АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Сақ тайпаларының көрші мемлекеттермен саяси-мәдени байланыстары

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

1  САҚ  ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ОРНАЛАСУЫ ЖӘНЕ ОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАР

1.1 «Сақ» атауының шығуына байланысты пікірталастар.

1.2. Сақ тайпаларының орналасуы.

 

2 САҚТАРДЫҢ КӨРШІ МЕМЛЕКЕТТЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

2.1. Сақ-парсы қатынастары: себебі, барысы, салдары

2.2. Грек-парсы соғыстарына сақтардың қатысуы

2.3. Сақтардың көрші мемлекеттермен мәдени байланысы

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

 

 

Кіріспе

 

Кез келген бір елдің ежелгі дәуіріне көз жүгіртер болсақ, олардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас құндылықтары бар екендігі белгілі. Мәселен, Мысыр елі өзінің әйгілі пирамидаларымен мақтанса, Италия мен Греция көне өркениеттерін үлгі тұтады, Ирак пен Сирия тәрізді елдер өздерінің Қосөзендік мәдениетімен масаттанады. Көршілес Қытай сан мыңжылдық салт-дәстүрімен ерекшеленсе, біз, қазақ  халқы, кезінде бүкіл әлемді ат дүбірімен үркітіп, Еуразиялық кеңістікте ат тұяғы жеткен жерді өз иелігі деп санайтын, «ұлы көшпелілік өркениетті» қалыптастырған өзіміздің ата-бабаларымызбен мақтанамыз. Олар өздерінің жауынгерлік қасиеттерінің арқасында ежелгі деректердің бәрінен де орын алды десе де болады. Қазақ даласының ежелгі көшпенділері әлемдік өркениет тұрғысында өздерінің өшпес іздерін қалдырды деп айтуға тұратындай. Айталық, көшпелілер жылқыны қолға үйретті, зергерлік тұрғысынан келгенде теңдесі жоқ «аң бейнелі стилді» қалыптастырды, батыс пен шығысты байланыстыратын «Ұлы жібек жолын» сыйлады, қайталанбас қорғандар архитектурасын қалдырды.

Қазақстан жерін мекендеген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, т.б. тайпалық бірлестіктер өз заманына сай тарихи оқиғаларға белсене араласты. Олардың кейбірі көршілес елдердің саяси жағдайын өзгертуге септіктерін тигізіп отырды. Жоғарыда аталған тайпалардың ішінде сақ тайпалық одағы біздің тарихымызда сан қыр жағынан танылды. Олардың мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрпы, қоғамдық құрылыстары сол кездің өзінде-ақ көптеген авторлардың еңбектеріне арқау болды. Міне, сол замандағы зерттеушілердің мәліметтері негізінде сақтардың халықаралық қатынастардағы рөліне назар аударып көрейік.

Тақырыптың өзектілігі.Қазақстан тарихындағы сақ заманы әлемдік тарихқа қосылған мол мұра екендігін жоғарыда атап өттік. Осы дәуірдің тарихын зерттей отырып, біршама кейінгі кезеңдердегі тарихи мәселелерді талдауға, әрі оларға қатысты обьективті тарихи көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Сақ  тайпалары сол заманда-ақ көршілес елдермен саяси және мәдени байланыстарға түсіп, өз дәуірлерінің деректерінде есімдерін қалдырып кетті. Кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде сақтардың көршілес елдермен байланыстары аталғанда, олардың тек соғыстарына мән беріліп, саяси қатынастардың барысы мен мәні, қорытындысы жөнінде нақты дәлелдер айтыла қойған жоқ.

Дүниежүзілік тарихқа көз салсақ ежелгі дәуірдегі халықтар мен елдердің даму деңгейі біркелкі болмағанын көреміз. Мәселен, бұл кезең Еуропа тарихы үшін парсы-грек қатынастарының сипатымен ерекшеленді. Ал, отандық тарихымызда бұл кезеңдегі даму басқаша сипат алды. Ұлан-байтақ аумақты алып жатқан сақ тайпалық бірлестігі отырықшы көрші елдермен тығыз саяси-экономикалық, сондай-ақ, мәдени байланыстар орната бастады. Сақтардың тарихында тек саяси-экономикалық қана емес, мәдени дамудың жаңа кезеңі басталды. Жалпы сол кезеңдегі көшпенділер құрған мемлекеттердің немесе тайпалардың аты өзгеріп отырғанымен негізгі мазмұны, яғни, саяси, экономикалық, әскери құрылымы, әсіресе, этникалық құрамы мен мәдени дәстүрлік құндылықтары онша өзгеріске түсе қойған жоқ. Бұлай дегеніміз көшпелілердің мәдениеті мен рухани дүниесінде айтарлықтай өзгеру, даму болған жоқ дегендік емес. Тарихшы және археолог ғалымдарымыздың «Дала өркениеті» деп атаған көшпелілер мәдениеті өзінің мәдени дәстүрлерінің тарихи тамырларын сақтай отырып, көрші халықтардың мәдени жетістіктерін шығармашылықпен игерді.

Отандық тарихымызда өзіндік сипат алған сақ кезеңін көршілес елдердің көне тарихымен байланыстыра қарау, көп мәселенің бет-пердесін анықтауда үлес қосары анық. Мемлекет болып қалыптасқан кез келген халықтың көршілерімен түптің түбінде саяси, мәдени немесе экономикалық қатынастарға түсетіндігі табиғи заңдылық. Осы тұрғыдан келгенде сақтардың көрші халықтармен саяси-экономикалық байланыстарының тарихын ғана баяндаумен шектелмей, керісінше сол қарым-қатынастардың себеп-салдары мен барысын, кемшіліктері мен жетістіктерін зерделеу ең басты өзектілік болып табылады.

Бітіру жұмысының хронологиялық шеңбері. Жұмыс б.з.д. ҮІІ- IV  ғасырлар аралығында тарих төсіне шығып, Еуразия кеңістігінде көшпелі мәдениет қалыптастыруда үлестерін қосқан сақтардың көрші мемлекеттермен қарым-қатынасына арналған. Бітіру жұмысында әр түрлі авторлардың деректері мен кейінгі зерттеулердің негізінде, сақ тайпаларының сол кездегі алып державалар санатындағы Ахемендіктер және ежелгі гректермен саяси-мәдени байланыстары қарастырылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сақтардың халық аралық қатынастардағы рөлін анықтауда біз сол заманғы деректерден бөлек, қарастырылып отырған тақырыпқа тікелей қатысты зерттеулерге жүгінеміз. Ал ол зерттеулерді біз хронологиялық шеңбер бойынша Қазан төңкерісіне дейінгі, Кеңес дәуіріндегі және тәуелсіз Қазақстан уақытындағы деп үш кезеңге бөлеміз.

Қарастырылып отырған тақырыпқа қатысты Қазан төңкерісіне дейін қалам  тартқан зерттеушілер еңбектері ішіндегі ең құндысы В.В. Григорьевтің «О скифском народе саках» атты монографиясы (1). Зерттеушінің сақ тайпаларына қатысты жасаған кейбір қорытындыларының кемшіліктеріне қарамастан, еңбек өзінің құндылығын жоймайды. В.В. Григорьев алғашқылардың бірі болып «сақ» этнониміне талдау жасап, грек-парсы деректеріне сүйеніп, сақ тайпаларының қоныстану ареалын айқындауға тырысады. Оның бұл еңбегі кейінгі сақтанушы ғалымдардың зерттеулеріне таптырмас олжаға айналды.

Қазан төңкерісінен кейін сақ дәуірін зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Еуразиялық кеңістікте көптеген археологиялық қазбалар жүргізіліп, олар жазба деректермен салыстырылып ғылыми айналымға көптеген жаңа көзқарастар келді. Кеңестік дәуірде сақ тайпаларына қатысты зерттеулердің жарық көргені соншалық, оларды санамалаудың өзі бір бітіру жұмысының көлемінен асып кетері анық. Сондықтан да біз зерттеуіміздің негізі болып отырған тақырыпқа тікелей қатысты еңбектерге шолу жасаймыз. Кеңес заманында сақтардың көрші мемлекеттермен байланыстары жайында біршама зерттеулер жарық көрді.

Солардың ішінде біздің тақырыпқа қатысты зерттеудің қатарына академик В.В. Струвенің көлемді еңбегін алуға болады (2). Ғалым өзінің зерттеуін толығымен сақтардың парсы билеушісі Дарий І қарым-қатынасына арнаған. Автор Бехистун жазбасына сүйеніп сақ-парсы соғыстарының барысын және олардың сипатын анықтауға тырысады. Алайда В.В. Струве Дарийдің сақтарға жасаған жорығының уақытын, Бехистун жазбасын дұрыс оқымағанның салдарынан, қателесіп береді.

Келесі бір зерттеуші С.П. Толстов өз еңбегінде сақтардың парсы мемлекетімен байланысқа баруларының себептерін анықтауға тырысқан (3,4). Біз қарастырып отырған мәселенің кейбір қырларын ашуда М.А. Дандамаевтің ғылыми мойындалған мақаласы үлкен септігін тигізді (5). Ирантанушы ғалым өзінің бұл мақаласында Бехистун жазбасындағы сақтарға байланысты мәтіндерге талдау жасап, өзінің жоғары деңгейдегі тіл маманы екендігін көрсете білген.

И.В. Пьянковтың мақаласында Кир ІІ сақ тайпасы массагеттерге жасаған жорығының бағыты жөнінде өте пәрменді ойлар айтылған. Зерттеуші әртүрлі деректерді талдай отырып, парсы әскері мен сақтардың қақтығыстары өткен жерлерді анықтауға қатысты жасаған тұжырымдары массагет тайпасының орналасуын анықтау үшін де маңызға ие болды (6).

Ежелгі көшпелілер тарихымен белсенді түрде айналысқан                     Б.А. Литвинскийдің (7) іргелі еңбегі біздің қарастырып отырған мәселелер бойынша көптеген тұңғиықтарды айқындауға көмегін тигізеді. Зерттеушінің бұл еңбекті әр түрлі деректерді шұқшия талдап, терең ғылыми талдаудан өткізіп барып жариялағандығы көрініп тұр. Ғалымның «сақ» атауының пайда болуы мен этнониміне қарасты жасаған тың ойлары және сақ тайпаларының қоныстануы бойынша дайындаған кестесі бүгінгі күнге дейін ғылыми құндылығын жойған жоқ.

Бітіру жұмысындағы кейбір мәселелер қазақсатандық кейбір ғалымдардың ғылыми шығармаларында көрініс табады. Мәселен, К. Акишев пен Г. Кушаевтің бірігіп жазған салиқалы еңбектерінде қазақ жеріндегі ежелгі көшпелілердің болмысы барынша үлгілі сипатталған (8). Олардың бұл еңбектері отандық тарихтағы бірегей жетістіктердің бірі болып табылады. Міне осыдан кейін қазақ ғалымы К. Ақышевтің сақ тайпаларына байланысты кеңес одағының азулы зерттеушілері мойындаған еңбектері жарық көрді (9).

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанан кейін, тарих ғылымына деген жаңаша бетбұрыс жасалды. Мәселен, арнайы «тарих жылы» жарияланды. Ендігі жердегі зерттеулер кеңестік бұғаудың ықпалымен емес, ұлттық-патриоттық тұрғыда жазыла бастады. Бұрын белгісіз болған ақтаңдақтарымыз тарих сахнасына көтеріліп, жоғымыз түгенделу үстінде. Тәуелсіздік алысымен қазақстандық ғалымдар қазақ тарихын ұлттық идеяға сай  жүйелеуге кірісті. Содан бері жарық көрген еңбектерде біз қарастырып отырған мәселелер арнайы зерттелмесе де, бірен-саран пікірлер айтылды.

Егеменді Қазақстанның тарих ғылымында жазылған алғашқы еңбектердің бірі «Қазақстан тарихы очеркетері»  болып табылады (10). Мұнда бүкіл қазақ тарихының келелі мәселелері әрине қарастырыла қоймады, бірақ біздің талдап отырған мәселелеріміз қысқаша баяндалған.

Бітіру жұмысының бірінші тарауына қатысты мәселелер белгілі ғалымдар С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтановтың біріккен құнды еңбектерінде (11) және қазақ тарихшыларының тыңғылықты зерттеулері барысында жарық көрген «Қазақстан тарихы» Академиялық баспасында (12) өте жақсы ашылған.

Зерттеуіміздің негізі болып табылатын сақтардың көрші елдермен саяси қарым-қатынастары А.Ш. Қадырбаев (13) пен К. Аманжоловтардың (14) іргелі еңбектерінде ауыз толтырып айтарлықтай қамтылған. Аталмыш авторлардың зерттеулері біздің тарихымызда сақ-парсы және сақ-македон қатынастарын ашудағы алғашқы тұжырымдамалар болып табылады деуге болады.

Зерттеу жұмысымыздың тарихнамалық негізін қорытындылай келгенде аталмыш тақырыпты толығымен ашуға көмектесетін еңбектің әлі жүйеленбегенін байқаймыз. Бұның себебін тақырыпқа байланысты деректердің аздығы және осы  аз деректердің түпнұсқасымен жұмыс істейтін мамандардың саусақпен санарлығынан көреміз.

Жұмыстың деректік қоры. Тақырыптың деректік қорын ежелгі грек авторларының шығармалары мен парсы билеушілерінің әмірімен Бехистун тасына қашалған жазбалар құрайды. Осы деректердің ішінде уақытының ертерегімен және мәліметінің түпнұсқалығымен Бехистун жазбалары ерекшеленеді (15).

Бұл жазба парсы патшасы Дарий І бұйрығымен б.з.д. 518 жылы тасқа түсіріледі. Жазбаның құндылығы онда «сақ» сөзі аталып, сақ тайпалық бірлестігінің тайпалары жеке-жеке аталады.

ХІХ ғасырда Бехистун жазбаларының оқыла бастауымен ғалымдардың белгісіз «сақ» тайпасына деген қызығушылығы пайда болып, сақтанудың негізі қалана бастайды. Осы жазба мәліметтері көптеген ғалымдардың зерттеулеріне арқау болып, бірталай пікірталастар туғызды. Деректе тек қана сақтардың саяси тарихы мен этникалық құрамына қатысты мәліметтер ғана емес, сонымен қатар сақтардың антропологиялық сипатын анықтауға көмекетесетін мағлұматтар бар. Олай дейтініміз, Бехистун жазбасында Дарий І тұтқындаған сақ патшасы Скунха және парсы сарайына салық әкелген «шошақ бөрікті» сақтар бейнеленген.

Грек тарихшыларының еңбектері арасында «тарих атасы» Геродоттың шығармасы біз үшін аса мол мәлімет көзі (16). Алайда, кітапта сақ тайпаларының орналасуы, әдет-ғұрпы мен саяси тарихы жөнінде аса құнды мәліметтер берілгенімен, тарихшы ретінде бұл мағлұматтарға аса сақтықпен қарау керек. Себебі Геродот құрлықтың сақтар мекендеген жерінде болған емес және олар туралы тек естігендерін жазған.

Бітіру жұмысының мазмұнын ашуда Страбонның (17), Полиеннің, т.б. авторлардың еңбектері қолданылды. Полиен Дарий І мен сақтардың соғысы кезіндегі қарапайым жылқышы Шырақтың ерлігін мәңгілік етіп, сақтардың болашақ ұрпақтарына үлгі етіп қалдырады (18).

Сақтардың грек-парсы қатынастарына қатысуы жөнінде Аррианнан (19) және Курций Руфтан (18) білеміз. Бұл авторлар сақтар туралы мәліметтерді грек-парсы соғыстарының ең алғашқы сатысынан, яғни, Марафон шайқасынан бастап А. Македонскийдің Орта Азияға жорығына дейін береді.

Сақтардың көрші елдермен мәдени қатынасын анықтау үшін археологиялық экспедициялардың материалдары пайдаланылды.

Зороастризм дінің қасиетті кітабы Авеста арқылы сақтардың діни наным-сенімдерінің кейбір негіздірін байқауға болады.

Бір сөзбен айтқанда осы тақырыпқа байланысты қолда бар деректер аса көп болмағанымен, бізді қызықтыратын мәселені қайтадан қалпына келтіруге аз да болса мүмкіндік бере алады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты ежелгі тарихымыздың қалыптасуында елеулі қызмет атқарған сақ тайпалық бірлестігінің көрші елдермен байланыстарын ашып көрсету. Және де сол мәселелердің кеңестік және отандық тарихнамада зерттелінуінің негізгі бағыттарын қарастыра отырып, өзіндік ой-тұжырымдамалар арқылы тақырыптың толық ашылуына қадам жасау. Анықталған мақсатқа байланысты алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

  • «сақ» атауының шығу тегі мен мәнін тарихнамалық жүйе арқылы айқындау;
  • сақ тайпалық одағындағы тайпаларға сипаттама беру және әр түрлі деректер мен зерттеулер негізінде олардың топтасу ареалын көрсету;
  • сақ-парсы қатынастарының қалыптасуы мен барысын талдау;
  • А. Македонскийдің сақтармен болған қақтығыстарын қорытындылау;
  • сақтардың көрші халықтармен мәдени байланыстарын көрсету.

Зерттеудің нысаны ретінде сақ тайпаларының көрші мемлекеттермен саяси-мәдени байланыстары алынды.

Бітіру жұмысының ғылыми жаңалығы. Тақырып бойынша әдебиеттерді қамтуда тілдік, хронологиялық, ұлттық, мемлекеттік шектеулердің болмауында; мәселенің жаңа методологиялық тұрғыда пайымдалуында; теориялық мәселелерге назар аударылуында; сақ дәуіріндегі мемлекеттік дамудың өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері ұлттық-мәдени тарихымыздың қалыптасуымен тығыз байланыстылығы туралы методологиялық принципті ұстануда.

Сонымен бірге жұмыста:

  • сақтардың көрші халықтармен саяси-мәдени байланыстары тарихи принцип бойынша жаңа жүйеге түсірілген;
  • сақтардың көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастарын зерттеудің жетістіктері мен кемшіліктері нақты түгенделді.

Ғылыми-практикалық құндылығы. Жұмыс сақтардың көрші халықтармен өзара саяси-мәдени байланыстарын қарастыра отырып, тәуелсіз Қазақстанның тарихи дәстүрлерін берік ұстанған бейбіт мемлекет ретіндегі халықаралық қатынастардағы рөлін бағалауға, ұлттық мәдениетіміздің дәстүрлері мен сабақтастығы туралы ғылыми көзқарастарды нақтылай түсуге, болашақ ұрпақты өз мемлекетіміздің жарқын тарихи үрдістері арқылы қазақстандық патртотизмге тәрбиелейді.

Бітіру жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, қорытынды және қосымшамен қатар екі бөлімнен (біріншісінде екі, екіншісінде үш тарауша) және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

1  САҚ  ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ОРНАЛАСУЫ ЖӘНЕ ОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАР

 

1.1 «Сақ» атауының шығуына байланысты пікірталастар.

 

Б.з.д. І мыңжылдықта қазақ даласында қаншама тайпалық одақтар тарих сахнасына көтерілді. Олардың саяси-мәдени және экономикалық  дәуірлеуі  ғылымда «ерте темір дәуірі» немесе «ежелгі көшпелілердің заманы» деген терминдерді қалыптастырды. Ол тайпалық одақтардың ішіндегі ең ежелгісі және кең ауқымда таралғандары сақ тайпалық бірлестіктері болды. Қазақстандық кейбір зерттеушілердің пікірлері бойынша сақтар андрон мәдениетінің тікелей жалғастырушылары болып есептеледі. Мұны археологиялық, антропологиялық және генетикалық зерттеулер дәлелдеп отыр (8,121-136).

Жалпы алғанда біз өзіміздің ата-бабаларымыздың бірі деп санайтын сақтар жөнінде әлі күнге дейін ғылымда нақты тұжырымдар қалыптаса қоймады. Мәселен, «сақ» атауы жөнінде, сақтар бірлестігіндегі тайпалар жайында, сақтардың орналасуы мен топтасуы турасында жүйеге негізделген пікірлер ғылыми айналым үстінде.

Әрине біз бұл жерде жоғарыда аталған мәселе бойынша мүлде зерттеулер жасалмады деуден мүлде аулақпыз. Ежелгі антик авторлардың шығармалары мен археологиялық мәліметтер негізінде тұжырымдамалар жасалуда, және де жалғаса бермек. Осы күнге дейін сақтарға қатысты жарық көрген әртүрлі деректерге сүйеніп, жоғарыда аталған сақ мәселелерінің ішіндегі ең күрделісі де, қызықтысы «сақ» атауының шығуына талдау жасап көрейік.

«Сақ» атауы төңірегіндегі пікірлер ежелгі заманда-ақ қалыптаса бастады десе де болады. Оны сақ атауының ежелгі жазба деректерде кездесуі және осы турасында сол кездегі ғалымдардың айтқан көзқарастары дәлелдей түседі. Жалпы «сақ» атауының өзі кейбір ассириятанушылардың пікірінше б.з.д. 641-640 жылдары ассирия анналдарында ұшырасады. Онда  сақ патшасы Тугдамға қарсы соғыс жөнінде баяндалады. Бұл жағдай б.з.д. ҮІІІ-ҮІІ ғасырларда Алдыңғы Азияға келген көшпенділірде «сақ» этнонимінің болғандығын көрсетеді (20,143) Одан кейінгі мәліметтерді Геродоттан кездестіреміз. Геродроттың дерегі бойынша сақтар дегеніміз скифтер, парсылар барлық скифтерді сақтар деп атаған.

Геродоттың мәліметтерін Плиний де қайталап, парсылар скифтерді жалпылама сақтар деп атағандығы жөнінде өз еңбегінде келтірген (21,12-13). Ежелгі үнді жазбаларында «сақ» сөзі үнді тілінің негізінде аударылып, «мықты», «күшті болу» тәрізді сөздерге сәйкестендірілген (7,157).

Диодор былай деп жазды: «Скифтер тайпасы көп болып өсті және олардың қайталанбас тұлғалары болды. Сол тұлғалардың есімдерімен кейіннен сақ, массагет, аримаспа, т.б., тайпалары атала бастады» (22,122). Автордың мәліметіне қарағанда «сақ» сөзі белгілі бір тайпаның атауы емес, керісінше, адам есімі. Мұның өзі, қазақ халқын құрап отырған тайпаларды шежірелік негізде адам есімімен байланыстыру мәселесіне жетелейді. Бірақ, әриен біз аталған автордың ойын қолдай салудан аулақпыз, қайткенде де оны жоққа да шығаруға болмайтындай.

Мұнымен қатар «сақ» этнонимін ежелгі грек салты «қалқанмен» байланыстырады. Бұның түсіндірмесін Стефан Византийский былайша береді: «Сақ халқы сауытты ойлап тапқандықтан оларды осылайша атады» (23,43). Мәліметке қарағанда «сақ» атауы олардың кәсібіне байланысты пайда болған. Біздіңше мұның шындыққа бір қадам жақындай қоюы күмәнді. Әйтсе де, ғылыми ізденісті қажет етпегендігі анық.

Ғалымдардың бір тобы мұнымен шектелмей, «сақ» этимологиясын итпен байланыстырады. Сақ тайпасына өзінің көлемді зерттеуін арнаған орыс шығыстанушы ғалымы В.В. Григорьев «сақ» сөзінің түп тамырын ежелгі парсы және славян тілдері негізінде «ит» атауымен байланыстыруға тырысады (1,37).

Ғалымның сөзіне сүйенсек «сақ» сөзінің парсыша немесе славянша баламасы «ит» дегенді білдіреді. Яғни, сақтар атауы «иттер» дегенге саяды. Парсылар сақтарды «сақа», оларды «ит» деп қорлаған деп түйеді және бұл ойының дұрыстығына көшпелілерде өздерін «ит» деп атау дәстүрінің ежелден барлығын, оның тіпті де қорлық атау еместігін, мысалы, түрік халқының бір бөлегінің қазірде «ноғай» деп атайтындығын, ал моңғолдың «нохой» деген сөзі түрікше «ит» деген ұғымды беретінін дәлел етеді.

Алайда, атақты ғалымның бұл пайымдауымен де келісу қиын сияқты. Себебі, пікірімізді оның соңғы ойынан бастасақ, «ноғай» деген халықтық атау моңғолдың «нохой» сөзінен емес, Алтын Орданың әйгілі бегілер бегі Ноғай сұлтанның атынан шыққан. Соған орай «ноғай сөзінің тұп төркіні, тіпті, моңғолдың сол «нохойынан» деген күннің өзінде де ол бүкіл халақтық түсінікте ит емес, кісі аты.

Біздің түсінігімізде сақ – букіл «азиялық скифтерге» көне парсылардың берген атауы. Сақтарды гректеніп кеткен скифтерден бөлу керек болғанда, грек тарихшысы Страбон оларды «азиялық скифтер» деп атайды. Рим жазушысы Үлкен Плиний де осылай ерекшелейді.

Мұндай ерекшелеудің Геродотта бар екендігі де белгілі. Демек, сақ – тым ерте замандардан бар, көне парсылар үшін өзіндік мағынаға ие, қалыптасқан, орныққан атау. Сондықтан В.В. Грегорьевтің осы қалыптасқан атауды кейін жаңа парсы тілінде өзгеріске ұшырап «сек» аталуы деуі көңілге қонбайды. Оның үстіне көне парсыша ит деген ұғымды «спако» деген сөз берсе керек еді. Өйткені парсы мемлекетінің негізін қалаған атақты Кир патшаның асыраған өгей шешесі, бақташы Митридаттың әйелі Спаконың атын тарихшылардың «ит» деп түсіндіретіне баршаға белгілі.

Зерттеушінің көзқарасы осы ұстанымда қатып қалған тәрізді. В.В. Григорьев «сақ» атауының ежелгі парсы тіліндегі «ит» сөзін білдіреді деген дәлелдеуімен қоса, сақтарды славян халқы деп есептейді. Бұған байланысты ғалымның өзіндік ойы толғамы болған шығар, бірақ сақтарды «ит» сөзімен салғастыру және ежелгі славяндар деп баса атап өту орынсыз. Қалай дегенде В.В. Григорьевтің пікірін қолдайтын зерттеушілер табылып, олар аталған ғалымның түсіндірмесін одан ары дамытқан еді. Олардың қатарында Ван Виндекс 1949 жылы Х. Шелдтің зерттеулеріне сүйеніп, «сақ» атауының мағынасы жай ғана «ит» емес, «күзетші ит» дегенді білдіреді деген ұсыныс тастады. Аталған зерттеушілердің басты аргументтері «сақ» сөзі ежелгі парсы және тәжік тілдерінде «ит» атауына сәйкес келеді (7,157).

1951 жылы француз ғалымы О. Жемеранье «сақ» сөзін итпен ұштастыратын  ғалымдардың көзқарастарына үлкен сын айтты. Ол көптеген лингвистикалық талдаулар жасап, «сақ» сөзі итті білдірмейтіндігін дәлелдеп берді. Зерттеуші «сақ» атауын ежелгі иран тілі контекстінде қарастырып, оның аудармасы «жүру», «жүргізу», «ағу» дегенді білдіретіндігін айқындады. Осылардың негізінде «сақ» этимологиясының мағынасы, «жүргізуші», «жылдам», «көшпелі» ұғымдарына келеді деп, өз пікірін ұсынады (7,157).

Осыған қарамастан «сақ» атауының түсіндірмесін жануарлар әлемімен байланыстыру азая қоймады. Мәселен, В.И. Абаев «сақ» сөзін «бұғымен» байланыстырады. Оған дейінгі ғалымдар иран немесе тәжік тілдеріне сүйенсе, ол осетин тіліне негіз артып, «сақ» сөзінің баламасы бұғы дегенді алдыға тартты. Мұның себебін ол бұғы сақтардың тотемі болғандығымен айшықтайды (24,37-49).

Келесі бір зерттеуші Г. Бэйли 1958 жылы «сақ» атауының мағынасы «ит» немесе «бұғы» дегенге келмейді, бұл үлкен қателік деген пікір білдіреді. Мұнымен қоса зерттеуші О. Жемераньидің «жүгіруші», «қозғалушы» деген көзқарастарын қолдамады (7,158).

Бұлардан басқа «сақ» атауының мағынасын ашуда географ К. Риттер өзіндік ой-тұжырымдарын жасады. Оның пікірінше «сақ» атауы бір халықты білдіретін сөз емес, діни лақаб есім. К. Риттердің түсіндірмесі бойынша парсылар өздерінің солтүстік-батыстағы өзге діндегі көршілерін осылай, яғни «сақтар» деп атаған. Аталмыш зерттеушінің пікірінше сақтар парсыларға жабайы көрінген, өзге бір бөтен дінге табынып, соған байланысты сақ атауын иеленген. Сақтар ұстанған дін қандай деген сауалға К. Риттер буддизмнің алғашқы ұшқындары деп жауап береді (1,37-38). Мұның да тарихи шындықпен сабақтасуы екіталай болуы ықтимал. Өйткені К. Риттердің бұл тұжырымдамасы кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде қолдау таппады. Осының өзі көп нәрсені аңғартатындай.

«Сақ» этнонимінің этимологиясы жөнінде өз пікірін білдірген ғалым Б.А.Калоевтің сақты осетиннің «бұғы» деген ұғымды білдіретін «саг» сөзінен шықты дейтін пікірімен де келісе қою қиын. Себебі, сақ этнонимі тек осетиндердің арғы тегі аландарға ғана тән емес, бүкіл көшпелілердің белгілі бір бөлігіне, яғни тұтас сақ тайпалық бірлестігіне берілген атау. Ендеше, көне парсылардың Каспий теңізінің теріскей шығысындағы тайпалық одақтардың бірінде бар «бұғы» деген сөзді ала салып, оны бүкіл сақтарға айдар етіп тағуы ешқандай қисынға келмейтін секілді. Ол үшін белгілі бір себеп болуы керек. Оның үстіне сақтар «сақ» аталып жүрген заманда аландар савроматтар (сарматтар) құрамында жүргенін де ұмытуға болмас.

Сондықтан да Б.А. Калоевтің «сақ» этнонимін осетиннің бұғы деген ұғымды білдіретін «саг» сөзінен шықты дейтін пікірін де бар болғаны сөз ұқсастығын негізге алғаннан туған пайымдаулардың бірі деп қарауға тура келеді. Өйткені мұндай сөз ұқсастығына алдану ғылым үшін жаңалық емес, ежелден бар тірлік. Бұған мысалды, басқаны қойғанда, осы сақ атауына байланысты ғалымдар болжамынан да келтіруге болады. Накши-Рустем жазуындағы сақтың үш тайпасының бірі – «сака-тиграхауда» атауының мәнін түсіндірген зерттеушілердің біразының осындағы «тигр» сөзін қазіргі Ирак жеріндегі екі өзеннің бірінің атауы – Тигрге ұқсайтындығын шығарып, ешқандай негізі болмаса да Каспий теңізінің шығысын мекендеген тайпаларды «көшіріп» апарып, сонау алдыңғы Азиядағы Тигр өзенінің бойына орналастырғаны тарихтан белгілі. Кезінде Роулинсон «сака-тиграхауданы» — «Тигр өзенінің бойындағы жазықты мекендеуші сақтар», ал Бенфен – «Тигр өзенінің суын ішуші сақтар», яғни «Тигр өзенінің бойындағы сақтар» деп дәлелдеген. Алайда мұның бәрі сөз ұқсастығына алдану еді. Өйткені «сака-тиграхауданың» кейін анықталып, ғылым мойындаған мағынасы – «шошақбөрікті сақтар» болатын.

Жалпы «сақ» атауына байланысты жоғарыда аталған зерттеушілердің пікірлері негізінде мынадай қорытындылар жасауға болады. «Сақ»  атауына қатысты өз ойларын білдірген ғалымдардың тұжырымдарына қарағанда, бүгінге дейін тарих ғылымында «сақ» атауы  мағынасының дұрыс нұсқасына жақындау пікір айтыла қоймаған тәрізді.

Әр зерттеуші, әртүрлі деректер тұрғысынан «сақ» этнонимінің шығу тегін сан-саққа жүгіртеді. Біздіңше, «сақ» атауының түсінігін ежелгі көшпелілердің тұрмыс-тіршілігін, кәсібін, орналасқан жерін талдау арқылы, сақтардың көрші мемлекеттемен қарым қатынасын анықтау арқылы, себебі «сақ» сөзі тайпалық атау ретінде ең алдымен көршілері-парсылардың қалдырған деректерінен алынып, ғылыми айналымға енгізілген,  сақтардың ұрпақтары деп саналатын халықтардың болмысын зерттеу арқылы қарастыру кезек күттірмейтін мәселе сияқты. Ал, сақ тайпаларының бірлестігіндегі  тиграхауда сақтары, хаомоварга сақтары, т.б. сақтардың этимологиясы жөнінде сақтардың топтасуына байланысты қарастырған кезде тоқталып өтетін боламыз.

 

1.2. Сақ тайпаларының орналасуы.

 

Сақ тайпаларының топтасу мәселесі сақтану тұрғысынан келгенде ең күрделі тақырыптардың бірі болып саналады. Оның себебі  ежелгі деректердің сақ одағы құрамындағы тайпаларды әртүрлі атауы, орналасқан жерлері мен кәсіптеріне байланысты түрлі мәліметтер беруі ғылымда көптеген қателіктер тудырғаны белгілі. Сақ тайпаларының орналасу мәселесіне көңіл бөлмес бұрын, алдымен сақ бірлестігі құрамындағы тайпаларды айқындап алу қажет тәрізді. Ол үшін ежелгі Рим ғалымы Плинийдің «Естественная история» атты еңбегінен үзінді келтірейік: «Яксарттың арғы жағында скиф тайпалары тіршілік етеді. Парсылар оларды сақтар деп атаса, ежелгі жазушылар – аромилер деп атаған. Скиф халқының саны таусылмайды, оларды парсылармен теңдестіруге болады. Скифтердің ішіндегі ең атақтылары мыналар: сақтар, массагеттер, дай, исседондар, астактар, румниктер, пестиктер, гомодоттар, эдондар, аримаспалар, антракаттар» (15,22). Көріп отырғанымыздай аталған тайпалардың ішінде бізге таныстары сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар және аримаспалар. Автор сақтарды скифтердің құрамына кіргізеді. Біз жоғарыда гректер барлық тайпаларды скифтер деп атағандығын айтқанбыз, ал парсылар болса керісінше бәрін сақ атауымен атайды.

Ежелгі парсы жазбаларында сақ тайпаларының мынадай атаулары кездеседі: сақтар, тиграхауда сақтары, хаомаварга сақтары, парадарая сақтары, дайлар (7,158).

Ғылымда осы аталған тайпаларды қоныстандыру жөніндегі айтыс-тартыстардың ұзақ тарихы бар.

Бехистун  жазбаларының  сырын   ашуда өзіндік еңбек сіңірген Г. Рау­­­­­лин­сон 1849 жылы Бехистун жазбаларына қатысты шығармасын жария­лаған кезде, онда тиграхауда сақтарына екі бет арнаған. Ол жоғарыда аталған жазба негізінде тиграхауда сақтарын сақ тайпалық одағының батыс бөлігі деп санап, оларды Тигр өзені бойына орналастырады. Бұл жерде ғалым тайпа атауындағы «тигра» сөзінің атақты Тигр өзенімен құсастығын негізге алды. Алайда бұл пікір тым асығыс жасалғандықтан шындыққа қатысы аздау.

Осы тиграхауда сақтарының  территориясы қай аймақта болғандығы ғалымдар арасында өзінше тартыс туғызғандығы мәлім. «Тиграхауда сақтары» деген сөздің парсы тіліндегі мағынасы «шошақ бөрікті» дегенді білдіреді. Бұл жөнінде Бехистун жазбасында мынадай жолдар бар: «Осыдан кейін мен өз әскерімді шошақ бөрік киген сақтарға қарсы бағыттадым…» (15,25). Көріп отырғанымыздай парсылар бұрын көршілерін жалпы сақтар деген атаумен атаса, ендігі жерде олардың киімдеріне немесе орналасқан жерлері мен кәсіптеріне байланысты жіктей бастаған тәрізді. Осы тиграхауда сақтарының орналасқан жерлерін анықтауда ортақ пікір жоқ. Әрбір зерттеуші өзіндік көзқарасын ұсынуға тырысқан. Мәселен, ғалымдардың мына   тобы  В.В. Гри­горьев (1,159), Ф.Сарр мен Е.Хесфельд (7,159),  К.В Тревер (25,45-48), И.И.Копылов (7,161), К. Акишев (8,16-20) тиграхауда сақтарын Қырғызстан, Талас-Шу өзендерінің аңғарында, Қазақстанның оңтүстігінде, Ташкент оази­сінде орналастырады. Ғалымдардың келесі тобы А. Херманн (7,159), С.Толстов (3,243-244), А.Н. Бернштам (26,188), Я. Гулямов (27,95), М.А. Дандамаев (5,180-182) тиграхауда сақтарының топтасқан жерлерін Сырдария мен Амударияның бойлары және Арал теңізінің маңы деп көрсетті. Сонымен бірге В.Струве (28,57-59), А. Олмстед (7,161) тәрізді ғалымдар тиграхауда сақтарын мүлдем ары Каспий теңізі маңына топтастырды.

Біздің ойымызша тиграхауда сақтарының топтасқан орындары Аралдың бойынан Жетісуға дейінгі территориялық-аймақ болған секілді. Өйткені сақ обалары көбіне Жетісу жеріне топтасқан, сол себепті де Жетісу сақтар үшін ата-баба жұрты болып есептелуі де мүмкін. Кезінде сақтар парсылармен соғысқанда, өздерінде ешқандай қала жоқтығын айтып, олар үшін ата-баба моласы қымбат деп атап өткен болатын. Сондықтанда сақтар жауларын Жетісу жерінде емес, одан жырақ өлкелерде қарсы алуға тырысуы мүмкін.

Тиграхауда сақтарының орналасуын анықтаудағы тәрізді, хаумаварга сақтарының мекендеген жерлерін анықтау өте күрделі мәселелердің бірі. «Хаумаварга» деген сөздің тікелей мағынасы «хаома» сусынын ішетіндер деп түсіндіріледі. Хаома эфедра сусынынан жасалып, оның адамды қоздыртатын қасиеті болған (11,37). Ал эфедра өсімдігінің өте жақсы өсетін жері Памир-Алай таулы-қыраты. Осыған сүйенген С.Г. Кляшторный мен Т.И. Султанов хаомаварга сақтарының мекені Шығыс Түркістан мен Ферғана өңірі деп баса атап өтеді (14,38).  Мұндай  көзқарастарды кезінде Ф. Жюстин, А.Н. Бернш­­­там, И. Копылов, Я. Гулямов, М. Грязнов сынды зерттеушілер өз еңбектерінде нақтылап берген болатын. Шындық пікір таластыру барысында туады дегендей, жоғарыда аталған ғалымдармен келіспеушілер де болғандығы мәлім.

Мәселен, Г. Роулинсон, А. Олмстед сынды ғалымдар хаумауарга сақтарының орналасқан жерлері қазіргі Үндістанның территориясы деп көрсетеді (1,159-161). Белгілі археолог С. Толстов аталмыш тайпаларды Қызылқұм ауданына топтастырады (3, 243). Бұл жерде айта кететін жәйт, Геродот осы хаумаварга сақтарын Бехистун жазбасындағы сақтармен сәйкестендіреді. Бұл пікірді зерттеуші Б. Литвинский де қолдап, хаумаварга сақтары Дарийден бұрын Кирге бағынған деген пікір айтады (1, 164). Страбонның деректері Үндістан территориясымен шектес аймақта көшпелі сақ тайпаларының болғандығы кездеседі. Диодор Сицилискийдің мәліметтері Страбонның жазбаларын растайды (1, 164).

Келтірілген деректердің көпшілігі сақтардың Үндістан шекаралас болғандығы жөнінде мәлімет береді. Осыған қарап хаумаварга сақтары Үндістан территориясын мекен еткен деген пікір қалыптасқан. 1862 жылы Геродоттың жазбаларын аударған ағылшын ғалымы  Г. Раулинсон хаумаварга сақтары дегеніміз, үнді жеріндегі шығыс сақтары деген мағынаны беруі мүмкін деп топшалаған. Осыған қарағанда сақтардың кейбір тайпалары, аталған аудандарда топтасуы ықтимал. Сонымен бірге зерттеуші И. Шефтеловиц сақтар Ундістан мен Ахеменид заманынан бері көрші болып келген деп санайды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде шығаратын қорытындымыз хаумаварга сақтарының басым бөлігі Үндістан мен Бактрия арасында топтасқан.

Синьцзян университетінің тарих факультетінің профессоры Су Бэйхай сақтардың орналасуын былай көрсетеді: біріншісі хаумауарга сақтары, бұлар Ферғана ойпаты мен Памир үстіртін мекендеген; екіншісі, тиграхауда сақтары, яғни шошақбөрікті сақтар, олар Қырғызстан мен Қазақстанның Далалық аймақтарын, Памир үстірті мен Алтай жотасынан тура солтүстікке, Тянь Шань, Алтай таулары, Ташкент, Талас, Шу, Іле және Балхаш көлінің шығыс жағын қамтыған қонысты мекендеген; үшіншісі, парадарая сақтары, яғни теңіздің арғы жағындағы сақтар, бұлар Әмударияның терістігін, Арал теңізінің шығыс жағын, Соғдиянаны мекендеген (29,8-9).

ХҮ сатрапия құрамында көрсетілген каспиилерді В.В. Струве Каспии теңізінің шығыс жағалауына орналастырады. Және олар өз атауын теңіздің атынана алды дейді. Алайда әлемдік тәжрибеде жер немесе су атымен халық аттары аталмағаны белгілі. Керісінше ел немесе тайпа мекендеген жер-суына өз атауларын берген. Пьянковтың ойынша каспилер Кашмирде орналасуы мүмкін деген тұжырымға қарсы болмайды(6,122).

Келесі бір анықтайтын мәселе «Соғдының арғы жағындағы сақтар» дегеніміз кімдер? Бехистун жазбасындағы «Соғдының арғы жағындағы сақтар» біраз пікірталастар тудырды. Академик В.В. Струвенің пайымдауынша, біздіңше дұрыс, «Соғдының арғы жағындағы сақтар деп Дарий өзінің империясының үлкендігін, оның бір шекарасының Соғдының арғы жағында жатқандығын көрсеткісі келді. Және осы сақтарға оңтүстік-батыста орналасқан парсылардың көзімен қарайтын болсақ, онда бұл сақтар Соғдының солтүстік-шығысында орналасуы тиіс. Яғни бұл территория барлық сақ тайпаларының қоныстануының бастапқы шекарасы. Бұдан шығатын қорытынды парсылар «соғдының арғы жағындағы сақтар» деп жалпы Парсы империясының солтүстік-шығысында орналасқан сақтарды атаған.

Сақ тайпалар одағына кіретін келесі бір тайпа массагеттер. Геродотқа сенсек бұл тайпа үлкен әрі күшті болған (14,205). Олардың негізгі топтасқан жері Каспий теңізі мен Амударияның аралығы болған. В. Тарн Геродот пен Страбонның жазбаларында кездесетін массагет тайпаларының бірлестігі бес тайпадан құралған деген пікір айтады (7,81). Олар мыналар: дербик, апасиак, аттаси, хорасми және аучаси. Осылардың ішінде хорасмилер басқарушы рөл атқарған. С. Толстовтың дәлелдеуінше массагет одағына мыналар енген: хорасми, апасиактар («су сақтары» Хоремнің солтүстік шекарасында, Узбой мен Жаңадарияның арасында), сакаравактар, тохарлар (Қуандария бойы), дербиктер (Амударияның орта ағысы, асилер (Сырдария өзенінің орта ағысы, яғни қазіргі Түркістаннан Ташкентке дейінгі аралық), аттасилер (3, 104).

Дайлар ең алғашқы рет Авестада аталады, ал Персополдегі жазбада олар парсыларға бағынышты ең бір мықты тайпалар болып аталады. Дайлардың ата қоныстары Танаистың (Сырдарияның) арғы жағында және Арал маңында еді(19,ІІІ,28). Дарий ІІІ одақтастары ретінде дайлар  да аталады. Атақты Гавгамелла түбіндегі шайқасында дайлар Александрдың ең жақсы әскеріне төтеп береді. Аррианның жазғаны бойынша «дайлардың өздері де, олардың аттары да сауытпен қорғалған» болатын. «Танаистың арғы жағындағы» дайлар макендондықтармен Дарий ІІІ өлімінен кейін де күреседі.

Бактрия Сатрапы Бесс Александрмен күресі кезінде жақын арады оған көмекке дайлар келеді деп сенімді болған. Дірақ дайлар Александар Македонскимен оның Индияға жорығына қатысқан. Дайлар гректермен әскери одақ құрып не жалдамалы әскер ретінде қосылған.

Бұл жерде дайлардың өздері мен аттарын қорғаған сауытқа назар аудару керек. Мұндай сауытты жүз жыл ертерек Геродот массагеттерде болғандығын айтады (16І,215).

Мұны тек жазба деректер ғана емес археологиялық материалдар да дәлелдейді. 50-жылдары С.П. Толстов басқарған Хорезм экспедициясы Арал маңындағы сақтардың астанасы Шырық рабатты қазған кезде б.з.д. ІҮ ғасырға жататын қорғаннан темір сауыт табады(4,148-150).

Страбон массагеттердің ерржүректілігіне тамсанса, Геродот оларда алтын мен мыс бастан асып жатыр дейді. Ал дайлар туралы Арриан олар аттары да, өздері де сауытпен қорғалған деп, Александрдың Индияға жорығында ең мықты жасағын құраған дейді. Ежелгі грек авторлары екі тайпаны бөлек көрсеткенімен, олардың ортақ территорияда орналасқанын, Арал маңында ортақ әкімшілік орталықтары мен патшаларының ордалары орналасқанын білмеді.

Уақыт өте, б.з.д. ІІІ ғасырға таман «дай» атауы толығымен «массагет» атауын ығыстырады.

Көптеген ғалымдар исседон тайпасын Орал маңы мен Қазақстанның орталық аймақтарына орналастырады. Исседондардың салттары массагеттердің салттарсымен өте ұқсаса. Қазақстандағы сақ ескеркіштерінің үлкен маманы К.А. Ақышев Орталық Қазақстандағы «тасмола» мәдениеті деп аталатын  ерте темір дәуіріне жататын сақтардың мәдениетін исседондар қалдырды деп тұжырымдайды. Сонымен бірге Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы сақ мәдениетінің гүлденуін ғалым «сақ мәдениеті қалыптасып болған орталық қазақстандық исседондардың Оңтүстік Қазақстан мен Қырғыстанға жылжуынан» деп санайды (8,134-135).

Сақ тайпаларының Қазақстан территориясында орналасуын қорытындыласақ: тиграхауда сақтары немесе массагеттер Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуды, исседондар орталық Қазақстанды, дайлар Амударияның төменгі ағысын, хаумаваргалар Қазақстанстаннан оңтүстігірек, яғни Памир-Алай аймағында мекендеген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 САҚТАРДЫҢ КӨРШІ МЕМЛЕКЕТТЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

 

2.1. Сақ-парсы қатынастары: себебі, барысы, салдары

 

Сақ-парсы қатынастары қалыптасуының себептерін анықтамас бұрын, алдымен Парсы мемлекетінің сыртқы саясатын қысқаша баяндап өтелік. Оның біз талдап отырған мәселені нақтылау үшін тигізетін ықпалы айтарлықтай.

Ежелгі парсы тарихы жазба деректерде өте аз ұшырасады. Алғашқы парсылар б.з.д. ІХ ғасырда аталады. Бұл уақытта көшпелі парсы тайпалары Загрос тауынан Аншан аймағына қарай қоныс аударады. Осы кездің өзінде парсылар тайпалық одаққа бірігіп, Ахемендік әулетінің басқаруында болған тәрізді (30,102).

Б.з.д. 558 ж. шамасында Кир ІІ парсы патшасы болып тағайындалады.  550 ж. Кир Мидияны жаулап алып, Мидия патшаларының лауазымдарын иеленді. Сонымен бірге парсылар мидиялықтардың мемлекеттік басқару жүйесі мен мәдениетін қабылдайды. Сол себепті де көптеген ежелгі халықтар парсыларды Мидиялықтар деп атаған (30,105).

Мидияны жаулап алғаннан кейін Кир Парфияны өзіне бағындырады. Б.з.д. 546 ж. Кир Вавилон мен Египеттің көмегіне қарамастан Лидияны жаулап алады. Сонымен бірге Кир 545 пен 539 жылдар аралығында Дранжананы, Маргиянаны, Хорезмді, Согдиянаны, Бактрияны өзінің империясының құрамына қосады. Осылайша Кир маңайындағы елдерді бағындырғаннан кейін, Вавилонға қарсы аттанады да, б.з.д. 539 ж. Вавилон Кирдің алдында тізе бүгеді.

Сол кезеңдегі бүкіл сауда жолдарын қолына шоғырландырған Кир ендігі жерде өз империясының құрамына Египетті қосқысы келеді. Ол Египетке атанбас бұрын, өз империясының оңтүстік-шығыс бөлігін қауіпсіз ету үшін Орталық азиядағы сақтарды тыныштандырмақшы болды. Бұдан бөлек Кирдің сақтарға қарсы соғыс ашуының себептеріне қатысты басқа да пікірлер бар. Ендігі жерде сол мәселелерге назар аударайық.

Ежелгі шығыс тарихында Кир ІІ көшпелі сақ тайпаларына жасаған жорығы Парсы империясының солтүстік-шығыс бөлігі көршілес көшпелі тайпалардың жиі шабуылдарынан зардап шегіп, сондықтан Кир өзінің ең қиыр шекарасын аман сау сақтап қалғысы келген деп түсіндіріледі. Өйткені массагеттердің бұл шабуылдары Ахемен империясының тұрғындары, отырықшы иран халқына зиян келтіріп отырды (31,79).

Кирдің сақтармен қақтығысқа баруын бір ауыз сөзбен жеткізе салу қиын. Кирдің бұл іс-әрекетін бірнеше нұсқалар арқылы түсіндіруге болатын тәрізді.

Біріншіден, Кирдің жаулап алу саясаты көршілерін бағындырумен ғана шектелмеді. Ол талантты қолбасшы және ақылды билеуші ретінде өте бай, ауқатты Мысыр елін өзінің салық төлеушісі ретінде қабылдауды армандады. Ал ондай алыс жорыққа аттану үшін өз еліңнің ішінде саяси тұрақтылық болуы керектігін Кир жақсы түсінді. Өзінің жанында көрші ретінде өте жауынгер сақтарды иеленген Кир елін тастап алыс сапарға аттана алмады. Сондықтан Кир Мысырға аттанбас бұрын көршілілес орналасқан жауынгер сақтарды алдымен бағындыруды дұрыс көрді (32,52).

Екіншіден, парсылардың жадында Орта Азиядан қоныс аударған көшпелі тайпалардың Алдыңғы Азияда билік құрғаны жақсы сақталған.   Геродоттың мәліметтеріне сүйенсек, б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғасырлар арасында сақтар Мидияны жаулап алып, ол жерде 28 жыл бойы билік құрған (33,205). Скифтер өздерінің батыс жорығында Египет шекарасына дейін жетеді. Өз еліне қандай дүлей күш төніп тұрғанын жақсы білген Мысыр перғауны Псамметих І олардан сый сияпат беріп құтылады. Көшпелілер Алдыңғы Азияда 28 жыл бойы тонаушылық жасап, салық жинап тұрды (34,19-20). Олардан сол заманғы халықтарының қорыққанын Тауратта жазылған мына жолдардан көре аламыз. «Израиль елі, мен сендерге алыстан күшті халық жіберемін. Сендер олардың тілдерін, сөздерін түсінбейтін боласыңдар. Олардың барлығы ержүрек, сендердің малдарын мен егіндерінді, қыздарын мен ұлдарынды құртады. Қылыштарымен бекіністерін мен қалаларынды қиратады (35,273-274). Бұл мәлімет скифтердің сол кезде қандай үрей туғызғандығын көрсетеді. Бірақ көшпенділер отырықшы елдердің тұрмысына үйренісе алмай 28 жылдан кейін отандарына оралады. Олардың бір бөлігі Алдыңғы Азияда қалып қалуы да әбден мүмкін.  Міне, Кирдың сақтарға қарсы жорығы 100 жыл бұрынғы еселерінің кетуін жауап ретінде болды.

Жоғарыда аталған екі себеп сол кезде парсы империясының сақтарға жасаған жорығының әділдігін дәлелдеу үшін пайдаланылған сылтау. Бұл себептерге қарасақ парсылардың сақтарды жаулап алуға деген ешқандай жеке бастарының мүдделері жоқтығын көрсетеді. Алайда қазіргі тарих ғылымында бұрын қалыптасқан тұжырымдарға жаңаша қарау үрдісі құлаш жаюда. Осы     орайда парсы-сақ соғысының басталуына сақтар емес, парсылар түрткі болды деп, ойымызды дәлелдеуге тырысайық.

Алдымен сақ тайпаларын жаулап алу парсы империясы үшін қандай артықшылықтар береріне тоқталайық. Сақтар сол кезде қандай маңызға ие болды. Ол, мүмкін, территориялық орналасуымен немесе экономикалық дамуымен ерекшеленген шығар. Әрине, сақтар иеленген территорияны иелену Кирдің шекесіне тар келмес еді. Бүкіл әлемді бағындырам деген билеушінің өз иелегін екі есеге ұлғайту туралы ойы болмады деп айта алмайсын.

Бірақ сақ тайпаларының сол замандағы халықтардан үлкен артықшылығы болды. Бұл артықшылық көшпелі өмірдің негізінде қалыптасқан қасиет. Ол көшпенділердің әскери өнерінің теңдесі жоқ жоғары дәрежеге көтерілуі. Сақ жауынгерлері өз заманының батырлық пен ержүректіліктің, қайсарлық пен әскери шеберліктің үлгісіне айналған. Деректерде сақтардың әскери өнеріне тамсану ауыз толтырып айтарлықтай жазылған. Мәселен, сақтар жөнінде Геродоттың еңбегінен мынадай жолдар кездестіреміз: «Олардың жеріне басып кірген жаудың ешқайсысы қашып құтыла алмайды. Егер олар ашық соғысуды өздері қаламаса, ешкім оларды қуып жете де алмайды, себебі оларда қала да, бекініс те жоқ. Алайда олар өз баспаналарын өздерімен бірге ала жүреді, әрі олардың барлығы да ат үстінен садақты жақсы ататын мергендер. Азықты олар жерден емес, мал өсіруден табады. Осындай жағдайда олар қалай жеңімпаз болмасын» (16,46). . Геродот өз еңбегінде мидиялықтар садақтан ату өнерін сақтардан үйренгендігін жазады. Және де сақтардың ықпалымен Мидия патшасы Киаксар Мидия тарихындағы тұңғыш тұрақты әскер құрады.        Сақтардың жауынгерік тұрғыдағы мықтылығы мен ұлылығы Библияда да кездеседі (36,109-110). «Скиф (сақ) өзінің жауын өлтіргеннен кейін оның қанын ішеді. Содан кейін өзі өлтірген жауларының басын патшаға әкеп көрсетеді. Жауының басын әкелген жауынгер ғана соғыстан түскен пайдадан үлес алатын еді (16,64). Ежелгі грек географы Дионисий Перигиэт сақтарды былай суреттейді: «согдиананың арғы жағында, Яксартты (Сырдария) сақтар өмір сүреді. Олар әлемдегі, атқан жебесін далаға жібіермейтін, ең шебер мергендер. Сақтардың соғыс өнерін мадақтайтын деректердегі мәліметтердің көптігі бұл мағлұматтардың жалған еместігін айғақтайды. Кир сақ жауынгерлерінің батылдығы мен әскери өнері жөнінде жақсы хабардар болған. Өзінің әскерінің қатарында жаугершілігімен аттары әлемге әйгілі сақ жауынгерлері болса, онда парсы империясының атақ-даңқы мен күш-қуаты жер жарар еді.

Ендігі жерде осы бостандық сүйгіш халықты өз жағына тартудың амалы қарастырыла бастайды.

Әрине, сол кезеңде Кир қанша мықты болса да отырықшы елді бағындыруға болатындығын, ал бүкіл байлығы кеңістік, еркіндік болып саналатын көшпелі халықтарды бағындыру оңай еместігін жақсы түсінген.Өзін  әлемнің патшасымын деп санаған ол, сақтарды одақтас ретінде қабылдамауы мүмкін еді. Сақтардың да бекерден бекер парсылардың одақтасына айналуы екіталай еді. Сондықтан да сақтарды өз әскерінің құрамында соғыстыру оларды тек күшпен бағындыру арқылы іске асады деп те есептеуі ықтимал.

Сақ-парсы қақтығысына теориялық тұрғыдан келетін болсақ: ежелден бері отырықшы өркениеттермен көшпелі өркениеттер бір-бірімен өте тығыз байланыста болған. Бұл байланыс ең алдымен, мәдени, экономикалық тұрғыдан сипатталған. Б.з.д. ҮІ ғасырда көшпелі сақ тайпаларының отырықшы көршілері Бактрия, Соғдиана, т.б Парсы империясына бағынатын аймаққа айналған. Бұның өзі сақ-парсы қақтығысына алып келген алғышарттардың бірі болуы мүмкін ( 37,257-263; 38 285-292).

Кир соғыс бастамас бұрын, сақ патшасы Томириске елшілік аттандырады: «Кир Томириске құда түсіп, оны өзінің әйелі етіп алғысы келеді. Томирис Кирдің оған емес, оның еліне құда түсіп тұрғандығын байқайды да, елшілікті құр қол қайтарады. Мұндай құдалықтан түк шықпағандығын байқаған Кир Амудария өзенінің бойынан әскерлер өтетін көпірлер мен жауынгерлер тұрақтайтын орындар сала бастайды (16, 205). Мұның өзі Кирдің сақ тайпаларын өзінің қатарына қосып тынбайтындығын байқатады. Ол Сырдарияның жағалауына Куриштиш қаласының негізін қалайды. Ал сақ патшайымы Томирис болса, осы құрылыстарды тоқтатуды бұйырады. Осылайша, екі жақтың да соғысудан басқа амалдары қалмайды. Геродоттың дерегіне қарағанда, Тоимрис Кирге мынадай ұсыныс жасаған: «Егер сен менің жерімде соғысқың келсе, өзеннен бері өт, мен болсам үш күндік жерге ары жылжимын, ал керісінше, өз жеріңде шайқасуды ұйғарсаң, онда мен өзеннен өтемін, сен үш күндік жерге ары жылжисың» (16,12).  Міне, оы ұсыныстан кейін Кир әскери кеңес шақырып, не істеу керектігі жөнінде ақылдасады. Басқалардың пікірі де Кирдің ойымен ұштасып, сақтарды өз жерінде қабылдауды жөн көреді. Бірақ, осы кеңеске қатысып отырған Мидиялық Крез олардың бұл шешімдерін қолдамайтындығын айтып, өзінің жобасын ұсынады: «Егер сен жауларды өз жеріңде қабылдап, олардан жеңіліп қалатын жағдай болса, онда сен жеріңнен ғана емес, еліңнен де айрыласың. Өйткені, ашық айқаста сақтар сені жеңіп кетсе, олар онымен тоқталмайды, одан әрі жылжып, бүкіл еліңді талқандайды. Сонымен бірге жауларды өз жеріңде қабылдау сенің әулетің үшін және сенің даңқты есіміңе кері әсері бар. Себебі халық сені Томиристен қорқып оны өзеннің бергі бетінде қабылдады деген пікір айтуы мүмкін. Ал егер сен шайқасты сақтардың ерінде өткізсең, ол саған өте пайдалы болып табылады. Олай дейтінім, сен Томиристің әскерін ашық айқаста жеңсең, бүкіл сақ жері сенің қол астыңда болады. Ал ондай жеңіске қол жеткізу үшін сен өзеннің ар жағына өтіп, қосыңды құр да, сараңданбай көп сойып әр түрлі тағам дайында және де көптеген мөлшерде шарап қалдырып, әскеріңнің ең әлсізін осы қоста орнықтыр да, өзің кейін шегін. Егер мен қателеспесем, сақтар оларды талқандағаннан кейін тойлауға кіріседі, сонда біз үшін бүкіл жұмыс аяқталады (16,13-14).

Міне, осындай пікірлер ұштасып қалған тұста, Кир алғашқы жоспарынан бас тартып, Крездің ұсынған жоспарын орындауға кіріседі. Ол өзеннің арғы бетіне өтіп, әскери қосын құрады да, онда әскерінің әлсіздерін қалдырады. Сақтардың бір тобы қоста қалған парсы әскерлерін талқандап, дайын асты жеуге кіріседі де, шарап ішіп ұйықтап қалады. Осыны пайдаланған парсылар ұйқыда жатқан сақтардың біразын өлтіріп, көбін тұтқынға алады. Сол тұтқындардың ішінде Томиристің ұлы Спаргафис те болады. Мұны естіген Томирис Кирге елші аттандырады. Ол кирдің ашық шайқаста емес, тек айламен ұлын жеңгендігін айыптап, тұтқындарды босатуын талап етеді. Және ешқандай жазаланусыз сақтардың жерінен кетуді бұйрады. Егер сен бұны істемесең, қанша қанға тойымсыз болсаң да, мен сені қанға тойдырамын дейді.

Кир болса, бұл сөздерге ешқандай мән бермейді. Томиристің ұлы Спаргафис болса, шараптан айыққаннан кейін не болғанын түсінеді. Ол Кирден қолын босатуды сұрайды. Қолы босасымен Спаргапис өз-өзін өлтіреді, Кирдің тыңдамағандығын байқаған Томирис парсы патшасымен ашық айқасқа шығады. Бұл шайқас сол кезеңдегі ең қатыгез ұрыстардың бірі болып есептелген. Шайқасқа шыққан екі жақ алдымен садақпен атысады. Жебе таусылғаннан кейін парсылар мен сақтар семсерлесуге кіріскен. Айта кетерлік бір жәйт, сақтардың өте мықты мерген екендігін ескерсек, онда шайқастың осы бөлігінен кейін-ақ парсылардың әскерлерінің қатары біршама сиреп, олардың рухы түсіп, соғыстың қорытындысының қандай екендігін сездіргені әбден мүмкін. Міне осы жерде сақтардың басымдығы байқалады. Шайқас барысында әлемді билеуге ұмтылуымен өзіне көр қаза бастаған Парсы империясының негізін қалаған Ахемендік Кир ІІ қаза табады.  Патшасынан айрылған парсылар шегінуге кіріседі. Томирис шайқас даласындағы өліктер арасынан Кирдің өлігін тауып алады да, оның басын қан толтырылған қапқа салады. Сақтардың парсыларға деген ашуына қарамастан, олар Кирдің денесін құрметпен Персопольге аттандырып, парсылардың өз патшаларын жерлеуге мүмкіндік береді.

Ғылымда Кирдің сақтарға жасаған жорығының бағыты жөнінде көптеген пікірлер бар. Ендігі жерде соларға тоқталып өтейік. Жалпы алғанда Кирдің жорығының бағыты ғылымда әлі нақтыланған жоқ. Деректер бұл жөнінде нақты ақпараттар бере алмайды. Қай деректі алмасақ та, Кир мен сақтардың арасын бөліп тұрған бір өзеннің бар екендігі айтылады. Ғалымдардың бір тобы бұл өзенді Әмудария десе, бір тобы Сырдария деп санайды (5,8). Бірақ екеуінің келіспейтін бір мәселесі А. Герман сол кезеңдегі Әмударияны Каспидің бір саласы деп санаса, В. Струве ол қазіргі Амудария деп есептейді. Егер Кирдің өткен өзені Амудария болса, ол жөнінде Геродотта бар. Кирдің жүрген бағытын анықтау үшін мүмкін оның қарсыласы қай тайпа болғандығын анықтау керек шығар. Мәселен, Кирдің қарсыластары ретінде массагаттр, скифтер аталса, Страбон оларды сақтар деп, Курций руф абийлер деп атаған. Тағы бір деректерде олар дайлар деп аталған (6,120). В. Струве әртүрлі деректерді саралай келе Кирмен соғысқан тайпалардың атаулары әртүрлі болғанымен олардың бәрі бір тайпа деп санайды және оларды Сырдарияның жағалауына орналастырады. Кирдің сақ тайпасы массагеттермен соғысу үшін қай өзеннен өтті деген сұраққа қорытынды жауап айтатын болсақ, қолымызда бар деректер мен зерттеулерді салыстыра талдай келіп, мынадай ой түйдік. Парсы әскерінің Окс яғни Амудария өзенінен өткенін деректерден анық түсінсек, онда Кирдің осы Амударияның біздің заманымызға дейінгі уақытта ағып тұрған Узбой сағасы арқылы өтті деп пайымдаймыз. Узбой сол кездері Каспий теңізіне құйған (6,129).

Ахемендік империясы мен көшпелі сақ тайпаларының соғыстарының бірінші кезеңінің қорытындысының  тарихи маңызы өте зор. Себебі көшпенділер парсы державасының яғни жаулаушылардың тегеурініне төтеп берген тұңғыш ел. Жеңілмейтін Парсы империясының «жабайы көшпелілерден  жеңілуі» әлемді таңғалдырды. Ахемендік державасының «сүйегіне таңба басылды».

Сақтар қоғамы қалай ұйымдастырылған еді – деген сұрақ осы кезге дейін ғалымдар таласын тудырумен келеді.

Жазба деректерде өздерінің дәулетіне, шұғылданатын іс-әрекетіне, рөліне қарай сақтар қоғамына адамдардың қандай тобы кіргені туралы мәліметтер өте аз.

Тек Рим тарихшысы Квинт Курций руф сақтарды тәңір егіншілерге – соқа мен қамыт, жауынгерге – сүңгі мен оқ, абызға – табақ сияқты сиқырлы сыйлықтар берген деген аңызды қайталап айтады.

Осыған сүйеніп, сақ қоғамында халықтың үш тобы болған деп болжам жасай аламыз: олар – жауынгерлер; абыздар жігі – олардың танымал белгісі құрбан табақ пен айрықша бас киім болған; қауымшыл, сақтар, «сегізаяқтар» жігі яғни соқаға жегетін екі өгізі барлар жігі.

Аты аталған осы жіктердің әрқайсысының өзіне тән дәстүрлі түсі болған. Жауынгерлерге – қызыл және сары-қызыл, абыздарға – ақ, қауымшылдарға  — сары мен көк түстер таңдалып беріледі.

Көсемдер мен патшалардың тұлғаларына айрықша тоқталып өту керек. Бәрінен  де бұрын сақ тайпаларының көсемдері әскери жіктердің өкілдері болған.

Гректер оларды басилевс – патша деп атаған. Жауынгерлер мен патшалардың белгісі жебелі садақ екен. Патша садағын баласына әрі мұрагеріне тапсырып отырған, сол себепті де жауынгерлер мен патшалар зиратына садақ пен жебелерін бірге қойған. Садақты мейлінше шебер ату патшаларға тән қадыр-қасиет болған деп жазылады. Алайда сақтардың әр жауынгері, патша болсын болмасын, құралайды көзге ататын мерген болған.

Мереке мейрам атаулының бәрінде де садақ атып, нысанаға дәл тигізе білуде сынап көру тегіннен тегін өткізілмеген, ежелгі дәстүр бойынша садақшылардың ең мергені әлгідей мейрам кезінде ел-жұртты билеу хұқын алуы мүмкін болып есептелген.

Сонымен бірге патша көктемдегі жер жырту басталарда бірінші борозданы тартқан, дәстүр бойынша ол әрі тәрбиеші ұстазы саналған, бұл оның халықпен тығыз байланысын көрсетіп отырған.

Кирдің өлімінен кейін таққа оның мұрагері Камбис келеді. Камбистің тұсында империяның сыртқы саясаты ары қарай жалғасын табады. Кирдің арманы болған Мысыр елі парсыларға бағынады. Бірақ көп ұзамай сарай төңкерісі орын алып, билік басына Кирдің туысы, яғни Ахемендік әулеттен шыққан Дарий І келеді. Дарий де Парсы империясының сыртқы саясатта ұстанған бағытын толығымен құптап, ары қарай жалғастырады (39, 323). Жаңа патшаның таққа отырысымен мемлекетте көтерілістер орын алады. Бұл жайлы Бехистун жазбаларында айтылады. Дарийдің билік басындағы алғашқы жылдары көтеріліс ошақтарын басумен өтеді. Кирдің үлкен жеңілісі Ахеменид державасының сағын сындыра алмады. Парсылардың басшылығына Дарий І келді. Ол да Кир тәріздес деспотиялық қасиетке ие болды. Дарий өзіне бағынбаған халықты өзі үшін үлкен реніш санады. Ал сақ тайпалары болса Ахеменид державасына бағынбаған еді. Дарий де Кир тәріздес Грецияға соғыс ашпас бұрын, өзінің тынымсыз көршілерін тыныштандырмақшы болды. Сонымен қатар алдыңғы соғыстар жөнінде хабардар сақтарды әскери одақтас еткісі келді.

Дарий өзінің билігінің үшінші жылы сақтарға қарсы жорыққа аттанады. Парсылардың сақтардан кек алу себептері енді заңды болды деп санауға болады. Алып державаны тізе бүктірмесе де, өздерін билеуге мүмкіндік бермеген елдің жер бетінде болуының өзі империяның тыныш ұйқысына маза бермеді. Дарий жоғарыда аталып өткен себептерді сылтауратып және КирІІ өлімі үшін кек алуды бетке ұстап көшпелі сақ тайпаларына жорығын бастайды.

Дарийдің сақтарға жасаған жорығы туралы мәлімет беретін бірден-бір дерек көзі болып табылатын Бехистун жазбасының Ү бағанында былай жазылған: «осыдан кейін мен әскеріммен шошақ бөрік киетін сақтар еліне аттандым. Өзенге келгеннен кейін одан өттім. Осыдан кейін мен сақтарды ойсырата жеңдім. Олардың Скунх деген көсемін маған алып келді. Сол кезде мен оның  орнына, өзімнің қалауым бойынша, басқа біреуін қойдым. Осыдан кейін ел менің қол астыма өтті» (40,177-180).

Бехистун жазбасындағы оқиғаны біз не Геродоттың шығармасынан, не басқа да ежелгі грек тарихшыларының еңбектерінен кездестіре алмаймыз.

Ежелгі грек авторы Полиеннің шығармасындағы әңгімеге қарағанда, сақтар өз әскерлерін үш топқа бөлген. Сақтардың бірінші тобын талқандаған парсылар, олардың киімдерін киіп алып, екінші әскерді де жеңіліске ұшыратады. Ал үшінші әскер Дарий әскері қуып жеткен тұста қарсылықсыз беріле салған. Бірақ бұл әңгіменің де келіспеушілік тудыратын тұстары бар. Жақсы қаруланған, жер бедерін мықты білетін, аттың құлағында ойнайтын сақтарды осылайша оңай жеңе салу мүмкін емес жағдай тәрізді. Полиеннің бұл жорық жөнінде айтқан баяны да өте қызықты. Дарий жорыққа аттанған тұста, сақ патшалары Сакесфар, Омар және Тамир не істеу керектігі жөнінде кеңес өткізеді. Осы жерде айта кететін мәселе аталған Тамир патшаның Геродоттың Томирис патшасына ұқсастығы. Кир тұсында массагеттерді ержүректілікпен басқарған Тұмар патшаның айналдырған 10-12 жылда биліктен кетпей, халқын одан ары жеңістерге жетелеуі ғажап емес.

Патшалардың кеңесінде Шырақ деген жылқышы жігіт, жиналғандар жөпелдемеде шешімді ештеңе айта алмай тұйыққа тірелгендей болған кезде, үлкендерден рұхсат сұрап алып, «адамдарымызды қан майданда емес, аярлық алдаумен қырғынға ұшыратқан парсыларға біз де өз қаруын өзіне жұмсап, айламен қырғын таптырайық» деп, өз ойын ортаға салады. Ол бұл істі атқарады, ал сақ патшалары бұл іске төлеу ретінде оның балалары мен ұрпақтарының жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуі керек болды. Кеңес алқасы келісіп, келісімдерін береді (41,5) .

Өз денесін өзі аяусыз жаралап, көрген адамның зәресін ұшырып, аяушылық сезімін туғызатындай күйге жеткізген Шырақ күншілік жерден Дарийдің алдынан шығады. Үсті-басы өрім-өрім, тұла бойында сау тамтық жері жоқ, қызыл қанға бөккен, көзі кіртиіп, жақ жүні үрпиіп, еріні кезерген, елсіз құла дүзде сүрініп-қабынып, тәлтіректеп келе жатқан адамды көргенде парсылардың қайран қалып, таңданбасқа шарасы жоқ еді. Байғұсты дереу Дарийге жеткізеді.

Шырақ алдын-ала құрған жоспары бойынша қинала отырып, өзінің түп атасының парсы екенін, Дарийдің келе жатқанын естіп, тұтқындықтан құтылып, соларға қосылу үшін түн жамылып қашамын деп, қолға түсіп, осындай күйге ұшырағанын, содан орайын тауып, қайтадан қашып шығып, осы араға өліп-талып зорға жеткенін айтып, мұңын шағады. Жалынып, өзінің сақтарға кеткен кегін қайтаруға көмектесулерін өтінеді. Өліп кетпесе, бұл жолдан өзінің де жанын аямайтындығын, тұтқында болып, сақтардың жылқысын бағып жүргенде бұл өңірдің ой-шұқырын түгел біліп алғанын да ебін тауып ескертіп өтеді.

Шырақ сөзінің күмәнсіз шындық екенін оның бойындағы қисапсыз көп жарақаттардың өзі-ақ куәлік беріп тұрғандай еді. Басы Дарий болып, парсылар Шырақтың сөзіне сенеді. Дарий одан сақтар қазір қайда екенін сұрайды. «Мен қашатын түні,- дейді Шырақ өзінің «тұтқында» отырып естіген жайын ортаға салып, — сақтар бүкіл әскерін алысқа, басқа жерге әкетуді ұйғарды. Мен ол жерді жақсы білемін. Егер сіздер тура жолмен төте тартсаңыздар, ол араға олардан әлдеқайда бұрын баруларыңызға болады. Сонда ептеп тынығып алып, алыстан шаршап келген сақ жауынгерлеріне тасадан шығып, тарпа бассалсаңыздар, оларды ауға түскен балықтай оңай олжалай аласыздар. Ол үшін жолға жетерлік жеті күндік асу алып, жедел жүріп кету керек».

Жақсы күтіммен тез айыққан Шырақ парсының қалың әскерін бастап сақтардың даласына тартады.

Тілегеніне орай құдайдың өзі айдап келген Шырақтың арқасында Кирдің әскерін талқандап, парсылардың даңқына дақ түсірген сақтардың күтпеген жерден алдынан шығып, қырғын таптыратынына, сөйтіп жерін жаулап, атағын әлемге жаярына берік сенген Дарий оның соңынан еріп, жетекшіл аттай желпең қағады.

Уәделі жеті күн де өтіп, сегізінші күнге аяқ басады. Азық бітіп, су таусылады. Бірақ алдыдан тірі жан кездеспейді. Шырақ айтып сендірген, «сақтар барады» деген суы шалқар, шөбі шүйгін жер де таптырмай қояды. Қайда қарасаң да шеті мен шегі жоқ, сағымға оранған меңіреу шөл дала.

Аттары мен адамдары шөлден әлсірей бастағанын көрген Дарий осынау бетпақдалаға Шырақтың өздерін әдейі алдап әкелгеніне, жауға тиіспек түгіл енді өздерінің қара бастарын сауғалап қалудың өзі мұңға айналғанына көзі жете бастайды.

Дарий әскерінің бас қолбасшысы Шырақтан «не мақсатпен сен осындай ұлы патшаны алдап, ұшқан құсы жоқ, жүгірген аңы жоқ шөл далаға әкеп, оның қалын әскерін қырғынға ұшыратпақсың? Енді бізге алға да, артқа да жол жоқ қой» деп, дәрменсіздік танытады.

«Жеңіс!», — дейді даусынан шаттық лебі ескен Шырақ аш қырандай саң етіп. «Жеңіске жетті деген осы! Отандастарым басына үйірілген қасіреттің қара бұлтын кері серпіп, сендерді қаталама шөл мен қалжыраған аштықтың албарына әкеп қамадым. Енді қайда барсаңдар да табатындарын ажал!…»

Өзегін тілген өкінішті ызадан қаны қайнап, басына шапқан Ранасбат Шырақтың сөзін одан әрі тыңдауға шамасы жетпей, көзсіз ашуға ерік беріп, оның басын өз қолымен шауып түседі (42,36).

Әрине бұл аңыз ұрпақтан ұрпаққа ауызша беріліп, тек б.з.д. ІІ ғасырда өмір сүрген Полиеннің хатқа түсіруімен бізге дейін жетеді. Бұл әңгіменің аңыз болғанымен түбінде шындықтың жатқаны күмән тудырмайды. Әр аңыз-әңгіме белгілі бір оқиғаға негіделіп жазылады емеспе.

Ендігі жерде Полиеннің мәліметі мен Бехистун жазбасындағы оқиғаларды талдап көрейік. Дарийдің тасқа қашатқан жазбасы бойынша парсылар сақтарды түгелімен жеңіп, өзіне бағындырады. Ал Полиеннің мәліметі бойынша Дарий тек айламен сақтардың бір бөлігін ғана талқандап, әзер дегенде сақ жерінен аман-сау құтылады. Екі деректің келіспеушілігінің себебі неде?

Ол үшін сақ-парсы соғысынан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму сипатын анықтайық. Деректерде сақтар Ахемендік Иранның жаулап алу соғыстарына қатысып отырғаны белгілі.  Орта Азияның тайпалары парсы армиясына жауынгерлер беріп отырған. Антик авторлары соғдылықтардың, хорезмдіктердің, сақтардың империяның Грецияға қарсы соғысына қатысқандығы жөнінде хабарлайды. Мысырдың оңтүстігіндегі Элафантан аралындағы табылған мұрағат құжаттарында жергілікті ахемендік әскери гарнизонда хорезмдік жауынгер Даргман қызмет өтегендігі жайында айтылады. Сақ жауынгерлерінің мүсіндерінің табылуы сақ атты әскерінің Мемфис пен Мысырдағы парсы гарнизоны құрамында болғандығын дәлелдейді. Сақтар өз отандарынан шеткері жатқан Парсы империясының гарнизондарының құрамдарында болған (43,156-157). Сақтардың Ксеркстың тұсындағы соғыстарға қатысқандығы жөнінде мәоіметтер жетерлік.

Ал, грек-парсы соғыстарына сақтардың қатысуы көңіл аударарлықтай. Әйгілі Марафон шайқасында сақтар парсы әскерінің қатарында ерлік көрсеткенін жасыра алмайсың.   Дарий ІІІ мен Александр Македонскийдің арасындағы соғыста сақ тайпалары парсыларға әскерлерін жіберіп отырған. Және деректерде баса аталытын жәйт, сақтардың парсыларға бағынышты ел сияқты емес, одақтастар сияқты көмек көрсеткені. Яғни сақтар б.з.д. ІҮ ғасырда ешкімге тәуелді болмаған. Олай десек, онда олар ІІ ғасыр бұрын да өз тәуелсіздігін сақтай алды ма.

Жұмысымызды көбіне деректерге сүйеніп жазғандықтан, Бехистун жазбасының субъективтілік жағына назар аударайық. Белгілі болғандай бұл жазбаны Парсы империясының «күн мен айға теңелген құдай тәріздес, теңдесі жоқ билеушісі» Дарий І жаздырды. Жазбаның мақсаты Дарийдің ерліктері мен әрекеттерінің даңқын аспандатып, болашақ ұрпаққа өшпес үлгі етіп қалдыру. Тағы бір мақсаты Парсы империясының күш-қуатын әлемге таныту. Әрине, бұл жазбаның негізіне империяның «атасы» Кирдің сақтардан жеңілуінің ізін жасыруы  жату да ғажап емес. Енді жоғарыда қойылған сұраққа жауап іздеуге тырысайық.

Парсылар екініші рет «жабайы, көшпелі тайпаларды» жеңе алмады деген атақ империяның атын ғаламға масқаралайтын еді. Келтірілген деректердегі келіспеушіліктерді біз былай түсіндіріп көрейік.

Полиен бойынша парсы әскері үш топтан тұратын сақ әскерінің бір бөлігін талқандап, тұтқынға алады. Мүмкін Бехистун жазбасындағы Дарийдің «мен сақтарды бағындырдым» деген сөздері тек осы бір топ сақтарға байланысты айтылған шығар. Сақтардың қалған негізгі бөлігін бағындыра алмағаны Дарийге өте ауыр соққы болды. Кирді басып озуды армандаған ол енді сақтарды жеңудің басқа жолдарын іздеген шығар. Бұл жол қандай жағдайда да болашақ ұрпаққа жететін тәсілмен өзінің көшпелілерден жеңілісін жасыру. Ал тасқа өшпейтіндей ғылып өзінің ұлылығын қалдыру бірден-бір жол. Салыстырмалы түрде айтсақ, Бехистун жазбасы ХІХ ғасырға дейін өз бойында жинаған мәліметтерін сақтаған.

Ұлы Дарийдің сақтарға жасаған жорығының тарихи маңызына тоқталсақ, бұл жорықтың қорытындысы Кирдің массагеттерге жасаған жорығының қорытындысынан айырмашылығы жоқ деуге болады. Екі жорықтың да тарих үшін маңызы олардың көшпелі сақ тайпаларын «айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе» алмауы. Бірақ осы соғыстардың негізінде сақ-парсы қатынастарының жаңа кезеңі басталады. Ендігі жерде сақтар парсылармен әскери одаққа барып, өз жауынгерлерін парсы әскерінің құрамына жіберіп отырған. Туылған сәтінен бастап тек соғыс өнеріне дағдылана бастаған сақтар енді өздерінің әскери мүмкіндіктерін тек өзара қырқысқа емес, жалдамалы әскер ретінде басқа бағытта жұмсап отырды.

Дарий Сырдарияның арғыжағын мекендеген сақтарды толығымен бағындыра алмайды. Бехистун жазбасындағы сақтардың бір бөлігін бағындырғандығы туралы ғана мәлімет бар. Ал қалған ірі бөлігі әлі де болса дербес тіршілік етті. Сырдария өзені арқылы өткен жорығының сәтті болмағанынан, Дарий оларды тұтқиылдан шабуыл жасауды көздеуі мүмкін. Оның мәні Қара теңізінің солтүстік жағалауы арқылы Каспий теңізін айналып өтіп, сақтарды солтүстік батысы жағынан шабуылдауды ойлауы ықтимал. Ол үшін Қара теңіз жағалауындағы скифтерді бағындыру керек болды. Осы жорыққа Дарий б.з.д. ІҮ ғасырдың алғашқы ширегінде, б.з.д. 513-512 жылдары аттанады.

Геродоттың жазбаларына қарағанда скифтер Дарийдің әскерінен шегініп, оны шөлейтті жерге әкетпекші болған (16,87). Осылайша алыс аудандарға скифтерді қуып тастаған Дарий І жеткен жеріне аралары 60 шақырымдай сегіз құрылыс тұрғызады. Бұл скифтерді қамап ұстау үшін жасалған әрекет тәрізді. Яғни, осы арқылы негізгі күштермен оларды талқандамақ болған сияқты. Бірақ Дарий және оның кеңесшілері екі нәрсеге мән бермеген тәрізді. Біріншіден, парсылар скифтер сияқты жергілікті жерді дұрыс білмейді. Ал шексіз кеңістікте бір тайпаны қамап ұстау мүмкін емес еді. Екіншіден скифтер, көшпелі болды, бұл олардың жылдам қозғалатынын білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды парсылардың жоспары нәтижесіз еді.

Парсылар бекіністер салып жатқан тұста ол скифтер оларды айналып өтіп, өздерінің мекендеріне қайтып оралады. Мұнымен қоса олар парсылардың бүйіріне жайғасты. Скифтерді ашық далада қуудан әбден шаршаған Дарий І скифтер басшыларына хат жібереді. Онда былай деп жазылған еді: «Сендер ашық айқасқа шығыңдар, ал егер өздеріңді әлсізбін деп санасаңдар, маған сыйлық ретінде жер мен суларыңды беріңдер» (16,128). Сақ-скиф тайпаларының басшысы Дарийдің хатына мынадай жауап қайтарады: «біз не үшін соғысатынымызды өзіміз де білмейміз, өйткені бізде тұрғылықты қала мен қоныстар жоқ. Сонымен қатар біз жер өңдемейміз. Бірақ сақтарда ата-баба молалары бар, егер де парсылар сол молалардың тыныштығын бұзса, скифтер парсылармен рахаттана соғысады» (16,127).

Дарийдің хатынан кейін скиф патшалары оның көкіректігіне ыза болып, жауды толық талқандау керек деген шешім қабылдайды. Осылайша скифтер парсыларды өз елдерінің шексіз кеңістігіне амалдап кіргізіп, қиындықпен қинап өлтіргілері келеді. Скифтер шегінген сайын парсыларды алдау үшін біраз мал қалдырып кетіп отырды. Осы кезден-ақ стратегиялық билік скифтердің қолына көшкен тәрізді. Олар Дарийді қиын жағдайға душар етті. Өзінің қамсыздандыру қосындарынан алыстап кеткен парсы билеушісі шынымен әлсіздене бастады. Осы кезде скиф патшалары құс, тышқан, бақа және бес жебе беріп, өз елшілерін Дарийге жібереді. Дарий мұндай сыйлықты скифтер маған бағынды деп жорамалдайды. Ал Дарийдің қолбасшысы Гобрий бұл сыйлықтар біздің өлімімізді білдіреді деп жориды. Шындығына келгенде, бұл сыйлықтардың мәні мынада еді: «сендер, парсылар, құс болып аспанға ұшып кетсеңдер де, тышқан болып жерге кірсеңдер де немесе бақа сияқты суға сүңгіп кетсеңдер де біздің бес жебемізден құтыла алмайсыңдар».

Парсыларға сыйлық бергеннен кейін скифтер негізгі шайқасқа дайындалады. Шайқас басталар тұста қызық жағдай болады. Скифтердің арасынан қоян жүгіріп өтеді. Скиф жауынгерлері болса, қару-жарақтарын тастап, қоянды қуалап ұстауға кірісіп кетеді. Мұны байқап тұрған Дарий скифтердің өзіне қандай көзқараста екенін байқайды. Скифтердің жасаған іс-әрекеттерінен олардың Дарийді қарсылас деп бағаламағандығын анық байқауға болады. Яғни, парсылармен соғысқанша, қоян аулағанымыз жақсы деп есептеу Дарий үшін үлкен соққы болғандығы анық. Жалпы бұл жорықтан Дарий зорға дегенде аман қалады.

Сақ-парсы қатынастары тарихта өзіндік орны бар ерекше құбылыс болды. Олай дейтініміз, Вавилонды, Лидияны, Мидияны, Ассирия мен Орта Азияның отырықшы елдерін өз қол астына бағындырған айдаһар тәрізді алып күш Парсы империясын тоқтата білген бірде бір халық сақтар болды. Сақтардың бұл ерлігі оларға «жабайы көшпенділер» деп тағылған айдарынан әлде қайда биік тұрды. Әр нәрсенің екі қыры болады. Отырықшы елдер теңдесі жоқ дамыған мәдениет қалыптастырғанымен мақтанса, көшпенділер керемет ғимараттарымен, өркендеген қалаларымен, жазба әдебиетімен мақтана алмаса да одан артық құндылықтарға: бостандықты сақтай білу, еркіндікті сүйе білу, ешкімнің алдында бас имеу деген қасиеттерге ие болды. Осы қасиеттері арқасында сақ тайпалары, соғыстармен өткізген ІҮ ғасырында, бірде бір өзге патшаның алдында тізелерін бүкпеді.  

 

2.2. Грек-парсы соғыстарына сақтардың қатысуы

 

Ахемендік патшалардың грек мемлекетерімен б.з.д. V ғасырдағы грек-парсы соғыстарынан бастап парсы империясының әскери күш қуатының әлсіздігі көрініді. Жиі соғыстар, сарай  төңкерістері б.з.д.  IV  ғасырдың өзінде мемлекеттің әлсіреуіне, елдің шеткері аймақтарында бас көтерулерге алып келді. Осы кезде Македон патшасы Филиптің әскерді қайта құруды бастауы македон әскерін өз дәуіріндегі ең мықты әскерге айналдырды. Бұл оның мирасқоры Александрға Парсы державасының мұралары үшін Ахемен билеушілерімен тайталасуға зор мүмкіндіктер туғызды. Александр Алдыңғы Азиядағы грек провицияларын жаулай бастап, б.з.д. ІҮ ғасырдың 30-жылдарынан бастап парсы флоттарымен күреседі. Б.з.д.331 жылы Гавгамелла түбіндегі шайқаста біріккен ахемендік әскерге шешуші тойтарыс беріледі. Осы шайқасқа Парсы империясының одақтасы және жалдамалы әскер ретінде сақтар, массагеттер, дайлар қатысады (44,109-110). Айта кетерлік бір жәйт, деректерде сақтар Бактрия сатрапының құрамында емес, тікелей парсы империясының одақтасы ретінде көрсетіледі. Және олардың Мавак деген қолбасшыларының аты беріледі. Сақ жауынгенрлері алғашқы сәттен бастап-ақ македон әскерлері қатарын шығынға ұшырата бастайды. Арриан (45,ІІІ,22-25) мен Курций Руфтың (46,60) еңбектерінде сақ сарбаздарының батырлығы мен ержүректілігі жайлы айтылады. Оған қарамастан шайқастың қорытындысын Дарий ІІІ соғыс алаңынан қашуы шешеді.

Үш жарым жыл ішінде македондықтар парсы флотын талқандап, Эгей мен жерорта теңізіне орнығып алды (47,76-78). Парсылардың саяси-экономикалық орталығы Вавилон қаласын жаулап алды. Осы уақыт ішінде македон жауынгерлері сегіз мың шақырымнан астам қашықтықты басып өтті. Парсы патшалығы талқандалды, дегенмен өздерінің жеңісін баянды ету үшін македондықтарға Бактрия, Соғдияна және Хорезмді бағындыруға тура келді. Бұл далаларда көшпелі сақ-массагет тайпалары мекендеді. Бактрия мен Соғдияна аса маңызды сауда жолында тұрды. Шығысқа үстемдік ету үшін македондықтарға міндетті түрде осы аймақты бағындыруға тура келді. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін македондықтар тағы да үш жарым жыл уақыт кетірді.

Б.з.д. 330 жылы көктемде Македон әскерлері Экбатанға қарай жылжып, 15 күннің ішінде мың шақырым жерді басып өтті де, Дарийдің соңғы байлығын басып алды. Македон атты әскері мен жеңіл қаруланған жаяу әскері парсы әскерлерін одан әрі қарай қуды.

Дарий ІІІ Бактрия сатрапы Бесстің қолынан сатқындықпен қаза табады. Бесс Александр Македонскийге қарсы көтеріліске шығады. Бесстің көтерілісшілерінің құрамы Азияға қашқан парсылардан, Бактрия тұрғындарынан тұрды. Және өзінің айтуы бойынша оған жақын арада одақтастары сақтар көмекке келуі керек еді. Алайда сақтар сол күйі көтерілісшілермен бірікпейді. Жоғарыда біз сақтардың Парсы империясымен одақтас болғандығын айттық. Ал, Парсы билеушісі Дарий ІІІ өлімінен кейін ешкім сақтармен одақтарын ұзартпады немесе жаңа одақ туралы ұсыныс жасамады. Сол себепті сақтар Бесстің әскеріне қосылуға ешқандай негіз таппады. Бұның тағы бір себебі дәл сол кезде македондықтар әскері сақтардың жерлеріне әлі де болса қауіп төндірмеген болатын (44,118-125).

Бесстің қарсылығы ұзаққа созылмайды. Оны соғдылық Спитамен макендоқтырға ұстап беріп, гректерге қарсы өзі бас көтереді. Спитаменнің көтерілісімен сақтардың македондықтармен соғысының кезеңі басталады. Гректердің Соғдыны жаулап алуы сақтарға да қауіп төндіре бастады. Ендігі жерде сақтар өз бостандығы үшін, Александрдың әскерін өз отанына жібермеу үшін күреседі. Македондықтарға қарсы Сырдария (Танаис) өзені бойындағы қалалар тұрғындарың, Спитаменнің, сақтардың көтерілісі жалпы басқыншыларға қарсы көтеріліс сипатын алады (13,20).

Арриан, Курций Квинт және Геродот еңбектерінде сақтардың Александр Македонский армиясымен екі жыл бойы соғыс жүргізгендігін баяндайды. Александр Македонский сақтарды соғыста тізе бүктіре алмады. Енді сол сақтардың Александр Македонскиймен жүргізген соғыстарының шешуші кезеңдеріне тоқталайық.

Содан соң македондықтар Соғдианаға – сақтарға басып кіріп, бостандық сүйгіш тайпалармен екі жылға созылған соғыс жүргізді.

Соғыстың бірінші кезеңінде – б.з.д. 329 ж. Македон жауынгерлері Окс өзенінен өтті де, Мараканд (Самарқанд) қаласын басып алды. Бұдан кейін македондықтар Яксарт өзеніне жетіп, аса мықты қамал-қала – соңғы Александрия (Ходжент) қаласын салды. Алайда Соғдианада орнығу үшін тағы да екі жыл соғысуға тура келді.

Македон басқыншыларымен күресті Соғдиананың әскер басы Спитамен басқарды. Ол сақ тайпаларымен одақ құрды. Жергілікті халық көтеріліске шығып, Яксарт өзені аңғарындағы жеті қаладағы Македон гарнизондарын жойып жіберді. Спитамен басқарған жасақ Мараканд қаласындағы Македон гарнизонын қоршауға алды. Македон әскері қиын жағдайда қалды. Олар, дегенмен, жанталаса отырып, көтеріліске шыққан жеті қаланы да қайта қайтарып алды, бірақ Спитамен әскеріне қарсы тұруға мүмкіндігі болмады. Себебі Яксарт өзенінің оң жағында тұрған сақтардың үлкен күші өзен арқылы Македон армиясын атқылады. Сақтар Александрға сөз салды: «Сен, Александр, сақтармен соғысамын деп өрескелдікке барма, егер сенің оларға шабуыл жасауға батылың барған болса, олардың азияттық тағылардан (варварлардан) өзгеше екенін байқаған болар едің».

Македондықтар өзен арқылы тас ататын машиналарын құрып, сақтарды атқылай бастады. Атқылау кезінде садақшылар мен мергендер (сақпаншылар) өзеннен өтіп, сақтардың алдыңғы отрядтарын кейін шегіндірді және фаланг (ұзын найзалы әскерлер) мен атты әскердің өзеннен өтуіне жағдай жасады. Сөйтіп, шайқас Яксарт өзенінің оң жағына ауысты.

Шайқастың бірінші кезеңін македондықтардың алдыңғы отряды бастады. Сақтарға қарсы одақтас атты әскер отряды жіберілді. Сақтар бұл шабуылды тойтарып, оларды қоршап алып, жебемен атқылады. Атты әскерге көмекке жеңіл қаруланған жаяу әскер жіберілді. Енді сақтар шегінді, алайда жауды көзден таса қылған жоқ.

Екінші кезең – негізгі күштің ұрысы және сақтардың шегінуі.

Алдыңғы жасаққа көмекке үш шағын топпен атты мергендер жіберілді. Алайда сақтар македондықтар шабуылын тойтарып тастады. Сонда Александр өзінің атты әскерінің бәрін де соғысқа кірістірді де, сақтарды шегіндіріп, соңынан түсті. Аррианның айтуынша, сақтарды аптап ыстық, шөл және Александрды ауыртқан лай су құтқарды. Ұлы қосбасылардың жеңілістерін табиғи қиыншылықтарға аудару – ежелгі және қазіргі тарихшылардың әдеті. Шындығында, Кирдің түбіне жеткен қайғылы оқиғаны еске салған Александр сақтардың жеріне тереңдеп енуге бата алмады. Македон армиясына қарсы сақтардың әскери қимылы өз әскерін жеке-жеке талқандалудан сақтай отырып, дұшпанға қарсы күшті бірте-бірте топтастырып, күшейтуімен сипатталады. Шайқасып жатқан отрядтар бір-бірімен тығыз байланыста болды және өзара тактикалық қимыл берлестігін сақтады. Сақтардың артынан түсуды тоқтату, Арриан айтқандай, сақтарды талқандалудан сақтаған жоқ, керісінше, сақтардың македондықтарды өз жеріне тереңдете енгізіп алып, талқандауынан сақтап қалды.

Осыдан кейін Македон басқыншылары негізгі күштерін Мараканда тұрған Спитамен басқарған жауынгерлерге қарсы жұмсады. Бірақ Спитамен жағдайды дұрыс сарапқа салды да, шайқасқа түспей, Мараканды тастап, тез шегініп, сақ әскерлеріне барып қосылды. Оның соңынан күшті Македон отряды қуғындады. Сақтармен бірігіп алған Спитамен әскері македондықтарға шабуыл жасай бастады, бірақ үлкен шайқасқа түскен жоқ. Бұл македондықтарды кейін шегінуге мәжбүр етті. Жай садақшыларының қаупін сейілту үшін Македон отряды Политамет (Зеравшан) бойындағы орманға тоқтады да, сол жерде шайқасқа түсті.

Политамет өзені бойындағы шайқастың бірінші кезеңі – Спитамен жасағының македондықтардың өзеннен өтуіне бөгет жасауы. Македондықтардың атты әскерінің бір командирі қолбасыларының рұқсатынсыз өзеннен өте бастады. Оның соңынан жаяу әскер бей-берекет қозғалды. Спитамен садақшылары мен сақ мергендері өзеннен өтпекші болғандарды жебенің астына алды. Мұнымен қоса сақ атты әскерлері өзенге түсіп, өзендегі бір аралға шыққысы келген жау әскеріне шабуыл жасады.

Соғыстың екінші кезеңі – Аралдағы македондықтарды қоршау және құртып жіберу. Спитамен мен сақ жасақтары македондықтарды, негізінен, жебенің астына алды. Македондықтардың бір бөлігі сақ тосқауылына тап болды және барлық Македон әскер басшылары оққа ұшты. Қырық шақты атты әскер мен 300-дей жаяу әскер ғана қашып құтылды (47,80).

Сөйтіп, Спитамен мен сақтардың атты әскері өздерінің соңына түскен аса қуатты Македон жасағын шешуші шайқасқа түспей-ақ, алдап шегіну арқылы тосқауылға түсіріп, соңынан құртып жіберді. Македондықтардың тағы бір үлкен күші үш күнде екі жүз сексен шақырым жол жүріп, көмекке жеткенмен, бәрібір кешігіп қалды. Өздерінің шығынға ұшыраған жауынгерлерін жерлегеннен кейін Александр Спитамен мен сақтардың соңына түсті, бірақ тағы да сақ даласына ішкерілей енуге бата алмады да, Бактрияға келіп, осы жерде қыстап шықты. Осында оған жаңа күштер келіп қосылды. Сөйтіп, б.з.д. 329 жылғы жазғы шайқастағы шығынның орны толтырылды. Македон армиясы қыс бойы жаңа шайқастарға дайындалды. Мұнымен қоса Бактрия мен Соғдианадағы халық көтерілістерімен шайқасты жалғастырды. Бұл мезгілде жергілікті көтерілісшілердің шайқас тәсілдері өзгеріп, олар қолға түспейтін жерлерге тығылып қалды. Бірақ македаондықтар негізгі жерлерге қамалдар салып, онда үлкен гарнизондар ұстады. Әскери өнер тұрғысынан алғанда, қамалдардың тұрғызылу әдісі былай болды: мысалы, Маргиана қаласы маңында алты «қалалық» қорған тұрғызылды, екеуі оңтүстікке қаратылып салынды, төртеуі шығысқа қаратылды, бір-біріне көмектесу үшін олар бір-біріне жақын аралықта орналасты.

Сөйтіп, жеке қорғандар салу үшін үлкен қаланы күщейтіп, үлкен гарнизон ұстау тиімді болып шықты. Қазіргі қазақтар, өзбектер және тәжіктердің арғы аталарының Спитамен сияқты талантты көсем басшылығымен жүргізген шайқастары македондықтарды Бактрия мен Соғдиананы бағындыру үшін көп уақыт жұмсауға мәжбүр етті. Тек б.з.д. 327 жылы Македон армиясы Үндістанға жорық бастады (14, 15).

Біздің еліміз аумағында тұрған жауынгер, бостандық сүйгіш халықтармен соғысу македондықтарға парсылармен соғысудан гөрі анағұрлым көп күш жұмсауды талап етті. Бірақ солай бола тұра, Македон армиясы Бактрия мен Соғдианадағы негізгі сауда жолдарына орнығып қалды. Олардың бұл жеңіске қл жеткізуіне себепші болған жергілікті ақсүйектердің сатқындығы және Спитамен армиясына одақтас болған тайпалардың көмегінің әлсіздігі еді. Македондықтар жеңіске жеткенмен, аса зор шығынға ұшырады. Александрдың өзі де бірнеше рет жараланды.

Сақтар кейіннен Александр Македонский армиясында қызмет етті. Сақтардың замандастары олардың әскери өнерін жоғары бағалады. Мысалы, Александр Македонский жағында сақтардың атты әскері болған. Аррианның «Анабазис Александра» кітабынан мәлім болғанындай,  Александрдың бойшаң жауынгерлерінің өзі сақ жауынгерлерінің иығына әрең жетеді. Сақтар империяның ең шалғай өңірлерінде де қызмет етеді. Олар тіпті Египетте, Мемфисте болды. Бұл жерлерден сақ атты әскерлерінің қобдишалары табылған. Ал Кархемыштың маңында парсы гарнизонынан шыққан сақ жауынгерлерінің қабірлері табылып отыр. Сақтар сонымен қатар марафон әскерлерінің бетке ұстары болған. Олардың ерлігі аңызға айналған. Ал Платей соғысында ер жүректік көрсеткен сақтың атты әскері болды. Сақ жауынгерлерінің қолдан жасалған жебелері бүкіл Алдыңғы Азиы мен Грецияда ұшырасады.

Сақтар македондықтармен де парсылардағы сияқты қарым-қатынас орнатады. Бұл байланыстың мазмұны оларға бағынышты болу емес, тек әскери одақ жасасу. Азияны түгелдей жаулауға ұмтылып келе жатқан Ескендір Зұлқарнайынның күшін Қазақстан жерінің бір шақырымына да кіргізбей  бөгет болған сақтар, бұл жорықтың бағытын қарама-қарсы Үндістанға бағыттауына себепкер болады.

 

2.3. Сақтардың көрші мемлекеттермен мәдени байланысы

 

Жазба деректерден сақтардың зороастризмге қатысы жөнінде бізге не белгілі? Бехистун жазбасының V бағанасында Дарий өзінің тиграхауда сақтарына қарсы жасаған жорығы туралы баяндап, мынадай мәлімет береді: «Бұл сақтар өте қатігез және Ахура Маздаға табынбады. Мен Ахура Маздаға сыйындым. Ахура Мазданың рахымымен мен оларды өз қалауыммен көндірдім». Тура осы сарын эламиттер жайында айтылғанда да сақталады. Бір қарағанда бұл үзінді бізге айдан анық мағлұмат беріп, ешқандай сынды қажет етпейтін сияқты. Ала йда бұл жазбаның мәтінін түгелдей зерттеу бірқатар ғалымдарды басқа ойға әкелді. Жазбаның басқа да бағаналарында Ахура Маздаға табынбаған Вавилондағы бірнеше көтерілістер туралы айтылып, бірақ олардың діні туралы тіс жармайды. Және де Эламдағы болған көтерілістер жайлы жазбада жазылғанымен, олардың қай дінді ұстанатыны жайлы ешқандай қосымша мәлімет келтірілмейді. М.А. Дандамаевтың көрсетуі бойынша Дарий І бастап Ахемендер державасының діни саясаты толығымен саяси жағдайға бағынып, соның қолшоқпарына айналған (30,260-261). Бұл ойды ары қарай В.А. Лившиц дамытып, Бехистун жазбасындағы келтірілген үзіндіге сүйене отырып, «жекелеген елдер мен тайпаларға Ахура Мазданы құрметтемейді деген айып тағып, Ахемендік билеушілер оларды жаулап алуға немесе басып жаныштауға қосымша сылтау іздеді» деген болжамын айтады.

Бұл тұжырым сақтардың діні жөніндегі Бехистун жазбасындағы мәліметке күмәнмен қарауға итермелейді. Бізді қызықтыратын мәселеге байланысты Ксеркстың «антидэвтік жазбасынан» да ешқандай жауап ала алмаймыз (7,134-137), алайда кей кездерде жазбадағы «дэвтардың ғибадатханасын»  ортаазиялық көшпелі тайпаның қиратқаны жөніндегі мәліметті ғалымдар дах тайпасынымен байланыстырады.

Сақтардың діні парсылар үшін ешқандай маңызға ие болмады, сол замандағы зороастризм дінінің негізін берік ұстамады деген айып та рас. Өйткені сақтар бұл дінді сол қалпы емес, ұзақ қарым-қатынастың арқасында тек кейбір жақтарын ғана қабылдаған.

Зороастризмнің қасиетті кітабы Авестада сақ тайпалары бірнеше атпен белгілі. Солардың ішіндегі кең қолданылатыны – тур. Авестаның ең ежелгі бөлімі – Гатада Зороастрдың ілімін қабылдаған  турлар туралы айтылады. Осы мәліметке сенетін болсақ, Зороастрдың өмір суру уақытының бір болжамы бойынша, б.з.д. ҮІ ғасырда тур-сақтардың арасында оның ілімін қолдайтындары болған болуы мүмкін. Осыған және Авестадағы қаһармандардың кейіпіне жасалған талдаудың қорытындысына сүйене отырып, В.И. Абаев «зороастризм скифтермен тікелей байланысқа түсуі және олардың қатысымен дүниеге келген» деп ой тұжырымдайды.

Авестаның ең ерте  мәтіндерінде арийлердің алғашқы отаны болып – Арианам Вайджа аталады. Арианам Вайжа екі ірі және терең өзендері бар кең аумақты ел. Бұл екі өзен – Датья мен Ардви. Ушида мен Ушидарна деген таулары бар. Арианам Вайджаның жүрегінде Ворукаша көлі орналасқан. Ворукаша көлінің жағасы тек арийлердікі емес. Мұнда Ардви Сураға табынып, құрбандық шалатын, арийлердің жаулары, турлар өмір сүреді.

Арийлер жеріндегі тағы бір көңіл аударарлық жер – Чайчаста көлі. Ол жерде Ардви Сураға «арийлер елін біріктірген» Хосров құрбандық шалған (48,32).

Енді осы аталған жер атауларын қазіргі кездегі географиялық жағдаймен салыстырайық. Арийлер жерінде маңызға ие екі үлкен, қасиетті өзендер орналасқан. Осы Датья мен Ардвиге арийлердің құдайлары мен қаһармандары ғана емес, олардың жаулары турлар да құрбандық шалған. Екі өзен де таудан бастау алады, жағасында арийлер мен турлар қоныс тепкен біреуі Ворукаша көліне құяды. Ардви мен Датьяның бастау алатын Хукарья тауы Арианам Вайджаның шетінде орналасқан. Құдай ана Ардви Сура Анахиттың өзені Ардви ғалымдардың ойынша Амудария өзені, ол біздің заманымызға дейін өзінің Узбой сағасы арқылы Каспий теңізіне құйған. Яғни бұл жердегі Ворукаша көлі –Каспий теңізі. Ал Датья Сырдарияға теңеледі. Чайчаста болжам бойынша Арал теңізі. Памир-Алай және Тянь-Шань таулары Хукарья тауына сәйкес келеді (11,24-25).

Арийлер мен турлардың шекарасы сонымен, Амударья және Сырдария өзендері арқылы өткен. Зороастризм діні Иранның шығысында пайда болды деген болжамды алсақ, онда сақтар бұл діннің таралған аумағының тура іргесінде көшіп жүрген. Әрине, олардың арасында жаугершілік болғанымен, ол зороастризм ілімінің кейбір негіздерінің сақтар арасында таралуына ешқандай бөгет бола алмады.

Геродоттың сақтардың массагет тайпасының діні туралы қалдырған  мәліметі бойынша олар құдайлардың арасынан тек Күнге ғана сыйынып, оған құрбандыққа атты шалады. Бұл құрбандықтың мәні құдайлардың ең жүйрігіне жануардың жүйрігі сай. «Тарих атасының» сақтарда аттың ерекше культы болғандығы жөніндегі бұл дерегі соңғы жылдары археологиялық және этнографиялық мағлұматтармен толықтырылып келеді. Авестада күн жүйрік аттарымен бейнеленеді. Зороастризмның табыну обьектілері күн мен от болып табылады. Геродот сақ патшасы Томиристің аузына: «массагеттердің тәңірі күнмен ант етемін» деген сөз салады. Сақтардың Күн құдайы Ахура Мазда болуы шарт емес. Тек екі құдайдың да бір бейнеге ие болуы бірнеше ғасырлық үрдістің нәтижесі болуы мүмкін. Көшпенділер үшін барлық аспан денелері, ай, жұлдыздар, ғаламшарлар, сияқты күннің де маңызы зор болған.

Сақтар зороастризмнің өз тұрмыс-тіршілігіне, болмысына сай келетін элементтерін ғана қабылдаған.

Сақтардың көрші мемлекеттермен мәдени байланыстарын анықтауда археологиялық материалдар да ерекше орынға ие. Алтайдағы пазырық қорғандарына жүргізілген археологиялық экспедицияның қорытындылары ішінде біздің тақырыбымызға керекті мағлұматтарды алып талдайық (49,342-361).

Парсылармен немесе отырықшы көрші мемлекеттермен тікелей жанасатын сақтардың ескерткіштері емес, Қазақстанның қиыр шығысындағы сақтар ескерткіштерін алып қарастыруымыздың өзіндік себебі бар. Егер біз шалғайда жатқан сақ тайпаларының Алдыңғы және Орта Азиямен мәдени байланысының дәрежесін анықтай алатын болсақ, онда іргесінде тұрған сақ тайпаларының олармен мұндай қарым-қатынас орнату мүмкіндігі еселене түсетіні анық. Сондықтан Алтайды мекендеген «аримаспа» сақтарының көрші мемлекеттермен орнатқан мәдени байланыстарының сипатын айқындауға тырысайық.

Біздің қарастыратын мәселеге арқау болатын б.з.д. Ү-ІҮ ғасырлар деп есептелетін пазырық қорғандары. Осы пазырық қорғандарынан ғылымды қызықтырған кілемдердің қазылып алынуы айтарлықтай жаңалық болды. Бұл кілемдердің жасалуы және қайдан әкелінуі мүмкін деген сұрақтар туа бастады. Және де кілемдердегі суреттер композициясы сақтардың дәстүрлі «аң стилінен» де біршама ерекшеленді. Ежелгі Шығыс тарихының қолөнер тарихына терең үңілу барысында көп нәрсенің беті ашыла бастады. Алдымен осы кілемнің қайда тоқылғаны анықталды. Б.з.д. ҮІІ-ҮІ ғасырларда мұндай кілемдерді тоқу технологиясы Алдыңғы Азияда, Вавилонда, Ассирияда, Мидияда, Персияда дамыды және тек сонда тоқылып шығарылды. Бұдан шығатын қорытынды парсы кілемдері Алтай тауын мекендеген сақтарға жетіп отырған. Әрине кілемдер оларға айырбас, сауда арқылы, соғыс олжасы ретінде баруы ықтимал. Маңыздысы ол кілемдердің қандай жолмен емес, олардың сонау алыстағы (парсылар үшін жердің түбі) елге жетуінде. Бұл жерде кілемдер тек мысал ретінде алынып отыр. Біздің заманға жетпеген, бірақ сол кездегі байланыстардың мазмұнын ашатын заттар да бірталай екендігі айғақ.

Халықтар арасында мәдени байланыстардың орнауы саясаттан, соғыстардан тыс белгілі бір заңдылықпен жүріп жататын құбылыс. Ол үрдіске ешқандай күш кедергі келтіре алмайды.  Әр елмен тайпаның өзіндік әдет-ғұрпы мен салт-санасы көрші мемлекеттермен ұзақ уақыт бойы қатар өмір сүруіне байланысты аздаған өзгерістерге ұшырап отырады. Мәдени байланыстар негізінде рухани құндылықтардың ауысуы жұріп отырады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Ежелгі сақтардың тарихын зерттеу, біздің отандық тарихнамадағы келелі мәселелердің басын ашуда үлкен септігін тигізері анық. Өйткені сақ тайпалық одағы, Қазақстан жеріндегі кейінгі қазақ көшпелілерінің болмысына, тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпына елеулі әсерін тигізді.

Соның ішінде сақтардың халық аралық қатынастардағы қызметін қарастыру, кейбір сақ билеушілері мен батырларының ел қорғаудағы қызметі ұрпақты тәрбиелеуде мәні зор.

Жоғарыда біз сақ тайпасының тарихын әр қырынан қарастыруға үлкен мән бердік. Алдымен «сақ» атауының төркіні жөнінде айтылған көптеген пікірлерге талдау жасап өттік. Байқағанымыз зерттеушілердің көпшілігі «сақ» сөзінің мағынасын өздеріне ыңғайлы етіп түсіндіруге тырысқан. Мәселен, ғалымдардың кейбірі бұл атауды «итпен», «бұғымен» байланыстырса, енді бірі атаудың маңайынан діни астар іздейді. «Сақ» атауын жан-жануарлар әлемінен іздеу кей жағдайда қызығушылық тудырады. Зерттеушілердің жоғарыда айтқан пікірлерінше «сақ» атауын әр-түрлі хайуанаттан іздеу діни наным-сенім мен кәсіпке байланысты. Бұл арада Ресей территориясында өмір сүретін «саха» ұлтын еске түсіріп көрейікші. Олардың негізгі кәсібі бұғы шаруашылығы. Сондықтан да «сақ» сөзі атауын тайпаның айналысатын немесе ерекше бір дәстүрлерімен байланыстыру да көңілге қонымды тәрізді. Қалай дегенде де бүгінгі күнге дейін «сақ» атауының төңірегіндегі дау-дамай әлі шешімін таппағандығын жұмысты жазу барысында анықтадық. Бұл әлі де ғылыми ізденісті қажет ететін мәселе екендігін мойындауымыз қажет.

Сақ тайпалар бірлестігінің құрамындағы тайпалар мен олардың топтасу мәселесінің де өзіндік маңызы зор. Көптеген деректерге көз жүгіртсек, сақ одағындағы тайпалардың атаулары әр түрлі болып жатса да, топтасу мәселесі бойынша бір ауданнан табылады. Мұның өзі сол заманның өзінде-ақ сақтардың әркім әртүрлі атағандығының тағы бір дәлелі. Зерттеушілердің сақ тайпаларының топтасуын Сырдариямен, енді бірі Арал маңы және Амудариямен, тағы біреулері Ферғана, Памир, Жетісу алқаптарымен байланыстырады. Бұл зерттеушілердің тұжырымдарын бір арнаға жүйелесек, сақ тайпаларының мекені Орта Азия екендігі күмән тудырмайды.

Сақтардың көрші халықтармен байланысы ежелгі грек деректерінде негізгі оқиғаға айналған. Сақтардың Ахемендік Иранмен, Александр Македонскиймен болған ұрыстары, одақ жасасуы, олардың саяси аренада белсенді қызмет атқарғандығын көрсетеді. Ешқандай шайқаста жеңіліс таппаған Кир ІІ сақ жеріне келіп қаза болуы көп нәрсені аңғартады. Дарийдің сақтармен шайқасы деректерде әртүрлі бағаланады. Кейбір грек авторларының мәліметтері Дарий сақтарды бағындыра алмады деп баса көрсетсе, парсы деректері, соның ішінде Дарийдің тапсырмасымен жазылған Бехистун жазбасы, сақтардың парсы патшасына бас игендігі жөнінде мағлұмат береді.

Сақ-парсы қатынастары тарихта өзіндік орны бар ерекше құбылыс болды. Олай дейтініміз, Вавилонды, Лидияны, Мидияны, Ассирия мен Орта Азияның отырықшы елдерін өз қол астына бағындырған айдаһар тәрізді алып күш Парсы империясын тоқтата білген бірде бір халық сақтар болды. Сақтардың бұл ерлігі оларға «жабайы көшпенділер» деп тағылған айдарынан әлде қайда биік тұрды. Әр нәрсенің екі қыры болады. Отырықшы елдер теңдесі жоқ дамыған мәдениет қалыптастырғанымен мақтанса, көшпенділер керемет ғимараттарымен, өркендеген қалаларымен, жазба әдебиетімен мақтана алмаса да одан артық құндылықтарға: бостандықты сақтай білу, еркіндікті сүйе білу, ешкімнің алдында бас имеу деген қасиеттерге ие болды. Осы қасиеттері арқасында сақ тайпалары, соғыстармен өткізген ІҮ ғасырында, бірде бір өзге патшаның алдында тізелерін бүкпеді.

Бехистун жазбасында Дарий І өзінің жаулаушылық саясатының нәтижесін тым асыра сілтеп жіберген сияқты. Олай дейтініміз, сақ тайпалары парсылармен қарым-қатынасты бағынышты ел қатарында емес, керісінше тең одақтастар ретінде орнатты.  Александр Македонский де сақтардың әскери күшін одақтасы ретінде пайдаланды.

Халықтар арасында мәдени байланыстардың орнауы саясаттан, соғыстардан тыс белгілі бір заңдылықпен жүріп жататын құбылыс. Ол үрдіске ешқандай күш кедергі келтіре алмайды.  Әр елмен тайпаның өзіндік әдет-ғұрпы мен салт-санасы көрші мемлекеттермен ұзақ уақыт бойы қатар өмір сүруіне байланысты аздаған өзгерістерге ұшырап отырады. Мәдени байланыстар негізінде рухани құндылықтардың ауысуы жұріп отырады.

Жалпы, жоғарыда айтылғандардың негізінде қорытынды жасайтын болса, сақ тайпалары халық аралық қатынастарда белсенді болды. Парсы патшаларының өзі сақ тайпаларынан қатты сескену үстінде болған. Көршілес елдердің көпшілігі сақтармен соғысқанша, одақтасы болуды дұрыс деп білген. Сақ тайпаларының топтасқан жерлерін анықтау барысында анықтағанымыз, олардың Қазақстан территориясының басым бөлігінде орналасқаны. Мұны тек жазба деректер емес, археологиялық материалдар толықтыра түседі.      Сондықтан  сақ тайпалары тарихын зерттеу қазақ халқының түп-тамырының негізін ашудағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

  1. Григорьев В.В. Оскифском народе саках. / / Евразийский народ саки. –  Алматы, 2006.
  2. Струве В.В. Поход Дария І на саков-массагетов. // Известия АНСССР, серия  истории ифилософии, 1946, №3.
  3. Толстов С.П. Древний Хорезм.  По следам древнехорезмийской цивилизации. – М.-Л.,1948.
  4. Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962.
  5. Дандамаев  М.А. Поход Дария против скифского племени тиграхауда. // Краткие сообщения института народов Азии. 1963, вып. 61.
  6. Пьянков И.В. К вопросу о маршруте Кира ІІ на массагетов.//Вестник Древней Истории, 1964, №
  7. Литвинский Б.А. Древние кочевники «крыши мира». – М., 1972.
  8. Акишев К.А. Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней реки Или. —  Алматы , 1963.
  9. Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – Алматы,1984.
  10. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерктер). – Алматы, 1994.
  11. Кляшторный С.Г. Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячилетии. – Алматы, 1998.
  12. Қазақстан тарихы. І том. – Алматы, 1996.
  13. Қадырбаев А.Ш. Сакский воин – символ духа предков. – Алматы, 1998.
  14. Аманжолов К. Қазақстанның әскери тарихы. – Алматы, 1999.
  15. Учебно- методический практикум по истории Казахстана. – Алматы, 2002.
  16. Геродот. История в 9-ти книгах. – Л., 1972.
  17. Страбон. География. В 17-ти книгах.- Л., 1964.
  18. Древние авторы о Средней Азии. – Ташкент, 1940.
  19. Арриан. Поход Александра. – М.-Л., 1962.
  20. Раевский С.Д. Очерки идеологии скифо-сакских племен. – М., 1977.
  21. Пьянков И.В. Саки. // ИАН Таджикской ССР, ООН, 1968,  №3 (53).
  22. Погребова М.Н. Раевский Д.С. Ранние скифы и Древний Восток. – М., 1992.
  23. Литвинский Б.А. Пьянков И.В. Военное дело у народов Средней Азии. // ВДИ , 1966, №
  24. Абаев В.И. Осетинский язык и фольклор. – М.-Л., 1949.
  25. Тревер К.В. Памятники греко-бактрийского искусства. – М.-Л., 1940.
  26. Бернштам А.Н. Древняя Фергана. // ВДИ, 1949, №1.
  27. Гулямов Я.Г. История орошения Хорезма с древнейших времен до наших дней. – Ташкент, 1957.
  28. Струве В.В. Этюды по истории Северного Причерноморья, Кавказа и Средней Азии. – М., 1968.
  29. Бэйхай Су. Сақтар мәдениеті: сақтар және қазақтар. // Қазақ әдебиеті, 2001, №1.
  30. Дандамаев М.А. Иран при первых Ахеменидах. – М., 1963.
  31. Дьяконов М.М. Очерки истории древнего Ирана. –М., 1961.
  32. Дандамаев М.А. Политическая история Ахеменидского Ирана. – М.,1985.
  33. Дьяконов И.М. История Мидии от древнейших времен до ІҮ вв до н.э. –М.-Л.,1956.
  34. Граков Б.Н. Скифы. – М., 1971
  35. Латышева В.В. Известия древних писателей греческих и латинских о Скифии и Кавказе. // ВДИ, 1947,№17
  36. Ковалевская В.Б. Конь и всадник. – М., 1977.
  37. Заднепровский Ю.А. Взаимодействие кочевников и древних цивилизации и этническая история Средней Азии.//Взаимодействие кочевых культур и древних цивилизации. – Алматы, 1989.
  38. Мартынов И.А. О степной скотоводческой цивилизации І тыс. До н.э.// Взаимодействие кочевых культур и древних цивилизации. – Алматы, 1989.
  39. Дандамаев М.А. Политическая история Ахеменидского Ирана. М.,1985
  40. Струве В.В. Датировка Бехистунской надписи. // ВДИ, 1952, №1.
  41. Салғарин Қ. Сақтар әлеміне саяхат немесе тарихқа жаңа көзқарас. // Егемен Қазақстан. 1998, 13 қаңтар.
  42. Полиен. Военные хитрости.// Древние авторы о Средней Азии. – Ташкент, 1940.
  43. Ставиский Б.Я. Средняя Азия и Иран. // История Иранского государства и культуры. – М., 1971.
  44. Гаибов В.А. Кошеленко Г.А. Кочевники Средней Азии в эпоху Александра Македонского. // ВДИ, 2005, №1.
  45. Арриан. Анабасис Александра. // Древние авторы оСредней Азии. – Ташкент, 1940.
  46. Курции Руф. // Древние авторы о Средней Азии. – Ташкент, 1940.
  47. Вайнберг в.И. Ставиский Б.Я. История и культура Средней Азии в древности. – М., 1992.
  48. Авеста. Избранные гимны. – Душанбе, 1990.
  49. Руденко С.И. Культура населения горного Алтая в скифское время. –

М.-Л.,1953.

 

Персополге салық әкеле жатқан сақтар. Бехистун тасы.

 

Б.з.б. VII – IV ғасырлардағы сақ тайпаларының Қазақстан территориясында орналасуы