М а з м ұ н ы
Кіріспе ………………………………………………………………………………………..
1 Бауыржан Момышұлының шығармашылық лабораториясы…………………………………………………………………………..
1.1 «Ұшқан ұя» повесі – шығармашылық өмірбаян негізі………..
1.2 «Москва үшін шайқас», жазылу тарихы……………………………
2 Әңгімелері, публистикалық шығармаларының
стильдік ерекшелігі……………………………………………………………
2.1 Бауыржан Момышұлы – тәуелсіздік идеяларының
ұйытқысы……………………………………………………………………………
Қорытынды……………………………………………………………………………..
Пайдаланылған әдебиеттер………………………………………………………
К і р і с п е
Тақырыптың өзектілігі:
«Ежелден ер тірегі – ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса ел тілегі»,-
дейді Бауыржан Момышұлы. Ия, ер азаматқа бақыттың ең үлкені – халқына қадірлі болу. Ерте заманнан халыққа қандай адам қадірлі болған деп қарасаң кімде – кім ел-жұртын жаудан қорғауда айрықша ерлік көрсетсе, халық қамын ойлап, елі үшін ерекше еңбек сіңірсе, сол адам ерекше көзге түскен, даңққа ие болған, сүйіспеншілігіне бөленген. Халқымыздың сондай дара ұлдарының бірі – Бауыржан Момышұлы.
Бауыржан Момышұлы дегенде екі бірдей бейне көз алдымызға келеді: бірі – батырдың бейнесі де, екіншісі – жазушының бейнесі. Бойынан осы екі қасиеттің бірі табылып, бірі табылмағанның өзінде Бауыржан халқының асқан ардақтыларының бірі болар еді. Ал, екеуі бірдей табылған жанды неге теңерсіз?! Бауыржан тұлғасына тамаша жауынгерлік сипат пен әдеби творчестволық сипаттың ғажап сиысқандығына таңданбасқа да, тәнті болмасқа да мүмкін емес.
Бүгінгі біздің сөз етейін деп отырғанымыз Бауыржанның батырлық, жауынгерлік, азаматтық бейнесі емес, оның жазушылық бейнесі.
Дей тұрғанмен, Бауыржанның атын атағанда бұл екі қырын бір – бірінен бөліп алып қарау мүмкін емес сияқты. Себебі, ол жайлы жазылған әрбір туындыға Баукеңнің өзінің кейіпкерлік қана емес, авторлыққа пара-пар қатынасы бар [1; 84 б].
Тарихта теңдесі жоқ, қаһарман соғыстың жарқын эпизодтарын ақын – жазушыларымыз шығармаларындағы көркем образдар арқылы суреттеді. Ұлы іскер көркем шығармаларда онан да зор, онан да алып күшке ие болып, халықты ұлы жеңіске бастады. Қарапайым Кеңес адамдарының жан қиярлық істерін көпке үлгі етіп көрсетіп, жұртты жауға қарсы мейірімсіз күрес ісіне жұмылдырды.
Жалпы Кеңес Армиясының, оның ішінде Қазақстандық жауынгерлердің ерлік, батырлық істері тек қазақ жазушыларының ғана емес, сонымен бірге орыс ақын, прозаиктерінің шығармаларында да суреттелді.
Жазушы Александр Кривицкий «Москва түбіндегі қарауыл» повесін панфиловшылардың көп ұлтты сегізінші гвардиялық дивизиясы ерлігіне арналған болатын.
Кітапта қаһарман жауынгерлердің бірі – Бауыржан Момышұлы туралы әңгіме шертеді. Мұнда батыр Бауыржанның кескін-келбеті, ой-қиялы айшықты бейнелейді. Жазушы повесінде Бауыржан Момышұлының талантты әскери қолбасшылық, ғажап ақылдылық, ұстаздылық сипаттары тоғысқан образын жасайды.
Қатардағы солдаттан полковник дәрежесіне, взвод командирінен дивизия командиріне жеткен атақты гвардеец Баукең жайлы жазылған көркем шығарма – бұнымен ғана шектелмейді.
Баукеңнің айбынды бейнесі сомдалған көркем шығармалардың қатарында Д.Снегиннің «Шалғай шептерде» және «Шабуылда», Александр Бектің «Арпалыс», М.Ғабдулиннің «Менің майдандас достарым», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» тағы басқа шығармаларды атауға болады.
Бұл көркем туындылардың қай-қайсысын алып қарасақ та, Баукең өзінің нақты тұлғасымен, ерлік іс-әрекетімен, терең ой –мүддесімен, айрықша мінез-құлқымен ерекшеленеді. Аталған шығармалардың кез-келгенінде Бауыржан образының соншалықты жанды, әсерлі, ақиқат нанымды болып шығуының үлкен себебі бар. Ол – Бауыржанның осы туындыларға кейіпкерлік қана емес, авторлыққа бара-бар қатынасы.
Мысалы, Александр Бектің «Арпалысын» алып қарайық. Бек бұл кітабын жазудан бұрын майданда болып, Бауыржан қатынасқан көп оқиғаларды өз көзімен өткерген, майдан өмірін әбден зерттеп, соғыс шындығынан тікелей әсер алған, ең бастысы, өзінің сүйікті кейіпкері Бауыржанның жинаған материалын, бақылауларын, әсерлерін молынан қорытып, іске асырған. Кейін Бауыржанның өзі жазған мемуарларды сол «Арпалыстың» жалғасы сияқты әсер етеді.
Сол Бауыржан кейіннен өзінің дарынды жаратылысының жаңа бір жақтарын көрсетті. Ол оның жазушылық қызметі. Бұл салада да Баукең ауыз толтырып айтарлық құнарлы жемістер берді. Ол ұлттық прозамыздағы саяси, әскери тақырыпты биік идеялық-көркемдік тұғырға көтеруші М.Ғабдулин, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов сияқты майдангер қаламгерлердің алдынғы легінде болды. Соғыс сұрапылы мен адам психологиясын деректі нақтылық, алуын сырлы сезім нанымдылығымен суреттеуде дара дәстүр сілемдерін қалдырды, озық шеберлік үлгілерін көрсетті [2; 4 б].
Баукеңнің қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Куба әскерлері» сияқты көлемді туындылары мен «Ана әмірі», «Грицкомның сағаты», «Көк төмпеш», «Сезікті қыз», «Өлтір оны», «Хат» тағы басқа әңгімелері, көптеген публицистикалық мақалалары оқырман қауымның сүйікті туындыларына айналғангы даусыз.
Халық жүрегінен ерлік бейнесімен, әрі жазушылық қырымен орын алған Бауыржан Момышұлының көркем шығармаларына деген қызығушылық бізге диплом жұмысымыздың тақырыбын «Бауыржан Момышұлының шығармашылық лабораториясы» деп таңдап алуымызға себеп болды [3; 325 б].
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері:
Б.Момышұлының шығармашылық лабораториясына зер сала отырып, жазушы шеберлігін көрсету; қымбат қасиет, сирек сипаттың бәрі бір бойына жиналған біртуар азамат ұлдарымыздың бірі – Бауыржан Момышұлының қаламынан туған көркем шығармаларының жазылу тарихын, көркемдік стильдік ерекшелігін, ондағы көркем бейнелер галереясын талдауды негіздеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы:
— қазақ әдебиетінің даму сипаттары аясында Бауыржан Момышұлының қаламынан туған көркем шығармалары жүйеленіп, ерекшеліктері анықталды.
— Бауыржан Момышұлы мұраларының көркемдік-эстетикалық құндылықтары ғылыми тұрғыда сараланды.
— Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиеті тарихындағы орны дәйектелді.
Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізіне белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары басшылыққа алынды. Сөйте отырып дипломшы тарапынан өзіндік ой қорыту, салыстыру жұмыстарын жүргізу де диплом жұмысының негізгі нысанасы болып табылады. Диплом жұмысының корытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде қолдануға болады.
Диплом жұмысын зерттеу әдістері: Материалдар қорын жинау, өңдеу, талқылау; көркем бейнелердің жасалу ерекшелігін талдау; автордың әңгімелері мен публицистикалық шығармаларының стильдік ерекшелігін көрсету.
Диплом жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде диплом жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеті, зерттеу әдістері сөз болады. Негізгі тарауларда Б.Момышұлының қаламынан туған көркем туындыларына әдеби тұрғыда талдау жасалынды.
Қорытындыда диплом жұмысының негізгі мазмұны тұжырымдалды.
1.1 Бауыржан Момышұлының шығармашылық лабораториясы
Ұзақ тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп, ұлттық мақтанышына айналған даналар аз болмаған. Қымбат қасиет, сирек сипаттың бәрі бір бойына жиналған сондай біртуар азамат ұлдарымыздың бірі – Бауыржан Момышұлы.
Сұрапыл соғыстың отты жылдарында ерлігі мен даңқы асқан жас қазақ офицерінің атын жеңістер шежіресінің алғашқы беті жазылмай жатып-ақ, жарық жалған естіп-біліп, жалпақ далаға жария қылған еді. Аты аңызға айналған Бауыржаннның батырлығы мен батылдығына жұрт түгел таң қалған-ды. Қай майданда қайсар сарбаз да, қайсар сардар да аз болмаған. Бірақ қатардағы батальон командирінің қайсар ақылына көрген де, естіген де бірдей таңдай қатты.
Сол қаһарлы жылдары жас қазақ ақынның жан-жүрегін жарып шыққан:
Жатса да алыс
Алабұртып қан майдан,
Есіміңді есітеміз
Шалғайдан:
Сен сүйетін
Сарыарқаның самалы,
Жетісуда
Сені тосып сарғайған
Құлдық! – дейміз
батыр деген даңқыңа.
Сені туған
Қалық қазақ халқыңа:
Қуанамыз
ерлігіңе, ағажан
Дақ салмаған
Дана баба даңқыңа,-
деген жалынды шумақтары көптеген ұлттар мен мемлекеттердің ең дуалы ауыздары алуан тілде шын көңілден қостаған ерлік дастанына жалғасты.
Даңқы шығып, аты аңызға айналған Бауыржан жайлы қалам тербеп оның бойындағы айрықша қасиеттерін көркем тілмен кестелеп бере білген, оны көркем шығармасының сүйікті кейіпкеріне айналдырған қаламгерлер кемде-кем десек артық айтқанымыз емес.
Оған Кривицкийдің «Москва түбіндегі қарауыл», Д.Снегиннің «Шектерде» және «Шабуылда», Александр Бектің «Арпалыс», М.Ғабдулиннің «Менің майдандас достарым», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» тағы басқа шығармалар дәлел болады. Дегенмен, осы саладағы еңбектердің алғашқысы, әрі сүбелісі Александр Бектің «Арпалыс» атты туындысы болатын. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі оқырмандар әлемінің негізгі тілдерінің бәріне дерлік аударылып, миллиондаған тиражбен басылып шыққан бұл кітапты оқу арқылы бір Бауыржанды ғана танып қоймай, бүкіл қазақ халқының ерлік сипатын, дархан мінезін тани түсті. Оқып қана қойған жоқ, екі көзі оттай жанған, алмас қылыштай жарқылдаған жас құдіреттің жас қазақ офицерінің сымбатына қызыға қарады [4; 142б].
1943 жылы «Знамя»журналының бесінші санында Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» деген повесінің басы жарияланды. Қан майданда оқ пен оттың арасында жүрген әрбір жауынгер осы шығарманы күндіз шабуыл саябырсығанда күннің жарығымен, түнде айдың сәулесімен оқыды. Тіптен Панфиловшылардың ерлік істеріне сүйсінген жауынгерлердің кейбірі түнде зеңбіректің қасына келіп отырып, аккумулятордың жарығымен оқыды. Бұған алыстан дәлел іздемей – ақ жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естеліктері мысал болады.
Бұл шығарма жауынгерлердің жүрегіне оқ жақты, рух берді, бойына ерліктің дәнін септі. Әлемге танымал бұл еңбегінде Александр Бек Бауыржанның атын шығарса, Бауыржан Александр Бектің атын шығарды. Оқырман қауымның сүйіспеншілігіне бөленген осы туындыда автор Бауыржанның өз тұлғасын тамаша сомдап шықты [4; 6-7 б].
«Қатардағы солдаттан полковник дәрежесіне, взвод командирінен дивизия командиріне жеткен атақты гвардеец Бауыржан Момышұлын білмейтін жері жоқ десек асырып айтқан болмаймыз. Жақсылық жатпайды. Ұлы Отан соғысы аяқталмай тұрған кездің өзінде-ақ батальон командирі Бауыржанның даңқы жер жарды. Аты жөнін сырттан естіген өзіміз халқымыздың қаһарман ұлының кескіні мен келбетін бір көруге құштар болдық. Кейін Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын оқығанда, Бауыржанның өзін көргендей, тіпті көп жыл таныс, сырлас болғандай әсер алдық. Шындықты айтқан шынайы көркем шығармаға не жетсін. «Арпалысты» мен әсіресе нағыз шындығы үшін, Бауыржанның бейнесін айнытпай, бұлжытпай жарқын түсіргені үшін жақсы көрдім»,-деп жазды М.Қаратаев.
Халық жүрегінен ерлік бейнесімен орын алған сол Бауыржан кейіннен өзінің дарынды жаратылысының жаңа бір жақтарын жарқыратып көрсетті. Ол оның жазушылық қызметі.
Соғыс жылдарының әйгілі батыры бейбіт замандағы жазушылық сапарында да ірі ерліктер жасады.Ол ұлттық прозамыздағы саяси,әскери тақырыпты биік идеялық-көркемдік тұғырға көтеруші.
М.Ғабдуллин, Шәріпов, Қ.Қайсенов, Т.Жангелдин, Қошқарбаев сияқты майдангер қаламгерлердің алдыңғы легінде болды.Соғыс сұрапылы мен адам психологиясы деректі нақтылық, алуан сырлы сезім нанымдылығымен суреттеуде дара дәстүр сілемдерін қалдырды, озық шеберлік үлгілнрін көрсетті [5; 68 б].
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылынды дүниеге келді. Аз сөйлеп, көп түйетін, бабы келсе, даналық нақыл сөздерді ақтарыла айтып салатын ойшыл әкесі Момыштың 53 жасында көрген жалғыз ұлы екен. 1928 жылы Шымкенттегі жеті жылдық мектеп-интернатты бітірген Момышұлы мұғалім, аудандық атқару комитетінің хатшысы, милиция бастығы қызметтерін атқарды. 1932 жылы әскери міндетін өтеуге алынып, бір жарым жылдан кейін запастағы командир болып оралған Бауыржан Шымкент пен Алматының өнеркәсіп банктерінде, экономистік жұмыстарында жүреді. Арасында Ленинградтағы финанс академиясының жанындағы арнайы курсты үздік бітірді.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына қайта шақылырған Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында взвод командирінен гвардиялық дивизия командирі дәрежесіне көтерілді. Соғыстан кейінгі жылдары бас штаб академиясындағы оқуын аяқтаған гвардия полковнигі 1956 жылға дейін әскери академиялардың бірінде дәріс оқиды, ғылыми – педогогтік еңбекпен айналысады.
Әскер қатарында жүріп, ара-кідік өлеңдер жазған Бауыржанның ақын жанды адам екендігі, туған елін, дос-жаран адамдарын ақын жанымен жақсы көретіні, айнала дүниеге, әсіресе туған жер табиғатына ақын көзімен қарайтыны, ақын жүрегімен тебіренетіні анық байқалады. Әйткенмен әдебиет саласында жазушының өндіріп қызмет еткен кезі соғыс біткеннен кейінгі жылдар. Мұнда ол қаруды тастап, қаламды қолына алған болатын. Оның бойындағы творчестволық таланты кең қанат жайған кезі де осы уақыттан бастап.
Жауынгерлік еңбегі, қаһармандығы үшін Қызыл ту, І-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған, Александр Бектің повесіндегі негізгі батыр кейіпкерге айналған Б.Момышұлы творчестволық еңбегі үшін 1958 жылы құрмет белгісі орденімен наградталып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды, «Еңбек қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерін алды.
Баукеңнің «Ерлік пен жеңіс үшін» деген мақаласы 1942 жылғы жиырма төртінші қыркүйекте «Социалистік Қазақстан» газетінде басылуына қарағанда, болашақ батыр жазушының қиялын тербеген ой ертеден бүршік жарған сияқты. Ә.Нұршаықовтың әңгімесінде өзі соғыс кезінде жүргізіп, кейіннен қызғыштай қоритын он үш күнделік дәптерін көрсететін Бауыржан Момышұлы әдеби шығармаларына алынатын сарқылмас деректі оқиғалар мен бұлжымас фактілердің қайнар көзіне мегзейді. Сол отты дәуірде жан лапылын өлең жолдарына айналдырып көрген ер көңіл, шешен, жас командир өз ойынан шығарған тапқыр, тақпақ сөздердің түп-тарихы туралы: «Мақал-мәтел-өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерің мен шақтарың бар, сол қысылшаң кезден құтылғаныңды ойыңмен өрнектеп, сөзбен кестелесең, нақылға айналады… Қарамағымдағы жауынгерлер маған тек бағынышты ғана болған жоқ. Олардың ішінде ақылгөйлері де көп болды. Кейде солардың ауыздарынан маржандай асыл сөздер атқылап жатады. Мен елден естігенімді ойменен елеп, екшей бердім. Екшегенімді ерінбей қағазға түсірдім»,-деген екен(6.299 б).
Бауыржан жаратылысынан ақын, суреткер адам. Ол таусылмас қайраттың, үлкен шабыттың адамы. Бұл оның жауынгерлік өнерінде қандай көрінсе, жазушылың өнерінде де сондай көрініп отырды. Бұған Баукеңнің қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Куба жерлері», «Москва үшін шайқас» сияқты көлемді туындылары мен «Ана жері», «Грицконың сағаты», «Көк төмпеш», «Сезікті қыз», «Өлтір оны», «Хат», тағы басқа әңгімелері, көптеген публицистикалық мақалалары дәлел болады.
1.1 «Ұшқан ұя» повесі – шығармашылық өмірбаян негізі
Жауынгер жазушының қаламынан туған алғашқы көлемді шығармасы – «Ұшқан ұя». Бұл Бауыржанның балалық шағын баяндаған, өскен тәрбие алған ортасын суреттеген өмірбаяндық шығармасы. Повестің бірсыпыра көріністері С.Мұқановтың «Менің мектептерім» мен М.Әуезовтың «Абай» романындағы суреттелген қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрып картиналарын еске салады. Алайда, «Біздің семьяда» Бауыржан Момышұлының өзіндік түсінігі, өзіндік дүние тану тұрғысы және өзіндік көркем суреттеуі көзге түседі. Бұл повесть жазушының өзіне тән суреткерлік бетін танытты. Шыншылдық, нақтылық, өмір материалын жетік білушілік жазушыға көпптеген көп қажет қасиеттер.
Қалық халық ортасында, қарапайым семьяда туып-өскен, жастай шешесі өліп, ақылды ана, қарт ана, үлкен әжесінің қолында тәрбиеленген Бауыржанның жасынан сезімтал, елгезек, ойшыл болып өскен көреміз. Бала кезінен көрген білгені, өмірден алған әсері жүрегіне жазыла берген тәрізді де, қар сондай бойына сіңе берген тәрізді, енді келіп сол жан түкпіріне іркілген қор есейген шағында, өмірдің ауыр кешуінен өткен шағында бұлақ суындай қайнап, бұрқылдап сыртқа шыққан тәрізді. «Біздің семьяны» қызығып оқисың, сүйсініп оқисың. Бауыржанның жастық шағын өз басыңнан өткергендей сезімге бөленесің. Мұның сыры неде? Мұның сыры шығарманың көркемдік, суреткерлік қасиеттерінде, сыншылдық сипатында. Повесте шиыршық атқан сюжет жоқ. Бар әңгіме бір семьяның тағдырын, он-он бес жыл ішіндегі бастан кешірген өмір құбылыстарын баяндайды. Сондықтан шығарманың тартымдылық себебін автордың әлгі айтқан суреткерлік қабілетінен әңгімешілдік шеберлігінен, ағынан жарылып, ақтарыла адал сөйлейтін адамгершілік сарынынан табамыз. Мысалы, повесте автор үлкен әкесі Имаш, өз әкесі Момынәлі жайында былай әңгімелейді:
«Менің бабам Имаш 1911 жылы тоқсан екі жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момынәлі екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса сабырлы, ажарлы, ақ дидирлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ. «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық. әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасында да салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Оған әжем:- Әй қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп тілеймін. Тым болмаса немерелеріңізді жиіркенбей сүйейін,- дейді екен.
Бір кезде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу баста домалайды. Кемпір – сампырлар ілесіп менің Қызтумас әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп, киіз үйден шыққан айтыс әнің естіп қалады.
— Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала,
Басындағы орамал жасыл – ала.
Көңілің бізде болса, а құдаша,
Біразырақ отыршы қасыңа ала.
Қыздың даусы жайдары естілседе, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «Жақсы жігіт» дегенді жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны сезіпті.
Қарашаға, ендеше, қарашаға,
Кисе киім жарасар аласаға.
Бас қосыптық бұл тойда, жақсы жігіт
Өлең айтсақ болмайма тамашаға.
Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай ынтық көңілін ұсына беріпті:
Мыңбұлақтың сулары сылдырайды,
Сұлу қыздың бұрымы бұлдырайды.
Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем,
Ескергейсің ендігі біздің жайды.
«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен», — деп әжем есіктен сығалап қараса:
Қара батыр, құдаша, қара батыр.
Жау қайырар жасқанбай дара батыр
Тәңір айдап өзіңмен бас қосыппыз
Осы келе сіз жаққа бара жатыр, —
Деп бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып тұрған өз Момышы екен. Әжем сонда ұлына айқай салып:
— «Өзің қазанның күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса не болмақ, құдайым – ау!- деп баласын үйден қуып шығыпты».
Әкем содан айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре 33 жасында Байтана руынан Әбдрахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Рәзияның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілер Үбиан, Сәлима, Әлима кілең қыз бала болады.
Момыш әкемнің айтуынша, мен 1910 жылдың қасында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шақырып әкеме де хабаршы жіберіпті.Біздің ауылдың Байтоқ деген кісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпейісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп қорқып қалады. Ақыры бәрі Байтоқты жұлмалай «не болып қалды, айтсаншы» деп тақақтағанда ғана, Байтоқ:
— «Жеңешем ұл тапты», — депті. Үрейден үрпейіскен жұрт енді мәз-мейрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай Байтоққа сүйіншісің беріп аттандырыпты.
Осылай жан сырындай сақталған естеліктерден сұрапталып, сомдалып жасалған адам образдары шығармада жаңадан өмір сүргендей әсер туғызады. Сырттай қатал, іштей мейірімді азиз жан, ардақты әженің образы бір тоға, «Тура момыш» аталған әділ, еңбекқор,өнер иесі әке мен алып күшті, аңғал мінезді, Момынқұл ағаның образы, түп нағашысы такаппар, әпербақан Серкебайдың образы, шабандоз шал мен ең алғаш әйел теңсіздігіне қарсы тұрған қайсар Зейнептің образы, коммунист Садық Аблановтың жағымды образы және толып жатқан пасық бай, зәлім молда, жебір болыстардың образдары көз алдынан кетпейді.
Образдар жүйесі кесте бойынша қолдан жасаған сияқты емес, өмірде шың болатын табиғи қалпында құралған. «Рас, осындай болған, өз көзіммен көргем де» дейсің ішіңнен және дәл осы жас бала Бауыржанның көзімен көргені есіме түседі.
Ұнамды, ұнамсыз дейтін образдар жазушының күнілгері әзірленген ұғымына сай жасалмай, нағыз өмірдің өзіне тікелей ойып алынғаны көрінеді. Қалыптасқан кестелі ой образ туғызған емес, жанды образдан жемісті ой туған. Образдар дүниесінің нанымды да әсерлі болатының себебі сол.
Повесте алабөтен ой туғызатын әженің образы. Бұл образ мынадай бір суретті көз алдыңа әкеледі: Жапан түзде, ысылдаған ыстық құмның ортасында жападан-жалғыз біткен тораңғы дейтін ағаш болады. Өзі мықты бұтақты, саялы. Жел мен боранға, аяз бен аңызаққа – бәріне төзген, мәңгі шөлдеген, тарыққын күйінде жаратылыстың не бәле-батырдың бәріне табандылықпен төтеп берген сіңірлі ағаш. Бауыржанның әжесі де осы тәрізді ана. Ол айнала ортаның, ащы өмірдің, қатал тағдырдың азап, зардабының бәрін бастан кешсе де соған төтеп берген, бойына тарытпаған ақылды, қайсар, саналы да саялы әзиз ананың образы болып шыққан. Болашақ батырдың ең алғаш дүние тануына, характерінің жастай қалыптасып, адал, табанды, ержүрек боп өсуіне игі әсер еткен осы әже. М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Зере сықылды Бауыржанның әжесі де қазақ халқының қашаннан өмір қазанында қорыған ұзақ тәжірибеде шындалған даналық ұғымдарын, ізгі салт, дәстүрлерін бойында сақтаған адам, өмірдің сұлулығын, еңбектің поэзиясын, достық пен бірліктің, адамгершілік пен адал семьяның қадірін, қажеттігін ұғынған жан және осы ұрықтарды өз төңірегіне, әсіресе сүйікті немересінің жүрегіне бала кезінен бастап еккен ана.
Сөйтіп, әженің образы жазушының алдымен атап айтарлық табысы. Бұл образ, сөз жоқ бүкіл шығарманың көркемдік қуатын танытатын өзекті образ. «Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңізші. Көзім ұйқыға кеткенше әжем айналып-толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткенімді өзіңде аңғармай қаласың»,-деп ыстық ықласпен асыл әжесін еске алған автор енді бірде:
-«Әжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. –«Қозы маңырайды, бұзай мөңірейді, құлын кісінейді, бото көзі мөлдіреп аңсайды, қодық ақырады…» Әжем бұған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дәрменсіз қоян, сүйкімді құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын»,-деп жазады.
Повесте Баукең тек мейірбан әжесін еске түсіріп қана қоймайды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі бала тәрбиесіне де көңіл бөледі:
«Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертегі айта бермейді. Содан қорқамын. Менің келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлдиі әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын.
Ал, менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын. Арада неше заман өтті. Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні тұр құлағымда. Бөстекке отырып алып басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан томп-томп қағып қойып:
– Балам менің қайда екен?
– Қыздар менен тауда екен.
– Тауда неғып жүр екен?
– Алма теріп жүр екен.
– Алмасынан кәнеки?…–
– Жаңа теріп жүр екен.
– Қызыл алма қолында
– Қыз бозбала соңында,–
деуші еді-ау.
Кейде қиястықпен қыңқылдап мазасын ала берсе алдына алып отырып:
Жылама бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Жілігінің майы жоқ,
Жіпке тағып берейін.
Көк сиырдың сүтінен
Көже жасап берейін.
Оның тұзын кім татар
Жыламайтын ұл татар,-
Деп мәпелейтін еді. Сол кезде әдемі әнге елтіп жатып балбырап ұйықтап кетер едім [7; 4 б].
Повестік өзіндік бір ерекшелігі жазушының қазақ тұрмысындағы салт, әдет-ғұрыптарды, өмір құбылыстарын, тарихи оқиғаларды (ас, көкпар, қалың мал, қашаған қу, жыл санау, жұт, айтыс, беташар, неке қияр, өлік жерлеу, наурыз, 1916 жылғы көтеріліс т.б.). Үлкен ұқыптылықпен, зергерлікпен суреттеуі. Бұл тұста повестің болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі де мол.
«Әулиеатадан әкем қайтып келгенде ағайын-жекжат құтты болсынға жиналып қалған екен.
– О, Момыш, балаңның бауы берік болсын!
– Ақментей бабасындай батыр болсын!
– Ақмоладағы Батырбасыдай мәрт болсын!
– Бәйдібек батырдың әруағы қолдасын!
– Домалақ-анамыз жар болсын!– десіпті.
Сөйтіп, шілдехана тойға ұласыпты. Той соңында Имаш атам алақан жайып ел қарияларынан бата сұраған екен .
– Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі,– десіпті ақсақалдар. Сонда Имаш бабам былай деген екен:
Алатаудың қыраны мол еді–
Қырағы болсын, құлыным–
Елінің тілегі зор–
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді–
Құмары болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді–
Сыңары болсын құлыным.
Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен.
– Атасының қолын ұзартып, қолқабыс беруге келді,– депті шешем ізетпен иіліп.
Атам еміреніп мені алақанына алыпта. Қолыма жас бұтақ ұстатып:
Құрық деп берсем– құл болма,
Шыбық деп берсем– шіл болма.
Бәрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма,–
деп келініне мені қайтарып берген екен.
Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкем сол күні кешке мал сойып ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты» [8; 176].
Сәби Бауыржанның санасында бұлдырап қана қалған елестер мен ес біліп, есейе бастаған шағындағы немесе кейінгі куәгерлер естеліктерімен толықтырылған айқын суреттер жеке композициялық құрылымдары бойынша новеллалық желілер салады да, көптеген ортақ философиялық-эстетикалық факторлар тұрғысынан тұтас шығарманың берік арқауын түзеді. Қаламгердің өмір құбылыстарын іріктеп, типтік жағдайларда көре білуі, болған оқиғаларды тартымды детальдармен ұтқыр бейнеленуі шығарманың ой-мазмұн толымдылығын арттыра түскен. Мұндай ерекшелік-жазушының барлық көркем туындыларына тән.
Автор өз семьясына байланысты алуан оқиғаларды жүйелі суреттей отырып, Қазан төңкерісінің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы қазақ аулы бастан кешірген тарихи-әлеуметтік жағдайларды жинақтай көрсетеді,Көп тұрғыластарына қарағанда көзі қарақты, табан ақы, маңдай терісіне сүйенген, әділ, турашыл, біртоға мінезді әкесі Момыш пен қызба, ұрыншақ, әйтсе де намысқой, бауырмал, ізетті Момынқұл көкесі, әсіресе, ертегісі көңіл ерітетін, сәби санаға ізгілік, адалдық нұрын құятын ақылды әжесіне қатысты беттер жазу шы тарапынан шынайы лиризм, айшықты психологиялық штрихтармен нанымды бейнелейді. Ақкөңіл, қолы ашық нағашысы Серкебай, әкесінің еркін қылықты апасы Айшаға қатысты ұлттық характер ұшқындарын аңғартарлық юмор астарларында керемет сезімталдыққа қоса, ыстық сүйспеншілік табы бар [9; 145 б].
Этнопсихологиялық ыңғайдағы толымды көріністер Үбианның ұзатылу тойы мен көкпар ойындарын мол дәлдікпен, ынта-ыждаһатпен баяндайтын тұстарды кең сарапталады.
Қазан төңкерілісінің игі ықпалын «тура Момыштың» отбасы орыс халқының момын өкілдер-Гончаровтың семьясымен бірге еңбек ете жүріп сезіне бастайды.Өзге ұлт өкілдеріне деген бауырмашылдық бала Бауыржан көңілінде құрдасы Васильмен бір пештің үстінде жатып бір әліппені жаттайтын ынталы шәкірттік дәуренге аяқ аттау мезетінен өрістеген.Шығармада ұлттар арасындағы қарым-қатынастың да бірден дұрыс қалыптаса қоймағаны,қазақтардың көп уақытқа дейін бөтен дін, бөгде қылықтың адамдарын жан түсіне алмау шақтары, бауырал туыстық егіншілік кәсіп, білім алу талаптарына сәйкес күш алғаны реалистік ауқымда, сюжет шынайылығымен бейнеленеді.
Жазушының ағынан жарылатын адал жаратылысы, бастаудай тұнық сезімі, табиғи адамгершілік сапалары, өткенге бүгіннің биігінен қарайтын терең дүние танымдық бағдары шығарманың зор идеялық-көркемдік қасиеттеріне айғақ.Повестегі негізгі идея-дүрбелең тарихи кезең қарсаңында туып, социалистік сана жолында қан мен тер төккен патриот, интернацоналист, ержүрек азаматтың эволюциясын, қаһармандықтың моральдық-философиялық алғы шарттарды таныту [10; 256 б].
1.2 «Москва үшін шайқас», жазылу тарихы
«Москва үшін шайқас» үш кітаптан тұрады. Бірінші кітап Бауыржан Момышұлы басқаратын батальонның жау қоршауын бұзып-жарып, өз тобына, негізгі күшке қосылуынан басталады. Батальон «…жан түршігерлік арпалыспен қанды шеңгел жау шебін жарып өтті. Қанаттарының ұшын шалдырып, жаудың берік қамалдай шебін ойрандап, талқандап бұзып шықты».
Жау қоршауын бұзып шығып, өз тобына келіп қосылған батальонның еңсесі биік, шаршап-шалдыққанына қарамастан, сергек, салтанатты шерумен келеді. Жауынгерлер мен командирлер бір-бірін жете біліп, бір-біріне берік сеніп қарайды.
Батальонның салтанатты шеруіне генерал Панфилов та жүрегі шуаққа толып, ет-бауырды елжіреп көз салады. Бұл сәт туралы автор:
«…Шынымды айтсам, ә дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Шеңберді жарып өтіп, жау сыртынан келіп, өз тобымызға қосылғандарыңды көріп, қуанышым қойныма сыймай кетті. Жақсы келіпсіздер, жақсы келіпсіздер… – дей беріп, тебіренген генерал кілт тоқтап маған шешінуді ұсынды», — деп жазады.
Қанша күн, қанша түнді қауіп-қатер үстінде өткізіп, денесі де, миы да мейлінше ширығып әрі шаршап келген батальон командирі генералдың қуанышқа, әкелік сүйіспеншілікке толы сөздері мен ықылас-мейірімінен кейін едәуір болаңсиды, жүрегі елжірейді. Қайсар батальонның ержүрек командирі осы тебіренулі күйінде өзінің туған әкесін, әкесімен соңғы кездесуін еске алады. Алыс жолдан оралып, ауылына жақындай бергенде еңсесі түсіп бүкірейген қарт әкесінің үйден кібіртіктей басып жүгіре шығып, қарсы алып, әкелік мейірім билеп, қол-аяғы қалтырап, көкірегі сырылдап, көзі жасаурап, ұлының қолын ұстап аймалап сүйіп, мойнын теберіктей иіскеп, әңгімелейді. Әсіресе, генералдың мына ғибраты Б.Момышұлының есінде мәңгі қалып қояды:
«…Уставты біледі екенсіз, сізге оны қолданба демеймін, бірақ оның тармақтарын орнымен қолданған жөн, нақты жағдай не айтады, оймен, орнымен болғаны жөн! Уставты жаттанды қолдануға, әрине жабысып қалуға мен тыйым саламын».
Генерал ғибрат еткен бұл қағида Б.Момышұлының соғыс ісінде басты принципке айналады. Генералдың әскери ойлары мен тұжырымдары, идеялары, тактикалық әдістері оның шәкіртінің ісі арқылы сәтті жалғасады.
Батальон командирі өзіне де, өзгеге де қатал. Өзін де, өзгелерді де темірдей тәртіпке бірегей бағындырған. Тәртіп бұзған жағдайда, ол ешкімнің де маңдайынан сипамайды. Лейтенант Брудный взводымен тосқауылда тұрып, жау бастырмалатып шабуылдап келе жатқанда, рұқсатсыз позициясын тастап шегінген кезде, батальон командирі оны орнынан алып, батальоннан мүлде қуып жібереді. Өз айыбын жуу үшін Брудный бірнеше рет көзсіз ерлікке де барады. Бірақ батальон командирі тарапынан қолдау болмаған соң, сағы сынып, жасып жүреді. Кейін генералдың ықпалымен өзінің тым қатты кеткенін, тым қатал болғанын ұққан соң, командир Брудныйды бұрынғы орнына қайта қояды. Бір жарым взвод жауынгерлер тобына командир болу туралы нұсқау алғанда ғана ол жадырап, бұрынғы жайсаң қалпына орала бастайды.
«Брудный екі қолын сілтеп, адымын кере басып, ентелей жөнелді. Біраздан кейін қадамы қысқарып, иығы қомдалып, басын шұлғып төмен қарағандай болды. Маған ол қолымен көзін сүрткендей көрінді.
– Брудный! – деп айқайладым мен. Ол шұғыл тұра қалып, маған қарай бұрылды.
Мен жұдырығымды көрсетіп:
– Не сметь плакать! – деп зекірдім.
– Есть не плакать! – деп жауап қатты да, маяға қарай жүгіре жөнелді. Мен оның даусынан, жүгірісінен қуаныш сезімін байқағандай болдым. Оның соңынан қарап тұрғанымда, көзім мұнарланып, жүгіріп бара жатқан лейтенант пен шөп маясы сағымдалып, бұлдырап кетті. Көзімнің жасын бір сығып алып, басқа взводтың позициясына қарай жүріп кеттім» [11; 302 б].
Жауынгер үшін сеніммен, командирінің сенімінен айырылудан үлкен рухани соққы болар ма? Сол соққы жанын жегідей жеп, жүрегін сыздатқанда, ол қайда барып байыз табарын білмейді. Жаны жадырап, қабағы ашылмаса да, командирінің жүзіне жасып, сығалап қарап, одан кешірім ізін тапқысы келіп қиналады. Ойында, ішінде не болып жатқанынан еш хабар бермейтін, ешкімге ләм-мим деп сыр ашпайтын командирдің жүзінен көңіл жұбатар жылылық таба алмаған соң, бәріне үнсіз көніп, өзі жасаған айыбының ауырлығынан одан сайын жаншыла түседі. Батальон командирі қайтадан сенім білдіріп, тиісті әскери тапсырма бергенде, іштей үгіліп жүрген жауынгердің қуанышы мен ризалығы сыртына бұрқ етіп, көз жасын ілестіре шығады. Жауынгеріне ауыр, қатал, бірақ әділетті айып артқанмен, сонысына өзінің де қабырғасы қайыса қиналған командирдің көңілін қол астындағы жауынгерінің аңғалдығынан асып түсіп жатқан адалдығы мен Отаны үшін жан қиюға бар қайсар қаһармандығы қатты тебірентеді. Батальон командирі бұл тұстағы өзінің ой-сезімін, күйініш-сүйініштерінің сырына үңіліп, оны саралап тануға да, өзгеге танытуға да ықылас білдірмейді. Тек сол тебіренулі, толқулы хал-ахуалының сыртқы, түр-тұлғадағы белгілерін берумен шектеледі.
Осы жауынгер, лейтенант Брудный, батальон командирінің көз алдында жау оғынан қаза болады.
«…Немістер атакаға шықты. Жалмұхаммед Бозжанов келді.
– Брудный! – деп тұра қалып: – Сен мұнда неғып жатырсың? А?
– Ол ұйықтап жатыр. Тимегін оған, – дегенімде:
– Сізде, жолдас комбат, ешқандай мейірім жоқ екен ғой! – деп ол маған зекірді. – Өлімді қалай ұйқы деп тұрсыз?
Оны мен өлтіргем жоқ! соғыс өлтірді. Кінәлағыш болсаң, соғысты кінәлағын…
– Кешіріңіз ағатай. Абайсызда айтып қалдым…»
қан майданның қақ ортасында қаны мен терін төгіп жүргеніне қарамастан, тірілер үшін өлім, әсіресе, жақын адамның өлімі ойға да қонбайтын, ақылға да сыймайтын бір сұмдық іс секілді. Бозжановтың комбатқа айтқан айыптау сөзінен осыны аңғаруға болады. Оның комбаттан кешірім сұрауының негізінде тіріні, тірі жүрген, бірақ кез келген сәтте Брудный секілді көз жұмуы да мүмкін дос, жолдасының, бауырының көңілін бекер қабаржытқысы келмеген азаматтық, жауынгерлік сүйіспеншілік жатыр.
Батальон командирі бірде Бозжановқа зекіріп қалып, ізінше, оңаша қалғанда, онысына өкініш білдіреді:
«…Бозжановқа неге зекірдім. Ол менің бұйрығымды нақтап, қайта қайталап, бұрылды да шығып кетті. Сол кезде оның арқасы маған өкпелеп, сәл бүрісіңкірегендей болды. Менің жаныма, әсіресе, сонысы қатты батты. Неге ғана зекірдім?..» [12; 216 б].
Б.Момышұлының ой-сезімдері, күйініш-сүйініштері, әсіресе, жауынгерлер туралы, олардың көңіл-күйі, өз нұсқау-бұйрықтарының оларға әсері жайындағы толғаныстары бұрынғы эпизодтарда эпикалық суреттеу тәсілдері, портреттік жекелеген я тұтасқан күрделі сипаттамалар, детальдар арқылы ашылатын. Мына жерде батальон командирінің өзінің де жаны қиналып, жүрегі ауырады. Үнемі сұсты, қатал қалыпқа көрініп, сұсты, қатал сөйлейтін командир, осылайша, бір сәт өз ойы, өз сезімі сырын ашады. «Жота» әңгімесінде автор осы қырынан көрінген-ді. «Взвод командирінің көмекшісі Николай Редин» ауыр жарақаттанып, өлмеші халде жатқанда, полковник қатты қиналады. Көз жұмып бара жатып, бұрынғы шәкірті, қазіргі командиріне ризалық сезімін «Совет Одағына қызмет етемін!» деген қасиетті сөзімен жеткізіп үлгірген Н.Редин, шынынды да, шексіз құрметке лайықты еді. Дивизия командирі ұстазының суынған денесін құшақтап, еңіреп жібереді. Енді бір тұстарда Б.Момышұлының мұндай жаны қиналған толқулы шақтары публицистикалық қысқа баяндаулар арқылы беріледі.
Б.Момышұлы полк командирі болып тағайындалғаннан кейінгі бір ұрыста екі жас әрі дос лейтенанттың бірі екі аяғынан қатар жараланады, ал екіншісі оған қарамай кетеді. Екеуі әскери училищені бірге бітірген, бір ротада, взвод командирлері. Басқа жағын айтпағанда, тіпті бір училищеде бірге оқып, бір ротада қатар қызмет атқарып келе жатқан екі жас лейтенанттың мына күйлері полк басшысына ауыр тиеді. Бұл туралы полк командирі кейін былай деп жазады: «Училищеден кейінгі қызмет жағынан да, ұрыс кезінде де олар мені өздерінің ұстазы деп санайтын. Екеуі де біздің батальонның барлық ұрыстарының ішінде болған жауынгер жігіттер. Міне, мен енді полк командирі болғанда, біреуі ауыр жараланып, орнынан қозғала алмай отыр, бірі болса, оның қазір мен өзім жарағын сыпырып алдым.
Мен олардың қасынан кеттім».
Кейін жаралы жолдасын жауға қалдырып, өзі тайып отырған бірер жауынгерге командир тиісті жазаларын береді. Бұл жазалар да командирдің бұйрығы бойынша орындалады. Мұндай бұрықтары жөнінде полк командирі мынаны жазады: «Приказ-бұйрық – командирдің ішін өртеп, сай-сүйегін сырқыратып, ішек-бауырын езіп, жүрегім құм ете шыққан лебі». Бұл пікір, әрине, тек әлгіндей жазаға байланысты шешімдерге ғана емес, соғыс жағдайындағы барлық бұйрықтарға түгел қатысты. Өйткені соғыс жайындағы бұйрықтардың қай-бұйрығының салмағын, шығыс пен кірістің арасалмағын жете бағдарлап, жете танып-білген командир ғана осылай жаза алады [13; 114 б].
Б.Момышұлы соғыс ісін қатқан қағидалар бойынша жүргізбейді. Екі қарап, бір шоқитын қарға қимылдан да аулақ. Қатал, қайсар әрі қырағы. Соғыс ісіне техника мен адамдардың айқас-шайқасы деп қарамай, оны ой мен парасаттың, ақыл мен айланың арпалысы ретінде бағалайды. Соған орай ол кей тұстарда күші басым жауды аз күшпен-ақ тізе бүгуге мәжбүр етеді. Әрине, бұл да белгілі шешімнің, бұйрықтың нәтижесі екендігі анық. Мұндай шешім-бұйрық кей тұстарда командирдің алғыр ойы мен нар тәуекелшіл ержүрек табиғатынан шығып жатады. Мына бір эпизодқа назар аударып көрейік: Дивизия командирінен әскери стратегиялық және техникалық мәні бар бірнеше деревня мен пункті қорғау туралы бұйрық алғанына қарамастан, командир солардың бірін, Матренино деревнясын тастап, кері шегінеді. Ізінше Матрениноны алып, тауық пен торғай қуалап, мәре-сәре болған, сөйтіп бейқам жатқан жауды шағын күшпен үш тараптан бірдей соғып, қуып салады. Жаудың батальонының документтері, екі танкі мен үш машинасы олжа болады.
Батальон командирі Матрениноны тастап шығу туралы бұйрық бергенде, кейін жауды қайта қуып шығуды көздеген еді. Расында да шаршап, шалдығып кеткен жау тобы деревняда демалып, жан шақыруды көздейтігінде сөз жоқ еді. Деревняны тастап «қашқан» совет жауынгерлері лезде қайта шабуылдар деген ой оларда болмауы да ғажап емес-ті. Б.Момышұлы Матренинодағы өз жауынгерлерінің тобына деревняны тастап, «қашуға» бұйырғанда, осыны, жаудың қырағылығын төмендетуді мақсат тұтқан деуге болады. Шағын операция батальон командирі ойлағандай сәтті өтті. Жау қашып, жауынгерлердің мерейі өсіп қалды. Дивизия басшылары да бұған дән риза болады. Алайда бұл орайдағы батальон командирінің шешімі де, жалпы осы тактикалық операцияның өзі де нартәуекелдің көрінісі болатын. Мұндай іске қызу әрі батыл ойлы командир ғана бара алуы мүмкін еді. Сонымен қатар бұл жерде ойдың қызулығы мен батылдығынан басқа сергек психологтың, әскери психологтың сарабдал санасының қызметі де айрықша көрініс берген.
Дивизия командирі шегініп бара жатқан жаудың жолын кесу мақсатында Грошково деп аталатын қыстақты алуды тапсырғанда да Б.Момышұлы соғыс ісі мен соғыс өнеріне жетік дарынды полк командирі ретінде көзге түседі. Командирдің ой-толғанысы да бұл орайда көп жайдың бетін ашады.
«Грошково алдымызда жап-жақын-ақ тұр. Бірақ та ол жалғыз емес, алты ағайынды. Онымен қоныстас алты қыстақ Грошковоны ат тағасындай қоршап іргелес тұр… Алты қыстаққа алты жақтан күреп тазалаған алты даңғыл жол жосып келіп, барлығы барып ортасындағы бір қыстаққа қосыла түйіледі. Содан тағы бұтақтана жан-жаққа тарайды. Ол қыстақтың аты Бородино екен».
Полк командирі жер жағдайымен таныса келіп, Грошковоны жау қолынан алудың жолдарын, амалдарын іздестіреді, оны жау қолынан тартып алудың полк, дивизия үшін тиімді және тиімсіз жақтарына үңіледі. Ақыры, мына қорытынды ойға тоқтайды: «Біздің Грошковоны алып, қызыққа оралған аттай болып шатасып, торға түскен құстай бұлқынып жатқанымыздан біздің әскерге не пайда. Ешқандай пайда жоқ. Залал-зиян мол. Біздің полк істен шығады. Қатардан шығып, өз басымен әуре болып жүріп, аман да шыға алмаймыз».
Дивизия командирінің Грошково қыстағын алу туралы бұйрығынан кейін, полк командирінің мына толғанысы жөнсіз болып көрінуі мүмкін. Өйткені бұрықтың аты бұйрық, оны тек орындау керек. Бірқатар командирлер осылай ойлайды, солай әрекет етеді. Бұ йрық болмаған жағдайда, бұғып отыра береді. Осындай командир басқарған бір механизацияландырылған бригада Б.Момышұлының көз алдында тоз-тоз болып бытырап кетеді:
Армия штабының генерал Панфилов Б.Момышұлының батальоны соғысып жатқан Горюны селосы жағына тұтас бір механизацияланған бригада жіберілгенін айта отырып, Б.Момышұлына уақытша сол бригаданың командиріне бағыну бұйырылғанын ескертеді.
Бригада жаумен арпалысып, қиын жағдайда жатқан батальонға ешқандай қол ұшын бермейді. Өз тарапынан да тиісті шешім қабылдап, әскери белсенділік танытпайды. Көмек сұрап, бірнеше рет хабар салған батальон командиріне: «Мен әлі шешім қабылдай қойған жоқпын, әзірге өздерің соғыста тұрыңдар, жағдай кейін қандай болар екен, көрерміз», — деп отыра береді. Бригада басшысы шешім қабылдағанша жау тобы шепті бұзып, алға өтіп кетеді де, бұлар жаудың тылында қалып қояды. Бригада басшысы подполковник өз адамдарын таратып, қоршаудан жеке-жеке, бөлініп-бөлініп шығу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, «Шеті ойылмаған тың бригада барлық техниканы тастап, жауға қарсы бір оқ атпастан 1941 жылдың 20 ноябрінің ертесінде дәрменсіз подполковниктің бұйрығымен көз алдымызда «қоршаудан жеке-жеке, бөлініп-бөлініп шықпақ болып» ағаш-ағашты паналап тарап кетті».
Командирдің әскери танымының саяздығы, қабілетсіздігі осындай берекесіз, қылмыспен ұштасып жатқан нәтижеге алып келеді. Бұлайша жоғарыдан бұйрық күтіп, қам-қаракетсіз қол қусырып отыру да, жоғарыдан келген бұйрықты орындауға құлшынып, дегбірсіз дедек қағу немесе тағатсыз тұра шабу да командирдің алымды, алғыр, елгезек табиғатын, тәртіпке бағынған тура, турашыл бетін таныта алмайды [30; 72 б].
Б.Момышұлы өзінің ой-толғаныстарымен де, әскери-соғыс өнеріне жетік оралымдылығымен, парасаттылығымен де дара, ешкімге ұқсамайды. «Бұйрық – біліп берсең бұйрық; жаңылсаң, қателессең, ол бір – бүлік. Бұйыру оңай емес», — дейді Баукең.
Жағдайды толық анықтап, жете білгеннен кейін, командир бірнеше қорытынды жасайды:
«Бірінші қорытынды: алты қыстақтың шаңырағын тіреп тұрған сырығы Бородино, жау ордасының мықты тірегі де сол, қалғандары оның таяныштары. Екінші қорытынды: мына алты қыстақ, жолысып жатқан алты арнадан күш береді. Үшінші қорытынды: дұшпанның бекінісі мықты, күші мол, біздің күшіміз аз. Төртінші қорытынды: шегінуге бұйрық жоқ. Алдымыздағы мақсат – жауды күйрету…
Екі жол бар: біреуі жақын, жақын да болса алыс. Ол – бұйрық бойынша жалғыз Горошковоны алу. Бірақ ол мақсатқа жеткізбей, жарым жолда қалдыратын қатерлі жол. Екінші жол алыс, алыс та болса жақын. Ол – алты қыстақты бірден алу».
Полк командирі алты қыстақты бірден алу туралы шешім қабылдайды. Шешім бұйрыққа ұласады.
Әлгі механизацияландырылған су жаңа бригаданың подполковнигіне ойлаған жағдайда, полк командирі мұндай шешім қабылдамаған болар еді. Онда ол «жақын, жақын да болса алыс жолды» таңдар еді. Өйткені бұйрық солай. Бірақ Б.Момышұлы бұйрықтың мазмұн-мәнін өзінше, Б.Момышұлына ғана түсінеді. Соған орай Б.Момышұлына ғана әрекет етеді. Берілген бұйрықтың мәніне, оны орындаудың, жүзеге асырудың мақсатына ден қойып, олардың мәнісін анықтаған соң, командир, жоғарыда айтылғандай, оны орындаудың екі жолы барына көз жеткізеді. Бірі – тура, жақын, бірақ баянсыз жол; екіншісі – ауыр, қатерлі, алыс, бірақ баянды жол. Командир бұйрықта көрсетілген Горошковоны алу міндеті оның маңында тізе түйістіре орналасқан қыстақтарды қоса алуға мәжбүр етеді. Маңындағы бес қыстақтағы жауға тиіспей, тек бір ғана Горошковоны бес жақтан қыспаққа алған жағдайда, ол еңбектің бәрі зая кетеді. Оның үстіне полк қиын, қатерлі жағдайда қалуы анық. Алты қыстақты қатар алу алмағайып, қауіпті іс екендігі рас, әйтсе де шабуылдың мезгілін дәл белгілеп, операцияны тұтқиылдан, тез әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асырған жағдайда, жаудың жайрап түсетіндігі күмән қалдырмайды.
Тәуекелшіл, белсенді, жауынгер ой, ақыры, жеңіске жеткізеді. Б.Момышұлының полкі жаудан алты қыстақты қатар, бір мезгілде тартып алады.
Жаудың кезекті бір шабуылын тойтарып, тыныс ала берген сәтте, шепке генерал келеді. Беті қайтып, шегініп бара жатқан жауға қарап тұрып, генерал Б.Момышұлына:
«– Не қып тұрсыздар, аналарды өкшелей қумастан», — деп зекиді. Генералдың бұл ескерту-зекуіне полк командирі өз пікірін қарсы тосады:
«– Жолдас генерал, бізге бекінген орыннан қозғалу өте қауіпті, – дей бергенімде, генерал санын бір ұрып күрсініп, тұрған жеріне отыра кетті. Әбден құсаланды білем, ашулы көзімен маған бір қарап, орнынан тұрып, бұрылмастан алға қарай жүріп кетті».
Генералдың мынандай ескерту-зекуінен кейін, Б.Момышұлының орнында басқа бір капитан болса, бәлкім, ол қорғаныстағы қолды тік көтеріп, қарсы шабуылға бастар ма еді… Иә, табысқа, жеңіске көзі жетпей, тіпті сәтсіздікке ұшырайтынын сезіп тұрса да, қолды шабуылға шығаруы мүмкін. Өйткені генералдың ескертпесі әрі зеки айтқан ұсынысы төменгі дәрежедегі командирлерге бұйрықтан кем әсер етпеуге тиіс. Соған қарамастан Б.Момышұлы мына жерде өз шешім-байламы бойынша әрекет етеді, генералдың зеки, жанама түрде берген нұсқауын қостамайтындығын ашық, тұжырымды айтып салады. Онысы, бірбеткей, сыңаржақ немесе бір сәттік тыз етпе турашылдық емес, шені жоғары адамның алдындағы әдепсіздігі я мінезсіздігі де емес. Істің жайы солай [14; 224 б].
Кейіпкер образын толыстырып, даралай түсуге оның ой-толғаныстары мен күйініш-сүйініштерінің сипатын танытумен қатар, осы секілді нақты іс, белсенді қарекеттер де айрықша қызмет атқарады.
Б.Момышұлы өз шығармаларының бетінен соғыстың қиын ауыртпалығын, Отан қорғаушылар өмірінің қаһармандық әрі трагедиялық суреттерін көрсетеді. Автор қатардағы жауынгерлер мен әскери қолбасылардың ел мен жер, Отан алдындағы парызына, қасиетті парызына адалдығын тебірене отырып баяндайды. Ұшқан ұя, туған Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің қарапайым жандарды жаппай ерлікке, адамгершіліктің, азаматтықтың шырқау биігіне, қаһармандық қиясына бастаған айрықша қуатты, ұлы сезім екендігін тарихи нақты оқиғалар арқылы бейнелейді.
«Москва үшін шайқас» ел адамдарының ерлігін, қайсар рухын, Отанға деген баянды махаббатын жырлап қана қоймайды, сонымен қатар ол Отан қорғаушы жауынгерлерге, олардың тағдырына деген сүйіспеншілік пен құрметке де толы.
Егер жазушы қаһарман тек әрекет пен бұйрық-жарлық, ұрыс сахналарын ғана суреттеп, лирикалық шегініске жол бермегенде, немесе, Момышұлының жан дүниесі мен арман – мұратындағы ақ-адал, мөлдір сырлар ықшам да сыйымды түрде қамтылмағанда, бұл туындының адамгершілік-ұждандық нысанасы анықталмағандықтан, тәрбиелік, моральдық-тактикалық мәні жоғары болмас еді [15; 192 б].
Б.Момышұлы өмірдегі табиғи болмысымен көркем дүниеге де тұтас, қалтқысыз көшкен. Әдеттегі өткір, шыншыл адам шығармасында да шыншыл жазушы, батыр кейіпкер болуына автордың ерлігі мен қаламгерлік шеберлігі жетеді. Болғанды болған қалпында асырмай, жасырмай бейнелейтін әңгімеші жеке ерлігін тәптіштеуден қандай аулақ болса, кемшілігін, қателігін ұғып, түсінуге ұмтылған сәттерін де бүкпесіз жазады. Батальонды басқарған Момышұлы полк командирі дәрежесінде неғұрлым есейе, байсалдана түскен. Бұл кезеңде шұғыл шешім, қызуқандылық, асығыстық ұшыраспайды. Алайда батылдық, тапқырлық, қырағылық нышандары мол байқалады. Жауынгерлерді қорқытып ұстау орнына көңілін көтеру, жігін тасыту, ерлік қимылға дайындау ниетімен өнегелік нақыл, үлгілі оқиғаларды мысалға алар шақтары басым.
Тек жауынгерлері ғана емес, әріптестерін, командирлерін барлап, сынай қарау, нақты портреттік детальдарға қоса авторлық мінездеме беру – қаламгер стильіне етене белгілер. Осы ретте Б.Момышұлының генерал Чистяков туралы ой-тұжырымдары, қорытындылыры әділ, мейлінше жан-жақты. Автор қолбасшыны өз тұрғысынан ғана емес, өзгелердің көзімен де сарапқа салады, ол пікірлерінің ақиқаттығын іс жүзінде аңғарта суреттейді.
Бір Трошково селосын алудың орнына, жергілікті әскери –сртатегиялық жағжайлармен танысқан соң, түрлі «қулық» амалдар жасап, көршілес алты деревняға қатар басып кіру – полк командирі Бауыржан Момышұлы үшін нат тәуекелге бел байлау әрі тактикалық тың шешім, көзсіз батылдық. Чистяков ұрыс нәтижесін көріп, бұйрықтың басқаша орындалғанына шамданбайды. Соғыс ахуалындағы кездейсоқтық пен өжет қадамдардың төтенше роліне көзі қанық, тәжірибелі генерал кіші командирлердің творчестволық бастамасын да тиісті жерінде қолдап, көтере біледі.
Қолға түскен бекіністерді жаудың негізгі күші орналасқан Соколоводағы гарнизонның қарсы шабуылынан қорғауда қақаған аязда ұйқысыз түн қатқан совет жауынгерлерінің ерекше қаһармандығы, жанкештілігі, күндізгі шабуылдарды тойтаруда айрықша қажыр-қайрат танытқан Мәлік Ғабдуллин ротасы, Төлеген Тоқтаров бастаған алты батыр автоматшының айтусыз ерлігі қаламгер тарапынан қуатты жан тебіренісімен суреттеледі.
«Дүние ынтығынан ентіге булығып дем алғандай, жел тынысын ішіне тартып, боран жас жауынгердің қабырын қаба құшақтай, боздай соғып үдеген тәрізді. Жел Алтайдағы ананың арманды жоқтауын алсытан аңыратып алып келіп тұрғандай…» Ер Төлегенді жерлеу рәсіміне қабаттас туған осынау өзекжарды толғаныс бүкіл соғыстың рухани-моральдық зардабын символикалық ыңғайда жинақтай көрсететін романтикалық сарынға ұласқан. Шындық оқиға, табиғат тарпандығы, тағдыр қатыгездігі, ана зары терең үйлесім тауып, автор сезім дүниесіндегі қуатты бұрқаныс толымды өрнектеледі [16; 61 б].
Шығармада жазушы өз көзімен көрген, өз басынан өткен оқиғаларды баяндайды. Барлық оқиғаның жуан ортасында өзі болғандықтан автор әңгімені өз атынан айтады. Ол сырт бақылаушы емес, белсенді қатысушы. Сондықтан бұл шығарманың айрықша бір ерекшелігі – авторымен кейіпкерінің бір жерден шығуы. Бұл жазушыға қиындық туғызады, жауапкершілігі шек пен шеңберді ұстауына байланысты. Міне, бұл ретте Бауыржан өз ролін шындық мөлшерінен асырмай, тасытпай дұрыс көрсете алған. Тіпті бұл ретте автор-кейіпкер өзінің қателерін де ағат, жаңсақ кеткен өкініштерін де тайсақтамай батыл мойындап отырады.
Кітапта Бауыржан мынадай сөздерді эпиграф етіп алыпты: «Бұл запискаларда мен тәжірибелерімді әңгімелеп қана қоймай, өз басымнан өткен қателерді де баяндамақпын». Сондай-ақ ол бір күні подполковник кургановтың өзіне қатал мінезі үшін байсалды ескерту жасағанын да жасырмай жазады.
-Айқайлаудың жөні бар, жолдас аға лейтенант. Телефонның тұтқасын лақтырып, көз алдыңыздағының бәрін асамын, шабамын деп жазықсыздан жазықсыз құр ұрса бермес болар, жолдас ағалейтенант. Ашуыңмен емес ақылыңмен билеген жөн болар. –Мұның өзі даңқты комбаттың өткен оқиғаларға өз ролін асыра бағалау көімен емес, мейлінше кішіпейілдікпен, тіпті әділ сын көзімен қарағандығына айғақ. Л.Н.Толстойдың «Севастополь» әңгімелері мен С.Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» осылай болатын. Өзінің осындай реалистік ыстық қанымен немқұрайды баяндамайды, жүректің ыстық қанымен суреттейді. Сондықтан оқушы ратор мен кейіпкерлердің бұл секілді тұтасқан образынан (лирикалық кейіпкерден) жазушы Бауыржан мен командир Бауыржанды қатар сүйеді, қатар сыйлайды. Бауыржан жалпы әскери өмірді жақсы білумен қатар соғыстың стратегиясы мен тактикасын, ұрыстың айла-тәсілдерін де жақсы біледі. Командирі, генерал Панфиловтың соғыс өнерінің теоретигі, шебері екенін көрсете алар ма еді? Істің осы бір жағын жетік білгендіктен де мәңгі өлмес Панфилов образы өзінің екі жақ қырынан да айқын көрінген ғой. Біріншіден, ол солдатты жақсы білетін және жанындай жақсы көретін кішіпейіл, қарапайым адам бейнесінде көрінсе, екіншіден, ол соғыстың философиясы мен өнерін білетін де керемет іске асыратын командир-теоретик ролінде көрінеді.
«Тактика дегеніңіз арифметика емес қой, -дейді генерал Панфилов, -тактикада екіде –екі өне бойы төрт бола бермейді, үште –үш тоғыз бола бермейді, тактиканың өз заңы бар – ол өнер заңы».
Осы заңды еркін біліп меңгерген де игерген жазушы қан майдандағы жауынгердің бейнесі мен характерін көзге елестететін қызық кітап жазып шықты. «Ұшқан ұяда» белгі берген қасиеттер мен сипаттар жазушының әскери мемуарлық туындыларында берік ірге тепкенін аңғару қиын емес. Мұнда жазушының шебер әңгімешілдік, суреткерлік, ақиқатшылық қасиеттерінің жаңадан бой көрсеткен атап айтуға болады. Әсіресе Бауыржанның бір ғана эпизодпен, бір ғана көріністен ұмытылмас образ, айқын характер жасай қоятын новеллистік қабілеті керемет. Мысалы повесті оқығаныңызда көп адамдармен танысасыз [17;12 б].
Кейіпкерлер бірінен кейін бірі тізбектеліп өтіп жатады, көбіне бір кездескен соң қайтып соқпайды. Соның өзінде олардың әрқайсысы өз кескінімен, өз әрекет, ой-пікірімен, өз мінез құлқымен мықтап есте сақталады. Бауыржанның майданда қатар жүрген жазушы жолдастарына қалай көрінетіні өздері білсін, онда болмаған біздердің өзіміз Момышұлының кітаптарында кездесетін жауынгерлер мен командирлермен бірге жүріп білгендей жақсы көріп, ерлігіне сүйсінеміз, ажалына күйінеміз.
Соның бірі – генерал панфилов. Орыс халқының ізгі жанды адал ұлы, үш срғысты басынан кешірген солдат, соңғы соғыста сүйікті генерал-майор, дивизия командирі. Оның қазан жемісін жауға тірі тұрып бермейміз деген серті, жауынгерлерге деген берік сенімі, әкелік жылы шырайы – осының бәрі еш уақытта ұмытылмайды. Панфиловтың кішіпейіл, ақ жарқын, әкелік бейнесін Бауыржан «Капитан Лысенко» деген тарауында мынадай бір детальмен жақсы келтірілген:
«Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса, генерал менің алдымнан шығып рапорт айтуыма да мұршамды келтірмей, шапшаң басып қасыма келіп, қолымды қос қолдап қазақша алып қиғаштау қара көзімен маған тебірене, қуанышты жүзі жайдарлана қарап, көпке дейін қолымды өз қолынан босатпай тұрды». Сондай-ақ бөрі кимегенде Чапаевтан айнымайтын капитан Лысенко, бұрынғы педагог, алғашқы кезде әскери киімді қалай киюді білмейтін, адамға жекіріп сөйлей алмайтын татар жігіті Қайым Гарипов, «Россия байтақ ел, шегінетін жер қалған жоқ, артымызда – «Москва», деген сөздері жүрегімізге мәңгі жазылған политрук Василий Клучков, аю сықылды, мосқал, дөң, бірақ ақкөңіл адам артиллерия капитаны Кирсанов, күні бүгін араласқандай жақын жанды, жарқын образдар, Толстунов, Исламқұлов, Угрюмов, Краев, Бозжанов, Рахимов, Капаров, Курганов, тағы басқа солар сықылды әр ұлттан шығып, ұлы бір мақсатта достасқан ардақты совет адамдары туралы да осыны айту керек.
Бұлардың әрқайсысының ішінде Бауыржан да қандай қиын, ауыр кезеңде болсын, ерліктің ғажап үлгісін көрсетуге бар. Бұл ерліктің нәр алатын қайнар бұлақ көзі не десек, Отанға деген сүйіспендік пен жеңіске деген шексіз сенім екен. Жауынгерлердің осы бір құрыштай сезімін ешқандай күш әлсірете алмайды. Өлім екеш өлім де оның алдында дәрменсіз. Бұл армия шегініп келе жатқан жағжайда кейбір бөлімшелер қоршауда қалып, кейбір батальон, роталар тұтасынан апатқа ұшырап жатқан кезде де жауынгерлеріміз жеңіске сенуін қойған жоқ. Олар өлімнің өзін жеңетіндікті дәлелдеді [18; 299 б].
Бауыржан кітабында осындай бір қасиеттерді тамаша бейнелеген. Бұл қасиетті кез —келген жауынгер ұл — қыздарымыздың басынан табамыз. Олар нанымды фактілерімен алынып, бір жағынан типтік дәрежеге көтерілген, екінші жағынан әр адамның характеріне сиымды, лайық қалыпта дараланып бейнеленген. Бауыржанның бір ерекшелігі — жеке бір жалқы адамдардың дара ерлігін ғана емес, совет жауынгерлерінің жаппай ерлігін де жақсы бейнелей алуында, ерліктің қайнар бұлақ көзі -Отанды сүю, жеңіске шексіз сену сезімі екенін айқындай білуінде. Кітаптың үлкен тәрбиелік мәні де осында. Ерлік туралы жазушы бір жерінде өзі де түйіп айтыпты: «геройдың бәрін бірдей біле бермейміз және ұрыста бәрін бірдей байқай да алмаймыз. Аты әйгілі геройлардан аты белгісіз геройлар ылғи да көп. Алдыңғы айтқандар соңғыларға көптен —көп қарыздар, өйткені қарапайым адамдардың жанқиярлық ерлік қимылдары болмаса, аты әйгілі геройлардың ісі мен есімінің қаншалықты құны болар еді».
«Москва үшін шайқас» нағыз оптимистік және патриоттық кітап. Бұл жауынгерлеріміздің ең бір қиын кезеңде, қатігез жау Мәскеуге айрықша ерлігін, мойымас рухы мен қажымас қайратын, сол тұстағы олардың толғанған ойы мен сезімін көзге елестеткен көрнекті кітап.
Өмірден алынып, жүректе қорытылған шынайы шыншылдық, публицистикалық өткірлік, әңгімесінің нақтылығы, дәлдігі кітаптың негізгі сипаты.
Кітаптың тағы да бір ерекше сипатын өз алдына айту керек сияқты. Ол оның стиліндегі ұлттық өзгешелігі. Бұл әриене, өзекті мәселе. Әдебиет тану ғылымында бұдан бірнеше жыл бұрын ұлттық өзгешелікті тек тілден іздейтін. Ол принцип бойынша, біз Бауыржанды орыс тілінде жазатын болғандықтан орыс жазушысы деп қарап, оның творчествосынан қазаққа тән ешқандай ұлттық сипат іздемес едік. Істің байыбына барып көрсек, мәселе ондай емес, басқаша.
Бауыржанның шығармаларында аңғарған кісіге қазақ халқының ұлттық характерінің нышаны мен қазақ тілінің рухы, құрылысы, кестесі байқалып —ақ тұрады. Жазушы Дмитрий Снегин Б.Момышұлының осы бір жазу ерекшелігін жақсы аңдаған: «Оның шығармаларының барлық образдық құрылысы авторының қазақ екеніне айқын айғақ болып тұрады. Және аударма емес, туынды екендігі де анық көрінеді» дейді ол. Шынында да қазақ тілінен орыс тіліне аударылған көп төмен қол кітаптардан тура орыс тілінде жазған Бауыржан шығармаларының түп нұсқалық, ұлттық белгі, қасиеттері басымырақ екені даусыз ғой.
Әңгіме Момышұлының қазақтың психологиясын терең біліп жазатындығында ғана емес, қазақтың мақал — мәтелдерін яки Абай поэзиясы мен халық поэзиясынан көп өлең үлгілерін пайдалануында да емес. Әңгіме жазушының суреттеп отырған өмір шындығына қазақ топырағында туып, өскен байырғы адамның көзімен қарап, барлық суретке өз бейнесінің бедерін салған ерекшелігінде. Мысалы, Панфиловтың образын жасарда Бауыржан туған әкесін еске алады, оның әкелік жарқын бейнесін, мейрімді жылы шырайын көзіне елестетеді, өзінің подполковник Кургановпен қақтығысып қалған әңгімесін еске түсіріп былай дейді: «Кургановтың соңғы жекуі маған оңай тиген жоқ, бірақ кейін әңгіме үстінде «жігіттер», «сен», «хал, мынадай Момышка» деген жақын да жылы сөздерін естігенде егіліп кеттік. Егер дәл осы заманда менің өлген әкем тіріліп, мына әңгіменің басы —қасында болса, баласын орыс подполковнигінің «Момышка» дегенін өз құлағымен естісе, ол маған өзі сыбырлап : «Балам, мына орыс жігіті қызу сөйлейтін кісі екен, бірақ жақсы, адал жігіт көрінеді. Өзінің туған ағаңдай көр», деген болар еді.
Командир Момышұлының тіпті ұрыс майданының ертеңі туралы мынадай бір жоспарының өзінде нағыз қазақша ойлап топшылаудың қалпы көрінбей ме: «Бізде екі жол бар дейді Бауыржан, — бірі жақын жол, бірақ жақын да болса алыс жол -жарлық бойынша жалғыз Трошкованы алу керек екен, мұнымен біз мақсатқа жетпейміз. Екінші жол алыс, бірақ алыс та болса жақын жол алты деревнияның алтауын да алып, жол біткеннің бәрін қолға түсіру жолы».
Айнала дүниеге, өмір құбылыстарына өстіп өзіндік тұрғыдан қарап, туған халқының ұлттық характерінен өткізе тану — Бауыржан творчествосының айқын сипатының бірі.
Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетінде алатын орны айрықша. Ол бірінші бой көрсеткен әскери жазушы. Оның қызық ерекшелігі — әрі даңқты командир, әрі белгілі жазушы, әрі өз шығармаларының авторы мен кейіпкері, әрі басқа жазушылардың да басты кейіпкері. Бауыржанның екінші ерекшелігі — ол екі тілде жазады, және орыс тілінде жазғанда да өзінің ұлттық ойлау, сезіну, сөйлеу өзгешеліктерін сақтайды. Үшінші ерекшелігі — әдебиетке кеш келгендіктен, жазушының жаратылысындағы суреткерлік дарын өзінің барлық қабілеті үмкіндіктерін — әлі көрсетіп үлгірген.
1958 жылы қазақ әдебиеті мен көркем өнерінің Москвада болған он күндігіне барған жазушыларды қарсы алған Николай Тихонов: «Біз ескі досымыз, Ұлы Отан соғысының геройы Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» атты кітабын оқимыз» деп жылы сезім білдірсе, әскери жазушылардың Москвада болған кеңесінде сөз сөйлеген армия генералы Филипп Иванович Голиков мынадай жоғары баға берген: «Момышұлының запискалары мемуар болғанмен басқа мемуарлардан көп айырмасы бар, ол көркемдік дәрежеге көтерілген, онда артық эпизод, кейіпкерлер деген жоқ. Нағыз маңызды эпизодтар мен образдарды іріктеп алған».
2 Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы патриотизм көріністері
1940-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында біздің жауынгерлердің бойындағы отансүйгіштік қасиеттері олардың жеңіп шығуына тікелей әсер етті. Бауыржан Момышұлындай қолбасшылар қарамағындағы жауынгерлердің осындай сезімдерін шыңдай түсті.
Біздің әскерлеріміздің шабуылға шыққан кезеңінде әрбір адам сана-сезімімен соғыстың аяқталып келе жатқанын сезіне отырып, артына бұрылып, қанды шайқас жылдарының негізгі кезеңдеріне назар салушылық тән болса, ал соғыстың бастапқы кезеңінде әрбір жанның Отан үшін ет-бауыры езіліп, жаны ауырды, жау басып алған туған елдің әрбір сүйем жері үшін жүрегі қан жылады, өзін азамат ретінде тереңірек, түсініп, сезіне бастады.
Майданның беріктігі жағдайында жауынгерлер үй-ішін, ата-анасын, сүйген жарын, бала-шағасын, туған жерін ойлап уайым-қайғы жеді – дейді батыр жазушы.
Бұл жерде Симоновтың интимдік лирикалары жұрттың басты назарын өзіне аударды.
Аты аңызға айналған батыр жазушының шығармаларын оқыған кезде, қолбасшы ролінің ерекше екендігіне көзің жетеді.
1944 жылы 19 қаңтардан бастап Алматыда ғылым, өнер, әдебиет қайраткерлерінің алдында өткізген «Соғыс психологиясы» атты әңгіме-дәрісінде патриотизмге төмендегідей анықтама береді:
Патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байлыныстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым қатысын біріктіреді.
Бауыржан Момышұлының өзі де ұлтжанды азамат екені оның айтқан мына сөздерінен байқалады:
«Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас», — дейді [19; 178 б].
Бауыржан Момышұлы жайлы айтылған ойлар, пікірлер өте көп және әр алуан. Кез келген адам батыр болмайды. Батыр бойында қайрат, күш-жігер, қайсарлық молынан көрінеді. Эпостық жырларда да батыр осы қырынан көп танылады, әрі болар-болмас жерде аңғалдықтан қателік жасап қояды.
Зиялы қауым естеліктерінде Бауыржан атамыздың әділетсіздікке, екі жүзділікке қарсы тұрып, талай жерде өзіне жау тапқандығын тілге тиек етеді. Батыр бейнесінің әр қыры оның өз шығармаларынан анық байқалады.
Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас» атты кітабының алғашқы беттерінен бастап, комбат ретінде өзінің және қарамағындағы жауынгерлерінің Отанға деген ерекше сезімдерін аңғаруға болады.
…Қоршаудан шыққан батальон қираған қала көшесімен келе жатыр. Жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Қираған көше тұрғындары сыртқа шығып келе жатқан жауынгерлерге аяушылықпен, әрі үмітпен қарайды. Ал осы кезде жауынгерлер өзін қалай ұстауы керек?
Бауыржан Момышұлы ән айтуды бұйырды. Политрук Толсунов оған таң қалды…
Мұндай жағдайда қандай ән?
Жауынгерлер де:
«Смело мы в бой пойдем, за власть советов», — деп сапта бойларын түзеп, қажыр-қайраттарын танытты.
Бауыржанның бұл бұйрығы сол сәтте жауынгерлердің бойындағы патриоттық рухты оятуға үлкен әсер етті. «Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады», дейді Бауыржан Момышұлы. Осы ойын батальон жауынгерлерін тәрбиелеуде әр түрлі жағдайда орынды пайдалана білген қолбасшы.
Осы жолы Бауыржан ойынша, бөлініп қалған рота үшін Панфилов оны жазалауға тиіс еді. Бірақ олай болмады, жауынгерлерін аман-есен алып және жол жөнекей жалғыз жүрген жауынгерлерді де қосып әкелгені үшін генерал жылы қабақпен қабылдап, қалбақтап қарсы алды.
«Отан от басынан басталады», дейді халық. Қиыр Шығыстан сан мәрте демалысқа келгенде Бауыржанды әкесі осылай қабылдаушы еді. Әкесімен қоса туған жері Мыңбұлақ елестейді. «Қиыр Шығыстан қарт әкемді, кіндігімді кесіп, кірімді жуған туған жер, туысқан елді аңсап келуші, едім. «Бөпем» деп сүйген әкесін, оның «адам бол қалқам» деп тілеген, «сергек бол» деп сенген ұясын кім сағынбайды?
Иә, мен шынында да жыл сайын демалыс алғанда Қиыр Шығыстан ауылға «ашығып» жететінмін. Сағынып аңсап келетінмін. Әкемнің аймалағанын, қампиған ескі сары самаурын шайын сусынымды қандырып, әке мейірімімен бал жеп, біздің Айнабұлақтың шербет суына жуынуды аңсап келетінмін. Айнабұлақ! Мыңбұлақ!
Өмірге тұңғыш келгенімде, дүниеде теңдесі жоқ нәрлі сумен мені шомылдырған мені жуындырған бұлақ. Мен суын ішкен, мені әлдилеп сүйген, маған сенген, туған жерім Мыңбұлақ!»
Өр тұлғалы батырдың бұл сөзінен «елім», «туған жерім», деп елбіреген жүрек лүпілін сезінгендейсің.
Туған жерін неміс басқыншылары басып алады-ау деген ой келген кезде, жауынгерлердің өзегі өртеніп, батыл іс-әрекет, жасап жатыр.
Қоршаудағы капитан Лысенко:
– Жоқ, олардың бұл қыспағынан ешнәрсе шықпайды. Тірі тұрғанымда көпірді де Осташованы да, жауға бермейміз. Сіздер менің айтқанымды түсінесіздер ме? – деп сұрады командирлерден.
Есік ашылып қолына, ақ мата байлаған неміс офицері кіріп келді. Орыс тілін бұзып сөйлеп:
– Капитан мырза ендігі қарсыласуларың пайдасыз болады. Арыстанға тышқан қарсыласа ма?
– А – а, сіздер солай ойлайды екенсіздер ғой, майор мырза, — деді Лысенко оның сөзін шорт бөліп.
– Болады күмәнданбауыңызға, капитан мырза, сіз біреусіз, біз көп, біздікі күш көп. Сіздікі дивизия жоқ болған. Дивизия өлген. Біз Волокаламск алған. Ертең Москоуды аламыз. Менікі генерал сізге жақсы жағдай, жақсы қызмет уәде етеді…
Лысенко оның сөзін беті түтігіп, айбарлана қаһарлана, ызаланып үзіп-үзіп жібереді.
Генералыңызға айтып барыңыз, біз бұл жерде жаудың айтқанына көніп, айдауына жүру үшін соғысып жатқан жоқпыз. Генералыңыз жақсы жағдай мен жақсы қызметті опасыз сатылғандарға, жүзі қара лағнаттарға жасасын.
Біз тұтқын болып ешуақытта тізе бүгіп, жау алдына шөге алмайсыз. Біз табан тіресіп, арпаласып бағамыз. Соғыс көрсетеді, майор мырза, қайсымыздың арыстан, қайсымыздың тышқан екенімізді, оны тек соғыс көрсетеді.
Осы ұрыста Лысенко қаза тапты.
Талғар өзенінің жағасында әскери жаттығулар өтіп жатыр. Жаттықтырушы орта бойлы татар жігіт Гарипов «әскери формаға дағдыланбағаны сонша, Гарипов үстіндегі киімін, киім Гариповты жатырқап тұрған сияқты. Ол өз адамдарына жасықтау бұйырып, кесіп әмір айтпай, қол астындағылармен саудаласқандай болып», жалынып жаттығуларды орындатқандай көрінгенін байқап, Бауыржан Гариповты шарқытып ескерту жасайды.
«-Егер сіз қол астыңыздағы адамдарға тым ұяң сөйлеп, балаша әлдилеп, кесіп айтып бұйырудың орнына саудаласып, әкелеп-көкелеп тұратын болсаңыз, ротаңызды бұл қысқа мерзімде түкке де үйрете алмайсыз. Бір айтқанды екі айтқызбайтындай етіп, жаппай тіл алдыру үшін жалынып, жалпаймаңыз, талап қойыңыз бұйырыңыз!
«Бүйтсеңші» емес, «Былай ет!» Қатал бұйырып айтқанға жарылатын жүрек болса жарыла берсін».
Гарипов ұяла қызарып тұрып:
– Қазірше ешнәрсе шығара алмай жүрмін, құрғыр осы… Мен қатты зекіріп сөйлеп, бұйыра жұмсауға дағдыланбаған мұғалімнің біреуі едім, жолдас аға лейтенант, — деп шынын айтты.
Бір айдан кейін мен оның бір сержантты бидайдай, шыжғырып жатқанының үстінен шығып:
Е, мұғалім жолдас, енді ақырып ұрсуды да үйренгенсің ғой, — деп күлдім.
Гарипов қолды – аяқтай үйіріліп, тап-тұйнақтай жинақ тұрып, әскери ізет көрсетті де:
– Иә, солай, жолдас аға лейтенант, шын қысылған жаннан тер шығады деген ғой, кейбіреулері орынсыз зығырданыңды қайнатып, ұрыспайын десең де лажсыз ұрыстырады екен, — деп кінәлі түрде күлімсіреп жауап берді.
– Оқасы жоқ, жолдас лейтенант, соғыста қанды аз төгу үшін, қазір терді көп төккеннің пайдасы болмаса зияны жоқ.
Сол Гарипов жауынгерлерін басқа төнген бәледен құтқармақ болып өзінен күшті әлденеше артық жаумен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.
Туған жерге, қазақ жеріне деген сағыныш оқта-текте Бауыржанның атқосшысы Николайды да қазақша сөйлетіп қояды.
– Түскен жайдың орны мұндай сұрқия-сойқан болмас, — деді Николай қазақша.
Ішімнен орыс баласы қазақ тілін білсе, осындай-ақ білсін, — деп ойладым.
Бауыржан Момышұлы командирдің қызметі туралы:
«Командир – әскердің миы, ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске жеткізуші тұлға», — дей келіп, әскери басшының творчестволық тұлға екенін үнемі дәлелдегісі келетіндігін, олардың еңбегі өнер қайраткерлерінің еңбегінен еш кемдігі жоқ екенін тілге тиек етеді. Сонымен бірге «Командирдің ерлігі – оның парасаттылығында сенімді қайтпас ерік – жігеріне байланысты. Командир жауынгерге, оның адамгершілігін кемсітпей, аласартпай, қайта сезіміне, ар-ожданына, психикасына әсер ете отырып, барлық ықпал ететін шараларды шебер қолдана білгені жөн» — дейді.
Батыр – жазушы командирдің осы қабілетін «Москва үшін шайқас» кітабында басынан аяғына дейін нақты мысалдармен дәлелдеп шыққан.
Москва түбіндегі ұдайы шегініс Бауыржан Момышұлының зығырданып қайнатты бірде генералдан оралған Толстунов оның тапсырмасы бойынша – ерлік көрсеткендерді наградаға ұсыну қажеттігін айтты. Оған Бауыржан:
– Әркім жақсы соғысуға міндетті. Жақсы соғысу, міндетті адал атқару – әркімнің борышы. Рас солай екен, ендеше мен оларды наградаға ұсынбақ тұрмақ рахмет те айтпаймын.
– Сен қызық екенсің, комбат, — деді Толстунов ашуланып, — сен өзің немене, мінезің қызық-ақ?
Немене соншама, жұрт жанын аямағанын білесің, енді…
– Жоқ, сен өзің қызықсың. Біз ұдайы шегініп келеміз… Сонда награданы не үшін алу керек? Шегінгенің үшін бе? Сонда жаныңды аяп шегінгенің үшін бе? – деп, Толстуновқа ақырып жібердім.
Сасқалақтаған Толстунов мұндай сөзді генералдың өзіне неге айтпайсыз? – деп қызбаланды, Бауыржан бұл жайттың айтылғандығын, оған генерал «әрбір солдат адал еңбегі үшін жылы-жылы сөз естігісі келеді, әрбір солдаттың соғыста көрсеткен ерлігін елеусіз қалдыруға болмайды» деп жауап бергендігін айтты.
Басшының ұрыстағы тәртіп-тәрбиесі, үлгі өнегесі жауынгерлердің бойындағы қажыр-қайрат, батылдық, төзімділік, түсінушілік, құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастыруға игі әсерін тигізері анық.
Аяз қатты, аштық жанға оданда қатты батып барады. Аяқ қолыңның тоңғанына төзіп бағуға болады, ал құрсағыңның тоңғаны тіпті жаман екен. Жүріп бара жатқанда онша емес, ал тоқтағанда бүкіл ағзаң әсіресе, ішкі әлемің мұзға айналғандай сезінесің.
Осындай бір қиын сәтте Бауыржанның атқосшысы тамақ салуға арналған қаптың түбін қағып, үш түйір нан мен үш дана папирос табады.
Комбат жауынгерлердің алдына қойғызады, бірақ оны қанша темекі тартқысы келгеніне, қарны ашқанына қарамастан ешкім алмайды.
Отыз бес градустық аязға, аштыққа қарамай, жауынгерлерімді сапқа тұрғызып, «жиналыс» өткіздім. Батальонымды жігерлендіргім келді… жауынгерлік тапсырманы орындағандары үшін алғыс айттым. Дивизиямыздың гвардиялық дивизия атанғанын, Қызыл Ту орденімен наградталғанын, Рахимов пен Филимоновқа аға лейтенант атағы берілгенін мәлімдедім.
Өлдіге саналған Бауыржан батальоны қоршаудан аман шықты. Амандығын білдіру үшін он бес шақырым қашықтықта орналасқан штабқа барып көріну керек.
Командирдің қуат берер сөзі – жауынгерлердің бойына қуаныш сезімін ұялатты, тіпті аштықтарын да ұмытты.
Саптан жауынгер Хасанов шығып, Бауыржан атына бірнеше мақтау сөздер айтып, немістің он есе үлкейтіп көрсететін дүрбісін ұсынды. Филимонов жауынгерлер атынан құттықтау сөз айтып, неміс пистолетін ұсынды.
Украин жігіті Грицько Проценко саптың алдына шығып сөз сұрады. Ол бастан өткізген қиын күндерге, бес қоршауда қалып, аман шыққандарына, жиырма жеті ұрысты ауыр жағдайда өткізгендіктеріне тоқталып Бауыржан атына бірнеше мақтау сөз айтты. Сонымен бірге атуға бұйырылған неміс майорының алтын сағатын құжаттары-мен сыйға тартты. Бауыржан Момышұлы оның сыйлығын қабылдап тұрып, рота командиріне Проценконың соғыстағы жетістіктерін анықтап, сағатты өзіне қайыра сыйлады, өзі тақпаған жағдайда сүйген қызына сыйға тартуды сұрады. Оған Проценко қысыла түсіп:
– У мәне дывчины немае, наше вони мине здались, — деді украиншалап.
– Жоқ бауырым, — дедім мен оған қарсылық білдіріп. – Егер сүйген қызың жоқ болса, табуға тиіссің. Мұның қалай?.. Біз сүйкімді қара көз қыздар үшін соғыспай кім үшін соғысып жүрміз?! – деп жалғастырдым әңгімемді. Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек жапырақсыз, гүлсіз, орысша айтқанда «сушняк», қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Сені мен біз сол дәннің «жемісіміз» әрі жаман «жемісі» емес сияқтымыз.
Жауынгерлерім де, Грицько да күлді.
– Әйелсіз, бауырым, адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды. Әйел бізге ана, жар, әйел біздің сүйікті балаларымыздың анасы, ал соғыста олардың кейбірі біздің жауынгер серігіміз.
1941 жылдың 7 декабірінде Бауыржан Момышұлы 18 сағаттық ауыр ұрыста жараланып командалық пункте жанқан кезінде фельдшер келіп ауыр жараланған жауынгер Проценконың полк командирімен сөйлескісі келетіндігін мәлімдеді.
… Дәрігерлердің рұқсат етпегеніне қарамай мен далалық дәрігерлік жәрдем пунктіне бардым. Процьенко қарнынан ауыр жараланған екен.
– Батько, — деді ол қинала үн қатып. – Сіз келдіңіз бе? У мени до вас дило есть.
– Сөйле ерім Грицько. – Бас жағына таяу жаққа отырдым. – Сөйле бауырым.
Ол сол қолынан сағатын шешіп алып, былай деді:
– Менің Нинажанымды сіз бәрібір таба алмайсыз, ол жау тұтқынында. Алыңыз, батенко сіз бұл сағатты өз ұлтыңыздың Нина есімді қызына, тек ақылды қызына сыйлаңыз. Мен ұрыста жүріп Сізді, сіздің халқыңызды сүйген едім…
Ол қызға бұл украин перзенті Грицько Проценконың сыйлығы деп айтыңыз… Мен енді бұл дүниелік емеспін…
Грицько өсиет сөзін аяқтай алмай көз жұмды.
Тұрғандардың бәрі еңіреп жылады.
1942 жылдың 7 февралі. Күндізгі сағат 12 де немістер қарсы шабуылға шықты. Немістер біздің ротаға 100 метр жер қалған кезде бір жауынгер қырындай түрегеліп, автоматын алға кезей ұстап «ура!» деп айқай салды. Бұл Төлеген Тоқтаров еді. Ротаның қимыл-әрекетсіз қалғанына ашынған ол өзінің төрт жолдасына: «Жауға аттанайық!» — деп үн қатқан. Оның соңынан ала бес жауынгер «уралап» жауға ұмтылды, олардың артынан тағы да бес адам, сөйтіп бүкіл рота тұтас көтерілді, немістер кейін шегінді.
Бұл соғыс біздің жігіттердің жалпы батырлық, батылдық көрсеткеннің бір үлгісі.
Бұл соғыста жем тастап, жемтікке тоя бергенде, аз күшпен желке бүйірлерінен соғып, жеңісің, жегенін желкесінен шығарған тактикалық әдістің сәті түсе қолданылған нәтижесі көрінді.
Бұл соғыс дұшпанның араны ашылған басқыншылық мінез-құлқын өзіне таяқ етіп жұмсаған ұрыстың бірі.
Бұл соғыс ата-бабамыздың айтып кеткен «білек-бірді, айла-мыңды жеңеді» деген мұра, соғыс дәстүрінің халық тәрбиесінен шыққандығына дәлел.
Бауыржанның отансүйгіштік сезімі қазіргі жастарға үлгі-өнеге деп есептеймін. Қазағыңды сүйсең, Бауыржандай сүй демекпін [20; 240 б]!
2.1 Бауыржан Момышұлы – тәуелсіздік идеяларының ұйытқысы
Осы ата-бабамыз аңсап кеткен еркіндік пен тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткіздік пе? Әрине, жоқ!
Қазақтың қаншама ер азаматтары тәуелсіздік жолында құрбан болды, жанын пида етті. Қаншама жылдар қазақ халқы Ресейдің қол астында бодандықта өмір сүрді. Бізді оқытқанда: «қазақ халқы төңкеріске дейін, оқымаған, сауатсыз мәдениеті көшіп-қонып жүріп дамымаған» деп құлағымызға құйып келді.
Қазақ халқының бір туар батыр ұлы Б.Момышұлы қан майданда жүріп жазған «Қанмен жазылған кітап» туындысында: «Біздер кімбіз» деп сұрайтын болса, онда біздің өткен тарихымызда, біздің даңқты ата-бабаларымызға деген біздің бойымызда мақтаныш сезімі сезілетіндей етіп жауап беруге тиістіміз.
«Біз мал едік, қараңғы едік», — деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу ызаң келеді. Бұл бізде ғана бар көркеуделік емес, басқа ұлттарда да бар нәрсе, тіпті отырыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па. Сол кезде, яғни, өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ол бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады – сөз жоқ ешкім де айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә мұны теріске шығара қоюға болмас және де оларды мақтаныш етуіміз керек – олар халықтың абыройы ғой. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн» — деген болатын. Қандай көрегендікпен айтылған данышпандық, философиялық тұжырымды терең ой. Ол кезде Кенесарының атын атамақ түгіл, еске алудың өзіне адамның жүрегі дауаламайтын.
Ал, Бауыржан Момышұлы Кенесары ханның ұлт-азаттық жолындағы көзқарасын қан майданның төрінде жүріп мақтан тұтқан [34; 2 б].
Б.Момышұлы Ұлы Отан соғыс жылдарында қазақ халқының келешегін ойлап қайырған. 1942 жылы 18 қазанда Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықовқа, 1943 жылы 18 наурызда Қазақ ССР Халық комиссарлары советінің төрағасы Ондасыновқа және Әбдіхалықов, Панкратоваға 1943 жылғы жолдаған тарихи хаттарында қазақ газеті, әдебиеті, тілі, тарихи хаттарында қазақ газеті, әдебиеті, тілі, тарихы мәселесіне көп көңіл бөлу керек екендігін атап көрсеткен.
Б.Момышұлы: «Халқымызды, тарихымызды әкеміздей сүюіміз керек» деген мақаласында белгілі тарихшы Ермұқан Бекмақановпен арада болған әңгімесінен үзінді келтіреді. «Қиянаттың үлкені – халықтың өз тарихын өзінен жасыру екен», — дейді онда Ермұқан Бекмаханов ашына сөйлеп. – Бұл – ұлттық сананың төте жолы ғой. Ал ұлттық санадан айырылған ел ұлт болудан қалады. Осыны көп тарихшыларымыз түсінсе де түсінбеген түр танытып жүр.
Енді өткенімізді зерделеуден мен ұстазым Анна Михайловна Панкратоваға шексіз ризамын. Ол кісі: «Патша үкіметінің отаршылдық саясатын, басқа ұлттардың Ресейге қосылу процесін сол кезең шындығына қарай әділ бағалау керек», — деп кеңес берген еді. Содан мен шамам жеткенше ізденіп, патшалы Ресейдің отарлау саясатының қанқұйлы, зұлым саясат екеніне көзім әбден жетті. Оны әшкерелеу үшін отаршылдыққа қарсы шынайы бұқаралық сипат алып, ұзақ созылған тегеурінді қозғалыстың бірі – Кенесары көтерілісіне ерекше көңіл бөлгенім рас. Шындыққа жүгінсек Кенесары көтерілісінің басты қозғаушы күші – халқымыздың ар-намысын отаршылдар табанына таптатпау үшін ерікті ел болу идеясы ғой. Осы идеяны ашып көрсеткенім үшін «Халық жауы» атанып, жазықсыздан жиырма бес жылға сотталып кете бардым».
– Ашынып сөйлегеніңе, ашынып тер төккеніңе мың алғыс, інім – дедім қолын құшырлана қысып – онсыз, сені ертеңгі ұрпақ есіне алмас та еді.
Ермұқан Бекмаханов, өзінің аз ғұмырында «халқымызды, тарихымызды әкеміздей сүюдің, жер-анамыздың қадірін біліп, аялаудың тамаша үлгісін көрсетті».
Соғыс жылдарында Бауыржан өзіне өнеге тұтқан Кенесарыны Ермұқан да 1947 жылдары қайта жаңғыртты. Бұл сабақтастық, тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының көптен күткен арманы еді.
Е.Бекмахановтың көзінің қанды жасымен жазылған «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы арқылы тәуелсіздік үшін күресте хан Кененің көтерісшілерді қаһармандықпен шайқасуға, келесі кезекте отаршылдық зардаптарын жоюға жұмылдырғанын ашып көрсете білді. Сондықтан да Баукең Ермұқанға мың алғыс айтып, қолын құшырлана қысқан, келер ұрпақ еске ала жүретінін, сол идеямен қаруланып алып, намысқа шабатынын болжаған [24; 28 б].
Б.Момышұлының шығармаларын зерделеп оқығандағы аңғарғанымыз қазақ халқының жарқын болашағы мен тәуелсіздігін армандап өткен батыр. Баукең армандаған тәуелсіздік таңы атты. Тәуелсіздік алмай тұрғанда қазақ деген ұлт бар екенін, Қазақстан республикасы бар екенін дүниежүзі елдерінің бәрі бірдей біле бермейтін.
Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз көксеп өткен тәуелсіздік елімізде нығайып күн өткен сайын дамып келеді. Тәуелсіздіктің бергені көп, берері де мол.
Бүкіл түркі тілдес бауырлас халықтардың мақтанышына айналған, екінші дүниежүзілік соғыста, дәлірек айтар болсақ – Ұлы Отан соғысында Қазақстанды, түркі халқын әлемге танытқан, Тұран даласының даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туралы 1977 жылы Свердловск қаласында тұратын қарт профессордан естіген әңгіме әлі құлағымда жаңғырып тұр: «Бауыржан Момышұлы ер түріктерден шыққан ұлы батыр. Оны өз елі Күлтегінге теңеу керек…» Мен: «Бауыржан Момышұлының ұлты-қазақ! Мен де түрік емеспін, қазақпын!..» — дедім өршеленіп. Ол сәл жымиып күлді де кәрі тарихқа шегініс жасады. Мен сонда ғана түрік халықтарының тарихын алғаш рет санама құйып, арғы бабаларымыздың сақтар мен ғұндар екеніне, сонан соң түріктер екеніне көзім жетті. Кеңестік идеологияның санамызға сіңіп қалғаны соншалық, арғы бабаларымыздың қайдан шыққанын білмей жүре береді екенбіз. Мектепте бір мұғалім ағайымыз айтатын: «Бабамыз Лелін ата…» — деп. Сонан соң сол қарт профессордан мынадай аңызды есіттім: «…Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолындағы шайқаста ақбоз ат мінген қазақтың Бауыржан деген батыры болыпты. Бауыржан батыр фашистерге қарсы аттанғанда Қобыланды батыр жырынан үзінді оқып, айқайлап аттанады екен. Фашист басқыншыларының мергендері қанша атса да осы ақбоз атты Бауыржан батырға оқ тигізе алмапты. Бір күні фашистің генералы Мәскеу түбінде ұйықтап жатқан жерінен «Черный русь!» Черный русь!..» — деп айқайлап, жатқан орнынан атып тұрған екен. Түсінде Бауыржан батырды көріпті. Бауыржанның қолында найзасы бар, қоңыр қалқанын кеудесіне ұстап ақбоз атымен ұшып келеді екен. Бауыржан батыр найзасын фашист генералына шаншыпты. Сол кезде әлгі генерал орнынан айқайлап атып тұрған екен… Фашистер Мәскеу түбінде жеңіліске ұшырағанда әлгі генерал Гитлерге барып былай депті: «…Волоколам түбінде ақбоз ат мінген қара командирді көрдім. Атқан оғымыз далаға қаңғып кетеді. Түрі европалыққа, орысқа ұқсамайды. Біз оны «қара орыс» деп атадық. Қандай ұлт екенін білмедік…» — депті. Сонда Гитлер: «Ақмақ! Ол қазақтың командирі! Ұлты қазақ! Ол туралы менің барлаушыларым мол мәлімет жеткізген!.. Біз қателесіппіз, орыстарға қарсы европалықтарды емес, осындай қара орыстарды айдап салуымыз керек еді!..»-депті.
Бұл қарт орыс профессорының аңыз-әңгімесі. Сталиннің Қазақстанды он алты автономиялы республикаға бөліп жіберу туралы жоспары бар екенін де осы профессордан естігенмін…
«Күлтегін» жырындағы әскери қолбасшы Күлтегіннің жорықтары Ұлы Отан соғысындағы Мәскеу түбін неміс-фашист басқыншыларына түркі қазақтарының әскери қолбасшысы Бауыржанның жорықтарына ұқсайтыны тағы да рас.
«Күлтегін» (үлкен жазуында):
«…Күлтегін сол соғыста
Отыз жаста еді.
Алып Шалшы ақ атқа мініп,
Шабуылға ұмтылды…» —
деген жыр жолдары бар.
Ал, қазақ түркілерінің әскери қолбасшысы, батальон командирі, кейін полк командирі Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста отыз жаста екен [25, 3 б].
Белгілі ғалым, профессор М.Жолдасбеков «Асыл арналар» атты ғылыми еңбегінде Күлттегін туралы былай деп жазады: «…Отыз жасында қарлұқтарды, отыз бір жасында аздарды алады.
Бұл жойқын кескілестерде Күлтегіннің астынан баяғы Алып Шалшы атты көреміз…».
Орхон жырларында жау жеңіледі. Жаулардың ханы өлтіріледі. Күлтегін жеңіске жетеді. Жырда былай жазылады:
«…Соғыстық.
Талқандадық.
Ханын өлтірдік…»
Арадан ХІІІ ғасыр өткен соң қазақ түркісі, әскери қолбасшы, ХХ-ғасырдың Күлтегіні – Бауыржан Мәскеу түбінде неміс-фашист басқыншыларымен соғысады. Оларды талқандайды. Неміс-фашистерінің ханы – Адольф Гитлер өзін өзі өлтіреді.
Бүкіл әлемді шошытқан, Ұлы Түрік империясы туралы қалам тербеген Түрік қағанатының атақты билерінің бірі, данышпан, ұлы ақын Иоллығтегін VII ғасырда Күлтегін дастанын жазғанда елі үшін, жері үшін күрескен ежелгі түркі мемлекетінің атақты әскери қолбасшысы Күлтегінді (684-731) былайша сөйлетеді:
«…Қаның судай ақты,
Сүйегің тау боп жатты.
Бек ұлдарың құл болды.
Пәк қыздарың күң болды…».
Осы қаралы жолдарды оқығанда есіңе қазақ халқының қаралы кезеңдері көз алдыңа келеді. ХХ ғасырдың 32-33 жылдарындағы қу жақ Голощекиннің қолдан жасаған аштығы, аштан қырылған екі жарым миллион адам… Сталиндік репрессияға ұшыраған мыңдаған жазықсыз қазақтар, «халық жауларының» әйелдері, ұл-қыздары…
ХХ ғасырда ер түріктердің ұрпағы, әскери қолбасшы Бауыржан батыр былай дейді:
«Панфилов тірі кезінде,
Москваның жерінде,
Жау жағадан алғанда,
Батыс елін қиратып,
Қанды ылаң салғанда,
Қаһарына шыдатпай,
Күші кернеп мастанып,
Бізді түгел жойдым деп,
Жер жүзіне мақтанып,
Бүкіл жұртқа жар салып
Лек-лек етіп қол жинап,
Танктары салып өрт,
Аспанда көп самолет,
Зеңбірегін сүйретіп,
Оты шығып аузынан,
Қолтығынан дем алып,
Аға-ініні құл етіп,
Қарындас-қатын күң етіп,
Қанатты қанға малғанда…» —
дейді.
Күлтегін батыр туралы профессор, Күлтегін сыйлығының иегері Немат Келімбетов былай деп жазады: «…Күлтегін (684-731 жылдары өмір сүрген) – ежелгі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, сол дәуірдің белгілі қоғамдық қайраткері ретінде көне тарихтан жақсы мәлім… Күлтегін талай-талай соғыстарда жеңіске жетіп, өзін қабілетті қолбасшы ретінде танытады…».
Күлтегін туралы академик-жазушы М.Әуезов былай деп жазды: «…Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады… Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өміріндегі ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас шағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар…» [26; 83 б].
Ежелден қайғылы нәубеттері бастарынан өткізіп келген қазақ халқына ХХ ғасырдың басы әртүрлі зобалаңдар алып келді. 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, 1917 жылғы ақпан-қазан төңкерістері, Кеңес үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілістер, 1932-33 жылдардағы аштық, зиялы азаматтардың көзін жоюға бағытталған қуғын-сүргіндер… 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы…
Ұлы Отан соғысы жылдарында Тұран даласынан шыққан түркілердің ұлы батыры, атағы Европаға, бүкіл әлемге танылған әскери қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы тарих сахнасына шықты.
Атақты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы жорық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне – Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті.
Қазақ халқын, бүкіл Кеңес халқын неміс-фашист басқыншыларының құлдығынан азат етті…
Күлтегін батыр өзі туралы:
Өлімші халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты тонды,
Кездей халықты бай қылдым.
Аз халықты көп қылдым,
Тату елге жақсылық қылдым… –
дейді. Ал, ХХ ғасырдың Күлтегіні Бауыржан батырдың «Туған ел» атты жыры Күлтегін сөзімен үндесіп тұр. Арадан 12 ғасыр өтсе де Күлтегін бабасының туған елге деген, туған жерге деген сүйіспеншілігі үндеседі. Бұл не деген ғажайып үндестік! Бауыржан батыр былай дейді:
Сүйген елім көкірегімде мұңың бар,
Бақытқа оны айырбастау мүмкін бе?
Жоқ!
Назар салсам өткен-кеткен өмірге
Сенен басқа жақыным жоқ бұл күнде,
Қоластымда қалың әскер жоқ менің,
Күш міндетін айырбастар оған кім?
Жұмса, әке: белбалаңмын – құлынмын.
Ел бақатын ер азабын.
Көрген сенің ұлыңмын.
Тағдыр маған дарытпады көктемін
Өзің айттың өмір деген – от дедің!
Дұшпандардан көп атылды маған оқ!
Тағдыр әділ – менің оған өкпем жоқ!
Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді түндерімді ой толқынын, сыр толқынын
саған ғана беремін.
Саған ғана, саған ғана бұл дүниеде ол дүниеде
Сыйынамын – сенемін…
Күлтегіннің кеңесшісі Тоныкөктің түрік еліне айтқан сөзінің терең мағынасы бар:
Мен былай дедім:
– Мен білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік
Ертіс өзенін кешіп келдік
(Кім) келсе де «батыр!» — дедім.
(Олар біздің ойымызды) білмейді.
Тәңірі Ұмай, қасиетті жер су
Жеңіс берген екен
(Жау) көп деп неге қашамыз?!
Азбыз деп неге қорқамыз?!
Неге (оларды) басындырамыз?!
Шабамыз! – дедім,
Шаптық, Қудық…
Мәскеу түбіндегі қазақ түркілерінен құралған жауынгерлердің – ер түркілердің Волоколам тас жолында фашист басқыншыларын ілгері жібермей, кейін шегіндіріп, «шауып», кейін қарай «қуғанына» таңданған әлем түркілері сол 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі соғыста Атилла мен Афрасиабты, Мөде батыр мен Шу батырды, Күлтегін мен Тоныкөкті, Қобыланды мен Ер Тарғынды тебірене еске алды емес пе [8; 5 б]?!
Бауыржан Момышұлының «Арнау» атты өлеңіндегі әкесінің Бауыржанға айтқаны, Тоныкөктің Күлтегінге айтқанындай әсер етеді:
«… – Соғыста сен қолыңа қару алдың,
Топ бастап жау шебіне ойран салдың.
Қолдады ата әруағы сыйынған соң,
Оқтан да, найзадан да тірі қалдың…
Сен неге тірі қалдың, тірі қалдың?!
Білесің, не екенін сен ажалдың!
Сені ел-жұрт жігіті деп атайды,
Мадақтап біреуі деп асыл жанның.
Қалам да өткір найза ебін тапсаң,
Бұрынғыдай аянбай жауға шапсаң…
Түркілерді айламен женген табғаштардан азап көрген көк түріктер: «өлсек те, қырылсақ та табғаштарға бағынбаймыз!» — деп күреске шыққан сәтін «Күлтегін» де (үлкен жазуында) былайша баяндайды:
«…Түркі халқы:
«Қырылайық, жойылайық» десті,
Ажалға жылжи бастады.
Көкте түрік тәңірісі,
Түріктің қасиеті, жері, суы,
Былай депті:
«Түрік халқы жойылмасын» — дейді.
«Ел болсын», — дейді…
…Шетте жортып жүр дегенді естіп,
Қаладағылар өрлепті,
Таудағылар індепті
Жиылып жетпіс ер бопты…»
1941 жылы Мәскеу түбінде қазақ түркілері «Қырылсақ та, жойылсақ та жауды өткізбейміз!» — деп неміс-фашист басқыншыларымен жолбарысша шайқасты емес пе?! Қазақ түркілерінің қолбасшысы Бауыржан Момышұлы ентелеген жауларды кейін шегіндірді емес пе?! Сол Мәскеу түбінде қазақ түркілерін бабалары Тоныкөк пен Күлтегін әруақтары қолдап: «Қазақ түркілері жойылмасын, Ел болсын!» деген еді ғой?!.. Бауыржан – ХХ ғасырдың Күлтегіні еліміздің егемендігін алып тәуелсіз ел болғанын көргенде қандай күйде болар еді! Батыр атамыз армандап кеткен егемендіктің осы бір сәттерінде өмір сүргенде қайтер еді, ол?! Бүкіл түркілерді біріктірер ме еді?!…
VII ғасырдағы атақты әскери қолбасшы Күлтегін бабамыздың ұрпағы ХХ ғасырдағы әскери қолбасшы, гвардия полковнигі, қазақ халқының қаһарман батыры – ХХ ғасырдың Күлтегіні Бауыржан Момышұлының ізбасарлары – қазақ түріктері қазіргі таңда әлемнің өркениетті деп саналатын алып мемлекеттерімен терезесін теңестірді [28; 76 б].
Қ о р ы т ы н д ы
Әр халықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр салттары бар. Ұлттық ерекшелікті айқындай түсетін белгінің біреуі сол ғасырлар бойы қалыптасқан әдет ғұрыптар екені белгілі. Бакең қуаныш болсын қайғы болсын дастарханға жаппай арақ қоюды ұнатпайды. Бұл ата-баба дәстүріне жат екенін, әсіресе кісі өлгенде арақ ішіп, артында төбелес шығаруды бейбастық санайды.
«Қазір жас өлсін, кәрі өлсін марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейібіреулердің көзіне түйенің екі өркеші төртеу болып елестей бастайды, неге бұлай, ей, дейді, біреу жылайды, біреу күледі, енді біреу даурығып көпке-көрнеу өтірік мақтауға кіріседі. Сөйтіп, қаралы үйде артық ауыз сөз туып та кетеді. Барлық жерде кездеседі демеймін, бірақ өз көзіммен көрмесем айтпас едім. Бір композитордың қырқында еске түсірейік деп оның шығарған әндерін айтып, сондан кейін тірі композиторларды еске қоса түсіріп, аяғы концертке айналды. [33; 184 б].
Бөтелкені мөлтілдетіп тізіп, ән салып ата-бабам өлім жөнелтмеген.
Балаға біреудің қатты ұрысып, зекіп, ұруды Баукең дұрыс тәрбие санамайды. Әрі бұндай әрекет істеген келіні мен баласына дұрысын айтып, түзеп те отырған. Ойымыз дәлелді болу үшін мына бір эпизодты мысалға келтірейік.
«Атамның сондай тапсырмасының біреуін орындап үйге келсем, Ержан дегенің барлық ойыншықтарын атасының бөлмесіне тасып апарыпты. Ойыншықтың шашылмаған жері жоқ.
–У-у-у, пых-пых, – деп үйді басына көтеріп, төрт аяқтап паравоз болып жатыр екен.
– Бұның не? Атаның мазасын алдың ғой, шық қане! Ана жаққа барып ойна, – деп орнымнан жұлқып тұрғызып, есікке қарай итеріп жібердім де, шашылып жатқан кубик, машина «солдаттарын» жинай бастадым.
– Бармаймын ол жаққа. Атамның қасында ойнаймын, – деп қайтадан ойыншыққа жармасты.
– Барасың-, – деп қолынан мықтап ұстап есікке қарай жетелеп едім, Ержан кетпеймін деп тырыса бастады.
Осы кезде үндемей қарап жатқан атам:
– Ежик, маманы тыңдау керек, – деді немересіне. Осының өзі жеткілікті болды. Қолына сыйған ойыншығын алып, бөлмеден шыққан. Қалғанын мен жинап, еденді жым-жылас етіп, енді бітіріп келген шаруамды баяндайын деп аузымды ашқаным сол еді…
– Керегі жоқ, – деді төбемнен қойып қалғандай екпінмен.
– Отыр! –Сұқ саусағымен орындықты көрсетті. Пышақпен кескендей сөзі де, қимылы да шұғыл. «Ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды» деп өзі айтатынындай, бір пәленің басыма төніп келе жатқанын біле қойдым.
– Сенің балаң екені рас! Қалай тәрбиелеймін десең де ерік өзіңде. Баланың арасына түсуден аулақпын. Бірақ менің көзімше Ержанды жұлқылама! – Соңғы сөздерін тісін шықырлатып айтып, тістенген қалпы үндемей сәл отырып:
– Маған бөгет болып жатса, мазамды кетірсе, өзім тіл таба алам. А таких безграмотных педагогов мне не нужно, понятно?! – деп айқайлап жіберді. Басымды көтеруге шама қайда!
– Айналдырған жалғыз баланы жер-әлемге сыйғызбайсыңдар. Бала ойнамаған, бала шашпаған үйлерің құрысын! Не сұмдық бұл! Жұмыс істеп жатырмын деп анау данышпанның қасынан қуады, әрі бар тамақ пісіріп жатырмын деп сен айдап шығасың. Маған келіп еді жұлмалап ала жөнелдің. Кез келген жерінен теуіп ойнайтын доп па бала сендерге? Он человек Надо уважать достоинство ребенка!
Немересі Ержанның өз әке-шешесі бар ғой. Баукең солар ойлансын. Маған не жоқ демейді. Керісінше баласы мен келініне ой салады.
Мына Ержанды балалар бақшасына беру керек, екі жылға жетпей мектепке барады. Балаларға үйреніп, тіл табысуы оңай болмайды. Өйткені жалғыз өсіп үйренген бала ешкімге қосыла алмай таяқ жейді. Көп баланың тобы жат болып көрінеді, де мектепке барғанда баланың психикасына жаман әсер береді. Балалардан қашқақтаған соң олар бұны қабылдамай, көпке дейін араларына сіңдірмей, түртпектейді. Балалардың қарым-қатынасының өз заңдылықтары бар екенін ұмытпаған жөн. мүмкін, мектеп бітіргенше де, көптің ішінде жүріп, жалғызсырап, мектепті жат көріп кетуі ғажап емес. Сонда қандай білімінің нәтижесін күтпексіңдер? Коллективке үйренбеген бала эгоист, өзімшіл болып өседі, өзін басқалардан ерекше, артық екенмін деп санайды. Ал ондайлардан шынайы азамат шықпайды. Ауылда болса бір сірә, далада еркін жүру мүмкіндігі мол болар еді. Қалада төрт қабырғаға қамалып отыр, айнала қаптаған машина, өзін көшеге шығарып жіберу қауіпті. Үнемі ертіп алып шығуға сенің де мүмкіндігің болып жатқан жоқ. Қайта алып кеткенде өңіне қан жүгіріп, жел қағып қоңырқайланып келеді. Бала өзі шамалас тең-тұстармен жиі араласып, асыр салып ойнап жатпаса жетектеген алып шығып әкелуден пайда шамалы, әншейін эпизодтық бірдеме болады. Содан кейін, бұның жазу танып, кітапты өздігінен оқығанда мәз болмаңдар. (Ержан жаза алмағанмен төртке толар-толмаста жазуы ірі ертектерді өзі оқи беретін). Ол көзіне зиян және мектепке барып әліппені оқи бастағанда «мұның бәрін білем» деп мұғалімді зейінсіз тыңдап, сабақ үстінде зерігіп отыратын болады, міне, осы жерде, өзімшілдіктің алғашқы белгісі қылтияды. Сондықтан, мұны ойластыру керек, кейінге қалдырмайтын жай нәрсе емес», — дейді [33; 184 б].
Кітапта Бауыржанның немересі Ержанмен қарым-қатынасын көреміз.
Бір байқағанымыз Баукең баланы көрер көзге елжіреп еркелетпейді. Бірақ жақсы қылығы үшін мақтаудан да қашпайды. Ал бала бойынан еріншектікті, жалған сөйлеп, бір нәрсені жасырып қалуды байқаса, оған жаны төзбейді. Онда да бірден ақырып, ұрысып ала жөнелмей, ол әдеттің жағымсыз екендігін әр түрлі мысалдармен ұқтырып түсіндіреді. Ол немересімен ересек адамдармен сөйлескендей аса байыппен, салмақты, өзімен тең ұстап әңгімелеседі.
Баукеңнің бір жақсы жері-тек өзі айтушы ғана болмай, баланың да пікірін біліп, ой-өрісінің дамуына ықпал етіп отыратындығы.
Немересін әсіресе ана тілін шубарламай, таза сөйлеуге, нақышпен ойын жеткізуге дағдыландырады. Баланың тілін жетілдіруде ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі мақал-мәтелге көп сүйенген. Бала не түсінеді деп немқұрайлыққа салынбай, Ержанға мақал, нақыл, жұмбақ, жаңылтпаш үйреткен.
Ол келіні Зейнепке «Мына Ержанға мақал, нақыл үйрет. Жай сылдырлатып жаттатпай, алдымен мағынасын ашып, санасына сіңдір, сонда ұмытпайды», — деп кеңес береді. Тұжырымдай келгенде, біз «Шуақты күндерді» оқи отырып, Баукеңнің ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын ұстаздық қырын танимыз [34; 184 б].
Қорыта келгенде, Бауыржан Момышұлы ең алдымен сұрапыл заманда шыңдалған қаһарман жауынгер, ер қолбасшы, шын мәніндегі гуманист биік мәдениетті, рухани дүниесі бай, рухы биік адам. Есімі тарихтың тақтасына бас әріптермен жазылған адам — тар өткел, қия шатқалдан өткен қиынға өршелене ұмтылған, өз сөзімен айтқанда: «дұшпанына берілмеген», «досына берілген» үлкен жүректі адам.
Бауыржан соғыс жылдарының әйгілі батырына айналса, бейбіт замандағы жазушылық сапарында да ірі ерліктер жасаған тұлға. Ол ұлттық прозамыздағы саяси, әскери тақырыпты биік идеялық — көркемдік тұғырға көтеруші М. Ғабдуллин, Ә. Шәріпов, Қ. Қайсенов, Жангелдин, Р. Қошқарбаев сияқты майдангер қаламгерлердің алдыңғы легінде болды, соғыс сұрапылы мен адам психологиясын деректі нақтылық, алуан сырлы сезім нанымдылығымен суреттеуде дара дәстүр сілемдерін қалдырды, озық шеберлік үлгілерін көрсетті.
Соғыстың сұрапыл жылдарындағы ерлігі үшін көптеген медаль, ордендермен марапатталған, халықтың қаһарман батыр аталған Баукең творчестволық еңбегі үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы» ордендерін алды.
Оның жазушылық сапарын нұрландырып, шабытына-қанат, қаламына нәр, үніне-сенім қосқан еңселі адамгершілік, қайраткерлік тұлғасы. Қоғамдық ауқымдағы өрелі ойлары мен барынша адал, бүкпесіз, ашық сезімі, асқақ та нақты саяси — әлеуметтік мұраты, айқын көркемдік — эстетикалық принциптер жүйелі Бауыржан Момышұлын заңды түрде қазақ әдебиетінің іргелі өкілдерінің қатарына қосады. Екі тілде ( орыс, қазақ ) еркін жазған қаламгер ұлттық топырағымызда әскери — патриоттық тақырыпты меңгеру жолында дербес дәстүр соқпағын салды. Жауынгер жазушының шыншыл шығармалары идеялық өзектілігі тұрғысынан ғана емес, творчестволық шеберлік ыңғайымен келгенде де әр алуан зерделі суреттерге жомарт. Бұл — Бауыржан Момышұлы мұрасының өміршең сипаты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Бауыржан Момышұлы. Қанмен жазылған кітап. – Алматы: Жазушы, 2000ж.
- Бауыржан Момышұлы. Москва үшін шайқас. – Алматы: Жазушы, 2004ж.
- «Ақжол» газет. 2006ж. 23 желтоқсан, 4б.
- Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. -142-153б.
- Нұршайықов Ә.Автопортрет. – Алматы: Жалын, 1999.
- НұршайықовӘ. Ақиқат пен аңыз. –Алматы: Жазушы, 1976.-384 б
- Елеукенов Ш. Ерлікке жаралған ұрпақ жазушысы // Қазақ әдебиет, 1992, желтоқсан, -4 б.
- Кәкішев Т. Шынайы өмір жыршысы // Қазақ әдебиеті, 1992. желтоқсан, -5 б.
- Нұршайықов Ә. Оқырмандардан келген жеті хат // Қазақ әдебиеті. 2000. 23 қараша, 6-7 б.
- Ахметов З. Ерлік пен елдік бейнесі // Қазақстан пионері. 1987. мамыр, 3 б.
- Ахметова З. Шуақты күндер. –Алматы: Жалын, 1994. -176 б.
- Нұршайықов Ә. Таңдамалы: екі томдық. –Алматы: Жазушы, 1980.
- Нұршайықов Ә. Шығармалар жинағы: 4 томдық. –Алматы: Жазушы, 2002.
- Әлімбаев М. Қалам қайраты. –Алматы: Жазушы, 1976.
- Елеукенов Ш. Замандас парасаты. –Алматы: Жазушы, 1977. -299 б.
- Ерлік пен еңбек дастаны. –Алматы: Мектеп, 1984. -192 б.
- Майдан әңгімелері. / Құрастырған Байтанов. –Алматы: Жазушы, 1970.
- Бердібаев Р. Биік парыз. –Алматы: Жазушы, 1980. -240 б.
- Қаратаев М. Шеберлік шыңы. –Алматы: Қаз.көрк.әдеб.басп. 1963. -420 б.
- Әдібаев Х. Талант, толғам, тағдыр. –Алматы: Жазушы, 1971. -256 б.
- Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. –Алматы: Білім, 1998. -224 б.
- Базарбаев М. Нарымбетов Ә. Қаһарлы күндер әдебиеті. –Алматы: Қазақстан, 1968. -112 б.
- Омаров І. Әдеби толғамдар. –Алматы: Жазушы, 1988. -400 б.
- Момышұлы Бақытжан. Звезда брата. –Алматы: Кәусар бұлақ, 1996. -28 б.
- Момышұлы Бақытжан. Во имя отца. –Алматы: Ғылым, 1991. -80 б.
- Момышұлы Бақытжан. Восхождение к отцу. –Алматы: Жалын, 1986.
- Ыбраев Ж. Майдан жыры мен сыры. –Алматы: Қазақстан, 1993. -224 б.
- Жұматаев Еңлік. Ерлік – елдік туы. –Шымкент: -1998. -76б.
- Бек А. Арпалыс / аударған – Құрманбек Сағындықов. –Алматы: Қаз.мем.көрк.әдеб.басп., 1959.
- Тоқбергенов Т. Қос қағыс. –Алматы: Жазушы, 1981. -72 б.
- Кривицкий А. Кітап беттерінен. –Москва: Советский писатель, 1986. 184 б.
- Момышұлы Б. Ұшқан ұя. –Алматы: Жазушы, 1975. -384 б.
- Момышұлы Б. Москва үшін шайқас. –Алматы: Қаз.мем.көрк.әдеб.басп. 1964. -374 б.
- Жолдасбеков М. Бауыржан туралы сөз // Ақ жол, 2003. желтоқсан. -2 б.