ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ ТIЛ БІЛІМI КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Қазiргi қазақ тiлiндегi бір құрамды сөйлемдер
ЖОСПАР
Кiрiспе…………………………………………………………………………………………..
І бөлiм. Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдер………………………………
1.1.Бір құрамды және екі құрамды сөйлемдер……………………………..
1.2.Бір құрамды сөйлемдердің зерттелуі……………………………………..
1.3.Бір құрамды сөйлемдерді жіктеу (классификациялау)……………
ІІ бөлім. Бір құрамды сөйлемнің түрлері…………………………………………
2.1. Атаулы сөйлемдер………………………………………………………………..
2.2. Жақты, жақсыз сөйлемдер…………………………………………………….
2.3. Жақсыз сөйлемнің түрлері…………………………………………………….
2.4. Белгісіз жақты сөйлемдер……………………………………………………..
2.5. Жалпылама жақты сөйлемдер……………………………………………….
2.6. Ауыспалы жақты сөйлемдер…………………………………………………
Қорытынды……………………………………………………………………………………
Пайдаланылған әдебиеттер ………………………………………………………….
КIРIСПЕ
Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму тарихында оның негізін салушылар А.Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Жиенбаев, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев есімдері ерекше аталатыны сөзсіз. Аталған ғалымдар жалпы қазақ тіл ғылымының дамуына зор үлес қосты дейтін болсақ, соның ішінде синтаксис саласына қалдырған мұралары күні бүгінге дейін маңызын жоймағандығын атап өтуіміз керек. Синтаксистің аса күрделі де күрмеуі мол салаларын зерттеп, зерделеу, оның тілдік табиғатын таныту мен құрылымдық-семантикалық белгілерін айқындау ісінде белгілі ғалымдар Н.Сауранбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Қ. Есенов, Р. Әмір еңбектерінің мәні зор. Кейiнгi жылдары жарық көрiп жатқан оқулықтар мен зерттеу жұмыстары аталған ғылым саласының әлi де зерттей түсудi қажет ететiн тұстары бар екендiгiн көрсетiп отыр.
Тілді грамматикалық тұрғыдан қарайтындар да, логикалық аспектіде қарайтындар да сөйлемнің қандай түрі болмасын предикативтік қасиетке ие және ол бұның ең басты белгісі болып саналады деп есептейді.
Осыған байланысты да көп уақытқа дейін сөйлем атаулының барлығы дерлік тек екі басты мүшелі болуға тиіс деген идея үстем болып келді.
Алайда сөйлемді үздіксіз әрі жан-жақты зерттеу нәтижесі құрылымдық ыңғайда оның белгілі бір стандартқа сыймайтынын, сөйлем сан қырлы сыры бар құбылыс екенін көрсетті. Сөйлемнің сондай ерекшелігінің бірі — олардың бір бас мүшелі болып та келуі. Осыған байланысты тіл ғылымында “ бір бас мүшелі” (бір құрамды) сөйлемдер идеясы қалыптасты. Сөйлем синтаксисін зерттеушілердің қайсысы болмасын бір құрамды сөйлемдердің де предикативтік құрылымға негізделетінін жоққа шығармайды. Қазақ тіл білімінде бұл мәселені арнайы зерттеген – ғалым Ж. Сәдуақасов. Аталған проблемаға қатысты негізгі мәселелер айқындалды десек те, әлі де айқындауды қажет ететін тұстары бар.
Диплом жұмысының өзектiлiгi
Ойды жарыққа шығарудың құралы ретінде қолданылатын жай сөйлемдердің құрамдық, мағыналық сипаты әр алуан. Осыған орай, сөйлемдердi таптастыруда бiр iздiлiк жоқ. Бір құрамды сөйлемдерге қандай сөйлемдер жататындығы жөніндегі көзқарастар да сан алуан. Аталған мәселенiң оқулықтар мен зерттеулерде әр түрлi қаралуы, бiр iздi пiкiрдiң болмауы, мектеп оқулықтарында жүйелі түрде берілмеуі оның өзектiлiгiн танытса керек.
Диплом жұмысының мақсаты мен мiндеттері
Зерттеудiң мақсаты – сөйлем синтаксисiнiң негізгі нысандарының бірі болып саналатын бір құрамды сөйлемдердің граматикалық табиғатын таныту.
Осыған орай, төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:
– бір құрамды сөйлемдер туралы жалпы және қазақ тіл біліміндегі пікірлерді жинақтап-саралау;
- бір құрамды сөйлемдерді топтастыру;
- бір құрамды сөйлем түрлерiнiң ерекшелiктерiн ашу;
- олардың тұлғалық-құрылымдық сипатын анықтау;
- тiлдiк фактiлермен (мәнбірлермен) нақтылау.
І БӨЛIМ. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БІР ҚҰРАМДЫ СӨЙЛЕМДЕР
1.1. Бір құрамды және екі құрамды сөйлемдер
Сөйлем синтаксисіне қатысты еңбектердің барлығы оның бірнеше түрін көрсетеді. Сөйлемді бас мүшенің қатысына қарай топтастыру кейінірек пайда болды. Орыс тіл білімінде “бір бас мүшелі сөйлемдер” ұғымын алғаш қолданған адам А.А.Шахматов болды. Ол осы тіл біліміндегі “психологиялық коммуникация” ілімін дүниеге әкеліп, тіл ғылымының кейінгі дамуына елеулі үлес қосты. Ғалым кез келген сөйлемді адамға тән психологиялық процестің көрінісі ретінде қарайды да, олар психологиялық субьекті мен психологиялық предикаттың қатынасы арқылы жасалады деп есептейді. Ол сөйлемдер бір бас мүшелі де, екі бас мүшелі де, атаулы да болатынын ескерте отырып, “олардың бәрі де осы екі мүшенің қатынасына негізделеді”, -дейді. Ғалым бір бас мүшелі сөйлемдердің түрлерін “бастауышты” (подлежащное), “бастауышсыз” (безподлежащное), “жақсыз” (безличные), “вокативті” (вокативное) деген терминдермен атап көрсете отырып, бір құрамды сөйлемдердің мәнін грамматикалық тұрғыдан қарағанда “субьекті мен предикат мәнінің сөйлемнің бар мүшесі арқылы көрінуі”, -деп түсіндіреді [1].
Сонымен, А.А.Шахматов тұжырымдамасы бойынша, кез келген бір бас мүшесі бар сөйлем (яғни, субьектісі мен предикатының мәні бір бас мүшеге жинақталған сөйлем) бір құрамды болып есептеледі.
А.А . Шахматовтың “психологиялық коммуникациясы” ілімі кезінде ғылыми тұрғыдан қатаң сыналғанымен, оның сөйлемді “қос құрамды” және “бір құрамды” деп бөлу жөніндегі идеясын синтаксистердің көпшілігі қолдады. Олардың пікірі бойынша, бастауышы мен баяндауышы лексикалық жолмен берілген сөйлемдер “қос құрамды сөйлемдер” болады да, ал контекст, ситуация ыңғайына қарамастан, бір ғана бас мүше (баяндауыш-предикат) арқылы құрмалас сөйлемдер “бір құрамды сөйлем” болып есептеледі. Ал екінші тұжырымдаманы жақтаушылардың пікірінше, (Г.А. Золотова) белгілі жақты, жақсыз сөйлемдерді қос құрамды сөйлемдер қатарына жатқызады. Субьектінің лексикалық ыңғайда берілмеуі бұл сөйлемді бір құрамды сөйлемдер қатарына жатқызуға негіз бола алмайды. Себебі – ол, субьектінің сөйлеуші арқылы берілуінің бір жолы ғана немесе сөйлемнің контекстік толымсыздығының көрнісі болып табылады. Сөйлемнің құрылымдық ядросына субьекті мен предикатты білдіретін арнаулы құралдар болуы тиіс. Яғни, баяндауышта субьектіні білдіретін, оны танытатын, іздеп табуға мүмкіндік беретін морфологиялық тұлғалар болады. Мұндайда сөйлем қос құрамды болып есептеледі. Бұл көзқарас бойынша, бір құрамды сөйлемге тек етістік баяндауышы “жақсыз етістіктен” болатын жақсыз сөйлем жатады. Түркі тіл білімінде де сөйлемнің бір құрамдылығы жөніндегі ойлар осы екі бағытта дамыды.
Кез келген сөйлем семантикалық компоненттер (мағыналық жағынан) мен синтаксистік компоненттерден (құрылымдық жағынан) тұрады. Синтаксистің обьектісі болып табылатын семантикалық компонент морфологияның обьектісі болып есептелетін жалғаулар арқылы да (жіктік, тәуелдік, кейбір септік жалғауы ) беріле береді. Сөйлем компонентері әр түрлі синтаксистік қызметтер атқара отырып, синтаксистік категория болып есептелетіндіктен, оны морфологиялық тұрғалармен бір деп қарауға болмайды.
Есімдік бастауышы бар және бастауышы жоқ жақты сөйлемдердің құрылымдық айырмашылықтарын дұрыс ескерген ғалымдар белгілі, белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдерді бір құрамды сөйлемдер деп есептейді. Сөйлемнің семантикалық құрлымы мен құрылымындағы өзгешеліктер тек жай сөйлемде ғана емес, құрмалас сөйлемде де байқалады.
Осы айтылғандарды негізге алсақ, түркі тілдерінде бір құрамды сөйлемдер жоқ деген үзілді-кесілді қортынды жасау дұрыс емес.
Сөйтіп, біздіңше, ядролық мүшесі (баяндау бөлігі) етістіктің жақтық формасы арқылы берілген, ал бастауышы лексикалық тәсілмен берілмеген жай сөйлемнің ( толымсыз сөйлемнен басқа) барлық түрін бір құрамды деп қарау қажет.
Мазмұндық компоненттердің морфологиялық тәсілдермен тек бір құрамды сөйлемде ғана және тек жіктік немесе тәуелдік жалғаулармен ғана беріліп қоймайды. Мұндай құбылыстар қос құрамды сөйлемде де және предикат мүшенің септік жалғауларының кейбірімен түрленіп келуі арқылы да беріледі. Мысалы: Балам, мынау саған, ал мынау апаңа. Адам күні- адаммен. Баланы жастан т.б.
Етістікті бір құрамды сөйлемнің бас мүшесін “баяндауыш”, есімді бір құрамды сөйлемнің бас мүшесін “бастауыш” терминімен атайтын ғалымдар оларды қос құрамды сөйлемнің бас мүшелерімен сәйкес бас мүшелерімен сәйкес келеді деп есептейді. Мысалы, М.Расулов “… бір құрамды сөйлемнің құрылымдықлық негізін бастауыш немесе баяндауыш құрайды”, — десе, ал У.Алиев “Бір құрамды сөйлем деп грамматикалық жағынан бір бас мүшенің –бастауыштың немесе баяндауыштың айналасына топтасатын сөйлемді айтамыз”, — дейді. “Башқұрт тілінің грамматикасында” да бір құрамды сөйлемнің бас мүшесін атауда “бастауыш” және “баяндауыш” терминдері қолданылған [2].
Бір құрамды сөйлемнің бас мүшесі жөніндегі екінші көзқарас В.Виноградовтың «бір құрамды сөйлем бас мүшелерінен таза мүшелерінен таза бастауыштық» немесе «таза баяндауыштық» қасиеттерді, болмаса солардың эквивалентін іздеу дұрыс болмайтыны жөніндегі пікірімен байланысты туындайды [3]. Мысалы А. Чувакин бір құрамды сөйлемнің бас мүшесі қос құрамды сөйлемнің бас мүшесімен сәйкес емес екенін айта отырып, қос құрамды сөйлемнің бастауышы сөйлемнің предикатты — анықтауыштық компоненті болса, баяндауышы предикатты — анықталушы компонент ретінде бірі екіншісінің болуын қажет ететіндігін, ал бір құрамды сөйлемде бұл екі мүше бір тұтастыққа жымдасып келу арқылы бір бас мүше жасайтындығын айтады. Бір құрамды сөйлемдер бас мүшесін осындай тұрғыда деп түсінетін ғалымдар көбінесе жай ғана «бас мүше» терминін пайдаланады. Мысалы, М. Закиев: «Тек бір ғана бас мүшесі бар сөйлемдерді бір құрамды сөйлем» дейді [4].
Дәстүрлі грамматикада екі құрамды сөйлемдердің бастауышы — тәуелсіз, баяндауышы — тәуелді мүше ретінде қаралады. Ал бір құрамды сөйлемдердің бас мүшесі басқа ешбір мүшеге тәуелді емес, сөйлемді ұйымдастыруға негіз болатын жалғыз ғана бас мүше болып табылады.
Бұл ерекшелік — бір құрамды сөйлем бас мүшесін қос құрамды сөйлем баяндауышымен тең дәрежеде қарауға болмайды деген ойға жетелейді.
И. Ахматов: «Түркі тіліндегі бір құрамды етістікті сөйлемнің бас мүшесін предикатты — субъектілік мүше» деп, ал тәуелді тұлғалы есім формалары бас мүшені «субъектілік — атрибутивтік» септік жалғаулы бас мүшелерді «субъекті — предикатты — толықтауыштық т.б. деп атауға болар еді», — деген пікір айтады. Сондықтан, біз бір құрамды сөйлемді зерттеушілер көп қолданатын «бас мүше» терминін пайдаланамыз. Оған себеп: біріншіден, бір құрамды сөйлемде бір ғана мүше болады, екіншіден, біздің зерттеуіміз формадан мазмұнға қарай жүргізіледі, соған байланысты, сөйлемнің құрылымдықлық құрылымына баса назар аударылады [5].
Екі құрамды сөйлемдерге қарағанда бір құрамды сөйлемдерде субъективтік модальдік пен интонацияның қызметі басымырақ көрінеді. Оларды ажыратуда басты критерий — предикативтік белгі заңды құбылыс болып табылады.
Қорыта айтқанда, екі құрамды сөйлемдер мен бір құрамды сөйлемдердің айымашылықтарын белгілейтін басты критерий олардың грамматикалық құрылымы болып есептеледі.
Екі бас мүшесі де лексикалық сөздермен предикаттық қатынас ыңғайында берілген (толымсыз сөйлемде бар) сөйлемдер екі құрамды болып табылады, да предикаттық — жақтық қатынас бас мүше ретіндегі бір ғана лексикалық сөзбен берілген сөйлем бір құрамды болып табылады.
Бір құрамды сөйлемнің типтік түрлерін ажырату олардың семантикалық құрылымымен тығыз байланысты. Оны сол сөйлемнің аттарының өзі аңғартады (белгілі жақты, жалпылама жақты, белгісіз жақты, жақсыз, атау). «Бір құрамды жағы белгілі, жағы белгісіз, жағы жалпылама сөйлемдердің әрқайсысына арналған жеке форма жоқ», — дейді М.Х. Ахматов [5, 8 б.].
Бір құрамды сөйлем деп бір ғана бас мүшелі предикативтік құрылымда келіп, синтаксистік құрылымы жағынан екінші бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтін жай сөйлем түрін айтамыз.
Жай сөйлемнің бір құрамды, қос құрамды болып бөлінуі, бір құрамды сөйлемдердің жеке түрлерге топтастырылуы синтаксистік семантика мен грамматиканың бірлігі ыңғайында зерттелетіні туралы айтқан — В.В.Бабайцева.
1.2. Бір құрамды сөйлемдердің зерттелуі
Жалпы тіл білімінде бір құрамды сөйлемдер туралы ХІХ ғасырдың аяғында сөз бола бастағанымен, оның кейбір түрлері туралы (жақсыз сөйлем) одан да ертерек ауызға алынды.
Түркі тіл білімінде бір құрамынды сөйлемнің кейбір типтері туралы 40-жылдардан бері қарай ғана сөз бола бастады. Міне, осы жылдардан бері дәуірді түркологиядағы бір құрамды сөйлемдердің зерттелу дәуірі ретінде екі кезеңге бөліп қарауға болады:
1- кезеңде (40-60 жж) түркі тілдерін зерттеушілер еңбектерінде бір құрамды сөйлем туралы алғаш әңгіме болады және кейінірек кей түрлері арнайы зерттеу объектісіне айналады.
Осы тұстағы ғалымдар жақсыз сөйлемнің бұл тілдерде басқаша жасалу жолдары бар екенін аңғарды және олар бір құрамды сөйлемді тек жақсыз сөйлем деп түсінген. М.З. Закиев татар тіліндегі бір құрамды сөйлемдерді алдымен үш топқа:
етістікті,
есімді,
сөз-сөйлем деп бөлінеді де,
етістікті түрлеріне:
белгілі жақты,
белгісіз жақты,
жалпылама жақты және
жақсыз сөйлемдерді топтастырады.
Ал есімді түріне атаулы сөйлемді, сөз-сөйлемге мүшеленбейтін сөйлемді жатқызады [4, 17-79 бб.]. Осылай топтастыру бұдан кейін бір құрамды сөйлемдерді де қос құрамды сөйлемдер тәрізді есімді және етістікті деп бөліп қарауға негіз болды. Бұл идея осы кезге дейін басқа да түркі тіліндегі бір құрамды сөйлемдерді топтастыруда басшылыққа алынып келеді.
Тува тілін зерттеуші А.Ч. Кунаа бір құрамды сөйлемдерді:
жақты,
жақсыз,
атаулы қыстырмалар деп бөледі де,
жақты түріне жағы белгілі,
белгісіз,
жалпылама сөйлемді жатқызады [6, 7-11 бб.].
Бұл жерде екі ғалым бір құрамды сөйлемді екі түрлі аспектіде қараған. М.З. Закиев бір құрамды сөйлемнің бас мүшесі қай сөз табынан жасалуына қарай грамматикалық ыңғайда топтастырса, А.Ч. Кунса жаққа қатысы ыңғайында топтастырады.
70-жылдардан бері қарайғы кезең орыс тіл білімінде болсын, түркологияда болсын сөйлемді жаңа қырынан, әсіресе семантикалық құрылымы жағынан зерттеу кезеңі болды. Сөйлем формальді, семантикалық, коммуникативтік тұрғыдан зерттелді.
Осы кезеңде түркі тілін зерттеушілер де өз үлестерін қосып жатты. Бұған Э.В. Севортянның, Н.А. Басқақовтың, З.И. Будагованың, А.Юлдашевтің, Н. Дмитриевтің, М. Закиевтің, И. Ахматовтың т.б. ғалымдардың бір құрамды сөйлемдерге, оның жекелеген түрлерін зерттеуге арналған алуан түрлі ғылыми мақалалары, еңбектері айғақ.
Қазақ тіл білімінде бірлі-жарлы еңбектер ғана аталатыны болмаса «бір құрамды сөйлемдер» өзіндік жеке ерекшеліктерімен дәстүрлі қос құрамды сөйлемдерге қарсы-қарсы қойылып, арнайы зерттелеуі әлі де аз.
Бір құрамды сөйлемдердің типтік түрлері болып есептелетін сөйлемдерді зерттеу 30-жылдардан бері жүргізіліп келеді. Жақсыз сөйлемдермен бірге қазіргі орыс және басқа түркі тілдеріндегі зерттеулерде бір құрамды сөйлем түріне жатқызылатын «атаулы» сөйлем жай сөйлемнің ерекше құрылымдағы түрі ретінде қазақ тілінде алғаш С. Аманжолов пен С. Жиенбаевтардың еңбегінде сөз болады [7, 170-175, 8, 34-39].
1954 жылы қазақ тілі мамандарының көп жылғы зерттеу жұмыстарының қорытындысы іспетті алғашқы академия грамматика жарыққа шықты. Бұл еңбекте де жалпы жай сөйлемдердің құрылымдық түрлері ретінде жақты, жақсыз, толымды, толымсыз, атаулы сөйлемдер аталады [8, 498-503].
1950 жылы М. Балақаев жай сөйлем синтаксисінен докторлық диссертация қорғап, 1957 және 1959 жылдары сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксистеріне арналған ғылыми кітаптарын жарыққа шығарды. Соңғы еңбегінде «бастауышсыз» деп аталатын сөйлемдер қатарына бір бас мүшелі сөйлемдер деп танылып жүрген белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдерді қосады [9]. Бір құрамды сөйлемдердің бұрынғы аталған толымсыз, жақсыз, атаулы сөйлем түрлеріне өзіндік көзқараспен анықтама береді, жасалу жолдарын толықтырады. Осындай топтастыру Н. Сауранбаевтың «Қазақ тілі» /1954/ оқулығында берілген [10].
Ғ. Мадина жақсыз сөйлемдердің арнайы зерттеп кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ автор бұл сөйлем түрін бір құрамды деп есептемейді /11;48-50/ «Бір бас мүшелі сөйлем» /немесе «бір құрамды»/ термині қазақ тілі білімінде 60-жылдардан бастап көрініс береді. Бұл терминді алғаш рет К. Аханов «Тіл біліміне кіріспе» еңбегінде /1965/ қолданады. /12;73-78/. А. Әбілқаев қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдерді жақты, жақсыз, толымды, атаулы деп жіктеледі де, жақты сөйлем-арнаулы, ауыспалы және бастауыш белгісіз жақты сөйлем деп бөледі. /13;18-28/.
Ал О. Төлегенов жай сөйлемдерді мүшеленетін және мүшеленбейтін деп бөледі де мүшеленбейтін сөйлемдерді іштей бір бас мүшелі, екі бас мүшелі сөйлемдер деп жіктейді. Бір бас мүшелі сөйлемдерге белгісіз жақты /жақсыз/ және жалпылама жақты сөйлемдерді, ал мүшеленбейтін сөйлемдерге атаулы сөйлем мен арнаулы модальдық сөздер мен одағайлардан жасалған сөйлемдерді жатқызады. /14;49/.
М. Балақаев 1992 жылы өңделіп басылған «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында жай сөйлем түрлері: жақты, жақсыз; белгісіз және жалпылама жақты; толымды, толымсыз; атаулы сөйлемдер деп жіктеледі /15;238-247/.
Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдерді арнайы зерттеп жүрген Ж. Садуақасов жалпы тіл білімі мен түркологиядағы осы бағытта айтылған пікірлерге талдау жасай отырып, оған белгілі, белгісіз, жалпылама жақты және жақсыз, атаулы сөйлемдерді жатқызады /16;61-72/.
М. Балақаев пен Т. Сайрамбаевтың авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдер жақсыз сөйлемнен кейін беріледі /17;225/.
Р. Әмір мен Ж. Әмірованың «Жай сөйлем синтаксисі» оқулығында аталған сөйлем түрлеріне қатысты пікірлер беріледі /18/.
Бұдан байқағанымдай, қазақ тілінде бір құрамды сөйлемдерді жіктеуде біреді пікір қалыптаса қойған жоқ.
Мұны қазақ тіл білімінде қалыптасқан тұжырымдар нақтылайды:
1) Грамматикалық бастауышы жасырын тұрған сөйлемдер бірде құрамды, бірде қос құрамды сөйлемдер аясында қарастырылады.
2) Жақты сөйлемдер түрлерінің атаулары (терминдер) жақтыланбаған /белгілі арнаулы жақты сөйлемдер/;
3) Бір құрамды сөйлемдерді немесе грамматикалық бастауышы арнайы лексикалық сөзбен берілмеген сөйлемдерді топтастыруда әркелкілік байқалады.
Жоғардағы аталғандарды жинақтай келе, қазіргі қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің ең басты екі ерекшелігін бөліп көрсетуге болады: — бірінші, бір ғана бас мүшелі құрылымда келуі,- екіншіден, синтаксистік құрылымы жағынан сөйлемді екінші бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтіндігі.
Бір құрамды сөйлемдер іштей: жақты, жақсыз, атаулы сөйлемдер деп бөлінсе, бір құрамды жақты сөйлемнің өзін семантикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне орай:
белгілі жақты сөйлемдер;
белгісіз жақты сөйлемдер;
жалпылама жақты сөйлемдер және ауыспалы жақты сөйлемдер деп жіктейміз.
Қазақ тіл білімінде бірлі-жарлы еңбектерде ғана термин ретінде аталатыны болмаса, бір құрамды сөйлемдер өзіндік жеке ерекшелігімен дәстүрлі қос құрамды сөйлемдерге қарама-қайшы қойылып, арнайы зерттелген жоқ.
Қазіргі орыс және басқа түркі тіліндегі зерттеулерде бір құрамды сөйлем түріне жатқызылатын «атаулы» сөйлем жай сөйлемнің ерекше құрылымдағы түрі ретінде қазақ тілінде алғаш С. Аманжолов пен С. Жиенбаевтардың еңбектерінде сөз болады [1].
Міне, осыдан кейін-ақ бір құрамды сөйлемдердің жеке түрлері туралы ой-толғамдар, пікір-таластар баспа беттерінен жиі көріне бастады.
1958 жылы Н.Т. Сауранбаевтың педагогтік училище оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығы жарық көрді. Онда автор жай сөйлемді «тұрлаулы мүшенің айтылу-айтылмауына, бар жоғына қарай жақты-жақсыз, толымды, толымсыз, атаулы» деп үшке бөледі де, оларды бөлек алып қарайды [2]. 1954 жылы алғашқы академиялық грамматика жарыққа шықты онда жалпы жай сөйлемнің құрылымдық түрлері ретінде жақты, жақсыз, толымды, толымсыз, атаулы сөйлемдер аталады [3]. Осы жылдарда жай сөйлем синтаксисін зерттеуде елеулі табыстарға қол жетті.
«Бір құрамды сөйлем» термині қазақ тіл білімінде 60-жылдан бастап көрініс береді. Бұл терминді алғаш рет К. Аханов «Тіл біліміне кіріспе» еңбегінде (1965ж.) қолданады. Жай сөйлемнің екі түрлі құрылымдық үлгісі бар:
оның бірі — екі құрамды (бастауыш, баяндауыш) үлгі (двусоставные схемы),
екіншісі -бір құрамды үлгі (односоставные схемы).
«Екі құрамды сөйлем үлгісі екі бас мүшеден құралса, бір құрамды сөйлем үлгісі бір ғана бас мүшеден құралады»,- дейді ғалым [12].
Осы аталған еңбектердегі сөйлемді топтастырулар мен жіктеулерді саралай келіп, мынадай тұжырым жасауға болады:
1.Қазақ тілінде де басқа түркі тілдері тәрізді бір құрамды (бір бас мүшелі, бір тұрлаулы мүшелі) сөйлемдер бар екен анық.
- Бір құрамды сөйлемнің типтік түрлеріне жақсыз, белгісіз жақты және жалпылама жақты сөйлемдер енеді. Бір құрамды екені даусыз бұл жерде жақсыз сөйлем мен белгісіз жақты сөйлем.
- Атаулы сөйлем мүшеленбейтін сөйлемдер қатарына жатқызылады.
Жақсыз сөйлем біріншіден, сөйлемнің тек сыртқы формальдік ерекшелігін ғана негізге алады. Сөйлемнің мазмұндық жағы ескерілмейді.
Екіншіден, егер жақсыз сөйлем бір құрамды сөйлемнің негізгі бір типтік түрі ретінде басқа тілде әлдеқашан дәлелденген болса, біздегі жақсыз сөйлем анықтамасын тұтастай бір құрамды сөйлемнің жалпы анықтамасы етіп беруге болады.
Бұл қайшылықтардың бәрі, айналып келгенде, қазақ тілінде жай сөйлем синтаксисін зерттеу кезінде бір құрамды сөйлемнің типтік түрлерін айқындауға ғылыми түрде назар аудармаған көрсетеді. Жай сөйлем синтаксисі дегенде, бізде басты назар көбінесе сөз тіркесі мен сөйлем мүшесіне аударылады. Онда да негізінен қос құрамды сөйлемдер зерттеледі.
Қорыта келгенде, қазақ тіл білімінде жай сөйлем синтаксисін зерттеуде қол жеткен табыстар бар екені анық.
1.3. Бір құрамды сөйлемдерді жіктеу (классификациялау)
Қазақ тілінде сөйлемді жіктеудің үш негізгі принципі белгілі:
- сөйлеу мақсатында қарай
- құрылысына қарай
- құрамына қарай
Сөйлемді сөйлеу мақсатына қарай жіктеуде онық коммуникативтік қызметі басты назарда ұсталып, сөйлеу кезіндегі жалпы модальдік ерекшеліктері мен интонациялық белгілерінен туындайтын хабарлы, сураулы, лепті, бұйрықты деген түрлері ажыратылатады.
Сөйлемді құрылысына қарай жіктеуде оларды жақты, жақсыз, жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, атаулы деп бөлу барлық тілге, оның ішіде қазақ тілі тән. Орыс тілінде, түркі тілде болсын бір құрамды сөйлемнің өзі іштей бірнеше типтік түрлерге бөлінеді. Оларды былай былай топтастыруға болады:
1.Синтаксистік бас мүшелерінің қатысына қарай: бастауышсыз және баяндауышсыз;
- Бас мүшелердің логикалық ыңғайда берілуіне қарай: жақты және атаулы;
- Бас мүшелердің құрылымдық-семантикалық ыңғайына қарап жіктеу: предикатты-субъектілік, жанама жақты, жақсыз, номинативті сөйлемдер деп бөлінеді.
Етістікті бір құрамды сөйлемдерге, белгілі, белгісіз, жалпылама жақты, жақсыз сөйлемдер жатқызылады, ал есімді түріне белгілі жақты сөйлемнің жіктелген есім бас мүшелі түрі мен атаулы сөйлемдер жатқызылады. Көбінесе қайшылық туғызатын бір мәселе — контекст пен ситуация мәселесі. Сырттай қарағанда, бір құрамды сөйлемдер мен толымсыз сөйлемдердің белгілі бір дәрежеде ұқсастықтары бар. Бұл екеуін салыстыра қарау екеуіндегі бас мүшелердің болмау себептерінің де әр түрлі екенін көрсетеді. Толымсыз сөйлем бас мүшесі коммуникативтік-стильдік мақсатта «түсіріледі». Әрине, мұндай түсірілуі қалай болса солай емес, белгілі қажеттіліктен туған заңдылық бойынша жүзеге асады. Ал бір құрамды сөйлемде мүшелер «түсірілмейді», ол о бастан болмайды немесе түсіп қалу нәтижесінде қалыптасқынымен, енді сөйлем мазмұны ондай мүшенің ендіруді қажет етпейтіндей дәрежеде әбден тұрақталған болады.
Контекст пен ситуация бір құрамды сөйлемдер мен толымсыз сөйлемдердің ара жігін ажырату үшін емес, толымды сөйлем мен толымсыз сөйлемдерді үшін ғана белгілеу керек тәрізді.
Өткені, бір құрамды сөйлемде де қос құрамды сөйлем тәрізді толымды да, толымсыз да бола алады және олар конситуациямен тек осы жағынан ғана байланысты болады.
Жинақтай айтқанда, сөйлемнің толымсыздығы мен бір құрамдылығы мәселесі сөз қылғанда, олардың өзара ұқсастықтары тек сырттқы көрініс екенін, шындығын олардың бірі (толымсыздық) барлық сөйлем түрлерін ортақ сипаттық мәні бар түрі де, бір құрамды сөйлем қос құрамды сөйлемге қарама-қарсы қойылып қаралатын сөйлемнің типтік түрі болып табылады.
Нақтырақ айтсақ, алғашқысы жай сөйлемнің құрылымдық-семантикалық кез келген компонентінің түсіріліп айтылуына байланысты пайда болатын толымды сөйлемдердің стильді варианты болады да, ал бір құрамды сөйлем тарихы жағынан бір құрамды болып қалыптасқан, басқа ешбір сөйлемнің варианты бола алмайтын сөйлем түрі болады. Бұл екі сөйлем түрінің ұқсастықтарына осы соңғысының тарихы қалыптасуының да әсері болу мүмкін. Өйткені, бір құрамды сөйлемдер қос құрамды сөйлемдердің ықшамдалуынан пайда болады дейтін деректер бар. Осы пікірдің жаны болуға тиіс.
Сонымен, жай сөйлемдердің мынадай ерекшеліктеріне қарай топтастыруға болады:
- Мағынасы қарай: хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты.
- Предикативтік бас мүшенің қатысына қарай: қос құрамды, бір құрамды, сөз сөйлем.
- Құрылымдық-семантикалық компоненттерінің қатысына қарай: толымды, толымсыз, жалаң, жайылма.
Бір құрамды сөйлемдердің өзің былай жіктеуге болады:
- Бас мүшенің жасалуына қарай: етістікті және есімді (атаулы).
- Субъекті- жақтың қатынасына қарай: жақты және жақсыз.
- Жақты және жақсыз сөйлемдер субъетінің семантикалық ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Жақты: белгілі, жалпылама, белгісіз, жанама. Жақсыз: жанама, субъектілі, субъектісіз.
Сонымен, қорыта айтқанда, бір құрамды сөйлем бас мүшесі семантикалық жағынан субъектілік мағына арқылы толыққан және бір құрамды сөйлемдердің жеке түрлерге топтастырылуы синтаксистік семантика мен грамматиканың белгілі ыңғайында зерттеледі.
Бір құрамды сөйлемдердің бас мүшесі басқа ешбір мүшеге тәуелді емес, сөйлемді ұйымдастыруға негіз болатын жалғыз ғана бас мүше болып табылады. Бұл ерекшелік бір құрамды сөйлемдердің өзіне тән синтаксистік құрылымы бар екенін көрсетеді.
ІІ БӨЛІМ. БІР ҚҰРАМДЫ СӨЙЛЕМНІҢ ТҮРЛЕРІ
2.1. Атаулы сөйлем
Қазақ тілінде атаулы сөйлем бастауыштан ғана жасалып, заттың құбылыстың атын білдіреді. Атаулы сөйлемде ешқашан да баяндауыш болмайды. Егер атаулы сөйлемге баяндауышты қосып айтсақ, ол атаулы сөйлем болудан қалады. Атаулы сөйлемде тұрлаусыз мүшелер, оның ішінде, әсіресе, анықтауыш кездесіп отырады. Ол атаулы сөйлемдегі ойды әсерлендіре, суреттей түседі. Атаулы сөйлем көркем шығармада адам портреті мен табиғат бейнесін суреттегенде жиі қолданылады. Осы айтылғандардың бәрі — атаулы сөйлемнің өзіндік ерекшелігі.
Атаулы сөйлемнің өзіндік белгілері:
- Атаулы сөйлемде тұрлаулы мүшеден бастауыш қана болады.
- Атаулы сөйлем мезгілді, мекенді және заттың, құбылыстың атын білдіреді.
- Атаулы сөйлем жазушы тілінде ықшамдық, көркемдік нәр береді, сондықтан табиғатты, адам келбетін немесе басқа бір затты суреттеу үшін, жазушылар атаулы сөйлемді жиі қолданады.
Атаулы сөйлемге мынадай анықтама лайық:
Тұрлаулы мүшеден бастауышы ғана бар заттың, құбылыстың атын білдіретін жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейміз.
Атау сөз сөйлемде негізгі, тірек мүше болады. Осы негізгі мүше құбылыстың, заттың атауын білдіріп, сөйлемнің іргесіне тірек болады. Негізгі мүше ретінде зат есім, сын есім, есімше(-ған-ген, -қан-кен, -тын-тін формалы), тұйық рай тұлғалы етістік жұсалады. Сөйлем құрамына осы негізгі мүшеге бағыныңқылық қатынаста тұратын басқа мүшелер де кіреді: Жаздың ыстығы-ай! Күтпеген жерден жолыңуы-ай!
Атаулы сөйлемнің негізгі мүшесі ретінде сын есім, есімше жұмсалғанда, олар субстансивтеніп тұрады. Осылай болғандықтан олар септік тұлғаға ие бола алады. Негізгі мүше көбіне атау тұлғада тұрады, бірақ сын есім, тұйық етістік негізгі мүше қызметін табыс септік формасында тұрып та атқара алады. Жаздың ыстығын! Күтпеген жерден келуін!
Атаулы сөйлемдерде бастауыш-баяндауыш болып құралатын предикативтік қатынас болмағанымен, предикативтің өзі бар. Бұл сөйлем де тиянақты пікірді білдіреді, ол ойды болмысқа шақ, жақ тұрғынан қарастырып білдіреді. Атаулы сөйлемдерге тиянақты синтаксистік форма беретін – интонация және контекст. Сөйлемге тән интонация алып, атаулы сөйлем дара, тиянақты форма алады. Шақтық мағынасы мына жағынан жуық көрші сөйлемдер арқылы білдіреді.
Таңертең келе жатыр едім, алдымнан шыға келгені!
Атаулы сөйлемдер арнаулы коммуникативтік мақсаттың қажетімен қалыптасқан. Бұл сөйлемдер төніректі, жағдайды үнемді жолмен суреттеу үшін және пікірді эмоциялы етіп білдірудің амалы ретінде жұмсалады. Жұмсалуына қарай атаулы сөйлемдерді мынадай үш топқа болуға болады:
- Бейнелеу мағыналы атаулы сөйлемдер. Түн. Шалқыған ай.
- Эмоциялы атаулы сөйлемдер. Күлуін!
3.Сөгіс, тілек мағыналы атаулы сөйлемдер. Қаңғыған неме! Өркенің өскір!/19, 674/.
Атаулы сөйлемдер мен екі бас мүшелі сөйлемдер функция жағынан да, құрылымы жағынан да тығыз байланысты. Функция жағынан байланысты дейтініміз — атаулы сөйлемдер мен екі бас мүшелі сөйлемдер мағына жағынан бірдей болып келе береді, бірақ олардың арасында ілгеріде аталғандай қызмет ерекшелігі болады:
Мезгіл жаз еді. Ай жарқырап тұрған. — Жаз. Жарқыраған ай. Құрылымы жағынан да байланысты дейтініміз — көп жағдайда бұл екі құрылымдық түрдегі сөйлемдерді бір түрден екінші түрге ауыстырып, құрылысын өзгертуге келеді: Жаз ыстық. — Жаздың ыстығы-ай!
Атаулы сөйлемдердің грамматикалық сипаты — жайылуы, кеңеюі, морфологиялық тұрпаты — негізгі мүшенің қай сөз табынан болуына, қай формадағы сөз болуына байланысты.
Тасадан шыға келгенім! Шыжыңан ыстық!
Сондықтан атаулы сөйлемдерді біз негізгі мүшенің грамматикалық тұр-тұрпатына қарай топтаймыз. Ол топтар — мыналар: негізгі мүшесі атау тұлғалы зат есімнен болған атаулы сөйлем,
негізгі мүшесі сын есімнен болған атаулы сөйлем,
негізгі мүшесі -ған-ген, тын-тін тұлғалы есімшіден болған атаулы сөйлем,
негізгі мүшесі табыс септіктегі сөзден (зат, сын, есім, есімше, тұйық етістік) болған атаулы сөйлем.
Соғыс басталар жыл, нағыз қызыл балақ бозбаламыз. Жауыннан жауын, жолға шыға алмай отырмыз.
Сонымен бірге бұл атаулы сөйлемдер құбылысты, затты эмоциялы атау үшін де жұмсалады.
Шіркіннің күлкісі-ай! Шіркін, осы ауылдың жастары-ай! Ойын-сауық десе жанып кетеді.
Негізгі мүшесі сын есімнен болған атаулы сөйлемдер субъектіге тән сын, сапаны эмоциямен білдіру үшін жұмсалады.
Түннің қараңғысы-ай! Ту қараңғысы-ай даланың- деді Әдиев. Тіліңмен орақ орғышың-й сенің.
Негізгі мүше қызметіндегі сын есім тәуелді формада тұрады. Бұл — субъектілік мағыналы сөз бен анықтауыштың байланысуы үшін туған жағдай:
Менің оқығаным-ай! Сенің келгішің-ай!
Негізгі мүшесі -ғыр-гір, қыр-кір жұрнағы арқылы жасалған сын есімнен болған атаулы сөйлемдер тілеу, сөгіс білдіру амалы болып жұмсалады.
Оқымай кеткір! Көзің ашық қой, жөн сілтейді ғой десем, жайдың табанына салып бермек.
Негізгі мүшесі -ған-ген, -қан-кен, -тын-тін тұлғалы есімшеден болған атаулы сөйлемдер іс-әрекет туралы пікірді эмоциямен білдіру үшін жұмсалады.
Күні бойы сарылып үйде отырған! Жай отырмайды, бірдемені жазып отырады. Сенің-ақ сағына беретінің-ай Тоба-ай, сенің түсінбейтінің-ай.
Атаулы сөйлем құрайтын есімшелердің түр-түрінің қатысуындағы айырмашылық олардың шақтық мағынасына байланысты.
Негізгі мүшесі тұйық етістіктен болған атаулы сөйлемдер іс-қимылды эмоциямен білдіру үшін жұмсалады.
Тіпа, мынаның шешенсіп сөйлеуі-ай.
Негізгі мүшесі табыс септіктегі сөзден (зат есім, сын есім, есімше) болған атаулы сөйлемдер де пікірді эмоциямен білдіреді.
Мына жердің тауын-ай! Жүктің ауырын-ай! Мүләйімсуін! Балаларға қорған болған кісімсініп тұрғанын.
Негізгі мүшесі атау септіктегі сөзден болған атаулы сөйлем мен табыс септіктегі сөзден болған атаулы сөйлемдердің жасалуында үлкен алшақтық жоқ. Соңғы сөйлемдер — тарихи өзгерестердің нәтижесі.
Бұл атаулы сөйлемдердің негізгі мүшесі кейде -шы-ші жұрнағын үстеген күйде жұмсалады. Сұрының жаманыншы. Атаулы сөйлемнің мүшесінің құрамына -шы-ші жұрнағының қатысуы оның басқа ұқсас формалаларға еліктеуінен (аналогия заңы) болған.
2.2. Жақты, жақсыз сөйлемдер
Грамматикалық бастауышы бар не бастауышы ерекше айтылмай, оның қай сөз екенін баяндауышпен ұластыра, атау септігінің сұрақтарын қою арқылы білуге болатын сөйлем болады.
Олардың баяндауыштары бастауышпен қиысу үшін белгілі жақ жалғауларында не жалғаусыз жақтық мағынада айтылады. Соңғылардың жақтық тұлғаларына, мағыналарына дәлме-дәл үйлесімді болып айтылған бастауышы бар сөйлем ғана жақты болады. Біз елімізде тәртіп орнату программаларын бұлжытпай жүзеге асырып келеміз деген сөйлемнің бастауышы — біз.
Жақты сөйлемдердің бастауыштары сөйлем ішінде ерекше айтылмай да, оның сөз екенін айқын болып тұра береді. Ондай жақты сөйлемдердің бастауыштарын түсіріп айту мынадай жағдайларда болуы мүмкін:
- Ұзақ ойға қатысты болып, өзара мағыналық (кейде әрі тұлғалық) байланыста айтылатын жеке сөйлемдердің бастауышы бірінде болса, екіншісінде, қайталанып айтылмай, соған ортақтасып тұра береді. Сонда тізбектеліп қатар айтылатын бірнеше жай сөйлемнің не құрмалас сөйлемнің қүрамындағы жай сөйлемдердің бірінің бастауышы екінші сөйлемге де бастауыш болып ортақтасады.
- Бидай тиеген эшелондар зыр қағып, темір жолды қайқаң қақтырып, суып кетіп барады. Мұнда эшелондар деген бастауыш құрмалас сөйлемнің екінші жай сөйлемінде түсіп қалып тұр. Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады.
1.Бірақ жатқан қалпында тырт етіп қозғалған жоқ. Бұл сөйлемнің бастауыш да (Асқар) алдыңғы сөйлемде айтылғандықтан, соңғы сөйлемде ерекше аталмаған.
Бастауыштың қай сөз екенін баяндауыштық тұлғадан айқын болып тұрғанда, әсіресе І-ІІ жақтық бастауыштар сөйлемдер ерекше айтылмайды.
Отаным үшін аттаным
Ақсемсерді қолға ала
(А. Тоқмағанбетов)
Өлеңімді өрлеттім,
Өрге құлаш серметтім…
Зарын айтып сорланың
Қайғылыны еңіреттім.
(Жамбыл)
Өз бойыңа болып сақ,
Жан-жағыңа қараңдар.
(Абай)
Мен,сен,сіз, ол деген бастауыштарға ерекше мән беріліп, ой екпіні түсірілгенде, олар сөйлемде ерекше айтылатын болады. Ондай бастауыштарды түсіріп айтуға болмайды.
Мен де қайта жасарған
Қарт ақынмын, даңғылымын.
(Н. Байғанин)
Күлкі болма, қой, жаным,
Сен бүйтесің, ол қайтті.
(Абай)
- Сен қайдан жүрсің? — деді Асқар сабырсызданып.
(С. Мұқанов)
Мен бала емеспін, — деді Ботакөз дауысын ширатып, — мен ауылдың надан қызы да емеспін. Мен, аз да болма, оң-солымды, жақсы-жаманды айыру дәрежесінде жеткен адаммын.
(С. Мұқанов)
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
(Абай)
…Сондай күнді жоғалтар
Мен аңсадым, сағындым.
(Жамбыл)
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр (Абай).
Бастауышы ерекше айтылмаған (лексикалық жолмен берілмеген) жақты сөйлемнің түрі бір құрамды сөйлемге жатады.
Бастуышы ерекше айтылмаған сөйлемдердің енді бірқатарын «жақсыз» сөйлем деп атап жүрміз. Мұндай сөйлемде белгілі жақтық ұғым болмайды, істің, қимылдың иесі қай жатқа екендігі белгісіз болады. Олардың үш жақтың біріне тән белгілі грамматикалық бастауышы болмайды. Баланы жаман үйретпеу керек. Сабаққа кешігуге болмайды деген сөйлемдерде Кім? Не? Сұрақтарына жауап болатындай бастауыштар ерекше айтылмаған.
Мұндайда сөйлеуші мен тыңдаушыға істі істеушінің кім екендігін дәлдеп көрсетудің қажетті болмайды да, тек іс-әрекетін хабарлау, істеумеуге тиісті жайды білдіру қажет болады. Ондай сөйлемдер бастауыштары бар жақты сөйлемнен өзгеше құрылыстағы арнаулы стильдік тәсіл ретінде қолданылады. Егер жақсыз сөйлемдердің түрлері әдеби тіліміз қалыптаспай тұрған кезде елеусіз болып, аз жұмсалатын болса, осы күнгі әдебиеттерде оның түр-түрі сараланып, жиі жұмсалатын болады. Сонда да «жақсыз сөйлем» деген термин — шартты атау.
Ондай сөйлемдерді орысша «безличные предложение» дегеннің аудармасы ретінде «жақсыз сөйлем» деп атағанымыз болмаса, қазақ тілінде дәл орыс тіліндегідей жақсыз сөйлем де, ондай сөйлем жасайтын стемнело, не спится сияқты өзгеше жақсыз етістіктер де жоқ. Дұрысында, біздің жақсыз сөйлем деп жүргеніміздің баяндауыштарының белгілі жағы болады. Бұл сөздер көбінесе үшінші, екінші жақта айтылады. Сөйтеді де, олар кейде бастауышы жоқ сөйлемнің баяндаышы юолып жұмсалады:
Ол кезде көмірді қауғамен тартатын. Не істеу керек? Көне беруге тағы болмайды.
(Ғ. Мұстафин)
Қалайша жыр төкпессің, ән соқпассың,
Шаттықтан нөсер құйған өмірде енді.
(Жамбыл)
Әрине, бұл сөйлемдердің бастауыштарының айтылмау
Москва бардым, не көрдім?
Туысқан туған ел көрдім (Жамбыл)
деген сияқты сөйлемдермен бір емес. Соңғыда бастауыштың мен екені айқын да, одан бұрынғы сөйлемдердің бастауыштары ондай белгілі, айқын емес. Сабақтан қалуға болмайды деген сөйлемнің баяндауышы үшінші жақта айтылған. Бірақ оның грамматикалық бастауышы ІІ жақтық ол, олар деген есімдіктер емес. Өйткені бұл сөйлем бір ғана адамға айтылуы да, көп адамға айтылуы да, тыңдаушыға айтылуы да мүмкін. Ондай сөйлемдер:
Маған сабақтан қалуға болмайды.
Саған сабақтан қалуға болмайды.
Оған сабақтан қалуға болмайды.
Бізге сабақтан қалуға болмайдыт.т. делініп те айтыла алады.
Сөйтіп, бастауышы жоқ, оның орны жоқталмайтыны, айтылған іс-ірекет баяндауыш арқылы үш жаққа бірдей ортақ ұғымда жұмсалатын сөйлемдер жақсыз сөйлемдер болады.
2.3. Жақсыз сөйлемнің түрлері
Жақсыз сөйлемдердің түр-түрі олардың баяндауыштарына қарай айырылады. Олардың баяндауыштары көбінесе күрделі болады да, мынадай құрамда жасалады:
- -у,-мақ жұрнақтары тұйық рай тұлғалы қимыл есімі мен керек сөздерінен құралған баяндауышы бар сөйлемдер көбінесе жақсыз сөйлем болады:
Бізге көбірек оқу керек. Әркімге де тезірек өту керек.
(Ғ. Мұстафин)
Бұл жұмысты тез қолға алу керек. Қол құсырып босқа отырмау керек. Формамен буын шығару үшін тұқымды күрекпен аударыстыру керек.
(Газеттен)
Мезгілсіз шақырған қораздың басын жұлмақ керек.
(Мақал)
Елді аралап отырмын мән-жайын білу еді ғой.
(Ғ. Мұстафин)
Ақмола облысынан оған кету керек.
(С. Мұқанов)
Осы мысалдардағыдай, керек сөзі бар жақсыз сөйлемдерді «жақты» етіп те айтуға болады:
Біз көбірек оқуымыз керек. Ол бүгін келу керек.
- Барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістікке, есімше, көсемше тұлғалы етістікке бол етістігі көмекші болу арқылы жақсыз сөйлем жасалады.
Тұқымды құртпай-ақ себе беруге болады. Мүұдай жағдайларды басқа артельдерден де көп кездестіруге болады.
(Газеттен)
Отырықшы дегендердің өздерін де көшпелі деп есептеуге болады.
(С. Мұқанов)
Қызынған аттың делбесін бос қояр болар.
(Ғ. Сыланов)
Аузына келгенді айтпас болар.
(Ғ. Мүсірепов)
Қамарға кінә қойып болмайды.
(С. Торайғыров)
Мына жұмысшыларды пәледен құтқармай болмайды.
(Ә. Сәрсенбаев)
Бұл елдің егінге су беретін арығын жыл сайын тазалап тұрмаса болмайды.
(С. Мұқанов)
3.Күрделі баяндауыш құрамында барыс септікті тұйық рай тұлғалы етістіктен кейін тура келу көмекші айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады:
Саған аздап досыңның желісін басуға тура келер.
(С.Мұқанов)
Насыбайды қайта атуға тура келді.
(Ғ. Мүсірепов)
Қаланы қайта құру жоспары бойынша бұл жерден көшуге тура келіп тұр.
Сендерге хош айтысуға тура келіп тұр.
(Фадеев)
- Барыс септіктегі тұйық рай тұлғалы етістіктен болған күрделі баяндауыштың құрамында мүмкін (мүмкін емес) сөзі айтылу арқылы да сөйлем жақсыз болады:
Сан жүздеген адамнан көшеде аяқ жүруге мүмкін емес еді.
(М. Иманжанов)
Әрине, мұндай жағдайда маған оқытушы болып қалуға мүмкін емес еді.
(С. Көбеев)
Кейбір есімді сөйлемнің құрамында барыс жалғаулы толықтауыш болса да, сөйлем жақсызға айналады. Мысалы:
(Ол) Жұмаққа бармақ шығар — оған қайдағы жұмақ!
(Б.Майлин)
- Бірдеңені арман ете айтылатын күрделі баяндауышты сөйлемнің негізгі сөзі келер шақтық есімше (-р, -ар// -ер) болып, одан кейін сұраулы — ма//-ме шылау және көмекші -е (-ді//-дің) етістігі айтылып та жақсыз сөйлем жасалады:
Па, шіркін! Мына атқа мінер ме еді? Ана көк шөпке бауырыңды төсеп жатар ма едің!
Бұл сөйлемдердің баяндауыштарына Кім мінер ме еді? Кім жатар ма едің? Деп сұрақ қойып баяндауышын іздесек, онда мен, сен, ол, сіз дегендердің бірі алдымызға көлденең тартыла қоймады. Олардың бірінің орнына кім болса сол, мен де, сен де, ол да деген ұғым пайда болады да, ол тек ойда сақталып, көпке тән мағыналық бастауыш болады. Сол сияқты, Өзін барып көретін екен! (С. Мұқанов). — Әкемей-ай айтуға да ұят, айтпауыма да болмай тұр. (Ж. Арыстанов) деген сөйлемдер де — сондай жақсыз сөйлемдер.
2.4. Белгісіз жақты сөйлемдер
Бірқатар сөйлемнің граматикалық бастауышы ерекше айтылмайды да, істелген әс-әрекет, әйтеуір, белгісіз субъектілерге тән болып ұғынылады.
Қалпақты қыста кимейді, жазда киеді деген сөйлем — жақты (баяндауышы ІІІ жақта), бірақ бастауышы белгісіз.
Осындай бастауышы белгісіз — жақты сөйлемдер былай жасалады:
- ІІІ-жақ, ауыспалы шақ тұлғалы етістіктерден болған баяндауыштар осы шақтық мағынада айтылу арқылы кейде бастауышы белгісіз сөйлем жасалады:
Ол жақта жылқының етін жемейді. Нарларды көбіне жүкке пайдаланады.
(Ә. Сәрсенбаев)
Кеше келіншекті атасының үйіне әкеліп кіргізеді.
(Ы. Алтынсарин)
- Өткен, келер шақтық, ІІІ-жақтық тұлғадағы етістіктер не есімшелер баяндауыш болғанда, сөйлемнің бастауышы белгісіз болуы мүмкін.
Оның ұлдары, сүйікті ұлдарын, ертең әкеткелі отыр, — әкеткенде де біржола көз көрмеске әкетпекші…
(Н.В. Гоголь)
Остап бірінші жылы өнерді қашудан бастады. Оны қайта алып барды. Жанына батыра дүреледі, сабаққа қайта отырғызды.
(Н.В. Гоголь)
Ол кезде көмірді қауғанымен тартатын.
(Ғ. Мұстафин)
- Кейде баяндауышы ІІ-жақтық жіктік жалғауда айтылған сөйлемдердің бастауыштары болмай, үш жаққа бірдей ортақ мағынада, жалпылауыш жақты (обобщенно-личный) сөйлем болып жұмсалады:
Қарағандының кешегі өткен күйін адам баласының көзі көрмесін. Кіп-кішкентай, қап-қараңғы шахтаға беліңе арқан байлап, шыңырау қараңғы түнекке түсесің де кетесің. Әлде уақытта белден суға быш ете түскеніңді білесің.
Біз оны арнайы қарастырдық.
2.5. Жалпылама жақты сөйлемдер
Бір құрамды жақты сөйлемдердің аталған топтары сөйлемге грамматикалық бастауыштың қатысы, оның ой білдіруі мен сөйлем семантикасына тигізетін әсері жағынан бір-бірінен ерекшеленеді.
Ендігі тоқталатынымыз бір құрамды сөйлемдердің бір түрі, басты зерттеу объектіміз — жалпылама жақты сөйлемдер. Жалппылама жақты сөйлемдер бір құрамды сөйлемдердің типтік бір түрі ретінде қазіргі тіл ғылымында жеке қаралап жүр. Жалпылама жақты сөйлемнің өзіне тән басты ерекшелігін Ж. Садуақасов: «Ол бас мүше белгілі бір жақтың формада тұрғанымен, оның мағынасы нақты жақтың емес, жалпылық мәнді білдіреді, яғни осындай құрылымдағы сөйлем семантикасы іс-әрекет, қимылдың үш жаққа бірдей болатын жалпы мағынасын білдіруі болып табылады»,- деп көрсетеді /19;123/.
Бұл пікір ғалымдардың бәріне дерлік ортақ болғанымен, бас мүшенің қандай жақтың формада келетіні жөнінде пікір аралығы бар екенін байқалады.
Орыс ғалымдары ішінде жалпылама жақты сөйлемдерді өз алдына сөйлем типі ретінде қарайтыңдардың бірсыпырасы оның бас мүшесі тек 2-жақтың формада болады деп есептейді. Мысалы: А.М. Пешковский жалпылама жақтың сөйлемдердің 2-жақтық формада келетінін айта отырып, сөйлемді айтушы тарапынан осылай берудің тұрмыста болсын, әдебиетте болсын мәні зор екенін көрсетеді.
Ол «Қандай да бір өзінің соншалықты жақын сырын, көңіл қошын жұртқа ашық түрде нақты жақ тарапынан айтуға болмайтын жағдайда сөйлеуші оны жалпылаға тән етіп көрсетуге тырысады, сол жалпының ішінде өзін бірдей қабылдайтын тыңдаушының болатындығын» айтады. /20, 375-376/. А.М. Пешковский бұл пікірі В. Белошапкованың оқулығында үндестік табады. Жалпылама жақты сөйлемге ол мынадай анықтама береді: «Жалпылама жақты сөйлем деп, бас мүшесі ашық райдың осы және келер шақтарында 2-жақтың жекеше жіктік жалғаумен түрленген немесе бұйрық райында келген, сқйтіп жалпылық жақты білдіретін сөйлемді айтады». /21;327/.
Ғалымдардың бір тобы жалпылама жақты сөйлем тек 2-жықтың формада ғана емес, сирек те болса 1- және 2- жақтық формаларда да келетінін айтады. Осындай пікір Д.Э. Розенталь мен М.А.Теленкованың «Лингвистикалық терминдер сөздігінде» де айтылады /22;156/.
М. Валгина жалпылама жақты сөйлемге анықтама бере отырып, оның ІІ жақтық формасына айрықша мән береді. /23;254/.
Орыс тілі біліміндегі болсын, түркологиядағы болсын жалпылама жақты сөйлемге берілген анықтамаларда салыстырсақ, олардың екі бөлімнен тұратынына назар аударуға болады:
Бірінші бөлімінде іс-әрекеттің эалпы жаққа тәндігін немесе сөйлемнің жалпылық жақтық үғымды білдіретіні туралы, екіншісі оның қандай жақ формасы берілетіні туралы айтылады.
Тіліміздегі сөздер нақты мағына білдірумен бірге көптеген жағдайда жалпылық мағынаға да ие болатыны белгілі. Мысалы үй, ағаш сөздерінің бойында нақтылықпен бірге жалпылық та мағынасы бар. Осы сияқты бір жақтық жалғауы нақты мағынасынан басқа бөтен жақтық мағыналарды да білдіретін дәрежеге жетеді /яғни абстракцияланады/. Немесе, одан да дәлірек келсек, сөйлемнің бас мүшесі қандай жақтың көрсеткішпен белгіленгеніне қарамастан, тыңдаушы /оқушы/ сөйлем мазмұнынан сол хабардағы әс-әрекет, қимыл-қозғалыстың өзі үшін де, сөйлеуші үшін де, бөгде жақ үшін де бірдей қатысты екенін ұғынатындай болады.
Мысалы:
Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра /мақал/. Таспен атқанды, аспен ат.
Ат сатып алмай тұрып қора сайлапты /Абхаз мақалы/. Берілген сөйлемдердің баяндауыш тұлғалары ІІ,ІІІ жақ формаларында тұрғанымен, сөйлемде айтылған ой берілген нақты жақтарға ғана емес, үш жаққа да /І,ІІ,ІІІ/ қатысты.
Келтірілген сөйлемдердің ерекшелігі — осындай жаққа тән іс-әрекеттің жалпыға арналуында. Бұл жалпылық мәнде сөйлемнің сыртқы құрылымынан емес, семантика мазмұнынан пайда болған.
Міне, осы айтылған пікірлер негізінде жалпылама жақты сөйлемге мынадай анықтама беруге болады: Бір бас мүшесі белгілі бір жақтың тұлғасында /көбінесе ІІ жақ, кейде І және ІІІ жақтар/ тұрғанымен, сөйлемде айтылған ой үш жаққа да тән болып көрінетін бір құрамды сөйлем түрін жалпылама жақты сөйлем дейміз.
Жалпылама жақты сөйлемдердің жақты сөйлемнің өзге түрлерімен арақатынасы
а) Белгілі жақты сөйлемнің байланысы
Жалпылама жақты сөйлемдер өзіндік ерекшелігі бар бір құрамды сөйлемнің ерекше түрі десек те, бастауышы түсірілген жақты сөйлеммен сәйкес келетін жайттары бар. Бұл сәйкестік аталған сөйлемдердің баяндауыш формасының сырт тұлғасы жағынан ұқсастығынан туындайды. Сондықтан көптеген оқулықтарда субъект нақты сөзбен берілмегендіктен, әрі бас мүшесінің жасалу жолының сәйкес келуіне байланысты жақты сөйлемнің ір түріне келтірілген мысалдар аралысып кетіп жатады. Мәселені анықтау үшін аталған сөйлемдердің семантикалық ерекшелігіне, баяндауыш формасында көрсетілген қимыл иесінің сөйлемдегі ойға қатынасына айрықша мән берілгені дұрыс.
Жақты сөйлемнің бір түрі — белгілі жақты сөйлемдер. Жақты сөйлемнің өзге түрлерінен белгілі жақты сөйлемдер субъектісінің нақтылығымен ерекшеленеді.
Қайсыбір ғалымдар бастауыш сөйлемге қатыспаса да, қимыл иесі баяндауыштың жақ формасы арқылы айқын көрініп тұратындығына сүйеніп белгілі жақты сөйлемнің стильдік варианты ретінде танып, оны бір құрамды сөйлемдер қатарынан шығарып тастауды ұсынды. Бірақ, аталған мәселеге байланысты пікір-таластардың қорытынды пікірі бір ғана бас мүшеге негізделген сөйлемнің бұл түрін бір құрамды сөйлемдер қатарында қарастыруға негізделеді.
Сөйлемде бастауыштың түсіріліп айтылуы баяндауыштың грамматикалық құрылымы тікелей байлансты, дәлірек айтсақ, баяндауыш құрамындағы жікітік жалғауы сөйлем бастауышын көрсетіп тұрады.
Э. Севортян татар тіліндегі «Ишчимен» /Жұмысшымын/ типіндегі сөйлем туралы: … Нет отдельного подлежащего, а есть лишь обозначение его лица, в форме личного показателя сказуемости — мен, выражающего в одной форме две грамматические категории: лицо подлежащего и сказуемость», дей келіп, бұл құрылымдағы сөйлемдердің түркі тілдеріне ортақ екенін көрсетеді. /23;6/.
Жалпы түркі тілдерінде ортақ мұндай сөйлемдер болғанымен, олардың әр түрінің өзіне тән ішкі құрылымдық — семантикалық ерекшеліктері болуы мүмкін. Бұл ерекшелік белгілі жақты сөйлемдердің жасалу жолынан көрінеді.
Өзбек тіліндегі бір құрамды сөйлемді зерттеген И. Расулов белгілі жақты сөйлемдердің І,ІІ,ІІІ жақ тұлғалары арқылы жасалатынын көрсетсе, Б. Тойчубекова қырғыз тілінде, Ж. Садуақасов қазақ тілінде бұл сөйлемдердің тек І,ІІ жақ тұлғалары арқылы жасалатынын көрсетеді /2; 24;19/.
Аталған еңбектердің түркі тілдеріндегі бір құрамды сөйлемдерді танытудағы ролі зор екеніне дау жоқ, бірақ қазақ тілінде белгілі жақты сөйлемдер тек І,ІІ жақ субъектілеріндей нақты емес, көп жағдайда жалпылық сипатқа ие екені мәлім.
Бірақ нақты субъектісі белгілі, бірақ контексте түсіріліп айтылған сөйлемдерді белгілі жақты сөйлемдер құрамынан шығарып тастауға болмайды деп ойлаймыз. Мысалы: Жұмабайдың басын көтеріп, тымағын түзетуге де мұршасы келмей қалды.
Тартысуға да қорғаншақ, шабуға да мүгедек болып қалды. /М.Э/.
Асты сызылған жақты сызылған жақты сөйлемнің субъектісі нақты, қимыл иесі басқа біреу емес, нақты Жұмабай.
Қимылға өзге жақтардың /І,ІІ/ ортақтығы да сезілмейді. Олай болса, бұл типтес сөйлемдер белгілі жақты сөйлемдерқұрамынан орын алуы тиіс деп санаймыз.
Белгілі жақты сөйлемдер жалпылама жақты сөйлемдермен салыстырғанда сө йлемдегі қимылдың не сапаның субъектісінің нақтылығымен ерекшеленеді.
Салыстырыңыз:
Белгілі жақты сөйлем
- Ал, шырақ, құрғақ әңгіме болмасын, болмасын, іске кірісейік /Ғ. Мұстафин/
- — Шіркін, Абай-ай ақынсың-ау /М.Ә/.
- Біресе ел жайын, біресе жер жайын әңгемелеп, құлақ құрышын қандырды. /Ғ. Мұстафин/.
Жалпылама жақты сөйлем.
- Ауру емес, жын емес,
Мінезді қайтіп жазамыз. /М/.
- Арыңды жасыңнан сақта
3.Сұрай-сұрай мекені де табады. /М/.
Мысалдардың байқағанымыздай, баяндауыш формасы белгілі бір жақта тұрғанымен, белгілі жақты сөйлемдердің субъектісі нақты болса, жалпылама жақты сөйлемдерде айтылған ой үш жақта үшеуіне де қатысты ортақ сипат алған.
ә) Жалпылама жақты сөйлемдердің белгісіз жақты сөйлем мен жалпылама жақты сөйлемнің арасы ажыратылмай, өз мәнінде зерттелмей келді.
Оған мысал ретінде Ғ. Мадинаның төмендегі пікірін келтіруге болады:
«Сөйтіп мағына жағына бір сарындас болып келетіндіктен, бұл сөйлемдерді сөйлемнің бір типіне жатқызу керек те, жасалу жолына қарай ажырату керек. Жалпылауыш жақты, белгісіз жақты деп бөлу таза мағынамен байланысты жасалады. Ал қазақ тілі сөйлемдері үшін ондай мағыналық айырмашылық жоқ болғандықтан, бір терминді атау, яғни /белгісіз жақты сөйлемдер/ деген терминді қалдырған дұрыс — дейді. /11;58-59/.
Бұл жерде автордың аталған сөйлемдердің ұқсас жақтарына көп мән бергенін байқаймыз.
Қазақ тіл білімінде белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдерді өз алдына жеке сөйлем типтері ретінде қарағандар — М. Балақаев пен Ж. Садуақасов.
Әсіресе Ж. Садуақасов аталған сөйлемдерді бөліп көрсетудің теориялық негізіне көп мән береді.
М. Балақаев белгісіз жақты сөйлемге ІІІ жақтық жалғауда келіп, іс-әрекет иесі кім екені белгісіз болатын сөйлемді; ал жалпылама жақты сөйлемге баяндауышы ІІ жақтың жалғауда келіп, мағынасы үш жаққа да бірдей, ортақ болып келетін сөйлемнің ерекшеліктеріне тоқтала отырып, жалпылама жақты сөйлемдердің ІІ жақ қана емес, І,ІІ,ІІІ жақ тұлғаларынан да жасалатынан көрсетеді. /25;188; 26;69/.
Мысалы: Ол кезде көмірді қауғамен тартатын /Ғ. Мұстафин/.
Еңбек ет те, міндет ет /мақал/.
Берілген екі сөйлемнің ұқсастығы сол-қимыл иесі субъект лексикалық жолмен берілмеген, бірақ сөйлемде айтылған ойдың иесі қимылды атқарушы бар екенін сөйлем мазмұнына белгілі болып тұр.
Айырмашылығы — сол субъектінің қимылға қатысында. Алғашқы сөйлемдегі қимыл иесі нақты болмаса да /белгісіз/ белгісіз болса да бар, қимылға тек сол ІІІ жақтың субъекті / не субъектілер/ қатысының жоқтығы сөйлем семантикасынан айқын байқалады.
Ал екінші сөйлемдегі субъектінің ролі басқаша. Мұнда сөйлемдегі берілген ой тек ІІ жақтық субъектігеде бағытталады.
Жалпылама жақты сөйлемнің жасалу жолдары
Жалпылама жақты сөйлемдерді бір құрамды сөйлемнің жеке типі ретінде тану үшін оның жасалу жолдарын айқындаған жөн. Осы тұста орыс тіл білімінде болсын, туркологияда болсын пікір алалықтары кездескенімен, олардың барлығы дерлік аталған сөйлем баяндауышының ІІ жақтық жіктік жалғауында келетін дұрыс көрсетеді. Ал қазақ тіл білімінде М. Балақаев, А. Әбілқаев сынды ғалымдар оның тек ІІ жақ арқылы жасалатынына мысал келтірумен шектелсе, Ж. Садуақасов оның сирек те болса І,ІІІ жақтарда кездесетінін дұрыс көрсетеді. Жалпылама жақты сөйлемдер қай жақ тұлғасы арқылы жасалмасын, сөйлемде айтылған ой үш жаққа да ортақ сипатқа ие болады.
І. ІІ жақ тұлғасындағы жалпылама жақты сөйлемдер
ІІ жақтық жіктік жалғауы жалпылама жақты сөйлемдердің негізгі грамматикалық тұлғасы екенін жоғарыда айттық. Бұл жақтың семантикалық ерекшелігіне де байланысты. Айтушы жақ өз ойын тыңдаушы жаққа /ІІжаққа/ бір іске өзінің де, өзгенің де қатысын білдіре алады.
Мысалы:
1) Соғыс майданында кездескен одан қатаң адамды көрмейсің. /Қ. Қайсенов
2) Жақсыға барсаң, жазылып қайтарсың,
Бақсыға барсаң, қағынып қайтарсың. /Мақал/
ә) Бас мүшесі күрделі құрылымда келген жалпылама жақты сөйлемдер негізгі және көмекші етістіктердің тіркесінен тұратын күрделі етістіктерден жасалады:
Мысалы:
1) Алғаш көрген адамның сөзіне
Қалай сене қоярсың. /Ш. Құмарова/
б) тіршілік заңы қатал, оны тек көз
жасымен жібіте алмайсың. /Д. Исабекова/
б) Жалпылама жақты сөйлемнің бас мүшесі бұйрық райлы етістіктен де жасалады.
1) ІІ жақты бұйрық райлы етістіктің дара күйінен жасалған жалпылама жақты сөйлемдер:
- Күшіңе сенбе, ісіңе сен /Мақал/
- Жаны жақсы ағаның
Етегін баспа, жолын қу.
Болайын деген балының
Бетін қақпа, белін бу. /Мақал/.
- Жол, құйрығы қаба деп
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малың арзан деп
Жаман қатып алмаңыз. /Бұхар жырау/
2) ІІ жақтың бұйрық райлы күрделі сөздерден жасалған жалпылама жақты сөйлемдер:
- Ал осыдан кейін мықты болсаң, тырыспай көр. /С. Асылбеков/
- Асты көрсең, қадір тұт.
Досты көрсең, әділ тұт. /Мақал/
Мұндайда сөйлем баяндаушы етістіктердің өзара тіркесуі арқылы да /тырыспай көр/, есім сөзге бұйрық райлы етістіктердің тіркесуі арқылы да /Қадір тұт, әділ тұт/ жасалады.
І жақ тұлғасындағы жалпылама жақты сөйлемдер
Жалпылама жақты сөйлем І жақта да жасалады. Осы көзқарастағы ғалымдардың пікірінше, көбінесе жақтың жалғаудың көпше түрі осындай сөйлем жасауға бейім тәрізді.
Көбіне үндеу, біресе қимыл жасауға шақыру мағынасында қолданылады.
Қазақ тілінде көптік қана жекеше формада келген, мақал-мәтел мен афоризмдерге де осы құбылыс тән.
Бұлар негізінен ашық райлы формада келеді. Бірақ жақ жағынан да жалпыланған болады. Сөйтіп, мынандай мысалдарды жалпылама жақты деп есептеуге болады.
- Мұнан да жаман күнімде тойға барғанмын. /Мақал/
- Батырсыған жігітті
Жау келгенде көреміз.
Менменсіген жігітті
Дау келгенде көреміз. /Мақал/
ІІІ жақ тұлғасындағы жалпылама жақты сөйлемдер
Жалпылама жақтық мағына мақал-мәтелдердің, афоризмдердің ІІІ жақтық формалары арқылы да жасалады.
Мысалы:
- Досыңмен көп сөйлеспе,
Жолыңнан қалдырады.
- Дұшпаныңмен көп сөйлеспе,
Сағыңды сындырады. /Мақал/
- Көре-көре көсем болады.
Сөйлей-сөйлей шешен болады. /Мақал/
- Сұрай-сұрай Мекені де табылады.
Осы тәрізді мақалдардың ІІ жақ формасында қолданылуда да жиі кездеседі. Және олар осы қолданыстарында үш жаққа да тән іс-әрекетті көрсететіні айқын байқалады.
Көре-көре көсем боласың, Досыңмен көп сөйлеспе, Жолыңнан қаласың. Дұшпаныңмен көп сөйлеспе, сағыңды сындыраың/. Ал енді мына мысалдардан ондай ерекшеліктерді байқауға болмайды. Сондықтан бұларды белгілі жақты деп есептеген орынды /ІІ компонентің/.
Мысалы Ақымақты тыңдасаң, ішкен-жегенін айтады.
Ақылдыны тыңдасаң, көрген-білгенін айтады.
ІІ жақтың белгілі жақты сөйлемдер көбіне контексте тәуелді болуымен ерекшеленеді.
Міне, жоғарыда аталған бас мүшелерінің жасалу ерекшеліктері мен семантикалық сипаттары жалпылама жақты сөйлемді бір құрамды сөйлемдердің жеке бір типтік түрі ретінде тануға мүмкіндік береді.
Жалпылама жақты сөйлемдердің бас мүшесінің жасалуы.
Баяндауыш жақ формасы
- Ашық райлы ІІ жақ тұлғасы
Мысалы: Ер қадірін іс түскенде білерсің.
Етік қадірін қыс түскенде білерсің. /Мақал/
- Бұйрық райлы ІІ жақ тұлғасы
Мақтанып жүрме
Сақтанып жүр. /Мақал/
- І жақ тұлғасы
Қысыла-қысыла қыз болдым /Мақал/
- ІІІ жақ тұлғасы
Ашуланса, көшке берген тайлығын алсын /Мақал/.
2.6. Ауыспалы жақты сөйлемдер
Жақты сөйлемнің ауыспалы деген түрі қазақ тіл танушыларының көпшілігінің назарынан тыс қалып келеді. Алайда аталған сөйлемнің түркі тілдеріне тән екендігін өткен ғасырда М. Казембек көрсетіп кеткен болатын: «Третье лицо личного и притяжательного местоимения в разговоре из учтивости часто заменяет второе лицо», десе /27;350-351/. А. Коклянова мұндай фактінің өзбек тілінде де бар екенін: «…подлежащее опускается при сказуемом, выраженном повелительной формой глагола. Сама форма указывает и подчеркивает просьбу, повеление, а не лицо, к которому относятся просьба и повеление», — дей отырып:
Иброхим /домлага чой тутади/ — Олсинлар. /Яшин П./
«Ибрагим /подносит домле чай/ — Возьмите/ досл. «пусть возьмут» /немесе «Эй, домла, садитесь, пожалуйста»/досл. «пусть сядут»/.
Эй, домла, қани-қани, мархабат утирсинлар /Яшин П./ — деген мысалдарды келтіре отырып, сөйлем баяндауыштарының ІІІ жақ көпше түрдегі етістіктерден жасалғанымен, сөйлемдегі қимыл ІІ жаққа арналғанын тілдік фактімен дәлелдеп көрсетеді. /28-85/.
Ауыспалы жақты сөйлем қазақ тілінде тек А. Әбілқаевта ғана аталып өтеді. /13,22/.
Шындығына, ауыспалы жақты сөйлем — өзіне тән семантика-грамматикалық ерекшелігі бар жақты сөйлемнің бір түрі. Белгілі бір ұқсас жақтары болғанымен белгісіз жақты сөйлемнен де, жалпылама жақты сөйлемнен де ерекшеленеді. Ол ерекшелік баяндауыштың грамматикалық тұлғасы мен сөйлемдегі ойға субъектінің катысынан көрінеді. Дәлірек айтсақ, баяндауыш формасы белгілі бір жақта тұрғанымен, сөйлемдегі ой белгісі бір жақта ғана /үш жаққа бірдей емес/ қатысты болады.
Мысалы:
Ай, Сапар-ай, осы әдетімізді қашан қояр екенбіз?
Сөйлем баяндауышы І жақ көпше түрде тұрғанымен, сөйлемдегі ой тек ІІ жаққа арналып тұр. /қашан қоясың деген мағынада/.
Ал бұл типті сөйлемге айтушының өзінің /Іжақ/ не бөгде жақтың /ІІІ/ қатысы бар деу күмән туғызады.
Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдерді зерттеп жүрген Ж. Садуақасов мұндай сөйлемдерді жалпылама жақты сөйлемдердің аясында қарастырады. Автордың келтірген:
Ал, мықты болсаң, осыдан кейін тырыспай көр. Күйіп бара жатсаң, қалай сыпайы боларсың /С.Асылбеков/.Уа, Албанның баласы, неге жиналдың, басыңа күн туған соң жиналдың? Ұзынды күні бір ауыз сөз айтпай, ұйлығып отырамысың, түге?! /М. Әуезов/. — деген мысалдары жалпылама жақты сөйлемге жатады деу қиын /19;130-139/.Сөйлемдер баяндауышы ІІ жақ тұлғасында келгенімен, сөйлемдегі ой тек ІІ жаққа немесе үш жаққа ортақ сипат алған деуге болмайды.
Алғашқы екі сөйлемде баяндалған іс-әрекет тек қана айтушыға /дәлірек айтсақ, І жаққа ғана/, ал соңғы сөйлемдегі ой І және ІІ жақтарға арналған, бұған ІІІ жақтың /олардың/ қатысы жоқ екені сөйлем семантикасынан аңғарылады.
Жалпылама жақты сөйлемнен ажырату үшін ауыспалы жақты сөйлемнің жасалу жолдарына бөліп көрсетуді жөн көрдік:
1) баяндауыш тұлғасы І көпше түрде келгенімен, сөйлемдегі ой І жақ жекеше формасында қолданылады:
Мысалы: Біз бұл жұмысымызда мына мәселеге тоқталмақпыз. Ғылыми стильге тән мұндай құрылымда субъекті І ғана адам болу мүмкіндігі белгілі жайт.
2) Сөйлем баяндауышы І жақ көпше түрде, тұрса да, сөйлемдегі ой ІІ жаққа /жекеше, көпше/ бағытталуы мүмкін:
Әй, балалар-ай, үлкендерді алдауды қашан қоямыз осы?
3) Баяндауышы формасы ІІ жақта /анайы, сыпайы/ тұрғанымен, сөйлемдегі ой І жаққа бағытталады.
— Көргенімді айтсам, жүріп отырып ең түпкі бөлмеге кірдім. Қараңғылығы соншалық — еш нәрсені түстеп көре алмайсың.
4) Баяндауыш формасы ІІІ жақта тұрғанымен, сөйлемдегі ойға І және ІІ жақтық субъектілер қатысты болады.
— Жақан-ай, былтырғыдай көлге барып, балық аулар ма еді, шіркін!
Ауыспалы жақты сөйлемнің жалпылама жақты сөйлемнен негізгі ерекшелігі — сөйлемде баяндалған ойға үш жақтың ба бірдей қатысты болмай, тек /І мен ІІ немесе ІІ мен ІІІ жақтар/ қатысты болуында. Ал жалпылама жақты сөйлемде баяндалған іс-әрекет, ой үш жаққа бірдей жалпылық сипат алуымен ерекшеленетінін ескеруіміз қажет.
Қорытынды
Тіліміздегі бір құамды сөйлемдер – өзіндік құрылымдық-семантикалық ерекшелігі бар жай сөйлемнің бір түрі. Ғ. Мадина қазақ тіліндегі жақсыз сөйлемдерді зерттесе, Ж. Сәдуақасов бір құрамды сөйлемдерді, А. Шойбекова сөз-сөйлемдерді арнайы зерттеді.
Бір құрамды сөйлем деп бір ғана бас мүшелі предикативтік құрылымда келіп, синтаксистік құрылымы жағынан екінші бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтін жай сөйлем түрін айтамыз.
Оның қазақ тіліндегі зерттелеу жайы әлі де айқындай түсуді қажет ететін жайттардың бар екенін көрсетеді.
Жақты сөйлемнің өзге түрлерімен арақатынасы, баяндауышының жасалу жолдары т.б.
Белгілі жақты сөйлемде іс-қимыл нақты субъектіге бағытталады. Негізінен, әсіресе, бас мүшесі ІІІ жақта келген түрі контексте тәуелділігімен ерекшеленеді.
Жалпылама жақты сөйлемнің ең басты ерекшелігі — бас мүше білдіретін жақтық абстракцияланып, үш жаққа да ортақ сипат алуында. Бұл — оны жақты сөйлемнің өзге түрлерінен ажырататын басты белгісі.
Белгісіз жақты сөйлемде іс-қимыл әйтеуір бір субъект арқылы орындалғаны байқалады, мұнда жалпылама жақты сөйлемдердей үш жаққа да ортақ әрекетті білдіру сипаты жоқ.
Жалпылама жақты сөйлемдердің ауыспалы жақты сөйлемге ұқсастығы көп. Өйткені жалпылама жақты сөйлемнің өзі бас мүшені жасап тұрған жақ формасының абстракцияланып, ауыспалы мәнде қолданылуынан қалыптастады. Десе де ауыспалы жақты сөйлемдер білдіретін мағына жалпылама жақты сөйлемдердегідей үш жаққа ортақ сипат алмай, бір ғана жаққа не жақтар тобына бағытталады.
Басты ерекшелігі — бас мүше /предикат/ білдіретін жақтық мән ауыспалы мағынады абстракцияланған, сөйтіп үш жаққа да ортақ мағынаны білдіретін мәнде қолданылуы.
Жалпылама жақты сөйлемдердің бас мүшесі негізінен ашық және бұйрық райдың ІІ жақтың жекеше формасында және кейде І жақтық жекеше және көпше формасында, сирек те болса ІІІ жақта жасалады.
Сонымен, бір құрамды сөйлемдер жөнінде жоғарыдағы келтірілген фактілер мен талдау мынадай тұжырым жасауға негіз болады.
Тіліміздегі бір құрамды сөйлемдер — жақты сөйлемнің өзге түрлері секілді тілдік экономия заңының нәтижесінде туындаған, бастауыштың түсірілуі нәтижесінде баяндауыш мүшеге негізделген сөйлем типі.
Зерттеу жұмысының қорытындысы ретінде төмендегі кестені ұсынамыз:
Бір құрамды сөйлемнің түрлері
Бір құрамды сөйлем түрлері |
ұқсастығы |
Негізгі белгісі |
мысалдар |
Жақсыз сөйлем |
субъект
нақты
лексикалық
сөзбен
берілмейді
|
Грамматикалық бастауышы болмайды |
Оған сенуге болмайды (С.С.). |
Жалпылама жақты сөйлем |
Үш жаққа да қатысты ой баяндалады |
Жақсыдан үйрен, жаман-жирен/мақал/ |
|
Белгісіз жақты сөйлем |
Белгісіз бір субъект арқылы орындалған ой баяндалады. |
Оған электр жарығын пайдаланады /С.М./ |
|
Ауыспалы жақты сөйлем |
Баяндауыш формасында көрсетілген жақтан басқа субъект арқылы орындалар оқиға баяндалады. |
Аңқау құрбым-ау, ел сөзіне сене беретін әдеттен қашан құтылар екенбіз? |
|
Белгілі жақты сөйлем |
Сөйлемдегі ой баяндауыш формасында көрсетілген жақ арқылы орындалады. |
Аттың басын тежей бердім. /Б.М./ |
Пайдаланылған әдебиеттер
- Шахматов А.А. Синтаксис русского языка. Л., 1941.
- Расулов И. Односоставные предложения в современном узбекском литературном языке. АДД. Ташкент,1973.
- Виноградов В.В. Грамматика русского языка. М., 1960.
- Закиев М. З. Синтаксический строй атарского языка. Казань, 1963.
- Ахматов И. Главные члены предложения. Нальчик, 1978.
- Кунаа А.Ч. Простое предложение современного тувинского языка. Кызыл, 1970.
- Аманжолов С. Қазақ әдеби тілінің қысқаша курсы /2-басылымы/ А.:1994.
- Жиенбаев С. Синтаксис мәселері. А.:1954.
- Қазақ тілі грамматикасы. А.:1954.
- Мадина Ғ. Қазіргі қазақ тіліндегі жақсыз сөйлемдер. А.:1959
- Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. А.1959.
- Әбілқаев Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. А.:1963
- Төлегенов О. Жалпы модальды және мақсат мәнді жай сөйлем топтары. А.: 1968.
- Балақаев М. «Қазіргі қазақ тілі». Синтаксис. А.:1992ж.
- Сәдуақасов Ж. Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдер. А.: 1996ж.
- Балақаев М., Сайрамбаев Т. «Қазіргі қазақ тілі». А.:1997.
- Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. А., 1998.
- Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
- Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещений. М.:1956.
- Белошапкова В. Современный русский язык. М.:1992.
- Розенталь Д.Э., Теленкова М.А. Словарь-справочник у лингвистических терминов М.:1983
- Валгина Н.С. Современный русский язык М.:1961
- Севортян Э.В. О некоторых вопросах структуры предложения в тюркских языках. В кн. Исследования по сравнительной грамматике тюрских языков. Синтаксис. М: 1961г.
- Тойчубекова Б. Односоставные предложения в киргизском литературном языке. АДД. А. 1994г
- Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. А.:1996.
- Садуақасов Ж. Белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдер. Қазақ тілі мен әдебиеті. №4-5, А.:1996.
- Казем-Бек. Общая грамматика турецко-татарского языка. Казань, 1846.
- Коклянова А.А. Нормы согласования в узбекском языке. В кн. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. ІІІ Синтаксис,М.:1961