АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Жыраулар шығармалары Абылай және қазақ батырларының ерліктері

                                        Мазмұны

 

Кіріспе……………………………………………………………………………………………….

 

І-тарау. Жыраулар шығармаларындағы  ел тағдыры.

1.1. Қазақ- жонғар қатынастары Бұхар жырау шығармаларында…….….

1.2. Үмбетей шығармалары- Қазақстан тарихының дерегі ретінде………

1.3. «Елім-ай» әні және Қожаберген жырау……………………………….

 

ІІ-тарау. Абылай және қазақ батырларының ерліктері.

2.1. Жыраулар шығармаларындағы – Абылай бейнесі………………………….

2.2. Жыраулар шығармаларындағы батырлар………………………………………

 

Қорытынды……………………………………………………………………………………..

Қосымшалар…………………………………………………………………………………….

Сілтемелер тізімі………………………………………………………………………………

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…………………………………………………….

 

 

 

Кіріспе

 

      Жұмыстың өзектілігі. Еліміз егемендік алып ұмыт болған  дүниемізбен қайта табысып жатқан, шынайы тарихи беттер ашылып өткенді  қайта саралауға  зерттеуге мүмкіндік туып отыр.Ел басымыз  Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі-оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы   мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз,білім институттарының дамыған  жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды»-дей келе, «тарихи білімнің мұндай жүйесі қатардағы көшпелілер  үшін тарихи,мәдени  оқиғалардың ағыны  ретінде бала кезінен сана-сзіміне сіңіп отырған.Қазақ даласының дүйім жұртында кең құлашты тарихи сана болған,себебі, бұл даладағы әрбр жұмыр басты пенденің жады бала кезінен ауызша айтылатын қисапсыз мол дерекке әбден жаттығып,көз қанық болып өскен. Халық тарихын түсініп,білу әрбір адамның өз басындағы  сезім-түйсікпен астасып отырған» /1/

       Ресейдегі ХХ ғасырда пайда болған революциялық қозғалыс ұлттық шет аймақтың соның ішінде Қазақстанның да жағдайына әсерін тигізді.Кеңес өкметінің орнауымен қазақ елінде өткен тарихын ұмыту, жоғалту басталды. Тіршілікке жаңа ұрпақ жетіліп тарих  пен тағдырдың таразысынан қайта өтіп  жатқан қазіргідей кезеңде тарихы көп бұрмалаушылыққа ұшыраған ел тарихын қайта зерделеу  өткенімізбен қайта табысу қазақ тарихының көмексі тұстарын қайта ашуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. 

      Қазақ даласында XX ғ.дейін ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен үстем болып келгені баршаға аян.Сондықтан қазақ тарихына қатысты жазба деректерді ілуде біреу кездестірсек, ауыз әдебиетінің  дерегіне жататын  ақын-жыраулар шығармалары жетерлік. Өкінішке орай ауыз әдебиетінің деректерінің құнын жазба деректерден төмен санайтын тарихи қате ойдан әлі арыла алмай келеміз,сол себепті нақты тарихи шындықты баяндайтын көптеген  ақындардың өлең-жырлары зерттелінбей жатыр.Ал ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері ақындар халықпен  бірге біте қайнасып жатқандықтан сол заманның ащы шындығын өлеңдеріне негіз етіп алады,яғни тарихи шындықты айтады.Ақын шығармаларынан белгілі бір халықтың  рухани есею жолын, тағдыр таразыға түскен небір тарихи тайталастардың мәліметтерін табасыз.Ал әдебиетте бейнеленген бұл мәліметтер белгілі бір дәуірдің мән-мағынасын айқындайтын елеулі тарихи фактілер, шынайы өмір шындығы екендігі мәлім. /2/

     Қазақ  халқының  тарихи жырларын жазып алып жариялау ол туралы азды-көпті ғылыми пікір  айту өткен ғасырдың  ІІ-жартысынан бері қарай көзге түсе бастағаны мәлім.Алайда бұл жанрға арналған байсалды еңбектер Советтік дәуірде, әсіресе Ұлы Отан соғысынан кейін пайда болды /3/.           

       XVІІІ ғ. қазақ халқының  әлеуметтік саяси және философиялық ой жүйесіне ерекше бір шабыт беріп, қозғау салып, хандарымызға елін,жерін  түгендетіп, батырларымызға қолына найза ұстатып жауға қоса, жырауларымыздың ойына түрткі салып,замана жайлы сол кездің көкей кесті мәселелерінің шешімін өз шығармашылықтарына  арқау еткізген заман болды. Евразиялық кеңістіктегі Қазақ ордасының осы бір кезеңінің  тарихи хал-ақуалын  жазушы М.Мағауин былай деп сипаттайды: «Түркістан бастаған 25 қаладан айырылу Қазақ Ордасының қанатын қырқып,өрісін тарылтып қана қойған жоқ,оның алдағы замандардағы тіршілік кебін бір жақты мал шаруашлығымен ғана айналысатын көшпенді кепке түсірді. Түркістандағы Әзірет сұлтан дүрбесінен бастап, Сауран, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай кітапхана ондағы діни-фәлсафалық еңбектер,ескі тарихтар мен шежірелер біз бар деп білменген тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға түсті,жойылды.» /4/       

     Осындай алмағайып заманда қазақ халқының өмір сүруімен жойылып кетудің алдында тұрған неғайбіл шақтарында ұлттық жоғары рухы, көзсіз жанқиярлық ерлігі жайында қаншама аңыздар, өлең-жырлар, талғаулар өмірге келді. Ол туындылар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің тебіренсі, халықтың арман тілегі. Біздің жадымызда екі ғасыр бөліп тұрса да, бабалар үні құлағымызда тұрғандай. Ақтабан шұбырынды жылдары қазақ елінің дербестіктен айырылып қалу қауіпі туған кезең еді. Өздеріне соншалық қымбат құндылықтардың күйрей бастауының нышандары айқын көріне бастаған кез. Сондықтан да осындай қауіпті ең алғашқы көрген, сезіне бастаған халықтың ең сезімтал ұлдары-жыраулар, билер, ақындар, осындай күйреудің үрейлі ұшқындарын өздерінің шығармаларында көрсетіп, халықты, билік басындағы хандарды бірлікке шақырды. Олардың негізгі үні- отаншылдық, ерлік, жерін, ата-мекен қорғау т.б. бір кездегі Түрік империясының   дәуірлеген кезіндегі рухтың өрлігі бәсеңсіп, ұсақ мүдделердің , билікке таласудың, тайпалық, рулық, және т.б. пиғылдардың белең алғандығы қатаң сыналып, тұтас халықтың бірлігінің мүдделерін алға тарту басым.

      Қара өлеңнің, сиқырлы сөздің тұтқынға тұтылып, шырғалаңға шырмалып,  кәдімгідей қасірет шегетіні арқаға аяздай бататын  ащы шерді ақтарғандығынан. Ал ащы ақиқат қайғы-мұңның  зілмауыр салмағы түскенде ғана айтылады. «Көкірек толған  қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болады, я тілден сөз болып шығады» деп ұлы Абай айтқандай  көкірегі қайғы қасіретке толы XVІІІ ғ. жыршылары «Ақтабан шұбырынды,Алқакөл сұлама» оқиғасына байланысты жыр толғамай өтпеген. Жыраулар шығармаларында жоңғар басқыншыларының басып кіруі  кезеңіндегі әскери қақтығыстар, ойран салу,қырып жою қазақ халқының сол кездегі бастан кешкен  қайғы-қасіреті баян етіледі. 

      Дегенмен  тарихи жырлар әлі  де түбегейлі зеттеліп  біткен жоқ.Оның табиғатын танып, даму заңдылығын аша түсу, сөйтіп поэтикасын жан-жақты да терең зерттеуді қажет етеді. Жыраулар шығармаларын пайдалана  отырып  тарихтың  ақтаңдақ  беттеріне айналған  көптеген тарихи оқиғалардың  мазмұнын ашу өзекті болып табылады.

      Жұмыстың зерттелу деңгейі мен тарихнамасы: XVІІІ ғасыр жыраулары  қат-қабат қайшылығы мол,аумалы-төкпелі дәуірде өмір кешті,олардың жырлап өткен жырлары да тарихшылар тарапынан зертелінбеген тың тақырыптардың бірі болып табылады, тіптьі әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың өзі бұл тақырыпқа көп көңіл бөлмеген. Мұны тарихтағы тұлғаларды таптық,партиялық және саяси  көсқарас шеңберінде зерттеген Кеңес дәуіріндегі ғылымды, ислам дінін мақтаған,отырықшы езгіге қарсы жыр жырлаған жырауларымыздың еңбектерін зертеудің қиын болғандығмен түсіндіруге болады. Бірақ,идеологиялық қатаң қысымшылыққа қарамастан XVІІІ ғасырда өмір сүрген жырауларымыз зеттеушісіз қалмады. Жұмат Тілепов, М.Әуезов, Х.Сүйіншіәлиев, Р.Бердібаев т.б.  ғалымдарымыздың еңбектерінде жарияланды. Х.Сүйіншіәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері», «Қазақ әдебиеті, XVІІІ-ХІХ ғасырда» зертеулерінде қазақ-жоңғар соғысына қатысып,өздері куә  болған  жоңғарлардың басқыншылық саясатын өз жырларында жырлап өткен жыршыларға қысқаша тоқталып өткен. Сондай-ақ кейбір шығармалары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «VІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Әдеби мұра» жинақтарында басылды.

     XVІІІ ғасырдың алғашқы он жылдықтары қазақ халқы үшін қиын-қыстау сынақ жылдары болды. Шынына келгендеел басына «ел болу,не табанға түсіп құл болу»  күн туды.Орыс тарихнамасында қазақтардың жоңғарлар басқыншылығына қарсы күресі   жалпылама жұмыстарда  кеөініс тапқан. Олрда тұтас алғанда жалпы жағдайдың көрініс тапқанына қарамастан тарихи оқиғалар жүйелі түрде, рет-ретімен баяндалмайды.Әсіресе, бұл екі шайқастың қазақ жасақтары  1728 жылы Бұланты өзенінің жағасындағы Қарасиыр  деген жерде және кеш дегенде 1730 жылдың көктемінде Аңырақай даласында жоңғарларды жеңген  шайқастардың жәй жапсарына қатысты.Қазақ-жоңғар қатынастарының ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында М.Ж. Көпеевтің, Ш.Құдайбердиевтің,  Ә.Бөкейхановтың күш-жігер салу арқасында ғана неғұрлым егжей-тегжейлі саралап зерделеу мүмкін болды. Қазақтардың жоңғарларға қарсы күресі, жоңғарлардың 1723-26 жылдардағы жеңіске жету себептері, қазақтардың саяси және экономикалық ауыр жағдайы,басқа да мәселелер ХХ ғасырдың 70-80жылдарындағы тарихнамада: И.Я.Златкиннің В.А. Моисеевтің т.б.  монографияларында ғана ғылыми тұрғыда көрсетілді.

      Диплом жұмысының алғашқы тарауының  зерттелуіне келер болсақ,тек жыраудың жыр-толғауларын ақын әрі жинаушы М.Ж. Көпеевтің  жазып қалдыруымен бізге жетуінің өзі аса елеулі жәйт. Соңғы жылдары Пекин қаласының кітапханасынан табылған отыз алты толғауда үлкен үлес болып қосылды, оны тапқан тарихшы М.Оразбай, жариялаушы әдебиетші ғалым А.Сейдімбеков. Бұдан тыс әйгілі жазушымыз  С.Мұхановтың «Қазақстан XVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (Алматы,1942) атты  кітабындағы мән мағынасы зор бір топ жырлары да жыраудың жаңа бір қыларын ашуға септігін тигізді.

       «Қаратаудың басынан көш келеді» туындысының әу  бастағы авторларының кім  екендігінің тұспал жасап, оның қанша нұсқасы, ілгері-кейінгі уақыттарда бұл шығарманың қай басылымда жарық көріп, кімдер зерттеп, кімдер  сөз еткендігі Г.Тұрсынова, Қ.Бигожин және С.Жұмабаева зерттеуінде сөз болды.

      Екінші тарау тақырыбы Абылай және қазақ батырларының ерліктері  «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы кезінде біраз батырлар тарихи батырлардың кейіпкерлеріне айналды.Кейбіреулері хақында тіпті бірнеше  тарихи жыр,дастан бар. Ол дастандардың негізгілері біраз жырлардан бері қарай зерттелініп келеді. Солардың ішінде М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Р.Бердібай Қ.Халид, М.Жолдасбекұлы, Т.Дүйсенбаева т.б. ғалымдардың эпос табиғаты және оның қазақтың батырлық жырларына қатынасы хақында айтқан пікірлері бұл төңіректі зерттеушілер үшін үлгі тұтар ғылыми еңбектері екендігі хақ. / Қазақ тарихы жырларының мәселесі.А., 1979//\

     «Елдің мұңын, халықтың  қайғысын ойлап, ұлтын ұлықтап, жұртын жоқтаған арыстардың жәдігерлік дүниелері күрмеуі көп күрделі кезеңде қапасқа қамалып, табанға тапталғанымен, түптің түбінде тарихтың шөгіндіні  батырып, шын асылды қалқытып шығаратын толқындарына ілесіп,жағалауына жол тартады. Жаңа заманның жаңаша ойлайтын ұрпағының қолына тиеді. Бағасы аспандап,қадір-қасиеті артып,құндылығы еселеніп жетеді» /5/ — деп  Б.Омарұлы айтқандай тәуелсіздік алған соң жоғардағы жырауларымыздың да барлығы дерлік шығармалары кітап болып басылып шығып,елдің қолына тиді.

       Жұмыстың мақсат мен міндеті:  Қазақ хандықтары XVІІІ ғасыр басынан-ақ сыртқы саяси жағдайдың шиеленісуі, ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан  кешкен тарихи оқиғалары, ХVІІІ ғасыр қазақ тарихынан орын алған қазақ-жоңғар қатынасының жыраулар шығармаларында бейнеленуін талдау жасай отырып, жаңа көзқарас тұрғысынан бағалау диплом жұмысының  басты мақсаты болып табылады, осыған орай  диплом жұмысының  алдында төмендегедей  міндеттер қойылады:

   — Жыраулар шығармаларының мазмұнын ашу.

   — Ауыз әдебиетінің құндылығын дәлелдеу.

  — Жыраулар жырындағы тарихи оқиғаларға сиапаттама беру.

  — Әр бір жырдағы оқиға барысын  жүйелеу, тарихи сараптама жасап  оның мәнін ашу.

       Диплом жұмысының хронологиялық шегі: Қазақ халқының басындағы жоңғар басқыншылығына қарсы  күресінің күшеюі  тұсындағы XVІІІ ғасырды қамтиды.

      Диплом жұмысының деректік негізі: Диплом жұмысын жазу барысында  осы уақытқа дейін  ғылыми айнылымға  тартылмай келген   баспа сөз материалдары мен XVІІІ ғасырға байланысты түрлі әдебиеттер , ғылыми зерттеулердің  мәліметтері сұрыпталып алынды.

        Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы: Деректер негізінде қазақ-жоңғар қатынасы халық жыраулар  шығармаларына қатысты  деректік материал  негізінде тарихи шындық пен объективті  тұрғыдан нақты  талданып зерделеніп көрсетілуі.

   Диплом жұмысында мынандай жаңалықтар бар:

   — Тарихи деректің ғылыми айналымға енгізілуі  негізінде қазақ-жоңғар қатынастары  жыраулар шығармаларындағы  мәселелер  объективті   түрде баяндалады.

   — Қазақ халқының XVІІІ ғасырдағы тыныс тіршілігі,елдін тұтастығын  сақтау, ел басына күн туған шақтағы  басқыншылармен  күрес жолындағы әрекеттері айтылады.

   — Ел басына күн туған шақта қазақ халқын бірлікке шақырған, жаумен күресуде  рух берген жыраудың ел алдындағы сіңірген  еңбектері хақында баяндалады.

      Диплом жұмысының методологиялық негізі: Диплом жұмысының    методологиясы, объективтілік, тарихилық, жүйелілік  және даму сияқты ғылыми танымға негізделген. Сондай-ақ қазақ-жоңғар қатынасын  жыраулар шығармаларында  мүмкіндігінше  объективті  тұрғыда түсіндіруге  бағытталған әрі жаңа тарихи  көзқарас тұрғысынан  жазылған  еңбектер басшылыққа алынды.

       Диплом жұмысының практикалық негізі: Қазақ- жоңғар қатынасы халық жыраулар шығармаларындағы тақырыбына байланысты   зерттелінбеген   еңбектің қатарын толықтыра түседі.Диплом жұмысының материалдары орта араулы және жоғарғы оқу орнында оқылатын сабақтарға пайдалануға болады.

      Диплом жұмысының сыннан өтуі:  Диплам жұмысы студенттердің ғылыми конференциясында  баяндалып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының мәжілісінде  талқыланды.

       Жұмыстың құрылымы:  Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімдерінен, сілтемелер тізімі мен  пайдаланылған әдебиеттерден және қосымшалардан тұрады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І-ТАРАУ. ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ  ЕЛ ТАҒДЫРЫ.

 

1.1. Қазақ- жонғар қатынастары Бұхар жырау шығармаларында.

 

      Қазақ хандықтары  XVІІІ ғасырдың басынан-ақ сыртқы  саяси жағдайдың одан әрі  шиеленісуі  туғызған аса ауыр халді  бастан кешірді. Тәуке хан руаралық қырқысты уақытша болса да тоқтатып, жүздерде тыныштық орнатты, сол арқылы қазақ руларының қоныстарын сыртан басып кіруден қауіпсіздендірді. Бұған деректемелердің дәлелдеуі бойынша,оның қарамағында 80 мыңға жуық сарбаз болғаны едәуір көп көмегін тигізді. Алайда билік үшін күрес  пен сұлтандардың оқшаулануға ұмтылуы көп кешікпен бірлікті бұзды,оны көршілері дереу пайдаланып қалды. Оңтүстік-батыстан Жайық казактары қолдаған  Еділ қалмақтары шапқыншылық жасады; солтүстіктен сібір казактары шабуылға шықты; Жайықтың арғы бетіндегі қоныстардан башқұрттар дәмеленді.Оңтүстік жағынан қазақтарды Орта Азия хандықтарының  феодалдары  ығыстырды. Бірақ ең қатерлі қауіп қазақ халқына шығыстан  күші басым, басқыншы әскери-феодалдық Жоңғар хандығы  тарапынан төнген еді /1/.

       Жонғария өзінің басқыншылық ниетін  Қазақстанға бұрды. Жоңғар феодалдары қазақтарға үсті-үстіне шабуыл жасап, тұтқындар мен малдарын айдап әкетті, жайылымдары мен мүлкін  тартып алып, кейде тұтас рулар мен  ауылдарды қырып-жойды. Үздіксіз жасалған сыртқы қақтығыстар  мен ішкі алауыздықтар  бытыратып, әлсіреткен қазақ халқы бұл кезеңде  асқан зор қайғы-қасіретті бастан кешірді.

     Жоңғар басқыншылығының зардабы мен елдің жерінен айыруын зар-заманның туындауы Жиембет жыраудың мына шумағында келтірілген:

                                 Қол-аяғым бұғауда,

                                Тарылды байтақ кең жерім.

                                Арманда болып барамын,

                                Қоштасуға аял жоқ,

                                Қалқаман,Шолан ерлерім!

                                Қайырылып,қадам басарға.

                                Күн болар ма екен сорға,

                                Өзен,Арал жерлерім?!..

                                Қиядан қолды көрсеткен,

                                Төбеңе шығар күн бар ма,

                               Жотасы биік Дендерім?!

                               Қайрымсыз болған жауларға,

                               Тиер ме екен бір күні,

                               Жолбарыстай шеңгелім! 

      Жоңғарлар қазақ жеріне  XVIII ғ. ІІ-жартысынан бастап шабуыл жасады.Сол шабуылын олар  XVIII ғ. ІІ-жартысына дейін үздіксіз жүргізіп отырды.Оның ең ауыр кезеңі  XVIII ғ. бас кезі еді. «Ақтабан шұбырынды» деп аталған оқиға да осы басқыншылықты сипаттайды.

      Ескіден итжығыспен келе жатқан жау қалмақтардың 1723 жылы тұтқиылдан шауыл,қазақтарды қырғынға ұшыратады, қазақ халқы өзінің ескі мәдени ошақтары – Оңтүстігіндегі қалалардан айрылды, ата-қонысынан босып, халық санасында терең із қалдырған  ақтабан шұбырындыға ұшырайды. Бірақ осы үлкен жеңілістен соң көп ұзамай-ақ ес жиған қазақтар біріккен күшпен 1728, 1730 жылдары жоңғар басқыншыларына ауыр соққы беріп,жау қолында қалған біраз жерлерді босатады.

       А.И.Левшиннің атап өткеніндей «Отарлар мен  табындар күн санап кеми берді, айырбас сауда тоқтап қалды, жұрт жаппай қайыршылықпен қайғы-қасіретке ұшырады, кейбіреулер аштан өліп, енді біреулері әйелдері мен балаларын тастап кетті… Егер Оңтүстікке кетпесе үш жақтан қысым көріп, қудаланған оларды мүлдем қырып жіберуі мүмкін еді» /2/.

       Қазақ халқы Азияның орталық даласында қалыптасты. Байтақ жерді көшіп-қонып,өмір қарекетіне жаратты .Қысы қатты, жазы аңызақ, панасы бар таулы өлкелердің мүмкіншілігін пайдаланған халық  барынша, жомарт, ақпейіл, дархан болды.Бірақ оның пешенесіне күші тасқан, бағыты асқан, жері аз, демографиялық өсуі айрықша парсы,монғол,қытай,орыс халықтары сияқты көршілері беріпті. Жаугершілік бір сәт толастай қалса түрік тайпаларының хандары мен феодалдары өзара үстемдік үшін қырқысты, біріне-бірі бас салып, халық қанын судай төкті. Міне,осындай қилы-қилы замандарда қазақ халқы ел болуды аңсады. Бірлік бар жерде тірлік барын жақсы білді ол. Тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді /3/.

      Осындай қиын-қыстау кезінде қазақ қауымының ішінде ел мұңын,ел тілегін жоқтайтын екі алуан адамды шығарды. Біреулері: заман халін қайғырып,елдің мұң зарын жалынды сөзбен  шығаратын жоғарыдағы айтылған кеменгер ақылшы кәрия,толғаушыл  жырау,сезімді ақындар. Екіншісі: жаңағыдай ілгері, соңғы жақсылардың  ақыл, өсиетінен, өлең, жырынан, саяси ой мен бағытты, салт-сананы іске асырамын деген  қол батырлар. Сонымен ел тіршілігінің ауыр күндері туғызған екі алуан адамның бірі-ой батыры болса, екіншісі- қол батыры деу керек /4/. 

       Бұхар өмір сүрген  дәуірдің  қан-құйлы оқиғасы –жоңғар қалмақтарының өктемдіктері, олардың қазақ жеріне баса көктеп енуі заманында өткен. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін Бұхар бар ауыртпалықты елімен бірге кешкен.

       Сәбит Мұқанов «Бұқар жыраудың шығармаларында  азаттық,саяси сарын терең, әлеуметтік астар басым… »,-деп «Бұқардың  барлық шығармаларына  тән тақырып халық қамы, халық мүддесі, жалық мақсаты, халық мұңы. Бұқардың барлық шығармасы сол кездегі халықтың тілегіен туған,ол тілек-қазақ халқының  жер бостандығы, тәуелсіздігі, тыныштығы, шаттық тұрмысы»,-деп әділ түйіндейді  /5/.

         Үмбетей жырау  жырлап өткендей:

                       Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,

                       Шештің талай түйінді болжауменен.

                       Іс болса қиын қыстау сен сайыстың,

                       Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен. 

деп Бұқардың Әз Тәукеден бастап — Қайып,Болат, Сәмеке,Әділмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылай  хандар тұсында өмір сүргендігін айтады.Бұқар жырау Абылай  хан дәуіріне дейін де қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өміріне араласқан болатын. Өзінің терең ойлы философиялық тұжырымдамалары мен қоғамдық ойды жетілдіруге ат салысты /6/.

      Батыстан-Ресей, Шығыстан-Жоңғар мен Қытай мемлекеттері қазақ даласының табиғи байлығы мен ұлан-байтақ жеріне көзін тігіп, жаулап алу саясатын жүргізе бастаған кезеңінде қазақ халқының тұтастығын сақтап қалу,тәуелсіз ел ету Абылай ханның басты мақсаты болды. Ханның осы  саясатын Бұқар жырау қолдап, толғауларында халықты бір тудың астына топтасуға шақырады. Сондықтан да Бұқар баба поэзиясының негізгі өзегі- Отан тағдыры, ұлт санасы, ел бірлігі болып табылады. Бұқар жырау

шығармаларында  елдік пен ерлік мәселесі, ел-жер тағдыры ой таразысына салынып тереңінен толғанады. «Бірлік болмай, тірлік болмас»-деген. Сырт жау соқтыға алмайтын айбынды ел болу үшін жұрттың ынтымағы бірауыздылығы қажет. Бұл жайды Бұқар жақсы түсінеді. «Ел бірлігін жырлау-Бұқар өлеңдерінде негізгі мәселенің бірі…. Ол ел бірлігі мәселесіне үлкен мән береді»,-дейді,  Бұқар шығармашылығын көптен бері зерттеп келе жатқан профессор Қ.Жұмалиев /7/.

     Дана жырау халықты тұтастыққа,елді бірлікке шақырып

                                  Өлетұғын тай үшін,

                                  Қалатұғын сай үшін,

                                  Қылмаңдар жанжал-ерегіс /8/,  

не болмаса:

                                  Маң-маң басып жүрініз,

                                  Байсалды үйге түсініз,

                                  Айнала алмай ат өлсін,

                                  Айыра алмай жат өлсін,

                                  Жат бойынан түңілсін,

                                  Бәрінің бір енеден туғандай болыңыз!-

Деп жырлай отырып,елді ынтымаққа,жатқа тізгін бермеуге шақырады /9/.            

       1745жылы Жоңғар мемлекетінің ханы  Қалдан Серен өліп,оның мирасқорының арасында хан тағы үшін талас,кескілескен тартыс басталды. Ең әуелі оның орнына 19 жасар ұлы Цеван Доржы отырды. Осы орайда көрші жатқан Цинь империясы  жоңғарға қарсы қайта-қайта соғыс ашып,жоңғарлар мемлекетін әлсіретті. Міне,осы аласапыран, жанталас уақытты ұтымды пайдаланған Абылай қазақ жерін жоңғар қалмақтан  тазарту мақсатымен Оңтүстіктегі  Телікөлдің маңына үш жүздің әскери жасақтарын жинап,Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат ету жорығына атанады.Бұл  үш жүздің қоян-қолтық басы қосылған алғашқы жорығы еді.Осы жорықта  ерен ерлігі,жойқын батырлығымен көзге түскен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүздің батыры Бұғыбай, Уақ руының батыры  Баян,Шапырашты Наурызбай,шақшақ Жәнібек өз есімдерін өшпес даңқа бөледі.

       Абылай бұл жорықта қазақ әскерін үш топқа бөлді.Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай батыр басқарды. Оған атақты Үмбетей жырау қосылды.Бөгенбай басқарған он мың әскер  қолы  Түркістанның Солтүстік жағына ,Созақ бекінісіне барып бекінуге тиіс болды.

       Екінші қолды Жәнібек батыр басқарды. Ол Сырдарияның төменгі ағысына  қарай бет түзеді. Оған Тәтіқара жырау қосылды.

      Үшінші, негізгі қолды Абылайдың өзі басқарды. Жорыққа қатынасқандар Шиелі,Жаңақорған бойымен Түркістанның  күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топқа қазақтың атышулы батырлары Қабанбай,Баян, Сырымбет, Малайсары, Жанұзақ, Жәпек т.б. кірді. Бұқар жырау науқастанып келе алмағандықтан,топқа 17 жасар Көтеш ақын қосылды.

       Жоңғар әскерін басқарған қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цеван Доржы де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарсы бағыттады. Жоңғар әскерінің қаруы-мылтық, найза,қылыш,  болды және түйе үстіне орнатқан  15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақ, найзамен қаруланған болатын.

      Цеван Доржы өзінің ауыр қолымен  Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алады. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырады. Сырымбетті оң жақ қанатқа,Баянды әскердің сол жақ қанатына қояды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары,Оразымбет батырдың жасақтарын топтастырады. Абылай өзінің Сағымбай,Қанай, Жанұзақ сияқты сенімді батырларымен және 17 жастағы ұлы Жанаймен әскердің дәл ортасында жүреді. Бұл соғыс екі айға созылады. Қазақ әскерлерін Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартып, Түркістанға таяп барады. Бөгенбай бастаған әскерлер созақ  пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне тақау барды.Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатады, амалы таусылған Цеван Доржы Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр блады.

       Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары қазақ хандығы қарамағына өтті. Абылай бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. /10/

      Ру аралық тартысты қоймаса елдің елдіктен айрылатынын, басына қиын күндер туып,әркімнің бір теперіш көретінін айтады.

      Алауыздықтың өз-ара қырқыстың неге соғатынын көрсету үшін Бұқар қалмақтардың тағдырын мысалға келтіреді.

                                 «Кіші қара қалмақ бүлерде,

                                  Бозылардың билігі

                                  Бұлт бұрқан болысты,

                                 Уағдадан жылысты,

                                 Буыршындай тіздесті,

                                 Жамандықты іздесті,

                                 Бірін-бірі күндесті;

                                 Жаулаған ханын қара оңбас,

                                 Хан қисаиса бәрі оңбас.

                                 Ханын қалмақ жаулаған, 

                                 Сүйткен қалмақ оңбаған:

                                 Сол қалмақтың жұрты еді-ау,

                                 Үш Қарқара ,Көктөбе,

                                 Иттей ұлып қалмаған» /11/.

      Халықты осы қалмақ еліндегі оқиғадан хабардар етіп,оның жайын баяндап,алауыздықтан ауызбіршілікке,күншіліктен аулақ болып жамандық іздеспей жақсылыққа ұмтылуды билеушісін сыйлауға үндеп толғаулар арнаған.Өзінің көрші елде болып жатқан оқиғаларға ден қойып қан қоймай, соны сараптап, алдын ала сондай жағдайларды өз елінде болдырмауға, қандай шаралардың бар екенін ол жыр жолдары арқылы халық санасын оятып, үгіт- насихат жұмысын қатар жүргізді. Бұқардың саяси-әлеуметтік көзқарастары жайлы С.Мұқанов былай деп жазды: «Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да » /12/

     Бұқар шығармашылығының негізгі арқауы-ол елдің бірлігі,ал бірліктің негізгі ұйтқысы сыйластықта,өмірдің сәні де, мәні де осында  деп білген жырау тіршіліктегі адамдар арасындағы осындай   жарастықты,шад-шадымен өмір сүру туралы былай деп жырлайды.

                          Адамзаттың баласы,

                          Атаудан алтау тумас па,

                          Атадан алтау туғанмен,

                          Оның ішінде біреу арыстан болмас па.

                          Арыстанның барында,

                          Жорғасы болса мінісіп,

                          Торқасы болса киісіп,

                          Толғамалы қамшы алып,

                          Толғай да толғай дәурен сүрмеспе./13/

      Араларындағы асылдарыңды қадірлеп,құрметтеп,оны сақтай біліңдер дейді.Арыстаннан айрылса,артында қалған жамандар бас-басына тозбаспа деген ғұлама айтқан өсиет әлі күнге өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өсиет жан ұядан бастап, мемлекетке дейінгі аралықтағы әлеуметтік топтар ішінде өз-ара қарым-қатынастың жазылып қойған кодексіндей.

     Халық өмірінің  алмағайып – аласапыран,тарихта қалу-қалмауы екі талай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз  толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп,соның бірден-бір жоқшы –жыршысы бола білді. Оның жыр-толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.

      Тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған   /14/М. Татишев., аумалы-төкпелі заманға душар болған ел жұртқа «бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып» басқыншы жаудың  бетін қайтарып,өз тәуелсіздігін қорғап  келу немесе жау табанында біржола жаншылып құрып біту мәселесі көлденең тұрды.Жырау ең алдымен осындай жауапты сәтте шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйіндей біріктіру арқылы қан құйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыру керектігін түсінді.

       Бұқар жырау өзінің шығармаларында халықтың еңсесін көтеріп елге-ерге дем беріп, жұрттың көңілінде жүрген асыл арманы- «Қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» тыныш заманның салтанатын жыр етеді. «Маң-маң басып жүріңіз, байсалды үйге түсіңіз» деп тынымсыз жаугершіліктен қажи бастаған елге қуатты сөздермен қайрат беріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, халықты рухани жүдеушіліктен сақтап, жігерлендіріп өз күшіне сенімін арттырып бейбітшіліктің мазмұнды тіршілігін жыр етті. Оны мына өлең шумағынан көруге болады:

                            Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

                            Бұл үйректей болыңыз,

                            Судан суға жүйгемен,

                            Көлден көлге қоныңыз

                            Байлар ұғылы шоғалар,

                            Бас қосыпты десінде,

                            Маң-маң басып жүріңіз,

                            Байсалды үйге түсіңіз.

                           Айнала алмай ат өлсін,

                           Айыра алмай жат өлсін,

                           Жат бойынан түңілсін

                           Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз./15/

       Бұхар жырау өзінің үгіт насихат жырларында көшпенді елдің ертеден орныққан қағидасы шеңберінде рулық қайшылықтарға қарсы тұрып, туысқандық, ынтымақ жолымен, ру тайпалардың ара қатынасын бекітерліктей саналы саясат жүргізді.

       Қазақ мемлекетінің негізі елдің рулық ара-қатынасынан құралса, оның қайнар бұлағы әр ошақ басының саулығы, туысқандық мейірімділік сезімнің артуы арқылы құралатынын жырау жақсы түсінген. Ертедегі орыс халқының осы сияқты бірікпей басынан кешкен тарихын жаза келіп, белгілі жазушы Гумилев Л.Н. былай дейді: «Древнюю Русь погубила дестабилизация, явившаяся следствиям снежения пассионарного напрежения этнически системы или, что проще увелещение числа субпассионарного-эгойстов, не способных к само пожертованию ради бескорысного патриотизма»/16/.

      Бұхар жырау елді басқарып отырған сұлтан,шонжар билердің алауыздығына қарсы жұртшылықты ауыз бірлілікке шақырып, халықты сыртқы жауына соққы беруге ұйымдастырған. «Шашырап шыққан хандар көп, шашауы жатқан малдар көп » деп елді бұра тартқан сұлтан, ру басы адамдардан отты сөзін аямаған. Сонымен бірге ол халық бұқарасы мен халық арасындағы түсінушілік мемлекеттің тірегі екенін білген.

      Бүгінгі біз айтып жүрген патриоттық сезім кейінгі ұрпаққа Бұқар жырының бесігімен тербеліп, жүрегіне осылай ұялаған. Ол кездегі алға қойылған міндет пен саяси әлеуметтік талап қазақ деген ұлттық сананы, рулық жүздік ұғымның шеңберінен асырып, түбі бір тұтас мемлекеттік дәрежеге көтеру еді.

      Бұқар жырау қазақ жұртын қабырғалы мемлекет қатарына қосуды арман етті.Елімнің басын біріктірем деп,талай қияпат қиындықты басынан кешірді.Жарқ етіп сермеген алдаспан жырлары ханды да қараны да аямады,түйінді ойлардың тұсауын кесіп, шеңберлі саясаттың тынысын кеңейтіп отырды.

     Жырау сол замандағы ірі мемлекеттердің қол астында қалған  ұсақ елдердің тағдырына шұқшия үңіліп,бағдарлай байқап, бастарына түскен алапат өмірдің ауқымынан  еліне тиімді зерделі ой пікірлер айтып,ақыл кеңес беріп отырды. Ұлы мемлекеттердің шен-шекпен арқылы бүтіндей елді айрандай ашытып,сүттей іріту саясатын  әшкерелеп,ел басқарушыларына ескерте: «Жемқорларға жем беріп, ел қамын айтқан жақсыны, сөйлетпей ұрар ұртына», деп өсиет нақыл сөздерін айтып та,жазып та кеткен.   

       Бұхар баба тек жырау емес,халықты бірлікке шақырып,елдің тәуелсіз мемлекет болуы жолындағы ірі саясаткер Абылай ханның  Батагой данасы болды, сондай-ақ Абылай ханның маңайына  ержүрек батырлардың,әділ билердің, халық жаны ашырларының топтасуына игі ықпалын тигізді.Академик М.Қозыбаевтің сөзімен айтқанда: «Бұхар жырау – жыраулықты көрегендікпен, көрегенділікті көріпкелдікпен ұштастырған ел данасы. Болашаққа қырандай ғарыштан қараған барша халықты алаламай тұтас бір халық деп санаған, шалдыққанда Абылайға тірек болуға жаралған, аптыққанда қаһарлы Абылайдың өзін де  жас баладай сабаған халық бабасы. Ол ханнан да қаһарлы,оның тірегі – халық, сыншысы- тарих» /17/.

      Бұхар жырау толғауларында сайын сахараға шашырап қоныстанған, өзара байланысы әлсіз қазақ рулары мен жүздерінің басына төнген қауіптің негізгі себептері де ашық айтылады. Өздерінің ежелгі шегараларынан тым алыс жатқан елдер мен жерлерді бірінен соң бірін күшпен бағындырып, барған сайын араны ашылып, қомағайлана түскен екі империяның- Ресей Қытайдың тегеурініне төтеп беру қандай қалыққа да қиын еді.Ал ұшы қиырсыз кең алқапты алып жатқан ойрат пен қазақ бірін-бірі қырып бітірсе екі империя да өздерінің жері кеңейтінін байлығы артатынын өте жақсы біледі. Сондықтан да олар сөз жүзінде бейбітшілікті жақтаушылар болып көрінгенімен шынтуайттап келгенде «бірің өліп бірің қал» деген саясат жүргізді. Осындай жағдайда қазақ елінің ішкі бүтіндігін, жауынгерлік рухын сақтау,жауға тойтарыс беріп қана қоймай елдің ежелгі қоныстарын қайтарып алу қиынның қиыны болатын.Қазақ хандары мен сұлтандарының кейбіреулері бас сауғалап, қара басының қамын ойлап, қарауындағы руларының ғана мүддесін көздеп, дұшпанға бағынып, іріткі салып жүрген шақта өзара алауыз жұрттың басын қосу ел басшыларының көреген,қажымас қайратты,данышпан, парасатты болуын қажет ететін. Абылай бейнесін халық қиялында ерекше іріленіп, сомдалуының басты себебі де оның тар кезінде, тайғақ кешулерде ел бірлігіне ұйытқы боларлық, ақыл, айла, ынтымақ кілтін таба алғандығына байланысты /18/.

      XVІІІ ғасыр Қазақ елінің басына күн туып аумалы-төкпелі заман орнап,жоңғардың шапқыншылығынан көп зардап  шеккен  халыққа  жырымен рух берген  ханға ақылшы,елге дана бола білген жыраулар қазақ халқының сол кездегі өмірінен жырлары арқылы  қоғамды сипаттап ел өмірінен хабар берген. Бұқар шығармасы қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын көзге көрсете жырлап,қазақ-жоңғар шапқыншылығы хақында  таптырмас дала деректері дала жыры тұрғысынан баяндап, болашақ ұрпаққа елінің тарихынан хабар беріп тұрғандай.

 

 1.2. Үмбетей шығармалары- Қазақстан тарихының дерегі ретінде.

 

         Ақтамберді мен Бұхар,Тәтіқара мен Қожаберген бастан өткерген XVІІІ ғасырдың  аласапыран  уақиғаларының ішінде  Үмбетей  де болды. Қазақ-жоңғар қатынастарындағы бірқатар шайқастардың қаһармандық рухын бізге дейін Үмбетей жырау, Ақтамберді жырау, Тәттіқара жырау, Көтеш ақын және Бұқар жырау туындылары жеткізді.

       «Ақтабан шұбырындыдан » кейін қазақ батырлары жеткен алғашқы жеңістер, Ордабасыдағы съезд халықтың жауынгерлік рухын көтерді.Әрі батыр,әрі жырау Ақтамбердінің сөзімен айтқанда, көптеген қазақтар:

«Дұшпаннан көрген қорлығым»

                                Сары су болды жүрекке

                                Он жетіде құрсанып,

                                Қылыш ілдім білекке

                                Жауға қарай аттандым

                                Жеткіз деп құдай тілекке!»-

деп жауға аттанды /19/.

     Үмбетей жырау өз толғауларында Жоңғарлардың Баянауыл, Қызылтау,Абралы,Шыңғыс таулары мен Қара Ертіс бойындағы Мамырықты және Алатауды қалай жаулап алғанын суреттеген /20/.                                         

                               «Баян Ауыл, Қызыл тау,

                                Абыралы, Шыңғыс тау

                                 Қозы- Маңырақ,Қой-Маңыра

                                Арасы толған коп Қалмақ,

                                 Қалмақты қуып қашырдың,

                                 Қара Ертістен өткізіп,

                                Алтай тауға асырдың,

                                Ақ Шәуліге қос тігіп,

                                Ауыр қол жиып алдырдың,

                                Қалмаққа ойран салдырдың,

                                Қабанбай мен Бөгенбай

                               Арғын мен Найманға

                               Қоныс қылып қалдырдың» /21/.

       Назар аударарлық – бұл деректер түгелдей дерлік ақиқат.Бұл мекендердің Қозымаңырақ мен Қоймаңырақтан өзгесі қазір де солай аталатын, бүгінгі Повлодар, Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының территориясын алып жатқан үлкен тау алаптары, шұрайлы, құйқалы қоныстар екенін көреміз /22/. Осы аталып отырған жерлер ұзаққа созылған күрестерден соң Жоңғар тауларынан шыққан Ойрат тайпалары басып алған Қазақтың байырғы мекендері болатын.ХҮІІІ ғасыр орта шенінен бастап бұл қоныстар қайтадан қазаққа өтті. Осы жеңісті жорықтар кезінде Қазақ халқының басында жүрген батырлардың бірі Бөгембай еді.Тек бұлғана емес. Бөгембай — Жоңғарға қарсы күрестің қиын күндерінде, қазақтар ауыр жеңілістерге ұшырап, Сайрам, Түркістан, Ташкенттердің бірінен соң бірінен айрылғанда, Ақтабан-шұбырындыға ұшырап, атамекенінен босқан кездерде еңсесі    түспеген, жүрегі шайлықпаған ерлердің бірі еді.Бұл кезде Бөгембай Қалмақтарға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. Үш жүздің хан, сұлтандары бір сәт мәмілеге келіп,бас қосып,жоңғарға қарсы соғысты қайта ашқанда,ол алдыңғы сапта шықты. Қазақтардың  1728,1730 жылғы жеңісті жорықтарында Бөгембайдың атқарған рөлі ерекше.

      Үмбетей бейнесі Бөгенбай батырдың есімімен байланысты. Оның Бөгенбайға қатысты екі ұзақ жыры бар: Біріншісі- Бөгенбайды  жоқтау; Екіншісі-Бөгенбай өлімін Абылайханға естіру.

        Қанжығалы Бөгенбай батырдың аты кімге болсын жақсы таныс.Ол- Жоңғарға қарсы күрестің қаһарманы,әлуетті батыр, атақты қолбасы, еліне еткен қызметі арқасында жұрт сүйіктісіне айналған Қазақ халқының ардагер ұлдарының бірі.

      Сондықтан «дұшпанға қарсы оқ атқан», үрей болған қалмақты талқандаған,

                           «Қолтығы ала бұғының

                            Пәйкесіндей Бөгембай,

                          Жалаң қия жерлерден

                          Жазбай түсіп түлкі алған,

                          Білегі жуан бүркіттің

                         Тегеурініндей Бөгембай»,-

дүниеден көшкенде Үмбетей жырау көзінің жасын көл қылады, батырдың өлімін аза тұтады, оның тірісінде халқына еткен қызметін еске алып,марқұмды мадақтайды /23/. Бөгембай қабірінің басында жоқтау жырын айтқан соң жырау батырдың аманатын орындауға Абылай ханның ордасына барады,ел сүйіктісінің өлімін хабарлайды.Үмбетейдің өмірі Абылайханмен тұтас өтеді және ол хан мен істес қимыл  жасайды.Қалмақ басқыншылары жүргізген үздіксіз ұзақ соғыс кезінде Үмбетей батырлар бастаған жорыққа белсене қатысады. Өз атынан халыққа, батырларға үндеу тастап, ел амандығын сақтауды,жауға берілмеуді,ашына жыр еткен.Өзі өмір шеккен ғасырдағы халықтың ардақты азаматтарын, яғни батырларын, билерін құрметтеп мадақтайды.

      Бөгенбайдың Қалмақты қырып, туған жерден қуып тастағанын шабыттана толғайды.

                                  «Қалмақты қуып қамырдың,

                                   Қара Ертістен өткізіп,

                                  Алтай тауға асырдың»,

деп атамекенді жаудан босатқанын мадақтайды /24/.

 Үмбетей жыраудың  қалмаққа қарсы күресін шындық түрінде жырлаған ақын және өзі көрген жортуыл туралы жырлар шығарған  эпик ақын. Үмбетей Абылай маңында болған шағында ханды оның тірегі болған Бөгембай, Олжабай сынды батырлардың халық үшін сіңірген еңбегін, қалмақпен соғыста жасаған қаһарман ерліктерін мақтан етіп жырлап отырады. Соғыстың ауыр сәтінде батырға дем беріп, оларға қиыншылыққа мойма деп әрдайым жігерлендіреді. Ақын батырлармен бірге жауға аттанып, шайқастың ортасында жүреді. Сондай сәттерде өзі көрген ұрыс- барысы, ерлік істі куәгердей суреттеп, батырдің  күш-қайратына сүйсініп, отты жырлар төгеді. Сондай соғыстардың бірінде  Абылай ханның жортуылда  жолы болмапты.Өкшелеген жаудан  құтылуға айналғанда алдыдан өткел бермес тасыған өзен кездеседі. Жұрт ұйлығып қалыпты.Бәріне де харап болу қаупі төнеді.Сонда ақын:

                             Қамыстың басы майда,түбі сайда,

                             Жәнібек Шақшақұлы  болат найза.

                             Алдыңнан су артыңнан жау қысқанда

                             Ер жігіттің ерлігі осындайда.

                             Бөкейді айт соғыр менен дулаттағы

                             Дербісәлі маңдайды айт, қыпшақтағы.

                             Өзге батыр қайтса да біз қайтпайтын,

                             Сары менен Баянды айт уақтағы.

                             Ағаштың биіктігін айтсаң,қарағайды айт.

                             Жігіттік ерлікті айтсаң,Бөгембайды айт.

                             Найзаның ұшына жау мінгізген,

                             Керейде Еменәлі, Ержебайды айт.

дегенде, аты аталған батырлар ақынның соңынан тасып жатқан өзенге түсе бастайды.Бұлардың артынан қалың қол еріп судан аман өтіпті.

      Қазақ халқының тұтастығын, елінің жауға алдырмас қайсарлығын жырлай отырып елдің басына түскен зар заманды, күйзелісті жырына арқау еткен Үмбетей жырау болашақ ұрпақтың да  таңы жарқын, рухы биік  болсы деп тарих бұрмаланбасын деп  ел алдындағы тарихты жырымен жазуы қазақ тарихының жаңа көзқарастарды тануына жетелейді.

 

1.3. «Елім-ай» әні және Қожаберген жырау.

 

      Халқымыздың тартқан ауыртпалығы қазақтың бәрі білетін «Елім-ай» әнінде керемет суреттелген. Бірақ, он бір буынды қара өлеңмен айтылған бұл туындының авторы ұзақ уақыт бойы халық болып есептеліп келеді. Әрине, қазір халықтікі болып есептеліп жүрген  талай туындының әу бастағы иесі жеке адам екендігінде дау жоқ. Бұқар жыраулармен тұстас келген адамның көкірегін жарып шыққан осы шығарманың авторы жайлы халықтың жақ ашпай келуінде бір сыр бар,мұның мәнісі: халық өзінің табиғатында намысқой ол бірлі-жарымды  адамның емес, күллі халықтың сүйегіне түскен таңбаны ел болып «етегін жапқаннан» кейін, авторын айта отырып, жаңғырта жырлауға қашан да құштар болмаған. Сондықтан кешегі бір жан даусы шыға қиналған тұста  өзінің мұңы мен қайғысын қапысыз тап басқан  әуен мен сөзді  айтса да, оның авторын айтпайды. Өйткені, мұндай автор кейінгі күндерде өмір сүріп, елміз,халықпыз деп соның абыройлы, рухтылығын қалай еткенде де жоғары ұстаймыз деп жүргендер үшін кешірілмес күнә иесі секілді болып қабылданады.

      Авторсыз туынды саналып келген «Елім айдың» халық арасында бірнеше нұсқасы бар.Олардың көлемі мен сөз құрылысында да азды-көпті айырмашылықтар байқалады. Тіптен, олардың авторлары туралы  пікірлер де әрқилы.Осы мәселе төңірегінде Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі  Ы.Дүйсенбаев т.б. ғалымдар пікірлерімен  байланыстыруды   орынды деп ойлаймыз /25/.

     Ы.Дүйсенбаев аталмыш жырды өзіне Оразайұлы Мұстафа деген азаматтың 1970 жылы тапсырғанын, туындыны біреулер белгілі Көтеш ақын, біреулер  тобықты Топыш, енді біреулер Қоңырқожа деген кісі айтыпты деген  әңгімелерді айтады. «Қаратаудың басынан көш келеді»  туындысының әу бастағы  авторының кім екендігі  төңірегінде тұспал жасап,оның қанша нұсқасы,ілгері-кейінгі  уақыттар да бұл шығарманың қай басылымнан жарық көріп, кімдер зерттеп,кімдер сөз еткендігі  Г. Тұрсынов зерттеуінде сөз болады. Мұнда автор өзіне дейінгі зерттеушілер пікіріне сүйене  отырып пікір айтады.Қазақстан Ғылым академиясының   әдебиет және өнер инситутының қолжазба қорында халық мұрасын жинақтаушы Бұқар жыраумен тұстас  Керей  Қожаберген жырау шығарыпты дейтінді хабарлайды.Сондай-ақ, филология ғылымдарының кандидаты  М.Жармұхамедов те «Қазақ әдебиеті» газетінде Қожаберген жыраудың  «Елім-ай» жыр-дастаны туралы мақала жарияланған.

     Қожаберген  бабамыз 1688-1710жылы  22-23 жыл бойында қазақ,ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек,ордабасы,Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Қожаберген ұлы жеңісті шыңдаған ақылы найза   бойламас ұлы тұлға болды.

     Қожабергеннен сақталып жеткен мұраның туу тарихы.1723 жылы көктемде Қожаберген екі баласын алып Сыр бойындағы қайын жұртына, әйелі Айманның еліне келеді.Осында жүргенде Қалмақтардың үлкен шабуылы басталып,еліне қарай шегіне қашуға мәжбүр болады. Шығарма ат үстінде туған,кейіннен Қожаберген өзі хатқа түсіріпті.

       Жырау көз көрген жайды баяндайды. «Елім ай» дастанында қасіретті ошақтың улы зары, шер мұңы көз көрген, ел үшін, жер үшін халқымен бірге күрескен ұлы жыраулардың түйін,тұжырым, таразы бағасымен берілді. Орыс елімен қытай мемлекеті қолдап,қолпаштап,қолына қазақ көрмеген дәу мылтықты ұстатып,айдап салған қанішер Қалмақтың сұмдық соққысынан есеңгіреген ел, ата қонысынан ауған,бет бетімен бас сауға іздеп,ашық күнде аспаннан қан жауғандай күй кешіп, есеңгіреген шақтың шежіресі болған бұл дастанда халықтың болашақ күнге сенімі, ызасы мен кегі,қылыш шапса қырқылмаған ар намысы, жауға кегі, келер күнге сенімі тұтас түскен.

     «Елім ай» қазақ тарихындағы айтуы бетбұрыс кезеңінің көңіл күйі, шындығы.Жырау ата жаудың бел алып, күшейіп кету себебі орыс пен қытайдың қолдауы дегенді баса айтады. «Елім ай» жеті бөлімнен тұрады,3683 шумақ, яғни14732 жол өлең. Бізге жеткені соның 2000 жолдары ғана. /26/

       1718 жылы  Тәуке хан өліп,билік оның баласы  Болат ханға  өткен тұста қалмақтардың қазақ жерлеріне жорығы күшейеді. Бұл жорықтардың табысты болуына  шведтің артиллерия сержанты Иоганн Густав  Ренаттың  тигізген әсері үлкен. 1709 жылы Полтова түбінде орыстың қолына түскен Ренат  Тобыл қаласына айдалды, осында  Ертістің бойымен жоғары өрлеп  бара жатқан  Бухгольцтың экспедициясы құрамында  Кееку қаланың маңында  1715 жылы қыста ол қалмақтарға тұтқынға түседі.1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болған ол қалмақтарды  темір балқытып, зеңбірек жасауға,оның оғын дайындауға, тіпті  баспахана жасап, әріп құюды үйретеді. Сонымен бірге  қазақтарды өз  қол астына өтуге мәжбүр еткісі келген  Ресей қалмақтарға  Сібір бойындағы  бкеіністерден  зеңбірек берген деседі. Ренаттың көмегімен зеңбірек атыс жарақтарын жасап,жүз мыңнан астамәскер құрып,қалмақтар қазақтарға қарсы соғысқа дайындалып жатқанда қазақтан жағы олардан қауіп күтпей , ішкі талас-тартыспен жүрген  ьолатын. Бұл тұста қазақтар мен қалмақтардың шекарасы Ертіс өзені, Балқаш көлі,Шу,Талас өзенінің аралығымен өтетін /27/. Шығармада сол «Ақтабан» өткен тұстағы елдің сыртқы ішкі жағдайы соғыстың бастауы, бет алысы баяндалады.Цеван Рабдан қытай мен орыстың білгірлерін жолдап,бес жыл әскерін жаңа қарумен соғысуға, жалпы соғыс өнерін мықтап үйретеді.

Болмаса қалмаққа өнер қайдан келсін,

                          Тетігін зор мылтықтың қайдан білсін.

 Осындай мол жабдықпен келіп шапты,

                          Дегендей қайратымды қазақ көрсін.

… Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,

                          Орыстар қамалдарын салып жатты.

Дастанда сол кездегі қазақ мемлекетінің ішкі сыртқы жағдайы айқын көрінді.

                         Жау болды ағайын ел естек бізге,

                         Жасады ол да жорық елімізге.

                         Қоқан да күнгей беттен қоқаңдайды,

                        Соқтықпай ойғыр,қырғыз тағы бізге.

                        Мұсылман көмектеспей мұсылманға,ғ

                        Бермеді қару жәрдем қысылғанда.

                       Түрікпен Қоқан, Хиуа,Бұқар жау боп,

                       Жат болды өзбек, тәжік дін исламға.

      «Елім-ай» негізгі бөлігі қара өлең үлгісімен келген дастан. Шығармада Қожабергеннің  ақындық қуатын айғақтап жатқан әсерлі шумақтар, өзіндік қолданыстар аз емес.

                       Бастарын қара таудың мұнар жапқан,

                       Салдырып сырдың суы сылаң қаққан…

                       Атаңа нәлет ит қалмақ…

                       Қумалақтай қорғасын…

Атақты «Елім-ай» дастанында:

                     «Шабуылы жау қалмақтың күші екен»,-деп,

                     Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің-

деп бірлікке шақырса,

                    «Кеудеңде шыбын жаның болса егер,

                     Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын»-

деп намысқа шақырады.

                    «Қожа,молда,ишандар артын қысып,

                     Қоржынға салып қойсын шариатын»-

деп Отан қорғауды дін жолынан жоғары қояды.

                    «Мекенің болсын,тау мен орман,тоғай,

                     Ол жерден жау алуы емес оңай»,

                     «Сайла орын,жер үй салып, жапан түзден»,-

деп партизандық күрес жолын көрсетеді.

                     «Қазыбек,Ер Жәнібек,Алдабек би,

                      Үшеуі тозған елді біріктірер»,-

деп оларға үміт артады.

                      «Шәкіртім қайда екен, Бұқар жыршы,

                       Сөзіне оның халқым құлақ түрші»,-

деп  оның даналығына сенеді.

                      «Қыздарым,келіндерім жауынгер бол!»-

                       Қыздарым,келіндерім топ құрыңдар,

                       Ерлерше  киініңдер, сап тұрыңдар.

                      Ұрыста өл,мазақ болма,берілмеңдер,

                       Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар,-

деп ұрыс әдісін үйретеді.

      Бөгенбай,Ерсары, Асқан,Жабай,Көшек,Ақпанбет,Жайнақ сияқты батырларды «халқын жинап»,

                    «Жинаңдар құрастырып қалың қолды»,-

деп кеңес береді.

                    «Сүйей жүр әлсіздерді әлі барың»

                    «Тізе қос етек жиіп ес барында»,-

деп елді бірлік-тірлікке шақырады.

                    «Бастап өт,Сарыарқаға қалған елді» —

деп Бұхара,Үргеніш жағында  ашыққан,босқан елді жинауға жол сілтейді.  Ең соңында:

                     «Бастасын тозған елді көсемдерім,

                      Ақылшы болсын сөзге шешендерім.

                      Хан сұлтан, төрелерді ел санамай,

                      Тізе қос күшті жинап есендерің»,-

деп үндейді жырау /28/.

       Дауылпаз Қожаберген –дүлділ тарихшы.Біріншіден, тек «Елім-ай» дастанында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының  дәуірлеп күшеюі себептерін ашады. Екіншіден, Жоңғарлардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді.

Орыс империясы өзіне  көрші қазақ елін тұқыртып,жоңғарларға  кіші зеңбірек жасауды үйретіп,құтыртып екі түркі тілді халықтарды өз-ара қырып салуына мүмкіндік жасағанын ғажайып суреттейді. Үшіншіден,түрікпен,Қоқан,Хиуа,Бұхардың қазақ еліне деген қастандық саясатын өзбек пен тәжіктің жатығын әшкерлейді. Төртіншіден,Әз Тәуекелден кейінгі  қазақ хандығында болған теке тірес бақталас  берекесіздіктің бетпердесін ашады.Бесіншіден, ақтабан шұбырыды қалай болды, халық қалай неге тозды деген сауалдарға жауап береді. «Қырылу Алакөлден басталып тұр»- деп Алқакөл емес Алакөл екендігін еске алады. Әдебиетте «Алқакөл сұлама» термині жөнінде алуан пікірлер айтылады. Біреулер қателесіп, «сұлама» түйенің қатпа болып қырылуы деп санайды. Басқа біреулер «Алқакөл» емес, «Алакөл» деп есептейді. Бқл жөнінде сол қасіретті куәгері болған  Қожаберген жыраудың «елім-ай» дастанында: «Қырылу Алакөлден басталып тұр»,- деп тікелей көрсетілген.Жекелеген зерттеушілердің  пікірінше, «Алқакөл»- Сырдарияның арғы жағындағы,өзенің сол жақ жағалауындағы  Бетпақдаладағы көл. Екінші бір нұсқа бойынша, «Алакөл» емес, «Алқакөл» бұл «топтасып  қол ұстасып», алдында жатқан адамның тізесіне басын қойып отыру немесе тізіліп жату,жорықтағы демалыс әдісі. «Сұлама» — әбден шаршап-қалжырап,басын көтере алмай жату /29/.

      Ең соңында Отан соғысы қалай өтіп жатыр,Қара ноғайдың қазақпенен үздіксіз бір болуын,Қарақалпақ бектерінің жалтақтығын Әбілхайырдың дәл 1723 жылы дер кезінде көмекке келе алмағандығын халық қарсылығының өрістеп, Сарысу бойында жау бетін қайтарғанын айтады. 

     Әр түрлі  деректемелерге қарағанда, жоңғар басқыншыларының басып кіруі  кезеңіндегі әскери қақтығыстар, ойран салу,қырып-жою,талап-тонау, аштық,қиындықпен ауа көшу кезеңіндегі қазақ халқының үштен екісінің жуығы құрып кеткен. Бұл қасірет туралы Қожабергеннің «Елім -ай» жоқтауы қазақтардың халықтық азасының нышанына айналды.

                    Қаратаудың басынын көш келеді.

                    Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

                    Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

                    Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

                    Мына заман қай заман? Бағы заман.

                    Баяғыдай болсайшы тағы  заман.

                    Атадан ұл,енеден қыз айрылып,

                    Көздің жасын көл қылып ағызамын.

                    Мына заман қай заман? Қысқан заман.

                    Бақыт құсы алаштан ұшқан заман.

                    Көк аспаннан топырақ, шаң борады.

                    Күні суық қаңтардан, қыстан жаман /30/.

      Жаугершілік заманда Шыңғыс әулетінің берекесі кете бастады. Өйткені билікті атадан балаға бере салатын күн өткенді. Оның үстіне үш жүзді туырлықтай турап, билеген хан сымақтар өз дәрежесінде болмады. Қожаберген жырау осы туралы былай түйіндейді:

                   Бүгінгі күн- мұнар күн.

                   Жер бетін тұман басқан күн

                   Жалантөс аспас асудан,

                   Кәпір қалмақ асқан күн.

                   Бейбіт жатқан халқымды,

                   Жанына қалмақ басқан күн.

                   Ақыл таппай қиналып

                   Билерім қатты сасқан күн.

                   Паналар жер таба алмай,

                   Ер етегін басқан күн.

                   Атуға болмай мылтығын,

                   Қалмақтан қазақ қашқан күн.

                   Сәмке, Ғайып,Болат сұм,

                   Соңына елді ерте алмай,

                   Қонтайшыға сатылып,

                   Елдің сырын ашқан күн.

                   Шығармақ күнім түн болды.

                   Хан мен сұлтан жын болды.

                   Сәмке,Ғайып Болаттың,

                   Сатқындығы шын болды.

                   Әбілмәмбет  солқылдақ,

                   Ақ балшықша борпылдақ.

                   Келіспей ерлермен,

                   Қабандарша қорсылдап. 

     «Елім-ай» жырын жырлап  зар заманды бастан өткерген ,қалың қалмақ қайыса шапса да сыр бермей,үкілі найза қолға алып,еңку-еңку жер шалып елін жаудан, тазартқан жерін жоңғардан азат еткен  қазақ ұлтының тарихы  Қожаберген жыраудың жырында кез-келген  қазақ тарихының  деректерімен ұштасып, дерек пен  жыр сабақтастығын  орнатып отыруы тарихымызды тану үшін  алысқа сабылмай-ақ өз жырымыздан  ел тарихын көзге  шалуға болатындығын дәлелдейді.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ-ТАРАУ.АБЫЛАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ЕРЛІКТЕРІ.

 

2.1. Жыраулар шығармаларындағы – Абылай бейнесі.

 

       Бір кездегі Платонның мемлекет жайындағы ілімдегі мемлекетті басқарушы адам қандай болуы керек деген қағидасы бойынша оларды топтарға бөліп, бірінші топтағы басқарушылар (философтар) олардың негізгі қызметі мемлекетті дұрыс басқару, ал екінші топқа әскери қорғаушыларды жатқызады. Мемлекетті қорғаушылар ішкі –сыртқы жаулардан қорғап қана қоймай, соғыс өнерімен қоса, поэзия, музыкаменде айналысса деген екен. Платонның осы мемлекетті басқарушының бойынан іздеген қасиет  Абылай ханнан табылар еді. /1/

      XVІІ-XVІІІ ғасырдың ұзына бойында жоңғар қалмақтары қазақ жеріне үздіксіз  көз алартып,тынымсыз қанды жорықтар жасап,бейбіт елдің берекесін кетірген.Халық әдебиетінде ең мейірімсіз тілсіз жау ретінде қалмақтар аталатыны да осыдан.Қалмақтар қастандығы арылмас дерттей ұзаққа созылғандығы соншалық ерте заманда арпалысқан өзге жаулардың аттары ұмыт болып,тыюсыз тажал бейнесінде озбыр ойраттар ғана қалған.Зорлыққа,астамдыққа еті үйренген,бұрын ешкімнен беті қайтпаған ата жау Абылай заманында жеңіліс тауып,елдің көптен күткен бейбітшілік дәуірге қолы жеткені шынында да тарихымыздағы аса нұрлы, мәртебелі кезең еді.Бұл жөнінде аса белелді ғалымдар өздерінің әділ бағасын берген.Орыстың атақты ғұламасы академик В.Бартольд « XVІІІ ғасырдағы  ең күшті хан Абылай болды» деп жазған /2/.     

      «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл  сұлама» кезінде  қазақ халқы бірліктің керегін түсінді. «Дауға барсаң бірің бар,жауға барсаң бәрің бар» деген мәтел сол бір кезде айтылса керек. Топ ішінен суырылып сөйлейтін шешендер, көпті бастар көсемдер, ту ұстар батырлар,сол тарихи кезеңде айбынды елдің айдынды азаматын іздеді,ал ол болса «Жыртылғанға жамау,шаршағанға демеу», «Қалың елдің арын»,  «Жау- дұшпанның кәрі», «Ауырғанға дәрі,өз елінің нәрі» болуы шарт еді. Дәл осындай ел тілегінен шыққан елдің елеусіз, халықтың қалаусыз жасынан жетім қалып, үйсін Төле бидің  түйесін баққан Әбілмансұр (Абылай) болды.

       Абылай 22 жасқа шыққан шағында Төле биге сәлем бере келген Бөгембай батырмен кездесіпті. Қалмақтарға барлауға барғанда батыр сабалақты бірге ала кетіпті. Бөгенбай өте сыншыл жан екен, адамның да,малдың да асылын бір кергенде таниды екен. Бөгенбай батыр:

                          Шырағым-ай көзің отты бала екенсің,

                          Мінезің қазақтағы хан екнсің.

                          Жазға салым қалмаққа аттанамыз!

                          Соған да керек болар жан екенсің!-

деп батасын беріп,астындағы нарқызыл деген тұлпарын Әбілмансұрға ұсыныпты /3/.

       Жыр,аңызда Абылай алғашқы ұрысқа атақты Бөгенбай барыр бастаған қолға қосылып барған болады. Мұның ақиқатқа неғұрлым жақын келетіні түрлі тараптан аңғарылады.Бұрын үлкен соғысқа қатыспаған жас батырдың сан жорықтарда шыныққан ерлерден тағлым алып,солардың тәрбиесін көріп барып майданға шығуы көңілге қонымды. «Абылай хан» дастанында Қалмақ батыры Шарышқа жекпе-жеке шығатын ешкім табылмай,ақыры сайысқа Бөгенбайдың өзі түсуге бекінеді.Соғыс тәртібі бойынша мұндай алмағайып жекпе-жекке қолбасының өзі түсуі өте қатерлі іс саналады. Өйткені жазатайым қолбасының өзі жеңіліп қалса, күлі әскердің де беті қайтқаны болып табылады.Сондықтан да Шарышпен ұрсамын деген Бөгенбайға қазақ қолы рұқсат етпейді. Міне осы кезде топтан суырылып шығып сайысқа баратын, жауды өлтіретін  бұрын көпке белгісіз батыр Сабалақ болады.Жоңғардың батырын өлтіру,осыдан кейін «Абылайлап» ұран тастап,дұшпанның қалың қосынына қарсы шабуы, соңынан қазақ жауынгерлерін ертіп рухтандыруы оның Сабалақ атын да, туа бітті қойылған Әбілмансұр атын да ұмыттырып, Абылай есіміне ие етеді.Абылайдың атағын аспандатып әкеткен Шарышпен ұрыс суреті былай берілген:

                         Сабалақ «Абылай» деп ұран салды.

                         Найзаны майырылған жұлып алды.

                         Құлаштай сары бестіге қамшы басып,

                         Ағындап шауып келіп кезек алды.

                         Ұмтылды сары бестімен шоқтай болып,

                          Атылған сары мойнақ оқтай болып.

                         Желкеден өткір қылыш сарт еткенде

                         Шарыштың басы түсті топтай болып.

      Мұндай сипаттамалар мол. Солардың бәрі қосылып,Абылайдың  тарихи-эпикалық бейнесін аңыз,жырлардағы қаһармандар қатарына апарады /4/.

      XVІІІ ғ. бүкіл өмір жолы барынша  мол сипатталатын Абылай хан  бейнесі-тек бір ғана жолмен-тарихи оқиғалар кезінде өзін қалай көрсетіп, қалай ұстай білгендігі тұрғысында беріледі. Яки, сол кездегі әдебиеттегі Абылайды негізінен тарихи оқиғалар арқылы танимыз.Мәселен, ілгеріде Үмбетей жырау оның Шарышты өлтіргеннен кейінгі жайын:

                        Қалдан ханның әскері,

                        Іздеп сені әрі бері,

                        Қапыда ұстап алғанда,

                       Алып барып Ташкенде,

                       Көр зынданға салғанда.

                       Елің қараң қалғанда,

                       Тоқсан жақсы үш жүзден,

                       Сені сұрай барғанда

                       Өлтірем деп Қалдан хан,

                       Орайына шарыштың,

                       Сөзіне қарсы сөз айтып,

                       Жауаптастың, қарыстың.

                       Қапияда тұтылдың.

                       Қалмаққа бітеу жұтылдың,

                       Шешендік жолын тұтындың,

                       Үш ауыз сөзбен құтылдың.

деп толғайды.

     Мұндағы Қалдан Серенің баласы жекпе-жекте өлтірілгені,сол үшін оны  жоңғар ханының қайдан да  болса қстап әкелуді тапсырған адамдарының қазақ сұлтанын  аңда жүрген жерінде  бірнеше биімен, құдайберді атығай руының  атақты батыры Жанақпен  бірге  ұстап алып Галдан Церенге  әкелетіні шындық жайлар. Сондай-ақ, ханның «баламды неге өлтірдің » деген сөзіне  «балаңды халық өлтірді,  мен сол халық  кескен жазаны орындаушы ғанамын.»-деп жауап қатқанда, бұған Галданның риза болып,тұтқынын  бас кесерлердің ырқына бермей  ағаш үйге қамататыны рас.Абылай сонда тұрып Шарыштың шешесінен  талай қарғыс,балағат сөздерді естіп, бейбастық қылықтрды көре-көре шыдай алмай «сенің ұлың секілді  қаңғырған құлдың басы қайда қалмаған» деп жауап береді. Тегінде, жыраудың Абылайға «шешендік жолын тұтындың» дейтіні  осы қылықтарына орай айтылса керек.Ал, сол  жолы тұтқындықтан «үш ауыз сөзбен құтылдың»  деген сөзі ел аузындағы Абылайды дәріптеп көрсететіні  мынандай  аңызбен төркінднс болуы мүмкін.

         -Тұтқын Абылайды  Галдан Серен Шарыштың құнына бола  құрбан етпен болғанда Абылай:

         -Тақсыр менің үш арманым бар:әуелі –мен Шарышты қазақ пен қалмақтың қан майданында өлтірдім.Сіз мені үйқыда жатқан жерімнен ұстап алып өлтіргелі отырсыз.Қазақ пен қалмақтың қан майданында  өлсем арманым жоқ еді.Екінші-қазақ орнықпай жүрген  ел еді,бір жерге орнықтырып,отырықшы өмірге кіргізіп өлсем,армансыз едім.Үшінші- төрт атадан бері жалғыз едім, осы күнде  өліп кетсем,не бала,не бауырым жрқ,дүниеге келмегендей  боламын гой,-дегенде Қалдан хан төмен қарап отырыпты да,қасындағы уәзіріне: «Мынаның сөзінің бәрі рас.Әсіресе, соңғы сөзін қарашы.Менде төрт атадан бері жалғыз едім.Осы күнгі жалғыз балам Әмірсана өліп кетсе,мен  де тұқымсыз  кеткенім-дағы»- деп қалмақ тілімен айтқан екен.Абылай хан: «Алдияр!»-деп қол қусырып тұра келеді.Қалдан хан Абылайға:

       -Сен неге «алдияр» дедің. Мен сені өлімнен босаттым ба?-десе:-Тақсыр,жалғыз балаңызға ұқсатқаныңыз босатқаныңыз ғой.Мен қалмақша тілді білемін,-дейді.Қалдан хан Абылайдың сөзіне разы болып оны тұтқыннан босатады /5/.

        Абылай ел билей бастаған кезде Бұхар орта жасқа келгенде,атағы бүкіл елге жайылған белгілі жырау аталған. Ол  сол кездегі ел басқару ісіне белсене араласқан «аузы дуалы» билердің бірі. Кейін ол Абылайдың беделді ақыл гөй қарттарының бірі тәжірибесі көп сыншысы болды. Халық аңызы Бұқар жырауды кей сәтте Абылайға қарсы қойып,ол ел тыныштығын көксейтін дана қарт бейнесінде сипаттайды. Бұқар жырау қай толғауында болмасын хан тағының нығайғанын белді бір күшке айналғанын көксейді.Сондықтан:

                  Ай,Абылай,Абылай

                  Алмаған жауды қоймадың.

                  Алсаңдағы тоймадың

                  Несібеңді елден ойладың

                  Ата білмес құл едің

                  Ата тегін сұрасаң,

                  Арқар ұранды жат едің.

                  Қай жерінде төре едің?

                  Жұлдыз туып оңыңнан

                  Хан біткен еріп соңыңнан

                  Он сан алаш баласын

                  Жусатып қойдай өргізіп.

                  Жұмсап жүрсің қолыңнан

дегенде  қарт ақын Абылайды шенеп-мінеп отырған жоқ,ал өз еліне   тыныштық іздеумен бірге,Абылай ханның қамын жейтінін де жасырмады. Орыс мемлекеті күшті екенін,орыс халқының қазақпен ежелден бері көрші боп келгенін,ал екі елдің арасының бұзылуынан тек өзінің ғана жұртты  ұтылаиынын Бұқар жырау жақсы түсінді.Сондықтан да Абылайдың өзінен оның төңірегіндегі батырлар жорық аңсап жан-жағына көздерін тіккен шақта көп жасап,көпті көрген жырау оларға үнемі тоқтау айтып отырды.Бұған Абылай да құлақ асады,қайткен күнде де Абылай мен Бұхар арасындағы қатынас осылайша аңыз етеді.

     Бұқар жырау толғауының асқан шебері,заманының шындығын көрсете білген ақын.Ол біріншіден  бытыраңқы болып келген қазақ руларының басы қосылып,өз алдына шаңырақ көтеруін арман етсе,  екіншіден осы  игі істің орындалуын Абылай ханнан күтті /6/.

     Осындай  шығармалардың бел ортасында Абылай бейнесі тұрады.Мұндай әсірелеу мүлде аз, болған оқиғалар тарихи өлең шартына сай нақтылы тізіліп,нанымды баяндалады. Заманның да, қаһарманның да басындағы қайшылықтар аттап өтілмей, шындықтың шырайы толық, жан-жақты көрінетін жырау туындыларының өзіне хас өрнегі.Бұқар жырау Абылайдың қамқор тілектесі ғана емес, қатал сыншысы да болып есептейді. Бірақ мұндай «сын» ел тағдырын терең ойлағандықтан Абылайдың жүргізген саясатына нұқсан келмесе екен  деген тілектен туғаны айқын көрінеді. Сондықтан да бұл өлеңдердегі кейбір қатты айтылған сөздер қатқыл естілмейді,зор ақиқатшыл қуатқа ие болады.

      Ұлы жырау қазақ ханының балалық  шағындағы ауыр күндерін, қиын қалін айта отырып,Абылайдың барлық атақ пен даңққа халықтың қолдауымен және жеке басының қасиеті арқасында жеткенін,оның ел алдындағы беделі, халыққа сіңірген еңбегінің нәтижесі екенін, бірақ осындай абырой биігінде самғай беру үшін әділдік таразысынан жаңылмау керектігін қайталай толғайды.Абылай өмірінің барлық кезеңдерін шолу тек дәстүрлі қайталама әңгіме деңгейінде қалып қоймай, халық тағдырымен бірлестікте қаралып, үлкен мағынаға бөленеді. Жыраудың ұғымынша Абылай қазақ халқының басына сұрапыл қасірет төнген кезде ел еңсесін көтеруге, алаш мемлекеттігін сақтауға және күшейтуге туған қайраткер.Ханды мақтасада, кейбір істерін мансұқтаса да,ішкі,сыртқы  саясатына кеңес берсе де Бұқар тек қазақ ынтымағы мен  ырысы тұрғысынан қарайды.Сонымен жырау өлеңдерінің нақтылы кейіпкерлері Абылай және оның батырлары мәслихаттас билері болса,ең басты қаһарманы қазақ халқының өзі болады /7/.

      Абылай қанша ақылды хан болса да жаугершілікке еліккен мінезі бойынша ол егескен жауды талқандағаннан кейін өз елінің батырларына әлсіздеу руларға да соқтығады. Тіпті орыс патшасы орнатқан әскери қорғанға шабуыл жасап, соғыс ашпақшы болды. Абылайдың осындай өз халқын қырғынға ұшыратарлық пиғылын әшкерилеп мінін бетіне басып, бүкіл халық атынан тиым салды. Ханның осындай қатыгез қылығына Бұхар қатты наразылық білдіреді.. «жиырма бес деген жасыңыз », «Ей Абылай, сен он бір жасыңда» деген толғауларын арнайды.Бұл толғаулар әрі Абылайдың өмір тарихы болса әрі оған берілген данышпандық баға дерлік құнды мәлімет /8/.

        Бір жағынан жоңғар екінші жағынан Ресей, үшінші қиырдан Қытай қысқанда кең далада дархан өскен, ешкімнің сыбағасына қызғанбайтын момын қазақтың шарасыз күйге түскен еді.Халық ықыласының «пәледен құтқарса, осы құтқарар» деп Абылайға ауа беретіні, оның атын эпикалық қаһармандар дәрежесіне көтеріп дәріктейтіні азат болудың өзге жолын таппағандықтан болатын. Осындай шақтарда халықтың ешкім жауыздық жасамайтын, мәңгілік «тыныш» мекенді армандайтыны белгілі. Айналадан анталап дұшпан қаптағанда қазақтың кең жері өзіне тар көрініп, басқа өлкелерден қоныс іздеушілігі әр дәуірде қайталанып отыратын сарын.Бір кезекте Бұхар жырау да Абылайға осы ойды  айтады.

                       Мұсылман болсаң кетіңіз

                      Сырдарияның суынан,

                       Көлденең кешіп өтіңіз.

                       Үш жыл малды ту сақтап,

                       Жиделі байсын жетіңіз

                       Кісісі жүзге келмей өлмеген

                       Қойлары екі қабат қоздаған.

                      Қатын –бала қамы үшін

                       Солай таман жетіңіз…

       Бұқар жырау  Абылай бейнесіне әр қырынан келіп,оның шындыққы сай бейнесін өрнектемек болды. Бұл бағытта туған жырларының бәрі дерлік Абылай ханның сол бір жауапты  кезеңдегі әр алуна саяси қызметі мен саналы өмірін оның жас мерзіміне орай кезең-кезеңг бөліп,ой таразысымен екшеп саралау,жинақтап қорыту үлгісінде келді. Мұның бәрі бір ғана талап: ертеңгі ел болашағы, тәуелсіз бақытты өмірді орнату мақсатымен терең ұштасып жатыр. Осыған орай жыраудың жырларының  «Ал,айтамын,айтамын» атты толғауларын бөліп атауға болады. Бұл үш бөліктен тұрады.Біріншісінде Абылай мінген жүйрік сәйгүліктің тұр-тұлға,сын-сипты сөз болса, екіншісінде сол атқа лайық оның иесі де елдік биік талаптар  тұрғысынан сипатталады. Ал үшінші бөлім түгелдей  Абылай бейнесін бірыңғай бөліп алып жеке сомдауға арналған.                                         

                                     Ай,айтамын,айтамын,

                                     Мінген атың айтамын.

                                    Құлынды емген,тайды емген,

                                    Құнанында арда емген.

                                    Дөненінде үйреткен,

                                    Жібектен арқан сүйреткен.

                                    Бестігінде белгі күшті ьолсын деп,

                                   Бес байталға салдырған.

                                  Алтысындай аттай мұрнын танатқан,

                                  Жетісінде  жетіп құлан шалдырған.

                                  Сегізінде серке сан деп атанған.

                                  Тоғызында тола семірген.

                                  Онында оқ жыландай қырғыған,

                                  Ойнай басқан аяқтым,

                                  От орнындай тұяқтым.

                                  Қиғаш қамыс құлақтым.

                                  Саптыаяқтай еріндім.

                                  Сарымсақтай азулым.

                                  Сауырсын кере жараған,

                                  Кекілін қыздай тараған.

                                  Тостаған көзді торыны

                                  Топ тарқамай мінсене,

                                  Еліңнің  қамын жесене.

                                  Есіліп кеңес айтсана,

                                  Айтса да айта кетсін жұртына

                                  Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.

                                  Еш келмеді қыртыңа,

                                  Кең Абылай,кең аям.

                                  Шұбар ағаш, құба жөн.

                                  Мекен еткен шөлде,аям.

                                  Тілі менен тентегің

                                  Иіліп алдыңа келді аям! /9/

      Абылай хан қалмаққа қалай шабу керектігіне білмей тұрғанда . Қанжығалы Бөгенбай батыр: «Тарбағатайд асып,Үржар,Еміл бойындағы  торғауытты алдымен шабуға ұсыныпты.Бергі шеттегі  Ласты-Шорғадағы қалмақтарға тиіспейік,өзгелері есітіп,дайындық жасап үлгереді» дегенде, Қаракерей Қабанбай батыр: «Алыстағы жауға барсақ,ат ариды,азық таусылады,әскер шаршайды,ең алдымен берідегі Лапсы-Шорғадағы қалмақтарды алған жөн» депті.Абылай осының билігін Бұқарға айт дегенде, ол әйгілі:                    

                                  Сен  Қанжығалы Бөгенбай,

                                  Тоқымың кеппес ұры едің.

                                  Түн қатып және жүр едің.

                                  Қабанбайдан бұрын найзаңды

                                  Қашан сен жауға тіредің?!-

дейтін  жырын суырып салып айтыпты.Сөйтіп,хан Қабанбай батырдың ұсынысын қолдап,сол жолы шығын болса да, көп олжалы оралса керек.  /10/

      «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей Абылай заманында қазақ еркі үшін арпалыс елдің әр беткейінде ақ жүріп жататын. Орта Азия хандықтарының қазақ жеріне сұқтанып келген ежелгі әдеті де көрініс беріп отыратын. Шегаралас отырған жерлердегі қазақ ауылдарынан қырғыз феодалдары да соқтығып,жанжал тудырған.Осы ретте Абылайдың қырғызға қарсы соғысының мән жайы халық әдебиетіне қалайша көрінген деген мәселеге тоқталып өтудің жөні бар.Бұл тақырыпқа бірталай өлең жыр арналғанын аңғарамыз.Сол өлеңдердің сарынына құлақ салсақ, жекелеген барымта немесе астамдық әрекет көбінесе қырғыз манаптары жағынан туып отырғанын пайымдаймыз.Зәбір көрген,шабылған ауылдар,әрине мұңын ел иесі Абылай ханға айтуы, әділдікке арашашы болуды өтіну табиғи. Сонда да болса күшім артық екен деп Абылай өз тарапынан ерсі өктемдікке бармай,шиеленіскен дауды мүмкін болса бейбітшілік жолмен шешуге ұмтылғаны, қарсы жаққа елшілер жіберіп отырғаны тек дұшпандары мүлде тілге келмеген жағдайда ғана ұрыс қимылына көшкені көп мысалдармен дәлелденеді.Қазақ ауылдарына өздігінен тискен қырғыз батырлары Есенқұл мен Садырға «тату болайық» деп Абылай мәмілеге шақырғаны халық өлеңдерінде сақталған.Қырғызға жіберген жаушыға Абылай:

                        Есенқұл мен ер Садыр

                        Қырғызда даңқы бір шыққан ер еді.

                        Бар Садырға, бара гөр.

                        Елдесейін Садырмен.

                       Таластың бойы тар жайлау,

                       Таласа барып, жайлайық.

                        Кеңестік бойы кең жайлау,

                        Кеңесе барып,жайлайық.

                       Қазы менен қартаны

                       Қия кесіп шайнайық,-

 деп сәлем айтады. Жырда қырғыз батырларының бұл сәлемге тұрпайы жауап бергені келтіріледі.Туысқан халық пен арадағы ұрыс осылайша тұтанады…Қырғыз жөнінде Абылай жаулаушы болып бармай, тек қарауындағы таланған жұртының кегін қайтарушгы ретінде ғана әрекет жасағаны көрінеді.Бұл жағдай тарихи деректер де осылай түсіндіріледі.

       Абылай дәуірінде қазақ халқының ес жиып, еңсе көтеріп,өзгелермен терезесі теңеліп, көрші мемлекеттерге айбынын таныта білгені, азат өмірдің дәмін тату.Үш жүздің баласының бірлігіне байланысты екені Шәді ақын дастанында сенімді көрсетілген. «Елімізді жау шауып кетті, енді қалай етеміз» деген үрейлі хабарды жеткізгендерге Абылайдың:

                     Қазақтың бұзылмасын ынтымағы,

                     Басынан ажырамас берген бағы.

                     Көшпелі Манап түгіл кегі кетпес

                     Таж киген патшалы болса-дағы,-

деуі соңына ерген халықтың қандай ұлы қайрақа қабілеттілігіне зор сенімнің белгісіндей. Әсіресе ол қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін сақтап тұруы үшін «бір жеңінен қол бір жағадан бас» шығаруы керектігін бір орталыққа қажет екенін өсиететіп қалдырады. Бұл оның бүкіл өмір тәжірибесінен туған ақтық сыры болып көрінеді. Абылай үлкенді кішілі жорықтарына үш  алаштың аңғарын біліп, жеткілікті дайындалып,ісінің әділдігіне соңына ерген елді сендіріп болған соң ғана шығып отырғаны өшпес ғибраты болып елестейді.

      Қазақтың басын қосып, ел қылған ел атын қиынға көтеріп, мәртебесін асқар ала таудан асырған қайраткер Абылай хандай –ақ болар! Ендеше Абылай есімі-халық бірлігінің оның іргелі ел болғанын тіршілігінің өз дәуіріндегі синонимі болса керек. «Социалистік Қазақстан» газетіндегі «Елінің басын құрған» деген мақаласында «Көкше жерінде жарты ғасырдай ту тіккен Абылайдың әруағы тек осы өлке жұртының мақтнышы емес. Ол бүкіл қазақ халқын жоңғар басқыншылығынан аман сақтап қалуға мұрындық болған, байтақ елге аңсары ауа бастаған Ресей мен Қытай империялары менен көршілес қарым-қатынас саясатын шебер ұстай білген үлкен тарихи тұлға. ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың білгір басшысы, елінің қорғаны, қамқор батыры Абылайдың үш жүзді қосып, бірліктің туын биік көтергенін ұрпағымыз ұмытпауға тиіс».

     Тарихы сан ғасырлардың тереңіне  кететін  халқымыздың  «қазақ»  аталған  бертінгі дәуірінде  ел бастаған көсемдер,сөз бастаған шешендер «ертеден шапса,кешке озған, ылғидан шапса,төсте озған»  жүйріктер, ердің құнын  екі-ақ ауыз сөзбен  шешкн дана билер  қалың жауға қарсы  жалғыз  шапқан батырлар, елінің қамы үшін  алтын тағын тәрік еткен хандар аз болмаған. Олардың есімдері ауызша жырларда берік орын алған. Қазақ елінің ең атақты ханы  Абылай хан елінің тұтастығымен жауға алдырмас  қамал саясат орнатып,елін азат етуге  аянбай тер төккен,елім деп еңіреп туған асыл ұлы тұлға Абылай бейнесі жыраулар жырында тарихи дерекпен  ұштасып төгіліп тұр.

 

       2.2. Жыраулар шығармаларындағы батырлар.

 

    «Жаным арымның садағасы, арым халқымның садағасы» деп елін сүйген, жанын шүберекке түйген небір жүрек жұтқан батырлар қазақ елінің қай жерлерінде де атқа қонып, ерлік істерімен даңқын шығарды.

       Москвадағы сыртқы істер министірлігі жанындағы дипломатиялық істер жөніндегі архивінде «қазақ жоңғар соғыс істері» деген бөліміндегі № 11 папкада көптеген мәліметтер табуға болады.Осы мұрағатта жоңғар мен бастан аяқ соғысқа қатысқан батырлардың мынадай тізімі бар: Әбілхайыр хан,Абылай хан, Нұралы хан, Ералы сұлтан, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Шотан,Әбілпейіз, Әділ сұлтан, Жантай, Баян, Малайсары, Тілеуке, Сағымбай, Күлеке, Жауғаш, Қонай, Дат, Барақ, Барақ сұлтан, Құлшабек, Жабай, Сырымбет, Тұрсынай, Нарбота,Қожаберген, Елшібек, Сары,Сәңкібай, Мамыт,Малдыбай,Райымбек, Таңсық, Деріпсалы,Шынқожа, Аибас, Жанұзақ, Байғазы, т.б /11/.

        Жоңғар жаулаушыларына қарсы күресте айрықша еңбек сіңірген  ерлердің есімін Бұхар да, оған замандас жыраулар да мәңгілік даңққа бөлеп, қастерлеп айтып кеткен.Солардың аттары қазақ  тарихының алтын кітабына жазыларлық десек артық айтқандық болмас.Бұхар жырау атаған сол ардақты жандарды есімізге қайта бір түсірсек.

                     Қалданменен ұрысып,

                     Жеті күндей сүрісіп,

                     Сондағы жолдас адамдар:

                     Қаракерей Қабанбай,

                     Қанжығалы Бөгенбай.

                     Шақшақұлы Жәнібек,

                     Сіргелі қара Тілеуке

                     Қарақалпақ қылышбек,

                     Текеден шыққан Сатай,Бөлек,

                     Шапырашты Наурызбай,

                     Қаумен,Дәулет,Жепек батыр қасында

                     Бақ-дәулеті басында.

                     Сенкібай мен Шойбек бар,

                     Таңсық қожа Мәмбет бар.

                     Қасқараудан Молдабай,

                     Қатардан жақсы қалдырмай,

                     Есенқұл батыр ішінде,

                    Өңкей батыр жиылып,

                   Абылай салды жарлықты… /12/

     Жоңғар  басқыншыларына қарсы азаттық соғыстың әр кезеңінде  әр өңірде қол бастаған, ел намысын қорғаған, аттанып барып жау алған батырлар саны жоғарыда көрсетілгенмен шектелмейді.Тарих ғылымы тереңдік пен  нақтылыққа жақындаған сайын  олардың да есімдері  ізделіп, халық үшін көрсеткен қайраты анықтала түсер. Дегенмен, ойратқа қарсы ұрыстың ең шешуші сәттерінде Абылай қауымындағы қосындардың  жүргенін еске алсақ,Бұхар жырау санап шыққан батырлардың әрқайсысы  туралы мағлұматты жұртшылыққа таныстыру парыз болып көрінеді.  Егер ертелі-кешті Қазақстанның бір жерінде Абылай бастаған әділетті ұрыстардың сымбат панорамасы жасалатындай уақыт келсе, бұл ерлердің есімдері тасқа ойылып  жазылып, Орхон ескерткіштеріндей ұрпақтың ұрпағына жететін болуы керек /13/.

      Батырлық жырлардың қаһарманы болу оңай шаруа емес. Оған өз заманында халқына ерекше еңбегі сіңген, айрықша белгілі болған кісілердің  ғана қолы жеткен.Бірақ, авторлы  шығармалардың кейіпкері болу,одан сонау ғасырлардың белесінен аттап өтіп кейінгілерге ауызша жету одан да қиын болған сияқты. Осы тұрғыдан келгенде  XVІІІ  ғасырдағы жыраулардың ең көрнекті өкілі Бұқардың  дорық жыршылары Тәтіқара жырау мен Үмбетей жыраудың толғауларындағы қол бастаған батырлардың  ерліктерін  өз заманындағы өлеңмен өрілген  көркемдік шежіренің  жұрнағы деп  тануға болады. Әрине бұл авторлардың  әдеби қаһармандары өмірде болған нақтылы тарихи  тұлғалар екені, олардың өздері көрсете білген  өмір сахнасы  негізінен  жоңғарлармен күрес кезеңі,онан кейінгі қазақ қауымы  бастан кешкен  бірсыпыра  оқиғалармен байланысты екені мәлім.Ал,жоңғарлармен арада өткен  айқас жолы «Ақтабан шұбырындыдан»  бергі уақыттың өзімен есептегенде отыз бес жылды  қамтитын ұзақ мезгіл. /14/

Бұл жолда талайлардың даңқы шықты. Солардың ішінен  ұзақ көрініп, небір шоқтықты  оқиғалардың  басты кейіпкерлерінің  бірі болғаны –Қанжығалы Арғыннан шыққан Бөгенбай батыр. Бөгенбай батырды  халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы  есімін аялап,есте сақтап келуі – оның ерлік әскер басылық  істеріне байланысты. Оның алғашқы ерлік жолы  Еділден өтіп,  қазақ ауылдарына шабуылдап,мазасын алып,әбден титықтатып біткен қазақ-орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында 30мың қолды бастап барып, казак орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап қашан қазақ жері  жоңғарлардан азат етілгенше Бөгенбай  батыр аттан түспей,Қабанбай,Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы  батырларыментізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін  талай шайқастарға енеді. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі- оның даңқын асқақтата көтерді.Бөгенбай батыр-қазақ тарихындағы өте ірі тұлға.Ол бар өмірін  ел-жұрты үшін сарп  қылған аяулы азамат, XVІІІ ғ. болған жоңғар мен қазақ жасақтарының арасындағы шапқыншылықты қазақ сарбазбарын басқарушы  қолбасшы. Қанжығылы Бөгенбай  батырдың  аты кімге болмасын жақсы таныс. Ол жоңғарға қарсы күрестің қаһарманы, әлеуетті  батыры, Атақты  қолбасшы еліне еткен қызметі арқасында жұрт сүіктісіне айнллған қазақ халқының ардаген ұлдарының  бірі.

     Абылай ханнан  бірде «Өз батырларыңыздың ішінде қайсысы сіздің жүрегіңізге жақын?»- деп сұрағанда, ол: «Ілгеріде өткен азаматтың ішінен нағыз таңдануға тұрарлық  екеу-ақ. Қалданның қолынан тоқсан тұтқынын  қайтарып алған Қаракесек Қазыбек пен  тұтқындарға үйде отырып бостандық  алып берген  Уақ Дәріпсәлі.Алғашқысы Қалданға  өзі барып сұрап  қайтарып алған болса,кейінгісі өз ауылында отырып   жаудың зәресін алды.Менің  батырларымның ішінен ерлігі мен мінезі жағынан  Бәсентин Малайсары,ал ақылы мен ерлігі жағынан Уақ Баян бәрінен  жоғары тұрады» ,- дей келіп,тағы да бірнеше қырағы  батырларын ескерткен.  /15/.

     Тоқтыбайұлы Саңырық жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі  атақты батырлардың бірі.Саңырықтың батырлық жолы  әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан»  кейін басталады. Ата-мекені жау қолына қалып, босқан елдің ауыр халін көріп,ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер- жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп,өзара хабарласып,бір-бірімен бірігіп,көп ұзамай бүкіл халықтық ұлы күшке айналады. Осындай бірігулер кезінде  алғашқылардың бірі болып тізе қосқан Ұлы жүздің Саңырық батырымен Кіші жүздің  Тайлақ батыры болды.  Олар осыдан кейін жұп жазбай,ел еңсесін көтерген тұңғыш жеңісті  әкелген  Бұланты шайқасында, түпкілікті жеңіске бетбұрыс жасаған Аңырақай шайқасында да бір болады. Тарихшылар Бұланты шайқасында  шабуылдаушы әскердің  қолбасылары болған Саңырық пен Тайлақ батырларды  осы жолғы  жеңістің «жолашарлары» болды деп бағалайды.

      Саңырық батыр жасағы бұдан кейін де талай шайқасқа қатысқан. Оның  Талас бойын  жаудан тазартудағы,әсіресе, Ақкесене ,Көккесене  деп аталатын  екі мұнара  түбіндегі шайқастағы  ерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған. Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі:

                                 «Босқан елді құрап ап,

                                  Қол бастаған Саңырық.

                                  Алладан медет  сұрап ап,

                                  Жол бастаған Саңырық.

                                  Қарсы келген жауына,

                                  Қырғын салған Саңырық.

                                  Анталаған  қалмаққа.

                                  Сүргін салған Саңырық.

                                  Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырық.»

деп жалғаса беретін  өр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының  ерен құрметіндей,есте сақтар мәнгі  ескерткішіндей көрініп,тым асқақ естіледі/16/.        

      Абылай заманында батыр, сардар болғандар Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Есмамбет батыр, Матай-Шөңкей батыр, керей Жәнібек батыр, бөрі Ақпантай батыр, қанжығалы Бөгенбай батыр,бесентиін Малайсары батыр бұлардың бәрі де  қолбасшы жауынгер атанса да  қайраттысы Қабанбай болды. Ол кезде қоршауға қалса дереу  бекініс жасап, қолына не түссе сонымен жауды жасқап, бекінетін қорғанды «қамал» деп атаған. Қазақ мұндай қамалдың  талайын шаңына аспанға шығарып жүрсе де,бір қабат Шыңғыс тауындағы қалмақ қамалын қазақ сырттан қоршап ала алмай,ақыры Абылай хан кім қамалды алса хандығымды беремін деп жар салады.Сонда да қорғыннан өтіп ешкім кіре алмай тұрғанда осы Қабанбай мен  Есмәмбет батыр екеуі аз әскермен барып садақ, зеңбірек оқтары өз алдына, жаңбырдай жауған тастарға да қарамай,қамалға еніп кетіп,қалмақты қырып шыққан. Сонда  хан Қабанбайға тәжін кигізіп,Есмәмбетке  бір қымбат бағалы кестелі жарғақ тон жапқан,осы себепті Қабанбайды кейде «хан» деп те атаған. Оның «дара боз» деген атағы тағы бар,оған арабша «мубариз» атауы ұқсас келеді,мүмкін осыдан  алынған болуы,себебі жеке соғыс,жекпе-жекке шыққан жауынгер «мубариз» деп аталған. Ал Қабанбайдың өз аты Азбасар болғанымен,қабан сияқты бет алған жағынан  қайтпайтын қыңырлығынан осы атқа ие болыпты /17/.

          Тарихи жырларда батырлық жырларға тән баяндаулар дәстүрлі сюжеттер басым болып келеді.Өйткені қалмақтар мен жоңғарларға қарсы күресу халық бірлігі үшін жауға тойтарыс беру, ел мен жер бүтіндігін сақтап қалу тарихи жырлар мен батырлық жырлардың екеуі де ортақ тақырып болып табылады. Сондықтан да тарихи жырларды, әсіресе «Базар батыр», «Барақ батыр, Абылай» жырларында батырлық жырларға тән эпизоттың кездесуі заңды құбылыс.

      «Тарихи жыр- негізінде өмірде анық болған әлеуметтік, саяси оқиғалардан алынада»,- дейді. «Базар батыр» жырында жоғарыда айтылғандай,Алтай өңіріндегі қазақ қалмақ соғысы суреттеледі, яғни жыр оқиғасының тарихи деректерден алшақтығы жоқ.»Барақ батыр, Абылай» жырында да нақты тарихи оқиға суреттеледі.Қазақ батырларының Алтай өңірін басқыншылардан қорғаудағы жан кешті ерліктері зор шеберлікпен баяндалады.Жырдың мазмұны оқиға желісі, қаһармандар сипаты тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Жырлардағы сюжеттің тарихи фактілермен қаншалықты сәйкес келетініне көз жіберсек, онда мынадай шумақтарға кезігеміз:        

                    Хабарын естіп соғыстың

                    Қарт Бөгенбай келеді.

                    Жатпайын тез барайын

                   Айқасып жаумен қалайын.

                   Алла жолды оңғарса

                   Жауға ойран салайын

                   Батырдың қарты Бөгенбай

                   Тарбағатай тауына

                   Алты айда барып жетеді.

                   Қалмақтарды ықтатып

                   Қазаққа құдай болысты. /18/

   Жырда Қазақстанның Шығыс өңірін жаудан азат ету ісіне Бөгенбай батырдың қатысқаны тарихи шындықтан алыстап кетпеген.Дегенмен, жырдағы Бөгенбай батырдың  серігі Тарбағатай жеріндегі шайқасқа алты ай жүріп келсе де, дер кезінде жетіп келгендей болып, суреттеледі.Келуін келгенімен батырдың шаршаған әскері жеңіліске ұшырап,кері шегінуге мәжбүр болуы, дәл сол кезде оларға Қабанбай, Барақ батырдың көмекке келуі, құтқарып қалуы сияқты оқиғаларға субьективтік көзқарас тұрғысынан қараған жөн. Яғни Мұхтар Әуезов пайымдағандай: «тарихи жырларда эпостық баяндауға тән обьективтік сарынның орнын оқиғалардың тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субьективтік баға басады.» /19/.

     Сол сияқты жыр оқиғасы:

                           Қабанбай қарсы келеді

                          Жынды болған бурадай

                          Батырын қалмақ көреді

                          Қабанбайға кезекті

                          Қан батыр сонда береді

                          Қабекең қоңқа жұмсады.

                          Көлденеңнен құлады.

                          Құмырсқадай су беті.

                          Қалмақтар қырғын табады.

                          Қалмақты қазақ жеңген жер

                          Қара шашақ найзасын

                         Қайратын қашан көрем деп

                         Тірлігімде пайдасын

                         Келістіріп кеудеден.

                         Кебекең найза ұрады.

                         Көзін жұмып қонтажы

                         Жазасын жаудың берген жер

                         Қан төгіліп сол өзен

                         Қанды су болып қалады…/20/

 деп жеңіспен аяқталады. Дәл осы оқиғаны тарихи тұрғыдан растай түссек, «Қаракерей қабанбай әскері Тарбағатай тауы мен Қанды су өзені бойында жоңғар әскерін талқандап, Шілікасуы мен Зайсан көліне дейін жоңғарлардың ізіне түсіп, Шитөбе, Талдыаралды азат етіп, соңғы қанды шайқастарын қазіргі үлкен Қаратал, Көк қошқар, Кендірлік,Аққол деген жерлерде жеңіспен аяқталады.Сөйтіп, Зайсан жерінде қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтады » деген дерек бар /21/.

        Кейбір шежіре әңгімелерде «Абылай  ханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан  батырлар Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы Барақ, шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары…» секілді даңқты есімдер тізбегі қайталанып берілсе, тағы бірде жеке ерлердің хас қаһармандығы мадақталады. Уақ Баян батыр туралы:

                          Ақыл тұрмас қашқанда,

                          Дегбір тұрмас сасқанда.

                          Баяндай ерді көрмессің

                          Бұрылып жауды шанышқанда.

                          Үйде батыр көп еді,

                          Жау жолында Баянбай

                          Көзге түсетұғын жоқ еді,-

делінген. Осы қысқа өлеңде Баянның жарқын мінездемесі берілген./22/.

         Қазақ батырларының әрқайсысына арнап сөз тастап,олардың әрбіреуінің өзіндік ерлік кескін келбеттерін,қақарлы айбарларын мадақтап, ел –жұрттың атынан оларға аманаттар жүктейді.

                       Бас-басыңа батырлар

                      Арнап міндет артамын.

                      Ата-аналық ақым бар,

                     Алдарыңа оны тартамын-

деп өзінің ел атынан сөйлеп, ата-ана парызы ретінде тапсырмалар беріп тұрғанын атап көрсетеді.

     Бұхар Малайсарыға арнап:

                      Малайсары батырым,

                      Күшіңе сай ақылым

                      Елдің кегін жақтайтын

                     Жаттан өлді жақының,

                     Жауды жайрат аянбай

                     Еркөкше мен Баяндай

                     Қиын-қыстау жерлерде

                     Бұзушы едің қамалдай

      Жырау бейқам жатпай, соғыс қамын жасап,жатпай тұрмай қаруланып,бас қосып,күш біріктіріп даяр тұруларын талап етеді.

                    Тәуекелге бел байла

                    Хабар тарат маңайға

                    Елдің болат ерлері

                    Ердің алып күштері

                    Ердің құнын алуға

                    Елдің жегін жақтауға

                    Қару сайлап, даярлап,

                    Қанды соғыс оңайма?

                    Қамданыңдар тұрмаңдар

                    Есте мәңгі қалуға!!! /23/

 Осы толғауда Бұхар жырау жыраудың жоңғарға қармы соғыс кезінде үнсіз жатып алмай,  халықпен бірге жауға қарсы тұрып, өзінің жалынды сөздерімен рухтандырғаны айқын көрінді. Бұл тарихи шындыққа сай, Жыраудың жан-дүниесін жарып шыққан толыққанды толғау.    

        Ақтөбе өңіріндегі ел есінде сақталған батырлардың бірі Өмірұлы Байдалы.Ол жоңғар-қазақ  соғысының қаһарманы.Кіші жүзге аты мәшһүр болған «Алшынның ақсақ барысы» атанған данықты батыр, би, қоғам қайраткері.Байдалы өмір ұлы туралы ел жадында ескі әңгіме,өлең жырлар көптеп ұшырысады. Соның бірінде батыр бейнесі былайша суреттелінеді.

                        Үшінші мына өмірді

                        Өмірден туған Байдалы

                       Айыбы асқақ демесең

                       Әруағы бұлтпен таласқан

                       Батыр екен айлалы

                       Байтақ жатқан қалмақты

                       Қылышының астында

                       Қонысынан аударып,

                      Аштарханан асырып

                      Иіріп қойдай айдады. /24/.

   Жырда батырдың қалмақпен бір қақтығысы да берілген.

                    Бұрынғы өткен заманда

                    Кәпір қалмақ қау екен

                    Қазақтан алып жесірді

                    Салған екен кесірді

                    Келе жатқан бұрыннан

                    Қазақ пенен қалмақ жау екен.

                    Өмірдің ұлы Байдалы

                    Алшынның ақсақ батыры

                    Кенжалы мен Көрпе бай

                    Мыңжас батыр төртеуі

                   Аттанды қалмақ еліне

                   Алмасын іліп беліне

                   Қылышын алып қолына

                   Шабамын деп қалмақты

                   Саламын деп ауыр салмақты

                   Қалмақтың шапты қаласын

                   Шулатты қатын баласын

                   Қылдырмады пайдасын

                  Таптырмады айласын

                   Қысқа күнде қырық шауып,

                   Төсегіне қалмақтың

                   Тигізбеді жанбасын /25/.

Жырда Байдалының қалмақ батыры мен жекпе жегі де шебер суреттелген.

       Кіші жүз жасағының бас сардары болған Адай жары Назарұлы Шотан Әбілһайырдың қол астында қызмет еткен ол сол кездің өзінде –ақ ерлігімен белгілі бола бастайды.1728 жылы Бұландыдағы,1730 жылы Аңырақай шайқасындағы, 1739-1740 жылдары Сары арқадағы соғыстарда да, 1747 жылы Сыр бойындағы, 1752-1754 жылдардағы жоңғарды жеңіліске ұшыратқан соғыстардың бәрінде 1755 жылғы жоңғарлардан қазақ жерін түгелдей қайтарып алған соғыстарда асқан ерлік көрсеткен қазақ батырларының тізімінің ішінен Шотанның Қатысқанын көреміз.Шотан Әбілқайыр қолының ішіндегі он екі ата Байұлы жасағын басқарып, соңынан Кішіжүз жасағының бас сардары деген атақты игеленген батыр тұлға.//////////

          Жоңғарлар  қазақтарды  түпкілікті  жеңу мақсатымен 1739-41 жылдарда Орта жүз қоныстарына қарсы жойқын жорық ұйымдастырған.Жаулау қазақтың қарсыласу күшінің  неғұрлым тегеурінді, қалың жері  Орта жүз екенін  есепке ала отырып,сол қамалды бұзу көздеген.Бірақ ойраттар бұл жолы ойлаған  мақсатына толық жете алмай, кейін серпілуге  мәжбүр болған. Орыс шежірешілері  дәл осы кезеңде, дәлірек айтқанда 1741 жылы жаулардан ығысып, қонысын  тастап,бой тасалған қазақ ауылын  жоңғарлардың  қалайда қуып жетіп, жоймақ болғанын, осы кезде бір қазақтың  өз басын ажалға тігіп, қалмақтарды «жол көрсетемін» деп, адастырғанын, жауларын  көп шығысыға  душар еткенін  жазып қалдырыпты. Өкінішке орай жоңғарларды алдап,жасырынған ауыл адамдарын аман алып қалған ,саналы түрде өзін өлімге қиған ердің аты-жөні сақталынбаған. /27/

     Малайсары мен Жасыбай батырлардың  даңқы да ерте  шығады.

Тортуыл  Сүйіндіктен шыққан бұл екі батыр Олжабаймен  ағайын,дос адамдар.Жасыбай жөнінде  Н.Я.Коншиннің жазбаларында,халық шежірелерінде,аңыз-әңгімелерінде,батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бңрге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан  жауырыншылығымен,құралайды көзге атқан  мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан  тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. Ол жауға бірнеше дүркңн соққы берген әйгілі батыр.Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға  жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді  тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған  Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының  желке тұсындағы  ашық жерінен  қалмақтың оғы тиіп, содан өледі.Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай  ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған  таудың шатқалына  Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шауып, жалбарынған дауыстарынан  тау іші күңіренеді. Сонда Олжпбай батыр: «Сендердің  бәріңді қосқанда,өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне  «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл  жолы қырылғаны сонша,өліктері жолдың ұзына бойына  шашылып қалады». Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы:

                         Келген жолмен шұбырып,

                         Есепсіз жолда қырылып.

                         Баян тауын жанапты.

                         Қайқайып садақ тартқанда,

                         Қалмақтың тиіп сұм оғы,

                         Жасыбай қалды жығылып»

Деген жолдар да,соғыс болған жердің бұл  күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да ділелдей түседі. /28./   

       Бұлар қалмаққа қарсы күресте ерекше ерлік көрсеткен бартылар. Малайсары әрі би, әрі батыр санылды. Жасыбай жау мергенінің жасырынып тұрып атқан оғынан Шойынды көлде қапыда қаза табады. Оның өлімі соншалық азалы, қайғылы болған. Бұл қазаға Бұхар жоқтау шығарып жыр еткен. Шойынды көлді Жасыбай көлі деп  атауды ұйғарып, батырдың атын мәңгі есте сақтау әрекетін жасаған. Жаяу Мұса Бұқар жыраудың Жасыбай батырдың ерліктерін толғаған жырларына тоқтала келіп, оның ұзақ жырын қалдырған.Ол шамамен 160 жол. Батыр қазасы туралы жырлау:

                          Кешегі өткен Жасыбай,

                          Көкше шақпақ тасындай

                          Суы қатты сом болат

                          Өмірі өтті жасымай.
                          Дем таусылып,дәм бітсе.

                          Аялына қарай ма?

                          Әзелде жазу осылай .

                         Тында мені Абылай,

                         Тақта отырып арымай.

                         Болат істің қамын қыл.

                        Жадырап шілде жазындай.

       Бұхар Жасыбай туралы толғауы- қазақ халқының бастан кешкен ерлік істері, ата-мекеніне деген сүйіспеншілігін, хас  батырдың қаһармандығын паш етеді.Жасыбай батыр   қазасы басында жырланған бұл толғаулардан  жыраудың отаншылдық  жалынды үндері естіледі.Батыр қазақ халқына ауыр тигенін  айта келіп, жырау ел-жұртын жаудан кек алуға шақырады. Көпті көрген жырау ер азаматтарды ер қаруы бес қаруды асынып, жорыққа аттануға, жан аямай жауға бөріше тисуге рухтандырды.

                        Тыңда мені ерлерім,

                        Жау ала алмас белдерім,

                         Ердің қанын қанмен жу

                        Сендер едің сенгенім

                        Жолдарың болар жорықта

                        Тию болар зорлықта

                        Өзі тиген өкінбес

                        Күш жұмсасаң қорлыққа… /29/

      Бұқар баба айтқандай:

                       Қаракерей Қабанбай,

                       Қанжығалы Бөгенбай,

                       Қаз дауысты Қазыбек,

                       Шақшақұлы Жәнібек

                      Орманнан көп Орта жүз,

      Содан шыққан төрт тіректің бірі Жәнібек еді /30/. 16-17 жасынан елін, жерін қорғауға аттанған  батыр көз жұмғанша еруіл аттан түспеді. «Қазақ халқының қаһармандары » деген жинақта Ұлы жүздегі нағашы атасы  Бектасқа сәлем беріп,Абыз атаның ақ батасын сұрайды. «Қарағым,өзгеге берген батамды өзіңнен неге аяйын.Ер азамат қылып өсіріп,ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме» дейді.Бұған риза болмаған Жәнібек: «Он сегізге келгенше,жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз  бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда,от басын айналдырған   көбнлектей көргенінің бе?» наразылық білдіреді.Сонда Абыз ата: «Қой,рұқсат бермесе,құса болып өліп кетер» деп ойлап, «Қол басқарсаң,жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің жүйелі болсын!»  деп батасын береді /31/. Жәнібек «Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге аттанып бара жатқан  Қаракерей Қабанбай,қанжығалы Бөгенбай,сүйіндік Олжабай, найман Барақ батырлардың қолына Жәнібек жорық үстіне қосылады. Майдан даласының қатал дәстүрі бойынша қазақ-қалмақ қолдары бетпе-бет келіп,ортаға екі жақтан жекпе-жекке  батырлар шығады.Қалмақ батыры дес бермей,төртінші болып сайысқа шыққан  Жәнібек ересен ерлік көрсетеді. Қалмақ батырының құлаштай ұрған айбалтасын денесіне дарытпай, жұлып алып, «олай шаппайды,былай шабады» деп ол алмасын жай түскендей жарқ еткізеді. Жоңғар ат жалын құша құлайды. Ашу-ыза қысып,өзіне жабыла кеткен қалмақтарға жас батыр қарсы шығады. Майданға Қабанбай, Бөгенбай араласады. 17-18 жасар Жәнібектің  алғашқы шайқасы тарихта осылай қалады. /32/. Сонау Тәуке хан  заманынан бастап болған жорықтардың бәріне дерлік қатысқан Жәнібек қазақ руыны көтерген жекпе-жекке шығар батыр, қалмақтардың атақты баскесері Жайсан батырынан хонтайшысына дейін аттан түсірді. Ол жол бастаған жолы киелі болды, ел бастаған сөзі киелі болды. Батырлықты нояндыққа,ерлікті абыздыққа жалғастырған Жәнібек ормандай  Орта жүздің ту ұстар көсемдерінің  біріне,бірі болмаса бірегейіне осылай айналды.

      Құтымбетұлы Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып,жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді  жекпе-жекте өлтіріп батыр атанады. Батырдың елігіне риза болған ел:

                              Наурызбайдың екпіне таудан асқан тасқындай.

                             Қалмақты қойдай қырады,оттан судан тартынбай.

                            Түйе тұрпатты тұтқыр ер.онды-солды ұрады.

деп,оның атын жырға қосып.мақтан тұтады.

      Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе,жоңғарларды жеңетінін,жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын  анық көрсетіп береді.  Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс-тұсқа жаушы жіберіп,жаңа күш топтайды. Осыған ұлы жүзден Өтеген,Райымбек,Наурызбай секілді батырларды шақырды.Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары,Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қыймылдап,қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды. /33/

       Тәуке ханның бас батырларының бірі болған  Наймантай  баласы Байғозыны  жауынгерліке өзі баулап,әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан.Халық жырларында:

                               «Қолыңды қамшысы бар айбалтадай,

                                Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»

                               «Тарақты да Байғозы,

                                Бұ да асқан ер еді.

                                Ел шетіне жау кесе

                                Мен барайын дер еді»-

деп айтылады. /34/     

       Бұхардың біз сөз етіп отырған толғауы жыраудың ел азаттығы үшін аянбай еңбек етіп,елбасына ауыр күн туған шақта жарғақ құлағы жастыққа тимей, туған жерді жоңғар –қалмақтарынан азат етуге сіңірген еңбектерінен толық мағлұмат береді.Ол:

                       Ордалы байтақ елім бар,

                       Бал өзені тулаған

                       Мал кіндігі жерім бар

                       Соны қорғап бағыңдар

                       Жауға қарсы барыңдар!

                        Кеткен жерді қайырып,

                       Ежен ханнан алыңдар…

                       Дағыра дабыл ұрыңдар,

                       Қамданыңдар, тұрыңдар…

                       Бет күйдірген айбатпен,

                       Тас үгіткен қайратпен

                        Жау әскерін қырыңдар!!!-

деп жалынды ұран тастайды. Қалмақ пен қазақ арасындағы қайшылықтардың пайда болу себептерін, оған кінәлі қалмақ бектері ғана екенін ашық айтады. Қазақ жоңғарлар екі ел арасындағы татулығын бұзды.Ежен ханның көзіне қан толып,сөзден тайды,бұрынғы келісімдерді бұзып, шабуыл жасады-

дейді жырау.

                         Қойдан қоңыр ел едік

                        Сиыласқанға кең едік

                        Ел менен жерім аманда

                        Таусылмас қазына кең едік

                        Қазақ, қалмақ туыстасқан,

                        Кірме емес, тең едік

                        Көрші ел боп туыстас,

                        Жауласпаспыз деп едік.

                        Ол сөзінде қалмақ тұрмады

                       Үнемі зорлық қылғаны

                       Үнемі қорлық қылғаны…

                        Кінә жоқ бізде жазық жоқ,

                        Зорлықта тұрақ, қазық жоқ.

                       Өкпелемес Ежен хан,

                       Өзі көрер өзінен,

                       Айныған байлау сөзінен,

                       Уағыдағы ұрғанын.

 

       « Қалың ел жау шапса қорғаны болар ұл іздейді,ел мен ел туыс болса  қыз іздейді» деген халық мақалы қазақ ұлтының  жау шапқанда қорған болар батыр ұлдары көп болғандығын дәлелдейді.

XVІІІ ғасырда  қазақ елі үшін зар заман орнап жоңғар шапқыншылығы  бүйрек қысқан заманда елін, жерін, отанын қорғаған батырлар ерлігі хақында жыраулар  жырының үні тәуелсіз қазақ елінің  тарихының жаңа беттерін ашуға, ұрпақ келешегінің өткеніне мақтана алатын ой қалыптасуына үлес қосқан. Батырлардың ел үшін жанын беріп, халқын қорғауы тарихи жазба деректердің жаңаша қырынан  тануға, салыстырмалы талдау жасауға жыраулар жыры арқау болмақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                         Сілтемелер тізімі:

                                 Кіріспе.

1.Н.Назарбаев «Тарих толқынында». А., 2005. 29-б.

2.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет. А., 2001,3-б.

3.Тарихи жырлар жайындағы библиографиялық көрсеткіш. 3-кітап.Қазақ тарихи жырларының мәселелері. А., 1979. 311-б.

4.М.Мағауин. Қазақ тарихының әліпессі. А.,1995, 100-101-б.

5.Б.Омарұлы Зар-заман әдебиеті. Астана, 2005, 3-б.

 

                                     І-тарау.

 1.Қазақстан тарихы.3-том.А., 2002,121-б.

2.Бұл да сонда. 131-б.

3.М.Қозыбаев.Жауды шаптым ту байлап.А., 1994,59-б.

4.М.Әуезов. Әдебиет тарихы. А., 1991, 146-б.

5.Сәбит Мұханов.Халық мұрасы.А., 1974, 183-б.

6.Қазақ даласының ойшылдары.(XVІІІ –XІX) А., 2004,297-б.

7.Қ.Жұмалиев. XVІІІ –XІXғ. Қазақ әдебиеті.А., 2001.48-б.

8.Бес ғасыр жырлайды. І-том.А., 1984,105-б.

9.Б.Исабек. Бұқар жырау ғибраттары.// Қазақ тарихы.2004. №2. 27-б.

10.Мусин. Қазақстан тарихы………………….

11.М.Мағауин.Қобыз сарыны.А., 2006, 98-б.

12.С.Мұқанов Көрсетілген еңбек.203-б.

  1. Ж.Омари. Бұқар жырау Он екі тарих.Қарағанды.1994, 85-б.
  2. М.Тәтімов……………………………..
  3. Қуанғанов Ш.Т. Бұқар жырау және оның заманы. А., 2000, 16-б.
  4. Л.Н.Гумилев. Древная русь и Великая степь. А., 1989,682-б.
  5. Б.Исабек. Бұқар жырау ғибраттары.// Қазақ тарихы.2004.№2.29-б.

18.Рахманқұл Бердібай. Эпос-ел қасынасы. А., 1995. 238-б.

19.Қазақстан тарихы. 3-том.А., 2002, 139-б.

20.Бұл да сонда. 131-б.

  1. М.Мағауин. Қобыз сарыны. А., 2006,84-б.
  2. ҚСЭ, І-том. А., 197-б.
  3. М.Мағауин. Көрсетілген еңбек. 85-б.

24.Сабыр Қозыбайұлы. XV–XІXғ қазақ әдебиеті.Ақтөбе. 2004, 79-б.

25.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет.А.,2001, 112-б.

26.Қожаберген жырауҚұрастырған.С.Жұмабаев, Қ.Биғожин А., 2007,14-б.

27 Мусин. ……………………….

28.Қожаберген жырау. Көрсетілген еңбек. 7-б.

29.Қазақстан тарихы. 3-том.А.,2002,129-б.

30.Бұл да сонда.133-б.

 

                         ІІ-тарау.

1.Қазақ даласының ойшылдары. XVІІІ –XІXғ.ғ. 4-кітап. А., 2004,

2.В.Бартольд. История турецко-монголских  нородов. М.,1968,5-б.

3.М.Қозыбаев. Көрсетілген еңбек. 62-б.

4.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. А., 1995,251-б.

5.Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет.А., 2001, 124-б.

6.XVІІІ–XІXғ.ғ. қазақ ақындарының шығармалары. Құрастырған. Т.Дүйсенбаев. А., 1982, 7-б.

7.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 235-б.

8.Сабыр Қозыбайұлы  XV–XІXғ қазақ әдебиеті. Ақтөбе.2004,67-68-б.

9.Бұқар жырау Қалмақанұлы.Шығармалары. А.,1992, 39-б. 

10.Мұхамедрахым Жармұхамедов. Көненің көзі. А.,1996., 134-б.

 11.Шотан……………………………..

12.Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 237-б.

13.Бұл да  сонда.

14.Ж.Тілепов. Көрсетілген еңбек. 116-б.

  1. Қазақ әдебиетінің тарихы.3-том. Құрастырған.Ш.Қ.Сәтбаев.А.,2000,358-б.

16.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,137-б.

17.Құрбанғали Халид.Тауарих Хамса.А., 1992,105-б.

18.Рахымбаева Г. Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар. А., 2005, 11-б.

19.М.Әуезов. Көрсетілген еңбек. 25-б.

20.Рахымбаева Г. Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар. А., 2005, 11-б.

21.Аманжолов К. Тасболатов А. Қазақтың әскери тарихы.  А., 1999, 320-б.

  1. Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 255-б.
  2. Х.Сүйіншіәлиев. Қазақ әдебиеті. XVІІІ –XІXғ. 1981,16-б.

24.К.Есмағамбетов.Батырлар тарихы-рухани байлығымыз.// Қазақ тарихы.№4. 2007, 65-б.

25.Бұл да сонда.

  1. Шотан………………………..
  2. Р.Бердібай. Көрсетілген еңбек. 233-б.

28.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,145-б.

  1. Сабыр Қозыбайұлы XV–XІXғ қазақ әдебиеті. Ақтөбе.2004,68-б.
  2. М.Қозыбаев.Жауды шаптым ту байлап.А., 1994,80-б.

31.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,149-б.

32.Қазақ халқының қаһармандары.Павлодар. 1991,28-б.

33.М.Жолдасбекұлы.Қ.Салғарұлы.А.Сейдімбек. Ел тұтқа. Астана, 2001,162-б.

34.Бұл да сонда.156-б.