып отырған.
Сондықтан әдет-ғұрып құқығы нормаларының жүйесiн анықтап, танып-бiлу, олардың негiзiнде жатқан принциптер мен көзқарастарды ажыратуды талап етедi, норма мен принцип арасындағы байланысты көре бiлудi мiндеттейдi.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормалары жүйесiнiң құрылымдық ерекшелiгiн анықтауда оның астарында жатқан көзқарастырдың, қағида-принциптердiң туындау, қалыптасу, беку және ауысу (басқа принципке өз орнын беру) жолын ашып көрсету шешушi роль ойнайды. Сондай-ақ бұл қағида-принциптердiң қызмет ету көлемiн, деңгейiн белгiлеу, олардың өзара салмағын және құндылығын мөлшерлеу, бiр-бiрiмен байланысып, әрi ықпалын межелеу де бұл бағыттағы мақсатты айқындауда атқарылар үлкен iстiң бiрi.
Көшпелiлер қоғамындағы принцип-қағидалар құқықтық ұғым-түсiнiктердiң бiрлесе және қатар («тiзе қосып”) қызмет еттi, олар бiрiн-бiрi толықтырып әрi байытып отырады, өзара iштеi үндестiкке болып бiр-бiрiне айнымас тiрек бола бiлдi.
Құқықтық қағидалар, құқықтық ұғым-түсiнiктердiң толып-пiсуiнiң, дамуының келесi сатысы, тiкелей жалғасы iспеттес едi, соған сай олар (қағидалар) құқықтық практикаға, дау-дамай аймағына әлдеқайда жақын болып көрiнетiн (ұғым-түсiнiктерге қарағанда). Яғни, құқықтық принциптердiң тiкелей iс-әрекеттiк қызметiнiң шапшаңдығы, құқықтық практика жаңалықтарына, өзгерiстерiне елгезектiгi кей тұстары құқықтық ұғымдарға қарағанда ұтымдылау болып көрiнетiн. Дегенмен, құқықтық қағида-принциптер құқықтық ұғым-түсiнiктер сияқты, негiзiнен, құқықтық өмiр салаларында бағыт-бағдар беру, осы аймақтың “дербестiгiн”, құндылығын, өзiн-өзi рухани-мәдени, iс-әрекеттiк тұрғыдан қамтамасыз ету, құқықтық ситуацияларды, нормаларды бақылау функцияларын атқарды.
Көшпелiлердiң құқықтық (немесе құқықтық мәнi бар) принцип-қағидаларын шартты түрде бiрнеше топқа болуге болады.
Олар-бас принцип, ара (ортақ) принциптер және дербес (жеке) принциптер. Қағида-принциптерқұқықтық өмiрдегi өз деңгейлерiне, салмақтарына және күш –қуаттарына сай өзара тығыз байланыста және қарым-қатынаста болды. Олар жалпы құқықтық жүйенiң құрылымын анықтар, оның iшкi бiрлiгiн, үйлесiмдiлiгiн және сыртқы ықпалға төтеп берер тәуелсiздiгiн қамтамасыз еттi.
Сахара жұртының құқықтық өмiрiнiң басты қағида-принципi “Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы” деп әдемi айшықталған едi. Бұл принцип құқықтық өмiрдiң барлық салалары үшiн негiзгi қағида болды. Құқықтық жүйенiң ара (ортақ) принциптерi, жеке дара салаларының дербес принциптерi және нормалары осы негiзгi принцип аумағында, бағытында және биiктiк деңгейiнде қызмет еттi және осы қағида тұрғысынан бақылауға, “басқаруға” алынды.
“Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы” –көшпелiлердегi құқықтық өмiрдiң негiзгi талабы, бағдары, әрi қызмет ету аясы едi. Яғни, көшпелi үшiн ең басты өмiрлiк (құқықтық) құндылық ол-адамның ар-ұяты, намысы, иманы, iшкi рухани дүниесi. Сондықтан, құқықтық жүйе ең алдымен осы басты қоғамдық әрi адами құндылықты қамтамасыз етуге, қорғауға бағытталуы керек болатын. Оның барлық күш-қуаты әрi мүмкiндiгi бiрiншi кезекте осы талапты орындауға жұмсалды.
Келесi құқықтық құндылық есебiнде көшпелiлер қоғамында адамның жаны, дене мүшесiнiң саулығы қарастырылды. Бiр ғажабы, қазақи қоғамдық санада денсаулық байлықпен байланыстырылады, байлық болғанда басты байлық деп есептелдi. “Алғашқы байлық-денсаулық, екiншi байлық-ақ жаулық, үшiншi байлық-он саулық” дейдi халық нақылы. Яғни, адамның денесiнiң саулығы рухани контекстен гөрi, тәни, мүлiктiк қатынастар аумағында қарастырылды. Сондықтан да болар, адам тәнiнiң саулығын бағалау, оны қамтамасыз ету, оған зақым келгенде қорғау, негiзiнен мүлiктiк шығын (құн төлеу) тұрғысынан бағаланды.
Көшпелi қазақ қоғамында байлық, мүлiктiк ауқаттылық адам өмiрiндегi басты құндылық деп саналған емес. Сондықтан да оны уағыздау, марапаттау қоғамдық санада орын алған жоқ. Байлық адами мақсат есебiнде де қаралған жоқ. Бай болу, жарлы болу адамның тағдырына байланысты, ол тәңiрден (құдайдан) деп саналды. Байлық, дәулет (мал) адамға қызмет етуi керек деген ой-сана қоғамда кең тарады. Бұл қоғамдық пiкiр және ойлау үрдесi көшпелiлердiң құқықтық өмiр саласына да өз әсерiн тигiздi. Дәулет (мал) бұл саладағы басты құндылық емес, керiсiнше, адамның ары, денесiнiң саулығынан кейiнгi ең соңғы-үшiншi деңгейдегi қорғау объектiсi болып саналды. әрине, мұнан келiп көшпелiлер қоғамында мал-мүлiктi (меншiктi) қорғауға және көңiл бөлiнбедi деген қорытынды шықпауы керек. Құқықтық жүйе меншiк қатынастарын реттеуге, әлеуметтiк топтардың, жеке тұлғалардың мүлiктiк мүддесiн қорғауға өзiнiң бар мүмкiндiгiн жұмсады. Мәселе-сахара жұртының қоғамдық және құқықтық сана-сезiмiнде мал-мүлiктiк қатынастардың (байлықтың) басты құндылық деп есептелмегендiгiнде, оның адам арынан және тән саулығынан кейiнгi құқықтық нысана болғандығында болып отыр.
Көшпелiлердiң құқықытық нормалар жүйесiнiң бас принципi өз қызметiн ара (ортақ) принциптер арқылы iске асырды. Ортақ принциптерге кешiрiмдi болу, сөзге тоқтау қағидалары жатты. Бұл принциптер ара принциптердiң мейлiнше көрнектi өкiлдерi едi.
Ортақ принциптердiң ерекшелiгi олар бас принцип пен жақсы (дербес) принциптер арасын байланыстырушы, солардың қызметiн үйлестiрушi болды. Олардың арасында пайда болар немесе болуы мүмкiн қайщылықтарды жұмсартып, тiптен, жойып, бiр-бiрiмен жалпы үйлесiмдiлiк орнатып, сол арқылы бүкiл құқықтық жүйенiң iшкi құрылымын, қызметiн қалыпты деңгейде ұстап отырды. Бас принцип ара принциптер арқылы дербес принциптердi бақылауға алып, оларға бағыт-бағдар, мән-мазмұн “жолдап” отырса, дербес принциптер ара қағидалар арқылы бас принципке өз талап-тiлектерiн, мұқтаждарын, iшкi өзгерiс-жаңалықтарын жеткiзiп отырды.
Ара қағидалардың пайда болу, даму жолдары өзге принциптердiң өсу эволюциясына сай және бiртектес. Десек те, ара принциптер жеке (дара) принциптердiң өсiп-өнiп, келесi сатыға көтерiлiп, одан кейiн өмiрден кетiп, өзге принципке орын беру процесiнде айтулы роль ойнайды, дәлiрек айтсақ осы процеске iштей (рухани) дәнекер болды, тiптен, осы тұрғыдан қамтамасыз еттi.
Айталық, қылмыстық құқық саласындағы қанды кек қағидасының бiрте-бiрте шектелiп, кейiн оның құн төлеу принципiмен орын алмастыру барысында кешiрiмдi болу принципi басты рухани орын алды.
Ол жаңа құқықтық түсiнiктер, нормалар енгiзу қажеттiлiгi туындаған кезде немесе жаңа құқықтық бастамаға жол ашу үшiн қолданылып отырған басты рухани механизм болды. Рухани өлiара кездерi жаңару, түлеу дәуiрлерiнде кешiрiмдiлiк идеясы негiзгi құндылық есебiнде алға ұстап отырды. Сондай-ақ, жер дауы, мал дауы, жан дауы салаларындағы құқықтық қағида нормалардың өсiп-өнiп, рухани тұрғыдан нәрленiп, кең де биiк адами ажарға ие болуларына да кешiрiмдi болу (кең болу) қағидасының қозғаушы күш рөлiн ойнағанын көремiз. Кешiрiмдi болу (“Алдыңа келсе атаңның құнын кеш”) қағидасы құқықтық жүйедегi, оның принцип-нормаларындағы рулық, тайпалық мазмұнның елдiк, халықтық мәнмен ауысуына, бiртұтас мемлекет болу ой-әуенiмен суарылуына да рухани өткел бола бiлдi.
Көшпелiлiрдiң құқықтық өмiрiнiң басты қағидасынын туындайтын, соны жалғастыратын және оның iске асуын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ принциптердiң бiрi “сөзге тоқтау” деп аталды. Ол құқықтық болмыстың өн бойына өрiлiп-тарап, оның жанды күретамыры iспеттес болып, нормативтi жүйеге пәрмендi қуат, рухани шырай берiп отырды.
“Сөзге тоқтау” қағидасының құқықтық өмiрдегi маңызы сөз өнерiнiң (сөйлеу мәдениетiнiң) көшпелi қазақ қоғамындағы айрықша мән-мағынасынан, ортаймас орнынан туындайтын. Егер сөз өнерi қазақ қоғамының тарихи-мәдени дамуының басты көрсеткiштерiнiң бiрi (квинтэссенциясы) оның (қоғамның) рухани арқауы (мәйегi) әрi қазығы, әлеуметтiк өмiрдегi бiрден-бiр пәрмендi және қуатты күш, қоғамдық сананың символы екенiн ескерсек, онда сөзге тоқтау принципiнiң де құқықтық жүйедегi алар орны өзiнен-өзi айшықтала бередi. Сөз құдiретiн басты құдiрет деп ұғынған көшпелi қазақ жөн сөзге тоқтай бiлудi де жеке адам басындағы негiзгi құндылықтың бiрi деп санады, адамгершiлiктiң, жоғары парасаттылықтың, мәрттiктiң белгiсi деп бiлдi оны. Жеке адам ғана емес, жалпы қоғамның тыныс-тiршiлiгiнiң түзулiгiн, әлеуметтiк өмiрдiң рухани тазалығын, оның адами ажарлығын сөзге тоқтау қағидасының берiктiгiне қарап бажайлайтын сахара жұрты.
“Сөзге тоқтау” қағидасы (“өз жеңiлгенiн өзi мойындау”, “жөн сөзге тоқтамаған арсыз”) даудың құқықытық салада туындап, өрбiп кейiн шешiлуi барысын рухани тұрғыдан қамтамасыз етiп, әрi қадағалап отырар пәрмендi құралдың бiрi болды. “Сөзге тоқтау” қағидасының негiзiнде әдiлдiкке, жөн iске мойынсыну жатты. Көшпелiлердегi қоғамдық санаға сәйкес дауға қатысушы жақтардың азаматтық ажары, ары, намысы әрқашан да берiк қорғаныста болуы керек. Мiнеки, сондай адамдық қасиеттi қорғауға арналған механизмдердiң бiрi (қоғамдық, құқықтық) — өз жеңiлгенiн даудың кез келген тұсында мойындау еркi де (немесе “сөзге тоқтау”). Осы механизм арқылы құқықтық салаға тартылған (дауға қатысушы) кез келген қоғам мүшесi өзiнiң азаматтық бейнесiн, ар-намысын кiр шалудан, төмендеуден арашалап ала алды. Сөйтiп, адамдық пен арлылық талабының ең биiк шыңында қала бiлдi.
Көшпелiлердiң құқықтық өмiрiнiң бас және ара (ортақ) принциптерi оның жеке-дара салаларының дербес принциптерi арқылы толып-толысып, дамып отырды. Бос, ара және дербес принциптердiң өзара салмағы, байланысты және қызметi жалпы құқықтық өмiрдiң iшкi құрылысын, көлемiн, нәтижелiлiгiн анықтады, оның нормаларының iс-әрекеттiк бағыт-бағдарын, құндылығын белгiледi.
Құқықтық жүйенiң әр саласының дербес принцип-қағидасы өзiндiк бiтiм болмысымен ерекшеленетiн. Олардың әрқайсысы тек өз салалары аумағында және төңiрегiнде қызмет еттi. Сол саланың ғана тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз етiп, пәрмендiлiгiн, өмiршеңдiгiн еселей түсуге тырысты. Сонымен қатар, өзiне тетелес құқықтық саланың өзге салаларымен қарым-қатынасты үзбей өршiтуге, өзара байланысты бекiте түсуге, сөйтiп, жалпы құқықтық өмiр аумағын және негiзiн нығайту мақсатында қимыл жасады.
Көшпелiлердiң құқықтық жүйесiнiң неке саласында “Жетi атаға дейiн қыз алыспау” принцип-қағидасы жетекшi роль ойнады. Сот процесi саласының негiзiнде “Дау мұраты-бiтiм” қағидасы жатты. Қылмыс пен жаза қатынастарын реттеуде “Қанға-қан, жанға-жан”, “Құлаққа-құлақ, тұяққа-тұяқ”, “Құн төлеу” принциптерiнiң әрқайсысының тарихтың әр дәуiрiнде әр түрлi жетекшiлiк мәнге ие болғандығын байқаймыз. Сол сияқты жер қатынастарын, мүлiктiк қатынастарды реттеуде де белгiлi бiр құқықтық принцип-қағидалардың осы салалар аумағындағы нормалар тiзбегiне негiзгi бағыт-бағдар берушi қызметiн атқарғанын көремiз.
Қазақ әдет-ғұрып құқығының принциптерi мен олардың негiзiнде жатқан көзқарастардың құқықтық номалармен және институттармен ажырамас бiрлiкте болуы соңғыларының адам тәртiбiне, iс-қимылына ерекше әсер етуiн қамтамасыз еттi. Осының нәтижесiнде әдет-ғұрып құқығы нормалары мен институттары құйма күй, тұтастай құбылыс деңгейiне көтерiлдi. Олар адам болмысына көктей өтiп, қапсыра әсер ету мүмкiндiгiне ие болады, үлкен эмоциональдық ықпал жасауға жол ашты. Адамның тек қана ақылына емес, оның сезiмiне, жүрегiне, бүкiл өн-бойына әсер еттi (ант беру рәсiмi, қанды кектi орындау, ала жiп кесу, т.с.с.). Әдет- ғұрып құқығы нормалары мен институттарының ерекше бiр сиқыры, құпиясы осында едi.
Тағы және де бiр негiзгi мәселелердiң бiрi-қазақ әдет-ғұрып құқығы принциптерiнiң және нормаларының басты мақсаты қоғамдағы талас-тартыстарды, дау-дамайларды шешу едi. Олар осы қажеттiлiктен туындаған болатын және осы мақсатқа бағытталған едi. Сондықтан қазақ әдет-ғұрып құқығы нормалары мен институттары көшпелiлер қоғамындағы адам аралық қатынастарды, әлеуметтiк байланыстарды, жалпы қоғамдық қатынастарды жүйелi түрде реттеудi әуел бастан мақсат еттi деу шындыққа сай келе бермейдi. Тарихи тұрғыдан алғанда оның ең алғашқы және басты нысанасы дау-дамайлардың алдын алу, оларды болдыртпауға әрекет жасау, ал талас-тартыс туындап жатса уақытысында жылдам, қоғамда қалыптасқан әдiлдiк, теңдiк ұғымдары және принциптерi негiзiнде шешу едi. Қоғам мүшелерiнiң ой, сөз, iс-қимым еркiндiгi мен теңдiгiн қамтамасыз ету, солардың iске асуына жағдай жасау едi. Және осы жолда кездесер кедергiлер мен түйiндердi (талас-тартыс, дау-дамайлар) уақытылы және тез шешу едi. Яғни, қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларды қоғамдық қатынастарды тұтастай реттеудi әуел бастан-ақ жеке-дара және басты мақсат етiп қойған жоқ. Бұл мақсат әдет құқығының даму барысында, бiрте-бiрте кейiнiрек пайда болды.
Көшпелi қоғамдағы құқықтық мәдениеттiң қомақты бөлiгi-әдет-ғұрып нормалары-ерекше бiр құбылыс. Олар өзгеше бiр әлеуметтiк кеңiстiктiң, қоғамдық өмiрдiң көрiнiстерi, сондықтан олардың параметрлерi, өлшемдерi мемлекет заңдарынан бөлек болатын. Әдет-ғұрып құқығы нормаларын дұрыс ұғынып, түсiну үшiн олардың iшкi мәнiне сай көзқарас, зерттеу әдiстерi керек. Әрине, әдет-ғұрып нормаларының белгiлi бiр бөлiгi мемлекет тарапынан қолдау тапты. Мемлекет оларға баса көңiл бөлiп, өз мақсат-мүддесi тұрғысынан әсер етуге, өз қызметiне жаратуға әрекет жасады (жинастырды, жүйеледi, өз атынан жариялады ). Бiрақ әдет-ғұрып құқығы нормалары, оның iшiнде “Ереже” жарғылары да одан мемлекет заңына айналған жоқ, өзiндiк өмiр сүру мәнерiн жоғалтқан жоқ. Ал, бұл мәнер көшпелi қоғамның iшкi табиғатынан, ондағы әлеуметтiк қатынастардың ерекшелiгiнен, қоғам мүшелерiнiң тәртiбiн реттеу, басқару iсiнiң өзгешiлiгiнен туындап жататын, солар арқылы түсiндiрiлетiн.
Көшпелiлерде қоғамдық қатынастарды реттеп, жүйелеп басқарудың өз сипаты болды. Оның бiр ерекшелiгi – адам тәртiбiн реттеп басқару әлi жеке-дара, дербес өмiр саласы, мемлекет қызметi болып толық қалыптаспағандығында едi. Екiншiден, қоғамдық тәртiптi сақтап, қаитамасыз ету iсi сыртқы күшке, арнайы бiр органдар қызметiне негiзделмеген болатын. Қоғамдық тәртiп, демек, әдет-ғұрып құқығы нормаларын сақтап-орындау да, көшпелi ұжымдардың «автономиялылығына»,”дербестiгiне”, өздерiн-өздерi басқаруына негiзделген едi. Мемлекет тарапынан қолдау тапқан әдет-ғұрып нормаларының — белгiлi заң кодекстерiнiң де, “Ережелердiң де толайым “мемлекеттiк” сипат ала алмауының бiр ұшығы осында жатса керек. Қалай десек те, қазақ қоғамында бұл заң кодекстерiнiң – атының, даңқының басым болғандығы анық. Олардың нормативтi жағынан гөрi iшкi мәнi, рухани қуаты халыққа жақын болды, қоғам олардың беделiне көбiрек ден қойып сүйендi, даңқын, сұсын пайдалануға баса назар аударды.
III –ТАРАУ. ҚАЗАҚ ӘДЕТ – ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРI
Құқықтық қайнар көздерi ұғымы ғылыми әдебиетте екi түрлi мағынада (кең және арнайы) қолданылады. Кең мағынада бұл ұғымға құқықтық нормалардың пайда болуына әсерiн тигiзетiн базистiк факторлар жатады. Экономикалық қатынастардың пiсiп-жетiлуi, сөйтiп құқықтық тұрғыдан реттеудi талап етуi, әлеуметтiк мүдделердiң құқықтық мұқтаждық деңгейiне көтерiлуi құқықтық талап-тiлектердiң, сұраныстардың өмiрге келуi – мiнеки осы айтылған құбылыстардың барлығы құқықтың қайнар көздерiнiң кең мағынадағы мазмұны.
Арнайы мағынада құқықтың қайнар көздерi деп құқықтық нормалардың өмiр сүру нысандарын, ресми көрiнiстерiн айтады. “Құқықтың қайнар көздерi” ұғымы жәй норма құқықтық мәнге ие болуы үшiн қандай процедуралардан (жолдардан) өтуi керек, қандай нысанды иемденуi керек, қандай түрге енуi керек деген сұраққа жауап бередi.
Орталық мемлекет билiгi күшейiп орныққан, мемлекеттiң құқық түзу қызметi қалыптасқан қоғамдар үшiн бұл сұраққа жауап беру аса қиынға түспейдi. Мұндай қоғамдарда құқықтық нормалардың пайда болуының негiзiнде мемлекеттiң құқық түзу қызметi жатады да, құқықтық қайнар көздерi деп құқықтық мәнi бар нормаларды қамтитын мемлекеттiк актiлердi айтады (заң, жарғы, қаулы, т.с.с.).
Орталық өкiмет билiгi әлi толық орнығып, қатаймаған, мемлекеттiң құқық түзу қызметi тұрақты жұмыс iстеу машығына енбеген қоғамдарда құқықтық қайнар көздерi не деген сұраққа жауап беру аса бiр аңғарымпаздықты, абайлап басып, аңдап қарауды талап етедi. Себебi, мұндай қоғамдарда мемлекет заңдары емес, әдет-ғұрып құқығы нормалары үлкен реттеушiлiк роль ойнайтын. Ал, әдет-ғұрып құқығының нормалары, әдетте, күнделiктi өмiр қажеттiлiгiнен “өзiнен-өзi” туындап жатады. Ол тұрмыс-тiршiлiктiң, қайнаған өмiрдiң тiкелей төл туындысы едi. Әдет-ғұрып құқығы нормалары дүниеге бiрден “құқықтық құбылыс”, “құқықтық шындық” болып енедi. Яғни, оның мемлекеттiк құқық нормаларынан айырмашылығы – мемлекеттiк құқық түзу қызметiн аса қажет ете бермейдi, оған толығымен және басыбайлы тәуелдi емес. Әдет-ғұрып құқығының нормалары мен мемлекеттiк билiк арасындағы байланыс бiрте-бiрте өрбидi.
Әдет-ғұрып құқығының нормалары өзiнiң құқықтық сипатын мемлекеттiң құқық түзу (правотворчество) қызметi нәтижесiнде ғана иемделген жоқ. Керiсiнше әдет-ғұрыптарда, әдеттiк нормаларда бекiтiлген құқықтарды өз тарапынан қолдай отырып, оларға ресми (мемлекеттiк) мән, нысан бере отырып өкiмет органдары өз беделдерiн арттыруға, өз дәрежелерiн биiктетуге тырысты.
Мiне, сондықтан да әдет-ғұрып құқығы үшiн “құқықтық қайнар көздерi” – ұғымының кең мағынадағы қолданысы сай келедi. Ал, оның арнайы мағынадағы қолданысын және танымдық мәнiн әдет-ғұрып құқығын зерттеп, танып-бiлуде асыра сiлтеуге болмайды. Себебi құқықтық қайнар көздерi ұғымының арнайы мағынасы мемлекеттiң құқық түзу қызметiнiң орныққан дәуiрiнiң туындысы және оның құқықтық актiлерiнiң өмiрге келуiнiң көрiнiсi. Ол, негiзiнен, мемлекет заңдарын зерттеуге бейiмделген ұғым және соның қажеттiлiгiнен туған ғылыми әдiс.
Әдет-ғұрып құқығының нормаларын олардың iшкi мәнiне, мазмұнына және ерекшелiктерiне сай зерттеу оларды “құқықтың қайнар көздерi” ұғымымен бiрге одан да кеңiрек көзқарас тұрғысынан қарастырғанды талап етедi. Әсiресе әдет-ғұрып құқығы нормаларын мемлекеттiк билiк (мемлекет билiгi органдары немесе иегерлерi) ауқымында және солардың өзара байланысы, қарым-қатынасы, осы қарым-қатынастың эволюциясы контексiнде қарау алға қойған мақсатымызды айқындауда әлдеқайда нәтижелi болардай. Сонда ғана бiз, әдет-ғұрып құқығын, оның нормаларын олардың iшкi табиғатына сай көзқарас тұрғысынан зерттеп-зерделеуге бағдар алатын секiлдiмiз, сөйтiп, бұл күрделi құбылыстардың обьективтi сұлбасын танып-бiлуде, сомдап-суреттеуде бiр табан болса да шындыққа жақын келемiз.
Әрине мемлекеттiк билiк (оның иегелерi, органдары) және әдет-ғұрып құқығы нормалары арасындағы қарым-қатынас тiкелей, айқын да ашық байланыс емес. Ол қабаты мол, оралымы сан-салалы, көзге көрiне бермес мөлдiр, қолға ұстап болмас нәзiк ара қатынастардың бiрi. Әсiресе, бұл байланыстың негiзi қайдан туындайды, басталар бастауы, аяқталар шегi қайда деген сауалдарға жауап беру – қиынның қиыны. Бұл екi құбылыс арасындағы өзара жақындық, бiрiн-бiрi тауып-табысуы және бұл қатынастың өрбiп-дамуы көз көрiп, құлақ естiмеген әлiмсақтан басталады, сондықтан бұл меженi дәл басып айтып, дөп басып айқындау, нақты дәлелдер келтiру — әзiрге мүмкiн болмай отыр.
Әдет-ғұрып құқығы нормалары мен мемлекеттiк билiк арасындағы өзара байланыстың даму эволюциясын бiрнеше кезеңге бөлуге болады. Ең алғашқы кезең – мемлекеттiк билiктiң туындап, оның өмiрлiк нышандарының пайда бола бастаған дәуiрi. Бұл уақытта үстемдiк және жетекшi роль әдет-ғұрып құқығы нормаларында болды. Себебi, олар мемлекеттiк билiктен бұрын туындайды және қоғамдық өмiрдiң белдi де басты факторлерiнiң, беделдi компоненттерiнiң бiрi едi. Сондықтан, бұл дәуiрде мемлекеттiк билiк иегелерi (органдары) әдет-ғұрып құқығы нормаларымен жақындасуға, солармен “тiл табысуға” өздерi мүдделi болды. Сол арқылы олар өздерiнiң қоғамдағы орнын анықтап, бекiтуге, абырой-беделдерiн арттыруға тырысты. Бұл кезеңде мемлекеттiк билiк әдет-ғұрып құқығы нормаларын барынша танып бiлуге әрекет жасайды. Оның iшкi мәнiн, мазмұнын өз бойына сiңiруге тырысады, соның iс-қимыл жүйесiне, барлық болмысына елiктейдi, сөйтiп өзiн де осы құқықтық нормаларға, соған сай көзқарастарға, ой-ағымдарға лайықты етiп сомдауға ұмтылады. Бұл мемлекеттiк билiктiң (оның нышандарының, иегерлерiнiң, органдарының) балаң кезi едi. Оның әлi қоғамдық өмiрде өз орнын алып, жалпы қоғамдық билiктен, оның органдарынан бөлектенiп, жеке-дара, арнайы жүйеге айналмаған дәуiрi болатын. Сондықтан, бұл кезеңде ол әдет-ғұрып құқығы нормаларымен танымдық (таныстық) байланыс орнатқанына қанағат тұтатын. Бұл нормаларға талғаммен қарап, оларды алалау, сараптап-салалау әлi де болса оның ойында жоқ едi. Демек, бұл дәуiрде ол әдет-ғұрып құқығы нормаларына әсер етейiн, оларды белгiлi бiр қалыпқа келтiрейiн, жүйеге түсiрiп реттейiн деген талпыныс-талаптан, ой-әуеннен таза едi. Оның бар мақсаты әдет-ғұрып нормаларының қуаты мен шуағы аймағында болу, солардан нәр алып өсiп-өну, толып-толысу едi.
Мемлекеттiк билiк пен әдет-ғұрып құқығы нормалары арасындағы байланыстың дамуының екiншi кезеңiнде, олар арасындағы қарым-қатынас соңғыларына жаңа мән, жаңа мағына бере бастайды. Ендi олар осы байланыстың арқасында және нәтижесiнде юридикалық (арнайы) мағынадағы құқықтық мәнге ие бола бастайды. Бұл мемлекеттiк билiктiң өз негiзiнде өзi дамып, белгiлi бiр жүйе дәрежесiне көтерiлiп, қоғамдық өмiрдiң басты факторы деңгейiне көтерiлген тұсы едi. Мiнеки осы кезден бастап әдет-ғұрып құқығы мен мемлекеттiк билiк арасындағы байланыс жаңа сатыға көтерiледi. Ендi мемлекеттiк билiк әдет-ғұрып құқығы нормаларымен жәй жанасқанға, олар жәйлi хабар алып берiскенге, өзара бiлiп танысқанға қанағаттанбайды. Ол белсендi қимылдар жасауға талап қылып, iс-әрекет жасауға ұмтылады, өзара байланыстың тығыз және қарқынды болғанын қалай бастайды. Сөйтiп, ол әдет-ғұрып құқығы нормаларына деген талғамын күшейтедi, олармен белгiлi бiр талап, мүдде тұрғысынан қарым-қатынас жасауға ұмтылады.
Мемлекеттiк билiк әдет-ғұрып құқығы нормаларының iшкi мәнiне ғана емес сыртқы келбетiне де назар аударады, сөйтiп оған белгiлi бiр қалып, өң беруге ұмтылады. Бiрақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының сыртқы нысанын өз қалауынша емес, керiсiнше олардың iшкi сыр-сипатынан, абырой-беделiнiң қуатынан, айбарынан айшықтауға тырысады. Себебi, мемлекеттiк билiк әлi де болса әдет-ғұрып құқығы нормаларының, соған сай көз-қарастардың, ойлау, өмiр сүру мәнерiнiң ықпалында және жетегiнде болатын. Сондықтан, әдет-ғұрып құқығы нормаларының iшкi мән-мазмұнына талғаммен қарап, сыртқы нысанына өзгерiстер енгiзуде, не қайтадан қалыптастыру барысында (яғни, оларға “юридикалық” мағынадағы, құқықтық мән беру барысында) мемлекеттiк билiк өз тарапынан өзгерiстер енгiзе бермей, қалыптасқан қоғамдық сананың талап-тiлегiн барынша ескеруге тырысады, соның сұранысын қанағаттандыруға ұмтылады.
Мемлекеттiк билiк пен әдет-ғұрып құқықтық нормалар арасындағы байланыстың келесi (үшiншi) сатысы – ол әдет-ғұрып құқығы нормаларының жоғары мемлекеттiк билiк тарапынан белгiлi бiр ауқымда және деңгейде қамтылып, сын көзден өткiзiлiп, керектi жерлерiне түзетулер енгiзiлiп, ал кейбiр тұстарының қайтадан қаралуы. Сөйтiп, мемлекеттiк билiктiң құралы есебiнде, олардың қоғамдық қатынастарды реттеу, елдi басқару мақсатында қолданылуы.
Аталмыш байланыстың төртiншi кезеңi – мемлекеттiк билiктiң негiзi күшейiп, қабырғасы қатайып, оның құрылымдық жүйесi қалыптасып, орталықтану процесiнiң аяқталған тұсы. Бұл кезде мемлекеттiң құқық түзу қызметi де қоғамдық қатынастарды реттеудiң басты факторiне айналады. Осы кезде әдет-ғұрып құқығы нормаларының мемлекеттiк билiкке тәуелдiлiгi шырқай шегiне жетедi, оның органдарының қолдауына, қамқорлығына мұқтаждығы еселенедi.
Әрине, бұл жерде бiз мемлекеттiк билiк пен әдет-ғұрып құқығының нормалары арасындағы байланыстың шартты түрдегi даму эволюциясын берiп отырмыз. Сондықтан көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық нормалардың мемлекеттiк билiкпен байланыс тарихын осы схемаға сай дәлме-дәл суреттеп беру оңай емес, тiптен мүмкiн емес. Дегенмен, көшпелiлердiң құқықтық нормаларының өмiр сүру нысандарын зерттеп зерделеу және талдау бұл саладағы бiздiң теориялық болжам-пiкiрiмiздi жоққа шығармайды.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормалары ресми және биресми нысандарда өмiр сүрдi. Бидiң билiгi, ханның жарлығы, жол, жарғы, ереже – көшпелiлердiң құқықтық нормаларының ресми түрде өмiр сүру нысандары болатын. Биресми түрде әдеттiк нормалар өсиет-өнеге, бата, үлгiлi сөз, нақыл, мақал-мәтел, афоризм бейнесiн иелендi.
Бидiң билiгi — әдет-ғұрып құқығы нормаларының ұзына бойғы өмiр сүру тарихына тән құбылыс. Дегенмен оның қазақ халқының және мемлекеттiң қалыптасу, даму барысындағы бет-бейнесi өзгерiссiз қалған емес. Билiк шешiмдердiң ерте кездегi сұлбасы қағидалық (принциптiк) мәндерге жақынырақ болып, өсиет-өнегелiк сипатқа сай келсе, бiрте-бiрте олар нақтылық (номалық) нысанға ие болуға ұмтылыс жасайды.
Бидiң билiгi – көшпелi ұғымдардың тұрмыстық, саяси-құқықтық тұрғыдан алғандағы салыстырмалы дербестiгiнiң (автономиялығының) нышаны әрi көрiнiсi болатын. Қазақ қоғамындағы олардың айрықша орны осыған байланысты. Орталық мемлекеттiк билiктiң жергiлiктi (ауылдық) билiкпен ара салмағының ауытқып өзгеруi би шешiмдерiнiң әр түрлi мән-мазмұнға және түрге енуiнiң негiзiнде жатты.
Әсiресе орталық өкiмет билiгiнiң құқық түзу қызметiнiң қалыптасу, өркендеп-өсу жолының қилы-қилы кезеңдерiнде бидiң билiктерi өз қалпын өзгертiп отырды. Мемлекеттiң құқық түзу қызметi жаңа қалыптасу барысында олардың беделi күштi болды да, ол қызмет арта түскен сайын бидiң билiктерiнiң қуаты кеми бердi.
Құқықтық мәнге ие хан жарлықтары көшпелi қазақ қоғамындағы ерекше құбылыстардың бiрi. Хан жарлықтары алым-салық төлеу, астана таңдау, әскер iсi, көшi-қон мәселелерiн реттеу салаларында бiршама орын алды.¹ Сондай-ақ, халық съездерiнiң шақырылу орнын, мезгiлiн, тәртiбiн реттеу де хан жарлықтары жүзiнде iске асты. Хан жарлықтары билер кеңесi институтын қалыптастыруда басты қызмет атқарған құқықтық нысандардың бiрi. Әсiресе, олардың тұлғалық және сандық құрамын анықтау, мақсат бағдарын белгiлеп қызмет бағыттарын салалау, құрылымдық жүйесiн айқындау барысында хан жарлықтары негiзгi роль ойнады. Орталық хандық билiк көшпелi қоғамда күшейген тұстарында хан жарлықтары арқылы әкiмшiлiк, ал кейде қылмыстық жазаның жаңа түрлерiн енгiзуге талпыныс жасалды (дүре соғу, зынданға қамау, өлiм жазасына кесу, т. с. с. ). Тiптен, қоғамда дiни бағдар қалыптастыру және дiни саясат жүргiзу барысында да хан жарлықтарының ең соңғы роль ойнамағаны белгiлi.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының келесi бiр тарихи нысаны – “жолдар”. Сахара жұрты мұндай құқықтық құжаттардың екi түрiн бiледi. Бiрi – “Қасым ханның қасқа жолы” (1511-1523) болса, екiншiсi – “Есiм ханның ескi жолы” (1598-1645 ).
“Жолдар” – көшпелi қоғамдағы орталық мемлекеттiк билiктiң жеке-дара дербестенуiнiң бiр көрiнiсi, оның қалыптасқан құқықтық мәдениеттi жаугершiлiк, әскери заманға сай бейiмдеп пайдалануға талпыныс жасауының нышаны. Мемлекеттiң құқық түзу қызметiнiң қалыптасуындағы үлкен бiр құбылыс және белес.
“Жолдардың” пайда болуы мемлекеттiк билiктiң елдi басқару [1]iсiн, қоғамдық қатынастарды реттеу мәселесiн жаңа негiзде-құқықтық-мәдени арнада және сатыда құруға батыл қадам жасағандығының айғағы. Және осы қадамды мемлекет қызметiнiң тұрақты да жүйелi бағыты есебiнде орнықтыруды мақсат етiп қойғандығының тұңғыш дәлелдерi.
Ал, Қасымның да, Есiмнiң де хандық құрған кездерi Қазақ мемлекетiнiң аумақтық жағынан кеңейiп, халқының саны молайып, өкiметтiң орталық билiгi тұрғысынан алғанда қатайып және күшейiп, өз заманындағы iрi де қуатты монархияға айналған дәуiрлерi. Әрине, бұл уақыт аралықтарында Қазақ мемлекетi әлi толық қалыптасып бiтпеген едi, ол даму және құралу жолында болатын. Хандық билiк қазақ халқының этникалық аумағын бiрiктiру, соның басын қосу мақсатында әр түрлi әскери жорықтар ұйымдастырып жатты. Сырдария қалалары үшiн аумалы-төкпелi, қиян-кескi айқастар жүргiзiлдi, көршi мемлекеттермен халықаралық дипломатиялық қатынастар орнатыла бастады. Яғни, бұл кезеңдерi мемлекеттiң сыртқы саяси ахуалы толық орнықпаған, соған сай iшкi жағдайы да бұлғаққа бейiм, саяси құрылысы аяғына дейiн қалыптасып бiтпеген едi. Мiнеки, осы жәйттiң барлығы қоғамдағы құқықтық жүйенiң тыныс-тiршiлiгiне әсер етпей қалған жоқ, оның iшкi мәнiн және сыртқы кейпiн қалыптастырып, мемлекеттiк билiк пен әдет-ғұрып құқығы нормаларының арасындағы өзара байланысты анықтауда негiзгi рольдердiң бiрiн ойнады.
Көшпелi қазақ қоғамында пайда болған әдет-ғұрып құқығы нормаларының тұңғыш ресми жинақтары-“жолдар”-ауызша дайындалып қабылданған.
Бұл жинақтарда әдет-ғұрып құқығы нормалары тұтастай қамтылмаған. Жоғары мемлекеттiк билiк органдары өз уақыттарының талабына сай олардың тек ең қажет және керек дегендерiне назар аударып, соларды белгiлi бiр өңдеуден және түзеуден өткiзiп, ал керек жерлерiн қайта қарап және толықтырып қоғамды басқару мақсатында пайдалануға тырысты. Академик Ә.Марғұланның айтуына қарағанда “Қасым ханның қасқа жолында” әдет-ғұрып құқығы нормаларының бес саласы қамтылған. Олар: 1) Мүлiк заңдары (жер дауы, мал, мүлiк). 2) Қылмыс заңы (ұрлық, кiсi өлтiру, талау, шабу). 3) Әскери заң (аламан мiндетi, қосын жасау, қара-қазан, ердiң құны, тұлпар ат). 4) Емшiлiк жаралары (майталмандық, шешендiк, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептiлiк). 5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстiндегi ережелер, жасауыл, бекеуiл, тұтқауылдардың мiндетi).¹
Ә.Марғұланның пiкiрiнше “Қасым ханның қасқа жолы” өзгерусiз XVII-ғасырға жетiп, Есiмнiң кезiнде “Есiм ханның ескi жолы” деп аталған.2
“Есiм хан негiзiнен “Қасқа жолдың” қағидаларын сақтады”3 -дейдi С.Зиманов және Н.Өсеров. Дегенмен “Есiмнiң жолында” қылмыс мәселелерiне арналған тарауда бiрсыпыра өзгерiстер енгiзiлдi” -дейдi Қ.Миханов. Айталық, күн үстiне “үстеме күн” белгiленген (“өнер құны”, “сүйек құны”). Ердiң құны 100 жылқы, 6 жақсы болған (“Жетi жарғыда” -100 түйе немесе 1000 қой). Әйел құны оған төленген қалың мал мөлшерiне қарай белгiленген (“Жетi Жарғыда” әйел құны еркек құнының жартысындай ғана).4
Көрiп отырғанымыздай, Есiм мен Қасымның жинақтарында қомақты орын әскери және елшiлiк нормаларға берiлген. Себебi, жас мемлекеттiң ең басты мақсаты-күн астындағы өз орнын табу және соны нығайту едi. Халықаралық және мемлекетаралық қатынастардың жеке-дара субъектiсi есебiнде өзiн таныту және сол деңгейде әр кез көрiне бiлу болатын. Сондықтан да сыртқы жаудан қорғана бiлу, дер кезiнде әскери қосын жасап, оны жарақтандыру, жеңiлген аумақтан алым-салық жинау мәселелерiне арналған әдет-ғұрып нормаларын, жол-жораларын ұтымды пайдалану-кезек күттiрмес қажеттiлiк болатын. Сондай-ақ, ел мен ел, мемлекет пен мемлекет аралық қатынастарда қолданылатын ережелердi жинақтап, оны өз жөнiмен қолдана бiлу де-ең жоғары өкiмет билiгi тұрғысынан реттеуге және жүргiзуге тиiстi құқықтық саясаттардың бiрi болуы керек едi. Есiм мен Қасымның жинақтарында бұл нормаларда да арнайы орын берiлдi.
Ал, iшкi қатынастарды реттеуде, ең алдымен елдiң бiрлiгiн сақтауға арналған, оның тыныштығын қорғайтын, ел арасы бүлiнген кезде жедел түрде келiсiм-ымыраға бастайтын әдет-ғұрып нормаларына көңiл бөлiндi. Жұртшылық және қылмысқа қарсы бағытталған құқықтық нормаларға мемлекет назарының бiрден түсуi осымен түсiндiрiледi.[2]
Әрине, ел басқарудың басты мiндетi және сапаларының бiрi-меншiк қатынастарын реттеу, оларға қамқор бола бiлу, осы жүйедегi мемлекетке тиiмдi жеке мүдделердiң арашашысы әрi панасы болу. Қазақ қоғамындағы меншiк қатынастары жердi (қонысты) пайдалануға, мал-мүлiктi иемденуге негiзделгендiктен, бұл тараптағы жол-жораларға мемлекеттiк мән берiп, арнайы қамқорға алу-жоғарғы өкiмет билiгiнiң парызы болатын. Есiм мен Қасымның жинақтарында бұл мәселелер де өз шешiмiн ойдағыдай таба алды.
Дегенмен, жоғарғы өкiмет билiгi назарынан тыс қалып, өз тарапынан нақты қолдау таппай, аталмыш заң жинақтары құрамына енбей қалған әдет-ғұрып нормалары мен институттары жеткiлiктi едi. Айталық, неке саласы, сот процесi саласы, т. с. с. Яғни, бұл айтылған жәйт, мемлекеттiк билiктiң қоғамдағы құқықтық нормаларға таңдай да талғай қарайтындығының, оның бәрiмен бiрдей, тұтастай байланыс жасауға асықпайтындығының көрiнiсi, әрi дәлелi. Қазақ мемлекетiнiң ең жоғарғы билiк органы – хандық билiк әдет-ғұрып құқығы нормаларын өзiнiң iшкi және сыртқы саясатына сай таңдап пайдалануға тырысты. Сөйтiп, бұл нормаларды мемлекеттiк билiктiң мүддесi, талап-тiлегi, мақсат және қызмет аясына алып, сол ауқымда олармен қарым-қатынасқа түсе бастады. Олардың iшiнен өз қызметiне жарайды деген белдi-белдi құқықтық институттармен нормаларды бөлiп алып, арнайы “сүзгiден” өткiзiп, өз атынан, ендi мемлекеттiң ресми құжаты – “жол” ретiнде қайта жарияланды.
Көшпелiлердiң әдет-ғұрыптық құқықтың нормалар жүйесiнiң ресми өмiр сүру нысандарының ең жетелген түрi – жарғы. Ол билер билiктерiнiң, хан жарлықтарының жолдарын жолдарын даму жолының тiкелей жалғасы және келесi бiр сатысы.
Жарғы нормаларының iшкi мән-мазмұнын, түр-сипатын, құрылымын осы тұрғыдан зерттеу, олардың қоғамдағы орнын толығырақ ашып көрсетуге жағдай жасайды.
Қазақ қоғамы жарғының бiр үлгiсiн – Тәүке хан тұсында қабылданған “Жетi Жарғыны” бiледi.
“Жарғы” “Жолдарға” қарағанда мән-мамұны жағынан бой-құрылымы тарапынан қарағанда сан-салалы, көлемi тұсынан алсақ мол келедi.
Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, “Жетi Жарғыға” кiрген ережелер жетеу. Олар: 1) Мүлiк заңы. 2) Қылмыс заңы. 3) Әскери заңы. 4) Елшiлiк жоралары. 5) Жұртшылық заңы. 6) Жесiр дауы. 7) Құн дауы.1
“Жетi Жарғыда” оны құрастырушылар “Жолдарға” қарағанда қазақ қоғамының iшкi мәселелерiне көбiрек көңiл бөлуге назар аударған. Әрине, бұл қазақ халқының аумақтық, этикалық, әлеуметтiк тұрғыдан алғанда толысып, саяси-экономикалық жүйесi тұрақтанып, өз дамуының келелi бiр кезеңiн кешiп жатқандығының көрiнiсi едi.
Тағы бiр ерекшелiк, жоғары хандық билiк “Жолдарды” құрастыру барысында қалыптасқан әдет-ғұрыптық нормалардың белгiлi бiр бөлiктерiн жинап, сұрыптап, кейбiр жерлерiн өңдеп, елге жария қылуға баса назар аударса, “Жарғыны” дайындау кезiнде өз тарапынан жаңа нормалар кiргiзуге бiршама көңiл бөлген.
Демек, “Жарғы” мемлекеттiк билiктiң құқық түзу қызметiнiң өсiп-дамып, жаңа сатыға көтерiлген тұсының туындысы және көрiнiсi.
“Жолдарға қарағанда “Жарғыда” шариаттың әсерi көбiрек болды. Бұл қазақ қоғамына ислам дiнiнiң жайыла бастағанының көрiнiсi едi. ““Жетi Жарғыда” мұсылмандардың заңы – шариаттың әсерi күштi болғанын көруге болады” 2 – дейдi С. Зиманов және Н. Өсеров.
Әдет-ғұрып құқығы нормаларының келесi бiр ресми қайнар көздырiнiң бiрi – “Ереже”.
Ережелердiң ең көлемдiсi 100-ден аса немесе соған жете баптан тұрса (Тоқмақ ережесi, Шар ережесi), ықшамдары 5, 7, 10 баптан (Бахты-шұбарған, Құрбан-қайық ережелерi) тұрды.
Көлемдi Ережелер көшпелiлер қоғамына сай, билер сотымен шешiлуге тиiстi барлық дау түрлерiн (жер, мал-мүлiк, жесiр, құн, барымта, т. с.) қамтуға тырысты. Ал, кiшiгерiм ережелер бiрдi-екiлi аса маңызы деп табылған сұраққа ғана тоқталды (салауат, мал ұрлығы, т. с. ). Ережелердiң күшi, қызмет iстеу мерзiмi, негiзiнен соны қабылдаған билер съездерiнiң шақырылу және тарқау уақытымен шектелетiн. Бiрақ оның үлгiлi (прецеденттiк) мәнi көпке дейiн сақталды.
1Академик С.З. Зимановтың айтуынша ережелер – қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының кiшi жинақтары. Бұл анықтама көшпелiлердiң құқықтық өмiрiнде ережелердiң алатын жалпы орынын ғана белгiлеп қоймай, сонымен бiрге олардың құқықтық нормаларының ресми нысаны есебiндегi мән-мазмұнын ашатын тұжырым. Яғни, егер жора мен жарғы әдет-ғұрып құқығы нормаларының кең жинақтары болса, ереже – құқықтық нормалардың кiшi жинақтары едi.
Жол, жарғы бүкiл қазақ қоғамы ауқамында, ең жоғары құқықтық күшке ие деңгейде және ұзақ мерзiмге қызмет iстеуге арналған жинақтар болатын. Ережелер болыс аралық, ояз аралық, онан қалды облыс аралық көлемде қызмет еттi. Оның үстiне олар қысқа мерзiмдiк уақыт аралығындағы (күн, апта, ай, жыл) күшке ие едi. Ережелердiң тағы бiр ерекшелiгi – олар көшпелiлердiң құқықтық мәдениетi ауқамында қызмет еткенмен, орыс заңдарының талап-тiлегiн барынша ескерiп отыруға мiндет едi, оларға қарама-қайшы келе алмайтын, сондықтан кей тұстары солардың қазақ даласындағы “жалғасы iспеттес көрiнетiн.
Әдет-ғұрыптық құқықтық нормалардың ресми нысандарының көшпелi қоғамдағы орнын және iшкi мәнiн тереңiрек түсiнуге олардың халық санасындағы (қоғамдық санадағы) көрiнiсiн бiлу септiгiн тигiзедi.
Сахаралықтар оларды өзiнше қабылдап, түсiндi, белгiлi бiр тұрғыдан бағалады. Өздерiнiң бұл ресми қалыптарға деген қатынасын анықтап, көзқарастарын бiлдiрдi. Ел аузында қалған әңгiмелер, халық аңыздары, жыр-термелерi осыған куә.
Халық шығармашылығының (әдебиетiнiң) аталмыш түрлерi оның бұл құқықтық құжаттарға деген қатынасының жинақы, образды (көркем) сұлбасын бередi. Демек, көшпелiлер қоғамында олар жәй, қатардағы саяси-мемлекеттiк iс-әрекеттер деп қана қаралмай, үлкен әлеуметтiк, рухани мәнi бар құбылыстар деп саналған. Халық оларды күнделiктi өмiрлерiнен, өз тiршiлiк-тыныстарынан бөле-жармаған, керiсiнше, өз бiтiм-болмыстарының ажырамас бөлшегi деп есептеген. Билердiң билiктерiн, хан жарлықтарын “жолдарды”, “жарғыны”, ережелердi халық рухы салқын сана деңгейiнде ғана қабылдамай, бар жан-тәнiмен, эмоционалды арна ауқымында баураған. Жат деп жатырқамаған, жатсынбаған, сыртқа теппеген. Өзгенiкi (мемлекеттiкi) емес, өзiмдiкi (халықтiкi), өз туындым, өз өмiрiм деп сүйiспеншiлiгiн аямаған.
Әрине, мұнан құқықтық нормалардың ресми қалыптарына, олардың мазмұндарына халық арасында сын көзбен қарау болмаған екен, олар тұтасымен дәрiптелiп, әркез халық тарапынан көзсiз қолдау таба берген екен деген қорытынды шықпауы керек. Халық оларға сын көзбен қараған, жақтырмаған тұстарын ашық айтып, керек кезiнде жер-жебiрiне жеткiзе мiней де бiлген. Ашық қарсылық көрсетiп, сырт айналған оқиғалар да болған. Мәселе онда емес.
Бiздiң айтпағымыз, құқықтық нормалардың қай-қай ресми нысаны болмасын көшпелi ұжымдардың оларға бiреудiң iсi деп салқын-сылбырт қарамағандығы. Олардың туындап, қалыптасып, өзгерiп отырған барлық даму сатыларында араласып, өз көзқарастарын бiлдiрiп, қатынастарын айқындауға мүдделi түрде ат салысып отырғандығы. Өз iсiм, өз өмiрiм деп рухани қуатын аямай құқықтық құбылыстармен белсендi байланыста болғандығы.
Билердiң билiгi, хандардың жарлығы “жол”, “жарғы”, “ережелер”қазақ әдет-ғұрып құқығының бiрден-бiр қайнар көздерi болып келедi. Яғни, қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының “ресми” түрде өмiр сүру нысандары (немесе қалыптары) осылар.
Дегенмен көшпелiлердiң құқықтық нормаларының “биресми” түрде өмiр сүру әдетi болды. Ресми нысандар қалпын иемдену, сондай дәрежеге көтерiлуi олар (құқықтық нормалар) үшiн таңсық емес едi. Олар ондай дәрежеге көтерiле бiлдi де. Бiрақ олар ресми нысанға ие болуға әрдайым мұқтаж емес едi, оған аса құмар болмайтын. Керiсiнше, ресмилiк дәреже, ресмилiк нысан осы нормаларға әрдайым мұқтаж едi. Ресми деңгей осы нормалар арқылы, соларға жанасу, соларға жақындау арқылы өз “беделдерiн” көтерiп, өз деңгейлерiн биiктетуге тырысатын. Сондықтан, нысан осы нормаларға барынша тәуелдi болды. Солардың қалпы, солардың формасы болуға тырысты. Барлық хал-қадiрiнше осы нормалардың iшкi мәнiн ұғынып-түсiнуге, солардан нәр алуға, сөйтiп соларға сай өздерiнiң ресми нысандарын қалыптастыруға тырысты. Ресми деңгей және ресми нысандар осы нормалардың беделiне, бедерiне, мән-мазмұнына сай болуға тырысты.
Сөйтсе де, көшпелi қазақ қоғамындағы құқықтық нормалар белгiлi бiр уақыт өткеннен кейiн қайтадан өздерiнiң жинақы, ресми қалпынан айырылып, “биресми” түрге енетiн… Сөйтiп, осыған дейiнгi өмiр сүру түрiне түсiп, қатардағы (жәй) әдет-ғұрып нысанына енедi. Әрине, мұнан келiп бұл норма, институттар өздерiнiң құқықтық сипатын жоғалтады, пәрмендiлiгiн, қуаттылығын кемiтедi деген қорытынды шықпауы керек. Керiсiнше, құқықтық нормалар мен институттар биресми түрден ресми нысанға дейiн көтерiлiп және қайтадан бастапқы “халықтық” кейпiн иемдену арқылы өзiнiң құқықтық сипатын сырлай түседi, өмiршеңдiгiн, мiндеттiлiгiн және өктемдiгiн арттырады. Демек, құқықтық нормалар, институттар өздерiнiң өмiр сүру нысандарын уақыт талабына сай өзгертiп отырды. Ресми нысаннан бастап биресми түрге, қатардағы әдет-ғұрып қалпына дейiнгi аралықтарда өмiр сүрдi.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының биресми қалыптан ресми қалыпқа көтерлуiнiң негiзiнде орталық мемлекеттiк билiктiң күшеюi, мемлекеттiң құқық түзу қызметiнiң жанданып-тұрақтануы жатты.
Ал, құқықтық нормалардың ресми нысаннан биресми нысанға түсiп, өз өмiрiн одан ары жалғастыра беруiнiң астарында бiрнеше факторлар болды. Бiрiншiден, ол көшпелi қазақ қоғамындағы әлеуметтiк, адам аралық қатынастарды реттеудiң тек мемлекеттiк билiкке тәуелдi емес екендiгiнiң көрiнiсi едi. Көшпелi қоғамда табиғи және тарихи қалыптасқан өзiн-өзi реттеу және өзiн-өзi басқару жүйесi болды. Табиғи күштер, қоғамдық сана, дiни сенiм, көшпелi ұжымдардың автономиялық потенциялы осы жүйенiң құрамдас бөлiктерi едi. Ал, мемлекеттiк билiк, оның құқық түзу қызметi осы жүйенiң белсендi бiр компонентi және қабаты ғана едi.
Екiншiден, бұл құбылыстың негiзiнде әдет-ғұрып құқығы нормаларының ауызша қабылданып, таратылып, уағыздануы және осылай қызмет iстеу тәсiлi жатты. Яғни, көшпелiлердiң құқықтық өмiрiнiң ауызша сөйлеу мәдениетiне негiзделуi және сонан суарылуы бұл жерде ең соңғы роль ойнаған жоқ.
Үшiншiден, көшпелi қоғамда орталық мемлекеттiк билiктiң әлсiздiгi, оның “дүрсiн-дүрсiн жандану” режимiнде жұмыс iстеуi құқықтық нормалардың ресми қалып кейпiнен ажырап, биресми түрге енуге ұмтылуының келесi бiр себебi болды.
Әдет-ғұрып құқығының принцип-қағидалары биресми түрде өсиет, бата, үлгiлi сөз, нақыл, мақал-мәтелдер, айшықты афоризм нысандарында (қалыптарында) өмiр сүрдi.
Әрине, мұнан халық ауыз әдебиетiнiң аталмыш түрлерiнiң барлығы, әркез және түгелдей әдет-ғұрып құқығының биресми нысандары болған екен деген қорытынды шықпауы керек. Мәселе – құқықтық қағида – принциптердiң, нормалардың ресми түрден басқа және сонымен бiрге, осындай (биресми) қалыптар кейпiнде өмiр сүре алғандығында, өздерiн-өздерi сақтап қалу үшiн осы нысандарды иемдене бiлгендерiнде болып тұр.
Өсиет айту, бата беру жалпы қазақ халқының мәдениетiнде, тұрмысына тән құбылыс. Олардың небiр түрлерi болды және олар әр түрлi мәнге ие бола алатын. Оларды атақты данышпан – ақылгөй, ақын-жыршы, ел басшысы, тiптен ауыл ақсақалы, жасы үлкен аға да айтқан. Сондай өсиет, бата айтудың бiр түрi-жалпы құқықтық өмiр жайлы, оның мәнi-мақсаты, бұл саладағы қолданылар ереже-нормалар жәйлi атақты бидiң әңгiмесi.
Мақал-мәтел, айшықты афоризмдер-әдет-ғұрып құқығының кең тараған биресми нысандары. Олар құқықтық ұғым-түсiнiктердiң, принциптердiң, нормалардың халық жүрегiне жақын, тiлiне жеңiл, ең әмбебап қалыптары едi. Мақал-мәтелдер, афорзимдер көшпелi қоғамдағы құқықтық мәдениеттiң даму эволюциясын ұғынып-түсiнуде таптырмас құбылыс және материал.
Әдет-ғұрыптың принцип-қағидалар, нормалар биресми күйде өмiр сүру арқылы халық тұрмысына, оның қажеттiлiгiн өтеуге барынша жақын және бейiм келдi. Осындай нысандарды иемдене отырып, олар халықтың рухани-мәдени өмiрiнiң бiр қырына айналды, оның күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнiң, мақсат-мүддесiнiң, қуаныш-сүйiнiшiнiң тұрақты серiгi және кейiпкерi бола бiлдi. Сөйтiп, өздерiнiң бойына бiткен тәрбиелiк, мәдени, реттеушiлiк потенциалдарын барынша ашып көрсетуге, сарқа пайдалануға мүмкiндiк алды.
IV-ТАРАУ. СОТ БИЛIГI
Көшпелi қазақ қоғамындағы билiкке, оның iшiнде мемлекеттiк билiкке көзқарас өзiнiң дүниетанымдық мөлдiрлiгiмен және пәктiгiмен ерекшеленетiн. Бұл көз-қарастың негiзiнде билiк те байлық iспеттес өткiншi дүние, мәңгiлiк емес деген ой-әуен жатты. Билiк те, байлық та қолдың кiрi, олар адам басында мәңгi тұрмайды, уақытша ғана тұрақтайды деп есептейтiн сахара жұрты. “Байлық – бiр жұттық” дейтiн қазақ мақалдап. Бұл ойлау үрдiсi, бағалау әдiсi билiкке, оның барлық салаларына да қатысты едi. Байлық пен билiк көшпелiлерге баянсыз, алдамшы құбылыс болып елестейтiн. Сондықтан билiкке қызығуды, сөйтiп өмiрлiк мақсат қылуды, iзiне түсiп қууды бос әурешiлiк, жағымсыз iс-әрекет деп қоғамдық сана жақтырмайтын.
Билiк қазақ қоғамында ешқашан да басты құндылықтар, асыл мұраттар деп есептелген емес. Ең басты құндылықтар, айнымас асыл мұраттар деп қазақ жұрты ар, ұят, намыс, имандылық, әдiлеттiлiк қасиеттерiн атайды. Билiкке ұмтыламын деп бойындағы адамгершiлiк қасиеттерден айрылып қалма деп уағыздайтын ел даналығы.
Ал билiкке қолы жеткен жан (бақ қону, аруақ қолдау, ата-баба жолын қуу, еңбегi жану, т.с.с.) ендi оның қадiрiн бiлiп, халық игiлiгi үшiн жұмсауы керек.
Халық – билiктiң негiзi және тiрегi, оның қайнар көзi. Сондықтан билiк игiлiгi халыққа бағышталуы керек, соның жағдайын жасауға, “көңiлiнен шығуға” арналуы керек. Ондай болмаған жағдайда билiктiң тұрақтап тұруы неғайбыл, оның өмiршеңдiгi күмәндi. “Халық қаһарланса, ханды да тақтан тайдырады” дейдi қазақ. Көшпелiлердегi ежелден келе жатқан “ханды қылғындыру”, “хан көтеру”, “хан талапай” рәсiм-дәстүрлерi мемлекеттiк билiктiң басты тұғыры халық екендiгiн көрсететiн ұғымның көрiнiсi.
Билiктi және билiк иелерiн сыйлау керек, оларға қорқа, үрке қарауға болмайды деген ой-әуен тән едi қазақ қоғамына. Себебi билiк елге қызмет етедi, ал билiк иесi – ел қызметшiсi. Сондықтан оларды құрметтеп, мәпелеп ұстау керек, қадiрiн бiлiп, қасиетiнiң парқына жету керек деп түйiндейтiн дала тұрғындары.
Мiнеки, халықтың билiкке деген жалпы көзқарасы осындай едi, яғни мемлекеттiк билiк саласындағы құбылыстарды қабылдау, түйсiну, тану және бағалау ерекшелiгi айтылған жәйттерге саятын. Сондықтан қоғамдағы саяси (мемлекеттiк) билiк, оның iшiнде сот билiгi де осы билiк таным аясында қызмет еттi, оның ықпалын және әсерiн сезiне отырып, сол төңiректе iске асты.
Көшпелi қазақ қоғамындағы сот билiгiн ондағы мемлекеттiк билiктiң аясында әрi iске асу ерекшелiгi төңiрегiнде қарастыру ғылыми әдебиетте әлi де болса жеке мәселе есебiнде қойылмай отыр. Сот билiгiне көшпелiлердегi жалпы мемлекет билiгi тұрғысынан келiп, сараптау көптеген мәселелердiң бетiн ашар едi, немесе оларды басқа қырынан көрсетер едi.
Көшпелi қазақ қоғамындағы сот билiгi мемлкеттiк билiктiң ең кең тараған, халыққа барынша жақын әрi түсiнiктi, оның құрметiне бөленген және соған арқа сүйеген, сондықтан да мейлiнше, пәрмендi әрi қуатты салаларының бiрi едi. Оның үстiне бұл сала мемлекеттiк билiктiң басқа арналарына қарағанда, шырқай дамыған, өз мүмкiндiгiн және қасиетiн барынша мол ашып көрсете алған, ал кей-кейде жалпы мемлекеттiк билiктi тұтастай қамтып, оны жеке-дара өзiне саюға талпыныс жасаған “құдiреттердiң” бiрi болатын.
Көшпелiлер қоғамындағы мемлекеттiк билiкке қазiргi заман түсiнiктерiн және ұғымдарын тұтастай қолдану мүмкiн емес, олар мiнсiз әдiстемелiк қағидалар талабын орындай алмайды. Бұл мәселеде аса сақ болған, аяқты аңдап басқан жарасады. Өйткенi, жалпы қоғамдық өмiр сияқты, мемлекеттiк билiк салалары да бұл кезде және бұл қоғамда жымдасқан түрде, ажырамаған тұтас қалыпта болатын. Олар бiрiмен-бiрi араласып, бiрiн-бiрi жалғап және жалғастырып қызмет iстейтiн, десек те, осындай күй кешкен жалпы мемлекеттiк билiк арасынан суырыла шығып, сұңғыла түрге жеке-дара ие болу дәрежесiне жеткен сот билiгi екенiн ашық айтқанымыз дұрыс. Сот билiгi далалықтардың мемлекеттiк өмiрiнiң символы iспеттес едi және ондағы мемлекеттiк билiктiң жалпы көрiнiсi, оның қолданылуының және iске асуының ең қолайлы да ұтымды, жедел де арзан, тiптен әмбебап десе де болғандай нысаны (құралы) едi. Сондықтан да қоғамдағы мемлекеттiк органдардың барлығы дерлiк өз алдарында тұрған мақсат-мүдделердi шешуде және өз қызметтерiн атқару барысында соны пайдалануға тырысатын немесе соған арқа сүйеп бағатын. Хан, сұлтаннан бастап ауыл ақсақалы деңгейiне дейiнгi мемлекеттiк билiк жүйесi ауқымындағы лауазым иелерiнiң бәрiнде дерлiк сот функциясының болғандығын осымен ғана түсiндiре аламыз. Сондықтан сот билiгi мемлекеттiк билiктiң белгiлi бiр саласы болып қана қоймай, сонымен бiрге оның iске асуының белгiлi бiр (әрине, кең тараған, жете дамыған, т.с.с.) көрiнiсi әрi құралы болды.
Сот билiгiнiң көшпелiлер қоғамындағы орнының биiктiгi сонша, ол кейбiр кездерi хан билiгiнен де жоғары мемлекеттiк билiк боп есептелдi және ол солай болды да. Бiрақ ол өзiнiң дәрежесiн қамтамасыз ету үшiн сот билiгiмен әрдайым санасып отыруға мәжбүр болатын, соған әр кез арқа сүйейтiн. Ал, көп жағдайда хандық билiк сот билiгiн өзiнiң құрамдас бөлiгi немесе жалғасы, не туа бiткен бiр қыры деп санайтын да, өзiнен бөле-жарып, айырып қарамайтын. Бiрақ сот билiгi хан билiгiнен гөрi халыққа жақын тұратын, және сот билiгi әрдайым халық жанашыры, соның қамқоршысы рөлiн ойнайтын.
Халық ұғымында хан билiгi мен сот билiгiн салыстыра салмақтағанда, әдетте, сот билiгiне басымдылық берiледi. Би — ханның ақылгөй кеңесшiсi, рухани тiрегi, әрi ұстазы есебiнде қаралды. Би әркез халық атынан сөйлейдi, сондықтан да болар, би хан алдында тайсалмайды, тiптен керектi жерiнде өктемдiк те көрсете алады. Қазақи түсiнiк бойынша би ханға жол көрсетедi (хан биге емес), би ханның кемшiлiктерiн бетiне басып сынайды, дұрыс жолдан таймауына бас-көз болып қадағалайды, қателiктерiнен арылуға шақырады. Би ханға қатты айтуға, халық қамы үшiн керектi жерiнде сөгуге, ел атынан сұс көрсетiп қаһарлануға құқы бар едi (хан биге емес). Себебi, ұлттық санада сот билiгi халыққа ең жақын тұрған билiк саласы боп есептелдi.
Би (сот)-ел қамқоры, халық жанашыры, әрi ақылшысы деген ой-әуен, көңiл-күй қоғамда кең тараған едi.
Көшпелiлер сот билiгiн мемлекеттiк билiктiң басқа салаларынан бөле-жара қарайды, оны өзiне жақын тартады. Сөйте тұра, оның қоғамдағы орнын, құндылығын асыра бағаламайды. Сот билiгiнiң қызмет ауқымын, қоғамдық мәселелердi шешудегi iшкi мүмкiндiгiн және қажеттiлiгiн шамалап, оны тиiстi шеңберде және деңгейде пайдалануға тырысты. Дала жұрты сот билiгiнiң рухани болмыс-бiтiмнiң шексiз емес екендiгiн, оның тек белгiлi бiр шектеулi деңгейде ғана iске асатындығын iштей ұғынатын. Көшпелiлер ұғымы бойынша, адам үшiн ең басты, әрi негiзгi сот-ол адамның өз соты, iшкi соты, ар соты. Сыртқы сот, яғни, билер соты ар сотының көрiнiсi және салтанаты боп елестейтiн. Соған сай ең әдiл де ауыр жаза ар жазасы деп түсiнiлдi. Яғни, қоғамда арлы сотқа баса деп қойылды, сол басты назарда болды. Бiр қызығы, көшпелiлер үшiн сыртқы сот-билер соты қоғамдық қажеттiлiктен туындайтын құбылыс. Олар оны әлеуметтiк қажеттiлiк есебiнде ғана мойындайды. Бiрақ сыртқы сотты (сот процесiн) онша “жақтыра, құптай” бермейдi. Оның қоғамдағы орнын амалсыз мойындайды, бiрақ асыра бағаламайды. Керiсiнше, егер мүмкiндiк болып жатса, әр адам өз iсiн өзi, сотсыз-ақ тiкелей шешкендi қалайды. Сот тек басқа жол болмағанда (талас-дауды шешудiң, бiтiмге келудiң) ғана қолданылатын шара деп қарастырылады.
Көшпелi қазақ қоғамындағы сот билiгiнiң негiзiнде жатқан және оның ерекшелiгiн анықтайтын басты факторлардың бiрi – ол сахаралықтардың рухани өмiрiнiң деңгейi едi. Көшпелi қазақ қоғамындағы сот билiгiнiң шын келбетi оны қоғамдағы рухани өмiр аясында және контексiнде қарастырғанда жарқырап шыға келедi. Сонда бiз сот билiгiнiң мұрат-мүддесiн жете байқай аламыз. Екiншi жағынан, сот билiгiнiң рухани деңгейi, бағыт-бағдары қандай едi, адами ажары неде едi деген сұрақтарды зерттей отырып, бiз көшпелiлер қоғамындағы рухани өмiрдiң сыры мен қырына үңiле түсемiз, оның жалпы қоғамдағы орны туралы мағлұмат аламыз.
Осы тұрғыдан келгендегi бiздiң байқайтынымыз, көшпелi қазақ қоғамындағы рухани өмiр саласы, соның заңдары және ұғымдары сот билiгiнiң негiзiнде жатқан және соған өз ықпалын жүргiзе алған ең пәрмендi күштiң бiрi едi. Ар тазалығы, адалдық, ұят, намыс, ата-баба аруағы, имандылық, мәрттiк секiлдi түсiнiктер және бастаулары едi, оның өмiр сүруiнiң негiзiнде жатқан адами принциптер және заңдар едi.
Көшпелi қазақ қоғамындағы сот процесiнiң әлi күнге дейiн бiздi қызықтыратын әрi таңдандыратын қасиеттерi және “құпиялары” оның осы рухани өмiрмен тығыз байланыстылығынан және сонымен бiте қайнасып жататындығынан туындайды. Соған сай кей сәттерде сот билiгiнiң iске асуының шегiн, оның өзiндiк болмысының шекараларын дәл айқындау, дөп басу қиындау соғып жатады. Ондай сәттерi соттық сала тiкелей рухани өмiр бастауларына шығып жатады, немесе рухани факторлар тiкелей сот саласында басты күшке айналып, ондағы қайшылықтарды мүлдем басқаша шешiп жатады. Яғни, көшпелi қоғамда жалпы құқықтық өмiр, оның iшiнде сот саласы, өзiнiң қоғамдық, адамдық рухқа бағынышты екендiгiн, содан туындайтынын және соның талаптары шеңберiнде ғана iске асып, өмiр сүретiндiгiн әркез сезiнiп, мойындап отыратын. Сонымен бiрге, сот саласы өзiнiң мақсат- мүддесiн негiзiнен, қоғамдық рухани өмiрдiң биiктiгiмен қамтамасыз етiп отыратын. Қоғамдық даудамайлардың, талас-тартыстардың көбiне адамдық өре, рухани белес биiгi ережелерiмен, талаптарыменен шешiлiп жататындығы осымен түсiндiрiлетiн. Себебi көшпелiлер бiр-бiрiн соттасуға, бет ашысуға қимайтын. Сөйтiп, өмiрдiң бұл қабаты мен саласынан жоғарылап, өз мәселелерiн үлкен бiр рухани деңгейде, түсiнiстiк деңгейде өзара кешiрiм және сыйласу деңгейiнде, артық-ауыз сөзсiз (ишарамен, көзбен, ыммен ғана түсiнiп) тек адами ажар тұрғысынан әп-әдемi шешуге ұмтылатын және шешiп кете жататын. Яғни, көшпендiлер сот саласын, жалпы құқықтық өмiр саласын асыра бағалаған жоқ, олардан адамның рухын жоғары қойды, сөйтiп оларды “ноқталап”, “бұғаулап” ұстап отырды. Бұлай ұстап отыру көшпелiлердiң рухани өмiрiнiң биiктiгiмен қамтамасыз етiлдi.
Қазақ қоғамындағы сот процесiнiң басты мақсаты-бiтiм едi. Яғни, дауласушы не араздаушы жақтарды жұрт алдында келiстiрiп, бiтiмдестiру. Бұл-көшпелi қазақ қоғамындағы сот процесiнiң негiзiнде жатқан басты принциптiң бiрi және оның айшақты да әсем көмкерiлген нұсқасы. Бiрақ бұл сөздi жалаң түсiнуге болмайды. Мәселе тек дауласушы екi жақтың бiтiмге келуiне ғана саймайды, бұл принциптiң мәнi тұңғиықта.
Адам ең әуелi өз ары алдында таза, әрi пәк болуы керек. Онсыз мәндi де тыныш өмiр сүру екiталай нәрсе, тiптен-мүмкiн емес. Сондықтан ол өзiмен-өзi (өзi ар-ожданымен, намысымен, жан-дүниесiмен) әрдайым жарасымды болуы керек. Адамның сот шешiммен келiсуi, сөйтiп, дауласушы жақпен бiтiмге келуi осы iске байланысты өзiңмен-өзiңнiң үйлесiмге келуiңнiң сыртқы көрiнiсi болуы керек.
Яғни, сот шешiмi немесе үкiмi, ең алдымен сенiң өз шешiмiң, өз үкiмiң болуы абзал. Сонда ғана сот өз мiндетiн атқарады, мұратына жеттi деп есептелуi тиiс.
Сахара жұртының сот саласындағы тағы бiр белдi қағидасы “Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлеу” деп аталатын. Бұл принцип сот процесiндегi пiкiр таластың, сөз жарысының шектелмеуiне, оның мейлiнше еркiн және жан-жақты болуына, дауласушылардың өз мүдделерiн қорғау барысынды бар мүмкiндiктi пайданалуына бағытталған едi.
Сот процесi дау бойынша ақиқатты ашуды мақсат тұтады. Сондықтан бұл мақсатқа жетуге ешкiм және ешнәрсе кедергi болмауы керек. Сот алдында әркiм өз ойын, көргенiн, бiлгенiн және естiгенiн ашық та анық, тiке де тура, ешкiмнен қаймықпай айтуға ерiктi әрi мiндеттi.
Бұл принцип, әсiресе сот үрдiсiне қатысушы талапкер билердiң теңдiгiн, олардың сөз алып, сөз беру тосыннан сұрақ қою, тұтқиылдан килiгу сияқты әрекеттерiн қамтамасыз етуде үлкен роль ойнайды. Сот үрдiсiне жiберiлген талапкер билердi олардың жасына, лауазымына, байлығына қарап алалауға жол берiлмеуi керек, дауласушы жақтардың мүдделерiн қорғауда олар өзара тең, бiрiнен бiрiнiң ешқандай айырмашылығы жоқ. Сонымен бiрге сотқа қатысушылар артық (сөлекет) iс-әрекетке, сөзге бармауы керек, бiр-бiрiнiң намысына тиетiн, ар-ождандарына нұқсан келтiретiн қимылдар жасамауы керек. Олардың арасындағы билiк талас өзара сыйластық, бiр-бiрiн құрметтеушiлiк, iзеттiлiк шеңберiнде iске асуға тиiс. Мiнеки, “Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлеу” қағидасының астарында жатқан мән-мағына осы едi.
Көшпелiлердегi сот билiгiнiң жалпы сипатына байланысты тағы бiр қомақты мәселе, ол-сот билiгiнiң шешендiк өнерiмен байланысты.
Сөз өнерi (шешендiк өнер) көшпелiлердiң сот мәдениетiнiң негiзгi тiрегi, мәйегi, әрi құралы болды.
Қазақ қоғамындағы сот мәдениетi сөз өнерiнiң шуақты нұрынан суарылап, толып-тосылып отырды. Және соған сай оның да қоғамдағы рөлi қомақты едi. Осыған сәйкес сот мәдениетi де қазақ халқының рухани өмiрiнiң мейлiнше дами алған салаларының бiрi болды. Халқымыздың рухани биiктiгi, кеңдiгi, анықтығы оның соттық (төрелiк айту) мәдениетiнен айрықша көрiнiс таба бiлдi. Көшпелiлердiң соттық өмiр саласының бiз үшiн құндылығы да, қасиеттiлiгi де осында, яғни, оның халқымыздың рухани өмiрiнiң айтарлықтай көрiнiсi бола бiлгендiгiнде.
Қазақ қоғамындағы сөз өнерiнiң, шешендiк өнердiң жоғары бағалануы-бұл қоғамның мәдениетiнiң негiзi-ауызша сөйлеу, ауыз әдебиетi болуында десек, сөз өнерiн жетiк, еркiн меңгерген кiсiлердiң ғана би бола алғаны, сот iсiне араласып, билiк жүргiзуге жiберiлгендiгiнiң себебi өзiнен-өзi түсiнiктi болады.
Тек бұрынғыдан қалған өлмес мұра-сөз өнерiн бойына сiңiрiп, халық арасында дiлмар, шешен атанған жандар ғана билiкке жiберiлген. өйткенi, сөз өнерiн игердi, шешен болды деген сөз сонымен бiрге әдет-ғұрып құқығының нормаларын оқып-үйрендi, соларға қанық болды дегенмен парапар едi. Бұларды бiлмей, жаттап, жадында сақтамай халық мәдениетiн игеру, қазiргiше айтқанда, мәдениеттi болуы мүмкiн емес едi, яғни, көшпелiлер мәдениетiнiң шыңы болып есептелетiн-шешендiк өнердiң иесi болып, шешен, би атануға жол берiлмес едi.
Мiнеки, көшпелi қазақ қоғамындағы сот билiгiнiң және процесiнiң негiзiнде жатқан басты рухани принциптер, бағыт-бағдарлар осылар едi.
Қазақтың көшпелi қоғамында қылмыс адамдардың қоғаммен, қоршаған ортамен және «о дүниемен» қарым-қатынасындағы үйлесiмдiлiк пен тәртiптi бұзатын iс-әрекеттер деп саналатын. Қылмысқа қатаң тыйым салынып, жасала қойған жағдайда зардаптарын жою үшiн бiрқатар шара қолданылатын.
Қылмыс материалдық шығын келтiрiп, рухани күйзелiске соқтырады және әсiресе кiсi өлтiрген жағдайда, «о дүниеге» (рух дүниесiне) керi әсер етедi деп саналатын едi. Сондықтан да көшпелiлердiң пiкiрi бойынша, қылмыс жасалған жағдайда, оған барабар жауап болуға тиiс. Бiрiншеден, келтiрiлген материалдық шығын толығымен және сол заттармен толтырылуы тиiс; екiншiден, қылмыскер өзiнiң кiнәлы екенiн түсiнiп, өкiнiп, тиiстi сазайын тартуы керек; үшiншiден, аруақтар әлемiн тыныштандыру үшiн шаралар қолданылатын.
Қазақтардың қылмыс пен жазаға байланысты түсiнiктерiнде жоғарыда аталған сәттерге баса назар аударылатын. Демек, қылмысты әрекеттер және оларға сай жаза мейлiнше кең арнада, өмiрдi бүтiндей қабылдау мен дүниетаным аясында қаралатын. Көшпелiлердiң бұл құбылыстарға өзiндiк көзқарасы мен байламының ерекшелiгi осында.
Қазақтың құқығы қылмыстық-құқықтық жауапкершiлiктi (жазаны), азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi (келтiрiлген шығынның орнын толтыруынан) бөлiп қарайтын. Бiрақ, бұл басты ерекшелiк саналмай, оларға ерекше көңiл бөлiнбейтiн. Жауапкершiлiктiң қылмыстық-құқықтық және азаматтық-құқықтық түрлерi қылмыстың салдарын зиянсыздандыру мақсатында қолданылатын бiрегей шаралар кешенiнiң буындары болып есептелген соң, олардың жүзеге асуына назар аударылды. Демек, қылмыскердi жазалаудан гөрi адамдар мен «аруақтар дүниесiнiң» арасындағы қарым-қатынастарында бұрыннан қалыптасқан үйреншiктi тәртiп пен хал-жайды қалпына келтiру маңыздырақ едi.
Қылмыскердiң кiнәсы дәл осы аяда қарастырылды. Кiнәның жеке және жергiлiктi мәнi болмай, ол қылмысты әрекеттiң салдарын жою және үйреншiктi тәртiптi қалпына келтiрумен байланыста және сол арнада қаралатын.
Қазақтың құқығында қылмыс айыпты әрекет ретiнде қарастырылған. Қылмыстың субьектiсi тек адам ғана бола алады. Ерекше айта кеткен жөн, ортағасырлық батысевропалық және орыс құқығында жануарлар адамды өлтiргенi үшiн жауапқа тартылып, кiсiнiң өлiмiне себепкер болған жаны жоқ заттарға да айып тағылатын. Қазақтың құқығында мұндай жауапкершiлiк болмаса да, жануарлардың иелерi олардың келтiрген зияны үшiн, егер де жануар иесiнiң кiнәсi анықталса, жауапқа тартылатын. Мысалы, егер бура бiреуге зақым келтiрсе немесе өлтiрiп қойса, онда бураның иесi оның асау екенiн бiлмеген болып шықса, құн төлемейдi; ал егер де иесi жануарының мiнез-құлқын бiлсе және бiлуге тиiс болып, байлауда ұстамаса, зақым келтiргенi немесе өлтiргенi үшiн құн төлейдi. Егер киiз үйге байлаулы тұрған ат кiсiнi өлтiрiп қойса, онда оның иесi жалпы қабылданған сақтық ережелерiнiң орындалған-орындалмағанына қарай жауапқа тартылады; егер ол атын есiк алдында байлап қойса, онда толық құн төлейдi; егер үйдiң бүйiр жағына байлаған болса, құнның жартысын төлейдi; ол егер киiз үйдiң арт жағында байлап қойған болып шықса, онда еш нәрсе де төлемейдi.1
С.Л. Фукстың пiкiрi бойынша, Тәуке заңы шыққанға дейiнгi заманда қазақтың құқығында жануар иесiнiң жануардың келтiрген зияны үшiн, иесiнiң бұған кiнәлi не кiнәлi еместiгiне қарамастан, жауапқа тартылуы мiндеттi болған. Мысалы, жануардың иесi оның келтiрген зияны үшiн жауап бермей, зиян шеккен адамға немесе өлтiрiлген кiсiнiң туысқандарына кiнәлi жануарды беруге тиiс; жануардың iс-әрекетi нәтижесiнде кiсi өлiмi болса, онда жануардың иесi құн төлемесе де, өлтiрiлген адамның асын беру үшiн қажеттi азық-түлiк және жерлеу үшiн керектi кебiн беруге тиiс.
Есi дұрыс, он бес жасқа толған адам ғана қылмыс субьектiсi бола алатын. Ал есуас, мылқау, құлдар қылмыс субьектiсi бола алмайтын.
Қазақтың құқығында қылмыс субьектiсi қылмыстық жауапкершiлiк субьектiсiне сай келмейдi. Мұнда кiнәлiнiң жауапкершiлiгi отбасы, ауыл, ру мүшелерiнiң ұжымдық жауапкершiлiгiмен толықтырылады. Қылмыстық ұжымдық жауапкершiлiк негiзiнен мүлiктiк жауапкершiлiк түрiнде болатын және оның күшi жетi ұрпаққа дейiн сақталатын. Сол кездерi ұжымдық жеке жауапкершiлiк те болды.
Қазақтың әдеттегi құқығы алдын ала қылмыстық әрекеттiң түрлерi мен нысандарын ажырата отырып (қасақаналық, қорқыту, қылмысқа дайындау, қастандық) олардың жазалануының жалпы негiздерiн белгiлемейтiн. Жеке қылмысқа теңестiрiлген қастандық, қоқан-лоққының нақты нысандары жазаланатын.
Жаза қолдану саласында түрлi принциптер мен негiздердiң басшылыққа алынғандығы байқалады. Жауапкершiлiктiң ертедегi тарихи қалыптасқан нысандарын кейiнiрек пайда болғандарымен қатар пайдаланылатын. Көшпелi қоғамда талиондық принцип кеш басталып, баяу жүзеге асса да “қанға – қан, жанға – жан” принципi “құлаққа – құлақ, тұяққа – тұяқ” принципiмен толықтырылып отырды. Қылмыстық iс-әрекеттер үшiн жауапкершiлiктiң мүлiктiк түрлерi де (құн, айып) кең қолданылды.
Көшпелiлер үшiн қанды кек орынды құқық, қасиеттi борыш әрi мiндет болып табылатын. Ол қазақтардың дүниетанымы мен көзқарасының құрылысымен, олардың “о дүниеге”, ата-бабаларының әруақтарына деген сенiмiмен байланысты едi. Қанды кек арқылы қаза болған адамның рухын тыныштандыруға, “оның аруағын разы қылуға” тырысатын.
Демек, кек алудың өзi мақсат тұтылмай, қазақтардың рухани өмiрiнiң мағынасымен құрметтелiп, екi дүниенiң арасында үйлесiмдiлiк орнатудың жолы деп есептелдi.
Қанды кек әр түрлi амалдармен: бiрiншiден, қылмыскердi өлтiрiлген кiсiнiң туыстарына ұстап беру; екiншiден, сот шешiмiнiң негiзiнде қылмыскердi өлтiру немесе құлға айналдыру арқылы жүзеге асырылатын.
Сол заманда қанды кек принципiмен қатар құн төлеу принципi жүретiн. Қанды кек принципi бiрте-бiрте ығыстырылып, кейiн ол толығымен құн төлеу принципiмен ауыстырылды. Қанды кек принципiнiң қолданылуын шектеу мақсатымен әр түрлi амалдар қолданылды. Бiрiншiден, қылмыскердiң артынан қуғыншы жiберiлетiн, сөйтiп қуудың немен аяқталатынына қарамастан, өшпендiлiк тоқтатылатын; екiншiден, кек алудың белгiлi бiр мерзiмi (екi жылдық) белгiленетiн; үшiншiден, қылмыскер жекпе-жекке шақырылатын.
Қанды кек алудың символды актiсi қанды кек құн төлеумен ауыстырылғаннан кейiн де көп уақыт бойы жүзеге асырылып келдi. Ол былай болатын. Өлтiрiлген адамның туған-туыстары құнын алу үшiн қылмыскердiң қолына жақындап қалған кезде оларға арнайы киiз үй тiгiлiп, белбеуiне қой байланып, келген адамдарды қабылдау үшiн бәрiнiң дайын екенi хабарланады. Келген адамдар жалаулары мен қылмыстарын жоғары ұстап киiз үйге қарай ұмтылады да, “ой, бауырым” деп дауыстап қойды шабады. Содан кейiн “келген адамдар киiз үйге кiрiп бара жатып, есiктiң маңдайшасын қамшыларымен соғады”. Осыдан кейiн ғана құн төлеу туралы келiссөздер басталады.
Мүлiктiк талаптар жазалау ғана емес, келтiрiлген шығынның орнын толтыру және кектi қанағаттандыру деп саналатын.
Мүлiктiк талаптар құн және айып деген екi түрге бөлiнетiн. Адам өлтiру және бұған теңестiрiлген қылмыс түрлерi (дененi ауыр жарақаттау, зорлау, зинақорлық, әйел ұрлау) үшiн құн төленетiн. Ежелгi құн құрамы бiрнеше бөлiктен тұратын. Бiрiншiден, өлтiрiлген адамның елiне (руына) басқа адам берiлетiн (тұтқын құл, “ясырь”, әйел). Бұл адам өлтiру арқылы келтiрiлген “зиянның” орнын нақты толықтырудың символы едi. Екiншiден, кiсi өлтiрушiнiң аты мен қару-жарағы берiлетiн (“қанды, қаралы, құйрығы кесiлген ат”, сауыт, мылтық). Бұл арқылы татуласу, ымыраға келу туралы тiлек, өтiнiш бiлдiрiлетiн. Үшiншiден, өлтiрiлген кiсiнiң елiне бiршама мал, басқа да заттар берiлетiн (кiлем жабылған қара нар, қара шапан, орамал, т.б.). Бұл арқылы өлтiрiлген адамның аруағымен татуласу салты, жерлеу және қара жамылу жүзеге асырылатын.
Кейiнiрек құнның құрамы өзгерiп, ол негiзiнен малдан тұратын болды. Ер адамды өлтiргенi үшiн 1000 қой, әйелдi өлтiргенi үшiн 500 қой берiлетiн.
Айыптың үш түрi болатын: 1) мойнына қосақ, көтiне тiркеу; 2) тоғыз; 3) ат-тон.
Тоғыздың үш түрi болатын: Д.Андре былай жазды: “Тоғыздың бiрiншi ең үлкен де ауыр түрi тоғыз iрi малдан, атап айтқанда – 1 түйе, сауылатын екi бие, екi тайдан тұрады.
Тоғыздың екiншi түрi тоғыз малдан – 1 жылқы, екi сауын сиыр (екi бұзауымен) және төл, бiр жасар екi iрi қара малдан тұрады.
Тоғыздың үшiншi түрi, немесе тоқал-тоғыз, сегiз малдан – қозысы, төлi бар екi қойдан бiр бойдақ қойдан және бiр текеден тұрады”.
Ат-тон айыптың “азусыз ат, жиексiз тон” және “астарсыз шапан” деген түрлерi болатын.
Мүлiктiк өндiрiп алу кезiнде жәбiрленушi шеккен зиянының орнын ғана толтырып, мүлiктiң қалған бөлiгi басқа адамдар үлесiне тиетiн.
Қазақтардың әдеттегi құқығы қылмыскердi тiкелей жазалауды да көздейтiн. Қылмыскердi жазалаудың өлiм жазасы (халық жиналысының шешiмi бойынша қолданылды); жазалау арқылы өсиеттеу (“басты жару”- найза немесе пышақпен бастың терiсiн тiлiп жiберетiн); дене жазалары (негiзiнен үй iшiндегi жаза) сияқты түрлерi болды.
Сол кезде жазалаудың ежелгi түрлерi де пайдаланылатын, мысалы – “қара найза”. Айыптыны жерге қағылған, жоғарғы ұштары түйiскен үш найзаның астына отырғызып қоятын.1 Көшпелiлердiң ежелгi сенiм-нанымдарымен байланысты жазалаудың басқа түрлерi де сақталды. Мысалы, адамды жерде сызылған дөңгелектiң немесе киiз үй керегесiнiң iшiне отырғызып қоятын. Жазаның мұндай түрлерi аса қорқынышты саналып, сирек қолданылатын. Сонымен қатар, билер “сөгiп тастау” және “түкiрiктеу” сияқты жазаны да қолданып жүрдi. Тәуке ханның заңдарында жазалаудың мынадай түрi бар: “әкесiне немесе шешесiне тiл тигiзген немесе ұрып-соққан адамды қара сиырға терiс қарата отырғызып, мойнына құрым киiз байлайды, сиырды ауылдың iшiмен жүргiзiп, үстiнде отырғанды қамшылап ұрады.2
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан мемлекетi егемендiк алып, оның саяси тәуелсiздiгi жарияланғаннан кейiн, жағдай түбегейлi өзгердi. Қазақ халқы бүгiнгiсi мен болашағына ғана емес, өткен тарихына да жаңа тұғыр, тың көзқарас тұрғысынан қарай бастады. Егемендiк, тәуелсiздiк, ұлттық мемлекет идеялары қоғамдық өмiрдiң барлық салалары, оның iшiнде, мемлекеттiк құрылыс және құқықтық жүйе арналарына да соны серпiн, жаңа леп алып келдi.
Азаттық, бостандық, еркiндiк көшпелiлер үшiн жәй ғана ұғым-сезiмдер емес, өмiрлiк құбылыстар, қоғамдық шындықтар едi. Олар оны өз өмiрлерiнiң айнымас серiктерi деп ұғынды, сезiндi. Бұл құбылыстарды олар тұтастай қабылдады, өз өмiрлерiнен, iс-қиымлдарынан, сөздерiнен, ойларынан бөле-жарған жоқ, керiсiнше, солардың өзегi, ажырамас белгiсi, мәнi, әрi қасиетi деп түсiндi.
Американдықтар 1787 жылы қабылданған Конституцияны, ағылшындар өз елдерiнде 1215 жылы қабылданған “Еркiндiк жәйлi хартияны” қолданатындығын мақтаныш етедi. Себебi, өткен ғасырлардағы сот шешiмдерiне сүйенiп, қазiргi дау-шарларды шешу, сол өткен ғасырлардағы мемлекеттiң құқықтық сананың жоғарғы деңгейге жетуiнiң белгiсi едi.
Бiз де сол үшiн өте бай тарихымызды, дәстүрiмiздi қазiргi күн талабына лайықты қолдана бiлуге үйренуiмiз керек. өйткенi, қазақ әдет-ғұрып құқық нормаларының негiзiнде мемлекеттiң бiрлiгi, әдiлдiк, теңдiк, имандылық, өнеге, адамгершiлiк ұғымдары жатыр.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕРДIҢ ТIЗIМI
- Кенжалиев З.Ж. Көшпелi қазақ қоғамындағы дәстүрлi құқықтық мәдениет. Алматы: Жетi Жарғы.- 1997.
- Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары./ Құрастырушылар: Кенжалиев З.Ж., Дәулетова С.О., Андабеков Щ.А., Әдiлбаев М.К., Тоғжанов Е.Л. – Алматы: Жетi Жарғы.-1996.
- Сапарғалиев Ғ.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жетi Жарғы.-1997.
- Проблемы обычного права казахов. / Под редакцией Зиманова С.З. – Алма-Ата.-1989.
- Өсер-ұлы Н. Жетi Жарғы. Алматы.-1996.
- Фукс С. Уголовное обычное право казахов. Алма-Ата.-1956.
- Культелеев Г.М. Уголовное обычное право казахов. Алма-Ата.-1955.
- Айтқарин Т.Қ. Қазақтардың мұраты. Алма-Ата; 1994.
- Дулатбеков Н. Қазақстан Республикасы. Мемлекет және құқық тарихынан хрестоматия. Қарағанды. 1994.
- История государства и права Казахской ССР. А., 1982
11.История государства и права Советского Казахстана. Т.1.А.,
1961.
- Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIII и первой половины ХХ в. А., 1996.
- Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в ХIХ- начале ХХ веков. А., 1996.
- Қазақ халқының тарихынан. Орал, 1991.
- Сапарғалиев Ғ. Қазақстан мемлекетi мен құқығының негiздерi. А., 1994.
- Исмагулов О. Население Казахстана от эпохи бронзы до современности. А., 1970.
- Марғұлан Ә.Х. Ежелгi мәдениет куәлары. А., 1996.
- Сәрсембаев М.А. Международно-правовые отношения государств Центральной Азии. А., 1995.
- Толыбеков С.Е. Общественно-экономический строй казахов в ХVIII-ХIХ вв. А., 1959.
- Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в ХVIII-начале ХХ веков. А., 1971.
- Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендерi. А., 1993.
- Қашқари Махмұд. Түбi бiр түрiк тiлi. А., 1993.
- Өзбекұлы С. Төле би хақында бiрер дерек. А., 1993.
- Созақбаев С. “Тәуке хан Жетi жарғы”. А., 1994.
- Марғұлан А.Х. Открытие основных памятников эпохи бронзы Центрального Казахстана. М., 1990.
1 История государства и права Казахской ССР, ч.1. А., 1982, 62-63 с.с.
2 Сонда, 84-б.
1 Супатаев М.А. Обычное право в странах Всоточной Африки. М., “Наука”, 1984. 15-б.
Крашенинникова Н.А. Индуссное право: история и современность. М., 1982. 44-51-б.
2 Синицина И.Е. Обычай и обычное право в современной Африке. М., “Наука”, 1978. 11-б.
1 Саидов А.Х. Введение в основные правовые системы современности. Ташкент, 1988. 141-150-б.б.
2 Зиманов С. Состояние и задачи разработки проблем обычного права казахов. А., 1989. 22-б.
3 Созакбаев С. Социально-нормативное содержание обычного права казахов.// Проблемы казахского обычного права. А., 1989. 43-55-б.б.
4 Жекебаев У.С. Криминологические аспекты обычая и обычного права.// Проблемы казахского обычного права, А., 1989. 72-84 б.б.
1 Зиманов С. Состояние и задачи разработки обычного права казахов.// Проблемы казахского обычного права. А., 1989. 21-б.
2 Ғ.Сапарғалиев. Қазақстан мемлекетi мен құқығының негiздерi. А., 1994. 14-б.
3 Алексеев С.С. Государство и право. М., ЮЛ. 1994. 73-б.
1 Розин В.М. Введения в культурологию. М., 1994. 18-б.
[1] Культелеев Т.М. Уголовное обычное право казахов. А.,1995, 48-б.
2 Сонда, 542-б.
3 Зиманов С.,Н.Өсеров.”Жетi жарғы” жәйлы. //Проблемы казахского обычного права. А.,1989,138-б.
4 Қазақ халқының тарихынан. Орал. 1991. 14-б.
1Қазақ совет энциклопедиясы. А.,6-т. 542-б.
1 Қазақ совет энциклопедиясы. А., 1975. 6-т, 542-б.
2 Зиманов С., Н.Өсеров. “Жетi жарғы” жайлы. А., 1989, 134-б.
1 Зиманов С.З. Состояние и задачи разработки проблем обычного права казахов. // Проблемы казахского обычного права. А., 1989, 28-б.
1 Материалы по кзахскому обычному праву. А., сб.1. 1948. 108 б.
1 Материалы по казахскому обычному праву. Сб.1. А., 1948. 78-б.
2 Ғ.Сапарғалиев. Қазақстан мемлекетi мен құқығының негiздерi. А., 1994. 8-б.