АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қазақ халқының әскери өнердің қалыптасуы

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

  1. ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

1.1  Шаруашылық –  көшпелілер әскери өнерінің

қалыптасуындағы негізгі фактор

1.2   Қазақ әскери өнерінің қалыптасу кезеңдері

 

  1. ӘСКЕРИ ӨНЕРДІҢ ШЫҢДАЛҒАН ШЫҢЫ – ЖЕКПЕ-ЖЕК

2.1   Әскери  өнердегі  жекпе-жектің  орны

2.2. Ер  қаруы – бес  қару

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

КІРІСПЕ

 

Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың өткен өмірі қазіргі таңда  көпшіліктің,соның ішінде жас буынның қызығушылығын тудыруда. Халықтың, келешек ұрпақтың бойында ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастыратын шынайы тарихты  жазу – тарихшылардың алдында тұрған басты міндет. Бұл салада Президентіміздің бастамасымен “Мәдени мұра”  бағдарламасы бойынша орасан зор істер атқарыла бастады.

Тарихпен  бірге тарихи  сана да  өзгерді  демекші, соңғы  жылдары  елімізде  болып  жатқан қоғамдық тарихи қатынастардың өзгерістерге ұшырауы қоғамдық санаға да тікелей әсер етуде. Тарихқа үңілу көшпелілердің әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін, оның ішінде “әскери өнерді” білу міндетін жүктейді. Қазақ халқының өткен тарихындағы атүсті зерттелген мәселелердің көпшілігі бүгінгі заман талабына сай қайта қаралып жатса, кейбір мәселелер бойынша терең зерттеулер жүргізілуде.

Қазақ хандығының нығаю, күшею процесі және халық ретінде тарихи сахнада өзін-өзі танытуы жайдан-жай келе қойған жоқ, ол ұзақ уақытқа созылған жер үшін, бейбіт өмір үшін қан төгіскен, шабысқан, атысқан табанды күрестердің, осы күрестер барысында халықтың соғыс ісіне бейімделуі мен шыңдалуының, қазақ хандарының шебер жүргізген дипломатиялық және әскери-қолбасшылық саясаттарының нәтижесінде келді.

Қазақ халқының әскері қазақ жерін, халқын сыртқы жаулардан қорғау, өзінің жер аумағын ұстап тұру және кеңейту мақсатында өз заманының және алдындағы дала көшпелілері – түркі-монғол тайпаларының ғасырлар бойы шыңдалған әскери ісі мен өнерінің кейбір элементтерін өзінің өмір сүру салтына сай қабылдауы мен өзіндік төлтума көшпелі және мәдени-шаруашылық өмір салты дарытқан табиғи әскери іске бейімделу нәтижелерінде қалыптасты. Әскери өнердің құрамдас бөлігі болып есептелетін жекпе-жектің  де аталған жүйеде алатын орнын тиісті  деңгейде қарастыру қажеттігі туындайды.

      Түркі-монғолдардың әскери өнерінің заңды мұрагері –   қазақ әскери жүйесі де өз бойына көшпелілердің барлық жетістіктерін сіңірді. Соның ішінде, әсіресе,батырлар жекпе-жегін ерекше атап өту керек.  Батырлар жекпе-жегі – әр ұрыс алдында екі жақтың күштерін сынасу мақсатында өткізіліп отырған, жауынгерлік борыш болып есептелген батырлардың дәстүрлі міндеті ғана емес, ол әскери өнердің шыңдалған бір көрінісі іспеттес.

Соғыс атаулының ең қызықты да шешуші бөлігі болған батырлар жекпе-жегі, батырлардың жауынгерлік тұлғасы жас ұрпақты тәрбиелеуге үлгі, әрі сабақ болуы тиіс. Батырлар өнеріне жастардың қызығушылығын арттыру арқылы Отан сүйгіштік пен тарихқа қызығушылығын дамыту – қазіргі таңдағы қоғамның көкейкесті мәселелерінің бірі. Қазақ халқының өзінің ұлттық ерекшеліктеріне, салт-дәстүріне, өмір сүру тіршілігіне сай  өзіне тән әскери өнері, әскери дәстүрі болуы, қару түрлерін жетілдіруі, қазақ хандары мен батырларының соғыс тәсілін жетік меңгеруі – Қазақ мемлекетінің өз қол астында үлкен жер аумағын ұстап қала алуына себеп болды.

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз батырлар ерлігін өскелең ұрпаққа өсиет қылып, бір жағынан аманат етіп, құлағына құйып отырған. Бұл болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ең басты негіздің бірі болды. Сондықтан да, бұл тақырыптың  өзектілігі – жастарға Қазақ халқының тарихының батырлық жарқын сәттерінен мысал келтіре отырып үлгі-өнеге, сабақ алдыра білу. Ал осы мәселе жөнінде  жекпе-жектің орнын ерекше атап өту қажет.

Жалпы әскери өнердің қалыптасуының алғы шарттарын шаруашылық фактормен байланыстыра отырып қарастыру, қазақтардың әскери жүйесін түркілер әскери өнерінің заңды мұрагері ретінде қарастыру, соғыс стратегиясы мен тактикасының заман талабына сай жетіліп отырғандығын, оның ерекшелігі мен нәтижелерін талдау, әскери өнердегі жекпе-жектің орнын, оның маңызы мен мәнін ашу, батырлар тұлғасын, жауынгерлік біліктілігін жан-жақты қарастыру сияқты мәселелерді ашу – осы жұмыстың басты мақсаты болып табылады. 

Қазақ халқының әскери тарихын, өнерін, дәстүрін, жалпы алғанда әскери-тарихи тақырыпты көшпелілік тарихынан бөліп алып қарауға болмайды. Себебі, қазақ халқының әскери даму тарихынан өз алдындағы көшпелілердің кейбір әскери элементтерінің көрінісі біте қайнасып жатқан тарихи сабақтастықта, әрі өзіндік мәдени-шаруашылық тұрмыс деңгейіне сай сұрыпталып қабылданғаны байқалады.

Белгілі қазақтың ғұлама ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми зерттеулері [1] қазақ халқының тарихын зерттеудегі баға жетпес қазына болып табылады. Ш.Ш.Уәлиханов өз зерттеулерінде қазақ халқының ежелгі деректері ретінде халық эпосына, этнографияға, ауызша жеткен әңгімелерге, аңыздарға басты назар аударады. Ол қазақ халқының шығу төркінін, жүздердің құралуын, рулық құрамды, әскери ұйымдасудың тактикасын,оқ-дәрі жасау технологиясын, қару-жарақ түрлерін зерттеді.                                                                                                                                                                                            

Генерал-лейтенант М.И.Иваниннің көшпелілердің әскери өнері мен дәстүрін зерттеудегі алғашқы қадам іспеттес еңбегін [2] атауға болады. Аталмыш еңбекте дала көшпелілерінің Шыңғыс хан мен Әмір Темір тұсындағы әскери өнер, ірі қолбасшыларының әскер құруы мен оны басқару тәсілдері, соғыс жүргізу әдістері, әскери заңдары, жазалау тәсілдері, ұрыс тактикалары және тағы басқалары жан-жақты баяндалады. Осы іспеттес А.И.Левшин еңбегі де [3] қазақтардың әскери жүйесіне қатысты мәліметтерімен бағалы.

Б.Я.Владимирцев еңбегі [4]  Шыңғыс хан тұсындағы монғолдардың әскери жүйесіне арналады. Қазақ әскери өнеріне монғолдардың тікелей ықпалы болғанын ескерсек, бұл еңбектің де берері мол.

Қазақтардың орта ғасырлардағы тарихын танып білуде орыс шығыстану мектебінің негізін салушылардың бірі В.В.Бартольдтың [5] ғылыми зерттеулерінің маңызы зор, өз еңбектерінде ол XVI – XIX ғасырлардағы қазақтардың көрші халықтармен мәдени және сыртқы саяси байланыстарын қамтиды. Осы салада жазылған еңбектерінен қазақтардың әскери құрылымы, қару-жарағы, киім-кешегі, әскери шендері  жөнінде құнды деректер алуға болады.

Қазақтың керемет тарихшысы Е.Б.Бекмаханов еңбегі [6] Кенесары хан тұсындағы қазақ әскерінің құрылымын, соғыс қимылдарын жан-жақты қарастырады. Кенесарының  20 мыңдық тұрақты әскері патшалық Ресейдің жазалау отрядтарына тамаша маневр, іс-қимылдарымен үнемі тойтарыс беріп отырған. Бұл сол тұстағы қазақ әскери өнерінің әлі де өз күшінде екендігін айғақтап берді.

В.Н.Кунның қаумалай аң аулаудың тәсілдері мен көшпелі өмірдің әскери ісі мәселелеріне арналған еңбегін [7] атауға болады.Қазақтардың әскери құрылымы, әскери бөлімдері туралы, әскери тактика мен стратегия, қару-жарақ, қорған-бекіністер туралы зерттеген А.А.Росляков [8-9] өзінің осы тақырыпқа арналған еңбегінде Азия көшпелілерінің әскери жүйесін жіктеп береді.  Г.И.Семенюктің [10]  XVIII – XIX ғасырлардағы қазақтардың әскери істері бойынша жазылған мақаласы толықтай орыс деректеріне негізделген. Онда Ресей империясының құрамына енген қазақтардың ұрыс тактикасы мен ру-тайпалық жасағы, қару-жарақтары туралы мәліметтер берілген.

Академик Ә.Т.Қайдаров өзінің зерттеу мақалаларында [11] қазақ жауынгер батырының кешенді қарулануына және олардың этнолингвистикалық атауларына қазақи деректер мен музей экспонаттарына сүйене отырып, жан-жақты тоқталады.Қазақтардың ұлттық қару-жарақтары, оларды қолдану өнері туралы мәселе В.П.Курылевтың  [12] еңбектерінде  де баяндалады. Бұл еңбектердің негізгі арқауы ретінде әскери ұйымдасудағы аңшылықтың рөлі, қару-жарақ мәселесі, баланы жастайынан әскери іске тәрбиелеу мәселелері сөз болады.

Р.С.Липец еңбегінің [13] негізгі арқауы —  түркі-монғол эпостарындағы батырлар мен атының образдарына арналады. Батырлық эпостар негізінде жауынгер тұлғасын бейнелеп, образын жасайды.

Көшпелілер қару-жарағының қалыптасуы мен даму мәселелері орыс қарутанушысы Ю.С.Худяковтың еңбектерінде [14-15] өз орнын табады. Көшпелілер қару-жарақтарының даму эволюциясын археологиялық материалдар негізінде кешенді түрде дәлелдеп береді.

Өз тәуелсіздігімізді алғалы, бұл тақырыптар бойынша жаңаша көзқараста көптеген еңбектер жарық көрді. Э.Ж.Валиханов өз еңбегінде [16] қазақ-жоңғар қатынасындағы әскери іс-қимылдың негізгі кезеңдеріне, стратегиялық және тактикалық әдістеріне, әскери ұйымдастыру мен қарулануына тоқталса, Ж.М.Жетібаев [17] Батыс Қазақстан өлкесі қазақтарының қазба ескерткіштеріне және археологиялық қазба жұмыстарының деректеріне сүйене отырып, қазақтардың қару-жарақ түрлерін бейнелейді.Сонымен қатар, соңғы кездері қазақ халқының әскери тарихын өзінің зерттеулеріне арқау етіп жүрген әскери істі зерттеуші К.Р.Аманжоловтың еңбектерін [18] атауға болады.В.А.Моисеева еңбегі [19] қазақ пен жоңғарлардың әскери тарихына арналады.Еңбекте соғыстар, әскери қимылдар туралы кеңінен баяндалады.

Т.И.Сұлтанов пен С.Г.Кляшторный еңбектерінде [20-21] әңгіме болатын басты мәселе –  Өзбек ұлысы мен Қазақ хандығының               XV – XVII ғасырлардағы қоғамдық-саяси, этникалық, әлеуметтік-экономикалық өмірі болғанымен, зерттеулерінің біраз бөлімдерін әскери дәстүрлердің көшпелілер өміріндегі рөліне, қазақтардың             ру-тайпалық жасақтарына, соғыс тулары, әскери тактикасы мен қару-жарақ жасау техникасына арнайды.Монғол тарихшысы д-р Эренжен Хара-Даван еңбегі [22] Шыңғыс ханның өміріне, оның жаулап алушылық жорықтарына, Монғол империясының құрылып, оның әкімшілік, әскери және саяси құрылымына бағышталады. Монғол армиясының әскери құрылымы туралы бөлімі тақырыпқа тікелей қатысты.

      Соңғы жылдары жарық көрген Т.К.Алланиязовтың  еңбегінде [23] көшпелі қазақ халқының әскери ісіне көне заманнан XIX ғасырға дейінгі аралықты қамтитын жалпы шолу жасалады. Ал Қ.С.Ахметжанов [24] бай деректерге, негізінен халық ауыз әдебиетіне сүйене отырып, өз еңбегін иллюстрациялық безендіру арқылы мазмұнды түрде баяндайды.Осы сияқты Ж.Қасымбаев еңбегі [25], А.Қ.Жұмаділ [26] пен И.Ерофееваның [27] жекелеген мақалалары да тақырып шеңберін кеңейтуге үлес қосады. 

Қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы әскери ісінің тарихы А.К.Көшкімбаевтың [28-31] жұмыстарында өз дәрежесінде көрінісін тапты. Ш.Е.Қартаева Қазақ мемлекетінің әскери құрылымын, қазақтардың ұлттық қару-жарақтарды жетілдіруі мен жауынгерлік дәстүрлерін өз еңбегіне [32]  арқау етеді.

Әскери өнердің қалыптасуына бастама жол салған сақ жауынгерлерінің соғыс жүргізу сипаты мен  ерекшеліктерін, олардың көршілерінің жадында мәңгі қалатыны туралы айтып кеткен Геродоттың еңбегі [33] өте құнды дерек. Әскери өнердің ең шарықтау шегі түркі дәуіріне тұспа-тұс келсе, сол дәуір иелерінің аталған өнердегі жетістіктерін араб авторлары өз еңбектерінің арқауы етеді. Араб авторлары Әл-Джахиз [34] бен Ибн-Фадланның [35] түркі жауынгерлеріне жасаған сипаттамалары әлі күнге өз маңызын жойған жоқ.Сол сияқты Әбілғазы да өз мәліметтерінде [36] түркі тайпаларының әскери тарихын баяндап өтеді.

Монғолдардың әскери жүйесі бойынша алғашқы жалпылама еңбектер [37-38] жарық көрді.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                               

XV-XVIII ғасырлардағы Қазақстанның тарихын зерттеуде             “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме”, “Фатх-нама”, “Шейбани-наме”, “Михман-наме-йи Бухара”, “Зубдат әл-асар”, “Тарих-и Абулхайыр-хани”, “Бадай әл-вакаи”, “Тарих-и Рашиди” дерек мәліметтері [39] ерекше бағаланады. Бұл шығармалар бірін-бірі толықтырып, айтулы кезеңдегі  халықтың әскери өнері мен дәстүрінен құнды мәліметтер береді.

Деректер қатарының санын қазақтардың ерлік эпостары [40-42] мен халық ауыз әдебиеті [43] , көркем шығармалары [44-47] толықтырады.Тақырып аясында мерзімді басылымдар [48-49]   пайдаланылды, жұмысқа қатысты қосымша, сөздіктер де [50-53] қолданылды.

Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

  1. ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

1.1  Шаруашылық –  көшпелілер әскери өнерінің

қалыптасуындағы негізгі фактор

 

  Көшпелі өмір сүрген тайпалардың шаруашылық түрлеріне байланысты жайылымдық жерлердің табиғат ерекшеліктерін ескере отырып, төрт түліктің жайылымына қолайлы жер таңдай білуі қажеттіліктен туындаған. Профессор В.Н.Кунның Орта Азияның табиғат жағдайларын зерттей келіп жасаған тұжырымдамасында  жазық жайылымдық жерлер түйе мен қой бағуға өте тиімді әрі қолайлы екендігі туралы баяндалады. Таулы жайылымдық жерлердің ең негізгі ерекшелігі шабындық шөптердің төрт түлікті асырауға аса қолайлылығы еді, ірі қара мен жылқы малын көктем мен күзде ғана емес, сонымен қатар жазда да, ал қар аз түскен жағдайда, бүкіл қыс бойы азықпен қамтамасыз еткен. Әсіресе биік таулы жайылымдардың шөбі шүйгінді, құнары мол болды. Ерте кезден бері таулы аймақты елдердің жайылымдық жерлері мал өсіруші көшпелілерді қызықтырған, оларды таудың вертикалды  ерекшелігіне сай, төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге көшіп жүруге мәжбүр етті. Сөйтіп, көшпелілер толқыны жазда таулы аймаққа ауып, қыста жазықтық жерге көшіп отырған [7;17]. Сондай-ақ, көшпелілер таулы жайылымды және өзен аңғарларын игерген соң, ірі қара мен жылқы басын көбейтуге мүмкіндік алады, ал құмды жайылым мен жусанды даланы мекен еткен көшпелілердің түйе мен қой бағуы басым болды.

Жайылым түрі табынның бағытын анықтайды, ал көшпелілердің мекені табынның икеміне орай, жайылым түрімен тығыз байланыста болды.

Қыста көшпелілердің негізгі толқыны өзен аңғарлары мен теңіз жағалауына таяу жерлерге орналасып, жазда солтүстікке, орманды аймақ пен шөпті далаға көтерілген. Осыған сай, күзде  жылқылар семіз болғанда,  отырықшы аймақтарға өздерінің қанды шапқыншылықтарын бастаған.

Қазірдің өзінде ауқымды кең жазық алқапты жерде шаруашылықтың бір түрі – экстенсивті көшпелі мал шаруашылығы көп ғасыр бойы үстемдік етті десек, қателескен болмас едік.

Көшпелі экстенсивті мал шаруашылығының мынадай негізгі ерекшеліктерін айқындауға болады:

  1. Көшпелі мал шаруашылығы азықты алдын-ала дайындау науқаны мен малды қорада ұстауды қажетсінбеген. Мал жайылымда өне бойы болған және қажетті жем-шөбін өзі тауып отырған;
  2. Жоғарыда айтқандай, азықты өзі іздеп табуда тәулік бойы үнемі қозғалыста болады, ал қозғалыс қашықтығы жем-шөптің молдығы мен сапасына байланысты болады;
  3. Әр аймақтың жайылымдық азығының жарамдылығы, өсімдік құрамы мен өсіп-өну дәуіріне байланысты әр маусымда ауысып отырған. Маусым аяғындағы жайылымның азаюы мал азығын басқа жайылымнан іздеуге мәжбүр еткен;
  4. Табынның маусымдық қозғалысы жайылысқа, өріске айдауға, бағуға ұласады, яғни бір жерден екінші жерге қозғалу мақсатында табынды саналы түрде басқарып, табынға қажетті жайылымдық жерлер ұйымдастырылып отырған;
  5. Саналы адам еркінің араласуы, табынның көбеюі мен өмір сүру жағдайына айтарлықтай өзгерістер енгізеді. Егер адам өзі осы табынмен күн көріп отырса, демек ол табынды жыртқыш аңдар мен табиғат апаттарынан қорғауға мәжбүр болады. Қозғалыстар адам қабілетінің арқасында керекті жайылымдар мен су аңғарларының бойына таяу ауысып, малды құнарлы шөптесін жерлерде ұстауды және оларды азығы мол жерлермен айдауын қамтамасыз етті. Осыдан барып қыстау мен жайлау пайда болып, көктем мен күзде осы екі аралықта көшіп жүру қалыптасады [7;20].

Адамға осындай табынды иемдену үшін көп нәрсе қажет бола бастады. Бұл алдымен белгілі бір мал түрінің қажеті мен мінезін білуді, өсімдіктің азықтық пайдасын, кеңістіктегі шөп түрлерінің орналасуын және қысы-жазы, күні-түні айна-қатесіз бағыт таба білуді міндеттейді.

Көптеген ғасырлар бойы адам бақташы болу жолында тәжірибе жинақтау үшін, аңшылық пен терімшілік кәсібі жолынан өтеді. Кейінірек кезеңде аңшылықты кәсіп еткен тайпалар бақташы көршілерінің малдарын басып алу мен айдап кетуі нәтижесінде бірте-бірте мал бағудың қыр-сырын үйрене отырып, өздері де бақташылыққа көше  бастады. Аңшылық кәсібі ұзақ уақыт бойы халық шаруашылығының жетекші саласы болып келсе, енді оның орнын мал шаруашылығы басты.

Дегенмен, әскери өнердің қалыптасуында аңшылықтың орнын ерекше атауға болады. Өйткені аңшылық әскери маневрді, әскери қимылдарға даярлықты жетілдірген. Соғыс қимылдары қарсаңында көшпелілер міндетті түрде аң аулаудың қоршау тәсілін орындап отырған.

Аңшылық негізгі 3 әрекеттен тұрды: барлау, ізіне түсу және аңды қолға түсіру [28;53]. Аңшылыққа қатысушылар 3 бөлікке бөлінеді: аңшылықты басқарушы, қатардағы жауынгерлер және қарапайым халық. Соңғылары аңшылыққа тікелей қатыспайды, олар аңдарды жинаумен, бөлумен, ас дайындау және тағы басқа жұмыстармен айналысқан [7;20]. Бұндай құрылым туралы және қазақ халқының тұрмысындағы мұндай аңшылық дәстүрлерді  халық ауыз әдебиетінен көруге болады.  

       “Аңшылық қызығына құмартып, бойларына күші сыймай тұрған аламан атаулы сол сәтінде-ақ салқын сабырмен апта бойғы сүргіннің ең соңғы, ең жауапты жұмысына кіріскен. Шығыршығы тарқамаған алып шеңбердің әр тұсында шағын шеңберлер пайда бола бастайды. Кәсібіне машықты жігіттер алға шығып, аңшылыққа кесел келтірер бітеу мойын қабандарды атып жықты, қоршауға түсіп қалған,  жалақ-жұлақ етіп, қоңыр аңдар үйірін шеттей ерсілі-қарсылы сабылып жүрген қасқырлардың көзін құртты…” [44;117-118].

Аңшылықтың қоршау тәсілі көп адамның қатысуын талап етеді, сол себепті ұжымды ұйымдастыру үшін, яғни маңызды аңшылық шарасын іске асыруда тәртіп пен белгілі бір құрылымды қажет етеді. Ұзақ уақытты қамтыған аңшылықтың тәжірибесі нәтижесінде үштік ұйым қалыптасады, олар: оң мен сол қанат және орталық. Аңшылар жоғарыда аталған үш бөлікке бөлініп, жартылай шеңбер түзейді. Саптың алдында аңшылықты барлаушы тұрады, оның міндеті –  аңдарды бақылап жүру. Әр қанаттың өз басшылары болған. Қанаттардың ішінде тәртіп сақтаушы арнайы адамдар белгіленген.

Бүкіл аңшылықты бір-ақ адам басқарған, ол хан немесе атақты батыр болған. Оның бұйрықтары сөзсіз орындалып отырған. Аңшылықты басқарушы әрдайым шептің ортасында жүріп,                        іс-қимылдарды бақылап, белгілер беріп отырған. Осындай басшының қызметтері соғыс кезіндегі көшпелі қолбасшының қызметімен сәйкес  келеді.

Басшылық бұйрығымен барлығы құжынаған аңдарды ортаға алып, бір мезгілде екі қанаты мен орталығы шеңберлене береді. Шеңберді кішірейте беру арқылы жылдамдықты үдете береді. Содан кейін аңдарды садақ, жебемен ата бастайды. Бірақ бірінші болып аңды өлтіру құқығын басшыға береді .“…Ораз-Мұхаммедтің садағы сай еді. Дүбірлете шапқан тарпаң арқан бойы ғана қалды. Ораз-Мұхаммед сонда ғана жай тартар сәтті өткізіп алғанын аңдаған. Садағын лақтырып тастап, тақымынан ұзын найзасын суырды. Бұла тарпаң мен будан тұлпар аяқтары айқаса шайнасып қалды. Сол мезетте Ораз-Мұхаммед те үзеңгіге шірене бере, тарпаңның сағағына бойлата найза салған”  [44;116].                                         

Аңшылықтың сәтті өтуі жылдамдыққа, тәртіп пен бірлікке байланысты болды, сонда ғана аңдар шеңберді бұзып өте алмайды. Кез келген біраз уақыттық кешігу немесе шеңбердің ажырауы аңдардың сытылып шығып кетуіне жол береді. Сондықтан қоршау тәсілі кең кеңістікте жүргізілгендіктен, аса дәлдікті, қимылдың келісілген болуын және аңшылардың жалпы тәртібін талап етті. Әдетте, күніне бірнеше айдау жүргізілген, аңшылар кешке тұрақтарына қайтып, олжаны бөліске салатын болған [7;21].

Аңды қоршау тәсілімен аулауды көшпелілер жете меңгереді. Көптеген шетел саяхатшылары көшпелілер туралы жазбаларында аңшылықты жүргізу тәсілдерін жазып кетеді. Рубрук монғолдардың аңшылығы туралы былай деп жазады: “Когда они охотятся на зверей, то собираются в большом количестве, окружают местность, про которую знают, что находятся звери, и мало по малу приближаются друг к другу, пока не замкнут зверей друг с другом, как бы в круге, и тогда пускают в них стрелы”[37;231].

        Шыңғыс хан кезіндегі монғолдардың қоршау тәсілімен аң аулауы халық шаруашылығында маңызға ие болды да, әскери тұрғыдан да өзіндік орнымен ерекшеленді. Орыс ғалымы Б.Я.Владимирцевтің айтуынша, аңшылық барлық жорықтың, соғыстың, шапқыншылықтың айнымас серігі болды, соның арқасында әскер азығын алды, соғыс жүргізу қимылдарына қажетті дайындық маневрлерін жүзеге асырды [4;40].

Аңшылық тұрмыстан мал шаруашылығына ауысқан соң, ұзақ уақыт бойы аңшылық кәсібі зор маңызға ие бола отырып, халықтың күнкөріс еңбегі екі түрлі бағыт алады. Аңшылықтың басты қаруы  садақ пен жебе болып, олар қолданыста шаруашылық-тұрмыстық өмірдің маңызды бөлігіне айналып, көшпелі халықтар бұл салада шеберліктің шыңына жетеді. Ол туралы X ғасыр дағы Ибн Фадланның оғыздың бір атты жауынгерін сипаттауынан көруімізге болады: “Однажды я видел его, когда он ехал рядом с нами на своем коне, и вот несся летящий гусь. Он натянул свой лук в то время, когда его лошадь ехала под ним, потом выстрелил в него и вот он уже сбил его вниз” [35;64].

Қыпшақ жауынгері туралы Рабби Питакиа 1170 жылы төмендегідей мәліметтер береді: “Они живут в палатках (киіз үй), чрезвычайно дальнозорки, обладают прекрасными глазами, потому, что они не едят соли и употребляют известное растение. Они отличные стрелки и убивают птиц на лету. Они замечают и узнают предметы более чем на один день расстояния”.

Түркілердің садақ ату өнерін жете меңгергендігін дәлелдейтін  деректер көп, солардың бірін IX ғасырдағы әл-Джахиздің Фатх Ибн Хаканға түрік жауынгерлері туралы айтқан сөздерінен байқауға болады: “Тюрок стреляет по диким животным, птицам, мишеням, людям, неподвижным целям, установленным изображениям и хищным птицам. Он стреляет, гоня свою лошадь во весь опор назад и вперед, враво и влево, вверх и вниз. Он пускает десять стрел прежде, чем хариджит положит одну стрелу на тетиву. И он скачет на своей лошади, спускаясь с горы или в долину с большой скоростью, чем харджит может скакать по ровной местности. У тюрка четыре глаза: два на лице и два на затылке” [34;230].Тағы сол сияқты: “Если тюрок отступает, то все равно он как смертельный яд и неизбежная смерть, потому что порожает своей стрелой стреляя назад также, как порожает ею, стреляя вперед. И никто не находится при этой скачке в безопасности от его аркана, от падения лошади и того, чтобы всадник был сброшен с нее” [34;321].

Сонымен, көшпелілердің әскери тактикасы аңшылықтың қоршау тәсілінің элементтерінен алынғандығын байқауға болады. Олар: жаудың шебін айналып өту, қоршау, торуылға (засада) түсіру – осының бәрі аңшылық тәжірибеден алынған әдістер.

Ату қаруының (садақ пен жебе) басымдығы, көшпелілердің қашықтық соғысқа бейім екендігін аңғартады.

Демек, аңшылықтың қоршау тәсілі, көшпелі әскери өнердің қалыптасып, одан әрі дамуындағы тәжірибелік негізгі базасы деп айта аламыз [28;55].

Аңшылық шаруашылықтан мал шаруашылығына өткен кезде көшпелілердегі өндіруші күштің жедел дамуы және бақташы ер адамның басшылық рөлімен байланысты тұрмыстық жағдайының өсуі байқалады. Әйелдер аңшылық, терімшілік кәсібінің орнына енді сүт өнімін өндірумен айналыса бастады. Жауынгер ер адамның және бақташының мамандана бастауы айқын көрініс алады. Шаруашылықтың жаңа жағдайына байланысты ер адамның жетекшілік рөлі аналықтан әкелікке ауысудағы негізгі шартына айналды да, әйел рөлі тек шаруашылық шеңберінде ғана қалады [7;22-23].

Табынның табиғи жолмен көбеюі және ру-тайпадағы адам санының өсуі, әр бірлестікте әр түрлі жылдамдықпен дамуы әсерінен,  жайылымдық жерлердегі жем-шөп қорының тепе-теңдігінің бұзылуына әкеп соғады. Жайылым жер мен суаттарды бөліп беру мен ауыстырып отыру ғана шаруашылықты өзара талас-тартысқа салудан сақтап қала алады. Ал сол уақытта алып кеңістікке адамдар әр алуан тығыздықта қоныстанып болған-ды. Сол кезден бастап бұл кеңістік өзара бөлініп, әр ру өзіне тиесілі белгіленген жайылымда ғана көшіп жүрген.

Шаруашылық қайшылықтар есебінен туындайтын қарулы қақтығыстар созылмалы күреске ұласып отырды. Соғыс – көшпелі өмірдің өміршең қағидасы. Көшпелілердің соғыс құмарлығы жөнінде XI ғасырдағы Византия жазушысы Феофилакт Болгарский былай деп жазады: “ Жизнь мирная – для них несчастье, верх благополучия –   когда они имеют удобный случай для войны…”

Мал шаруашылығының дамуымен байланысты ер адамға бақташы, аңшы және жауынгер үлесі тиді. Әйел көбінесе үй шаруасына бейімделді.

Қыстың қараңғы түнінде, құйын мен боранды күнде, суық қыс пен ыстық жазда бақташылар үнемі табынды бақылап, солармен бірге жүрді: бір сәттік қателік табынның жоғалуына әкеп соғады. Көшпелілер тұсауы кесілген кезден бастап бүкіл өмірін ат үстінде өткізіп, үнемі қозғалыста жүрді. Олар тері мен жүннен киім киді, негізгі тағамдары ет пен сүт, кейіннен ғана тары пайдаланды, нанды олар жемеген. XVIII      ғасырдың өзінде Левшин қазақтардың нан жемейтінін айтып кеткен. Қатты кезінде олар шикі етті де жей берген. Бала кезінен көшпелілер шөл мен аштыққа үйренген.

Дала мен шөлдің қатал өмірі үлкен төзімділікті талап етті. Дала өмірі дене мен ерікті шынықтырып, көздің өткірлігі мен табиғатты кеңінен танып-білуге тәрбиеледі. Көшпелілер жер-суды, табиғи межені, топырақ, су құрамын, өсімдік пен жануарлар түрін, аспан мен желдің бағытын айқын танып, қоршаған ортамен үнемі тікелей байланыста болды.Сонымен бірге көшпелі халық тек қана бақташы емес, ол аңшы да. Оның аң аулауы – ермек емес, шаруашылық еңбек. Аңшылықта ол жазықта, таулы өлкеде, далада, тоғай мен құмда, таулы орманда және сайлы мекенде аңды бағып жүріп, қуып жетіп, қолға түсіруі керек. Садақ пен жебе көмегімен аңды кәсіп етіп, сонымен күн көреді. Тек аңның қыр-сырын білу мен айла, табандылық, дәлдік пен күш-қуаты ғана жеңіске жетелейді.

Міне, дайын жауынгер, ол – мықты салт атты, жорықта шаршауды білмейді, ауыртпалықты оңай көтере біледі, епті әрі төзімді. Оның жебесі нысанадан мүлт кетпейді, жүрегі аяушылықты білмейді [7;25].

Қарулы күштердің құрылымында рулық құрылыстың мінез-құлқын өз таңбасын қалдырды. Сонымен қатар, рулық құрылыста өмір сүретін қоғам осы ортаға лайықты құқық пен мораль жасайды, бұл ортадан тыс бөтен адам заңнан тыс қалады да, оған қарсы кез келген әрекет қолданылды. Рулық одақ үнемі болатын соғыс жағдайында қатал талаптар қоятын еді. Оған қала мен қамалды білмейтін, үнемі қозғалыстағы көшпелі өмір де әсер етті. Жауын жеңу көшпелілерге тыныштық пен еркіндік сыйлады.

Қатардағы көшпелі жауынгердің әскери-техникалық құралы қарапайым болды. Бір кемшілігі, көшпелі халықтарда қолөнердің нашар дамуы себепті көшпелілердің қару-жарағы да отырықшы көршілерінен кейін қалып келді [8;11]. Олардың басты қаруы садақ пен жебе болды, яғни аңшылық құралы. Осы қаруды көшпелілер өте шебер пайдалана білді. Маңызды ұрыс қажеттігінің бірі – ол ерекше шыдамды, көнбіс және жүйрік ат. Шаруашылықта жылқы сүт, ет, тері, жүн береді. Ол қозғалыстың ең тиімді қатынас құралы, жорықта кез келген қашықтықты басып өтетін, шабуылда жылдамдық, шегіністе ұстатпайтын қабілетімен ерекшеленіп, бағаланды. Әр жауынгер өзімен бірге бірнеше ат жетектейтін болған.

Жорық пен шапқыншылық көшіп-қону түрінде құрылды, қозғалыс кезінде адам да, малдар да жолдан өз азықтарын тауып отырды. Жорықтарды ұйымдастыруда мал шаруашылық тұрмыстың тәжірибесі пайдаға асты, барлаушылар кішігірім көшпелі топтар есебінде алғы шептерде жүрді. Жорықта бытыраңқы саппен шабындық шөптерді таптамай, аттардың күшін сақтап, ақырын жүріп отырды. Бірте-бірте жылдамдық қоса отырып, жауға таяу қалғанда ғана шепті түзеп, әскерді сапқа тұрғызды.

Көбіне-көп көшпелілер өз жауын соғыс кезінде тек күшпен ғана емес, айламен де жеңіп отырған. Өтірік шегініс, тосқауыл қою үшін әдейі шегіну, жорта қимыл-әрекеттер жасау, жаудың қанаты мен тылына күтпеген жерден соққы беру, жасырын жақындап келіп, толық қоршауға алу – осы тәсілдер жауды алдау мен үрей туғызып, оны соғыс қабілетінен айыру мақсатымен жасалады. Осы тәжірибенің бәрі – аң аулаудың қоршау тәсілінен алынған әдіс-айлалар.

Монғолдар атты шабуылда алдымен садақпен оқты жаудырып, жау қатарын бұзып барып, қоян-қолтық шайқасқа кірген. Сонымен бірге, жау қатарының тәртібін бұзу үшін өтірік шегініс тәсілін де қолданған, жау шегінушілердің соңына түскенде, олардың сабы оңай бүлінеді, осыны күткен монғолдар дереу бұрылып, жұмыла лап береді. Осындай жалған шегініспен жауды тосқауылға ұрындырып, шеңберге де түсіріп отырған /22;98/.

Көшпелілердің басты қаруы әр уақытта садақ пен жебе болды,  найза, қылыш, шоқпар осылардан кейінгі кезекте қолданылатын. Тек таңдаулы, мықты жауынгерлер ғана қайқы қылыш ұстап, дулыға мен сауыт киген. Көшпелілер әскерінің әдеттегі әскери тәртібі негізінен орталық қолдан және қос қанаттан, авангард (алғы шеп) пен арьергардтан құралған. Ертеден бұл тәртіп аңшылыққа байланысты қалыптасқан болатын /28;53/.

Көшпелілердің стратегиясы тек қырып-жоюға негізделген болуы керек. Ол қоныстар мен қала-қамалдарды білмейтін, дала мен шөлді аймақтың өмірлік тәртібінен туындаған еді. Қорғансыз, мәңгі қозғалыста олар тек өздеріне еркіндік пен тыныштықты дұшпанын құрту арқылы ғана қамтамасыз ете алатын. Осыдан барып бүкіл отырықшы әлемді үреймен ұстаған жеңімпаз көшпелілердің қаталдығы  пайда болды /7;29/.

Демек, көшпелілердің әскери өнерінің қалыптасуындағы негізгі факторы ретінде олардың шаруашылық түрін атай алады екенбіз. Әскери құрылымның қалыптасуында аңшылықтың рөлі қаншалықты болғанын жоғарыда атап өттік. Көшпелі жауынгер тұлғасын қалыптастыруда мал шаруашылығының үлесі де тым салмақты екенін көрдік. Демек, осы шаруашылықтың түрлерінің ықпалымен орта ғасырдағы ең мықты әскери құрылым – көшпелі әскери өнердің қалыптасқанын, оның одан әрі заман талабына сәйкес, өзінің шырқау шегіне жеткенін білеміз. Осы көшпелі әскери өнердің заңды мұрагері –  қазақ әскери өнері де алдымызда жүріп өткен сақ, ғұн, түркі, монғол жауынгерлерінің  ізбасары, әскери өнерінің жалғастырушысы болып табылады. 

 

1.2   Қазақ әскери өнерінің қалыптасу кезеңдері

 

Еуразияның кең даласы б.з.б. І мыңжылдық пен XIX ғасыр аралығында мал шарушылығымен айналысушы көшпелі тайпалар мекен еткен аймаққа айналды. Өзінің даму жолында далалық қоғам шаруашылықтың осы түріне тән ерекшеліктер бойынша дамыды.

Көшпелілердің әскери жүйесі көрші жер өңдеушілердің әскери жүйесінен әлдеқайда басым болды. Ол басым бағыттарды  атап айтар болсақ, ру-тайпалық жасақтың көп уақыт сақталуы, ірі атты қолдың маневрлік шапшаңдығы, қақтығыстан уақтылы жалтару мүмкіндігі, далалық алқапты тиімді пайдалануы, ал кемшілігі – оларда қолданбалы қолөнердің әлсіз дамуы еді [8;11].

Далалық әскери жүйе бірден қалыптасқан жоқ. Оның бастауын біз сақ-скиф дәуірінде көреміз. Көшпелі мал шаруашылығы қалыптасып, шаруашылықтың жетекші саласына айнала бастайды. Сол кездегі сақ жауынгерлерінің Кир мен Дарийге қарсы соғысы далалық соғыс өнерінің өшпес үлгісін көрсетіп берді. Батыр атты садақшылар елі, семсерге табынып, жеңілген жауының бас терісін кесіп алып, бас сүйегінен шарап ішетін тостаған жасаған сақ-скифтер көршілерінің жадында мәңгі қалады [33;IV;64].

Дегенмен, сақ-скиф қоғамында әлі де болса, далалық әскери жүйенің толық жетілмегенін байқауға болады. Оның бір белгісі сақ-скиф әскерінің негізі жаяу жауынгерлерден тұрғанында [33;IV;65]. Оны сол кездегі қоғамның әлі ескіліктерден арылмауынан және шаруашылығының, атап айтсақ, жылқы ұстаудың жеткіліксіздігінен көруге болады. Сол сияқты қарудың да әлі дамымауы басты себептердің біріне жатады. Негізгі қарулары – садақ, қысқа сапылы найза, балта және акинак.

Әскер құрамы мен қару-жарағы ұрыс барысын айқындайды – садақпен ретсіз оқ жаудыру мен бүкіл ұрыс шебінде тәртіпсіз қоян-қолтық шайқасқа түсу жиі қолданылған. Дегенмен, б.з.б. ІV ғасырда көсемдердің салт атты жасағы маңызға ие бола бастайды. Олар ұрыс барысында алғы шепте орналасып, негізгі іс-қимылдарды жүргізген.

Далалық әскери жүйенің дамуына әсер еткен келесі бір қадамды сармат, ғұндармен байланыстырамыз. Бұл кезеңде(б.з.б.ІІІ ғ. – б.з.ІVғ.) далалық әскери өнердің басты жаңалығы – ол сарматтарда тікелей шабуыл мен қоян-қолтық айқасқа арналған ауыр қаруланған сауытты атты әскердің қалыптаса бастауы. Оның пайда болуы ұшында темірі бар ауыр, ұзын найза мен қорғаныс жарақтарының дамуымен байланысты болды. Сарматтардың бір ерекшелігі – оларда дамыған мал шаруашылығымен қатар, дамыған жер өңдеу шаруашылығының да қатар өмір сүруі. Сондықтан сарматтарда жаяу әскердің орны басым болды.

Ғұндардың әскери жүйесінде садақтың орны ерекше еді. Қақтығыста ғұндар қоян-қолтық ұрыстарға көп кіре бермеген, олар қашық шайқастарда үстем болған. Ғұн обаларында көбіне садақ пен жебенің көп кездесуі де осының дәлелі. Қытай жазба ескерткіштерінде де ғұндардың қоян-қолтық соғысқа аз кіретінін байқауға болады. Ғұн әскерінің әдеттегі жеңісі – шөл далада қытай әскерінің ғұн жасақтарының қоршауында қалып, үмітсіз тұтқынға түсуі [8;13].

Ұлы даланың батыс бөлігінде көшпелі мал шаруашылығының дамып, жеңіске жетуі, сонымен бірге ғұндардың бір бөлігінің батысқа қоныстануы, олардың сармат-алан тайпаларымен араласып кетуі, далалық әскери жүйенің екі түрінің синтезге  ұшырауына әкеледі.       V-VІІ ғасырлардың өзінде Солтүстік Кавказдан Монғолияға дейінгі аралықта бір типті атты жауынгердің қаруы мен әскери жабдықтары қалыптасады. Ол уақыт түркі тайпаларының тарих сахнасына келуімен тұспа-тұс келеді. Түркі тайпаларының әскери жүйесі ең күшті дамыған жүйе болды. Түркілердің әскери өнерде алдына жан салмағаны туралы араб-парсы саяхатшылары, Византия мен қытай жылнамашылары жазып кеткен. Түркі жауынгері туралы Х ғасырда Ибн Фадлан былай деген: “Мен оны өз атымен жанымызда келе жатқанда көрдім. Сол сәтте үстімізден қаз ұшып бара жатты да, атының дәл төбесінен өте бергенде, ол садағын тартып қалды да, міне, қаз жерге де түсті” [35;64].

Және тағы бір араб авторы әл-Джахиз түркілердің садақ пен атты мықты меңгергенін айта келіп, тағы да былай деп қосады: “…Қытайлықтар қолөнерде, гректер ғылымда, арабтар шешендікте, парсылар ел басқаруда, ал түркілер соғыста алдына жан салмайды” [34;23].

Одан кейінгі кезеңде жарты әлемді аузына қаратқан монғол әскери жүйесі тарихта өз орнын алды. Шыңғыс хан әскерінің темірдей тәртібі мен ұрыс тактикасының барынша жетілуі, сол уақыттағы ең күшті далалық әскери жүйенің үлгісін танытты. Әмір Темір жасақтарының әскери күші бүкіл әлемді мойындатты.

Сонымен, V-ХІV ғасырлар далалық әскери жүйенің дамыған кезеңі болды. Осы кезеңдегі әскери жүйеге тән мынадай негізгі белгілерді атап көрсетуге болады:

1.Атты әскер санының көп болуы, көсемдердің сарбаздары болуы.

2.Жасақтардың негізгі соғыс қаруы садақ пен жебе, қылыш және қорғаныс қарулары; сарбаздардың негізгі қарулары қылыш, найза және жалпыға бірдей садақ. Бәрі де қорғаныс құралдарын пайдаланған. Осы кезеңнен бастап жаяу әскер өз мәнінен айрыла бастады. Атты әскер шалт қимылға икемді болды және кең ауқымды маневрге қабілетті болды.

  1. Қамалдар мен бекіністердің болмауы, әскердің аттылы болуы, жеңіске жетудің ең басты шарты – жаудың негізгі күшін ашық дала айқасында жеңуге ұмтылуында болды. Олар үшін қамалдарды алып, елді қырудың еш маңызы болмады. Дала соғысындағы ұрыстың маңыздылығына қарай, оған алдын ала жақсы дайындалған. Дала соғысында ең маңыздысы жауына күтпеген жерден, әсіресе, түнде шабуыл жасау болды [38,102-103].

Шешуші ұрыстар көбіне жауды қоршауға алумен аяқталатын болған. Жеңіске жеткен жағдайда қарсы жақтың еркектерін түгелдей қырып отырған.

  1. Көшпелілер әскерінің жүйесіне байланысты ұрыс кезінде олар жиі маневрлер жасап, қоршауға алып немесе жорта шегініп, жауды тосқауылға түсіріп отырған. Ру-тайпалық қатынастардың сақталуына байланысты әскер құрамында әр ру-тайпа өз жасақтарымен белгілі бір топты құрап, көсем сарбаздары ерекше топ – резервті құраған.
  2. Көшпелілер ұрыс барысында ату қаруларын көп қолданған. Ұрыс алдымен садақ атумен, ұсақ қақтығыстармен басталып, соңы ірі қоян-қолтық айқасқа ұласқан. Садақ пен жебе көшпелілердің ең сүйікті қаруы болды, олар садақты өте шебер меңгерген еді.
  3. Шапқыншылыққа толы өмір далалықтардың бойында сақтықты қалыптастырды. Оларда қауіпті сәтте киіз үйлермен және арбаларымен көшті қоршау дәстүрі қалыптасады. Осыған байланысты оларда үздіксіз бақылау мен күзет жүйесі дамыды. Бұл қызметті таңдаулы атты топтар – қарауылдар атқарған.

Сөйтіп, далалық әскери жүйе өзінің соғыс жүргізу тактикасы арқасында орта ғасырлық әскери жүйе атаулының ең үздігі болды. Ол  көптеген көрші елдеріне, атасақ, Қытай, Византия, Иранның, Русьтің әскери ісінің дамуына өз үлесін қосты [4;126].

Түркі-монғол көшпелі тайпалар бірлестіктерінің жинаған бай әскери тәжірибесін Қазақстан көшпелілері (XV–XVII) одан әрі жалғастырды. Кейінірек, геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, от қарудың шығуына байланысты, көшпелілер экономикасы отырықшы қолөнер мен жер өңдеуші орталықтар деңгейінен артта қала берді, әскери қимыл жүргізу түрлері мен тәсілдері өзгерді.

XV – XVI ғасырларда қазақ хандығы Дешті-Қыпшақ даласына көз тіккен Орта Азиялық этносаяси бірлестіктерге тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де оларға шапқыншылықтар жасап тұрған. XVII ғасырдан бастап қазақ жүздері жоңғарлармен ұзаққа созылған күреске түседі. XVIII – XIX ғасырларда қазақтар өз тәуелсіздігі үшін, Ресей империясының саяси отарлауына қарсы күресіп, Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне белсене атсалысады.

XVI – XVII ғасырлардың деректері қазақ әскерінің тактикалық құрылымы жөнінде құнды мәліметтер береді. Қазақтардың әскери құрылымы ондық жүйемен құрылған және көшпелілердің әскери құрылымындай әскерді орта, оң және сол қанат, алғы шеп, тосқауыл сияқты бөліктерге бөлген [39;73,88]. Бұл көшпелілер әскери өнерінің ең әмбебап әскери – ұйымдық құрылымы.

Авангард (алғы шеп, мангалай, алғыншы) әскердің алдында жүретін жеңіл қаруланған алдыңғы топ. Авангардқа ең жаужүрек, батыл жауынгерлер алынатын. Авангард басшысы көбіне ханның жақын адамы болған.

Әскердің келесі құрылымы оң (маймана) және сол (майсара) қанаттан тұрды. Бұл екі топ көшпелілер әскерінің соққы беруші бөлімдері саналды. Бұл екі қанаттың әскер басшылары сұлтандар, әмірлер, бектер мен батырлардан тұрды (1-сурет).

Келесі ірі топ – ол орта, екі қанаттың орта тұсында орналасқан. Көбіне орта қолды хан өзі басқарған. Хан ордасы биік жерде орнатылған. Себебі ханға, соғыс қимылдарын бақылай алатын мүмкіндік жасалады. Ал ханның жеке гвардиясы хан ордасында орналасады. Хан гвардиясына жете көңіл бөлінген, оған нағыз шыңдалған, әскери тәжірибесі мол батырлар алынған, гвардия хан мен оның ордасын күзеткен [29;11-12]. Сонымен қатар, қазақ әскерлерінде “чархшы” және “нагбачы” деген тактикалық  бөлімдер  де

 

болған. Чархшылар – ату қарулары, садақ пен лақтыруға арналған жеңіл найзалармен қаруланып, ұрысқа алдымен кірген. Нагбачылар –

арнайы әскери бөлім болды, олар бекініс қабырғасының астын қазып, қалалар мен қамалдарды қоршауға алғанда кеңінен қолданылған [23;73].

Соғысқа дайындық әскерді жинаумен басталады. Хан арнайы бұйрық шығарып, әр ұлысқа, әр руға жаушы жібереді. Бұл туралы Рузбихан былай деп жазады: “Обычай казахского народа таков: всегда, когда на них делают набег, то все роды, составляющие один улус, стоящие в одной местности, собираются с оружием и снаряжением для защиты своих семей и имущества, и пускают в ход секущие мечи усердия и тьмы”.

Әскердің туы мен байрақтары әр алуан түрде болды. Ханның туы жалпы әскери белгі болып есептелді, туды атақты батырлар ұстаған. Байрақтар әскери бөлімдерді анықтаса, жалаулар қазақ жауынгерлерінің айырма белгісі болды [24;196].

Қазақ әскерлерінің жалпы санының қанша болғанын дәл айту қиын. М.Х.Дулати Қасым хан тұсында қазақ халқының саны 1миллион, ал қолының саны 200 мың десе, Рузбихан қазақ сұлтандарының әр ұлысында 50 мың атақты адамдар бар, олардың әрқайсысы мықты жауынгер, танымал батырлар деген. Бұған қатысты Т.И. Сұлтанов дәлірек мәлімет береді, ол бойынша, бір қазақ ұлысы 30 мыңнан  50 мың аралығында жауынгер шығара алған [20;293].

Жоғарыда атап өткеніміздей, хан бас қолбасшы болды. Соғыс қимылдарын ұйымдастырушы, басқарушы және үйлестіруші тұлға  болды. Сұлтандар, әмірлер, бектер мен батырлар әскери иерархияны құрап, алғы шеп, қос қанат, тосқауыл, тағы басқа бөлімшелер басшысы болды. Олардың міндеттері – ханның бұйрықтары мен соғыс тактикаларын сөзсіз орындап отыру. Сардарлар ханның әскери кеңесшілері болды, олар ханмен бірге соғыс жоспарларын талқылаған.

Соғыс қимылдарын көбіне күз кезінде ұйымдастырған, себебі бұл кезде жылқылары күйлі боп, ұзақ қашықтықтарға шыдап беретін [20;317] .

Енді қазақтардың әскери-ұйымдастыру қызметі қалай болғанына тоқталайық. Жорық кезінде негізгі қолдан ат шаптырым қашықтықта жүрген. Авангардтың алдыңғы шебі күзет тобын құрап, қарауыл міндетін атқарған. Қарауылдың өзі бірнеше ұсақ топтарға бөлініп, үлкен кеңістікте барлау мен жауды анықтау міндетін атқарды. Сонымен қатар, шаруашылық қызметін де атқарған, бұған табынды алып жүру, яғни негізгі күшті азық-түлікпен қамтамасыз ету жатады.

Жорықта көзге түспеуге тырысты, себебі, күтпеген жерден лап қою – соғыс тәсілінің бірі болды. Жауды көрген кезде әскер авангарды өзінің бар топтарымен шабуыл жасап, негізгі күш келгенше бөгеп тұрды немесе кейін тартылды.

Ұрыс алдында жауынгерлер қару-жарағын асынып, сардарлар жасақты сапқа тұрғызады (2-сурет).

                      Бес   қаруы   белінде,

                      Асынған  бойда жарақ бар [40;5т, 26].

 Шайқас әдетте таңда басталатын. Дала жауынгерлерінің дәстүрі бойынша шайқас батырлар жекпе-жегімен басталған. Батырлар жекпе-жегінің мақсаты – аз қантөгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгерлердің жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батырларының күшін сынасу. Жекпе-жекке қатысу – батырлардың жауынгерлік борышы. Жекпе-жекте жау батырын жеңу батырлардың атағын шығарып, беделін өсіретіндіктен, оған қатысу абырой саналған.

                Майданда    дабыл     қақтырып,   

                Ерлердің    жолын   аштырып [43;1т,70].

Елдің атын шығаратындықтан, ал айқас тағдыры жекпе-жектегі батырлардың жеңісіне көп байланысты болғандықтан, екі жақта, екі әскердің қолбасшылары да жекпе-жекке шығатын батырларды алдын-ала таңдап, дайындайтын болған [24;209].

Шайқасқа алдымен садақ пен жебеден оқ ата отырып, авангард кіреді. Ұрыс бере отырып, алдыңғы қол жаудың соғыс қабілетін тексерген. Осыдан кейін шайқасқа қос қанаты бірдей кіріп, жау әскеріне күшті соққы береді. Қос қанаттың міндеті – жаудың ұрыс тәртібін бұзу. Қоян-қолтық шайқасқа алдыңғы шепте найзагерлер, одан кейін қылышкерлер, айбалташылар орналасқан. Мүмкіндігінше жаудың қанатын айналып өтіп, қоршауға тырысты. Әскери тактикада көбіне “толғама” әдісі – жаудың қанаты мен тылына шабуыл жасау көп қолданылған [20;344]. Әдетте бұндай соққыдан жау қатары бұзылып, соғысу қабілетінен айырылады.

Келесі бір дәстүрлі соғыс тәсілі – жауды арнайы дайындалған тосқауылға түсіру үшін өтірік қашу амалы. Тосқауылдың ең ыңғайлы орналасу жерлері – ағаш, талдадың арасы, қамыс, тоғай, сай-салалы жерлер. Тосқауыл кейде бүкіл шайқас тағдырын шешуі де мүмкін болған.

Мұхаммед Шайбани хан мен қазақтың Жаныш сұлтаны арасындағы шайқаста соңғысы “оңтайлы сәтті таңдап, … тар жалғыз аяқ жолмен жүріп отырып, ағаштар мен қамыс арасынан шығып, шайбанит сұлтандарының әскеріне жойқын соққы берді ”.

Орталық топ қосымша шабуылдаушы күш болып есептеледі, хан ордасын қорғайтын тактикалық резерв ретінде қолданылады, яғни кез келген сәтте шайқасқа кіре алады немесе қос қанатқа көмекші күш ретінде қосыла алады.

Хан өз ордасында тұрып, соғыс қимылдарын бақылап, әскерді басқарған. Жасақтарды дабыл, керней көмегімен басқарып, дыбыстық сигналдармен жасақтың шабуылға шығуын не шегінуін басқарып, жеңіске жеткенін білдіріп отырған.

Далалық әскери стратегияның негізі – өзінің әскери-саяси қарсыласын әлсіретіп, бағындыру. Деректерден көретініміздей, Мұхаммед Шайбани хан 1509 жылғы жорығында қазақтар мен Бұрындық ханның қыстауын талқандауды мақсат еткен. Мұхаммед Шайбани хан қазақтарға қарсы қарсы үлкен 4 жорық ұйымдастырады. “Шайбани-наме” шығармасында да Орта Азия сұлтандарының қазақ ханы Қасым ханға қарсы ұйымдастырған әскери қимылдары жақсы суреттелген [39;61]. Сыр бойы қазақтары үшін соғыс ауыспалы сипат алады.

ХVІІ ғасырдың басы мен ХVІІІ ғасырдың ортасы қазақтардың жоңғарларға қарсы соғысымен ерекшеленеді. Жоңғар әскерінің, жалпы мемлекетінің қатаң тәртібі соғыстағы жеңістерінің негізгі шарты болатын. Жоңғарлардың жоғары дәрежеде әскери-саяси жағынан  орталықтануының басымдығы қазақтармен соғыс барысында да айқын көрінеді. Жеке алғанда қазақтың әр жауынгері өзінің әскери біліктілігі мен батылдығы жағынан жоңғар жауынгерімен тең түсетін, бірақ басқарушы сұлтандар мен батырлардың соғыс қимылдарында көбіне бытыраңқылық пен түсініспеушілік орын алып, соның нәтижесінде әскери қимыл сәтсіздіктерге ұшырап отырды. Дегенмен, қазақтардың жоңғарларды ойсырата жеңген сәттері де болып отырды.

1643 жылы 50000 жоңғар қолы қазақ жеріне баса-көктеп кіреді. Шапқыншылықтың күтпеген жерден болуы Жәңгір ханға әскер жинауға мұрша бермеді. Ол небары 600 жауынгер ғана жинап үлгерді. Жәңгір хан шайқасқа таулы аймақты, тамаша табиғи тосқауылдарды пайдаланып, жоңғардың көп қолына күшті соққы берді. Ұрыста 10000 жоңғар жауынгері жер қауып, қалғандарын Жалаңтөс батыр қуып жібереді. Бұл жеңіс қазақтардың әскери өнерінің жоғары деңгейде болғанын паш етеді.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті қолбасшылардың бірі – Абылай хан. Ол ХVІІІ ғасырдың 60-70 жылдарында оңтүстік аймақты үздіксіз шапқыншылық жорықтарымен титықтатқан қырғыздарға жойқын соққы берді. Сол сияқты, Ходжент пен Ташкент билеушілеріне қарсы да сәтті соғыстар жүргізді. Абылай хан жеке қарулы күш ұстауға ұмтылып, төлеңгіттерден құралған хан жасағының санын айтарлықтай көбейтті. Сонымен бірге, оның әскери тірегі, өзімен бірге жорықтарға қатысатын атақты батырлары да болған. Абылай ханның айналасында атақты батырлар жүрді, олар – Қаракерей қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек. Шешуші, тарихи маңызы бар соғыстарда Абылай әскерді өзі бастап, соғыста тікелей өзі басшылық еткен. Өзінің алғашқы жекпе-жегіне жоңғар батыры Шарышпен шығып, “Абылайлап” ұран салып, жауын жер жастандырады [46;6]. Содан кейін де жауларын жекпе-жекте мұқатып, өз жауынгерлеріне батылдық пен өжеттіктің озық үлгісін көрсетіп отырған.

Қазақтардың әскери өнері, әсіресе 1773-1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінде айқын көрінеді. Қазақ жасақтары көтеріліс кезінде Е.Пугачевтің негізгі әскерінің құрамында соғысады. Үлкен қалалар мен қамалдарды қоршауға алуға, шабуылдарға белсене атсалысады. Қазақтар жеке де соғыс қимылдарын жүргізген. Бекіністерге шабуыл жасау кезінде қазақтар оның ішіндегі ағаштан жасалған құрылыстарды отты садақтарымен өртеп, содан кейін шабуыл жасаған. Шабуылдаушыларды қорғаныстағылар зеңбіректермен де тоқтата алмаған, себебі қазақтар жарылғыш ядроны дымқыл киізбен сөндіруді үйреніп алған.

Қазақ жасақтарының қимылына шебер тактика мен белгілі бір ұйымшылдық тән болды. Шабуыл жасаудан бұрын олар әдетте барлау жүргізген. Жорық кезінде жасырын қозғалып, күтпеген жерден шабуылдауға тырысты және өз алдарында қарауыл топтарын жұмсап отырған, жағдайды бақылап отырған. Патша әскерлерімен шайқастарда қазақ жасақтары көбіне ауқымды шабуылға көшіп, жаудың қанатынан соққы беріп, керемет маневр жасап, батыл шайқасқан, бірақ әдетте жау артиллерияны іске қосқанда, оған шыдай алмай, кері бұрылып, шегініп бара жатып тактикалық айлаға көшкен: далаға тез шашырап, қайта сап құрып, қайта соққы берген.

Қазақтардың бұрыннан соғыстар мен шапқыншылықтарда қолданған тактикалық әдісінің бірі – бұл далаға от  қою. 1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысында патша әскерлерінің жолын бөгеу үшін қазақтар осындай от қою әдісін кеңінен қолданған.

XIX ғасырдың 40-жылдарында Ресей империясының әскерлерімен шайқаста Кенесары Қасымұлы өзін талантты қолбасшы ретінде көрсетті. Ол қатаң әскери тәртіпке бағынған 20 мың жігіттен тұрған әскер құрады. Осыған орай, тұтқын барон Оруд Кенесары хан ордасында болған бір жайтты баяндайды: “ При мне, собрав всех своих казахов, Кенесары передал мучительной смерти одного киргиза, которого застал спящим в ночном карауле ”[6;341].

Әскерді бұрынғы соғыс жүргізудің азиялық тәсілімен жүздерге, мыңдарға бөлу, сарбаздардың басына ержүректігімен, азаттық күрес ісіне берілгендігімен көзге түскен батырларды тағайындау, олардың жан аямас күресі – Кенесарының қолбасшылық, ұйымдастырушылық қасиетінің шыңдалғандығының бір көрінісі [25;61] .

XVIII-XIX ғасырларда қазақтардың әскери өнеріне байланысты мәліметтерді топтастырсақ, тактикалық тәсілдерінің негізін тікелей ұрыстан маневр арқылы қашқақтап соғысу тәсілі құрады. Шаруашылық қажеттіліктер мен әскери мақсаттарға сай (аймақтық жерді адамдар мен малды жасыру үшін қолдану) әскерді кішкене топтарға бөліп, бытыратып орналастыру қажет болды. Ал бұл әр топқа, әр жауынгерге жеке қимылдар жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жауды айнала орап алып немесе қоршап алып, қамауға түсіріп, тосқауылдар құрған. Қазақтардың әскери өнерінің тағы бір құрамдас бөлігі – қысқа, шапшаң ұрыс салу. Қажет кезінде қазақтар өткелдер ұйымдастырған,  қамыстан көпірлер құрап, жасақты, халықты, малдарды үлкен өзендерден өткізген.                                                                                          

Ерте кезден XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалардың ұрысы мен соғыс жүргізу тәсілдері көшпелі мал шаруашылығының ерекшеліктерімен тікелей байланысты, өзінің даму кезеңдерінде қару-жарақтардың, әскердің құрамы мен ұйымдастырылуына байланысты болды.

II мыңжылдықтың   II жартысында от қаруының дамуы және көрші мемлекеттерде тұрақты әскердің құрылуы техникалық жағынан артта қалған далалық жауынгерлер жасағын қиын жағдайға ұшыратады. Далалықтардың айбарлы әскери күші құрдымға кете бастайды. XIX ғасырдың II жартысында қазақтар таза далалық әскери өнерді ұстанушылар ретінде қарастырыла алмады. XIX ғасырдың соңында ол әскери өнердің бір буыны ретінде мүлде жойылады [8;13] .

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. ӘСКЕРИ ӨНЕРДІҢ ШЫҢДАЛҒАН ШЫҢЫ – ЖЕКПЕ-ЖЕК

 

2.1   Әскери  өнердегі  жекпе-жектің  орны

 

      Майдан алдында атақты жауынгерлердің  жекпе-жек  айқасын өткізу – өткен ғасырларда, бұрынғы замандарда барлық халықтардың әскери сословиесіне ортақ дәстүр. Еуропа рыцарлары, жапон самурайлары, Үнді кшатрийлері соғыста жекпе-жек өткізуді жиі қолданғанын олардың эпикалық жырларынан, тарихи шежірелерінен көруге болады. Көшпелі халықтарда да айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Көшпелі түркі-монғол халықтарының батырлық эпостары да жекпе-жек айқастарды суреттейтін сюжеттерге толы.

     Батырлар жекпе-жегінің  мақсаттары – аз қантөгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгерлердің жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батырларының күшін сынасу. Бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда, қарсы жақ кейде соғысты жалғастырмай, кері шегініп кететін де болған.

      Жекпе-жекке қатысу – батырлардың жауынгерлік борышы. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен, оған қатысу абырой да саналған. Жеңімпаз батырлар әскердің, елдің ұранына айналып, жекпе-жек айқастарда қаза болғандардың есімдері өзі шейіт болған жерге қойылып, елі үшін жанын пида қылған ерлер есімі кейінге сақталып қалатын [24;208] .

      Айқас алдында батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда XIX ғасырға дейін сақталып келді. Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ пен қалмақ батырларының жеке айқастары тарихи жырларда көп айтылады. Кенесарының қырғыздармен соғысында да қазақ-қырғыз батырларының жекпе-жегі өткізіліп отырған. Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі кезінде Исатай мен Қарауыл қожа әскері кездескенде де батырлар жекпе-жегі өткен. Жекпе-жекте жеңіске жете берген Исатай батырларының сұсынан сескенген Қарауыл қожа әскерін шегіндіріп алып кетеді.

      Көшпелі батырлар мен көршілес отырықшы халықтардың әскерлерінің жекпе-жек айқастары ол халықтардың әдеби, тарихи жазбаларында айтылады. Иран мен Тұран батырларының жекпе-жегі “Шахнамеде”, ертедегі Русь богатырлары мен қыпшақ батырларының немесе орыс және Алтын Орда жауынгерлерінің жекпе-жегі орыс жылнамаларында суреттеледі. Бұл жекпе-жек айқастарды олардың бейнелеу өнерінің ескерткіштерінде, миниатюраларында көруге болады. Көшпелі халықтардың петроглифтерінде де батырлардың жеке айқастары бейнеленген (3-сурет).

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, батырлық жырларда, батырлар туралы ертегілерде жекпе-жек айқастар жиі суреттеледі. Ауыз әдебиеті мен бейнелеу өнері материалдары батырлар жекпе-жегін өткізудің қалыптасқан өзіндік жолы болғанын көрсетеді.

     Соғыс кезінде әскердің әр түрлі әрекеті дабыл арқылы белгі берілетін болғандықтан, батырлар жекпе-жегін де бастар алдында дабыл қағылып, белгі берілетін.

                            Майданда   дабыл   қақтырып,

                            Ерлердің   жолын   аштырып [43;1т.70] .

     Жеке айқастардың басталуын әскердің үлкен дабылымен білдірсе, әр айқасты батырлар ердің қасына байлаған өздерінің кішкентай жеке дабылдарын қағып, жау батырын ұрысқа шақырумен бастайтын болған.

                              Бурыл  атты  ойнатып,

                       Алдына  дабыл  қағады.                                                                                                                    

                     “Қызылбас шыққын  жеке, ”-деп,

                      Қасына   жетіп  барады [41;1т.144] .

Дабылдармен соғыс кезінде әр түрлі дыбыстық сигналдар берілген. Жекпе-жекке шақырғанда дабыл ұрудың батырлардың бәріне түсінікті арнаулы, шартты қағысы болған. Сол арқылы екі жақ бір-бірін сөзсіз түсінген [24;210] .

Жекпе-жекке шыққан батырлар ұрыс бастар алдында бір-бірінің есімін, елін сұрап, өздерін де таныстыратын, өйткені батыр үшін кімді жеңіп, кімнен жеңілгенін білуі өте маңызды. Кейін батырлардың атына мадақ айтылғанда, ол жеңген, өлтірген батырдың да аты аталып отырған. Батыры жеңілген жаққа да бұл кейін өзінің батыры үшін кімнен кек алу керектігін білу үшін қажет. Жекпе-жекке шығу аса батырлықты қажет ететіндіктен, оған қатысқан ерлердің атының аталуы, олардың даңқын өз еліне де, жауына да танытатын.

                           Сонда   Бегіс   сөйлейді:                           

                           “Тегім   еді   Ноғайлы, 

                            Арғы  атам  Қарадөң,

                            Бергі  атам  Жұбаныш,

                            Өзімнің  әкем  Сүйініш,

                            Тұқымы  едім  мен тегіс,

                             Менің   атым   Ер Бегіс” [40;5т.254] .

Елдің атын ер шығаратындықтан, ал айқас тағдыры жекпе-жектегі батырларының жеңісіне көп байланысты болғандықтан, екі жақ та, екі әскердің қолбасшылары да жекеге шығатын батырларды алдын ала таңдап, жақсылап ойластырып отырған. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан жекпе-жекке шығатын батырлар жөнінде шешімге келеді: “…Қанжығалы Бөгенбай – жасамыс батыр, бірақ Аллам жаратқан бөлек күш-қуаты бар! Ең айқынырағы сол —  Қанжығалы Бөгенбай исі қазаққа танымал, әбден құлақ сіңісті жан!” [46;5] .

Жекпе-жекке батырлар көбіне өзімен дәрежесі тең адаммен шығады. Хан мен хан, қолбасшыға қолбасшы, атақты батырға тәжірибелі батыр  т.с.с. Өзіне тең адам шықпаса, батыр айқастан бас тартуға хақысы болған. Бұл өз абыройын кетірмеудің, намысын түсірмеудің белгісі болғандықтан, ол қорқақтық саналмайды да, оның талабын екі жақ та мойындайды.

Қарсыласыңа психологиялық шабуыл жасау да – айқас әдісінің бірі. Сондықтан ұрыс бастарда, батырлар бір-бірін сөзбен түйреп, намысына тиіп, сес көрсетіп, мысын басу үшін сөзбен қақтығысқанын батырлық жырлардан көруімізге болады.

Қазақ эпостарында, жалпы түркі халықтарының батырлық жырларында жекпе-жек айқастар әр түрлі қарулармен күш сынасуы арқылы өткендігін көреміз. “Шынтасұлы Төрехан” жырында қалмақ пен қазақ батырының жекпе-жегі былай суреттеледі:

                  Қаһар  мен  Төре  –  қос пері

                  Найзаласа   бергені,  

                  Алдырмастай   айласы

                  Бір-бірі  күшін   бермеді…

                  Үйіріп  алып  шоқпарын,   

                  Бірін-бірі   ұрады,

                  Ұрғанға  шоқпар  шыдамай,

                  Сағағынан   сынады…

                  Сағақтан шоқпар сынған соң,

                  Айбалтаға  қол  салды…

                  Балта да, шіркін, шыдамай,

                  Сынып  түсті   сабынан.

                  Шегінісіп    тұрады,

                  Қорамсақта    жебеге

                  Екеуі  қолын   сұғады [41;2т.304] .

 

Басқа жырларда да жекпе-жек осылай – найзаласудан, қылыш сермесуден, шоқпар, айбалтамен соғысып, садақ атудан өтеді. Көбіне жекпе-жек айқасы қарудың екі-үш түрімен өтетін болған. Олар алдымен найзаласып, одан қылыштасып, сосын барып шоқпарласатын болған. Егер қарсыласының қаруы сынып, басқа қару алса, екіншісі де сол қаруды алған. Мысалы, найза қылыш пен шоқпардан басым болған, егер бірінің найзасы сынса не түсіп қалса, екіншісі  бас салмай, оған басқа қару алуына мүмкіндік берген және қарсыласы қандай қару таңдаса, екіншісі де сол қаруды алған, яғни батырға батырша тіл қату, ол батырлық этикаға, жауынгерлік дәстүрге жататын болған.

Енді халық ауыз әдебиетіндегі атақты батырлардың жекпе-жектеріне, ондағы қару қолдану кезектері мен тәсілдеріне тоқталып өтсек.   

“…Енді бір мезгілде Бөгенбай мен Аңырық өзара қайта найза салысты. Мұның алдында қарсыластың болат сүңгісін сондай болат сүңгімен қайтару әдісі белең алса, енді сол қолдарындағы дөңгелек темір қалқандар көбірек жораға жүрді. Қарсыластың найзасына темір қалқанды тосып, екінші қолымен найзаны оның көкірегіне туралай қадайды. Бірақ оның да неше түрлі өрнек әшекейлеген дөңгелек темір жабдығы дап-дайын.  …Бөгенбайдың найзасының сабы шарт сынбасы бар ма? Ол жанынан қошқардың басындай бар қайың шоқпарын жұлып алды. Қалмақ батыры Аңырқай Бөгенбайға көзінің астымен сүзіле бір қарады да, өз найзасын ерінің алдыңғы қасына көлденең қойып, қақ бөліп сындырды. Иә, батырға батырша тіл қатты.

Бөгенбай мен Аңырқай енді өзара шоқпар салысты. Шоқпар сілтескендер ең алдымен өз қарсыласының басын, иығын нысанаға алды” [46;5-6].

Бөгенбай батыр мен қалмақ батыры Аңырық арасындағы жекпе-жектен көріп отырғанымыздай, қарудың үш түрі – найза, қылыш, шоқпар қолданылады.

Кей жекпе-жектерде батырлар бір-бірін ала алмаған кездері де болғанын төмендегі үзіндіден көре аламыз:

“…Бөгенбай мен Шұно-Дабо аттары үзеңгілесе тақалып кеп қалғанда, қолдарындағы бұзаубас қара шоқпарларын біріне-бірі тағы сілтеді. Бұ жолы шоқпарлардың шойын бастары біріне-бірі дәл тиді, аямай ұрған қос батырдың алып күшіне шыдай алмай, қыл мойындарынан шорт сынып, екі жаққа ұшып түсті.

Аттарының басын қайта бұрып, екі батыр біріне-бірі қарсы ұмтылғанда, бұлардың қолдарында енді сала құлаш көк құрыш алдаспандары жарқ-жұрқ ойнады. Үзеңгілес келіп, екеуі алдаспандарын қатар сермеді… Батырлар аттарының басын бұрып алып қайта шапты. Бұл жолы олар ақ көбік атып, қара терге малынған жүйріктерін бір орнында шыр көбелек ойнатып, ұзақ уақыт қылыштасты… Екі батыр ең алғашқы кездескен беттерінде-ақ садақ тартысып, найза салысқан. Садақтарының жебелері шынжыр сауыттарын бұзып өте алмады. Ал найзаларының сүмбіл ұштары болат қалқандарына шақ-шұқ тиіп, тез-ақ майысып, істен шығып қалды… Тобықтан келетін жұмсақ құмды кешіп жүріп, бірін-бірі жамбасқа да алды, іштен де шалды, көтеріп ап жерге де ұрды. Бірақ бұдан да ештеңе шықпады” [45;246-247].

“… Екеуіміз аңдыса, арбаса, тегіс жерге шықтық. Ол ұрмақ, мен шаппақпын. Ол ұрса, менің басым торғайдың жұмыртқасындай жарылары анық, мен шапсам, оның үкілі дулығасын айыруым екіталай. Мұны келер сәтте-ақ аңдадым. Қылышым шың етіп тайқып, иыққа тиді. Соққы әлсіз болды ма, бадана сауыт айрықша берік пе, құм қайраққа қанжар жанып алғандай ғана көрінді… Мені тықсыра бастады. Бірақ әзір шоқпар сілтеген жоқ. Бірнеше рет ұра жаздап барып тоқтады. Қимылынан аңдып қалдым. Оңнан сілтеймін деп жүріп, солдан ұрмақ. Әзіргісі құр алдарқату. Ақыры оңтайымды тапқандай көрсе керек, Қара Бура Өкіре ұмтылды. Шоқпарды оң қолымен ойнатып көтере бере, сол қолына оқыс аударды да шыбықша, қиғаштай сілтеді. Менің манадан күткенім де сол еді, лып етіп, оң бүйірге ытып түстім де, ұмтыла шаныштым” 44;100-101].

Бөлек батыр мен қалмақ батыры Ботхишар айқасы да найзаласудан басталады. Айқас барысында бөлек батыр жауынан өз айласын асырады. Ол – жекпе-жектің басты шарты.

”… Ботхишар Бөлекті найза сілтесуге шақырды. Енді найзалардың болат сүңгілері көкке ойнап, шақ-шұқ етеді. Бір мезет Ботхишардың найзасы ұшып түсті. Ол дереу қылышын суырды. Бөлек те қылышқа қарсы қылышпен барды. Ботхишар қылыш ұстаудың асқан шебері еді, ол сәл басымдық ала бастағанда, ер үстіндегі Бөлек жым-жылас жоғалды. Әрі шабдар жорға да иесінің кезекті айласын дәл түсінгендей, Ботхишардың ту сыртынан ойқастап шыға келді. Сол мезет ат бауырынан көтеріле берген Бөлек Ботхишарды дәл тізеден ұрды” [46;6].

“…Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. “Бұ қалай?” деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойынын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқтамастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды”[45;140-141].

Бұл жекпе-жектің ерекшелігі – қарулары мен мініс түліктерінің әр түрлілігінде: бурамен шапқан Бұрындық қару орнына арқанды қолдана отырып, жеңіске оңай жетеді. Бұл да – шеберлікті қажет ететін тәсіл.

“… Бұл ойқастаған батыр Шарыш еді. Қазақтың ескі әдебиетінде түр-тұлғасы ең көп суреттелген де осы батыр.

                     Зор  дене,  түсі  суық  шойын қара,

                     Байқасаң  жүз  кісілік  бардай  шама.

                     Білектей  белге  ораған  айдары  бар,

                     Ұқсайды  дулығасы  мұнараға.

                     Күші  мен әдіс-айла  тең  келгендей,  

                     Мың  пұттық  қара тасты  өңгергендей.

                     Асып тұр  мың сан  қолдан кесер басы,

                     Тұтқасы  болса  жерді  иіргендей. 

     … Әбілқайыр бүктеулі қамшысымен Сабалақты нұсқап, “шық ортаға” деген белгі берді. Міне, сол кезде жас бозбаланың көмекейінен:             -Абылай–Абылай!  -Абылай! – деп үш мәрте қайталайды.

      Сабалақ пен Шарыштың жекпе-жегі алғашқыда найза салысынан басталған… Кенет Шарыштың найзасы майырылды. Ол онысын Сабалаққа көрсете сыртқа лақтырып, қынабынан сала құлаш қылышын суырды. Сөйтіп бұл да тез қаруын алмастырады. Найзасын тастап, оның орнына өзінің ежелгі жан жолдасы – алдаспанын суырды. Бұдан арғы оқиға көз ілеспес шапшаңдықпен дамыды.

                      Ұмтылды сары бестімен шоқтай болып,

                      Атылған сары мойнақ оқтай болып.

                      Желкеден өткір қылыш сарт еткенде,

                      Шарыштың басы кетті доптай болып”[46;6].

     Осы сияқты жекпе-жектердің тамаша мысалдарын батырлар жырларынан да көруімізге болады.

                           “… Тайшық хандай  ханына,

                           Алпамыс  берен  айқасты. 

                           Қарсыласып   қалысты,

                           Тайынбай  найза  салысты.

                           Біріне-бірі  ила  ғып

                             Екі   найза   қағысты.

                             Осыменен   екеуі

                             Біраз  жерге  барысты.

                             Найзаларын  тастасып,

                             Қылышпенен  салысты.

                             Ат   үстінен   жүгіртіп

                             Бірін-бірі   шабысты” [40;2т.148-149].

 

        Қобыланды мен Алғашыр жекпе-жегі керемет суреттеледі:

                             “… Өшігіп жүрген батырлар

                               Бір ауыз сөзге келмей-ақ,

                               Еңкейісіп шегініп

                               Еменнен найза салысты.

                                Қанжарменен қармасты,

                                Семсерменен серместі,

                                Шыбын жанды қинасты.

                               Қанжар қалды қайысып,

                               Семсер қалды майысып.

                               Есіктің алды кендір-ді,

                               Қобландыдай батырың

                               Найзасын ырғап ендірді.

                               Алғашырдай дұшпанын

                               Ат сауырына міндірді” [40;1т.135-136] (4-сурет).

 

       Міне, батырлар жекпе-жегінен көріп отырғанымыздай,ұрыста тек күшінің басымдылығымен ғана емес, ептілігі мен қимылының шапшаңдығы есебінен де айқас тағдырын шешіп отырған.

       Жекпе-жекте, соғыс атаулыда батырдың ең жақын серігі – ол аты. Әскери ат (ұрыс аты) басқа аттардан бөлек болды. Ол бейне бір батыр үшін әдейі жаралғандай, оның тағдырымен біте қайнасқандай бірге. Олар бір-бірімен өмір бойына өзара байланысты. Шайқас немесе жекпе-жекте аттар да адамдармен тең соғысатын болған.

      Ат – батырдың жекпе-жекте белсенді әдісқой көмекшісі, батыл әрі қаһарлы жауынгер ғана емес, сонымен қатар ол көптеген “әскери айлаларды” да меңгерген (5-сурет).

        Халықтық тәжірибеден ұрыс аттары күрделі әдіс-амалдарға үйретілгені және оларды меңгергені белгілі: салт атты ат үстінен құлағанда, ат оның жанына келіп тоқтап тұрады немесе ат үстіндегі кісі жараланған кейіп танытса, ат иесінің ниетін түсініп, оны өз үстінде сүйреген күйі алып жүре береді; жаралы иесінің ерге қайта отыруына оңай болуы үшін оның жанына барып жатады; епті қимыл- әдіспен өз иесін ұрыс ішінен алып шығады; жау қоршауында қалғанда жалған шегініс жасау, т.б. әр түрлі айла жасайды. Әскери ат күтпеген оқыс қимылдар жасауға да үйретілген  [13;209-215].

      Батырлар жекпе-жекке тек ашық жер мен қару-жарақтарының тең жағдайында ғана емес, сонымен қатар, отты қарумен де айқасқа түсіп отырған. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейік.

      “… Дала үңгірлерінің бірінде қалмақтар орналасқан, үңгір аузында сол кездегі атақты қару – қораммен қаруланған бір мерген отыр (қалмақ бұл қарумен Ертістің арғы бетіндегі сайғақтарды ататын); бірнеше батыл жауынгер оққа ұшқан соң, батырлардың ешқайсысы оған қарсы баруға бата алмайтын. Кенет  Сырғалы батыры Елшібек өз жауынгерлерінің арасынан желе жортып қалмаққа қарай бет алады. Барлығы да істің ақырын бағады. Осындай жаяу бүлкекпен Елшібек батыр қалмаққа таяп келеді де, кенет жауға қарсы ұмтылады. Қалмақ мылтығының білтесіне оттық тигізіп еді, онысынан түк шықпады, екінші рет от тигізіп, онысы от алып үлгергенше, Елшібек батыр оны қылышпен шауып түсірді.

      Кейін Елшібектен желе жортуының себебін сұрағанда, ол былай деп жауап береді: “Қалмаққа керегі менің атым еді, сондықтан ол менің өзіне жақын келуімді күтті, ал менің өз есебімше, ол мылтығына от қойып, менің жаяу бүлкегіммен оған таянғанымша, мылтықтың білтесі жанып кетеді де, екінші рет от тигізгенше, мен де оған жететін едім” [1;1т.219].

     Демек, жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып, әскери өнерде жекпе-жектің орнын ерекше атауға болатынына көзіміз жетті. Жекпе-жекте батырлар өздерінің шеберлігі мен күш-қуатын паш  еткен. Жекпе-жекке шығу абырой болғандықтан, оған батырлардың тәжірибесі мол, шыңдалғандарын шығаратын. Жекпе-жектегі батырлар жеңісі барлық ұрыс тағдырын да шеше алатындықтан, оған жете көңіл бөлінген. Демек, біз жекпе-жекті әскери өнердің құрамдас бөлігі деп қарап, соғыстағы өзінің орны мен маңызын ерекшелеген жүйе деп қарауымыз керек.  

 

2.2. Ер  қаруы – бес  қару

 

 Әскери іс ата кәсібі саналған, бар өмірі соғыста өтетін батырлардың кәсіптік әскери құралдары – олардың қару-жарағы. Әскери құралдарды белгілейтін “қару-жарақ” қос сөзіндегі “қару” сөзі қолға ұстап қолданылатын шабуыл құралдарының жалпы атауы. “Қар” қол деген мағынаны білдірсе, “қармау” ұстау деген сөз. Осылармен түбірлес “қару” сөзі қолға ұстайтын құрал деген мағынаға сәйкес. “Жарақ” сөзі де осы күні қару сөзінің синонимі ретінде қолданылып жүр [50;72]. Бірақ ертеден бұл сөздің мағынасы басқа болған. Махмуд Қашқари сөздігінде көне түркі тілінде “жарақ” сөзі шайқасқа киіп шығатын темір сауыт деген мағынада қолданылғанын көрсетеді, яғни денені қорғайтын құрал деген сөз [51;25]. Орыс жылнамаларында қыпшақтардың сауыт-дулығалары, яғни қорғаныс құралдары “ярыки, ярыци” деп аталған. Орыстың ескі тілінде де түркі тілінен ауысқан “ярык” сөзі  “темір сауыт” мағынасында қолданылады [52;440].

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде, батырлар жырында да “жарақ” сөзі қорғаныс құралының жалпы атауы ретінде қарудан бөлек қолданылатынын көреміз.

            Бес қаруы белінде,

            Асынған бойда жарақ бар [40; 5т.,26].

            Алып кел мұнда Шораның

            Қару менен жарағын [40; 5т.,373].

Қазақ тіліндегі қос сөздердің бір тобы қызметі екі бөлек, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты заттарды мағыналайды. Мысалы, “құрал-жабдық”, “ер-тұрман” деген сияқты. Бұл заңдылықты қару-жарақтың синонимі саналатын “сауыт-сайман” қос сөзінен де көруге болады. Мұндағы “сауыт” сөзі қорғаныс құралының атауы да, “сайман” сөзі қарудың синонимі болып тұр.

Басына қалқан төңкеріп,

Сауытын алды киініп,

Саймандарын сайланып,

Әбден алды түйініп [41; 1т.,189].

Жоғарыдағы мысалдардан “жарақ” сөзінің қарудан бөлек қолданылатынын, денеге киілетін қорғаныс құралының жалпы атауы екенін анық байқауға болады.

Сонымен, батырлардың соғыс құралдарын атқаратын қызметіне қарай екі топқа бөлеміз. Біріншісі – шабуыл құралдары, яғни “қару”, ал екіншісі – қорғаныс құралдары.

Батырлардың қарулануын білдіретін “Бес қаруы бойында” деген сөз тіркесі тілімізде жиі қолданылады. Сондай-ақ, қазақта “Ер қаруы – бес қару” деген мақал сөз де бар. Осы жерде қолданылған “бес қару” деген не? Ал “ер қаруы” деген не? Олардың саны неге бесеу? деген сұрақтар туындауы өте орынды.

Қазақ тілінде адамға қатысты қолданылатын “ер” сөзінің екі түрлі мағынасы бар: 1) жалпы еркек жынысты адам; 2) батыр, қаһарман, ержүрек адам [53; 3т.,386].

Ер Тарғын, Ер Қосай есімдерінде “ер” сөзі “батыр” дегенді білдіреді. Қару – соғыста қолданылатын шабуыл құралы. Соғысқа қатысты екі сөз тіркесіп, “ер қаруы” деген тіркесте, әскери термин ретінде, жай қару емес, батырдың қаруы, соғыс қаруы, яғни “жауынгерлік қару” деген ұғымды білдіріп тұр. Сондықтан “ер қаруы – бес қару” деген сөз тек батырларға байланысты айтылады [24; 44].

Әзірше біз ер қаруының басты екі ерекшелігін анықтадық. Біріншісі – жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал екендігі, ал екіншісі – күнделікті тұрмыста емес, тек соғыста қолданылатын құрал екендігі.

Қазіргі кезде көркем әдебиет, баспасөз беттерінде әр түрлі авторлар “бес қаруға” садақ, найза, мылтық, айбалта, қанжар, шоқпар, қамшы сияқты бірнеше түрлі құралдарды жатқызып жүр.

Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген кез келген адам (еркек, әйел, жас, кәрі) және мал баққан барлық малшы ұстаған. Барлық заманда, барлық елдерде құл айдаушылардың құралы да қамшы болған. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған адамға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда біреуге қамшы жұмсау – оны малға, құлға, қылмыскерге теңеумен бірдей, яғни ол адамның намысын қорлау деген сөз. Қамшыны құлдарға қолданғанның керемет мысалын көне грек тарихшысы Геродот та жазып кеткен [33; 235-236].

Қазақтарда қамшының әскери қаруға жатпайтыны туралы  Ш.Уәлихановтың еңбектерінде де жазылған [1; 1т., 463].

Қазақ эпостарында, жалпы түркі халықтарының батырлық жырларында жекпе-жек айқастар әр түрлі қарулармен күш сынасуы арқылы өтетінін көруге болады.

Қару түрінің жекпе-жек сайысын өткізуде қолданылу мүмкіншілігі – ер қаруының үшінші ерекшелігі.

Көшпелілердің соғыс өнерінде батырлардың жекпе-жегі ғана емес, бүкіл әскердің ашық майдандағы айқасы, оның тактикасы әскери қару түрлерін қолдануға құрылатын. Әскери тактикаға негіз болу – ер қаруының төртінші ерекшелігі.

Бұрынғы кездерде де қазіргідей, әскердің құрамын қару түрлеріне қарай бөлген. Әр қаруды жете меңгерген жауынгерлерден садақшылар, найзашылар, қылышшылар, айбалташылар, шоқпаршылардың әскери бөліктері жасақталған.

Әрбір әскери бөлік жауынгерлерінің өз атауы болған: садақ (мылтық) атушылар – мергендер, найза, қылыш, айбалта қолданатындар – найзагерлер, ал ауыр шоқпар иелері – балуандар деп аталған. Бірнеше қаруды меңгерген, бес аспап батырлардан ауыр қаруланған арнаулы бөліктер құрылған. Әскерді осылай қару түріне қарай бөлуді ауыз әдебиеті деректерінен де көруге болады. Кенесары әскерлерінің құрамында осындай әр қару түріне сәйкес бөлінген арнаулы топтар болған [6; 297].

Қару түрінің әскер құрамын анықтауы – ер қаруының бесінші ерекшелігі.

Соғыс қаруының тағы бір ерекшелігі – бұл алтыншы ерекшелік – ер қаруы ретінде олармен жоғары лауазымдарды белгілеп, әр түрлі символдық мағынада қолданылуы. Әдеби ескерткіштерге және алуан түрлі өнер жәдігерлеріне сүйенсек, бұл дәстүрдің барлық елдердің тарихында болғанын байқаймыз. Түрік сұлтандары таққа отырғанда, қазақ хандарын ақ киізге көтергенде, олардың беліне қылыш байланатын. Еуропада рыцарь дәрежесін алғандарға король семсер тағатын болған. Шыңғысханның кешіктендері (жеке ұланы) қылшан ұстаушылар деп аталған. Көне оғыздарда жақ хандықтың белгісі болды [36; 23]. Шоқпар казак атамандарының, поляк гетмандарының лауазым белгісі болған. Байрақ, шашақ тағылған найза – көп хандықтарда әскербасылық белгі.

Сонымен, “ер қаруына”: 1) садақ (кейін оның орнын мылтық басады); 2) қылыш (ертеде семсер, сапы); 3) найза (“сүңгі” деп аталатын ұзын түрі де бар); 4) айбалта; 5) шоқпар (соғыста қолданылатын түрі “гүрзі”)  жатады.

“Ер қару – бес қару” деген тұрақты сөз тіркесінде сыр бүгіп жатқан бес қаруымыз – осылар. Бұлар жоғарыда аталған ерекшеліктердің барлығына сәйкес келеді.

“Ер қаруы” санының бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік, бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің болуына байланысты болса керек. Соғыс құралдарының жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар – ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Шайқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды. Соғыс қаруының өзіндік жұмсау тәсілімен айрықшалануы – ер қаруының жетінші ерекшелігі [24; 46].

Жекпе-жек пен ашық майданда ғана емес, қалаға, қорғанға шабуыл жасағанда да әр қарудың өзіндік қолданысы болды. Жақпен отты жебелер атып, үйлерге өрт салатын, найза, қылыш көше айқастарында қолданылса, айбалта, шоқпармен қорғанның, сарайдың, үйлердің қақпаларын бұзған. Бес қаруды қолдану қазақта ежелгі дәуірден ХХ ғасырға дейін жалғасып келді.

Әр қарудың жорыққа шыққанда сарбаз мойнына ілінетін қалыптасқан орны бар.Садақ пен қылыш белге, найза қолдың қарына ілінеді, айбалта ердің қасына байланып, шоқпар тақымға қыстырылады. Батырлар “ер қаруын” қастерлеп, қасиетті санап, оған сыйынған, әр қаруға жекелеп ат қойған.

Сондықтан “ер қаруын” ешқашан қадірсіз іске жұмсамаған.

“Бұл – батырлар этикасының бір бөлігі. Мысалы, түрікмендердегі дәстүрлі этикет бойынша, жақсы қылышты қыннан суырып, оны қолданбай, орнына салу жауынгер еркектің дәрежесіне сай                              келмейтін” [26;104.]

Сонымен, “Ер қаруы – бес қару” деп 1) өзіндік жұмсалу тәсілі бар; 2) батырлар ғана ұстайтын; 3)соғысқа ғана қолданылатын; 4) жекпе-жек сайысын өткізуге болатын; 5)әскери бөліктерді құруға негіз болатын; 6)әскери тактиканы анықтайтын; 7)әр түрлі жоғары дәрежелі әскери лауазымды белгілейтін қарудың бес түрін, олар – садақ, найза, қылыш, шоқпар, айбалтаны айтамыз [24; 49].

Осы ерекшеліктердің барлығын халқымыз бір ауыз сөзге сыйдырған екен.

Енді әр қару түріне жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік.

 

  1. Ату қаруы – жақ (жай, садақ)

Отты қару пайда болғанша, көшпелілер батырлары қолданған ататын қару түрінің қазақ тілінде бірнеше атауы бар. Олар –“жақ, “жай” (жа),“садақ”, “адырна” сөздері. “Жақ” “жа” атаулары барлық туыстас түркі тілдес халықтарға ортақ атау болды, бұл сөздердің қару атауының көне нұсқасы екенін көрсетеді. “Жақ” сөзінің “жа” түрінде қолданылатын көне нұсқасы қазақ тілінде де “саржа”, “бұхаржа” сөздерінде сақталған.

Жақ негізгі екі бөліктен тұрады. Серпінді етіп ағаштан, сүйектен жасалған, негізгі ату функциясын атқаратын бөлігі – “адырна” деп аталады да, оған керілген, оқты тіреп қоятын жібін “ кіріс” деп атайды (6-сурет).

Алты атқа алған адырна,

Ата алмасам, маған серт!

Шым жібектен ескен кірісі,

Үзіліп кетсең, саған серт! [41; 2т. 14].

Жақтың адырнасының өзі үш бөліктен тұрады: қолға ұстайтын жері, ортасы – “белі”, иілген бөліктері “иіні”, “кірісі” байланатын екі ұшы – “басы”. Жақтың белі мен басы – қозғалмайтын, қатты бөлігі де, иіні – қозғалатын, серпінді бөлігі. Серпіні қатты болу үшін адырнаны кері жаққа иеді. Кіріс адырнаның бір басына мықтап байланып, екінші басына тұзақ сияқты жасалып ілінеді. Жақтың кірісі мықты болу үшін, тарамыстан, жібек жіптен өріп жасаған (7-сурет).

Жақтың атылатын оғы – “жебе”. Оқтың қадалатын бөлігі – “басы”, темір бөлігі – “жебесі”, ағаштан, қамыстан жасалып, жебе бекітілетін бөлігі – “сабы”, оның ортасы – “белі”, төменгі жағы – “масағы”.

Жебелер қамыстан немесе қайыңнан жасалған. Оның масағы төрт қырлы және ұшы темірден немесе қоладан соғылған. Жебенің ұштарының формасы қолданылуына қарай: екі қырлы – аң аулауда, төрт қырлысы – соғыс жағдайында пайдаланылған [10;265]. Жебелерді салып қоятын қапты “қорамсақ” деп атаған (8-сурет).

Қазақ садағы – жалпы көшпелілер садағының бір нұсқасы. Оның қалай пайда болғанын түсіну үшін көшпелілер садағының даму тарихына көз жүгірту қажет.

Даму барысында жетілдіріліп отырған көшпелілер садағының әр уақытта пайда болған негізгі үш түрін ғалымдар шартты түрде сол кезеңдерде аты көбірек мәлім болған үш көшпелі халықтың атымен атайды. Олар – “скиф садағы”, “ғұн” немесе“түркі садағы” және “монғол садағы” [14; 26-29].

 

  1. Түйрейтін қарулар – найза, сүңгі, жыда

Жақын қашықтықта, бетпе-бет айқаста түйреу арқылы қолданылатын қару түрі – “найза”. Оның жарақат салатын негізгі бөлігі – “басы”, қолға ұстайтын жері – “сабы”. Найзаның ұзын келген, екі басы да үшкір, сауытты тесуге арналған түрі “сүңгі” деп аталады. Айқаста сүңгінің екі жақ басы бірдей қолданылады. Найзаның басындағы темірден жасалған түйрейтін бөлігі – “жебесі”. Жебенің “ұшы” мен “қыры” бар. Сапқа орнатылатын бөлігі –“ұңғысы”. Жебе ұңғысының сабымен түйіскен жері – “сағағы”. Найза сабының қолға ұстайтын тұсына және төменгі жағына қайыстан байлап “ілгек” жасайды. Жорықта сол ілгектерінен қолдың қарына және етік пен үзеңгінің басына іліп алады. Саптың қолға ұстайтын жеріне жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалмен орайтын.

Найзаның ұзындығы 1,5-2 м, ал сүңгілер 3-3,5м дейін жетеді. Ерте замандарда көшпелі түркі халықтарында лақтыруға арналған қысқа найзалар да болған (9-сурет). Ғұндарда мұндай найзалар болғаны туралы қытай жазбаларында айтылады. Скиф бейнелеу өнерінде де осындай қысқа найза ұстаған жауынгерлерді көруге болады. Оғыз-намеде “жыда” деген найза атауы бар. Орыс тілінде лақтыруға арналған қысқа найзалардың түркі тілінен ауысқан атауы “джид”. Жыданы көбінесе жаяу әскерлер қолданған. Атты әскермен соғысу дамығаннан кейін көшпелілерде қысқа найза – жыда қолданыстан шығып кетті.

Найзалардың жебелері болаттан, алмас темірден жасалып, көбіне екі қырлы болып, жалпақтау, жапырақ тәріздес болады. Сауыт бұзуға арналған найза, сүңгілердің жебесі үшкір, жіңішке етіп жасалып, бірнеше қырлы болады [1;466]. Жебесінің қырлануына қарай аталған “сегіз қырлы найза”, “алты қырлы ақ сүңгі”, “төрт қырлы сүңгі” ауыз әдебиетінде жиі айтылады. Найза түрлері – толғамалы ақ сүңгі, алты құлаш ақ найза, ырғай сапты сүңгі, ақ сапты болат найза т.б. атауларды көп кездестіреміз [11;26].

Найзаға батырлар әр түрлі дәреже белгілері ретінде ту, байрақ, қыл (жібек) шашақтар, жалаулар тағатын. Ту – қолбасшылық, байрақ — әскербасылық, батырлық дәрежесінің, жалау — әскер бөлімдерінің айырма белгісі, шашақ – батырлар белгісі саналды [24; 186-190].

Ол туралы жырларда да айтылады:

 

                   Жалаулы найза жанға алып,

                   Жау қашырар ма екеміз… [43; 1т.,73].

                   Шашақты найза қанға сүңгіп, тұншықпай

Қан шашпай алмас қылыш жарқылдап… [42; 119].

 

  1. Кесу қаруы – қылыш, семсер, сапы

Қоян-қолтық айқаста кесу арқылы қолданылатын қару – “қылыш”. Сондықтан қазақта “Қылыш міндеті – кесу” деген мақал бар. Бұл қарудың ертеде қолданған, екі жүзді, түзу түрі – “семсер” деп аталады. Семсер сияқты түзу, бірақ қылыш сияқты бір ғана жүзі бар түрі – “сапы” [1; 464].

Қылыш (семсер, сапы) бөліктерінің атаулары мынадай: кесетін темірі – “болаты”, қолға ұстайтын бөлігі – “сабы”. Сабына қолға іліп алу үшін тағатын жібі – “бүлдіргі”. Бүлдіргінің ұшы кішкентай шашақпен бітеді. Қылыштың сапқа кіргізілетін бөлігі – “жетесі”. Сабы мен қылыштың болаты түйіскен жерде қолды тіреп тұратын темірі – “балдағы”. Қылыштың болатының түзу бөлігі – “басы”, кесетін жері – “жүзі”, қарсы жағы – “сырты”, түйрейтін жері – “ұшы” (10-сурет).

Кейбір қылыштардың басы ауыр болуы үшін жалпайыңқырап келіп, сырт жағы шығыңқы болады. Оны “жалманы” дейді.

Алғашқы қылыштар VІІ-VІІІ ғасырларда пайда болып, басының қайқылығы көбейе берді. Кейбір сапы, қылыштардың басында жалманы пайда болады. Кейін Х-ХІІ ғасырларда көшпелілердің негізгі кесу қаруы – қылыштың қазіргі тұрақты формасы қалыптасты. Кейбір қылыштарды шапқанда ауыр болуы үшін жалмандарын үлкейтіп, жалпақ қылып жасайды. Ондай үлкен, ауыр қылыштарды қынсыз, жалаң ұстаған. Қылыштың бұл түрін қазақтар “алдаспан” деп атап, өте жоғары бағалаған. Алдаспанды тек мықты батырлар ғана ұстап, оны иыққа қойып не белге байлап, алып жүретін.

 

  1. Шабу қаруы – айбалта

Айбалта – көнеден келе жатқан көшпелілер қаруының бірі. Қазақ батырлары айбалтаны жиі қолданған. Айбалтаның бөліктерінің атауларына келетін болсақ, металдан жасалып, шабуға арналған негізгі бөлігі – “басы”, қолға ұстайтын бөлігі – “сабы”. Басының сабымен түйіскен жері – “сағағы”, сабының қолға тұтатын жеріне, қолға іліп алу үшін бүлдіргі тағылады. Балтаның басының жалпақ келіп, шабуға арналған жағы “жалманы”, шабатын жері – “жүзі” (11-сурет).

Басының формасына қарай айбалталардың негізгі төрт түрі бар: біріншісі – балтаны айбалта атауға негіз болған, жалпақ, жарты ай сияқты дөңгелене келген түрі [10;266]. Балтаның бұл түрі шабумен бірге кеседі. Екіншісі – жалманы жалпақ, бірақ онша дөңгеленбеген, тік формалы айбалталар. Бұл түрі негізінен шабу арқылы ғана жарақат салады. Айбалтаның үшінші түрі – жалманы жіңішке сына тәрізді жасалған айбалталар. Төртіншісі – жалманы сәл жалпақтау, тіктеу келген, бір жақ ұшы сағағына қарай, айдың ұшы сияқты өзара дөңгеленген айбалта түрі. Айбалтаның бұл түрімен денеге шабу, жару арқылы жарақат салады.

 

  1. Соғу қаруы – шоқпар, гүрзі

Бес қарудың соңғы түрі – шоқпар. Бұл соғу, ұру арқылы қолданылатын қару. Қарудың негізгі ұруға арналған бөлігі – “басы”, қолға ұстайтын бөлігі – “сабы”. Басының сабымен түйіскен жері – “сағағы”. Сабына қолға іліп алу үшін қайыстан “бүлдіргі” тағылады           (12-сурет).

Басының формасына, жасалу материалына байланысты шоқпарлар бірнеше түрге бөлінеді. “Шоқпар” деп негізінде басы мен сабын тұтас қылып, түбірлі ағаштан жасалғанын айтамыз. Жасалуы оңай болғандықтан, ағаш шоқпарларды қазақтар соғыста да, барымтада да, жылқы баққанда да жиі қолданған. Ерте кездерде басы тастан жасалған “тас шоқпарлар” да болды. Ондай тас шоқпарлар орта ғасырларда да қолданылған. Бастары металдан құйылған, ауыр шоқпар түрі – “гүрзі” (“күрзі”, “күрсі”, “гүрсі”) деп аталады. Гүрзілер темірден, шойыннан, қорғасыннан құйылып, салмақтары бірнеше батпан болады. Шоқпардың үшінші түрі – әскербасының лауазым белгісіне айналған, басы алты, сегіз тілімді болып, темірден жасалған шоқпардың жеңіл түрі. Шығыста мұндай шоқпар түрін сұлтандар қолданатын және оны “бұздыған” деп атаған. Бұл қарудың атауы түркі тілінен орыс тіліне ауысып, бұрын орыстар да мұндай түрін “буздыган” деп атаған [52; 91]. Мұндай шоқпар түрі Орта Азияда әскербасылық белгі болып, жоғарғы әскери дәреже алғанда ту, байрақтармен бірге берілетін. Шоқпардың төртінші түрі – басы сабына қайыспен немесе шынжырмен байланған дойыр шоқпарлар. Қазақтар бұл қаруды “босмойын” деп атаған.

Қазақ ауыз әдебиетінде шоқпарлардың жасалу материалдарына байланысты “шойын шоқпар”, “жез шоқпар”, “ағаш шоқпар”, “тас шоқпар” деген атаулары кездеседі. Ал салмағына қарай “бес батпан шоқпар”, “он екі батпан гүрзі” деген атаулары бар. Ұзақ жолда, жорықта жүргенде оларды тебінгінің астына салып, тақымға қысып немесе алдыңғы қанжығаға байлап алып жүрген.

                   Тарлан атқа кідіріп,

                   Ер салғанша асықты.

                   Ат басындай тас шоқпар,

                   Тақымына басыпты [41; 1т.,76].

Бес қаруды соғысқа аттанғанда, жорықта жүргенде алып жүру әдістері, батырдың бойында тағылатын, ілінетін орны туралы жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Ал жорыққа шықпағанда, үйде болғанда, батырдың бес қаруының қойылатын белгілі өз орны болған. Жақ (мылтық), қылыш, айбалталар, шоқпарлар киіз үйдің ерлер жағына, оң жақтағы керегеге ілінеді. Ер қаруы болғандықтан, олар жоғарыда тұруы тиіс. Ал найза, сүңгілер сыртта, үйдің белдеуіне қыстырылып қойылатын болған. Бұл батырдың үйде екенін білдіретін болған. Найзаларға әр түрлі дәреже белгілері (ту, байрақ, шашақ) тағылатындықтан, бұл үй кімдікі, қай батырдың үйі екенін, оның дәрежесін, елде ме, әлде жорықта ма екенін сырттан келген адам біліп отыратын. Батырлар жырында найза, сүңгілердің үй сыртында тұратыны анық айтылады.

                   Үйде тұрған сұр жебе,

                   Керегеде ақ берен,

                   Мұны да белге салады.

                   Үй сыртында ақ сүңгі,

                   Суырып қолға алады [41; 2т.229].

Батыр өлгенде, найзасына қаралы ту байланып, үйдің шаңырағынан шығарып қойылатын болған. Батырдың мұрагері жас болса, ол өскенше, ер қаруын сандыққа салып сақтаған. Ержетіп, алғаш рет жауға аттанарда жас батыр атасының қаруын сандықтан алып, белгі тағады. Мұрагері жоқ болса, батырдың бес қаруы өзімен  бірге жерленген немесе сындырылып, жойылатын болған. Батырлар жорықта жүргенде, демалуға тоқтағанда, ер қаруын жерге тастамай, найзаны жерге қадап, басқа қаруларды соған іледі.

Ер қаруы – бес қару аса қадірлі, бағалы зат болғандықтан, оны әр түрлі мемлекетаралық қатынастарда, елшіліктерде қадірлі сыйлық ретінде қолданған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының әскери өнері оның әскери-тарихи болмысын айқындап берді. Көшпелілердің әскери жүйесінің мұрагері қазақтар өз заманына сай аталған өнерді одан әрі дамыта білген. Әскердің құрылымы, соғыс жүргізу тактикалары мен маневрлік әдіс-айлалары, ұрыстың барысына ықпал еткен батырлар жекпе-жектері, жауынгерлердің рухани және тұлғалық болмысы, қазақ әскери өнерінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді.

Жекпе-жекке шығатын кәсіби жауынгерлер соғыс тағдырына тікелей ықпал ететін күш болды. Алайда жекпе-жек әскери жүйеде әлі де өзінің тиісті бағасын ала алмай келеді.

Қазақ әскери өнеріндегі жекпе-жек, негізінен, ауқымы кең, тың тақырып. Демек, өзінің кезегін күтіп тұрған, әлі зерттеуді қажет ететін күн тәртібіндегі мәселе.

Жекпе-жек – ұрыс не майдан алдындағы батырлардың жеке айқастары, оған қатысу батырлардың жауынгерлік борышы саналған. Өз ісіне машықты кәсіби жауынгерлер аз қантөгіспен, жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешіп отырған. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсірген.

 

Қазақ әскери өнеріндегі жекпе-жектің орнын мынадай белгілермен көрсетуге болады:

  1. Жекпе-жектің әр ұрыстың алдында өткізілуі, яғни соғыс бастамасына тікелей әсері;
  2. Тәжірибелі кәсіби батырлардың жеке айқастарының ұрыс тағдырына ықпал етуі;
  3. Жекпе-жек айқаста жаудың басты батырларын құрту;
  4. Ұрыс алдында жауға күш көрсету, мысын басу;
  5. Екі жақ батырларының күш сынасуы.

 

Көп ғасырлық тарихы бар қазақ елінің басынан небір қиын кезеңдер өтті. Осындай сәтте елінің тыныштығы мен тағдырын ойлаған батырлар атқа қонып, өздерінің өшпес ерліктерін жасады.

Қалмақтармен шайқастарда қазақ батырларының аты шығып, ел арасына атағы жайылды. Сондай батырлардың көбі өз ерліктерін тікелей жекпе-жек айқастарда жасаған.

Қорытындылай келе, әскери жүйенің құрамдас бөлігі ретінде жекпе-жектің алатын орны ерекше екенін көрдік. Жекпе-жек – әскери өнердегі жауынгерлердің жетістіктерін айқындайтын батырлар айқасының төресі.

Қазіргі таңда жекпе-жектің майталман батырлары жастарымыз үшін зор үлгі бола алады. Ұрпақ бойында ержүректік пен батылдықты қалыптастыруда жекпе-жек батырларының тұлғасы мен ерліктерін насихаттау, олардың моральдық этикасын бүгінгі күнмен байланыстыру – қазіргі жас тарихшылардың еншісі.