МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 — ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғасыр) ЖАЗБА
ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ.
1.1. Көне қыпшақ жазба ескерткіші «Кодекс куманикус» және оның зерттелу тарихы…………………………………………………………………………………………..
1.2. Алтын Орда дәуiрiнде жазылған жазба ескерткіштердің тарихы және зерттелуі…………………………………………………………………………………………………….
1.3. Көне түркі тілдеріндегі есім сөздердің зерттелу жайы…………………..
2 — ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғасыр) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕР ТІЛІНДЕГІ ЕСІМ СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
2.1. Ескерткіштер тіліндегі зат есімнің жасалу жолдары………………………
2.2. Жазба ескерткіштердегі сын есiмнің жасалу
ерекшеліктері ………………………………………………………………………………
2.3. Жазба ескерткiштердегi сан есiмдердiң жасалу жолдары ……………………..
2.4. Ескерткіштердегі есімдіктердің жасалуы………………………………………
ҚОРЫТЫНДЫ.………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ………………………………….
ШАРТТЫ БЕЛГІЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТЫЛҒАН АТАУЛАР …………………..
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тілін қазіргі қазақ тілімен салыстырып зерттеу және оны әрі қарай дамыту – маңызды міндеттердің бірі.
Әдеби тілдің қалыптасу, даму тарихын жалпы халықтық тілмен, диалектілермен және көне жазба мұралар тілімен байланыстыра зерттеудің маңызды екені ертеден айтылып жүр. Олардың ішінде әдеби тіл тарихының тереңдігін көрсететін бірден — бір айғақ көне жазба ескерткіштеріміз болып табылады. Қазақ тіл білімі саласында осы бағытта Ә.Қайдар, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, А.Аманжолов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, Б.Қалиұлы, Ә.Төлеуов, М.Серғалиев, Б.Сағындықұлы сынды ғалымдарымыздың ықпалымен біршама жұмыстар атқарылып жүр.
ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба ескерткіштер – біздің заманымызға келіп жеткен жәдігерліктердің бір бөлігі ғана. Орта ғасыр жазба ескерткіштер тіліне қазіргі тіліміздің қаншалықты қатысы бар екенін анықтау негізгі міндеттердің қатарына жатады. Бұл екінші бір жағынан белгілі бір тілдің өзгеру, даму, қалыптасу жолдарын айқындауға да қолғабыс жасайды. Көне түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің де өзіндік табиғатын танып, олардың ішкі даму заңдылықтарын ашу барысында тарихи жәдігерліктерді оқып зерттеу – ерекше маңызы бар өзекті мәселе.
Диплом жұмысының нысаны. ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тіліндегі, нақтылап айтқанда, Хорезми «Мухаббат – наме», Құтб «Хұсрау уа Шырын», С.Сарай «Гүлстан бит – түрки», «Кодекс куманикус», Махмуд бин Әли «Нахдж-әл-фарадис» жәдігерліктері нұсқаларындағы есімдер мен орта ғасыр ескерткіштер тілі мен қазақ тіліне ортақ есімдер.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты — ХІІІ — ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тіліндегі есімдердің морфологиялық жағынан жан – жақты сипаттай отырып, олардың қазіргі қазақ тіліндегі есімдермен сабақтастығын, даму барысындағы өзгерістерін анықтау.
Алға қойған мақсатымызға байланысты мынадай міндеттер туындады:
- түркітанушылардың пікірлері негізінде есім сөздердің лингвистикалық табиғатын ашу;
- ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тілінде кездесетін есім сөздердің лексика – семантикалық, грамматикалық сипаттама беру;
- есім сөздердің даму, қалыптасу барысын нақты мысалдармен түсіндіріп, дәлелдеу;
- ескерткіштерге және қазіргі қазақ тіліне ортақ есім сөздердің морфологиялық қатысын анықтау;
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тіліндегі есім сөздер толығынан қамтылып, тілдік тұрғыдан жан – жақты сипатталды. Зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты талданған нақтылы мысалдар реттелініп, белгілі әдістер бойынша жеке сұрыпталды. ХІІІ – ХІV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер мен қазіргі қазақ тіліне ортақ есім сөздердің морфологиялық, мағыналық айырмашылықтары анықталып, айқындалды. Орта ғасыр ескерткіштер тілі мен қазіргі қазақ тілінің сабақтастығы есім категориясы негізінде көрініс тапты.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері. Жұмыста диахрондық әдіс, сонымен бірге түрлі мәселелерді анықтау үшін тарихи зерттеуге қосымша ретінде салыстырмалы тарихи әдіс пен сипаттамалы әдіс те пайдаланылған.
Диплом жұмысының теориялық және практикалық мәні: Жазба жәдігерліктер мен қазіргі қазақ тіліне ортақ есімдердің фонетикалық, морфологиялық айырмашылықтары ашылып, айқындалды. Ғылыми – зерттеу жұмысының деректерін жоғары оқу орындарында қазақ тілнің тарихи грамматикасын, көне түркі ескерткіштері тілін, орта түркі ескерткіштері тілін, түркі тілдерінің грамматикасын оқытуда, жиілік сөздік жасауда пайдалануға болады. Сонымен бірге филология факультеттерінің студенттеріне арнаулы курс немесе арнайы семинар ретінде оқу бағдарламасына енгізуге болады.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы екі тараудан, кіріспе мен қорытынды және пайдаланған әдебиет тізімінен тұрады
І ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғасыр) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ СИПАТТАМАСЫ
1.1. Ескі қыпшақ жазба ескерткіші «кодекс куманикус» және оның зерттелу тарихы
Көне қыпшақ тiлi туралы ең алғаш мәлiмет берген автор – М.Қашқари. Ол өзiнiң белгiлi еңбегiнде қыпшақ тiлiнiң кейбiр грамматикалық ерекшелiктерiн талдап, көптеген лексикалық мысалдар келтiрiп отырады. Қыпшақ тiлiн ол әрдайым атай отырып, заманындағы көп тараған көрнектi тiлдердiң қатарына жатқызады. [1]
Кодекс куманикус (Құмандардың кiтабы). Қолжазба осы күнгi Венециядағы Марк әулиенiң шiркеуiнде сақтаулы. Сырты былғарымен қапталған.
Түпнұсқа бiр-ақ дана. Ол 82 парақтан (164 беттен) тұрады. «Кодекстiң» алғашқы бетiнде «1303 жылы 11 июль» деген жазу бар. Бұл, шамасы, қолжазбаның барлық парақтары түгел жиналып, бiр жерге қосып тiгiлген уақыты болу керек. Сонда ол ХIII ғасырдың II жартысында құрастырыла бастап, ХIV ғасырдың басында ғана аяқталған болып шығады. Қолжазбаның жазылған жерi мен жазылу мақсаты туралы мәселенiң түркология ғылымында күнi бүгiнге дейiн басы ашылған емес.
Қолжазба 2 бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмiнде келтiрiлген материалдар: 1. Латынша – парсыша және құманша сөздiк. Сөз тiзiмi латын алфавитiнiң тәртiбiмен берiлген. Әр тiлдiң сөзi жеке – жеке колонкалар арқылы жоғарыдан төмен қарай тiзiлiп келедi. 2. Куман тiлiндегi үстеу сөздер және олардың латын тiлiндегi баламалары. 3. Куман тiлiндегi есiмдер мен есiмдiктердiң септелу үлгiсi және олардағы куман сөздерiнiң латынша аудармалары. 4. Лексикалық мағыналарына қарай 40 топқа бөлiнiп берiлген латынша – парсыша және куманша сөздiк.
Екiншi бөлiмде келтiрiлген материалдар 1. Куманша – немiсше және латынша сөздiк. 2. Куманша жазылған текстер. 3. Латын тiлiнде жазылған куман тiлiнiң қысқаша грамматикалық очеркi. 4. Итальян тiлiнде жазылған өлеңдер. Әдетте, мұны Петрарканың өз қолымен жазылған шығармасы деп есептейдi. 5. Латын тiлiндегi бiр етiстiктiң жiктелу үлгiсi және латын тiлiнде жазылған текстер. 6. Жазылмай бос қалған беттер.
Құрылысына қарағанда, «Кодекстiң» бiрiншi бөлiмi таза практикалық мақсат көздеп жазылған. Ол – тiл үйрену, сол үшiн жарамды оқу құралын жасау. Екiншi бөлiм кумандар арасында христиан дiнiн уағыздау үшiн жазылған да, дiни кiтаптардан әр түрлi үзiндiлер әдейi куман тiлiне аударылып берiлген. Мұнан басқа бұл бөлiмдер жеке сөздер, сөз тiркестерi мен сөйлемдер, 50-ге тарта жұмбақ, дiн басшыларының әмiрi мен iстерi жайында хикаялар бар. Аударманың сөз құрау тәсiлi мен грамматикалық құрылысы кумандардың байырғы тiл ерекшелiгiнен әлдеқайда алшақ жатыр. Сондықтан да сөйлемдерi барынша икемсiз де орашолақ жасалған.
Бiрiншi бөлiм бес түрлi қолтаңбамен жазылған. Оны жазған итальяндықтар болса керек. Екiншi бөлiм (14 түрлi қолтаңбамен жазылған) немiстердiң қолынан шыққан. Осыдан барып, әдетте бiрiншi бөлiмді «итальяндық кодекс» немесе «итальяндық бөлiм», екiншi бөлiмдi «немiс бөлiмi» деп атайды.
Екi бөлiм де готикалық көне шрифтiмен жазылып, бiрде қара, бiрде қара қошқыл бояулы сиялармен өрнектелген.
Қолжазба өте нашар жазылған да, орфографикалық қателерден аяқ алып жүргiсiз. Готикалық алфавит түркi тiлi дыбыстарын таңбалауға келгенде өте бiр дәрменсiз алфавит екендiгiн осы «Кодекс» бетiнде барынша айқын танытты. Оның үстiне қолжазбаны жазушылардың да сауаты төмен болса керек — оп-оңай сөздiң өзiн бұрмалап, барынша былықтырып жiберген. Сондықтан да П.М.Мелиоранский кезiнде «Осы «Кодекстiң» сөзiн оқығаннан бiр нәрсе шыға қоятынына менiң күмәнiм бар» деп жазған едi. Әрине, «Кодекстiң» бұл мәндерi оны оқып-үйрену үшiн көпке дейiн залалын тигiзiп келдi.
Европа бiлiмпаздары (әсiресе, Италия жерiнде кiтапқұмар адамдар) «Кодекс» туралы ертеден берi-ақ хабардар болған. Томазиус деген кiсiнiң жазып кеткен мәлiметiне қарағанда, 1362 жылы Италияның атақты ақыны Ф.Петрарка бұл жазбаны басқа кiтаптармен қоса Венеция республикасына сыйға тартқан. Ұлы ақынның шығыс елдерiн көп аралап, елшiлiк қызметтер атқарғаны мәлiм. Бiрақ «Кодекстi» оның қайдан қолға түсiрiп алғаны осы уақытқа дейiн белгiсiз болып келедi.
Немiс халқының әйгiлi математик ғалымы, философ ойшылы Г.В.Лейбниц — тарих мәселелерiмен де көп шұғылданған адам. Ол тарихи қолжазбаларды жинап, жариялауға зор мән берiп, көңiл аударып отырған. Сол В.Лейбниц «Кодекс» туралы былай деп жазады: «Мен Петрарка кiтаптарының каталогын көрдiм. Ондағы кiтаптардың iшiнде көбiрек көңiл аударғаным «Куман тiлiнiң сөздiгi» болды. Бiрақ мен қанша әуреленсем де, оны оқып, ештеңе шығара алмадым».
«Кодекстiң» I-бөлiмiн ең алғаш француз тiлiне аударып, бастырып шығарған көрнектi ориенталист, синолог, академик Генрих Юлий Клапорт (1783-1835) болды. Ол өзiнiң «Азия туралы зерттеулер» деген диссертациялық жұмысына қоса әңгiме болып отырған қолжазбаны «Ф.Петрарка кiтапханасынан алынған латынша — парсыша — куманша сөздiк» деген атпен жарияланды (Париж, 1828ж).
«Кодекс куманикустi» екiншi рет түгелдей (екi бөлiмiн де) латын тiлiне аударып, 1880 жылы Р.Кун Будапешт қаласында бастырды. Баспа 3 бөлiмнен тұрады. 1. «Алғы сөз» бен үлкен «Кiрiспе» бар. Кiрiспеде кумандардың тарихы, олардың басқа түрлi халық тарихымен (хазарлармен, печенегтермен, массагеттермен, Туран ойпатын жайлайтын тағы басқа тайпалармен, орыстармен қарым-қатынасы, ру – тайпалық құрылысы, тiлдiк (аномастика мен топономика бойынша) ерекшелiктерi, дiни, саяси-әлеуметтiк құрылысы сияқты мәселелер сөз болады. 2. «Кодекстiң» текстерi мен олардың латын тiлiндегi аудармалары келтiрiлген. 3. Куманша — латынша (2838 сөз), парсыша-латынша, немiсше-латынша сөздiктерге арналған. Оның үстiне, баспада қосымшалар, түзетулер және әдебиет көрсеткiштерi де бар.
Г.Кун баспасы түпнұсқасының әрi дәл, әрi толық көшiрмесi тәрiздi. Онда әр сөз латын алфавитiмен қайта таңбаланып, латын тiлiне аударылып берiлген. Көптеген сөздер басқа түркi тiлдерiндегi (әсiресе, шағатай, ұйғыр, татар тiлдерiндегi) өзi тектес сөздермен салыстырыла қаралып отырады.
Г. Кун баспасының маңызы – бұрын жарық көрмеген «Кодекстiң» екiншi бөлiмiн басып шығарып, «Кодекстiң» Г.Ю. Клапрот айтқандай сөздiктен ғана емес, екi бөлiмнен тұратын қолжазба екендiгiн әйгiлi еткендiгi, сондай-ақ ол «Кодекстi» халықаралық ғылым тiлi болып саналатын латын тiлiне аударып, оның даңқын барлық әлемге жаюы. Латын тiлi мен немiс тiлiн жақсы бiлетiн болғандықтан Г.Кун көптеген куман сөздерiнiң өзiндiк қиын аудармаларын анықтап бердi. «Кодекс» тiлi туралы оның осы баспасы бойынша бiрсыпыра пiкiрлер айтылып, еңбектер жазылды.
«Кодекс куманикус» үшiншi рет В. В. Радловтың аудармасымен Санк-Петербургте басылып шықты (1887). Бiрақ бұл толық аударма емес: Р. Кун баспасының әр жерiнен бiр үзiндi алған да, оны орыс алфавитiнiң үлгiсiмен транскрипциялап, немiс тiлiне аударып берген. Бұл басылымның мазмұны мынадай:
- Алғы сөз. Онда куман тiлiнде келтiрiлген 15 жұмбақ талданады.
- Куманша-немiсше сөздiк (2217 сөз)
- Жеке сөйлемдер мен сөз тiркестерi.
- Куман текстерi мен олардың аудармалары.
- Сөз тiзiмi (3024 сөз).
- Түзетулер (33 сөз)
Орыс жазуының негiзiнде жасалғандықтан, В.В.Радлов транскрипциясы қазiргi оқушылар пайдалану үшiн қолайлы-ақ. Бiрақ бiраз сөздердiң грамматикалық тұлғасы мен семантикалық аудармалары көп жерде-ақ көңiлден шықпай жатады. Әсiресе, В. В. Радловтың Куман тiлiнде ц дыбысы бар деп тануы барлық жерде ч дыбысының орнына ц жазып қолдануы дұрыс емес едi. 1936 жылы Дания ғалымы К.Гренбек қолжазбаларының түпнұсқасын басып шығарды. Бұл «Кодекстiң» 4 рет басылуы едi. Мұны өзi ескерткiштiң кейiнгi зерттеушiлерiне түпнұсқамен жұмыс iстеуге мүмкiндiк туғызып, кейбiр сөздiң дұрыс — бұрыстығы туралы осыған дейiн болып отырған айтыс – тартыстан құтқарды.
«Кодекс куманикустың» соңғы, бесiншi баспасы да К.Гренбектiң қолынан жарық көрдi. Ол куманша-немiсше сөздiк есебiнде арнаулы алғы сөзiмен қоса жарияланды (1942 жылы, Копенгаген, 2728 сөз). Онда алғы сөзден басқа куман сөздерiнiң орфографиясы мен орфограммасы куман тiлiндегi дыбыстардың айтылуы ерекшелiктерi, сөз жасау тәсiлдерi жайында бiрқыдыру әңгiме болады. Мұндағы куман сөздерi латын әрiптерiнiң негiзiнде жасалған ғылыми транскрипциялық жүйемен берiлген. Әр сөздiң түпнұсқасы қолжазба бойынша дәл көрсетiп отырылды. Сөйтiп, К.Гренбек баспасының арқасында куман сөздерiнiң оқылу принциптерi бiр iзге түсiп, көп жеңiлдiк тапты. Аударма жағы да ойдағыдай жақсартыла түстi.
Куман тiлiн зерттеу жұмыстарының iшiндегi аса бiр бағалы еңбек – В.В.Радловтың «Куман тiлi туралы» деген кiтабы. Ол «Кодекстiң» Р.Кун басып, фонетикалық құрылымын зерттеп, «Кодекстiң» орфография ережелерiнен ауытқып жазылған жерлерiн анықтау – осы еңбектiң өз алдына қойған негiзгi мiндетi болып табылады.
Ескі қыпшақ тілінің ең іргелісі де, сүбелісі де, готикалық көне курсивпен жазылған қолжазба «Кодекс куманикус» («Қыпшақтардың кітабы») еді. Бұл жазба жадыгерліктің тілін зерттеу Ә.Құрышжанұлының зерттеу еңбектерінен басталады. «Кодекс куманикустың» өзі мен оның тілдік ерекшеліктері туралы Ә.Құрышжанұлы бірқатар еңбектер жазып шығарды. Мысалы, «К изучению куманских загадок» (1960); «Арабо – персидские элементы в куманском языке» (на материале лексики); «К вопросу об уйгурской письменности куманов» (1962); «О графике одного слова в памятнике куманского языка «Кодекс куманикус» //Эпиграфика Востока (М., 1963); «Көне қыпшақ тіліндегі ай, күн аттары» (1969); «К истории изучения разговорной речи кипчаков ХІІІ-ХІV вв.» (1970); «К истории изучения куманского языка» (1972); «О замечаниях редакторов на полях рукописи «Кодекс куманикус» (1974); «Куманша-қазақша жиілік сөздік» (А.Жұбановпен және А.Белботаевпен бірге); «К изучению лексики «Кодекс куманикус» (1981); «Кодекс куманикус» // Қазақ тілі. Энциклопедия, 1998; «Түркістан». Энциклопедия, 2000; «Кодекс куманикус» — қазақ әдеби тілінің лексикографикалық арнасы» (1989), т.б.
Ескі қыпшақ тілінің жазба жадыгерліктері, біз айтып өткендей, тек қана «Кодекс куманикуспен» ғана шектелмейді. Біз жоғарыда әдейі атап көрсеттік, қыпшақ тілін оқып – үйренудің жазылып қалған көздері толып жатыр, ол туралы Ә.Құрышжанұлының «Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер» деген еңбегінде тиісті мәліметтер келтірілген [2,44-65]. [2,44-65]
Ә.Құрышжанұлы ескі түркі жазба ескерткіштерін қазақ тіліне тәржімалап, қалың қауым оқушылар үшін олардың барынша ұғымды болуын көздеп жүр. Ә.Құрышжанұлы көне түркі жазба ескрткіштерін және олардың тілін зерттеу саласында ең алғашқы жол бастаушы. Қазіргі қазақ тілінің жасалу, қалыптасу, өсу-өрбу, даму-жетілу, өзгеру-шарықтау, байи түсу және құнарлану, т.б. жолдарын танып-білу үшін, Н.Т.Сауранбаев айтқандай, ескі қыпшақ тілінде жазылып қалған мұралардың тілін зерттеу, әрине, қажет-ақ, өйткені, «…племена кипчаков можно считать предками казахского народа» [3].
1.2. Алтын орда дәуірінде жазылған жазба ескерткіштердің тарихы және зерттелуі
«Гулистан бит-түрки» (Гулстанның түркiшесi). Қолжазба-372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Өте сұлу каллиграфиялық жазумен, сириялық қаракөк жiбек қағазға жазылған. Қолтаңба автордың өзiнiкi болса керек. Ол қазiр Лейден (Голландия) кiтапханасында сақтаулы. Авторы — Сейф Сараий.
«Гулистан» жазбасы туралы алғаш хабарлаған – венгер ғалымы Тори Иозеф (1915 ж). Жазбаның ең алғаш фотокөшiрмесi мен оның түрiкше аудармасын басып шығарған дәрiгер проф. Ф. Н. Узлук (1945 ж).
Еңбек – Шығыстық атышулы жетi ақынның бiрi Сағдидiң қаламынан туып, парсы тiлiнде жазылған «Гулистан» поэмасының еркiн аудармасы. Аударма өлеңдер арагiдiк автордың қолтума шығармаларымен аралас келiп отырады. Мысалы: Шығарманың басында (3 б.) қолжазбаны Сараий қаласында шыққан Сейф ақынның Египет өңiрiн билеп тұрған Тейхасбек әмiрге арнап жазғандығы туралы әңгiме болады. Сонан соң аударма басталады. Бiрақ көп ұзамай аудармашы өзiнiң көктем көрiнiстерiн суреттейтiн лирикалық өлеңдерiн келтiрiп өтедi. Одан әрi бiрқыдыру аудармадан соң, автор тағы да өзiнiң «Гүлистанды» аудару себебi жайында 87 түрлi бәйiт жазып түсiндiредi. Сонымен, еңбектiң аударма жағы 355 — бетпен аяқталады. Қалған беттерi автордың өз өлеңдерiне арналған. Автор өлеңдерiнiң негiзгi мазмұны – ақыл айту мен кеңес беру, өмiр жайлы өзiнiң ойларын жырлау.
«Гүлистанның» еркiн аударма екендiгiн мынадан да көруге болады: аудармашы кейде өлеңмен аударса, ендi бiрде жанынан сөз қосып, ұзартып отырған; кейде бiр үзiндiлердiң мазмұнын ғана терiп айтса, кейде iле-шала бұлжытпай жолма-жол аударған. Осындай ерекшелiктерiне байланысты «Гүлистан» бiр жағынан еркiн аударма болса, екiншi жағынан ол Алтын Орда жұртшылығынан шыққан ақынның қолтума шығармалары жазылған еңбек ретiнде де қаралуы тиiс.
«Гүлистан» жазбасында тек Сейф Сараий ақынның ғана емес, оның үстiне сол кездегi Египет өңiрiн жайлаған көптеген басқа ақын-шайырлардың ғазалдары бар. Мысалы: жазбаның 1 бетiнде түркi мен парсы тiлiнде жазылған жетi ауыз өлең бар (оларды бiрнеше ақын жазған, қолтаңбалары да әр түрлi). Олардың бiреуi «Гүлистан» аудармасының авторынікі. Жазбаның соңындағы 8 ғазалды түркi халықтарының сол кездегi белгiлi 8 ақыны жазған. Оның бiрi — әйгiлi «Мухаббат-наменiң» авторы Хорезми. Ғазалдардың бәрiне де С.Сараий өзiнше жауап жазып қалдырған. Одан әрi автордың бiрнеше басқа ғазалдары мен рубаяттары келтiрiлген.
Мамлюк түрiктерiнiң негiзгi ұйтқысы қыпшақтар болғанымен, олардың қарамағындағы тайпалар «қырық қылаудан құралған», ала-құла халық болатын. Алтын Орда мемлекетiнiң этникалық құрамы да осы iспеттес едi. Аударма тiлiндегi кейбiр сөздердiң фонетикалық жағынан бiр емес, бiрнеше вариантта жазылып қалғаны да осыдан. «Гулистан» шығармасын жан-жақты толық зерттеген профессор Ә.Наджип оны қыпшақша да, оғызша да қолдана беретiн, немесе осы екi тiлдiң элементтерi қосылып қолданылатын әдеби тiлде (екi тiл негiзiнде жасалған әдеби тiлде) жазылған деп ұйғарады. Ол әдеби тiл, Ә.Наджиптiң ойынша, Алтын Орда хандығы мен Египет мемлекетiне де ортақ болған .
Қолжазбаның жазылып бiткен кезiнде Сейф Сарайы 70 жаста екен. Сонда ол 1323 жылы туған. Алтын Орданы Өзбек хан билеп тұрған кезде, өмiрiнiң соңғы жылдарын сонда өткiзген. Ол шебер жазатын дарынды ақын, көп оқыған бiлiмдар, әйгiлi де атақты адам болған (38-40 беттер).
ХIV ғасырларда Алтын Орда жерiнде, Орта Азияда, Мысырда аралас жазба тiлi қалыптасып, осы аралас тiлдегi әдебиет айтарлықтай дәрежеде дамыды. Орта ғасыр әдебиетiнен кеңiнен орын алатын шығарманың бiрi – қыпшақ тiршiлiгiн сипаттайтын «Мухаббат-наме» дастаны. Қазақ тiлiнiң бастау көзi ретiнде көнеден қалған жәдiгерлiктердiң бiрi – Хорезмидiң «Мухаббат-наме» дастаны. Бұл Алтын Орда дәуiрiнде дүниеге келген мұралардың бiрi.
ХIII-ХIV ғасырда жазылған ескi қыпшақ тiлiнiң жазба ескерткiшi «Мухаббат-наме» дастаны түркология ғылымында кеңiнен танымал. Ол орта ғасыр дәуiрiндегi қыпшақ тiлiн бейнелейтiн бiрден – бiр бағалы ескерткiш. «Мухаббат-наме»- көне дәуiрдегi жазба ескерткiштердiң iшiндегi ең iрi әрi мәндi, қызғылықты дастан.
Дастанның 1353 жылы Сыр бойында жазылғаны шығарманың өзiнде айтылғанымен, оның авторы туралы нақты деректер күнi бүгiнге дейiн табылған жоқ. Бұл оның туған немесе көптеген жылдар тұрған қаласына байланысты аталған болуы мүмкiн. Ал шығарманың соңында «Сүйүнсүн бәндә Хорезми – Рәвәни» (439) дегендегi Рәванидi орта ғасыр жазба ескерткiштерiнен зерттегенде зор еңбек сiңiрген ғалым Ә.Наджип Хорезмидiң екiншi лақап аты деп көрсетедi [4,120]. Шындығында, бұл – қате пiкiр. Ғалым шығарма мәтiнiн дұрыс түсiнбеген. Ә.Наджиптен өзге зерттеушiлер мұны кезiнде дәлелдеген.
Қолда бар деректерге қарағанда «Мухаббат-наме»-авторы өз заманының дүлдүл ақыны болғаны белгiлi. Өзбек халқының атақты ақыны Ә.Науай тiл мәселесi жайлы «Мухаммат әл-лүғатаин» деген атақты еңбегiнде «Мен» деген сөзге байланысты «Мухаббат – наменiң» 5 бәйiтiн еш өзгерiссiз келтiрген.
Ал профессор Ә. Наджиптiң «О новонайденных арабо – письменных списках «Мухаббат – наме» Хорезми» деген мақаласындағы үзiндiге зер салсақ, Ходжанди мен Хорезмидiң арасындағы тамаша өнер байланысын байқаймыз.
«Если бы мои слова узнал поэт,
Откуда всякому невежде знать цену жемчуга,
Если бы слова Ходжанди бедняге Хорезми услышал,
То с изумлением сказал бы “Браво» [5,96].
Хорезмидiң ең үздiк ақын болғанын дастанды әдеби тұрғыдан сөз еткен ғалымдарымыздың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қыраубаева бiрнеше нақты тұжырымдармен дәлелдедi.
Дастан сол дәуiрдегi әдеби шығармалар секiлдi алдымен тәңiрге сыйынудан, құдай мен пайғамбарларға мақтау айтудан басталған. Содан кейiн ғана ақын өзiнiң Мұхаммед пайғамбармен қалай кездескенiн, оның өтiнiшi бойынша «Мухаббат-наменi» жазбақшы екендiгiн баяндап, Мұхаммед-Қожабектi мақтаған толғау, ғазалмен жалғастырады. Мұнан кейiн ғашық жiгiттiң сүйген қызына арнаған хаттары (әрбiр хаттан кейiн мәснауи, ғазал келiп отырады) және шағын әңгiмеден тұратын сүйiспеншiлiк дастан басталады. Ақынның толғауды ұзақ кіріспеден кейін ғана бастауы 102 бәйітте аяқталады.
Дастанды зерттеушілердің пікірінше, Мұхаммед — Қожабек Өзбек ханның (1312-1341ж.) тұсында Азакты билеген . Кей зерттеушілер Мұхаммед- Қожабек Қатлұғ Темірдің (1349 – 1356) билік құрған інісі екенін, музыка мен поэзияны қадірлеген өзі де ақын болған кісі екенін айтады [6,223]. Осы деректерге қарағанда, Мұхаммед — Қожабек Алтын Орданың атақты әміршілерінің бірі болғанға ұқсайды.
Бiздiң дәуiрiмiзге «Мухаббат-наменiң» төрт түрлi көшiрмесi жетiп отыр. Ең алғашқысын 1432 жылы, яғни жазба ескерткiштiң жазылғанынан кейiн 79 жыл кейiн Мансур бахшы көшiрген. Бұл көшiрме Махрух ханның Гераттағы әскери қолбасшысы Мир Джалаладдинге (1407 – 1444 ж.ж.) арналыпты. Елге танылған көркем туындыны қайта көшiрiп, бiр – бiрiне сыйға тарту ол кезде iрi қолбасшылар арасындағы жақсы үрдiс едi. Осылайша көшiрiлiп, бiздiң дәуiрiмiзге келiп жеткен «Мухаббат-наменiң» бұл қолжазбасы ғылыми жұртшылыққа алғаш таныстырған академик В.В.Бартольд болды. Ол Британ музейiндегi әр алуан шығармалар жинағы секiлдi үлкен бiр қолжазбадан «Мухаббат-наменiң» бұрын ғылымға танылмаған жаңа бiр көшiрмесiн тапқаны жайлы Бүкiлроссиялық ғылым академиясының доктарларына 1924 жылы жариялады. Бұл жаңалық ғалымдар назарын тез аударып, дастанды қызыға зерттеушiлер қатары көбейе түстi.
«Мухаббат – наменiң» бұл қолжазбасы хронологиялық тәртiп бойынша алғашқы көшiрме болғанымен, ол дастанның толық варианты емес, мұның парсы тiлiнде жазылған хаттар мен түркi тiлiнде жазылған 53 бәйiт қалып қойған. Бұған қарағанда көп уақыт кейiнiрек көшiрiлген араб қолжазбасы осы күнге дейiн дастанды зерттеушi, аударушы ғалымдар мен аудармашының негiзгi зерттеу нысаны болып келедi. Қолжазбаның көлемi 24 парақ. Ұйғыр жазулы көшiрмемен екеуi Лондондағы Британ музейiнде сақтаулы.
А.Н.Самойлович байқаған осы әдеби тiлдi түркi жазба ескерткiштерiн кеңiнен зерттеп жүрген түрколог ғалымдар Ә. Құрышжанов пен Ә. Ибатов «орта түркiлiк жазба әдеби тiл» – деп атады [7,111].
«Мухаббат-наменiң» қазақ тiлiне қатысын ең алғаш байқап, оның зерттелуiне өз үлесiн қосқан ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Ол 1945-1946 жылдары Өзбекстанда болған уақытында «Мухаббат–наменiң» Ташкент кiтапханасында сақталған фотосуретiн қолмен көшiрiп Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кiтапханасына тапсырған. Бұл қолжазба кiтапхананың сирек кездесетiн кiтаптар қорында сақтаулы тұр. Ғалым өз пiкiрiн көшiрмесiнiң соңында «Мухаббат-наме туралы» деп атап, жеке берген [8,54]. Бұнда ескерткiштiң Британ музейiндегi қолжазбалары мен сол уақытқа дейiн зерттеген ғалымдар пiкiрлерiне тоқтала келiп, көркем туындының жазылған жерiн Сығанақ қаласы деп болжайды. Ортағасырлық Сыр бойының қалаларының iшiндегi Сығанақ саяси-эканомикалық жағдайы жоғары, күмiс, мыс, ақша даудасы қалыптасқан қорғаныстың күшi дамыған бекiнiстi қала болғаны тарихшылар тарапынан дәлелдену үстiнде.
Түркi тiлдерiнiң iшiнде өзбек, қазақ тiлдерiне толық аударылған. Қазақша аудармасы араб көшiрмесi бойынша жасалынған. Бұл еңбектi қазақ тiлiне аударған А. Қыраубаева.
«Мухаббат-наме» дастаны 946 жол, яғни 473 бәйiттен тұрады. «Мухаббат-наме» дастаны екi тiлде жазылған. Барлығы он бiр арнау өлеңнен тұратын ғашықтық дастанның үш тарауы парсыша, сегiз тарауы – түркi тiлiнде жазылған. Қазіргі кезде жазба ескерткіштердің тілін зерттеу негізгі нысанаға алынып отыр.
ХIII-ХIV ғасыр әдебиетiнен ерекше орын алатын ескерткiштердiң бiрi – «Нахдж-әл-фарадис» деп аталады. Жинаушы-тiзушi Махмуд бин Әли. Бұл дастан дiни дидактикалық аңыздар жинағы. Кiтап 1358 жылы Сарай қаласында жазылған. Әлидiң «Нахдж-әл-фарадис» (Жұмақтың ашық жолы) ескерткiшiнiң бiзге бiрнеше жазбасы жеткен. Бiрi Туркияда, екiншiсi Қырымда, қалғаны қазiргi Татарстан жерiнде сақталған.
20 жылдардың соңына қарай бiз зерттеп отырған жазба ескерткiштiң бiрнеше үлгiсi пайда болады. Олар: Стамбулдық, Ялтиндiк, Казындық, Готвальдтық және Казан мемлекеттiк педагогикалық университетiнде сақтаулы тұрған үлгiсi.
«Нахдж — әл — фарадис» түгел төрт тараудан тұрады. Қырым жазбасы алғашқы екi тарауын ғана жеткiзген.
I тарау – түгел дерлiк пайғамбардың өмiрiн баяндайды. Бұл тарау он бөлiктен тұрады. II тарау – алғашқы төрт халифтiң өмiрбаяндық және тарихи деректерiн бередi.
III тарауда – құдайға жарасымды жайлар баяндалған.
IV тарауы ақыл – нақылға құрылған.
Әлидiң «Нахдж — әл – фарадис» дастаны қыпшақтар тiлiн қолданған көне түркi тiлдi әдебиеттегi ең елеулi жазба ескерткiштердiң бiрi.
Орта ғасыр әдебиетiнен орын алатын елеулi еңбектiң бiрi — Құтыптың «Хусрау уа Шырын» дастаны. «Хусрау уа Шырын» поэмасы — ХIV ғасырда Алтын Орда топырағында пайда болған көркем әдеби мұралардың ішіндегі ең құнды ескерткіштердің бірі. Бұл поэманы алғаш зерттеуші ғалымдардың бірінен саналатын поляк ғалымы А.Зайончковский оны ерекше көңіл бөлетін әдеби мұра деп бағалаған болатын. Ғалым ұзақ жылдар бойы ескерткіш тексін алуан түрлі зерттеуге алып, оны парсы тіліндегі Низами нұсқасының 1958 жылғы көшiрмесімен салыстыру жұмысын мұқият жүргізген, 1961 жылы сөздiгiн бастырып шығарады. Поляк, немiс тiлдерiнде бiрнеше мақалалар жарияланып, оның лексика – морфологиялық ерекшелiктерiн зерттедi. Бұл еңбектiң қазiргi таңда маңызы зор.
Белгілі кеңес түркітанушысы Э.Н.Наджип парсы тіліндегі «Хусрау уа Шырын» шығармасымен түркі тіліндегі нұсқаның өзек арқауы бір екенін анықтай келіп, түркі тіліндегі ескерткішті жартылай оригиналды дербес роман деп таныған.
Біз Құтыптың «Хусрау уа Шырын» поэмасы Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас поэмасынан түркі тіліне сол күйі қайталанған, жолма — жол және сөзбе – сөз аударма емес, Низамидің композициясы мен сюжетін толық сақтай отырып, еркін және творчестволық жолмен, өз елінің өмір жағдайына сәйкестеп, өз халқының түсінігі мен дағды — дәстүріне лайықтап барып жасалған аударма деген пікірге қосыламыз.
Қолжазба жалғыз дана. Париждiң ұлттық кiтапханасында сақтаулы. Еңбек 1342 жылы өзбек ханның үлкен баласы Тыныбек пен Хан Малик Хатун ханшаға арналып жазылған. Қазiргi әңгiме болып жүрген «Хусрау уа Шырын» 1383 жылы Берке Факих жасаған осы түпнұсқаның көшiрмесi. Оның көшірмесі 785 жылы сафар айында (жаңаша 1385 жылы көкек айында) жазылған. Қолжазбаның мазмұны
а) Кiрiспе (еңбектiң жазылу себебi, арнау өлеңдер),
ә) Хұсрау мен Шырын,
б) Фархад пен Шырын. Негiзгi бөлiмде (соңғы екi бөлiмде) екi жас арасындағы сүйiспеншiлiк пен махаббат жырланады.
ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл ескерткішке ғалымдар жете көңіл аудара бастады.
1.3 Түркі тілдеріндегі есім сөздердің зерттелу жайы
Қай тілде де сөзжасам ертеден келе жатқан тілдік құбылысқа жататыны белгілі. Нақтырақ айтатын болса, ХIII-ХIV ғасырлардағы жазба ескерткiштерiнен сөз тудырудың морфологиялық жолы (синтетикалық тәсiл), ал әр сөз табын тудыратын санаулы жұрнақтар болғаны байқалады. Жазба ескерткіштер тілінде негізгі түбір сөздермен қатар туынды сөздер болғаны белгілі. Жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз жұрнақтар арқылы, сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Тiлдiң барған сайын дамып, толығып отыратыны, сапасы артып, тұлғалық жағынан күрделене түсетiндiгi қазiргi қазақ тiлiндегi сөзжасам жүйесiнде анық аңғарылады.
Ғ.Айдаров жазба ескерткіштер тілінде сөзжасам тәсілдерінің түрлілігін, оның тілдің даму тарихында біртіндеп қалыптасқанын айтады [9,157]. Бұдан тілдің сөзжасам жүйесі көне құбылыстарға жататыны анық байқалады. Өйткені сөз жасаушы элементтер, сөз жасаудың тәсілдері, модельдері күнде құбылатын, күнде жаңаратын құбылыстар емес. Алайда сөзжасам жүйесі тілдің даму процесінен де тыс қала алмайды. Сондықтан сөзжасам жүйесінде де өзгеріс болады, бірақ ол өте баяу болады және ол көбіне тілде бар модельдердің белгілі бір кезеңде активтенуі, не пассивтенуі, мағынасының кеңеюі, кейбір типтердің қолданудан шығуы сияқты өзгерістері ретінде болады.
Жазба ескерткіштер тілінде сөзжасамның синтетикалық тәсілі бар, бірақ әр сөз табының сөз тудырушы жұрнақтары санаулы ғана. Ал қазір де синтетикалық тәсіл сөзжасамда үлкен қызмет атқарады, тіл сөз тудырушы жұрнаққа өте бай, сөзжасам жүйесі жұрнақтар арқылы толыққан, бірақ сөзжасамдық жұрнақтардың тілге қосылғанын жазба ескерткіштер тілі мен қазіргі тілді салыстыру арқылы байқауға болады. Тілдің даму барысында грамматикалық категориялардың өзге түрлері сияқты жұрнақтар да тұлғалық жағынан – түрлі өзгерістерге ұшырап отырады, бұл – заңды құбылыс. Уақыт озған сайын қайсыбір жұрнақ сөз тудыру қызметін әлсіретіп, бірте-бірте кәдеге асудан қалып отырса, екінші біреулерінің қызметі артып орнығып жатады. Енді бір тобы белгілі бір сөздердің көбіне дерлік қосылып, жаңа сөз тудырады да, кейбіреулері санаулы ғана сөзге қосылады. Ондай қосымшалардың мағынасы түбірмен тығыз байланысып соған бағынышты болады. Сөйтіп, жұрнақ та сөзге қосылатын тілдік дыбыстар комплексі болады да, сөз бен қосымша арасы мағыналық бірлікте келеді. Бұл екеуінің ара қатысы, жымдасуы – фономорфологиялық және лексика-семантикалық. Жұрнақтық форма – тарихи құбылыс, ол тілдің грамматикалық құрылысы дамуынан, жетілуінен барып қалыптасады. Сөйтіп, сөздің екінші бір бөлшегіне айналып, оның сыртқы формасын өзгертеді.
Бүгiнгi сөзжасам қазақ тiл бiлiмiнiң жеке бiр саласы ретiнде қалыптасу үстiнде. Оның өзiндiк зерттеу нысанасы, әдiстерi, заңдылықтары анықталуда. Сөзжасам тарихы түркiтануда өте ертеден басталады. Түркi тiлдерiнiң сөзжасам мәселесiн алғаш рет М.Қашқари «Диуани лұғат ат-түрiк» (ХI ғ) еңбегiнде көтерiп, сөз жасауға қатысқан бiрнеше аффикстердi көрсеткен болатын.
А.Байтұрсыновтан бастап қазақ тiл бiлiмiнде сөзжасам тұлғаларын көптеген ғалымдар зерттедi. Олар: Қ.Жұбанов, Қ.Басымов, С.Аманжолов, Ә.Төлеуов, А.А.Есенқұлов, А.Хасенова, Ғ.Қалиев, А.Ысқақов, Н.Орхабаева, Ә.Керiмов т.б. 1989 жылы жарияланған «Қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi» атты авторлар тобының еңбегiнде сөзжасам жүйесiнiң теориялық мәселелерi кешендi түрде сөз болды. Ал 1999 жылы жарыққа шыққан А.Салқынбайдың «Тарихи сөзжасам» атты монографиясында аталмыш мәселе семантикалық, лингвогенездiк аспектiде сөз етiлiп, жаңа, құнды тұжырымдар ғылыми айналымға қосылды.
Жаңа сала ретiнде қалыптасып келе жатқан сөзжасамның маңызды бiр қыры оны тарихи тұрғыдан, синхрония мен диахронияны бiр бағытқа үйлестiре отырып зерттеу. Оның iшiнде қазақ тiлiне қатысты ортағасырлық жазба ескерткiштер тiлiндегi сөзжасам үлгiлерiн ашудың, кейiнгi дәуiрдегi оның жалғастығын, сабақтастығын зерттеудiң мәнi ерекше.
Сөзжасамның негiзгi обьектiсi – туынды сөз. Туынды сөз түркi тiлдерiнде көбiнесе синтетикалық тәсiл арқылы жасалады. А.Салқынбай синтетикалық сөзжасамның күрделiлiгi мынадай екi жағдайдан көрiнедi дейдi: 1. Туынды сөз жасауға негiз болатын себепшi негiздiң мағыналық жағынан күрделiлiгi. Яғни себепшi негiз тарихи тұрғыда өзi туынды тұлға болып саналады да, жаңа үшiншiлiк мағына туғызуға себепшi негiз болады. 2. Сөз туғызушы морфемалардың мағынасы да тарихи тұрғыдан алғанда күрделi мәселе. Қосымша морфеманың денi тарихи — диахрондық аспектiден байыптағанда, түбiр сөздiң десемантизацияланып, лексикалық мағынаның грамматикалық мағынаға алмасқанынан туындаған деген пiкiр түркологияда бұрыннан белгiлi. Олай болса сөз тудырушы қосымша морфемалардың мағыналық құрылымы жөнiнде де келелi мәселелердi сөз ету қажетттiлiгi туындайды [10,225]. Осында келтiрiлгендей сөзжасам жұрнақтарының мағыналық құрылымы, семантикасы мен құрамы, даму эвалюциясы жазба ескерткiштер тiлiндегi деректермен салыстыра қарағанда көп мәселелердiң ұғымы анықталатыны сөзсiз.
Сөзжасам өзiндiк ерекшелiктерiмен қатар қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасымен, қазақ әдеби тiлi тарихымен, лексикологиясымен байланысты. Жеке лексикалық мағына берiп тұрған туынды сөз лексикологиясының үлесi. Ал осы туынды сөздiң iшкi семантикасының құрылымын сөзжасам қарастырады.
Туынды сөзжасамдық тұрғыдан түбiр және қосымша морфемалардан тұратын күрделi құбылыс. Қазiргi тiл бiлiмде сөзжасам морфемаларын қалыптастырушы негiзгi 4 түрлi тәсiл бар. Олар: 1) агглютинация, яғни күрделi сөздiң немесе сөз тiркесiнiң соңғы сыңарларының сөз тудырушы жұрнақтарға айналуы; 2) жалаң жұрнақтардан бiрыңғай күрделi жұрнақтардың жасалуы; 3) адаптация, яғни сөз соңы немесе сөз таптарының соңғы сөзiнiң сөз тудырушы қосымшаларға айналуы; 4) форма тудырушы морфемалардың сөз тудырушы қосымшаға айналуы.
Қосымшаның, оның iшiнде сөзжасам жұрнақтарының қалыптасу тарихында агглютинация құбылысының рөлi ерекше. Сондықтан да қосымшаның шығу тарихына қатысты екi түрлi пiкiр бар. Бiрiншi пiкiрге жүгiнсек қосымшалар лексикалық мағынасын жоғалтқан жеке сөздерден немесе сөз тiркестерiнiң соңғы сыңарларының дербес мағынасын жоғалтқан көрсеткiшке айналуынан пайда болған (И.А.Батманов, Н.А.Баскаков, Ф.Бопп т.б.).
Екiншi көзқарас бойынша бiр құрамды немесе бiр фонемдi бiрнеше қосымшалардың кiрiгуi, жымдасуы нәтижесiнде күрделi тұлғалар пайда болған (В.В.Радлов, Г.И.Рамстед, А.Н.Кононов, О.Бетлинг т.б.). Ж.Тектiғұл өз еңбектерiнде белгiлi ғалымдардың тұжырымдарын саралай келiп «түркi тiлдерiнде ғана емес, өзге тiлдерде де қосымшалардың пайда болу, даму эвалюциясы өте күрделi екенi, сондықтан әлi күнге шешiмiн таба алмай отырған мәселелердiң бiрi екенiн байқаймыз» дейдi [11,302].
Туынды сөз жасауда сөзжасам жұрнақтарының рөлi ерекше. Бүкiл түркi тiлдерiнде жұрнақтардың 4 түрi қолданылады: 1. Негiзгi түбiрге тiкелей жалғанған жұрнақтар; 2. Негiзгi түбiрге тiкелей емес, арасына жұрнақ салып барып жалғанған жұрнақтар; Демек олар екiншi кезектегi жұрнақтар. Түбiр сөздерден кейiнгi тұлғалармен бiрiгiп күрделi тұлғаға да айналуы мүмкiн; 3. Тұлғалық жұрнақтар. Ол сөздiң тек грамматикалық тұлғасын ғана айқындап тұрады да, түбiрге реляциялық мағына бередi; 4. Күрделi жұрнақ. Ол түбiрге жалғанатын бiр емес, бiрнеше жұрнақтардан құралады. Демек, түркi тiлдерiндегi жалпы жұрнақ атаулылар жалаң және күрделi болып екi үлкен топқа бөлiнедi.
Зат есімнің басқа сөз таптарының мағыналық белгілері тек заттардың атын білдіретін сөздер ғана болып қоймай, сонымен бірге әр алуан оқиғалардың, құбылыстардың аттарымен байланысты заттық, қимылдық, мезгілдік мәнді білдіреді.
Есімдер деп аталатын сөздердің ішінде зат есімнен кейінгі еншісі мол сөз табы – сын есім. Сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де, заттардың қатыстары арқылы да білдіреді. Түркі тілдеріндегі сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы, морфологиялық белгілері және синтаксистік қызметі жағынан да өзіне тән ерекшелігі бар сөз табы. Сөз таптарының пайда болу, қалыптасу және өзіндік даму тарихы болады. Сол сияқты сын есімдер де әлі айқындала қоймаған, көне кезде есім және етістік сөздерден қалыптасқандығын тарихи жазба деректерден көруге болады. Тілдің дамуына байланысты оның жүйесі де қатар дамиды. Тіл жүйесіндегі сын есімдер де ұзақ дамудың арқасында қалыптасып, өз қатарын көбейтті.
М. Томанов: «Түркі тілдеріндегі сын есімдер мен зат есімдердің ара жігін ашып, өз алдына саралануы Ү — ҮІІІ ғасырлардан бұрын болып өткен процесс» деп, жоғарыдағы пікірге қосылады. [12,176]. Түркі тілдерінде кездесетін сын есімдер көп болмаса да, олардың өз дербестігін сақтап сараланғанын жазба деректерден көруге болады. Сонымен бірге, түбір сын есімдермен қоса, туынды сын есімдер де сол кездерден бастап қалыптаса бастаған.
Түркi тiлдерiндегi сын есiмдердiң табиғатын ашып, оған жүйелi анықтамалар берiп, дәлелдi тұжырымдар жасау ХIХ ғасырдан бастау алды. Түркi тiлдерiнде сын есiмдердi сөз табы ретiнде зерттеу жекелеген тiлдерде жарық көрген грамматикалармен байланыстырады.
Сан атаулары — өте көне заманнан келе жатқан сөздер, оларды барлық жазба ескерткіштерден кездестіруге болады. Сан есімдердің көнелігіне байланысты тілдегі барлық сан атауларының қалай жасалғаны анық көріне бермейді. Түркологтар жалпы сандық ұғымның қалыптасуын ақиқат өмірмен байланыстырады. Н.А.Баскаков «Сан есімдер – есімдерден бөлініп шыққан сөз табы, олар сын есім, үстеу сияқты белгі мағынасын білдіреді» [13,225] — деген. Қазақ тілінде сын есімді зерттеген Ә.Хасенов осы пікірді қуаттай отырып: «Түркі тілдеріндегі сөздік қорға жататын сан атаулары өмір шындығымен, конкретті заттан алынған, яғни зат есімдерден шыққан. Әрине, бұл жалпы сандық ұғымдардың дамуы математика ғылымының дамуымен байланысты, адамзат қажеттігінен туады деген пікірге ешбір қайшы келмейді, қайта оны толықтыра, растай түседі. Екіншіден, белгілі бір құбылыстың өткен тарихын қазіргісімен салыстыра, оның қазіргі формаларын зерттей отырып ашуға, тануға болады дейтін қағиданы басшылыққа алсақ, қазіргі тілдік фактілерді жоққа шығармайды, қайта растайды» [14,20] — дейді. А,Ысқақов «Сан есім – заттың сан мөлшерін, ретін, шамасын білдіретін лексика — грамматикалық сөз табы» — дейді [15,193].
Сан есімдер басқа сөздерге қарағанда тіркестірілмей жеке-дара айтылғанда, тек абстракт сандық ұғымдардың атаулары ретінде қолданылады. Олардың нақты мағыналары өзге сөздермен қарым-қатынасқа түсіп айтылғанда ғана айқындалып отырады. Қазіргі қазақ тілінде сан есімдер сияқты мөлшерлік мағынада қолданылатын бір алуан сөздер бар. Олар құрамына қарай жеке-дара сөздер түрінде де, сөз тіркесі түрінде де бола береді. Мысалы: жарым, жарты сөздері бөлшектік ұғымдарды, жалқы, жалғыз, сыңар, дара сөздері бірлік ұғымдардың, адым, қарыс, шақырым, ат шаптырым сөздері аралық өлшемдердің және қас қаққанша, ет асым қас пен көздің арасында сияқты уақыт, мерзім өлшемдерінің атаулары есебінде қолданылады. Бірақ мұндай сөздер мен сөз тіркестері қаншалықты мөлшерлік мағынада қолданылғанымен, сан есімдер қатарына жатпайды. Бұларды сан есімдерге жуықтастыратын таяныш – тек олардың біршама мөлшерлік мағынада қолданылатын семантикалық белгілері ғана.
Морфологиялық сипаттары жағынан да сан есімдердің өзіне тән, өзге сөз таптарына ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Сан есімнің негізгі функциясы анықтау қызметі болғандықтан, ол үнемі анықтайтын сөздерінен бұрын қолданылады, бірақ ешқандай да морфологиялық өзгеріске түспейді. Демек, сан есімдер өздерінің әрі табиғи, әрі негізгі функциясы болып есептелетін сандық, сан-мөлшер мағыналарында қолданылғанда, тек атау формасында ғана айтылады да, ешбір өзгеріске түспейді.
Сан есімдер тек субстантивтенген жағдайда ғана түрленіп, әр алуан өзгеріске түседі, демек, көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те және жіктеліп те қолданыла береді.
Сан есімдер морфологиялық құрамына қарай, негізгі сан есімдер және туынды сан есімдер болып екіге бөлінеді. Негізгі сан есімдер қатарына тек қана есептік сандар жатады да, туынды сан есімдер осы негізгі есептік сан атауларына -ыншы, -ау, -ер, -тай, -тен қосымшалары қосылу арқылы жасалады. Мысалы: алты-алтау, бір-бірер, қырық-қырықтай, он-оныншы, бір-бірінші, екі-екеу, төрт-төрттен.
Сан есімдер іштей дара сан және күрделі сан болып бөлінеді. Дара сандардың атаулары аса көп емес, олардың бар болғаны – жиырма шақты ғана сөз: бәр, бес, алты, жеті, сегіз, он, жиырма, елу, қырық, отыз, алпыс, сексен, тоқсан, жүз, мың.
Сан есім құрамында кездесетін көне қосымшалардың жағдайы басқашарақ. Олар: -ыз, -із (сегіз, тоғыз), -ты, -ті (алты, жеті). Бұл морфемалардың этимологиясы белгісіз. Қосымша сөзде жиі кездесетін элемент, бірақ ол басқа сандарда қайталанбайды. Ал сан есім сөздердің құрамында кездесетін басқа жымдасқан морфемалардың түп негізі белгілі сөзге барып тіреледі. Бұл заңды, өйткені сан есім сөзжасамының негізі – синтетикалық тәсіл емес, аналитикалық тәсіл. Оған дәлел ретінде құрамы күрделі морфемадан тұратын алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан атауларын келтіруге болады. Н.К.Дмитриев кейбір жеке сөздердің этимологиясына келсек, алтмыш (алпыс), ете (жеті) сөздерінен -мыш, -меш жұрнақтары арқылы жасалған, ол алғаш он дегенді білдірген болу керек. Мұндай сан есім формалары көптеген түркі тілдеріне қатысты дейді. Ол сексен, тоқсан сөздерін сегіз, тоғыз сөздерімен байланыстырады да, олардың құрамындағы екінші компонентті он сөзінің өзгерген түрі деп санайды [16,90].
Есімдер тобына жататын сөз табының бірі — есімдіктер. Есімдіктер заттың атын, сынын, санын, я олардың аттарын білдірмейді, бірақ солардың орнына жұмсалады. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде мегзеу арқылы білдіреді.
Есімдіктердің дәлді мағыналар, егер екі я онан да көп адам сөйлесіп отырған жағдайда қолданылса, сол сөйлемдерден бұрын айтылып, я аталып өткен сөйлемдермен байланысты аңғарылады. Ал егер ондай есімдіктер монолог түрінде айтылған я жазылған сөйлемдерде қолданылса, олардың дәлді мағыналары, яғни олар туралы мәлімет, сол сөйлемдерден дұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты тыңдаушы мен айтушыға ғана белгілі болады. Демек, есімдіктердің дәлді мағыналары бұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты анықталады. Мысалы, Қазан астында от, ол қайнамаз му – Қазан астында от болса, ол қайнамайды ма /ХШ/ деген мысалды алсақ, сөйлемдегі ол деген сөздің дәл ненің қайнайтынын бірінші сөйлемдегі қазан деген сөзден аңғарамыз. Шынында, ол, мен деген есімдіктерді алсақ, әркім я әр адам ол да, мен де бола алады. Ол деген сөз мен және сен деген ұғымнан басқаның бәрін білдіреді, демек көзбе — көз я бетпе – бет сөйлесіп тұрған екі адамнан басқаның бәрі – ол болады.
Есімдіктер мағыналары қаншама жалпы болғанымен, олар (есімдіктер) қандай сөздердің орнына қолданылуына қарай, сол сөздердің негізгі мағыналарына сәйкес зат не заттық белгімен байланысты ұғымдарға ұштасып жатады. Мысалы, сен, ол жіктеу есімдіктерін, бұл, сол деген сілтеу есімдіктерін, кім? не? қай? деген сұрау есімдіктерін алайық. Егер осы есімдіктердің негізгі мағыналарын саралап қарайтын болсақ, қандай сөздердің орнына қолданылуына қарай, олар біріншіден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орнына қолданылатын есімдіктер болып, екіншіден, заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына жұмсалатын есімдіктер болып іштей өзара екі жікке бөлінеді. Сонда сен, ол, кім? не? есімдіктері заттық ұғымды білдіретін сөздердің, ал бұл, сол, қай? деген есімдіктер белгі атауларының орынбасарлары болып шығады. Осындай екі жік сөздерді біріншіден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орынбасарлары – субстантивтенген есімдіктер, екіншіден, заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарлары – аттрибутивтік есімдіктер деген екі салаға бөлінеді. Жазба ескерткіштер тілінде де есімдіктер осы сынды ұғымдардың орнына жұмсалады да, тек олардың бір — бірінен айырмашылығы дыбыстық өзгешеліктерінде ғана.
Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздердің тобына қосылады. Ал олардың түрленуінде, жалпы алғанда, есімдерге ұқсастықтары болмағанымен, өздеріне тән ерекшеліктері де бар. Мысалы, субстантивтік есімдіктер қолдану ретіне қарай зат есімдер сияқты көптеліп те, тәуелденіп те қолданыла беретін болса, аттрибутивтік есімдіктер дәл осы мағынасында, нағыз сын есімдер ретінде қолданылып тұрғанда грамматикалық жағынан түрленбейді, демек, грамматикалық формаларының ешбірін де қабылдамайды.
Есімдіктердің бәріне де тән, бәріне де ортақ деп есептерліктей я танырлықтай белгілі бір жүйелі формалары немесе өзгеру тәсілдері жоқ. Бұл ерекшелік негізінде есімдіктердің субстантивтік және аттрибутивтік болып мағыналық жікке бөлінуімен байланысты.
Жалпы түркі тілдерінде есімдіктер сан жағынан көп емес, не бары 60 – 70 сөз ғана. Бірақ олардың атқаратын қызметтері орасан зор.
ІІ — ТАРАУ. КӨНЕ ТҮРКІ (ХIII-ХIV ғ.) ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕР ТІЛІНДЕГІ ЕСІМ СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
2.1. Ескерткіштер тіліндегі зат есімнің жасалу жолдары
Түркi тiлдерiндегi есiм сөздер – мағынасы жағынан, морфологиялық белгiлерi және синтаксистiк қызметi жағынан да өзiне тән ерекшелiктерi бар сөз таптары болып табылады. Зат есімнің басқа сөз таптарынан мағыналық белгілері тек заттардың атын білдіретін сөздер ғана болып қоймай, сонымен бірге, әр алуан оқиғалардың, құбылыстардың аттарымен байланысты заттық, қимылдық, мезгілдік мәнді әр түрлі болып келеді. Зат деген ұғым күнделiктi өмiрде кездесетiн әдеттегi жай нәрселердi ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмiрдегi ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсiнiктердi де қамтиды. Бұдан есiм сөздердiң лексика — семантикалық сипаты салалы да, қарымды екенi байқалады.
Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай, сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады. Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйтқы, әрі өзек болып қызмет атқарады.
Зат есiмдер заттық ұғымды білдіретіндіктен, iштей нақтылық және абстрактылық, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелiк және топтық сияқты семантикалық категорияларды да қамтиды. Грамматиканың да, грамматикалық талдаудың да негізгі міндетінің бірі – белгілі бір категорияға жалпы сипаттама берумен қатар, олардың ішіндегі өзінше ерекшеліктері бар топ-топтардың да сыр-сипаттарын ашу, оны баяндау болмақ.
Зат есiмдердi iштей семантикасының өзара орайлас, астас болуларына қарай, әлденеше топқа бөлiп қарастыруға болады. Семантикалық ерекшелiктерiне қарай, зат есiмдердi iштей мал атаулары, өсiмдiк атаулары, төрт түлiк мал атаулары, аспан денелерiнiң атаулары, құрт-құмырсқа атаулары, қора — қопсы атаулары, үй мүлiктерiнiң атаулары, қоғамдық тұрмыстың, саяси — әлеуметтiк салада қолданылатын атаулар деген сияқты неше алуан топқа жiктеуге болады. Жалпы жазба ескерткiштердiң тiлiн зерттей отырып, ондағы есiм сөздердi лексика-семантикалық топтарына қарай топтастыруға болады.
Тілімізде зат есімдерді семантикалық және грамматикалықсипаты жағынан талдап қарастырсақ, олардың бір саласы адам атаулары, екінші саласы адамнан өзге жан-жануарлар мен заттардың атаулары болып келеді. Адам атаулары деп жалпы адамға тән атауларды, туыс атауларын, іс-әрекет пен кәсіп-мамандық иелерінің атауларын, әр алуан қызмет баптары мен лауазым атауларын, кісі аттарын және басқа да осылар сияқты адамға тән атауларды айтамыз. Адам атаулымен байланысты ұғымдардың аттары және кісі аттары енетіндіктен, оларды осы семантикалық ерекшеліктеріне қарай адамзат есімдері деп атауға болады.
Мал атаулары: қочқар-қошқар (КК), теге-теке (КК), сыйыр-сиыр (КК), улақ-лақ (КК), бей-бие (КК), қулун-құлын (КК),
Құрт-құмырсқа атаулары: қымырса-құмырсқа (ХШ), қасартқы-кесертке (КК),
Қару-жарақ атаулары: Қылыч-қылыш (ХШ, Г, Мн), чоқмар-шоқпар (КК),
Қора-қопсы атаулары: хырман-қырман (Мн),
Үй мүлiктерiнiң атаулары: ағ-ау (ХШ), кiлiм-кiлем (ХШ), чырағ-шырақ (ХШ), ешiк-қапұқ-есiк (Мн, КК), араба-арба (КК), бычақ-пышақ (КК), бiл-қайрақ (КК), қуймыч-шөмiш (КК),
Аспан денелерiнiң атаулары: фәләк-аспан (Мн), нәсiмi-самалы (Мн), ахтар-жүлдыз (Мн), йулдуз-жұлдыз (КК), құйаш-күн (Мн), мүнәууар-нұр (Мн), хал-жер (ХШ), бұлт-булут (ХШ), .
Құстардың, аңдардың атаулары: құш-құс (Г), куш-құс (КК), күгарчiн-көгершiн (Мн), лачын-лашын (Мн), усдыр-лашын (КК), тавуқ-тауық (ХШ), шұңқыр-сұңқар (Мн), түлкү-түлкi (ХШ), кадлiк-киiк (ХШ), киiк-киiк (Г), сычқан-тышқан (ХШ), арслан-арыстан (Г), арыслан-арыстан (Мн), иылан-жылан (Г), йел-пiл (Мн), чымган-қырғауыл (Мн), тонғуз-доңыз (КК), .
Өсiмдiк атаулары: санаубар-қайың (Мн), пiста-пiсте (Мн), ғоз-жаңғақ (Мн), бұғдай – бидай (ХШ), ғоз-жаңғақ (ХШ), қоз-жаңғақ (КК), қамыш-қамыс (Г), чечак-гүл (Мн), пiста-пiсте (Мн), ағач-ағаш (КК).
Алтын Орда дәуiрi жазба ескерткiштерiнiң тiлiндегi сөздердiң тұлғасы өзiнiң лексика – грамматикалық сипатына қарай қазiргi тiлдегi сияқты негiзгi түбiр сөзден бастап сөзжасам жұрнақтар арқылы туындаған жаңа туынды сөздер, функционалды — грамматикалық сөзтүрлем жұрнақтар мен әр алуан жалғаулар қосылып айтылу арқылы сөз тұлғаларын түгел қамтыған. Яғни өзiмiз зерттеп отырған сөзжасам жұрнақтары жазба ескерткiштер тiлiнде қалай жасалса, сол күйiнде алып қарастырып, бүгiнгi тiлдiк деректермен салыстырып зерттеу тiл дамуымен, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуымен түрлi құнды мәлiметтер бередi.
Көне түркi жазба ескерткiштерiнде көптiк мағына беретiн негiзгi қосымшалар дыбыс үндестiгiне бағынбайды. Сондықтан оның басқы дыбысы түбiр сөздегi дыбыстың ыңғайына қарай түрленiп отырмайды. Буын үндестiгiне қарай ол –лар, -лер болып жалғанады. Бұлар зат есiмдерге де, есiмдiктерге де, заттанған басқа сөздерге де жалғана бередi. Жазба ескерткiштерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де көптiк форма туғызатын -лар, -лер сан есiмдерден кейiн қолданылмайды, өйткенi сан есiмдер онсыз да анықталатын сөздiң санын бiлдiредi. Мысалы: ары — лар (әулиелер), тiкан — лар (тiкендер), кадлiк — лар (киiктер), iт — лар (иттер), чақ — лар (шақтар).
Қазақ тiлiнде жетi септiк бар. Атау септiгiнен басқалары арнаулы жалғаулар арқылы жасалады. Жазба ескерткiштердегi септiк жалғауларының да беретiн мағыналары қазiргi тiлдегiден айырмашылығы жоқ.
Сөздер құрамы бірдей болмайтыны сияқты, жұрнақтардың да тұлғалық құрамы бірдей емес, әр түрлі. Форма жағынан әрі қарай бөлшектеуге келмейтін, бірақ фонетикалық вариант жасайтын (үнемі ола да болмауы мүмкін) қосымшалар түрі жалаң деп аталады. «Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін тұлғалы жұрнақты айтамыз» [15,38], дейді профессор А.Ысқақов. Әрине, мағына тудыру жағынан бөлшектенбейтін «бір бүтін» жұрнақ жоқ, тек олардың тарихи қалыптасуы жағынан ғана бүтіндік, тұтастық болады. Жалаң зат есiмдер екi салаға бөлiнедi: бiрiншiсi – түбiр зат есiмдер, екiншiсi – туынды зат есiмдер. Ескерткiштегi есiм сөздердiң барлығы бiрдей түбiр сөз бола бермейдi, туынды болып та келедi. Олар жұрнақ арқылы бiр – бiрiнен я басқа сөз таптарынан жасалады. Ең алдымен, есiм сөздердiң синтетикалық және аналитикалық сөз формалары арқылы жасалуына көңiл бөлу қажет.
Морфологиялық тәсiл арқылы жасалатын зат есiмдерге зат есiмнiң өзiнен, өзге сөз таптарына тиiстi жұрнақтар арқылы туған туынды зат есiмдер жатады. Барлық түркi тiлдерiндегiдей, ескi қыпшақ жазба ескерткiштерiнiң тiлiнде де қосымшалар арқылы сөз жасаудың мынадай тәсiлдерi бар. Олар:
- Есiмдерден зат есiмнiң жасалуы
Ескi қыпшақ тiлiндегi жазба ескерткiштерде сөз құрамы басқа да түркi тiлдерiндей түбiрден және бiр немесе бiрнеше лексикалық, грамматикалық қосымшалардан тұрады. Түбiр (ары қарай бөлшектеуге келмейтiн) мен туынды түбiр (екi немесе одан да көп морфемадан тұратын) сөздiң негiзi болып есептеледi. Мысалы, түбiр сөздерге: ет (ет), сүт (сүт), бал (бал), аш (ас), ун (ұн), йағ (май), үкi (үкi), йүк (жүк), уйа (ұя), йүң (түн) т.б.
Жалпы ескi қыпшақ ескерткiштерiндегi сөздер өздерiнiң құрамына қарай дара және күрделi сөздер болып бөлiнедi. Мысалы, йар (жар), кервен сара (керуен сарай), Темүрқазуқ (Темiрқазық, жұлдыз аты) т.б.
Көне тiлдерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де зат есiмдер лексикалық, морфологиялық, синтаксистiк тәсiлдер арқылы жасала бередi. Бiздердiң зерттеп отырған ескерткiштерiмiзде есiм сөздерден зат есiм жасауға бейiм жұрнақтар деп мыналарды көрсетуге болады. Мысалы: -чақ, -чық, -лық, -лiк, -дық, -даш, -деш, -ув, -лук, -сүк, -ған.
Жазба ескерткiштердегi зат есiмдердiң беретiн мағынасына қарай былайша топтастырып қарауға болады.
Қимыл мен әрекеттiң нәтижесiн бiлдiретiн жұрнақтар:
-а, -е: йар – ескi түбiрi йарлығ – жараулы; йара — жара.
-ғақ, -гек, -қақ, -кек: қ – ру – құрға, қ – руғақ — құрғақшылық.
-ғун, -гун, -ғын, -гын, -қын, -күн: тұтғун — тұтқын, ушқун — ұшқын, йарқын- жарқын.
Ескерткiштердегi есiм сөздерге жалғанып зат есiм тудыратын жұрнақтардың жазба ескерткіштердегі көрінісі.
-ча, -че жұрнағы да есім тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі. Бұл жұрнақ кішірейтіп көрсету үшін, әр нәрсенің өзіндік ерекшелігін сәл де болса әлсірете түсу үшін жұмсалады.
Ғұнча – түйнек. Көріб гүл ғұнчаның ағзы ачылұр – сені көріп, гүл түйнегі ашылар /Мн.155/.
- қ // — к, -ақ // -ек жұрнағы, негiзiнен алғанда, кiшiрейткiш ұғым бередi. Бұл жұрнақ алғашқы сөздің лексикалық мағынасын сақтай отырып, екінші бір жаңа сөз тудырады. Жазба ескерткіштерде -қ, -к, -ақ, -ек, -әк, -ық, -ик, -уқ, -үк тұлғаларында қолданылады. А.Ысқақов бұл жұрнақты – нағыз омоним жұрнақ деп есептей келіп, оның мынадай мағыналарын атап өтеді:
- 1. Етістіктен туған зат есімдер (қазық, күйік, т.б.)
- Есімдерден туған зат есімдер (мойнақ, тікенек, т.б.)
- Етістіктен туған сын есімдер (бөлек, сирек, сынақ, т.б.)
- Еліктеуіш сөздерден туған сын есімдер (қалтақ, шыжық, т.б.)
- Есімдерден туған етістіктер (сауық, өшік, кешік, т.б.)
- Түбір етістіктен туған туынды етістіктер (көнік, қанық, т.б.)
Бiрақ, кейде ол дәл осындай мағына тудыра отырып, өзi жалғанған сөздi басқа бiр нәрсенiң атына айналдырып жiбередi. Мысалы, көрк (көрiк) /Мн.104/ дегенде -к формасы арқылы жаңа бiр зат есiм жасалып тұр. Сақақ (иек) деген сөздегi –ақ жұрнағы арқылы етiстiктен есiм сөз жасалып тұр.
- ма // — ме жұрнағы кейбiр түбiр есiмдiктерге жалғанып, зат есiм жасайды. Мысалы, а^ма – соқыр /Мн.250/, чама – көгал /Мн 10/ деген сөздердегi -ма жұрнағы жалғану арқылы зат есiм жасалып тұр.
- чақ // -чек, -чық // -чiк жұрнағы көне тұлғалы ч + ақ, ч + ық деген екi жұрнақтан құралған. Бұл жұрнақ жалғанған түбiрге үш түрлi мағына үстейдi: а) кiшiрейту мағынасы; ә) сөз мағынасын кiшiрейте отырып, бөтен ұғым беретiн жаңа сөз, яғни зат атауын жасау; б) кәсiптi көрсетедi. Мысалы, бiрiншi мағынада: сығыр (өгiз) – сығырчық (өгiзше); екiншi мағынада: iч (iш) – iччек (iшек); үшiншi мағынада: өрүм (өрiм) — өрүмчiк (өрмекшi ).
-туқ // -түк, -дуқ // -дүк жұрнақтары өзi жалғанған түбiрдiң лексикалық мағынасын өзгертiп жiбергенмен, туынды түбiр сөздiң негiзгi түбiрмен байланысы әнтек байқалып тұрады, яғни өзi жалғанып жасалған өздiң түбiр сөз мағынасына байланысты екендiгiн көрсетедi. Мысалы: қол (қол) – қолтуқ (қолтық). Бурундұқ (мұрындық). Тас – бурундұқ (стерженок, тоненькая палочка проодеваемая через хрящи под ноздрями верблюда, за которую привязывают поводок). Түркi – қыпшақ тiлдерiнде түгел айтылады, әр түрлi аллофондары бар.
-ман, -мен – есімшенің келер шағымен зат есімге жалғанып, зат есім тудыратын өнімсіз жұрнақ. -ман аффиксі М.Қашғаридің пікірінше парсы тілінен аударғанда тектес, тәрізді, сияқты деген мағынаны білдіреді. -ман арабтан әуелде адам мағынасында еніп, кейін жұрнаққа айналған.
-ман // -мен жұрнағы адамдардың өзара қоғамдық қарым – қатынасын, заттың бейімділік қалпын бiлдiредi. Мысалы: талаш (талас) – талашман (таласушы кiсi, таласқа түсушi), хырман – қырман. Нечүк кім күйса хырманлар йашындын – жасыл түсіп қырмандар өртенгендей /Мн.227/.
Бұлардың барлығы да дерлiк морфологиялық жолмен жасалған зат есiмдер. Өзге сөз таптарынан қажеттi жұрнақтардың жалғануы арқылы пайда болған сөздер. Зат есiм тудыратын жұрнақтардың кейбiреуi өздерi тiркескен сөздердiң лексикалық мағыналарына семантикалық реңк қана үстейдi. ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнде зат есiмдер мынадай жұрнақтар арқылы жасалады. Олар: -мақ, -мек, -чық, -үк, -үт, -ақ, -үм, -ым, -уш, -чi, -ған, -мач, -рек, -iш, -аш, -ерү, -сун. Осы аталған жұрнақтарға мысалдар келтiрейiк.
-мақ етістіктің түбіріне қосылып, есім жасайтын құранды әрі өнімді жұрнақ: тізбек, батпақ, шақпақ сөздері – етістікке –бек, -пақ құранды жұрнақ қосылу арқылы жасалған есім сөздер.
-мақ қосылу арқылы жасалған сөздер құрал – аспап атын білдіреді:
-мақ қосылу арқылы жасалған сөздер киім атауларын, не белгілі бір заттың тобын, жиынтығын білдіреді:
Ауқат тағам аттарын білдіреді: құймақ, жармақ.
«-мақ, -мәк встречается, как пережиточный аффикс, в изолированных словах различного значения».
Есмес – күн (жел соқпай тұрған уақыт, жел еспейтiн кез), тамчық – тамшы (майда тамшы), үйүк – үйiк, төбе (үйiндi жер, төбешiк), айры – айрық (таудың айрығы), йебүлдiрек – жапырақ (ағаштың жапырағы), кечүтмәк – судан кешiп өтетiн жер (жаяу өткел), қышқач — шаян, сувлачан – суалшаң, йалдрым және сырча — әйнек, шыны (жарқ – жұрқ ететiн, жарқырап тұратын нәрсе, зат), бол(л)уқ – бөлу, бар болу, жетiсу, жетiлу, баю, байлықтың мол болуы, молшылық, бузмақ – талау (талан – таржға салу, талап алу).
-лық бiз зерттеп отырған жазба жәдiгерлерде ең жиi қолданылатын өнiмдi жұрнақ. «Хұсрау уа Шырын» мен «Нахдж әл-Фарадис» тiлiнде 8 түрлi фонетикалық вариантта кездеседі: -лық, -лик, -луқ, -лүк, -лығ, -лиг, -луғ, -лүг; «Мухаббат — наме» тiлiнде тек -лық, -лик, -лук варианттарында кездеседі. Ескерткiштерде -лық көбiне сын есiм және зат есiм тудыруға белсендi. Сонымен қатар көп мағыналы болып келедi.
М.Қашқаридің «Дивани лұғат-ат турк» атты еңбегінде сөзжасамға қатысты алғашқы қисындар айтылады. Аталған еңбекте сөзжасамның синтетикалық тәсілі, қосарлану тәсілі талданады. Бұл еңбекте бір ғана «-лық» қосымшалы туынды сөздің мағынасын талдағанда «-лық»-тың үш түрлі өзіндік мағынасы айқындалып, содан кейін осы тұлға арқылы жасалған туынды сөздің мағыналары сараланады. Нәрсенің өскен, өнген жерін білдіретін мағынасы, айтылған нәрсені істеуге арналған нәрсенің аты, кісінің құлқын, табиғатын білдіретін мағынасында жұмсалғанын көрсетеді. Бұған қарағанда, ХІ ғасыр жазба ескерткішінде осындай мағынада жұмсалған бұл аффикс ХIII-ХIV ғасыр жазба жәдігерліктерінде де осы сынды мағынада қолданылған ең өнімді жұрнақтардың бірі.[16]
- Зат есiм жасай отырып абстракт ұғымдар бередi. Бұл сөздердi шағын мағыналық топтарға бөлуге болады.
а) сын есiм негiзден зат есiм тудырып сапа мен жағдайды бiлдiредi. Иаманлық — жамандық: йаманлық қылған ергә егүлик қыл — жамандық қылған адамға жақсылық қыл /Г.326/.
б) адамның мiнезiн, әрекетiн, қалпын бiлдiретiн сөздерден жасалған абстракт мағынадағы зат есiмдер тудырады:
Кишилик — адамгершiлiк: йар өлтүрмәк кишилик ермәз – Досты өлтiру – адамдыққа жатпайды /ХШ, 195 , 17/.
Улулуқ – ұлықтық. Бу давләтсіз улулуқ қылса болмаз – бұл дәулетсіз ұлықтық қылса болмас /ХШ/.
в) жан – жануарлардың атауларына жалғанып абстракты ұғымды зат есiмдер жасайды.
Бөрилик — бөрiлiк, бөрiге ұқсас: Бөрилик қой, чабан қыл ишиңни – Бөрiлiктi қой, шопанға ұқсап iс қыл /ХШ, 168 ,19/.
Тилкүлүк — қулық, айлакерлiк: Арслан тилкүлүк қылса йәрашмаз – Арыстанға қулық жараспаз /ХШ, 167 б. 12/.
г) ескерткiштерде сын есiмге жалғанып, абстрак мағынадағы зат есiмдер жасайды:
Түгәллик (түгелдiк, бүтiндiк): Түгәллик йәхшы – бүтiндiк жақсы /ХШ, 16 б. 20/.
Қарылық – кәрілік, йігітлік – жігіттік. Қарылықда йігітлік қайра келмаз — кәрілікте жігіттік қайта келмес /ХШ/.
Ходрайлық – есерсоқтық. Аңар ходрайлық етіб мүнса болмаз – оған есерсоқтық жасап мінсе болмас /ХШ/.
Сүчүглүг – тәттілік. Сүчүглүг бірла ол сені алдар – тәттілікпен ол алдар сені /ХШ/.
- Атақ, дәреженi бiлдiретiн сөздерден адамның әлеуметтiк жағдайын, кәсiптi, қызметтi бiлдiретiн зат есiмдер жасайды:
Беклик — бек қызметi: Арзу билән беклик ғасил болмас – Тек қана үмiтпен бек бола алмайсың /Г, 190/.
Қуллық — құлдық, қызмет көрсету: бу ол му, йа дәгүл му билсә болмаз, ики әрклиггә қуллық қылса болмаз – Бұл сол ма, әлде ол емес пе бiлiп болмас, екi үкiметке бiр уақытта құлдық қылып болмас /ХШ,49 б. 3/.
Ханлық — хандық, патшалық: Бу күн ханлық бозынға кәртү хан сән – Бүгiн хандыққа лайық хан сен /ХШ,114, 14/.
- Әр түрлi мақсатқа арналған заттар мен нәрселердiң атын бiлдiредi:
Ашлық — нан, бидай, дән: Йер уруқ алмайынча бермәз ашлық – Жер ұрық алмай, бидай бермес /ХШ,204/.
Түңлүк — түндiк: Соңы айдың тег оң түңлүкдан енгай – Соңынан сәулеге ұқсап түндiктен енедi /ХШ, 86/.
- Өлшем, бiрлiктi бiлдiретiн сөздер –лық жұрнағымен жасалғанымен өте сирек:
Бирлик — бiрлiк: Анық бирликангә берүр тануқлуқ – Оның бiрлiгiне куә болады /ХШ,5 б. 16/.
- Шыққан орынды, мекен – жайды бiлдiредi: «Гулистан бит – турки» дастаны мен «Хүсрау уа Шырын» жазба ескерткіштерінде ғана бiрер дерек бар:
Ә.Керiмовтiң көрсетуiнше «ХШ» дастанында -лық жұрнағынан жасалған 245 туынды сөз, «Г» дастанында 55, «Мн» дастанында 6 туынды сөз бар екендігін көрсетеді [17,160].
Қазiргi түркi тiлдерiнде -лық / -лығ тұлғасы ең өнiмдi жұрнақтардың бiрi. Сөз тудырушы қосымшалардың көпшiлiгi бiрнеше мағынаны бiлдiретiн белгiлi бiр сөз табына телу арқылы олардың мәнiн ашу қиын. Қазақ тiлiнде –лық / -лiк жұрнақтары бiрнеше мағына бередi.
Зат есім мен етістіктен зат есім тудыратын өнімді жұрнақтар. Әдеби тілімізде морфологиялық тәсілмен сөз тудыруда көп қолданылатын өнімді, актив жұрнақтардың бірі — -шы, -ші. Тарихи қалыптасу жағынан А.Г.Гулямов: «… аффикс –чи первоначально имел форму –ч, потом к нему присоединился формант –и получилась расширенная форма указанного аффикса, в дальнейшем аффикс расширенная форма указанного аффикса, в дальнейшем аффикс –чи начал присоединяться и к другим словам» [18,15] — деп қарайды. Мүмкін -шы морфемасының этимологиясы солай болғанымен, қазіргі қазақ тілінде күрделі емес, жалаң жұрнақ.
Адамның әр түрлі еңбегіне, мамандығына, саяси бағытына тағы басқа ерекшелігіне байланысты жалпы дерексіз мағыналы, жалпы заттық мағыналы, нақтылы мағыналы зат есімдер жасалуына негіз болатын –шы мынадай тұлғалы сөздерге қосылып, негізгі түбірлі (әнші, сыншы), туынды түбірлі (егінші, сауыншы), біріккен түбірлі (қолбасшы, шекарашы), қысқарған түбірлі (колхозшы) зат есім жасайды. Ә.Төлеуовтің еңбектерінде –шы жұрнағын зат есімнен зат есім туғызатын морфема деп қараған [19,24]. Мұны қазақ тіл білімін зерттеушілердің де еңбектерінен аңғаруға болады.
-чы, -чи, -чi жұрнағы аталған жазба ескерткiштердiң барлығында да осы фонетикалық варианттарда кездеседi. Зат есiм туғызатын бұл жұрнақ мынадай мағыналар бередi.
- Есiмдерге тiркесiп келiп, кәсiптi, мамандықты бiлдiредi.
Егинчи — егiншi: Егинчиләр келип шикайт қылдылар – Егiншiлер келiп арыз айтты /Г, 91 б9/. Егiнчi үйлерi йағылды отқа – Егiншi үйлерi жағылды отқа /Г,2/.
Елчi — елшi: Беш башлы елчi келiйiр – Бес басты елшi келедi /КК,16/.
Қарақчы — қарақшы: Қарақчыдан не қорқсун йоқсул ай йар – Қарақшыдан не қорықсын кедей, әй жар /ХШ,219/.
Авчы — аңшы: Менiң Қам авчы йүгрук iтларiм бар – Менiң де аңшы жүйрiк иттерiм бар /ХШ,15/,
Битигчи — хатшы, көшiрмешi: Оқуды хас битигчисин қатынға – ол өзiнiң жеке хатшысын шақырды /ХШ, 141б6/.
«ХШ» және «Г» ескерткiштерiнде етiстiк негiзiнен туындаған кейбiр сөздер де мамандықты бiлдiредi.
Күзәтчи — күзетшi: Йәнә тапса күзәтчисиз ачуқ дүр – күзетшiсiз қалған қымбат тасты тапса / Г,62б10/.
Отачы — дәрiгер: Отачы нечә ким билсә тамардын – тамыр ұстап ауруды бiлетiн дәрiгер /ХШ,63б11/.
- Есiмдерге жалғанып адамның қасиетiн, жақсы не жаман сапасын бiлдiредi.
Күрәшчи — балуан: бир күрәшчи пәғләван алтмыш түрли күрәш илмин билүр ерди – Бiр балуан алпыс түрлi күрес тәсiлiн бiлетiн / Г, 74 б 4/.
Йалғанчы — өтiрiкшi: Йалғанчы душман көр болсун — Өтiрiкшi жау соқыр болсын / ХШ, 178 а 5/.
- Субьектiнi бiлдiрiп зат есiм туғызады:
Әпчи — әйел: Бұл сөздiң түбiрi «еп» – үй. Қазiргi хақас тiлiнде епчi әйел мағынасын бередi.
-даш, -дәш «ХШ» және «Г» ескерткiштерiнде кездеседi. Зат есiмдерге жалғанып туыстық, жолдастық қатынасты бiлдiретiн атауларды туғызады.
Йолдаш — жолдас, серiк: Мен дағы анларға йолдаш болмақ тиләдим – Менiң оларға жолдас болғым келдi /Г, 151 а 3/.
Қарындаш – туған — туысқан адамдар. Тас – қарындаш (брат, собрат, единоутробные братья и сестры); ата қарындашы (дядя по линии отца); қайын қарындашлар (родители и родственники жены и их потомство); қыз қарындаш (сестра); КК,МҚ. ДТС – қарундаш // қарындаш (брат единоутробный).
Көңiлдаш — дос, көңiлдес: Көңiлдаш мән йәнә залым ерүр йар – Мен шын доспын, ал менiң досым залым /ХШ, 115 в 10/.
Евдаш — әйел: Йақшы ер евдәши йаман болса, жәвр ичиндә ерин ғәмишә қыйнар – Жақсы адамның әйелi жаман болса, ол үнемi ерiн азаптар /Г,134 а 6/.
Ал белгiлi қазақ ғалымы К.Аханов бұл тұлғаны «морфологиялық жылысу процесi мен сiңiсу процесiнiң қатысуы нәтижесiнде жасалған құранды жұрнақ» деп есептейдi [20,19]. Түркiтануда жұрнақтар дербес сөздердiң күңгiрттенуi арқылы жасалған деген тұжырым бар. О бастағы дербес сөз кейiн көмескiлене келе жұрнаққа айналып, түбiрге жалғанарда жайдан жай тiркесе бермейдi. Тiлдiң белгiлi бiр iшкi заңдылығына сүйенедi.
-ым жұрнағы ескерткiштерде -ым, -им, -ум, -м варианттарында кездесiп, бiрнеше мағынада қолданылады.
- Деректi заттың атын бiлдiредi.
Кәзим – киім. Күн ай тег бир кәзимге разы болғыл – күн мен ай сияқты бір киімге разы бол /ХШ, 64б6/.
- Қимыл — әрекеттің обьектісін білдіреді.
Ичим – сусын. Ичим суу әрсә йәлғуз ичмә зинһар – сусының су болса да, құдай үшін жалғыз ішпе /ХШ,148/.
Йем – жем, тамақ. Йемүм қазғу болады – менің асым қайғы болады /ХШ,115/.
- Өлшем – бірлікті білдіреді.
Ичим – бір жұтым. Бит ичим су – бір жұтым су /Г, 241 а6/.
«Мухаббат — наме» ескерткішінде -ум жұрнағынын жасалған бір ғана сөз кездеседі. Өлүмдүр — өлім. Меңа сенсиз өлүмдүр бу һәйатым – мен үшін сенсіз өмір — өлім.
2.2. Көне түркі (хiii-хiv ғ.) жазба ескерткіштеріндегі сын есімнің жасалу ерекшеліктері
Сын есімдер синтетикалық, аналитикалық, семантикалық тәсілдер арқылы жасалады. Синтетикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады. Аналитикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі сын есімдер мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы, зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы арқылы жасалады. Семантикалық тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адьективтенуі арқылы жасалады. Бұл тәсілдердің ең өнімдісі синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз. Қазақ тiлiнде сөз жасауға қатысатын негiзгi тұлғаларға түбiр мен қосымша жатады. Сөз жасау үшiн түбiр сөзжасамдық ерекшелiктерiн негiзгi тұлғаның бiрi ретiнде танылуы қажет. Түбiр сөздiң лексикалық мағынасы жаңа пайда болған сөздiң лексикалық мағынасына арқау болады. Жаңа сөз жасауға тiлдегi барлық түбiрлер қатысады.
Мағыналық жағынан туынды сын есiмдер өздерi жалғанатын түбiр сөздердiң мағынасымен орайлас келедi. Қазақ тiлiнiң академиялық грамматикасында, Н.Сауранбаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Серғалиев еңбектерiнде сын есiмдердi жасайтын жұрнақтардың мынадай түрлерi кездеседi: -лы, -лi, -ды, -дi, -ты, -тi, -қы, -кi, -ғы, -гi, -сыз, -сiз, -қыш, -кiш, -ғыш, -гiш, -шыл, -шiл, -лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес, -улы, -улi, -ша, -ше, -шақ, -шек, -мыс, -мыш, -ыс, -iс, -с, -ын, -iн, -н, -ағаш, -егеш, -қалақ, -келек, т.б.
Сөйтiп, қатыстық сындар зат есiм, үстеу, етiстiк сияқты басқа сөз таптарынан болатын, олардың нақты мағынасы да өзiнiң жасалуына негiз болған сөздермен байланысты.
Көне түркi жазба ескерткiштерінде заттың сынын, белгiсiн бiлдiретiн сын есiмдер кездеседi. Олар ерте замандардан бастап-ақ өзiнiң семантикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшелiктерiмен де, сөйлемдегi қызметтерi жағынан да сараланған, қалыптасқан сөз табы.
Сын есiм ең алдымен тұлғасына қарай негiзгi (сапалық) және туынды сын есiм болып екiге бөлiнедi.
Негiзгi сын есiмдер заттың түрi мен түсiн, сыны мен сипатын бiлдiретiн, сапасы мен белгiсiн бiлдiредi.
Ескерткiштегi сапалық сын есiмдердi сараласақ:
- Түр — түстi бiлдiретiн сын есiмдер.
- Сын мен сапаны бiлдiретiн сын есiмдер.
- Көлем мен ауқымды бiлдiретiн сын есiмдер.
Сапалық сын есiмдерге жататын түр — түс атауларының көпшiлiгi көне замандардан келе жатқан түркi тiлдерiне ортақ. Осыған орай тiл ортақтығы болатыны сөзсiз.
Сөзжасам қосымшалары көне дәуiрден -ақ қолданылған. Түркi тiлдерiндегi сөзжасам процесiн зерттеген ғалымдарымыз ерекшелiктерiн аңғарған. Қазiргi қазақ тiлiнде синтетикалық тәсiл арқылы жасалған есiм сөздер жайлы Б.Қайымова, Ә.Төлеуов, Ж.Шәкенов, А.Ысқақов, М.Томанов, А.Хасенова, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, Е.Жанпейiсов, С.Нұрханов сынды ғалымдарымыздың еңбектерiн атауға болады. Мәселен, Ә.Төлеуов етiстiктен есiм жасайтын тоғыз, Ж.Шәкенов он бес, А.Ысқақов 23 қосымшаны талдап көрсеткен. Диалектiлiк сөз тудыру және көне ескерткiштер тiлiндегi сөзжасам қосымшаларын зерттеген Ғ.Қалиев, А.Есенқұлов, Ә.Керiмұлы еңбектерiнiң де маңызы зор.
-лық, лiк түркi тiлдерiндегi сияқты бiз зертеп отырған ескерткiштерде де есiм түбiрлерiне жалғанып, жаңа сөз тудыруда өте көп қолданылатын, ең өнiмдi жұрнақ. Ал –лық, -лiк жұрнақтарының ескерткiштерде қазiргi түркi тiлдерiндей мағыналық және фонетикалық ерекшелiктерi болған ба, болса, ол қай тiлде қандай дәрежеде қолданылған деген мәселенi қарастыра кеткен жөн сияқты. Ал дәл осы мағынадағы лық сөзі қазақ тiлiнде де (лық толы, толды) бар. Бiрақ ол жеке тұрғанда сөздiк мағынаға ие болмағанымен, сөйлемде жеке, дербес қызмет атқара да алмайды, толы сөзiмен тiркесiп қана қолданылады.
Дәл осы «толы» мағынасында армян тiлiнде де -лық тұлғалы сын есiмнiң болуы мәселенi қиындатады және – лық сөзiнiң сөз тудырушы –лиг жұрнағына қатысын ашу үшiн әлi де болса қосымша деректер керек сияқты, — дейдi Э.В.Севортян [21,437].
Ескерткiштердегi – лық жұрнағы
қазiргi түрiкмен тiлiнде -лық, -лiк, -луқ, -лүк;
азербайжан тiлiнде: -лығ, -лiк, — лұқ,-лүк;
башқұрт тiлiнде: -лық, -лiк, -лоқ, -лок;
қарақалпақ тiлiнде: -лық, -лiк, -лұқ, -лүк;
қарайым тiлiнде: -лық, -лiк, -лұқ, -лүк, -люк тәрiздi варианттары кездеседi.
-лық жұрнағы көп вариантты болумен қатар, көп мағыналы да. Бiз қарастырып отырған ескерткiштер тiлiнде бiрнеше мағынаны бiлдiредi.
-лы сөзжасам жұрнағы “ХШ” және “НФ” ескерткiштерiнде 4 түрлi вариантта айтылады: -лы, -ли, -лу, -лү. Ал “Мн” дастаныны мен “Г” дастанында 3 түрлi -лы, -ли, -лү варианттарында айтылады. Бұл жұрнақтар есiмдермен келiп әр түрлi мағынадағы туынды сөздер жасайды.
- Бiр анық заттың көптiгiн немесе барлығын бiлдiредi: Ақчалы (ақшалы), Ақчалы адәми мухтачи дәгүлдүр күчкә — ақшалы адамдарға күштiң қажетi жоқ. /Г-19 б./.
Еринли (ерiндi): Қәмук йақут еринлик сөзи дүрлер, вафасызлықны сизден өгрәнүрлер- жақұт ерiндi, сөзi дүрлер сiзден опасыздықты үйренедi / Мн, 40б./.
Дәулетлi (дәулеттi): Дәулетлi кiм дұрыр? –Дәулеттi кiм? /Г, 279 б., 1/.
- Белгiлi бiр сараны, қасиеттi бiлдiретiн сын есiмдер туғызады. Мұндай сын есiмдер өте мол. Кейбiр түркi негiздi сөздермен қатар араб – парсы негiздi сөздерде де көптеп ұшырасады.
Биликли (бiлiмдi): Бизге бир камил биликли ер керек – бiзге бiлiмдi адам өте қажет /Г, 46 б./.
Көркли (көрiктi): Қыйамды көрклүсин хуснүңгә не сөз – сенiң шексiз сұлулығыңа таң қалмасқа бола ма? /Мн,17б6/.
Бойлы (бойлы): Екiсi ұзын бойлы схыбжамал, дағы бiрi қысқа бойлы едi – Екеуi ұзын бойлы, келбеттi, ал бiрi қысқа бойлы болыпты /Г,276б,4/.
Көрлү – көрікті. Пәрі уа хұрдын һәм көрклүсән – періден де, хұрдан да көріктісің /Мн.220/.
Хулуқлу – құлықты. Һаман хулуқлу бірла олтурма зәнһар – жаман құлқтымен отырма, қорғаным /ХШ/.
- Салыстыру және теңестiру мағынасындағы күрделi сын есiмдер де бар: узун бойлы, кийик көзли, ачығ сөзли .
Осы ескерткiштердiң iшiнде «ХШ» дастанында –лы және — лық, -лығ жұрнақтары параллельдi түрде қолданыла бередi. Мысалы, бағлық — бағлығ — бағлы; тилли — тиллиг; татлы — татлығ, т.б. Орта ғасыр ескерткiштерiндегi — лық және -лы сөзжасам жұрнақтары мағыналық, қатыстық жағынан сараланып бiтпегенi байқалады. Ал қазiргi түркi тiлдерiнде дараланып жеке-жеке жұрнақ болып қалыптасқан. Қазiргi түркi тiлдерiнде -лы қатыстық сын есiм жасайды.
-сыз сөзжасам жұрнағы «ХШ», «НФ», «КК» және «Г» ескерткiштерiнде 4 түрлi –сыз, -сиз, -суз, -сүз, ал «Мн» дастанында 2 түрлi -сыз, -сиз фонетикалық варианттары кездеседi.
а) деректi зат есiмдерден туған сын есiмдер:
Көзсүз (соқыр): Көрксүз елчиниң ери көзсүз керәк – Көрiксiз әйелдiң ерi соқыр болса керек /Г,156б10/.
Авунсуз – айласыз. Авунсуз қорса, болмас қушқа ғiч ағ – айласыз құрса, болмас құсқа еш ау /ХШ/.
Тикансиз (тiкенсiз): Чечәк чимган ара болмас тикансиз – Бақшадағы роза тiкенсiз болмас / Мн,21б3/.
Сөқүксүз – сүйексіз, қабсыз — қабықсыз. Сөқүксүз хурма, қабсыз ғоз болмаз – сүйексіз – құрма, қабықсыз жаңғақ болмас /ХШ/.
Давләтсіз — дәулетсіз. Бу давләтсіз улулуқ қылса болмаз – бұл дәулетсіз ұлықтық қылса болмас /ХШ/.
б) дерексiз зат есiмдерден жасалған туынды сөздер.
Вәфасыз (опасыз): Жеған йил тек, умур гүл тек вәфасыз — Әлем жел сияқты өзгермелi, өмiр гүл сияқты мәңгiлiк емес /Мн,40а4/.
Рахымсыз (рақымсыз): Рахымсыз би офасыз жан уа жаһанға – Рақымсыз әрі опасыз сұлу жанға /Мн,130/.
Әдебсiз (әдепсiз): Әдепнi кiмнен үгрiндiң? Айтты: әдебсiзлерден — Әдептi кiмнен үйрендiң? Айтты: әдепсiздерден /Г, 275б,2/.
Чақсыз — мезгілсіз. Тавуқ чақсыз чақырса, ход білүрсан – тауық мезгілсіз шақырса, білерсің сен /ХШ/.
Қылықсыз – қылықсыз. Болур худ көрклүлар барча қылықсыз – болар көріктінің бәрі де қылықсыз /ХШ/.
в) есiм сөздерден туындаған сын есiмдер:
Ансыз (онсыз): Нетәк түрлүгмән онсыз – онсыз мен қалай өмiр сүрем / ХШ, 138б18/.
Хәдсiз (есепсiз): Дүшман черiсi хәдсiз құп едi, дағы аз бұлар-аз – Дұшпан әскерi есепсiз көп едi, ал бұлар-аз /Г,276б.,4/.
-сыз, -сiз: есiм сөздерге жалғанып, сын есiм тудыратын өнiмдi жұрнақ ескерткiштерде -сыз, -сиз, -суз, -сүз төрт түрлi фонетикалық варианттарда да кездеседi.
-қы, -кi қосымшасы. Түркi тектес тiлдер тарихында –қы, -кi, -ғы, -гi түрлi варианттардың ең көнеден келе жатқан қосымшалардың бiрiнен саналады. Бұл қосымшаның есiм сөз жасауы ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнен белгiлi. Көбiне бұл қосымша мекендiк ұғым беретiн зат есiмдер, үстеу және жатыс септiк есiмдерiмен қосылып сын есiм жасайды.
М.Томанов зат есім тудыратын –қы қосымшасы мен сын есім тудыратын –қы қосымшасын бір-бірінен бүтіндей басқа тұлғалар деп көрсетеді. Оған себеп, біріншіден, екеуі екі түбірге жалғанады, екіншіден, екі түрлі лексикалық топтарға а) істің нәтижесі, істелу құралы, тәсілі, қимыл атауы; ә) мезгіл, мекен ыңғайына қатысты сын есімдерге жататын сөздердің жасалу тәсілі ретінде көрінеді.[12]
-қы, -кі, -ғы, -гі жұрнағы модальділік мәні бар етістіктен сын есім тудыратын қосымша. Ол іс-әрекет, қимылды жүзеге асыратын, орындайтын құралдың атауды білдіретін есім сөздер жасайды. Мысалы: пычқы – ара, түбірі пыч – кесу, пішу деген мағынаны білдіреді [22]. Зат, құрал атауы осы бастапқы мағынаның негізінде туындаған.
Екi түрлi мағынасында да қолданылады.
- Жазба ескерткіштер тілінде –ғы, -гі, -қы, -кі тұлғалары мекендік, аумақтық, тайпалық, мезгілдік белгілерді білдіретін туынды сөздер жасайды.
Есiмдерге үстеулерге және шылауларға жалғанып мезгiл мағынадағы сын есiм тудырады.
Түнги (түнгi): Киши ким ақламаласа түнги имин – кiсi түнгi iстi есiнде сақтамағанда /ХШ,107 а 1/.
Бурунғы (бұрынғы): Бурунғы муәлим – бұрынғы мұғалiм /Г, 260 б 6/.
Бурунқы (бұрынғы): Бурунқы завқ һіч соңра табулмаз – Бұрынғы ашық көңіл соң табылмас /ХШ, 132 б 5/.
- Барыс септiгiндегi сөздерге жалғанып мекен мағынадағы сын есiмдердi туғызады.
Өндүнки (алдыңғы): Турып өндүнки сафда бәрса бегләр – Барлық бектер алдыңғы қатарда тұрды /ХШ, 147 б 13/.
-ы, -i қосымшаларының көне түрi –ығ, -iг, -ұғ, -үг болғаны мәлiм. Бұл сын есiм жасайтын ең өнiмсiз қосымша. Көне түркi ескерткiштер тiлiнде -ы, -й, -у, -ү варианттарында қолданылған.
-дақ, -дағ, -дәк, -дәг, -дек, -тек, -тег. Бұл жұрнақтар жазба ескерткiштердің барлығында да кездесiп, есiмдерге және жiктеу, сiлтеу есiмдiктерiне жалғанып, теңестiру, салыстыру, ұқсату мағынасындағы туынды сын есiмдер жасайтын қосымша бола тұрса да, бұл форма бір алуан сөздерге жалғанып туынды үстеулер де жасайды. Зат есімдерге жалғанады. Мысалы, Толун айдек – толған айдай /Мн, 5б5/.
-дақ, -дек сын есiмнiң сөзжасам жұрнақтары ретiнде ежелгi фонетикалық тұлғаларда қазiргi ұйғыр, тува, iшiнара өзбек және түркiмен тiлдерiнде сақталған.
Аналитикалық тәсілмен сөз туғызу мәселесі – тіл білімінде теориялық та, практикалық та мәні бар, кең дүние. Ол арнайы зерттеуді керек етеді. Сын есімдерді компоненттерінің құрамдарына қарай жалаң сын есімдер және күрделі сын есімдер болып екі салаға бөлінеді.
Күрделі сын есімдерге кемі екі я онан да астам компоненттерден құралып, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сын есімдер жатады. Күрделі сын есімдер негізгі сындардан да, олардың өзді-өзінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігуі арқылы жасалып, бір бүтін күрделі тұлға ретінде қызмет етеді.[24] Жазба ескерткіштер тіліндегі күрделі сын есімдердің негізгі үлгілері мынадай:
- Сапалық сын есімдер бір – бірімен тіркеседі. Бұл топқа алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сын есімдер, алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компонентті күрделі сын есімдер, үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады. Мысалы: ал кер – алқызыл кер /Мн, 6/.
- Негізгі сынмен –лы, -лі формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: Йеті қат зәрли — Жеті қат зерлі /Мн, 4/, Айа бойы санаубар – Қайың тұлғалы /Мн,141/, Беріпдүр пістага – Пісте ерінді /Мн,142/.
2.3. Жазба ескерткіштердегі сан есімдердің жасалу жолдары
Сан есімдер сан мөлшерін абстракт түрде айтайын сөздер болғанымен, олар семантикалық, морфологиялық және синтаксистік жағынан іштей алды — алдына жеке категориялар ретінде танырлықтай бірнеше топтарға бөлінеді. Түркі тілдерінде қолданылып жүрген жіктеулік жүйе бойынша жазба ескерткіштер тіліндегі сан есімдер бірнеше топтарға жіктеледі. Сан есімдердің іштей жіктеліс топтарының кейбіреуі заттың, зат есімнен туған сынның немесе амалдың дәл санын я есебін білдіретін болса, кейбіреулері ретін білдіреді.
Есептік сандар нақтылы сандық ұғымды білдіреді, нақтылы сандық ұғымдарды атайды. Сан есім сөз табының негізін есептік сандар құрастырады. Олар сан есімнің басқа семантикалық топтарының жасалуына да негіз болады. Сондықтан сан есім құрамында есептік сандар ерекше орын алады, олардың атқаратын қызметі зор. ХІІІ – ХІV ғасырдағы жазба ескерткіштер тілінде есептік сан есімдердің өзіндік маңызы өте зор.
Есептік сандар ішкі құрылысы жағынан сан алуан. Есептік сандарда сөзге түсетін ерекшелік олардағы сандық қатарлар. Есептік сандардың әр қатарының аттары — тілде ертеден келе жатқан сандық атаулар. Есептік сандардың сөзжасамы екі сандық қатардың арасындағы сандарға қатысты. Мысалы: Беш ағачқа бітідім – бес ағашқа жаздым /КК/, Екі учунат асма керек – екі ұшына аспа керек /КК/, Отуз түмен он айдун – отыз түмен, он айдын /КК/, Кеіні кім көтрүр алтмыш батман асан – оңай көтерген кісі алпыс батпан /ХШ/, Мің ерса достларың һам аз теб біл – Мың болса да, достарың аз деп біл /ХШ/, Сүт еммазман ағзымда бар отүз тіш – сүт ембеспін, аузымда бар отыз тіс /ХШ/, Йерін табса, йүз ернің ішін ішлар – жерін тапса, жүз ердің ісін істер /ХШ/.
Сан есім сөзжасамында аналитикалық тәсіл негізгі орын алатындықтан, бұл сөз табы күрделі сан атауларына өте бай. Ол сөз табын негізінен күрделі сөздерден тұрады деуге боларлықтай, өйткені мұнда дара сан атаулары өте аз. Сондықтан аналитикалық тәсіл нәтижесінде жасалған күрделі сан атауларын арнайы сөз етіп отырмыз.
Тілімізде сан есім сөз табын құрайтын сөздердің жиырма шақтысы ғана дара сандар. Олар бірліктер мен сандық қатарлардың аты. Сан есім – сөзге бай сөз табының бірі, ол есімдік, шылау, одағай сияқты сөз таптарынан әлдеқайда бай. Бірақ сандық ұғымды білдіретін сөздер негізінен күрделі атаулар болғандықтан, олардың дербес сөз ретінде танылмауы бұл сөз табының құрамын белгісіз қалдырып келеді.
Сан есім синтетикалық сөзжасам жүйесіне жататын қосымшаға –ынчы, -інчі, -нчы, -нчі, -унчы, -үнчі жұрнағы жатады. Бұл жұрнақ есептік сан есімнен реттік сан есім жасайды, дара, күрделі есептік сан есімдердің қайсысынан да реттік сан есім осы жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы: бірінчі – бірінші, екінчі – екінші, үчүнчі – үшінші.
Реттік сан есімнің –нчы, -нчі, -ынчы, -інчі, -унчы, -үнчі жұрнақтары көне заманнан келе жатыр. Реттік сан есімдер заттың нақтылы сандық мөлшерін емес, заттың реттік санын, тәртібін білдіреді.
Жинақтық сан есім жасаушы аффикс -ау, -еу. Бұл аффикс бірден жетіге дейінгі бірлік сан есімдерден жинақтық сан есім жасайды. Ол сандық ұғымды мүлдем өзгертпейді, бірақ есептік санға жинақтау мәнін қосып, оның мәнін абстракцияландырып, заттық ұғым да қосады. Жазба ескерткіштер тілінде жинақтық сан есімдер — аффикстер арқылы жасалады. Мысалы: Бірегу ерса душманың андын сақынғыл – біреу болса да дұшпаның, одан сақтан /ХШ/.
Қазіргі түркі тілдерінің көбінде жинақтық сан есімнің –ау, -еу, -у дыбыстық варианты қолданылады. Қазақ зерттеушісі Ғ.Айдаров жазба ескерткіштер тілінде жинақтық сан есім бар деп, оның жасалу жолын көрсеткен: «Жинақтық сан есім заттардың жиынтығын білдіріп, -агу, -егу, -үчегу жұрнағы арқылы жасалады» — дейді. [23]
Жинақтық сан есімнің қазіргі түркі тілдеріндегі тағы бір ерекшелігі оның қанша санға тарауына байланысты. Көпшілік түркі тілдерінде жинақтық сан бірден жетіге дейін болса, кейбір түркі тілдерінде бірден онға дейін жинақтық сан есім жасалады. Жинақтық сан есімдер көне замандардан басталып, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан тілдік құбылыс.
Топтық сан есімдер жазба ескерткіштерде -ер жұрнағы арқылы жасалады. Бұл жұрнақ арқылы қазақ тілінде бірер деген сөз ғана жасалады. Бұл жұрнақтың ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткіштерінде –ар, -әр дыбыстық варианттарымен қатар –сар, -сер, -шар, -шер варианттары да бар.
Обьективтік өмірде зат, құбылыс атаулының барлық уақытта саны, мөлшері анық бола бермейді, сөйлеушіге заттардың саны нақтылы болмағанда, оның шама, мөлшерін болжалдап қана айту тілде кең орын алады. Осымен байланысты тілде болжалдық сан есімдер қалыптасқан. Жазба ескерткіштер тілінде болжалды сан есімдер түбір сөзге -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғануы арқылы жасалады. Болжалдық сан есімдер жазба ескерткіштер тілінде өте жиі қолданылады, оның жасалу жолы жағынан да мүмкіндігі өте мол. Болжалдық сан есімдердің жасалуын екіге бөліп топтауға болады, болжалдық сан есімдер синтетикалық және аналитикалық тәсіл арқылы жасалады.
Түркі тілдерінде болжалдық сан ғана жасайтын арнайы өзіндік аффикс жоқ. Бірақ басқа сөз таптарының қосымшалары болжалдық сан есімде мүлдем басқа, жаңа мән алғаны сөзсіз. Сондықтан сан есімге арналғанзерттеулерде болжалдық сан есім жасаушы көрсеткіштер ретінде мынадай аффикстер көрсетіліп жүр: -дай, -дей, -тай, -тей, -дап, -деп, -тап, -теп, -лап, -леп, -даған, -деген, -таған, -теген.
Бөлшектік сандық ұғым тілде бар, ол математика ғылымының дамуына да қатысты. Бөлшектік сан есімнің арнаулы қосымшасы жоқ. Бөлшектік сандық ұғым есептік сандардың белгілі синтаксистік қатынасқа түсуіне байланысты беріледі. Мысалы: оннан үш, төрттің бірі.
Сан есім сөзжасам жүйесі тым ерте қалыптасқан. Сан есім сөзжасамы арқылы жасалған күрделі есептік сандарға да, сан есімнің лексика -семантикалық барлық топтарының жасалуына да толық қатысты. Сан есімнің сөзжасам заңдылықтары бойынша сан есім жасамында негіз сөз тек қана сан есім сөз қолданылады, өйткені сан есім басқа сөз табынан жасалмайды, оның басқа сөз таптарынан сан есім жасайтын жұрнақтары жоқ. [26]
2.4. Ескерткіштегі есімдіктердің жасалуы
Есімдіктердің нақтылы мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлемге немесе жалпы сөйлеу аңғарына қарай айқындалады. Жазба ескерткіштер тілінде де осы мағынада қолданылады. Мысалы, Өзүң һәм өлүмдін ермаз азад — Өзің де өлімнен емессің азат (ХШ), Біл өз айбуңны күлдүрма өзүңга — Біл өз айыбыңды, күлдірме өзіңе (ХШ), Қолұм сым алмаңызға йетмады һеч — Қолым сенің алмаңа еш жетпеді (Мн, 110), Айағың кімки өпса мөңгү йашар — Аяғыңды кім өпсе, сол мәңгі жасайтындай (Мн, 121), Сәламымны текүр ол көркка байға — Сәлемімді жеткіз сол көрікке байға (Мн,131) деген сөйлемдердегі есімдіктердің қайсысының болса да мағынасы нақтылы емес. Соңғы сөйлемдегі сол деген сөзден тек бір адамның барлық афоризмін білетінін ғана аңғартамыз.
Түркi тiлерiнде есiмдiктердiң төмендегiдей түрлері кездеседi:
- Жiктеу есiмдiктерi. Түркi тiлдерiндегi жiктеу есiмдiктерi саны және тұлғалық өзгешелiктерi жағынан қазiргi қазақ тiлiндегi жiктеу есiмдiктерiне жақын болып келедi. Қызметі жағынан есімдіктердің ішінде ең жиі қолданылатыны — жіктеу есімдігі. Жіктеу есімдігі үнемі жақтық ұғыммен байланысты болып келеді. Сол себептен де олар ылғи адаммен байланысты болып келеді. Жіктеу есімдіктерінің белгілі бір жақсы нақтылы етіп көрсетуі әрқашан сөйлеуші адаммен тығыз байланыста болады, демек, сөйлеушінің өзге адамдарға қатынасы қай дәрежеде болғандығына орай және соған лайықты анықталып отырылады. Мысалы: Бұғдай көргәзіб, арпа сатар ол – Бидай көрсетіп, арпа сатар ол /ХШ Сен аны тап(ма)саң, сенек иін (ійін) илегіл – Сен оны таппасаң, сенекиін илегін /КК 41/, Меңа сенсіз өлүмдүр бұ – хайатым – Сен болмасаң, өлімге бел буғанмын /Мн 145/, Йырақлық бірла мен сізні ұнытман – Жырақта жүрсем де мен сені ұмытпан /Мн 146/, Рақыбың дүр тікан, сіз таза гүлсіз – Күндестерің –тікен, сіз – таза гүлсіз /Мн 162/, Мен әсрү би науа, сіз мұхташамсыз – Мен аса бақытсызбын, сіз бақыттысыз /Мн 223/, Меңа дұзах ерүр ұжмақ сенсіз – Мен үшін жұмақ та тозақ сенсіз /Мн 247/, Чечек сен, бәнда сайрар бұлбұлұңдүр – Сен шешексің, бендең –сайрар бұлбұлың /Мн 263/, Өлмәс ол ер кімде болса бу сифат – Ол сипатты ер еш уақытта өлмес /Г/, Бұ кітап бағбаны ол әдіб – «Гүлстанның» бағбаны ол – жазушы /Г/, Мен өлтүрдүм, деді түлкү, мені қой – Мен өлтірдім, деді түлкі, мені қой /ХШ/, Ағар болса, сан андын йахшы сақлан – Егер болса, сен одан жақсы сақтан /ХШ/, Булар айбын йабар көркі білің сіз – Олардың айыбын жабар көркі, біліңіз /ХШ/.
Жіктеу есімдіктерінің ІІ жақ сіз сөзі жайлы М.Қашқари былай деп жазды: «Сіз — үлкендерді құрмет тұтқанда сен мағынасында айтылатын сөз. Дұрысында мұның мағынасы сіздер деу. Кішілерге сен делінеді». Бұған қарағанда, түркі тілдерінің кейбірінде сіз есімдігі әрі сыпайы, әрі көптік, құрметтілік мәнді беретін сөз есебінде қолданылса керек. Осы екі мән де соңғы з арқылы берілген. Бұл сөздің көптік мәні тілімізде жіктік жалғаудың І жағында (-мыз) ғана сақталса керек.[1]
- Сiлтеу есiмдiктерi. Жазба ескерткiштерде есiмдiктер мынадай болып көрiнiс табады: ол, шол-сол (Мн), бу-бұл (ХШ), булар-бұлар (ХШ), Будавләтсіз улулуқ қылса болмаз – Бұл дәулетсіз ұлықтық қылса болмас /ХШ/, Ніча бу дуниа қадғусын йерүрсан – Бұл дүние қайғысын көп-ақ жерсің /ХШ/, Қары хатунтег ол бу дуниа маккар – Кәрі қатындай бұл дүние алдамшы /ХШ/, Сәламымны текүр ол ділсітанға – Сәлемімді жеткіз, сол еркімді алған /Мн 130/, Сәламымны текүр ол көркка байға – Сәлемімді жеткіз сол көрікке байға /Мн 131/, Көзүңдін салма бұ мүскін кәданы – Көзіңнен сырт қалдырма бұл мүскіннің қапасын /Мн 165/ Сілтеу есімдіктерінің ішінде ең көп кездесетіні бу есімдігі. Жазба ескерткіштердің барлығында да соңғы л дыбысы айтылмайды. Жазба ескерткіштерде сұрау есімдіктері сан жағынан сол және ең жиі қолданылатын есімдіктердің бірі.
- ХІІІ – ХІV ғасыр жазба ескерткіштерінде сұрау есiмдiктерi өте көп кездеседі. Сұрау есімдіктері: қачан-қашан (Мн), неча-қанша (Мн), нiча-қаншама (ХШ), нечiк-неге (КК). Сұрау есiмдiктерiнiң барлық түрлерi кiм? не? қай? деген үш түрлi түбiрден өрбiген.
- Өздiк есiмдiктерi: анұң-өзiң (Мн), өзүң-өзiң (ХШ), кенсi-өзi (КК), кентi-өзi (КК). Бұлардың iшiнде ең көп ұшырасатыны анұң болып келедi. Өздiк есiмдiктер әр алуан формада тұрып, түрленiп келiп те айтыла бередi: өзүм-өзiм, өзгече-өзгелер.
- Белгiсiздiк есiмдiктерi. Кейбiр сұрау есiмдiктерi өзiнiң бастапқы мағынасынан ажырап, белгiсiздiк есiмдiктердiң қызметiн атқарады. Олардың негiзгiлерi мыналар: кiм-кiм (Мн), кiмсе-бiреу (ХШ), бiр-белгiсiз бiр нәрсе (ХШ).
- Болымсыздық есiмдiктерi жазба ескерткiштерде мынадай болып кездеседi: ғеч-еш (Мн), ғiч-еш (ХШ), йоқ-жоқ (КК), ғеркез-еш уақытта (Мн). Болымсыздық есiмдiктердiң өз көрсеткiшi ғеч, ғеркез сөздерi – парсы тiлiнен ауысқан.
- Жалпылауыш есімдіктері жазба ескерткіштерде бірен – саран ғана сөздер кездеседі. Олардың барлығы дерлік біздің тілімізде бар. Бірақ олардың фонетикалық өзгешеліктері болмаса, дәл біздің тіліміздегідей. Жалпылау есiмдiктерi: барча-бәрi (ХШ), бары-бәрi (Мн), Қәр-әр (ХШ).
Түркi тiлiндегi жазба ескерткiштерде есiмдiктер осы секiлдi болып келедi. Олардың бiр-бiрiнен айырмашылықтары да жоқ емес. Олардың бiр-бiрiнен ең басты айырмашылығы фонетикалық өзгешелiктерiнде.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кез келген халықтың жазба мұралары – сол халықтың тарихи дамуының, өркендеуiнiң жемiсi. Бiздiң зертеу жұмысымызға нысан болған ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерi Алтын Орда дәуiрiнде жазылған аса құнды ескерткiштер болып табылады. Алтын Орда мемлекетiнiң негiзгi тiлi – түркi тiлi болды. Бiрақ Алтын Орда дәуiрiнiң халықтық тiлi де, әдеби тiлi де бiркелкi жүйелi сипатта болған жоқ. Ақсүйектер ұйғыр жазуы мен араб жазуына негiзделген әдеби тiлдi пайдаланды. Алтын Орда әдеби тiлiнде, көбiнесе, қыпшақ тiлiнiң элементi басым болды. Жазба ескерткіштердің табылуы мен ғылыми әлемге танылуы, мазмұнының әр түрлі басылымдары, зерттелу тарихы, бұл ғылыми мұралардың ескі жазба ескерткіштерінің ішінен алатын орны, қазіргі қазақ тілінің қалыптасу тарихына байланысты мәселелері секілді әр алуан проблемалар туралы сөз болады. Ғалымдар жазба ескерткiштердiң тiлiн зерттей келiп, қазiргi қазақ тiлiнен онша алшақ емес деп тұжырымдайды.
Қазiргi қазақ тiлiнiң қалыптасуы мен дамуындағы тарихи процестердi ашып-айқындау – бүгiнгi күннiң өзектi мәселесi. Орта ғасыр ескерткiштер тiлi мен жаңа тiлдiң сабақтастығын айқындауда және оларға лингвистикалық тұрғыдан баға беруде ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнiң маңызы зор.
Қазақ әдеби тiлiнiң бастау көзi ретiнде ХIII-ХIV ғасыр жазба ескерткiштерiнің мәнін зерттегенде ондағы құбылыстарды диахрондық тұрғыдан да, синхрондық тұрғыдан да қарастыру қажет. Осы мақсатта ХIII-ХIV ғасырдағы жазба ескерткiштер тiлiндегi есiм сөздердiң жасалуы жан-жақты қарастырылды. Жазба ескерткіштердегі есім сөздердің өзіндік жасалу тәсілдері сипатталды. Жазба мұрағаттар тілінде синтетикалық тәсіл арқылы есім сөздердің жасалуы ең негізгі әдістердің бірі екендігі дәлелденді.
Еңбекте ғалымдар тарапынан есім сөздерге берілген анықтамалар көрсетілді. Есім сөздердің жасалуы, грамматикалық тұлғасы, өзіне тән белгілері ерекшеленеді. «Кодекс куманикус», «Мухаббат-наме», «Хұсрау уа Шырын», «Нахдж — ал – фарадис», «Гулистан бит-түрки» ескерткіштер тілінің сөздік қоры жалпы түркі тілдеріне ортақ сөздерден тұрады. Оларды қазіргі қазақ тіліндегі баламаларымен салыстырғанда формалық жағынан аздап ерекшеліктері болғанымен, мағыналық жақтан басым көпшілігі үйлесіп келеді және туыстас түркі тілдерінде де өз мағынасын сақтай алған.
Қорыта келгенде, қазiргi түркi тiлдерiндегi есiм сөздердiң өзiне тән мағынасы, морфологиялық көрсеткiштерi, сөзжасамдық тәсiлдерi мен синтаксистiк қызметi жағынан дараланған, тiлдiк жүйеде өзiндiк орны бар. Бiздiң зертеу жұмысымызда, Алтын Орда дәуiрiндегi жазба ескерткiштердегi есiм сөздердiң жасалу жолдарын анықталып отыр.
Қазақ тiлiндегi есiм сөздердiң жасалуы мен көне жазба ескерткiштердегi есiм сөздердiң жасалу жолдары салыстырылып қарастырылған. Әр сөзге берiлген анықтамада ол сөз жан-жақты қарастырылып, зерттелiп берiлдi. Лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы түгелдей есепке алынды. Жұмыста ХIII-ХIV ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер тілі мен қазіргі қазақ тіліне ортақ есім сөздердің морфологиялық ерекшеліктері айқындалды, ұқсастықтары мен айырмашылықтары ғылыми негізде түсіндірілді.
Жазба ескерткiштердегi сөздер көбiнесе бiр мағыналы болып келедi де, номинативтi қызмет атқарады. Әр лексеманың қалыптасу жолы мен құрылымдық жүйесi де назардан тыс қалған жоқ.
Тiл бiлiмiнiң қай саласын алсақ та, оның зерттеу обьектiсi я тiкелей, я жанама түрде сөзге келiп тiреледi. Сөздiң лексикалық мағынасы ешбiр контекссiз-ақ жазба ескерткiштерде негiзгi сөз ретiнде қызмет атқарып, оның мағынасы анықталады.
Әрбiр сөзге берiлген анықтама мен түсiнiктемелерде ең әуелi сөздiң негiзгi түбiрi туралы, одан кейiн туынды түбiр жайында сөз болады да, оның грамматикалық форманттарының тұлғасы мен мағынасы, яғни атқаратын қызметi көрсетiледi. Негiзгi түбiрлер көп кездеседi, туынды түбiрлер одан гөрi аздау, ал грамматикалық қосымшаларымен тұлғаланып келетiн сөздер сирек ұшырасады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Қашқари М., Түрік сөздігі. А., Хан – І том, 1997-590 б.
- Құрышжанұлы Ә. Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер. 1975. 44-65 б..
- Сауранбаев Н.Т. Некоторые черты древнекипчакского языка // Сб. Сауранбаев Н.Т. Проблемы казахского языкознания. –Алма-Ата. Ғылым, –С.254 //Сб. Вестник АН Каз. -1948. № 12.
- Наджип Э.Н. Исследование по историй тюркских языков ХI-ХV в.в. Москва: Наука. 1989. –120 с.
- Наджип Э.Н. О новонайденных арабописьменных списках “Мухаббат — наме” Хорезми / Советская тюркология. 1973, № 3. –94-100 с.
- Сүйіншәлиев Х. VІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1989. -223 б.
- Құрышжанов Ә., Ибатов Ә. Ескi түркi жазба ескерткiштерi хақында. Кiт.: Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы мен даму жолдары. Алматы: Ғылым, 1981 ж. 97-124 б.
- Қоңыратбаев Ә. Хорезми “Мухаббат-наме”. Қолжазба, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кiтапханасы, 1937.Благова Г.Р. Два издания рукописей “Мухаббат-наме” // Народы Азии и Африки, 1963, -209-212 с.
- Айдаров Ғ., Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. А., 1986
- Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (Семантикалық аспект). Алматы: Қазақ университетi, 1999. –309 б.
- Тектiғұл Ж. “Қазақ тiлiндегi түркi негiздi аффикстердiң эвалюциясы” А. “Ғылым” 2002, 302 б.
- Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. – Алматы: Мектеп, 1975. – 176 б.
- Баскаков Н.А. Каракалпакский язык. М., 1952. С. 225.
- Хасенов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. Алматы, 1957. 20 б.
- Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 403 б.
- Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка. Л., 1948. С. 90.
- Керімұлы Ә. Түркі әдебиеті ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІV ғасыр), А.,1999.
- . Гулямов А.Г. Проблемы исторического словообразования узбекского языка (автореферат). Ташкент, 1955, стр. 15.
- Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі есім сөздердің жасалуы. Алматы. Мектеп. -112 б.
- Аханов К. Грамматика теориясының негiздерi. Алматы: Ғылым. 1972. –239 б.
- Севортян Э.В. Аффиксы именного словооброзования в азербайджанском языке. –М.:Наука. -1966. -437 с.
- Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, -375 с.
- Айдаров Г. Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века. Алма-Ата, 1971. С. 157.
- Шәкенов Ж. Қазiргi қазақ тiлiндегi сын есiм категориясы. Алматы: Қазмемоқупедбас. 1961. -79 б.
- Қазақ тiлiнiң грамматикасы. Алматы: Ғылым. -47-48 б.
- Хасенов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. Алматы, 1957. 23 б.
- Исаев С.М. Қазақ тiлiндегi қосымшаларды жiктеу мәселесi. Қазақ ССР ҒА Хабарлары, Алматы. 1982, №
- Исаев С. Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздердiң грамматикалық сипаты. Алматы: Рауан. 1998. –138 б.
- Исаев С.М. Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы. Алматы: Мектеп, 1989 –83 б.
- Құрышжанұлы Ә., Ескі түркі жазба ескерткіштері. Алматы: Қайнар, 2001 – 469 б.
ШАРТТЫ БЕЛГІЛЕР:
- Мн — Хорезми «Мухаббат – наме» ескерткіші
- ХШ — Құтб «Хұсрау уа Шырын» ескерткіші
- Г — С.Сарай «Гүлстан бит – түрки» ескерткіші
- КК — Кодекс Куманикус ескерткіші
- НФ — Махмуд бин Әли «Нахдж-әл-фарадис» ескерткіші