Айтыс ақындар тіліндегі троптар (О. Досбосынов шығармалары
бойынша)
Мазмұны
Кiрiспе ………………………………………………………………………………………
1 АЙТЫС ЖАНРЫНЫҢ ӨТКЕНI МЕН БҮГIНI
1.1Айтыс жанрының зерттелуі………………………………………………………………
1.2 Қазіргі заман айтыс ақындарының тілдік ерекшеліктері …………………
2 О. ДОСБОСЫНОВТЫҢ АЙТЫСТАРЫНДАҒЫ ТРОПТАР
2.1 Өлеңмен өрнектелген өмір…………………………………………………………….
2.2 О. Досбосынов тіліндегі троптың түрлерi ………………………………………….
2.2.1 Метафоралы сөз қолданысы………………………………………………………..
2.2.2 Ақын тіліндегі метонимия мен синекдоха ………………………………….
2.3 О. Досбосынов тіліндегі көркемдік тәсілдер ……………………………………..
2.3.1 Теңеудің алатын орны ……………………………………………………………….
2.3.2 Эпитеттің қолданылуы ………………………………………………………………
Қорытынды ………………………………………………………………………………
Пайдаланылған әдебиеттер …………………………………………………….
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Сөз өнерінің, көркем сөз тігісінің, образдың, көркем ойлардың, сөз шешендігі мен шеберлігінің тілдік көрінісін айтыс өлеңдерінен байқаймыз. Айтыстарда көркемдік бейнелеу, көріктеу тілі өз алдына, түлеп ұшқан тың өткір, ұтқыр тіркес аса мол болды. Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса, халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі әдемі теңеу, сөз образдарын жасайды, айтайын деген ойын әрі ашық, әрі терең мағыналы етіп жеткізеді. Қазіргі кезеңде кемеліне келген әдеби тіліміздің ілгері басып, дамуына ақындық теңізі сияқты айтыс өлеңдерінің орны ерекше. Айтыс — өлеңді қолма-қол суырып салып айтатын өнер сайысы, синкреттік сипаты басым жанр. Айтыс тілінің көркемдік әлемі – оның бүкіл болмысын танытады. Көркем сөз өнеріне елеулі үлес қосқан айтыскер ақын О.Досбосыновтың шығармашылығын тілдік тұрғыдан талдап көрсете отырып, әдеби тілдің көркемдік нормаларын, соған сәйкес эстетикалық принциптерді қалыптастырудағы орнын анықтау зерттеудің өзектілігі деп білеміз. Ақын тіліндегі троптардың түрлеріне кеңінен тоқталып, өзге айтыс ақындар тілінің ерекшеліктерімен салыстара зерттеу маңызды болмақ.
Зерттеу нысаны: Жұмыстың зерттеу нысаны ретінде – О.Досбосынов айтыстарындағы троптың түрлері мен көркемдік тәсілдердің ерекшеліктері алынды. Сол арқылы айтыс тіліндегі троптарды зерттеу нысаны көзделді. Ақынның кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктерді анықтауда олардың қағысулары мен қайымдасулары, басқа да айтыс ақындарымен салыстырылды. Және де ақын айтыстарымен бірге өзінен бұрынғы өмір сүрген айтыскер ақындар Біржан мен Сара, ұлы ақын Абайдың өлеңдері, түркі жазба ескерткіштері тілдік салыстырулар ретінде қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Зерттеудің негізгі мақсаты – айтыс ақындар тілінің лексикалық ерекшеліктерін, яғни стильдік-семантикалық, құрылымдық жағын, көркемдік амал-тәсілдердің экспрессивті, эмоциялық бояуын, фразеологизмдердің сөз саптауда әр түрлі семантикалық, тұлғалық, өзгеріске ұшырап жаңаруын, сондай-ақ морфологиялық, кейбір синтаксистік ерекшеліктерді және өлеңнің құрылысын анықтай отырып, ақындар айтысындағы троптарды О.Досбосынов тілі бойынша зерттеп, маңызын анықтау.
Жұмыстың зерттеу әдістері: Зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері – стильдік-семантикалық талдау және баяндау, салыстыру, ғылыми тұрғыда талдау. Сондай-ақ, жалпы тіл білімінде қолданылатын лингво-стилистикалық әдістер басшылыққа алынады.
Жұмыстың жаңышылдығы: Зерттеу негізін құрайтын “Айтыс тіліндегі троптар” О.Досбосынов шығармалары бойынша зерттеліп, алғаш рет айтыскер ақынның көркем сөз образдарының тілдік бейнесінің мәні туралы пайымдаулар жасау үлкен маңызға ие. Ақын тіліндегі троптардың қолданыс аясын зерттеу арқылы бүгінгі айтыс тіліндегі троптардың ерекшеліктерін анықтайды
1 АЙТЫС ЖАНРЫНЫҢ ӨТКЕНI МЕН БҮГIНI
1.1Айтыс жанрының зерттелуі
Қазақ тарихында халықтың әлеуметтік – тұрмыстық ерекшеліктеріне сәйкес туып қалыптасатын фольклорлық мұраның қайнар көзі саналатын айтыс өлеңдерін зерттеу — қай кезеңде болмасын маңызды.
Айтыс — өлеңді қолма-қол суырып салып (импровизация) айтатын өнер сайысы синкреттік сипаты басым жанр. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда айтыстың алғашқы үлгілерінің тууына тұрмыс-салт жырлары негіз болған. Батыс түрік қағандығы кезінде (6-7 ғ) Қытай жылнамаларының деректерінде “түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айтысады” деп жазылған. Тіпті оның түп-тамырын “алғашқы қауымның әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен іздеу керек” деген де тұжырым бар. Қалай десек те айтыс әріден – көне дәуірден тамыр тартады.
Халық өмірінен мәнді орын алып, күні бүгінге дейін толастамай ие бола жалғасып келе жатуы айтыстың өміршең екендігін көрсетеді. Ауыз әдебиетінің ең мол жанры ретінде айтыс, тек XIX ғасырдың ортасында былайғы қарайғы кезеңде ғана жазылып, жарық көріп түрлерге бөлініп, халыққа кеңінен таныла бастайды. Бұл іске Т.А.Сейдалин, С.А.Жантөрин, Б.Дауылбаев, Ж.Шайхысламов т.б. қатарлы жазушылар ат салысқан. Белгілі зерттеушілер Ш.Уалиханов, В.Радлов айтыс жанры жайында бағалы пікірлер айтқан. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров қатарлы белгілі адамдар елеулі еңбек еткен. Кейінгі жылдары М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Ысмайлов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Р.Бердібай, М.Дүйсенов, М.Жармұхамедов, Н.Төреқұлов т.б. ғалымдар арнайы ебектер жазып, айтыс табиғатын жан-жақты қарастырған.
Қазақ еліндегі айтыс жеке ақындарға тән өнер түрі болуымен қатар, ол ең алғашқы туыс-бітімінде көптік жанр. Айтыстың әуелден кең өркендеп дамуына әркез бүкіл халық болып ат салысып келген. Халық бойындағы осы поэтикалық дарындылықты қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уалиханов айрықша атап көрсеткен. Ол сахарадағы мал баққан қазақ пен арап (бәдәуи) поэзияларының өзара ұқсастықтарына үлкен мән бере отырып: “Поэзияға, әсіресе суырып салма ақындары Европалықтарға қашаннан таныс. Аравияның шетсіз шөлдері мен ондағы жұрттың баспана шатырларының бәрін де өз көзімен көрген саяхатшылардың бәрі де жартыла жалаңаш араб балаларның өздеріне қойылған сұрақтарға төрт тақтасы жатық өлеңмен мүдермей жазып жүр. Бұл монғол түркі ұрпақтарына тән қасиет десе, қазақ халқының әдеби мұраларын көп жинаған, зерттеуші ғалым В.В.Радлов: “Қырғыз өзі тектес басқа халықтардан айрықша сөз мәнерлігі ғажайып шешендік тапқырлығымен дараланып көзге түседі. Қазақтар қашан да мүдермей ерекше екпінмен сөйлейді. Тіпті ауызекі сөйлесіп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп келтіні сонша, нағыз өлең екен деп таң қаласыз”,- деді.
Айтыс өнері халық бойындағы өнерді сарапқа сала отырып, заманның тыныс-тіршілігін танытатын фольклордың ең маңызды саласы болғандықтан ол туралы зерттеу, пайымдаулардың мәні де зор.
Қазақ айтыстарының жеке жинақ болып та әртүрлі газет-журнал, хрестоматияларда үзінді күйінде де басылып жарық көру мерзімі XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың ішінен В.В.Радлов құрастырған халық әдебиеті нұсқалары жинағын айрықша атаған жөн. В.В Радлов өзі жинағына қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан өзінше топтастыра отырып, «Ұзатқан қыздың өлеңі» деген тарауда «жар-жарды», сондай-ақ «қайым өлең» деген бөлімде «Жанақ пен Түбектің айтысы», «Ұлбике мен Күдері қожа», «Мөнек пен Оспан қыз», «Шортанбай мен Орынбай» айтыстарын, ал «Жұмбақ» деген бөлімде қыз бен жігіттің жұмбақтасу айтысын алғаш рет орыс таңбасымен қазақ тілінде бастырады. Бұл шығармалар «жыршы қалай айтса, дәл солай…» жазушы жағынан да тұңғыш жанрлық топтастырылуы тұрғысынан да құнды. Мұнда В.В.Радлов өзі жинаған қайым өлеңдердің өзге нұсқаларының сипаты мүлде басқаша, дербес жеке бір жанр екенін дұрыс аңғарған.
Сонымен қатар қазақтың тұңғыш педагог ағартушысы Ы.Алтынсарин өз хрестоматиясында «Жанақ пен баланың айтысы», ал Я.Лютись құрастырған хрестоматияда «Орынбай ақынның Қожамен айтысқаны», «Болық-Толық пен Әзілкештің айтысқаны», «Айдос пен Қарашаштың айтысқаны» секілді айтыстардың жарық көруінің де мәні зор.
Қазақ айтыстарын мол жинаған кісінің бірі – Ә.Диваев. Ол қазақ айтыстары жөнінде арнайы пікір айта қоймаса да, революцияның алғашқы жылдарында Қызылорда, Жетісу төңірегін аралап, көптеген айтыс үлгілерін хатқа түсіреді. Мәселен, ол М.Әуезов зерттеуінде аталатын Орынбай мен Кеншімбай, Бақтыбай мен Байтоқ, Күдері мен Ұлбике айтыстарынан тыс, Сырдария облысы Перовск уезі, Сырқұдық облысының ақыны Жұманазар Үрімқұловпен атақты Бұдабай ақынның айтыстарын және Сыр еліндегі «Жар-жар», «Бәдік» үлгілері мен әр түрлі қыз бен жігіт қақтығыстарын, сондай-ақ Түбек, Жанақ, Шернияз, Бармақ ақынның айтыс өлеңдерін жазып алады. Ал, Жетісу өлкесіне жасаған сапарында ол «Сүйінбайдың Тезек төреге айтқаны», «Сүйінбайдың Найман қызымен айтысы», «Құлан аяқ Құлмамбет», «Жансай мен Тезек төре» және басқа көптеген айтыстарды қағазға түсірген.
Айтысты жинап бастыру ісінде жазушы С.Сейфуллин де айрықша еңбек етті. Ол «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағында «Орынбай мен Шөже», «Балта мен Шөже», «Кемпірбай мен Шөже», «Жанақ пен Түбек», «Орынбай мен Серәлі», «Орынбай мен Тоғжан» т.б. көптеген көркем де көлемді айтыс үлгілерін енгізді. Жалпы алғанда бұл жинақ әдеби мұраларды оның ішіндегі іргелі жанр – айтыстарды халық игілігіне айналдыру талабында жасалған алғашқы адым, тың бастама еді. (1.26)
XIX ғасырда қазақ сөз өнерінің үздігі айтыс айрықша салтанат құрды. Зерттеуші ғалымдар осы бір өзгеше өнердің жанрлық сипаты, түрлері, тілдік ерекшеліктері жөнінен ілгеріден айтып келген. Шоқан Уалиханов қазақ әдебиеті үлгілерін жинау барысында әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Жанақ, т.б. туралы алғашқы жазба деректерді ұсынды. В.В. Радловтың 1870 жылғы III томында бірнеше айтыс ақындары аталып, айтыс мәтіндері беріледі. XX ғасыр басында айтыс үлгілерін теориялық жақтан жүйелеуді мақсатты түрде қолға алынып, зерттеуші ғалымдар өз ғылыми еңбектерінде зерделеп қарастырады.
Айтыс – қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан жанр. Мысалы, “жар-жар”, “аужар”, “бәдік” айтыстарын алсақ, олар ерте заманда шыққанға ұқсайды. Бірақ ерте заманда шыққан айтыстардың шыққан мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлар ауыздан ауызға көшіп ел мүлкі, ел қазынасы болып кеткен.
Айтыс жазба тілі дамып, тарихы әріден келе жатқан, мәдениетке ерте суарылған елдерде (грек, рим т.б.) ұшыраспайды. Тек ескі мәдениетті елдерде кездеседі. “Айтыс” бар ел – араб елі. Арапта біздің “айтыстағыдай” өлеңмен сөйлесу “мұғалақат” көбінесе көшпенділер арасында ұшырасатын көрінеді.
Айтыс жанры атына тығыз байланысты. Қазақ тұрмысының жағдайында, жазба тіл тумаған кезде ақынға “ақын” деген атақ әперетін ең басты поэзия — айтыс болған. Ақын болу үшін ақынға өзінің ақындық күшін көп алдында таныту керек; ақындығын жарыстырып, көптің сынына түседі.
Қазақтың ескі тұрмысында ақындардың айтысы жүйрік аттардың бәйгесімен бірдей болған. Жарыста озғанға бәйгі беру сияқты айтысушы ақындарға да бәйгі тігіліп, бәйгіні қай жеңгені алған.
Қазақтың ескі әдебиетінде жарысқа түскен жүйрік те, айтысқа түскен ақын да өз намысы үшін емес, ел намысы үшін түседі.
Ахмет Байтұрсынұлының “Әдебиет танышқыш” атты еңбегінде: “Айтыс – екі балуан күрескен сияқты, екі ойыншы ұстасқан сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның көз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері,- ” деген пікірі айтыстың мәнін аша түседі. Демек, ақынға ақындық атақ әперетін поэзия жанры – айтыс.
“Айтыс” қазақтың төл сөзі, ежелден айтысу, сөз жарысы, пікір таласы деген ұғымда қолданылып келген. Қазақта айтыс шешендік қара сөзбен де, өзара күй тартысумен арқылы да, кезектесіп айтылған суырып салма өлеңмен де болуы мүмкін. Мұның қай түрін алсақ та, аса сезімтал тапқырлық пен алғырлықты, қиынынан қиыстырар шеберлікті керек етеді. Ерте заманнан-ақ “өнер алды- қызыл тіл” деп, сөз өнерін қадір тұтып қастерлеген қазақ халқы жалпы бұл асыл мұраға, оның ішінде өрнек-айқышы мол ақындар айтысына айрықша мән беріп, оның өзінің рухани мол өмірінің жарқын көрінісі, көнермес асыл мұрасы тұрғысында буыннан-буынға үлгі етіп отырған. (2.4)
Ақындар айтысының бәр дерлік жұрт бас қосатын ойын-сауық, үлкен жиын ас-тойларда қолма қол суырып салып айтылатыны мәлім. Сол шаршы топта олар өз елінің намысын қорғаушы ақынның қарсыласына сөз есесін жібермей, қалай да жеңіп шығуын тілейді. Сөз жоқ, бұл айтысушы екі ақынның да сурып салмалық дарынымен қатар, өз заманының тоқығаны мол, білімді, зерделі адамдар болуын талап етеді. Мұның үстіне айтыс қазақ тұрмысында ежелден ақынның атын әйгілеп, даңқын шығаратын өнер мектебі тәрізді. Сол себепті ақындар айтыстың қай тақырыпта боларын күні бұрын білмесе де, ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрін тізіп, бұған алдын-ала іштей дайындалып жүреді.
“Айтыс” – “айт” етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда “айтыс” – екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлесу қазақ арасында көп ұшырасады. Айтыстың мағынасы осындай кең болғанымен “айтыс” ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы өлеңмен айтысу.
Зерттеуші С.Мұқанов өз еңбегінде “Айтыс жанрының туу, даму, өркендеу процестерін айрықша зерттеу – қазақ халқының поэтикалық түсінік түйсігі мен талап талғамының жетілу жолдарын айқындап алуға мәнді арнаның бірі болары анық” деген еді. Демек, айтыстың туу, даму, өркендеуімен бірге айтыс ақындарының сөз қолдану аясын, тілдік ерекшеліктерін зерттеп, зерделеу сол заманның поэтикалық өнерінің қырын ашуда маңызды болмақ.
Шалқыған, шабыттан туған суырып салма өлең жолдарының айтыстан кейін жаңа бір кезеңі туады. Табиғи дарын – қабілетті әртүрлі екі ақынның тікелей бір-біріне қарсы айтылған айтыс өлеңдері енді өзара тығыз жымдасып, бөлуге келмейтін бас аяғы тұтас бір шығармаға айналады. Мазмұн – сипаты бір-біріне қарама-қарсы құралған осы айтыс мәтіндерін жымдастыра теліп, тұтас, дүние етіп тұрған дәнекер не деген мәселеге келсек, ең алдымен бұлардағы логикалық ішкі байланыстың мәнін айрықша атап көрсету керек. Айтыста беталды мақсатсыз айтылған пікір-таластың орын алуы мүмкін емес. Әрбір жеке сөз, саралы ой үнемі жүйелі бір мәселенің төңірегінен табылып, әріде түпкі нысанаға қызмет атқарып тұруға тиісті. Қарсылас екі ақын осы принципті ұстанғандықтан, сол айтыс үстінде өзектесе туған жырлар кейіннен жеке-дара өмір сүре алмайтын тұтас туындаға айналады да, осы күйінше ел арасына кеңінен танылып отырады. (4.18)
Айтыстың ауызекі, яки жазба күйінше таралу жолдары да әр алуан. Мұнда ең әуелі елге жайып тарату міндеті негізінен сол айтысушы әрптес ақындардың үлесіне тиген сияқты. Айтыстан кейінгі әр түрлі басқосу, үлкен жиындарда қаумалаған көптің қолқалауымен осы екі ақынның қайсысы болса да, әркез қайта жаңғыртып отырған. Әрине, айтыс үстінде экспромтпен айтылған жыр жолдары сол жағдайда жолма-жол, қаз-қалпында қайталанады дей алмаймыз. Мұнда да жалпы ауыз әдебиеті үлгілеріне тән қайсыбір өзгеріс ауытқулардың болуы заңды, әйтсе де ақын сол айтыстағы түйінді-түйінді ой өзегін көшелі сөз жүйесін өз сөз саптауына қарай толық сақтау міндетті.
Қайталап айту кезінде негізгі салмақ жырлаушының алғырлық – зейіні мен дарын-қабілетіне байланысты. Рас, уақыт озып, айтыс мерзімі ұзаған сайын, оның дәуір талабына сай өзгеріп, жаңарып отыруына ешбір дау жоқ.
Айтыстағы ақындық тәсіл жеңу-жеңілу жүйесін әңімелегенде, айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Бұл – айтыс үстіндегі ақындардың шындықтан жалтармай, жолына жығылу жайы ертеден жалғасып келе жатқан дәстүрлі әділдік жайы. Айтыста жүйесіз құрғақ мойынсынудың өзі көп артық, бұдан оның ақындық атақ абыройы арта түспесе кемімейді, сондай-ақ бұл жайт ақынды үнемі шындыққа, әділеттікке тәрбиелеп отырады.
М.Әуезов өзінің “Қазақ әдебиеті тарихының” алғашқы кітабы мен соңғы басылуындағы айтысқа байланысты жазған тарауларында айтыс өлеңдерін ірі екі топқа бөліп қарастырған. Олар: 1. Әдет-ғұрып айтысы; 2. Ақындар айтысы. Автор әдет-салт айтысына “бәдік” пен “жар-жарды”, ал ақындар айтысына рушылдық, жұмбақ, дін айтыстарын жатқызады. Сондай-ақ М.Әуезов ақындар айтысын түре, сүре айтыс деп екі жүйеге бөледі. Түре айтыс бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауыптасып отыратын, көбінше, ақындар мен қатар жалпы көпшілік қолданатын жалпылық түр. Сүре айтыс тек суырып салма өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп көсіле жырлайтын түрі болады. Бұл қазіргі заманға дейін жеткен айтыстың кең таралған түрі, яғни ақындар айтысы.
Айтыс – өлеңдерінің ең көлемдісі, тақырыбы мен мазмұны жағынан күрделісі, көркемдік жағынан әдемілері – ақындар айтысы.
Ақындар айтысы жұрт бас қосқан жиын-тойда екі адамның кездесоқ кездесуімен де, яки бір елде аты шыққан ақынды екінші біреуінің арнайы іздеп келіп қақтығысуымен де, тіпті өрен жүйрік әйгілі екі ақынды дүйім жұрттың алдында әдейі табыстыруы арқылы да өтуі де мүмкін. Алайда мұның қайсысының болса да, сол айтыстың мазмұн – көлемі мен көркемдік дәрежесіне тигізер әсері аз. Бұл – сөз сайысына түсуші екі ақынның суырып салма өнеріндегі табиғи дарын-қабілетіне, өмірлік білім – тәжірибесі мен шыңдалған шеберлігіне тікелей байланысты.
Шаршы топта өнер жарысына түскен екі ақын да бір-біріне оқыстан қойылған сұраққа, не тағылған айып-сынға қолма-қол жауап беруге тиісті. Түйдек-түйдегімен ағылған сөз нөсері неғұрлым нысанаға дөп тиетіндей әсерлі, жүйелі де уәжді болса, ақын соғұрлым жүлделі жеңіс сәтіне жақындай түспек. Бұлтаруға ырық бермейтін ащы шындық ұтымды дәлел, аталы сөз ғана қарсыласының жеңілгенін ашық мойындауға мәжбүр етпек. Қазақ ақындарының дәстүрінде қаншалық қиын өткінші болса да, өзінің сөзден тосылып жеңілгенін мойындау ар саналмаған. Ел қабылдаған осы әділ дәстүрдің өміршеңдігі туралы: “Айтысқа түсіп жүрген суырып салма ақын, тегінде өлең таба алмағандықтан, ұйқасты сөз таба алмағандықтан жеңілмейді,”- деп көрсетеді М.Әуезов,- айтыстары бізге жеткен, өз тұсындағы ірі ақындардан жеңілгендер сол тұстарда өлең сарқылып қалғандықтан емес, бәрі де жеңілгенде ұтымды дәлелден атсырап, жүйеге жығылып, дау сөзінің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Жеңуші жақ өзінің қарсы ақынына бет бұруға, жалтаруға ерік бермей, өмірлік, логикалық бір шындықтар табады. Дәлелдермен тұтасып, тұқыратып көркем тілмен тұқыратып тастайды. Ондай өмір шындығы дауласуға келтірмейтін айқын, мықты дәлелдер құр шешендікпен, құр ұйқас сөз айтқанмен әлсіремейді, мұқалмайды. Сондықтан көлденең тыңдаушы – сыншы жұрт та, жол білетін ақын бұл тартыста жеңілгендікті айқын ұғынып, еріксіз тастайтын болады”.(6.23)
Айтыстың ауызекі, яки жазба күйінше таралу жолдары әр алуан. Мұның ең әуелі елге жайып тарату негізінен сол айтысушы әріптес ақындардың үлесіне тиген сияқты. Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп – ақынның тіл шешендігі ғана емес, ақынның халыққа сүйкімді, сүйікті болуына басты себеп – олардың айтыста, я басқа шығармаларында халық тұрмысының шындығын көркем суреттеуі, халықтың қуанышына да, қайғысына да шын көңілмен ортақтасуы.
Ең алдымен қазақтың айтыс ақындары туралы ескерте кететін бір жағдай, әзірге біз білетін ақындардың көпшілігі еңбекші халықтан шыққан. Халық арасынан шыққан ақындардың көпшілігі өзінің өнерін, талантын сол халыққа арнаған, халық өмірін жырлаған. Сонымен қатар, олар байлар табының, оның өкіметінің қанағыштығын ашып халық алдында әдемі теңеулер арқылы айшықтай білген. (11.47)
Айтыс өлеңдерінің идеялық бағыты біркелкі болмауы сияқты, оның көркемдік дәрежесі де әр түрлі. Айтыс өлеңдерінің ішінде олпы-солпы құрала салғандары, көркемдік жағынан төмендері де бар. Бұған қарап оларды “өлең емес” деуге де болады, олар да өлең, халық әдебиетінде ауызша шығарылған өлең үлгілері. Мұнымен қатар, айтыс өлеңдерінің ішінде нағыз ақындық шабыттан туған асылдары, әсерлілері — әдемілері, жазба поэзияға бара-бар келетіндері де бар. Айтыс жанрының тарихына үңілсек, Кемпірбайдың Әсетке айтқаны, Біржан мен Сараның айтысында жиі кездесетін айшықты, маржандай тізілген әдемі шумақтар мұның мысалы бола алады. Оларды шын мәніндегі көркем, нағыз шебердің ақындық қиялынан шыққан асыл қазына деп қараймыз.
Ақындар айтыстарының ішінде ең көркем тілге бай үлгі “Біржан мен Сара айтысы”. Бұл жағынан алғанда, ол шын мәніндегі көркем шығарманың бірінен саналады. Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса да халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі әдемі теңеу сөз образдарын жасайды, айтайын деген ойын әрі ашық, әрі терең мағыналы етіп жеткізеді.
Бұл айтыстан үздік теңеу, әдемі сөз айшықтары, эпитет, метафоралар жиі ұшырасады. Мысылы:
Ақ иық, Мұзбалақпын, жерге түспес,-
немесе:
Қырандай желді күнгі аспандаймын,— дейтін эпитет, метафоралары жүйелі қолданылғанын байқаймыз. Мұнда ақын өзін “желді күнгі қыранға”, “кең қолтық арғымаққа” балай отырып, үздік эпитет, әдемі метафора жасайды. Бұл ретте өзіне тән ерекшелігі күрделі метафора, яғни метафораның ұлғайған түрін жасауында да ерекшелік бар Мәселен:
Жорғамын шаршы топта самғайтұғын.
Бәйгі аттай шаршы топта самғайтұғын,
Әнімді он екі звод жіберейін,
Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын.
Ежелден құлаш мойын көк айылмын,
Ылауға алты күнде талмайтұғын.
Болатпын екі жүзді, жетем құрыш
Шапса да қара тасқа таймайтұғын…
Ой желке, қамыс құлақ, қара көкпін,
Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын,-
деп, Біржан әрі күрделі, әрі ұлғайған метафора тудырады. Мұндай үздік метафоралар, сөз образдары, теңеулер Сараның сөздерінен де орын алады. Сара өзін сипаттағанда:
Тамағым жас баланы білегіндей,
Иығым тік сандалдың тірегіндей.
Бет алдым кеудесіндей қоңыр қаздың,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей,— дейді.
Біржан мен Сараның ақындық тіліндегі ерекшелік бұл ғана емес. Олар ақындық тілдің бір түрі болып саналатын ирония мен сарказмды да орынды қолданады.
Мәселен, осы ирония сарказм арқылы Жиенқұл бейнесі шебер суреттеледі. Мысалы, Біржан: “Жиенқұлды шақырт,”- дегенде, Сараның айтқан сөзі ирония мен сарказмге құралады:
Онда Сара:
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.
Ұсынса қол жетпейтін, арғымағым,
Біржанға баламаймын тай секілді…
Асылым, құда берген өз бағыма,
Тең келмес жеті Біржан тырнағына.
Найманда ұлы дария сияткерім,
Балық боп ілінгенмін қармағына,-
дейді.
Әрине, айтыстың көркемдік ерекшеліктері туралы сөз болғанда тек Біржан мен Сара айтысын ғана айтып қоя салу аздық етеді. Дегенмен, айтыс өнерінің тарихында елеулі орын алатындығын мойындау қажет. Мұндай көркемдік ерекшеліктер бүгінгі заман ақын айтыстарына тән. Ақындар ұтқыр ой мен көркем образдар, теңеулер арқылы көпшіліктің жүрегіне жақындай түсіп, өздерінің сөз қолдануларындағы шеберліктерін айқындай түседі. (12.63)
Айтыс өлеңдерін зерттеп, зерделеуде көптеген ғалымдар еңбек сіңірген. Байқағанымыздай, айтыс өнері әдебиет тұрғысынан толыққанды зерттелгенімен, тілдік жағынан, әсіресе қазіргі ақындардың тілдік ерекшеліктері туралы еңбектер аз екендігі шындық.
М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Жармұхамедовтен басқа бірнеше ғалымдар зерттеу еңбектер басып шығарған. Оларға жоғарыда нақты тоқталған болатынбыз.
Зерттеуші С.Дуанаева “Қазіргі ақындар айтысы” атты қолжазбасы 1997 жылы 150-бет көлемде жарық көрген. Бұл көлемі аз болса да, бүгінгі айтыс тілін зерттеуге арналған алғашқы бастама еді.
2004жылы академик М.Жолдасбеков жалпы редакциясын басқарып, И.Нұрахметұлы, С.Дүйсенғазин т.б жинап бастырған “Қазіргі айтыс” атты 2 томдық еңбектің де мәні зор. Бұл ата-бабадан келе жатқан айтыс өнерінің бүгінгі жай-күйін танытады. Дегенмен айта кететін бір жайт, бүгінгі таңда айтыстың тілдік ерекшеліктері, ақындардың көркем сөз кестелері әлі зерттеуді, зерделеуді, бағалауды қажет етіп отыр.
1.2 Қазіргі заман айтыс ақындарының тілдік ерекшеліктері
Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың туа бітті болмысына, өмір кешу жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрлердің озығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатса, мұның өзі адамзат көшінің жарасымымен ілгері озуына септігін тигізбек. Үшінші мыңжылдықтың аясында өз кемесінің желкенін керіп шыққан қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадір-қасиеті аз емес. Сондай-ақ, ерте заманда замандарда туып, қалыптасып, дамып-жетіліп, бүгінгі күннің де қажетіне жарап отырған ұлттық қадір қасиетінің бірі де бірегейі, өміршең жанры – айтыс.
М.Әуезов “Айтыс – қай қалықтың алдында мақтануға тұрарлық өнер” демекші, бүгінде айтыстың абыройын асырып жүрген А.Әлтаев, М.Қосымбаев, А.Леубаева, М.Тазабеков, К.Оралова, С.Құсанбаев, А.Тұрсынбаева, О.Досбосынов, Б.Шойбеков, Р.Зайтов, Д.Кәпұлы секілді даусыз дарындар жаңа жыр өрнегін тудырды.
Айтыстың көркемдік дәрежесін жаңа сатыға көтеріп, суырып салма дәстүрді жаңартып, ел рухын биіктетуде айтарлықтай үлес қосып жүрген төрт бірдей айтыскерге — Ә.Қалыбековаға, Ә.Беркеноваға, Қ.Әбіловке, Ә.Қосбасаровқа – Қазақстанның халық ақыны деген құрметті атағы берілді.
Шығыс Қазақстандық А.Кәкенов Қазақстан жастар одағы сыйлығын иеленсе, А.Әлтаев пен М.Тазабеков жастардың мемлекеттік “Дарын” сыйлығының иегері атанды. Бірнеше өнерпазға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Осының бәрі атамұра өнерге, сөз құдіретіне көрсетілген лайықты құрмет. Жыл өткен сайын айтыс қанатын кеңге жайды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербестігін жария еткеннен бері Абай мен Жамбылдың 150 жылдық, Түркістанның 1500 жылдық, Тараздың 2000 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық жыр сайыстары айтыстың жаңа сапалық дәрежеге көтерілуіне игі ықпал тигізді.
1989 жылы Монғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Ресейдің айтыскерлерінің қатысуымен Алматыда төрт күн бойы өткен халықаралық айтыс ұлт өнерінің ел мен елді жалғастыратын жасампаздық құдіретін жалпақ әлемге паш етті. Іле-шала ақындар айтысы Ташкентте, Бішкекте ту тігіп, бауырлас халықтардың арасындағы рухани көпірге айналды. Осы жыр думандарын өткізуге Р.Бердібай, Т.Кәкішов, Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, С.Қирабаев секілді ғалымдар мен М.Әлімбаев, Қ.Мырзабаев, Т.Молдағалиев секілді айтулы ақындарымыз халық өнерінің абыройын асыруға өз үлестерін қосты.
Осы күнгі ақындар айтысы мазмұн, түр, тілдік ерекшеліктері жағынан өзгерді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыстың ежелгі дәстүріне құрмет көрсетіліп, айтыскерлердің еркін ой толғап, кең көсіле құлаштауына жол ашылды. Тілінің тұсауы кесілді. Соның нәтижесінде айтыс өнері тұла бойындағы қасиетін сақтай отырып, халқымызбен қайтадан, жаңаша қауышты.
Ақындардың ойы мен сөз қолдану аясы кеңейді. Еркін ойлайтын, батыл айтатын кең тынысты жас буын ақындар келді. Олар қоғамдық, әлеуметтік саладағы көлеңкелі тұстарды дөп танып, жетер жеріне жеткізіп айтуға тырысты.
Ақындарға бұл тұста атар тақырыпты да дәуір өзі даярлап берді. Арғы бодандық қамытын алғаш киген кезеңді айтпағанда, кеңестер одағының құрамында болған 70 жылдық саяси тар шеңбер, экономикалық қысым, рухани бұғаудан босаған халық өмірі ақындардың айтыстарында көрініс тауып жатты. Сөйтіп, ақынның айтамын, жеткіземін дегенін заман өзі жасап берді. Сондықтан айтыскерлер ел өмірінде қатысты кемшіліктерді айта қалса, жұрт қолдап әкетіп отырды. Бұл ақындардың ел алдындағы беделін көтерді. Еркін ойды ақтара айтқан, көкейіндегісін тапқан ақындарын жұрт әрдайым қолдап отырды. Айтыста көркемдік тәсілдерді пайдалануда теңеу, метафора, эпитетті сөздерді қолдану кең етек алды. Айтыскерлер өлеңдерінде логикалық бірлікке мән берді, сөйтіп өлеңнің ішкі тұтастығын сақтауға тырысты.
Айтыста өлең айту өз алдына, айтқан сөзін халыққа жеткізе білу ақыннан үлкен шеберлікті талап етеді. Біреу осал сөздің өзін жеткізіп айтып, жұрт ықыласын аударып жатса, біреулер жақсы ұйқасты сөздерін жеткізе алмай жатады.
Айтыскерлердің ішінде ерекше бағалауға болатын жігіттердің бірі – Бекарыс Шойбеков. Ол ұтымды, нақты сөздерімен халыққа ұнайды.
Әсиямен айтысында жасы келіп қалғандығын “Базардан келе жатып жолықтың-ау, Базарға бара жатқан баламенен” деп әдемі айтады. Бұны метонимияға жатқызуға болады.
Айтыстың көркемдік әлемі – оның бүкіл болмысын танытады. Айтыстарда көркемдік бейнелеу, көріктеу тілі өз алдына, түлеп ұшқан тың, өткір, ұтқыр тіркес аса мол болады.
Айтыс қашанда халық өмірінің айнасы дегенде айтыста көтерілетін әлеуметтік тақырыптарға байланысты ғана емес, айтыста тіл тазалығы ерекше көңіл бөлуге тұратын фактор. Бұл жағынан Оразалы Досбосыновтың көбінен шоқтығы биік. Әсіресе ауыл өміріне қатысты келісімді сөз тіркестерін, ұмыт болып бара жатқан ескі сөздерді тірілтіп ұтымды пайдаланып, халқтың образды сөйлеу үрдісін айтыста тапқырлықпен жетілдіріп жүрген бірден-бір ақын. Оның шығармашылығындағы көркемдік тәсілдер туралы алдағы тарауларда кеңінен тоқталмақпыз.
Қазірі айтыстарда бұрынғыдай ақындардың бірін-бірі кеміту, азаттық намысына тиетін ауыр сөз айту жоқ. Бұл айтыстың моральдық жақтан толысып, кемелдене түскенін көрсетеді. Баяғы айтыстарда ақындар рудың сөзін сөйлеп, айылын соғатын; сондықтан рудың намысына тиетін ауыр сөздер айтылатын. Қазіргі ақындар ру атынан емес, ұлт атынан сөйлеу дәстүрге айналды.
Айтыс – биік, іргелі өнер. Ол – сөз бен ойдың, тапқырлықтың биік шыңы. Сондықтан да айтыскерлерге терең білім, үлкен даярлық керек. Айтысқа әр ақын өзінше дайындалады. Бұл ежелден солай болған. Тарихты зерделейді. Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды. Шежіремен танысып, көркем тіркестер іздейді. Соның нәтижесінде түрлі теңеулер пайда болады. Айтысқа ерекше дайындықпен келетін ақындардың бірі – Мұхамеджан Тазабеков. Әр кезекте өзі туралы, қарсыласы туралы және тыңдарман жұрт туралы қатарынан ой қозғап отыру Мұхамеджанның айтыстағы өзіндік стилі болып қалыптасты. Осы заманның көшбасшысы болған ақынның тілдік көркемдігі де ерекше: «Серкесіз өрген қойдай бытырайды, Ақылсыз айтылған сөз айтыстағы»,- дегені ақынның айтыстағы ұстанымын танытады. Әр ақында осындай талап, ұстаным болса, айтыс жанрының көркемдік-тілдік ерекшеліктерінің мәні зор, мазмұны кең болмақ. (8.13)
Айтыс мазмұнының дамуына, қарсыласының сыны мен сауалына орай ойдағы, әсіресе, теңеу мен метафора және т.б. бейнелі сөздер белгілі бір жүйемен келтіріледі.
Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі айтыс мектептерінің тілдік ерекшеліктерінің өзіндік белгілері де жоқ емес. Бұл ежелден келе жатқан айтыс дәстүрінің жалғастығын танытады. Арқа мен Шығыстың ақындарының өлеңдері баяғы Дулат, Кемпірбай, Әсет, Кәрібай, Біржан, Ақан, Арғынбектер салған жолмен төрт аяғын тең бастырып айтатын, ұйқасы да, логикасы да шымыр өлең өлшемімен көрінсе, Оңтүстік Қазақстанда Сүйінбай, Жамбылдар салған төкпе, шұбыртпалы ұйқасты, кең тынысты жыр үлгісі тараған. Батыс Қазақстанда жыраулық пен жыршылдықты қатар ұстанған эпикалық сарын басым. Осы дәстүрді ұстанған Мэлс Қосымбаевтың айтыста өз өрнегі бар. Жауаптасудың арасында еркін көсіліп, толғау айтып отыратын айтыстағы бұл үрдіс те көркемдікті талап етеді. Бұл ретте Шығыс пен Батыстың дәстүрін қатар ұстанған Дәулеткерей Кәпұлын ерекше атауға болады.
Қазақ айтысының заманға сай жетістіктерінің бірі – тыңдаушысын күлкіге қарық ететін сатиралық деңгейінің айтарлықтай жоғары көтерілуі. Бұл қыз бен жігіт әзілдерінде көп қолданылатын бұрыннан бар үрдіс. Бұл күндері Балғымбек Имашев пен Есенқұл Жақыпбековтердің айтыстарында сатираның орны бөлек. (23.3)
Бүінгі айтыс жайын сөз еткенде Оразалы Досбосыновтың айтыстағы сөз қолданысына тоқталмай кетпеу мүмкін емес.
Белгілі ғалым М.Жармұхамедовтың: «Қашанда айтыс – қоғамдық-әлеуметтік болмыстан тыс дамымайды. Оның құндылығының өзі де сол өмірдің шындығын қаншалықты терең әрі шебер бейнелейтіндігімен сипатталып отырады. Қарсылас екі ақын айтысында да сол шындық басты өлшемге айналады,»- деген тұжырымы дәлелді тұжырым. Демек, айтыс ақыны — өз дәуірінің ақ берен рухты адал перзенті. Оразалы да қазақтың маңдайына біткен осындай адал перзент. Оның айтыстарындағы тілдік ерекшелік поэтиканың қайталанбас бөлшегі. Өлең тармақтарының мағыналық мәні зор.
Орзалы айтыстарындағы қарсыласына қарата жырлаған өлең тармақтарының поэтикалық мағанылық астарлары қазіргі жаңаша түлеген қазақққа ұлттық серпіліс ықпалын жасады. Мысалы:
«Бел кетпес, кетпесе егер белбеу еріп», «Қанжығаға көкбарды өңгерелік», «Өрмекші торындағы шыбындай ғып, тұрқыңды тастайын ба сөзбен өріп», «Өрт болсам, кетіп жүрме сен де өртеніп, ішінде қалың оттың дөңгеленіп», «Пернедей шығара бер сөз асылын, етек те жабыспайды жеңге келіп», «Құнды сөзді қорада тулатайық, құрық тимес құланның құлынындай», «Ағаштағы кеш піскен алмадайсың», «Баладай ботқасына тойып алған», «Тұрсаң да тулап бүгін қанша аттай боп, жұмыларсың жырыма саусақтай боп», «Табағыңа салайын сөздерімді балшындай», «»Қатып-семіп қалмағын, сарғайып тұрған күздегі атаңның ескен қайысындай» т.б. небір көркем баламаларды айқын аңғарасыз.
Оразалы – қазақтың ақындық өнеріндегі бұрынғы және қазіргі көркемдік дәстүрді жалғастыру жауапкершілігін перзенттік, отаншылдық сезімімен жырлаған ақын. Ол айтыстарында қазақтың мыңдаған жылдардан бері ұрпақтарды тәрбиелеп келген поэзияның киелі құдіретін нағыз, сыршыл, ұлттық көңіл-күй тебіренісінің терең мағыналы бейнеліліктермен жырлады:
Тұлпардың таққанда боп түсіне мін,
Білметін жөн-жосықты кісі ме едің.
Кешегі Сүйінбайдың тайындай боп,
Шұрқырап салған жерден кісінедім.
Қатағандай өзіңді құлатармын,
Өйткені Сүйінбайдың тұқымы едім!
немесе:
…Маңызды сөз айталық марқасқалық,
Аталар салған жолдан алжаспалық!
Барымтаға келген соң өлеңменен,
Балуандай батырлық қыл жамбасқа алып!
Жағың түсер жаста да жаутаңдамай,
Отыратын түрің бар жаңғақ шағып.
«Қаншама жорытқанмен кәрі қасқыр,
Ін қазады-дейді ғой аулақ барып»,-дейді.
Оразалының айтыстарында қазақ ұлтының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқын асыл қасиеттерінің бүгінгі және болашақтағы ұрпақтарына жалғасуын ардақ тұтқан азаматтық, перзенттік махаббат сыры бейнелі өрнектермен төгіледі. Отанды, атамекенді, тілді, дәстүрді, сүйген қазақтың ұлттық болмысын танытатын лирикалық қаһарманнның жүрек сыры Оразалының жырларында азаматтық үні болып естіледі. Мысалы:
Ау, шежіренің шын көзіндей,
Кемпірлері ар-ұяттың ілгегіндей,
Ерін сыйлар келіндер пірлеріндей,
Ерлері елін сүйген Күлтегіндей.
Оразалының айтыстарындағы Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланған жаңа тарихының алға өрлеген жолындағы болып жатқан уақытша қиындықтарды реалистік жырмен өрнектеледі.
2 О.ДОСБОСЫНОВ АЙТЫСТАРЫНДАҒЫ ТРОПТАР
2.1 Өлеңмен өрнектелген өмір
Қазақ көркемсөз өлеңмен жырлаған, қара сөзбен ауызша әңімелеген түрлерін жылдам көзбен көруге, құлақпен естуге құмар халық. Көркем сөзді санаға сіңіру, оны жадқа сақтау қабілеті айрықша дамыған қазақтың осы ұлттық ділі, психологиясы басқа халықтардан ерекшелендіріп тұрған дара қасиеті. Халқымыздың ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен қазірі ұлттық ояну кезеңдері ұшқын атқан ой оттарының жалын боп лаулауына қозғау салушылардың бірі де бірегейі – Оразалы Досбосынов.
Оның жырларындағы ерекшелік — көркемдік тәсілдердің, әсіресе троп түрлерінің мол ұшырасуы ақын тілін зерттеуді қажет ететінін аңғартады.
Оның айтыстарында қазақтың кең далада еркін өскен ерке мінез арманшыл, қайсар тұлғасы танылады. Оның жырларынан сонау ежелгі сақ, ғұн, түркі, Қазақ хандығы замандарынан бергі байтақ даланы ақ назаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтаған батыр бабалардың өр рухы сезіледі. Жырларынан кең даланың қаз-қатар ақбоз үйлер тігілген, төрт түлік малы қаптаған, айлы кеште алтыбақан, ақсүйек ойнаған, тойларында, астарында бәйге, көкбар, күрес өткізген, өткені мен бүгінін, болашағын Нартәуекел – Кемеге артқан Нар – Қазақтың ғасырлардан қайыспай өткен жарқын келбеті Орзалының айтыс тілінде ерекше көрініс табады. Өйткені Оразалының тілі – қазақтың кешегісі мен бүгінгісін танытатын айшықты тіл.
О.Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тегістік ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Қасиетті Тәңіртау баурайында туып, Мұқағали жырымен сусындап өскен тарланбоз ақын бала жасынан суырып-салма ақындығымен ел назарын өзіне ерте аударған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ республикалық ақындар айтысына қатысып, топ жарған. Оразалы 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті.
«Құлмамбеттен қалған құлынмын» деп құлдырыңдап сөз бастаған бала ақын шыңының дара биігіне көтерілді. Еліміздегі айтыс додаларында жұлдыздай жарқыраған бауырымыз Қырғыстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай мемлекеттерінде өткен аламандарда да шамасына шаң жұқтырмай, қаймағын бұзбай, «тілімен темір қорытып, ат тағалаған», киелі ақындық өнердің ақ сүтін арда емген асыл да, дархан мінезді ақынның өмірі, амал қанша, ұзақ болмады. Отызға келер келместен фәни дүниеден бақиға аттанды.
Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, жазушы Н.Оразалин «Жеткіншек жырдың жұлдызы» десе, Ж.Әміреев «Айтыстың ақтаңгері Оразәлі», Б.Халиолла «Кемел шағында сүрініп кеткен ертөбел» деп ақынның құйрықты жұлдыздай ғұмырында артына қалдырған бай мұрасының мәнін аша түседі.
Отызға толмай жатып, есімі жалпақ жұртқа танылған, өмірге қайта келіп, өрісі кеңейген айтыс өнерінің үні жарқын шыққан, жыр жалауын биіктен желбіреткен, тыңдаушыларының таңдайын қақтырып, жан-жүрегін елжіреткен, елінің еркесіне, кестелі сөздің серкесіне айналған ақын 20-дан аса ірі айтыстарға қатысып, көпшілігінде жүлдемен қанжығасын майлап қайтқан. Ақынның мақсаты жүлде алу емес, айтыстың мәнін қыздыра түсу, халықтың шынайы үнін көркем тілмен жеткізу.
Ақын бір айтысында өзі туралы:
…Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басымнан сөз аспаған.
Көдектен қалған бір ұлмын,
Қаймықпай сөйлер патшадан,
Қызай мен қытай арасы,
Жырларын жата жастаған
Құлмамбеттен қалған құлынмын,
Халықтың өзі баптаған, — деп туған халқына деген өр рухтың сарынын әдемі жеткізеді.
Ақындар өздерінің жырларының туған халқына мәңгілік рухани азық, демеу болуын ойлайтын қамкөңіл, алаң ойдың құрсауында жүретін өзгеше бітімді тұлғалар. Оразалы да осынау жалған фәни мен мәңгілік бақи дүние жалғасының арасында өткен қас қағымдай қысқа ғұмырында халқының алдындағы азаматтық, перзенттік парызын былайша жырлап өтті:
Өтерсің жалған бес күнім,
Армасыз сенен өтті кім?!
Айтайын, жұртым, естіген,
Тумайды бұлай көп күнім, — деп өз өмірінің жолы ұзақ болмайтынын сезгендей.
Артында өлмес өрнектері, ел көңілінде жұрттың жүрегінде жатталып қалған айшықты айтыстары, мөлдір поэзиясы, сахна төрінде жылжып қана отыратын ерке мінезі қалды. Қазақтың рухани мәдениетінің саф алтындай сипатын, ата-бабалардың өр рухын кешеден бүгінге жеткізген, енді болашаққа ұластыратын дәстүрлі ақындық поэзиямыздың Оразалыдай тұлғалары – біздің ұлттық мақтанышымыз. Оразалының жарқыраған көркем жырлары алтын маржандай өлең өрнектері халқымен мәңгі жасай береді.
2.2. О.Досбосынов тіліндегі троптар
Айтыс өлеңдеріндегі сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелік сипат-қасиеттерін сөз еткенде ауыспалы астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге тоқталу маңызды. Сөзді түрлендіріп, мағынасын өзгертіп, кеңейтіп қолдануда айтыс өлеңдерінде әр ақынның өзіне тән стильдік-тілдік ерекшеліктері байқалады. Көркемдік тәсілдер Орхон-Енисей көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап тұрмыс-салт жырларында, эпостық-батырлық жыр-дастандарда, махаббат-жыр өлеңдерінде, азаматтық-поэзия үлгілерінде көптеп кездеседі. Айтыс ақындары өздеріне дейінгі осы поэзия дәстүрін әр түрлі троптар, теңеу, салыстырулар, бейнелі сөздерді молынан пайдалана отырып, жаңаларын жасаған. Осы жайлы Р.Сыздықова: «…Үлкен айтыстарда ақындар қарсыласын жеңу үшін тек тақырып, факт, логика, аргумент мықтылығын ғана көздеп қоймайды, сөз – образдардың орынды, әсерлі әрі соны болуына да қам жейді. Ол үшін тілдік – көркемдік дүниенің дәстүрлі түрлерін пайдаланумен бірге, жаңаларын да тудыруға тырысады», — дейді (3. 216)
О.Досбосынов айтыс өлеңдеріндегі қолма-қол суырылып айтылған бейнелі сөздер көркемдік қасиеттерімен қатар қарсыласының сұрағына дөп тиетіндей әсерлі де ұтқыр болуымен құнды. Оның өлеңдері халықтың тіршілік-тұрмысымен, тарихи-қоғамдық жағдайларымен тығыз байланысты, сондықтан халықтық, ұлттық бояу-өрнектерінің айқындығымен көзге түсетін бейнелі сөздер – халықтың ой-санасындағы, көркем ұғым-түсініктеріндегі ұлттық сипаттардың көрінісі байқалады.
Теңеу, метафора, метонимия, эпитет және т.б. бейнелеу, көріктеу тәсілдері екі нәрсені салыстыру түрінде жасалады, не болмаса, екі нәрсенің арасындағы жалғастық, ұқсастық ескеріліп, соның негізінде ауыспалы, астарлы мағынасы бар бейнелі сөз туады. Кейбір айтыс өлеңдерінде көркемдік тәсілдер бір-бірімен астасып, ұштасып жатады. Метафора немесе теңеу бірнеше эпитетпен жалғасып, ұласып келіп күрделі метафора, күрделі теңеу, эпитет не тұтасқан сөз өрнегі жасалады. Көбінесе эпитет пен теңеу, эпитет пен метафора, бір-бірімен жалғас, қабаттасып алынып қолданыла береді. Мысалы, Оразалыда «Көсем сөзге келгенде, көк найза едім толғаулы» дегенді алсақ, найза едім – метафора, көсем сөз, көк найза деген сипаттама сөз – эпитет. Мұндай көркемдік тәсілдер ақынның айтыстарында мол кездеседі.
Ақын айтыстарында жеңу-жеңілу дәстүрінің өзі бірде жүйріктер бәйгесіне, бірде табиғат құбылыстарына, бірде аң ілдіріп құс салу өнеріне ұқсату арқылы негізгі ойды астарлап беруде жүзеге асады. Я болмаса, шебер тілімен өзінің жақсы қасиеттерін мақтап, қыран құсқа, жүйрік арғымаққа, жаратылыс суреттеріне, жанды-жансыз заттарға қаратылып айтылуы балама, салыстырулармен беріледі. Айтыс мазмұнының дамуына, қарсыласының сыны мен сауалына орай ойдағы әсіресе, троптарды және бейнелі сөздерді белгілі бір жүйемен келтіреді.
2.2.1. Метафоралы сөз қолданысы
«Метафора» термині ежелгі Үнді, грек заманындағы зерттеу еңбектерінен белгілі. Метафораны орыс тілінде М.В.Ломоносов, А.А. Потебня, Б.С. Мейлах, Е.Г. Черкасова және т.б. ғалымдар зерттеген.
Зерттеулер мен оқулықтарда метафораны алғаш сөз еткен ерте дүниенің данышпан ойшылы Аристотель (б.э.д. 384-322ж.) деп жүр. Ол метафораны поэтикалық творчествоның ең бір көрнекті саласы ретінде бізге дейін толық қалпында жетпеген, риторика сабағына арналған конспектісінің тезистері ретінде бағалай отырып, метафораны алғаш сөз еткен. Бірақ Аристотельдің баяндауларына қарағанда, ғалымның алдында жалғыз аяқ та болса тарихи зерттеу жолы болған. (20.73)
Грек ғалымдарының зерттеуі метафораның басқа тілдерде де зерттелуіне әсерін тигізді.
Ал метафораның ежелден ауызға алынуы сол замандағы сөз сайыстыруға, шешендікке үйретуге байланысты пайда болса керек.
Шетел филологиясында метафора жөніндегі әдебиеттер көп-ақ, бірақ олардың саны сапасына кері пропорционал, бастысы тағы тіл білімі Аристотельдің схемалық түсінігінен әрі аса алмады, метафораның тіл дамуындағы рөлін дұрыс түсінбеді.
Метафораны орыс тілінде алғаш зерттеушілердің бірі М.В. Ломоносов «Краткое руководство к риторике» деген еңбегінде оны сұлу сөйлеу тәсілі ретінде пайымдайды. Ал көрнекті ғалым А.А. Потебня метафораның кездейсоқ сөз саптаудан емес, қажеттіліктен туатындығын атап көрсетті. Бірақ жиырмасыншы жылдардағы формализм метафораны көркемдік, образдылық туғызудың бірден-бір тәсілі ретінде уағыздаған. Олар поэзияның шын қасиетін тек метафоралылығында деп тапты. Алайда Аристотельдің сөйлеген сөзіміз түгелдей астарлылыққа құрылса, не жұмбақ, не варваризм болып кетеді деуі, метафора «сәнді» сөйлеу үшін керек деген М.В. Ломоносовтың өзінің оны жиі қолданудан анықтықы емес, күңгірттік пайда болатынын ескеруі дұрыс айтылған жүйелі сөздер болса керек. Өйткені көркем шығармадағы эмоционалдық, экспрессивтілік, образдылық тәрізді сапаның жасалуына нақты көңіл бөлмей, суреттеу тәсілдері мен бейнелеу элементтерінің сандық шамасына бір жақты назар аударудан дұрыс нәтиже шықпайды, онымен әдебиет тиісті бағасын алып, автордың стильдік ерекшеліктері анықталуы мүмкін емес. Ал арифметиканы жалаң бухгалтерлік баланс ретінде емес, санды сапаға шағу ыңғайында ғана пайдалануға болар.
Метафораның мәнін ғылыми тұрғыдан зерттеуде проф. Б.С. Мейлахтың едәуір жұмыс жасағандығын айрықша атау қажет. Б.С.Мейлах метафораны тек көркем әдебиеттің емес, жалпы ойлаудың, тілдің түбірлі категориясы екендігін, көркемдік жүйесінің элементі болып табылатындығын тұжырымдады. Ғалымның метафораны эстетикалық орайда қарастыруымен қатар тіл табиғатына біте қайнасқан құбылыс ретінде лингвистикалық жағына да сөз етуі керек еді. Немес тіл мен әдебиет әуенінен ортақ байланыста зерттеуі тиіс болатын. Жеке бір авторға меншіктелген метафоралар мен жалпы халықтық мүлікке айналған метафоралардың байланысын ескермеген.
Е.Т. Черкасованың, Л. Леонов пен М. Шолохов шығармалары негізінде жазған «Метафоралық сөз қолдану туралы» деген мақаласы – елеулі еңбек. Автор зерттеуін таза лингвистикалық тұрғыдан жүргізе отырып, метафораға семантикалық, грамматикалық сипаттама бермек болған. Бұл ретте материалының молдығын, бірақ шашыраңқылығын, байсалды тұжырым жасау орнына көбіне мысалды тізе бергендігін байқаймыз. Метафораның семантикалық сырлары тым үстірт сөз болады. Оның түрлері де бөлініп берілмеген. Л. Леонов пен М. Шолоховтың өзіндік метафоралары әдеби тұрғыдан, шеберлік ыңғайында да айтылуы керек еді. Сондықтан Е.Т.Черкасованың мақаласын бір жақты жазылған деп бағалау абзал.
Проф. А.И. Ефимов метафораны кең мағынада ала отырып, көркем сөз стилистикасы оқулығында образды сөйлеу амалы ретінде қарастырған. Метафораның жасалу тәсілдері, түрлері мен оның қалыптасу процесін сөз етеді. Тақырыптарына қарап метафораларды бірнеше лексикалық серияларға бөлген. Сөзді метафоралы қолдану жолдарын көрсетеді.
Проф. А.И. Ефимовтың образдылық, мәнерлі сөйлеу, сөзді метафоралы қолдану арқылы пайда болады деген үзілді-кесілді тұжырымын акад. В.В.Виноградов асырып айтылған деп сынға алады. Шынында да, метафораны образдылық деген ұғыммен пара-пар қоюға болмайды. Метафора образдылықтан біршама тар мәнде келе береді. Сонымен қатар, ғалымның метафораның көркем әдебиетте қолданылу мақсатын, стильдік қызметін нақты ашып бере алмағандығын да айту керек.
Тілшілер мен әдебиетшілер метафораны әр түрлі тұрғыдан қарастырады: алдыңғылар сөздің ауыс мағынасы деп, соңғылар сөздің ауыс қолданылуы ретінде байымдайды. Шындығында, метафораны лингвисикалық тұрғыдан талдау әдеби анализге соқпай өте алмайды. Түптей келгенде, метафораның бұл екі ғалымның отақ иінінен, ортақ өрнек ретінде зерттеу керек. Осы орайда метафораға берілер анықтама мынадай болмақ: метафора — екі зат пен құбылысты салыстырудың негізінде сөздің ауыс мағынада қолданылуы.
Қазақ ғалымдарынан Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Б.Хасанов, Ә.Қайдаров және т.б. өз еңбектерінде қарастырады.
Тілімізде метафора жайлы алғаш теориялық тұжырым жасаған – А.Байтұрсынов. Ол: «Сөздің көбін өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсаймыз. Арасында түк ұқсастық жоқ, екі нәрсенің ететін әсері болса, біріне қас қамалды екіншісіне ауыстырамыз. Мәселен, »күн құтырып кетті», »аяз қарығын», »қырау соққан» дейміз. »Құтырып кетті», »қарыған», »соққан» деген сөздер нақ өз мағынасында емес, өзге мағынада айтылып тұр… Осындай ұқсастығымен ауыстырып, өз мағынасынан сөзді өзгелеп айту – ауыстыру деп аталады». (17.157)
Ал Б.Хасанов: «Метафора – екі зат пен құбылысты салыстырудың негізінде сөздің ауыс мағынада қолданылуы», — дейди өзінің «Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы» деген еңбегінде.
Айтыс өлеңдерінде көп қолданылатын көркемдік бейнелеудің бір түрі – метафора. Метафора әр түрлі сөз таптарынан жасалады. Соның ішінде ең көп кездесетіні – зат есім, сын есім және т.б. сөз таптары. Зат есімнен болған метафораларды адамға қатысты, жануарларға байланысты, құс атауына байланысты бөлуге болады.
Метафораның тағы бір ерекшелігі көбінесе ауыспалы мағынада қолданылатындықтан мысалдау, кейіптеу сипатында болады. Ақындар тілінде айрықша және ең көп метафораланатын – құс атауына және жылқы малына байланысты ауыстырулар. Жігітті алғыр қыран құсқа (лашын, қаршыға, сұңқар, бүркіт т.б.), ал қызды қыран ілетін айдындағы аққуға, сұқсұр үйрекке, сүйкімділікті аңғартатын қоңыр қазға балау халық поэзиясында бұрыннан бар. Мысалы, Сара:
Қамысты терең көлдің сұқсырымын,
Қаңғырған ілдірмейтін қаршығаға.
Метафораланған тіркес – сұқсұр үйрек. Біржанды қаңғыған қаршығаға балай отырып, өзін «қамысты терең көлдің сұқсырымен» салыстырған. Әрі сақ, әрі сүңгігіш сұқсыр үйрек қамысты терең көлді мекендесе, ондай айлалы құстың мекен-жайын білмейтін қаршығаға оп-оңай алдыра қоюы мүмкін емес, Мұндай құс атауына жылқы малына байланысты Оразалы айтыстарында жиі кездесіп отырады. Мысалы, Дәулеткерейге:
Бұлбұлдығың өзіңе
Ұяңда ғана шешенсің, — дейді.
Немесе:
Елірген тұлпар екенсің
Ер салып мініп көрейін
Ентіге қояр ме екенсің,-
деп тұлпарға балап суреттесе, енді бірде:
Жүйрік болсаң көсілгін
Қоздырайын қозбаңды, — деп көсіле жырлайды.
Ақындар тілінде ең көп метафораланатын құс – бұлбұл. «Бұлбұл» деген торғай тәріздес кішкене құстың әншілік қасиетіне қарай алған ауыс мағынасы – сайраған әнші, шешен, жыршы. Біржан сал да кезінде:
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға, — десе, ақын
Сара:
Сайраған бүкіл найман бұлбұлымын,
Ұрғашы ғой демесең қай жерім кем.
Немесе Абайда:
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл…
Жалпы алғанда, айтыс өлеңдеріндегі құс атауларына байланысты метафоралар құстың жаман, жақсы қасиеттеріне байланысты жағымды, жағымсыз экспрессиялық мәнде келеді. (17.36)
Айтыс өлеңдерінде халқымыздың ғасырлар бойы әсемдік, әдемілік туралы ой-түсінігі мен эстетикалық толғаулары да кең көрініс берген. Мұның қашаннан болсын сол халықтың кәсіп-шаруашылығына байланысты туып, қалыптасатыны мәлім. Ал, қазақ халқының бұрынғы күнкөріс, тіршілігі негізінен төрт-түлік малға байланысты десек, бұның ішінен, әсіресе, жылқы малына айрықша мән беріліп келгені байқалады. Оның еті азық, қымызы сусын, емі – дәрі, өзі бейнесі іспеттес болып кеткен. Айтыс үстінде ақынның шабытын бәйге атының шабысына салыстыра бейнелеу кез-келген айтыста бар десек, бұл Оразалы айтыстарында да жүйелі сипатқа ие болған. Қытайдағы Еркінмен айтысында:
Өнеріңе қарасам,
Үрімжіде көп жүрген
Өлеңде жүйрік ел білген
Таңжарық, әсет секілді
Тұлпарлармен тең екен.
Мұнда ақынды жүйрікке, тұлпарға теңеп, оның ақындық деңгейін суреттеген. Мұндай ғажап үлгіні біз айтыс жанрынан ғана көреміз. Поэзияның басқа түрінде сирек ұшырасады. Тек айтыс өлеңдерінің табиғатына тән ерекше даралық сипат.
Шоқтығы биік ер мінер
Елерген тұлпар екенсің.
Оразалы айтыстарындағы метафоралар кейде ықшам, кейде күрделі эпитеттермен байланысып келіп, бейнелі сурет жасайды. Мысалы:
Ойларың оттай ақынсың,
Оюланған тұмардай. (Дәулеткереймен айтысы)
Немесе:
Сөздеріңе қарасам
Сап алтынмен тең екен
Көңіліңе қарасам,
Азатты күндей өр екен
Жасыңа сенің қарасам,
Мен аспаған бел екен. (Еркінмен айтысы)
Ақын қарсыласының сөзін сап алтынға, көңілін азатты күнге, жасын өзі аспаған белге теңейді. Мұнда тәуелділіктің екінші жағы «сенің» жасырын тұр, сондай-ақ «мен» деген бастауыштың бірінші жақтық грамматикалық мағынасымен үйлесіп, «қарасам» деген баяндауыш та бірінші жақтық жіктік жалғауда айтылған. Сондай-ақ метафоралар «екен» көмекші етістігінің қатысуымен жасалған. Оразалы айтыстарында «екен», «едім» көмекші етістіктерінен метафора жасалатын тіркестер өте көп кездесіп отырады. Мысалы:
Дауысыңа қарасам,
Алтайдан аққан сел екен. (Еркінмен айтысы)
Немесе:
Көсем сөзге келгенде
Көк найза едім толғаулы
Адасқан сендей оқ өтпес
Ақ сауыт едім торлаулы. (Серікпен айтысы)
Немесе:
Толғана тартқан көдегім
Садақтан ұшқан жебе едім. (Еркінмен айтысы)
Бұл салыстыруларда ақын толғаулы көк найза, торлаулы ақ сауытқа балауы ақынның бойынан табылған «теп-тегіс айналасы жұмыр келген» бейнелі сөз өрнектері.
Айтыста жиі қолданылатын метафоралық тіркестердің біразы жай қарапайым ұғымнан біртіндеп күрделі ұғымға ауысып отырады.
Шанышқыдай шырпымын
Шытырлатып өртейін,
Қалың да қара орманды! (Серікпен айтысы)
Немесе:
Кешегі Сүйінбай мен Құлманбеттің
Артында қалған, шіркін, көбелекпін. (Серікпен айтысы)
Немесе:
Шабақты шайнап өтіп кететұғын
Іледе еркін жортқан Бекіремін! (Еркінмен айтысы)
Ақын «шанышқыдай шырпымын», «көбелекпін», «бекіремін» деп сыртқы ұқсастықтарды салыстыра отырып, ішкі мазмұн қайшылықтарын ашқан.
Жасалу жолына келсек, сөйлемнің бастауышы «мен» жіктеу есімдігі жасырын тұр, ал баяндауыш зат есімнен жасалып бірінші жақтық жіктік жалғауда айтылған. Бастауыш пен баяндауыш «мен шырпымын», «мен көбелекпін», «мен бекіремін» деп қиыса байланысады.
Айтыста ауыспалы мағынада қолданылатын метафораның бір тобы құсап деген етістік арқылы жасалады. Бұл Оразалының тіліне тән ерекшелік деуге әбден болады. Өйткені бұл басқа ақындарда кездеспейтін құбылыс. Мысалы:
Шошыған бала құсап секілдейсің
Шоршыған шортан құсап тұйқтағы (Дәулеткереймен айтысы)
Немесе:
Сөздерің қарап тұрсам жаңылды ұсақ
Мен өссем тереңде өсем тамыр құсап (Дәулеткереймен айтысы)
Немесе:
Өз сөзімді өзіме айтып отсың
Қой терісін жамылған қасқыр құсап. (Ринатпен айтысы)
Ақын мұнда қарсыласын шошынған балаға, шоршыған шортанға теңейді. Бірақ жай отырған балаға емес, шошынған балаға, жай суда жүзген шортанға емес, шоршыған шортанға теңейді. Яғни, өткен шақ есімше етістіктер арқылы жасалған эпитеттер, балап отырған нәрсесін жекелеп, көзге түсер дәрежеге көтеріп отыр. Метафораның мұндай түрін – метафоралық эпитет те деп атайды.
Сонымен метафора – сыртқы, не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге балау. Екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қою десек, қазақ өлеңдерін де солай етіп шығару үшін, кейде бір нәрсені тікелей болса да, кейде жалғау арқылы, кейде көмекші етістіктер арқылы жасалатындығын көреміз.
Оразалының айтыстарындағы метафораның құрылысы жағынан алғанда, үш түрлі жолмен жасалатындығын байқадық.
Бірінші: жалғаулар арқылы жасалатын метафора
Екінші: көмекші етістік арқылы жасалатын метафора
Үшінші: күрделі метафора немесе метафораның ұлғайған түрі.
Метафораның бірінші түрі «мын», «бын», «пын», «сын», — жіктік жалғаулары, не: «м», «н», «ы» (сы) – тәуелдік жалғаулары арқылы жасалынады. Мысалы: «Ұяңда ғана шешенсің», «шанышқыдай шырпымын», «Артында қалған, шіркін, көбелекпін», «Іледе еркін жортқан Бекіремін», «Ойларың оттай ақынсың» т.б.
Метафораның екінші түрі, көмекші етістіктердің жәрдемімен жасалады (еді, едім, едің, екен, ең, ем, м, н).
Бұлар бір-бірімен баланып тұрған екі сөзге, сөйлемге біткен түс беріп, олардың метафоралық мәнін толықтыруда ерекше орын алады және айтыс ақындарында көп кездесетін метафораның түрі.
Мысалы:
«Садақтан ұшқан жебе едім»,
немесе:
«Ақ сауыт едім торлаулы»,
немесе:
«Көк найза едім толғаулы»,
немесе:
«Бауырлас қандастарға қолбасшы едің» т.б.
Метафораның үшінші түрі, не күрделі метафора бір нәрсені екінші нәрсеге бірден балай салмайды, не нәрсеге баламақ, әуелі сол нәрсенің артықшылық, ерекше қасиеттерін поэтик тілдердің басқаларының (көбіне эпитет) көмегі, жәрдемі арқылы суреттеп, көзге елестетіп алады да, сосын барып балайды. Мысалы:
«Ал, енді шабытың болса шарық қайрақ,
Менің сөзім болады-ау анық қайрақ», —
деген мысалдан ақынның шабытын қайраққа теңейді. Бірақ оны тікелей балай салмайды, ақын өзінің сөзін қайраққа теңеу үшін, алдымен шабытты «шарық қайрақ», яғни эпитетпен анықтап алады.
Сонымен Оразалы айтыстарында метафоралы сөздер жиі қолданылады деуге болады. Бұл ақын тілінің дәлдігін, анықтығын, жинақы, ойнақылығын керек етумен қатар, айтайын деген ой-пікіріне көрерменін, тыңдарманын шек келтірместей етіп сендіруін де талап етеді. Ол үшін әр образ өмір шындығына дәл келуі керек десек, сонымен қатар айтайын деген пікірін үзілді-кесілді айту да – негізгі шарттардың бірі.
2.2.2. О.Досбосынов тіліндегі метонимия мен синекдоха
Метонимияның зерттелу тарихы ертедегі грек ғалымдарынан басталады. Орыс тілінде А.А. Потебня, В.А. Звягинцев, Б.В. Томашевский, О.С. Ахманова және т.б. ғалымдар қарастырған. Қазақ ғалымдары арасынан Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, З.Ахметов, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдаров, Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, А.Ысқақов, Ә.Хасенов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов т.б. ғалымдар метонимияның жеке лингвистикалық объект ретінде танылуына өз үлестерін қосты.
Метонимия жайында өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде алғаш теориялық тұжырым жасаған қазақ ғалымы — А.Байтұрсынов. Ол: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту төмендегі түрі болса, ондай ауысу алмастыру деп аталады.
- Мысалы: «Анау үйдің құдасы келіп жатыр» дейміз. Құда үйдікі емес, ол үйдегі адамдікі, үй мен үй иесінің арасы жақындығынан бірінің орнына бірін айтамыз.
- Ауыл ұйқыда жатқанда дейміз. Ауыл ұйықтамайды, ауылдың адамы ұйықтайды. Ауыл мен ауылдағы адам екеуінің арасында жақындық барлығынан адамның ауылын айтамыз». (12.21)
«Метонимия» — гректің сөзі (metanymia), атын өзгертіп, алмастырып атау деген мағынаны береді. Сонымен мәндік , мекендік, мезгілдік түр-түстік жағынан бір-біріне бүтіндей немесе бөлшектей жақындығы бар екі заттың иә құбылыстың бөлшегі орнына бүтінін алмастырып айтуды метонимия дейміз. Қазақ тілінде метанимияны ғылыми-линвистикалық объект ретінде зерттеген Л.Нұржекеева. Оған мынындай анықтама береді: «Мәндік, мекендік, мезгілдік, мөлшерлік, түр-түстік жағынан бір-біріне жекелей немесе жалпылай жақындығы бар екі заттың иә құбылыстың бөлшегі орнына бүтіннің, бүтіннің орнына бөлшегін алмастырып айтуды метанимия десек, бұл қағида метанимияның да синекдоханың да ортақ қасиеттерін қамтиды». Ғылымда метонимияны синекдохадан бөліп, екеуін троптың екі басқа түрі деп қарайтындар да, синекдоханы метонимияның бір түрі деп, екеуін біріктіре қарайтындар да бар. (12.43)
Синекдоха (гректің — synecdoha) – жобалап, нобайлап, шамалап түсіну – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы.
А.Байтұрсынов синекдоханы мегзеу деп атайды да, мынандай анықтама береді. «Бір ұғым орнына екінші ұғым айтылуы мегзеу бола алады. Мегзеу мынадан шығады. Мысалы: Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келді деудің орнына – ана ауылға Омарлар келді дейміз. Омарлар келді дегеніміз мегзеу болады».
Айтыс ақындары тілінде сөздің бейнелілігі мен әсерлілігін арттыратын метонимия десек, метонимия көбінесе, зат есім және сын есімнен жасалатынын байқадық. Мысалы, бір ғана домбыра деген ұғымды білдіру үшін бірнеше сөз тізбектерін былай қолданған екен. Шашубай ақын:
Сырлы ағашын қолына ұстаған боп,
Келіпті азап айдап бұл кім өзі?
Немесе Жамбыл:
Бір ағашты құшақтап,
Отырды кеп сипақтап.
Немесе Кемпірбай:
Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері.
Немесе Майкөт:
Осы мысалдардағы «сырлы ағаш», «бір ағаш», «қос ішекті» немесе «көтерген жаңқа ағашын ақындар көп» деген сөз қолданыстары бір ғана домбыра ұғымына сыйып, өлеңнің ұйқасын, әуезділігін арттырып тұр.
«Біржан мен Сара» айтысында Сара:
Сексенбай шапшаң жетсін біздің балғын
Бесіннен қалмай жетсін жаны болса.
Ащы ажуамен «балғын» сөзін арқасына он мата тыққан Жиенқұлға қаратылып айтылуы шенеудің ширыққан кезі. Тағы бірде Сара:
Таңданып жиылған жан қарап тұрды,
Қыз да болсам Біржанға балап тұрды.
Мұнда жан ұғымға халық, жұрт синонимдерін сыйғызған.
Өмірдегі іс-әрекет, не әр түрлі бір-бірімен байланысты өмір құбылыстары қанша көп болса, алмастырылып айтылатын нәрселер де сонша көп болуы мүмкін. Демек, олардың байланыстарының түріне қарап жіктеу мүмкін емес. Сондықтан жалпы ақындар тілінде, айтыс тілінде метонимия мен синекдохалар өте жиі кездесіп отырады. Ауыз әдебиеті үлгілерінде де мұндай ауыстырулар қолданылыста болған. Мысалы:
«Келбеттіден кеңес сұра…»
«Жабыны жалды екен деп сатып алма,
Жаманды малды екен деп жақын болма…»
«Ақты құдай асырайды,
Қараны құдай табады».
Бұл мысалдардан метонимияның екі нәрсе бірінің орнына екіншісі алмастырылып қолданғанда өмірдің сан алуан құбылыстарынан алынатындығы айқын көрінеді. Адамның орнына қасиеті, келбеті сипатталады. Айтыс ақындарына да метонимия құбылысы тән. Оразалы айтыстарында сан алуан алмастырулар өмір құбылыстарымен, тарихтың іздерімен, шынайы шындықпен алмастырылады. Мысалы Ринатпен айтысында:
Ағаңнан сөзді асырсаң,
Таласпай-ақ беремін,
Қалап алған тағыңды
Берейін кезек әр қарай
Жаға бергін шамыңды.
Немесе:
Мен сені қағып қайтем қазық қылып
Жақсылыққа жіберейін табыстырып.
Немесе:
Ал, енді осы жағын сен үйренгін,
Созғалы жүрсің, Ринат, кімге білек.
Немесе:
Жақсы тұлпар болам деп
Келешегіңе сеніп ал.
Жақсы қылыш болсаңыз
Қынабынан шық-тағы
Қызыл бидай орып ал.
Бұл сияқты метонимиялар Оразалы айтыстарында өте мол. Бірақ метонимиялар Оразалыда өмір құбылысын суреттеуде, мәнін ашуда синекдохамен байланысты болып келеді. Оразалының айтыстарының ең алғашқы сөзі «Алашқа» арнаумен басталады. Мәселен:
Алашым менің, армысың
Отырған мұнда бәрі кеп (Серікпен айтысы)
Немесе:
Ассаламағалейкум, Алты алашым,
Қыздары қырдың қызыл гүлдеріндей. (Әбілқайырмен айтысы)
Немесе:
Армысың, алты алаштың іргелі елі
Беделі бес қарудай іргедегі. (Бекарыспен айтысы)
Мұнда «алашым» деу арқылы ақын бүкіл халыққа өз назарын аударатындығын байқаймыз. Сондай-ақ «алты алаш» сынауға болмайтын, тек көптік мағынаны, яғни сол арқылы бүкіл көрерменін айтып отырғанын білеміз. Тағы да ақын айтыстарына үңілсек:
Құлағың бес жастағы баладай-ақ,
Түйеден түрің қандай деп сұраған.
Немесе:
Оюларыңды оюлап,
Кеттің-ау Омар Хаямша
Бұзау тіс менің сөздерім,
Бұтыңнан шағып шаянша.
Алғашқы мысалда ақын қарсыласын «бес жастағы» балаға теңеуі, үлкеннің орнына кішіні жұмсауы байқалса, түйенің түрін сұрауы да сәтті синекдоханың жасалғанын аңғартады. Ал екінші келтірілген мысалдағы Омар Хаямның өзі емес оның ұзақ-сонар өлеңдерін айтып тұрғанын бірден түсінеміз. «Бұзау тіске» — сөзді теңеу де оған жан бітіріп, бұттан шағатын шаянға айналуы да ереше бір құбылыс.
Метонимия бір нәрсенің орнына, екінші нәрсені алмастырып айтса, синекдоха бүтіннің орнына бөлшек, көпшенің орнына жекешені айтып, бірімен екіншіні, бөлшек пен бүтінді айырып бере алғандықтан, өмір құбылыстарын суреттеуде бұлар ақын тілінің ең оңтайлы, жинақы, жанды түрінің бірі саналады. Бір нәрсенің өзін айтпай, оның орнына жақындығы бар басқа нәрсені алмастыра айту: «Ағымды атқамінер таныды ма?», «Үміттерін үкімет қашан ақтар?» деген мысалдардағы «атқамінер», «үкімет» деп басшыларды айтқан сөздер толық түрімен салыстырғанда әрі анағұрлым жинақы, әрі анағұрлым нақты сол мағыналарды бере алады.
Метонимия тілдің лексикалық құралы дамуының бір көрініс ретінде халық қиялында ертеден, жазу-сызу өнері болмаған кезден бастап-ақ қолданыста болған. Сол себепті метонимияны да, синекдоханы да жеке ақын-жазушылардың шығармасы бойынша ғана емес, жалпы тілдік категория ретінде қарастыру қажет.
Метонимиялар поэтикалық яғни окказионалдық, лингвистикалық яғни, узуалдық құбылыс болып табылады. Сонымен метонимияның өзін екіге бөліп қарастыруға болады. Бірі – көркем әдебиетке тән поэтикалық метонимия, екіншісі – тілдің лексикасында ежелден өмір сүріп келе жатқан лингвистикалық метонимия.
Поэтикалық метонимия өмірде нақты болатын және бола бермейтін құбылыстардың атауын бейнелі, астырлы мәні бар сөздермен алмастырады. Мысалы:
«Берейін кезек әр қарай
Жаға бергін шамыңды», —
дегендегі «шамыңды» сөзі – поэтикалық метонимия. Шам – адамның тіршілігіне қажетті құрал. Ақын мұнда астарлы қолданыста яғни, окказионалдық метонимиямен жеткізеді.
Ал енді «Оюларыңды оюлап, Кеттің-ау Омар Хаямша» дегендегі «Омар Хаям» сөзі линвгистикалық, яғни узуалдық метонимияға жатады. Лингвистикалық метонимия белгілі бір заттар мен құбылыстардың атауын нақты, өзгеріссіз мағынадағы байланыстылығына қарай алмастырып атайды.
Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі метонимиялық құбылыс басқа тілдердегі метонимиялық құбылыспен мәндес, ұқсас келеді. Бұл синекдохамен байланысты.
Қ. Жұмалиев «Синекдоха мен метонимияның арасына үзілді-кесілді шек, айрым қою қиын» деп жазады. Метонимия мен синекдоханы бір катеогрия деп қарап, оларды мағыналық жағынан ашық метонимия (синекдоха) және көмескі метонимия деп жіктеу метонимияның жаңа анықтамасын жасауға негіз болады.
Ә. Хасеновтің пікірінде метонимиямен синекдоханың арасында үзілді-кесілді айырмашылық жоқ екенін дәлелдейді. Ал енді ақындар тіліндегі синекдоха ап-айқын білінiп тұрса, метонимияда көмескіленіп, оңайлықпен байқалмай тұрады.
«Әрбір жаңа ұғым пайда болған сайын жаңа сөз жасалса, сөздік құрам тым тасып кетіп, тіл байлығымызда бұрыннан жарату да қиындаған болар еді», — дейді Б. Хасанов. Яғни бұрыннан бар сөздер жаңа, ауыспалы мағынаға ие болады да, сол арқылы сөздің қолдану аясы кеңейе түсіп, метонимия мен синекдоха айтыс тілінің үнемді тәсілі ретінде көрінеді.
2.3 О. Досбосынов тіліндегі көркемдік тәсілдер
2.3.1 Теңеудің алатын орны
Теңеу – көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы. Сөз бейнелеудің басқа түрлері өз бастауын осы теңеуден алады. Теңеулерден сол халықтың өмірі, рухани дүниесі, ұлттық бояу-бедері, дүниетанымы, әдет ғұрпы, шаруашылығы, қысқаша айтқанда бүкіл тарихы көрініп тұрады.
Орыс ғалымдарынан теңеуді қарастырғандар: Л.И. Тимофеев, Б.В. Томашевский, М.И. Черемисина, И.В. Гутаров, А.А. Потебня және т.б.
Теңеу жайындағы тұжырымдарды Қ. Жұмашев, З. Қабдолов, З. Ахметов өз еңбектерінде атап көрсеткен. Тілдің көркемдік сипаты ретінде жеке қарастырған Т. Қоңыров мынандай анықтама береді: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипаттаушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивті сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл әрі таным құралы», — деп айтады. В.В. Одинцовтың сөзімен айтсақ: «Сравнение – стилистический прием, основанный на образной трансформаций грамматического оформленного сопоставления». (17.34)
Теңеу жайында өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде алғаш теориялық тұжырым жасаған қазақ ғалымы – Ахмет Байтұрсынов. Ол: «Көріктеу нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанмен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп ашығырақ көрсетеміз», — деп, өз еңбегінде жазған.
Т. Қоңыров теңеудің жасалу жолдарының бірнеше түрін саралап көрсеткен. Қазақ тіліндегі теңеулердің көпшілігі зат есімге, есімшеге, етістікке жалғанатын -тай, -тей, -дай, -дей, -ша, -ше, -дайын, -дейін жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер сонау Орхон-Енисей көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап кейінгі дәуірлердегі жазба әдебиет тілінде қолданылып отырғанын байқаймыз: тәңрі тег-тәңірідей. Сондай-ақ, ХІҮ ғасырда жазылған «Мұхаббат-наме» дастанынан көрініс береді: -дай, -дей қосымшасының көне түрі: -дек, -дег, -тек, -тег. Мысалы:
Хәва үзрәберүр шунқарға қуны,
Толун ай дек қылур бир қәтрә суны,
Көкте берер, жем қылар сұңқарға аққуды,
Толған айдай қылар бір тамшы суды.
Ақындар айтысында жеңу, жеңілудің, дәстүрінің өзі де жүйріктер бәйгісіне, бірде табиғат құбылыстарына, бірде аң ілдіріп құс салу өнеріне ұқсату арқылы негізгі ойды астарлап беруде жүзеге асады. Я болмаса, шебер тілімен өзінің жақсы қаситеттерін мақтап қыран құсқа, жүйрік арғымаққа, жаратылыс суреттеріне, жанды-жансыз заттарға қаратылып айтылуы балама, салыстырулармен беріледі.
Айтыс мазмұнының дамуына, қарсыласының сыны мен сауалына орай ойдағы, әсіресе, теңеу мен метафора және т.б. бейнелі сөздер белгілі бір жүйемен келтіріледі. Айтысқа түскен ақын шу дегеннен-ақ бастырмалатып, қарсыласының апшысын қуырып сескендіріп, өзін аң алмай жерге бекер қонбайтұғын қыран құс, мұзбалақ я болмаса, бәйге алмай қоймайтын серке сан арғымақ, тайпалаған жорға немесе әншілік өнерге келгенде иран бақтағы сайраған бұлбұл, даусы мың құбылып құлпырған, тотықұс бейнесінде береді. Бұлардың бәрі – қарсыласын қайткен күнде де жеңіп кетудің амал-тәсілдері. Айтыс өлеңдерінде төрт түлік малға байланысты ұғым түсініктерді білдіретін сөздерді ауыспалы мағынада қолдану жиі ұшырасады. Осылардың ішінен ең көп қолданылатыны – жүйрік ат бейнесі. Ақындар жүйрік атпен тұлпармен өзін де, өлеңін де, дауысын да, домбырасын да салыстырады. Ақын шабыты мен аттың шабысын қатарластыра салыстырып көрсетеді. Нақты мысалды Оразалының Бекарыспен айтысынан алсақ:
Көрсеткен көк тұйғындай іреңділік
Ал, сөйлеші ендеше күрең жігіт
Дүбіріңді естіп тұлпардай кеп қалдың ба,
Тыпыршып тұра алмастан жүгенді үзіп.
Оразалы айтыстырында кездесетін теңеулердің көпшілігі -дай, -дей жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалған. Мысалы Бекарыспен айтысында:
Беріктігі бөрідей ел едік қой
Қорқауға қой бермейтін тұланды күн.
Немесе: Алпыс екі айлалы түлкідей ең,
Маржандай шашылатын жырың келіп
Немесе Дәулеткереймен айтысында:
Аш өңеш шөккен нардай жан екенсің,
Аңқиып қалып жүрме тұрып тағы
Ұрыдай ұрымталдан ұмтыласың,
Немесе: Ақын ақын болар ма,
Асқақ болмаса қырандай.
Өлең жолдарындағы теңеулер зат есімге -дай, -дей қосымшалары жалғану арқылы жасалған. Оразалы айтыстарындағы теңеулер сан алуан. Төрт түлік малға, қыран құсқа, айлалы түлкіге, шөккен нарға теңеу арқылы эмоциясы байқалады, көркемдік сипаты арта түседі. Бұл бір жағынан қарсыласын сөзбен ықтырып алуды, өнері асып артық туған жан екендігін көрсетуді көздейді. Сондай-ақ, өзінің алдындағы айтыскерлермен үндестік те байқалады.
Мәселен «Біржан-Сара айтысында» да теңеулер -дай, -дей жұрнақтарының жалғануы арқылы және секілді, сықылды септеуліктерінің тіркесуі арқылы жасалған. Мысалы, Біржан:
Самғайтын бәйге атындай артық-артып.
Көкшетау ауданына даңқың барған.
Я болмаса,
Тұлпармын Көрғұлының пырағындай,
Алдына жүгірсе мал салмайтұғын
Біржан ақындық шабытын Көкшетау елі білген бәйге аттың шыбысына немесе Көрұлының ұшатын қанатты атына, яғни, жүйрік тұлпарға баласа, ақын Сара «Ел таныр арғымақтай шабысымды» деп өрнектейді. Я болмаса, Бармақ ақын:
Бәрі өтіп жолдасымның, жалғыз қалып,
Жылқының болып тұрмын саяғындай
Тең құрбы-құрдасына айрылып жалғыз қалған Бармақ ақын өзін жападан-жалғыз, жеке жүретін жалқының саяғына теңейді. Немесе ақын Сара:
Жылқының арығындай арғын кедей,
Тойғансып мас боласың ішіп-жемей
Өнерін тұлпардың шабысына балап тұрған Біржан салды ақын Сара енді жылқы малының арығына теңеп, мінеп-шенейді Найман руының бәйгеге қосар тұлпары, сонарға салар сұңқары болып тұрған ақын Сара сол кездегі өзінің шарасыз күйін айтыста былай суреттейді:
Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмайды екен бір басының.
Тері-терсек бергесін ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының.
Найманның игі жақсыларына мұңын шаққан ақын қыз жалғыз басымның билігі жоқ, тері-терсек құрлы ғана құным бар ит алатын деп және арбашының берекесі жоқ, ұқыпсыз бұлына теңеп, -дай жұрнағы арқылы эмоциялық рең үстеп тұр. Бір кезде бұлаңдап, еркіндікте, оң жақта, асау кердей, тәкаппар жүрген ақын қыз енді «борышқа байланған жаман тоқтыдан күнім төмен» деп, өз басындағы қайғы, мұң-зар, өкінішін қарама-қарсы (асау кердей, тоқтыдай) теңеулерден және «о, дариға-ай» одағайы арқылы эмоционалды-экспрессивті әсерлі аса күшті берілгенін төмендегі өлең жолдарынан көреміз:
Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай,
Алты ауыл аруақты үш ағам бай,
Бұлаңдап асау кердей жүрсем-дағы,
Тоқтыдай борышқа кеттім, о, дариға-ай.
Сараның басындағы жайт сол кездегі бүкіл қазақ қызының басында бар мәселе. Бұл күнде бұндай мәселелер туындамағанымен, халық жайы, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі айтыс ақындар тілінде айшықты теңеулермен көрініс табады. Бұндай жайтты Оразалының айтыстарынан айқын көрініс табады. Мысалы
Сары бидайын сапырған сары қымыздай,
Сұлыға зар болып тұр қарманы елдің,
Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр
Тоз-тоз боп тоқымындай сынған ердің, — деп халықтың жайын аңғартады. Ақындықты, шешендікті пайдаланып өмірдің ащы шындығын жариялауды мақсат етеді. Оны төмендегі мысалдардан анық байқауға болады:
«Ал, енді Айбек біздер жырлайықшы,
Алладан жауған ақ нұр нөсерлердей
Көктегі жүзген бұлтты көзбен жинап,
Тілімен көктеген көсемдердей.
Немесе
Ширақ шумақ айтайық мешелденбей,
Тілінен тікен тайған көсемдердей.
Немесе:
Сөз шегесін шешендей шегелейін,
Көк мұзды көл түбіне батырсаңда
Келесі бір топ теңеулер табиғат құбылыстарына арналған. Айтыс өлеңдерінде табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алады. Кең далада, табиғат аясында еркін өмір сүрген қыр адамдары табиғатты сүйіп, аялаған. Айналасындағы әдемі көріністерді халық поэзиясына қосып жырлаған. Ай жарығы, күннің нұры, тау мен құстар үні т.б. табиғат құбылыстары, айналасындағы жанды-жансыз дүниенің белгі-әсерлері айтыс өлеңдерінен мол орын алған. Ақын көңілінің шарықтап шалқуын, яки ақын шабытының шарықтауын тасқын судың ағынымен теңестіріп бейнелеу халық поэзиясында барыннан бар десек, айтыс өлеңдерінде де жиі кездеседі. Мысалы, Оразалының Дәулеткереймен айтысынан келтірсек:
Елім қолдап бергенде
Екпінім қатты дауылдай.
Айықпас ақ борандай айта білсең,
Қажыдан келгендей ғып қарсы алайын.
Немесе Айбекпен айтысында:
Өнерің бес қонақтың жауынындай
Өлеңің құмды өлкенің дауылындай
Отыр ма шабытыңның кілті ашылмай,
Бұйлығып, бұғып отсың бұрқасындай.
Ақын өзінің екпінін дауылға, сөзін ақ боранға, өнерді жауынға, өлеңді дауылға т.б. теңеуі бейнелі, әрі көркем. Бұндай мысалдарды ақын Сарадан да кездестіреміз:
Арындап дәуірлейлі барған сайын
Екпінді соққан желдей, көрдім жайын
Немесе Үмбетәлі ақын:
Қандай ақын қайтарар қаруымды,
Желді күнгі дауылдай сарынымды.
Біржан салдың салған әнін соққан желдің екпініне теңеп, барған сайын үдей түсті десе, Үмбетәлі өзінің ақындық шабытын қатты соққан дауылдың санынына балап, Нұрила ақынның сөз екпінін өртке су құйғандай басамын деп өрлей соғады. Немесе Жамбыл:
Өлеңім асау теңіздей
Өрге қарай шапшысын.
Толқындай сөзді сапырып,
Арыстандай ақырып,
Шығайын енді айтысқа
Нажағайдай сөзімді,
Жарқылдатсам алдыңда.
Жамбыл дауысын аққан судың сарынына теңей отырып, өлеңін буырқанған теңізге түйдек-түйдек асыл сөздерін жал толқындарға, я болмаса, мірдің оғындай өткір жырларын найзағайдың жарқылына балайды. Немесе Сарыбас:
Туған айдай көрініп,
Тартқан жайдай керіліп
Сарыбас ақын елінің жақсыларын туған айға, тартқан жайға балап сұлулығын, кербездігін паш етеді.
Ақындық өнердің шарықтауын табиғат құбылыстарына жаратылыс көріністеріне балануынан, адам мен табиғат арасындағы ұқсастықты, бірлікті, жалғастықты көргендей боламыз. Ал бейнелі теңеулерді қолдану арқылы айтыс өлеңдерінен ақындық сезімнің, әдемілілікті түсінудің өмір шындығымен байланысып жатқаны байқалады. Я болмаса дауыл, құйын, жел, нөсер, асау теңіз, тасқын, сел – бұлар айтыс өлеңдерінде саулап, құйылып, төгіліп тұрған шабытты орамды, өткір сөздің, өлең-жырдың көркем бейнелі баламасы.
Оразалы айтыстарындағы сансыз сағымға, өрттен шыққан ұшқынға теңеу кездеседі. Бұл басқа айтыскерлерде кездеспейді. Мысалы Бекарысқа:
Жалынды сөйле жаңылмай
Сабылған сансыз сағымдай, — десе
Дәулеткереймен айтысында:
Өткелді тауып өтіп көр,
Өрттен шыққан ұшқындай, — дейді.
Оразалының сөз кестесі – алтын мен күміспен нақышталған мінсіз сұлу сөздер. Абайдың «өлеңнің іші алтын, сырты күміс болуын қалауы да осыған үндес.
Оразалы айтыстарындағы теңеулердің басым көпшілігі, жан-жануар, аң-құсқа балау арқылы жасалады. Сол арқылы ойын еркін, әрі нақты жеткізген. Сол арқылы қарсылас ақынның қасиеттерін танытып, өлеңнің эмоциолық басуын қалыңдата түседі. Мысалы Мэлспен айтысында:
Бурадайын бұлқынып келгеніңде,
Бұзаудай боп кетпегін тана сүзген
Ринатпен айтысында:
Құтыңдайсың Ринат-ау,
Ін аузындағы суырдай
Бұлтыңдайсың тағы да,
Қатпаған әлі буындай
Сөздеріңді сөйлеп қал,
Ақ құйрық шайдың буындай
Желбіреткен тұламдай
Егемендіктің туындай
Еңкейіп алып отырсың,
Есеймей жатып бойына
Ер-тоқым салған құлындай
Серікпен айтысында:
Әр сөзімді салмақты қабыл алғай,
Тасқа тұяқ батырған тағылардай
Тілім орып кетуші ед тиген жерін,
Қан жоса қып қамыстағы қабыландай
Бекарыспен айтысында:
Беріктігі бөрідей ел едік қой,
Қорқуға қой бермейтін тұланды күн.
Ринатпен айтысында:
Алдыңа иықты тағы да
Қаршығадай өренің
Айбекпен айтысында:
Желіден жаңа шықтың жас құлындай
Босқа бекер қара шаңға қаптырылмай.
Немесе:
Ақ паршаға оранып келіп қапсыз,
Қоянның көжек көмген ұлпасындай.
Мұндағы теңеулердің бәрі дерлік зат есімге -дай, -дей қосымшалары жалғану арқылы жасалған.
Сонымен айтыс өлеңдеріндегі теңеулерден жалғастылық принципін көреміз. Бұрыннан халықтық поэзияда бар салыстыруларды пайдалана отырып жаңаларын жасаған. Айтысушы ақындар айтысып отырған нәрсені көркемдеп сипаттау, ұқсастықты көре білу арқылы ойды өткір, әсерлі етіп жеткізіп, өлеңге экспрессивтік, эмоциялық леп беріп тұрады. Ал теңеулердің метафорамен, эпитетпен, метонимиямен, синекдохамен, метотамен және т.б. тіркесіп келуі оның семантика-стилистикалық мәнін айқындайды. Ілгеріде сөз болып кеткен теңеулерден халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, мәдени өзгешеліктерін, таным-түсінігін, эстетикасын көреміз.
Теңеу мен метафораның ара жігін ашып көрсету үшін әдеби жағынан ғана немесе тілдік тұрғыдан ғана бөліп қарастыру жеткіліксіз, әдеби және тілдік тұрғыдан біріктіріп, екуінің қиылысқан ортасына қарастыру керек. әрідегі Аристотель мен Квинтилиан, берідегі Ш. Балли мен А.А. Потебня да «Метафора – қысқарған теңеу» деп көрсеткен болатын. А.А. Потебня «Теңеу троп түрлерінің ішінде метафораны қамтиды» деп көрсетсе, Л.И. Тимофеев «Троптың ең қарапайым түрі — теңеу» дейді. (12.36)
Біздің ойымызша, теңеу мен метафораның жуысар жақындығы екеуінде жде екі заттың көбіне қатар алып салыстырылатындығы мен жасалу (психологиялық) жағынан бірлікте болатындығында, көркем әдебиетте атқаратын кейбір функциясының ұқсастығында. Ал айырмашылықтары мынадай:
Біріншіден, метафораны «қысқарған теңеу» деуге болмайды, өйткені оларды семасиологиялық тұрғыдан қарасақ, теңеуге тура, метафораға ауыс мағына тән. Бұл, әрине, диаметральды алшақтық.
Екіншіден, теңеуде екі объект тек қана салыстырылатын болса, метафорада ол екуі химиялық процеске түскендей, жаңа элемент болып шығады.
Үшіншіден, метафора арқылы сөздік құрам байып дамып отырыда, белгілі бір ұғым кеңи түсуі мүмкін. (Бұл жөнінде жұмысымыздың бірінші тарауын қараңыз). Ал теңеудің нәтижесінде жаңа сөз жасалмайды. Бірақ фразеологизмге айналған кейбір тұрақты теңеулерді елемеуге болмайды. Теңеудің мұндай қасиеті бұрын-соңды сөз болмағандықтан тоқталып өткен артықтық етпейтін сияқты: әдетте екі адам бір-біріне ұқсас болса, оларды «Аузынан түскендей» екен деседі. Демек, «Аузынан түскендей» теңеуінің тұрақты мағынасы – ұқсас. Сол сиқяты шын тату, көңілдес адамдарды «Тонның ішкі бауындай» екен дейміз. Сонда «Тонның ішкі бауындай» теңеуінің тұрақты мағынасы – тату. Ал «Қыл үстінде тұрғандай» теңеуінің тұрақты мағынасы – қауіпті, «Тайға таңба басқандай» дегендікі – анық.
Фразеологизмдік мағына алған тұрақты тіркестерден тұратын түрлерінен басқа теңеудің жеке сөз ретінде жұмсалатындарының да мағына алғандарын кездестіруге бола еді. Мысалы, Мұздай деген сөздің, мысалы мұздай суды көп ішпеу керек төркіні – теңеу. Қазір бұл сөзді теңеу ретінде емес. Яғни қосымшасыз сөз ретінде, өте салқын, суық деген мағынада қабылдаймыз. Ал тастай сөзін мысалы, қазық қағатын жер тастай екен деп қолданғанымызда да тас сияқты деген мағынада, яғни теңеу ретінде емес, «өте қатты» деген мағынада түсінеміз. Осы сияқты теңеудің жұрнағы жалғануымен байланысты тиянақты тұрақты мағына алған шет тілдердің элементтерін де атауға болар еді. Мысалы, малмаңдай – су болу, дырдай – үп-үлкен т.б.
Бірақ оларды сөз ету үшін этимологиялық жағынан да әңгімелеу керек. Мұны біз жұмысымыздың көлемі көтермейтін болғандықтан, артық көрдік.
Төртіншіден, көркем әдебиеттегі қолданылу фнукциясы ұқсас болғанмен, метафораның поэтикалық сапсы теңеудікінен өзгешелеу. Теңеу силлогизм іспеттес те, метафора образ ғой. Оған бейнелей мәнерлеу, кесіп айту қасиеті тән.
Бесіншіден, теңеу «секілді», «тәрізді», «сияқты» сөздерімен, міндетті түрде -дай, -дей, -ша, -ше типтес жұрнақтармен келетін болса, метафораға мұндай жұрнақтар мен сөздер тән емес. Бірақ метафораға да аталған жұрнақ пен «тең» сөзінің тіркесуі мүмкін. Осы ретте біз проф. Қ. Жұмалиевтің «Қазақта теңеудің жұрнақтарын алып тастаса, кез келген теңеу оп-оңай метафораға айналады. Керісінше, метафора теңеудің жұрнағын қоссақ, онда ол теңеу болып шығады» деген пікірін қолдамаймыз. өйткені «Сен менің бауырымдайсың» сөйлемендегі «дай» жұрнағын қоысп, алғаннан «бауырым» сөзінің іні, немесе туысқан деген метафоралық мағынасы өзгермейді. Сол сияқты ет мағынасындағы «қызыл» сөзіне теңеу жұрнақтарын жалғағаннан теңеуге айналмайды.
Оразалы айтыстарындағы теңеулердің басым көпшілігі, жан-жануар, аң-құсқа балау арқылы жасалатындығын байқадық. Сол арқылы ойын еркін, әрі нақты жеткізген. Сол арқылы қарсылас ақынның қасиеттерін танытып, өлеңнің эмоциолық басуын қалыңдата түседі.
Ақындық өнердің шарықтауын табиғат құбылыстарына жаратылыс көріністеріне балануынан, адам мен табиғат арасындағы ұқсастықты, бірлікті, жалғастықты көремiз. Ал бейнелі теңеулерді қолдану арқылы айтыс өлеңдерінен ақындық сезімнің, әдемілілікті түсінудің өмір шындығымен байланысып жатқаны байқалады.
2.3.2 Эпитеттің қолданылуы
Эпитет дегеніміз – көркем анықтауыш. Сөз жоқ көркем анықтауыш пен грамматикалық анықтауыш бәір әнірсе емес. Мәселен, М.Әуезов шығармаларында кездесетін «жүйрік» сөзінің эпитеттік қолданылуындағы түрлі реңктерін көрсетуге болады. «Жүйрік» тура мағынасында жүйрік ат, жүйрік поезд болып анықтауыштық мінде қолданылады. Мыс.: 1. Кешеден бергі Абайдан ұққан сөзінің бәрін жиып кеп, жүйрік тілмен түйді. 2. Шешесінің жүйрік көңілі қыс бойы елге қайтпаған баласының аңғарып қалып, қалаға келгеннен бері ақырын бағып жүр еді. 3. Абай үншіл жүйрік домбыраны әдейі Әйгерім үшін тартатын сияқты. 4. Жазықсыз жүйрік қарттың сөзін тыңдап отырғанда, қатар жарысқан бір жол өлең оралады.
Осы сөйлемдердегі жүйрік тіл (шешен тіл), жүйрік көңіл (сезімтал, сезгіш), жүйрік қарт (шешен тіл) деген мағынада өолданылып тұр. әрине бұл жерде контекстің ролі де айрықша.
Сонымен эпитет болу үшін, сол нәрсені анықтай көрсетумен қатар, оның тигізетін әсері, бейнелілік қасиеті болу керек.
Ал, олай болмай, нәрсенің жай қалпын, сынын білдіру үшін қолданса, эпитет емес, сын есім не анықтайды сөздер ғана болады.
Эпитет тілдің барлық деңгейлерімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүретін, өзінің эпитеттік мағынасы мен қызметін, сол деңгейлердің көмегімен жүзеге асыратын күрделі тілдік құбылыс.
Осы орайда эпитетке төмендегідей анықтама бердік: Эпитет дегеніміз – кем дегенде екі сөздің тіркесуінен тұрады, бірінші сыңары (компоненті) коннотатативті, екінші сыңары деннотативті, өз ара қабыса байланысқан, көркем, бейнелі, образды тілдік конструкция.
Эпитеттер еркін (поэтикалық) және тұрақты (тілдік) болып екіге бөлінеді. Еркін эпитеттің де тұрақты эпитеттің де негізгі мағынасы – эпитеттік мағына. Бұл екеуінің арасында ешқандай семантикалық айырмашылық болмайды. Олардың атқаратын стильдік қызметі де ұқсас. Эпитет категориясының бұл екі затты болмаса құбылысты эмоционалды жағынан тиімді, экспрессивтік мағына әсерлі етіп суреттейді мақсат етеді. (19.21)
Тұрақты (тілдік) эпитеттер мен еркін (поэтикалық) эпитеттердің осындай мызғымас байланыстары болумен қатар, олардың бір-бірінен өзгешелігі де жоқ емес. Тұрақты эпитет – тілдің фразеологиялық жүйесіне енетін тілдік штамптар, ал еркін эпитеттер – жеке ақын-жазушылардың творчестволық лабораториясында дүниеге келген жеке авторлық сөз кестелері. Тұрақты эпитет фразеологиялық бірлік (единица) екені белгілі болды. Себебі ол міндетті түрде тұрақты сөз тікесі ретінде өмір сүреді, сыңарларының құрамы тұрақты болып, бүтін бір мағынаны береді, көбінесе ауыспалы мағынада жұмсалады. Сондықтан эпитетті узуалды (тұрақты) және окказионалды (еркін) деп екіге бөлдік.
Тұрақты эпитеттер – ежелден қалыптасып, тілде әбден сіңісіп кеткен образдық конструкциялар. Мәсеклен, алты алаш деген тұрақты тіркестің анықтаукыш компонентті он, қырық сандарымен ауыспайды. Сол сияқты қырық сан Қырым елі деген тұрақты тіркес, отыз сан Қыврым елі деп айтылмайды. О баста, бұл эпитеттердің нақты бір мағынаға қырық ру – тайпадан немесе алты тапайдан құралған этникалық топтың атау ретінде қарастырған болу керек, бірақ келе-келе бұл анықтауыштар тұрақты тірксе компонентін құрап, поэтикалық фразеологизм элементіне айналған. (19.17)
Эпитеттің зерттелу тарихы ертедегі грек ғалымдарынан бастау алған. Ұлы оқымыстылардың пайымдаулары ағылшын, француз, неміс, орыс тағы басқа тілдерде эпитет жөніндегі ілімінің ілгері дамуына әсер еткен.
А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде эпитет жайында алғаш теориялық тұжырым жасаған. Ол: «бір нәрсені көптен айырып көзге түсерлік етіп, айтқымыз келгенде ол нәрсенің атына айқын түсерлік етіп, сөз қоысп айтамыз. Мәселен, «Қара Мұқан», «Сары Мұқан», «Болыс Мұқан» дейміз. Мұнда Мұқандардың бір-бірінен айырып, әрқайсысын айқын шығару үшін Мұқан деген сөзге басқа сөздер қосып отырмыз… Асылында айқындау нәрсені көркейту үшін айқындалады, я лақаптау үшін айтылады», — деп көрсетеді. Эпитет туралы Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, З. Ахметов және т.б. ғалымдар өз түйіндерін айтқан.
Эпитет дегеніміз – көркем анықтауыш, автордың айтайын деген ойын да бейнелі түрде жеткізетін образды сөздер мен сөз тізбегі екені белгілі.
Қиюласқан эпитеттерді ХІҮ ғасырда жазылған «Мұхаббат-наме» дастанынан да кездестіруге болады. Мысалы:
Урур нәргис ларниң навәкни жан ға,
Күлар черхрәң чечек тек арғаван ға
Нәркес көздің кірпігі жанға қадалар,
Арғаван гүліндей жүзінде күлкі ойнаса.
Айтыс ақындары тілінде эпитеттің көркем түрлері кездеседі. Эпитет бірыңғай портрет құрайтын теңеу, метафоралармен тіркесіп келіп бір-біріне көркемдік ықпал жасайды. Мысалы, Сара:
Майысып нәзік белім бұраң қаққан.
Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды гауһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ,
Болғанда аузым – сағат, ернім – қақпақ.
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,
Дәл бойым ұзын да емес, қысқа да емес.
Ақын қыздың нәзік белі, қырық түрлі дана кеудесі, бұлбұл тілі, ажымсыз аппақ он саусағы, қызыл жібек маңдайы, ұзын да емес, қысқа да емес бойы – бәрі де он үште домбыра алып сөз сөйлеген бір Сараның бойынан табылады. Ақын Сара сыртқы бет-бейне сұлулығын суреттей отырып, әншілік, орындаушылық, шешендік, суырып салмалық өнер иесі екендігін, яғни бұлбұлдай тілін бедермеген, тоқталмай жүретін гауһар сағатқа теңейді.
Бұл мысалдардағы эпитеттер сын есім + зат есім, зат есім + сын есімдердің тіркесуі арқылы жасалған.
Оразалы тіліндегі эпитеттер өзінен бұрынғы өзімен қатар ақындар тілінен өзгеше. Эпитеттер ақынның көңіл-күйімен үндесіп, небір көркем тіркестер құрайды. Ақын бірде қарсыласына «Қас шебердей қашаған ирек тастан», «Айықпас ақ борандай айта білсең» деп эпитетті теңеуді қолданса, бірде «Жырлашы ойдың шалын сүріндіріп, сүбелі сөздің аса таяғына» деп сөзді жай емес, сүбелі сөз дейді.
Оразалының айтыстары көркем де, жүйелі эпитетке толы. Мысалы Бекарыспен айтысында:
Сиқырын түрлендірсем сырлы әуеннің,
Көңілі көншігендей сұңғақ елдің.
Сары бидайын сапырған сары қымыздай
Асау өзен адасса ағысынан
Тұлпар да жаңылады шабысынан
Мұндағы «сырлы әуен», «сары бидай», «сұңғақ ел», «асау өзен» зат есіммен сын есімнің қабыса байланысуы арқылы жасалған эпитеттер. Мұндай эпитеттерге тағы мысалдар келтірсек. Мысалы Еркінмен айтысында:
Домбырамды қағайын
Әсем әнге салайын
Ринатпен айтысында:
Тапалап көк бедені сабан қылған
Сен неге осқырындың жаман құнан
Қақпалап бас үйретіп сыңар езу
Немесе:
Бабамдай болам деп жүрмін,
Түйінді сөзбен түйреген.
Серікпен айтысында:
Бекежан Төлегеннің атын алған,
Болған жоқ алда, шіркін асыл арман
Тілдік тұрғыдан қарастырған Г.Ө. Мұхаметқалиева өзінің ғылыми-зерттеу еңбегінде: «Эпитет тіл мен әдебиетке ортақ мүлік болғандықтан, оларды қабысқан жерінен орайлас, шарттас қарастырған жөн», — дейді.
Оразалы тiлiнде тұрақты (тілдік) эпитеттер мен еркін (поэтикалық) эпитеттердің осындай мызғымас байланыстары болумен қатар, олардың бір-бірінен өзгешелігі де жоқ емес. Оны жоғарыдағы мысалдардан анық аңғарамыз.
Тұрақты эпитеттiң де қолданылуы – тілдің фразеологиялық жүйесіне енетін тілдік штамптар мен еркін эпитеттер творчестволық лабораториясында дүниеге келген жеке авторлық сөз кестелері деуiмiзге әбден боладыСебебі ол міндетті түрде тұрақты сөз тікесі ретінде өмір сүреді, сыңарларының құрамы тұрақты болып, бүтін бір мағынаны береді, көбінесе ауыспалы мағынада жұмсалады. Сонымен ақын тіліндегі көркемдік тәсілдердің троп түрлерімен тығыз байланысты екенін анық байқадық. Олардың тілдік ерекшеліктері мен лексикалық, морфологиялық құрылымдарындағы байланыстардың маңызы зор екенін мысалдан көруге болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Айтыс – халықтың бай мұрасы. Айтыс тілінің көркемдік ерекшеліктерін зерттеу қай кезде болмасын маңызын жоғалтқан емес. Айтыс өлеңдеріндегі сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелілік сипат-қасиеттерін сөз еткенде ауыспалы астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге тоқталу маңызды.
Айтыс ақындар тіліндегі троптардың ерекшеліктерін О.Досбосынов айтыстары бойынша қарастыру өз нәтижесін көрсетті.
Бітіру жұмыстың кіріспесінде айтыс жанрының зерттелу маңызы мен тақырыптың өзектілігі, мақсат міндеттері, әдіс-тәсілдері қарастырылды.
Негізгі бөлім екі тараудан бірнеше тараушаларды қамтыды. Мұнда “Айтыс ақындар тіліндегі троптардың қолданылу ерекшеліктерін ” айтыскер ақын О.Досбосынов айтыстары бойынша зерттеп, зерделеуге тырыстық. Қыршынынан қиылған ақын өміріне оның шығармашылығына үлкен мән берілді.
Айтыс тілінің көркемдік әлемі – оның бүкіл болмысы, ақынның айтыстарындағы тілдік қолданысында айқындалды. Көркем сөз өнеріне елеулі үлес қосқан айтыскер ақын О.Досбосыновтың шығармашылығын тілдік тұрғыдан талдап көрсете отырып, әдеби тілдің көркемдік нормаларын, соған сәйкес эстетикалық принциптерді қалыптастырудағы орнын анықтау зерттеудің өзекті мәселесі деп білеміз. Ақын тіліндегі троптардың түрлеріне кеңінен тоқталып, өзге айтыс ақындар тілінің ерекшеліктерімен салыстара қарастырылуы, оларға жеке-жеке тоқталу да өз маңызын арттырды десек артық айтпаған болар едік.
Троптың негізгі түрлері метафора, метонимия, синекдоханың қолданылуы мен көркемдік тәсілдер эпитет пен теңеудің мәнін ашуға ұмтылып, олардың өзара байланыстарына ерекше мән беріп, мысалдармен дәлелдеуге тырыстық.
Қорытынды да, негізгі бөлімде айтылған ойлар, тілдік талдаулар жүйеленді. Оразалының айтыстарының тілдік маңызы әлі де айқындауды, зерттеуді қажет етеді.
Оразалы – қазақтың ақындық өнеріндегі бұрынғы және қазіргі көркемдік дәстүрді жалғастыру жауапкершілігін перзенттік, отаншылдық сезімімен жырлаған ақын. Ол айтыстарында қазақтың мыңдаған жылдардан бері ұрпақтарды тәрбиелеп келген поэзияның киелі құдіретін нағыз, сыршыл, ұлттық көңіл-күй тебіренісінің терең мағыналы бейнеліліктермен жырлады
Белгілі ғалым М.Жармұхамедовтың: «Қашанда айтыс – қоғамдық-әлеуметтік болмыстан тыс дамымайды. Оның құндылығының өзі де сол өмірдің шындығын қаншалықты терең әрі шебер бейнелейтіндігімен сипатталып отырады. Қарсылас екі ақын айтысында да сол шындық басты өлшемге айналады,»- деген тұжырымы дәлелді тұжырым. Демек, айтыс ақыны — өз дәуірінің ақ берен рухты адал перзенті. Оразалы да қазақтың маңдайына біткен осындай адал перзент. Оның айтыстарындағы тілдік ерекшелік, троптың түрлері поэтиканың қайталанбас бөлшегі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Айтыс. — Алматы: Жазушы, 1965
- Ақындар айтысы. – Алматы, 1958
- Сыздықова Р.Ғ. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993
- Әуезов М.О. Айтыс // Қазақ әдебиетінің тарихы: Т.1. – Алматы: ғылым академ. баспасы, 1960
- Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. – Алматы: Ғылым, 1976
- Жармұхамедов М. Айтыс. – Алматы: Білім, 1990
- Жармұхамедов М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұратас, 2001
- Қазіргі айтыс / құраст.: Айтұлы Н., Дүйсенғазин С., жалпы ред. басқ. Жолдасбеков М / — Астана: Күлтегін, 2004
- Қазіргі айтыс / құраст. Нұрахметұлы И., Дүйсенғазин С / Астана: Күлтегін, 2004 (1-кітап)
- Қазіргі айтыс / құраст. Нұрахметұлы И., Дүйсенғазин С / Астана: Күлтегін, 2004 (2-кітап)
- Дуанаева С. Қазіргі ақындар айтысы: филология ғ.к.ғ. дәрежесін алу үшін дайындаған дисс. авторефераты, 1997
- Нұржекеева Л. Метономияның лингвистикалық табиғаты. Алматы, 1998
- Хасенов Ә. Тіл білімінің теориялық және практикалық мәселелері. Алматы, 1985
- Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы, 1969
- Байтұрсынов А. Шығармалар. Алматы, 1989
- Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1965
- Хасенов Б. Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы. А., 1966
- Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. Алматы, 1978
- Мұхаметқалиева Г.Ө. Тұрақты эпитеттердің тілдік табиғаты: канд.дисс.автореферат,-Алматы,1995
20.Құсманова К.А. “Біржан –Сара айтысының” тілдік ерекшеліктері. филол.ғыл. канд.дисс. Алматы, 1997
- Әлімбаев М. Айтыс арқалылардың өнері: Өріс алып келе жатқан айтыстар жайлы // Соц. Қазақстан. – 1990.-7 сәуір
- Әмірбаев М. Қазіргі ақындар айтысы және әлеуметтік өмір // ҚазМУ хабаршысы. Журналистика сериясы. – 1999. №5. –63-67б.
- Жүрсін Е. Айтыс деген әлем бар // Түркістан. – 1999. – 6 қаңтар
- Қайратұлы Б. “Айтыстың сағындырған саңлақтары” хақында толғау // Астана ақшамы. – 1999.-23 желтоқсан.-3б
- Қайратұлы Б. Алаштың ақтаңгер ақындары // Астана ақшамы. – 2001.-2 қазан (№120). – 3б
- Қайратұлы Б. Түбі терең текті өнер // Астана ақшамы. – 2002.- 17 қаңтар (№8).- 4б
- Қоңыратбай Т. Айтыс — өнер бәйтерегі // Алматы ақшамы. – 2004.- 6 қаңтар (№1).-3б
- Мұстафина М. Айтыстың бұрынғы және қазіргі мәні // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2003. -№ 9. 98-102б
- Мұстафина М. Айтыстың көркемдік сипаты мен құдіреті // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2004.- № 2 112-114б
- Шәріп А. Айтыс поэтикасы: түлеу мен түрлену // Қазақстан мектебі. – 2003.-№ 8. 54-56б
- Дуанаева С. Айтыс және тыңдаушы // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1997.-№ 1-2.- 112-116б