МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ………………………………………………………………………………….
1 КҮЙІШЛІК ӨНЕР ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ЖИНАҚТАУ
1.1 Өнерпаз тағдыры және суреткерлік таным…………………………………………….
1.2 Күй тарихы және өнерпаз психологиясы……………………………………………..
2 КҮЙ САЗЫ, КҮЙШІ ӨНЕРІ ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ КӨЗҚАРАС
2.1 Т.Әлімқұловтың туындыларындағы күй сазына қатысты сюжеттік желілер және көркемдік шешім……………………………………………………………………………..
2.2 Өнер тақырыбы: дәстүр және жалғастық…………………………………………….
ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………….
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: 60-80-жылдардағы қазақ прозасы, оның көркемдік деңгейі, шеберлік аясы туралы сөз қозғағанда алдымен қаламгерлеріміздің үлкен бір шоғыры ойға оралады. Үлкені бар, кішісі бар, олардың қаламынан қазақ әдебиетіне тиесілі мол мұра қалды. Ендігі кезекте тарих еншісіне өткен осынау шығармалардың авторларына қайта оралып, олар туған әдебиетімізге айтарлықгай не қосты, не алды деп сұрау салсақ, кезінде еленбеген көп құндылықтарымыз кайта бағамдалып, кайтара бағасын алуға тиісті. Бұған дәл бүгін ешкім дау айта алмайды. Осынау қаламгерлердің бел ортасында Тәкен Әлімқұловтың есімі жеке-дара аталуға әбден лайықты.
Алдымен Тәкен Әлімкұлов өзімен замандас жазушылардың қатарында қалам тербеді. Бірақ оның басқалардан айырмашылығы жазған дүниелерінің ешқайсысы саясат жетегінде кетпеді, сондықтан бұл туындылар уақытынан озып, бүгінгі оқырманымен де табысып отыр. Яғни жиырмасыншы ғасырдан аттап, жиырма бірінші ғасырға асқан қайталанбас, аса қымбат ұлттық-рухани құндылықтарымыздың калың ортасында Тәкен туындылары да бар десек қателеспейміз.
Қайталап айтсақ, Тәкен Әлімқұлов шығармалары қазақ халқының өнер көшімен бірге ілесіп, шаршамай, шашасына шаң жұқпай, уақыт озған сайын қырлана түсіп, ұрпақтан-ұрпақ ауысқан сайын жарқырай түсетініне күмән жоқ. Оның әңгімелеріндегі, повестеріндегі, романдарындағы Абай, Махамбет, Ақан сері, Қорқыт, Ықылас, Тәттімбет, Сүгір, Сейтек, Сәкен, Әбікен Хасенов, Төлеген Момбеков сияқты, тағы да басқа өнер иелерінің образдары қазақ әдебиетіндегі қадау-қадау көркем тұлғалар ретінде қала береді. Оның басты себебі — бұл тұлғалар көркемдік биігінен табылды, заман шындығымен, уақыт тынысымен үндес, сабақтас сомдалды. Саясатқа бой алдырмады, саяси ортаға бейімделмеді.
Жиырма-отызыншы жылдар әдебиетіндегі Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты майталман қаламгерлердің жазған көркем дүниелері әлдеқашан әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. Бұл туындылар енді ұлтымыздың мәңгі рухани құндылықтары санатында кейінгі толқын қаламгерлерге суреткерлік шеберліктің, жазушылық талап пен талғамның айнымас өлшеміндей жарқырап тұра беретіндігінде дау жоқ.
Ал енді осындай құнды көркем туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта, әдеби дәстүр, яғни жоғарыда есімдері аталған классиктеріміз уығын қадап, шаңырағын биікке көтерген Алаш ұранды әдебиет қазақ прозасының 60-80-жылдардағы кезеңіне де өз әсерін тигізді. Әсіресе, тарихи кезеңдер шындығын, айтулы өнер адамдарының өмір-тағдырын арқау еткен прозалық шығармалар оқырман назарына көбірек ілікті. Айтулы, талантты деген туындылар да, қарап отырсақ, осы тақырыптың еншісінде екен. Осы ат төбеліндей, аса дарынды, оза шапқан шоғырдың бел ортасында қаламгер Тәкен Әлімқұловтың да шығармашылығы оқшау көрінеді. Оның басты себебін қаламгердің көркемдік деңгейімен оқ бойы озық көрінген туындыларынан іздеу абзал. Бұл туындылар, яғни Тәкеннің, әсіресе прозалық шығармалары казіргі тұста әдебиет тарихының, әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына, тану өзегіне айналуы өте қажет. Бұл салада алғашқы қадамдар басталды.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Жаңаша талғам, шынайы тарихи-салыстырмалы арнада қайта жүйелеп, қайта іріктеп, зерттеу, саралау. Әсіресе, Тәкен шығармашылығының халықтық сипаты, ұлтгық болмыс-бітімі, ұлттық бояу-бедері, ұлттық кейіпкер сомдаудағы суреткер қол жеткізе алған көркемдік амал-тәсілдерді әр қырынан қарастыру, жүйелеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Мынау фәни дүниеден бақи дүниеге көшкеніне ширек ғасыр жуықтап келе жатқан қаламгердің аса көркем, ойлы шығармаларына оралып, туған әдебиетіміздің игілігі үшін суреткер қандай олжа салды деген сұрақ тұрады. Бұл — бір. Екіншіден, Т.Әлімқұлов дәстүрлі мәдениет үлгілерін, әдеби мұраларды, ұлттық өнерімізді, ұлттық салт-дәстүр тақырыбын қалай, қай деңгейде игергендігі, өз шығармаларына арқау еткендігі бүгінгі оқырманды қызықтырады. Осы жәйіттерді бүгінгі заман талабынан қарай отырып, зерттеуші ғалымдардың, өнер иелерінің пікірлері мен көзқарастарын негізге ала отырып өзіндік ғылыми болжамдар жасалынды.
Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізі: Ат басын Тәкен Әлімқұлов шығармашылығына тіреуіміздің тағы бір себебі — жазушының өз туындыларында өзіндік құнарымен, стильдік өрнегімен көріне алғандығында. Суреткерлік тіл — көркемдік шеберліктің бірінші шарты десек, бұл жөнінен келсек, жазушының өз тұстастарынан оза шапқанын айтпау қиянат.
Жалпы Тәкен Әлімқұлов қаламынан проза жанрында алпысқа жуық әңгіме, 7 повесть, 2 роман дүниеге келіпті. Жазушының прозашы ретінде көбірек танымал болғандығы да осы дүниелердің арқасы. Оның үстіне жарық көрген төрт поэтикалық жинақты қосамыз. Бұлар да қаламгер талантының бір қырын танытатын аса құнды көркем туындылар. Ал енді барша ақындардың ұстазы Абай жайынан жазылған «Жұмбақ жан» атты зерттеу — бітімі бөлек дүние. Үш кітабында бірнеше әдеби-сын мақалалары жинақталды. Санымен емес, сапасымен оқырманын елең еткізген бұл әдеби-эстетикалық талдаулар әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымында әлдеқашан өз орнын тауып, керек болса қазіргі әдебиеттану мәселелерін, қазіргі қазақ сөзінің қадір-қасиетін ажыратуға да қызмет жасап жатыр десек қателеспейміз. Очерк, аударма саласындағы елеулі еңбектері де қаламгердің сан қырлы талант иесі болғандығын танытады. [1; 184 б].
Тұтастай айтсақ, Тәкен Әлімқүловтың қаламынан қазақ әдебиетіне аз мұра қалған жоқ. Жарияланып үлгермеген, жазушы қоржынында қалып қойған құнды дүниелердің өзі бір төбе, бөлек әңгіме. Қайталап айтсақ, мәселе санда емес, сапада. Сапа болғанда көркемдік сапаны айтамыз. Осы сапасымен қаламгер шығармалары бізді қызықтырады.
Осының бәрі ескеріліп, диплом жұмысында жан-жақты қарастырылып, теориялық, іс-тәжірибелік маңыздылықтары анықталды. Зерттеу жұмысының қорытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде, жоғарғы оқу орнынының практикалық сабақтарында, студенттердің өзіндік жұмыстарын орындауда қолдануға болады.
Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында ізденіс әдісі маңызды болды. Ол бұрын белгісіз болып келген әдеби мұраларды жан-жақты саралауда қолданылды. Зерттеу ісі мәліметтерді өңдеу, сараптау-талдау (анализ) және жинастыру (синтез), топшылау, салыстыру, жүйелендіру, тұжырымдау әдістері арқылы жүргізілді. Зерттеудің басты әдісі талдау-жинақтау мен тұжырымдау болды.
Құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, бірнеше тараушадан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде диплом жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеті, ғылыми жаңалығы, зерттеу нысаны сөз болады.
Бірінші, екінші тарауларда Тәкен Әлімқұлов шығармаларына талдау жасалынады.
Қорытындыда диплом жұмысының негізгі мазмұны тұжырымдалады.
1 КҮЙІШЛІК ӨНЕР ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ЖИНАҚТАУ
1.1 Өнерпаз тағдыры және суреткерлік таным
60—80-жылдардағы қазақ прозасына зер салып қарап отырсақ, қазақ прозашылары өз шығармаларында ұлттық рухани байлығымыздың алатын арқауы — күй өнерін жасаушылардың өмір-тағдырына жиі-жиі оралып отырған. Күйші бейнесін көркем әдебиетімізде сомдаудың мән-мағынасын қазақ қаламгерлері терең түсінген.
Сонау алты алаштың ардақтылары Қоркыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Абылдың, Сейтектің, берідегі Динаның, Сүгірдің, Төлегеннің, Әбікеннің, Дөнештің тағы да басқа күйшілердің образын бейнелеуге қазақ қаламгерлері халқьмыздың осы бай дәстүрлі күй, күйшілік өнер тарихын терең танып, таразылап, ұзақ жылдар зерттеп барып ат басын тірегендігін аңғарамыз. Қазақ күйшілерінің қайшылықты тағдыры мен олар өмір кешкен заманның, әлеуметтік ортаның қыр-сырына терең бойлауды мақсат еткендерін байқаймыз. Осы мақсатта олар туралы халық жүрегінде, ел жадында сақталып қалған, болмаса аңыз-әңгімелердің, жыр-өлеңдердің, тағы басқа сол сияқты дәстүрлі халықтық мәдениетіміздің сирек үлгілерінің архауына жатқан әдеби, рухани нұсқалардың, барлығының қазақ прозасында ұтымды, шебер ең бастысы көркемдік тұрғыдан үлкен талғаммен, терең таныммен пайдаланылғанын пайымдаймыз.
Айталық, «Телқоңыр» әңгімесінде сөз зергері Тәкен Әлімқұлов атақты күйші Сүгір өміріне соғып, Сүгір жайын сөз етеді. Өте тартымды, шымыр әңгіме бір күйдің тарихынан сыр шертеді. Көзі қарақты оқырманға бірден байқалатын бір шындық — Сүгірдің тума талант, құдіретті күйші екендігі. Осыны мьна әңгіме дәлелдеген үстіне дәлелдей түседі. [2; 154 б].
Жазушының «Сейтек сарыны» повесінде Сәруар шал болып тіл қататын Сүгірдің кейбір мінез қырларына қанық едік. Онда ол көбінесе Сейтек тағдырымен, Сейтек күйлерімен сабақтас бейнеленетін. Ал мына әңгімеде енді әкесі мен бала арасындағы, яғни Сүгір мен әкесі арасындағы қарым-қатынас, қам-қарекет ой-парасат арнасында өріледі. Сүгірдің сұрапыл күйшілігі, әкенің алғырлығы, көрегендігі, ой-түйсігінің ұшқырлығы, ұтымдылығы алдыңғы қатарға шығады. Түптеп келгенде барлық оқиға Сүгір домбырасынан атақты «Телқоныр» күйінің дүниеге келуі төңірегінде топтастырылған. [3; 84 б].
«Телқоңыр» күйінің тарихы тосыннан өрбіп, өте тартымды, қызғылықты баяндалады. Әуелде Сүгірдің шығармашылық күйінің тоқыраған, домбырасын қолына алғанмен, жанынан ой таба алмай қиналған сәті суреттеледі. «Баптағанда, машық күйлер жаттығу тілемейді. «Ілмені», «Ыңғай төкпені», «Бозінгеңді», «Тоғыз тарауды» үйқыдан ояна сап тартуына болады. Ықыластың күйлері өз алдына. Бұл өңірде Сүгірге тең келетін домбырашы жоғы және аян». Осылай домбыра шертісі елден ерекше, атағы алты алашқа асқан дәулеткер домбырашының түйықка тірелген, көңілі жарым, жүрегі қобалжулы кезеңіне қаламгер соғып өтеді. «Неге екені белгісіз, Сүгір көнетоз күйді жаңғыртпак болады. Бірақ күй төгіліп кетпей, күрмеле береді. Көкейдің күйттілігі жетіспей жатыр. Бәлденейін десе, бәл жоқ. Назданайын десе, наз жоқ. Өкінейін десе, өкініш жоқ. Шолақ келген қызыл-қоңыр домбыраны әрі сабалап, бері сабалап, әрі шертіп, бері шертіп, мандырта алмай қойды». Өнер адамының өмірінде мұндай сәттер аз смес. Шығармашылыктың азабы деген осы. Өнер туындысы да өнерпаздың жанын осылай езіп, азапқа салып барып туады. Жазушы шығармашылык процестің осы бір ауыр, азапты сатысын да әсерлі жеткізеді.
Кішкене оқиға ширығып келіп, терең толғаныстарға тамырлы ойларға бастайды. Қызыл құлынның күтпеген жерден Сүгір шаңырағына сау ете калған ауыл атқамінерлерінің қонақасына сойыльп кетуі, бір қарағанда қарапайым оқиға. Сүгір өмірінен алынған осы қарапайым көрініс, әңгіме соңында терең психологиялық, философиялық түйіндеулерге келіп сабақтасады. Жанары жаудыраган жас құлынның тағдыры адам тағдырымен астасады. Ақырында күй болып төгіледі.
Сүгірдің жан дүниесін астан-кестең еткен бұл жағдай із-түзсіз кетпейді. Құлынның енесін іздеп шырқыраған даусын, қас-қағым сәтте құлынынан айрылған ене биенің сағынышы мен шерін жүрек сыздататын күйге сыйғызған Сүгір таланты тайға таңба басқандай танылады. Осының барлығын қаламгер тамылжыған тілмен , терең сезім толқындарымен тербеп отырып суреттейді. Қызыл құлын бауыздалар сәттегі суретті жан-жүрегің елжіремей, бауыр етің егілмей оқу киын. Ой терендігінің, сөздегі суреткерліктің шым-шымдап көрінер тұсы осы. «Бала сары сәскеде қызыл құлынды шыркырата айдап келе жатты. Енесінен ажырасқан кұлын көткеншектеп, үйіріне қарай қаша берді. Оған бала ырық бермей, сойылдап, аяусыз сабалап, ауылға қарай қуғыштады. Құлын от басына жақындаған сайын сұмдықты сезгендей шырқырап, қоныраулы үнімен кісінеп, жанұшыра бастады. Үш қырқаның аржағындағы енесі бірге кісінеді. Ол да туған төліне ұқсап, жылқышыдан катты қағажу көріп, аяусыз таяқ жеді. Бұны сезінген сайын қызыл құлын шыжкөбелек боп, бәйектеніп, бауырынан іріді. Қызғылтым түгі терге шомылып, қылшығы жапырылып, күнәсіз көзі жасқа толды. От басына жақындағанда, арттағы сағыныштан, алдағы үрейден қаны бұзылып, басы айналды. Қуғыннан өкпесі күйіп, тәлтірек қақты». Осылай, құлын трагедиясы қанды жасы сорғалаған күйінде суретке, бейнеге айналады. Адам трагедиясын, болмаса аң, құс, жылқы трагедиясын суреттеген тұстарда Тәкен өзгеше өнерпаздық танытады. Оқырманын сендіреді, сендіріп қана қоймайды, өзімен бірге тебірентеді, терең толғанысқа түсіреді. Қызыл кұлынның осылайша бір сәттік намыс, яғни қазақтың сүйекке біткен қасиеті — қонағына жалғыз тұяғын жығып беруге дайын тұратын қонақжайлығы кесірінен пышаққа ілінуі Сүгірдің білместігінен болады. Қызыл құлынның бауыздалғалы тұрғанынан хабар алған Сүгірдің әкесі жанұшыра ұлының үйіне жетеді. Бірақ кеш қалып: — Қап! — деп, санын бір-ақ соғады. Аққудай аппақ шал қара құстай қалбаңдап тұрып іштегі күйігін жеткізеді: «Оның бәрі мақұл ғой, құлынның етінің бұзылғанына күйінемін» – дейді. Айтса айтқандай, алдыға ас келгенде қонақтың бірі құлынның етінің іріп кеткендігін ескертеді. Оның сырын Сүгірге әкесі түсіндіреді. Жылқы баққан ел құлынды енесімен бірге айдап келіп, сойысқа шалатындығын әке аузынан естиміз. Енесін қимаған, жарық дүниемен қоштасатынын алдын-ала сезіп, шырқырап, жантәсілім жасайтын жануар жарықтықтың жар дегенде жалғыз төлі — жас құлынның жайрап түскенін, соңынан құлынынан айырылған көк биенің байыз таппай, сарнап, кісінеп, күндіз-түні төлін іздеген зары кісінің сай-сүйегін сырқырататындай көркемдік қуатпен, шынайы суреткерлікпен беріледі. [4; 18 б].
Анасын іздеп шұрқыраған, қолды-аяққа тұрмай сағынған қас-қағым сәттің өзі оның қанын қарайтып, етін күйдіреді. Мұны жылқыны жанына балаған, қанатына балаған қазақ қана сезіп, біле алған. Жылқы баласының бар қасиеті осында еді.
Ажалмен бетпе-бет жалғыз қалған жас төлдің үрейден талшықтай етінің тарам-тарам езіліп, іріп кеткендігін қаламгер шығармаға кездейсоқ кіргізбеген. Осының шын өмірде қалай болатындығын көзіміз көрген жоқ, ал енді мына контексте бұл сурет құлын трагедиясын шарықтау шегіне жеткізген. Көркемдік жүк көтеруі одан да биік. Ары қарай әке аузымен тағы да бір шындық айтылады. Ол «жылқы малының сырын бір адамдай мен де түсінемін» деген Сүгірге сұмдық нали тұрып: «Сенің «Бозінгеніңді» жүре тыңдайтынымды неге болжамайсың? Сен түліктің сырына шорқақсын. Күйіңде түйсік аз, өзіңде парасат аз», — деп кейіген сұс танытады. Сүгірдің аты шулы күйшілігінен оның тіршілік сырын, ер қанаты — тұлпар сырын түсінуінің төмен жатқаңдығын автор жасырмайды. Артық-кемімен көзге түсетін Сүгір табиғаты, күйші болмысы осынысымен қымбат көрінеді.
Қос құлынның ішінен сойысқа қызыл құлынды таңдағанының да кешірілмес білместік екендігін әке баласының бетіне тағы басады. Болашақ тұлпарды пышаққа қиғанын Сүгір сонда барып түсінеді. Оған әкенің төмендегі сөздері қамшыдан ауыр тиеді: «Бұл құлын құнанында қар» көк, дөненінде алқара көк болатын еді. Бестісінде тарлан ашып, жыл өткенде жүйрік боздың өзі боп шыға келетін еді. Бұның енесі қарабайыр да, атасы будан. Арғы атасы — арғымақ. Бұралған тірсегі атасына тартқан». Арғымақтай асыл «жылқы тегінің тапа-тал түсте біреуден емес, өз қолынан мерт болғандығы күйшінің өкініші мен қайғысын қоюлата түседі.
Бұл арада Сүгірдің ойына шешектен шетінеген тұңғыш перзентіне арнаған, бірақ иі қанбаған, пісуі жетпеген күй сарыны оралып, құлын тағдырынан туған өкініш өз қайғысымен тоғысады. Жазушы қүйшінің шығармашылық азабының шешілер тұсын осылай табады. «Телқоңыр» күйшінің тарам-тарам, тұңғиықтай терең, бірақ адам жанын елжірететін азалы, шерлі, шертпе күйге құйылып түскенде, Сүгір көкейінде осы өкініші де бой көтереді. Сол арқылы жазушы Сүгірдің жанындағы сезімдер қайшылығын, оның адамдық, өнерпаздық болмысының өзгеден бөлек ерекшелігін барынша терең, қең әрі сырға, сазға бөлей ашады.
Күйдің домбыраға түсу, өмірге келу сыры да қызық. Құлынын жоқтап, күннен-күнге жіңішкеріп, шөгіп бара жатқан көк биеге басқа төлді бауырына тартып, қанша телісе де, ене бие қатқан тоңдай ию бермей, қасарысып тұрып алады. Енді оны аман қалған қоңыр құлынға идірудің жалғыз жолы — күй құдіретінде жатқандығын Қаратау өңіріне атағы шыққан, алты қырқаның астындағы текті жылқыны дауысынан танитын ат сыншысы айтады. [5; 184 б].
Жаңа күй осылайша өмірге қеледі. Күйдің басталуын, бастапқы тарауларын, шарықтау шегін қаламгер ұзақ толғап, қағысты қайырып келеді де, соңын былайша түйіндейді: «Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Оның ссзімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де, тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс де, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын уаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне, қушанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. Тәйри-тәйри, тәйри-тай деген нәзік те ерке дыбыстар сағалықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлынына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітті, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде, көк бие қоса еңіреді. Артынша оқыранып, еміренді. Қоңыр құлынды иіскегенде жаудыр көзі жасқа толып кетті.
Бие иіді…
Күйші бусана балқыды… «
Бірнеше күндер бойы өзіне телінген қоңыр құлын, тепсініп, жанына жолатпаған көк бие құлағының түбінен Сүгірдің жаңа шығарған сазды күйі төгілгенде өзгеріп сала береді. Биенің қайғыдан қатып-семген емшегінің қалайша жібіп, бөтен құлынға бауырын тосқаны таңғалдырады. [6; 22 б].
«Телқоңыр» атанган күй құдіреті, осылайша ақыл иесі- адам түгілі, есті жануар жылқыныңда жан-жүрегін тербеп, енелік мейірімін оятқандығы терең әсер береді.
Қаламгердің суреткерлік шеберлігі де осы тұста танылады. Осының барлығын мөлдіреген сырға, жануардың шері мен мүңына бөлеп, бейнелеу, көркемдік түрғыда келісімге қол жеткізу – жазушының суреткерлік талантының белгісі. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Қош бол Гүлсары!» повесінде ат тағдыры мен адам тағдырының біте қайнасқан, ғажайып тарихы шертілген-ді. Ал Тәкен Әлімқұловтың мына әңгімесі де көркемдік қуаты шеберлік бітім-болмысы тұрғысынан сол рухтас туынды. Біз бұл жерде Танабай мен Сүгірді салыстырып, екеуін теңестіріп, екеуіне ортақ мінезді іздеп отырған жоқпыз. Ат, жылқы тағдырын сүреттеудегі, қаламгер қол жеткізген, сәтімен таба алған тереңдікті, таным-талғамды айтамыз. Қазақ күй өнерінің тарихында шертпе күйдің дүлдүлі, жалпы қазақ өнерінің сүйріктей сұлу тұлпары –Тәттімбет күйшінің орны бөлек. Нәзік, сыршыл сазымен, әсерлі әуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы «Сарыжайлау» әңгімесінде тартымды оқиғалар арнасында ашылады. [7; 157 б].
Тәттімбет тағдыры, ол өмір сүрген кезең шындығы ел өмірімен, табиғат көріністерімен сабақтас суреттеледі. Күйшінің сыртқы келбетін жүріс-тұрысын, күнделікті күйбең тіршілігін баяндаудан басталатын әңгіме желісі тереңдей келе енді. Тәттімбеттің күйшілік өнерінің қыр-сырынан, жеке өмір тағдырынан оқырманын мол хабардар етеді.
Асау жылқыны омыраудан алып ұрып тырп еткізбейтін, ат ойыннан алдына жан салдырмайтын шалымды, тарамыс Тәттімбеттің бұл күнде денесі толығыңқы. Дімкәс көкірек деміске, шермиген қарын бүлкілдеп, сүйкімсіз көрініспен шошытады.
Майлы асқа тәбеті тартпайды. Кысқа жіп құрмеуге келмей, тіршілік түйтпегімен ашуланса басына қаны теуіп, кұлағы шуылдап кетеді. Әу дегеннен Тәттімбетпен осылай жүздесеміз.
Тәттімбеттің кешегісі мен бүгінгісін қаламгер тегін салыстырып отырған жоқ. Күйші де ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде. Жер басып жүрген адам, көптің бірі. Автор әңгімесін осылай бастайды. Тәттімбеттің дертті шағы тегін айтылмаған. Күйші жүрегінің дауасы, тән мен жанның дерті тереңде жатқанын оқырман әңгіме соңында ғана барып ұғады.
Күйшінің ішкі жан дүниесін қаламгер ұзақтан қайырып, арна-арнамен, сатылап, бірте-бірте ашады. Ашқан сайын Тәттімбет тұлғасы ірілене, биіктей түседі. Күйші тағдырының күнгейі мен көлеңкесі, бақытты шақтары мен өкінішті кезеңдері көз алдымыздан өтеді.
Сарыарқа төсін сан ғасыр арманға бөлеп мекеңдеген қалың елдің тыныс-тіршілігін суреттеген тұстарда қаламгер құлашын кеңге сермейді. Тәттімбеттің бір қезендегі қайратты, қызығы мен қызуы мол өмір асуы артта қалса да, қүйші өнерге деген құштарынан жаңылмайды. Жер, су, тау, көл, орман, тоғай көрінісі тұтаса келе керіліп жатқан кербез даланың бар сұлулығы мен сәулетін көз алдымызға алып келеді. Авторлық баяндау әдісін, лирикалық шегіністерді, кейіпкердің «сана ағымын» қаламгер сәтімен, ұтымды пайдаланған. Осының барлығы тұтаса келіп Тәттімбеттің күллі қүйшілік бітім-болмысын іштен ашады. Жалпылама ашпайды, бейнелі, тартымды ашады.
Жылдың төрт мезгілін табиғи бояуымен дәл тауып, өрнектегенде қарапайым қазақ даласы көз тартып, қазақ сахарасы қалай құлпыратынын көреміз. Бірақ үзіндіге көз тоқтатайық: «Жер көктемде, ел жазда түлейді. Кәрі мен жасты теңестірген жомарт жазға не жетсін! Сары жаздың сәніндей Сарыжайлауда қымызға мас болып асыр салған бозбастардың ішінде Тәттімбет те өмір сүрді. Етегі бүрмелі ақ көйлек, белі қынамалы көк масаты, қызыл масаты бешпент киген қыздар, қара мақпал камзолды келіншектер айт күндері дүркірей қыдырғанда, мамырдың қырмызы гүліндей қүлпырып, қызыл-жасылданып, бал-бұл жанып тұратын сиқыр шақ Тәттімбеттің көз алдында!». Қаймағы бұзылмаған дәстүрдің, дала қызығының дүрілдеп тұрған шағындағы ел өмірінің суретін қаламгер кейінгі беттерде де сан қайталайды. [8; 179 б].
Қайталанған сайын өтіп кеткен өмір қызығы жаңа бір қырынан, бұрын айтылмаған тың қырынан көз тарта береді. Тәттімбет үшін қазақ даласының өтіп кеткен қызығының өзі аса қымбат, аса қадірлі. Енді осындай сұлу далада тәтті, бейбіт, мамыражай өмірмен қатар қатыгез, қаралы оқиғалардың да қатар жарыса орын тепкенін қаламгер айтып өтеді. Халық тағдырындағы тарихи белестер, ұлттық дамуымыздағы қиын-қыстау кезеңдер, барлығы ақын тағдырымен сабактасып жатады.
Соғыс, қырғын, қантөгіс, шетел шапқыншыларының қылышының астыңда қан қақсаған халық, азып-тозған, арып-ашқан ел, туған жердің бір сүйем топырағы үшін жан қиған қазақ батырларының тарихы да Тәттімбет ойы арқылы беріледі. Енді осының барлығы күйшіге әсер етеді. Толғандырады. Жан дүниесін қозғайды, тебірентеді. Жүректің түбінен бастау алған осы көңіл толқындары, енді киелі домбырадан күй болып төгіледі. Осы суреттерде оның аңғарылып отыратын ұлттық болмыс-бітімі, жан-дүниесі, арман-аңсары барлығы жиылып келгенде Тәттімбет күйшінің образын даралап, ірілендіріп көрсетеді.
1.2 Күй тарихы және өнерпаз психологиясы
Тәттімбеттің атақты «Қосбасар», «Сылқылдақ», «Сарьгжайлау» күйлерінің әрқайсысының өз тарихы бар. Өз тағдыры бар. Осы тарих пен тағдырға қаламгер терең бойлайды.
«Талай жиында топ жарып көзге түскен, жуандарды жырмен қағыткан, карапайым халықты күймен сусындаткан Тәттімбеттің досы да, дұшпаны да көп». Тәуелсіз дәулеті бар екенінің арқасында Тәттімбет еркін, бой бағып, бұлаңдап өседІ. Тік те шалқақ денесіне қонымды сәнді киім киініп «кербез бала» да атанады. [9; 37 б].
Тарихқа бай, ән мен жырдың құтты мекені болған, құнарлы өлке Қарқара төсінде өнер қуып, ой бағып, тұстастарынан ерте есейген Тәттімбет әр елдІ аралап, жер сұлуын көп көредІ. Ертеден ел аузында аңыз болған Көкшетау, Баянауылдарды, жер жаннаты Жетісуды көзбен көріп,көнілге тоқыған сәттер күйші көңілінде жатталып қалады.
Орынбор, Мәскеу, Петербор сияқты үлкен калаларға сапар шеккенде жол-жөнекей сыңсыған орманға, жайқалған шалғынға сүйсінеді. Таныс емес елдің, бұрын көрмеген жаңа жердің табиғаты өз сұлулығымен күйші жүрегіне от тастайды. Бірақ осының барлығы жиылып келгенде туған жердің табиғатына, ғажап суретіне тендесер дүние емес екендігіне күйші жүреғі сенеді. Осы тұста қаламгер: «Тәттімбет алаканның астынан қарап, жосалы жаққа көз тастады. Ақыраптың ақырамаш шуағы ойпаңда сағымданып алдамшы көлге айналып, көз ұшын бұлдыратып жіберді. Сары аурудың сандырағындай соңғы сағым толқынданып, күйшіге шәйі орамал бұлғады. Тәттімбет: «Қазақтың жаннаты жайлау екен ғой. Бұрын неғып байқамадым?!» — деп таңырқады. [10; 127 б].
…Құбыладағы қаз бауыр қоныр бұлттар қоюланып, біріне-бірі міңгесіп, түсін суыта бастапты. «Өкінішті өмір осы! — деді ТәттІмбет.
Ендігі тіршілігім мынау миқы-сиқы көлеңкеге, анау сүрланған бұлтқа ұксас. Қой, дүниеден көшпей турғанда Сарыжайлау тұралы күй шығарайын. Қазақтың ертегі-аңызын әуенге қосканша өз басымның кешкенІн сыр ғып шертейін»,- деген жолдар арқылы кең толғап, тереңнен тартып Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйіне келу жолын, осы жолдағы ішкі тебіреніс, күйшінің көңіл ауанын айна-қатесіз жеткізеді. «Сарыжайлау» күйінің өмірге келу тарихы осылай бастау алады. [11; 14 б].
Осындай жанның енді өнердегі жолы да буралаң, бұлтарысы қалың. Бүралаң болатын себебі қоғамы қатыгез, ортасы опасыз болды. Тәттімбетке опық жегізіп, бармағын шайнатқан кезендер шығармада кең қамтылады. Осының барлығын жазушы нақты оқиғаларды көлденең тарта отырып, соларды терең бейнелей отырып жеткізеді. Әсіресе, Сарыжайлау сияқты жер жаннатынан айырылған Тәттімбет ауылының іштегі шер болып қатқан азасы, жуан, өктемшіл төре әулетІне кеткен есесі күйші ойымен, күйшІ толғанысымен тартымды өрнектеледі.
Жуан ауылдың, төре тұқымының тізесі момын елге батқанда осыдан теперІш көріп, жаны күйзелгсн алдымен күйшІ Тәттімбет болды. Себебі ол ел еркесі еді . Тұтас бір ағайынды ауылдың бас көтерер серкесі, сойыл соғар жалғыз жанашыры еді. Қиянатшыл орта бірақ оған қарамады, мойын бұрғызбады. Осылай, бастаушысы Дуанбасы Қусбек болып, ақсүйектІк намыс үшІн кіжінген төренің иықтылары біртс-бірте Тәттімбеттің жеке басына жармасып, куйші журегіне жара салады. ЬІмырасыз жауыққан қиянатшыл орта осынысымен де токтамай, Тәттімбетті істі етуге дейін барады. Шабындығына таласып, малын тонайды.
«Сарыжайлау» күйінде ең алдымен Тәттімбет осы әлеуметтік әділсіздік, қоғамдық теңсіздік адамдар арасындағы тартыс шындығын арқау етеді. Есесі кеткен ел көпе-көрнеу қиянаттан қанаты қайырылған өнерпаз тағдырын күй сарыны, күй мақамы айна-катесіз жеткізеді.
Күйші азабы осымен аяқталмайды. Алдында Сарықызға ғашық болған күйші арманы Тәттімбетке күйік болып бір жабыскан. Төреден қараға қыз беруге тыйым салатың керітартпа ата салты, азат ойға құрсау болған қараңғылық күйшінің жолын кесті. Бақытсыз етті. Көз алдында, көңіл түкпіріне қонған тәтті арман қас-кағым сәтте сағымға айналды. Сүйгеніне қосьла алмаған Сарықыз да құсалықтан көз жұмды. Бұл да Тәттімбет жүрегіне жара салған бір кезең.
Өмірдің қия белінде осылайша күйші тағдыры сан кайтара сынға түседі. Бір тұста Тәттімбет былайша толғанады: «Тәттімбеттің көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтті. Жиырма жасында «Сылқылдақты» сылқылдатып, ақбоз жорғасына би билетіп, жандаралдан мақтау қағаз алғанда, одан бері азуы алты карыс аға сұлтан Құнанбайды басынып, әкесінің асына тасырлатып нөкермен барғанда, Карқаралы, Семейде талай азаматты тордан құткарғанда, жазықсыз жапа көрген жетім-жесірге болысқанда, ел ішінде қара кылды қақ жарар қазы атанғанда, күндердің күнінде кемшілікті ат төбеліндей төреден көрермін, самалды Сарыжайлаудан қуылам деп жорыған ба еді?». [12; 45 б].
Сарыжайлау тақырыбы — әңгіме ішінде сөз болатын барлық оқиғалардың түп қазығы. Күйші осындай жерорта жасына келгенде өзін терең тебіреніске түсірген, күндіз-түні ой-санасынан бір сәтке де кетпей койған толғақты күйін аса бір терең шабытпен дүниеге әкеледі. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй Тәттімбеттің көз алдына Сарыжайлау атты құтты мекеннің көрінісін бар бояуымен қайта тірілтеді’ — Қүтты мекеннің аясында армансыз өткен қызық так, бозбалалық, жігіттік кезең күйші жадында кайта жаңғырады. [13; 78 б].
Күйшінің сезінуінше, Сарыжайлауды сағынған сарын ересен күйлі, лепті болуға керек. Жүйріктей жүйткш, жорғадай тайпалатын ырғақтардан құралсын. Көңілдің көрікті әні құлақ құрышын қандырып, жүрек қылын шертерлік сиқыр сазға ұлассын. Түйсігі барлар түсінерлік шалкыған, сыңсыған арман тілі домбыраның шанағынан сайрасын. Осы талаптардың үдесінен шыға білген күйші болмысы шынайы.
Күй ырғағына ерекше екпін дарытып, сазды әуеннің ішіне бітімі бөлек, болмысы асыл мазмұн сыйғыза алған күйші дарынына, күйші талантына қаламгер кең тоқталады. Аса күрделі, теңіз тынысындай толқын-толқын құйылып келіп отыратын күй тарауларының әрқайсысының домбыра шегіне түсуінің өзін жазушы аса бір нәзік, оралымды тілмен оқырманына жеткізген. Күй сырын, күйші тағдырын терең түсінген автор «Сарыжайлау» күйінің тағылымды тарихын осылайша таратып, өте тартымды суреттейді.
Күй туар сәттегі күйші сезіміне, ішкі жан дүниесіне жазушы терең бойлайды. Жайшылықта әлденеше күнді ұғатын сыршыл, күрделі күй осылайша бір кеште дүниеге келеді. Күні бойғы сейіл, сүйсініс, күйініш, тарығыс, үміт, наз, нала домбыра тілінің түйсікшіл шежіресіне айналады. Тәттімбет күй шежіресін аяқтай алмай қатты күйзеледі. Күздің ұзақ түнін дөңбекшумен өткізеді. Баяғыдан бері шығарған күйлерін місе тұтпай осы күйге, «Сарыжайлауға» ынтығады. Бұған дейінгі көңіліне тоқ санап, өзіне жұбаныш етіп жүрген «төреге, тотайға, жорғаға арнаған күйлері — баянсыз дүниедей» көрінеді. Осыған дейінгі төккен күйлерінің бір төбе, ал мына жаратылысы дара, болмысы бөлек «Сарыжайлауы» бір төбе болатынына көзі жетпесе де көңіліне сенеді. Күй толғағының осылай ұзақ, созымды, титығына жеткен өнер дүниесі болғандығына Тәттімбет іштен сүйсінеді. [14; 50 б].
Бірақ күйшінің айызы әлі қанар емес. «Жайлаудың кеңдігімен, жаздың ұзақтығымен салыстырғанда күй әлі де келте жатыр. Тәттімбет: «Негізгі тарауды қайталар алдында тыңнан қыска бір тармақ қосу жөн екен», — деген байламға келді. [15; 96 б].
…Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлак қанбайтын, қанша кауышсаң мауқың басылмайтын оралым еді. Шерліге шаттық, шадымалға мүң бітіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші -«Кейінгілер нәшіне келтіре алар ма екен!»- деп күдіктенеді. Әңгіме соңын осылай аяқтағанда жазушы күйшінің ішінде айтылмай калған арман-мұң барын аңғартады.
Әлеуметтік әділетсіздік, қиянатжайлаған қоғамдық орта заман теперіші, барлығы күй астарында жатқанын қаламгер терең тебіреніспен жеткізеді. Тәттәмбеттің келер үрпаққа аманаттаған асыл, ардақты сәлеміндей сезілетін бір күйдің тарихы осылай сан-сала заман суретін тұтастай көз алдыңа әкеледі. Әңгіменің өте тартымды, әсерлі, оқырманын бірден баурап алатын сыры да осында жатыр.
«Сарыжайлау» эңгімесіндегі Сарыжайлау сөзі алдымен жер атауын білдіреді. Әңгімеде осы жердің, яғни қазақтың кең мағынадағы сары жайлауының, оның көз тоятын көрінісінің туған табиғат сұлулығының күйші домбырасына қалайша күй болып құйылғаны шығармашылық процесс деңгейінде суреттеледі. «Тәттімбеттің көзіне тағы да Сарыжайлау елестеді. Қанша жұтсаң да тойғызбайтын қоңыр самал, шалғайда ойнаған көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тәжікелескен жігіт-желең мен қыз-келіншек жүйрік көңілде сиқырлы суреттер туғызады. Тәттімбет «Дариға» деп тұншыға күрсінді»,- деп суреттейді күйшінің осы тұстағы сәтін. Осындағы қоңыр самал, кек сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тәжікелескен жігіт-желең мен қыз-келіншек — бәрі күйшінің өзі ойша тапқан, қиялмен ғана көрген өмір құбылыстары емес, оның өткен өмірінің кызықты, бақытты сәттерінің ажарына, сән-салтанаты мен қуаныш-шаттығына негіз, бесік болған, куә болған шындықшыл жайлар. [16; 37 б].
Ендігі тұста сол қоңыр самал, көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ сол қалпында көз алдынан, көңіл көзінен өткенде, оның осы сурет, осы көріністермен бірге, солардың аясында тапқан қуаныш -шаттығы, бақытты күйі еміс-еміс елес беріп, қайта ғайып болады. Күйші көңілін күрсінтіп, терең толғаныска салатын — осындай жайлар.
Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйінің тууы туралы нақты дерек те, аңыз да жоқ. Күйдің сазына байланысты аса дарынды сазгер, зерттеуші А.Жұбанов мынадай болжам айтады: «Күйде жаратылыстың небір әдемі суретін бейнелеу, сонымен катар сол әсем суретті көріп, үлкен эстетикалык рахат тауып тұрған адамның жал қылының үні бардай. Мүмкін бұл сурет кәдімгі өзіміз білетін жайлау болар деген де ойға келесін. Сылдырап ағып жатқан бұлақ, асыр салып асық ойнап жүрген балалар, косылып әндеткен қыздардың да үні бар. Күйде кешкі ауылдың баяу үнде берілген симфониясы, күндізгі күннің сәулесімен, енді, міне, адамның мұрнын жарғандай келіп тұрған көк орай шөптің иісі бардай …» [17; 29 б].
Жазушы «Сарыжайлау» әңгімесінде күй мазмұнындағы осы көріністерді кейіркерінің жан сырына бөлеп суреттейді. Көркем әдебиетте әдеби шығарманың арқауы ретінде неше түрлі өмір шындықтары пайдаланылатыны белгілі. Солардың ішінде белгілі оқиғалар, түрлі деректер, аңыз-әңгімелер, ән-өлеңдер, әдеби ескерткіштердің атқаратын қызметі аса маңызды.
Ал әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негізделуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немесе оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру — Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы.
Бұл мәселе кезінде І.Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты бірнеше поэзиялық шығармасында өзіндік шешімін тапқаны белгілі. [18; 174 б]. Ал осы прозада Т.Әлімқұлов бұл дәстүрді жалғастырып, оған жаңа бағыт, жаңа арна берді, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік үрдісті өзінше, жаңаша жалғастыра отырып, казақ прозасын, әсіресе, әңгіме жанрын тақырып, идея, образ жасау және стильдік тұрғыда жаңа көркемдік жетістіктермен байытты.
«Сарыжайлау» әңгімесін жазудан бұрын Тәттімбеттің көзі тірі немересі Шайхы деген қария мен хат жазысқанмын. Сексеннен асқан шалдың бір дәптер жазбасы — деректің куәлігіне барабар еді. Әңгіме жазарда менің «Сарыжайлау» күйін үйренуіме тура келді. Оны күйсандықта Ахмет Жұбановтан, домбырада Баймұқан Тоқтаровтан үйрендім. Неге? Меніңше, «күй әсем», «күй ғажап» деген тәрізді эпитет — мазмұнсыз желсөз! Мен күйдің ырғағын, суретін бейнелеуді ұнатамын», — дейді жазушы. [19; 39 б].
Жазушы өз әңгімесінің жазылу тарихы туралы құнды ойларын, қымбат суреткерлік сырларын айтып отыр Тәттімбеттің немересі Шайхы қарттың бір дәптер жазбасында жазушының өмір шындығынан өнер шындығын жасау процесіндегі толып жатқан шеберлік кырларын ашуға септігін тигізетін деректер жатуы анық.
Қаламгер ол дәптердің мазмұны жайында ашып айтпайды Қаламгсрдің суреткерлік даралығын аша түсуге кажетті деректер табылар ма деген оймен біз сол дәптердә көп іздедік. Өкінішке қарай, жазба дәптерді қолымызға түсІре алмадық. Дегенмен жазушының осы айтқан аз мәліметінің өзі анық суреткерлік тұрғысын шығармашылық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, едәуір анықтануға жол ашады.
Әдетте жазушы өзі суреттеп отырған шындық құбылысты тІкелей өз басынан өткеруі шарт емес. Жылқышы өмірін жазу үшін жылқы бағу, койшы өмірін жазу үшін қой бағу немесе өндірістің оқиғаларын суреттеу үшін станоктың басында тұру, көмір қазу қаламгер үшін міндет емес. Оқырман үшін ол маңызды емес. Окырман өмірдің шынайы бейнесін сезінуі керек. Т.Әлімқұлов осы талаптарды бірінші орынға кояды, яғни өз шығармасына өзек болар өмір шындықтарын терең зерттеп, толық зерделейді,тіпті т кейбІр құбылыстарды өз басынан өткергендей күй кешуге саналы түрде барады. Соның бәрі жазушының өзі суреттейтін өмІр құбылыстарын барынша жеткілікті, толық тануды міндет тұтқан суреткерлІк тұрғысының талаптары мен өлшемдерінен туындайды. «Күйдің ырғағын, суретін бейнелеуді ұнату» сырында да осындай талаптар мен өлшемдер жүйесі бар. [20; 154 б].
Т.Әлімқұловтың шығармашылық тәжірибесінде оған сурет өнерінің, архитектураның, музыканың терең ыкпалы болғанын аңғарамыз. Жазушы осы орайдағы тәжірибесін айта отырып: «Музыканы тындаушының құлағыңа қүйылуы үшін такт кайталанады. Прозада соған ұқсас детальдың кайталанатын шағы бар»,- деп жазады. [21; 86 б].
Автордың каламгерлік түрғысын таразылауда оның мына ойларынында танымдық маңызы жоғары. Бұдан жазушының музыка, саз өнерінің табиғатын терең таныған бай суреткерлік зердесІн аңғаруга болады. Жазушының суреткерлік түрғысы осылайша оның таным байлығымен, әдеби шығармаға өзек болатын өмір құбылыстарының тобын зерттеп, зерделеп тануға ұмтылған шығармашылық құштарлы күйімен сабақтасады.
«Сарыжайлаудың» екінші тарауы бірінші тарауынан гөрі созымды. «Саялы сахараның сауығы, думаны коңыр жел мен сары желдің аралас ұйытқуында ұласып, жарыскан ызындарға ерекше екпін бітірді. Ызыңдар бара-бара адамның дауысымен сөйлеуді шығарды». Қаламгер осылай «Сарыжайлау» күйінің тарау-тарау болып домбыраға түсуін күйшінің жан дүниесіндегі нәзік құбылыстарды суреттеу арқылы жеткІзедІ. Жазушы күйдің тууына негіз болған өмір қүбылыстарының тобын күйшінің өмірімен, оның жеке басының қуаныш-өкінішімен, рақат тапкан немесе сағьныштың сары уайымына салынған психологиялық сәттерімен тығыз байланыста суреттейді. Соның нәтижесінде әңгімеде күй мазмұны, күйдің туу процесі ғана емес, күйшінің шығармашылық ойлау даралығы мен шығармашылық еңбегінің ерекшелігі, сондай-ақ күйдің «ырғағы, сазы, суреті» де терең көрініс табады. [22; 83 б]. Мұның өзі автордың өнерпаз түлғасын жасап, оның мінезін даралаудағы суреткерлік түрғысынан туындап жаткан шығармашылық үлкен жетістігі әрі даралығы деуге лайықты шеберлік үлгісі болып табылады.
Қазақ халқының күй аңыздарының ішінде «Нар идірген» күйіне байланысты оқиға желісі ерекше назар аударады. Аңыз желісінің өзінде психологиялық тартыс, адамның мінез даралығы мен аңсар-арман ерекшелігі мейлінше айқын көрініс тапкан. Күй тарихы тұралы А.Жұбанов төмендегідей халық аңызын айтады: «Баяғыда бір шал мен оның жалғыз қызы болыпты. Олардың күн көретіні де жалғыз нар екен: Ішсе асы, мінсе көлігі. Күндердің күнінде сауып отырған түйесінің ботасы өліп қап, кызы мен әкесі ас-сусыз қалады, үйлерінде үнем жоқ, аштан өлуге айналады, шал не істерін білмей, қатты капаланады… Үйіне екі жолаушы кісі түсіпті. Келген ақсакал қарт кісі де, жанындағы жас жігіт те домбырашы болып шығады… Қарт домбырашы: «Қызыңды қисаң, нарыңды иітіп береміз»,- деген екен. Түйенің жанына барып тарта жөнелгенде, домбыра «қос-қос» деп сөйлеп қоя береді. Бір кезде қыз түйе емшегіне сүт келе бастағанын байқайды, бірак шалға тигісі келмеген ол сүті ағып кетпесін дел үрпісін саусағымен қысып ұстап тұрады. Қалай деп ымдаған қарияға ол сүт келген жоқ деп ымдайды, қыздың жауабын қабағынан ұқкан жігіт домбырасын алып енді ол тарта жөнеледі. Сол кезде сүт қысқан желінді қоя беріп еді, сүт көнекке сауылдап төгіле бастады. Отағасы өзінің берген уәдесін орындап, нарды иіткен жігітке қызын береді».[23; 215 б].
«Нар идірген» күйінің шыгу төркіні туралы осы аңызды шебер пайдалана отырып жазушы Т.Ахтанов терең, тартымды көркем туынды жасады. Қаламгер шьғармасында күй аңызының ежелгі желісі толық сақталған. Ондағы әр сәтті, психологиялық ахуалды суреткерлік зердемен пайымдап, күй аңызын к көркем шығармаға айналдырады. Күй аңызы мен күй сазын әдеби шығарманың мазмұны мен мәнін анықтайтындай, әрі оны күллі сюжеттік арқауды тұтастырып ұстап тұратын негізгі көркемдік арна ретінде суреткерлік мақсатта ұтымды пайдалануда Т.Әлімқұлов қол артқан көркемдік әдіс-тәсілдерді Т.Ахтанов та өзіндік қолтаңбасына орай сәтімен жүзеге асырып отырады.
Т.Ахтановтың алғашқы әңгімелерінің бірі «Күй аңызы» халық арасында кеңінен таралған «Нар идірген» күйінің аңызымен берілсе де, көркемдік шешімі тың да, терең. Халық аңызында күй және күй өнерінің нар идірген құдіреті, хас өнерпаздық шеберлік негізгі арна боп өрілсе, жазушы оның әлеуметтік астарын бірінші кезекте алға тартады. Аңызды романтикалық сарынынан арылтып, әлеуметтік, адамгершілік салмақ көтерген реалистік әңгіме дәрежесіне көтереді. Әңгімеде болған жерін тамсандырған керемет өнерпаздық құдырет қана суреттелмейді, сол жасы ұлғайып қалған өнер иесінің мұңы мен сыры да қоса көркем өрнектеледі. Не нәрсе де өз кезінде қымбат екен. Сусып өткен уақытты қанша бір құдырет иесі болсаң да, қайта қалпына келтіре алмайды екенсің.
«Күй аңызындағы» шеберлік — автордың тың көркемдік шешіміне орай туындайтын Естеміс күйші образының сонылығында. Табиғаттың, өмір-тіршіліктің тылсым сырларымен тілдесіп, оны құдіретті күй тіліне аудара білген хас өнерпаздың бойынан кім селкеулік іздеген. Шын өнерпаз – саф алтыннан құйылғандай бірегей тұлға. Халықтық ұғым да осыған ұйып сенген. Ал жазушы оны осы хас өнерпаздығымен бірге, өмір-тіршіліктің ағымында жүріңкіреп қалып, сөйтіп жасы елудің үстіне шыққанын да аңғармай қалған, бүгіндері көңілінің түкпірінде өзгелерге аша қоймайтын адамдық мұңы бар, жылы ошақтың басын аңсаған пенде бейнесінде де суреттейді. [24; 77 б]. Автор оны қасына көптен еріп жүрген жас серігіне сыр ғып білдіруі арқылы аша түседі.
«-Қарағым Оразымбет, маған ергеніңе жыл болып қалды. Құлағың сақ, қолың жүйрік жігітсің. Түбі жақсы күйші сен боларсың. Бірақ күйімді үлгі етсең де, менің өмірімді үлгі етпе. Жас елуге келді. Менің өмірім тұрлаусыз болып барады. Қанша ел көрсем де, жер көрсем де, қайтып оралар бір қазығым жоқ. Жар сүймей, бала сүймей кетіп барам. Енді бір айналғанша қарттық келеді. Нағыз от басының жылуын аңсайтын кез сонда болар.
Естемес ауыр күрсініп қойды. Оразымбет ұстазын аяп кетті. Қабағы кірбеңсіз, көңілі ашық көрінген ұстазын іштей кемірген зор уайым бар екен». [25; 49 б].
Аңыздық сарыннан арылтып, реалистік кейіпкерге айналған күйші бейнесінің адамдық мұңын, көңіл түкпіріндегі түйткілін жазушы әңгімеде шебер ашады. Туындыдағы ерекше байқалатын сипат – реалистік прозаға тән дәлелдеме күштілігі және бір жағдайдың екінші жағдайға ішкі дайындық жасап, табиғи дамуға мүмкіндік жасауы. Көкірек шерін хас шешенше қысқа да қайыра толғай жеткізген Естемес күйшінің басындағы жай келесі көрініспен табиғи байланысып тереңдей түседі. Ендігі бір сәтте жапан даладағы жүдеу жалғыз нардың көрінуі – іштей жадау тартып, жалғыздық күйін алыстан сезініп, мұның ақыры не болар екен деп алаңдаған қарт күйшінің көңіл әуенін толықтыра түссе, онан кейінгі жас серігі Оразымбетке белгісіз бір әуеннің қарт күйшінің қолымен кенеттен орындала бастауы – бір сәт билеп кеткен көңіл шындығының сыртқа тепсінген толқыны еді. Жазушы оқиға байланысын осылайша ширықтыра дамытады.
«Естемес домбыраның құлағын бұрап күйге келтіріп алып, машықты әуенмен қағып-қағып жіберді. Епті ұзын саусақтар пернені жоғарыдан төмен бірнеше қайтара жүгіріп өтті. Бірақ мұның бәрі жаттанды сарын еді. Аздан кейін күйші қолы күрмеліп қалғандай бір пернені басып, жалғыз шекті шерте берді. Белгісіз тың әуен дүниесінің табалдырығынан аттап өте алмай, қиналған түрі бар. Оразымбет те демін ішіне тартып, ұстазының дидарына ынтыға қарап қалған: жаңа бір күйі сарайының есігін ашқанша асыққан сабырсыздық бар өңінде. Ат жалынына еңкейіңкіреп барып Естемес ырғалып, кеудесін көтере беріп, тың күйді бастап кетті. Майда ырғақты, жұмсақ әуен бояуы оңып кеткен шүберектей күзгі қуқыл даланың үстінде қалықтай берді. Сәл бәсеңдеп барып домбыраның кеудесінен екі-үш ырғалып әрең суырылып көтерілді де, ар жағы мұңды сазға, майда ырғаққа ауысты. Көңілі жүдеу бишараны жұмсақ алақанымен маңдайын сипап, алыстағы бір болмашы үмітті нұсқағандай елес береді. Күй шым-шымдап ішке кіріп көңілді босатып, қабақ астында қатып қалған жасты жібітіп, енді бір кез майда рақат самалымен желпіп сергіткендей болады.
Оразымбет тарамыс денелі, қатқыл өңді, егде кісіден дәл осындай жүрек қылын шертетін нәзік күй шығады деп ойламап еді. Ол ұстазының бетіне қарап, оны жаңа көргендей болды. Терең әжімді, ашаң жүзіне жастық балғын нұр жүгіріп, кішілеу өткір көзі дымқыл тартып Естемес балқып тұр екен. Салалы ұзын саусағы буынсыз болып кеткендей жібектей майысып жыпылдап барады. Жаңағы бір сезімтал майда әуенді қайталап келіп, енді көтеріле бергенде өрге шыға алмағандай тайғанақтап күй сазы қайта шегінді. Тағы да бір-екі рет талпынып барып булығып қалды. Естемес ыза болғандай домбыраны қатты бір қақты да, бұрылып артындағы қоржынға салып қойды». [26; 31 б].
Тұтастай алғанда, осының барлығы әңгіме сюжетінің экспозиция қызметін атқарып тұр. Ботасы өліп, суалып кеткен нардың алпыс екі тамырына қан жүгіртер ұлы күйдің шығуы алдындағы дайындық. Аңыз желісі Т.Ахтанов қаламында осылайша терең психологиялық, реалистік әңгімеге айнала бастайды. Ішкі өкініш, жабырқау сезім, шал үйіндегі жас қыз Жаңылды көрген кездегі жылт еткен соңғы үміт ұшқыны, өзін де, қыздың әкесі шалды да елде жоқ қолқа салып, таңдандыра тәуекелге бел бууы — әңгімеде логикалық тұрғыдан барынша нанымды, жүйелі дамиды.
«Алғашқы ән», «Қызғаныш» әңгімелеріндей бұл туындысында да шығармашылық процесс, өнер иесінің ішкі толғанысы мен қиядағыны ілген шабытты шағы әсерлі, қызулы суреттеледі. Жалпы, жазушы өнер адамының психологиясын, оның ішкі тебіренісі мен өнердің дүниеге келу сәтін беруге жүйрік. «Күй аңызы» әңгімесіндегі автор тапқырлығы – қарт күйші Естеместің кеудесін жарып шығуға талпынған жаңа туындының алғашқы қиналысы мен тосын, тың әсерін қасындағы серігі, шәкірт күйшінің көзімен сипаттауы дер едік. Былайғы кезде аңғарыла бермейтін күй өнерінің эмоциялық қуаты шәкірт күйші қабылдауымен берілгенде, оның толғанысы, іштей бірлесе тебіренуі, домбыра шанағынан төгілген әуеннің әрбір қайырымын оқи білуі оқырманға бітімі бөлек өнердің ішкі сырын, қуатын жарқыратып ашады.
Әңгімеде Естемес күйшінің тосын қырынан көрінуі туралы Қ.Мұхамеджанов былай деп жазады: «Ахтанов әңгімесі сондай елден ерек өнерпазға емес, оның қартайсам да қыз құшсам деген астам дәмесіне мойын сұнбай, өз қатарына, өз қалауына қосылсам деген арман жолында күрескен қарапайым қыздың қайсарлығын жырлайды.
Қандай сұңғыла шешен болсын, қандай саңлақ талант болсын, қандай атағы асқан әкім болсын өз басындағы өткірлікті, өнерді, билікті өзгелерге өктемдік жасау жолында пайдаланса – адамгершілік алдында одан үлкен қиянат, одан асқан кесепаттық болмаса керек. Ахтанов жазған «Күй аңызы» осыны аңғартты». [27; 69 б].
Қ.Мұхамеджанов Естемес күйші басындағы астамдықты бірінші кезекке қойып, жас қыздың өз бақыты, өз теңі жолындағы қайсарлығын даралайды. Образ табиғатынан, логикасынан аңғарылатын дұрыс пайымдау. Сонымен қатар атақты өнерпаздың ішкі мұңы, жеңілісін де алдыңғы кезекке қою қажет тәрізді. Өнерімен халыққа қызмет жасағанмен, өкініші басым жеке өмір… Қайран, сусып өткен уақыт… Шығармадағы философиялық ойдың бір негізі Естемес күйшінің жеке тағдырымен байланысты көрінеді.
Өктемдіктің өзіне қарсылықты да тудырып жатуы да тіршілік заңы. Әңгімедегі сипат – кейіпкердің кейіпкерге сәулесін түсіруі. Естемес-Жаңыл қатысы осылайша дараланады. Қыз бойындағы ақылдылық пен тапқырлық, өз бақыты үшін күрес – Естеміс күйшінің бір сәтте бойын билеп алған астамшылық сезімге қарсылықтан туындайды. Қазақ әдебиетінде өз бақыты үшін күрескен қазақ қызының образы аз ба?! Әрқайсысы әр алуан жолмен өз бақытына, теңіне ұмтылған болар. Жаңыл бейнесінен де осы қысылтаяң сәтте өз теңін аңсаған, сол жолда тапқырлық пен батыл шешімге келген өмірге құштарлық байқалады.
Шағын әңгімедегі контраст, максимализм – туындының идеялық-эстетикалық мәнін тереңдеткен.
Әңгімедегі нар бейнесінде де терең символдық мағына бар. Аналық сезім – тумысы қан арқылы берілсе де, аруанада айрықша күшті. Өмір-тіршіліктің мықты тірегінің бірі – осы аналық сезім, аналық махаббат болар. «Аруана-бауыр дүние» деп ақын Т.Айбергеновтің қаламына іліккен жануардың туған топыраққа деген шексіз ынтызарлығы мен бауырынан өрген төліне деген ыстық ықыласы көптеген қаламгердің шығарма арқауына айналған.
Әңгіменің эстетикалық қуаты туралы жазушы Б.Мұқаев былай деп жазады: «Өнер – халықтікі. Қас өнерпаз төл өнерін қара басы қызығының бодауына шалмауға тиіс. Бір ғана пендеге қызмет еткен өнердің өрісі тар, болашағы тұл. Өнердің жасампаздығы – оның гуманистік болмысына тікелей тәуелді. Ескі жаңамен белдесіп береке таппайды. Ахтанов суреткер көп қазбалап жатпай-ақ осы бір шындықты тап басып көрсете білген. Өміршең «Нар идірген» астарлап айтқан асқар ойымен құнды» [28; 24 б].
Ән, күй өнерінің, құдыретті өнерпаз қуатының сюжет арқауына айналып, терең психологиялық-философиялық туындылардың жазылуы – ұлттық прозадағы дәстүр көрінісінің бірі. Дарынды жазушы Т.Әлімқұлов шығармашылығының бұл негізгі сипаттарының біріне айналды. Ғалым Қ.Әбдезұлы бұл жөнінде: «Ал әдеби шығарманың сюжеттік желісінің күйге, сазға негізделуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немесе оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы»,- деп қорытынды жасайды.
Қазақ жазушыларының дәстүрлі өнер тақырыбына шығарма жазуында, объектіге келуінде сабақтастық болуымен қатар, дүниетаным, суреткерлік мұрат пен шеберлік тұрғысынан бір-бірін қайталамай, қайта байыта түсетіні анық. Бұл туралы Қ.Әбдезұлы Т.Ахтанов әңгімесін Т.Әлімқұлов шығармашылығымен ұштастыра қарастырып, былай дейді:
«Нар идірген» күйінің шығу төркіні туралы осы аңызды шебер пайдалана отырып Т.Ахтанов терең, тартымды көркем туынды жасады. Жазушы шығармасында күй аңызының ежелгі желісі толық сақталған. Ондағы әр сәтті, психологиялық ахуалды суреткерлік зердемен пайымдап, күй аңызын келісті көркем шығармаға айналдырады. Күй аңызы мен күй сазын әдеби шығарманың мазмұны мен мәніне, әрі нәріне айналдыруда Т.Әлімқұловша асқан зергерлік, суреткерлік үлгі танытқан Т.Ахтановтың жазушылық шеберлігінде мін жоқ». [29; 64 б].
Әңгіменің жазылу тарихы туралы Т.Ахтанов былай дейді:
«Қай шығарма болса да бір түрткі керек. 1956 жылы «Күй аңызы» деген әңгіме жаздым. Мұның негізі халық аузында бар нәрсе. Ол былай: бір шалдың жалғыз нары ботасы өліп суалып қалыпты. Сол ауылға бір кәрі, бір жас екі күйші келе қалған екен, солар шалға «қызыңды берсең нарыңды идіріп береміз» депті. Осыған келісіп екеуі күй тартады. Қарт күйші өз өнерінің күшімен нарды идірген екен, бірақ қу қыз түйенің емшегін қысып тұрып, кезек жас күйшіге келгенде сауады да, соған тиеді. Бұл аңыз менің құлағымды онша елең еткізген жоқ.
Кейін санаторийде жүргенде бір жас қызды айналдырып жүрген сүр бойдақты көрдім. Байғұстың қанша ықыласы құласа да түйеге мінген адамдай, әлгі қызға жанаса алмай жүрді. Бір күні сол қыздың өзі қатарлас киномеханик жігітпен бірін-бірі қуып ойнап жүргенін көрдім. Ананың тіпті ыңғайы келмеуші еді, ал мына тең құрбы екеуі жараса қалыпты. Содан маған бір ой келіп, жас кезінде қызық қуалап үйленбей, енді жер ортасына жеткенде көңіл мінезі жарасатын жар сүйе алмай, заманын өткізіп алған өкінішті кәрі бойдақ туралы әңгіме жазғым келді. Бірақ ол әңгіме бірден жазыла қоймады. Сөйтіп жүргенде «Нар идірген» күйі туралы аңыз есіме қайта түсті. Енді ойлап қарасам, өнерімен адам тұрсын, хайуанатты тебірендірген қарт күйшінің халі — тым аянышты. Жас күйшіні қойшы, оның өмірі алда. Ал, мына сорлы өмір бойы ел кезіп, жұрттың көңілін жұбатып, шерін тарқатып жүрген, сонымен бар дәуренін өткізіп, қартайғанда қайтып оралар, қазығы жоқ жалғыз. Бойындағы бар асылын өзгеге беріп, төлеуіне еш нәрсе алмаған өнер адамының тағдыры. Жоғарыда айтылған оқиға түрткі болды да — ой қазығы табылып, аңыздың мағынасы ашылды. Сөйтіп әңгіме жазуға отырдым. (Ондағы адам аттары аңызда жоқ, ойдан шығардым). Әрине, қыз қарт күйшіні алдай алған жоқ, ол бәрін көрді, бәрін түсінді. «Аһ, заманым өтіп кеткен екен ғой» деген ой жүрегін қарып өтіп, «ар жағын сен тарт» деп домбыраны жас күйшіге береді». [30; 127 б].
Шағын әңгіменің әдеби процеске ықпалы туралы жазушы Ә.Кекілбаев былай деп жазады:
«…Дәл осындай кең қанат жайып келе жатқан ескі аңыздарды пайдалана отырып философиялық притчаға бой ұру тенденциясының да қайнар бастауында Т.Ахтановтың «Алыстан жеткен сарын», «Күй аңызы» сынды әсем әңгімелері жатқанын аңғару қиын емес». [31; 186 б].
2 КҮЙ САЗЫ, КҮЙШІ ӨНЕРІ ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ КӨЗҚАРАС
2.1 Т.Әлімқұловтың туындыларындағы күй сазына қатысты сюжеттік желілер және көркемдік шешім
Т.Әлімқұлов «Ақбоз ат» романында бірнеше сюжеттік желіні, тақырыптық арнаны катар дамыта отырып, күй сазына да оралып соғып отыратын. Сондай бір тұста сүймеген адамға қосақталып, сүйген жанынан еріксіз көз жазып, жат жұртта жүрген Гүлнаш туған-туысқандары сұранған соң «Бозінген» күйін тартады. Қаламгер осы эпизодты суреттеген тұста күйші сезімін бейнелеумен қатар кейіпкер тағдырын аша түсетін кейіпкерлер арасындағы тартысты ширықтыра, шарықтау шегіне жақындата түсетін бояуы қанық теңеулерді төгілтіп, оқырманын баурап алады. Бұл шығармада да осы көркемдік тәсіл бой көтеріп, жазушы, кейіпкер тағдырьш оқырманға төмендегідей жеткізеді: «Домбыра сыңқылдап, серпінді шабытпен бебеулейді. Туған жерден алыстаудың, анадан — бала, баладан ана айырылудың аянышты күйін шертеді. Жансыз ағашқа жан бітіп, тамыр байланғандай, он екі перне түгел иіп, ыңқылдап, сылқылдайды, безілдеп боздайды, күңіреніп сарнайды…» [32;73 б]. Күй арқылы Гүлнаш тағдыры көз алдымызға келеді.
Бұл жерде де күй, күйші, тыңдаушы жұрт бәрі қат-қабат суреттеледі. Жазушы күй сазын, күйші психологиясын, тыңдаушылардың жан жүйесін өзара сабақтас, өзектес суреттейді. Автор күй сазы арқылы ашылған шындықтан күйші тағдырын, тыңдаушы жұрт жанының сырын ұқтырады. Соның нәтижесінде шығарма, образдар жүйесі терең эмоциялық мазмұнға ие болады. екінші жағынан күй сазы арқылы орындаушы мен тыңдаушыны, жұртты күй тілімен сөйлестіріп, ұғыстыруға, олардың арасындагы өзара қатынасты күй сазы арқылы жүзеге асыратын. Бұл әрине, жазушы суреткерлігінің, шығарма поэтикасының ерекше табиғатын ашатын тәсіл еді. Т.Әлімқұловтың шығармаларында күй сазы, негзінен, осындай қызмет атқарады.
Әнес Сарайдың «Домбыра» әңгімесінде күй сазы, күйші өнерінің адамдар өміріндегі мәні мен маңызы, атқаратын қызметі автордың ұстанған шығармашылық тұрғысына сай ерекше сырлы таныммен таразыланады. Бұл жерде де күйдің қызығынан, тамашасынан әлеуметтік-эстетикалық қызметі, адамның ойы мен танымын, дүниеге көзқарасын байытушы, өзгертуші күші басым көрінеді. Жазушы сонымен қатар күйдің сазы мен күйші өнерінің кереметін Т.Әлімқұловша мөлдіретіп, үн мен ырғақтан, әр дыбыс дірілінен мән тапқан, сыр тапқан болмысымен ерекшелейді.
«Сары сыбызғы» әңгімесін Т.Әлімкұловтың табиғаты бөлек туындысы ретінде қабылдаған жөн. Тәкен Әлімқұлов — домбыраның адам жанын сан алуан сезімге бөлейтін құдіретті күмбірін, қобыздың сан ғасырлық шежірені тірілтетін сарынын, әннің естір құлаққа кұйқылжып төгілетін әуезін оқырманын таңдандыра, тамсандыра бейнелеп беретін қаламгер. Қобыз бен домбыра қазақ халқының тарихы мен тағдырында, тұрмысы мен салтында ерекше мәнді, мағыналы қызмет аткарғаны, атқаратыны белгілі. Халықтың өміріндегі неше алуан қилы кезеңдердің шындығы, жекелеген өнерпаздардың өміріндегі тар жол, тайғақ кешу оқиғалары… – бәрі де домбыра мен қобыз пернесіне көшіп, ел-жұртының жанын күй мен саз болып тербеген. [33; 187 б].
Соған орай сөз өнері мен өнерпаз туралы көркем шығармаларда домбыра мен қобызға ерекше көңіл бөлінеді.
Халық өнері арнасында шекті аспаптармен қатар үрме аспаптардың да орны ерекше екені ғылыми енбектерде кеңінен пайымдалған. Соған байланысты халықтың музыкалық мәдениеті туралы көркем шыгармаларда үрме аспаптар арқылы туған саз бен сазгердің өмір тарихына көңіл бөлетін мезгілде де жеткен еді.
Сұйық сарын бара-бара нәрлі әуезге айналып, дәмді наз, ащы нала жаудырды. Сырнайдың сыртылдауы, қобыздың аңырауы, домбыраның бебеулеуі тезге түсш шыққандай нәзік мүсінденіп, асатаяқтың уілдеуі мен шаңқобыздың ысқыруына ұласты»,- деп суреттейді. [34; 60 б].
Күрделі, көп қырлы живопись туындысына жағылған бояулар іспетті, осы күйдің кейінгі тараулары да сан алуан сөз бояуымен өзіне назар аударады. Әділін айтсақ, бұл әңгіменің бас кейіпкері жау жүрек жортуылшы Мәлке емес, сан ғасырлық дала шежіресін оқырманына жеткізген сиқырлы сыбызғы. Сыбызғы сырын терең ұққан қаламгер өзінің сүйікті тақырыбы — өнер тақырыбына тағы да бір төлтума туындысын әкеліп қосқан. Айналып келгенде бұл да өнер, өнерпаз тағдыры туралы толғау.
Қаламгер кейіпкер ой-толғанысын оқырманға жеткізуде үстірттікке, жаландыққа бой алдырмаған, әсіресе адамның көңіл-күйін өте нәзік, бар бояуымен, бар қыртыс-қатпарымен, қопарьш, қанықты, әсерлі жеткізуде үлкен шеберлік үлгісін көрсетеді.
Өнер қалай шексіз болса, таланттың шығармашылық мүмкіндігі де сондай шексіз. Қайталап айтсақ, сөздегі сурет, сезімдегі тереңдікке келгенде, Тәкен жаңылыс баспайды, төселген, машығын тапқан қаламгердің қарымынан ажырамайды. Оның әңгімелерінің бас-аяғының өте жинақы, ықшамды, жұмыр және тартымды келетіндігі ең алдымен оның суреткерлігіне байланысты. Көзі тірісінде ойға жүйрік, сөзге сараң Асқар Сүлейменов Тәкен туындыларын жыға таныса, талантты сыншы Төлеген Тоқбергенов «Тәкен қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс»,- деген пікір айтыпты. Бұл — жазушы талантына берілген әділ баға. [35; 188 б].
Қобыз — ғасырлар қойнауынан бізге, бүгінгі ұрпаққа, жоғалып қалмай, аман-есен жеткен, касиетті, киелі өнер аспабы. Оның қос ішегінен төгілетін күй сарынында күллі ата-бабаның, аттай желіп, желдей заулап өмірден озған сан буын ұрпақтың өмір-тағдыры, тарихы сақталған.
Көне заман шежіресін қайта тірілтіп, көз алдыңа қайта әкелетін киелі құдірет те қобызға дарыған. Халықтың, ұлттың бір заманда басынан өткізген қайғы-қасіретін де қобыз жеткізе алғандай бірде-бір басқа аспап орындай алмайды. Сондықтан да Тәкен Әлімқұлов өз шығармаларында қобыз, домбыра ішегінен төгілетін күй сарынына, күй тарихына, осы өнер аспаптарын еңірете, еміренте сөйлеткен күйші тағдырына жиі-жиі соғып отырады.
Жазушы «Қаралы қобыз» әңгімесіне Ықылас қобызшының өмір-тағдырының бір кезеңін арқау ете отырып, қобыздың қос ішегінен төгілген сарынның бірде мұңлы, бірде қайғылы сазына негіз болған өмір шындықтарының сырын ашады.
Жалпы Ықыластың «Ерден» күйіне байланысты аңыз-әңгіме де көп және оның тарихына байланысты әр түрлі болжам, ұсыныс-пікірлер де айтылын жүр. Бүгінгі күнге Ықылас арқылы жеткен «Қорқыт», «Қазан», «Шыңырау», «Ерден» секілді күйлердің тарихына байланысты зерттеуші, белгілі музыкатанушы ғалым Т.Қоңыратбаев өзіндік ғылыми тұжырымдамаларын ұсынады. Аталған күйлердің барлығы, ғалымның айтуы бойынша, оғыз дәуірінде дүниеге келген. Қорқыт есімімен байланыстырады. Ықылас осы күйлердің орындаушысы, музыкалық мұраны кейінгілерге жеткізуші өнерпаз ретінде ғана бағалануы дұрыс деп болжам айтады. [36; 111 б].
Қорқыт дүниеге әкелген, тартқан күйлердің шығу кезеңі шамамен IX—X ғасырларға телінуі ғалым ізденістерінің негізінде сараланады. Ал енді Ықыласқа байланысты тарихи деректерді нақты, дәл анықтап, оқырманға ұсыну мақсатын Т.Әлімқұлов өз шығармасында ұстанбаған.
Әңгімесінің басты мақсаты Ықыластың көркем бейнесін жасау, ол өмір сүрген қезеңнің әлеуметтік-қоғамдық сипатын суреттеу болғандықтан жазушы «Ерден» күйінің шығу тарихын күйшінің өзі өмір сүрген заманмен сабақтастырады. Бұл жерде Тәкенді тарихи деректі бұрмалады деп айыптауға негіз жоқ. Ықылас алдымен күйші, өзі шығарған және өзі орындаған күйлерінің бірсыпырасы тарихтаі белгілі. Халық арасына тереңдеп енген тарихи әңгімелер, аңыз-әңгімелер осыны растайды. Сонда Ықыластың тартып жүрген күйлерінің басқа нұсқаларын да ел арасынан кездестіруге болады. Солардың біразы Қорқыт есімімен байланыстырылуының да негізі бар.
Жалпы халықөнерінің бір түрі — ән, күй болып табылса, бұл жанрдағы көркем туындыларға да фольклорлық сипат тән. Ал фольклорлық шығармаларға әрдайым варианттылық, көп нүсқалық жақын.
Осы орайда ғалым-зерттеуші Р. Бердібаев халық әндері мен күйлерінің түрлі нұсқада кездесетіндігін, олардың көркемдік сипатына етене жақын жанрлық, құрылымдық тілдік ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып келеді де, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ескі күйлердің сыр-сипатына байланысты былайша ой түйеді: «Осы күнгі белгілі күйлердің замандар өте келе алғашқы нұсқасынан қаншалықты алыстап кеткеніне шүбә жоқ. Мәселен, «Ақсақ қүлан» күйінің сонау XIII ғасырда алғаш туған нұсқасы біздің заманымызға өзгеріссіз жетті деп ешкім де айта алмайды. Әрбір талантты орындаушы бұл күйді өз өңдеуінде жеткізген. Соның арқасында ғана ғажайып шығарма уақыт кеңістігінде жоғалып кетпей, ажарлана, өңделе, толыса сақталған… [37; 104 б].
Музыкалық шығармалардағы варианттылық дегенді жете түсінбей, керексіз талас туғызушылық та ұшырап отырады. Бір кезде Тәттімбеттің «Сарыжайлау» деген күйін кейбір қаламгерлер «Тоқа шығармасы» деп жазып келгені белгілі. Шындығында бұл арада кереғар пікір туарлық ештеңе жоқ. Өйткені Тәттімбеттің де, Тоқаның да өз «Сарыжайлаулары» бар. Сол секілді «Қосбасар» аталатын күйлер де аз емес. «Қосбасардың» ең таңдаулы, көркем үлгілерін Тәттімбет шығарған делінгенімен, кейінгі дарынды орындаушылар өз варианттарын қалыптастырғанын түсіну қиын емес… Тоқаның, Әбдінің, Аққыздың «Қосбасарлары» жөнінде де осыны айтуға болады. Бұл дәстүрді Мағауия Хамзин мен Төлеген Момбековтің «Қосбасарлары» жалғастыра түскен…» Тәкен Әлімқұлов суреттеген күйлер тек қана Ықылас есімімен байланысты айтылса, бұл жерде жазушы кателескен деп кінә таға алмаймыз. Демек, аталған күйлердің бір варианты, құнарлы, айтулы нұсқасы Ықылас қобызынан туған.
Күйлердің көп варианттылығына, олардың әрқайсысының көркемдік деңгейінің әркелкі болып келетіндігі негізінен күйші талантына, күйші дарынына тікелей байланысты екендігін атақты музыкатанушы-ғалым А.Жұбанов та баса көрсеткен. [38; 100 б].
Профессор А.Жұбановтың айтуынша, кей кездерде күйді шығарушының емес, күйді орындаушының таланты асып түсіп, шығарма енді орындаушының есімімен елге таралуы мүмкін деген тұжырым айтылады. Елге кеңінен жайылған «Байжұма» күйінің де көп варианты болғандығын көлденең тартады. Сонда осылардың ырғағы, құрылысы жағынан бір-бірінен алыстап кеткен шығармалар емес екендігі, бірақ солай бола тұра бұлардың әрқайсысының қайталанбас, өзіндік көркемдік бітімі бар екендігі ерекше көрсетіледі
Шығарманың көркемдік шепіімі тұрғысынан келсек, автордың әңгіме ішінде екі кейіпкерді жиынтық бейне ретінде ұсынуы сәтті орындалған. Ықылас күйші мен дуанбасы Ерден арасындағы қарым-қатынас, көзге көріне бермейтін астарлы, қат-қабат тартыс сипаты шығарманы ұстап тұрған негізгі көркемдік арқау. Бүл желіні жазушы арнайы кіргізген. Дуанбасы Ерден әрекеті, оның жан дүниесіндегі өзгерістер арқылы Ықылас күйінің көркемдік құны арта түседі.
Старшынға қол көтергендігі үшін абақтыға айдалған боздағын құтқаруға аттанған қобызшы шалдың Қараөткелге жол тартқан ұзақ сапарын суреттеу арқылы қаламгер тамыры тереңге кеткен әлеуметтік тартыстың желісін тартады. Қобызшы Ықыластың қайсар мінезі, қиянатшыл ортадан мұқалмаған жігері, аласармаған ар-намысы нақты оқиғалар арнасында көрініс табады. Жазушы ширыққан оқиғаны шырайлы баяндап қана қоймай, ымыраға келмейтін кереғар мінездердің арпалысқан айқасын да шебер суреттейді.
Тартыс, ол баста өнер иесі Ықылас пен елді билеп-төстеп үйренген, көрсоқыр, кеудемсоқ старшын арасында басталса да, аяғында қобызшы шалдың жас баласының тағдырына келіп соғады. Қамшысын ала ұмтылған старшынға қарсылық көрсетіп, әкеге араша түскен жас бала старшынның дуанбасыға түсірген арызының кесірінен абақтыға жабылады. Баланы құтқарса енді тек дуанбасы құтқарады.
Өнер иесі мен билік иесі арасындагы таным, тұрғы қайшылығы, болмыс-бітім даралығы көркем әдебиет туындысының, әдеби шығарманың ежелден бергі суреттеліп келе жатқан нысаны қатарына жатады. Тәкен Әлімқұлов өнер иесі мен билік иесі арасындағы таным мен тұрғы, мақсат пен мұрат қайшылығынан туған осындай тартысты шығармасының басты өзегіне, сюжеттік желісіне айналдыра отырып Ықыластың мінезін, таным байлығын, талант даралығын терең лиризммен бейнелейді.
Қобызшының мақсаты — дуанбасын өзіне қарату. Қазаққа абақты албасты апанынан да қорқынышты. Осы қорқыныш пен күдікке толы көңіл толқыны, қобызшы қасіреті кейінірек сұрапыл күй болып сыр шертеді. Осы күйді Ықылас дуанбасы Ерденге өзінің қара қобызы арқылы жеткізеді. Қаралы күй жаралы жүректің қайғы-касіретін жеткізіп біткенде, ешкімге мойын бұрмаған дуанбасы басын көтеріп, орнынан тұрып Ықыласқа пейіл білдіреді. «Баламды абақты азабынан құтқар», — дегеп сөзді қобызшы айтпайды қобыз айтады. [39; 14 б].Қобыздан төілген күй құдіреті қалайша қара тасты балқытып, тілсізге тіл, жансызға жан бітіретінін жазушы айшықты тілмен, өнер сырын, өнер құпиясын тереңнен тартып танытатын оқиғаларды суреткерлік сындарлықпен, зергерлік зердемен таңдап, талғап жинақтайды.
Ықыластың сол жақ шықшытында қобыздың дүмінен пайда болған шұңқыр бар-ды. Қобыздың дүмі қатты батып, сол шұңқыр бұл жолы тіптен тереңдеп бара жатты деп суреттеледі. Ашынған қобыз бірде тәтті, бірде ащы лебізді сапырып, шындықты өз күйінде жария етеді. Басыжұмыр пенденің азасы, мұңы, өкініші, үміті дүниеде теңдесі жоқ терең де бейнелі тілде сыр шертеді. Қаралы қобыз адамның дауысына салып жылайды, адамның дауысына салып көңіл айтады. Уһілеген, аһылаған, қамыққан, тарыққан әуенімен қаралы жандарды аяусыз әлдилейді. Қара қобыз Ықыластың өзін әлдилейді. Абақтыдағы ауру баласын әлдилейді.
«Осы араға келгенде Ықыластың көзінен жас шықты. Ыстық жас сорғалап, бурыл тартқан сақалдан тамшылап кетті. Ерден қосыла жылады.
Әйелдер де жылады. Бәрі іштей табысқандай үнсіз, ұзақ жылады…»- деп аяқтайды қаламгер осы сәттгі кейіпкерлер көңіл-күйінде, жан-дүниесінде өтіп жатқан сан қатпарлы сезім арпалыстарын, күй құдіретінен туындаған көріністердің барлығын жазушы сан түрлі бояу үндестігінен құлпырып шыға келетін тірі, жанды сурет полотносындай алдымызға алып келеді. [41; 123 б].
Қаралы қобыз сарыны осылай ұзақ созылып, тыңдаған жұрттың сай-сүйегін сырқыратқан, барлығының көкейіндегісін дөп басқан әуезімен тағы да басқа күйдегі арнаға бастап, діттеген жеріне жетіп тоқтайды. Күй аяғы қайтадан бел алып, қырланып, құлпырып шыға келеді де, енді өмірі жырын шертеді. Тіршілік заңын ұқтырады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екенін, айықпас дерт, жазылмайтын жара жоқ екенін жеткізеді. Бейне бір ыстық дауыл, жылы лебіз, Ерденді де, оның төңірегіндегілерді де жұбатқандай болады. Күй құдіреті осының барлығын бір бойына сыйдырады. Ықылас ертеңінен үміт күтеді. Болашаққа көз жүгіртеді. Ұрпақтан ұрпаққа өтііі, бүгінге жеткен күй сарынының тарихы мен тағдыры осылай түйінделеді.
Әңгіменің әлеуметтік астары да қалың. Ықыластың қаралы күйінің өмірге келуіне де әлеуметтік әділсітсіздік, елдің мүңы, қарапайым халық басындағы ауыртпалық, ауыр тұрмыс әсер еткен. Елді тас кенеше сорған, момынға тізесін батырған жуандардың қиянаты әшкереленеді.
«Қаралы қобыз» әңгімесіне арқау болған өмір құбылыстарының тобы Ықыластың «Ерден» күйінің мазмұнымен сабақтасады. Күйдің тууы туралы аңыз әңгімеде Ықыластың шағын ауылына бүкіл бір дуан елге бас болып тұрған Ерденнің адамдары зорльқ көрсетіп, жылқыларын барымталап алады. Барымта жасаушылардың жолын бөгеген Ықыласты дуанбасының шабармандары қамшыға жығып, балағаттап кетеді. Болған істің соңынан Ықылас дуанбасы Ерденнің өзіне барып, дауды соның алдында шешуге бекінеді де, қара қобызын алып жолға шығады. Жол үстінде келе жатып, Ықылас «Жалғыз аяқ» күйін шығарады. Қобызшы Ерденнің ауылына келгенде, оның сүйікті ұлы Аймелденің өліп, дуанбасының ауыр қайғыда екенін біледі. Ықылас Ерденге қайғысына ортақтасып көңіл айтып, қобызымен қаралы сазды күй тартады.
Күйдің сайсүйекті сырқыратқан қайғылы сазы үй ішіндегілердің көңілін босатып, онсыз да қайғы жамылып отырған жандардың көз жасын көлдей ағызады. Көңілдегі бір толқынды сыртқа лықсытып шығарған соң қобызшы аздап үнсіз қалады. Ерден қобызшыға қол ұшымен белгі беріп, күйін ары карай жалғастыра түсуін тілейді. Ықылас күйін ары карай жалғастырады. Ықылас осылайша қобызынан зар күйін төгііі, Ерденнің қасында біраз уақыт болып, қайтуға жиналады. Ерден Ықыластың өнеріне көңіліне разы болып, қобызшының қандай тілегі барын сұрайды. Сонда ғана Ыкылас шаруасын айтып, барымтаға түскен ел жылқысын қайтаруды өтінеді. Ерден қобызшының тілегін орындайды.
Ықыластың »Ерден» күйінің туу тарихы, оның тууына негіз болған өмір шындықтарының қысқаша мазмұны осындай. Осы оқиға желілерін әңгіменің сюжеттік желілерімен салыстырғанда, олардың өзара бір-бірімен үндесіп жатқаны белгілі болады. Жазушы өз тарапынан қосқан бір ғана желі бар. Ол — Ықыластың баласының Ерденнің шабармандарына қарсылық көрсетіп абақтыға жабылуы. Осы желіге байланысты әңгіменің негізгі оқиғалық нысанасы да өмір дерегімен жіксіз сабақтасқанда ерекше өң тауып, терең мән-мағынаға ие болады.
Т.Әлімқұловтың шығармасында Ықылас Ерденнен барымтада кеткен ел жылқысын қайтаруды емес, баласын абақтыдан шығаруды сұрайды. Бұл желіні әңгіме арқауына өз тарапынан қосқанда, автор Ерденнің баласы өлген қаралы, азалы күйі мен баласы қапасқа түсіп, жазықсыз жапа шегіп жатқан Ықыластың психологиялық жайын жақындастыруды, үндестіруді мақсат еткен. Сонын нәтижесінде шығармада Ықылас Ерденнің қайғысын жанмен ұғып, жүрекпен сезінетіндей ахуал қалыптасқан. Мұның өзі жазушы кейіпкерлерінің характеріне, оның ойы мен сезімінің әрбір толқынына шынайы сипат дарытады.
2.2 Өнер тақырыбы: дәстүр және жалғастық
Өнер дүлдүлі Ықыластың өмірі мен өнері, қобыз сазының тылсым сыры Ілия Жақановтың бірнеше новелласы мен «Ықылас» романында да көрініс тапты. Т.Әлімқұлов өз әңгімесінде Ықыластың өмірі мен өнер жолының бір ғана кезеңін, онда да бір сәттік шындығын алып, өнерпаз өмірінің ерекше бір қырын ашатын болса, I.Жақанов бұл тақырыпты одан ары карай дамытып қана қоймайды, сонымен қатар тереңдетеді де.
Әуелде қобызшы Ықылас өміріне арнап жазушы «Кертолғау», «Қобыз», «Шулайды Шудың қамысы» атты бірнеше новелла арнады. Оларда Ықыластың өмірінің түрлі кезеңдері түрлі тарихи жағдай, түрлі орта аясында суреттелген болатын. Олардың бірінде Ықыластың жастық шағы, бірінде жігіттік шағы, ал енді бірінде қартайып, қуаты қайта бастаған кезі суреттеледі. Жазушы Ықылас өмірінің қай кезеңін суреттеп отырғанда да қобызшының жан күйін, жанының шындығын, оның өмір шындығынан алған әсерінің өнер туындысына айналу сатыларын процесс күйінде жеткізуге күш салады.
Сонымен қатар қобызшының қоғамдық-әлеуметтік ортасына да көңіл бөледі. Жалпы, өнер иесінің өнері де, өмірі де қоғамдық ортамен, қауым өмірінің шындығымен тығыз байланысты болатыны анық. I.Жақанов та өз шығармаларының кейіпкері Ықылас қобызшының өмірі мен шығармашылық өнері туралы туындыларын осы тұрғыдан жасайды. Оның қырғыз манабы Шабденмен, қырғыз халкының асқан өнерпазы Күреңкеймен, кырғыз елімен қарым-қатынасын шығарма желісіне арқау еткенде, жазушы кейіпкерінің өмір кеңістігін кең ашып көрсетумен қатар оның өнер өрісін де танытуды мақсат еткені анық.
Жазушының аталған үш новелласы Ықылас өмірінің үш кезеңін көрсеткенмен, оның өмірі мен өнерінің өнегесін толық ашып бере алмағаны рас. Өмір жолы, өмір сүрген ортасы неше алуан оқиғаларға, тартысқа толы, соған орай өнері де тарау-тарау болып келетін, өнерімен өміршең шындығы танылып тұратын өнерпаздың тарихи тұлғасынан көркем образ жасау үлкен еңбекті, үлкен эпикалық толғанысты қажет ететінінде сөз жоқ.
Т.Әлімқұлов қобызшы өмірінің бір сәтін оның жан шындығына, жүрек сырына бөлеп, мейлінше әсерлі де әсем суретке айналдырғанда, І.Жақанов қобызшының бар саналы ғүмырын қамтып көрсетуге құлаш ұрады. Аталған үш новелла жазушының осы мақсат жолындағы алғашқы байқаулары, алғашкы ізденістері еді. Жазушының бұл байқаулары мен ізденістері нәтижесіз болған жоқ, бірте-бірте үлкен эпикалық түрге, романға ұласты.
Т.Әлімқұлов көтерген, үлкен суреткерлік қуатпен, терең лиризммен толғаған тақырып, осылайша, әңгіме, новелла көлемінен шығып, романға айналды. Ықылас қобызшының өмірі мен өнер жолы туралы үлкен эпикалық түр, талаптары мен заңдылықтарына сай көркем роман жазуға автордың көңілін бұрған факторлар қатарында түрлі жайлар болуы ғажап емес. Оның бастыларының бірі жазушының Ықылас өнерінің сазына терең мән беріп содан алған терең әсері болды десек қателеспейміз. Сонымен қатар Т.Әлімқұловтың жоғарыда аталған тың шеберлік үлгісіндей әңгімесінің де маңызын төмендетуге болмайды. І.Жақановтың Ықылас туралы көркем шығарма жазуына түрткі болған мәдени-әлеуметтік факторлардың қатарында Т.Әлімқұловтың «Қаралы қобызы» ерекше маңызды екенінде сөз жоқ. [42; 189 б].
Т.Әлімқұлов өз әңгімесінде Ықыластың шығармашылық өнерінің психологиясын ашуға ерекше мән беріп, назар аударатыны және бұл мақсатта үлкен көркемдік жетістіктерге қол жеткізгені дау тудырмайды. Өнер адамы туралы көркем шығарма үшін ең басты нәрсе — өнер туындысының жасалу, дүниеге келу процесін ашу. Өнер адамының өмірі мен өнер жолын бірлікте, сабақтастықта бейнелеп отыру қаламгерден биік суреткерлік талантты, шынайы көркемдік шеберлікті талап етеді. Осындай шығармашылық қасиеттерді бойына дарыта алмаған жазушы өз шығармаларында мақсат еткен үлкен-үлкен көркемдік жинақтаулар биігіне көтеріле алмас еді.
Ал өнер адамы туралы көркем шығармада өнер адамының қолма-қол ісін емес, оның шығармашылық өнерінің тамыр тартқан тереңін, шығармашылық ойлау даралығын, шығармашылық еңбегінің ерекшелігін суреттеу дәстүрі М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан басталатыны белгілі. Бұл туралы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері мен белгілі ғалымдар өз еңбектерінде дәлелді де оралымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Т.Әлімқұлов үшін де бұл дәстүр игі әсерін тигізгені анық. І.Жақанов та бұл дәстүрдің арнасынан табылады. І.Жақанов өз романында Ықыластың тұрмыс-тіршілігін, қолма-қол шаруашылық ісін қосалқы желі қатарында таратады да, басты желі, басты өзек етіп кейіпкерінің шығармашылық өмірін. өнерінің туу, жасалу тарихын, қабылдану процесін алады.
І.Жақанов Ықыластың өнеріне бесік болған, оның өнерінің ашылуына өріс болған ортаны суреттеуге ерекше көңіл аударады. Бала-әке-ата арасындағы күнделікті тіршіліктің өзегін өнер желісімен өрнектей отырып, жазушы Ықыластың өнерге, қобыз сарынына деген ықыласын оятқан шындық құбылыстарды суреттейді. Бала Ықылас атасы мен әкесінің күнделікті кәсібі үстінде айтатын түрлі әңгімелерінен, елтіп тартқан қобыз сарынынан Қорқыт туралы мол хабар алады, алып қана қоймай, Қорқыттың өміріне, оның күй сарынының мазмұны мен мағынасына терең бойлап өседі. Әкесінің немесе атасының тартқан қобызы баланың көңілін неше алуан сырға, неше түрлі сарынға бөлейді. Артына өлмейтін күй, өшпейтін сарын қалдырған Қорқьптың өнердегі өмірі бала Ықыластың қиялын билеген, көңіліін тербеген бір сиқырлы әлемге айналады. Жазушы кейіпкерінің өнер ортасын оның әкесі мен атасының деңгейінде бір көрсетіп алады да, оны бірте-бірте кеңейте береді. Кейінгі тұста бұл орта өз дәуірінің саңлақ күйшілерімен, шешендерімен, билерімен тоғыса түседі.
Ықылас әкесі мен атасынан қобыз жайлы, Қорқыт жайлы білгенін бірнеше бағытта дамыта береді. Қобыз сарынына елтіп, күй тартумен қатар ол қобыздың жасалуының барлық сатыларын игереді. Қандай ағашты қалай шабу керек, қалай балталау керек, қылын қалай тағып, қалай ысу керек, ақырында кобызды қалай сақтау керек, құлақ күйін қалай келтіру керек… — осылардың бәріне мән беріп, назар қойып, бала кезінен бойына сіңіріп өскен Ықылас қобызбен етене жаралғандай табысады.
Жазушы мұның бәрін бекерден-бекер суреттеп отырған жоқ. Қобыз шабу өлең шығару өнерінен еншісі бөлек, ерекше дүние, ерекше көркемдік әлем. Қобызшы қобыздың бар сырын, қалтарыс-бұлтарысын, бабын жете білгенде ғана көкейіндегі сарынды онымен қосыла өре алады. Басқаша айтқанда, қобызды тану, қобызды білу, ақырында қобызда күй тарту қобызшының өнерінің, оның шығармашылық еңбегінің әуелгі, бастапқы сатысы болып табылады. Сондықтан да жазушы Ықыластың өмірі мен өнері туралы роман жазып отырғанда, осы айтылған жайды Ықылас образын жасаудың, Ықылас мінезін қалыптастыру мен даралаудың басты, қажетті алғы шарты ретінде пайдаланады.
Мұның астарында үлкен суреткерлік талғам, жазушылык тұрғы бар. Осы талғам мен осы тұрғыға орай автор кейіпкерінің қобызбен табысу, қобыз сарынымен тұтасу жолының басын да оның өміріндегі ерекше бір маңызды, әсері бай өмір шындығымен сабақтастырады. Атасының өнеріне, кәсібіне, ықылас-мейірімінің шуағына малынып өсііі келе жатқан Ықылас кенеттен атасының талмаусырап құлаған, қиналған сәтіне куә болады. Тұрмыстың түрлі тауқыметін тартып, шаршаған, қажыған, қартайған атасына деген зор балалық махаббат Ықыласты қатты күйзеліске салады. Өмірінің саналы кезін қобыз сарынымен өткізген қарт талмаусырап жатып та сол сарынды іздеп, өлі мен тірінің арасында бір қиналысты күй кешіп жатады. Соны байқаған үйдегілер қобыз тартуды лайықты көреді.
Өмірдің ауыртпалығы, өтпелілігі, куанышы мен реніші қобыз үніне көшіп, тындаған жұртты неше түрлі сезімге, сілтідей тынған тыныштыққа бөлейді. Қобызды шалып, талмаусырап жатқан қарттың ұлы, тағатынан айрылып, қинальш отырған бала Ықыластың әкесі Дүкен еді. Әке сарынынан Ықылас «сібірлеп атып келе жатқан таң рауаны секілді шырын саз» сезінеді. Бірде оның көз алдында «тым-тырыс дала керіледі». Енді бірде бала қобыз үнінен «бозторғай шырылын естіп таң-тамаша болады».[43; 80 б].
Сөйтіп, бала Ықылас әке шалған қара қобыздың сарынымен бір «ұйыған тыныштықта тербеледі». Қобыз сарыны құбылып келіп, үзілерге жақындағанда, талықсып жатқан қартқа үн бітеді. Үй ішіндегілер енді қобызды Ықыласқа ұсынады. Қобыз Ықыластың қолына көшеді. Төрде талықсып жатқан қарт атасының жанын сақтап қалар бір күш болса, ол осы қобыз екенін сезген және соған сенген бала алдында ғана әке тартқан күй сарынын қайталап келіп, жаңа сазға көшеді. Жаңа сарын тұсында қиналған қарт көзін ашқандай, тірліктен хабар бергендей болады. Мұны байқаған қобызшы баланың сарыны енді «құйқылжып, құлпыра, түрлене төгіліп», өмірге құштарлық күйін, жарық дүниенің балдай тәтті шырын күйін бейнелеуге ойысады. Сонымен, сол күй сазымен бірге қарт ата да өмірге қайта келгендей болып, есін жинайды. Сол екі ортада көрші үйде толғақ қысып, толғатып жатқан келін де босанып, дүниеге шыр етіп ұл келеді. Ұрпақ жалғасады. Мәңгілік өмір көшін бейнелі тілмен көкейге құйған қобыз құдіреті де қатар бой көтереді.
Жазушы бұл жайларды да өз шығармасының оқиғалық желісіне байлап отырғанда, ілгерідегі суреткерлік тұрғысын жаңа биіктен танытады. Кейіпкерінің қобыз сарынына, күй өнеріне деген көзқарасын, дүниетанымын қалыптастырудың тиімді де әсерлі, ғибратты жолын табады.
Жазушы бас кейіпкерінің өмірінің өнер өнегесімен, өнерпаздар ғибратымен үнемі баю, жетілу үстінде болуын көздейді. Жәрмеңке тұсында Шөженің, Біржан салдың, Тәттімбеттің, Тоқаның және басқа өнерпаздардың өнерін тамашалаған Ықылас үлкен бір өнер мектебінен өткендей жанын байытып, өнерін өсіріп қайтады.
Өмірдің өз шындығына келгенде, Ықыластың өз алдындағы саңлақ өнерпаздар Тоқамен, Тәттімбетпен, Шөжемен, Күреңкеймен кездесуі тура осы жағдайда немесе осындай жагдайда өіті ме — оны кесіп айту қиын. Ал романның көркемдік әлемі үшін Ықыластың аталған өнерпаздармен кездесуі өмірде басқаша болуы айтарлықтай мәнді емес.
Кейіпкерінің өнерпаздық болмысын, дарын күшін, талант табиғатын, өнерінің тамыр тартқан тереңін көрсету — жазушы үшін ең басты мақсат. Өмір құбылыстарын, өмір шындықтарын өз туындысында осы мақсатына орай өзгертіп, толықтырьш, байытып, тиісті жерінде ойдан қосып, көркемдеп көмкеру роман табиғатына бай мазмұн береді, әрі кейіпкерінің жан дүниесін танытуға қызмет етеді. Мұны жазушының шығармашылық ізденісіндегі елеулі көркемдік жетістік, табыс, суреткерлік шешім деген орынды.
Романда Ықыластың жанын тербеткен өнер шындықтары, өз өнерінің азабы мен қуанышы кеңінен сипатталады. Жәрмеңкеге келген өнер сүйер көпшіліктің алдында қобыз тартьш, күй ойнаған Ықылас Шөже бастаған өнерлі қауымның үлкен ықыласына бөленеді. Қобызшы тартқан күй сарыны бүкіл жұртты тербейді. Ықылас өзі тартқан күйдің мазмұнын өзі ғана білмей, жалпы жұрттың да жете түсініп, терең тебіреніске түскеніне танданып, өз өнерінің құдірет-күшіне таңырқағандай күй кешеді.
Шөженің баға сөзі оны әсіресе қатты толқытады. Осыдан кейін-ақ жәрмеңкеге сатуға алып келген қобыздарына алушылар жан-жақтан ағылып, әкелі-балалы екі қобызшы алдарына біраз жылқы салады. Мұның да, айналып келгенде, қобыз бен қобыз сарынының құдіреті екендігін Ықылас іштен біліп, өз өнеріне есейген көзбен, жауапкершілікпен, құрметпен қарай бастайды. Қобыздан түскен табыс бұлардың ауыл-аумағы үшін олжа еді. Жоқшылық қолдарын байлап, өлместің күнін кешіп, не қабақтары ашылмай, не көңілдері жайланбай, ауыр тұрмыстың салмағынан жаншылып келген жандардың бір еңселерін көтеріп, жадырай бастаған шағы осы еді.
Бірақ әкелі-балалы екеудің қуаныштары ұзаққа бармайды: қобыздың кұнына келе жатқан үйір жылқы каптай шапқан қасқырлардың айдауына түсіп, жоқ болады. Ықыластың көңіліндегі қуаныш пен жұбаныш, үміт пен тілек… – бәрі де лезде ғайып болып, олардың орнын өкініш, мұң мен нала басады. Он екі жасар Ықыластың қобызынан «Қасқыр» күйі төгіледі.
Жазушы қобызшының күйінің тууына негіз болған өмір құбылыстарының тобын өнерпаз көңілінде толқытып, толқындатып отырып әсерлі бейнелейді. «Қоңыр», «Ерден», «Жезкиік», «Аққу», «Кертолғау» күйлерінің туу тарихы төңірегіндегі оқиғалар, бір-біріне жалғаса, ұласа келіп, шығарманың сюжеттік желісін түзеді. [44; 145 б]. Сол оқиғалар желісінің өзегінде Ықыластың өмірінің жастық кезеңінің шындықтары, оның шығармашылық еңбегінің, өнерінің психологиясы ашылады.
Т.Әлімкұлов «Қаралы қобыз» әңгімесінде Ықыластың «Ерден» күйінің шығу тарихына байланысты оқиғалар тобын баяндайтын болса, І.Жақанов қобызшының жастық, жігііттік өмірінің шындығы мен сазын толық көрсетеді. «Ерден» күйінің тарихы баяндалатын тұста екі жазушы арасында ортақ шығармашылық мәнер, суреткерлік ортақ машық бар. Олардың негізінде суреттелініп отырған өмір құбылыстарының тектестігі, бірізділігі жатқаны рас.
Сонымен бірге екі жазушының екі түрлі жанрдағы екі бөлек шығармалары арасында сюжет түзу, композиция құрау, сондай-ақ образ жасау мен мінез даралау аясында да үндестік, шығармашылық мәнер мен машық жақьндығы бары көзге түседі. Бұлай дегенде екі жазушының да өнерпаз бейнесін жасауда оның өнерінің тамыр тартқан тереңін ашуға ұмтылған шығармашылық тұрғысы, ортақ мақсатын арнайы айту парыз. Тақырыптың ортақтығы, шығармашылық тұрғы мен мақсаттың ортақтығы екі жазушы, екі шығарма арасындағы көркемдік бейнелеу құралдарын пайдаланудағы ортақ машық пен мәнердің желі тартуына негіз болған.
Ықылас өмірінің шындығын, оның өнерінің тұңғиық сырларын суреттей отырып, екі жазушы өзара ортақ мәнер, ортақ шығармашылық машық танытумен бірге кейбір тұстарда бір-бірінен дараланын, өмір құбылыстарын өз тұрғысы бойынша жинақтайтын ерекшеліктері де бар. Бұл орайда мынаны айтуға тура келеді: Т.Әлімқұлов Ықыластың өмірі мен өнерінің бір ғана сәтін, бір ғана кезін алады да, сол арқылы қобызшының шығармашылық өнерінің психологиясын неғұрлым толық ашып бермесе де оған тән басты ерекшелікті терең тебіреністі күйде жеткізуді мақсат тұтады.
Ал І.Жақанов Ықыластың басты музыкалық шығармаларын тұтас қамти отырып, оның шығармашылық өмірінің шындықтарын жан-жақты суреттеуді мұрат тұтады. Екінші жағынан, екі жазушының екі түрлі шығармасында Ықыластың бір ғана күйінің туу тарихы екі түрлі жағдайда, екі түрлі мезгіл аясында суреттеледі. Бұл айырмашылық «Ерден» күйінің туу тарихына байланысты оқиғаларды бейнелеу барысында көзге түседі.
Т.Әлімқұловтың шығармасында Ықыластың Ерден ауылына баруы Ықылас ауылымен, Ықыластың өз басының және баласының Ерденнің шабармандары мен атшабарларынан көрген зорлығымен байланысты. Ерденнің шабармандарына, атшабарларына, олардың зорлығына әкесіне ара түсіп жалаға ұшыраған, сөйтіп абақтыға жабылған Ықыластың баласына қол ұшын, көмегін беретін ешкім болмайды да, ақырында баласын жазықсыз жазадан арашалауға Ерденнің алдына Ықыластың өзі барады. Бұл шақта Ықылас үйлі-жайлы, балалы-шағалы болып, жігіт ағасы жасына жеткен. Түрмеге жазықсыз түсіп, жапа шегіп жатқан өз баласының күйігі Ерденнің кенеттен қаза болған баласының қайғысымен астасып, Ерденнің алдында ол «Ерден» күйін тартады.
І.Жақановтың романында «Ерден» күйінің тууына катысты басқа оқиға, басқа жағдай себеп болып, ол себеп Ерденнің баласының қазасына байланысты азалы күйге ұласады. Бұл шақта — жас жігіт, әкесі тірі, өзі әлі үйленіп, аяқтанбаған кез. Сөйтіп, Ықыластың бір күйінің тууына негіз болған жағдай мен мезгіл екі шығармада екі түрлі суреттеледі. Бұл жерде тарихи деректердің жүйесін қуып, қай жазушының нақты шындыққа жақындығын анықтау жазушылардың шығармашылық даралығын ажырату үшін аса маңызды емес.
Сәруардың әкесінің үйі болғандығында үлкен мән бар. Оны қаламгер былайша жеткізеді: «Бір кезде Қаратауды бөктерлеп өткен Сейтек Дәрменнің көз алдына келеді. Қашқынның жүдеу реңін аяп, шалымды жүріс-тұрысына сүйсінеді. Сәруардың әкесі қаншама сыйлады десек те, от басы, ошақ бұтына не жетсін. Заманынан қуғын көрген күйші сонау Орда өңіріне қалай жетті екен? Қатын-баласымен қалай кауышты екен? Кім білсін, өмірінің көбін қуғын-сүргінде өткізген Сейтектің жасымауына сүйген жары да себеп болған шығар. «Жүрмес ат, өтпес пышақ, жаман қатын — қартайтар осы үшеуі ер жігітті», — деп ертедегі қазақтар тауып айтқан. [45; 52 б]. Ал Сейтектің аты жүйрік, пышағы өткір, әйелі ақылды болғанын Дәрмен біледі». Қатып-семіп қалған тарихи деректерді жалаң баяндап беруден гөрі, осылайша сезімді тербейтін, ойды қозғайтын, өнерпаз тұлғасын асқақтата бейнелеуге бастайтын көркемдік өрнектер шығармаға сұлу ажар, көркем өрнек береді. Сейтек образының өте тартымды мүсінделуінің бір сыры осында.
Қаламгер басты кейіпкердің азаматтық тұлғасы мен адамшылық тіршілігін әдемі өріп шығарады. Қарапайым, бірақ кұнарлы тілмен, ордалы ойларды қамтып айтуға төселген автор Сейтек бейнесін тағы да тереңнен іштартып толғайды. Сәруар — Сейтекпен жүздескенде он атты жастағы бозбала. Осы оқиға Сәруардың кейіннен сұңғыла күйші болуына әсер еткен, өнерпаздың дарынын оятқан, қолтаңбасын қалыптастырған тағдыр сыйы болып баяндалады.
Оның ата тегінің Қаратау бауырынан қалайша қоныс тепкендігі туралы тарихи әңгімелерді, аңыздарды да қаламгер шығармасына кіргізген: «Қаратау, жарықтық, жалпақ қазақтың ежелгі бесігі ғой»,- дейді Дәрмен өзіне-өзі. -«Ақтабан шубырынды, Алқа көл сұламадан басталатын аянышты ахуал кімге таңсық? Олжаға көніпп, қанға құныққан шетелдік басқыншылардан тоз-тоз болған қара жаяу қазақ талай рет осы жерді паналаған».
«…Орманбет хан өліп, он сан ноғай бөлінгенде» сонау Еділ, Жайық бойынан үркіп шыққан қыруар алшын, жалпақ тама ойыса-ойыса келіп, осы жаққа ірге тепкен. Бүгінгі дауысы баршын тартқан, буындары сыртылдаған Сәруар шал сол — тамалардан. Қалың Қоңырат, сыңсыған Ысты, Сіргелі де ежелден осы өңірді мекендейді. Кенесарының жасауылдарынан жырылып қашқан Төре Төлеңгіт, Арқадан ауған ділмәр Тарақты, қойшы, не керек, кәрі таудың қойнауында тарихшылар үшін, сарқылмас сыр жатқандай». [46; 84 б].
Аңыз-әңгімелердің тарихилық, әлеуметтік мәніне, танымдық маңызына ғалым-зерттеуші, фольклорист С.Қасқабасов ауыз әдебиетінің үлгілерінін негізінде терең талдау жасайды. Әрбір мифтің, аңыздың табан тірейтін дерегі — бір кездегі тарихта болып өткен оқиғаларда жатқанын дәлелдейді. Терең ғылыми-зерттеу, тарихи-салыстырмалык әдіс барысында тұжырымдалған ғалым түйіндеулері халықтық прозаның бұған дейінгі белгісіздеу болып келген көптеген қырларын ашқан.
Халықгық шығармашылықтың ең кең тараған түрлерінің бірі — аңыз, әпсаналар, мифтер десек, бұл жырдағы көркемдік үлгілерді де жазушы өз шығармаларында ұтымды пайдаланады. «Сейтек сарыны» повесінде каламгер фольклордың әпсана, миф түрлеріне көп иек артпағанымен, халық арасында әлі күнге ұмытылмаған аңыздарды повеске орнымен, иін тауып кіргізіп отырады.
Айталық, атақты күйші Сүгірдің мекен еткен ата жұрты, кәрі Қаратау өңірінің тарихын таратып айту мақсатында жергілікті тұрғындардың бірнеше ұрпағы жатқа айтып келе жатқан аңыз-әңгімелерді жазушы сол күйінде көркемдік мақсатқа бағындырған. Ән-күйдің, жыр-дастанның, шешендік өнер мен айтыс өнерінің мәуелі кіндігі болған Қаратаудың терістігі мен түстігі осы аңыздар арқылы қайта тіріледі. Халық тарихы жаңаша бой көтереді. Жазушы осының барлығын кең толғап суреттейді. Осы құтты мекенді, қойнаулы тау-тасты зерттеп, оның әр сай, әр биігінің құшағындағы ел мен жер тарихын, халық тағдырының қилы шындықтарын жиып, жаттап өскен күйші Сәруардың Сейтекпен рухани табысуының тарихы да повесте арналы желі болып тартылған.
Бір қызығы күй перісі Сейтек мен мұндалап әу дегеннен төбе көрсетпейді. Шығарманың бел ортасына жеткен тұста ғана оның тағдырынан сыр тартып, күйлерінің күмбірлеген үні естіліп, ол повестің бүкіл жүйе-жүйесін бойлап тарала бастайды. Осы күйлердің тылсым құпиясын, құдіретті
сиқырын оқырманға там-тұмдап сараң, бірақ сазға бөлеп жеткізетін Сәруар шалдың мінез ерешелігі де терең сараланған. Оның аты шулы шертпе күйдің дүлдүлі, Қаратаудың күнгейі мен теріскейі түгіл, қалың қазаққа әйіілі Сүгір күйшінің біртуар, кесек образын дәл танытатынын шығарманың табысы деуге керек.
Тәкен Әлімқұловтың Сүгірді көруі, тілдесуі, оның күйшілігіне қанығуы, күйшінің күйімен, өзімен, өмірімен жете танысуы…- осының бәрі оны күй өнерінің мәні мен мағынасына, күйші мұратына тәнті етіп қана қойған жоқ, күй мен күйші өнері туралы терең толғаныстарға бастады, ал бұл толғаныстар ақырында, жазушыны күй өнері мен күйші тағдыры туралы көркем шығарма жазуға алып келді.
Сәруар күйшінің (повесть кейіпкері ретінде) бітім болмысын, мінез ерекшеліктерін оқшау қылықтарымен, тосын іс-әрекеттерімен бейнелеу арқылы, әсіре қызылсыз, табиғи тұрғыда сомдаған. Қыршаңқы, кірпияз, кейде тұйық, кейде тарпаң, ал көңіл-күйін тапсаң, күмбірлей жөнелетін кәрі тарлан Сәруар — тура домбыраның өзіндей тылсым түлға. » …Баяғыда жанып-сөнген жанар таудың шоқтығындай шөгіп қалған сарқынды шалдың іші қалтарысты».
Осы қалтарыс, қатпарымен, қызғылықты тағдырымен өзіне тартатын кейіпкердің енді жан дүниесіне бойлай отырып, қаламгер тағы бір тарихтың көзін ашады. Ол өткен замана шындығымен сабақтас, тамырлас, тарихтың тағылымы болып сыр шертеді. Әрбір күйдің өз тарихы болатыны сияқты, әрбір өнерпаздың өз тағдыры, өзіндік өнер соқпағы болатыны белгілі. Соның бірі — Сейтек тағдыры.
Жазушы Сәруар шал бейнесін жасау барысында осы тағдыр соқпағын тарих қойнауынан суыртпақтай отырып, қатпар-қатпар шындықтың тиегін ағытады. Оның Сейтекпен алғаш жүздесуі ұзақ, мәнді әңгіменің құлақ күйіндей әсер тастайды. Ары қарай қос күйшінің қатар тартылатын тағдыр жолы домбыраның қос ішегіндей сыр шертеді. Сейтектің Сахалиннен қашып шығуы, жолдағы азапты сапары, сан ғасырдың сырын бүккен қазақтың шалқар даласы, сарғая күткен сүйген жар, бала-шағаның сағынышы, осынын барлығы күй сазымен тоғыса, қосыла келіп, повестегі Сейтек тұлғасын жаңа қырынан, оның ішкі әлемінің қилы да қиын шындығы мен өткен өмір жолының азаптарын сабақтас өріп, қатар танытады. Сейтектің өзі сөйлемейді, ол туралы тарих сөйлейді.
Сейтек тағдырының тарихы ақыл ойымен өріледі. Дәрмен күйші туралы әр кезде оқыған, аңғарған деректерін ой елегінен өткізе бастайды. «Осы Сахаллиннен 1905 жылдың қаңтарында қашқан тұтқындар туралы Дәрмен әр кезде әр түрлі аңыздар естіген. Тиіп-қашып оқыған шығармалары да бар-ды. Соның ішінде Ахмет Жұбановтың орыс тілінде жазған «Ғасырлар пернесі» атты кітабы есінде қалыпты. Кітапта Сейтек жөнінен келтірілген соны деректер Дәрменді талай қызық қиялға шомдырған.
Енді Дәрмен Сейтектің темір торлы түрмеден қалай қашқанын көзбен көргендей болып отыр.
Енді сол ықылым жәйттердің бәрі көңілге оралғанда, Дәрменге Сейтектің тағдыры Сахалиннен түйіскен тоқсан тарау жолдың бір айрығындай әсер етеді. Бұл айрық көміліп калмай, жоғалып кетпей, қазақ сахарасына жалғасқан. Оның келесі іздері Нұсқабаев үшін тіпті қызықты болып бара жатқаңдай…» [47; 143 б].
Осылай Сейтек тағдыры өзінің тосын, қызғылықты тарихымен, бұралаң жолдарымен, арналы ағысымен бір қызықтырса, енді осындай өмір кешкен адамның күй өнеріндегі құдіреті де ақын қиялына қозғау салып, онын ойын оятады, сезімін тербетеді. Оның атышулы «Заман-ай» күйін Сәруар шалдың орындауыңда тыңдаған сәтте ақынның жан дүниесі бір құдіретті күштен жаңарып, мүлде жаңа мазмұнмен, жаңа сырмен жарқырап, жарық шашқандай күйге түседі. Өзінің осыған дейінгі күй тартысының болбыр, босаң, орашолақ екенін түсініп қынжылады. Күйдің шығарушысы Сейтек пен орындаушысы Сәруар шалдың өнерпаздық құдіретіне бас иеді. Осы тұста Дәрмен де Сейтек күйшінің сарынына сарыла қарап отырып, «көкірегіне күй орнатқандай ішкі дүниесін жайнатып, рухтандырар ғаламат эстетикалық, күй» табады.
Жалпы, Әуезов дәстүрінің даралығы мен өміршеңдігінің мәні неде деген сұраққа автор былай деп ой қорытындылайды:
«Сөйтіп Әуезов қазақ прозасын ересек, кексе әдебиет дәрежесінде бастағанмен жаңа оянған жас халықтың рухани балғын қасиетін – көтеріңкі романтизм мен таңғы шықтай мөлдір лирикасын, керек десеңіз шығыстың асқақ сөз бен нақышты суретке құмарлығын – бір бойына түгел сыйғызды. Бұл қасиет қазақ әдебиетінің рухани саламаттығына зор пайдасын тигізді және осылай келіп ескі мен жаңаның, халықтық қазына мен өнерлі озық әдебиеттің, шығыс пен батыстың құрыштай балқытып құйған ғажайып қоспасынан тамаша бір дәстүр кеп туды. Ол қазақ әдебиетіндегі, қала берді бүкіл совет әдебиетіндегі Әуезов дәстүрі. Бүгінгі қазақ прозасының сонау кездегі бастау бұлағы, қазіргі кең арнасының бірі де осы»,- дейді Т.Ахтанов. [48; 134 б].
Т.Ахтанов ой-толғамдарының негізінен өткен ғасырдың 50-жылдары жазылғанын ескерсек, Әуезов дәстүрінің жан-жақты зерттелуі қажеттілігі күні бүгінге дейін маңызын жоймағаны байқалады.
Қазақ әдебиеттану ғылымында М.Әуезов прозасының көркемдігі, жазушылық шеберлік мәселелері – сонау 50-жылдардан бастап ғылыми объектіге айналып, күрделі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақ прозасындағы Ф.Достоевский, Л.Толстойдай алып тұлға туындыларының бүгінгі көзқарас-таныммен ұштастыра әлі де зерттеле түсетін тұстары мол. Бұл ретте М.Әуезов тақырыбы – шексіз алып мұхит. Ал Әуезовтану тарихы — әлі қозғала қоймаған тың дүние.
Әдебиеттегі Әуезов дәстүрінің зерттелуі қажеттігі туралы академик М.Қаратаев былай дейді:
«М.Әуезов творчествосын ғылыми-философиялық, көркемдік зерттеудің тақырыптық, жанрлық, стильдік салалары сан алуан. Әрқайсысы әлі де шешуін күтіп тұрған қызық та күрделі проблема. Бұл алда тұрған міндеттің бір тарауы ғана. Екіншісі – Әуезов дәстүрі, Әуезов мектебі дейтін мәселе. Мұны бүгінге шейін мүлдем қол тимеген тың мәселе десе де болады. Олай дейтініміз: осы күнге дейін Әуезовтің келесі ұрпаққа ұстаздығы, қалдырған эстафетасы және әдеби процеске еткен ықпал-әсері жөнінде жалпы сөз болғанмен, нақты айқындап анықтаған келелі пікір жоқтың қасы. Әуезов дәстүрі кімнің творчествосына не жөнінен игі әсер етті, нендей тақырыпта, нендей жанрда, нендей стильде өркен жаюда деген сықылды сұрақтар ғылыми жауабын заңды түрде күтуде». [49; 90 б].
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы ән мен оның орындалу ерекшелігі былай бейнеленеді:
«Жастар тегіс телміре қарап, үн тыңдап қап еді. Аздан соң Қадырбай әндетіп кетті. Дауысында аса бір кең тыныс бар екен. Боздаған нардай үлкен толқын шығады. Жас шағында бұл ақынның ірі әнші болғаны сезіліп тұр. Бүгінгі сазында кешеден бері өзі айтқан «Көкейкесті» толғау бар. Арман салқыны келеді.
Жастарға қазіргі айтқан сөздері «Әз ағаның» тілек батасы сияқты. Жақсы балам, асыл інім, адам бол! Артыңа өнеге қалдыр! Қысылған халқың, қаумалаған қарындасың бауырыңнан пана табар бәйтерек болыңдар!» деп сөйледі.
Қоңыр кеште, осындай саналы бір сөз тартқан қарт ақынның әні де өзгеше болатын. Әсіресе, қайырмасы басқа. Ол Қадырбайдың көп жылдан бергі тауып алған, айнымас қайырмасы.
Күңірене толқып, нақыстап кеп, анда-санда: «Елім! Елім!.. Елім-ау-елім!»- деп қайырады. [50; 181 б].
Абай осы қайырмадан қатты әсер алды. Барлық үлкен тұлғалы Қадырбай сол бір қайырмадан танылғандай, өзінің асыл жүрегін анық ашқандай. Қасиетті ата, халық атасы боп биіктеп шығып, шарықтай түсті… Абайдың жүрегі алғысқа толы. Қарт ағаның әні тоқтағанда, жас жігіт сұп-сұр боп, қатты толқынып қалды. Осы халінен айыға алмай, Қадырбайдың жүзіне қадалып қапты. Тамағына лықсып кеп тұрған шер толқыны бар». [51; 284 б].
Т.Әлімқұловтың ән табиғаты мен әсері, оның орындаушысы туралы суреттеуі мен М.Әуезовтің суреттеуінен белгілі бір үндестікті байқауға болады: Ол, алдымен, ән ерекшелігін, ішкі иірімін ұғынудағы суреткерлік таным бірлігі іспетті. Қалықтаған ән ырғағын жанды күйде, образды суреттеу аңғарылады. Сахара кеңдігі мен мінезі, халықтық таным мен әсемдікті қабылдау даралығы ән табиғатына да елеулі ықпал жасаған. Ән әуенінен байқалатын сезім-күйлерін дәл тану мен нәзік те әсерлі жеткізу бар. Екі туындыда да ән жалаң суреттелмейді, оның орындаушысының психологиялық портреті, тыңдаушыларының ішкі ынтызарлығы мен әнді қабылдау үстіндегі толғанысы бірлікте беріледі.
Мұндай жақындық белгісі ұлы жазушыны Т.Әлімқұлов тарапынан қайталау емес. Бұл – дүниетаным туыстығы, суреткерлік қиял мен сол құбылысты эпикалық тыныспен бейнелеудегі жазу мәнерінің, бояуының жақындығы деп қабылдаймыз.
Ғалым Қ.Алпысбаев ұлы суреткердің «Абай жолы» эпопеясында ән құдіреті мен өнерпаз бейнесінің суреттелуі туралы: «Әуезов өнер құдыретінің адам зердесіне әсерін үлкен суреткерлікпен, психологиялық нәзіктікпен жеткізеді»,- дей келіп, «…Мұхтар Әуезов мектебінің жалпы қазақ әдебиетіне берген ұлағатты дәрісінің бірі осындай көріністерден байқалады. Халық санасына сіңіп, халық эстетикасының қайнар көзінен сүзіліп шыққан сұлулық, әсемдік категорияларының ұшқынын жазушының ән құдыретін айшықтайтын сәттерінен көптеп кездестіруге болады»,- деп қорытынды жасайды. [52; 35 б].
Былайғы тірлікте де үлкен эстетикалық қуатқа ие халықтық өнер түрлерінің көркем шығармада берілуі оның әсерлілік, әсемдік ықпалымен бірге образдың ішкі жан дүниесін, сезім-сырларын суреттеумен тығыз астасып жатуы — әдебиетте орныққан дәстүр. Бұл — М.Әуезов туындыларында шырқап биікке көтеріліп, тұтас көркемдік әлемге айналса, кейінгі буын қаламгерлердің шығармаларында да белгілі дәрежеде орын алады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Суреткерлік шеберлікте шек болмайды. Шынайы туындының тағдыры қандай тақырыпқа қалам тербегеніңе де тәуелді емес. Шын мәніндегі шығармашылық жолға түскен, осы жолға өзінің барлық өмірін, күш-қуатын тағдырын арнаған жанның алдында бір-ақ мақсат тұратыны ақиқат. Ол мақсат ең алдымен кез-келген қаламгердің суреткерлік шеберлік биігіне көтерілу мүмкіндігімен сабақтасып жатады. Ал енді әдебиет тарихына жүгінсек, бұл мүмкіндікке қол жеткізу, бұл биікке көтерілу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт екенін аңғарамыз.
Алыстан қол бұлғап, жақындағанда жалынан сипата бермейтін осынау сирек қаламгерлік бақытқа Тәкен Әлімқұлов көзі тірісінде қол жеткізді. Көзі тірісінде-ақ қазақ оқырманының назарын өзіне аударды. Суреткерлік тілімен, келісті көркемдік бояуымен өзіндік жазу стилімен көріне алған шығармалары бүгін де өз құнын жойған жоқ.
Талант қуаты осылайша жазушының алғашқы прозалық туындыларынан–ақ көріне бастады. Қаламгердің осының алдында поэзия жанры мен әдеби-сын, әдеби-зерттеу саласында біршама еңбек жазып, әр тарапты ізденіс арнасында да қалам тербеп жүргендігі зая кетпеді. Осы бағыттағы әдеби-эстетикалық ізденістер қаламгердің көркемдің таным аясын кеңейтті. Көркемдік салыстыру, әсіресе әр деңгейдегі қаламгерлердің шығармашылығына дендеп, оларды зерттей түсу мүмкіндігі суреткерлік-шеберлік құпиясының қыр-сырын тануға жол ашты. Танымдық-теориялық білімі де қаламгер үшін артық еткен жоқ. Жазушылық сапарында кәдесіне жарады.
Ұлы Абай поэзиясынан бастап, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов сынды суреткер қаламгердің шығармагерлік жолынан сыр тартып, олардың туындыларындағы көркемдік құндылықтардың қадір-қасиетін жеткізе жазып, енді соларды өзіне бағдар тұтқан жазушының өз шығармалары да үлкен шеберлік мектебіне өтіп келді. Ол мектеп – дәстүрлі қазақ поэзиясы мен дәстүрлі қазақ прозасынан нәр алды.
Тәкен Әлімқұлов кейінгі жылдары біржолата проза жанрына ат басын бұрғанның өзінде де ара-тұра әдебиет сынынының әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне орай өз ой-пікірлерін қағазға түсіріп, мерзімді басылым ретінде жариялап отырғандығы тегін емес. Осы тұста Абай Құнанбаев шығармашылығына қайта оралып, ұлы ойшыл ақынның поэзиясын тұтас қарастыратын, әсіресі Абай тудырған қасиетті қазақ өлеңінің көркемдің арныларының жаңаша, тосынна толғайтын ой-пікірлерін жинақтап «Жұмбақ жан» атты сүйікті туындыға айналдырды. Қаламгердің Абай шығармашылығын тереңдей зерттеген осынау сын-эссе, роман-зерттеу еңбегі әлі күнге дейін өз құндылығын төмендеткен жоқ. Мәңгілік жалғаса беретін Абайтану ғылымындағы Тәкен Әлімқұлов қалдырған қолтаңба бүгінгі күні де дара көрінеді десек қателеспейміз.
Тәкен Әлімкұлов өзімен замандас жазушылардың қатарында қалам тербеді. Бірақ оның басқалардан айырмашылығы жазған дүниелерінің ешқайсысы саясат жетегінде кетпеді, сондықтан бұл туындылар уақытынан озып, бүгінгі оқырманымен де табысып отыр.
Осындай, жаңаша талғам, шынайы тарихи-салыстырмалы арнада қайта жүйеленіп, қайта іріктеліп, зерттеу, саралау нәтижесінде тұтас шығармашылығы қайта жарқырап көрінген қазақ қаламгерінің бірі — Тәкен Әлімқұлов. Әсіресе, Тәкен шығармашылығының халықтық сипаты, ұлттық болмыс-бітімі, ұлттық бояу-бедері, ұлттық кейіпкер сомдаудағы суреткер қол жеткізе алған көркемдік амал-тәсілдер әр қырынан қарастырыла бастады. [53; 194 б].
60—80-жылдардағы қазақ прозасына зер салып қарап отырсақ, қазақ прозашылары өз шығармаларында ұлттық рухани байлығымыздың алатын арқауы — күй өнерін жасаушылардың өмір-тағдырына жиі-жиі оралып отырған. Күйші бейнесін көркем әдебиетімізде сомдаудың мән-мағынасын қазақ қаламгерлері терең түсінген.
Сонау алты алаштың ардақтылары Қоркыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Дәулеткерейдін, Тәттімбеттің, Абылдың, Сейтектің, берідегі Динаның, Сүгірдің, Төлегеннің, Әбікеннің, Дөнештің тағы да басқа күйшілердің образын бейнелеуге қазақ қаламгерлері халқымыздың осы бай дәстүрлі күй, күйшілік өнер тарихын терең танып, таразылап, ұзақ жылдар зерттеп барып ат басын тірегендігін аңғарамыз. Қазақ күйшілерінің қайшылықты тағдыры мен олар өмір кешкен заманның, әлеуметтік ортаның қыр-сырына терең бойлауды мақсат еткендерін байқаймыз. Осы мақсатта олар туралы халық жүрегінде, ел жадында сақталып қалған, болмаса аңыз-әңгімелердің. жыр-өлеңдердің, тағы басқа сол сияқты дәстүрлі халықтық мәдениетіміздің сирек үлгілерінің архауына жатқан әдеби, рухани нұсқалардың, барлығының қазақ прозасында ұтымды, шебер ең бастысы көркемдік тұрғыдан үлкен талғаммен, терең таныммен пайдаланылғанын пайымдаймыз.
Жалпы Тәкен Әлімқұлов қаламынан проза жанрында алпысқа жуық әңгіме, 7 повесть, 2 роман дүниеге келіпті. Жазушының прозашы ретінде көбірек танымал болғандығы да осы дүниелердің арқасы. Оның үстіне жарық көрген төрт поэтикалық жинақты қосамыз. Бұлар да қаламгер талантының бір қырын танытатын аса құнды көркем туындылар. Ал енді барша ақындардың ұстазы Абай жайынан жазылған «Жұмбақ жан» атты зерттеу — бітімі бөлек дүние. [54; 113 б].Үш кітабында бірнеше әдеби-сын мақалалары жинақталды. Санымен емес, сапасымен оқырманын елең еткізген бұл әдеби-эстетикалық талдаулар әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымында әлдеқашан өз орнын тауып, керек болса қазіргі әдебиеттану мәселелерін, қазіргі қазақ сөзінің қадір-қасиетін ажыратуға да қызмет жасап жатыр десек қателеспейміз. Очерк, аударма саласындағы елеулі еңбектері де қаламгердің сан қырлы талант иесі болғандығын танытады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Бердібаев Р. Кәусарбұлақ. А.: «Жазушы», 1989.- 328 б.
- Қоңыратбаев Т. Қобыз сарыны. Қорқыттың күйшілік мұрасы және оның тәлімдік тағылымы, Ұлағат, №3, 2003.
- Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. А.: «Жазушы, 1975.- 448 б.
- Қасқабасов С. Миф пен әпсапаның тарихилығы. Қазақ фольклорының тарихилығы. Алматы: Ғылым, 1993.- 328 б.
- Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. Зерттеулер мен мақалалар, портреттер.- Алматы: Ғылым, 2001.- 448 б.;
- Қирабаев С. Тәуелсіздік рухымен. Зерттеулер, мақалалар, естеліктер.- Астана: Фолиант, 2002.- 503 б.
- Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. Таңдамалы ғылыми зерттеулер.- Алматы: Ғылым, 2000.- 504 б.
- Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры.- Алматы: Жалын, 1997.- 368 б.; 9. Елеукенов Ш. Ғасырмен сырласу.- Астана: Елорда, 2004.- 480 б.
- Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу.- Астана: Күлтегін, 2002.- 528 б.;
- Нұрғали Р. Сырлы сөз. Әдеби сын, зерттеу. Бір томдық.- Алматы: Жазушы, 2000.- 400 б.
- Серғалиев М. Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі. Зерттеу.- Алматы: Қазақ университеті, 1998.- 107 б.
- Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім.- Алматы: Ғылым, 1991.- 208 б.
- Серікқалиұлы З. Алтын жамбы (Қазіргі көркемдік ой танымына көзқарас: талдау, толғаныстар).- Алматы: Өнер, 2001.- 160 б.;
- Серікқалиұлы З. Жандауа. Көркемдік ой танымына көзқарас: талдау, толғаныстар.- Астана: Елорда, 2004.- 400 б.
- Сыдықов Т. Өңінде тұлпар мінгендер (Қазақ сөз зергерлерінің шығармашылық портреттері). Жауапты редакторы С.Мақпырұлы.- Алматы: Арыс, 2004.- 320 б.;
- Сыдықов Т. Талант тағлымы. Зерттеулер, портреттер. Жауапты редакторы Мақпырұлы С.- Алматы: Арыс, 2005.- 248 б.
- Майтанов Б. Сөз сыны. Зерттеулер, мақалалар, портреттер.- Алматы: Ғылым, 2002.- 344 б.
- Майтанов Б. Суреттеу мен мінездеу.- Алматы: Қазақ университеті, 1991.- 46 б.
- Жұртбай Т. Бесігіңді аяла! Монография-эссе. Бас редакторы Р.Нұрғали.- Астана: Фолиант, 2003.- 503 б.
- Тұрысбек Р. Жүсіпбек Аймауытұлының әсемдік әлемі. Оқу құралы. Жауапты редакторы Бисенғали З.- Алматы: Қазақ университеті, 2003.- 320 б.
- Қалқабаева С. Әзілхан Нұршайықов прозасындағы адамгершілік ізденістер. Монография.- Алматы: Қазығұрт, 2004.- 168 б.
- Тайжанов Д. М.Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері. Оқу құралы.- Алматы, 1995.- 191 б.
- Тарақов Ә. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы: Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы. Жауапты редакторы С.Қирабаев.- Алматы: Қазақ университеті, 2004.- 342 б.
- Ахтанов Т. Көкейкесті.- Алматы: Жалын, 1980.- 360 б.
- Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын.- Алматы: Жазушы, 1977.- 300 б.
- Бекбергенов М. Ғабит Мүсіреповтің прозасы.- Алматы: Рауан, 1990.- 151 б.
- Нұрғалиев Р. Телағыс.- Алматы: Жазушы, 1986.- 440 б.
- Нұрпейісов Ә. Толғау. Әдеби портреттер.- Алматы: Жазушы, 1972.- 220
- Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі.- Алматы: Қазақ университеті, 2001.- 340 б.
- Қирабаев С. Шындық және шығарма.- Алматы: Жалын, 1981.- 252 б.
- Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар: Әдебиеттану, сын әлемі.- Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2003.- 336 б.
- Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Қысқаша очерк: жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы.- Алматы: Білім, 2003.- 224 б.
- Бердібаев Р. Дәстүр тағлымы.- Алматы: Жазушы, 1973.- 232 б.
- Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы.- Алматы: Ғылым, 1975.- 312 б.
- Нағметов А. Қазіргі повесть және көркемдік ізденіс.- Алматы: Ғылым, 1985, 155-б.
- Ыбырайымов Б. Көркемдік көкжиегі. Әдеби сын.- Алматы: Жазушы, 1981.- 264 б.
- Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность). – Алматы: Ғылым, 1998, 394 с.
- Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат. Ой-толғамдар.- Алматы: Жазушы, 1996.- 592 б.
- Қазақ әдебиетінің тарихы. Т.8. Кеңес дәуірі (1941-1956). Жалпы редакциясын басқарған – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі С.Қирабаев.- Алматы: ҚазАқпарат, 2004.- 520 б.
- Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: таным мен көркемдік.- Алматы: Ғылым, 1999.- 281 б.
- 40-50 және 60-жылдардағы қазақ әдебиеті. Жаңаша пайымдау. 2-кітап. Жауапты редакторы М.Базарбаев.- Алматы: Ғылым, 1998.- 400 б.
- Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. Лекциялар курсы.- Алматы: Қазақ университеті, 2002.- 311 б.
- Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы: Монография.- Астана: Елорда, 2003.- 422 б.
- Серікқалиев З. Ақ жол. Сын кітабы: мақалалар, зерттеулер.- Алматы: Жазушы, 1990.- 464 б.
- Елеукенов Ш. Ғасырмен сырласу.- Астана: Елорда, 2004.- 480 б.
- Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты.- Алматы: Ғылым, 2001.- 338 б.
- Уахатов Б. Көркемдік ізденістер.- Алматы: Жазушы, 1991.- 284 б.
- Мақпырұлы С. Қазына. Әдеби мақалалар, зерттеулер. Әдістеме.- Алматы: Арыс, 2004.- 320 б.
- Әбдезұлы Қ. Т.Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80-ші жылдардағы қазақ прозасы (дәстүр және жалғастық). Монография.- Алматы: Ғылым, 2001.- 270 б.
- Әбдезұлы Қ. Тәкен Әлімқұлов және қазақ прозасы.- Алматы: Арыс, 2006.- 174 б.