ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы
«Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік
тұлғасы
Алматы — 2010
К І Р І С П Е
Зерттеудің өзектілігі:
Ілияс Жансүгіров – қазақ поэзиясы көгінен көрінген халықтың біртуар перзенті. Халық ауыз әдебиетінен, жалпыхалықтың тіл дәстүрінен үлгі-өнеге алған, ұлы Абай шығармашылығынан сусындаған Ілияс Жансүгіров жырлары – XX ғасыр қазақ поэзиясындағы ерекше туындылар. Өйткені, «көп қырлы талант иесі І.Жансүгіровтің даңқын шығарған, алдымен, оның поэзиясы».
Туған әдебиетіміздің дамуына өзінің көркем туындыларымен үлес қосқан Ілияс Жансүгіров өз поэзиясында өмір ақиқатын, болмыс сырын сырлы сөзбен бейнелеп, адамның сезім күйі арқылы өмір шындығын көркем тілмен танытады. Ақын туындыларының халық сүйіспеншілігіне бөлену сыры да осында.
Қазақ поэзиясының, оның ішінде Ілияс өлеңдерінің әдеби ерекшеліктері әр жылдары Ғ.Тоғжанов, Т.Әбдірахманова, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев сынды әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелді. Онда қазақ өлеңдерінің құрылымы, оның түрлері, жекелеген сөз шеберлері өлеңдерінің ерекшеліктері қарастырылған. Оларда поэтика, стилистика мәселелерінің тоғысып, бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылуы осы тектес зерттеулердің ерекшелігін танытады десек, қазіргі таңда ұлт тілдерін дамытуға жан-жақты мән беріліп отырған кезеңде тілді зерттеудің нақтылы үрдісі ұлттың ойлау жүйесіне тән ерекшеліктер мен заңдылықтардың тілдік деректері арқылы және ұлттық танымға негізделген тілдік тұлғаның қолданылуы арқылы ашыла түсетініне көз жеткіземіз.
«Құлагер» поэмасындағы Ілияс Жансүгіровтің тілдік тұлғасын қазақ халқының тарихымен, таным-түсінігімен байланыста танудағы ұмтылыстың қажеттілігінің мәні қазақ тіл білімінің де ұлттық танымға негізделген жаңа үрдісті зерттеу екені көрсетіп отыр. Сондай-ақ тілдік тұлға мәселесі жеке жазушылардың немесе бүтіндей бір әдеби кеңнің тіліне арналған зерттеулерде қолға алына бастады. Сонымен қатар, тілді диахрониялық тұрғыдан зерттеуге қазақ тіл білімі де бет бұрғаны белгілі.
Мұндай бағыттағы жұмыстардың жүргізілуі ұлттық болмыс пен халықтың тұрмыс-тіршілігіне, дүниетанымына қатысты ерекшеліктерді сипаттап, тіл мен ұлттың тығыз бірлікте екендігінің дәлелі болмақ. Сондықтан да Ілияс Жансүгіров шығармаларындағы ақынның өзіне тән тарихи-мәдени тілдік деректер негізінде қарастырылып, поэма тіліндегі ұлт дүниетанымын білдіретін лексикалық қызметін көрсетуге ұмтылдық. Осыдан ақынның жалпыхалықтық тілді пайдалану үлгісін лингвистикалық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі еріксіз туындайды. Өйткені суреткер тілінің көркемдігі мен бейнелілік сыры көркем тілтану тұрғысынан қарастырғанда ғана айқындалатыны белгілі. Сондықтан да ақын шығармаларының тілдік тұлғасын анықтап, оның көркем поэма тілінің тілдік тұлғасын зерттеу тақырыптың өзектілігін танытады.
Зерттеу нысаны: І.Жансүгіров шығармашылығындағы ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан бірліктер – концептілер жүйесі құрайтыны анықталды.
Зерттеудің мақсаты:
Қазіргі кезде қазақ филологиясының ерекше көңіл бөліп отырған саласының бірі – көркем әдебиет пен оның стилі, сөз зергерлерінің шеберлігі.
Ілияс тілдік тұлғасының когнитивті және прагматикалық деңгейін мүмкіндігінше толық талдау мақсаты көзделеді, әрі белгіленген әр деңгейдің жүзеге асуы нақты бір лингвистикалық мақсат-міндет жүктейді.
Сондықтан да олардың жеке тілдегі көрінісі тіліміздің сол заңдылықтарға қатысты тұрғысынан нақтылы талданып, тілдік құбылыстардың табиғатын жан-жақты тануда мәні ерекше болмақ. Әрбір ақын өз поэмасында өмір ақиқатын, оның болмыс сырын сырлы сөзбен бейнелеп, адамның сезім күйі арқылы өмір шындығын көркем тілмен танытады десек, қазіргі таңда ұлт тілдерін дамытуға жан-жақты мән беріліп отырған кезеңде тілді зерттеудің нақтылы үрдісі ұлттың ойлау жүйесіне тән ерекшеліктер мен заңдылықтардың тілдік деректері арқылы ашыла түсетініне көз жеткіземіз. Сондықтан да жұмысымызда «Құлагер» поэмасындағы Ілияс Жансүгіровтің тілдік ерекшелігінің дамуын, өзіндік қалыптасуын және оның тілдік тұлғасын ашуға тырыстым.
Ілиястың тілдік тұлғасы – қазақ әдеби тіл дамуына қосқан үлесі арқылы танылып, тілдік тұлғаның шығармаларын когнитивті талдау барысында Ілияс тек ақын ғана емес, үлкен прозаик, драматург, сатирик және талантты аудармашы Ілияс тұлғасы мен ақын, сөз зергері, қазақ әдеби тілінің ілгері дамытушы тілдік тұлғаның ықпалдаса біртұтас әлемге айналғанын танытуды мақсат еттім.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері:
«Құлагер» поэмасындағы І. Жансүгіровтің тілдік тұлғасы тілде (мәтіндерде), тіл арқылы көрініс табатын және өзінің негізгі белгілері тілдік құралдар базасында қайта құрылған тұлға екендігін айқындайтын қоғамдық мәні бар тұтастық ретіндегі пәнаралық термин. Осыған сәйкес біз зерттеуімізде бұрын көп айтыла қоймаған, XX ғасыр қазақ даласында, жер жаннаты Жетісуда жыр Құлагері – Ілияс өмір сүріп, өзінің саналы ғұмыры мен талантын елдің оянуына арнаған, халықтың өркениетке ұмтылуына, өнер мен білімге жетуіне өзіндік үлес қосқан тұлғалардың бірі – ақын Ілияс Жансүгіров шығармаларын «тілдік тұлға» теориясы тұрғысынан жан-жақты талдауды мақсат еттім.
Сондықтан да І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы тілінің көркемдік жүйесі мен көріктеу құралдарының тілдік табиғатын анықтау, яғни, ақынның тілдік тұлғасын көрсету диплом жұмысының мақсаты болып табылады. Ол мақсатқа жету үшін алдымызға нақтылы мынадай міндеттер қойылады:
Аламан ақын Ілиястың тілдік тұлғасын анықтау, атап айтқанда:
— І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы тіліндегі көріктеу құралдары: теңеу, эпитет, метафоралық қолданыстарды лингвостилистикалық тұрғыдан талдау, оларды тіл материалдары негізінде дәйектеу;
— «Құлагер» поэмасы тіліндегі метонимия мен синехдоханы көркемдік құрал ретінде қарастыру;
— «Құлагер» поэмасындағы тілдік тұлғаны белгілейтін концептілер (тұлпар, қайғы) жүйесіне талдау жасау.
Зерттеудің тілдік материалдары ретінде ақынның шығармалар жинағы алынды. Қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлға деңгейін межелеу тіл білімінде енді-енді ғана қолға алынуда. Атап айтқанда, М.Дүйсенов, Т. Әбдірахманова, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Қ.Жұбанов, Қ. Сұлтанов, С.Дәуітұлы, Б. Хасанов, М.Иманғазинов еңбектері пайдаланылды.
Зерттеудің дереккөздері. Тілдік материалдар ретінде ақын І.Жансүгіровтің әр жылдары жарық көрген өлеңдері және оның поэзиясын толық қамтитын Қазақтың Мемлекеттік «Көркем Әдебиет Баспасы» дайындаған 5 томдық шығармалар жинағының I, II томдары (1960ж.), «Құлагер» жинағы, 2004 ж. шыққан «Көп томдық шығармалар жинағы» (3-том) пайдаланылды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында мақсатқа жету үшін дағдылы ғылыми сипаттама, салыстыру, түсіндіру әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. І. Жансүгіров шығармашылығы филология ғылымында әдебиеттанушылар тарапынан жан-жақты зерттелгені белгілі. І.Жансүгіров тілдік тұлғасын танымдық тұрғыдан зерттеу алғаш рет қолға алынып отыр. Ілияс поэзиясындағы дүниенің тілдік бейнесіндегі «тұлпар», «қайғы» концептілері тілдік-танымдық тұрғыда талданды. Зерттеу нәтижесінде
І. Жансүгіров шығармалары лексика-стилистикалық, құрылымдық-мағыналық, құрылымдық, синтаксистік тұрғыдан айтарлықтай зерттелгенмен, олар автор қарастырғандай өмірлік-типтік жағдаяттарды «тіл-мәдениет»тұтастығына негіздеп таңбалайтын, бейнелеп атайтын тіл бірліктері ретінде танымдық –прагматикалық аспектіде арнайы зерттелген емес екендігі айқындалды.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Н Е Г І З Г І Б Ө Л І М
- І.ЖАНСҮГІРОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ТІЛДІК ТҰЛҒА МӘСЕЛЕСІ
1.1 І.Жансүгіров тілінің зерттелу жай-күйі.
Туған топыраққа деген перзенттік тағзым Ілияс ағамыздың қаламынан сағынышы атойлаған сәулелі де, мәуелі жыр шумақтарын тудырды. Арман не, ол туған даласының төсінде бұл күнде апталап, айлап мауқын басып, туған жер туралы толғана алмас. Жыр дүлдүліне сұм тағдыр не көрсетпеді. Бірақ оның өрт жырларын оқып өскен әрбір азамат ақын рухы алдында адамгершілік танытып, бас иіп келеді. Әуелі жырын ауылдан бастайтын ақын ағамыздың өлеңінде біз білмес құпия сыры да бұғып жатқан шығар. Бірақ осы топырақта оның кіндігі кесілсе, осы топырақта оның ізі қалғаны ақиқат. Өйткені, ақынның кез-келген жырынан ауылға деген сағынышы аңқып, оның өзі кейінгі ауыл жастарына әуелі ауылыңның жұпар иісіне, ыстық топырағына, тау тасына тамсанып, таңдана біл деп тұрғандай. Міне, сонда ғана сенде Отаныңды ыстық жүрегіңдей аялап, сүйе аласың дегендей осының өзі-ақ кейінгі жастарға эстетикалық тәрбие алар, тәлім алар бастау екендігі анық. Оны:
Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім.
Асқарда Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.
Жөнкенің жоғары ала басында өстім,
Ақ гауһар Ақтастының қасында өстім.
Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай – деген
жыр шумағынан айқын байқай аламыз. Міне, әдебиетіміздің әсем шыңы І.Жансүгіровтың мұндай кіршалмас жырлары барша жұртты қазіргі күнге дейін тау қайнарындай таза, жан сарайыңды ашар тылсым күшімен баурап, баулып келеді. Осы кезеңге дейін қаншама өскелең ұрпақ ғибрат алса, әлі ол күллі қауымның таза бұлағына айналмақ. Ұлы ақын барша қазақтың талантты ақыны, көркемдік ізденісі дараланып тұрған аса ірі тұлға. Ал, оның жастарға эстетикалық тәрбие беру жанрындағы техникасы қазақтың ұлттық ою-өрнегін жалғастырып қана қоймай, жаңғыртып отырады. Ақынның әр өлеңінің әр тақырыбынан әрдайым қазақ халқының ұшы-қиыры жоқ мол да, бай дәстүрінен саналылықпен, білгірлікпен нәр алатындығы анық байқалады. Оның әр шығармасымен танысқан кезде шығыс және батыс елдерінің фольклорына да жүйелі жүгінетінін айқын аңғара аласың. Сонымен қатар, ақынның асқақ поэзиясындағы азаматтың өз даусынан халық тарихын терең білетіндігі өзінің маржан жырларымен көркем тізілген. Бұдан ақынның әнге де, күйге де бейім екендігін, өзі домбыра шертіп, қоңыр дауысымен ән салып, талай тыңдаушыларын тамсандырып, таңқалдырғанын, сөйтіп бар өнерін халқына, ел-жұртына, туған даласына арналғанын білесің. Сол дала перзенті – ақын Ілияс ағамыз:
Жүрегім, жырым сенікі,
Кеңесті далам кең далам
Тудым, өстім, есейдім
Ен далам – анам, мен балаң.
Еңбек тулы ел-балаң,
Туған, өскен, есейген,
Бұрынғы кеткен күніңді,
Берейін жырлап елге анам
Көргеніңді бүгінгі,
Жаз, жаз қалам, тер қалам – деп ағынан жарылады. Ақын шығармаларының осындай өткірлігіне қайран қаласың.
Тілдік тұлға мәселесін тілдік, сонымен қатар, экстралингвистикалық (тарихи, мәдени, әлеуметтік, психологиялық) факторларды сабақтастыра отырып, кешенді түрде талдап, тілдік тұлға қалыптасуының тілтанымдық негізін анықтау өзекті мәселе болып табылады.
«Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың…» — деп жырлаған Қазақ өлеңінің Құлагері Ілияс Жансүгіров есімі – иісі қазақ баласы үшін алақанда аялар, көңілінің көгінде жұлдыздай жарқырап тұрар есім. Тұрсынзада ақын жырлағандай: «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен». Осы зерттеу барысында жыры ерен, сыры терең текті ақын дүлдүлінің дүбірі құлағымызға жетіп, әлі де ақырып ағып жатқан Ақсудың асыл толқындарымен бірге толқығандай күй кештім. «Аяғы – көл, кеудесі асқар Жетісудың» желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншегі Ілияс болып жырлап, «Күй» болып төгіліп, «Дала» болып шалқыған сәтінен ұлағатты ұрпақтың балдәуренінің базарын, алғы күннін ажарын көрдік. «Не ексең соны орасың» дейтін еді біздің халық. Туған жердің тұғырын биіктетіп, ақынын ардақтап, рухқа бас ию арқылы өсер өренге өнеге сыйлаудың өлмес үлгісі болар бұл. Мамырдың мамырлаған әдемі бір күндері Ақсудың ағысы, Құлагердің шабысы, Алаштың арысы бәрі-бәрі қосылып Жетіөзеннің арнасын кеңіткендей, ақ жарма ниет ақ бұлақ боп ақтарылғандай.
Қазақ поэзиясының дүлдүл жүйрігі аламан ақын Ілияс Жансүгіровтың ұлан-ғайыр мұрасының ішінен махаббат жырлары сансыз жұлдыздар аясындағы күн мен айдай жарқырап, жылу мен жарық бөліп, адам жанын нұрландырып, ерекше бір ізгілікке деген ұмтылыс, жақсылыққа деген сенім орнықтырып тұрады. Ілияс жырлары – ұлы дала перзентінің ұлы махаббаты.
Дала перзенті үшін махаббат — өмірдің мәні, жарық дүниесіндегі құдірет. Тәні де, жаны да махаббат пен мейірімнен жаралған қазақ сол құдіреттің өзі болып ғұмыр кешкен. Махаббат оның мінез-құлқында. Инабаттылық, ізеттілік, ибалылық, кісіге құрмет, бауырмашылдық, тілектестік, қонақжайлық, тіршілік атаулыға(адам, өсімдік, жан-жануар, аспан әлемі, туған топырақ) жүрек толы мейірім болып көрініс береді. Ол қазақтың төл қасиетіне, менталитеттік сапасына айналған. Халқымыздың тілінің, ділінің, рухани жан дүниесінің салт-ғұрпының таза, сұлу берік болатыны да содан. Ілияс поэзиясының мазмұн-мәні, рухы, тәлімі – осы.
Онда халқымыздың отбасы жар-анаға, кіндік кесіп – кір жуған жеріне, тал бойында қайнап аққан ән-күй өнеріне, өмірінен артық тұтқан тұлпарына махаббаты бар.
Көркемдік әдебиет пен поэзия тілін зерттеу, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынов еңбектерінен басталады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов көркем шығарма тілі жөніндегі зерттеулерін «Әдебиет танытқыш» (1926) және «Қазақтың бас ақыны» деген еңбектерінде жариялаған. [13,136-304].
Ілияс поэзиясы тілін бағалауды алдымен сөз өнеріне деген Ахаң қойған талап тұрғысынан қарастырған дұрыс. «Сөз жазатын адам әрі сыншы, әрі сыншы боларға керек, — дейді ол [13,301]. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Алайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Абайдың өзі өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан алсақ та жұп-жұмыр. Жалғыз-ақ міні бар: ол мін өлең бунақтары тексеріліп, орнына қойылмағандық… Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын» — дейді Ахаң [13,301].
Ахмет Байтұрсыновтың ізімен, Ахаңша сынасақ Ілиястың ақын әрі сыншы болғанына көз жеткізу қиын емес.
Поэзия көркемдігі туралы проф Қ. Жұбанов зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ғалым мұраларын зерделеп оқыған сайын оның ғылыми талдаулары мен тұжырымдарының маңыздылығына, өміршеңдігіне куә боласыз. Қ. Жұбановтың 1934 жылы «Әдебиет майданында» жарияланған «Абай қазақ әдебиетінің классигі» (Абай туралы кітапшаның үзіндісі) мақаласы қазақ әдебиеті тарихындағы, тіпті сол кезеңдегі түркі дүниесінде Абайдың алар орнын анықтаған, ақын шығармаларына тұңғыш филологиялық талдау жасаған бірден-бір еңбек болып саналады. [12,361].
Жұмыс тақырыбы поэма тіліне қатысты болғанына қарамастан, көркем проза тілін алғаш зерттеушілердің бірі Е.Жанпейісовтің Абай шығармаларына арналған еңбектеріне тоқталмай кету мүмкін емес. Себебі, Е. Жанпейісов көркем әдебиет тілін зерттеудің негізгі принциптерін өз еңбегінде ұсынған болатын. Оның бірі – жеке тілдік элементтерді жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен тығыз байланыстыра қарау болса, екіншісі, лингвистикалық ыңғайда қоса талдаудың қажеттілігі болып табылады. Сондай-ақ, ғалым ғылыми зерттеуінде әдеби тіл мен көркем әдебиет тілінің қызметтері әртүрлі екенін дәлелдейді. Абай поэмасының тілдік көркемдігі туралы зерттеуші мынадай ұтымды пікір айтады: «Жазушы тілдегі бейнелеу құралдарын әр алуан көркемдік бояу бере пайдаланады. Бұл орайда ауызекі сөйлеу тіліндегі қарапайым сөздер де, мақал-мәтелдер де, эпитет пен теңеулер де, тілдің басқа да барлық бейнелеу құралдары шығарманың жалпы идеялық, тақырыптың арқауына лайық жаңа бір мағыналық астар алып, стильдік функциясы арта түседі» [14,47].
Ілияс өлеңдерінің құрылымдық ерекшеліктерін алғаш көрсеткен ғалым Қ.Жұмалиев болатын. Оның «Ілиястың әдебиетіміздегі орны мен өзіне тән ерекшеліктері» деген көлемді мақаласында осы мәселе алғаш құралса, «Әр жазушының өзіне тән творчестволық ерекшеліктері жайлы мақаласында» бұл пікірі шыңдалып, нақтылы ой-қорытындымен беріледі. [9,28].
І.Жансүгіровтің әдебиетке ден қойып, кіріскен уақытынан бастап оның творчествосы жөнінде пікір айтқандар аз болмаған. Солардың алғашқыларының бірі – Ғаббас Тоғжанов. Ол өзінің «Әдебиет және сын мәселелері» деген еңбегінде Ілияс Жансүгіровтің творчествосына арнап бір тарау берген. Онда «…сөз жоқ, Ілияс та төңкерісшіл ақындарымыздың бірі. Жаңа түр іздеу, өлеңін әдемі, көркем шығару жағынан Ілияс көп ақындарымыздың алдында деуге болады. Ілиястың бір жақсысы, Ілияс жазудың техникасын біледі, өлең, әңгіме, фельетонды қалай құрудың заңын біледі…,» — деп бағалады. [7, 6].
Ілиястың 1926 жылдарға дейінгі шығармаларында «…жаңашылдық, ұсақ, байшылдық, ұлтшылдық» әсері байқалса, ал 1926 жылдан кейінгі жазғандарын алдыңғымен салыстырғанда, олардың арасында үлкен айырма бар.
Түр жағынан да Ілиястың ілгері басқаны көрінеді… – дегенді де айтқан Ғ.Тоғжанов болатын.
Әбділда Тәжібаевтың «Ілияс туралы бір-екі сөз» деген мақаласында сол кездің ыңғайымен «ұлтшыл-байшыл, жолбике» деген жөнсіз айдар таққан кезі де жоқ емес. Оған Ілиястың «Ақынға», «Ызалы қиял», «Көк өгіз» өлеңдері себепкер болды. [7,7].
Ілиястың шығармалары хақында баспасөз бетінде 30-жылдары Әзімбай Лекерұлы мақала жазды. Онда ол С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің творчестволарынан (революциядан бұрынғы және кейінгі) қателіктер тауып, «бұлар жаңа өмірде қорытынды жасай алмайды» деген пікір білдіреді.
Бұл пікірге С.Мұқанов қарсы шығып «…Сәкен мен Ілиястың да кемшіліктері жоқ емес, дегенмен бұл екеуін қазақтың совет поэзиясының классигі деуге аузымыз бара алады», — деп тұжырым жасайды.
Ал жеке адамға табыну өріс алғанда Ілиястың творчествосына да, жеке басына да қара бұлт үйірер материалдар шыға бастайды.
1937 жылдың көктемінде-ақ «Жансүгіров Ілияс» Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде саяси қате жіберді. Ол қатенің өзі де анау-мынау қате емес, үлкен қате. Артынан түзеу орнына «Жауырды жаба тоқып жүре берді» деген сөздерді естиді.
Кейін «Жансүгіровтің редакциясымен 1935 жылы Сүйінбайдың ұлтшылдық кітабы шықты. Ол кітаптың ішінде қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салды» деген ауыр айып тағылып, ақыры классик жазушымыздың «халық жауы» атанып атылып кеткені белгілі.
Мезгілсіз мерт болғаннан кейін оның шығармашылығы түгіл атын атауға тыйым салынды. Тек 1957 жылы ақталғаннан кейін ғана шығармалары шығып, бірте-бірте оның творчествосы жөнінде жан-жақты ой-пікірлер айтыла бастады.
Ілияс Жансүгіровтің ақталуы – оның тек ақындық қана емес, сонымен бірге прозаик жазушы, талантты драматург, әдеби сын тұрғысындағы ауыз әдебиетін зерттеуші, балалар әдебиетінің шебері ретіндегі және оның басқа өнерпаздық көп қырлылығын тануға кең жол ашты.
Осы салалар бойынша академик Мұхаметжан Қаратаев өзінің «Эпостан эпопеяға» деген әдеби сын зерттеу еңбегінде «Жаңа заман, жаңа әдебиет», «Халықтың ежелгі жан серігі», «Ұлы ұстаз», «Асау тұлпар» тарауларында әдебиетіміздің өсу белестерін сөз етіп, автор І.Жансүгіровтің де әр кезеңдегі асуларға қосқан үлесін көрсеткен.
Қажым Жұмалиев «Стиль – творчестволық ерекшелік» атты мақаласында Қазақ совет әдебиетінің негізін салған майталман ақын-жазушылардың, оның ішінде І.Жансүгіровтің творчестволық стиль ерекшеліктерін сөз етеді. [7, 9].
Ал Есмағанбет Ысмайылов І.Жансүгіровтің творчестволық ізденулері жайында көптеген пікірлерін өзінің «Белестер биігінен қарағанда» деген мақаласында кеңінен ашып айтқан.
Ілияс Жансүгіровтің творчествосы туралы зерттеулерге қатысты ой-пікірді Тұрсынбек Кәкішев «Әдебиеттану ғылымы туралы бірер сөз» деген мақаласында саралап, ақынның кешегі және бүгінгі зерттеушілерінің, еңбектері мен тұжырымдарын тілге тиек етеді. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты кітабындағы «Абайтану асулары» деген тақырыппен берілген бөлімінде Ілиястың өз тұсындағы Абай шығармаларының зерттелуі, жариялануы жайындағы, сонымен бірге «Абайдың тарихи туысы», «Абайдың ата заманы», «Абайдың өз заманы», «Екі заманның сапырылысы», «Абайдың қайшылықтарына» деген еңбектеріндегі пікірлерге тоқталып өтеді.
Зерттеу еңбектердің ішінде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен творчестволық даму жолдары кең көлемде берілген, оның ішінде жаңа тақырып, жаңа образ, лирикалық эпостық жанрларды меңгеру, оған қосқан өзіндік үлестері, оның өскен ортасы туралы сөз еткен үлкен еңбек 1965 жылы «Ілияс Жансүгіров» деген атпен Мырзабек Дүйсеновтің авторлығымен жарыққа шығып, кейінгі зерттеулерге соқпақ салып берді. Ілияс Жансүгіровтің прозасын әңгімелегенде, ірілі-уақты шығармаларына, әсіресе, «Жолдастар» романына қысқаша талдау жасалған.
Ілияс Жансүгіровтің поэзиялық, лирикалық шығармаларын мейлінше кең зерттеген әдебиет зерттеушілерінің бірі – Тұрсынхан Әбдірахманова. Өзінің 1965 жылы жарыққа шығарған «Ақын сыры» атты кітабында ақынның өлең жазудағы шеберлігіне, өлең құрылысына, лирикасындағы еңбек, әйелдер, революция, жастар тақырыбына жазылған өлеңдеріне көптеген құнды пікір білдірген. [7, 10].
Сондай-ақ, Б.Ақмұқанова «Жиырмасыншы жылдардағы әңгімелер ерекшеліктері» мақаласында Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларына тоқталып, жазушының әңгімелерін қысқаша айтып өтеді. [7, 10].
Х. Әдібаев «Қол жеткенге көз салсақ» деген еңбегінде, Т.Ыдырысов «Очерк туралы ойлар» деген кітабындағы «Жаңарған өлке, жаңа адам келбеті» тарауында жазушының алғашқы бесжылдықтар кезінде жазған очерктеріне талдау жасап, тұжырымды пікірлер айтқан.
Ә.Әзиев «Қазақ повесі» кітабында жанрдың совет дәуірінде туу және қалыптасу кезеңдерін атап, І.Жансүгіровтің қазақ повесіне сіңірген еңбегін негізге ала отырып, оның повестеріне шолу жасайды. [7, 11].
Р.Нұрғалиев «Арқау» атты монографиялық еңбегінде Ілиястың прозалық шығармаларының ішінде «Құқ», «Жол аузында» әңгімелеріне «адам мінездерін аша білетін реалистік диалогке құралған шығармалар» деп жоғары баға береді.[7, 11].
Қаламгердің прозалық шығармаларын соңғы жылдары зерттеп жүрген ғалымдардың ішінде Ләззәт Әділбекованы атап өткен жөн. Атап айтқанда, І.Жансүгіровтің публицистикасы, шағын әңгімелері, «Жолдастар» романы жөнінде өзіндік ой-пікір білдіріп, ғылыми топшылаулар жасауда. Осы сала бойынша зерттеушінің еңбектерін айтар болсақ, ол «Ілияс Жансүгіровтің публицистикасы», «Қазақ әдебиетінде Ілияс Жансүгіров творчествосының зерттелуі» және т.б. сонымен қатар І.Жансүгіровтің «Жолдастар» романы жөнінде әдістемелік құрал шығарды.
Ілияс Жансүгіровтің ақындығына айрықша назар аударылғандықтан, оның шығармашылығының басқа қырлары туралы аз айтылып, жазылып келеді десек те, үлестен құр алақан емеспіз. Прозалық шығармалары мен сатиралары шығармалар жинағында да, жеке кітап болып та әлсін-әлсін шығып келеді. Сонда да «Көп қырлы талант иесі І.Жансүгіровтің даңқын шығарған, алдымен, оның поэзиясы» екенін баса айтуға құмарлығымыз басым.
Алғашқылардың бірі болып Е.Бекенов 1923 жылы «Тілші» газетінде «Неге шабан өсеміз?» деген мақала жазып, Ілиястың бірқатар сатиралық әңгімелері – «Бақтың әдісі», «Ташкендікке тарт», «Қуыршаққа» назар аударған болатын. [7, 12].
1934 жылы Ілияс фельетон жанрына үлкен еңбек сіңіріп жүргендігі. Алаш жазушылары бұл жанрды өркендете алмағандығы нағыз фельетонды жазған Ілияс пен Бейімбет. Бұл даусыз деген Р.Жаманқұлов 1936 жылы «Әдебиеттегі формализм мен натурализм» деген айтыс мақаласында «Ілиястың сатиралық әңгімелерінде кейіпкер характерлері ашылмаған, алған объектісі күңгірт, заман талабына сай емес» деген болатын. Қайсысы шын, қайсысы кезең ыңғайымен айтылғанына уақыт куә.
1965 жылы Мырзабек Дүйсенов «Ілияс Жансүгіров» атты жазушы ақын шығармашылығы жөнінде монография жазып, докторлық диссертация қорғады. Әр жанрдағы еңбектері бағалана бастағанда 1965 жылы Е.Жақыпов Ілиястың сатира, әсіресе, фельетон жанрында «ұзақ еңбек сіңіргенін, онымен жас фельетонистерге үлкен тәлім бергенін» баса айтты. [7, 12].
Б.Қыдырбекұлы 1965 жылдың 25 мамырында «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Уытты сөздің зергері» атты мақаласында Ілиястың сатиралық туындыларына жоғары баға беріп, оның осы жолдағы суреткерлік шеберлігінің қыр-сырын айтады. [7, 12].
Ғ.Орманов «Ара» журналындағы «Күлкі-сықақ сеңгірі» деген мақаласында Ілиястың сатирасы, оның уыты, пәрмендігі, әсерлігі, оған жас жазушылардың еліктеуі, өзінің содан үйренгендігі жөнінде баяндаған-ды.
Серік Қирабаев С.Сейфуллиннің творчестволық жолы жөніндегі кітаптың 99-109 беттерінде Ілиястың шығармаларына тоқталып, оның сатира және юморлық нақышта жазылған әңгіме-фельетондарына пікір білдірген. [7, 13].
Ілиястың газет беттерінде жарияланған фельетондары жөнінде республикаға танымал журналистер мен зерттеушілер – Б.Қыдырбекұлы, Т.Ыдырысов, Б.Оразбеков осы жанрға тікелей араласып, оны байытқан, фельетон жазу шеберлігін шыңдаған жазушының тілі уытты, ащы екендігін атап өткен. Сонымен бірге Ілиястың бірқатар фельетондарына, оның ішінде «Сөз Қамысбавқа, «Кек» деген фельетондарына талдау жасалынған. [7, 13].
Сатирик жазушының еңбектеріне тікелей араласып, ішкі иірім-құпияларын ашып, көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондарына аса бай ғылыми талдау жасаған ғалым-зерттеушілер – Мырзабек Дүйсенов пен Темірбек Қожакеев.
1965 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген М.Дүйсеновтің І.Жансүгіровтің өмірі мен творчествосына арнаған кітабы және Т.Қожакеевтің «Қазақ совет фельетоны» еңбегі, «Сатира және дәуір» монографиясы, «Сатиралық жанрлар» оқулығы жоғарыда айтылған пікірлерге дәлел бола алады. [7, 13].
Басқа сатиралық әңгімелерін айтпағанда, Т.Қожакеев қаламгердің фельетондары жөнінде «Ол әрі өткір сатираның, уытты фельетондардың дара шебері еді. Ащы күлкі, әзіл-сықақ, жеңіл юмор Ілияс творчествосының тоят берер, сүбелі жатқан бір қыры. Тіпті, Ілиясты қазақ совет әдебиеті мен баспасөзіндегі фельетонның негізін салушы атасы десе де болады», — деп баға береді өзінің «Қазақ совет фельетоны» деген диссертациялық еңбегінде.
Жазушы шығармылығының үлкен, қомақты орын алатын шығармаларының бірі – «Жолдастар» романы. Бұл роман жайында Рахманқұл Бердібаев «Отызыншы жылдардағы роман жанрының дамуы туралы» атты мақаласында шолу жасап, «Роман және заман» деген еңбегінде басқа романдармен бірге бұл туындыға да талдау жасап өтеді.
Осы еңбекпен қатар сол тұста «Жолдастар» романына М.Дүйсенов, М.Қаратаев, Р.Тоқтаров, Белгібай Шалабаев құнды пікірлер білдіріп, бұл туынды талассыз қазақ роман жанрының дамуына, қалыптасуына үлкен үлес қосқандығын атап өтті.
Қысқасы, қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі – Ілияс Жансүгіровтің творчествосы жөніндегі ой-пікірлер мен зерттеулер бірсыпыра.
1936 жылдың қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше сандарында Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы жарияланады. Бұл ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы.
Шығармаға өзек болған оқиға – тараудың басындағы тұсында сері болсын, пері болсын, өмірімен ұнаған Ақан және тұлпар ат Құлагер.
Ақан тентіреп, тау-таста жүреді. Оның жүрегін жау қанжары жаралаған, кері кеткен дәуірдің ащы азабын татып, кезіндегі асау мінезі мен өр талантына құм құйылып, дел-сал күй кешкен. Осы күйге жеткізген не, оның басты трагедиясы неде?
Ақын осы сұраққа жауап іздеп, кең далаға әйгілі болған астың бірі – Ерейменді мекен еткен мыңғырған малы мен дәулеті мол, жасы тоқсан төртке келіп өлген Керей Сағынайдың асының үстінен түсіреді. Осы асқа тұлпар Құлагеріне мініп, Ақан да келеді. Ойы – Құлагерді бәйгеге қосу. Құлагерді алғаш көрген жұрт: Бітімі ойқы-шойқы, салпы ерін, салбыр тірсек екен, «жазық бауыр, сиыр сүйек, ұзын тұрық» екен, «бұл ешқандай бәйге ала алмайды, бұған мініп қоян атса, қойшыға мінгізсе жарасар, ең дауасы – семіртіп соғымға сою ғой» — десіп даурығады. Тұлпардың мықты тегін тек Күреңбай сыншы ғана танып «Бабында екен, бағы осы аста ашылар» деп баға береді.
Бәйгеге 1300 жүйрік қосылмақ. Олар Сырдың қызқарасы, Жарылғаптың жирені, Семейдің сұр серкесі, Алатаудың Ақанаткері, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Алтайдың серпінді Көктұйғыны, Меруерт жалдас Шудың Ақсұры, серке санды Көкшетаудың Құлагері, Ұлытаудың Құбайы, Қаратаудың Құмайы – осының бәрін ақын әр жүйріктің нақты қасиетін тамаша образ арқылы береді. Осы суреттеулер мен бейнелерді белгілі ат сыншысы Күреңбайдың көзімен көрсетеді.
Поэманың басында осы сюжеттермен қоса асқа келген түрлі әлеуметтік топты да көркем тілмен бейнелеп өтеді.
Ет жеп, қымыз ішіп семірген ортаның әр деңгейдегі сатиралық образдары қызыл көз, саба құрсақ, кебеже қарын болып келеді, семіздерін өгізге, бұқаға, қошқарға теңейді. Осы жайсыз образдарға қарсы контраста ақын Ақан серінің өнерін қояды.
Ақан бойындағы асыл өнер осы тұста ерекше сұлуланып кетеді. Оның көкейінен тәтті, мұңды, сұлу сазды әуендері бірінен кейін бірі асып, халықтың зор қошаметіне бөленеді. «Ақ саусақ», «Үш тоты», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Кербез керім», «Ой ерке», «Жайма қоңыр» әндері Ақанның көмейінен нақышты әуенде шығады. Ләззат әлемі, сұлулықпен астасып, әр тыңдарманға рахат сыйлайды.
Табиғатынан аңқылдақ, ешкімнің бетінен қақпайтын өнерпаз әнші, жүрегіне кек байлаған дүлей күш иесі, арамза Батыраштың ішкі ой-жауыздығын сезбейді. Ақын осы тұста алда қандай трагедия күтіп тұрғанын аздап болса да байқатып өтеді.
Ақан бәйгеге қосылған Құлагердің тізгініндегі жетім балаға қамшы салмай, қалып та қоймай шауып отыр деген сөзінен мүлт кетпей зулап отырды. Жыланды өзегінен өткен соң атты өз еркіне жібергенде, Қусақ көлін айнала келе Құлагер Көктұйғынмен қатарласа шабады. Көктұйғын Батыраштың сәйгүлігі. Өзекке түсіп қайта қырға шыққанда алды Көктұйғын, екінші – Айтпақтың күреңі, одан кейін – Шорманның Буырылы. Ал Құлагер көрінбейді.
Өйткені, екі көзі қанталаған жендет, Батыраштың суық қол, ақбоз атты, қара киімді қарақшысы Қылта өзекте Құлагердің шекесіне айбалта ұрады.
Құлагер өлімі Батыраштан келгенін сезген халық селдей қаптап қара жүрек жауызды таптап жіберердей толқиды. Бірақ нақты айғақ табылмай дал болады.
Ал асыл Ақан айдалада Құлагердің басын құшақтап көзінен қанды жас ағады.
Шынымен кеткенің бе, Құлагерім,
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылар өлгенімше қайтып жерің?…
Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,
Соғып ем семізіңде сегіз арқар.
Сен едің жан атымда, қанатым да,
Табылмас енді маған сендей тұлпар!…
деп, зар қаққан Ақанның әйгілі шығармасының өз мәтінін ақын поэмаға дәл де орынды кіргізген.
Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеясы. Оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпірінде ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екіталай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік. Ілиястың ойынша, серінің тағдыры Пушкин, Лермонтовтармен ұқсас. Олардың көлеңкесі Көкшетауға түскендіктен, осындай трагедия болған шығар деп поэтикалық қилға бой ұрады. Сондай сұм заманда қандай асыл адам болса да езіп, таптап өтетін, өмір бойы қуғын көріп, содан мерт болатын идеялық түйінді Ілияс осы поэмасында таза поэзиялық жолмен көрсете білген.
Қысқасы, «Құлагер» дастаны ақын туралы, оның тағдыры десек те, оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма.
Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында қайталанбас, аса мол да кең тынысты шығарма жазған эпик ақын. Соның дәлелі ретінде, арынды ақын қаламынан жоғарыда аталған поэмалары сарындас, сапасы да еш кем емес «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске» толғаулары басталған күйі аяқталмай, жарық көрмей қалды. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда, оның тірі кезіндегі 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетінің барлық сапасына үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түсті.
Ілияс Жансүгіровтің әдебиет саласының басқа жанрларындағы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры – фольклористикадағы еңбегі. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен жинаған ескі әдебиет мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолқабысын тигізеді.
Ел аузында жүрген аталы сөзді жинауға көп көмек еткен ескі сөзді есінде сақтаған көкірегі ояу, көзқарақты сұңғылалар Үмбетәлі Кәрібаев, Бөлтірік Атыханұлы, Қапез Байғабылұлы, Көдек Маралбайұлы және т.б. адамдар атадан балаға ауысып, жалғасып келе жатқан асыл мұралардың бірсыпырасын Ілиястың қағазына түсіреді. Сонымен бірге Жетісу жерін мекендейтін елдің ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы әрекеттерін, толқуларын бейнелейтін жырлар, оның 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласқанын көрсететін тарихи деректерді Ілияс тірнектеп мол жинайды. Кейбір сұрыпталған бөліктерін баспа бетіне шығаруға да талаптанады.
Дегенмен, Ілиястың Жетісу жерінен жинаған тарихи деректердің әдебиет зерттеушісі Әбілхан Әбіласанның дайындауымен тек 2001 жылы ғана бір бөлігі жарық көрді.
- Тілдік тұлғаның тіл білімінде зерттелу мәселесі.
Тұлға халықтың, этностың мәдени дәстүрінің даму болашағында қарастырылуы қажет. Адамның адам болып тууы үшін мәдениет шегінде қалыптасқан мәдени-антропологиялық прототип қажет. Мәдениет категориялары – кеңістік, уақыт, тағдыр, құқық, байлық, еңбек, ар, өлім т.б. Олар құндылықтар жүйесінің өзіндік белгілерін көрсетеді және әлеуметтік мінез-құлық пен әлемді қабылдаудың үлгілерін береді. Бұл – тілдік тұлғаны қалыптастыратын ерекше координаттар жүйесі.
Тілді антропоцентристік тұрғыдан зерттеу – қазіргі лингвистика ғылымында негізгі және перспективалы ғылыми қағидаға айналып отыр. Антрополингвистиканың ғылыми бағдарламасы көп аспектілі, сонымен бірге өзара шарттасқан түрде жүзеге асырылады.
Тілдік тұлғаға алғаш назар аударған – неміс ғалымы Й.Вейсгербер. Ол тілдік тұлғаны зерттеудің екі жолын ұсынды: автор тұлғасы және персонаж тұлғасы. Сөйлеуші тұлға жайлы А.А.Леонтьев жазды. Тілдік тұлға ұғымын жан-жақты қарастырған Г.И.Богин тілдік тұлғаның моделін жасады. Онда адам сөйлеу әрекетін тудыруға, сөйлеу туындыларын шығару және қабылдауға дайындығы тұрғысынан қарастырылады. [25, 4].
«Толық адам» проблемасын көтерген ұлы Абай «әлдебіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді» деп жазады. (Қара сөз. Семей, 2001.).
Атақты ақын Мағжан Жұмабаев та «Тіл – адам жанының тілмашы, тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тілі арқасында жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаларға ұқтыра алса, адамның не арманы бар! Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толық тұрып, айтуға тілің толық жетпесе, ішің қазандай қайнайды». Қысқасы, адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында» деп орынды атап көрсеткен («Педагогика» еңбегі).
Сөйлеу әрекетіне қабілеттілігі тұрғысынан тілді қолданушы адамды, мәтіндерді тудыру және қабылдай алу қабілетін иеленген адамды тілдік тұлға деп атаймыз. Тілдік тұлға ұғымына кең ғылыми мағына берген Ю.Н.Караулов болды. Оның пікірінше: «Тілдік тұлға – тілдік зерттеудің барлық аспектілерін қамти отырып, адамды оның тілінен тыс қарастыратын пәндер арасындағы шекараны бұзып өтетін, ауыспайтын, алмаспайтын идея». /Русская языковая личность и задачи ее изучения. М., 1989. /. [25, 4].
«Тілдік тұлға» ұғымы соңғы онжылдықтарда ғана негізгі зерттеу нысаны ретінде антропологиялық лингвистика саласында қалыптасып, «Лингвистикалық персанология» атты жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуына әсер етті.
/ В. П.Нерознак. Лингвистическая персанология. М., 1996./.
Тілдік тұлғаның анализі түрлі деңгейлерде жасалуы мүмкін: қарапайым тілді меңгеру деңгейін көрсететін құрылымдық-тілдік деңгей және оның дамуын, мінез-құлқын басқаратын уәждемелер мен мақсаттарды айқындайтын, оның мәтін тудырушылығын басқаратын және әлемнің тілдік моделіндегі мәндер мен құндылықтар йерархиясын анықтайтын лингвокогнитивтік деңгей.
Тілдік тұлға – бұл тілде (мәтіндерде), тіл арқылы көрініс табатын және өзінің негізгі белгілері тілдік құралдар базасында қайта құрылған тұлға. «Тілдік тұлға» ұғымы – адамның сапалық айқындылығын құрайтын физикалық және психологиялық көзқарастар тұрғысынан айқындалатын қоғамдық мәні бар тұтастық ретіндегі пәнаралық термин.
Жеке тұлғаға сөйлеу туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктерінің кешені сөйлеу тұлғасы болып табылады. «Тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолданушы қатысымдық тұлғаның вербалды мінез-құлығы ерекшеліктерінің жиынтығы да «тілдік тұлға» ретінде танылады» [18,46].
Тілдік тұлға – тұлғаның тілі, дискурсы арқылы анықталатын психикалық, әлеуметтік, этникалық және т.б. құрамдас бөліктерін толық қамтитын толыққанды көрінісінің бір түрі. Адамды тілден тысқары зерттеу мүмкін болмайды, себебі адамның бір ауыз сөзін естімейінше оның қандай адам екені жайлы мәлімет алу мүмкін емес. Сондай-ақ тілді адамнан, тысқары да қарастыру мүмкін емес, себебі сол тілде сөйлейтін тұлғасыз тіл жай таңбалар жүйесі болып қана қалады. Сол себепті «Тұлғаның тілдік тұлға ретінде қалыптасуы тек тіл арқылы ғана жүзеге асады». Ю.Н. Караулов көркем мәтінге сүйене отырып тілдік тұлғаның деңгейлік моделін жасап, оның үш құрылымдық деңгейін анықтап көрсетеді:
1) вербалдық-семантикалық деңгей (немесе құрылымдық-жүйелік);
2) когнитивтік деңгей (немесе тезаурустық);
3) прагматикалық деңгей (уәждемелік).
Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту республикалық орталығы «Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге (ересектерге, тіл үйренуші жеке тұлғаларға) жеделдете деңгейлік оқыту тұжырымдамасында» (Астана, 2007) Ю.Н.Карауловтың осы саралауын негіз етіп ала отырып, қазақстандық мемлекет қызметшісінің тілдік тұлғасының құрылымы төмендегідей кесте арқылы ұсынылады:
Тілдік тұлға құрылымы |
||
Де Деңгейлер
|
Лингвистикалық тұрғыдан |
Линг Лингводидактикалық тұрғыдан
|
I де I деңгей |
Вер Вербалдық-семантикалық деңгей |
Қа Қарапайым деңгей «Ба «Бағдар» + «Тілашар» |
II деңгей
|
Үни Дүниетаным картинасын тан танытатын тезаурустық деңгей
|
Базалық деңгей: « «Тіл дамыту» + « «Тіл ұстарту»
|
III деңгей
|
Мо Мотивациялық пра прагматикалық деңгей
|
Жоғары деңгей: « «Тіл мәдениеті» + «Тілдік тұлға» |
Бірінші деңгей – вербалдық-семантикалық (семантика-қатарлық,
инварианттық) қарапайым сөйлеу тілін меңгеру дәрежесін көрсетеді. Екінші деңгей – когнитивтік, онда әлеуметке тән релевантық білімдер мен түсініктердің өзектілігі мен бірегейленуі және ұжымдық немесе жеке когнитивтік кеңістік тудыруы жүзеге асады. Бұл деңгей тұлғаның әлемнің тілдік моделінің, оның тезаурусы мен мәдениетінің көрінісі. Үшінші – (жоғары деңгей) прагматикалық. Ол тілдік тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін уәждемелер мен мақсаттарының пайда болуы мен сипаттамасын көрсетеді. Тұлғаның коммуникативтік кеңістігінің үш деңгейінің өзара әсерінің нәтижесінде хабарды беру мен қабылдау туындайды.
Вербалдық-семантикалық деңгейде негізгі бірліктер ретінде сөздер қарастырылады, ал олардың арасындағы қатынас түрлі грамматикалық, парадигматикалық және синтаксистік байланыстар арқылы көрініс табады, стереотиптері – стандартты фазалар мен сөйлемдер.
Лингвокогнитивтік деңгейдің бірлігі ретінде нөлдік деңгейдегі сөздердің көмегі арқылы айтылатын түрлі түсініктер, идеялар, концептер қарастырылады, олардың арасындағы қатынас әлемнің құрылымын бейнелейтін белгілі бір тәртіпке келтірген иерархиялық жүйе бойынша тізбектеледі, стереотиптері — өз тезаурусындағы түсініктеріне сәйкес таңдап алынған әр алуан жалпылама айтылулар, қанатты сөздер мен афоризмдер арқылы көрініс табатын концептер арасындағы тұрақты стандартты байланыстар.
Нөлдік деңгейде тілдік тұлға вербалды торап пен стереотипті тіркестерді шүбәсіз ақиқат ретінде қабылдайды. Тілдік тұлға өзінің индивид ретіндегі даралығын бірінші лингвокогнитивті деңгейден бастап көрсете бастайды. Бұл даралық түсініктерді сатылау тәсілінен, өз тұжырымдарын құрған кезде оларды біріктіруінен байқалады. Бірінші деңгейден бастап тілдік тұлға бір ұғым, екіншісінен артық деп санап, тіпті олай болмаса да, белгілі бір идеяны маңыздырақ деп санауы мүмкін. Бұл даралану үдерісі жоғары прагматикалық деңгейде аяқталады. Бұл деңгейдің бірліктері ретінде коммуникативтік-әрекеттік қажеттіліктер (ойын айту, ақпарат алу қажеттілігі) ортаға шығады, бұл бірліктер арасындағы қатынас қатысымдық торапты құрайды (қарым-қатынас саласы, жағдаят, әңгімелесушілердің рөлдері) стереотипі қатысымдық қажеттіліктерді қанағаттандыруы тиіс.
Әдеттегі түсінік бойынша біз тұлға деген кезде, индивидтің өмір сүру стилі, өзіне ғана тән іс-әрекет ерекшеліктері деп түйіндейміз. Жұмыс тақырыбы ретінде тілдік тұлғаның эмоционалды-еріктік мінез-құлқын қарастырар болсақ, біз таным мен түсінік үдерістеріне тоқталамыз, сәйкесінше тұлғаның зияткерлік сипаттамалары басты орынға шығады. Тілдік тұлға деп – тіл білімінде адамның сөйлеу туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін қабілеттері мен сипаттамаларының жиынтығын, шындықты бейнелеудегі тереңдігімен, дәлдігімен және құрылымдық-тілдік күрделілік дәрежесімен сипатталатын тілдік құзіреттілікті айтады, сондай-ақ тілдік тұлғаның зияткерлік сапасы ерекше ескеріледі. [25, 8].
Тілдік тұлғаның құрылымын деңгейлерге бөлу шартты түрде жүзеге асырылатынын айта кету керек, шынайы өмірде бұл деңгейлердің өзара кірігуі мен өзара тәуелділігі байқалады. Тілді меңгерудің әрбір деңгейінде тұлғаның жеке дара зияткерлік ерекшеліктерін көрсететін кеңістік болады.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндейтін болсам, тілдік тұлғаның толыққанды қалыптасуы алдымен лингвокогнитивтік немесе тезаурустық деңгейден басталады. Осы деңгейде әлемнің тілдік бейнесі қайта жасалынуы, мәндер мен құндылықтардың иерархиясы білінуі мүмкін. Уәждемелік деңгей лингвистика шеңберінен тыс шығып кетеді, алайда нақ осы аспектісінің жүйе құрушылық әсерінің арқасында вербалды-семантикалық деңгейде «индивид немесе жеке адам» ретінде көрініс табады. /Аталмыш тұжырымдама/.
Тіл арқылы адамның ішкі жан-дүниесі, мәдениет деңгейі, білімі, сана-сезімі, дүниетанымы көрініс табады. Тіл және мәдениет таным үдерісінің және екінші тілдік тұлғаның ділін қалыптастыратын ажырамас бөлшектер болып табылады. Яғни, «Тіл – адам рухының айнасы десек, ең алдымен ол айнада концептісі мәдениет константы қатарын құрайтын адам тұлғасы көрініс табады»
Тілдік тұлға ұғымы тұлғаның жеке дара сана-сезімі және дүниеге көзқарасы мен тілдің өзара байланысын білдіреді. Кез-келген тұлға өзін және өзінің субъектілігін заттық іс-әрекеті арқылы ғана емес, сонымен қатар тіл мен сөйлеусіз жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын қарым-қатынас арқылы да көрсетеді. Адамның сөзі оның ішкі әлемін танытады, оның тұлғалық қасиетін танытатын мәлімет көзі қызметін атқарады. «Тіл, мәдениет және этнос өзара тығыз байланыста келіп, тұлғаның негізін жасайды – оның физикалық, рухани және әлеуметтік Менінің түйіндесу орнын айқындайды. Тілдік тұлға мен концепт – табиғи тілді тасушының ділі мен сана-сезімін танытушы және «сөйлеуші адам» прототиптік бейнесін қалыптастырушы лингвомәдениеттанудың базалық категориялары». /Ю.С.Степанов. Константы. Словарь русской культуры. М., 1997/.
Концепт ұғымын линвомәдениеттанымдық тұрғыдан ерекшеленетін ментальды көрініс ретінде айқындау гуманитарлық, оның ішінде лингвистикалық білімнің антропоцентристік парадигмасының қалыптасуындағы заңды қадам болып табылады. Тілдік тұлғаның басым қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, идеалдарын бейнелейтін неғұрлым маңызды концептілері оның тезаурусында соғұрлым кеңірек көрініс табады.
Тілдік тұлғаның анализдік және синтездік тұрғыдан толық сипаттамасы төмендегідей болады:
Оны ұйымдастырудың семантикалық-құрылымдық деңгейінің сипаттамасы. Осы тұлғаның әлемді тілдік тұрғыдан бейнелеуін немесе тезаурусын қайта құру.
Осы тілдік тұлғаның сөйлеуді тудыру үдерісінен, түрлі бөгде мәтіндерден көрініс табатын өмірлік доминантасын, мақсат, уәждемелерін анықтау» /С.Г.Воркачев. Лингвокультурология, языковая личность, концепт: становление антропоцентрической парадигмы в языкознании // «Филологические науки», 2001/.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жеделдете меңгерту екінші тілдік тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеді. Қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі инноватор ғалым Қ.Қадашева бұған қатысты «Адамдар екінші тілді үйренгенде жаңаша ойлап, сезініп, өзі әрекет жасап үйренеді және сол тілді меңгеру арқылы екінші тұлға болып кетеді. Жаңа тілдік «Мен» екінші тілімен араласып, жақындасып, тілге қызығушылығы артады, мәселелерді шешуге белсенді болады және өзін еркін жеңіл сезінеді» деп пайымдайды. /Қазақ тілін оқыту әдістемесі. А., 2005/.
1.3 Тілдік тұлға – тілдік мәдени құзірет иесі.
В.фон Гумбольд, Г.Штейнталь, К.Фосслер, А.А.Потебня еңбектерінде биік белеске көтерілген тіл, қоғам, мәдениет, тұлға сияқты ауқымды лингвистикалық мәселелер XX ғ. бірінші жартысында «тілді өзі үшін және өз ішінде ғана зерттеумен шектеліп келген» структурализм ықпалымен екінші қатарға ысырылып қалса да, ғасыр соңында жаңаша өріс алып отырғанына лингвистикалық тың зерттеулер дәлел болса керек. Оған дәйек болатын тағы бір жағдай, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, гуманитарлық білімнің ғылыми парадигмасы мен ұстанған бағыт-бағдарының өзгеруі екендігі даусыз.
XX ғ. соңы парадигмалардың ауысып, алмасуымен ерекшеленеді. Адамның жеке өзіндік қасиеттері, сонымен қатар, тіл жүйесін өзінше пайдалануы да жаңа зерттеудің орталығына айналды. Сол себептен де лингвистикадағы когнитивті процестерді зерттеу, тіл қолданысының (сөздің) прагматикалық, психологиялық, әлеуметтік аспектілерін талдау белсенді сипат ала бастады. Аталған аспектілерді кешенді зерттеу және олардың интегративті мәнінің табиғатын айқындау сияқты мәселелер тілдік тұлға теориясымен кіріге, біте қайнасып кетті.
Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулерде тілдік тұлға құрылымы Ю.Н.Караулов ұсынған деңгейлік өлшеммен талданып жүр. Нақтылай айтқанда,
- нөлдік, яғни вербалды-семантикалық деңгейге – тілді қарапайым, қалыпты дәрежеде меңгеру сәйкес келеді;
- алғашқы немесе линвотанымдық деңгейге – тұлғаның интеллектуалды деңгейі үйлеседі, (бұл деңгей «түсінік», «концепт», «идея» сияқты бірліктер арқылы танылады); ол когнитивті социумға тән таным кеңістігін қалыптастырады немесе тұлғаның тілдік тезаурусы мен мәдениетін белгілейді;
3)прагматикалық уәжділік деңгейі немесе коммуникативті-әрекет деңгейі мақсат, уәж, қызығушылық дәрежесін білдіреді.
Ю.Н.Караулов «тілдік тұлға» категориясын ғылым айдынына белсенді шығара отырып: мәтін қалыптастыра алатын және мәтін қабылдай алатын қабілеті бар Тілдік тұлға туралы ой қозғайды. Ол мәтіндер: а) тілдік-құрылымдық күрделілігі дәрежесімен; ә) нақты бір мақсатқа бағытталуымен ажыратылады.
Көптеген зерттеуші-ғалымдар өз ғылыми ойларын Ю.Н.Караулов ұсынған тілдік тұлғаның деңгейлік моделі үлгісімен сабақтайды және ақпаратты қабылдауға да осы үш деңгейдің өзара сабақтастығы ықпал етеді. Ал өз кезегінде Тілдік тұлғаның үш деңгейлі құрылым концепциясы коммуникативтік қажеттіліктің: 1) байланыс орнатушы; 2) ақпараттық; 3) ықпал етуші сияқты үш түрлі қызметін өтеуге септігін тигізеді және сонымен қатар, қатысым процесінің үш жағымен – қатысымдық, интерактивті және перцептивті деңгейімен өлшенеді.
Орыс тіл білімінде осы салада зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалым В.Маслова: тілдік тұлға мазмұны мынадай компоненттерден тұратындығын тұжырымдайды:
- құндылықтар жүйесі немесе өмір мәні;
- мәдени-танымдық құрам, яғни мәдениетті меңгеру деңгейі;
- жеке өзіндік, өзінің жан түкпірінің тереңінде жатқан тылсым дүниесі.
Жалпы алғанда тілдік тұлға деңгейін осылайша межелеу тіл білімінде енді- енді ғана қолға алынуда.
Бүгінгі күні тілдік тұлғаның линвистикадағы мәртебесін анықтайтын түрлі бағыттағы зерттеулер белең алуда: жалпы (полилектная) және (идеолектная) тұлға, (В.П.Нерознак); этносемантикалық тұлға (С.Г.Воркачев); элитарлы тілдік тұлға (О.Б.Сиротина, Т.В.Кочеткова), семиологиялық тұлға (А.Г.Баранов); орыс тілдік тұлғасы (Ю.Н.Караулов); тілдік және сөйлеу тілі тұлғасы (Ю.Е.Прохоров, Л.П.Клобукова); шығыс және батыс мәдениеті тілдік тұлғасы (Т.Н.Снитко); сөздік түзілімінің тілдік тұлғасы (В.И.Карасик); эмоция танытушы тілдік тұлға (В.И.Шаховский) және т.б.
Тілдік тұлға — әлеуметтік құбылыс, бірақ ол өзінің жеке мән-мазмұнымен бірлікте өмір сүреді. Тілдік тұлға бойындағы жекелік болмыс оның тілге деген өзіндік көзқарасы арқылы қалыптасады, сөйте тұра жеке тұлға тілдік дәстүрдің қалыптасуына да ықпал ете алады. Әрбір тілдік тұлға өзінің алдындағы тұлғалар қалдырып кеткен барлық тілдік байлықты меңгеруімен, соны иелене алуымен қалыптасады. Әр тілдік тұлғаның тілі көп дәрежеде жалпыға ортақ тілден,
біршама деңгейде өзіндік жеке тілдік ерекшеліктен тұрады.
Индивидті Тілдік тұлға дәрежесіне көтеретін жағдай өзінің әлеуметтік мәнін үш аспектіге сүйене иеленді:
- тілдік тұлға адамның нақты бір әлеуметтік қатынасқа ену процесі нәтижесінде;
- белгілі бір этнотілдік мәдениеттің эталоны мен нормасына сәйкес келетін белсенді сөйлеу әрекеті нәтижесінде;
- халықтың әлеуметтік психологиясы заңын меңгеру процесі нәтижесінде бүкіл қоғамның мәдени тарихи білімін танытушы бола алады. Тілдік тұлға қалыптасу үшін екінші және үшінші аспектілердің маңызы зор, өйткені ұлттық мәдениетті меңгеру мен әлеуметтік психологияның қалыптасуы тіл көмегі арқылы ғана мүмкін болады.
Тілдік тұлға категориясының жалпы теориялық мәселелерін біршама анықтап алғаннан кейін, жекелеген тілдік тұлға әлемін айқындау мақсатындағы ғылыми зерттеулерді жолға қою мәселесі күн тәртібінде тұрады.
Қазіргі қазақ лингвистикасында қазақ әдеби тілі материалдары, сөз зергерлерінің құнды дүниелері назар аударуға, ғылыми сараптауға түсуге тұрарлық деп есептейміз. Тілдік тұлғаның болмысын зерделеу үшін кешенді талдау қажет, яғни мәтін мен поэтикалық дискурс негізінде тарихи-мәдени қайнар көздерді, мәтіннің этноұлттық ерекшеліктері мен әлеуметтік сипатын, халықтың философиялық-дүниетанымы мен психологиялық мінездемесін айқындау қажеттілігі туады.
Соның бірі – Ілиястың тілдік тұлғасы. Адамның тілдік болмысын түсінуге, зерделеуге жетелейтін лингвистикалық категория ретіндегі тілдік тұлға құбылысы қазіргі білім парадигмасының мазмұнын, күй-қалпын айқындаушы маңызды ғылыми ұғымға айналуда.
Тілдік тұлға мәселесі тілдік, сонымен қатар, экстралингвистикалық (тарихи, мәдени, әлеуметтік, психологиялық) факторларды сабақтастыра отырып, кешенді түрде талданады.
Ілияс тілі тезаурусын сипаттау XXI ғасырдағы неофункционалды парадигма арнасында және қазіргі жаңа ғылым саласы шұғылданып жатқан тілдік тұлға теориясымен бірлікте алып қарастырылады.
Ілияс тілдік тұлғасының когнитивті және прагматикалық деңгейін мүмкіндігінше толық талдау мақсаты көзделеді, әрі белгіленген әр деңгейдің жүзеге асуы нақты бір линвистикалық мақсат-міндет жүктейді.
Білімнің ғылыми парадигмасының ауысу процесінде көрініс берген тілдік фактілер жаңаша көзқарас тұрғысынан саралану керектігі белгілі.
Сондықтан да, көркем мәтінді жаңа ғылыми парадигма бағытында қарастыру мен талдау қазақ тілі стилистикасының көкейкесті мәселесіне айналып келеді. Соның бірі – тіл фактісін зерттеудегі маңызды антропоцентристік бағытпен, тілдегі адам мәселесімен, оның тіл арқылы таңбалануымен тікелей байланысты, яғни
XX ғ. II жартысындағы тіл білімінің бір жетістігі – мәтін түзуші адамды антропоцентристік бағыт өзегіне айналдырумен байланысты қарастырылу керек деп есептейміз.
Шетелдік тілші ғалымдар зерттеуінің басым көпшілігі жекелеген тіл жеткізушінің сөйлеу әрекетінде және оның тіл тарихында алар орнына арналуда. Сондай-ақ, тілді зерттеудегі өз алдына жаңа ғылыми бағыт – неофункционализм –функционалды бағыт тарихындағы жаңа иін бола отырып, тіл өкілінің сөз (речь) әрекетін зерттеуді де жаңаша қарастырады. Сонымен байланысты лингвистикалық зерттеудің негізгі нысаны – сөйлеуші тұлғасы, ал негізгі мәселесі ретінде – тілдегі субъект мәселесін қарастыратын лингвистикалық прагматикада берік тұғыр иеленуде.
Нақтылауды қажет етер мәселенің бірі: «тілдік тұлға» деген терминді немесе бағалауыш-айқындауыш белгіні сөз саптаған әрбір қалам иесіне қарата айтуға бола ма? Әлде ол көркем мәтінге иелік етуші кез- келген субъектіге (авторға) қатысты қолданылуы мүмкін бе?
«Тілдік тұлға» термині тіл дамуында, тіл тарихында өзіндік келбеті айқындалмаған, мәнді қолтаңба қалдырмаған, тек тіл жүйесінде бұрыннан тұрақталған дәстүрлі тілдік құралдарды ғана қолданған, сондай-ақ мәтін қалыптастыруға шығармашылық тұрғыда келе алмаған авторды сипаттай алмайды деп есептейміз.
«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», сөз құдіретін түсінген тіл тұтынушысы ғана Тілдік тұлға феноменіне айнала алады. Сөйтіп, одан қойылар басты талаптар:
- тыңдаушысына сөз қуаты арқылы ой қозғайтындай әсер ете алса;
- ол өзінің «іші алтын, сырты күміс» болатындай мәні терең, бояуы қанық болса;
- тұлғаның өз дүниетанымы терең де кең болса;
- ұлттық өре биігінен сөйлей алатын, әрі жалпы адамзаттық ауқымдағы ой қазығы айқын болса;
- тұтастай алғанда тілдің дамуына үлес қоса алатын болса;
- тек бүгіннің емес, ертеңнің де кәдесіне жарайтын классикалық үлгідегі сөз өнеріне иелік еткенде ғана Тілдік тұлға туралы сөз ету керек деп есептейміз.
- І. ЖАНСҮГІРОВТІҢ «ҚҰЛАГЕР» ПОЭМАСЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
2.1 І.Жансүгіров поэмасының тілдік ерекшеліктері.
І.Жансүгіров халықтың ауыз әдебиетінің озық үлгілері мен қазақтың бұрын-соңды сөз шеберлерінің асыл мұраларын жинағанда, біріншіден, оларды халықтың өз қажетіне, өз игілігіне жұмсауды, екіншіден, сол асыл мұраларды тіл ұстартудың сиқырлы құдіретін үйренуді мақсат еткен.
Теңеу – тіл мен ойлау мәселесінің ауқымындағы өте күрделі құбылыс. Бұны логика пәні таным құралы ретінде зерттесе, философия ғылымында оны эстетикалық категория ретінде қарастырады, ал әдебиеттану ғылымы теңеуді көркемдеу, бейнелеу тәсілдерінің қатарында зерттесе, тіл білімінің стилистика саласында оның лингвистикалық табиғаты басты нысанаға алынады.
Қазақ поэзиясының «Құлагері» атанған І.Жансүгіровтің тіл кестесі – арнайы лингвостилистикалық мақсатта зерттеуді қажет ететіндіктен, еске түсіре отырып, ақын поэмаларындағы теңеудің қолданылу ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.
Көркем шығарма тіліндегі теңеулердің қолданысы ең алдымен коммуникативтік, яғни айтылар ұғымды, ойды кеңінен тереңдете отырып жеткізу қызметін атқарады. Сөз ұғымының тереңдетілуі үшін ұқсас құбылысқа салыстыра отырып түсіндіріледі, ұқсас құбылыстардың таңдамалысын ғана елеп-екшеп алады.
І.Жансүгіров шығармалары теңеудің –дай, -дей, — дайын, -дейін, -ша, -ше жұрнақтары арқылы жасалған жалпыхалықтық тілдегі теңеулердің қатарын молайтып, қазақ әдеби тілі тарихында көркемдіктің үлгісін көрсетеді.
«Құлагер» поэмасындағы екі балуанның күреске шыққан жерін ақын:
Аттанып атандайтын алшаңдатып,
Желкілдеп қара сақал шудадайтын
Бұлқынды алып қара бурадайтын, — деген жолдарда ақын теңеудің дәстүрлі -дайын, -дейін жұрнақтары арқылы жасалатын тәсілін қолданады.
Тағы бірде ақын:
Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын,
Төселген жазда кілем мақпалдайтын.
Қырдағы ел «Құлагердің әнін» тыңдап,
Былайша әңгімелер Ақан жайын, — десе, адамның көптігін – «қаптасты құмырсқадай қырға қазақ», кәрілікті – «қуарған аппақ қудай сақал-шашы» деп теңейді. Сол сияқты «ел қысылды қояндай», «қаңтардағы бурадай» дегендегі қоян – жалпы қорқақтықтың айғағындай, қаңтардағы жарап тұрған бура – қаһарлықтың нышанындай бейнелеу де төрт түлік малға қатысты дәстүрлі тілдің қолданысы.
Тағы бір мысалында:
Келіншек – жас жауқазын, сарымсақтай
Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай,
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай.
Бұл шумақта «сарымсақтай», «қауыншақтай», «сабыншықтай» деген сөздер құбылысты басқа нәрсемен салыстыру арқылы сипаттау тәсілі.
І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы тіліндегі сөзбен салынған сурет – теңеулер ақын шеберлігін, тіл ұсталылығын танытып қана қоймай, көркем өрілген қазақтың өлең өрімін жетілдіруде, дамытуда ерекше орын алады.
І.Жансүгіров «Құлагер» поэмасындағы метафоралардың
қолданыс ерекшеліктері.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті тарихына көз жіберсек, билердің дауында, шешендердің айтысында болған оқиғаны тура өз атымен атамай, жобалай сөйлеп, бірін-бірі ұғысып, аз сөзбен ел арасын не шабыстырып, не бітістіріп кететін жайлар аз болмаған. І.Жансүгіров көп жерде сол дәстүрді мол пайдаланған. Ілияс негізгі ойды метафоралар арқылы беру тәсілін жиі қолданған.
Метафора – белгілі бір нысанның (объектінің) басқа топтағы нысандардың белгісі мен қасиетіне қарай ауыстыра қолданатын троптың бір түрі. Сөйтіп суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту.
І.Жансүгіров поэмасының көркемдік қуатын танытатын тілдік құралдың бірі – метафора болып табылады. Ақынның поэмасында метафора ақынның айтар ойын образды жеткізуге қызмет атқарады. «Құлагер» поэмасында:
Ақанда сол күндегі сопы десек,
Әсем тау оған құбыла, Меккеге есеп.
Ән – азан, әдемі сөз – намаз болып,
Кітап болып көңілін ашқан гүл-бәйшешек, — деген шумақта метафоралар өрнегі бір-бірімен жымдасып келген. Метафоралық сөз түзілістері бірінші тармақта айтылған «Ақан-сопы» деген ұғымнан туындайды: әсем тау – құбыла, Мекке, ән, азан, әдемі сөз – намаз, кітап – көңіл ашатын гүл – бәйшешек метафоралары «сопы» Ақанның «діни ұстанымдары» — әсем тау, ән, әдемі сөз екенін оқырманына жеткізеді. Мұндай ұтымды жасалған метафораларды Ілияс шығармаларының өн бойынан көріп отыруға болады. Мысалы, атақты «Құлагер» поэмасында мынадай тіркестер куә болды:
Сыр десте сері атына шапқан бала,
Бәйгені шапқан сайын қаққан бала,
Құланың құлағында ойнап өскен,
Серіге сенімді боп жаққан бала,
Төртеудің мың үш жүзден мойны озып,
Құлагер келе жатты тістеп құйрық, — деген шумақтарда сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап отыр.
«Құлагер» поэмасында Ақан сері өмір сүрген заманды оқырманға дәл, анық және көркем жеткізуде аламан ақын ауыстырып, баламалы түрде метафоралық образдармен суреттейді.
Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған,
Ол заман – ерге тұсау, зорға думан.
Жалмап жел айналасын аш кенедей,
Семірген жұрт қанына нелер жуан.
Хан қабан – халық құлағын бұрап тұрған,
Бүйі би – билеп-төстеп сұрап тұрған.
Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,
Жүз – жүз жар теңін таппай жылап тұрған – дегенде Ақан заманы – ерге тұсау, жуандарға думан екені, ханды қабанға, билеп-төстеп сұрап тұрған биді бүйіге балап, сол кезеңнің әлеуметтік тынысын дөп басады. Осы поэмадағы күресіп жатқан екі балуанның сайысын ақын «қаршыға қазды қағып алды міне» дейді. Сол сияқты:
Мергеннің бір маралға көзі түсіп,
Секірген бір киікті қасқыр көрді, — деген жолдар Құлагерді (киікті) тамақтағысы келген қанды ауыз «қасқыр», әпербақан, баққұмар Батыраштың жіберген қарақшысы. Дәл осы шумақта сол қарақшы біресе мерген, біресе қасқыр болып, Құлагер біресе маралға, біресе киікке айналып тұр. Осы поэманың «Ас» суретінде дүлдүл ақын қазақ асына жиналған қауымының бір бөлігі – молдалар екенін былай деп метафора арқылы суреттейді.
Албасты Арқадағы абы жылан,
Молда отыр ысқырынып оқып құран.
Атты арбас, атаң жұртып жатыр молда,
Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.
Бұл шумақта жемқор молда Арқадағы албасты әрі абжыланға баланады.
Метафоралық тіркестер:
- Шарықта шартарапқа қиял құсы,
Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы. (254-б.)
- Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін
Салатын дүкеніме бар мінезім. (255-б.)
- Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген. (262-б.)
- Тірегі көңілімнің, бәйтерегім, (308-б.)
- Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,
Қызықтың көшіп кеткен – сар жайлауы. (230-б.)
Ақын поэманың «Толғану» бөлімінде өзін халықтың ескі жыр-аңызына құлақ түріп, соларды жаңғыртып жырлайтынын өз заманының ең өзекті, жаңа кәсібі «инженерге» балап жеткізеді:
Ақтарып асыл сөздің алтын, жезігін,
Салатын дүкеніме бар мінезім.
Ақтарған Арқа астын инженермін,
Ал жұртым, керегіңе тұрса сөзім.
Осы «инженер» мамандығына орай ақын асыл сөздің алтын, жезін ақтару деген метафоралы образбен өлең «дүкеніне» сөздің алтын, жезін салатынын кестелі бейнелейді.
а)Адамға қатысты метафоралар. Метофораларды саралай келгенде, олардың адамға, оның дене мүшелеріне байланысты жасалғандарын көп кездестіреміз. Адам өзінің қасиеттерін табиғат құбылыстарына, жансыз нәрселерге ертеден-ақ теліген. Бұған қарағанда адамға қатысты метафоралар – ең көне метафоралар.
«Ауыз» сөзімен құрамдас келетін метафоралар.
Елдің де ескі ауызында жоқ па екен сыр?
«Жүрек, кеуде» сөзімен келетін метафоралар.
Баласы Бекайдардың Батыраш бар
Өр көңіл, жуан кеуде, бір аусардың.
ә) Жануарға қатысты метафоралар. Тілімізде жануарлар атауына байланысты метафоралар көптеп кездеседі. Қазақ әдебиетінде, әсіресе, ауыз әдебиетінде, жау жүрек батырды бөріге балау жиі кездеседі. Ілияс Жансүгіров поэмаларында бөрінің қасиеттері алынып метафораланады.
Есітіп Батыраш боп бұлқан-талқан,
Көкжалды қысып кетті-ау ашу-сайтан.
Шебер ақын Ілияс Жансүгіров Құлагерден айырылып далада қалған Ақанды байғызбен салыстырады:
Көңіліне Құлагерден құйылып мұз,
Күйкиіп отыр таста, Ақан – байғыз.
в) Өсімдіктер дүниесіне байланысты туған метафоралар. Ілияс поэмаларында қызыл гүлге балау жиі кездеседі:
Қызыл гүл сен болғанда гүл бақшада,
Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы.
Бәйтерек, қайың сөздерімен келетін метафораларды да ақын туындыларынан кездестіруге болады:
Құлагер, жас күніңнен тайым едің,
Солқылдап тауға біткен қайың едің.
Метафора – сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау;
Метафора – сөздің бейнелілік, суреттілік қасиетін арттыратын тіл құралдарының бірі.
«Құлагер» поэмасы тіліндегі метонимия мен синекдоха
Қазақ тіл білімінде метонимияларға алғаш көркемдік құрал ретінде анықтама берген А.Байтұрсынов болды. А.Байтұрсынов метонимияның басты қасиеті – бір затты, құбылысты алмастыру болып табылатынын дәл атап көрсеткен: «Арасында жақындағы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, ондай ауысу, алмастыру (яғни метонимия) деп аталады».
Мысалдары: «Анау үйдің құдасы келіп жатыр» дейміз. Құда үйдікі емес, ол үйдегі адамдікі, үй мен үй иесінің арасы жақындығынан, бірінің бірі орнына бірін айтамыз» — дейді [20.159-160].
«Метонимия» — гректің (metonymic) атын өзгертіп, алмастыру деген мағынасынан алынған. Зерттеуші ғалым З.Қабдолов: «өзара шектес заттармен құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану».
Метонимия – белгілі бір топтағы нысанның атын бүкіл бір топқа немесе белгілі бір нысанға ауыстыра қолданатын троп.
Ақын қаламынан метонимиялануға «жиі ұшырайтын» жер-су атаулары, мал атаулары дәстүрлі дене мүшелерінің, сын-сипат атаулары, тұрмыстық зат атаулары т.б. сөз топтары.
Ілиястың «Құлагер» поэмасындағы төмендегі шумақтарда метонимиялар Көкшедегі асқа келіп жатқан халық, жиналған жұрт мағыналарын өзге сөздермен алмастырып айтып, поэзиясының көркемдігін көрсетеді.
Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,
Кереку, Баян, Семей, Торғай – бәрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап төкті Қаратауы.
Әр жақтың қошқарлары, марқалары,
Әр жерде ауыр қотан алқалады.
Жиылды Сағынайдың сорпасына,
Асын жеп, атын шауып тарқағалы.
Әр елдің бұқалары, өгіздері.
Қызыл көз, саба құрсақ – семіздері.
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті пәленше де дегізгелі, — деген шумақтарда Қараөткел, Қарқаралы, Кереку, Баян, Семей, Торғай, Жетісу, Қаратау атаулары сол жерлерден келіп жатқан адамдарды көрсетсе ақынның қошқар, марқа, бұқа, өгіз, семіз – дегендері келіп жатқан адамдардың түрлі тобын көрсетеді.
Ілияс қаламынан туған метонимиялардың ирониялық мәні, астарлы мысқылы бар екендігі төмендегі мысалдардан байқалады.
Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз,
«Құлаға бөктерілер Көк» — дегенін
бұл тармақтарда ауыз сөзі қу эпитетімен келіп, «ауызы жеңіл» деген мағынада жұмсалып тұр. Осы тармақтардағы құла және көк сын есімдері бәйгеге қосылатын Құлагер мен Көктұйғын атты білдіріп тұр.
Синехдоха әсіресе «Құлагер» поэмасындағы балуандар күресін суреттеген тарауларда мол, айқын көрінеді. Күреске түскен екі балуанның бірін ақын барынша күшті етіп суреттейді де, оны үнемі «бір қара», «үңгір қара», «зор қара», «құз қара», «алып қара», «өгіз қара», «дәу қара» деп отырса, екінші балуанды «үрпек сары», «сары мысық», «шеге сары», «тұйғын сары», «шегіртке» деп отырады.
Көркем әдебиет тілінде сын есімдердің метонимия қызметін атқаруы – жүйелі. Қазақ тілінде түс түрлерінің қалыптасқан метонимиялық мағыналары бар.
І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының «Балуан бәйге» бөлігінде ортаға шыққан балуанды суреттеуде ақын сын есім метонимиясын шебер қолданған:
Бұл асқан алып еді, мықты қара,
Талқандап таудай дәуді жықты қара.
Шошытып бар жігітке мысық болып,
Тышқан қып іннен інге тықты қара.
Бура сан бұқа мойын, түкті қара,
Күмбездей көрінеді күпті қара.
Борбаңдап жолбарыстай жонын беріп,
Майданға бір тізелеп шөкті қара.
Осы күресте қараға қарсы шыққан балуанды да ақын метонимиямен былай суреттейді:
Атағы бұл сарының балуан Жақып,
Шыңыраудан түйе тартып алған Жақып.
Жеп-жеңіл, қаршығадай, сары шаршы,
Үйелмен, үлкен дәуге жүрді қарсы.
Екі балуанның белдескен шағын ақын күрделі метонимиялармен, тіпті алғашқы метонимияның өзін астарлап, ауыстырып екінші бір құбылыспен жеткізетін ерекше поэмалық шеберлік суретін жасайды. Мысалы:
Құз қара тұра келді алас ұрып,
Сарыны қорашсынып, баласынып.
Тап берді қара қабан, сар мысыққа,
Байғұсқа болды тым-ақ жан ашырлық –
дегенде құз қара (өңі қара балуан) қара қабан болып ауыстырылса, сары (сары өңді балуан) сары мысық болып екінші рет метонимияланады.
Осы поэманың «Жас қазақ» бөлімінде мына шумақтарда қолданған ақын метонимиялары поэманың шұрайын танытады:
Мергеннің бір маралға көзі түсіп,
Секірген бір киікті қасқыр көрді.
Басынан Ерейменнің соқты боран,
Түйілді қара бұлттай қара қыран.
От болып екі көзі көрмей кетті,
Жауды сел – қар ма, қан ба қабағынан.
Қылуға қауіп-қатер бала мұнан,
Аман ғой ақ көңілдің арамынан.
Бөрінің бөрік астынан білмей қалды,
Ойнақтап өте берді жау алдынан –
деген шумақтарда ақын мерген және қасқыр метонимиялары арқылы Ақанның Құлагеріне көз тіккен Батыраштың арам ойын суретпен жеткізген. Марал, киік метонимиялары Құлагер атты ауыстырып тұр. Осы тармақтарда ақын екі қарама-қарсы құбылыстың мәні бар мерген мен марал, қасқыр мен киік метонимиялары арқылы Құлагерді мертіктіретін арам ойлы Батыраштың іс-әрекетін суреттейді.
Қара қыран метонимиясында ақын жағымсыз реңк үстеп отыр. Келесі шумақтағы бөрік астындағы бөрі күрделі метонимиясының қолданысы – жау ұғымын ауыстырып, яғни Батыраштың қара ниетін сипаттайды.
І. Жансүгіров поэмасында әр кейіпкерді жиынтық образына қарай ерекше сөз машығымен сөйлеткен. «Құлагер» поэмасындағы кейіпкер тілі Ақанның өр кеуделі, намыс отына буырқанған ішкі сезім толғаныстарын көрсетеді. Батыраштың бейнесі кейіпкер тілінде «әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді көк сақал» деп дәл бейнеленген.
Поэмадағы кейіпкер тілі тек оның образын танытып қоймай, бір тақырыптағы сөздерді мәтін тізіміне лайықтап сұрытауда, яғни сөз таңдауда көркемдіктің бір кілті болып табылады. Поэмадағы жаршының сөздерінде ат бәйгесіне қатысты, балуандар күресіне байланысты сөз таптары кейіпкер тілінің негізгі ұйытқысы болып табылады. Мысалы, жылқы атауларының түр-түсіне қатысты серке санды Құла, серпінді Көк, Ақсұр, Қызқара, Құбай, Құмай, Ақбақай, Көктопай, Қасқабұла, Сүрсерек, Жамбылторы т.б. атаулар дыбыс гармониясымен және тұрақты эпитет, теңеулермен қолданыс тапқан.
Поэмадағы кейіпкер тілінің де арнайы мақсатпен зерттеуді қажет ететінін көрсеткіміз келеді. І.Жансүгіров поэмасындағы кейіпкерлер тілі соның бір мысалы ғана болады.
- Естісем бұрын даңқын Көк неменің,
«Алтайдың жүйрігі онан жоқ» — дегенін.
Жолықпай иесіне жүрген болса,
Осы жол Көк шолақты бөктеремін! (297-б.)
Ықтимал жауаптар:
- Намысқор, өжет, турашыл, бірбеткей, мақтаншақ, өр, асқақ, т.б.
Бұл жерде айтылған ұйғарымдар ішінде Ақанда әрі намысқорлық, әрі аздап мақтансүйгіштік те орын алғанын атап көрсетеді. Одан әрі Батыраштың дөң-айбат білдіруінен кейін есе жібермей қайтарған Ақан жауабына үңілтеді:
- Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді,
… көк ешкінің жыртық көзді,
Алтайдың, кәр жынындай бақылдаған,
Көк сақал, азбансынған, бұл кім өзі?
Ықтимал жауаптар:
- Өткір тілді, мысқылшыл, шақпа тілді, турашыл, қайсар, асқақ, намысқор, т.б. Бұл байламдар арасынан: «намысқор, шақпа тілді» түйіндеріне жүгіну керектігін мәлімдеп, келесі үзіндіге байланысты пікір сұрайды:
Ат біткен Құлагердей Ақанына,
Ол дайын Көкті жерге тақауына.
Бәйгеден басы-көзін су қып озбай,
Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?!
Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,
Тілімді терезем тең, тартайын ба?
Көгіңді бөктермесем атым сенікі,
Шапса да әкең мініп байталыңа!
Бұл жолы да түрлі жауаптар ішінен Ақанның шақпа тілді, намысқор екеніне үңілтеді. Одан әрі ат жарысы басталар тұста Құлагерге мінген балаға айтқан Ақан сөздерін бөліп алып, оған баға беру тапсырылады.
Бұл айдау – қырғын жорық, байқап отыр,
Барғанша бұлан құйрық, шайқап отыр;
Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!
Тек қана тізгін қағып жайқа да отыр.
Қайтарда тізгініңді тежеп отыр,
Тақымды қамшы салмай безеп отыр.
Бол да отыр бірдің соңы, ызаң озба,
Тек қана бір мөлшерді көзде де отыр.
Көрдің бе сонау жатқан көк өзекті?
Өткенде сол өзектен салшы тепкі;
Қоя бер басын сонда, қарғатайым!
Өзі алар онан кейін қалған бетті.
Ықтимал жауаптар арасында «Ақанның бапкерлігі көрінеді», — деген байламның оңтайлылығы дәлелденуі керек. Ал, атты бәйгеге жіберер алдында Ақанның: «Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз // Алла өзің аман келтір екі ермекті», — дегенінен оның Аллаға сенетіні айқындалатыны да назардан тыс қалмауға тиіс. Мұғалім одан әрі соққы тиіп, өліп бара жатқан Құлагер қасындағы Ақан қайғысына көңіл бөлгізеді:
Құлагер қорқырайды қаныменен,
Ақан да шырқырайды жаныменен…
Егіліп, төгіледі Ақан сері,
Зарлаған Құлагердің әніменен:
«Не болды-ай, бай-бай, саған Құлагерім?!
Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің…
Тірегі көңілімнің, бәйтерегім,
Бұл жерге қалайынша құлап едің?!
Осы үзіндіге байланысты ықтимал жауаптарды қарастырсам:
- Әсіресе «шырқырайды», «егіліп» сөздерінде Ақанның қатты үн шығаруы, шерленуі нақты өрнектелген.
- «Сорлы иеңнің бұлағы», «тірегі көңілімнің» — ауыстырма тіркестер (метафоралық тіркестер) болса, «бәйтерегім» — ауыстыру. Себебі бұл сөздер шартты ұқсастыққа негізделген, ауыспалы мағынада алынған баламалар. Ал, ауыстырулардың ерекше әсерлі естілу себебі: сөйткен бұлақтың суалуы, соншалық сүйеніш ағаштың құлауы, — бәрі орны толмас апатты жайып салады.
Құлагер, жаз жайладым, қыс жайладым,
Артына қызды ауылдың көп байладым.
Жеріңе қамшы тимес, пышақ тиіп,
Құшақтап қу басыңды ойбайладым…
Құлагер, айналайын жүлде алғаным,
Басындай Арқарлының күн шалғаным!
Барғанда ақыретке пырағым бол,
Қызығын көре алмадым бұл жалғанның.
Құлагер, құлыныңнан маған біттің,
Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім;
Жылқыны қыл құйрықты елде көргір!
Қандай жан шекесінен қағып өттің? (307-308-б.)
…Құлагер, жас күніңнен құнаным-ай,
Сүйегің, еті таза бұланым-ай!
Қасыңнан бөлек жерге жатпаушы едім,
Айрылып Ақан сенен, қуардым-ай! (311-б.)
Көзіңнен айналайын тостағандай,
Қияр ем сені не ғып тастағанға-ай;
Басыңды итке неге иіскетейін,
Ерте-кеш құшақтамай жас баламдай! (316-б.)
Ықтимал жауаптар:
- «Жеріңе қамшы тимес, пышақ тиіп» — нағыз шендестіру үлгісі. Қамшы жұмсауға Ақан бармағанда, басқаның пышақ (дәлме-дәл айтып, нақтыласақ, айбалта) тигізуі өте аянышты.
- «Басындай Арқарлының күн шалғаным» — күрделі ауыстыру. Арқарлы тауын көрген адам оның қаншалық биік екенін елестетіп, Құлагер мәні хақында сондай заңғар ұғымға келері анық.
- «Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім», «Қасыңнан бөлек жерге жатпаушы едім», — жолдарын поэзиядағы шарттылықты ескеріп, сөзбе-сөз түсінбесек те, Ақанның атқа қаншалық қамқор болғанын байымдай аламыз.
- «Көзіңнен, айналайын, тостағандай» — дегендегі «тостағандай» теңеуі көз әсемдігін кескіндеумен бірге оны өлімге қимастықты да негіздеп тұр.
- «Жеріңе қамшы тимес…», «қандай жан шекесінен қағып кеттің», «Басыңды итке неге иіскетейін, // Ерте-кеш құшақтамай жас баладай», — деген сөздерінің бәрінен Ақанның Құлагерге деген ерекше сүйіспеншілігі көрінеді.
Шүйке шал, аузы ұрадай опырылған,
Су мұрын, қу мұрт, ұрты шұқырайған,
Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,
Шал отыр қу қайында мықырайған.
Ықтимал жауаптар:
— «Аузы ұрадай опырылған» — әрі қартаюын, әрі соншалық жүдегенін ашса, «ұрты шұқырайған» орамы сол көріністі нақтылай түседі. «Боз» көріктеуіші оның шашын қаншалық ақ басқанын елестетсе, «тасқа шөгіп» күші қайтқандықты шегелейді. Тіпті отырған ағашының да «мықырайған» қалыпта болуы Ақанның күйкі тіршілігіне сәуле түсіреді.
Есітіп Батыраш боп бұлқан-талқан,
Көкжалды қысы кетті ашу, сайтан.
Тепсініп ақ отауға келді кіріп,
Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.
Қылған жоқ қорқауыңнан қауіп, қайқаң,
Дауысы Батыраштың шықты қатаң.
Қамшысын бүктеп, шарт жүгініп шал
Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан:
— Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,
«Осы аста абиырым басқа» — депсің.
Өзіңе өз аузыңмен бәйге әперіп,
«Атыңды басқаларың қоспа!» — депсің.
Атаң аз Алтайымнан қалай көпсің?
Алдымнан бәйгемді алып көрген жоқсың.
Сорпасы Сағынайдың бу болды ма,
«Алтайдан озамын!» — деп,…жепсің.
Алтайда мен ақиық ұшқан қонбай,
Қарамды көре алмайтын сендей торғай.
«Бөктерем Батыраштың Көк атын!» — деп,
Оттапсың ауызыңа ие болмай.
Қарауыл, қайрат қашан бітті мұндай?
Басуым көңіліңді тіпті оңай!
Төренің атын ерттеп өскен ел ең,
Өзіңе ат бітіпті-ау, байғұсым-ай! (279-280б.)
Мәтінмен таныстырылғаннан кейін Батыраш туралы жазған байламдарын саралай келе, былай қорытады: — «Ашушаң», «қатыгез» дегендерде дәлдік жетіспейді. «Өркөкірек» ұйғарымында біраз жақындау бар. «Ожар, долы, қиқар, сыңар езу, көкбет, күйгелек»,т.б., — деген тұжырымдармен келісе отырып, оның бәрін мына түйінге бағындырайық. Ол – астамшылық.
Одан әрі Батыраштың Құлагерге баға беруі кестеленген мына үзінді келтіріледі де, оған баға беру жағы қарастырылады :
Жануар, бітісің де ерек екен!
Сүйегің алқа-салқа бөлек екен!
Көргем жоқ көріп жүріп мұндай атты,
Жүгірсе шаба ма екен, желе ме екен?
Бұл кәпір жылқы ма екен, немене екен?
Осы алыста алдымен-ақ келе ме екен?
Алдына ат салмаған Көктұйғынға
Бір пәле Көкшетаудан келген екен!
Жылқыдай селт ептейді, не мінезі?
Жай, салаң, мінезі ме – бой күйезі?
Естуші ем сұмырайдың сырттан даңқын,
Жайлы емес, не қылса да келген кезі.
Отты екен жануардың екі көзі!
Перінің пырағы ма мұның өзі?
Бұдан біз сырт тұрқына қарап, ат сипатын Батыраштың жете танығанын, бапкерлігін, білгірлігін байқаймыз. Тек осы бақылаудан кейін берілген: «Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш // Жалғыз-ақ «Қап, Қап! болып айтқан сөзі», — суреттемесінен Батыраштың өзімшіл, ішітар екенін де аңдаймыз.
— Құлагерге қастандық жасалғаннан кейін, соны мойындау орнына қарсы дау салған Батыраштың мына сөздеріне қарап, мынандай баға береміз:
«Е, Керей! Азған Арғын, Уақ, Найман!
Сендерде ненің буы қоқырайған?
Өлді деп қарауылдың бір жылқысы,
Ұрыны қанды мойын таптың қайдан?
Аулақ тарт, аттың басын Алтайымнан,
Келмейтін Керей-серей бақайымнан.
Жала қып, барымтаға бәйгемді ұстап,
Жеріңді көріп тұрмын бата айырған!
Мойныма ат өлімін болсаң қойған;
Бір жылқым қарауылдан тартып сойған!
Кесіп ал күшің болса құлағымды,
Әйтпесе болғаның не сонша ойран?
Күшіңді көрем бәйге бермей қойған,
Тартылар өз табағын астан, тойдан.
Шыдап көр қонысында тыныш отырып,
Есемді ел шапсам да алмай қойман!» (315-б.)
Ықтимал жауаптар:
— Пәлеқор, суайт, ашушаң, қаскүнем, аяр, томырық, дүңк, шадыр, кекшіл, ожар, дүмше, бопсашыл, зорлықшыл, қиямпұрыс, адуын, т.б. Осы байламдар ішінен: «адуын, пәлеқор, бопсашыл», — деген шешімдерді бөліп аламыз.
Осылайша дастандағы Ақан, Батыраш бейнелерін саралап тамамдаған соң шығарма идеясын кең ашу үшін жүйріктіктің, озықтықтың символдық белгісіне айналған Құлагер бейнесін де арнайы талдатуына болады. Мұнда да алдымен үзінді ұсынылып, ізінше оның жауабы талап етіледі. Мәселен, атақты ат білгірі, Күреңбай сыншы Құлагерге былай баға береді:
Келіскен кескін мынау, омыраудың
Өзі айтар: қаратам, — деп, — қазақ қаумын.
Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың (272-б.).
Ықтимал жауап:
— Бұдан аттың мықтылығын, төзімділігін біраз байқаймыз. Ал, мына үзінді ше:
Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.
Жүрсе де жаздай құры болмайды тек,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ (273-б.).
Ықтимал оң жауап
— «Кесім ет жоқ», — дегеннен аттың бәйгеге жеткілікті жаратылғанын көрсек, «Тау желін тартса жұтқан талыс танау», — жолынан ұзаққа шапса талмайтынын анықтаймыз.
— Ақан еске түсіруімен берілген мына үзіндіге үңілейік:
Құлагер шапсаң бауырың жазылатын,
Жерошақ тұяғыңмен қазылатын.
Құшақтап қу далада қалдым жылап,
Жазым боп жау қолынан жалғыз атым!
Ықтимал жауап:
— Құлагер тұяғынан жерошақ қазылуы аттың шабу екпінін, жүйріктігін дәлелдейді. Ал, мына үзіндіден Құлагер өліміне аса аяныш тудыратын жекелеген сөздер мәнісін ашып дәйектейді:
Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,
Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.
Шіреніп төрт аяқты, танау қағып,
Ыңқылдап өліп барад ат қырқырап (307-б.)
Ықтимал жауап:
«Қорқырап» сөзінен қан ағудан шыққан дыбыс нақты естіледі де, қиналған атқа аяныш сезімі туады. Ал, «шүмектеп», «бұрқырап» сөздерінен қанның тез ағуы да дәл өрнектеліп, Құлагерді өлімге қимауға жетектейді. Сонымен бірге «төрт аяқты шіреніп», «танау қағып», «ыңқылдап», «қырқырап» әрекет етуінің бәрі аттың өмір үшін жанталасуын нақты нақыштап, оған деген күйзелісті жоталантуға қызмет етіп тұр. Шығарма тілі бойынша арнайы мысалдар теру үстінде үлгі ретінде бірер үлгіні Қуандық Мәшһүр Жүсіптің талдауында көрсетілген. Мәселен, «Алапқа бетегедей киіз төсеп, // Оранған орманды тау ағашына»(257-б) – деген жолдардағы «оранған» сөзінің астын сызып, оны ағаш көптігінің белгісі ретінде алады. Себебі ағаш аз болса, белгілі бір көлемді аумаққа ие болған тау онымен орана алмас еді. Демек біз «Көптік ұғымды білдіретін сөздер», — деп, тапсырсақ, онда белгілі бір санды белгілеген, немесе «көп», «мол» деп жалпылама айтыла салған сөздерді термейді. Қайта осы ұғымды неғұрлым нақты ашқан, жеке өзінде сурет, көрініс жатқандай әсер қалдыраты, бейнелі сөздер мен сөз тіркесулерін тауып белгілеу қажет. Мына дәйектелген мысал сол үлгіге жатады. Бұл талап біз ұсынған басқа да тақырыптарға тән.
- Көптік ұғымды білдіретін сөздер:
- Тасқында, тау суындай көңіл жыры. (254-б.)
- Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,
Өлеңнің өзені бір сапырылсын. (254-б.)
- Қапасты құмырсқадай қырға қазақ. (266-б.)
- Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы. (266-б.)
- Арқаға аударылды ас дегенге
Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері. (267-б.)
- Кісіге шыпылдады ақ ордалар,
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жұлт (267-б.)
- Көп атқа қыр қазағы құстай қаптап,
Топырлап қонып жатыр үйге тарап. (268-б.)
- Жан-жақтан топ-тобымен төгілген мал.(269-б)
- Ас тегіс алды, артына қалды үймелеп,
Көруге Көкшетаудың Кер пырағын. (271-б.)
- Ақ отау топырлады Ақан түскен,
Қалың жұрт кетті керіп сырттан, іштен. (276-б.)
- Шаң басқан қотарылған жер мен көкті,
Арқаның елі тегіс ат ерттетті. (281-б.)
- Қара жер қайысқандай қалың жиын,
Қыбырлап құмырсқадай жүрді қаулап. (282-б.)
- Жиын жұрт жүйріктерді тамашалап,
Аттардың алды-артына кетті толып.
Әр жақтың саңлақтарын сұрап көріп,
Дүрілдеп ұмтылып жүр соңына еріп. (285-б.)
- Бәйгеде бәсекемен бақ сынасқан
Қалың ат көлді айнала кетті қайнап. (288-б.)
- Атқа еріп ел төгіліп алыс кетті;
«Қайт!», «Қайттап» елге әңгірлеп шабар жетті.
Көруге ат қайтқанша өзге ойынды
Теңіз боп толқып, қалқып, бұрды бетті. (288-б.)
- Құжынап құмырсқадай сала-сала… (288-б.)
- Ұқсаған жазды күнгі жауқазынға,
Тізілді ел Ерейменннің алқасына; (288-б.)
- Керей жақ бергізбестен кетті кернеп:
«Итшығыс! Мынаның да жыққаны аз ба?» (295-б.)
- Түрілді, анталап жұрт, ел құлағы,
Ортаға төрт баланы алды-дағы (312-б.)
- Осындай сөздермен ел киіп кетті,
Қалың жұрт қадала айтып кәрін төкті. (313-б.)
- Кеулесіп Керей, Арғын – сендей сүріс,
Болуға айналып тұр үлкен ұрыс. (314-б.)
- Ат жүрісін білдіретін сөздер, не сөз тіркестері:
- Лақабы — әлде әулие, әлде пері,
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,
Бұлаңдап тақымында Құлагері. (261-б.)
- Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді.
Мінгізіп бәйге бала, жайтаңдатып,
Аулына ас бергеннің тақау келді. (270-б.)
- Мен дағы мұндай кезде жылман қаққам,
Мінгемін не саңлаққа суман қаққан. (298-б.)
- Көк аты Батыраштың келді зулап. (303-б.)
- Ызғытып ат келе жатты көл айнала,
Ат күткен көмбедегі көрді қара. (304-б.)
- Тебелеп басқа, көзге Тұйғын келед,
Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға. (308-б.)
- Бөріні бөрік астынан білмей қалды,
Ойнақтап өте берді жау алдынан. (306-б.)
- Үн, дыбыс байлығын танытарлық нақыштар:
- Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын. (255-б.)
- Астанам Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым? (255-б.)
- Ескі күн – елдің жылап өткен күні,
Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап. (255-б.)
- Аспанда ақиығы шаңқылдаған
Құздардың құламалы астында өстім. (256-б.)
- Жарлыға, жалқыға да дес берді ме,
Жыландай ысқырынған зәһар заман. (259-б.)
- Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын,
Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын. (265-б.)
- Бір үйде қобыз даусы шымырлаған,
Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған;
Бір кезде бебеу қағып, кішіктей боп,
Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.
Бір үйде домбыра да ыңыранған,
Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған;
Қос шек «Қосбасарды» сылқылдатып,
Жүректі жұлып жеуге күй жынданған. (268-б.)
- Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен,
Ас қандай әңгімешіл қымыз ішкен (276-б.)
- Бақырмай домбыраны көкке бұлғап,
Аққудай әсем дауыс – үн сыңғырлап; (277-б.)
- Жаршылар осылайша кетті сарнап,
Бәйгенің болар жерін жұртқа жарлап. (282-б.)
- «Тез шығар балуаныңды!» — деген дауыс
Атойлап, қыр көрсетіп, жамырасты. (289-б.)
- Сияқты бірі жуан, бірі жұқа,
Өкіріп сүзісіп жүр екі бұқа. (294-б.)
- Сонымен балуанның бәйгесі өтті,
Оташы мерттіккенді бебеулетті. (297-б.)
- Шаңы –бұлт, екпіні – жел, аттар – қаңбақ;
Балалар ұран салып, безді зарлап. (299-б.)
- Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік.
Арқаны дүбірлетті дүбір қылып. (299-б.)
- Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап… (307-б.)
- Құлагер қорқырайды қаныменен,
Ақан да шырқырайды жаныменен… (307-б.)
- «Алыс жер, апарма!» — деп қақсап еді,
Қарармын енді қалай ел бетіне…»
- «…Осыған ұры бізді қыласың!» деп,
Күш айтып, Керейлерге зіркіл салды. (313-б.)
- Қылмысқа, қиянатқа мұндай айқын
Күңіренді ел Ақаныңды танымайтын. (313-б.)
- Шырқырап Ақан отыр ат басында,
Шығарып шерлі даусын құлындағы. (316-б.)
- Қимыл түрлішелігін анықтайтын мысалдар:
- Шалқар көлдің шортаны
Сең соққандай сілкінді. (292-б.)
- Алысты арс-ұрс етіп екі арыстан
Таласты, бірін-бірі алып, жұлып. (293-б.)
- Түспеді ол допша қарғып, мысықша ырғып,
Дегендей «Күшің болса алып қара!»
- Бұлтылдап жыққан жерде жатпайтұғын,
Басқаға бастырмайтын балық бала. (293-б.)
- Бұлқынды шайнастырған бурадайын,
Жұлқынды жұтпақшы боп суда жайын. (293-б.)
- Жата ма, серке сары, кетті шоршып,
Жерді шаң, өзін қан қып, етін жырта. (294-б.)
- Дөңгелек айналдырып, сереңдетіп,
Жерге алып ноқталыны ұрып қалды. (294-б.)
- Аударып және Жақып, және басты,
Допша атып бірін-бірі домаласты. (294-б.)
- Қараны қайыстырып бұрағанда,
Күрт етті… бір гәп болды жілігіне… (296-б.)
- Дерексізді заттандыру үлгілері:
- Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап. (255-б.)
- Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай,
Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай;
Асылын арамынан аршып алдым,
Қашаннан қазынаға халқымыз бай. (256-б.)
- Жаралап ер жүрегін жау қандары,
Ысқырып жылан өмір жанын шаққан. (260-б.)
- Кейіптеулер:
- Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,
Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып. (267-б.)
- Лек-лек топ, ағытылды адам аңдап,
Теңіздей толқын жанға толды жан-жақ. (282-б.)
- Күңірентіп, кең даланы дүбірлетіп,
Төгілді ат Ерейменнің саласына. (287-б.)
«Құлагер» дастанының көркемдік ерекшеліктері, тілі талданғанан кейін, дастанның өзекті идеясын ашып дәйектесек:
— Өзекті идея: «Жүйрікті күндеме, оған қастық қылма!» — дегенге саяды. Батыраш жіберген адам бәйгеде алға шығады деген Құлагерге айбалта сілтеді. Одан әрі Құлагер шекесінен «шүмектеп», «бұрқырап» шыққан қан ат қиналысына деген оқырман аянышын тудыруы, — бәрі асылды қимастық сезімін өрбітіп тұр. Қазіргі өскелең заман биігімен бағамдасақ, күншілдік, қаскүнемдік ол кезде Ақан мінген Құлагерді мерт етсе, кейін соны 1936 жылы нақыштап, аяушылық білдіріп: «Озыққа тиіспе!» — деп дабыл қаққан Ілиястың өзін арада екі жыл өтер-өтпесте құрбан қылды. Құлагер – ат үздігі болса, оны әспеттеген Ілияс – ақын жүйрігі еді. Екі дәуірде екі тұлпар да қастықтан опат болды. Тек Ілияс емес, басқа да ақын-жазушылар, мәселен, Сәкен Сейфуллин төніп келе жатқан жазалауды алдын-ала сезіп, оған дейін: «Халқым, өз асылыңды сақтай біл!» — идеясын көтерді. Атап айтқанда, С.Сейфуллин «Ақсақ киік» өлеңінде табиғат аруы киікті, «Аққудың айрылуы» дастанында – аққуды сақтау мәселесін ту етті. Сәкеннің де, Ілиястың да әсемдік, үздіктік символын аялауы мәнін тек өткендегі тақсіреттермен байланыстырумен шектелмейміз. Ол болашақта да бар халықтар үшін де сабақ бола береді деп пайымдаған жөн. Яғни Құлагер арқылы меңзелген Сәкен, Ілияс, т.б. трагедиясы қайталанбас үшін адамдар санасы кемелденуінің мәні зор.
2.2 Құлагер поэмасындағы тілдік тұлғаны белгілейтін
концептілер
«Құлагер» поэмасындағы Ілиястың тілдік тұлғасындағы таным ерекшелігін, семантикалық ой-өрісін ұлттық санадағы шынайы, ақиқат дүниенің құндылықтарын таңбалайтын кейбір концептілерге талдау жасау арқылы когнитивтік лингвистика шеңберінде зерттей отырып, адам мәніне терең бойлай аламыз.
Осы бағыттағы концепт мәні қазақ тіл білімінде Ж.Манкеева, Қ.Жаманбаева, Ш.Ниятова, А.Ислам, Э.Оразалиева, М.Күштаева, С.Жапақов, Ф.Қожахметова, Г.Әнуарбекқызы, З.Абрахметовна, Е.Қасенов т.б. зерттеушілер еңбектерінде әр қырынан зерттеліп келеді.
Мысалы: «тұлпар» концептісінің қолданысына тоқталайық:
Керейдің ас болған соң осы шалы,
Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.
Жиынға ояз мінген бір арғымақ,
Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.
Тұқымы тобылғыдай тор қасқаның,
Алынған француздан англ-арап.
Халқымыздың танымында жеті қазынаның бірі саналатын, тіліміздегі лингвомәдени сипаты жоғары күшті кілт сөздер қатарына жататын бұл атау Ілияс шығармаларында 30 рет жұмсалып, алуан түрлі концептілердің құрамына енеді. Түрліше тіркестерде мағыналық қырлары көбейіп, мазмұны байи түскен аталмыш концепті Ілиястың когнитивтік санасында ерекше маңызды бейнеге айналады, тілдік санамызда жаңа тіркес «өрен жүйрік» қолданысы пайда болады. Сөйтіп тілімізде бұрыннан бар «ер қанаты» саналатын «ат» әмбебап концептісі енді Ілияс жасаған «өрен жүйрік» тіркесі түрінде жаңа бірегей (уникалии) концептіге атау болады. Осы бір ғана қолданыстың өзі «өрен жүйрік» Ілиястың тарихымызда, әдебиетіміздің тарихында орны ерекше тұлға екенін білдіре алады.
Ақын өнерінің синкретті деуге мықты дәлел болатын «Құлагер» әні. «Құлагер» Ақанның жан айғағы ғана ма? Жан айғағы екені рас, тіпті жан азасы деуге де болады. Алайда, ондағы өнер аясы, тарихи шындық, адам өнер тағдыры сияқты тұтас дүние бір жанр ауқымына сыя ма? Бұл өнер дүниесі ретінде аса күрделі полотно. Сахараның мөлдір сұлулық кеңістігінен жарастық тапқан Құлагердей хас тұлпар, Ақандай өнер сұңқары қазақтың эстетикалық ой-өрісінің әлі сан суретші сабылатын асыл муза дарыған ғажайып бір көрінісі еді. Талантты талант түртеді дегендей, І. Жансүгіровтің телегей – теңіз сезімін оятқан да осы құдірет емес пе екен?
Көркем шығарма субъектінің ішкі рухани дүниесін танытады. Демек көркем мәтіннің өзі де дүниенің көркем бейнесін объективтендіреді. Б.С.Мейлах: «Дүниенің көркем бейнесі – кеңістік пен уақыт шеңберіндегі ақиқат дүниенің панорамалық көрінісі», — деп түсінеді. Дүниенің поэтикалық моделі автордың индивидуалды танымы мен оның санада бейнеленген бейнесі арқылы көрініс табады. Демек автор танымындағы дүние туралы концептілік жүйе – оның ақиқат болмысқа деген субъективті көзқарасы мен объективтік қатынасын танытатын құндылықтар жүйесінен құралады. Көркем бейнелер концептілік жүйе шеңберінде реттеледі. Концептілік жүйенің құрылымы кеңейген сайын дүниенің
концептілік бейнесі де кеңейе түседі.
Кейбір ақиқат дүниелер адам санасындағы эмоционалды, аффективті көңіл-күйі арқылы, ішкі сезімі арқылы танылады. Мысалы уайым ұғымы жағымсыз мағынада танылатыны, оның «сары уайымға салыну, күйзелу, көңіл-күйі болмау» деп объективтенетіні белгілі. Бірақ оны нақты денотатпен көрсете алмаймыз. Ал І.Жансүгіров поэзиясында қайғы концептісі жаны жадау, жабырқау, көңілді көне күйдің тоты басу сынды жан күйіне байланысты сөздер арқылы былайша береді:
Көп жүргем көңілім жүдеп, жаным жадап,
Жабыққам, жатырқағам, тартқам азап.
Сонау күй жүрегімді тыншытпаған
Пышағын кейде салып, кейде қадап. (Күйші, 146 бет)
Ащы көңіл,
Тұщы өмір,
Төсек – темір, бар ма дос?
Қайғы баптап,
Ойды шақтап
Сырғанақтап жүрмін бос. «Шам-шытырық»
немесе,
Жел жалауды желбірет!
Желікпен шықсын іштен дерт, —
деп, ішкі дертті қалай шығарарын білмей сарсаңға түседі, дал болады. Бойындағы сезімтал қасиеті оның ойын сан-саққа жүгіртеді, әбден қалжыраған кейіп танытады.
Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!
Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің…
Тірегі көңілімнің бәйтерегім,
Бұл жерге қалайынша құлап едің?!
Шынымен кеткенің бе, Құлагерім!
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым!
Басылар өлгенімше қайтып шерің?!
…Құлагер, жас күніңнен құнаным-ай,
Сүйегің, етің таза бұланым-ай,
Қасыңнан бөлек жерге жатпаушы едім,
Айрылып Ақан сенен, қуардым-ай!
…Құшақтап қу далада қалдым жылап,
Жазым боп жау қолынан жалғыз атым! (Құлагер, 124-127,128 беттер)
деп, қайғырған Ақанның зарын поэмаға дәл де орынды кіргізген. Құлагердей тұлпарының қазасымен «оның жүрек түкпірінде ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, жайраңдап жүруі де екіталай». Құлагерге тиген айбалта, Ақанның өзіне бағытталған қайғы-қасірет.
Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,
Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір.
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.
Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,
Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.
Елімнің есігінен иттер қуған
Сорлының сүйреген ел басын төрге. (Құлагер, 74 бет)
деген жолдармен Ілияс Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік ортаның қайғысы мен қуанышын таза поэзиялық жолмен көрсете білген.
Асыл ер, арманды жар опық жеген,
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.
…Ішінде өрті жанып басылмастай,
Шемендеп дерті кеткен ашылмастай.
…Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық,
Төсеген талай ерлер оққа кеуде. (Құлагер, 75 бет)
Қайт болып қара күштен меселдесі,
Халықтың қайғыда өткен нешен досы.
Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан
Қара күш, қаңқу сөздер – кесілді осы. (Құлагер, 76 бет)
Солардан келе-келе жаны безген,
Өмірде әлсіздігін әбден сезген.
Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып,
Жабырқап, жапан түзді жалғыз кезген. (Құлагер, 78 бет)
Әйтеуір Құлагерді мініп баптап,
Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.
Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан
Арамнан, айналадан, кірден сақтап. (Құлагер, 80 бет)
Көргенде Көкшетауы дерті қатты,
Жүрген жер Құлагермен жанға батты.
Кетер күн Құлагердің жатқан жерін
Құшақтап, жер бауырлап, жылап жатты. Жер бауырлау – қайғыру, ал осы жолда қайғыру мен қимастық мағынасы үстемеленіп тұр. (Құлагер, 134 бет)
Кей-кейде жауын болып, жылап ақты,
Кей-кейде дауыл болып соқты қатты;
Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты. (Құлагер, 134 бет)
Ақанның көңілі осы күздей болып,
Қазасы Құлагердің өткен соғып,
Көңлінің Көкшетауы қуаң тартып,
Қызығын қайғы орағы кеткен орып.
Құланың қайғысына қатып, семіп,
Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.
Құлауға құйын соқса оп-оңай тұр,
Құрт жеген құба сөңкел секілденіп. (Құлагер, 135 бет)
«Құлагер» поэмасы – қайталанбас өнер сығындысы. Ақанның кер заманға берген жауабының өзі жан сұлуы айдынының күміс толқындарындай Ақан көзінен жас емес, таңғы шық сол тап-таза күйінде тамып тұрғандай. Міне, Ақан трагедиясының Шекспир қаһармандары трагедиясынан басын ашатын жері –осы. Кесек, күрделі тұлғаның қай-қайсысы да өзінің бар болмысын, трагедиялық ширығу нүктесінде ашады ғой. Ақан да осы ән арқылы ішкі дүниесін, оның не бір тылсым құпиясын еш боямасыз табиғи күйінде алтындай ақтарады. Сөйтіп, оның қасіретінің өзінен түн емес, өнердің өзгеше бір шапақты күні туып келе жатты. Ол өнер боп өртенеді. Адам қайғысы емес, өнер жоқшысындай.
Ендігі жерде Ақанға періште қанаты байланып, бейнет тартқан азапты өмірден арашалап, беймағлұм биікке алып ұшады. Бұл құбылысты көгілдір романтика дейміз бе? Оны ажырату біздің ой-өрісімізге байланысты.
«Құлагер» поэмасы ақынның бір туар өнерге қойылған ескерткіші. Алайда, Ақан сияқты сирек құбылыстың сыр-сипатын осымен тұйықтап тастау — өнер қанатын қайырумен тең.
Қ О Р Ы Т Ы Н Д Ы
Сөзді өрнектеп бере білген қаламгерлерді бір-бірінен ерекшелендіріп, ажарландырып тұратын белгісі-сөз қолданысы, сөйлем құруы, кейіпкерлерді сөйлетуі, кейіпкерлердің танымы, түйсік-түсінігі, шығарманың табиғаты, құрылымы, яғни өзіндік стилі.
Ілияс Жансүгіров өз замандастары сияқты жазушылық өнерін өлеңмен бастағанымен, кейін поэзия мен прзада бірдей еңбек етті. Поэзияда жырлаған тақырыбын қара сөз жанрында тереңдетіп, мазмұн кеңістігін аша, реалистік тұрғыда да жазып, қайталап отырған немесе жаңа тақырып, жаңа идея тауып, оны жаңа бағытқа бұрып, бұрын-соңды жазылмаған, айтылмаған соны туындыларды дүниеге әкелді.
Дегенмен, тас қамалдың көбесі сөгіліп, кейінгі ілиястанушыларға тар қапасқа жарық сәуле түсіргендей соқпақ жол салып берген аға буын ғалымдарымыздың сара жолына түсу, яғни Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұраларын зерттеу үлкен міндет жүктейтіні түсінікті жайт.
Поэмада әр дәуірдің суреткері өзінше қолтаңба қалдырады. Қазіргі кезде тіл, оның ішінде ұлт тілінің өзіндік ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін зерттеу бағытына басымырақ көңіл бөлінуде. Жекелеген ұлт тілдерінің өзіндік тілдік ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін айқындаудың, оның тарихын білудің өзіндік маңызы бар екендігі сөзсіз, дұрыс бағыт деп білген жөн. Осылардың негізінде жұмысымызда, жалпы алғанда, тіл мен ойдың, тіл мен танымның, тіл мен тіршіліктің, тіл мен салт-сананың бірлігін дәлелдеу үшін алдымен тілді, оның табиғатын тану қажеттілігі туындады. Яғни, аталған бірліктерді немесе олардың әрқайсысын жекелей тани түсу үшін де ұлт тіліне үңілуге тура келетіндігі өз-өзінен алдымыздан шығатын тіл біліміндегі өзекті мәселе болып табылады. Соған байланысты І.Жансүгіров поэмалары негізінде ұлт болмысына, тарихына, салт-дәстүр, ұлттық санасына, тұрмыс-тіршілігіне, т.б. өзіндік ерекшеліктеріне қатысты дүниелердің сыры ұлт тіліне байланысты екендігіне көз жеткіздік. Ал, осы бір поэманың жүйесі бойынша кинода түсірілді. Сөйтіп, поэзия мен киноның үндестігінің өзінен ақын аруағына табынбай көріңіз. Тек кино ғана еемес-ау, Жансүгіров шығармаларындағы өлеңдердің арасында әнге сұранып тұрғандары қаншама. Оған да мысал келтірсек, Қазақстан Республикасының халық артисі Дәнеш Рақышевтың Ілияс ақынның «Домбыра» өлеңіне ән шығарғаны әркімге белгілі. Бұдан басқа да ақын ағаның «Күйші», «Көбік шашқан», «Исатай» поэмалары да күллі оқырмандар қауымының жүрегіне жол тапқан.
Ақиық ақын ағамыз өзінің артына:
Ағынды менің Ақсуым,
Арқырап әлі ағасың.
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың.
Жалғыз жазғы бір кеште
Жағаладым жағасын,- деп қасіретті жылдардың жазықсыз құрбаны болып, кейінгі ұрпағына осындай құдіретті, нөсерлі жырларын тәлім-тәрбие болсын деп тастап кеткен шығар деген ойға қаласың.
Ілияс Жансүгіров – қазақ жұртының құлай сүйген ең сүйікті перзенттерінің бірі, оның өр тұлғасы қайсар ақындықтың символы іспеттес. Ұлттық дүниетаным тұрғысынан «Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік тұлғасы әр қырынан мән-маңызы ашып көрсетілді. Сондай-ақ І.Жансүгіров жалпыхалықтық тілдегі көріктеу құралдарын (теңеу, эпитет, метафора, метонимия) өзіндік сөз саптау мәнеріне елеп-екшеп, шеберлікпен пайдаланып, жетілдіріп қолданғанына көз жеткіздік. Зерттеу нысаны ретінде тілдік тұлғаның эмоционалды-еріктік мінез-құлқын қарастырар болсақ, біз таным мен түсінік үдерістеріне тоқталамыз, сәйкесінше тұлғаның зияткерлік сипаттамалары басты орынға шығады. Тілдік тұлға деп тіл білімінде адамның сөйлеу туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін қабілеттері мен сипаттамаларының жиынтығын, шындықты бейнелеудегі тереңдігімен, дәлдігімен және құрылымдық-тілдік күрделілік дәрежесімен сипатталатын тілдік құзіреттілікті айтады, сондай-ақ тілдік тұлғаның зияткерлік сапасы ерекше ескеріледі.
Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасын жан-жақты, терең зерттеп, игеру – қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған елеулі міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, оның поэзия, драматургия, прозалық жанрда жазылған шығармалары туралы бұл жұмысымыз соған жауап ретінде ұсынылып отыр. Қаламгер мұрасын зерттеу ісіне бұл еңбектің қаншалықты септігі тиетініне жаңа өмір, жаңа құбылыс куә болатыны һақ.
Жұмыс жазу барысында алдымызға қойылған мақсаттарға шама-шарқымызша жеттік деп ойлаймыз, ал ақын «Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік тұлғасы бұдан әрі зерттеу уақыт еншісіндегі жұмыс деп санаймыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Мұратова Г.Ә. «Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі» КДА. А., 2009.
- Ниятова Ш.С. «Махамбеттің тілдік тұлғасы» КДА. А., 2007.
- Қожахметова Ф.Б. «Тұрмағамбет Ізтілеуов тілдік тұлғасының дискурстық сипаты» КД.А. А.,2004.
- Қабдолов З. «Сөз өнері» А.,2006.
- Дүйсенов М. «І.Жансүгіров» А., 1965.
- Әбдірахманова Т. «Ақын сыры» А., 1965.
- Иманғазинов М. «Ілияс Жансүгіров» А., 2004.
- Қаратаев М. «І.Жансүгіров» А., 1961.
- Жұмалиев Қ. //Ілиястың әдеби тіліміздегі орны мен өзіне тән ерекшеліктері / І.Жансүгіров. Шығармалар. 1 т..А.,1960.
- Дәуітұлы С. //Тұлпар ақын Ілияс Жансүгіров/ Құлагер. А.,1999.
- Жұбанов Қ. «Қазақ тіл білімі жөніндегі зерттеулер» А., 1966.
- Байтұрсынов А. //Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер/
А., 1989.
- Жанпейісов Е. «Қазақ прозасының тілі» А., 1968.
- Кәрібаева Б. «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары» (Зерттеу) Астана., 2001.
- Бекхожин Қ. «Халық өмірінің өрен жыршысы» // І.Жансүгіров. Шығармалар/ А., 1989.
- Сүлейменова Э., Мадиева Г. «Тіл білімі сөздігі» А., 1998
17.Ахметов З., Шаңбаев Т. «Әдебиеттану терминдер сөздігі» А., 1999.
- С.А.Сухих., В.В. Зеленская. «Репрезентативная сущность личности в коммуникативном аспекте реализаций» М., 1997.
- Қоңыров Т. «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі» А., 1990.
- Қоңыров Т. «Қазақ теңеулері» А., 1978.
- Серғалиев М. «Метафора» // Қазақ тілі энциклопедия/А., 2000.
- Османова З. Ж. «І.Жансүгіров поэзиясы тілінің көркемдік ерекшеліктері» КДА. А., 2004.
- І.Жансүгіров «Поэмалар мен өлеңдер» А.,1994.
- Абдулина Г. //Тіл – ұлттық таным негізі./ Қазақстан мектебі 2005; №5,6.
- Құрманбаева Ш. //Тіл үйрету әдістемесіндегі «тілдік тұлға» мәселесі/ Ұлағат. 2008 №2.
- Азамат ақын. // І.Жансүгіровтың жүз жасқа толуына орай шыққан естеліктер жинағы/ А., 1994.
- Жиренов С.А. «XV- XIX ғ.ғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы «Өмір-өлім» концептісінің танымдық табиғаты» А., 2007.
- Хасанов Б. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы метафоралар //ҚазССРҒА Хабарлары/ 1962.
- Караулов Ю.Н. «Русский язык и языковая личность» М., 1987.
- Жуминова А.Б. «Тезаурус языковой личности поэта О.Сулейменова» АКД, А., 2004.
- Омарбаева Г.С. //Проблема языковой личности в лингвистической литературе/ Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Хабаршысы 2007.
- Сұлтанов Қ. //Ақан Сері – Құлагер Ілияс/Жас Алаш 1994 ж; 25 маусым.
- Терекова Ф. Е. Языковая личность К.К. Жубанова. А., 2004.
- 3 Дүйсебаев С. Р. Мен – осы шынайы махаббат иесі. А., 2002