ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ‑ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
Д И П Л О М Ж Ұ М Ы С Ы
Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер
Алматы, 2011
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
- ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ,
ЗЕРТТЕЛУІ
- ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР,
ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЖАСАЛУЫ, ТҮРЛЕРІНІҢ ЖҰМСАЛУ
ЕРЕКШЕЛІГІ
III. ҚАРСЫЛЫҚТЫ БАҒЫНЫҢҚЫ САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС
СӨЙЛЕМДЕР, ЖАСАЛУЫ, ЖҰМСАЛУЫ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ тіл білімінде қарсылықтық құрмалас сөйлемдердің зерттелуі бірден қалыптасқан құбылыс емес және олардың грамматикалық табиғаты туралы біршама зерттеу еңбектері болғанымен, мәселе толық және жан-жақты шешілді дей алмаймыз. Өйткені құрмалас сөйлем – біртұтас жүйелі құбылыс. Қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің әрқайсысының синтаксистік форма алуы өзінше қалыптасқанымен, олардың функциясында ортақ жайттар көп. Қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің арасындағы осындай өзгешеліктердің сипатын ашу, олардың құрылымдық, функционалдық арақатынасын анықтау бітіру жұмысымның өзектілігін дәлелдей алады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде қарсылықтық құрмалас сөйлемдер жүйедегі грамматикалық тұлға ретінде аталып жүр, оларға анықтама беріліп, жасалу жолдары көрсетілгенімен, функционалдық тұрғыдан толықтай зерттелмеген. Қарсылықтық сөйлемдердің қарсылықтық салалас, қарсылықтық сабақтас атты түрлері әбден жіктеліп, орныққан десек те, құрмаластың осы екі түрінің арасындағы өзгешелік бар ма, жоқ па, болса қандай деген мәселе әлі күнге дейін айтылмай келеді. Қарсылықтық салалас сөйлемдердің өз ішінде де түгелдей шешімін таппаған түйіндер баршылық. Мысалға қарсылықтық қатынасты тудыратын жалғаулықтар туралы айтқанда қарсылықтық жалғаулықтардың бір-бірінен семантикалық ерекшелігін, жұмсалуындағы өзгешеліктерін айтуымызға болады.
Қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің сипаты туралы тіл білімінде алғаш А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал» атты кітабында айтылады. Содан бері жарық көрген еңбектерде, зерттеу мақалаларында қарсылықты сабақтас сөйлемдердің сипаты мен оларды жасайтын формалар берілген. Бірақ қарсылықты сабақтастардың даму тарихы туралы бірізді пікір жоқтың қасы. Біздің ойымызша, қарсылықты сабақтастарды жасауға қатысатын формалардыңи даму тарихын саралап ашуды және де сөйлемдердің контексте түрлі болып келетініне қарай оларды бірнеше мағыналық қатынастарға бөліп көрсетуді қажет етеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар қазақ тіл біліміндегі байланыстырушы қайталама амалдардың сипаты туралы да айта кету жөн деп ойлаймыз. Себебі байланыстырушы қайталама амалдар салаластық, сабақтастық қазақ тілінің жүйесінде тек грамматикалық білім ретінде қалып қоймай, коммуникативтік талғам жүйесіне де түсіп келе жатқандығын ескертетін процесс.
Зерттеу нысаны. Менің жұмысымның зерттеу нысаны қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылымдық функционалдық арақатынасы. Қарсылықтық қатынас деген жалпы мағына, ол табиғаттағы, болмыстағы қарама-қарсы әрекеттерді, процестерді не болмаса адамдардың тікелей қатысуымен болған әрекеттердің қарама- қарсылығын баяндайды. Бұл байланыстардың тілдік бейнесі сөйлемде көрініс тауып, олар қарсылықтық құрмалас сөйлемдер деп аталып жүр.
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдер грамматикалық жағынан екі түр арқылы беріледі. Олар қарсылықтық салалас сөйлемдер мен қарсылықты сабақтас сөйлемдер.
Алғашында «қайырыңқы», «ереуіл» деген атпен танылған қарсылықтық салалас сөйлем құрамындағы жеке сыңарлар бір-біріне қайшы мәнде тұрады, яғни бірінші компонентте айтылған оқиғаға екінші компоненттегі оқиғаға қарсы келіп отырады. Бұл қарама-қарсылық баяндауыш формасының сипатына және де бірақ, алайда, ал, әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, т.б. қарсылықтық жалғаулықтардың қызметіне сүйенеді.
Бағыныңқы компоненті басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама- қарсы мағыналық қатынаста келетін сөйлемдерді қарсылықты сабақтас құрмалас деп атаймыз. Бұл сөйлемдерді жасауға есімше, көсемше, шартты райлы етістік формасына түрлі дәнекерлер қосылу арқылы жасалады. Зерттеу жұмысымның нысаны – осы амалдар және олар арқылы құрылған қарсылықтық құрмалас сөйлемдер.
Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу нысаны болған қарсылықтық құрмалас сөйлемдердің жасалуын, жұмсалуын көрсетуге негіз болған сөйлемдер қазақ әдебиетінің классик жазушылары М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің және І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, А.Нұрмановтың, С.Мұратбековтің, Ә.Таразидың, З.Қабдоловтың шығармаларынан алынды.
Ғылыми жаңалығы. Тіл білімінде айтылып жүрген қарсылықтық құрмалас сөйлемдер білдіретін қарсылықтық қатынас жалпы мағына, оның конкретті көріністерін тілдік деректерге сүйене отырып ашуымыз керек. Яғни, қарсылықтық қатынастың қай түрі обьективті қатынасты көрсетеді, қайсысы табиғат, болмыстағы, не адамдардың іс-әрекетінің қайшылығын, қарама-қарсылығын көрсетеді. Бұл – бір.
Екінші, қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдердің байланысу амалдарына байланысты ерекшеліктерін ашу. Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемді ұйымдастыратын амалдар білдіретін жалпы қарсылық мағынасына қарай бір болғанымен, семантикасында, контекстегі қолданылу ерекшелігіне қарай бірдей емес, өзгешелік байқалады. Оларды бірінің орнына бірін жұмсауға келмейді.
Үшіншіден, қарсылықты сабақтастың даму ерекшелігі, грамматикалық түрлерінің қызметі, олар білдіретін мағынасы, бір-бірімен байланыстылығы жайында сөз еттік. Қарсылықты сабақтас сөйлемдердің грамматикалық формаларына талдау жасалып, олардың жұмсалуындағы ерекшеліктеріне талдау жасап, статистика жүргізіп ашып көрсеттік. Әр форманың қолданылу ерекшелігіне байланысты оларды іштей мағыналық топтарға, қарсылықтық қатынастарға жіктеп көрсеттік.
Төртіншіден, қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтастың функционалдық арақатынасын анықтадық.
- ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЗЕРТТЕЛУІ
Қарама-қарсылық немесе «терістеу заңы» — диалектиканың негізгі заңдарының бірі. Қоғамның субьектісі ретінде адам айналасында болып жатқан құбылыстарды тек бақылап қана қоймайды, оған ықпал етеді, тікелей қатысады, қабылдайды. Қоғамдағы құбылыстар мен оқиғалар туралы көрген- түйгенін ой елегінен өткізеді, баяндайды, ол туралы көзқарасын білдіреді, мақұлдайды не терістейді. Адам мен қоғам арасындағы осы байланыстың тілдік бейнесі сөйлемде көрініс табады. Қазіргі қазақ тіл білімінде мұндай сөйлемдер «қарсылықтық құрмалас сөйлемдер» деп аталады. Бүл сөйлемдердің компоненттері бір-біріне қарама-қарсы әрекеттерді, оқиғаларды баяндайды.
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдер грамматикалық жағынан ұйымдасу ерекшелігіне қарай мынадай екі түрлері арқылы білінеді:
- қарсылықтық салалас сөйлемдер;
- қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер.
«Қарсылықты салалас сөйлемдерде алдыңғы сыңарында айтылған жайға екінші сыңарында баяндалатын жай қарама-қарсы мағынада жұмсалады және конструкцияға қатысатын компоненттер баяндауыштары түгелдей тиянақты формада қатысады. Олардың арасындағы синтаксистік байланысты жүзеге асырып, қарама-қарсылық мағынаны айқын білдіруге, кейде оны күшейтуге қызмет етіп тұратын жалғаулықтар: бірақ, дегенмен, алайда, сонда да, солай болса да, сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе, ал» [1.693]
Бағыныңқы компоненті басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама-қарсы мағыналық қатынаста келетін сөйлемдер қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем деп аталады.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің жасалу жолдары әр алуан болып келеді. Олар төмендегіше:
- Шартты рай тұлғасы арқылы құрмаласу. Бұл жолдың өзін екіге бөлуге болады:
1) Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы етістіктің шартты рай тұлғасында (-са, -се) тұрады;
2) Шартты райлы етістікке да, де дәнекерлігі қосылады. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың бұл жолы — ең көне, әріден келе жатқан жол.
- Есімше арқылы құрмаласу. Бағыныңқы сөйлем баяндауышы етістіктің өткен шақ есімшесіне көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалады.
- Көсемше арқылы құрмаласу. Қарсылықты бағыныңқы сөйлем баяндауышының бұл жолы әрдайым күрделі келеді де, көсемшенің -а, -е жұрнағы оларға бірдей жалғанып отырады.
Қарсылықтық салалас, қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдер грамматикалық құрылысы жағынан осылай алшақ, бірақ білдіретін мағыналық қатынасы жағынан біріне-бірі вариант болып, жарыса жұмсалады.
Осы жағдайға қарамай және салалас құрмалас сөйлемдердің сабақтастардан көп бұрын қалыптасқанына қарамай қарсылықтық құрмалас сөйлемнің қарсылықты бағыныңқылы сабақтас түрлері сөзде озық жұмсалады.
Зерттеу жұмысымның мақсатына орай статистикалық әдісті қолдана отырып, қарсылықты қатынасты көрсететін тұлғалардың қолдану ықтималдығын көркем әдебиеттегі тілдік мәліметтер негізінде сараптау барысында қарсылықтық сабақтас сөйлемнің қарсылықты салаласқа қарағанда қолдану ықтималдығының жоғарылығы анықталды.
Статистикалық әдіс арқылы анықталған талдау нәтижесі төмендегі кестеден көрінеді:
1-кесте. С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романының 119-169 беттеріндегі қарсылықтық қатынасты білдіретін салалас, сабақтас сөйлемдердің сандық мәліметі
Қарсылықтық қатынасты білдіретін салалас, сабақтас сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық топтастырылуы |
Сараланудағы сандық көрсеткіш |
Қарсылықты қатынасты білдіретін салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің жалпы саны Қарсылықты салалас сөйлемдер Бірақ Сонда да әйтпесе ауыспалы іргелес -п еді қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем -ған+мен тұлғалы бағыныңқы компонент -са, -се тұлғалы бағыныңқы компонент -са да тұлғалы бағыныңқы компонент -а тұра тұлғалы бағыныңқы компонент
|
64 23 20 2 1 6 5 35 22 3 4 4 |
Жоғарыды келтірілген статистикалық мәліметтер салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің түр-түрінің жұмсалуын билейтін коммуникативтік талғам бар екенін көрсетеді. Сондықтан салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерді тек грамматикалық ерекшелікпен бөлінген түрі деп қарамай, коммуникативтік жағынан ерекшеленетін, арнаулы коммуникативтік қызметке бейімделген синтаксистік тұлғалар болып танылуға тиіс. Осыдан барып құрмалас сөйлемдердің салалас, сабақтас болып топталуы тек теориялық білім үшін ғана емес, практикалық та мән алады.
Коммуникативтік талғамға сай күрделі пікірді хабарлайтын синтаксистік тұлғалар сегменттік, тізбектілік типті құрылысқа жүгінеді.
Сабақтас құрмалас сөйлемдер тізбектілік талабын атқарады. Салалас құрмалас сөйлемдер сегменттік талабын өтейді. Қазақша сөзде лебізді тізбекті етіп құрау қалаулы. Осы себептен сабақтас құрмалас сөйлемдер басым жұмсалады.
«Қазақша сөзде сегменттеліп құралуға бет алған лебіз сөйлеу процесінің үстінде коррекцияға түсіп, тізбектілік сипатқа ие болады.
Сегменттік талаппен құралып, сегменттікті көрсететін жалғаулықтары бар құрмалас сөйлемге сөйлеуші, байланыстырушы қайталамаларды енгізіп, тізбектілік сипатын қосып жібереді.
Енді соңғы әнді есітіп қалуға ауылдың бар адамдары бүгін әсіресе құмартқан, бірақ құмартқанмен шеткі қоңыр үй-малшы, жалшылар үйінен сол әнді тыңдауға талпынған талай жан бара алмай, өкініш пен күйікте қалған (М.Әуезов).
Сөйлеушілердің тізбекті құрылған лебізге құмарлығы тағы мынадан көрінеді.
Тізбектілік, тек сабақтас құрмалас сөйлем үлгісінде ғана орындалып қоймайды. Ол салыстық үлгіде де орындалады.
Өмір шындығына жанаспайтын қайдағы бір жылымшы махаббатты жыр кітаптарды оқып алып, бұл әйел әрине сондай жылымшы махаббат іздеп мына толық жігітке ерге шыққан ғой. Қара қияқ мұрт, қара қалың қасын көрді де ғашық болды, әрине. Ғашық болдым деп ойлады, әрине. ойлады да өзін-өзі алдады. Алдады да ерге шықты. Шықты да өкінді. Кітаптағы жылымшы махаббат өмірде қышқыл екен. Енді бұл сорлы соған өкінетін болар (Ә.Тарази).
Байланыстырушы қайталамалар анафористік құрылымда да жұмсалады: солай етті де — сөйтті де, олай етсе де — өйтсе де, т.т. көп жалғаулықтар осы анафористік құрылымдар негізінде дамып шыққан.
Осы фактілер тізбектіліктің, оны іске асырушы амалдардың қазақша сөйлеу дәстүріндегі, синтаксистік жүйедегі ерекшелігін, орнын байқатады.
Тізбектілікті құрылыс, оның таңдаулы болуы адамның о бастағы табиғат құбылыстарын, табиғаттағы заттарды көру, тану, айту дәстүріне байланысты, соны үлгі етуіне байланысты орныққан. Адам бұл айтылғандарды орналасу ретін, бірінен соң бірінің ілесіп келу ретін қуып көрген, айтқан, таныған. Осы дәстүр, тәртіп синтаксистігі тізбектіліктің орнығуына, қалаулы болуына негіз болды» [2.27].
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдердің қарсылықты салалас, қарсылықты бағыныңқылы сабақтас атты ортақ сипатымен біріккен, бірақ іштей жасалу ерекшелігі бар кіші грамматикалық-семантикалық түрлерді бөліп шығарады.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемге қатысты алғашқы пікір, тұжырымдар П.М.Мелиоранский, Н.И.Ильминский және т.б. түркітанушы ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты. Петербург университетінің профессоры, Шығыс зерттеушісі, көрнекті түрколог П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген еңбегі екі кітап болып Петербургте басылып шықты. Бірінші кітабы – фонетика мен морфологияға арналды (1894), екінші кітабы – синтаксиске арналды (1897). Бұл екінші кітабын синтаксиске арналған еңбек деуге болады.
Автордың бұл кітабында синтаксис саласы екі тарауға бөлінген: бірі – жай сөйлем, екіншісі – құрмалас сөйлем. Осыған дейін шыққан еңбектерде құрмалас, жай сөйлем деп сөйлемдерді жіктеу болмаған. Бұл тақырып бірінші рет осы еңбектен көрініс тапты. Әрине, бұл еңбекте құрмалас сөйлем қазіргі түсінігіміздей сипатталған жоқ.
Атап айтқанда, құрмалас сөйлемнің анықтамасы, оның жай сөйлемнен айырмашылығы, құрмаластың салалас, сабақтас, аралас түрлері сөз етілмеді [3.193].
«Құрау, құрылыс» мәнін беретін «құрмалас» атауының қазақ тіл білімінде танылып, ұғымына сай жадымызда қалыптасып қабылданып кетуі алғашқы тілтанымпаз А.Байтұрсынұлы есімімен байланысты. Ғалым «Тіл тағылымы» деген еңбегінде жалпы сөйлем жүйесіне аса көңіл аударып, «сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың басын құрап, біріне-бірінің қырын келтіріп, қиындастыратынын» сөйлемнің қай түріне болсын бағыттаған [4.368]. Ғалым «сөйлемдер арасында екі түрлі жақындық болады. Бірі – ішкі, бірі – тысқы. Ішкі жақындық – мағына жүзіндегі жақындық. Мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер іргелес деліп, мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер құрмалас деліп аталады.
Іргелес сөйлемдерге мысалдар: Күн кеш болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді. Автор бұл үш сөйлем біріне-бірі тек ой іргесімен ғана жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа еш нәрсе жоқ. Сондықтан бұлардың араларына [.] қойылады дейді.
Құрмалас сөйлемдердің құрмаласуы 2 түрлі: сыйыса құрмаласу, киыса құрмаласу. Сыйыса құрмаласса, сөйлем сыйысулы құрмалас деліп, қиыса құрмаласса, сөйлем қиысулы құрмалас деліп аталады.
Сыйысулы құрмаласқа мынадай мысал келтіреді: Қарабай мен Сарыбай аңға шықты. Бұл сөйлем екі сөйлемнің сыйысып, қосылғанынан болған: Қарабай аңға шықты. Сарыбай аңға шықты.
Қиысулы құрмаластар біріне-бірі тең болып та, бірінен-бірі кем болып та қиысады. Қиысулы құрмаластағы сөйлемдер тең болса, салалас құрмалас деліп аталады. Тең болмай, бірінен-бірі кем болып қиысса, онда қиысулы құрмалас сабақтас деліп аталады»[4.300]
Сөйтіп салалас құрмаластың қиысуы 5 түрлі (жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы) болады деп көрсетеді де, әрқайсысына жеке-жеке түсінік беріп, мысал келтіреді. «Eгерде алдыңғы сөйлемге кейінгі сөйлем қарсы мағыналы болып қиысса, қайырыңқы қиысулы болады. Мәселен, «Қылыш жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Мен бардым, сен үйде болмадың» [4.302]. Ғалымның бұл келтірген мысалдары қазіргі қазақ тіл білімінде ауыспалы іргелестерге жатады.
Содан соң автор сабақтас сөйлемнің сипаты, оның белгілері мен түрлері туралы тиянақты ой айтады: «Сабақтас сөйлемнің белгісі бірнеше сөйлемнің бірігіп, біріне-бірі сабақталып, байланысып айтылуы. Сөйлемдер сабақталып біріккенде, бірі – басыңқы болып, екіншісі – бағыныңқы болып бірігеді» [4.302]. Бағыныңқы мен басыңқы сөйлемнің табиғатына түсінік бере келе автор сабақтас құрмалас сөйлемнің 10 түрін бөліп көрсетеді:
- Бастауыш бағыныңқы сөйлем;
- Анықтауыш бағыныңқы сөйлем;
- Толықтауыш бағыныңқы сөйлем;
- Мезгіл пысықтауышының бағыныңқысы;
- Мекен пысықтауышының бағыныңқысы;
- Сын пысықтауышының бағыныңқысы;
- Себеп пысықтауышының бағыныңқысы;
- Мақсат пысықтауышының бағыныңқысы;
- Шартты бағыныңқы;
- Ереуіл бағыныңқы.
Тілші-ғалым А.Байтұрсынов қарсылықты сабақтас сөйлемді ереуіл бағыныңқы деп атап, мынадай мысал келтіреді: «Тартса да бар күштерін аямай-ақ, аслан жүк орнынан қозғалмады». Сөйлем мазмұны бір-біріне қарсы ереуіл келіп тұр. Сондықтан мұндай басыңқы сөйлемге ереуіл келетін бағыныңқы сөйлем ереуіл бағыныңқы деліп аталады.
Ереуіл бағыныңқының белгісі пәлен етсе де, пәлен болса да деп ереуіл раймен айтылады.
Мысал: «Күні бойы қараса да, таба алмады. Қыс қатты болса да, мал аман шықты» [4.307].
Содан кейін қарсылықтық құрмалас сөйлемге қатысты әрі мағыналық, әрі құрылыстық жағынан тың тұжырымдар С.Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» деген еңбегінде қозғалды . Бұл еңбегінде автор құрмалас сөйлемдерге, оның түрлері мен сабақтастың шығу тарихына қысқаша тоқталады. «Құрмалас салаластың шығуында ешбір жұмбақ жоқ. Ал сабақтастарды алып қарасақ: бірден түсіну оңай емес, неше түрлі қат-қабат формалар арқылы ізі жасырынған. Құрмалас сабақтастардың негізгі түрі көсемше арқылы, есімше арқылы, шартты рай етістігі арқылы жасалатынын білеміз» [5.176].
Ғалым құрмалас сөйлемдердің 4 түрін көрсетеді:
- Салалас құрмалас сөйлемдер
- Сабақтас құрмалас сөйлемдер
- Аралас құрмалас сөйлемдер
- Тиянақты басыңқысыз сабақтас.
Осының ішінде салалас сөйлемдерді тұлғалық жағынан 2-ге бөледі: жалғаулықсыз салалас, жалғаулықты салалас.
«Жалғаулықсыз салалас туралы революцияға дейінгі қазақ тілі грамматикасында сөз болмаған. Тек 1938 жылдан бастап шыққан қазақ тілі синтаксисінде жалғаулықсыз салаластардың өзара жігін ашпай, тек іргелес деп атап кеткен.
1942 жылы синтаксистің екінші басылуында жалғаулықсыз салаластар ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдар, анықтамалы болып 4-ке бөлініпті [5.181].
Бұл кітаптағы қарсылықтық салаластардың мысалдары: Асқар тау биік дер едім, — Көрініп тұр төбесі (Жамбыл). Бас болмақ оңай, бастамақ қиын (мақал). Хорунжий Полонисто өлген жоқ, монтерді тапты (Н.Островский). Онда қарсылықтарға жалғаулықтары түскен (айтылмаған) тегі жалғаулықты сөйлемдер деп түсіндірме берген.
С.Аманжолов жалғаулықсыз салалас сөйлемдердің 11 түрін, ал жалғаулықты салаластардың 8 түрін көрсетеді. Қарсылықтық құрмаластар жалғаулықтар арқылы да, жалғаулықтарсыз да жасала алатынын айтқан.
Сабақтас құрмаластарды ірі 3 салаға бөледі:
- Шартты бағыныңқылы сабақтас
- Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас ( Күн бұлттанса да, жаңбыр жауған жоқ)
- Пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің жасалу жолының 3 түрін көрсеткен:
- Шартты райлы етістікке ( -са, -се) да, де шылауы қосылу арқылы;
- Өткен шақ есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы;
- -мақ тұлғалы етістік есімге (тұйық етістікке) түгіл шылауы қосылуы арқылы.
Сонымен қатар қарсылықты сабақтас сөйлемнің 2 түрін көрсетеді: жай қарсылықты және ереуіл қарсылықты. Бірақ автор оларға анықтама, мысал келтірмейді.
1941 жылы құрмалас сөйлемдердің топтастырылуына байланысты С.Жиенбаев «Синтаксис мәселелері» деген еңбегін шығарады. Ғалым: «Бағыныңқы сөйлем дегеніміз – о бастағы жай сөйлем. Жүре келе ол жай сөйлем басқа сөйлемнің бір мүшесіне айналып кеткен.
Бағыныңқы сөйлемдердің басыңқыға бағыну жолдары мыналар: олар немесе құр интонациямен бағынады. Немесе есімдік я жалғаулық арқылы байланысады, немесе етістік баяндауышының есімге айналған өзгеше бір формалары арқылы байланысады. Бұл классификация бағыныңқының барлық түрлерін қамтиды. Бұдан тыс қалатындар – шартты мен қарсы бағыныңқы және бұрма сұраумен келетін сөйлемдер.
Тарихи процесте сабақтас сөйлем салаластан туады да, салалас сөйлем жай сөйлемдердің тігілей қосылғанынан пайда болады» [6.8] дейді.
Автор салаластың 4 түрін ( ыңғайлас, қарсылас, талғаулы, себеп- салдар) көрсетіп, оның ішінде қарсылас салаласқа қысқаша тоқталып өтеді.
Ал сабақтас құрмалас сөйлемді сөз еткенде, С.Жиенбаев «Бағыныңқы сөйлемдерді басыңқы сөйлемнің бір мүшесі қатарында есептеу керек. Басыңқы сөйлем дегеніміз — жай сөйлем. Олай болса, бағыныңқыларды да жай сөйлемнің мүшелеріне жіктейміз. Жай сөйлемдерде қандай мүшелер болады? Ондағы мүшелер бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштар. Олай болса, бағыныңқылар да негізінен осы ізбен анықтауыш, тоықтауыш, пысықтауыш бағыныңқы болып, бастауыш, баяндауыш бағыныңқы болып жіктелуге тиіс. Осылай еткенде жай сөйлем мен сабақтас сөйлем арасында белгілі бір тетелестік сақталады. Жай сөйлем талдауын меңгеріп алсақ, сабақтасты да осы принциппен тексереміз» [6.18] дей келіп, қарсылықты бағыныңқы сабақтасқа тоқталмайды, тек жасалу жолының 2 түрін көрсетіп ( өткен шақ етістікке көмектес септігінің қосылуы арқылы, шартты райлы етістікке да, де шылауы жалғану арқылы), мынадай мысал келтіреді: «Тартса да бар күштерін аямай-ақ, Асылан жүк орнынан қозғалмады (Крылов)».
Одан кейін құрмалас сөйлемдердің жалпы теориялық мәселелері, түрлері мен жасалу жолдары кең түрде көрініс тапқан еңбек – Н.Сауранбаевтың «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі». Құрмалас сөйлем жүйесінде ғалым бірінші рет іргелес құрмаластар туралы айтты: «Іргелес құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дәрежеде құрмаласатындығы және сөйлемнің баяндауышы тиянақты қалыпта болатындығы. Бұл екі қасиет іргелес құрмаластарды салалас құрмаластармен жақындастырады. Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сипаттап, бір- біріне тәуелді болып байланысады. [7.27]
Бірақ автор іргелестердің түрлері туралы ештеңе айтпайды, тек қарсылықтық мағынаны білдіретіндері қарсылас салалас және қайшы сабақтас деп жіктеген.
Қарсылас салалас сөйлемге анықтама беріп, өз пікірін мысалдармен дәлелдейді. Ал қарсылықты сабақтастарға қайшы сабақтас деп термин теліп, оның жасалу жолының 3 түрін көрсетеді.
- Есімше баяндауышқа -мен қосымшасы жалғану арқылы;
- Шартты баяндауышқа да қосалқысы ілігуі арқылы;
- Күрделі баяндауышқа «бол», «бер», «ал» сияқты көмекшілердің болымсыз түрде, қайшы мәнде айтылуы арқылы құрмаласады.
Сондай-ақ қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің сыйыспалы қайшылас деген екінші түрін көрсетіп, оған жеке сөйлемдердің бастауышы ортақ болатын сабақтас құрмаластарды жатқызады. Мысалы: «Осы күні кешке Қара Шоқыға жеткенмен, Абай әке қасында Күнкенің аулында қалған жоқ (М.Әуезов). Күндізгі уақыттар Құнанбай асығып суыт жүргенмен, жолдағы белгілі-белгілі ауылдарға кеп түскенде, үнемі тез аттана алмай қалады (М.Әуезов). [7.82]
А.Ысқақовтың 1940 жылы «Халық мұғалімінде» құрмалас сөйлемдер туралы «құрмалас сөйлемдер мәселелері» атты мақаласы шықты. Бұл мақаласында ғалым құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, аралас болып 3-ке бөледі де, соның ішінде қарсылықтық мағынаны білдіретіндері – қарсылықты (ереуіл) салалас сөйлем, қарсылықты жалғаулықсыз сөйлем және шарттылықты (ереуілді) пысықтауыш бағыныңқы сөйлем деп бөліп көрсетеді. Автор қарсылықты бағыныңқы сөйлем шартты рай тұлғасына да, де жалғаулық шылауы тіркесуі, өткен шақ есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалатынын көрсетеді.
Салалас сөйлемдерге байланысты Ә.Хасеновтің 1954 жылы «Халық мұғалімі» журналында «Салалас құрмалас сөйлемдер және олардың тыныс белгілері» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада салаластың өте ертеден келе жатқан категория екенін айта келіп, мағыналық жақындықтарына қарай оларды 5-ке бөледі: ыңғайлас, қарсылықты, себепті, талғаулы, түсіндірмелі.
Ғалым қарсылықты құрмалас сөйлемге түсінік бере отырып, мынадай мысалдар келтіреді: Қасына шопан ертіп еді, бірақ ол ілесе алмады (Ғ.Сланов). Өзгеге көңлім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың (Абай). Сәуле күлейін деп еді, — күле алмады. Ондағы ойы мына түріммен көрінбейін, кете берсін дегендік еді, ол дегені болмады (Ә.Әбішев).
Ғалымның бұл мақаласында салалас сөйлемге жалпы сипаттама берген, бірақ оның түрлеріне толықтай тоқталып өтпеген десек те болады.
М.Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы. Синтаксис» деген еңбекте Т.Қордабаев қарсылықтық мағынаны білдіретін құрмалас сөйлемнің түрі ретінде қарсылықты салалас және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем түрлерін бөліп шығарады. Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың жасалуының 4 түрлі жолын көрсетеді:
- Шартты рай тұлғасы арқылы;
- Шартты рай тұлғасына да, де дәнекерлігі жалғану арқылы;
- өткен шақ есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы;
- көсемше арқылы құрмаласу. Қарсылықты бағыныңқы сөйлем баяндауышының бұл жолы әрдайым күрделі келеді де, көсемшенің -а, -е жұрнағы оларға бірдей жалғанып отырады» [8.203].
Кейін автордың пікірі 1995 жылы жеке кітап болып шыққан «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі» еңбегінде толықтырылып басылды. Онда қарсылықтық құрмаластардың екі түрін көрсетіп (қарсылас салалас және қарсы бағыныңқылы сабақтас сөйлем), оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтеді. Қарсылас салаластың компоненттер арасындағы қайшылықтың төрт түрін келтіреді. Сонымен қатар қарсылықты бағыныңқы сабақтастың жасалу жолының тағы бір түрін қосады: ол бағыныңқының баяндауышы -ша, -ше қосымшалы есімшеден жасалады [9.116].
Қ.Есенов синтаксис саласындағы қадамдарын 1950 жылдардың соңын ала бастап еді. Содан бергі уақытта құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сипаттағы түріне ерекше көңіл бөліп, бұл жайында бірнеше монографиялық еңбек ұсынды, зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Ғалымның 1969 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер» атты диссертациялық жұмысы жарық көрді. Кейін бұл зерттеулерін «Құрмалас сөйлемнің синтаксисі» кітабында толықтырып басты. Қ.Есенов құрмалас сөйлемді салалас, сабақтас, аралас деп 3-ке бөліп, оның ішінде қарсылықтық мағынаны қарсылықты салалас және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер білдіретінін және олардың әрқайсысының жасалу жолына толық түсінік берді.
Қарсылықты салаластарды ішінара жалғаулықты, жалғаулықсыз деп жіктейді. Жалғаулықты қарсылықты салалас сөйлемнің жасалу жолының 3 түрін көрсетеді:
- Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымды, соңғысынікі – болымсыз болады. Мысалы: Алдымызда жүз саржан шамасында Үсімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді (Б.Майлин).
- Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымсыз, соңғысынікі – болымды. Мысалы: Жұрттың көбі елемейді, бірақ бұл ішінен жіпке тізіп отырады (С.Сейф.).
- Екі жақ компоненттің де баяндауышы болымды тұлғамен беріледі. Мазмұн желісінен және қарсылықты жалғау арқылы қарама-қайшылық мән білініп тұрады. [10.34]
Ал қарсылықты сабақтастың жалғаулықсыз түрінің жасалуының 5 түрін көрсетеді. Олар:
- Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымды, соңғысы – болымсыз тұлғамен айтылады:
- a) -п формантты көсемше арқылы жасалады. Алғашқы компонентте істің орындалғаны белгілі болып тұрады. Мысалы: Тәңірберген бірер рет тіл қатып еді, Еламан үндемеді (Ә.Нұрпейісов).
ә) қалау райлы етістікпен тіркеседі, мұндайда істің әлі басталмағаны көрсетіледі. Мысалы: Ұмтылып арбадан түсейін деп еді, Нұрғали басып жібермеді (Б.Майлин).
- Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымсыз, соңғысынікі – болымды.
- Екі жақ компоненттің баяндауышы – болымды, бірақ мазмұн көрінісінен қарама-қарсылық мән байқалады.
- Екі жақтың баяндауышы да болымсыз болады.
- Сөйлемдегі қайшылық мән кейде жеке сөздердің салғастырыла жұмсалуы арқылы да беріледі. Мысалы: Бас болмақ оңай, – бастамақ қиын (мақал). [10.35]
Ғалым қарсылықты бағыныңқыларды сөз еткенде, оларды жалпы түрде екі топқа жіктейді: реалды және ирреалды қарсылықты бағыныңқы.
Реалды қарсылықты бағыныңқыда оқиғаның орындалғаны немесе орындалып жатқаны баяндалады. Басыңқы компоненттің баяндауышы болымды болады. Мысалы: Қанша ашу шақырдым десе де, Жәуке тыңдап отыр осы әнді (Б.Майлин). Олардың қолдары байлаулы, мойындары бұғаулы болғанмен, өз жерлерінің үстінде нық басады (С.Талжанов).
Иррелды қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің бағыныңқы сөйлемнің белгілі бір істі орындау жайында әрекет жасалғанымен, басыңқыда түпкі нәтижелі істің орындалмағаны байқалады. Басыңқы компонент болымсыз формада тұрады, не болмаса болымсыз мәндегі емес, жоқ сөздері арқылы келеді. Мысалы: Бұл жөнде екі кездесу болса да, советник Кошкинді өз ырқына көндіре алмады (М.Әуезов). Мен айтсам, қарысып тыңдамайды (Б.Майлин). [10.87].
Бірақ қазіргі қазақ тілінің теориясында ғалым бөліп көрсеткен қарсылықты бағыныңқының реалды және ирреалды түрлері сөз етілмейді.
Ал ғалым Р.Әмір «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» деген еңбегінде алғаш рет жалғаулықтардың шығуы туралы айта келіп, оларды мағынасы мен жұмсалуына қарай бірнеше топқа бөліп топтастырды. Соның ішінде қарсылықтық жалғаулықтардың әрқайсысының даму тарихы мен жұмсалуына жеке-жеке тоқталып, кең түсінік берді[11.22].
Ғалым қазақ тілі құрмалас сөйлем жүйесінде үш құрылымдық түрді бөліп көрсетеді:
- Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер;
- Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер;
- Сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Оның ішінен іргелестерді бөліп алып, оны құрылыс ерекшелігіне қарай тұрақты іргелес және ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер деп топтайды. Автордың көрсеткен іргелестері құрмалас сөйлем қалыптаса бастаған кездегі сөйлемдерден өзгеше сипатта, кейіннен пайда болған коммуникативтік талаптарды ескергендігінен туындағаны айқын.
Ғалым Р.Әмір қарсылықтық құрмаластарды қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер, қарсылықтық іргелес салалас (ауыспалы іргелес және тұрақты іргелес деп екі түрін бөліп көрсеткен), қарсылықты бағыныңқылы сабақтас деп үш түрін көрсеткен.
Соңғы шыққан “Қазақ грамматикасында» (2002 жылғы) қарсылықтық құрмаластардың түрлері осындай.
Т.Сайрамбаев пен Б.Сағындықұлы авторлығымен 2007 жылы «Құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген оқулық шықты. Онда құрмалас сөйлемдердің зерттелуі, түрлері туралы жазылды. Автор қарсылықты мағынаны білдіретін құрмаластың қарсылықты салалас пен қарсылықты сабақтас түрлерін бөліп көрсеткен де, оларға сипаттама беріп өтеді.
Сонымен қатар жалпы құрмалас сөйлемдер туралы соңғы уақытта диссертациялық еңбектер де біршама жазылды. Оларға Т.Н.Ермекованың, Ә.Қ.Елшібаеваның, С.С.Айтжанованың зерттеу жұмыстарын айтсақ болады. Бұл еңбектерде құрмалас сөйлемдердің зерттелуі туралы, салалас сөйлем мен сабақтас сөйлемнің арақатынасын ашып көрсетуге талап жасалынды.
Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің қалыптасуы туралы тіл білімінде түрлі пікірлер айтылады. Н.Дмитриев, Н.Баскаков, Н.Гаджиева, М.Закиев, Е.Убрятова, т.б.түрколог ғалымдардың пікірлері әртүрлі болғанымен, дербес сөйлемдердің жай ғана тіркесіп келуі құрмалас сөйлем емес екендігін, оны әлдеқайда күрделі құбылыс ретінде танудың қажеттілігі жөніндегі пайымдаулары тоғысып жатты.
Орыс тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді құрылымдық жағынан сипаттаған А.Шахматов, А.Пешковский, Н.Шведова, М.Алехина сияқты ғалымдар тобы құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы салаласа, сабақтаса байланысуды ажыратудың формальді белгілерін атап көрсетіп, синтаксистік компоненттердің байланысу жолдарын алғашқы орынға қояды, осы синтаксистік байланыс негізінде жай сөйлемдердің тіркесуінен жасалған сөйлемдерді құрмалас сөйлем деп таниды. Қазақ тіл білімінің құрмалас сөйлем синтаксисі осы құрылымдық принципті негізге алып дамыды.
Н.Поспелов, В.Богородицкий тәрізді ғалымдардың бір коммуникативтік бірлік ретінде берілетін тұтас синтаксистік құрылымды құрмалас сөйлем ретінде санайтын көзқарасын ұстанатын ғалымдар қатарынан М.Серғалиев, Қ.Есенов, Р.Әмір көрінеді.
Адамзаттың пікір алысуына дәнекер болған жай сөйлемдердің өзара байланысуы арқылы қарым-қатынастың келесі сатыдағы көрінісін сипаттайтын құрмалас сөйлемдердің пайда болу мерзімін бір уақытқа телуге болмайды. А.Потебня, Т.Қордабаев, т.б. ғалымдардың айтуынша тіл дамуының көне заманында құрмалас сөйлемнің салалас түрі ғана болған. Тілдік категориялардың даму заңдылықтарына орай, салаласа байланысудың негізінде сабақтаса байланысу келіп шыққандығын Н.Сауранбаевтың еңбегінен көруге болады. Түрколог ғалым Б.А.Серебренников, Н.З.Гаджиева «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» деген еңбегінде орыс тіліне қатысты айтқан Я.А.Спринчактың пікірін негізге ала отырып: «Обьединение простых предложений в одно сложное первоначально происходило путем простого примыкания. Сочиненные предложения в тюркских языках развивались единственным путем – из сложения простых предложений с сохранением их грамматической самостоятельности. Естественно, что их структурный тип соотносится с довольно ранним периодом пратюркской общности. Этим самым подтверждается общепринятое в лингвистической литературе положение о том, что подчинение предложений (гипотаксис) развивалось на основе сочинения (паратаксиса) предложений» [ 12.276] дейді.
Белгілі түрколог-ғалым Э.Севортянның құрмалас сөйлемдерді тереңдей зерттеу мәселесі жекелеген түркі тілдеріндегі бағыныңқы сөйлемнің даму бағытымен және ондағы кейбір ортақ тенденциялардың айқындалуымен байланысты болатындығын айта келе, құрмалас сөйлемдердің екі түрінің ерекшелігін сипаттауы – бүгінгі күнге дейін құндылығын жоймаған пікір. «Формы выражения подчиненности зависимых, т.е. придаточных предложений обусловлены историческим ходом развития сложного предложения. С этой стороны в тюркских языках намечаются главные (но не единственные) линии развития сложного предложения и формирования соответствующих типов предложений:
1) образование сложных предложений путем сложения двух простых в результате возникновения между ними каузативных, временных, определительных и других отношений; это путь синтаксического сращения предложений;
2) образование сложных предложений путем усложнения и обогащения простого предложения на почве развития его отдельной части или трансформации определительных групп в предикативные, или, наконец, возникновения подлежащего в деепричастных обстоятельственных оборотах постого предложения; это путь вычленения зависимого предложения в недрах независимого.
Каждый из этих типов сложных предложений имеет свойственное ему оформление придаточного предложения и его сказуемого.
Соединение двух простых предложений дает разный результат, зависящий от характера развивающихся между ними смысловых отношений. Если содержания обоих предложений складываются и в результате возникает новое, обьединенное содержание, то образуется сложное предложение сочиненного типа. Если содержание одного предложения превращается в пояснение другого и становится, таким образом, к нему в отношения смыслового подчинения, то налицо условия для развития данного комплекса в сложное предложения подчиненного типа [13.126].
Құрмалас сөйлемдердің пайда болу жолдары туралы А.А.Потебняның кейбір зерттеулеріне сүйене отырып А.Рифтин мынадай теория ұсынған болатын.
Көне заманда сөздер мен сөйлемдердің байланысының нашар болғандығын А.Рифтин де «Аккад тіліндегі құрмалас сөйлем дамуының екі жолы туралы» деген мақаласында айтқан [14.66]. Бұл теорияға сәйкес құрмалас сөйлемдердің дамуы төменде көрсетілген екі жолмен жүрді:
1) Салаласа байланысқан екі жай сөйлем артынан сабақтас құрмалас сөйлемге айналады.
2) жай сөйлемнің етістікті оралымдары бағыныңқы сөйлемдерге айналып, сабақтас құрмалас сөйлем құрайды.
Осы мақаласында А.Рифтин тетелес тұрған екі жай сөйлемнің салаласу негізінде бір-біріне қосылуы, бірігуі құрмалас сөйлем дамуының бірінші жолы дегенді айтады. Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі яғни компоненттері бір-бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай іргелес, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі паратаксис деп аталады. Тарихи дамудың барлық кезеңдерінде түркі тілдеріне жай сөйлемдердің тізбектелген жүйесі тән, сондай-ақ олар бір-бірімен қабыса байланысқан.
Екінші көзқарас тілші ғалымдар арасында бірауыздан қолдау тапты деуге болмайды. Кейіннен Г.С.Кнабе бұл теорияны жоққа шығарады. Ол үндіеуропалық тілдерде етістікті оралымдардың бағыныңқы сөйлемге айналуының кездеспейтіндігін ескертеді, бірақ гипотаксистің паратаксис негізінде өрбігендігі туралы салыстырмалы синтаксис пен жекеленген тілдердің тарихи синтаксисін зерттеушілері толық мойындайтынын айтады. Осылайша, А.Рифтин ұсынған дамудың екінші жолын үндіеуропалық тілдерінің материалдары нақтылай алмады. Дегенмен, көптеген түркітанушылар А.Рифтин көзқарасын қолдады.
Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның негізінде сөйлемнің әртүрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде пайда болған. Бұл пікірдің дұрыстығын түркі жазба ескерткіштері де дәлелдейді. Мұны «Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары» деген мақаласында Н.Т.Сауранбаев та айтқан еді: «Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған» [15.113] . Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші ғалымдар Ә.Құрышжанов, М.Томанов «Орхон-Енисей жазуы ескерткіштерінің зерттелу тарихы мен грамматикалық очектері» деген еңбегінде шығу тегі жағынан жалғаулықсыз салаластардың алғашқылығын, жалғаулықты салаластардың эпитафиялар тілінен кездеспеуін олардың тарихи жаңа категория екендігімен байланыстырады [16.99]. Расында да көне жазбалар тілінен бір-бірімен ешбір дәнекерсіз, қатар тұрып байланысқан сөйлемдерді жиі кездестіруге болады:
Атым Ел Туған тутуқ, бен теңрі елімке елчісі ертім, алты бағ будунқа бег ертім. Аудармасы: Атым – Ел Туған тутуқ, мен теңрілік елімнің елшісі болдым, алты баулы халыққа бек болдым. /Талас жазуының ескерткіштерінен/ .
Салалас құрмаластың алғашқылығы туралы С.Жиенбаев: «…құрмаластың салалас, сабақтас түрлерінің өзі қатар пайда болмаған. Құрмаластың алғашқы түрі – салалас құрмалас. Салалас құрмаластың өзі де тілдің, онымен қатар ойлау процесінің біраз күрделіге айналғандығының белгісі»[6.8], – дейді.
Түркі тілдеріндегі құрмаластардың қалыптасып, даму эволюциясын Э.В.Севортян «жай сөйлемнен салалас құрмалас сөйлем арқылы құрмаласқа» бағыты негізінде дамығандығын, ал сабақтас құрмаластардың пайда болуы деген мәселеде оның дамуының басты екі жолы деп төмендегі сөйлем типтерін көрсетеді:
1) Екі жай сөйлемнің өзара каузативті, мезгілдік, анықтауыштық байланысқа түсуі нәтижесінде қалыптасқан сөйлемдер;
2) Жай сөйлемнің жекеленген мүшелерінің дамуы нәтижесінде күрделенуі, сөйтіп көсемше оралымды пысықтауышты жай сөйлемдерде бастауыштың пайда болуы нәтижесінде қалыптасқан сөйлемдер [13.126]. Жоғарыда айтылғандарға қорытынды жасай отырып төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:
- Қарсылықты құрмалас сөйлемдер бүгінгі күнге дейін біршама тиянақты зерттелді. Қарсылықты салалас, сабақтас сөйлем жөнінде едәуір еңбектер шықты. Олар оқулық түрінде, монография, диссертация түрінде жарық көрді. Сол еңбектерде қарсылықты салалас, сабақтас сөйлемдер құрмалас сөйлемге тән теориялық мәселелер тұрғысынан қаралды.
- Қарсылықты салалас сөйлемдердің сипаты, өзіндік ерекшелігі, олардың арасын байланыстырушы қарсылықтық жалғаулықтардың шығуы, қызметі, мағыналық ерекшеліктері сараланып көрсетілді.
- Қарсылықты сабақтас сөйлемнің сипаты, өзіндік ерекшелігі, жасалу жолдары, мағыналық қатынастары анықталды.
- Салалас, сабақтас сөйлемнің құрамы, қызметіне байланысты азды көпті еңбектерде қарсылықты салалас пен қарсылықты сабақтас сөйлемдердің арақатынасын ашуға талап жасалды.
- ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЖАСАЛУЫ, ТҮРЛЕРІНІҢ ЖҰМСАЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ
«Қарсылықты салалас сөйлемдер» деген қазір әбден орныққан атау. Алғашқы оқу құралдарында «қайырыңқы», «ереуіл» деген атпен танылды. Бұл сөйлем құрамындағы жеке сыңарлар бір-біріне қайшы мәнде тұрады, яғни бірінші компонентте айтылған оқиғаға екінші компоненттегі оқиғаға қасы келіп отырады. Бұл қарама-қарсылық көбіне баяндауыш сөздерінің болымды, болымсыз грамматикалық сипатына және бірақ, алайда, дегенмен, әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе, сонда да, онда да, ал жалғаулықтарының қызметіне сүйенеді. Қарсылықты салалас сөйлемдегі қарсылықтық қатынастар осы жалғаулықтар арқылы анық білінеді. А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» еңбегінде жалғаулықтарға мынадай анықтама берген: «Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, бірыңғай сөз тіркестерінің және бірыңғай сөйлемдердің араларындағы әрқилы қатынастарды білдіреді [17.385]. Ал А.Салқынбай «Қазіргі қазақ тілі» атты кітабында «Жалғаулықтар бірыңғай тұлғалардың (сөздердің, сөз тіркесінің, сөйлемнің) арасын байланыстырып қана қоймайды, сонымен бірге олардың арасындағы мағыналық қатынасты (шарттылық, қарсылық, ыңғайластық, себеп салдарлық, талғаулық, т.т.) да анықтайды [18.305] дейді. Ал Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемдердегі компоненттерді бір-бірімен байланыстыруда жалғаулықтардың рөлі ерекше екенін ескеріп, «Қазақ тіл білімінің проблемалары» атты еңбегінде жалғаулықтардың табиғаты туралы былай деп тұжырымдайды: «Сфера действия союзов распространяется преимущественно в пределах одного отношения, именно в тех случаях, когда отношение одного слова к другому предложению является равным или независимым. Они определяют специфические особенности сложносочиненного предложения в отличие от сложноподчиненного. В сочиненном предложении функцию выражения синтаксических отношений принимают на себя союзы, чем и обусловливают смысловую, структурную и прочую самостоятельность простых предложений в составе сложного [19.330].
Қарсылықтық жалғаулықтар негізінде бұрынғы сөйлемде айтылған ойға соңғы сөйлемдегі ойдың мағына жағынан қарама-қарсы екенін аңғартуға дәнекер болады.
Қарсылықтық жалғаулықтардың әрқайсысының өзіндік ішкі лексика- грамматикалық мағынасының қалыптасу жолы бар, соған сәйкес семантикалық құрылымында ерекшеліктер бар. Ішкі мағыналық құрылымындағы ерекшеліктер мәтінде немесе сөйлем ішінде байқалады. Лебізде де барлық уақытта бірінің орнына бірі жұмсала бермейді.
Қарсылықтық жалғаулықтардың сөйлем ішіндегі ойдың мазмұнына қатысты жалғану реті бар. Оларды қалай болса солай қолдануға немесе бірінің орнына бірін жұмсай беруге болмайды. Тіпті ұқсас мән беретін шылаулардың өзін бірінің орнына бірін жұмсауға, көбінесе, келе бермейді. Мәселен, бірақ, дегенмен, әйтсе де, алайда шылауларының мәтінде жұмсалу реті бар, барлық жағдайда бірінің орнына бірі жұмсала алмайды. Бірақ жалғаулығының қарсы қою мәні ерекше күшті де, сөйлемдегі ойлар бір- бірімен оппозицияда тұрады. Онымен салыстырғанда, дегенмен, әйтсе де, сөйтсе де, онда да шылауларының қарсылық мәні әлсіз болып келеді.
Осыған орай қарсылықтық жалғаулықтардың мәтіндегі лексика- грамматикалық мағыналарын ескере отырып, былайша бөліп топтастырдық:
- Бірақ, алайда, ал қарсылықтық жалғаулықтары
- Әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, дегенмен қарсылықтық жалғаулықтары
- Онда да, сонда да қарсылықтық жалғаулықтары
- Әйтпесе қарсылықтық жалғаулығы
Осыған сай жеке-жеке әр қарсылықтық жалғаулықтарға, оның жұмсалу ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.
- Бірақ, алайда, ал қарсылықтық жалғаулықтары
Қазақ тіліндегі қарсылықтық жалғаулық – бірақтың этимологиясы белгілі: сан есім «бір»+демеулік «ақ». Сан есім «бір» демеулік екеуі қосылып алғаш тежеулік мағыналы жаңа демеулік тудырды. Оның тежеулік мағынасы осы күнгі тек демеулігіне жуық болған. Осы тежеулік мағынасы арқылы бірақ қарсылықтық жалғаулыққа өтті. Бұл жалғаулықтың қалыптасу процесі осы ізбен жүрді деп жорамалдауға себепші «жалғыз-ақ» деген сөз. Бұл сөз қазіргі тілімізде тежеулік демеулік. Бірақ оның қарсылықтық мағыналы жалғаулық ретінде жұмсалатыны да бар. «Жалғыз-ақ» сөзі де сан есім (жалғыз) мен демеуліктің (-ақ) бірігуінен пайда болған. Мысалы: Тоғжанның да Мәмбетейде атастырған күйеуі бар, жалғыз-ақ ол бар екен деп, Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ (М.Әуезов).
Қарсылықтық жалғаулықтардың ішінде ең жиі жұмсалатыны – бірақ. Себебі «бірақ» басқа қарсылықтық жалғаулықтарға қарағанда ерте пайда болып, әбден абстрактыланған. Ол өзінің төркін сөзінің лексикалық мағынасынан түгелдей қол үзіп, бойына осы грамматикалық мағынаны сіңірген. Онда модальдық, экспрессивтік, қоспа мағына да жоқ.
«Бірақ» жалғаулығының сөйлемдер арасындағы қызметі қарсылық қатынасын білдіру. Бұл қарсылықтық қатынас байланысқа түсуші сөйлемдердің нақтылы мазмұнына қарай түрліше құбылып байқалады. Р.Әмір «Қазақ тіліндегі жалғаулықтар» атты кітабында оның 7 түрін көрсетеді [11.50]:
- Құрмаласқа енген екі сөйлемнің соңғысы алдыңғы сөйлемде айтылған істің толық тұжырымдалғандығын хабарлайды. Бірінші сөйлем, көбіне, алдағы уақытта болатын немесе ойға енді алынған істі білдіреді. Ал екінші осы ойға алынған, жоспарланған істің жүзеге аспай қалғандығын айтады. Мысалы: Бәкизатқа сапарлары сәтті болғанын айта бастап еді, бірақ ол тыңдамай, миығын тартып күлді де, тұрып кетті (Ә.Нұрпейісов). Онан соң жанындағы өзі құралпы басқа да шалдарға қарап қостау күткен еді, бірақ іле құптап тіс жара қойған ешкім болмады (С.Мұратбеков). Шүкей мен Балжан сол түні жоғалып шықты, бірақ құтыла алған жоқ, лайсаң кездегі аттың ізі ұстап берді (С.Мұқанов).
- «Бірақ» жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемде айтылған оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Сөз самсап-ақ тұр, бірақ қайсысын жазарын білмеді (Ж.Аймауытов). Сауыттың айтуынша, ол қазір тоқсан жастан асып отыр, бірақ есі де, жүрісі де тың, шаруасы өте нашар (С.Мұқанов). Үйге келсем, төсектер салулы, бірақ ешкім жатпапты (С.Мұратбеков). Мұнан өзге де талай талай шымбайға батар сөздер айтылған көрінеді, бірақ бірі есінде жоқ (С.Мұратбеков).
- Енді бір мысалдарда сөйлемдердің арасындағы қарсылықтық қатынас мынадай болады. Бірінші сөйлем бір оқиға, құбылыс туралы ой хабарлайды. Жалғаулықтан соң тұрған сөйлем бірінші сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді. Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны шектейді: кейбір кем-кетігін хабарлайды, шүбәлы екенін айтады немесе оқиғаның шарқын бір шақтаулы қалыпқа түсіреді, т.т. Мысалы: Совет Өкіметі қалыңмалды жоюға заң да шығарар ғой, бірақ, онымен, қалыңмал біразға дейін жоғалмайды ғой деймін (С.Мұқанов). Гимназида оқып жүргенде-ақ зерек, пысық, шешен бала болған. Содан әлі пысық, бірақ Колчак заманында көрнекті орында қызмет етіп, көзге түсіп қалып, қызыл келген кезде елде қашып жүруші еді (Ж.Аймауытов). Асхана қызметкерлерінің үстінен түскен арыз жоқ, бірақ Дәулетовте күдік бар: анау бір күні мұның профком председателі екенін танымай, ұрысып қалған жуан аспаз студенттердің ақшасына берілетін тамақтың тең жартысын жеп жатқандай көрінеді (З.Қабдолов).
- «Бірақ» жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің біріншісі болмаған, бірақ алда болуға тиіс, ойда жүрген оқиғаны хабарлайды. Ал екінші сөйлем осы оқиғаның, істің болуына көлденең тұрған кедергіні білдіреді. Бұл да қарсылықтық қатынастың бір түрі. Мысалы: Әлия оның ашуын қалай да үнсіз көтеріп алуға және қарт адамның осалдығы ғой деп іштей кешірім етуге әзір еді, бірақ әкенің бір ғана сөзі қатты батты (С.Мұратбеков). Осы кәзір де қиімінің жарым-жартысы балықшы қоста өткен сорлы сол дағды бойынша отырған жеріне үстіндегі сырмақ күртенің бір шалғайын төсеп қисая кеткісі келіп еді, бірақ мына тілмен жалағандай сырлы еденге көзі түсті де, ол ойдан да тез айныды (Ә.Нұрпейісов). Соны құдасына өзі айтқаннан гөрі баласы мен келіні арқылы істеткісі кеп, оларға хат жазғысы келіп еді, бірақ, бір пәлесі, қолына қалам ұстаса қара терге түседі (Ә.Нұрпейісов).
- Кейде «бірақ» арқылы байланысқан сөйлемдердің арасында тежеулік мағына болмайды. Олар тек біріне-бірі салыстыру ретінде қарсы қойылады. «Бірақтың» бұл қызметі «ал» жалғаулығына жуық. Мысалы: Ел аман, жұрт тыныш, бірақ сен басқасың. Саған бірдеңе көрінді (Ә.Нұрпейісов). Тұман сәл сейілгендей болды, бірақ күн сол бұлыңғыр қалпы (С.Мұратбеков). Кейін әйтеуір жаңбыр айықты, бірақ Тайман басынан ой айыққан жоқ (З.Қабдолов). Сәлден соң Қаншайымның жылағаны басылған, бірақ кәрі әже әуенін тоқтатқан жоқ (С.Мұратбеков).
- «Бірақ» жалғаулығы алдыңғы сөйлемге оның мағынасын анықтап, дәлдей түсетін сөйлемді тіркестіреді. Мысалы: Ақшаны бей-берекетсіздеу шашып жібергеніне де іші удай ашыды. Бірақ өйтпесе тағы болмайды, мұның есеп айырысуға келгенін біліп, ағайын туғандарының бәрі де дәмететін сияқты (С.Мұратбеков). Күйіп кеттім, бірақ өз анама не дей қояйын (С.Мұратбеков). Өзіне таласып, екі орыс бірін-бірі өлтіргенін Ақбілек сонда білді. Бірақ төбелесіп өлтіріспей, алыстан атып өлтіріскеніне түсіне алмады (Ж.Аймауытов). Нешеге келсе, оншаға келсін, бірақ піскен шиедей толып тұр (С.Мұқанов).
- Кейде «бірақ» қарсылықты қатынасты білдіру үшін емес, тек сөйлеушінің жүйелі ойына қосымша бір пікірді жалғастыру үшін жұмсалады. Мысалы: Апасы ашу шақырды, жылады, бірақ болар іс болып қойған соң, не пайда (С.Мұратбеков). Жазаласа үш түрлі ағым бар деуге де болады. Бірақ мен үшінші ағымды ағым екен дегім келмейді (Ж.Аймауытов). «Қыз деген тез бой жетеді»,- деп апамның талай айтқаны есіме түсті. Бірақ мен оның осы әсем сұлулығынан гөрі, тиісе кетуден тайынбайтын ерке қылығын аңсап келген едім ғой (С.Мұратбеков).
Алайда қарсылықтық жалғаулығы қызметі, мағынасы жағынан «бірақ» жалғаулығына жақын. «Бірақ» жалғаулығынан ерекшелігі – ол тек бірыңғай сөйлемдерді ғана байланыстырады. Бұлардың қызметін осылай қалыпқа түсіретін жағдайлар, біріншіден, шығу тарихы, екіншіден, мағынасындағы модальдық өң. Оның бойында қарсылықтық мағынадан бөлек үстеме мағына болымсыз. Мысалы: Шынында да менің әжем әлі жас алпыстың үшеуінде ғана, кәрілікке жеңдірмеген, жүріс-тұрысы жинақы, пысық, алайда қарадай жүріп өлімге даярланғанына біраз жыл болды (С.Мұратбеков). Саған айтарым көп сияқты еді, алайда бүгінге осы да жетер (С.Асылбекұлы). Досының мінезін тағы бір қырынан таныды, алайда кім екенін, қай ұлттың ұлына жатқызарын білмеді (О.Бөкей).
«Алайда қарсылықтық жалғаулығы арқылы білінетін қарсылықтық мағына құрмалас сөйлемдердегі сөздердің орын тәртібіне де байланысты: егер алайда жалғаулығынан кейінгі сөз тұрлаулы мүшелердің біреуінен басталса, онда қарсылықтық мағына бірінші компонентке түгел қатысты жалпы болады. Мысалы: Небары жиырма шақты шаңырақтан құралған алыстағы мал отарын қант-шай, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ететін магазинге күн ұзаққа көп болса екі-үш-ақ адам келіп сауда жасайды, алайда Есенжол таңертеңгі сағат оннан кешкі алтыға дейін тапжылмастан отырады (М.Мағауин). Олар ақсақал Лашынды қарғысынан жетелеп, әлденеше рет үйіне әкелді, алайда тазы мұнда тұрақтамады (М.Мағауин). Тазы басын төмен салған беті тастақ беткейге қарай бүлкектей жөнелді, алайда иесі соңынан ермеді, қайта, баяу дауыспен кері шақырды (М.Мағауин).
Егер алайда жалғаулығынан соң тұрған екінші компонент тұрлаусыз мүшелердің біреуінен басталса, онда қарсылықтық мағына жеке болады, яғни жалпы баяндалған оқиғаға емес, пысықтауыш пен әрекеттің обьектісіне ғана қарсылықтық мән тудырады. Мысалы: Тазы қораның сыртында жатқан, мал аузынан қалған бір құшақ сабанды паналайтын, алайда жылы үйде өскен итке оның берер қызуы шамалы еді (М.Мағауин). Бұлшық етті жуан мойын өте мықты екен, тас болып қатып қалған тәрізді, алайда қасқырдың бұл қалпында ұзақ тұра алмайтынын білген тазы айбат шаша, езуден ырылдаған қалпы дұшпанының мойнын сығымдай түсті (М.Мағауин)»[20.203].
Бұл мысалдарда қарсылықтық қатынас тек әркеттің обьектісінде ғана көрінеді: тазы бір құшақ сабанды паналайды, алайда оның берер қызуы шамалы.
Алайда қарсылықтық жалғаулығы арқылы білдірілетін қарсылықтық қатынас сөйлемдердің мазмұнына қарай түрлі-түрлі:
- «Алайда» жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемде айтылған оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Себі тиер деген үмітпен емес, әдет жетегімен ұлпа құйрығын көтеріп, иттің алдына тоса берді. Ең жұпыны амал, ең соңғы далбаса, алайда тәжірибесіз күшік тазы тұзаққа оңай түсті (М.Мағауин). Аяқтары ауырлай бастайды, қарқыны да кілт кемиді, алайда бұлаңдаған нәрсе ұзап кетпейді. Одан шыққан жат, әрі сүйкімді иіс көңіліндегі құмарлық отын оятып, ата қанымен бойына біткен аңшылық сезімін қамшылайды да, күшік бұрынғыдан да асқан ызамен қууға кіріседі (М.Мағауин).
- Бірінші сөйлем бір оқиғаны, құбылысты баяндайды. Ал екінші сөйлем оның мазмұнын жартылай тежейді. Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны шектейді, кейбір кем-кетігін хабарлайды, шүбәлы екенін айтады, т.б. Мысалы: Иттердің арасына түскен иелері талай рет ренжісті, алайда бір де бір рет қыста Есенжолмен болған жанжал қайталанған жоқ, ондағыдай ауыр сөздер айтылған емес (М.Мағауин)
Бірақ, алайда қарсылықтық жалғаулықтарымен қатар қолданылатын жалғаулықтың бірі — ал қарсылықтық жалғаулығы.
- «Ал» жалғаулығының негізгі қызметі қайшы мағыналы сөйлемдерді байланыстыру. Бұл жалғаулықтың көмегімен құрылатын конструкцияны сөйлеушілер екі заттың сын, сапасындағы, ісіндегі ерекшеліктерді салыстырып, қарсы қойып көрсеткісі келгенде пайдаланады. Сондықтан да бұл құрамға кірген жай сөйлемдердің ішінде көбіне қарсы мағыналас сөз болуға тиіс. Бұл қарсы мағыналас сөздер екі сөйлемде бірдей қызметте тұрады. Мысалы: Бірақ, сен мені ренжітпеуің керек еді, ал сен болсаң өзіңнен елу сегіз жас үлкен адамды ренжіттің (Ә.Тарази). Әйел заты құранды күбірлеп, ішінен оқиды, ал мен дауыстап оқушы едім (О.Бөкей). Екеуміздің айырмашылығымыз да сол — сен бір ішсең, тоқтай алмайсың, ал мен асқындырмай кез келген уақытта қоя саламын (О.Бөкей). Әрине, бұл оларды көре алмайды, ал олар мұны көріп отыр (С.Мұратбеков). Ұзынша біткен ақ жүзі ренжіген сәттерінде сәл сұрланатын, ал көңілі хош, жаны жадыраңқы мезетте жүзі шырайланып, маңайына шуақ таратып, шешіле сөйлеп шешен болып кетер еді (О.Бөкей).
- «Ал» жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдер тек өзара қайшылық қатынасқа түсіп қана қоймайды. Кейде соңғы сөйлемнің мазмұны бірінші сөйлемде айтылған оқиғаның өзін емес, содан туындайтын қорытынды пікірге қайшы болып келеді. Мысалы: Бұл кісінің жасы отыздар ішінде деседі, ал бет пішініне қарасаң жер орта жастан ауып кеткен адам дерсің (З.Қабдолов). Сонан бері қаншама жылдар өтті, ал жалғыз ағаш со бір қалпы (С.Мұратбеков). Шалғынбайды біледі, осы ауылдың құз жақ шетінде тұратын, қабаған иттері көп үй, ал оның қызының бары есінде жоқ (С.Мұратбеков).
Бірінші мысалды талдап көрейік. Бұл мысалдағы бірінші сөйлемде бұл кісінің жасы отыздар шамасында екені айтылған. Солай болғандықтан бұның бет пішіні, түрі де жас болуға тиіс еді. Бірақ екінші сөйлем мұның бет пішініне қарасаң орта жастан ауып кеткен адам сияқты екенін хабарлап тұр. Сөйтіп соңғы сөйлем ілгергі сөйлемде айтылған оқиғадан шығатын қорытындыға қайшы келіп тұр.
- «Ал» қарсылықтық мағынасын жоғалтып, өзара ыңғайлас ойды білдіретін сөйлемдерді байланыстыру үшін де жұмсалады. Мысалы: Осы көне Жібек жолымен Шығыс пен Батыс арасына керуен тартқан саудагерлер шылғи байыған, ал олардың байығаны — Алтын Орданың байығаны еді (І.Есенберлин). Сөйтіп, бергі бетте бір әулеттен жалғыз қалдым, ал ауылдың аты Фадиха атанып кетті (О.Бөкей).
Бұл мысалдарда «ал» жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің арасында қарсылық қатынас жоқ. Жалғаулықтан соң тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемдерде айтылған ойды дамытып, қорытатын пікірді хабарлайды.
«Ал» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан құрмалас сөйлемдер бір-бірімен мезгілдес әрекеттерді байланыстыру үшін жұмсалады. Бұл сөйлемдерде қарсылықтық мағына жоқ. Мысалы: Анау бір самырсынның бұтағында қолында аппақ қып аршып алған балқарағайы бар тиін жүр, ал түбіндегі сала-сала боп адырайған тамырдың қуысынан баршатышқан жылтыңдайды (О.Бөкей). Иса құдайдың рухынан туған, ал Мұхамед құдайдың жерге жіберген өз уәкілі, данышпаны (І.Есенберлин). Жазықсыз айдалып, байланып кеткен «орташа» Қандауыр ағарып қайтып оралды, Көкен болса жаңадан ұйымдасқан «Ынтымақ» колхозының бастығына сайланды, ал Қандауыр оның еңбеккүн жазатын есепшісі болды (О.Бөкей).
«Ал» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан тағы бір сөйлемдерде қарсылықтық мағына байқалмайды, тек бірыңғай сөйлемдерді, санамалап айтылған сөйлемдерді байланыстыру үшін ғана жұмсалады. Мысалы: Кейбіреулері хан жүзінен көздерін аударып әкетті, ал басқа біреулері төмен қарады (І.Есенберлин). Мың басты жыланның бір басы інге кірейін десе, екінші басы оған қарсы шығыпты, ал үшінші басы бөтен жаққа тартыпты (І.Есенберлин). Нақ төрдегі кереуеттің тұсына кестелер ілінген, ал кіре берістегі сол жақ бұрышта үстіне кітап, иіссу, айна қойылған шағын стол тұр (С.Мұратбеков).
- Кейде «ал» жалғаулығы қарсылықты сөйлемдерді байланыстыру үшін емес, екі сөйлемді салыстыру үшін де жұмсалады. Мысалы: Кей тұсы бозғылтым, кей тұсы қарауытқан, ал батыс жағын күн сәулесі қызылға бөктіріп тастаған (С.Мұратбеков). Жүрегің аспай-саспай соғады, ал менікі тарсылдып аузымнан атып кеткелі тұр (О.Бөкей).
«Бірақ», «алайда», «ал» қарсылықтық жалғаулықтарының ішінде жиі жұмсалатыны — бірақ жалғаулығы. Оның себебін жоғарыда айтып өткенбіз. Пікірімізді дәлелдеу үшін статистика жүргіздік. Статистикалық әдістің қорытындысы төмендегі кестеде көрсетілген.
2-кесте. О.Бөкейдің «Атау кере» повесінің 317-367 беттері аралығындығы «бірақ», «алайда», «ал» қарсылықтық жалғаулықтары арқылы жасалған қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдердің сандық мәліметі:
Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдердің жалпы саны
|
55 |
«Бірақ» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер
|
20 |
«Ал» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер
|
23 |
«Алайда» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер
|
3 |
- Әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, дегенмен қарсылықтық жалғаулықтары
Қарсылықтық жалғаулықтар әйтсе де, әйткенмен, сүйтсе де алғаш жеке сөйлем болған. Бұлардың морфологиялық құрамының өзі соны байқатады: -се де, -кенмен қарсылық мағыналы бағыныңқы сөйлем баяндауышының формасы. Жалғаулықтардың алғашқы сөйлем күйі мынадай болған: Олай етсе де, олай еткенмен, солай етсе де. Бұлар екі сөйлемнің аралығына кірігіп, соларды байланыстырып тұрған. Осы синтаксистік қызмет оларды түгелдей жалғаулық қатарына өткізді. Сөйлемдік қасиетінен айрылған соң, бұлардың құрамындағы сөздер бірігіп кетті: Олай еткенмен – өйткенмен, солай етсе де – сүйтсе де, олай етсе де – өйтсе де. Ғалым Р.Әмір «сөйтсе» жалғаулығы туралы мынадай пікір білдіреді: «В форме условного наклонения (сөйтсе) анафоричный глагол способствует передаче противительных отношений» [21.74].
Қарсылықтық жалғаулықтардың бірі – дегенмен. Бұл жалғаулықтың түп негізі «де» етістігі екендігі даусыз (де-ген-мен). Бұл сөз қалай жалғаулыққа айналды деп із қусақ, біз қазіргі тілімізде де ұшырасып отыратын мына синтаксистік конструкцияны ескеруіміз керек: Әркімдер «босқа жүргенше молдаға барып сабақ оқысайшы, бір сөз де болса үйрене бересің ғой» дегенмен, оқуын қиынсынам ба, болмаса таяғы батып қалған ба, олай қарай аяқ аттағым келмейді (С.Мұқанов). Нұртазаның үйі жап- жақын жерде болатын, қарға қанша малтықтым дегенмен, жел қанша бөгеді дегенмен, ол үйге жететін уақытым мана болған сияқты, бірақ жеткізген үй жоқ (С.Мұқанов).
Бұл мысалдардың ішіндегі дегенмен дербес сөйлем мүшесі емес, ол бірінші сөйлемнің құрамында оны келесі сөйлеммен жалғастыру үшін ғана тұр. Кейін дегенмен бірінші сөйлемнің құрамынан шығып, екі сөйлемге бірдей ортақ жалғаулыққа айналған болу керек.
Мысалға келтірілген сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы бағыныңқының үлгісімен «не дегенмен», «қанша дегенмен» сияқты модальдық тіркестер пайда болды. Мысалы: Оқығаның бар-ау қанша дегенмен, ал енді үкіметтен мен де қашып жұрген адаммын, оған сенесің бе? (Нұрманов А). Мысалы, мені мерт етіп, содан соң өкіметке қарсы адамды құрттым дейді ғой жүзі жанбай. Бірақ оған батылы бармас, менің артымда ел-жұртым, қанша дегенмен Құлан атағым бар ғой (Нұрманов А). Әлгі Серкешке, — деп Болжық есік жаққа сезіктене бір қарап, Серкеш жоқ екенін көргеннен кейін сөзін еркіндей жалғады, Томар, қанша дегенмен заң адамы ғой, қаттырақ бірер сөз айтып еді, шытынап тұрған жігіт екен, соған ол өрекпи түрегелді, ата-баба, зәу-затымызды түгел қазды сосын (Нұрманов А).
Бұл сөйлемдердегі не дегенмен, қанша дегенмен бағыныңқы сабақтас сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалып, кейін модальдық сөзге айналып кеткен.
Жалғаулық дегенменнің шығуы туралы жорамал осы модальдық тіркестерге байланысты. Дегенмен – модальдық өңі бар жалғаулық. Модальдық мағынасы қанша дегенмен, не дегенмен деген тіркестерге жуық. Бұлардың мағынасы жағынан жуық болуының негізі бар. Өйткені бұл екеуінің де арғы тегі – сабақтас бағыныңқы. Сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалған қанша дегенмен, не дегенмен бірте-бірте қысқарып, осының нәтижесінде жалғаулық – дегенмен пайда болған болуы керек.
Сонымен жалғаулық «дегенменнің» шығуы жоғарыда аталған сабақтас сөйлемге, соның құрамындағы «дегенменге» байланысты.
«Әйтсе де», «сөйтсе де» қарсылықтық жалғаулықтары білдіретін қарсылықтық қатынастар аз жұмсалғанына қарамастан «бірақ» жалғаулығымен бірдей.
Әйтсе де, сөйтсе де қарсылықтық жалғаулықтары арқылы білдірілетін қарсылықтық қатынас байланысқа түсуші сөйлемдердің нақтылы мазмұнына қарай былайша топтастырдық:
- «Әйтсе де», «сөйтсе де» жалғаулығынан соң тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемде айтылған оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Су тиіп өшкен, сиясы тараған жерлер де бар екен, әйтсе де оқуға толық жарамды (М.Мағауин). Бір тәуір жері — орыс қыздары көп, тіл үйренуге оқудан солар жақсы болды, әйтсе де сабақты мәз оқи алмай жүрмін (Ж.Аймауытов). Көшпенділердің қулығына балап, сене қоймап еді, әйтсе де сөздерін қабыл алған кейіппен, қалаға елшілердің өзі ғана кірсін деген (М.Мағауин). Бұл жолы құрылтайдың себебі хабарланбады, әйтсе де сұлтандар жағы қамсыз қалмаған (М.Мағауин).
- Бірінші сөйлем бір оқиға құбылыс туралы ой хабарлайды. Жалғаулықтан соң тұрған сөйлем бірінші сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді. Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны шектейді: кейбір кем-кетігін хабарлайды, шүбәлы екенін айтады немесе оқиғаның шарқын бір шақтаулы қалыпқа түсіреді, т.т. Мысалы: Қалай да не бірін, не бәрін істеуге елдің беті түзелді, әйтсе де Мұқашқа тап бере алмады (Ж.Аймауытов). Жаңа ғана қырқысқалы тұрған екі топ бірігіп кетті, әйтсе де мәмлеге келе алмаған (М.Мағауин).
Енді бір сөйлемдерде бірінші комппонент бір оқиға, құбылысты тежейді, ал жалғаулықтан соң тұрған компонент оған керісінше тежелмей, оқиғаның шарқын бір шақтаулы қалыпқа түсіреді. Мысалы: Биыл бұл маңайда жаңбыр аз болып, шөп ерте қуарған, әйтсе де Ноғай Ордасы осы Үзі өзеніне құятын бір шағын өзеннің жағасында отырған (І.Есенберлин). Ол әдетте аз сөйлеп, көп тыңдайтын бұйығылау жігіт, әйтсе де бойында қайрат бары өңінен анық байқалады (Ғ.Мұстафин).
- «Әйтсе де», «сөйтсе де» жалғаулығы алдыңғы сөйлемге оның мағынасын анықтап, дәлдей түсетін сөйлемді тіркестіреді. Мысалы: Осы күнгі жас ойындағысын ойласпай істейді ғой, сөйтсе де байқаймын… баланың көңілі ауып жүрген бір сайқал бар (Ә.Нұрпейісов). Жұрт бірталай өзгеріс боларын білген, әйтсе де жас әмірші мұншама еркін қимылдар деп ешкім ойламап еді (М.Мағауин). Анау қоятын емес, екі үш рет тік көтеріп алып, бұның аяқтарын жерге дік дік соқты, екі үш рет жерге алып ұрып жаншып та үлгерді, абырой болғанда, жан жауырынын бермей сытылып шығып, құтылып кетті, әйтсе де ананың күші басым екенін анық сезді (Ә.Тарази).
Әйткенмен қарсылықтық жалғаулығы арқылы білдіретін қарсылықтық мағына түрлі-түрлі болады. Мысалы:
- Жалғаулықтан кейін тұрған компонент алдыңғы компоненттің өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Өмірі орақ тимеген, жылқының жоны ғана көрінер көк шалғын қазір солған, құлап жатыр, әйткенмен жатаған түлкіге үлкен бөгет (М.Мағауин). Жаралы аяғына күш түскен сайын тазының көз алдын қызылды жасылды от шарпығандай болып, дүние мұнарланып кетеді, әйткенмен бір қарыстан соң екінші қарсыты ұтып, алға жылжи берді (М.Мағауин). Жарақты жаңартуға, тым құрса, найза сабын ұзартып саптауға мүмкіндік жоқ еді, әйткенмен Ораз Мұхамед шеру үстінде өз әскерін жаңаша жасақтады (М.Мағауин). Содан батасыз шапқан соң, жарты күш жолда қалды ғой, әйткенмен барған бетте тықсырып- ақ жібердім (М.Мағауин).
- Бірінше компонент бір оқиға құбылыс туралы баяндайды, жалғаулықтан соң тұрған екінші компонент бірінші сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді. Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны шектейді, кейбір кем кетігін хабарлайды, күмәнді екенін айтады. Мысалы: Кенет Ораз Мұхамедтің құлағына күңгірлеген қоңырау үні жетті, әйткенмен күмәнді (М.Мағауин). Жеңешем де қазақша сөйлеуге айналды, әйткенмен кейде бірдеңені қойып қалады(Ж.Аймауытов). Суық су белімнен келді, әйткенмен ағыс баяу. (М.Мағауин). Әр тұстан шашырап: «Біргеміз! Тізгін өзіңде!» деген қадау қадау дауыстар шықты, әйткенмен көпшілік үнсіз еді (М.Мағауин).
- «Әйткенмен» жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің бірінші компоненті болмаған, бірақ алдағы уақытта болатын іс әрекетті білдіреді. Ал екінші сөйлемде ол іс әрекеттің ешқандай нәтиже бермегені айтылады. Мысалы: Арттан тықыр таянғанын аңғарған қоян қос құлағын жымитып алып, зулай жөнелді. Тазы да барын салды, әйткенмен аралық бір тұтам қысқармады(М.Мағауин).
- «Әйткенмен» қарсылықтық жалғаулығы арқылы байланысқан тағы бір сөйлемдерде қарсылықтық мағына былай болып келеді. Бірінші сөйлемде баяндалатын оқиға тежеліп тұрады, ал жалғаулықтан соң тұрған сөйлемде, керісінше, оның себебін көрсететін құрылымдар қатысып, алдыңғы сөйлемге қайшылық мән тудырады. Мысалы: Ақ тазы ұрыс үстінде айтылған сөздердің мағынасын түсінген жоқ, әйткенмен де жанжалдың шығуына өзінің қара төбетті талауы себеп болғанын ұқты(М.Мағауин). Секпілбет сатушыны сұбыханы сүймейді, әйткенмен өзінің араласуы жөнсіз екенін білгендіктен табиғатында қабағандық мінезі жоқ тазы іштен тынған (М.Мағауин). Лашын осының ешқайсысына да мән бермеген. Ал мына оқиғадан соң адамдардың да күштісі, әлсізі болатынына, олардың бәрі бірдей емесіне көзі жетті, әйткенмен иесіне деген қадірқұрметі кемімеді, қайта қысылтаяң жағдайлардың өзінде қауіптен арашалауға әзір екенін білген соң бұрынғыдан да жақсы көріп кетті (М.Мағауин).
- Кейде «әйткенмен» қарсылықты қатынасты білдіру үшін ғана емес, тек сөйлеушінің жүйелі ойына қосымша бір пікірді жалғастыру үшін жұмсалады. Мысалы: Несін жасырайын, ішу жағынан саған күлер түрім жоқ, әйткенмен «аюдың жанында шошқа жылмақтай деген емес пе… (М.Мағауин). Лашын осы иістің жөнімен жүре бергісі келетін, бірақ соңынан Әділдің қайт деп шақырған даусы естілген соң, амалсыз кері бұрылатын. Әйткенмен таныс иістерден гөрі бейтаныс иістер көбірек еді (М.Мағауин).
«Әйтсе де», «сөйтсе де», «әйткенмен» жалғаулықтарының білдіретін қарсылықтық қатынастары, даму тарихы бірдей болғанымен, олардың жұмсалу жиілігі әртүрлі. «Әйтсе де», «сөйтсе де» қарсылықтық жалғаулықтары ауызекі сөйлеу тілінде болсын, не болмаса көркем шығармалар тілінде болсын «әйткенмен» жалғаулықтарына қарағанда көп кездеседі. Мысалы, М.Мағауинннің «Аласапыран» романының бірінші кітабының алғашқы 50 бетінде барлығы қарсылықты құрмалас сөйлем болса, оның 10-ы «әйтсе де» жалғаулығы арқылы, ал 4-і «әйткенмен» жалғаулығы арқылы жасалған. Сондай-ақ А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романының 11-61-беттерінде «әйтсе де» жалғаулығы арқылы – 3, «сөйтсе де» жалғаулығы арқылы – 1, ал «әйткенмен» жалғаулығы арқылы жасалған қарсылықты салалас сөйлемдер мүлдем кездеспейді. Зерттеу жұмысымды жазу барысында жинаған мысалдар бойынша да «әйтсе де» жалғаулығы «әйткенмен» жалғаулығынан көп жұмсалатыны анықталды.
- Сонда да, онда да қарсылықтық жалғаулықтары
Сонда да, онда да қарсылықтық жалғаулықтары алғаш бағыныңқы сөйлем ретінде жеке сөйлем болып жұмсалған. Кейін қарсылықтық жалғаулықтар қатарына енді. Бұл жалғаулықтардың бойында күшейткіш үстеме мағына бар. Бойындағы осы экспрессивтік мағына бұл жалғаулықтардың жұмсалу өрісін өлшеп, белгілейді. Сондықтан бұлар «бірақ» жалғаулықтарына қарағанда кем жұмсалады. Кейде бір сөйлемнің ішінде «бірақпен» қатар жұмсалып, күшейткіш мағынасын қосады. Мысалы: Қасқыр тартқан мал, не өлген аңның иісі шығар, бірақ сонда да кеуде сүйегі дүрс дүрс ұрып, құлағын тұндырған жүрек лүпілі әлдебір жаманшылық, пәле барлығын сездіріп тұрғандай (А.Нұрманов).
«Сонда да», «Онда да» жалғаулығы арқылы байланысқан сөйлемдердің арасындағы қарсылықтық қатынас мынадай болады.
- Мұнда бірінші сөйлемнің өзі заттың, істің шала, шағын екендігін хабарлайды. Жалғаулықтан соң тұрған екінші сөйлем іс, заттың бір қосымша кемістігін айтады. Сонымен, «онда да» алдыңғы ойды толықтыра түсетін сөйлемді жалғастыру үшін қызмет етеді. Бұл сөйлем бірінші сөйлемнің мазмұнын тежей, шектей түседі. Мысалы: —Рахмет, апа,- деді Құндыз оған қарап. Бұл оның үйге кіргелі ең алғашқы сөзі еді. Онда да қымыз берген жүдеу әйелдің өздеріне деген ықыласы көңілін жібіткен тәрізді (І.Есенберлин). Әлі бала ғой, әлі бала, сонда да бізден кетпекші (Ә.Тарази). Кенженің екі баласы да, сақалдары сапсиған жасамыс жігіттер, сонда да әлі күнге шейін үйленбеген (С.Мұқанов). Серікбай ауыр жараланып, он айдай госпитальда жатыпты, сонда да жарасы толық жазылмай, келгеннен кейін де оқ тиген жауырынына дәрі жағып, байлап жүрді (Т.Әбдікұлы). Қауға сақалдары көптен бері бастырылмаған, сонда да екеуінің әлі жас, тіпті, әлі бала екені анық аңғарылып тұр, көздері тұнық, көздері әлі бұзылмаған (Ә.Тарази).
- «Сонда да», «онда да» жалғаулықтарынан кейін тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемнің өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Тазы аяқтарының ауырлай бастағанын сезді, сонда да берілмей келеді (М.Мағауин). Жаңа киімнің барахолкада иісі де жоқ, бәрі ескі, кейбірін киім дерлік те емес, сонда да шіреніп қымбат сұрайды (С.Мұқанов). Тазы аяқтарының ауырлай бастағанын сезді, сонда да берілмей келеді (М.Мағауин). Түнге қарай денем бұрынғыдан да күйіп жанды, сонда да бетімді ашпай, тұншыға терлеп жатқан едім (Т.Әбдікұлы). Ең соңында жолдастарының бәрі оққа ұшып, ақырында жалғыз қалды, сонда да Темір Мәлік берілмеді (І.Есенберлин). Омырауы қырау шалып, тықыр түгі тегіс қылаңданып бусанып алған, сонда да жүріске берік (Ә.Нұрпейісов). Мал баққан ауылда өскен адамның қасқырдан артық қас көрері жоқ. Маған да талай ызасы өткен «сабаз» ол!, сонда да сең үстіндегі халін көріп аяп кеттім (С.Мұқанов).
- Сонда да, онда да қарсылықтық жалғаулықтары арқылы қатысқан енді бір сөйлемдерде қарсылықтық қатынас болмайды, тек алдыңғы сөйлемді анықтап, дәлдей түсетін сөйлемді тіркестіреді. Мысалы: Асыр салар балғын шағымызда тағдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой, сонда да болса басқамыздан гөрі Аянға қатты батып еді (С.Мұратбеков).Ертең өзі барып өкінішін айтып өтіл сұрар ау, сонда да әулекі аңшы Мүсірепке сеніп қалып едім деудің өзі қандай ұят! (Ғ.Мүсірепов).
- «Әйтпесе» қарсылықтық жалғаулығы
«Әйтпесе» — көп жұмсалатын жалғаулық. Оның атқаратын қызметі алуан түрлі. Мағынасы да басқа қарсылықты жалғаулықтан өзгеше. «Әйтпесе», «болмаса» жалғаулықтарының құрамында шартты мағына білдіретін жұрнақ -са, -се, болымсыздық мағына беретін жұрнақ -ма, -ме бар. Бұл жұрнақтардың талғаулық мағыналы жалғаулықтардың құрамынан табылуы олардың алғашқы төркіні шартты бағыныңқы сөйлем болғандығын көрсетеді. Бұл сөйлем ертеде көмекші қызмет атқарған. Ол дербес екі сөйлемнің арасына кірігіп, өзінен кейін тұрған сөйлемдегі істің, оқиғаның шартын білдіреді. Ол шарт алдыңғы сөйлемдегі, істің, оқиғаның болмауы. Егер алдыңғы сөйлемдегі іс жүзеге аспаса, екінші сөйлемде айтылған оқиға жүзеге асады.
Осы шарт мағыналы сөйлемнен екі жалғаулық туды. Бірі – талғаулық мағынаны білдіретін жалғаулық, екіншісі – қарсылықтық мағынаны білдіретін жалғаулық. Парсы тілінен я, не, яки сияқты анық талғаулықтық жалғаулық кірген соң әйтпесе, болмаса қазақ тілінде қарсылықтық мағынада басым жұмсалатын жалғаулық болып қалды. Оған дейін бұл екі мағынаны әйтпесе, болмаса бірдей көтерген.
Сондықтан тілімізде «әйтпесеге» тете жұмсалатын жалғаулық бар, ол — болмаса. Мысалы: Онысы да қартайғанда ерлі-байлы адамның бірінен-бірі жиреніш тартатын әдеттен ғой, әйтпесе кемпірінен асып, өнер табатын не қауқар бар дейсіз (Ж.Аймауытов). Осы сөйлемдегі әйтпесе жалғаулығының орнына болмаса жалғаулығын қойып, ауыстырып айтуға болады. Одан оның еш мағынасы өзгермейді. Мысалы: Онысы да қартайғанда ерлі-байлы адамның бірінен-бірі жиреніш тартатын әдеттен ғой, болмаса кемпірінен асып, өнер табатын Тезекбайда не қауқар бар дейсіз. Үйрендік қой, талай дұшпанның көкірегін бастық, болмаса бұрын қолдан мылтық соғып көрген ұста бар ма еді осы аймақта (Нұрманов А).
Сонда айтары «ашқан аузымды толтырсын да, қызды алып жүре берсін, әйтпесе қолдан берер қызым жоқ» (С.Мұқанов). Айналайын, қарағым,сен шыға тұршы, әйтпесе мына Қарекеңнің жүрегі жаман, жүрегі ұстап қалып масқара болып жүрерміз (Ә.Тарази). Әли көкесінің көңілін қимайды, әйтпесе мына қара сөмкені лақтырып тастап, Иванның үйіне тайып тұрар еді (Ә.Тарази). Барыңыз, әйтпесе қазір күйеуімді шақырамын, айқай шығарамын ( Ә.Тарази). Қала сыртыншыа ұрысқа шығыңдар де, әйтпесе қалаларыңды өртеп, өздеріңді тегіс қырамыз де ( І.Есенберлин). Ешкі аузына келгенін сөйлеп, бір шаршаған кезінде, Қасқыр «сен ғой менің мына жар басына шыға алмайтынымды білген соң, балағаттап тұрсың ғой, әйтпесе жұмған аузыңды ашпас едің!» депті (І.Есенберлин).
«Әйтпесе» бұл мысалдар арқылы көрсетілген қызметінде өзінің төркіні шартты мағыналы сөйлемге таяу тұр. Сондықтан оның бұл қызметін абстрактылық дәрежесі төмен, бірақ шығу тегі бір «әйтпегенде» де атқара алады. Мысалы: Өрттің өршуіне жол бермей сөндіру керек, әйтпесе әрі қарай жайылып кетуі әбден мүмкін (І.Есенберлин). Бұл сөйлемдегі әйтпесе жалғаулығының орнына әйтпегенде жалғаулығын қойып айтуға болады. Мысалы: Өрттің өршуіне жол бермей сөндіру керек, әйтпегенде әрі қарай жайылып кетуі әбден мүмкін.
- Бұл жалғаулық арқылы байланысқан сөйлемдердің екіншісі ілгергі сөйлем хабарлаған оқиға, іс болмай қалған күнде, соның болмауы нәтижесінде тумақ оқиғаны, істі айтады. Мысалы: Кейін Шарбақбай мұн атақты кәззаптарына қосып, ұрлыққа салды да бұзып жіберді ғой, әйтпесе өз ісіне бір тоға, мықты шаруа осыдан шығатын еді (Нұрманов А). Олардың ойы: оқ-дәрімізді, азығымызды түгесіп, қыстың суығына қатырып, ашықтырып алмақ, әйтпесе бір ауыздан жалғыздап келіп, бізді ала алмайды (Аймауытов Ж). Нанды егін сап қана жеп отырмыз, әйтпесе ол да бір құрдым дүние болар еді (Мұқанов С). Әй, Жаман, енді тыныш жат, әйтпесе басыңды да көміп тастаймын тұншықтырып (Мұратбеков С). Е, әйтеуір, бойыңда жаның бар екен, әйтпесе мен өлтірді деп пәле жабар еді (Бөкей О).
«Әйтпесе» байланыстырып тұрған мына сөйлемдердің арасындағы қарсылық қатынас жоғарығы мысалдардан өзгеше: Әкесі пақыр аты нашар боп сорлады, әйтпесе бірме-бір шайқаста Абыралыға алдырмас еді (Нұрпейісов Ә). Әттең, аузында дуа жоқ, әйтпесе соның сөзінде әжептіуір шындық бар (Қабдолов З). Кескін-кейпі Ұмсынның аузынан түсіп қалған, әттең мұрны ғана Бәкенге тартып кертештеу келген, әйтпесе құйып қойған Ұмсын (Мұқанов С). Онымен жалғыз-ақ рет жолықты, өмір бойыесінде қалды — есінде елес болып қана қалды, әйтпесе түр-түсін, аты-жөнін баяғыда ұмытқан (Бөкей О).
Бұл мысалдарда бірінші компонентте обьектінің кемшілігі айтылады, «әйтпесе» жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем оның жалпы сипатына тоқталады. Ал бұл «бірақ» жалғаулығымен берілген сөйлемдерде басқаша болып келеді. Онда алдымен бір оқиға, құбылыс туралы хабарлайды, ал бірақ жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем оның кем кетігін айтады. Бұл жалғаулықтар арқылы жасалған сөйлемдерде бір қатынас қарсылықтық қатынас, бірақ екеуі конверсияға түсіп тұр. Ойымызды дәлелдеу үшін мына сөйлемдерді салыстырып көрейік: – Асылы, өзің жалқау, бойкүйездеусің бе деймін, әйтпесе осыны білуге әбден болады, тек ояу ой, ұйқысыз көз керек (Қабдолов З). Осы құрмалас сөйлемнің компоненттерінің орнын алмастырып «бірақ» жалғаулығымен құрастырып көрейік: Осыны білуге әбден болады, тек ояу ой, ұйқысыз көз керек, бірақ өзің жалқау, бойкүйездеусің бе деймін.
Кейде «әйтпесе» арқылы жалғастырылған екінші сөйлем ілгергі сөйлемде айтылған пікірді дәлелдеу үшін қызмет етеді. Мысалы: Люсяның маған деген пиғылы түзу, әйтпесе өсітер ме, менің адам болғанымды қалайды, ал менің жүрісім мынау! (Тарази Ә). Кәне, мен сыртқа шыға тұрайын, үстіңдегі су жемпіріңді шешіп таста да, мынаны киіп ал, әйтпесе бәрібір жылынбайсың (Мұратбеков С). Биліктіге де біліктілік керек дегенім ғой, әйтпесе түкірігі жерге түспей тұрған сізбен тайталасып нем бар (Бөкей О). Кеткені жақсы болды, әйтпесе аузын қышытсаң адамға десте бермей, есіріп кететін әулекі (Нұрпейісов Ә). Осы қызметіне қарап, бұл тәрізді жалғаулықтарды кейбір түркологтар себептік мағынасы бар жалғаулық деп санайды. Шындығында, бұл мысалдарда «әйтпесеге» жаңадан біткен еш мағына жоқ. «Әйтпесе» жалғап тұрған сөйлемнің бірінші сөйлемдегі ойға дәлел ретінде жұмсалуы сөйлеушінің ықтиярына байланысты болып отыр. Ал сөйлемдердің өзі мағынасына қарағанда қарсылықты қатынаста тұрады. Мысалы, мына сөйлемді талдайық: Пормасы таза болу керек, үтіктелген болу керек, әйтпесе зар еңіреп мектепке бармай қояды (Тарази Ә). Бұл сөйлемдегі негізгі ой «Пормасы таза болу керек, үтіктелген болу керек» деген сөйлемде. Осы пікірді дәлелдеу үшін, сөйлеуші айтылған оқиға болмаған күнде ( пормасы таза болмаса, үтіктелмеген болса), қандай жағдай болмақ екендігін ескертеді ( мектепке бармай қояды).
Гурьев облысының тұрғын халқы әдеби тіліміздегі «әйтпесе» жалғаулығының орнына «одан басқа» деген жалғаулықты қолданады. Бұл форма осы облыста туып өскен жазушы Ғ.Слановтың «Жанартау» романында да кездеседі. Мысалы: Солай, апа! Тек сіздің жалғыздығыңыз, одан басқа мен де…
Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер туралы қорыта айтқанда мынадай тұжырымдар шығаруға болады:
- Қарсылықтық салалас сөйлемдер қарсылықты сабақтастарға қарағанда бірінші пайда болғаны анық. Соған қарамастан олардың жұмсалу жиілігі қарсылықты сабақтастарға қарағанда төмен. Оның себебі жоғарыда айтылған болатын.
- Қарсылықты жалғаулықтар мағыналық қатынастары жағынан бірдей болғанымен, бір топқа жатқызғанымызбен, жұмсалуы, білдіретін қарсылықтық қатынастары жағынан саралап қарағанда семантикалық- грамматикалық жағынан сәл де болса айырмашылығы бар екені байқалады. Сол себепті қарсылықтық жалғаулықтарды мағыналық қатынастарына қарай төрт топқа бөліп топтастырдық.
- Әр топтағы жалғаулықтардың даму тарихына, жұмсалуына жеке- жеке тоқталып, оларды контекстегі мағынасына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырдық.
- Зеррттеу жұмысымыздың барысында қарсылықтық жалғаулықтардың жұмсалу жиілігін анықтау үшін статистика жүргіздік, стстистикалық әдіс арқылы қарсылықтық жалғаулықтардың ішінде «бірақ» жалғаулығы ең жиі жұмсалатыны анықталды. Оны мағыналық қатынасына қарай бірнеше топқа бөлдік. Ал басқа қарсылықтық жалғаулықтар сол «бірақ» жалғаулығымен салыстыра отырып, білдіретін мағыналық қатынастарына байланысты бірнеше топтарға бөлінді.
III. ҚАРСЫЛЫҚТЫ БАҒЫНЫҢҚЫ САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ЖАСАЛУЫ, ЖҰМСАЛУЫ
Күрделі мазмұнға негізделген ой сөйлеу тілімізде көбінесе құрмалас сөйлемді талап етеді. Ал мұндағы компоненттер арасы бір-бірімен тығыз байланыста болумен қатар, олар өзара әртүрлі қатынастарда келеді. Бұдан бағыныңқы сөйлемнің өз басыңқыларының шарт, амал, мезгіл, себеп, мақсатын да білдіре алады. Мұның барлығында да компоненттердегі баяндалған оқиғалардың арасы, негізінде, бірін-бірі теріске шығармай, біріне-бірі тәуелді болады. Сөйтіп, бағыныңқы сөйлемдер, әдетте, басыңқыға қатысты айтылып, соның мазмұнын айқындауда түрлі жақтардан қызмет атқарады.
Бағыныңқы сөйлемдердің барлығы бірдей мұндай қызмет атқара бермейді. Енді бір бағыныңқы өз алдына дербес айтылып, басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама-қарсы қойылады. Мұндай мағыналық қатынаста жұмсалған сөйлемдерді тілімізде қарсылықты бағыныңқы деп атап жүрміз.
Қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем синтаксисіне арналған зерттеулерде қарсы бағыныңқылы құрмалас сөйлем сабақтастың бір түрі ретінде кейде қаралса, кейде атаусыз қалып отырған. Мұның ең алғаш ауызға ілігуі 20-жылдардан А.Байтұрсынұлы еңбегінен басталады. Онда мұны «ереуіл бағыныңқы» деп атаған да, шартты рай формалы етістіктің да, де шылауына тіркесіп айтылуы арқылы жасалатын бір ғана түрі (Бәрі жабыла тартса да, жүк орнынан қозғалмады) келтірілген. Қ.Жұбанов жасаған 1936 жылғы оқу бағдарламасында да, 1938 жылы жарияланған Н.Сауранбаев мақаласында да қарсы бағыныңқылы сабақтас деген сөйлем жоқ. 20-жылдан мұның ауызға ілігуі 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулықта. Оқулық сабақтастың бұл түрін «қарсылықты сабақтас» деп атаған да, оның жасалуының екі жолын көрсеткен: бірінші да, де шылаулы шартты рай арқылы, екінші көмектес жалғаулы өткен шақтық есімше арқылы. Н.Сауранбаевтың педущилищеге арналып 1944 жылы шыққан оқулығында қарсылықты бағыныңқы деп атап, оның жасалуының үшінші түрін, өткен шақтық есімшенің -ша, -ше жұрнақты түрі арқылы да құрмаласатынын көрсетсе, 1948 жылы жарияланған «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» атты еңбегінде оны «қайшы сабақтас құрмалас» деп атаған да, алдыңғы еңбегінде қарсы бағыныңқылы сабақтас сөйлем жасаудың бір тәсілі ретінде алынған -ша, -ше жұрнақты есімшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын түрін қолданудан шығарып, оның орнына үшінші тәсіл етіп, «бол, ал, бер» етістіктерінің шартты райдың болымсыз түрлерінде айтылуы арқылы жасалатын сабақтастарды жатқызған. Оған: Әкеңнің өзі айтып бермесе, Абай аналардың қуанышпен қарсы алған көңілдерін мұңайтқысы келмейді деген мысал береді.
Келтірілген шолудан да байқалатындай, сабақтастың бұл түрі де әр автор ғана емес, бір автордың әркездегі еңбегінде әртүрлі баяндалып келген. Сол ала-құлалықтың жойылып, мәселенің бір ізді шешілуі 1961 жылы баспадан шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты оқулықтан басталады. Терминдік және жасалу жақтарын сөз еткенде бірізділік болмағанына қарамастан, сөйлемге анықтама беруде оны зерттеушілердің барлығы да «қарсы бағыныңқылы сабақтас деп компоненттері мағыналық жақтан бір-біріне қайшы мәнде айтылатын сабақтас құрмалас сөйлемді айтады» деген анықтаманы қолдайды.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің өзіндік ерекшелігі ерте уақыттың өзінде тіл білімінде айтылған болатын. Профессор В.А.Богородицкий шартты бағыныңқы мен қарсылықты бағыныңқыны сабақтас сөйлемнің төңірегінде қарамай, салалас пен сабақтастың аралығына жатқызып, бұлардың жеке өз алдына бөлек түр (ауыспалы) екендігін түсіндіреді. Өйткені бұл бағыныңқы сөйлемдерде, автордың түсіндіруінше, басқа бағыныңқыларға тән қасиет жоқ, мұндағы компоненттер жеке өз алдына бөлек бүтін болып бөліне алады [22.319]. Алайда, біздің түсінігімізше, шартты бағыныңқы жоғарыда айтылған заңдылықтарға байланысты, қарсылықтымен бір топқа жатқызуға болмайтын тәрізді. Өйткені, шартты бағыныңқы да, басқа бағыныңқы түрлеріндей, өз басыңқысына ұласа айтылып, сипаттағыш қызмет атқарады. Олай болса, жоғарыдағы В.А.Богородицкийдің пікірін тек қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерге тән түсінген жөн деп ойлаймыз. Профессор А.Н.Кононов жоғарыда айтылған заңдылықтың тек осы қарсылықты бағыныңқыға байланысты екендігін айтады. [23.269]. Қазақ тіл білімінде қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерге тән мұндай ерекшелікті профессор Н.Сауранбаев айтқан болатын [7.82]. Ал С.Жиенбаевтың 1940 жылы жарық көрген «Синтаксис мәселелері» атты еңбегінде автор: «Сабақтаста шартты бағыныңқы мен қарсылықты бағыныңқы көрнекті орын алады. Бірақ жай сөйлемде шартты мүше, қарсылықты мүше дегендер болмайды. Сондықтан шартты, қарсылықты бағыныңқыларды жай сөйлем мүшелеріне теңестірмей бөлек қараймыз. Тегі, бағыныңқылардың ең нақты түрлерінің өзі осы екеуі деп есептеледі. Шартты, қарсылықты бағыныңқылар орыс тілінде, Батыс Еуропа тілдерінде де бар. Бұлардың ерекшелігі тек қазақ тіліндегі ерекшелік емес, басқа тілдерге де ортақ [6.17].
Құрамындағы компоненттері бір-біріне бағына не бірі екіншісін бағындыра байланысқан құрмаластың түрін сабақтас құрмалас десек, бағыныңқы сыңар мен басыңқы сыңардың қатынасынан туатын мазмұн мағынаны және бағыныңқы компонент баяндауышының тұлғалық ерекшелігін негізгі шарт етіп алуы арқылы оның бірнеше құрылымдық-мағыналық түрге жіктелетіні бізге белгілі. Соның бірі – бағыныңқы компоненті басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама-қарсы мағыналық қатынаста келетін қарсылықтық сабақтас сөйлемдер. Сөйлемнің бұл түрінде синтаксистік компоненттер арасындағы мағыналық байланыс, сабақтастың басқа түрлеріндей, бірін-бірі толықтап, сипаттамайды, керісінше, оқиға мазмұны бір-біріне қарама-қарсы айтылады. Яғни, қарсылықты бағыныңқының өзіне тән ерекшелігі бар сөйлем екендігі байқалады.
Қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерді түркі тілдерінің материалдары бойынша салыстыра жүргізген зерттеу еңбегінде Қ.Есенов компоненттердегі оқиғалардың өзара жеке дара баяндалып, бірі екіншісіне қарсы қойыла айтылуын қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің өзінің арнаулы заңдылығы ретінде таниды.
Профессор Н.Сауранбаев қарсылықты сабақтастың ерекше белгісіне интонациялық құбылыс жататындығын былайша сипаттайды: «Қайшылық сабақтастағы сөйлемдердің үлкен қасиеттерінің бірі – олар өте тұрақты интонациямен айтылады. Олардың өзара құрмаласу тәсілдері түрліше болғанмен, интонациясы бірдей. Әрқашан қайшы сабақтастағы алдыңғы сөйлем соңғы сөйлемнен бөлек айтылады. Оның үстіне баяндауышқа қосылып, қайшылық мәнді білдіретін «-мен» қосымшасы мен «да» қосалқысы ерекше екпінмен айтылады. Бұлар айтылғанда дауыс күшпен көтеріліп барып тынады да, кейінгі сөйлем кәдуілгі қалыппен айтылады [7.82].
Пікір алысу мен қарым-қатынас жасау үстінде жұмсалатын синтаксистік категория сабақтас құрмалас сөйлем арқылы экспрессивтік әсер берілетіндігін М.Серғалиев айтқан болатын. Мұндай құбылыстың орыс тіл білімінде де кездесетіндігі байқалады.
Қарсы бағыныңқы сабақтастың өзіндік бір ерекшелігі сол, оның бағыныңқы компоненті мағыналық жағынан басыңқыға меңгерілмейді. Оның белгілі бір мүшесіне жетектеліп, белгілі бір сұрауға жауап болып, тұрлаусыз мүшелер тәріздес қызмет атқармайды. Мұндағы бағыныштылық компонент баяндауышының тек формалық жағынан тиянақсыздығында ғана, ал компоненттердің мағыналық қатынастары жағынан алғанда қалыпты қарсылықты салалас сөйлеммен бірдей.
«Қарсылықты сабақтаста бірі – бағыныңқы, бірі – басыңқы болмайды, екеуі де тең мағыналы болады. Сондықтан бірін-бірі сипаттамайды. Тек екі тең шама қайшы сабақтасады» деген тұжырымды ұстанған 1954 жылы жарыққа шыққан алғашқы академиялық оқулық «Қазіргі қазақ тілі» кітабында қарсылықты сабақтас сөйлем «бағыныңқы» сөзінің тіркесінсіз берілген [24.547].
Құбылыстардың арасындағы байланысты айқын ажырата көрсететіндіктен, қолдану ықтималдығы жоғары болатын сабақтаса құрмаласқан сөйлемдердің бағыныңқы сыңарының баяндауышы тиянақсыз формада айтылуы ұзақ уақыттар бойында қалыптасқан процесс. Қазақ тіл білімінде қарсылықты бағыныңқы сабақтастың мынадай жасалу жолдары бар:
1) Бағыныңқы компонент -са, —се шартты рай тұлғасында тұрады. Мысалы: Мен бұрын татар әндерін естігенім болмаса, өзім айтқан кісі емес ем (С.Мұқанов). «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, мен тәуірлеу киімдерді алайын десем, Ғабдолла бір ретте «ойбай, мынау қымбат қой деп, тәуірлеу заттардың маңына жолатқысы келмейді, менің жөнсу киімді алғым келмейді (С.Мұқанов).
2) Шартты райлы етістікке да, де шылауы тіркеседі. Мысалы: Өзі хатқа жаздырмаса да, елден келгендерден екі-үш рет ауруханаға түсіп шықты дегенді естідім (Т.Әбдікұлы). Сабағына әлі ешкім кірмесе де, оқушы балаларға ұнағаны байқалады (Ә.Тарази).
Әдетте да дәнекерлігі шартты райлы етістік бағыныңқы сөйлем баяндауышынан кейін келеді. Кейде мұның бағыныңқы сөйлем баяндауышынан бұрын келетіні де байқалады. Бұл, біріншіден, бағыныңқы сөйлем баяндауышының құрамында «бол» етістігінің болуына, екіншіден, да дәнекерлігінің өзінен бұрын тұрған негізгі мүшені айқындап, анықтап, күшейте түсуімен байланысты болса керек. Мысалы: Қанша малы көп те болса, қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды (Ы.Алтынсарин). Ол жас та болса, жүріске берік және салқылығы жоқ, бойы жинақы жігіт (М.Әуезов). Оқу ауыр да болса, оқытушылар мен оқушылар күлісіп, желпінісіп алды (Ғ.Мұстафин).
«да дәнекерлігі кейде қолданылудан қалып бара жатқан дағы формасында да кездеседі. Мұндайда ол, көбінесе, өлеңді сөйлемдерде буын құрылысының ұқсас келуі үшін қолданылады. Мысалы:
Қаншама дұшпан қамалап тұрса дағы,
Сырдың суы келмейді жұлығымнан (С.Мұқанов)» [8.204].
Құрылысы жағынан кейбір жай сөйлемдер қарсылықты бағыныңқыға ұқсас болып келеді. Ондай сөздер тобы, көбінесе, қайда болса да, қашан болса да, қандай болса да, сондай болса да, болмаса да, не жазса да, т.б. тұрақты тіркес түрлерінде қолданылады. Мысалы: Маңдайыма не жазса да, осы үйден күтіп алам (С.Мұқанов). Қайда болса да өзіміздің бөлім емес пе дей салды. Қай жер болса да осы үйге бір соқпай кетпейді (Ғ.Мұстафин).
3) Бағыныңқы компонент көмектес септік жалғаулы -ған тұлғасындағы есімшеден болады. Мысалы: Жасым қырықтан асқанмен, әлі біраз жыл бала оқытуға жететін күш қауқарым бар, қалған өмірді соған сарп етем (С.Мұқанов). Ботагөзбен қосылуына Ұлбергеннен де ерік алған Асқар со күні жүрем дегенмен, ана рұқсат еткен жоқ (С.Мұқанов).
4) бағыныңқы компонент -а, -е тұлғалы көсемшеден болады да, үнемі күрделі етістік түрінде келіп отырады. Мысалы: Мешіт тәрізді мұсылман ғибадатханасына сурет салуға болмайтынын біле тұра, сен қыздың бейнесін неге мешіттің қабырғасына түсірдің? (І.Есенберлин). Жуан саусақтарының саласы табан қарыс бола тұра, домбыраның пернесін басуға епті- ақ (С.Мұқанов).
Сонымен қатар, құрамында түгіл, былай тұрсын тәрізді сөздері бар сөйлемдер де мағыналық жақтан қарсылықты бағыныңқыға ұқсайды. Алайда құрылысы жағынан мұндай сөйлемдер жай сөйлемдердің қатарына қосылады. Өйткені бұлар бағыныңқының өзіне тән белгілеріне жауап бере алмайды. Түгіл шылауы мен былай тұрсын сөзі бірде мақсатты келер шақ тұлғасындағы сөздермен, бірде есім сөздермен тіркесе айтылады. Мысалы:
Сені еркелетпек түгіл, өз басын көтере алмай жатыр (Б.Майлин). Жарқын сияқтылар келеке етпек түгіл, мұның алдында жымдай болып жүрер еді (Иманжанов). Мен елге айту түгіл, есіме алуға қорқамын (Ғ.Мүсірепов). Қосу былай тұрсын, жақының қайда екенін де маған әлі күнге дейін айтпай жүр (Фольклордан).
1967 жылы жарыққа шыққан академиялық грамматикада қарсылықты бағыныңқы сабақтастың жоғарыдағы жасалу жолдары баяндалады да, өткен шақтық есімшенің -ша, -ше жұрнақты түріне аяқталған бағыныңқы компоненттің бір кездері ғана қарсылықты сабақтас сөйлемдер тобында қарастырылғаны айтылады[25.198]. Ал 1971 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында М.Балақаев, Т.Қордабаевтар [8.273], 1993 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» оқулығында С.Исаев [26.153] -ғанша тұлғасын қарсылықты бағыныңқы сабақтасты жасаудың бір жолы ретінде таниды. Мысалы: Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл (мақал).
Бағыныңқы сөйлемдердің шартты рай арқылы байланысуында ешбір талас жоқ. Түрік, монғол тілдерін зерттеушілер бірауыздан бұл тілдерде сабақтас сөйлемнің бірде-бір түрі шартты бағыныңқы дейді. Түрік тілдерін зерттеушілер, білімпаздар С.Я.Малов, Н.Дмитриев, т.б. өздерінің еңбектерінде сабақтас сөйлемдердің нағыз орныққан түрі деп тек шартты бағыныңқыны ғана көрсетеді.
Шартты райлы етістікке да, де дәнекерлігінің тіркесуі арқылы және көмектес септік жалғаулы өткен шақ есімше арқылы ұйымдасқан жай сөйлемдердің қарсылықтық қатынас білдіретіндігі, олардың негізгі қызметінің өзі осы екендігі қазақ лингвистикасында құрмалас сөйлем синтаксисінің алғаш зерттеле бастаған күнінен-ақ танылған, әрі ешқандай пікір-таласына обьект болмағандығы белгілі. Қолданыста жиі кездесетіндігінің дәлелденуі қарсылықты бағыныңқыны бағыныңқы сөйлемнің ең нақты түрлерінің бірі ретінде көрсеткен ғалым С.Жиенбаевтың осы екі тұлғаны оның жасалу жолы ретінде көрсетуінің өміршеңдігінің көрінісі деуге боларлықтай.
Тілімізде —са да формасы арқылы келетін қарсылықты сабақтас құрмалас сөйлемдер көп жұмсалатыны белгілі. Және де олар контекстің нақтылы мазмұнына қарай түрлі-түрлі болып жұмсалады:
- Құрмаласқа енген екі сөйлемнің соңғысы алдыңғы сөйлемде айтылған істің толық тұжырымдалғандығын хабарлайды. Бірінші сөйлем, көбіне, алдағы уақытта болатын немесе ойға енді алынған істі білдіреді. Ал екінші сөйлем осы ойға алынған, жоспарланған істің жүзеге аспай қалғандығын, орындалмағандығын айтады. Мысалы: Айша бұл сөздің қисынсыздығын айтып, әр түрлі сөзбен Жақыптың көңлін орнықтырмақшы болса да, күйеу жігіт әуелдегі қаттылығына бекіп, алғашқы айтқан сөзінен танған жоқ (М.Әуезов). Мақсұт бәсеңдеп, қарлыққан даусын қатайтпақ болса да, шамасы келмеді (М.Әуезов). Сонымен кеше де, бүгін де біздің қасымызға шақыртсам да, келмей отыр (М.Әуезов). Мейірхан сөзін ұқпақ болып тыңдаса да, еш нәрсе ұға алмады (М.Әуезов).
Енді осы мысалдарды талдап көрейік. Бірінші сөйлемде Айша бұл сөздің қисынсыздығын айтып, әр түрлі сөзбен Жақыптың көңілін орнықтырмақшы болғаны айтылған. Ал екінші сөйлемде Айшаның бұл іс- әрекеті жүзеге аспай, күйеу жігіт әуелдегі қаттылығына бекіп, алғашқы айтқан сөзінен танбағанын айтып, қарсы баяндалып тұр.
- Екінші компонент алдыңғы сөйлемде айтылған оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Мысалы: Қысы- жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс айта қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді (М.Әуезов). Талай малды жігіттер, талай кескінді жігіттер келсе де, біреуін де ұнатпай қайтарып жібереді екен (С.Мұқанов). Ғазиза жарыққа жақын келіп отырса да, алғашқы келген жердегі өзгеше көркі әлі күнге бетінен кеткен жоқ (М.Әуезов). Ыза буып тұрса да, Лима ашуын білдірген жоқ (Ә.Тарази).
Осы сөйлемдердің арасындағы қарсылықтық қатынасты байқау үшін бірінші сөйлемді талдап көрейік. Бұл мысалда ағайынды екі жігіттің қысы жазы еткен еңбегі, кіргізген кірісі айтарлықтай. Бұл айтылған жағдайдан шығатын нәтиже Сәлмен осыны ескеріп, еңбекақысын беруі керек еді, бірақ ол ақы бермей жұмсап жүрді. Сонымен, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдердің өзімен қарсылық қатынасқа түспей, содан тууға тиіс келесі оқиғамен қарсылық қатынаста тұр.
- Енді бір сөйлемдерде қарсылық қатынас мынадай болады. Бірінші сөйлем бір оқиға, құбылыс туралы хабарлайды, ал екінші алдыңғы сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді. Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны шектейді: кейбір кем-кетігін хабарлайды, шүбәлы екенін айтады. Мысалы: Мектеп директоры деген аты болса да, Сәрсенбай киімге салақ, Ұлжан одан да өткен (Ә.Тарази). Әрине, бұдан Алтын Орданың құламайтынын білсе де, әлсіреп кететініне көзі жеткен (І.Есенберлин).
Ал кейбір сөйлемдерде қарсылық қатынас бұған керісінше құралады. Онда бірінші сөйлем бір нәрсенің кемшілігін хабарлайды да, одан кейінгі сөйлем қайта оның жалпы сипатын баяндайды. Мысалы: Кісінің іші бауырын елжірететін орамды жүйрік тілі болмаса да, Оспанды ылғи «төре» деп сөйлеп, асты үстіне түсіп, қорыққандай болып күтіп тұрады (М.Әуезов). Тіл алмай, асқа, атқа өкпелеп, кісі боқтап, шалдуар боп, қожадан таяқты талай жесем де, аяғында хат таныдым (С.Мұқанов). Басы мен аяғы анықтап дәлелді болып құралмаса да, анда санда арасында шешен сөздер араласып келіп, шын сезімнің тілі сияқты айтылды (М.Әуезов). Бет тұлғасы да аз кесектеу келсе де, сүйкімді сұлу болатын (М.Әуезов).
Осы қызметі жағынан ол «әйтпесе» жалғаулығымен ұқсас болып келеді.
- Кейде -са да тұлғасы арқылы жасалған қарсылықты сөйлемдердің арасында қарсылықтық мағына болмайды. Олар тек біріне-бірі салыстыру ретінде қарсы қойылады. Мысалы: Кәзіргі сағаттағы үйлеспегендік жаңа келген жастарға соншалық көп байқалмаса да, ауылдағы үлкен-кішінің бәріне де тез сезілді (М.Әуезов). Қонақай өзіне біткен шапшаңдықпен жылдам ұрдым десе де, ол екі ұрғанда Қалбағай үсті-үстіне төрт ұрып жібереді (М.Әуезов).
Бұл сөйлемдердің құрамында бір-біріне қарсы қойылатын қарама-қарсы екі субьект немесе екі іс-әрекет салыстырылып суреттеледі.
Мағыналық жағынан баяндауыш -са да тұлғалы сөйлемдер баяндауыш -ғанмен тұлғасындағы сөйлемдерге жақын келетіндігі дау тудырмайды. Салыстырыңыз: Күлипа көзін аша алмаса да, қыбырлап орнынан көтерілмек болды (С.Мұқанов). Күлипа көзін аша алмағанмен, қыбырлап орнынан көтерілмек болды. Талай малды жігіттер, талай кескінді жігіттер келсе де, біреуін де ұнатпай қайтарып жібереді екен (С.Мұқанов). Талай малды жігіттер, талай кескінді жігіттер келгенмен, біреуін де ұнатпай қайтарып жібереді екен (С.Мұқанов).
Бұл екі тұлғадағы баяндауыштың өзара оңай алмасуы сол мағыналық жақындықтан. Солай болғанмен, араларында сәл де болса өзгешелік бар. -ғанмен тұлғасында келгенде айтылуындағы интонация -се де-ге қарағанда айқын, созылыңқы. Тағы бір ерекшелік -се де тұлғасының қолданылу аясы барынша кең, әсіресе, ауызекі сөйлеу тілінде мол ұшырасады, ал -ғанмен тұлғалы баяндауышты бағыныңқы көбіне-көп ресми қағаздар тілінде, жазба стильде жиі кездесіп отырады [27.55].
Құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер арасындағы қарсылықтық қатынасты көрсететін көмектес септік жалғауындағы -ған формалы есімшенің жұмсалу жиілігі жағынан шартты райлы етістікке да, де дәнекерлігінің тіркесуінен болған тұлғадан кейінгі орынды иеленетіндігі статистикалық әдіс арқылы анықталды. Оның көрсеткіштері төмендегі кестеден көрінеді:
3-кесте. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің сандық мәліметі
Көркем әдебиет стиліндегі шығармалар |
-са да формасы арқылы жасалған қарсылықты сабақты сөйлемдердің сандық мәліметі |
-ғанмен формасы арқылы жасалған қарсылықты сабақтас сөйлемдердің сандық мәліметі |
М.Әуезовтің «Қараш- Қараш оқиғасы» повесінің 192-242 беттері бойынша |
41 |
1 |
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының беттері бойынша |
23 |
2 |
Келтірілген статистикалық мәліметтен көріп отырғанымыздай қарсылықты бағыныңқы жасауда шартты райдың -са, се формасына да, де жалғаулықтар тіркесіп қолданылатын формалар тілімізде көп жұмсалатынын байқадық. Әрі осы түрдің қарсылықты бағыныңқыны жасауда көп қолданылатындығы бұрын-соңды жарияланған еңбектерде айтылып жүргендігін ескерсек, мұны оның мағыналық жақтан басқа бағыныңқыларды жасай алмайтындығымен, қарсылықты бағыныңқының меншікті көрсеткіші ретінде қаралатындығымен түсіндіруге болады.
Есімшелер бағыныңқы сөйлемді басыңқымен құрмаластыратын форма екендігі түрік тілдерін, сол сияқты басқа да жалғамалы тілдерді зерттеушілерге әбден мәлім. Бағыныңқылардың басыңқылармен есімшелер арқылы құрмаласуы қазақ тілінде қалыптасқан тәсіл. Есімше баяндауыш тек бір ғана атау қалпында тұрмайды. Бағыныңқы сөйлемнің қызметіне сай түрленіп отырады. Бағыныңқылар басыңқыға мезгілдес, ыңғайлас, не болмаса қарсылықтық қатынаста құралуы мүмкін. Осыдан барып етістік қызметіндегі есімшелер түрлі септік жалғауларын үстейді. Екі компоненттің арасындағы белгілі бір мағыналық қатынас осы септік жалғауларына қарап анықталады.
-ғанмен формасында қарсылықты мағынаны туғызып тұрған -мен көмектес септік жалғауы деуге болады. Себебі, жалғамалы (агглютинативті) тілдердегі морфологиялық көрсеткіштердің орталық типін бағыныңқы сөйлемнің баяндауыш формасына жалғанатын септік көрсеткіштері құрайды. Септік бір компоненттің басқа сөйлемге бағынғанын анық көрсететін грамматикалық категория, әсіресе, септік формасын қабылдаған предикаттық мүшенің басқа предикаттық құрылымға бағынуы. Көмектес септік жалғауы іске, қимылға қарсылықты білдіреді.
-ғанмен формасы арқылы жасалған қарсылықтық сөйлемдер контекстегі мағынасына қарай түрлі болып келеді. Осыған орай оларды төмендегідей мағыналық қатынастарға бөлуге болады:
- Соңғы сөйлем —ғанмен формасы қатысқан бірінші сөйлемде айтылған істің толық тұжырымдалғандығын хабарлайды. Бірінші сөйлем, көбіне, ойға енді алынған істі білдіреді немесе бір оқиға туралы хабарлайды. Ал екінші сөйлем осы ойға алынған істің орындалмағанын айтады. Мысалы: Ержанның адал көңілін ұққан Ботагөз оның жұмысқа барма деген ақылын қанша құлағына құйғанмен, алмады (С.Мұқанов). Басқышта тұрып байқағанмен, көзге ешнәрсе көріне қойған жоқ (О.Бөкей).
Бұл мысалдардағы қарсылықтық қатынасты байқау үшін бірінші сөйлемді талдап көрейік. Бірінші сөйлемде Ержанның адал көңілін ұққан Ботагөз оның жұмысқа барма деген ақылын қаншама рет тыңдағандығы айтылған. Ал екінші сөйлемде ол соған қарамастан ақылын алмағаны баяндалып, қарсылық қатынас тудырып тұр.
- Екінші сөйлем алдыңғы сөйлемде айтылған оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді. Яғни, мұнда соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдердің өзімен қарсылық қатынасқа түспей, содан тууға тиіс келесі оқиғамен қарсылық қатынаста тұр. Мысалы: Сол ауылда Тоқпамбай, Сыйқым дейтін екі шал, бала күндерінен жалшылықта жүргенмен, не мал, не үй, не семья біткен емес (С.Мұқанов). Ата сақалы аузына біткенмен, ол әлі күнге дейін жастардың ойынынан қалмайды (С.Мұқанов). Жасым қырықтан асқанмен, әлі біраз жыл бала оқытуға жететін күш қауқарым бар, қалған өмірді соған сарп етем (С.Мұқанов).
- Тағы бір сөйлемдердің арасындағы қарсылық қатынас мынадай болады. Бірінші сөйлемде бір оқиға баяндалады, ал одан кейінгі сөйлем бірінші сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді, оны шектейді, кейбір кем- кетігін хабарлайды, оқиғаның шарқын бір шақтаулы қалыпқа түсіреді. Мысалы: Ол лекцияны теориялық жағынан өзінше тым тәуір сауатты оқығанымен, іс жүзіне келгенде сол кісінің теориясы мен практика арасындағы көп алшақтықты Тайман жыл сайын ұға түсті (З.Қабдолов). Жаңа ситсадан тіккен көйлек дамбалды кигеніме аз уақыт болғанмен, ойындағы алыс-жұлыстың салдарынан пәре-пәресі шығып, жамаудан қырық құрау боп кеткен (С.Мұқанов).
Бұл сөйлемдердің қарсылықтық қатынасы мынадай: бірінші сөйлемде оның лекцияны теориялық жағынан өзінше тым тәуір сауатты оқығаны баяндалады. Ал екінші сөйлемде Тайман бұл кісінің теория мен практика жүзіндегі алшақтығы бар екенін ұғып, оның кемшілігін, шүбәлы екенін баяндаған.
Ал енді бір сөйлемдерде қарсылық қатынас бұл сөйлемдерге керісінше сипатта құралады. Онда бірінші сөйлемде бір обьектінің кемістігі, кемшіл тұстары айтылады да, ал екінші сөйлем оның жалпы сипатын баяндайды. Мысалы: Шаруа күйі нашар болғанмен, әкем мен шешем, үйіндегі астың тәтті-дәмдісін менің аузыма тосатын, өздері жамаулы киіммен жүріп, менің үстіме ылғи жаңа кигізетін (С.Мұқанов). Аздап акцентпен сөйлегенмен, мына шал да қазақшаға ағып тұр (С.Мұқанов). Бұл үйдің дастарқаны бай болмағанмен, Жаңыл жеңгей қолда бар тамағын мейлінше дәмді ғып ұстайтын (С.Мұқанов).
Бұл сөйлемдерде біріншісі кемшілігін көрсетіп тұр, ол шалдың аздап акцентпен сөйлейтіні, бірақ екінші сөйлемде осыған қарамастан оның жалпы қазақшаға ағып тұрғанын хабарлап, алдыңғы сөйлемге қарсылықтық қатынас туғызып тұр.
- —ғанмен формасы қатысқан сөйлемдер болмаған, бірақ алда болуға тиіс немесе ойда жүрген оқиғаны хабарлайды. Ал екінші сөйлем осы оқиғаның, істің болуына көлденең тұрған кедергіні білдіреді. Мысалы: Бұл туралы тағы сұрап, тиянақтап алғысы келгенмен, Жанардың батылы бармады (З.Қабдолов). Шыбық арқасын қылыштай тілгенмен, баланың дыбыс шығаруға хақысы жоқ (С.Мұқанов). Сондай қиын жерге салынғанмен, балалар ол ұяға барудың да әдісін табады (С.Мұқанов). Ақырып жандарына жетіп баруға қанша оқталғанмен, Отарды белгісіз бір күш жібермеді (С.Мұратбеков). Өзім де құмартқанмен, тағдырым ол қызметті маған жазбады (С.Мұқанов).
Бұл сөйлемдердегі қарсылықтық қатынасты байқау үшін екінші сөйлемді талдап көрейік. Мұнда бірінші компонентте шыбық баланың арқасын қылыштай тіліп өтетінін хабарлайды, оған бала дыбыс шығарып қарсыласуы керек болса да, екінші сөйлемде оны істеуге бір кедергі бары айтылады. Ол баланың дыбыс шығаруға хақысы жоқ. Сонымен екінші сөйлем көлденең тұрған кедергіні хабарлап, қарсылықтық мән тудырып тұр.
- Кейде —ғанмен формасы арқылы байланысқан сөйлемдердің арасында қарсылықтық мағына болмайды. Олар тек біріне-бірі салыстыру ретінде қарсы қойылады. Мысалы: Мұсаның ашуы сәл жібігенмен, іштегі уыт әлі тарқамаған (Ә.Тарази). Пікірі қате болғанмен, ойы қызық (Ә.Тарази). Тұрып далаға шықсам, түндегідей болмағанмен, қала жақтың шуы әлі де семе қойған жоқ екен (С.Мұқанов).
Бұл сөйлемдердегі компоненттердің мағына қайшылығы алдыңғылардың бір де біріне ұқсамайды. Мұндағы қайшылық екі түрлі затты, әрекетті салыстыру, салыстырғанда оларды теңдестіру мәнінде емес, біріне бірін қарсы қоя салыстыру негізінен келіп туған қайшылық.
- Екінші сөйлем алдыңғы сөйлемнің мағынасын анықтап, дәлдей түсетін сөйлемді тіркестіреді. Мысалы: Жұмыртқаларын я балапандарын құс атаулының бәрі де қимай, қауіп төнсе байбалам салғанмен, көлдегі құстың екі-ақ түрі ұясын жағалай ұшып жанталасады: бірі шағала, бірі қызғыш (С.Мұқанов). Мұстафа мен әйелі Сілеусін Ұлтуған екеумізді үйіне кіргізіп ап мүмкіндігі жеткенше күткенмен, жетім қалу дегеннің не екенін шешем өлгеннен кейін ғана сезгендей боп, жылаңқырап жүрген менің көңілімді елдің Досқа жайлауға шығуы жадыратып жіберді (С.Мұқанов).
Көсемше есімшеге қарағанда көп функциональді, себебі олар етістіктің аяқталмаған формалары болып есептеледі. Оның сөйлемдегі негізгі функциясы мен мағынасы басқа етістік арқылы білінетін іс-әрекеттің қалай болғанын, сындық сипатын, оның болу болмауының себеп-салдарын, болған мезгілін айқындап тұру. Көсемшенің тиянақсыз, басқа бір сөзге сүйеншек болуының себебі де оның осы айтылған функциясына байланысты. Бірақ көсемше әрдайым осы айтылғандай мәнде болып тұрмайды, ол бірде басқа бір етістік жетегінде айтылып, оған тәуелді болып тұрса, енді бірде өзінің бастапқы мағынасын сақтап, негізгі етістік мәнінде тұрады. Соған қарай оның синтаксистік қызметі де өзгереді.
Көсемшелердің мағыналары мен синтаксистік қызметтеріндегі бұл тәріздес құбылыстар олардың сөйлемдегі қолданылу орнына, контекске байланысты. Қолданылу жағдайына, контекске қарай көсемше негізгі екі түрлі синтаксистік қызмет атқарады: оның бірі – пысықтауыш қызмет те, екіншісі – баяндауыштық қызмет. Осылармен қатар көсемшенің күрделі сөздер (етістіктер) құрамында тұрып, соңғы көмекші сөздің тұлғалық құбылыстарына қарай соның әуеніне еріп, басқа да түрлі мүшелер құрайтыны кездеседі. Бірақ мұндай жағдайда шешуші мән көсемшеде болмайды, ол тіркесіп тұрған сөзде болады.
Көсемшелердің ішінде бағыныңқыны басыңқымен байланыстыруда көп жұмсалатыны, осыған байланысты қызметі де әртүрлі болатыны – -п (үнемді) түрі. Бұл бұрынды соңды шыққан жазба, ауыз әдебиетінің барлығында да кездесе береді. Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің жасалу жолының бірі ретінде көсемше жұрнақтарының қолданылатындығы бұрын-соңғы шыққан лингвистикалық әдебиеттердің басым көпшілігінде айтылып жүр. Көсемше жұрнағы арқылы сабақтастың сыңарлары арасында амал, себеп, мезгіл, мақсат, қарсылықты, шартты қатынастардың жасалатындығы, -п тұлғалы көсемшенің белсенді жұмсалатындығы анық. Көсемшенің осы -п тұлғасының қарсылықты қатынасты білдіретіндігі қазақ тіл білімінде соңғы кезде айтылып жүр. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксисін зерттеген ғалым Рақыш Әмір көсемшенің -п тұлғасымен құрмаласқан сабақтастардың арасындағы мағыналық қатынастар жазба тілдегі құрылымдарға қарағанда көп және әртүрлі болып келетіндігін айта келе, қарсылықтық бағыныңқылардың көсемшенің осы тұлғасы арқылы жасалатындығын алғаш анықтайды. Ғалым оған төмендегідей мысалдар келтірген: Кіп-кішкентай боп, осы сен сөз аңдығандыц қайтесің (С.Мұқанов). Үйір қыламын деп, басына секіртіп жүрме (С.Мұқанов) [28.166].
-п тұлғалы көсемшенің қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемдер жасауға қатысатыны туралы Б.Қапалбеков «-п формантты көсемшенің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметі» мақаласында былай дейді: « көсемшенің -п формасы да қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдерді жасауға қатынаса алады: «Балаң өлді» дегенді естіген ақын талып құлап, май өкшеден жіберген дәрі де көмек етпепті (К.Әзірбаев). Айнала толған проблемаларды өзіміз қолдан жасап алып, өзіміз шеше алмай жүрміз (Қ.Жұмаділов).
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер мағыналық қарым-қатынасына қарай өз ішінде реалды және ирреалды деп бөлінетін болса, жоғарыда келтірілген мысалдар соның соңғысына жатады. Яғни, қарсылықты бағыныңқының мұндай түрлерінде бағыныңқы компоненттегі мұндай іс орындалып, басыңқыдағы іс керісінше жүзеге аспай қалады. Өйткені басыңқының баяндауышы етістіктің болымсыз түрінде келеді, кейде емес, жоқ көмекші сөздермен тіркесе айтылады. Сөйтіп, -п формантты көсемше тек қана ирреалды қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемді жасауға қатынасады. Оған себеп, реалды бағыныңқының баяндауышы әрдайым етістіктің болымсыз түрінде келетін болса, оған көсемшенің -п формасы жалғаса алмайды [29.34].
Көсемше арқылы қарсылықтық қатынастың берілуі өте сирек кездесетіндігі тілдік мәліметтер арқылы анықталған. Мұны көсемшенің қызметінің сан қилылығымен байланыстыруға болады.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдерде құрамындағы жай сөйлемдердің арасында қарсылықтық қатынасты туғызу үшін бағыныңқы компоненттің баяндауыш мүшесі әртүрлі тұлғада жұмсалатындықтан, әр тұлғаның мағыналық ерекшелігін, сол мағынаға байланысты жұмсалу ерекшелігін анықтауға талпындық. Грамматикалық форманың қабыл алған жаңа белгілері оның жаңа сапасына дәлел болуға тиіс. Сондай-ақ синонимдес баяндауыштық формалардың мағына, қызмет ерекшелігін ашқанда мына жайларды ескеруіміз керек:
- Әр форманың мағынасы, қызметі өзі қатарлас формалармен салыстыру арқылы ашылады.
- Синонимдес формалар ылғи дара мағыналық реңк білдіре бермейді. Олар бір ортақ мағынаны білдіріп, бірақ жұмсалуы жағынан белгілі бір синтаксистік аяға бейімделіп дараланады.
- Бірқатар синонимдес формалар тілдегі формалардың дамуы, өзгеруі нәтижесінде пайда болады да, олар мағына, қызмет жағынан дараланбай, ылғи тең түсуі мүмкін [28.74].
Сонымен қарсылықты бағыныңқы сабақтас cөйлемдер тарауын қорыта айтқанда біз мына мәселелерге көзіміз жетті:
- Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің бағыныңқы компоненті туралы тіл білімінде түрлі көзқарастар кездесетіндігін білдік.
- Ал ең бастысы, қарсылықты бағыныңқы сабақтасты жасауда көп жұмсалатын форма шартты рай етістігіне да, де жалғаулықтары тіркесуі арқылы жасалатын форма. Бұл дерек бұрыннан қазақ тіл білімі жүйесінде айтылып жүрсе де, біз статистикалық мәліметтер арқылы көз жеткіздік. 3. Сондай-ақ қарсылықты бағыныңқы сөйлемді жасауда қатысатын формалар мен қарсылықты салаласты жасауға қатысатын қарсылықтық жалғаулықтар білдіретін мағыналық қатынастары жағынан бірдей екеніне, олар тек бір мағынаны берудің әртүрлі формалары екеніне көзіміз жетті.
ҚОРЫТЫНДЫ
Біз жұмысымызда қарсылықты құрмалас сөйлемдердің тіл жүйесіндегі жұмсалу орнын, оның сипаты мен түрлері туралы сөз еттік. Ең бастысы, қарсылықты жалғаулықтар арқылы жасалған қарсылықты салалас сөйлемдердің табиғатын толық ашу мақсатында олардың жалғаулықтарының түрлі қызметте жұмсалатындығына назар аудардық та, оларды мағыналық қатынастарына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырдық. Қарсылықты салалас пен қарсылықты сабақтас құрмалас сөйлемдердің бір мағынаны беруде жұмсалатын тек екі түрлі форма екенін анықтадық.
Зерттеу барысында байланыстырушы қайталама амалдардың шығуы салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерге жүктелген коммуникативтік талаптарға, солардың арасындағы контаминациялық процеске байланысты екенін білдік. Негізінде бұл – қазақ сөйлеу дәстүріне тән күрделі, әрі қызықты процесс. Және осы процесс қазақ тілінің жүйесінде салаластық, сабақтастық тек грамматикалық білім ретінде қалып қоймай, коммуникативтік талғам жүйесіне де түсіп келе жатқанын ескертеді.
Қорыта келгенде, белгілі коммуникативтік талапқа сай қызмет ететін қарсылықтық қатынасты білдіретін құрылысы жағынан әртүрлі тілдік амал- тәсілдер функциясы жағынан параллель болады. Қарсылықтық қатынасты білдіретін салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерді жасаушы грамматикалық тәсілдердің жұмсалу дәрежесінің бірдей еместігі, осы тәсілдердің қолданысы арқылы қарсылықтық мағынаның тууына әсер ететін коммуникативтік талап болатындығы анықталды.
Қазақ тілінде салалас құрмалас сөйлемге, сабақтас құрмалас сөйлемге жүктелген бөлек-бөлек коммуникативтік талаптар бар. Ал қайталама байланыстырушылар қатысып құрылған конструкциялар сол екі талапты да контиминациялап (сиыстырып) сөйлесуге арналғанына көз жеткіздік. Қарсылықты салаластар қарсылықты сабақтастарға қарағанда бірінші пайда болғанына қарамастан мәтінде болсын, ауызекі сөйлеу тілінде болсын аз жұмсалады.
Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемді жасаушы грамматикалық тәсілдердің әрқайсысының мағыналық ерекшеліктері болады.
Қарсылықты салаластарды сөз еткенде оларды жасауға бірден-бір қатысатын қарсылықты жалғаулықтардың жалпы мағынасына қарай бір топта қарастырғанымен, бірақ әрқайсысының семантикасында сәл де болса айырмашылық бар екенін анықтап, оларды осы ерекшелігіне байланысты 4 топқа бөліп қарастырдық. Әр топтағы жалғаулықтарға түсініктеме беру барысында олардың контексте жұмсалуына қарай ішінара мағыналық қатынастарға бөліп топтадық. Сонымен қатар статистикалық әдісті қолдана отырып қарсылықты жалғаулықтардың барлығы бірдей жұмсала бермейтінін, бұлардың ішінде «бірақ» жалғаулығы көп кездесетінін, ал «әйтсе де», «сөйтсе де» жалғаулықтарының бойында эксрпессивтілік мән барын, «дегенмен» жалғаулығының бойында модальдық өң барын, ал «әйтпесе» жалғаулығы алдыңғы жалғаулықтардан өзгеше екенін анықтадық. Сондай-ақ олардың жұмсалуындағы осы өзгешеліктердің себебін ашуға талпыныс жасадық.
Қарсылықты сабақтастарды сөз еткенде олардың бағыныңқы формасының табиғаты туралы орыс, қазақ ғалымдарының айтқан пікірлеріне талдау жасадық. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемді жасаудың түрлі формаларына тоқталып өттік. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас сөйлемдерді жасауда ең жиі жұмсалатын ол шартты рай тұлғасына да, де жалғаулығы тіркесуі арқылы жасалатынын форма екеніне көз жеткіздік. Және де оның себебін -ғанмен формасымен салыстыра отырып ашып көрсетуге талпындық.
Зерттеу жұмысымның мақсатына орай қарсылықты салалас құрмалас пен қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемдердің білдіретін мағыналық қатынастарын салыстырдық. Яғни, «бірақ» жалғаулығымен -са да және -ғанмен формасы білдіретін қарсылықтық қатынастарды топтап көрсеткенде бірдей болып шықты. Демек, олар қарсылықты мағынаны берудің әртүрлі формалары екен деген ой қорыттық. Сонымен қарсылықты салалас сөйлем мен қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемді сыңарлары қарсы мағынада келетін құрмаластарды жасаудың әртүрлі тәсілдері деп қарауға болады. Болашақта қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі басқа қырынан, мағынадан оны жасаушы тұлғаларға қарай жүретін болса, онда қарсылықты мәндегі сабақтас, салалас сөйлемдер бір деңгейге топтастырылатын болады деген ой қорыттық.
Жалпы алғанда, біздің жұмысымызға арқау болған негізгі мәселелер – осылар. Осы жұмыстың нәтижесінде қарсылықты құрмаластарға қатысты мәселердің барлығы түгел шешілді деуден аулақпыз. Қарсылықты құрмаластар, соның ішінде қарсылықты салаластарды жасауға қатысатын қарсылықты жалғаулықтардың мағыналық қатынастары мен жұмсалуындағы айырмашылықтардың себебін толықтай анықтау, ол жөнінде зерттеулер жүргізу алдағы күндердің ісі деп білеміз.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Қазақ грамматикасы. Алматы, 2002. – 865 б.
- Әмір Р.С., Әмірова Ж.Р. Құрмалас сөйлемдерді жаңаша тануда көрінетін кейбір аспектілері // «Известия НАН РК», серия филологическая, Вып №4, 2008
- Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. – Спб: Тмп. Имп. АН, – 1897. Ч.2. – 92 с.
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.–446 б.
- Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы.–Алматы: Санат, 1994.–320 б.
- Жиенбаев С. Синтаксис мәселелері. – Алматы, 1941. – 43 б.
- Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Очерктер. – Алматы, 1948. – 86 б.
- Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы: Мектеп, 1971. – 338 б.
- Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. – Алматы: Санат, 1995. – 176 б.
- Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы: Білім, 1995. – 133 б.
- Әмір Р.С. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. – Алмат: Қазақтың мемлекеттік оқу педагогикалық баспасы, 1959. – 67 б.
- Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. – Москва , 1986
- Севортян Э.В. О некоторых вопросах сложноподчиненного предложения в тюркских языках // Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Синтаксис. т. 3. – Москва: Наука, 1961. – с. 135
- Кнабе Г.С. Ещё раз о двух путях развития сложного предложения // Вопросы языкознания. – 1955. №1
- Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі // Академик Н.Сауранбаевтың еңбектері. – Алматы: Кенже пресс, 2002. – 2 т.
- Құрышжанов Ә., Томанов М. Орхон-Енисей жазуы ескерткіштерінің зерттеу тарихы мен грамматикалық очерктері. – Алматы, 1964. – 127 б.
- Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. 2-басылымы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 384 бет
- Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 340 б.
- Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Алматы: Ғылым, 1982 – 352 бет
- Грамматика русского языка. Синтаксис. Т.2., ч.2. – Москва: Издательство академии наук СССР, 1960. – с.440
- Амиров Р. Особенности устной речи в организации сложносочиненных предложений // Известия АН КАЗ ССР, серия общественная. – 1971, №1
- Богородицкий В.А. Общий курс русской грамматики. Казань, 1913 – 108 с.
- Кононов А.Н. Грамматика узбекского языка. Ташкент, 1948 Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ғылым, 1954. – 487 б.
- Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ғылым, 1954. – 487 б.
- Қазақ тілінің грамматикасы. 2-бөлім: Синтаксис/ Жауапты шығарушы Н.Ысқақова. –Алматы: Ғылым, 1967. – 233 б.
- Исаев С. Қазақ тілі. – Алматы: Қайнар университеті, 1993. – 173 б.
- Серғалиев М. Қарсылықты салалас және онымен синонимдес сөйлемдер// Қазақ тілі мен әдебиеті. 5-шығуы. – Алматы, 1974. – 53-58 б.
- Амиров Р. Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. –Алматы, 1972. – 180 б.
- Қапалбеков Б. -п формантты көсемшенің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметі // ҚҒА хабарлары. – Тіл, әдебиет сериясы, 1992. №2