ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті
Қазақ филологиясы кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу формасы
Реферат
Жұмыстың тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу формасы.
Жұмыстың көлемі: 40 бет
Пайдаланылған әдебиеттер саны:
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, «Жанасудың зерттелуі» атты бірінші тараудан, «Жанасудың жасалу жолдары» атты екінші тараудан; бұл тарау «Жанасуға қатысты көмекші сөздер», «Есімді жанасулар, олардың түрлері», «Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары», “Жанасудың морфологиялық өзгерісі” деген бөлімдерден және қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: Жанасу, бағыныңқы сөз, басыңқы сөз, көмекші сөздер, байланысу формасы, сөз тіркесі (есімді, етістікті), сөз таптары.
Жұмыстың негізгі мақсаты мен міндеттері: Қазақ тілінің сөз тіркесі синтаксисіндегі байланысу формаларының бірі — жанасудың орнын, жасалу жолдарын, түрлерін анықтау. Мектеп грамматикасында берілетінін және қабысудан бөлек байланысу формасы екенін көрсету.
Жұмыстың жалпы сипаттамасы:
Кіріспе бөлімде жұмыстың мақсаты мен сөз тіркесі синтаксисі туралы айтылады.
Негізгі бөлімнің бірінші тарауында ғалымдардың зерттеулері бойынша жанасудың зерттелуіне қарау көзделінеді. Қазіргі кездегі сөз тіркесін зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектері негізінде жанасу байланысу формасын анықтау.
Екінші тарауда жанасуға қатысты көмекші сөздер және олардың жасалу жолдары, морфологиялық өзгерісі туралы сөз болады.
Қорытындыда жұмыстың негізгі мақсатын айқындап, жанасудың бесінші байланысу формасы екенін, өзіндік жасалу жолы бар екені айтылады
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ…………………………………………………………………4
1 ЖАНАСУДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ………………………………………….7
2 ЖАНАСУДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ…………………………….15
2.1 Жанасуға қатысты көмекші сөздер ……………………………….20
2.2 Есімді жанасулар, олардың түрлері ………………………………23
2.3 Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары ………………….26
2.4 Жанасудың морфологиялық өзгерісі…………………….………..34
ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………………….38
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР………………………………….40
ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТТЕР ……………………………………………41
Кіріспе
Тіл білімінің күрделі де қызық саласының бірі – синтаксис. Грек сөзінен шыққан «sintaxis» ойдың жемісін көрсететін сөйлемнің құрылысын зерттейді.
Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай негізгі екі салаға бөлінеді: 1) сөз тіркесінің синтаксисі. 2) сөйлемнің синтаксисі.
Қазақ тіл білімі тарихында Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбанов ерекше орын алады. Тілдік тәсілдердің жұмсалу жүйелерін айқындап, оларға өзінше ат қойып, айдар таққан кісі Ахмет Байтұрсынов болады да, олардың жұмсалу, даму, қалыптасу заңдылықтарын айқындауға ерекше күш жұмсаған профессор Құдайберген Жұбанов болды. Екеуі де кезінде әділетсіздіктің құрбаны болды да, олардың ізін жас ғалымдар жалғастыруда. Олар мақала, кітап, оқулықтар жазса да, докторлық, кандидаттық диссертация жазса да, А.Байтұрсынов құрастырған тілдегі фонетикалық, грамматикалық жүйелік пен ұғым, категория атауларын пайдаланады. Бір қатары Қ.Жұбановтың салған жолымен шұғылданады. Солардың бәрі – қазақ тіл білімінің табысы.
Сөз тіркестерінің құрамы, олардың түрлері, тәсілдері, байланысу формаларын қарастыратын сөз тіркесінің синтаксисі 1950 жылы бой көтеріп, оның мәселері көптеген ғылыми зерттеудің обьектілері болып, синтаксис ғылымының бір саласы ретінде қалыптасты.
Осы аталмыш ғылымның тарихына үңілетін болсақ, 1950 жылға дейін «сөз тіркесі» термині қалыптасқан жоқ болатын, тек сөйлемдегі сөздердің байланысы деп көрсетіліп жүрді. Дегенмен де бірен – саран еңбектерде оқта – текте кездеседі. Мысалы, 1948 жылы Ғ.Бегалиев пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің грамматикасында» сөз тіркесі термині айтылып, оған мынадай анықтама береді. “Сөздер жеке түрде де және бір – бірімен байланысып та айтылады, бір – бірімен мағына жағынан байланысқан бірнеше сөздердің тобын сөз тіркесі дейді”. [ 1. 149 ]
Қазақ тіл білімінің көшбасшылары А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінде сөйлем сөз болады да, сөз тіркесі синтаксисі туралы жазбайды.
Жоғарыда айтқанымыздай өткен ғасырдың 50-жылдарынан кейін ғана бұл термин қазақ тіл білімі саласында қолданысқа ие болып, 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» деген атпен көлемді кітап шығады. Қазақ тіл білімінің салалары – фонетика, лексика, және грамматика жөнінде жазылған елеулі еңбек болды. Ең басты жаңалығы – сөз тіркесі синтаксисінің бөлек қарастырылуы және сөз тіркесіне мынадай анықтама берілуі. “Сөз тіркесі дегеніміз – сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыста айтылған мағыналық тобы”. [ 2. 337.]
Бұдан соң шыққан еңбектердегі сөз тіркесі туралы анықтамаларға қысқаша тоқталатын болсақ. С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықпаевтың авторлығымен шыққан 1961 жылғы «Қазақ тілі грамматикасы» атты еңбекте: «Толық мағыналы екі я бірнеше сөздің бір – біріне тұлғалық әрі мағыналық жағынан бағына байланысуын сөз тіркесі дейміз», — деген анықтама берілген. [ 3. 27.] Ал 1971 жылы шыққан М.Балақаев пен Т.Қордабаев «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында сөз тіркесі жайлы мынадай пікір айтады: «Синтаксистік қарым – қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз».[4.15] «Қазіргі қазақ тілі» атты 2004 жылы шыққан еңбекте де тап осылай берілген (авторлары М.Балақаев, Т.Сайрамбаев).
Бұл жерден шығатын қорытынды, ғалымдардың пікірінше, кемінде екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз, яғни бағыныңқы мен басыңқы сөздердің тіркесі.
Ал кейбір ғалымдар сабақтаса байланысқан сөз тіркесімен қатар салаласа байланысқан сөз тіркесі бар екенін айтады.
Бұл салада елеулі еңбек етіп жүрген профессор Р.С.Әміров сөз тіркесі туралы былай дейді: «Синтаксистік қатынасты білдіру үшін толық мағыналы екі сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз».[5.11.]
Сонда сөздер сөйлемде салаластық қатынасқа түсіп байланысуы мүмкін дегенді айтады. Бұған мысал ретінде бірыңғай мүшелердің байланысуын келтіреді.Бұл байланыс түрін М.Балақаев 1949 жылы шыққан еңбегінде де атап өтеді. Әрине, бұл өз алдына сөз тіркесі синтаксисі зерттеу обьектісінің еншісінде.
Қай салада болмасын белгілі бір іспен шұғылданғанда сол іске керекті құрал – жабдықтар, материалдар т.б керек болатыны сөзсіз. Мысалы, сурет өнеріне түрлі бояулар , қағаз – қаламдар, материалдар т.б. қажет. Сол сияқты адам ойын бейнелеудің, қағазға түсірілуінің формасын сөз, сөз тіркесі, сөйлем бере алады. Ал сол құрылымдар өз ішінде белгілі ретпен, тәртіппен орналасқан болса, ойға қонымды, тілге оралымды келеді. Сондықтан осындай тәртіппен орныққан өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, оның мынадай белгілеріне қарау керек.;
- Сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады;
- Ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады;
- Тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Сөзіміздің басынан бері сөз тіркесі туралы анықтамаларды бір шамасын тізіп жазғанымыз, мәселенің мәніне бару және тақырыптың (бітіру жұмысының) сөз тіркесіне тікелей қатысы барын айқындау.
Әр ғылым ғылым болып қалыптасқаннан кейін оның қарастыратын мәселесі, зерттеу нысаны, мақсаты болады. Осының негізінде сол ғылымның айқын көрінісі пайда болып, бір жүйеге түседі. Сонымен сөз тіркесінің зерттеу нысанының мынадай типтері болады:
- Байланысу формалары. Олар – қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу.
- Байланысу тәсілдері – аналитикалық, синтетикалық, аналитика –
синтетикалық.
- Синтаксистік қатынас – анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық.
- Сөз тіркесінің түрлері – есімді, етістікті, ортақ басыңқы. Мысалы, алтын сағат қабыса байланысқан, анықтауыштық қатынастағы, есімді тіркес.
Сөз тіркесі кемінде толық мағыналы сөзден құрылғаннан кейін сөз тіркесінің белгілеріне сай және зерттеу нысанындағы заңдылыққа бағыну керек. Сөйлем болған соң, ол сөз тіркесінен, сөзден болады. Ал сөз тіркестері белгілі бір дәрежеде бір сөз екінші бір сөзбен байланысады. Соның нәтижесінде сөз тіркесінің синтаксистік байланысу формалары шығады.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі қазақ тілінде бес байланысу
формасы бар және бұл бізге мектеп бағдарламасынан таныс.
Бұл жұмысымызда байланысу формасының бесінші түрі – жанасудың зерттелу тарихы, жасалу түрі және оның түрлері жайында зерттеу жасалмақ. Бірінші тарауда жанасудың зерттелу тарихына кеңінен тоқталмақшымыз. Мұнда өткен ғасырдың бірінші жартысынан бастап қазірге дейін синтаксис саласын зерттеген ғалымдардың жанасуға берген анықтамалары және бұл байланысу формасын көрсететін мысалдар келтіріледі. Сонымен бірге осы бөлімде жоғары оқу орындарының оқулықтарында, мектеп грамматикаларында жанасудың синтаксистік байланысу формасы ретінде аталу керек пе, керек емес пе деген мәлімет жайында да сөз болады.
Екінші тарау жанасудың жасалу жолдарына арналады. Бұл тарау үш бөлімнен тұрады. Профессор Т. Сайрамбаевтың ғылыми зерттеуін негізге ала отырып, бұл жұмыстың тақырыбын кең түрде ашуға, қазіргі кездегі жанасудың берілу күйін ескеріп, жасалу жолдары, түрлері беріледі.
Өмірдегі барлық құбылыс, тіршілік, заман шырғалаңдары, адамдар арасындағы қарым – қатынас, табиғат суреттері көркем әдебиет арқылы санамызда жаңғыртылады. Сонда «көркем әдебиет — өмір айнасы» деп айтуымызға болады. Ал сол көркем шығарманың тілін, сөзін, сөз тіркесін, сөйлем құрылысын зерттеп қарау біздің еншімізде. Сондықтан да жанасудың жасалу жолдары, түрлеріне байланысты мысалдарды көрсету үшін осы көркем әдебиеттегі сөйлемдерді, сөз тіркестерін теориялық жағына сай алынады.Бұл тағы да халқымыздың сөздік қорының, сөз қолданысының кең көлемін, қыр – сырының мол қазынасын көрсетеді. Яғни осы байлықтың ашылуы барысында қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі синтаксисінің байланысу формаларын көрсетуге мол мүмкіндік береді.
1 ЖАНАСУДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Қазіргі кезде синтаксистің ең бір үлкен саласы сөз тіркесі екені даусыз. Бұл жайлы бірнеше мақалалар, монографиялар, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар да шығып отыр. Сөйтіп «сөз тіркесі» ұғымы қалыптасып, синтаксистің жан – жақты зерттеу обьектісіне айналды. Әйтсе де кейбір мәселелер арнайы қарауды қажет етеді. Әсіресе, сөз тіркесінің байланысу формалары туралы жайттарды айтса болады.
Сөз тіркесінің негізгі зерттеу обьектілерінің бірі болып табылатын байланысу формалары басқаларына қарағанда ең алғаш зерттеле бастады. Дегенмен әлі де болса олардың мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардағы берілу дәрежесі, әрқайсысының жасалу жолдары сияқты мәселелерін қарау керек.
Сөйлемде бірнеше сөз болса, олар бір – бірімен үйлесіп байланысуы міндетті. Үйлесімсіз құрастырылған сөйлем белгілі бір тиянақты ойды білдірмейді. Орын тәртібі арқылы түсінікті, тиянақты болып сөздер орналасса, онда сөйлемде сөздердің байланысу формалары пайда болады.
Сөздердің өзара байланысу тәсілдері негізінде қалыптасқан синтаксистік байланыс жүйесін сөздердің байланысу формалары дейміз.
Енді осы байланысу формалары біздің оқулықтарымызда қалай беріліп жүргеніне тоқталсақ. Сосын жұмыстың тақырыбына байланысты бірнеше анықтамаларды көрсетсек.
Қазіргі қазақ тілінде сөздердің байланысы бес түрге бөлінеді. Олар – қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
Синтаксистік байланыстың көп қолданылатын, сөздердің сабақтаса байланысуының бір түрі – қиысу.Бастауыштың жақтық, жіктік, көптік мағынасына сәйкестене баяндауыштың да сондай мағынада, сондай тұлғада байланысуын қиысу дейміз, яғни бастауыш пен баяндауыштың арасындағы байланыс. Сонда сөйлем болған жердің барлығында қиысу болады деп айта аламыз. Мысалы, мен көрдім, біз бардық.
Матасу – сөз тіркесінің құрамындағы бағыныңқы сөздің басыңқыға және басыңқының бағынынқыға қарай тұлғаланып байланысуы. Осылайша бірімен – бірі қарама – қарсы, матаса байланысатын сөздердің бірі ілік жалғауда, екіншісі тәуелдік жалғауда айтылады. Мысалы, ағаштың бұтағы, сенің дәптерің.
Бір қызығы матасу байланысу формасы 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шыққан мектеп грамматикасында кездеспейді.
Сөздердің синтаксистік байланысының үшінші түрі – меңгеру. Меңгеру – сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөздің басыңқымен мағыналық үйлесімі негізінде септік жалғауларының (іліктен басқа) біріне тұрып байланысуы; меңгерілетін сөз барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғауларының бірінде тұрады. Меңгеретін сөз етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады. Мысалы, жолда жатты, қойдан жуас, айтуға тілім жетпейді.
Қазақ тілінде өте жиі қолданылатын байланыс формасы – қабысу. Сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарының басыңқымен жалғаусыз, қатар тұру арқылы байланысы осылай аталады. Қабыса байланысатын сөздер тұрған орындарын өзгертпейді. Мысалы, темір күрек, биік тау, айтылған сөз, ілгері жүріп кетті деген сияқты тіркестер.
Жоғары оқу орындарына арналған оқулықта осылай байланысу формасының төрт түрінің анықтамасын, мысалдарын, түрлерін айтып келеді де, бесінші формаға келген кезде оқулықта жанасуға мынадай мәлімет береді: “Ал бірқатар қабыса байланысатын сөздер сөйлемдегі орнын өзгертіп, өздері бағындыратын сөздерінен қашықтап та тұрады. Ондай алшақ байланыс жанасуға жатады”. [ 6. 39]
Содан ойлаймыз, егер ол алшақ байланыс болса, неге біз оны синтаксистік байланысу формасының бір түрі деп аламыз, қабысудың ішінде қарастыра бермейміз бе? Осындай орынды сұрақ туады. Бірақ біз бұл сұраққа профессор Қ.Жұбановтың «Сөздер бір-бірімен жанасады» деген ұстанымы негізінде жауап береміз.
Ал ендi қазақ тiлiндегi байланысу формалары туралы мектеп оқулықтарында мынадай деп берiлiп жүр.
Бастауыш пен баяндауыштың жақ-жағынан бiр келкi (үш жақтың бiрiнде) болып, немесе көптiк мағынасы (көптiк тұлғалы,көптiк мәндi жалғау арқылы) жағынан бiр келкi болып келуiн олардың қыйыса байланысуы деймiз. Мысалы, мен келдiм.
Бағыныңқы мүшенiң белгiлi септiк жалғауда тұру арқылы басыңқы мүшемен байланысын меңгеру деймiз. Сонда барыс, табыс, шығыс, жатыс және көмектес септеудегi сөздердi, көбiнесе, етiстiк меңгерiп тұрады. Мысалы, бiлiмдiден шыққан, талаптыға болсын.
Сөйлемде iлiк және тәуелдiк жалғаудағы сөздердiң өзара байланысуын матасу деймiз. Ағаштың жапырағы, менiң жолдасым, сенiң талабың.
Бағыныңқы мүшелердiң бағынатын сөздермен ешбiр жалғаусыз қатар айтылу арқылы байланысуын қабысу деймiз.
Қабыса байланысатын сөйлем мүшелерi мыналар: 1.Жалғаусыз жұмсалатын анықтауыштар мен анықталатын сөздер: биiк тау, темiр пеш, қызық заман, саналы жас т.б. 2.Пысықтауыштармен оларға қатысты етiстiктер: тез кел, ақырын сөйле, жоғары көтерiлдi т.б. 3.Жалғаусыз айтылған пысықтауыштар мен оларды жетектейтiн етiстiктер: баяндама жасадым, арқан байладық, ел араладым, кiтап оқыдым т.б.
Бесiншi байланысу формасы туралы мектеп грамматикасын жазған ғалымдардың еңбектерiне назар салсақ.
Бұл туралы ғалымдарымыз қандай пікірде екенін көру үшін олардың еңбектеріне көз жібергенді жөн көрдік.
Осы кезеңге дейін сөз тіркестерінің байланысу формаларының берілуінде әр түрлі алшақтықты көруге болады. С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтар мектеп грамматикасында сөйлем мүшелерінің бір – бірімен байланысу жолының төрт түрін қиысу, меңгеру, қабысу, жанасу деп берсе, ал 1950 жылдардан кейін оған матасуды енгізгені белгілі. Осыдан кейін ғалымдар сөз тіркесінің байланысу формаларының бес түрі – қиысу, меңгеру, матасу, қабысу және жанасу деп бөліп береді. Осы пікірді Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев, Р.Әміров, Ш.Әуелбаев, Ғ.Әбуханов т.б. қолдайды.
Профессор М.Балақаев сөз тіркесі туралы арнайы еңбек жазып, олардың байланысу формаларына қарай 1949 жылғы мектеп грамматикасында беске бөліп берсе, ал жоғары оқу орындарына арналған оқулығында байланысу түрлерінің төрт түрін береді де, қабысудың бір түрі деп жанасуды атаумен шектеледі. Ал қазақ энциклопедиясының авторлары Ә.Нұрмаханова, А.Әбілқаев төртке бөліп жанасуды ескермейді.
“Сөз тіркесінің байланысу формалары сан жағынан да, атаулары жағынан да әр түрлі беріліп жүр. Бұл байланысу формаларының ішінде аталуы да, жасалуы да жағынан таласқа түсіп жүргені жанаса байланысу формасы”,-деп қазіргі кезде нақты, келелі пікір айтып жүрген профессор Т.Сайрамбаев[7. 35] Жанасу байланысу формасының төңірегінде, осы жерден, екі мәселені атап айтуға болады. Біріншіден, мектеп грамматикаларында арнайы түрде берілген жанасу формасы, жоғары оқу орындарының оқулықтарында еленбейді. Екіншіден, мектеп бағдарламасына сай жасалған оқулықтарда жанасудың жасалу жолдары жайлы да бірізділік жоқ.
1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шыққан мектеп грамматикасында жанасу былай көрсетілген: “Пысықтауыш пен баяндауыштың байланысын жанасу дейміз”. Жанасудың жасалу жолдары:
а) үстеу мен етістік – былтыр келдім, кеше келді,
ә) көсемше етістік – оқып келді
б) септік жалғаулы мезгілді, мекенді білдіретін – түнде келді, кешке келді т.б.
в) шылаулы сөз – етістік – адам баласы үшін күресті, оқу үшін келдім, сабақтан кейін барды, саған бола аялдадық. [8. 31]
Ал 1940 жылғы «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» деген еңбегінде негізінде осы пікірді қайталай келе, оған адам сияқты сөйледі деген модаль сөзді топты да жанасу деп біледі.
Ары қарай осы анықтамаларды жалғастыра берсек 1948 жылғы мектеп грамматикасында Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаевтар жанасу деп пысықтауыштың етістіктен болған баяндауышпен мағына жағынан жанамалап байланысуын атаймыз дейді де, мынадай мысал келтіреді: Алты жүк машина ауылдан қатарласып өте берді. Пысықтауыш болып тұрған «қатарласып» сөзі толықтауыш сияқты септеуде тұрған жоқ, я анықтауыш сияқты қабысып айтылмаған, көсемшеде тұрып баяндауышқа жанаса айтылған, дейді ғалымдар. [1. 149 – 151]
“Бағыныңқы мүшелердің өзі қатысты сөзімен жақын да, қашық та тұрып, мағыналық байланыста айтылуын жанасу дейміз”, — делінген 1949 жылғы М.Балақаевтың мектеп грамматикасында. Автор ойын былай жалғастырады: “Жанасу – қабысудың бір түрі. Жанаса байланысатын сөйлем мүшесі — мезгіл, көсемше тұлғалы қимыл пысықтауыштар”. [9.10] «Кеше мен де жиналыста болдым, асықпай сұраққа жауап бердім» деген сөйлемдердегі үстеу мен көсемшенің етістікпен тіркесін ғана жанасуға жатқызады. Жанасудың қабысудан негізгі айырмашылығы ретінде автор орын тәртібін басшылыққа алады. Бірақ осы принципті қолданғанымен, ғалымның қабысу мен жанасу байланысу формаларына берілген мысалдары араласып кетеді. Мысалы: «тез кел» дегенді қабысуға жатқызса, ал «кеше мен де жиналыста болдым» деген сөз тіркесін жанасуға жатқызады. Бір ғана үстеудің іргелес тұрып байланысуын қабысуға, ал алшақ тұрып байланысуын жанасуға жатқызады.
Бұл ғалымдардың пікірінше, алдыңғы авторлар жанасуды пысықтауыш пен баяндауыштың мағына жағынан байланысуы деп таныса, соңғы автор ең алдымен жанасуды қабысудың бір түрі деп алып сөз тіркесіндегі бағыныңқылардың басыңқыларға жақын да, қашық та тұрып байланысуын айтады.
1950 жылғы С.Аманжолов пен Ғ.Бегалиев алғашқы жанасуға берген анықтамаларын өзгертіп, жаңаша түрде ереже ұсынады: “Орын жағынан еркін, пысықтауыш сұрағына (қалай, қайтіп, қашан, қашаннан бері, не арқылы, қайткен сайын, кім арқылы, кейде кімнің арқасында?) жауап беретін сөйлем мүшелерінің пысықталатын сөз бен қарым – қатынасын жанасу дейміз. Сын пысықтауыштардан басқа пысықтауыштардың бәрі өзінің пысықтайтын сөзінен бұрын, бірде оған жақын, бірде одан алыс тұра береді. Мысалы, Қапаш еліне былтыр кетті.
Бұл келтірілген сөйлемнің пысықтауышын сол сөйлемдегі сөздердің ең басына шығарып қоюға да,ортасына да апаруға да болады”. [10. 87]
Осы жерде тағы да мынадай қорытынды жасауға болады. Ғалымдар байланысу формасының бес түрі болатынын және жанасуды сын пысықтауыштардан басқа пысықтауыштың етістіктен болған баяндауышпен мағына жағынан бірде жақын, бірде алшақ байланыс түрі деп атайды.
Әр жылдардағы осы байланысу формасына берілген анықтамаларға тоқталуымыз, жанасудың мәнін, байланысу түріндегі орнын, жасалу жолдарын анықтау және осы мақсатпен анықтамаларды салыстыру.
Кіріспеде көрсетіліп кеткендей 1954 жылы көлемді де елеулі еңбек шығады. Бұл еңбектің редакциясын басқарған профессор М.Балақаев болды. Сонда жанасу байланысу формасына біраз мәліметтер берілген. Біріншіден, түркі тілдерінің грамматикасында жанасуды синтаксистік байланыстың бір түрі деп қарамағанымен, мұндай фактының барлығы көзге көп түседі. Екіншіден, жанасуды қабысудың бір түрі деп қарастырып, оған «жанасу» деген атаудан гөрі «алшақ қабысу» деп атау әлдеқайда ұғымды болар еді дегенді айтады.
Мектеп грамматикаларының кейбір авторлары оны тек пысықтауыштың пысықталатын сөзімен байланысуы деп қарайды. Біз жанасуды тек алшақ байланыстағы пысықтауыш пен пысықталатын, анықтауыш пен анықталатын сөздердің қабыса байланысуының ерекше бір түрі деп қараймыз. [2.409]
Сөйтіп қабысудың алшақ тұрып байланысу түрін жанасу деп көрсеткен ғалымдар оның жасалу жолдарының мынадай болатынын айтады.
- Мезгіл және мекен пысықтауыштар:
Бүгін жұмысқа ерте кірістік.
Жоғары, төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса, сымпылдап (А)
- Көсемше тұлғалы қимыл пысықтауыштар:
Қасқырлар ажырайып бетімізге қарайды (Ғ.Мұстафин)
Ұлый – ұлый қасқыр сегіз болды.
- Зат есімдегі – ша, — ше, — дай,- дей… қосымшалары жалғанып болған сын пысықтауыштар:
Ол бізді танымаған кісіше алдымыздан өте шықты.
Ол мені танымағандай бетіме қайта – қайта қарады.
Сонда алшақ қабысу деп енгізіп отырған ұғымға қосымшалар жалғанып анықтауыш, пысықтауыш болған сөздер, не өздері қатысты сөздермен ғана мағыналық байланыста тұрып, одан қашықтап тұра алатын сөздер жатады.
Бір айтарлығы, М.Балақаев сөздердің синтаксистік байланысу түрлерінің бесеуін де атағанымен жанасуға келгенде, ол қабасудың бір түрі деп қарайды.
Өткен ғасырдың 50 жылдарынан кейін С.Аманжолов басшылығымен әр жылда мектеп грамматикасының оқулығы шығып тұрды. Осы оқулықтың 1961, 1976, 1987 жылдары басылған басылымдарында жанасу байланысу формасын қалай бергенін салыстырып көрейік. Ғалымдар бастапқы жылдары айта алмаған ойларын кейінгі жылдары толықтырып, оқушыларға түсінікті етіп беруге тырысады.
1961 жылғы мектеп грамматикасында: “Алдыңғы сөздің соңғы сөзбен шылаулар арқылы немесе ешбір жалғаусыз түбір тұлғаларында тұрып, орын жағынан бірде іргелес, бірде алшақ байланысуын жанасу дейміз. Мысалы: Бір минуттан кейін Радионның аты өзенге қарай шауып бара жатты (Е.М.) Бұл сөйлемдегі бір минуттан кейін, өзенге қарай дегендер шауып бара жатты деген сөзбен кейін, қарай деген шылаулар арқылы жанаса байланысқан. Бұларды байланысатын сөзінен алшақ қойсақ та, араларындағы қатынас үзілмейді: Өзенге қарай Радионның аты шауып бара жатты.
Мен ертең Мойынтыға аттанатын болдым.
Біз оларды дереу қарсы алдық (Ғ. Мұстафин)
Жанасу тіркесінің бірінші сыңары (бірінші сөзі) шылау тіркескен сөз не үстеу сөз болады да, екінші сыңары (соңғы сөзі) көбінесе етістік болады”. [3.24]
1971 жылғы М. Балақаев, Т. Қордабаевтың «Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығының «Шылау сөзді тіркестер» атты бөлімінде жанасу жайлы мынадай пікірлер келтіріледі: Үйге барайық, үйге таман барайық деген етістік сөз тіркестері мәндес болғандықтан, бірін екіншісінің орнына айтса да болар еді, бірақ аздап та болса ол тіркестердің айырмашылығы бар: ең алдымен, үйге барайық пен үйге таман барайық дегендердің мағынасы бірдей емес: алдыңғыда қимылдың жалпы бағыты, бет алысы айтылса, соңғыда ол бет алысты бұрынғысынан дәлдеп көрсеткен. Сол дәлділік үйге сөзінен кейін таман шылауын қойып айтудан болып тұр. Егер бұлардың білдіретін көлемдік мағынасын әлі де түрлендіргіміз келсе, оны үйге дейін, үйге қарай, үйге жуық, үйдің қасына, үйдің маңына дегендей етіп, оларды тиісті етістіктермен тіркестірер едік. Сонда сөз тіркестерінің құрамы бұрынғыдай есім және етістіктен ғана құралған болмайды, есім мен етістің арасына дейін, таман, қарай, қасына, жуық, маңына тәрізді шылау сөздер қойылады.
Ондайда шылаулар сөз тіркесінің грамматикалық мағыналарын толықтырып, есім мен етістікті өзара байланыстырушы аралық дәнекер болады. Етістікті сөз тіркестерін құрауға қатысқан шылаулар – демеуліктер мен көмекші есімдер.
Демеуліктер сөз тіркестерінің құрамында өздерінен бұрын айтылатын есімдердің белгілі септікте тұруын керек етеді де, сол жетегімен етістікке бағынады. Оны схемамен көрсетсек былай болар еді:
Демеулер қатысты етістікті сөз тіркестері әр түрлі мағыналық қатынаста жұмсалады. Олардың басты-бастылары мыналар:
Көлемдік. Әр түрлі көлемдік мағынада айтылатын ондай сөз тіркесінің құрамында мына демеулер болады: таман, қарай, дейін, шейін, жуық, арқылы.
Жылқылар батысқа таман ығысты(Ғ. Мұстафин). Абай мен Оспан өзенге қарай беттеді. Қарқаралыдан Шығысқа дейін жүретін жол ұзақ(М. Әуезов). Ағам мені Қостанайға дейін шығарып салды(С. Көбеев)
Осы авторлардың 1976 жылы шыққан мектеп грамматикасында бұл байланысу формасы жайлы қандай пікірде екенін айтып, жасалу жолдарының жаңа үлгілерін ұсынады. “Бағыныңқы сөздің басыңқы сөзбен ешбір жалғаусыз, тек орналасуы жағынан бірде іргеліс, бірде алшақ тұрып байланысуын жанасу дейміз”.
Мысалы: Кенет Мария Викторовна қарқылдап күліп жіберді (С.Сарғ.) деген сөйлемдегі кенет, қарқылдап деген сөздер күліп жіберді деген сөзбен жанаса байланысқан:
кенет
күліп жіберді
қарқылдап
Бұл сөйлемде кенет деген бағыныңқы сөз күліп жіберді деген басыңқы сөзден алшақ тұрса, қарқылдап деген бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен іргелес тұр.
Жанасудың бағыныңқы сөзі негізінде үстеуден, етістіктің көсемше түрінен болады, сонымен қатар сан есім мен мезгіл өлшемін білдіретін секунд, минут, сағат, ай, жыл сияқты зат есім тіркесі (ол он минут сөйледі), сілтеу есімдігі мен түні, күні, жылы деген зат есім тіркесінен болады. [11.37]
Бұл мәселе 1980 жылғы мектеп грамматикасының басылымында біраз өзгеріске түскенін көруге болады. Онда авторлар жанасудың жасалуына үстеу, көсемше, сан есіммен мезгіл өлшемін білдіретін секунд, минут, сағат, ай, жыл, сілтеу есімдігімен түні, күні, жылы деген зат есімдердің тіркесінен болады деп көрсеткен.
Мұның алдындағы еңбектерде жанасудың бағынынқы сөзі шылау мен үстеуден болады десе, енді бұл грамматикада сан есім мен зат есім тіркесінен де бағыныңқы сыңар болатынын жазады
Осы еңбектен он жылдай уақыт кейін шыққан 1987 жылғы оқулықта жанасуға байланысты ережені, негізінен, осылай қайталап айтып, солай береді. “Жанасу сөйлемде пысықтауыш пен пысықталушы мүшенің арасындағы, сөз тіркесінде бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің, арасындағы байланыс болады. Сөйлемде жанаса байланысқан сөздер алшақ та, іргелес те тұра береді; сөз тіркесінде іргелес тұрады”, — дей келіп мынадай мысалдар келтіреді:
“Бұл сөз Мақсаттың құлағынан өмір бойы кеткен жоқ. Қарт енді өз өмірін ойлап отырған жоқ. Сейітхан жайма төсек үстінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Жер астындағы жұмыс – ауыр еңбек болудан әлдеқашан – ақ қалыпты”. Міне, осындай тіркестерді жанасуға жатқызады.[12. 46 – 47]
Х. Арғынов жанасуға қимыл сын үстеулерінен басқа үстеулер негізгі сөзбен шылау сөздердің тіркесіп пысықтауыштық қатынаста жұмсалуын жатқызады. Биыл да совет елі зор табысқа жетті, коммунизмге қарай ілгері жылжыды деген сөйлемдердегі асты сызылған сөздер мен сөздер тобын жанасу деп біледі. [13. 132]
Қазақ тілінде бес байланысу формасы бар деген пікірді қолдаушылардың бірі – ғалым К. Қабиева. Бұл зерттеуші де алдыңғы ғалымдардың пікіріне қосылып, бірсыпыра пысықтауыштардың етістіктен болған баяндауыштармен орын талғамай байланысуын жанасу дейміз, деп көрсетеді. Сөйтеді де, жанасудың жалғаусыз жанасу, жалғаулы жанасу, шылаулы жанасу деген түрлерін атайды. Жанасу да қабысу сияқты ешбір жалғаусыз байланысады, бірақ жанасу арқылы байланысқан сөз орын талғамайды. Мысалы: Ұялмай, қарғам, бір сайра, біз де алалық үлгіні (Крылов).
Жалғаулы жанасуға мынадай мысалдар келтіреді: Бүгін күн кешке суытады. Сен жақсы бағаны ұқыпты әзірленгендіктен аласың. Ол кіре бергенде етпетінен түсті. Қашан? Неліктен? деген сұрауларға жауап береді.
Жанасудың үшінші түрі шылаулы жанасуға: Бір тонна мұнай алу үшін кейбір скважиналар жүз тоннаға дейін су тартады (З. Қабдолов). Айжан жұмысын бітіргеннен кейін қалаға кетті. Күн кешеден бері бұлтты болып тұр.
Бұдан атау септігінде тұрған сөз және барыс, шығыс жалғаулы сөздер шылаулар арқылы баяндауышпен жанасатынын көреміз. Баяндауышпен жанасатын көбінесе үстеуден болған жалғаулы, жалғаусыз пысықтауыштар десек, одан кейінгі жиі кездесетіні – көсемше арқылы байланысу.
Міне, ғалым жанасудың жасалу жолдарын жасауда біршама осындай пікір айтады.
“Басыңқы мүше мен бағыныңқы мүшеледiң ешқандай жалғаусыз және белгiлi орын таңдамай, өзiнiң байланысатын сөзiмен тетелес тұрып та, алшақтап тұрып та байланысуын жанасу деймiз”, — дейдi ғалым Ғ.Әбуханов “Қазақ тiлi”атты еңбегiнде, осылай дейдi де, олардың жасалу жолдарын көрсетедi:
Жанаса байланысатын, көбiнесе, пысықтауыштар мен пысықталатын сөздер болады. Олар мына төмендегi тұлғаларда қолданылады.
1.Мезгiл үстеулерiнен болған пысықтауыштар.
Кеше ғана бiздiң кеме өз жерiнен жүздеген километр қашық, алыстағы теңiзде болатын (Л.Кассиль).
2.Септiк жалғаулы есiм сөзiне шылау тiркесiп айтылуымен де жанаса байланысқан пысықтауыш болады.Мысалы:
Оқушылар өзенге қарай топ-тобымен кетiп барады.
3.Атау тұлғалы есiм сөздерiнен кейiн шылау сөздер тiркесiп айтылуы арқылы да жанаса байланысқан пысықтауыш жасалады.Мысалы:
Бiз күн сайын ертемен суға шомыламыз.Ертеңгi күннiң ауа райын радио арқылы колхоздарға хабарлап тұрады.
Енді қазіргі кезеңдегі, еліміз егемендік алғаннан кейінгі, қазақ тіл білімі еңбектерінде жанасу деп қандай анықтаманың, формалардың айтылып жүргенін білу үшін 1994 жылы шыққан С. Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша» курсы деген еңбекте жанасу туралы былай делінеді: «Сөйлемдегі сөздер қиысу, қабысу, меңгеру, меңгерілуден басқа да қарым-қатынасқа енеді. Бұл өзгеше қарым-қатынасты біз жанасу деп атадық. Жанасу – жалғаусыз, шылаулы пысықтауыштардың пысықталушы сөздермен байланысы.
Жанасатын сөздер: үстеулер және жалғау арқылы емес, шылау арқылы бірімен-бірі байланысатын сөздер. Бірақ сын есімдер жанаспайды(пысықтауыш болғанмен олардың орны берік). Мысалы, Қапан жақсы оқыды.
Әрине, шылаулы сөздің жалғаулы сөзге кейде ұқсасы да бар(мысалы: үшін-ға), бірақ бұлар, яғни шылаулы сөздер, жалғаулы сөзден гөрі тиянақты келеді. Кейбір шылау жалғаулы сөзді меңгереді. Сондықтан екеуін бір нәрсе деуге келмейді. Жанасушылардың орны басқадан гөрі еркін. Міне, сондықтан, бұларды жанасушы сөздер дедік. Жанасушы сөздер өзінен соңғы сөзге жанасады. Дәлін айтқанда, сөйлем мүшелерінің ішінен пысықтауыш қана басқа сөздерге жанасады. Мысалы: Біз отан үшін істейміз(отан үшін>істейміз). Жастар күн сайын өсіп келеді (күн сайын>өсіп келеді). Жастар өнегелі болу туралы баяндама жасалды(болу туралы>жасалды). Олар былтырдан бері социалистік жарысқа тусіп, істеп келді(былтырдан бері>істеп). Біз Одессаға Баку арқылы бардық (Баку арқылы>бардық). Аэроплан Балқашқа қарай ұшты (Балқашқа қарай>ұшты). Адам оқу арқылы жетіледі. Біз жаңбырдан соң келдік. Ағасымен бірге театрға барды. Адам сияқты сөйледі. Ойыннан кейін би болды.
1998 жылы шыққан «Қазақ тілі» энциклопедиясына назар аударсақ. Онда жанасуға мынадай анықтама беріледі.
“Жанасу – бағыныңқы сөздің басыңқы сөзбен ешбір жалғаусыз, талғаусыз орын тәртібі және шылаулар арқылы байланысуы . Жанасу байланысып тұрған бағыныңқы сөз сөйлем құрамында орын талғамайды, басыңқы сыңар мен іргелес те, алшақ та, араларына сөз салып та байланыса береді. Мысалы; ертең барады; ертең үйге барады; ертең ұйықтағанға дейін барады”.
Бұл еңбекте де жанасу қабысудың бір түрі ретінде айтылып жүргені туралы айтылады. Бірақ оның қабысудан айырмашылығы – тіркес аралығына сөз сыналауға болатындығы және құрамындағы сөздердің бір – бірінен алшақ тұра алатындығы деп көретіледі. Бұл – қазақ тіл білімінде орныққан пікір. Алайда бағыныңқы сыңар құрамында көмекші сөздері бар түйдекті тіркестердің басыңқы сыңар мен байланысын сөз тіркесінің қандай түріне жатқызу төңірегінде нақты пікір жоқ. Мысалы, тауға қарай кетті – жанасу, көпірдің үстімен өтті – меңгеру (Әуелбаев Ш); кешке дейін тыныстамады, миллионға жуық оқушы, екі жүзге таяу адам – меңгеру, екі күн өткен соң көшті, мінейік деп асыққан-ды – жанасу, отыз – қырықтардың шамасындағы адам – қабысу (Сайрамбаев Т.)
Осындай тіркестерге мысалдар келтіріп, оларды ғалымдардың пікірімен байланыстырады. Сөйтіп жанасуға байланысты айтылған ойды түйіндей келе, бұл сөз тіркестерін былай топтастырады. “Күрделі сөз тіркестері сөз тіркесінің мынадай түріне жатады: тауға қарай кетті, кешке дейін тыныстамады, екі күн өткен соң көшті, мінейік деп асыққан-ды – жанасу, себебі бағыныңқы сыңар мен басыңқы сыңар арасына басқа сөз сыналауға болады. Көпірдің үстінен өтті – меңгеру; миллионға жуық оқушы, екі жүзге таяу адам, отыз-қырықтардың шамасындағы адам – қабысу”.[14.137]
Міне, жанасу байланысу формасының зерттелу тарихынан аңғарғанымыздай, мектеп грамматикасында жанасу 1939 жылдан бастап байланысу формаларының бір түрі ретінде беріліп жүр. Қазіргі кездегі мектеп оқулықтарында да жанасу туралы осындай анықтама береді. Бірақ жанасудың жасалу жолдарына келгенде бірізділік әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Мұны жоғарыда көрсетілген анықтамалар бойынша жанасуға берілген мысалдардан көруге болады. Сөз тіркестерінде септік жалғауымен де келетін байланысу түрлері кездеседі. Ал қазақ тіліндегі сөз тіркесінің синтаксисіндегі байланысу формасының меңгеру деп аталатын түріне осы мысалдардың кейбірі сәйкес келеді.
Сөз тіркесінің байланысу формалары туралы зерттеу жүргізіп жүрген профессор Т.Сайрамбаев бұл байланысу түрі жайлы былай дейді: “Меңгеруге барыс, табыс, жатыс, шығûс және көмектес жалғаулы сөздер және ол сөздермен түйдектеліп келетін көмекші сөздердің тіркесі жатса, ал қабысуға іргелес те және алшақ тұрып та жұмсалатын етістікті сөз тіркестері ғана қатысты деп білеміз. Жанаса байланысу формалары үшін ең негізгі критерий – негізгі сөздерге көмекші сөздердің тіркесі құрамының аясында (меңгерудегіні есептемегенде) ғана сөз болуы тиіс. Сонымен негізгі сөз бен септік жалғаусыз көмекші сөздердің түйдекті түрлері және көнеленген септік жалғаулы сөздердің етістікпен де тіркесін жанасу дейміз”. [7.39] Яғни бағыныңқы сөз нөлдік тұлғада тұрып, басыңқы сөзбен көмекші сөздер арқылы байланысуы.
Жалпы, жанасу сөзiнiң қарапайым тiлiмiздегi мағынасын алып қаратайтын болсақ, ортақ етiстiң жұрнағы арқылы жасалып тұрған етiстiк, -у жұрнағы осы жанас етiстiгiнiң қимыл атауы.Сонда “жанасу” сөзiнiң мәнi бiреуге не болмаса бiр нәрсеге, я құбылысқа екiншi бiр нәрсені, я құбылысты жанастыратын сөздер (адам) болып табылады. Мiне, жанасу сөзiн бiздiң сөздiк қорымыздан көруiмiзге болады екен.
Бұл жұмыстың айтар ойы осы ғалымның пікірімен сабақтасып, жанаса байланысу формасының жасалу жолдары, түрлері келесі тарауда көрсетіледi.
2 ЖАНАСУДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Cөздің, сөз тіркесінің де «табиғи» жұмсалу «айналасы», өмір сүру жағдайы болатындай, сөз тіркесінің жанасу байланысу формасының да жасалу жолдары, құрамы, түрлері бар. Қай ғылым саласын алсаңыз да онда белгілі бір сараланған, сұрыпталған, дағдыланған жол болатыны ақиқат. Сол жолдармен ол ғылым дамып, өмір сүру жағдайын кеңейтіп, өзінің ғылым тарихында орын алып қалуына, мүмкіндігінше, теорияға сай ат салысады. Сондықтан да жанасу байланысу формасының жасалу жолдарына ғалымдардың ой тұжырымдарын, зеттеулерін қарастыра отырып жаңа бағыт жасасақ.
Жалпы жанасудың осы күнге дейінгі жасалу жолдары меңгеру, қабысу тәсілдерінің жасалу жолдарымен араласып жататынын анық көруге болады. Профессор М. Балақаевтың 1949 жылғы мектеп грамматикасы мен онан кейінгі ғылыми еңбектерінде, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда жанасу қабысудың бір түрі деп келгені айқын. Сондықтан біз де жанасу туралы әңгіме болғанда тілдегі қабыса алатын сөздер тобының төңірегінде сөз болуы тиіс деп білеміз.
“Жалпы жанасуды меңгерумен араластыра қарастыру ғылыми да практикалық жағынан да дұрыс емес”, — деп көрсетеді ғалым Т.Сайрамбаев. Ал ғылыми еңбектерде меңгеруге барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы сөздердің таза және ол сөздерге шылаулардың тіркесіп келуін жатқызып келеді. Ол тұлғалы сөздер әрі толықтауыштық, әрі пысықтауыштық қатынаста жұмсалады деп анық берілген. Бұл мектеп грамматикаларында жанасуға осы септік жалғаулы сөздердің таза түрін де (мейлі ол толықтауыш, мейлі пысықтауыштық қатынаста болсын) меңгеруге, ал шылау арқылы тіркестерін жанасуға жатқыза салады. Сонда теориялық білім мен мектеп грамматикалары арасында сәйкестік бола бермейді. Мектепте бір түрлі, ғылымда бір түрлі оқыту мәселенің шешіміне әсері тимесе керек.
Негізгі сөз бен шылаулы сөздердің тіркесін жанасуға жатқызуда ғалымдар олардың алшақ тұрып та тіркесетінін негізге алады. Мысалы, Мұқаш сабақтан кейін театрға барды. Шындап келгенде меңгеріле байланысқан сөздердің барлығы да өзі қатысты сөздермен орын таңдамайды емес пе? Бұлай болса бірін онда, бірін мұнда қалдырып ереже көбейтуден ұтатын не бар. Септік жалғаулы сөздерге шылаулардың тіркесіп, тек меңгеру деп беруден ұтылатынымыз жоқ. Бұған қоса меңгерудің аясында кеңею процесі басым болады. Негізгі сөздерге тек шылаулар ғана тіркесіп қоймайды, қазіргі кезде негізгі сөздермен бірлікте көмекші есім, көмекші етістік және модаль сөздер де жұмсала береді. Бұған қарағанда, жалпы барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы сөздер мен шылау, көмекші есім, көмекші етістік және модаль сөздердің де тіркесіп келуін(септеліп келгенде) тек меңгеру аясында қалдыру жанасудың жасалуындағы бір мәселені оңайлатады. Жанасудың жасалу жолдарын меңгерудің жасалу жолдарымен шатастырмау керек екенін ескеру қажет.
Жоғарыда ескерткеніміздей, жанасуды жоғары оқу орындарының оқулықтарында қабысудың ішінде қарастыратынын айтқан болатынбыз. Бірақ синтаксистік байланысу формаларының қатарында жанасудың аталатынын және оның мектеп грамматикасында арнайы берілетіні жөнінде алдыңғы тарауда жазылған болатын.
Негізгі мәселе қабысу мен жанасудың өзіндік жасалу жолдарын, олардың әрқайсысына тән көрсеткіштерін айқындау. Осы күнге дейінгі әдебиеттерде қабыса байланысатын сөздердің орны тұрақты, яғни анықтауышпен анықталатын, пысықтауышпен пысықталатын сөздер арасына сөз салмай ғана тіркесуі керек деген пікір басым. Сонда қабысу формасына берілген анықтама тұрақты деп айтуға болады. Ал жанасу тек пысықтауышпен пысықталатын мүшелердің алшақ, іргелес тұрып та немесе «кейбір» пысықтауыштардың орын тәртібі арқылы да байланысады деген тұжырымдар, анықтамалар беріліп келеді.
Сөйлемде бір – бірімен қабыса байланысатын сөздер мол кездеседі. Олардың құрылымы жан – жақты. Қабысу есімді, етістікті деп бөлінеді де, есімді қабысудың бірінші сыңарлары, яғни бағыныңқы сыңары зат есім, сын есім, сан есім, сілтеу есімдігі, есімше, үстеу, ал етістікті қабыса байланысқан сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары үстеу, еліктеуіш сөз, көсемше, сын есім, сан есім, есімдік және зат есім деп беріледі. Бұлардың ішінде жанасу мен қабысудың арасындағы араласып жүрген сөз таптары біріншіден, үстеу мен көсемше, екіншеден, негізгі сөздерге түрлі көмекші сөздердің түйдектеліп жұмсалуы.
Үстеу мен көсемше өзі қатысты сөздермен алшақ және іргелес тұрып та байланыса береді. Бірақ ол сөз таптарының етістіктермен іргелес байланысуын қабысуға жатқызады да, ал олардың алшақ түрін жанасуға жатқызады. Мысалы, жақсы оқушы жақсы оқиды дегендегі «жақсыны» сын есім, өйткені етістікке қатысты жұмсалған деген пікірден ешбір айырмашылығы жоқ. Сондықтан алшақ немесе іргелес тұрғанымен, ол сөз таптарының да етістікпен тіркесін қабысуға жатқызу қолайлы деп білеміз. Бірақ үстеулердің септік жалғауларда келуін меңгеруге жатқызу керек. Мысалы:
Абай осы кеште болған өз халін бұл түнде де, ертеңінде де түсіне алмай кетті (М. Әуезов). Құлаш мойын қызыл нар таңертеңнен кешке дейін тыныстамады (Ғ.Мұстафин).
Екіншіден, етістікті қабыса байланысқан сөз тіркестеріне түрлі көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы жасалған бағыныңқы сыңарларды жанасуға жатқызады да, жанасудың басыңқы сыңары тек етістік болады деп түсіндіреді.
Шынында ғылыми еңбектегі қабысуға жатқызылатын тілдік категориялар меңгеру, матасуға қарағанда көп. Қабысудың бағыныңқы сыңары ретінде қатыспайтын сөз табы жоқ деуге болады. Үшіншіден, қабыса байланысатын сөздерге көмекші сөздер, нумеративті сөздер, дербес мағынасы бірде бар, бірде жоқ сөздер, мезгіл зат есімдері, қосарлы сан есім көптеген сөздер де мол қатысады. Оның үстіне меңгеруге қатысты кейбір фактілер осы мәселемен де арақатынасы аралысып беріліп жүргені де мәлім. Осы сияқты аумағы мол фактілерді бір ғана қабыса байланысқан сөз тіркестерінің көлемінде ғана қарастыру практикалық та, теориялық та жағынан келмейді. Сондықтан да бұл жұмыстың алға қойған мақсаты да осы қабысу мен жанасу формаларының ара-жігін ажыратып, жанасудың жасалу жолдарын көрсету.
«Басқа түркі тілдерінде болмағанымен, қазақ тіл білімі үшін мектеп, жоғары оқу орындарының студенттеріне, тіпті оқытушылар үшін де түсінікті болу үшін мектепте де, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда да қабысудан жанасуды арнайы түрде бөліп, оның өзіндік жасалу жолдарын айқындап беруге тиістіміз», — дейді профессор Т.Сайрамбаев. Ғалым мектеп оқушылары, студенттер тағы басқалар үшін түсінікті, теориялық және практикалық жағынан шатаспау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін қабысу мен жанасудың жасалу жолдарындағы айырмашылықтарды негізгі сөз таптары және негізгі сөз таптары мен көмекші сөздер тобы төңірегінен айқындау керек.
Бір айта кететін жайт, қазақ тіл білімінде 1939 жылға дейін пысықтауышты арнайы сөйлем мүшесі ретінде қарастыру мәселесі төңірегінде түрлі талас пікір болғандығына қарамастан пысықтауыш дербес сөйлем мүшесі ретінде алынып, оның жасалу жолдарының аясы жан-жақты қарастырылып келеді.
Сонымен осы күнгі мектеп грамматикаларындағы үйге дейін сияқты негізгі сөз бен көмекші сөздердің түйдекті түрін меңгеруде қалдырып, ал қабысудағы бірде алшақ, бірде іргелес тұратын сөз таптарының (үстеу мен көсемше) тұлғалық ерекшеліктерін негізге ала келіп қабысуға жатқызу орынды.
Негізгі сөз бен септік жалғаусыз көмекші сөздердің түйдекті түрлері және көнеленген септік жалғаулы сөздердің етістікпен тіркесін жанасу дейміз. Бұл анықтама жоғарыда жазылған болатын, түсінікті болу үшін тағы келтіріліп отыр. Артықшылығы болмайды деп еске түсірудеміз.
Сонда мектеп грамматикаларындағы жанасудың жасалу жолындағы мысалдардың қайсысы осы критерийге сәйкес келетінін саралап көрсек.
1939 жылғы грамматикада – адам баласы үшін күресті, оқу үшін келдім;
1940 жылғы еңбекте — адам сияқты сөйледі.
1987 жылғы грамматика — өмір бойы кеткен жоқ.
Міне, ғалымдарымыздың айтар ойы, білдіретін пікірі о баста белгілі болғанымен, бір арнаға түсіп топтаспаған. Дегенмен жанасу байланысу формасының бір сөзбен жанасып айтылатынын ескеріп отырған. Сонымен сөз тіркесі туралы жазып, зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектерін қарап, жанасудың жасалу жолдарын мына төмендегіше топтастырамыз:
- Негізгі сөз бен көсемше тұлғалы көмекші етістіктердің етістікпен тіркесі арқылы. Мысалы: Қатені келешекте қайталамайтын боп түсіндіру керек (З.Шашкин). Орман кіндігінен тараған кейінгі жастар пысық боп өсіп келеді(З. Ақышев). Бас бәйгені алған Арғын жағы шат – шадыман боп тасыды (І.Есенберлин). Толып жатқан әмірлер, бектер , хәкімдер бір тайпа мемлекетті быт-шыт қып бөліп алды (І.Есенберлин). Оспан қалт етіп аңырып тұра қалды (М. Әуезов). Ала сиырды сүйкімді етіп көрсетіп тұрған соңына ерген кішкене өзінен айнымайтын ала бұзауы («Қаз. әд.»). Жаңағы сапарынан кейін әлде шыны, әлде мазағы әйелдер оны «басқарма» деп кетті (Ғ.Мүсрепов).
Сонда жанасудың бұл жасалу жолы мынадай формуламен беріледі
(бұдан кейінгі жолдары да осылай кете береді):
Бағыныңқы О — боп, ғып, деп — басыңқы сөз.
- Негізгі сөз бен шылау сөздердің етістікпен тіркесі арқылы:
Бала үшін бұл да бір шүкіршілік (О. Ахметұлы). Балақан-ау, балақан, сүт пісіріп сен үшін дем алмай жүр апаң (Ғ. Мүсірепов). Жұқалаң қырбық қар не қылау күн сайын болады(М. Әуезов). Рахмет кабинетінде телефон арқылы сөйлесіп отыр(С. Ерубаев). Газет бұл арқылы не ұтып, не қойғаны және бұлыңғыр еді(С. Иманасов). Батыр ағамыз үн-түнсіз, шыбын ғұрлы көретін емес(«Қаз. әд.»).
Бағыныңқы О — шылау сөз — басыңқы.
3.Негізгі сөз бен модаль сөздердің етістікпен тіркесі арқылы:
Басына қап сияқты бірдеңені жаба салды (М.Әуезов). Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп аңысын аңдуға көшті(І.Есенберлин). Олай болса бұл сияқты баланың да зияны тимейді(З.Ақышев). Бұрын көрген дос, таныс тәрізді жаныңды билеп әкетеді(З. Шашкин). Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді(І.Есенберлин). Солдаттардың біріне –бірінің айтып келе жатқаны осы тақылеттес сөздер(З.Ақышев).
Бағыныңқы О — модаль сөз — басыңқы.
4.Түрлі сөз таптарына, мезгілге, өлшемге байланысты сөздердің қосақталып жұмсалып етістікпен тіркесі арқылы:
Бүгіннің өзінде ғана газикпен жүз отыз шақырымдай жүрдік(Ә.Әлімжанов). Мен осы арада отыз бес минут отырдым, Ақа (Ғ.Мұстафин). Екі күн өткен соң, ауыл Көлқайнардан шығысқа қарай көшті(М.Әуезов).
Бағыныңқы О — мезгілге, өлшеуге байланысты сөздер — басыңқы.
- Негізгі сөздерге жолы, бойы тағы басқа толық мағынасы жоқ сөздердің қосақталуы арқылы етістікпен тіркесі:
Мен түні бойы Весовщикпен әңгімелестім(М.Горький). Қол жетпеген арман өмір бойы ұмытылмайды, өзіңмен бірге қартайып, көрге бірге кіреді дейді екен үлкендер(З.Ақышев). Баяндама бойынша қаулы алынды(Ғ.Мұстафин). Бұл жолы ол әрі ұзақ ұйықтады, әрі тыныш ұйықтады(В.Катаев). Бұлттар бұл жолы тау-тау мақтадай аппақ емес, түнерген қап-қара («Қазақ әдебиеті»).
Бағыныңқы О —жолы,бойы — басыңқы.
- Негізгі сөздерге елі, кез т.б. сөздердің қосақталуы арқылы етістікпен тіркесі:
Бір кез тіпті баяғы балалық шағын аңсап, ынты-шынтымен еркелегісі келіп тұрады(Ә.Нүрпейісов). Жұмыстан келгесін атасының қасынан бір елі кетпеді(Ә.Нүрпейісов). Үйіне әр адым тақалған сайын жүрегі алып-ұшып туған ұясына да келді(«Қазақ әдебиеті»).
Бағыныңқы О —елі, кез — басыңқы.
- Түрлі сөз таптарына есе, рет, мәртебе, қайтара қосарлы сан есімдерінің тіркесі арқылы етістікпен тіркесі:
Алдыңғы жылы екінші рет Исан-бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды(І.Есенберлин). Өткен көктемнің басында Гүлсара бірінші рет Москвада болды(Ә.Әлімжанов). Екі жақтың бір-бірімен татуласуына да сан мәртебе қызу кірісті(І.Есенберлин). Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе кездесті(І.Есенберлин). Оған уайымдаған Ботов болған жоқ, өйткені бұл арадағы түсім ойындағысынан он есе асып түсті(З.Ақышев). Жұмыс аумағы үш есе ұлғайды(Ғ.Мұстафин).
Бағыныңқы О —есе, рет, мәртебе —басыңқы.
- Көнеленген септік жалғаулы үстеулердің етістікпен тіркесі: Әлібек амалсыздан тоқтады(Ғ.Мұстафин).
Басыңқы О —көнеленген септік жалғауы —басыңқы.
- Негізгі сөздерге көнеленген септік жалғаулы кез, шақ, шамалы сөздерінің қосақталып етістікпен тіркесі:
Екі-үш күн шамасында қатқан көкше мұзды сықырлатып қатар басып келеді(Ә.Нүрпейісов). Мынау екі ақын Абайға көп кезде бірге туысқан аға, інідей көрініп қалады (М.Әуезов). Түндегі түнерілген бұлттан сол кезде сіркіреп жауын жауа бастады(С.Мұқанов).
- Көнеленген септік жалғаулы фразеологиялық тіркестердің басқа сөздермен тіркесі арқылы: бас аманда, берсе қолынан, бермесе жолынан, бет-аузы шімірікпестен, бесіктен белі шығысымен. Мысалы: Әзірет-Әлінің көлеңкесінде аман-есен жүріп жатырмыз(А.Тоқмағанбетов). Еламан бір кіндіктен жалғыз, әке-шешесінен айырылды(Ә.Нүрпейісов).
Осылайша Т.Сайрамбаевтың жанасудың жасалу жолдарын топтастырғанына біз де қосыламыз. Бірақ шынында көмекші сөзді басыңқы сыңарлар тек етістікті сөз тіркестерінде ғана бола ма? Мысалы: Жолдасым отыз-қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам(Б.Майлин). Өйткені бұл әуелі соғыс пен бейбітшілік туралы дау ғой(Ә.Әлімжанов). Жаңа қалада, жаңа бақшаның ығында, үш қабат үй тұр(Ғ.Мұстафин). Сіз Қатпа деген адам туралы ештеңе естімедіңіз бе? (Ә.Омаров) Күншығыс жақтағы өзеннің бойындағы төмпешіктен бір қылаң атты шыға келді(С.Сейфуллин). Әдетте, байлар киіз үйдің басқұр, желбау, таңғыш сияқты бауларын кілем түсті қып тоқытады(С.Мұқанов). Азықтар, көрпе-жастықтар әлденеше қабат жазғы киімдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болған-ды(М.Әуезов). Осы сөйлемдерде мынадай көмекші сөзді сөз тіркестері бар:
- Отыз-қырықтар шамасындағы адам.
- Соғыс пен бейбітшілік туралы дау.
- Күншығыс жақтағы өзен.
- Басқұр, желбау, таңғыш сияқты баулар.
- Үш қабат үй.
- Әлденеше қабат киімдер.
- Қатпа деген адам.
Бұл сөз тіркестері туралы ғалым еңбегінде: «Міне осы сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары басыңқы сыңарларымен тікелей тіркеспей көмекші дәнекерлер арқылы тіркесі де қай байланысу формасына тәндігі де белгісіз. Біздіңше, бұларды есімді қабыса байланысқан сөз тіркестеріне жатқызу орынды»,-дегенді айтады.[7.41] Сонда Т.Сайрамбаев қабысу байланысу формасының ережесіне сай келмейтін сөз тіркестерін есімді қабысудың қатарына қосады.
Сөйтіп өз ережесіне қарама-қайшы келеді. Бірақ кейінгі зерттеулерінде ғалым бұл ойынан қайтып мұны жанасудың жасалу жолындағы есімді тіркесті жанасуға жатқызып, зерттеу жұмыстарының барысында бұған жаңа формаларды қосуда. Мысалы, негізгі сөз бен көмекші сөздерге –ғы, -гі жұрнағының жалғанып келуі арқылы: Дәркембай да Абай турасындағы Базаралы сөзіне өзінше бір ойлы шешу айтты(М.Әуезов). Шамасы, сол кездегі қарауыл тұратын күзет орны болса керек(«Білім және еңбек»). Павлов бұл жөніндегі сөзді нақтылы сөйледі(М.Әуезов). Жоғарыда айтылған «Күншығыс жақтағы өзен», «Отыз-қырықтар шамасындағы адам» да осы формаға мысал бола алады. Тағы да мұндай есімді тіркестерді шақты сөзінің сан есіммен қосарланып келуі арқылы жасалатынынан көре аламыз. Мысалы: Қасында он шақты ғана үлкен кісілер қалған еді(М.Әуезов). Соған колхоздан барған он шақты адамның біреуі осы Әужан еді(З.Ақышев). Кітабы жарық көретіндігін, он шақты өлең жетпей тұрғанын айтты(«Қазақ әдебиеті»).
Қазіргі кезде ғалымның зерттеуі бойынша жанасу байланысу формасының есімді, етістікті түрлері шығып отыр. Бұған біз келесі бөлімдерде тоқталамыз.
2.1 Жанасуға қатысты көмекші сөздер, олардың түрлері
Жанасудың жасалу жолдарын көріп отырғанымыздай айқындап алдық. Сонда мектеп бағдарламасында жеке байланысу формасы ретінде айтылатын, жоғары оқу орындарының оқулықтарында қабысудың аясында қалып қоятын жанасудың өз жасалу жолдары, түрлері, бағыныңқы мен басыңқыны жанастыратын көмекші сөздер бар екені мәлім болып отыр. Енді осы жанасуды жасауға қатысатын көмекші сөздер және олардың түрлерін көрсетсек.
Жанасу жасауға көмектесетін көмекші сөздер мыналар:
I.Көмекші етістіктер. Олардың түрлері –боп, ғып, етіп, деп. Көмекші етістіктер көсемше тұлғасымен келіп барып, бағыныңқы мен басыңқыны байланыстырады. Кейде көмекші етістігі есімше тұлғасында да келеді. Мысалы: Раушан деген әйелім бар еді, әлгі жауыздардың кесірінен одан да айрылдым (Б. Момышұлы).Орман кіндігінен тараған кейінгі жастар пысық боп өсіп келеді(З.Ақышев). Махамбет бабам ойлай да білген, ойлағанын толғап жыр ғып ағыта білген, күй ғып төге де білген (С.Әбдірайымұлы).
- Шылаулар— арқылы, себепті, үшін, сайын, қалпы, ғұрлы, сынды т.б. Мысалы: Отанын, халқын, туған жерін қорғау үшін жауға қарсы көтерілгенде, сенің майданнан қашып келгенің тіпті мен үшін өлім(Т.Әлжанов). Оның сөзі бұл екеуі үшін ғақ(Т.Әлжанов). Бәйестің Әлжан арқылы керекті хабарды тиісті жеріне жеткізетіне ол мықтап сенді (Х.Есенжанов).
III. Модаль сөздер —сияқты, секілді, тәрізді, тақылеттес т.б. Бұл сөздер көбінесе есімді тіркестерді құрауға көп жұмсалатыны мысалдардан көрінеді. Мысалы: Бірақ мөлдіреген моншақтай соншалық таза, сондай сүйкімді және ең ыстық, ең сүйікті баласының аузынан шыққан мына сияқты анық кекесін Абайға аса ауыр тиді(М.Әуезов). Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді(І.Есенберлин). Солдаттардың біріне-бірінің айтып келе жатқаны осы тақылеттес сөздер (З.Ақышев). Тәрізді, сияқты модаль сөздері көсемше формасында келіп те жанасу жасауға қатысады. Мысалы: Олар да сен сияқтанып әке-шешеден туған, ұзақ жолды сенше тәлтіректеп бастаған(«Егемен Қазақстан»).
Осы жерде модаль сөздер туралы қосымша мәлiмет берiп өткендi жөн көрдiк.
Модаль сөздер тiлдегi модальдылық және предикаттылық құбылыспен тығыз байланысты.Предикаттылық сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен жалпы ара-қатынастылығын бiлдiредi.Ал сөйлемде айтылған хабардың ақиқат шындыққа қатынасы модальдылық қатынас болып табылады.Яғни сөйлеушi өзiнiң бұл хабарын қалай түсiнедi,өз тарапынан оған қандай сипаттама бередi,ақиқат шындыққа қалай қарайды – модальдық қатынастың мәнi мiне осында.
Бұл екi құбылыстың белгiлi бiр шекаралық жiгi предикаттылықты тiл деңгейiнде логикалық-синтаксистiк категория,ал модальдықты сөйлеу(речь)деңгейiнде коммуникативтiк-синтаксистiк категория ретiнде алып қарағанда ғана бiршама айқынырақ көрiнуi мүмкiн.
Модаль сөздер түркi тiлдерiнiң бiрқатарында (солардың iшiнде қазақ тiлiнде де) негiзiнен көмекшi сөздер тобына кiредi.
Модаль сөздердiң белгiлi бiр заттық я ұғымдық семантикасы болмайды.Олардың семантикасы әдетте модальдылықты бiлдiретiн грамматикалық мағынамен ұлас,астас жатады.Демек,осынысы үшiн де олар – көмекшi сөздер.
Қазіргі біраз түркі тілдерінде модаль сөздер мен модальды тіркестердің негізінен мына төмендегідей нақты жасалу жолдары барын байқауға болады.
1.Таза модальды және есім модальды сөздердің,сондай-ақ модальды тіркестердің де қатарында тәуелді формада әбден тұрақтап,қалыпты бір орнықтылық алған лексемалар бар.Бұлар модаль сөздер санатына изафеттік тіркестер арқылы көшкен.Олардың модаль сөздер тобын қалыптастырып дамытудағы шешуші ықпалды факторы – қысқасы,ыңғайы іспеттес жекелеген лексемалардағы үшінші жақтық тәуелдік жалғауының жақсыздығы мен заттық мәнінің мейлінше абстрактылығы.Бұл қазақ тіліндегі,басқа да біраз түркі тілдеріндегі модаль сөздердің жасалуының неғұрлым өнімдірек жолы.
2.Модаль сөздер кейбір үстеулер мен үстеу мәнінде қолданылатын зат есімдердің заттық мәнінен айрылу және пысықтауыштық функциясын жоғалту нәтижесінде пайда болады.Мысалы мына салыстырулардан соны аңғарамыз.Адамның көңілі шын мейірленсе,білім – ғылымның өзі де мейірленіп,тезірек қолға түседі(Абай).Рас,Ділдәні Абай сүйіп қайтқан жоқ(М.Әуезов).
3.Модаль кейде өзінің предикаттық функциясынан айрылған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан жасалады,мысалы:Үйдің іші сасық.Әйнексымақ бір күңгірт тесік көрінеді(Ж.Аймауытов).Бәрін бүлдіріп жүрген Кәрібайдың өзі көрінеді(Ғ.Мұстафин).
Қазақ тілінде дейді,деседі,білем,тағы кейбір модаль сөздер де осы жолмен жасалған.
4.Модаль сөз сондай-ақ кей жағдайда тіпті модаль тіркестің бір компонентінің түсіп қалуы арқылы да жасалатын сияқты.Мына бір екі мысалды салыстырудан сондай ой туады:Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуі мүмкін(М.Жұмабаев).Мүмкін,губернатор келген күні шуламаңдар деп тиып қоюы (С.Мұқанов).
5.Сияқты,сықылды.секілді,тәрізді,тақылетті,рәуішті,іспетті,әлпетті модаль сөздері «бет,бейне,пішін,порым,түр) мағынасын білдіретін түбірлерден жасалған.
6.Тіліміздегі бәлки,бәлкі,бәлкім,әлбетте,зайыры,нәті(нәйәті),лазым, мүмкін,ықтимал,рас (т),тағы біраз сөз «дайын күйінде» араб,парсы тілдерінен ауысқан.
- Нумеративті сөздер. Олар —бойы, жолы, бойынша, мәртебе, рет, есе, шақты, т.б. Бұлардың көпшілігі(бойынша, шақты, елі сөздерінен басқа) жанасудың етістікті тіркесін құрауға қатысады.Мысалы: Қол жетпеген арман өмір бойы ұмытылмайды, өзіңмен бірге қартайып, көрге бірге кіреді дейді екен үлкендер (З.Ақышев). Дұшпаныңнан бір рет сақтансаң,Досыңнан мың рет сақтан. Күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады (М.Әуезов).
Төрт түрлі типтегі сөздер жанасу байланысу формасының құрылымдық күйін, жағдайын, тіркесу қабілетін көрсетеді. Бұл жағдай синтаксистік форманың түрін ажыратуға, басқа формалардан айырмашылығын білу үшін көп септігін тигізеді деген ойдамыз. Осы негіз ғылымда қалыптасып жатса, онда мектеп грамматикасында және жоғары оқу орындарының оқулықтарында біршама қиындықтар туғызбайды деп айта аламыз.
Сонда осы берілген көмекші сөздермен тіркесіп келген сөз тіркестерін жанасу деп білсек, жоғарыдағы анықтамамызға нақтылы түрде алып келеді.
2.2 Есімді жанасулар, олардың түрлері
Сөз тіркесі нысандарының бірі —сөз тіркесінің түрлері. Оларды қазіргі қазақ тіл білімі саласында үш түрін атап жүрміз: 1) есімді; 2) етістікті; 3) ортақ басыңқы. Осыған байланысты жанасу байланысу формасының есімді, етістікті түрлері бар ма? Бар болса, оны түрлерге бөліп тіркесу қабілеттілігін қарастырсақ.
Түркі тілдерінің бір саласы, қазақ тіл білімінде сөз тіркесін басыңқы сыңардың мағыналық қасиетіне қарай топтастыруда кейбір ерекшелік те байқалады. Мәселен К.Аханов пен М.Серғалиев есімді, етістікті сөз тіркестерінің үстіне «үстеулі сөз тіркестерін» қосса, ал Т.Сайрамбаев, М.Балақаевтың «ортақ меңгеру» деген пікірін негізге алып, есімді, етістікті сөз тіркестерінің қатарына «ортақ басыңқы сөз тіркестерін» қосқанды құптайды. М. Балақаевтың пікірінше, «ортақ меңгеру» түптеп келгенде, есім мен көмекші етістіктің табыс септікті меңгерген түріне тән. Бұл орынды да, өйткені меңгерудің мұндай түрінде табыс септікті сөзді есім де емес, көмекші етістік те емес, тек екеуінің ортақтасқан тобы ғана меңгере алады: оларды қонақ етті, өткендерді ойға алды.
Сөз тіркесін бірқатар авторлар сөйлем мүшелерінің ыңғайында топтастырады. Олар тіркескен сөздердің өзара мүшелік қарым-қатынасына қарай,сөз тіркесін «предикативті» және «предикативті емес»деп екіге бөледі де, соңғыдан «толықтауыштық», «анықтауыштық» және «пысықтауыштық» сөз тіркестерін шығарады. Сөз тіркестерін бұлай топтастыру сөздердің өзара тіркесу ерекшеліктеріне негізделмей, сөйлем мүшелерінің өзара тіркесіне негізделгендік болады. Егер сөз тіркесін «сөйлем мүшелерінің тіркесі» деп есептейтін болсақ, оның синтаксистік ерекшеліктерін елемей, сөйлемнің синтаксисімен араластырып жіберген боламыз. Бұл – бір.Екіншіден,сөз тіркесі мен сөйлем мүшелерінің жігі бір емес.Мысалы, кен байлығы, мал дәрігері, қос ауыз, қазан пышақ сияқты сөз тіркестері сөйлемде бір-бір күрделі мүше болып жұмсалуы мүмкін. Сондықтан ол топтастыруды қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Рас, сөздер бірімен-бірі тіркесу нәтижесінде белгілі мүшелік қатынаста айтылады. Бұл жағдай сөз тіркесінің синтаксисінде еленеді, бірақ оның ең басты белгісі бола алмайды.
Қазақ тілінің сөз тіркестері сөздердің өзара тіркесу қабілетіне қарай есімді және етістікті болып үлкен екі салаға бөлінеді. Есімді сөз тіркесінде есім сөздердің бірі басыңқы болады да, етістікті сөз тіркесінде етістік басыңқы сыңар болады.
Есімді, етістікті сөз тіркестерінің сөз құрамдары, түр-тұрпаты әр түрлі болады. Сөз тіркесіндегі сөздердің басын құрайтын және сөз тіркестерін жіктеуге критерий болатын синтаксистік тірек-сөздердің байланысу формалары.
«Сөз тіркесінің құрылымдық типологиясын жасауда зат есім мен етістіктің алатын орны ерекше. Өйткені сөз тіркесінің құрылымдық ерекшеліктері осы өзекті екі сөз табына негізделеді.(М.Балақаев). Алайда зат есім мен етістіктер бағыныңқылық қызметте жұмсалатын сөздермен қалай болса солай, ретсіз тіркесе бермейді. Олардың тіркесуінде белгілі бір заңдылықтар болады. Ол, біріншіден, сөздердің грамматикалық сипаты мен олардың сәйкестілігі арқылы, екіншіден, мағына жақындықтары мен үйлесімділігіне орай, үшіншіден, грамматикалық сипаты мен мағынасы жағынан орайлас жатқан сөздердің белгілі бір дәнекерлер, тәсілдер арқылы байланысқа ену заңдылығы болады. Сөйлем құрамына енген сөздердің қайсысы болмасын осы аталған заңдылықтар негізінде ғана өзара тіркеске түсе алады.
Есімді және етістікті сөз тіркестері байланысу формаларына қарай өзара бірнеше топқа бөлінеді.
Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысады, етістікті сөз тіркестері қабыса және меңгеріле байланысады. Мұндай топтастырылу 2004 жылы шыққан оқу орындарының оқулығы «Қазіргі қазақ тілінде» берілген.
Бұл жұмыста біз тілді барлық қырынан қарай келе, осы аталған байланысу формаларының қатарына жанасуды да қосқымыз келіп отыр. Себебі тек көмекші сөздер арқылы жасалатын жанасудың етістікті сөз тіркестерімен қатар есімді тіркестерін де кездестіреміз.
Есімді сөз тіркесінің басыңқы сөзі әр уақытта есім, көбінесе зат есім болады. Зат есімдердің жетегінде айтылып, оларға бағынып тұратын сөздер де көбінесе есімдер болады.
Жанаса байланысатын есімді сөз тіркестерінің құрамы әртүрлі: оның бағыныңқы сыңары зат есім, сын есімнің заттанған түрі, сан есім, есімдік (сілтеу есімдігі), еліктеуіш сөз болады да, басыңқы сыңары зат есім болады.
Зат есіммен жанаса тіркесетін сөздер:
- Зат есім: жақсылық деген нәрсе, қап сияқты бірдеңе, күрес тақылеттес дәрістер, бала үшін шүкірлік, сыр бойындағы мекен тағы басқа.
- Сан есім: он шақты кісілер, екі елі жібек, екеуі үшін ғақ т.б.
III. Сілтеу есімдігі: бұл жөніндегі сөз, осы сияқты арық-тұрық, сол кездегі қарауыл, бұл сияқты бала т.б.
- Жіктеу есімдігі: мен сияқты антұрған, мен үшін өлім т.б.
- Еліктеуіш сөз: тырс еткен жауап т.б.
- Зат есімнен құралатын тіркестер жанасуда етістікті тіркестерге қарағанда біршама қолданылады, бірақ мұндай тіркес түрін тілімізден кездестіріп отырмыз. Жанаса байланысқан зат есімдерден құралған тіркестер бағыныңқы мен басыңқыны жанастырушы көмекші сөздер мен бағыныңқы зат есімдер де сол сөз табының және оған қатысты синтаксистік қатынастың сұрағына жауап береді. Мысалы: жақсылық деген нәрсе — қандай? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр; сыр бойындағы мекен – қайдағы? деген сұраққа жауап беріп, пысықтауыштық қатынаста тұр.
Бір ескеретін жайт, мұнда синтаксистік қатынастың екі түрі жұмсалады. Олар – анықтауыштық және пысықтауыштық. Өйткені толықтауыштық қатынас меңгеру формасына тән екенін білеміз. Жоғарыдағы қағидаларға қарсы келмейміз ғой.
Кейде бағыныңқы сыңардағы зат есім тәуелдік категориясымен келіп те, сөз тіркесін құрайды: дәстүр бойынша той т.б.
Зат есімдерден құралған сөз тіркестері мынадай мағыналық қатынаста жұмсалады:
- Салыстыру, теңеу мағынасында жұмсалады: арыстан сияқты хан – ханның арыстандай күшті, мықты екенін айтады, күрес тақылеттес дәрістер – айтылған сөздің басқа сөзбен салыстыру, теңеу деген мағынада, мен сияқты антұрған — өзіне теңеу мақсатында. Мысалы:
Мен сізге айттым ғой жақсылық деген нәрсе абсолютті емес, жалпы кез келген нәрсе абсолютті емес деп («Қазақ әдебиеті»). Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен, күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті(І.Есенберлин). «Күйеумен еркін күрес» тақылеттес дәрістер мен спорт түрлерін меңгереді(«Егемен Қазақстан»).- Мына мен сияқты антұрғанмен бірге тұрып жатқаныңа таңым бар! («Егемен Қазақстан»).
- Заттың мекенін, мезгілін білдіру мақсатында жұмсалады:
Сыр бойындағы мекен – мекеннің Сыр өңірінде орналасқанын білдіреді, сол кездегі қарауыл – сол уақытта болған қарауыл екенін айтады. Мысалы:
Түнде поездан түстім де, Сыр бойындағы мекеніме жаяу тарттым(«Қазақ әдебиеті»).
- Адамның ойлаған мақсатын жеткізу үшін жұмсалады: бала үшін шүкірлік – кішкентай баланың өз дәрежесіне жететін қанағаты, мен үшін өлім – адамның ұялу мақсатында. Мысалы:
Бала үшін бұл да бір шүкіршілік( О. Ахметұлы). Отанын, халқын, туған жерін қорғау үшін жауға қарсы көтерілгенде, сенің майданнан қашып келгенің тіпті мен үшін өлім(Т.Әлжан).
Жанасудың зат есімдерден құралған сөз тіркестерінің мағыналық қарым- қатынасы, сол жанастырушы көмекші сөздің мағынасына байланысты болып келеді.
- Сан есімдер – зат есімдерге тән, оларды сан жағынан анықтап тұратын, зат есімнің жетегінде айтылатын, өзінің басыңқылық дербестігі жоқ сөздер. Есімді тіркестердің бағыныңқы сыңарлары сан есімнен келсе, онда шақты, елі, адым т.б. көмекші сөздермен жанасып келіп, мөлшерлік шамалық қатынаста жұмсалады.
Қарыс, сынық сүйем, елі, кез, адым, сүйем деген сөздер қазақтың көнерген сөздерінде өлшем бірлік атауларын білдірген. Сондықтан да қазіргі кезде сан есіммен қосарланып келіп, есімді жанасудың бағыныңқы сыңары болып отыр. Ал шақты сөзімен келген сан есімдер болжалдық мән үстемелеп отырады. Мысалы:
Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап ерсілі-қарсылы жүре бастады(І.Есенберлин).Қасында он шақты ғана кісілер қалған еді(М.Әуезов).Стол басында жиырма шақты адам отыр(С.Ерубаев). Кітабы жарық көретіндігін, он шақты өлең жетпей тұрғанын айтты(«Қазақ әдебиеті»).
III. Есімдіктердің ішінде жанаса байланысқан есімді сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары болып жиі кездесетіндері – сілтеу және жіктеу есімдіктері. Олар зат есімдермен жанаса тіркесіп анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Мысалы, бұл жөніндегі сөз, мына сияқты кекесін, бұл сияқты ұсыныстар, бұл жағындағы сұмдық.
Сілтеу есімдікті бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен салыстыру, айқындау мақсатында жанасып барып анықтайды. Мысалы:
Павлов бұл жөніндегі сөзді нақтылы сөйледі(М.Әуезов). Бұл жағындағы сұмдықты ол өз құрбыластарынан бұрын түйсінді(«Жалын»). Бірақ мөлдіреген моншақтай соншалық таза, сондай сүйкімді және ең ыстық, ең сүйікті баласының аузынан шыққан мына сияқты анық кекесін Абайға аса ауыр тиді(М.Әуезов).
- Жанасудың есімді тіркесін құрауға еліктеуіш сөздер де қатысады. Еліктеуіш сөзден болған бағыныңқыны басыңқымен көбінесе е көмекші етістігінің түрленіп келген формасы жанастырады: тырс еткен жауап. Мысалы: Тырс еткен жауап жоқ(«Қазақ әдебиеті»).
Жанасуда зат есіммен жанасып келген есімді тіркестер актив қолданылады. Мағыналық жағынан келгенде салыстыру, теңеу мақсатында айтылғандықтан, ол затты екінші бір затпен салыстырып қарау көп болады. Сондықтан да мұнда затқа не болмаса, «Мен сияқты» деп өзіне теңеу жасайды.
2.3 Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары
Етістікті сөз тіркесінің грамматикалық діңгегі етістік болады да, соның негізінде басқа сөздер етістіктің маңына топтанады. Сөз таптарының қайсысымен салыстырсақ та, етістіктердің сөз тіркесін құрау қабілетінің молдығын байқаймыз. Етістіктер мен есімдердің барлық түрлері, сондай-ақ үстеулер, көсемшелер, есімшелер, шылаулы есімдер тіркесе алады. Алайда бұл сөздердің етістіктермен тіркесу дәрежесі, тіркесу тәсілдері мен формалары, сол сияқты мағыналық қатынастары әр түрлі болып отырады. Бұл сөздердің барлығы көмекші сөздер арқылы тіркеседі. Сөйтіп етістікті жанасу түрін жасайды.
«Қазақ тіліндегі етістіктердің басқа сөздермен байланысуы ерекшелігіне қарай етістікті сөз тіркестері: 1) қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестері, 2) меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері дейтін екі топқа бөлінеді», — деп көрсетеді оқулықта. [6.66.]
Біз жанасудың етістікті түрін қабысудың жасалу жолын көмекке ала отырып, жіктейміз.
Жанаса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің құрамы әр түрлі болады. Етістіктер мен жанаса байланысатын сөздер: еліктеуіш сөз,үстеу,есімдік,сан есім,сын есім және зат есімдер. Сонымен бірге жіктік, тәуелдік категориясымен келген және қимыл атауы формасымен келген сөздер де етістікті тіркестердің бағыныңқы сыңары ретінде қызмет атқара алады.
Жанаса байланысқан етістікті сөз тіркестерінде басыңқы сыңардағы етістік түрлі формада келе береді. Ол дара тұрып та, күрделі түрдегі де, аналаитикалық формаларда жұмсалады. Мысалы: Қасқыр деп айтып еді, жақсымын деп мақтанба, қазақ боп мұңаяды, жырғып ағыта да білген, сүйкімді етіп тұрған, сен үшін демалмай жүр т.б.
Етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сыңардың ыңғайына қарай: 1) еліктеуішті сөз тіркестері;2)үстеулі сөз тіркестері;3)есімшелі сөз тіркестері;4)есімдікті сөз тіркестері;5)сан есімді сөз тіркестері; 6)сын есімді сөз тіркестері;7)зат есімді сөз тіркестері деген жеті топқа бөлуге болады. Сөзіміз нақты, дәл болу үшін әрқайсынан мысалдар келтіре кетсек: басқарма деп кетті, жырғып ағыта білген, телефон арқылы сөйлесіп отыр; кілемдей болып құлпырады, тастай етіп айтып береді, бақытты екен деп ойлаймын; үшінші деп бөлу, екінші рет аттанды, он есе асып түсті, жүз жыл бойы тізе бүкпейді; осылай етіп қойған, солар сияқты бола алмағанмын, осы шақ түсті, сол себепті ардақтайды, сіз үшін оралдым; қозғалған тәрізденіп сейілдейді, қараған сайын бақылап тұрғандай; тез деп түйдім; мырс етіп күліп жіберді, қалт етіп тұра қалды.
- Бағыныңқы сыңары еліктеуіш сөздермен де етістіктер жанаса байланысады. Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, грамматикалық сыр сипаты жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуан сөздер еліктеуіш сөздер деп аталады. Еліктеуіш сөздер қазіргі қазақ тілінде көбінесе көмекші, не негізгі етістіктермен тіркескен синтаксистік құрамында қолданылады.
Бұл жерде еліктеуіш сөздің тіркесуінде қабысу мен жанасу формаларының ара-жігін айырып алу керек. Қабыса байланысқан сөз тіркесінде еліктеуіш сөз бен етістік бір-бірімен ешбір жалғаусыз, көмекші сөздерсіз қабыса байланысады. Ал жанасуда басқаша. Неігізгі қағида бойынша бағыныңқы сөзбен басыңқы көмекші сөздер арқылы жанаса байланысады. Мысалы:
Оспан қалт етіп аңырып тұра қалды (М.Әуезов). Ақжан бәйбіше мырс етіп күліп жіберді (З.Ақышев). Қара теңіз бұрқ-бұрқ етіп қайнап жатқандай (Ғ.Мүсірепов). Әлдеқайдағы біздің екі көк қырғи жарқ етіп көрінді (Ғ.Мүсірепов).
Еліктеуіш сөзді басыңқы сөзбен жанастырушы е көмекші етістігі екенін көріп отырмыз. Сөйлемде пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
- Үстеуден болған етістікті жанасу да тілімізде кездеседі екен. Мысалы: Қалай тез деп түйдім, ешнәрсе деместен шықтым да кеттім («Қаз.әд.»).Пысықтауыштық қатынаста жұмсалатыны белгілі.
ІІІ. Көптік,септік, тәуелдік, жіктік жалғауларда түрленіп, сөйлемде барлық мүше бола алатын морфологиялық және синтаксистік сипаттары бар (бұл жағынан есімдерге ұқсас), амал -әрекеттің атауы болу, семантикасы мен шақтық ұғымды білдіру қабілеттері де бар (бұл жағынан етістіктерге ұқсас) телі формалар есімшелер категориясы деп аталады. Етістіктің грамматикалық он категориясының ішіндегі бірі – есімше.
Сөйлемде қандай қызмет атқарса да, есімшелер өздерінің негізгі сипатынан – шақтық мәнді білдіру қызметінен айырылмайды. Осы сипатына орай, есімшелер категориясы есімдер тобына емес, етістіктер тобында қаралады. Міне, жанасудың етістікті түрінде бағыныңқы сыңардың есімшенің өткен шақ түрі мен келген формасы молынан кездеседі. Мысалы:
Жуас қоңыр көзі қараған сайын әр ісін бақылап тұрғандай («Қаз. әдебиеті»). Болар –болмас қана білінген көкшіл буалдыр өзге мұнардан гөрі қоюырақ және қозғалған тәрізденіп ырғалып толқып баяу ғана сейілдейді (М.Әуезов). Ешкім түсінбейді,- деді ол көзі жылжымастан қадалған қалпы сөйлеп («Қаз. әд.»). Ол жақындаған сайын үлкейе берді («Қаз.әд.»).
- Егер зат есім, сын есім, сан есім етістікті жанасудың бірінші сыңары бола алса, онда есімдік те сондай қызметке ие болады. Жоғарыда етістікті тіркесті бағыныңқының ыңғайына қарай жеті топқа бөлгеніміз белгілі. Есімдікті сөз тіркестері басыңқымен барлық дерлік көмекші сөздер арқылы жанаса алады. Мысалы: Осылай етіп қойған, сол ғұрлы жоқпын, сіз үшін оралдым, бұл жолы әппақ емес, сол қалпы қасқайып тұр т.б.
Морфология саласынан белгілі есімдіктер мағыналарына қарай жеті топқа бөлінеді. Бағыныңқы сыңарды есімдіктердің, көбінесе, жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері құрайы.
а) Жіктеу есімдігімен келген: Олар да сен сияқтанып әке-шешеден туған, ұзақ жолды сенше тәлтіректеп бастаған («Егемен Қазақстан»). Сіз үшін оралдым,- деп насыбайын бір атты (Ғ.Мұстафин). Балақан-ау, балақан, сүт пісіріп сен үшін дем алмай жүр апаң (Ғ.Мүсірепов).
ә) Сілтеу есімдігі арқылы келген: Бұлттар бұл жолы тау-тау мақтадай аппақ емес, түнерген қап-қара екен («Қаз. әдебиеті»). Осы шақ арбадан мол денелі жолаушының өзі түсті (М.Әуезов). Сол арқылы кітаптағы оқиғаның да, кейіпкерлердің де қоғамға нұсқа, елге тұлға боларлық ірі ауқымды емесін оқушыға ескертіп өтіп едім (С.Иманасов).
Жетісудың кедейі
Көрген қуғын-сүргінді.
Сол себепті әдейі
Ардақтайды бұл күнді (І. Жансүгіров).
Мына қалпы ешқашан ешкімге ештеңе деп зекіп тіл қатып көрмегендей (Ә.Кекілбаев). Содан бері қаншама уақыт өтсе де жалғыз дарақ сол қалпы қасқайып тұр («Қаз. әдебиеті»). Сол қалпы ну жынысты пана тұтып Өр Алтай қайдасың деп тартып кетсе ше? (Р.Отарбаев). Осының бәрін осылай етіп қойған кім? («Қаз. әдебиеті»).
б) Сұрау есімдігімен келген:
Мысық бол десе мияулап,
Иті болып үреміз.
Осы біз не ғып жүрміз деп,
Жылап тұрып, күеміз («Жас Алаш»).
Түсініп болмаған мен кім құртады, неге, неліктен деп ойладым («Қаз. әдебиеті»). Нұрай анасына жалт қарап, кім дегендей иек көтерді («Қаз. әдебиеті»). Соңғы пікірді айтушылардың өздері де не үшін керек емес екенін дұрыстап айта алады («Қаз. әдебиеті»).
- Сан есімдер, негізінен, заттың сандық сапасын білдіру үшін есімді сөз тіркестерін құрамында жиі қолданылады. Дегенмен олар етістіктермен де тіркесе береді. Жанаса байланысатын форманың етістікті тіркес түрінде де сан есіммен келген тіркестер кездеседі. Оларды жанастырушы сөздер – есе, рет, мәртебе, дүркін, жыл бойы, т.б. сөздер болып келеді. Мысалы:
Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мәуреннхр жеріне аттанды (І.Есенберлин). Дұшпаныңнан бір рет сақтансаң, досыңнан мың рет сақтан. Оған уайымдаған Ботов болған жоқ, өйткені бұл арадағы түсім ойындағысынан он есе асып түсті (З.Ақышев). Жұмыс аумағы үш есе ұлғайды (Ғ.Мұстафин). Ол кісі Москвада көрген –білгенін үш жыл бойы айтып тауыса алмап еді (З. Ақышев). Ересек пілдер жүз жыл бойы тізе бүкпейді («Ғалам ғажаптары»).
Бұл сөздерге тағы да мынадай сөздерді жатқызуға болады: Жомарттың жоспарын Жанат сегіз күн ұстады (Ғ.Мүсірепов). Бұлар байдың үйінде екі-үш күн жатты (С.Көбеев).
«Қазіргі қазақ тілі» атты оқулығымызда мұндай сөздермен келген тіркестерді қабысуға жатқызады. Ал біз мұны жанасуға жатқызғанды жөн көрдік. Жанасудың сан есімді тіркес құра алатынын осы сөздердің көмегі арқылы екенін көрсету. Етістікті жанасудың сөз таптары мен тіркесімділігі жанасудың ауқымын молайтады және бұл сөздер септелмейтін болғандықтан бағыныңқы сыңармен тіркесіп жанасу жасайды.
VІ.Сын есімдердің етістіктермен тіркесуі — сирек кездесетін құбылыс. Сын есімдер етістіктермен тіркескенде, қимылға не күйге тән қасиетті, сапаны білдіреді.Бағыныңқы сыңары сын есімнен келген етістікті жанасуда да осындай мағынаны білдіреді.Мысалы: қып-қызыл боп көтеріліп келеді, сүйкімді етіп тұрған т.б.
Етістіктермен жанаса байланысатын сын есімдер түрлі тұлғада тұрып бағыныңқы сыңар қызметін атқарады.
1)Сапалық сын есімнен болған: Орман кіндігіне тараған кейінгі жастар пысық боп өсіп келеді (З. Ақышев).
2) Туынды сын есімдерден болған: Көктемнен күзге дейін кілемдей боп құлпырады да жатады ( «Ана тілі» ). Көк шалғынның арасындағы бармақтай-бармақтай боп өскен бүлдірген мен жидектен көз тұнады (І.Есенберлин). Берілген тапсырманы тастай етіп түйіндеп айтып береді («Ана тілі»). Ала сиырды сүйкімді етіп көрсетіп тұрған соңына ерген кішкене өзінен айнымайтын ала бұзауы («Қаз. әдебиеті»). Төлеген ағам өлеңі есіме түссе, сағынатын жандарым бар болғандықтан да, бойымда сағына алатын сағыныш атты сезім бар болғандықтан да бақытты екенмін ғой деп ойлаймын («Қаз. әдебиеті»).
3) Күшейтпелі шырай мен келген: Қып-қызыл боп көтеріліп келеді (З.Ақышев).
VІІ. Бағыныңқы сыңары нөлдік тұлғада зат есімдермен келген есімдікті жанасуда жанастырушы көмекші сөздердің барлығы дерлік зат есімммен байланыса берді. Мысалы:
Олар да қазақ боп мұңаяды, қазақ боп күрсінеді(«Жұлдыз»). Махамбет бабам ойлай да білген, ойлағанын толғап жыр ғып ағыта білген, күй ғып төге де білген(С.Әбдірайымұлы).
Айналаңды торисың
Түзден тоят тілемей,
Өлексені қорисың
Алдына келсе жүгіне
Терісті оң деп жорисың(«Қазақ әдебиеті»).
Жаңағы сапарынан кейін әлде шыны, әлде мазағы әйелдер оны «басқарма» деп кетті (Ғ.Мүсірепов). Рахмет кабинетінде телефон арқылы сөйлесіп отыр(С.Ерубаев).
Насихат үшін үш мың сөз жаздым, жамиғат!
Үш мыңнан үш ауызын таңдап алдым
Оның екеуін еске сақта, бірін ұмыт, әлеумет
Яғни Құдайды һәм өлімнің хақтығын жадыңа тұт
Жасаған жақсылығыңды естен шығар(Лұқпан хакім).
Бұл ірі шаруашылық қазір Отан қоймасына жыл сайын орта есеппен миллион пұттан тың астығын құйып келеді(Қ.Исабаев). Ботов жүз қаралы, төрт аяқты арбаға қазан, ошақтан бастап, кездеме мен былғарыны қант пен шайды, опа-далапқа дейін қыс бойы тиеп шығады да, қар кетіп күн жылына қос-қостан ат, пар-парлап өгіз жегіп жол тартады(З.Ақышев).
Жанасу байланысу формасының қағидасына сәйкес бағыныңқы сөз нөлдік тұлғада тұру қажет. Бұған қоса бағыныңқы сөз қай сөз табынан болса, ол соның категорияларын қабылдайды да, бірінші сыңардың қызметін атқарады. Себебі, мысалы, зат есімнің көрсеткіштерін қабылдаған сөз есімнің қызметінде жұмсалады. Мысалы:
Сол қуанышым үшін бүгін той жасауыма болады(Ж.Жұмаханова). Мұнысы-менің әкемді күйеусінгені, шешемді қарындасым деп жақын тартқаны(Ә.Қалдыбаев). Асқардың қасындағы жігіт оның әнінің аяғын баяулауын даусының нашарлығынан ұялғандығы шығар деп ұқты(С.Мұқанов).
Сондай-ақ зат есіммен келген қимыл атауы да көмекші сөзбен тіркесіп, басыңқы сөзбен жанасады. Бұлай дейтініміз қимыл атауы зат есімге жақын деп саналады. Ғалым А.Ысқақовтың « Қазіргі қазақ тілі» деген жоғары оқу орындарының оқулығында қимыл атауы туралы былай деп жазылған: «Қимыл атауы істің я әрекеттің нақтылы процесін білдірмей, тек оның атауы ретінде қызмет ететіндіктен, онда шақтық ұғым болмайды. Осы себептен етістікке тән арнаулы граматикалық формалар, яғни есімше, көсемше, рай, жақ, шақ формалары қимыл атауына тікелей жалғанбайды. Қимыл атауы семантикасы жағынан да, түрленуі (формалары) жағынанда етістіктен гөрі зат есімге жақын. Сол себептен қимыл атауына, қолданылу ыңғайына қарай, есімдерге тән көптік, тәуелділік, септік жалғаулары жалғана береді, бірақ оған еш уақытта да жіктік жалғауының қосымшасы жалғанбайды. Мысалы: сендердің бүгін келулерің қажет; бұл кісі сөйлеудің, отыру-тұрудың мән- жайын жақсы біледі, мына киноны көрулеріңізге болады т.б». [15.287]
Бұған мысал келтірер болсақ:
Айнұрдың не деп тұрғанын түсіну үшін оны білу керек (М.Омар). Әр топтың ара- араларына және арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын (І.Есенберлин). Жаңарту үшін жылдан-жылға астасып, жабағыланып жататын қу көделерді әдейі өртеп жіберген (Ғ.Мұстафин).
Бір айта кетерлік жайт, сөзіміздің басында сөз тіркесінің ортақ басыңқы сөз тіркесі түрін айтып өткен болатынбыз. Бұл ғалымдарымыздың зерттеулерінің нәтижесі деп білеміз. Осы сөз тіркесінің түрі жанасу байланысу формасында да ұшырасатынын көріп отырмыз. Мұндай жағдай жанасудың мәнін, мазмұнын, түрін анықтауға, қарауға мол мүмкіндік береді. Мысалы:
Адамзат баласы өзі өмір сүрген мыңжылдықтар, ғасырлар бойы дәл осы сұраққа жауап тапқан жоқ («Қаз.әд.»). Бұлттар бұл жолы тау-тау мақтадай әппақ емес, түнерген қап-қара екен («Қаз.әд.»). Ересек пілдер жүз жыл бойы тізе бүкпейді («Ғалам ғажаптары»). Сен бәйгеге шауып жүріп құлындай бересің, өң өзің сияқты жүйрік туасың (Ә.Қалдыбаев). Ол жақындаған сайын үлкейе берді («Қаз.әд.»). Тапсырған істі орындағаны үшін үкімет алғыс айтты (Ғ.Мұстафин). Нұрай анасына жалт қарап, кім дегендей иек көтерді («Қаз.әд.»). Бір үйде жалғыз тұрып жатқан жасы ұлғайған әйел үшін неше түрлі аурудың азабын тарту оңай емес қой («Қаз.әд.»). Мұнысы менің әкемді күйеусінгені, шешемді қарындасым деп жақын тартқаны (Ә.Қалдыбаев).
Бұдан кейін ортақ басыңқылы жанасу жайлы ойлана жүру керек. Бұл біздің сөз қолданысымыздың ерекшелігін көрсетеді.
Сонымен, біз сөз тіркесін басыңқы сыңарына қарай есімді, етісткті деп іштей екі топқа бөліп қарастырдық. Бұған қоса қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесінің үшінші бір түрі – ортақ басыңқылы деп аталатын формасы жанасуда да кездеседі. Сонда іштей ортақ қабыса байланысқан сөз тіркесі, ортақ матаса байланысқан сөз тіркесі, ортақ меңгеріле байланысқан сөз тіркестері деп бөлінген ортақ басыңқылы формаға тағы бір байланысу түрін жатқызуға болады, ол – жанасу. Мұны жоғарыда келтірілген мысалдардан көруімізге болады.
Ортақ басыңқылы сөз тіркесін іштей осылай бөлуді ғалымдар практикалық та, теориялық та жағынан дұрыс деп біледі. Өйткені ондай басыңқы сыңарларды не есімді, не етістікті басыңқы сыңарларымен бір деп атауға келмейді.[16.626]
Жанасудың жасалу жолдарындағы сөз тіркесін, негізінен, есімді етістікті деп қарастырған болатынбыз. Осы тарауды қорыта келе, есімді және етістікті сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары есімнің, етістіктің қандай түрлерімен тіркесетінін кесте түрінде көрсетсек.
Есімді тіркес
Тіркеседі Тіркеспейді
Сұлу алла
Бала ана
Антұрған кісі
Арық – тұрық түлкі
Хан көкжал
Осы сияқты Кекесін
Құрал
Ұсыныс
Сөз
Дәріс
Адам
Етістікті тіркес
Сөйледі жүрді
Күлді жатты
Айтты сызды
Барды отырды
Қайтты
Тұрды
Келді
Бұл жолы Көрді
Қарады
жылады
қалды
кетті
қонды
жетті
ЕСІМДІ ТІРКЕС Тіркеседі Тіркеспейді
сөз бала
ой адам
өлең кiсi
роман дүкен
әңгiме құрал
жыр
Абай туралы пiкiр
кино
кiтап
дастан
күй
журнал
көрме
сын
спектакль
Етiстiктi тiркес
көрдi жүрдi
сөйледi өштi
ұрды тапты
күлдi ақты
келдi ұқты
тұрды
Бiр рет жымиды
айтты
ойлады
ойнады
жүгiрдi
қарады
атты
шықты
жылады
Қорытынды
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі»,-деген екен халқымыздың атақты жазушысы Ғабит Мүсірепов. Өткенімізге үңіліп, жоғалтқанымызды жаңғыртып, барымызға әр беріп, келешекке сол қалпында сақтап алып баратын «мәңгіліктің мәселесі»-тіл екені ғақ.
Сан – салалы ғылымның қыр-сырын тану үшін қаншама жылдар, тіпті ғасырлар керек екені анық. Сол жылдарда оның теориялық және практикалық базасын қалыптастыру, түрлерін, жасалу жолдарын, қызметін айқындау мүмкіндігіне ие боламыз. Біздің елімізде бұл жағдайларды қолға алуға, Құдайға шүкір деп айтуымызға болады, мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде ғылымның түрлі салаларының ара- жігі ажыратылып, белгілі бір ғылым болып қалыптасып жатыр. Сондай ғылымдардың ішіндегі ғылым деп айтсақ болады, бірі – тіл білімі саласы. Қазақ тіл білімі саласы.
Қазіргі таңда тіл білімі салалары қарқынды даму үстінде. Қазақ халқының егемендік алып, ұлттық мемелекет құруы қазақ тілінің жайын күрт өзгертті. Тілдің даму қарқындылығы аса түсті деп айтуымызға болады. Бұл дамулардың бәрі тілдің барлық салаларын қамтып, оларды қайта қарауға жол ашты. Әрбір саланың ішкі жағына үңілуге және сыртқы құрылысына мән беріп келеді. Дегенмен, әлі де болса қарастырылу керек мәселелер бар. Бұл жұмыстың (бітіру) мақсаты да сол мәселелерді көздеген болатын. Ендігі жерде ой қорытындымыз жоғарыда айтылған, жазылған, қарастырылған мәселелер бойынша өрбімек.
Жарты ғасырлық тарихы бар сөз тіркесі синтаксисі нысанының бірі – байланысу формалары. Мектеп грамматикасынан білетіндей, байланысу формаларын қазақ тілінде беске бөледі. Осы формалардың ішінде өзінің негізгі жасалу жолдары нақты айқындалмай жүргені — жанасу формасы.
Жалпы жанасудың жасалу жолынан бұрын бұл терминді ғалымдардың бірі байланысу формаларының бір түрі деп қараса, енді бірі оны қабысудың ішінде қаралуы керек және соның бір түрі дегенді айтады. Бірақ тілімізде синтаксистік байланысу формаларының бес түрі де бар екені мәлім. Мектеп грамматикасында бұл бесеуі де берілген, жоғары оқу орындарының оқулығында бесеуі де аталады.
Ал енді жанасудың жасалу жолына келгенде біраз түсінбеушіліктер бар. Бұлай айтуымыз жанасудың жолы меңгерудің, қабысудың жасалу жолымен араласып кетеді.
Мектеп грамматикаларында жанасуға анықтаманы, бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің ешбір жалғаусыз, бірде іргелес, бірде алшақ тұрып байланысуы деп береді. Кейбір ғалымдар шылаулар арқылы байланысуын да айтады (тауға қарай кетті). Бұл анықтамаларды біз алдыңғы тарауда көрсеткен болатынбыз.
Сонда «үйге дейін барды», «сабақтан кейін барды» т.б. және үстеудің бірде іргелес, бірде алшақ тұруы мен көсемшенің етістікпен тіркесін жанасуға жатқызады. Ал бұл сөз тіркестерінің алғашқысын меңгеру формасына, соңғысын қабысу формасына жатқызғанды жөн санаймыз. Мұндай пікірде болуымыз ғылыми негіздің аясына саяды.
Біріншіден, «тауға қарай жүрді» деген тіркестерді меңгерудің құрамына жіберуіміз ғалым А.Ысқақовтың зерттеу еңбегінде септік жалғауын меңгеретін септеулік шылаулар деген ғылыми негізді алып отырмыз. Мұнда әрбір септіктің (барыс,шығыс,көмектес) меңгеретін септеуліктерін бөліп көрсетіп қойған, мысалдарын келтірген.
Сонымен қатар,М.Балақаев «Қазақ тілінің грамматикасы» атты мектеп оқулығында: «Бағыныңқы мүшенің белгілі септік жалғауда тұру арқылы басыңқы мүшемен байланысын меңгеру дейміз.
Кейде септік жалғаудағы сөздер кейін,соң,шейін,көре,таман сияқты шылау сөздерге бағынып,соңғыларды етістік меңгеріп тұрады:Баяндамадан кейін жарыс сөз басталды», — деп берілген меңгерудің шылаулар арқылы да келетіні жөнінде айтылады.
Жанасуда қарастырылатын септік жалғаулы есім сөзіне шылау тіркесіп айтылуын меңгеруге жатқызып, соның аясында қарастырылуы керек деген пікірдеміз. Ал сұрағына келгенде ғылыми еңбектерде бұл тұлғалы сөздер әрі толықтауыштық, әрі пысықтауыштық қатынаста жұмасалады деп берілген. Бұл тіркестер меңгеру формасын кеңейту процесіне алып келеді.
Ал екіншіден, үстеудің іргелес және алшақ тұруын, көсемше формасы мен басыңқы сөздің тіркесін де қабысуда қараймыз. Не себеп? деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені сөйлемде сөздің іргелес және алшақ тұруы қабысудың ішінде қарастырылуында ешбір зиян шекпейміз. Мысалы, Бүгін элеваторға отыздан астам машина жөнелтеміз (Ғ.Мұстафин) дегенде «бүгін» мезгіл үстеуі басыңқы сөзден алшақ тұрса да, ешбір жалғаусыз және пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Сондай-ақ көсемшенің етістікпен тіркесін қабысуда қарастыруымыз көсемше етістіктің грамматикалық категорияларының бірі. Көсемшенің жұрнақтары етістікпен келіп, пысықтауыштық қарым-қатынаста болады. Мысалы, Қасқырлар ажырайып бетімізге қарайды (Ғ.Мұстафин) деген сөйлемде «ажырайып» сөзі «қарайды» сөзімен қабысып байланысып тұр.
Жалпы жанасу байланысу формасының өзіндік жасалу жолы, түрлері бар синтаксистік байланыстың бірі екені анық. Жанасу мектеп грамматикасында меңгеру мен қабысуға араластырмай, жаңа жасалу жолдарын қалыптастыру керек. Бұл ретте айта кетерлік мәселе, жоғары оқу орындарының оқулығында да бұл форма арнайы байланысу түрі ретінде қаралып, түсіндірілсе болады.
Сонда жанасуға байланысты жасалған жаңа критерий – негізгі сөздерге көмекші сөздердің тіркесі құрамының аясында ғана сөз болуы тиіс. Бұған қатысты барлық мәліметтер алдыңғы тарауларда көрсетіліп, талданып өтілді.
Қазақ тілінде бес байланыс формасы бар екені айқын және олардың әрқайсысының жасалу жолдары анықталған, оған қоса сөздер бір-бірімен сөз тіркесінде жанаса байланысатынын, өзінің жасалу жолдары бар екенін, есімді етістікті түрді меңгеретінін және кемінде үш сөзден тұру керектігін көрсетіп отырмыз.
Қазақ тiл бiлiмi ғылымының көшбасшыларынан бастау алған,iзбасарларынан қолдау тапқан сөз тiркесi синтаксисiнiң мәселелерi қазiргi таңда шешуiн тауып келе жатыр және мұның қалыптасуына ғалымдар,зерттеушiлер бұл салада өз мiндеттерiн атқарып,ат салысып келедi.Мұны ары қарай жалғастырып,келешекке “қыздың жиған жүгiндей” етiп алып бару жас ғалымдарымыздың еншiсiнде деп бiлемiз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Бегалиев Ғ. Сауранбаев Н. Қазақ тілінің грамматикасы.—Алматы,1948
2 Қазіргі қазақ тілі.—Алматы: ҚазақССР Ғылым Академиясы,1954
3 Аманжолов С. Әбілқаев А. Ұйықбаев И. Қазақ тілі грамматикасы. — Алматы: ҚазмемОПБ,1961
4 Балақаев М. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі (синтаксис).—Алматы:Мектеп,1971
5 Әмір Р. Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі.—Алматы:Қазақ Университеті,2003
6 Балақаев М. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі.—Алматы: Білім,2004
7 Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі.—Алматы: Рауан,1991
8 Аманжолов С. Сауранбаев Н. Қазақ тілінің грамматикасы.—Алматы:Қазақ Мемлекет баспасы,1939
9 Балақаев М. Қазақ тілінің грамматикасы.—Алматы:ҚазмемОҚБ,1949
10 Аманжолов С. Бегалиев Ғ. Қазақ тілі грамматикасы.—Алматы:Қазақтың Мемлекеттік Оқу Құралдар Баспасы,1950
11 Аманжолов С. Әбілқаев А. Ұйықбаев И. Қазақ тілі грамматикасы.—Алматы: Мектеп,1976
12 Аманжолов С. Әбілқаев А.Қазақ тілі.—Алматы: Мектеп,1987
13 Арғынов Х. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері.—Алматы: Мектеп,1969
14 Қазақ тілі.—Алматы: IDK-TIPO,1998
15 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі.—Алматы: Ана тілі,1991
16 Қазақ грамматикасы.—Астана,2002
17 Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. – Алматы: Мектеп,1982
18 Қабиева К. Сөйлемдегі сөздердің байланысы жөнінде. – Алматы: Мектеп,1965
19 Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: Санат,1994
20 Қазақ тілінің грамматикасы. 2-кітап. – Алматы: ҚазССР-ның “Ғылым” баспасы, 1967
Қосымша әдебиеттер:
1 Аманжолов С., және т.б. Қазақ тілі грамматикасы.—Алматы: Мектеп,1975
2 Аманжолов С. Әбілқаев А. Ұйықбаев И. Қазақ тілі грамматикасы.—Алматы: Мектеп,1965
3 Ағманов Е. Қазақ тiлiнiң тарихи синтаксисi. – Алматы:Мектеп,1986
4 Аханов К. Тіл білімінің негіздері.—Алматы: Санат,1993
5 Әуелбаев Ш. Қазақ тілі.—Алматы:Мектеп,1978
6 Байтұрсынов А. Тіл тағлымы.—Алматы: Ана тілі,1992
7 Балақаев М. Қазақ тілінің грамматикасы.—Алматы: ҚазБМБ,1941
8 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.—Алматы: Ғылым,1999
9 Жиенбаев С. Қазақ тілі грамматикасы.—Алматы,1950
10 Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi.3-том. – Алматы:Ғылым,1978
11 Нұрмаханова Ә. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы:Мектеп,1982
12 Сайрамбаев Т. Күрделi сөз тiркестерiнiң кейбiр мәселелерi. – Алматы:Мектеп,1996
13 Сайрамбаев Т. Синтаксистің кейбір мәселелері. – Алматы,1996
14 Серғалиев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі сөз тіркестері синтаксисі. – Алматы,1973
15 Сауранбаев Н. Қазақ тілі.—Алматы: ОПБ,1953
16 Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. – Алматы:Ғылым,1982
17 Хасенов Ә. Қазақ тілі. – Алматы:ҚазмемОПБ,1962