ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ — ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫСЫ
ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫ — ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕР
Алматы — 2011
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 4
1 КОНЦЕПТ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ . . . . . . . . . . . . . . 6
1.1 Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі . . . . . . . . . . . . . 6
1.2 Концептің құрылымдық ерекшелігі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 15
2 ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫ – ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕР . . . . 26
2.1 Қуаныш және қайғы концептілерінің мотивтері . . . . . . . . . . . . . . 26
2.2 Қуаныш және қайғы концептілерінің оппозициялық қатынасы . . . . . . 30
2.3 Қуаныш және қайғы концептілерінің парадигмалық қатынасы . . . . . . 36
2.4 Қуаныш және қайғы концептілерінің лексико-семантикалық өрісі . . . 47
2.5 Қуаныш және қайғы концептілерінің сөйлеу әрекетіндегі көрінісі . . . . 48
ҚОРЫТЫНДЫ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 51
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 53
КІРІСПЕ
ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап адамзаттың танымдық іс-әрекеті мен қызметін жан-жақты зерттеу көптеген ғылымдардың өзекті мәселесіне айналып, кең өріс алды.
Белгілі бір ұғымның адам санасында қалыптасуын, оның дамуын әр ұлтта сол ұғымның қабылдану ерекшелігін анықтауды бір ғана тіл біліміне артып қою дұрыс болмайды. Тілдің танымдық, бейнелілік, ғылыми, «әлемдік тұтастық» сипатын зерттеуді жеке тілдік деректер шырмауына байланбай, жалпы адамзат дүниетанымының тұрғысынан қарау шарт. Тілдің танымдық сипаты әр түрлі ғылымға ортақ мәселе. Қазіргі лингвистикада тілдің бұл мәселесін жалпы философиялық, психологиялық пайымдаулар арқылы шешуге ұмтылуда. Тіл табиғатын тану мақсатында психология, философия, логика, антропология т.б. алуан түрлі ғылым салалары ат салысып келе жатқаны белгілі. Алайда, тіл мәселелері – алдымен лингвистиканың өзекті нысаны. Сондықтан да осы мәселенің жұмбағын тек лингвистика мен когнитивтік лингвистика шеше алады.
Адам өмірі ешқашанда бір қалыпты болмайды. Адамзат өмірі – әрдайым бірін-бірі алмастырып қайталанып отыратын, бірақ ешқашанда бірі екіншісіне толықтай тең келмейтін күйлердің үзілмес тізбегі. Сондықтан да оның өмірінде қуанышы мен қайғысы ақ пен қара сияқты бірге араласып жүреді. Абай атамыз 34- қара сөзінде былай деген: « Кімде кім ахиретте де, дүние де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса мұсылман емес».
Адам өмірінің бәрін тек қайғыға батып немесе тек асыр салып қуаныштап өткізе алмайды. Қайғысы жоқ адамның болуы да мүмкін емес. Сол себепті де халқымыз «қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол» деп өсиет айтқан. Үнемі уайым-қайғыда болу ешкімнің де пешенесіне жазылмаған. Әрқашанда ауыр қайғыда болып, үнемі күлмей, зар жылап, өмірден түңілгенге жанымыз шыдай ала ды ма? Әрине де жоқ. «Гүл тікенмен бірге өсетіні сияқты қуаныш та қайғымен бірге жүреді» (Сайф Сараи). Адам өмірінде болатын бұл заңдылық тілде де жан-жақты өз көрінісін тапқан.
Сондықтан да қазақ тіліндегі «қуаныш» және «қайғы» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әлем туралы білім жүйесінің бір бөлігі болып табылатын концептілердің құрылымы – тіл білімінің күрделі де ауқымды мәселелерінің бірі. Қайғы және қуаныш адам өміріндегі күрделі эмоциялар болып, әлем бейнесінде әмбебап, яғни барлық халықтарға тән, барлығының басынан өтетін ортақ күй болғандықтан олардың себебін, мотивін түсіндіру, тілдегі көрінісін зерттеу, мән-мазмұнын ашу өзекті мәселе болып табылады. Өйткені ең бір ғажайып та, қыры мен сыры көп те құбылыстардың бірі болып адам ішкі табиғатында, жанында болып жатқан процестер есептеледі. Сондықтан да қуаныш пен қайғы сияқты адам өмірінде міндетті түрде кездесетін құбылыстар терең зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу объекті – әлемнің концептуалды бейнесінің бөлшегі болып табылатын адам танымында, тілдік жүйеде және көркем мәтінде орын тапқан көңіл-күйді білдіретін қуаныш және қайғы концептілері.
Зерттеу жұмысының пәні – қуаныш және қайғы концептілерін сипаттаудың лингвистикалық және экстралигвистиалық құралдары. Лингвистикалық құралдарға тілдік бірліктер (лексемалар, сөз тіркестері, фразеологизмдер) және сөйлеу бірліктері (мәтіндік парадигмалар) енген, ал экстралинвистикалық құралдарға фреймдер (белгілі бір жағдайға не оқиғаларға тән жадта сақталған ассоциациялар жиынтығы) және когнитивті модельдер енеді.
1 КОНЦЕПТ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1.1 Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі
Когнитивтік ғылымның аясы – адамзаттың зердесінде қалыптасқан символдық процестердің табиғатын ұғынуға саяды. Тіл білімі сөздігінде когнитивті лингвистика туралы мынадай түсінік берілген: «Когнитивтік лингвистика ( лат.cognitio– білім, түсінік, көзқарас) – тіл біліміндегі бағыт. Тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру үшін білім жинау, қолдану және оны түсіну моделін құру тұрғысынан зерттеледі. Когнитивтік лингвистика бұл модельді тек бүкіл когнитивті ғылымдар шеңберінде ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін, олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу тәсілдерін зерттейді. Екінші жағынан, бүгінгі тілдерді зерттеу интенция, ес, семантикалық қорытынды, есте сақтау, түсіну, жоспарлау, дискурсты басқару сияқты когнитивтік категориялардың қатысуынсыз мүмкін емес. Оларда тілдік, сенсорлық, моторлық және басқа информациялар қамтылады. Когнитивтік лингвистика – тіл көмегімен информацияларды беру, сақтау құрылымдары мен тәсілдері туралы көзқарастарды тереңдетуге арналған» [1, 181б].
Когнитивтік лингвистика нысандарының ерекшелігі: біріншіден, олар адамның психикалық, мәдени қызметінің негізінде жатады, олар инвариантты және көлемді, жеке сөз мағынасының өрісінен әлем бейнесіне дейін түрленеді, екіншіден, тілдік сипаттаудың өзіндік құралдарын иемденбейтін ерекше бейнелілік арқылы сипатталады.
Тілдің когнитивтік қыры ретінде тек адамның танымдық қабілетінен туындайтын мағынаны қалыптастырудың тетігі ғана емес, сонымен бірге адамзаттың сол ұғым мен білімді қалай қабылдайды және оны қалай тұжырымдайды деген мәселелер алға тартылуда. Мұндай объективті әрі субъективті факторлар белгілі бір халықтың әлемдік бейнесін қалыптастыруға маңызды күш салады.
Когнитивтік ғылымның басты назар аударатын негізгі ұғымдары – «әлем бейнесі» (картина мира), «әлемнің тілдік бейнесі» (языковая картина мира), «әлемнің ұлттық (тілдік) бейнесі» (национальная картина мира) және «әлем моделі» (образ мира) немесе когнитивтік модель (кейде «әлемнің концептуалды бейнесі» деп те аталады).
«Әлем бейнесі» термині ғылымға ХІХ ғасырдың аяғында еніп, физика, философия, логика ғылымдарында (Вингенштейн Л., Герц Г.), ал ХХ ғасырда антропология, семиотикада (В.Иванова, В. Топоров, Ю. Степанов, Гуревич) , лингвистикада (Л. Вайсгербер, Ю. Караулов, Г. Колшанский, В. Постовалова т.б.) қоданылды.
Ю. Степановтың көрсетуінше «әлем» сөзіндегі екі мағына (1.ғалам шар, әлемді жарату жүйесі және 2.тыныштық, келісім, тыныш өмір) ең алғашында байланысты болған: орыс тіліндегі «мир» сөзіне көне грек тіліндегі «хаосқа» қарсы қойылған «космос» сөзі сәйкес келеді. Қазіргі «әлем» концептінде осы екі ұғым да бірге қолданылады.
Әлем – адам мен қоршаған ортаның өзара әсерлесуінде көрініс табуы, ал әлем бейнесі – « адам мен орта туралы ақпараттың өңделген нәтижесі».
Тілшілер (Б.А.Серебреников, В.И.Постовалов, А.А.Уфимцева, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия т.б.) тілдегі адамзаттың рөлін айта отырып, әлем бейнесін адамның барлық рухани шығармашылығы, оның әлеммен байланысының нәтижесінде қалыптасқан «әлемнің глобальді бейнесі» деп анықтайды.
Әлем бейнесі дегеніміз – адамзатты қоршаған объективті шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүреді. «Әлем» концептіне кең мағына беріледі – Әлем – Вселенная, универсум (реалді әлем). Ол әрқашан да «ментальді әлеммен» өзара байланыста болады.
Ғалымдардың әлем бейнесіне берген анықтамаларына тоқталайық. В.М.Сергеев әлем бейнесінің қалыптасуындағы теория мен тәжірибенің өзара әсерлесуінің маңыздылығын атап өтеді: «Картина мира формируется в ходе познания окружающей действительности в результате сложного взаимодействия теории и практики» [2, 3б].
Э.Д.Сүлейменова оны танымдық когнитивті феномен ретінде таниды: «Картина мира – это познавательный когнитивный феномен, который не складывается из значений или суммы значений отдельных слов» [3,131б].
Тұманова: «Әлем бейнесі – жалпы адамзаттық әлем бейнесі, әлем туралы білімнің жиынтығы» [4, 20-22б] – деп ауқымды түрде түсінеді.
В.И.Постовалованың көрсетуінше, әлем образы әлем бейнесінің өзегі болып табылады: «Образ мира – это ядро картины мира, основа мировидения человека, репрезентирующего сущностные свойства мира в понимании ее носителей и являющегося результатом всей духовной активности человека» [5, 20-21б].
Әлем бейнесі – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар танымындағы, ұғымындағы оймен жасалған бейнесі.
Біздің әлем туралы білімімізді анығырақ бейнелейтін адамның дүниені тану құралы – тіл.
«Шындық немесе идеалды әлем затын бейнелейтін ұжымдық сананың кез-келген дискретті бірлігі тілде, ұлттық жадта вербальді белгіленген күйде сақталады» [6, 11б].
Н.Н. Аитова ғылыми еңбектерде «әлем бейнесі» «әлемнің тілдік бейнесінің» орнына қолданыла беретінін (мүмкін үнемдеу үшін) айтып, бұл екеуі екі түрлі ұғым болғандықтан ажыратып қолдану керектігін айтады: «Ғаламның тілдік бейнесі» термині философия мен логика аспектісінде Л.Витгенштейннің ұсынуымен қолданылған. Ал антропология, семиотикаға – лингвистикаға оны енгізген Л.Вайесгерберде ол «ғаламның тілдік құрылуы» (языковое миросозидание) – Sprach liches Weltbild деп аталады. Ғаламның тілдік құрылуы деп туған тілдегі барлық әрекет ететін бағытталған рухани энергия түсініледі, онда тілдік бірлестік арқылы ғаламның қайта құрылуы жүзеге асырылады» [7, 185б] (автор «әлем» сөзінің орнына «ғалам» сөзін қолданады).
Б.А.Серебреников: «Язык и мышление – две самостоятельные области, хотя и тесно между собою связанные» [5, 15-16б] – дей келіп, осыған орай екі түрлі, екі басқа «әлемдік бейне» танылатындығын айтады. Оның бірі – тұжырымдық бейне болса, екіншісі – тілдік бейне. Мұның біріншісі – ойлауға, ұғымға қатысты, ал екіншісі – тілге қатысты.
Әлемнің тілдік бейнесіне бейнелер емес, бейнеленгендер енеді. Ол субъективті тәжірибе жемісі. Осыған орай А.Вежбицкая әр тіл о бастан өз иелеріне белгілі бір әлем бейнесін беретіндігін айтады: «Нельзя на естественном языке описать «мир как он и есть»: язык изначально задает своим носителям определенную картину мира, причем каждый данный язык – свою…Языковое значение – это интерпретация мира человеком, и никакие операции над «сущностями реального мира» не приближают к пониманию того, как устроено это значение» [8, 5-6б].
И.А.Стернин әлем туралы білімді сол не басқа затқа қатысты білім жиынтығы деп түсінеді және әлем туралы білімді ғылыми тұрмыстық энциклопедиялық білім ретінде қарастырады. Оның ойынша, әлем туралы тілдік білім тілдік емес білімге қарсы тұрады. Тілдік білім сөз мағынасында дербес семантикалық компоненті ретінде көрінсе, тілдік емес білім сөз мағынасында қандай да бір компоненттерді жасайды. Тілдік емес білім адам санасында нақты, көрнекі, сезімдік түрде сақталады және жан-жануарлармен адамның ортақ ойлауының нәтижесі екенін айтады [9, 20-32б].
Е.М.Абақан «Тілдің мәдени философиясы» еңбегінде: «Тіл білімінде «әлемнің бейнесі», «әлемнің ұлттық бейнесі» сияқты термин ретінде қолданылып жүрген сөйлемдерде әлем бейнесінің жасалуы жеке адамға, я болмаса, бүкіл адамзатқа тән құбылыс ретінде қарастырылады. Оның когнитивтік (санаға қатысты), гносеологиялық (танымдық) сипаты адам ойында пайда болады. Бірақ «әлемнің тілдік бейнесі» қоршаған ортаның тікелей, тура бейнесі бола алмайды екен. Себебі, болмыс пен тіл арасында адамның санасы тұрады» [10, 75б],– деген пікір айтады.
Г.А.Брутян қоршаған орта туралы білімді әлемнің екі моделі ретінде сипаттайды: «Мыслительная модель» (концептуальная картина мира) – знание, зафиксированное в понятийном составе познающего субъекта; «языковая модель» – знание, выраженное языковым багажом» [11, 58б].
Сонымен, адамдар үшін дүниені танудың ең бірінші кілті – ұғымдық, сезімдік негіздерден бастау алған сана әрекеті. Сол себепті тілдік белгі – логикалық тұрғыдан екінші процесс.
Ойлау процесі – мида болатын құбылыс, сана әрекеті, ал тіл санадағы сол ойлау әрекеті «ұғым» түріндегі формаға енгізіледі. Демек, ойлау – логикалық категорияның өмірдегі көрінісі. Олардың өзара шартты түрдегі байланысынан ұғым қалыптасады. Басқаша айтқанда, ұғым айтылмақ болғанда, оған сөз таңбаланатынын туралы профессор А.Салқынбай былайша түсіндіреді: «Танылған іс зат не құбылыс адам санасында белгіленіп, ұғым болып бекіп, тілдік таңбаға айналады. Адамның табиғатқа еліктеп, табиғаттан үйренуі, оның тілінде мифосимволикалық бейнелер жүйесін қалыптастырады. Бұл таным ретінде тілде көрініс табады, сөз арқылы таңбаланады» [12, 86-87б]. Бұл айтылғандардан сана әрекетінің сөйлеу әрекетімен байланысын былай көрсетуге болады:
ОЙ ↔ҰҒЫМ↔ ТІЛ (СӨЗ)
Ұғымның пайда болуы да санадағы құбылыс. Ұғым айтылған ой арқылы ғана емес, көзбен көріп, қолмен ұстап, ұқсас қасиеттерін еске түсіріп, қиялмен елестетіп, ойша бейнелеп, формасын жасау арқылы да қалыптасады. Алғашқыда негізгі ұғымдардың пайда болуында көз қызметі ерекше орын алған. Онда ұғым пайда болуының негізінде объект – денотат тұрады. Ол – қозғаушы, сана әрекетін қоздырушы күш. Егер зат (құбылыс) болмаса оның санадағы сәулесі, яки бейне жоқ. Сондықтан да профессор А.Салқынбайдың: «Зат пен сөз мағынасы арасындағы сабақтас байланыстылық, біздіңше, ұғым арқылы жалғасады. Ұғымдық белгілер арқылы мағына жасалады. Табиғат пен әлем бейнесінің адам санасында бейнеленуі ұғымды қалыптастырады. Ұғым арқылы таңбаға мағына беріледі. Мағына ұғымның нақ өзі деуге де болмайды, оның абстракцияланған, ұқсатылған, ассоциацияға түсірілген бейнесі. Санадағы ой сөзбен тұлғаланғанда, белгілі мағынаға ие болғанда әр түрлі факторлар арқылы қалыптасады. Ондай факторлар:
1. Халықтың дүниетанымы.
2. Уақыт.
3. Танымның дамуы.
Яғни, белгілі уақыт аралығында дүниетанымның жетілуі мен дамуына сәйкес қалыптасатын халықтық дәстүр мен салт-санаға байланысты болатын ұғымның тілдегі таңбалық жүйеге түскен абстрактылы, ассоциативті бейнесі мағына болады» [12 , 58б]– деп көрсеткеніне қосыламыз.
Демек, ұғым – дүниетанымның санадағы бейне суреті. Сонымен ой мен тіл арасындағы бейне не ұғым тудыратын процесс когнитивтік ғылымның негізгі нысаны, тірегі тұжырымдық құрылым болып табылады. Оның басты мақсаты ой мен тіл арқылы қалыптасатын тұжырым қалыптастыру.
Ұғымдық бейне – ойлау жемісі. Ал дыбыстық бейне – сол ұғымдық бейненің материалдық көшірмесі. Бұл бейнелердің қай-қайсысы да заттың (денотаттық) өзі емес, оның негізгі образдық бейнесінің суреттері: ұғым санадағы сәуле арқылы салынған сурет болса, сөз – дыбыс арқылы салынған сурет. Тіл – табиғат пен адамзат аралығындағы сана арқылы болатын байланысты адамдардың өзара қарым- қатынасында бейнелейтін аралық құрал.
Әлемде өмір сүре отырып адам тек тілмен белгілі бір «құрал» ретінде ғана қамтамасыз етілмеген, «бірақ адам үшін жалпы әлем не екені осы тілде негізделген және онда сипатталады» [13, 512б]. Тіл бізге әлемді тануға мүмкіндік береді, « мұнда әр жеке адамның санасынан жоғары тұратын шындық көзге көрінерліктей болады» [13, 520б]. Және де тіл рөлі – адам мен әлем арасындағы аралықтағы үзбе (звено) рөлі емес, себебі онда адамның өмір сүруі (бытие) ғана жүзеге аспайды, «тілде әлем өзін- өзі бейнелейді» [13, 524б]. Осылайша тілде әлем өзін біз үшін бейнелейді және осы тіл аясында біз әлемтануға ие боламыз.
Әлемнің тілдік бейнесінің философиялық мәнін түсінуге арналған теориялық еңбектерде (Степанов Ю., Булигина Т.В., ШмелевА.Д., Караулова Ю.Н., Кубрякова Е.С., Арутюнова Н.Д.) әлемнің тілдік бейнесінің түрлі белгілері көрсетілген. Оның фундаментальді белгісінің бірі ретінде идиоэтникалық жүйесі аталады. Сонымен бірге ғаламның тілдік бейнесінің өзгергіштігі, тұрақсыздығы айтылады.
В.Б.Касевичтің ойынша, тілдік семантиканың құралдары арқылы кодталған әлем бейнесі уақыт өтісімен осы не өзге деңгейде реликтті, көне, қалдық болып есептеледі.
Ю.Д.Апресян: «Әр табиғи тіл әлемді қабылдау мен ұйымдастырудың (концептуализациялаудың) белгілі тәсілін көрсетеді. Онда көрініс тапқан мағыналар ортақ көзқарастар жүйесін, былайша айтқанда белгілі бір міндеттілік ретінде тіл иелеріне таңылатын ұжымдық философияны құрайды. Осы тілге тән шындықты концептуализациялау бір жағынан әмбебап, бір жағынан ұлттық ерекшеліктерге ие, сондықтан әр тіл иелері әлемді өзгеше, өз тілдерінің призмасы арқылы көруі мүмкін. Әлемнің тілдік бейнесі «аңғал», яғни «ғылыми» әлемнен өзгеше» [14, 350б] – дей отырып, тілде көрініс табатын аңғал түсініктердің қарапайым еместігін, тіпті көп жағдайда ғылымидан күрделірек және қызығырақ болатынын атап өтеді.
Әлемнің тілдік бейнесі бір-бірімен байланысты, бірақ өзгешеліктері бар екі идеяны қамтиды: 1) тілдің ұсынатын әлем бейнесі «ғылымидан» өзгеше (осы жерде сонымен қоса «әлемнің аңғал бейнесі» термині қолданылады) және 2) әр тіл шындықты бейнелейтін бейнені өзге тілдерден ерекше етіп, өзінше салады.
И.В.Черемысина әлемнің тілдік бейнесін былайша жіктейді:
1. Әмбебап және идиоэтникалық әлем бейнесі.
2. Әмбебап және идиоэтникалық әлем бейнесі материалды (шындық) және рухани (ментальді) әлем, эмперикалық және рационалды: кеңістіктік- уақыттық, реалды- қиялды, жерлік- аспандық, жалпы ұлттық-әлеуметтік салада шектеулі аймақтық, кәсіби т.б. әлемнің тілдік бейнелері қарама-қарсы қойылады.
Әлемнің тілдік бейнесі – көрсетілген тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі. Әлемнің тілдік бейнесі туралы ұғым В. Фон Гумбольдт және жаңа гумбольдтшылдықтың (Вайсгербер т.б.) тілдің ішкі формасы туралы айтылған ойларына қатысты және американдық этнолингвистиканың идеяларына, негізінен Сепир-Уорфтың лингвистикалық салыстырмалылық гипотезасына қатысты.
Э.Сепир мен Б.Уорф «адамзат әлемді өз ана тілінің призмасы арқылы көреді» деген гипотезаны ұсынады. Олар тілдер өз «әлемдік тілдік бейнесі» арқылы өзгешеленетінін көрсетеді. Олардың пайымдауынша түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың ойлау типі әр түрлі және де осының бәрі жай ғана тілмен байланысты ғана емес, оған себепті болады.
Б.А.Серебринников Сепир- Уорф гипотезасын сынап, әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыруда тіл өзіндік қысымы бар күшке иелене алмайтындығын айтады. Түрлі тілдер өз иелерінде түрлі әлемнің тілдік бейнесін құрайды деп айтуға болмайды, олар тек халықтың ұлттық мәдениеті мен өмір сүру салты, қызметінің ерекшелігімен анықталатын заттар, құбылыстар, процестердің мәнділігі себеп болатын ерекше «реңкті» үстейді деп көрсетеді.
В.Фон Гумбольдттың тілдік философиясы мен лингвистикалық теориясы – ХІХ ғасырдағы беделді лингвофилософиялық концепциялардың бірі екені сөзсіз. Гумбольдт тілді «рухтың тоқтаусыз жұмысы» деп сипаттады. Мұнда ол өз заманының философиялық терминологиясына сай, рух (Giest) деп бір мистикалық болмысты емес (көптеген оның интерпретаторлары көрсеткендей), қазіргі күнгі түсінік бойынша «когнитивті қабілеттілік» деп аталатынды түсінген болар.
Тіл мен ойлаудың бірлігі туралы ұстанымнан (положение) бірте-бірте әлем моделін қалыптастырудағы нақты тілдердің актив рөлі немесе «тілдік әлемді қабылдау» (языковое мировидение) деп Гумбольдт атаған ұстаным шығады. Егер тіл о бастан-ақ ойдың қалыптасуына қатысса, онда ой осыған сай тілдік сипаттан еркін бола алмайды. Әр тіл әлемді өзінше ерекше қайталанбас түрде концептуализациялағандықтан, әр тілде қалыптасқан, жасалған ойлар толықтай тепе-тең болмауы мүмкін. Бірақ осы ұстанымнан түрлі тілдерде сөйлейтін, ойлайтын адамдар арасында түсінбестік болады немесе олардың ойлары бір тілден екінші тілге аударылмайды деген түсінік туындамауы керек.
Нақты тілдерде бекітілген түрлі әлем модельдері – бұл түрлі болмыстан гөрі, «әлемнің ойға айналуының» жүзеге асыратын түрлі тәсілдер мен жолдар деу дұрысырақ. Гумбольдтың әйгілі ойын: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык, и трудно представить себе что-либо более тождественное» – деп айтқанын да осы тұрғыдан түсіну қажет [15, 89]. Яғни белгілі бір халықтың барлық болмысы, танымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ішкі әлемі, қоршаған ортамен қарым-қатынасы тіл арқылы ғана толықтай қою түрінде таныла алады.
Гумбольдтың «тілдік әлемді қабылдау» концептісін Вайсгербер екіге ажыратып қарастырады:
1. Аралық әлем
2. Әлемнің бейнесі.
Аралық әлем Вайсгербер бойынша, адамды шындықтың қабылдануын анықтайтын тілдік әрекеттің статистік (сандық) өнімін көрсетеді. Ол әлемді танушы субъект пен шынайы объект аралығында тұрғандықтан «аралық әлем» деп аталады. Ол концептуалды табиғатқа ие.
Көрсетілген аралық әлем категориясы когнитивтік ғылым мен жасанды интеллектінің маңызды ұғымы «әлем моделі» немесе «когнитивтік модельмен» тікелей қатысты болып табылады. Әлем моделі концептуалды табиғатқа ие. Оған осы не өзге формада (ойдағы бейнелер, фреймдер, сценарийлер немесе концепт-скрупттар, инсайттар, кестелер, семантикалық жад және тезаурус т.б.) субъектінің шындық туралы түсініктері, нақты деректер, оқиғалар туралы білімі тіркелетіндігі туралы А.Н.Баранов пен Д.О.Добровольский айтады [16, 457б].
Н.Н.Аитова әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі және адам санасының ара қатынас моделін былай көрсетеді:
А – объективті шындық – ғаламы;
В – адам санасы не аралық әлем (ғалам моделі), концептуалды ғалам бейнесі;
С – ғаламның тілдік бейнесі, концептуалды ғалам бейнесін белгілеуші және түсіндіруші;
Оның көрсетуінше, толықтай АВС қатынасы мүмкін дүниенің сана арқылы мүмкін болатын тілдік бейнесі ара қатынасын бейнелейді [7, 186б].
Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі – әр ұлттың өз тілі арқылы әлемді танудағы, оны қабылдаудағы ерекшелігі болып табылады.
Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі – идеографиялық құрылымдағы лексикалық жүйелер. Алайда әлемнің ұлттық тілдік бейнесі әлем туралы білімнің жиынтығы ретінде тек лексикада ғана емес, сонымен қатар фразеология мен грамматикада да көрініс табады. В.А.Маслова әлемнің тілдік бейнесі мен мәдениеті туралы айта отырып, осыларға мына көрсетілгендерді жатқызады: сөз, сөйлем, пайымдаудың ішкі формасы, сөздің мағыналық жағының өзгерісі, оның ауыспалы мағынада қолданылуы, сөздің эмоционалды жүгі , оның индивидуалды қолданылуындағы өзгешелігі [17, 35б].
Адам әлемі (оның ішкі әлемі, яғни рухани әлемі және сыртқы әлемі) біріншіден, ұлттық ерекшеліктерге ие, осы ерекшеліктер тілдің түрлі деңгейлері мен қызмет етуінде көрініс табады. Әлемнің тілдік бейнесі әлемнің ұлттық тілдік бейнесін бейнелейді және соңғысы түрлі деңгейлердегі тілдік бірліктер арқылы анықталуы да мүмкін. Ұлттық лексиканы әлемнің ұлттық тілдік бейнесі ретінде ұсыну екі түрлі арнамен байланысты. Бірінші арнада қоршаған ортадағы нақты заттар мен құбылыстардың атаулары жинақталатын болса, екінші арнада концепт атаулары шоғырланған. Әлемнің ұлттық бейнесін зерттей келе Г.Гачев оны «космо- психо- логос» деп атаған. Оған әсер ететін жағдайлар – табиғаттың типі, ұлттық мінез және ойлау ерекшеліктері және т.б.
Тіл этностың негізгі этнодифференциациялау белгісі ретінде этностың өмір сүруі процесі мен нәтижесі кезінде танитын шындық туралы объективті білімді қалыптастырып бекітеді. Тілді кез-келген этникалық мәдениттің ерекше бөлінбес бөлігі ретінде қарастыратын болсақ, онда сол тұрғыда ұлттық мәдениеттің ерекшелігі, оның өзге этностардан өзгешелігі көріне бастайды. Тіл мен мәдениеттің айырылмас байланысы туралы Гумбольдт былай деген : «Язык — тесно переплетен с духовным развитием человечества и сопутствует ему на каждой ступени его локального прогресса или регресса, отражая в себе каждую стадию культуры» [15, 69б].
Әлемнің концептуалды бейнесі (когнитивті модель) адамның саналы, танымдық әрекеттерінің нәтижесін бейнелейді; біздің шынайы өмірді, физикалық, химиялық әлем бейнесі және т.б. арнайы бағытталған әлем бейнесін жалпылай көрсетеді. Әлемнің концептуалды бейнесі ойлау заңдары арқылы ұйымдастырылады.
Әлемнің концептуалды бейнесі ретінде қоршаған орта туралы білім күйінде көрінетін концептілер түсініледі. Шындық туралы ақпараттың өзгеруінің әсерінен әлемнің концептуалды бейнесі әрдайым жаңарып тұрады, яғни динамикалық түрде жасалынады. Оның қалыптасуында ойлаудың көрнекі, бейнелі, тәжірибелік, ізденушілік, адвербалды- ұғымдық түрлері қатысады. Осыған байланысты әлемнің тілдік бейнесі ұғымына қарағанда әлемнің концептуалды бейнесі ұғымы күрделірек, бай, кең. Сондықтан әлемнің концептуалды бейнесіне қарағанда әлемнің тілдік алғашқы болады және оны (ӘКБ) қалыптастырады, себебі адам әлем мен өзін-өзі тіл арқылы ғана тани алады.
Әлемнің концептуалды бейнесі түрлі адамдарда ортақ болуы мүмкін, себебі адамзаттың ойлауы ортақ.
«Концептуальная картина мира – это идеальное динамическое образование, основу которого создает не только вербальная, но и вся чувственная, вся предметно- позновательная действительность знаковым образом» [4, 20б].
Г.Гиздатовтың тұжырымынша: «Когнитивтік модель құрылымы прототип пен бейнелі ұғымның бірігуі арқылы қалыптасқан концептіден құралады. Когнитивтік модель – сөздің лексикалық мағынасының кодталған ақпараты, бұл модель – білімнің танылуы мен сақталу формасы» [18, 22б ].
Таным моделі ретінде танылатын концептуалды білім мұрагерлік жолмен жалғасып қана қоймайды, мұрагерінің танымына сай, ол өмір сүрген уақыттағы әлем бейнесі – объективті шындық өзінің әсері арқылы түрленіп, дамып, түрлі өзгерістерге ұшырайды, бейнелеуге және бейнеленуге икемді болады.
Е.Беляевскаяның «Сөздің семантикалық құрылымының қызмет етуі мен қалыптасуын танымдық негіздері» атты докторлық диссертациясында: когнитивтік модель – лексикалық мағынаның тереңдік дәрежесін көрсетеді деп көрсетеді.. Бұл модель мағыналық және логикалық құрылымнан туындайтын абстракция модельдері жайлы ақпарат ретінде де танылады. Когнитивтік модель құрылымы тұжырым құрылымымен барабар. «Когнитивтік модель – результат лингвокреативной деятельности данного языкового социума, отражающи «видения» обозначаемого в данной языковой системе» [19, 5б] – деп, ол білімді таныту және сақтау формасы ретінде танылады дейді.
«Когнитивтік модель – тілдік бірлік мазмұнын когнитивтік бейнелеу. Оның құрамында соған сай білім құрылымының фрагменті, осы модельді қалыптастыру негізіндегі когнитивтік операциялар жиынтығы бар», – деген А.Барановтың тұжырымын негізге алуға болады.
Когнитивтік модель құрамындағы прототип пен бейнелі түсінік болады (ол туралы Вежбицкая, А.В.Бондарко, В.Н.Телия, В.А. Долинская өз зерттеулерінде айтып өткен).
Прототип – идеалданған эталонды үлгі, яғни типтік түсінік ретінде танылса, бейнелі түсінік – бейнелі гештальд- құрылым ретінде қарастырылады.
Когнитивтік модель (КМ) құрылымы:
КМ = ПРОТОТИП + БЕЙНЕЛІ ТҮСІНІК
↓ ↓
КОНЦЕПТ
Дж. Лакофф түсіндіруінше, «Гештальд- құрылым – мағынаның тілдік көрінісін белгілеу әдісі не форманың мағынаға ие болу амалы».
«Гештальд» пен «бейне» дублет бола алмайды, оларды бірінің орнына екіншісін қолдана алмаймыз.
В.Телия «Орыс фразеологиясы» еңбегінде: «Прототип» пен «гештальд-құрылым» алғашқы түсінікті білдіреді» [20, 96-97б],– деп тұжырым жасайды. Яғни олар ұғымнан гөрі нақты форманың бейнеленуін көрсетеді.
Бейнелі түсінік, яғни бейнелі гештальд- құрылым – бұл ықшамдалған бейне. Осыдан шығатыны: концепт – бұл әрі когнитивтік модель, әрі когнитивтік бірлік. Когнитивтік жүйе концептуалдық құрылымнан тұрады. Концептуалдық құрылым: ойдағы бейне, прототип, кесте (схема), фрейм, сценарий, тұжырымды метафора. Бұл құрылым – когнитивтік жүйе бөлшектері, когнитивтік ойдың сыртқы формасы.
Сонымен әлемнің концептуалды бейнесі және әлемнің тілдік бейнесінің шектері мәселесі тұрғысынан түрлі ойлар бар:
1) Әлемнің тілдік бейнесінің негізгі мазмұны әлемнің концептуалды бейнесін бүркейді; әлемнің тілдік бейнесі әлемнің концептуалды бейнесінің ядросын жетілдіріп аралық қызмет (переферия) атқарады (Брутян Г.А., Колшанский Г.В., Васильев С.А.)
2) Әлемнің тілдік бейнесіне қарағанда әлемнің концептуалды бейнесі кең және бай, себебі оның қалыптасуында түрлі ойлау типтері, соның ішінде вербальді емес түрлері де қатысады. Әлемнің тілдік бейнесі – тілдік формалар арқылы өткен және тілге «байланған» концептуалды әлемнің бөлшегі (КарауловЮ.Н., Кубрякова Е.С., Касевич М.В.).
3) Әлемнің концептуалды бейнесі мен әлемнің тілдік бейнесі бөлінбеген (не разграничны), себебі тек әлемнің концептуалды бейнесі ғана бар (Сүлейменова Э.Д).
Қорытындылай келе айтатын болсақ: «әлем бейнесі» – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар ұғымындағы оймен жасалған бейнесі; «әлемнің тілдік бейнесі» – белгілі бір тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі; «әлемнің ұлттық тілдік бейнесі» – әлем туралы кейбір түсініктердің ортақтығына қарамастан, оларға әр ұлт өзінше ерекше бір реңк үстеуі арқылы танылатын, көбіне ұлттық таным арқылы анықталатын әлем бейнесі; «әлемнің концептуалды бейнесі» – адам санасында жинақталған, белгілі бір тәртіпке түскен әрдайым жаңарып тұратын әлем туралы білімнің жүйесі болып табылады.
1.2 Концепт ұғымы және оның құрылымы
Әлемнің концептуалды бейнесінің негізгі элементі болып концепт есептеледі.
Лингвистикада концепт термині мен түсінігінің қалыптасуы тіл, сана, және мәдениеттің өзара әсерлесуінің ерекшеліктерін , заңдылықтарын, амал-тәсілдерін игерудегі жаңа қадам болды. Осыған орай лингвистика, когнитология, мәдениеттану, философияның өзара әсерлесуінің жаңа аспектілері пайда болып, соның арқасында семантикалық зерттеулер тереңдей түсті.
Адамзаттың рухани мәдениеті саласында қалыптасқан концептілер – «адамның сана сезіміндегі мәдениеттің қоюы», яғни мәдени концептілер; адамның ментальді әлеміне енудегі мәдениеттің құралы; сөзбен бірге жүретін ұғым, елестету, білім, ассоциация, қобалжулардың «шоғы».
Кең мағынада концепт – жалпы әлем туралы білім жүйесінің (әлемнің концептуалды бейнесінің) бір бөлшегі, үзіндісі, яғни индивидтің объективті шындық туралы өз танымындағы тірек ұғымдары, білетіні, ойлайтыны, елестететіні.
Терминнің түрлі түсіндірілуі оның көп мағыналы латын сөзі conceptus-тің семантикасынан шығуына байланысты. Латын-орыс сөздігінде оған мынадай түсініктер беріледі: 1) «жинақтау, өзіне жинау» (собирать, вбирать в себя); 2) «өзіне елестету, қиялдау»(передставлять себе, воображать); 3) «жазу, тұжырымдау» (написать, сформулировать); 4) «құрастыру» (образовывать); 5) «болу, пайда болу, шығу» (происходить, появляться, возникнуть). Conceptum – «утробный зародыш» [21, 222-224б]. Жалпы мағынасын «жинақтаушы, өзіне жинаушы [ көптеген формалардың мазмұны] ретінде және [олардың] бастауы («зародыш») (елестелген) болып тұжырымдалған.
Үлкен энциклопедиялық сөздікте: «Концепт (conceptus – мысль, понятие) – смысловое значение имени (знака), т.е. содержание понятия, объект которого есть предмет (денотат) этого имени (например, смысловое значение имени Лупа – естественный спутник земли)».
Концепт және сөз қатынасы семантикалық үшбұрышпен байланысты: «реалия – ұғым – атау». Тілдің мазмұндық жағын интерпретациялау міндетті түрде оның тілмен, ойлаумен, шындықпен қарым-қатынасы мәселесімен байланысты. Зат (предмет, референт, денотат), идея (ойлау, ұғым, мағына, мән, сигнификат, десигнат) және атау (сөз, таңба, мәтін) арасындағы қатынасты және байланысты зерттеу семантиканың фундаментальді мәселелерінің бірі. В.Н.Телия осы үштіктің әр мүшесін былайша анықтайды: «Реалия предстает как денотат имени, то есть как совокупность свойств, вычлененных в актах номинации у всех обозначаемых данных именем релий (класса объектов). Понятие, вбирая в себя категориально- языковые признаки, выступает как сигнификат (смысл) имени, в которой могут входить и экспрессивные признаки. Имя осознается как звукоряд, расчленяемый в языковом сознании в соответствии со структурной организаций данного языкового кода» [22, 336-337б]. Яғни «реалия» – атау денотаты, яғни номинация процесінде атаумен белгіленген зат пен құбылыстың белгілерінің жиынтығы ретінде; «ұғым» – атаудың сигнификаты ретінде; «атау» – көрсетілген тілдік кодтың құрылымдық ұйымдастырылуы сәйкес тілдік танымда мүшеленетін дыбыстық қатар ретінде ұғынылады.
Орыс тіл білімінде сөз – тілдің екі жақты бірлігі деп анықталады.. «Сөз – өзі арқылы таңбалаушы мен таңбаланушының бірлігін білдіретін тіл бірлігі, адам санасында көрініс тапқан шындық объектілірін номинациялау мен материализациялау құралы қызметін атқаратын идеалды құбылыс» [23, 356б].
Сөзде, негізінен сөз мағынасында ұғым пайда болады, бейнеленеді және беріледі. Сөйтіп, лингвистикада ұғымның философиялық категориясы сөздің лексикалық мағынасымен салыстырылады. Тіпті кейбіреулер ұғымды сөздің лексикалық мағынасымен тепе-тең қояды (Л.А. Новиков, С.Д. Кацнельсон).
М.Оразов мағына туралы: «Лексикалық мағына дегеніміз белгілі бір дыбыс не дыбыстар тізбегі мен шартты, тарихи және әлеуметтік байланысқа түскен объектив дүниедегі заттардың, амал-әрекеттердің, түрлі құбылыстардың адам санасындағы жалпыланған, дерексізденген бейнесі» [24, 45б]– деп айтады.
Сөздің лексикалық мағынасы мен ұғымы құрылымында дәстүрлі түрде сигнификат пен денотат компонеттерін ажыратады. Денотат зат-объектінің объективті қасиеті, ал осы қасиеттің ойлауда бейнеленуі мен тілдік формада бекітілуі – сигнификат. Тілдік таңбаның ұғымдық мазмұны түрліше аталады: «таңбаланушы» (Ф.де Соссюр), «десигнат» (Ч.У.Моррис, Ю.С.Степанов), «мағына» (Г.Фреге), «интенсионал» (Р.Карнап), «концепт» (А.Черч), «тілдік денотат» (А.А. Уфимцева).
«Концепт» термині М.М.Копыленко бойынша, «тек ұғымды ғана қамтымайды, сонымен қатар ортақ мағынаны қалыптастыратын ұғымнан алғашқы (предпонятийные) және деконцептуализацияланған құбылыстарды да қамтиды, ал реалияларды білдіру үшін тек сөздер ғана емес және де фразалық үйлесімдер қолданылады» [25, 44-45б].
Е.И.Диброва концептіні шындық құбылыстарының сезімдік-көрнекті бейнелері ретінде елестетуде орналасқан (сонымен қатар мұнда концепт арқылы ойдың елестетуден ұғымға қарай қозғалысы жүзеге асады) және ортақ мағынаны қалыптастыратын ерекше ұғымнан алғашқы мән (сущность) қатарына жатқызады [26, 133б].
М.В.Никитина «концепт – бұл ең біріншіден, түсінік пен ұғым» екенін айтып өтеді [27, 6б].
Қазіргі русистикада концептуалды семантиканың екі бағыты бар: семантикалық және логикалық бағыттар. Бұл бағыттардың ерекшелігі концепт пен сөз, концепт пен ұғым ара қатынасын түрліше түсінуге негізделгендігінде болып отыр.
Семантикалық бағыт. С.А.Аскольдов- Алексеев еңбегінде «концепт және сөз» арқа сүейтін негізгі ұстанымы: «концепт біздің ойлау процесімізде бірдей қатардағы көптеген заттарды ауыстыратын ойдың құбылысы» [28, 28б].
Д.С.Лихачев осы айтылғанды әрі қарай дамытып, нақтылайды. Концепт тек сөздің өзі ғана емес және сөздің сөздіктегі әрбір негізгі мағыналары үшін өмір сүреді. Мұнда концепт біз күнделікті ауызша және жазбаша тілде көп қолданатын мағыналардың соммалық сипаты. Концепт сөз мағынасынан тікелей пайда болмайды, сөздің сөздіктегі мағынасының адамның жеке және халықтық тәжірибесімен ұштасуының нәтижесі болып есептеледі.
Логикалық бағыт өкілдері: Ю.С.Степанов, Т.В.Булыгина, А.Д.Шмелев, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова т.б. концепт және ұғым терминдерін тепе-тең көреді: мұнда концепт ретінде жинақтаудың жоғарғы деңгейінде болмайтын грамматикалық, не семантикалық категория алынады.
Ю.С.Степановтың: «Концепт ұғым сияқты қатардың құбылысы. Өзінің ішкі формасы жағынан орыс тіліндегі концепт пен ұғым сөздері бірдей: концепт латын тіліндегі conceptus – «ұғым» сөзінің калькасы…Концепт пен ұғым түрлі ғылымдардың терминдері: екіншісі негізінен логика мен философияда қолданылса, біріншісі, концепт, логиканың бір саласы – математикалық логиканың термині, соңғы кездері мәдениет туралы ғылымда, мәдениеттануда орныққан…» [29, 42-44б]– деп, математикалық логикада, Г.Фреге мен А.Черч жүйесінде концепт деп тек ұғымның мазмұнын атайтынын көрсетіп өтеді.
Е.С.Кубрякова «концепт» және «ұғым» терминдері адам ойлауы мен санасының түрлі аспектілерін сипаттайды дейді: «Ұғым– объективті шындықтың логикалық формада бейнеленуінің белгілі бір түрлерінің бірі; концепт сананың шұғыл (оперативті) мынадай бірліктерін қамтиды: елестету, образдар, ұғымдар, ал олар жинақталып барып концептуалды жүйе не әлемнің концептуалды моделін жасайды» [5, 143б].
Сонымен қатар концепт пен сөз, концепт пен ұғым туралы өзге ғалымдардың айтқанына тоқталайық.
Сөз және концепт терминдері А.Вежбицкаяда өзара байланысты: «Концепт-минимум – бұл сөз мағынасын толық игеру, бұл тек қарапайым тіл иесіне тән нәрсе <…> концепт- максимум – сөз мағынасын толықтай игеру».
Н.Кипиани сөз концептінің бөлігі болатыны айтады: «Сөз өз мағынасымен қоса тек концептінің бөлігін білдіреді».
С.Г.Воркачев: « тар «формалды» мағынада лигвоконцептілер – өзге тілдерге аударғанда бірсөзді эквивалентті таба алмайтын, сөздерден кейін тұратын семантикалық құбылыстар» [30, 79б].
Бір қарағанда сөздің лексикалық мағынасын концепт деп атауға болады. Бірақ қазіргі күні сөздік мақаласындағы берілген сөз мағынасы «когнитивті шындықтан шалғай, тар, жетіспейтіндігі және тіпті парапар келмейтіндігі» туралы тезис дәлелденді.
В.В.Колесов бойынша концепт өзінің мазмұнды формасында образ ретінде, ұғым ретінде және символ ретінде көрініс табады.
Концепт ұғымға тепе-тең емес. Қазіргі зерттеушілер жаңа терминнің айту мағынасын таңбалау үшін енгізілгенін ескермеген, сондықтан да көптеген философиялық сөздіктер мен энциклопедияларда концепт ұғым не оның мазмұнын білдірумен тепе-тең көрінеді, осының өзі оларды ажыратуды керек етеді. Ұғым – заттың түрлі кезеңдерінің объективті идеалды бірлігі және қарым- қатынасқа тәуелсіз, ойдың қалыптасу қызметін атқаратын тілдің таңбалық және маңызды құрылымымен байланысты. Бұл танымның нәтижесі, баспалдағы немесе кезеңі. Ал концепт сөйлеу арқылы жүзеге асады. Концепт субъективті. Жад және елестету – бір жағынан дәл қазір және осы жерде ұғынуға бағытталған, екінші жағынан ол жад акті ретінде – өткенге, елестету акті ретінде – болашаққа, пайымдау акті ретінде – осы шаққа негізделген жанның үш қабілетінің синтезі, концептінің ажырамас бөліктері. Концепт – это событие, а «события» – это понятие [31, 12б ].
Ұғымға қарағанда концептілер тек ойланылмайды, сонымен қатар адамның өз басынан өтеді (переживаются). Л.А.Грузберг «Концепт – мәдени-ментальді-тілдік құбылыс ретінде» деген зерттеуінде олардың – эмоция, симпатия мен антипатия, кейде қақтығыстар заты болып есептелетінін айтып өтеді [32, 14б ].
Концептімен салыстырғанда ұғымның құрылымы қарапайым: ұғым құрылымында мазмүндық құраушы басым және концепт құрылымында болатын барлық компонеттер енбейді.
Қазіргі кезде концептіні түрлі тұрғыдан түсіндірудің негізінде қалыптасқан мынадай бағыттары: логикалық бағыт (Арутюнова Н.Д., Степанов Ю.С.), психолингвистикалық бағыт (Залевская А.А.), лингвистикалық бағыт (Бабушкин А.П.), философиялық бағыт (Колесов В.В., Лисицын А.Г.), психологиялық бағыт (Лихачев Д.С., Холодная М.А.), интегративті бағыт (Ляпин С.Х., Карасик В.И.)
Түрлі бағыт өкілдерін біріктіретін нәрсе, олардың концептіні жалпы және кең категорияның бөлігі ретінде қарастыруы: «концептуалды жүйе», «әлемнің концептуалды бейнесі» (Павиленис Р.И., Чижова Е.А.); «концептосфералар» (Лихачев Д.С.); «оқиғалар» (события) (Исабес В.Я.); «әлемнің ұлттық тілдік бейнесі» (Вежбицкая А, Булыгина Т.В., Шмелев А.Д. т.б.); «концептуализацияланған заттық аймақ» (Степанов Ю.С.); «когнитивті модель» (Гиздатова Г.Г.)
Қазіргі лингвистикада концептіні түсіндірудің үш негізгі бағыты бар:
Бірінші бағыт (өкілі Степанов) концептіні қарастыруда үлкен назарды культуралогиялық аспектіге аударады, мұнда барлық мәдениет концептілер мен олардың қатынастарының жиынтығы ретінде түсініледі. Осылайша, концепт – адамның ментальді әлеміндегі мәдениеттің негізгі ұясы.Олар ұжымдық тілдік санадағы орталық орынға ие болғандықтан олардың зерттелуі өзекті мәселеге айналуда. Концептіні осылайша түсіну тіл рөлін тек көмекші құрал ретінде екінші орынға қоюмен байланысты.
Екінші бағыт ( Н.Д.Арутюнова және оның мектебі, Т.В.Булыгина, А.Д.Шмелев т.б.) концепт мағынасының қалыптасуының жалғыз құралы деп тілдік таңбаның семантикасын санайды.
Үшінші бағыт (Д.С.Лихачев, Е.С.Кубрякова т.б.). Олардың ойынша, концепт сөз мағынасынан тікелей пайда болмайды, сөз мағынасының адамның жеке және халықтық тәжірибесімен ұштасуының нәтижесі, яғни концепт сөз бен шындықтың арасындағы делдал. Кубрякованың: «Концепт – это оперативная содержательная единица памяти ментального лексикона, концептуальной системы мозга (lingva mentalis), всей картины мира, отраженной в человеческой психике»– дейді.. Оның ойынша когнитивті лингвистикада психология мен сенсорлы-перцептивтік процестерді сипаттауда қолданылатын фон мен фигура түсінігін қолдану ақталады. Фон мен фигураны қарама-қарсы қою адамның өзін тұтастың бөлігі, өзін (фигураны) қандай да бір фонда (қоршаған ортада, кеңістікте) сезінуімен байланысты және әлемдегі өзге дене/заттар да осылай түсініледі. Сөйтіп, ол тіл мен оның категориясының негізінде адамның денелік, көрнекті тәжірибесі жатыр және адам тек осы тәжірибесі арқылы абстарактілі сфераға шығады, көзге көрінбейтін туралы өзінің ойын құрайды. Кубрякова адамзат танымының негізгі принциптерінің бірі – контейнер принципін құрайды. Ол оны «бақылаушы позициясының қайталану принципі» ( принцип обратимости позиции наблюдателя) деп атауды ұсынады. Оның мәні мынада: әлемдегі кез-келген объектіні қарастыруда болашақты (перспективаны) таңдау өзгеруі мүмкін, бақылаушы позициясы да кері өзгеруі мүмкін. Оның ойынша, егер тіл әлемді ерекше тануды бейнелесе, онда ондағы бақылаушы позициясы да тілде бекітілген, көрінген концептілердің жалпы субъективтілігіне сай келеді. Келіспеуге болмайды, себебі бір ғана құбылыс : әрекет-объект түрлі тіл бірліктерін қолдану арқылы түрліше сипатталуы мүмкін, сондықтан да сипаттауда түрлі детальдерді, қасиеттерді, белгілерді көрсетуге мүмкіндік болады. Ғалым ойынша, концептуалдық жүйе арқылы мағынана анықтау мағына мен білімді байланыстыратын жаңа бағыт.
Концептіге берілген анықтамалар түрліше. Көптеген зерттеушілер оның мәдениетпен байланысын көрсетеді. Кей зерттеушілер мұны негізгі деп тапса, енді біреулері қосымша деп қарастырады. Біздің ойымызша, концептінің негізгі қасиеті болып оның белгілі бір мәдениетпен, қоғамның мәдени тәжірибесімен байланысы табылады. Мәдениет өзін туындатқан халықпен біте қайнасып жататыны айқын және оның бойында өмірлік философияны анықтайтын, барлық адамзатқа тән әлемдік бейнедегі ұғымдардың берік орын алатыны белгілі. Солай бола тұра , осы аталған ұғымдар ұлттық дүниетаным, мәдениет негізінде қалыптаса отырып, ұлттың ұлт болып айқындалу белгісі ретінде де қолданылады. Мәдениетке қатысты концепті адам мен ол өмір сүретін ақиқат шындық аралығын байланыстырушы ретінде қызмет атқаратындықтан оны зерттеудің маңызы зор болып отыр.
С.Г. Воркачевтің ойынша, концептілерге «ең кең мағынада тіл иелерінің «әлемнің аңғал бейнесін» қалыптастыратын және ұлттық тілдік сананың мазмұнын құрайтын лексемалар, мағыналар енгізіледі. Осындай концептілердің жиынтығы ұлттың мәдениеті негізделетін тілдің концептосферасын құрайды» [33, 48б].
Д.С.Лихачев концептосфераның кең мағынада түсінілуін ұсынады: «В совокупности потенции, открываемые в словарном запасе отдельного человека, как и всего языка в целом» можно назвать концептосферой» [34,5б]. Осылайша, ұлттық тілді тұтастай концептосферасы жеке адамның шындықты концептуализациялау нәтижесі болатын жеке индивидуалды концептосфералардан құралады. Индивидуалды концептосферадан өзге ұлттық қауым ішіндегі белгілі бір әлеуметтік және мәдени қауым концептосферасы да болады. Д.С.Лихачев осы ойды әрі қарай жалғастырып, орыс тілінің ұлттық концептосферасындағы мынадай концептосфераларды: «инженер — практик», «отбасы» концептосфераларын бөліп көрсетеді [34, 5б].
«Концептосфера» термині өзіне көлемділіктің,тұтастықтың, үшқырлылықтың (трехмерность) образды коннотацияларын енгізіп, онтологиялық құбылыстың мәнін дәл бейнелейді» [35, 71б]. Концептосфера көп қырлы, кеңістіктік, тұтастықтық құбылыс ретінде көрінеді, әйтсе де ол халықтың әлемтануымен, әлемді қабылдауымен , тарихымен менталитетімен, мәдениетімен байланысты ашық жүйе. Кез- келген тілдің концептосферасының үшқырлылығы оның тілмен, рухани мәдениетпен, объективті шындықпен өзара байланысы мен өзара әсерлесуі нәтижесінде қалыптасады. Осыдан концептосфераның мынадай негізгі белгілері шығады:
– көлемділік, ол халықтың мәдени тәжірибесі, мәдени дәстүрі мен түсініктерінің байланысын білдіреді;
– үшқырлылық, тілді халықтың мәдениеті, тарихы, әлемтануы мен әлемді қабылдауын өзіне енгізетін кеңістіктік, барлығын қамтитын құбылыс ретінде көрсетеді;
– тұтастық, себебі концептосфера белгілі бір халықтың тұтас ұлттық мәдениетін сипаттайды.
Концептілер – белгілі мәдениетті онсыз елестету мүмкін болмайтын ең күрделі, маңызды ұғымдар. Олардың саны шектеулі, себебі кез-келген атау- таңба құбылысы концепт бола алмайды. Белгілі бір мәдениет үшін құнды, өзекті және өзінің бекітілуі үшін саны көп тілдік бірліктерге ие, мақал-мәтелдердің, поэтикалық және прозалық мәтіндердің тақырыбы бола алатын шындық құбылыстары ғана концепт бола алады. Олар халық жадының мәдени иегерлері.
Ю.С.Степанов «концептіні адам санасындағы мәдениеттің қоюы; адамның ментальді әлеміне мәдениеттің сол бір түрде енетін түрі» дейді. « Концепт – это то, посредством чего человек – рядовой, обычный человек, не «творец культурных ценностей» – сам входит в культуру, а в некоторых случаях и влияет на нее» [29, 43б].
С.Г.Воркачев лингвомәдениеттанудың ең негізгі бірлігі деп концептіні («вербалданған мәдени мағынаны») түсінеді. Оның ойынша, лингвоконцептінің ерекше белгісі болып оның этномәдени түрде белгіленгендігі табылады: « Определяющим в понимании лингвоконцепта выступает представление о культуре как о «символической Вселенной» (Кассирер), конкретные проявления которой в каком-то «интервале абстракции» (в сопоставлении с инокультурой) обязательно этноспецифичны». Ғалым концептіні бейне, ұғым, мағына орнына келген және өзіне оларды «шешілген» (в снятом виде), редуцияланған күйде енгізетін лингвоментальді құбылыс, соңғы айтылғандардың «гиперонимі» деп түсінеді: «Концепт «принимает от понятия дискурсивность представления смысла, от образа – метафоричность и эмотивность этого представления, а от значения – включенность его имени в лексическую систему языка». Концептінің ерекше белгілерін көрсетеді:
1) «бастан өту» (переживаемость) – концептілер тек ойланылмайды, сонымен қатар симпатия мен антипатия заты ретінде эмоционалды түрде бастан кешіріледі – адамның рухани өмірін интенсификациялауға қабілеттілігі бар: ой фокусына тускенде оның ырғағын ауыстыру– мұны психологтар «сентимент» деп атайды
2) семиотикалық («номинативті») тығыздылық – тілдік синонимдердің ( сөздер мен сөз тіркестерінің) толық қатары, мақал- мәтелдер, фольклорлық және әдеби сюжеттер, синонимизацияланған символдардың (өнер туындылары, кәделер, мінез- құлық стереотиптері, материалды мәдениет заттарының) тақырыптық қатарлары мен өрістері ретінде көрініс табуы релеванттілікпен, лингвомәдени социум үшін осы концептінің маңыздылығымен, оның мазмұнында болатын құбылыстың аксиологиялық немесе теоретикалық құндылығымен байланысты.
3) білдіруге бағытталуы (ориентированность на план выражения) – концепт атауының тілдің лексикалық жүйесінде қалыптасқан ассоциативті парадигматикалық және синтагматикалық байланысқа енуі, осының семиотикалық «денесінде» концепт заттанады, сонымен қатар осы атаудың «заттық коннотацияның» ассоциативтік жүйесіне енуі – ерекше тілдік метафориканың болуы» [29, 77-78б].
Р.М.Фрумкинаның өзі концепт деп мәдениет категориясында рефлексацияланған вербалданған ұғымды анықтайды және оның ойынша концептіге ең сәтті анықтаманы А.Вежбицкая береді: «Ол « Шындық» әлемі туралы адамның белгілі бір мәдени шартталған түсінігін бейнелейтін және атауға ие болатын «Идеалды» әлемнің объекті».
А.Вежбицкая қалыптастырған концепт түсінігінде негізгі орын әр түрлі мәдениеттегі тірек концептілерге беріледі. Себебі автордың ойынша, мәдениеттегі тірек сөздер (ключевые слова), яғни мәдениеттің ядролық құндылықтарын бейнелейтін концептуалды маңызы зор сөздер көмегімен түсіну мүмкін болады [36, 278-284б].
В.Н.Телия: « Концепт – адам ойының өнімі және идеалды құбылыс, осыған орай ол тек тілге ғана емес, жалпы адамзат санасына тән. Концепт бұл конструкт, ол жаңадан жасалмайды, ол өзінің тілдік сипаты мен тілден тыс білімі арқылы қайта құрылады».
М.В.Никитин, А.П.Бабушкин концептіні дәстүрлі түрде сананың дискретті бірлігі ретінде түсінеді. М.В.Никитин: «Мағына – бұл таңбамен байланысты концепт» – дейді, яғни өзгеше айтқанда, концепт – түрлі таңбалармен (сөз, морфема, сөз тіркесі) байланыста болатын бейне мен ұғым. Олар идеалды, шынайы болмысты бейнелейді.
А.Б.Бабушкин «Тілдің лексико-фразеологиялық семантикасындағы концептілердің типтері» еңбегінде концепт ретінде « шынайы немесе идеалды әлем затын бейнелейтін, танылған субстрат ретінде тіл иелерінің ұлттық жадында сақталатын ұжымдық сананың кез-келген дискретті бірлігін» түсінеді. Концепт вербалданады, сөз арқылы таңбаланады, әйтпесе оның өмір сүруі мүмкін болмас еді [37, 29б].
Е.С.Кубрякова: «Понятие концепта отвечает представлению о тех смыслах, которыми оперирует человек в процессах мышления и которые отражают содержание опыта и знания, содержание результатов всей человеческой деятельности и процессах познания мира в виде неких «квантов» знания».
В.А.Маслованың анықтауынша, концепт эмоционалды, экспрессивті, бағалауыштық ореолмен қоршалған.
Концептіге берілген өзге анықтамалар да бар:
1. Концепт – ментальдік және психикалық ресурстарды түсіндіретін және адамдардың білімі мен тәжірибесін бейнелейтін термин.
2. Концепт – оперативті есте сақтау бірлігі, әлемнің адам психикасында көрініс табуы.
3. Концептілер – сөз және экстралингвистикалық шындықтың арасындағы дәнекерлер.
Концептінің осыншама түрлі анықтамаларының болуы, оның келесі инвариантты белгілерін көрсетуге мүмкіндік береді:
1) сөз арқылы вербалданатын және өрістік құрылымы бар адамзат көзқарасындағы өз тәжірибесінің минималды бірлігі;
2) білімді сақтаудың, өңдеудің, айтып жеткізудің негізгі бірліктері;
3) концепт жылжымалы шегара мен нақты функцияларға ие;
4) концепт әлеуметтік, оның ассоциативті өрісі оның прагматикасын ескертеді;
5) бұл мәдениеттің негізгі ұяшығы.
Сонымен, концепт – адамзатың әлем бейнесі туралы жинақталған мәдени түсініктерді беретін тірек ұғымдар.
Зерттеушілер концепт анықтамасымен қатар оның құрылымына тоқталады.
Р.И.Павиленис концептінің құрылымын мағынаның объективті және субъективті мазмұнымен байланыстырады. «Шындық құбылыстары (объективті мазмұн) мен заттарының қарым-қатынас және байланыс жүйесі мағыналар тіліне аударылған таңбаланған шындық, объективті реальділік ретінде адам санасында (субъективті шындық) берілген. Сонымен бірге ұғым мен мағынаның өзі тілдік таңбаның субъективті мазмұнының когнитивті және коммуникативті инварианты ретінде байланысады.
З.Д.Попова және И.А. Стернин «Лингвистикалық зерттеулердегі «концепт» түсінігі» еңбегінде когнитивті концепт адам санасында төмендегі көрсетілгендерден құралатындығын айтады:
а) тікелей сезімдік тәжірибесінен – әлемді сезім органдары арқылы қабылдау;
ә) адамның заттық қызметі;
б) оның санасында бар болатын концептілермен болатын ойлау операциялары;
г) тілдік білім (концепт адамға тілдік формада айтылуы, түсіндірілуі мүмкін);
д) тілдік бірліктерді саналы жолмен тану.
Ю.С.Степанов концепт құрылымының күрделілігін айтып, оған бір жағынан ұғымға қатыстының бәрі енеді; екінші жағынан концепт құрамына оны мәдениет фактісі– алғашқы форма (этимология) ететін жайттардың бәрі сонда; негізгі белгілеріне дейін ықшамдалған тарих; қазіргі күнгі ассоциациялар; бағалар және т.б. енеді. Концептінің «қабаттық» (слоистое) құрылымы бар және ол түрлі дәуірлердегі мәдени өмірдің тұнбасы. Ғалым концептінің құрылымындағы үш компонентті көрсетеді:
1) негізгі өзекті белгі;
2) қосымша (пассив, тарихи) белгі;
3) ішкі (сезінілмейтін) форма.
Актив қабат («әрбір мәдениет иесі білетін және ол үшін маңызды болатын негізгі өзекті белгі») жалпы ұлттық концептіге енеді, пассив қабаттар («мәдениет иелерінің жеке топтары үшін ғана өзекті қосымша белгі») жеке субмәдениеттер концептосферасына жатады, концетінің ішкі формасы (« күнделікті өмірде сезінілмейтін, тек арнайы мамандар білетін, әйтсе де концепт сипатының таңбалық, сыртқы формасын анықтайтын») мәдениет иелерінің көпшілігі үшін концептінің бөлігі емес, оның детерминацияланған мәдени элементтерінің бірі [29, 48-55б].
Кейбіреулер концептінің орталығы деп құндылықтарды санайды. Яғни егер мәдениет иелері кез-келген феномен туралы «жақсы» не «жаман» деп айта алса, ол феномен осы мәдениетте концептіні қалыптастырады.
Кең мағынада концепт құрылымын шеңбер ретінде елестетуге болады, оның орталығында негізгі ұғым, концепт ядросы болады да, ал перифериясында мәдениет, дәстүр, халықтық пен жекелік тәжірибе арқылы танылғандар болады.
Ядро – осы не өзге лексеманың сөздіктегі мағыналары. Периферия – субъективті тәжірибе, коннотациялар, ассоциациялар, лексеманы құрайтын түрлі прагматикалық құрамдастар.
Сонымен қатар когнитивті модель құрылымына енетін прототип пен бейнелі түсініктер де концептінің құрылымына енетіндігі туралы кіріспе бөлімде айтылды.
Ортақ анықтаманың болмауы, концептінің күрделі, көп қырлы құрылымын, тіл иесі тек ойлайтын ғана емес, өз басынан кешіретін ұғымдық негізбен қатар әлеуметтік- психо- мәдени бөлікті иемденуін, ассоциациялар, эмоциялар, бағалар, белгілі бір ұлтқа тән ұлттық образдар мен коннотацияларының болуын көрсетеді.
Осылайша, концепт– лингвомәдени спецификасымен белгіленген және осы не өзге түрде белгілі бір этномәдени иелерді сипаттайтын семантикалық құбылыс. Концепт этникалық әлемтануды бейнелей отырып, этникалық тілдік әлем бейнесін таңбалайды және «осы өмір үйін» (дом бытия) құрайтын кірпіш болып табылады ( М.Хайдеггер бойынша).
Зерттеушілер арқылы қазіргі күнге дейін концептілерді зерттеу мен сипаттаудың мынадай әдістемелері жасалған: Е.Бартминский ұсынған профильдеу теориясы (теория профилирования), С.М.Прохорова ұсынған вертикальді синтаксистік өрістер теориясы, Л.О.Чернейко мен В.А.Долинский ұсынған эксплицитті түрде сипатталмаған гештальд- атауларды табуға арналған концептуалды анализ теориясы, О.С.Ахманова мен И.В.Гюббет ұсынған вертикалды мәнмәтін (контекст) теориясы.
Концептуалды анализдің семантикалық анализбен ортақтығы болса да, олар соңғы мақсаттары мен материалдардың қайнар көзі арқылы өзгешеліктерге ие.
Е.С.Кубрякова көрсетуінше, семантикалық анализ « сөз құрылымының семантикалық экспликациясына, оны жүзеге асыратын денотативті, сигнификативті және коннотативті мағыналарын нақтылауға бағытталады».
Концептуалды анализ (Е.С.Кубрякова термині) «бір таңба бойына жиналған және белгілі когнитивті құрылым ретінде таңбаның өмір сүруін анықтайтын ортақ концептілерді іздестіру» болып табылады. Ғалымның айтуынша, семантикалық анализ сөзді анықтаумен байланысты болса, концептуалды анализ әлем туралы білімді игеруге қарай бағытталады.
Семантикалық анализ материалдары: сөзді жасайтын сөйлеу мәнмәтіндері. Концептіні меңгерудің қайнар көздері: прецедентті мәтіндер, көбінесе, афоризмдер, мақал-мәтелдер, әдеби шығармалардың атаулары, рухани мәдениеттің кішігірім шығармаларының түрлері; көркем дифинициялар; сөз өнерінің туындыларында қалыптасып кеткен концепциялар.
Концептуалды анализдің негізгі тәсілдерінің бірі –концептінің концептуалды белгілерін анықтау арқылы оны сипаттау. Концептінің құрылымын қалыптастыратын белгілерді анықтау арқылы оны сипаттау әдістемесі осы не өзге мәдениеттегі тіл иелерінің білімі мен тәжірибесінің бейнеленуінің этноспецификасы туралы мәлімет алуға көмектеседі. Осы әдістемеге байланысты зерттеу мынадай кезеңдерден тұрады:
1. Атау-сөз концептінің этимологиясы зерттеледі, сөз мағынасының тарихы қарастырылады, концептінің уәжді белгілері анықталады.
2. Компонентті анализ әдісі арқылы атау- сөздің сөздіктегі дефинициясы және синонимиялық қатардағы сөздердің дифинициясы зерттеледі, нәтижесінде түсіндірмелі белгілері анықталады.
3. Метафоралық үйлесімділігі зерттеліп, нәтижесінде концептінің бейнелі белгілері анықталады.
4. Зерттеудің барлық кезеңдерінде концептінің анықталған белгілері топтастырылады. Бұл топтар род немесе түр мінезі негізінде бірігіп концептуализацияның осы не өзге тәсілін сипаттайтын белгілердің жиынтығынан құралады. Осы не өзге топтың белгілерінің сандық көрінісі негізінде Әлемнің тілдік бейнесінде концептіні танудағы белгілі бір когнитивті белгілерінің маңыздылығы туралы қорытындылар жасалады.
Соңғы кездері зерттелген философиялық және мәдени концептілер: «бостандық», «еркіндік» (Вежбицкая А.), «ақиқат» (Лукин В.А.), «ой», «идея» (Кобозев), «тағдыр» (Радзиевская Т.В.), «рух», «жан», «дене» (Булыгина Т.В.), «жақсылық» пен «жамандық» (Берестов Г.И.), «бақыт» (Воркачев С.Г.), «қуаныш», «ақиқат» т.б. (Степанов Ю.Д), «жан» (Тильман Ю.Д), «шындық», «ақиқат» (Агиенко М.И.), «дом» (Медведева А.В), «быт» (Рудакова А.В), «өзге» (чужой) (Куликова Л.В), «өлім» мен «өмір» (Іргебаева А.Б.), «ана» (Жанпейісова Н.М.), «контраст» (Сүгірбекова С.Р.), «тары» (Күштаева) т.б.
2 ҚУАНЫШ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫ – ЭМОЦИОНАЛДЫ КОНЦЕПТІЛЕР
2.1 Қуаныш және қайғы концептілерінің мотивтері
Қуаныш және қайғы концептілері – әлемнің тілдік бейнесінде және әлемнің көркем бейнесінде (художественная картина мира) көрініс тапқан әмбебап концептілер, сонымен қатар олар әр мәдениетте өзінің ұлттық ерекшелігімен, бояуымен көрінген күрделі ментальді объектілер. Нәтижесінде бүкіл адамзат баласына ортақ құбылыстың түрлі мәдениеттегі түрліше көрінісін көре аламыз.
Қазақ тіліндегі күрделі эмоцияларды білдіретін «қуаныш» және «қайғы» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.
Адамзаттың ішкі жан дүниесінің көрінісі тілде «әлемнің аңғал бейнесін» (наивная картина мира) көрсетеді. Осыған орай адамның ішкі өмірін, негізінен эмоционалды жағын да тіл өзінің арнайы құралдары және әдістері арқылы талдайды.
«Эмоция (франц. emation, лат. enoveo – толғану) – адам мен жануарлардың сыртқы және ішкі тітіргендіргіштер әсеріне реакциясы; қоршаған ортамен қарым- қатынасы негізінде пайда болатын көңіл- күй… Эмоцияның жоғары түрі адамның іс- әрекетінің өнімді болуына мүмкіндік туғызады. Оларға қуаныш, сүйіспеншілік және т.б. эмоциялары жатады. Жағымсыз эмоция адамның іс- әрекетіне азды- көпті зиян келтіреді. Оларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үмітсіздену, үрейлену және т.б. жатады» [38, 247б]. Қуаныш және қайғы эмоционалды көңіл- күйге жатады.
Эмоционалды концептілерді талдау көбіне когнитивті психологтар еңбектерінде кездеседі. Эмоционалды концептілер «классикалық түрде талқылана алмайды» деген пікір де бар. «Алайда осындай пікір эмоцияға дәлме-дәл анықтама берілмегендіктен туындап отыр» – дейді Ортони, Клор, Фосс сияқты ғалымдар.
«Көңіл-күй (настроение, самочувствие) – индивидтің психикалық өмірінде құптарлық немесе құптамайтын эмоциялық фонда немесе әлсіз сапада көрінетін біршама ұзақ, орнықты психикалық күй» [38, 116].
Қайғының негізгі қайнар көзі материалды объектілерден, адамның өзінің жағымды қасиеттерінен (қабілеттерінен, өзін-өзі сыйлауынан), өзге адамдармен қарым-қатынасынан айрылу. Қайғының барлық психологиялық себептерінің ортақ факторы болып құнды нәрседен айырылу сезімі есептеледі. Жағымсыз оқиға (айырылу) болғаннан кейін қайғы пайда болады. Қайғы –қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылғанға, болашақта оны қанағаттандырудың мүмкін еместігіне реакция. Қайғы жеке бастың қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкін болмағанның нәтижесі ретінде п.б. Қайғы эмоциясының реңктері мен оның негізінде туатын, активация интенсивтілігіне, көлеміне, әрекетке дайындық деңгейіне қарай ерекшеленетін сезімдер: уайым (печаль), мұң (грусть), сағыну (тоска), өкіну (сожаление), түңілу (уныние), қасірет (скорбь), өкпе (огорчение).
Қуаныш түрлі жағдайларда пайда болады. Ол шығармашылық жетістіктің салдары, жағымсыз аффектінің азаюының нәтижесі, физикалық мүмкіндіктерді жақсартатын жаттығу, есте қалған таныс жағымды естеліктермен байланысты нәрселерді көру кезінде, армандау кезінде және қиялдау мен танымның өзге де түрлерінде пайда болады. Қуанышты ұйқыда болып та сезуге болады, мұның дәлелі ұйқыдағы адамның ажарындағы жымиюдың болуы. Себепсіз қуанышты сезінуге болады, ол жақсы көңіл-күй деп аталады. Осы фактілер арқылы қуанышты физиологиялық процестің нәтижесі дей аламыз. Бірақ біз осы зерттеу жұмысында эмоцияларды когнитивті процесс нәтижесі деп қарастырғандықтан, қуаныш эмоциясын оның физиологиялық негізінен бөліп қарастырамыз. Кең мағынада жеке бастың қажеттілігінің қанағаттандырылуы нәтижесінде болатын эмоцияны қуаныш деп атаймыз. Сондықтан да қуаныш пен қайғы бір жағынан қанағаттану мен қанағаттанбау арқылы ерекшеленеді.
Қуаныш – қоршаған ортамен әлі таныс емес, ойлау мен қылықтың стереотиптері оған әлі телінбеген жаңа туған нәресте көрсете алатын алғашқы эмоциялардың бірі. Сәби қуанышты жымию, күлкі арқылы көрсетеді, өз анасын танып, физикалық және эмоционалды өз туыстығын, ортақтығын, әлеммен байланысын анықтайды. Барлық эмоциялардың туындауы мен көрінуі адамда физиологиялық негізді иеленеді, ол жүйке клеткалары мен одан шығатын түрлі сападағы импульстермен байланысты. Барлық жағымды эмоциялар адамға жақсы әсер береді. Қуаныш бастапқыда белгілі бір жағдайлардың салдары ретінде емес, таза түрінде көрінген, сондықтан ол сол қалпында адамның бар өмірінің бойында сақталуы керек. Қуаныш энергия мен күштің ең мықты қайнары болып есептеледі. Ол организмнің ойлауын, эмоционалды және физикалық қызметін тәртіпке келтіре алады. Эмоционалды деңгейде қуаныш барлық сезімдердің көрінуін асқындыра алады. Мұнда қуаныш өзге жағымды эмоциялардың катализаторы рөлін атқарады. Қуанышты адам әлем үшін ашық, оның жаны қоршаған ортаның көптүрлілігін қабылдауға дайын болады. Осылайша қуаныш сезімі арқылы индивид ләззат алады.
Ойлау қызметі қуаныш және қайғы күйін бастан кешірген адаммен тығыз байланысты. Мұнда ойлау қызметі мен оның организмнің өміріне әсері маңызды. Қуаныш эмоциясы позитивті ойлаудың қажетті шарты болса, қайғы эмоциясы негативті ойлаудың қажетті шарты болып табылады. Позитивті, негативті ойлау, ойлау стилі, әлемтану жоспары ретінде адамның өмірлік позициясын қалыптастыра алады. Ойлау жұқа материя, күш және энергия ретінде индивидтің өзі өзіне елестететін әлемді жасайды. Егер адам өзі болашағын тек қуанышты күйінде елестетсе, оптимистік көзқарасқа ие болады, егер қайғылы күйде елестетсе, писсимистік көзқарасқа ие болады. Сезімнен туындаған ой әлемде нақты қарым-қатынас, жағдайлар салдары , оқиғаларды жасайды.
Бақыт сезімінің өзін интенсивті қуаныш сезімі деп (В.Татаркевич бойынша), бақыт аясын тарылтып қарастыра алмаймыз. Себебі қуаныш бақыт сезімінің бастау алатын механизмі.
Л.А.Антипенконың «Опыт концептуального анализа емен негативных эмоции в русском языке» деген зерттеуінде сөздің концептуалды модельдері құбылыстың себеп- салдар байланысына негізделеді:
«1) состояние – причина (Напр.,горе – утрата, потеря, неудача, смерть, болезнь, война, рок, судьба, трагедия, катострофа;
2) состояние – способ преодоления (Напр., горе – соболезнование, сожаление, сочувствие, сопереживания, помощь, память, утешения;
3) состояние – результат выхода из этого состояния (Напр., горе– утешение)» [39, 5б].
Жоғарыда көрсетілген когнитивті модельдер тіл иелерінің типтік (прототиптік) түсініктеріне негізделген. Сонда қайғының себебі – айырылу, сәтсіздік, өлім, ауру, соғыс, тағдыр, апат т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығудың амалы – көңіл айту, ортақтасу, көмектесу, есте сақтау т.б. болуы мүмкін, осы күйден шығу нәтижесі – жұбаныш болады.
Эмоционалды күй түрлі предикаттар арқылы беріледі, бірінші орында етістіктер мен етістікті конструкциялар анықталады: қуан, қуанышта, қуаныштау, қайғыр, қайғылан т.б., сын есімдер: қуанышты, қуанышсыз, қайғылы, қайғысыз т.б.
Е.М.Вольф «адамның эмоционалды күйін суреттейтін сөздер адамның ішкі әлемінің фрагменттеріне сай модельдер күйінде интерпретациялануы мүмкін» болатындығын айтып, оларды белгілі бір жай-күйлердің негізгі элементтері енетін фреймдер жүйесі ретінде алуға болады деп есептейді. Ғалым бұл модельдің негізгі үш элементін атап көрсетеді: 1. эмоция субьекті, 2. эмоционалды күйдің өзі және 3. сол эмоционалды күйдің себебі. Мысалы: Ол осы жағдайға қуанды. Осындағы ол – субъект, қуанды – предикат, осы жағдай – себеп [40, 55б].
А.Вежбицкая: «Қуаныш, қайғы, ыза, қанағаттанбау сияқты сөздер – бұлар дескрептивті формулалардың қатып қалған, көзге көрінбейтін қысқартулары» – дейді. Дескрептивті формулаларды «адам дәл қазір өз басынан кешіп отырған эмоцияны жадымызда не елестету қабілетімізде осы бейнеленген күйге байланысты бізде туындайтын эмоциямен салыстыру» деп анықтайды. Біріншіден, эмоционалды күй өзіне тән себепті бейнелеу арқылы сипатталады (субъект өзі қаламаған жағдайдың жүзеге асуы нетижесінде болған жағдайға сай эмоционалды күй пайда болады). Екіншіден, көптеген талдаулар былай құрылады: эмоционалды күй оқиға мен эмоцияны жүзеге асыратын ментальді акт, жағдайды сана арқылы түсіну біріктіреді. Өзге сөзбен айтқанда, себеп пен субъектінің эмоционалды күйінің өзара байланысы тек эмоциялар сферасына ғана жатпайды және де ментальді сфераның элементтерін өзіне енгізеді, яғни адамның ішкі өмірінің екі аспектісі біріктіріледі.
Е.М.Вольф «эмоционалды күй және оның тілдегі көрінісін» көрсетіп, предикаттардың қасиеттерін былайша анықтайды:
• Спецификалық емес эмоционалды күйге «нормадан» ауытқыған предикаттар жатады: қобалжу, мазасыздану. Ал спецификалық эмоционалды күйге қуаныш, қайғы, ыза жатады.
• Көптеген эмоционалды күйлерде «жақсы» және «жаман» деген бағалау элементтері болады. Қуаныш аясы «+» таңбасына ие болса, қайғы «-» таңбасына ие.
Субъект қасиеттері. Әлемнің аңғал бейнесінде физикалық субъект– эмоцияның иесі, бірбүтін тұтастық ретінде көрініс табады. Оның белгілі бір мүшесі ауырса да , эмоция оны тұтастай қамтиды.
Эмоционалды күй субъектінің еркінен тәуелсіз болады және де ішкі себептер не субъектіден тыс болып жатқан оқиғалар әсерінен пайда болады.
Эмоционалдық күйдің сипаттау моделіне эмоционалдық күй әрқашан да кейбір әсерлер салдарынан туындағандықтан оған негізгі элемент ретінде эксплицитті не имплицитті себеп енеді. Эмоционалды күйдің себебі – осы айтылған ойдың шегінде немесе одан тыс кездерде әр түрлі әдістер арқылы таңбаланатын оқиға. Әлемнің құндылықтар бейнесінде түрлі орынды иеленетін себептер түрлі эмоцияларды туындататыны сөзсіз. М., Әжесінің өлімі оны қайғыға батырды (М.Ә.Жетім). Осындағы өлім құбылысы әлемдік деңгейде «-» таңбаға ие, сондықтан осындай жағымсыз эмоцияларды туғызады.
Осылайша, қуану, қайғыру сияқты етістіктер сыртқы әсерлер арқылы болған адамның немесе сыртқы ортаның күйін білдіреді. Сондықтан да қуаныш пен қайғының зат есім ретіндегі екі түрлі мағынасы бар: біріншіден, қуаныш пен қайғы – «сезімнің өзі болса, екіншіден, олар сол сезімді тудыратын себеп болып табылады» [41, 225б].
1- мысал: 1. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі (М.Ә.Абай жолы). 2. Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашада жапа- жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді (М.Ә.Абай жолы). Көрсетілген 1- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы эмоциялық күй ретінде көрініп отыр, яғни белгілі бір қуанышты немесе қайғылы жағдай себебінің салдары.
2- мысал: 1. Қуаныш әкелгендей, ем болар дауаны айтқандай Абай жүзіне қарай беріп еді (М.Ә.Абай жолы). 2. Қасымға бұдан соңғы қайғы болып – малды қаратыру, қозы бағу шықты (М.Ә. Жетім). Көрсетілген 2- мысалдағы сөйлемдерде қуаныш пен қайғы осыдан соң болатын эмоциялық күйдің себебі ретінде беріліп отыр.
Дәл осылай сын есім түрінде де кездесетін қуаныш пен қайғының екі жақты мағынасы бар: бір жағынан, қуанышты , қайғылы көңіл-күй; қуанышты, қайғылы сезім; ол сондай қуанышты, қайғылы; екінші жағынан, қуанышты, қайғылы күн; қуанышты, қайғылы оқиға; қуанышты, қайғылы себеп. «Бұл екі жақтылық біздің алдымызда – материалды объект, орта және адамның ішкі күйі арасындағы; олардың «салдары» ретіндегі ішкі күй және «себебі» сияқты осы объект пен орта арасындағы; субъективті әрекет «уәжі, мақсаты» ретіндегі объект және субъективті әрекет «себебі» ретінде қоздырылған күй немесе дәл осы объект арасында бөліп таратылған құбылыс концепті» [29, 448б]. Бұлар екі субъектінің «қарым-қатынас шеңберіне» енетін әрекеттерге және субъектпен (адам) қатар оны қоршаған сыртқы ортаның күйіне тән. Мысалы: қайғылы «қайғыда болу»: қайғылы көңіл-күй, қайғылы бас (Бұйра шашты қайғылы басын қос тізесіне басып, өзінің сорын шағып жылайды), қайғылы ел (Қалың сордың қайғылы елі ұлардай шулап тұр екен), қайғылы ой (Кейінгі әңгімеде сол жөнінде, өзінің көп өлеңінде көптен араласқан ел жайындағы қайғылы ойларын таратып айтты), қайғылы ата (Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты), қайғылы қабақ (Сендердей жандар жұбату айта келгенде , Әбішті жоқтай келгенде, мен алғыс айтпасам, астарыңды бірге ішіп, қайғылы қабағымды ашпасам аруақ ырза болмас еді), қайғылы жүз, қайғылы жүрек, қайғылы кеуде, сонымен қатар қуанышқа байланысты, мысалы: қуанышты көңіл-күй, қуанышты жүз/бет- ажар/шырай/өң, қуанышты көздер, қуанышты ана, қуанышты сезім т.б. Мұнда қайғы – адамның күйі ретінде көрінеді.
Ал егер қайғылы/қуанышты күндер, қайғылы/қуанышты уақыт, қайғылы/қуанышты хабар, қайғылы/қуанышты оқиға десек, бұл жерде қайғы мен қуаныш ортаның күйі ретінде көрінеді.
Эмоционалды күй өзге ішкі күйлер сияқты субъект арқылы бақылана алмайды. Сондықтан мынадай императивтер туындауы мүмкін емес: қуан, қайғылан (кейде дәл осылай жанама сөйлеу актісінде айтылады: мұндағы сөздер эмоционалды күй емес, субъект өзі бақылай алатын эмоционалды қатынас).
Эмоционалдық күйдің кей түрлері бақылана алады. Субъект-каузатор болатын каузативті конструкцияларда «бақылау» белгісі бар. Себепті білдіруге кіретін бұл субъект актантпен бірігіп өз әрекеттерін бақылай алатын активті субъект болып табылады: Мен оны қуанту үшін өтірік алдадым. Мұнда эмоционалдық күй субъекті иноактивті [40, 64б].
2.2 Қуаныш және қайғы концептілерінің оппозициялық қатынасы
Қуаныш пен қайғы адам өмірінде араласып жүретін екі түрлі, біріншісі «+», екіншісі «-» таңбаға ие, біреуі жағымды қасиет болып қуанышқа кенелтетін, біреуі жағымсыз қасиетке ие болып мұңға батыратын күрделі эмоциялар. Сондықтан бұлар қарама-қарсы табиғатқа ие болып есептеледі. Кез келген адам танымында олар белгілі бір дәрежеде өзгешеліктері бар ассоциацияларды тудырады. Ассоциация дегеніміз адам психикасының, заттар мен құбылыстардың қасиеттерін байланыстыра алуы. Яғни негіз ретінде берілетін құбылыс ассоцияциялары болып оның түрлі қасиеттері, сипаттары, белгілері, сыртқы көріністері, ішкі әлемі табылады. Қуаныш пен қайғы түрлі жағынан өзгешеліктерге, қарама-қарсылықтарға ие болғандықтан оларды оппозициялық қатынаста қарастыруды жөн көрдік. Сондықтан оларды оппозиция ретінде қарастыру үшін, сөзіміз дәлелді болу үшін қуаныш пен қайғы сөзін айтқанда әркімде туындайтын ассоцияциялардың жиынтығына сүйенуді жөн көрдік. Анкета кіші, орта, үлкен жастағыларға жүргізілді.
ТУЫНДАЙТЫН АССОЦИЯЦИЯЛАР
Орта жастағы адамдар
Аты-жөні, жасы Жынысы Қуанышқа байланысты Қайғыға байланысты
1 Жіңгіш Серікгүл (23жаста) әйел көздің ойнақтауы;
ақ түсті, жылы, жеңіл, тәтті, жас балаға тән;
ақ жауын, көктем жүректің лүпілі;
қоңыр түсті, ауыр, ащы, қарияларға тән;
түнерген аспан, қыс
2 Бәшімбаева Ляйля
(22жаста) әйел қорқу, жылау;
ақ түсті, ыстық, тәтті, жас балаға тән;
жарқыраған күн, жаз күлу, көңіл көтеру;
қара түсті, салқын, ащы, жастарға тән;
сұр бұлт, жаз
3 Әбішева Аида
(22жаста) әйел күлкі;
ақ түс, жеңіл, ыстық, тәтті, жас таңдамайды;
күн, жаз жылау;
қара, ауыр, суық, ащы,
бұлт, қыс
4 Дарханов Айбек
(25 жаста) ер Жымию, ән айту;
ашық түс, жеңіл, ыстық, тәтті, кішкентай балаға тән;
күн сәулесі, көктем зарлау; мұңаю
қара түс, ауыр, ызғарлы, улы, егде адамдарға тән;
боран, суық қыс
5 Сағиев Қанат
(27 жаста) ер асыр салу, алақайлау
ақ пен жасыл түс, жеңіл, жылы, сәбиге тән;
ашық аспан, наурыз айы өксіп жылау;
қара, сұр түс, ауыр, суық, қарияларға тән;
дауыл, боран, қыс
6 Қалмақанова Гүлбаршын
(22 жаста) әйел күлкі, секіру;
ашық қызыл түс, орташа, балаға тән;
жылы күн, көктем жоқтау айту, көз жасы;
сары түс, қарттарға тән;
күз, көктем
7 Кеңес Мадина
(21 жаста) әйел алақайлау, секіру;
ақ түс, жылы, жеңіл, тәтті, жас таңдамайды;
самал жел, көктем көз жасы, уайымдау;
қара түс, ауыр, ащы;
дауыл, күз
8 Жақанов Ағыбай
(20 жаста) ер шаттану, билеу;
ашық түс, жылы, тәтті, орташа;
кемпірқосақ, жаз көңіл-күйдің болмауы;
сары түс, суық, улы,;
үскірік, аяз, қыс
9 Кенжалин Нұрлан
(18 жаста) ер жадырау, құлпыру;
таза ақ түс, ыстық, дәмі балдай, жеңіл;
күннің ашылуы, көктем өлім, о дүниеге кету;
қара түс, суық, ащы, ауыр, зілдей;
бұлт, қар, қыс
Қариялар
10 Оразақов
Мыңжасар
(60 жаста) ер сәбидің дүниеге келуі,
жасыл түс, ыстық, салмағы орташа;
жарқыраған күн, жаз біреуден айырылу;
қара, сары түстер, суық, улы, ауыр;
тұман, дауыл, қыс
11 Ерманова Әлиза
(69 жаста) әйел тойлау, немере сүйу;
ақ түс, ыстық, салмағы жеңіл;
ашық аспан, жаз жоқшылық, аштық;
қара, суық, улы, ауыр;
қара дауыл, ызғарлы қыс
12 Аманқұлов
Жонысбай
(70 жаста) ер қыз ұзату, келін түсіру;
ақ түс, жылы;
көк аспан, күн, көктем қаралы той, өлім;
сары, қара түстер, ауыр;
қатты жауын, аяз, қыс
13 Шағарина
Зияда
(75 жаста) әйел бейбітшілік, дені саулық;
ақ түс, ыстық;
күн нұры, жаз ауру, мұңға бату;
қызыл, қара түстер, ауыр;
боран, қақаған қыс
14 Молдашева Айша
(61 жаста) әйел үлкен той-думан, шаттыққа бөлену;
ақ түс, жеңіл; көктем жалғыздық, жетімдік;
қара түс, өте ауыр;
боран, қараңғылық
15 Сарыбалаев Шоқан
(55 жаста) ер халықпен көрген той;
ақ түс, тәтті, жылы;
ақ жауын, көктем жақын адамнан айырылу, қапалану;
қара түс, ауыр;
ызғарлы қыс
Кішкентай балалар
16 Таубаев Айдар
(5 жаста) ұл билеу, ойнау
алтын түсті, сүттей; тәтті, жылы; далаға жібермеу,
жылау;
17 Қойшин Бауыржан
(7 жаста) ұл қыдыру, туған күнге бару;
тәтті, жылы;
жаз анамның ұрысуы, екі алу; жылау;
18 Нұралиева Алия
(15 жаста) қыз әдемі киім алу, күлу;
тәтті, жылы;
жаз достарыммен ұрысып қалу, адамның өлімі;
ыстық, қара түсті
20 Әшімова Ақерке
(13 жаста) қыз жазғы демалыстар, ауылға бару;
балмұздақтай тәтті;
жаз сұрағанымды әпермеу, адамның өлімі
21 Қанатпаев Әлім
(10 жаста) ұл достарыммен ойнау, күлу;
тәтті, жылы; балалардың мені ұруы, туыстарымның ауыруы;
Осы жүргізілген анкетадан қуаныш пен қайғының өзіне тән қасиеттерінің бар екенін көреміз. Оның өзі кішкентай баланың, орта жастағы адамның және қариялардың ойында, танымында түрліше көрініс табады. Мәселен, кішкентай балада қуаныш және қайғы сезімдерімен байланысты туындайтын ассоцияциялар нақты, анық емес, көмескел, ал орта жастағы және қарт адамдарда туындайтын ассоцияциялар анығырақ, нақтырақ көрініс табады. Кішкентай балаларда қуаныш сезімі ойынмен, демалыстармен байланысты көрінеді, ал орта жастағыларда сыртқы әлем арқылы көрінетін (билеу, ән салу, асыр салу, секіру) құбылыстармен байланысты ашылады. Қарт адамдарда ол немере сүюмен, қыз ұзатумен, келін түсіру сияқты той-думандармен байланысты. Қайғы кішкентай балаларда түсінігінде дұрыс ашыла алмайды, себебі олар әлі толық өмірді көрмеген, өмір жолына енді-енді қадам жасаған таза кейпінде болады. Орта жастағыларда біршама жақсы көрініс табады. Қарттардың ойындағы қайғы аурумен (сол жасқа тән), жақын адамдардан айырылумен, соған байланысты жасалатын кәделермен байланысты ашылады.
Осының негізінде олардың оппозициялық қатынасы жасалды.
Қуаныш және қайғы концептілерінің ассоциативтік өрісіне енетін сөздердің оппозияцилық қатынасы:
Құбылыстар
Қуаныш
Қайғы
1 өткінші эмоциялар
күлу/жымию жылау/зарлау
2 күрделі эмоциялар көңіл-күйдің көтеріңкілігі көңіл-күйдің болмауы
3 психикалық күй
шаттану, жадырау,
асыр салу мұңаю, уайымдау,күйзелу, жабығу
4 табиғи болмыс адамның дүниеге келуі (өмір) адамның дүниеден өтуі
(өлім)
5 үлкен шара
той-думан, мейрам қаралы той
6 физикалық параметрлері мен қасиеттері:
символ, түс
температура
салмағы
дыбыстық қасиет
дәмдік қасиет
оптикалық қасиет
ақ, ашық түстер
жылы
жеңіл
шу
тәтті
ашық
қара, сары
суық, ызғарлы
ауыр
тыныштық
ащы, улы
тұманды
7 жас мөлшері
жас балаға тән қарт, егде адамдарға тән
8 физикалық күй
дені саулық,
семіру ауру/дерт/індет,
азу/жүдеу
9 әлемдік құбылыс
бейбітшілік соғыс
10 белгілі бір сенімділікке негізделген дүниетану түсінігі
оптимизм
өмір сүргің келу
писсимизм
өмір сүргің келмеу
11 соңғы бір күйге бағытталған мақсаттың нәтижесі
жеңіс
жеңіліс
12 хабар
жақсы хабар
сүйінші сұрау қаралы хабар
көңіл айту
13 әлеуметтік күй
көпшілік жалғыздық/жетімдік/жесірлік
14 географиялық орта
өз туған жерің жат жер
15 хал-жағдай
молшылық, тоқтық жоқтық, аштық
16 эволюциялық даму
өсу, өркендеу қуару, солу
17 ауа райы
Күн, күн сәулесі түн, бұлт, дауыл, боран, аяз
18 жыл мезгілі
көктем, наурыз айы Күз, қыс
1) Қуанышқа кенелген адам күледі, жымияды, қайғырған адам жылайды, зарлайды. Бұл адам танымындағы жағымды және жағымсыз құбылыстарға байланысты туындайтын сыртқы өткінші эмоциялары.
2) Қуанған адамның көңілі көтеріледі, қайғырғанның көңілі болмайды.
3) Екеуіне де психикалық күйлер тән: біріншісіне шаттану, жадырау, асыр салу, екіншісіне мұңаю, уайымдау, қобалжу, жабығу тән.
4) Әлемнің бейнесінде өлім мен өмір қарама –қарсы, кейде бірінен кейін бірі жүретін үрдіс ретінде есептеледі. Сондықтан да бірі қуанышпен, бірі қайғымен байланысты.
5) Қуанышты халық той-думан, мейрам жасаса, қайғырған адам өлікті шығарады, қаралы той жасайды.
6) Қуаныш түсі ақ (себебі ақ түс– тазалықтың, пәктіктің символы, ана сүті), көгілдір (көк , ашық аспанның символы) болып табылады. Қайғы қара түсті. Қара – қайғырған адамның киетін киімі (орыстарда: похоронное платье, қазақтарда қара жамылды деп айтады), жоқтау айтқанда жайлып тұратын шаштың түсі, қараңғылық пен қорқыныштың түсі.
Қуаныш жылы, кейде ыстық болады, қайғы салқын, суық.
Қуаныштың дәмі балдай тәтті, қайғының дәмі ащы және улы.
7) Қуаныш пен қайғыны жалпы шартты түрде алғанда белгілі бір жас мөлшеріне тән деп айта аламасақ та, халқымыздың ұғымында қуаныш балалықпен байланысты болса, қайғы кәрілікпен байланысты.
8) «Денсаулық– ең басты байлық» болғандықтан еш жері ауырмайтындар қуанышқа жақын болады, ал жазылмас ауру – ең үлкен қасірет болып табылады. Қуаныштан, шаттықтан адам семірсе, қайғы мен уайымнан арықтайды.
9) Ауқымды түрде алатын болсақ, қуаныш ол әлемде орнаған бейбітшілік, ал қайғы соғыс.
10) Қуаныш адамды алға қарай ұмтылдырады, алдында жарқын болашақ күтіп тұрғандығы туралы сенімді қалыптастырады. Ал қайғы, керісінше, өмірден түңілдіреді, болашаққа деген сенімділікті жояды.
11) Жеңгендер қуанады, жеңілгендер қайғыруы мүмкін.
12) Жақсы хабар, сүйінші сұрау қуантады, қаралы хабар, көңіл айту мұңайтады.
13) Қазақ халқы: «көппен көрген – ұлы той» деп, бекерге айтпаған, қуаныш, той-думандар көпшілікпен бірге қарсы алынады. Ал қайғы, әсіресе, жалғыздықта қатты жанға батады. Жалғыздық, жетімдік, жесірлік – жақын адамнан айрылуды білдіреді.
14) Өз туған жерінде жүрген адам қуанады, жат жерде жүрген елін аңсап қапаланады, қайғырады.
15) Қуаныш молшылықты, тоқтықты білдірсе, қайғы жоқтықты аштықты білдіреді.
16) Қуаныш адамды өсіреді, өркендетеді, қайғы керсінше, солдырады, қуартады.
17) Күннің жарқырауы, аспанның ашықтығы қуантады. Ал ауа райының бұзылуы, бұлттың қаптауы, дауыл, боран, аяз қайғыға тән.
18) Қуаныш көктемнің, жаздың келуімен, көктің шығуымен байланысты да,қайғы аязды қыспен, сарғайған күзбен байланысты ассоцияланады.
2.3 Қуаныш және қайғы концептілерінің парадигмалық қатынасы
Анализ процесінде біз «қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің эволюциясында екі сатыны көреміз. Бірінші сатыда олар – ұрық болса, екінші сатыда тамырын тереңге жайып, барынша ашылады. С.Р.Сүгірбекова «Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романындағы контраст концептілері» деп аталатын кандидаттық диссертациясында бұл екеуін «две теснейшим образом связанных части: концепт – 1 и концепт – 2» [42, 20б] деп атайды. Кез- келген тілдік бірлікті талдау жасауды, ол сөз болсын немесе ол концепт- сөз болсын, оның мағынасына назар аударып, оны ашудан бастаймыз. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде қуаныш сөзінің толық мағынасы былайша берілген:
Қуаныш зат. 1. Бір нәрсеге қуану сезімі; шаттық, көңілділік.
2. Ауыс. Біреудің көңілге медеу тұтарлық нәрсесі; жұбанышы, қызығы, арқа сүйері.
Бойын [бойды] қуаныш биледі. Шатыққа бөленді, жаны жадырады.
Кеудесін [көкірегін] қуаныш кернеді. Шаттыққа бөленді, көңілі тасыды.
Көз қуаныш. Риза боларлық, сүйсінерлік.
Қуаныш әкелді. Қуантты, қуанышқа кенелтті, мәз етті.
Қуаныш білдірді. Бірге қуанды, қосыла қуанды
Қуаныш етті. Қуанды, мәз болды.
Қуаныш көрді. Бірге қуанды, мәз болды.
Қуанышқа батты. Қуанды, мәз болды, шаттанды.
Қуанышқа бөледі. Қуантты, мәз етті.
Қуанышқа бөленді. Қуанды, шаттанды, мәз болды.
Қуанышқа кенелді. Мәз болды, шаттанды.
Қуаныш құтты [қайырлы]болсын! Қуанышты адамға (семьяға) айтылатын тілек.
Қуаныш қылды. Қуанды, мәз болды.
Қуаныш оты жарқ етті [көрінді]. Қуанғандықтың белгісі байқалды.
Қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады.Қатты қуанды, шаттанды.
Қуанышы қойнына сыймады. Шаттыққа бөленді, мәз болды.
Қуанышында шек жоқ [шек болмады]. Қатты қуанды, шатыққа бөленді.
Қуанышын жасыра алмады [ішіне сыйғыза алмады]. Мәз болды, шаттанды.
Қуанышынды жер көргір! «Жастай солғыр» деген мағынадағы қарғыс (Балаға айтылады).
°Қуаныш дастарханы
Қуаныш- күйініш зат. Қуанышы да, күйініше де, екеуі де.
Қуаныш-қайғы зат.Қуанышы мен қайғысы, екеуі де.
Қуаныш-реніш зат. Қуанышы мен реніші, екеуі де.
Қуаныш-сүйініш зат. Қуанышы да, сүйініші де, екеуі де.
Қуанышсыз сын. 1.Қуанышы жоқ; қайғысы көп. 2. үст. Қуаныш сезімін бастан кешпей; қуанбай-ақ.
Қуанышта ет. Қуаныш ету, қуану.
Қуаныштау. Қуанышты атау.
Қуанышты сын. Қуанышы мол; ризалық сезімге бөленген.
Қуаныштылық зат. Қуанғандық, шатыққа бөленгендік [43, 384-387].
Ал Орыс тілінің түсіндірмелі сөздігінде (ред проф. Д.Н.Ушаков т.ІІІ, –М., 1939, стлб. 1110) қуанышқа мынадай анықтама берілген: «Радость – 1. Чувство удовольствия внутреннего удовлетворения, веселое настроение».
Степановтың айтуынша, «қуаныш орыс және әлемдік мәдениетте нашар сипатталған, Г.Честертон сөзімен айтқанда: «ұстап алу мүмкін емес материя» (неуловимая материя) [29, 445б].
Сонда қуаныш – біріншіден, болған оқиғаға не нәрсеге шаттанып, көңіл көтеріліп қуану сезімі, яғни мұнда ол бір нәрсенің салдары, екіншіден, ол біреудің ең «қымбат» нәрсесі, жұбанышы, қызығы, арқа сүйері, яғни себептің өзі болып табылады. Ол мынадай етістіктермен тіркеседі: (қуаныш) әкелді, білдірді, етті, көрді, қылды; (қуанышқа) батты, бөледі, бөленді, кенелді. Күйініш, қайғы, реніш, сүйініш сөздері арқылы қос сөз жасайды.
ҚАЙҒЫ зат 1 Күйік, Қасірет, мұң-шер.
2. Ауыс. Бір нәрсенің қамын жасаудағы машақатты әрекет.
Бас қайғы. Жан сақтаудың амалы, әрекеті.
Басымен қайғы. Өз жайымен өзі әуре.
Жан қайғы. Бас сақтау, аман қалудың әрекет-қамы.
Қайғы басты. Мұң- шер меңдеп, көңіл-күйі жабықты, қамықты.
Қайғы жеді. Мұңға батып, уайымдады.
Қайғы тартты. Күйік-шерге батты, қамықты.
Қайғы шекті. Қасірет тартты.
Қайғы-дерт. зат. Жан күйзелткен мұң-шер, қасірет.
Қайғы-зар. зат. Шерлі күйік, уайым.
Қайғы – қасірет. зат. Басқа түскен шерлі, мұңдыауыр жай.
Қайғы-мұң. зат Қасіретті күйік-шер, уайым.
Қайғы-шер. зат. Қасіретті көңіл күйігі [44, 520-522].
Қайғы – болған оқиғаға немесе нәрсеге күю, қасіретпен мұң-шер шегу, көңілдің түсіп мұңаю сезімі; бір нәрсені жасаудағы машақатты әрекет. Ол мынадай етістіктермен тіркеседі: (қайғы) басты, жеді, тартты, шекті, шақты, батты, шекті. Дерт, зар, қасірет, мұң, шер сөздері арқылы қос сөз жасайды.
Жоғарыдағы сөздерге сөзікте берілген түсіндірмелер – қарапайым, алғашқы, жалпы түсініктер. С.Р.Сүгірбекованың анықтауынша бұл түсінікте сөздің ұғымдық құрылымының кейінгі даму үрдісі толық бағдарланған, олардың барлық мағыналарының эмбрионы. «Концепт–1 впервые проявляется тогда, когда человек на оснований первичного представления об объекте действительности дает имя этому объекту, но еще имеет сложившегося мнения о нем. Концепт–1 не оформлен в ментальный образ, не развернут в понятие, поэтому и является «неуловимым мельканием в умственном кругозоре» [42, 20б]. Сонымен, қуаныш – 1, қайғы – 1 қуаныш – 2, қайғы – 2-ге дейін дамып, әр контекстте керекті мағынаны беріп отырады. Екінші деңгейдегі концептілерді сипаттаудың, талдаудың орасан көп жолдары мен тәсілдері бар.
Зерттелетін концептілердің құрылымының негізі ретінде келесі концептуалды белгілердің топтары алынады: «кеңістіктік» (жоғары/ төмен ), «уақыт», «сындық», сыртқы келбет, ауа райы, витальді (тіршілік иесіне тән) қасиеттердің болуына, жас мөлшеріне байланысты, зооморфты, отқа, сұйықтыққа, санаға, жүрекке байланысты белгілері, жұмбақ ретінде көрінуі.
Белгі – концептінің ең кішкентай бірлігі, «ұқсастықтың негізінде бекітілетін танылған мен танылмаған арасындағы жақындық» (Пименова).
1) Адам психикасы туралы көрініс оның кеңістіктік сипаттауларымен (жоғары және төмен ) ассоциацияланады. Осы заңдылықтарға эмоциялар да бағынады. Жағымды эмоциялар жоғары қарай бағытталған қозғалыстармен, жағымсыз эмоциялар төмен қарай бағытталған қозғалыстармен байланысты кездеседі.
Шын мәнінде адамдардың көңіл-күйін, эмоциясын, сезімдік қатыстарын жеке сөзбен өлшеп, пішу мүмкін емес. Әрбір жеке адамдардың өзіндік қабылдауынан туатын сезімдік «әлем бейнесі» әсерінің көрінісі лексикаға қарағанда , фразеологизмдердегі эмоция мен экспрессияда анағұрлым көбірек қамтылады. Сондықтан да фразеологизмдерге жүгінуді жөн көрдік. Қазақ тіліндегі қуануға байланысты айтылатын фразеологизмдерде ол былайша көрініс тапқан: «қуаныштан секіру»; «төбесі көкке жету»; «төбесі көкке екі елі жетпеу»; « бөркін аспанға ату»; «көңілі көтерілу»; «тұла бойы алып ұшу» т.б. (орыс тілінде: «прыгать от радости», «чувствовать себя на верху блаженства», «чувствовать себя на седьмом небе», « летать радостью/от радости»)
Ал жағымсыз эмоциялар төмен қарайғы қозғалыстармен байланысты: «белі бүгілу», «жер таяну», «қайғыға бату», «қайғы басу» (орыс тілінде: «сгибаться от горя»). Тұтастық не түзу қалыптың бұзылуы да жағымсыз болып есептеледі : «қабырғасы сөгілу[ қайысу],[қақырау]»; «көкірегі қарс айырылу»; «жер бауырлап жатып алу» ( орыс тілінде: «горе его согнуло», «горе его не сломало»).
Қуаныш шексіз, ауқымды нәрсе ретінде де көрінеді: «қуанышында шек жоқ», «қуанышы қойнына сыймау», «қуанышын ішіне сыйғыза алмау»(«быть вне себя от радости», «и мир не вмещает радость его»).
2) Қайғы концептінің уақыт белгілерін білдіретін тобы мынадай белгілерді қамтиды: ұзақ, келешек, күн, жұма, уақыт, сағат, ендігі.. Мысалы: Ол бұл күнде сарылып отыратын ұзақ қайғыдан айрылған (М.Ә.). Екі жыл бойында ұзақ қайғы- қасірет шеккен сол Мағыш, өзінің ғашық жары Әбішіне берген сертін енді міне орындады (М.Ә.Абай жолы). Кемпір келешекте көзі көретін ауырлықтың , қайғының бәрін де көз алдына анықтап келтіріп, ішінен « осының бәрін көретінім рас, осындай азап, қасірет тартатыным шын» деп бас иіп отыр (М.Ә.Қорғансыздың күні). Алғашқы қайғылы күндегі Қасымның қадірі де ұзақ болған жоқ еді (М.Ә.Жетім). Абай осы аз ғана жұмалар ішінде өзі кешкен қайғы мен өшкен жандар жайын ойлап, жалын ата күрсінді(М.Ә.Абай жолы). Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған: ізі қалған жоқ (М.Ә.Қорғансыздың күні). Кәрі кеудесінен жаны шыққанша, Қасымғы ендігі қайғының қаншалық ауыр болатынын біліп, бұның сорлы болған пішінін көруге өзінің көзі шыдамай, есіркеп, барлық күшін жиып, езу тартып күлген сияқтанып жатып еді (М.Ә.Жетім).
Қуаныш концептінің уақыт белгілерін білдіретін тобы: дәурен. Мысалы: Қияда болса да қуантар дәурен келеді (М.Ә.Жетім).
3) Қайғы концептінің сындық, сапалық белгілерін білдіретін тобы: қалың, ауыр, ащы, улы, бұрынғы, жаңа, неше түрлі, шын, қапалық. Мысалы: Жол үстінде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар (М.Ә.Жетім). Нелер ауыр қайғы, қажытқан уайым, шаршатқан қасірет, жаулықың да талай-талай уланған қастығы еске түседі (М.Ә.Абай жолы). Бірақ бәрінен ауыр, бәрінен ащы, бәрінен улы қайғы не?. (М.Ә.Абай жолы). Бұрынғы қайғының бәрінен жаңа қайғы күшті болды. Неше түрлі қайғы бар, бишараның басында (М.Ә.Абай жолы). Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді (М.Ә.Жетім). Арамызда екеуімізді қоспай тұрған ауыр сырым, қапалық қайғым, қатал тағдырым сол дедім ғой (М.Ә.Абай жолы).
Сонда қайғының тығыздығы қалың, салмағы ауыр, дәмі ащы, улы, шын, қапалық.
Қуаныш концептінің сындық, сапалық белгілерін білдіретін тобы: ыстық, көп, шын.
Мысалы: Әр өңірге сәл тоқтаса, нелер ыстық қуанышты елес береді (М.Ә.Абай жолы). Сол ретте Әбіш пен Мағаш арасындағы ойда жоқ күйден туып ұлғайған мол махаббат жайын Дәрмен көп қуаныш етіп тамашалайтын (М.Ә.Абай жолы). Көп бөтен жұрт арасында, іздеген Абайларын жаңа тапқан екі қарт, шын қуанышты сияқты (М.Ә.Абай жолы).
Сонда қуаныштың температурасы ыстық, саны көп, шынайы.
4) Эмоцоиналдық күй туралы сыртқы келбет хабардар ете алады. Адамның жүзіне, көзіне, бет- ажарына қарап- ақ дәл қазір қандай күйде отырғанын айтуға болады. Ол оның басына түскен қайғысын немесе қуанышын білдіре, көрсете алады. Қуанған адамның «көзі шырадай жанып», бет- жүзі жадырып «екі езуі құлағына жетеді». Ал мұңайған қайғы азабын шеккен адамның бетінде бейнет пен азаптың ізі іспетті әжімдер пайда болады, жылай- жылай көзінің оты сөніп үлкен уайымда болады.
Адамның бет-ажарынан көрінетін қуаныш сезімі: «Өзге өзгеңді не қылайын, Біржан аға» – деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады (М.Ә.Абай жолы).. Туыстары Абайды жарқын жүзбен, қуанып қарсы алды. «Жетеріне жеткен шығар- ау» деп қуанып қарайтын еді өзіме (М.Ә.Абай жолы).Қуаныш, бақыт араласқан жарқын жүзбен қатты күрсінді (М.Ә.Абай жолы). Өзінің ішінде жүрген бір қуанышын ірке алмай, жасыра алмай, жарқырап білдірді (М.Ә.Абай жолы). Осы күйі, бір ғана сәт жалт еткен, сәл қуаныш жүзі екен. Олардың кейіске, ренішке толы ажымды жүздеріне қазір бір сәтке ашық сәуле түскендей, қуанышқа сүйсінген елес білінеді (М.Ә.Абай жолы). Бірақ оқыған жігіт жүзінде бұндай қуаныш жоқ (М.Ә.Абай жолы).
Ресей психологы Е.П.Ильин К.Г.Ланге зерттеуіне сілтеме беріп, қуанышқа сипаттама береді: «Она сопровождается возбуждением двигательных центров, приводящим к разряду моторного возбуждения (жестикуляция, подпрыгивания, хлопанье в ладоши), усилением кровотока в мелких сосудах (капиллярах), вследствие чего кожа тела краснеет и становится теплее, а внутренние ткани и органы начинают лучше снабжаться кислородом и обмен веществ в них начинает происходить интенсивнее» [45, 162б]. Қуаныштың объективті симптомы– терінің қызаруы. Л. Иорданской и С.Паперно ойынша, бұл өзге эмоциялармен қатар қуанышты да білдіреді. Мысалы: Нұрлы қызыл жүзі іш қуанышымен, шын рақатымен жадырағандай, жайнай түседі (М.Ә.Абай жолы). Оның жүзінде шапақ атқан, ақ- қызыл қуаныш ажары бар (М.Ә.Абай жолы). Молда пішін, мүләйім боп отырса да, Тәкежан қып-қызыл боп қуанып кетті (М.Ә.Абай жолы).
Э.Изард Кэррол «Эмоциялардың психологиясы» еңбегінде: «Жымию мен күлкі сияқты көріністер оңай түрде ашылады және әрқашанда қуаныш эмоциясы екендігін куәлендіреді» – дейді [46, 150б]. Мысалы: Екі езуі құлағында <екі езуі құлағына жету> (фраз.). Ел жүзінде, қазіргі ақын түсіндегі, ән үстінде езу тартқан жарастық күлкідей боп, шат қуаныш күлкі көрінеді Абай көзіне. Сыпайы күліп, қуаныш ете қарап отыр (М.Ә. Абай жолы).
Қуаныш эмоциясының активті «локализаторы» – көз. Қатты қуаныштан адам тек қатты күліп қана қоймайды, жылауы да мүмкін. Қуанған адамды «көзі шырадай жанды» деп айтады. «Көз қуаныш» деген де түсінік бар. Орыс тілінде: глаза сияют/светятся/блестят от радости.
Қайғының белгілері де адамның қас-қабағынан, көзінен, әжімдерінен белгілі болады. Мысалы: Мұңлы кемпірдің шер-уайыммен сарғайған жүзі, қайғымен түксиген қабағы бір қалыпты қатқандай, тасқа түскен таңба секілді (М.Ә. Оқыған азамиат). Сендердей жандар жұбату айта келгенде , Әбішті жоқтай келгенде, мен алғыс айтпасам, астарыңды бірге ішіп, қайғылы қабағымды ашпасам аруақ ырза болмас еді (М.Ә.Абай жолы). Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған: ізі қалған жоқ (М.Ә. Қорғансыздың күні). Оның да жұп- жұқа сұлу майда жүзінен ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да: «Жұбата алмаймын, қымбаттым, жалған айта алмаймын сізге көгершінім! Ғабдрахимнің саушылығы қуантпайды, не шара, не шара!?» дейді (М.Ә.Абай жолы) . Күз күніндей жабырқап жүдеп, қабағы қатқан қайғыда (М.Ә.Абай жолы) . Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, жиырылып тұр (М,Ә, Жетім). Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары, қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә (М.Ә, Қорғансыздың күні).
Көз – адамның эмоционалдық күйін, оның барлық ішкі болмысында болып жатқан процестерді көрсете алатын қасиетке ие орган. Көзінен ыршып шығатын көз жасы – қайғының символындай. Тіпті, қатты қайғырған адамның жылап көз жасын төгетіні соншалық, ол тіпті екі көзінен айырылып қалатындығы туралы өмірде болған шынайы оқиғалар да кездеседі. Жақыны о дүниеге аттанғанда, жазылмас дертке ұшырағанда, қайғылы оқиғаларға тап болғанда көз жасын төгу – мұңға батудың, қайғыға ортақтасудың, аяушылықтың белгісі .
Мысалы: Көкірегі қайғылы, көзі жасты (фраз.). Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді (Ж). Ал Абай қайғысы үшін қан жылауға бар (М.Ә.Абай жолы) . Оның да жұп- жұқа сұлу майда жүзінен ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да: «Жұбата алмаймын, қымбаттым, жалған айта алмаймын сізге көгершінім! Ғабдрахимнің саушылығы қуантпайды, не шара, не шара!?» дейді (М.Ә.Абай жолы) . Мал ұсталғалы басында қайғыртып жылатып, кішкене сорлы жетімнің ішіне у болып жиналып жүрсе де, әрі- беріден соң ол қайғы бөлек қалды (М,Ә, Жетім).
Сонда қуанған кезде адамның жүзі жарқырап, езу тартып, көзі шырадай жанса, қайғылы кезде бетінде әжім пайда болып, қабағы түсіп ағылып кеп жылайды. Яғни қуаныш пен қайғы сезімдері адамның сыртқы келбетінен көріне алады.
5) Қайғы концептіндегі ауа райының белгілерін білдіретін топ: аяз, жауу, дауылдың қара бұлты.
Мысалы: Жамбасына аяздай бату (фраз.). Жетім-жесірге ес болып отырған кемпір, басынан қара тұман айықпай үсті- үстіне қайғы жауып, қабат қаза көрген соң, Құдайға, тағдырға нанған көңілмен бір уақыт шын жалбарынып, назаланып: «Құдай- ау, не күнә сұмдығымнан осындай қаза душар қылдың? Не жазығым бар еді?»– деп меңіреу дүниеге сұрақ қоюшы еді (М.Ә. Қорғансыздың күні). Дауылдың қара бұлтындай болып, әдейі басына арналып келе жатқан қайғы – қасіретті көріп, соның алдынан айласыз- әлсіз күйде өзінің отырғанын біліп тұрса да, кемпірдің жүзінде үлкен сабыр бар (М.Ә. Қорғансыздың күні).
Қуаныш концептіндегі ауа-райының белгілерін білдіретін топ: саябырлап басылмау, бұлттың аспан арасынан тууы.
Мысалы: Әзір саябырлап басылмаған қуаныш бар тәрізді (М.Ә. Абай жолы). Бұлтты аспан арасынан, қуаныш, сәулелі, күлкілі, жүзі бар Абайдың жалғыз ғашығы – Тоғжан жүзі туды (М.Ә. Абай жолы). Жаңағы жалтыраған күншуақты қуаныш сәулесін енді күдік пен дерттей, соңғы ойлар бұлттары бүркеп басып барады (М.Ә. Абай жолы).Павлов әкелген осындай үмітке толы ойларын Абай көңілінің ендігі жүдеу күйіне алыс та болса, өте жарық қуаныш сәулесін салғандай болады (М.Ә. Абай жолы).
Қайғы суық аяз, даыулдың қара бұлт, жауған қардай болса, қуаныш керісінше, оған оппозициялық қатынаста болып, бұлтты аспан арасынан туған сәулелі күн, саябырлаған жел ретінде көрінеді.
6) Концептілердің витальді (М.М.Агиенко термині) белгілерінің болуы олардың тіршілік иесіне тән қасиеттердің бар екендігін көрсетеді. Алайда Степанов: «Шындығында үнді- еуропа тілдерінде «қуаныш», «қайғы», «мұқтаждық» т.б. сияқты абстрактілі зат есімдер күнделікті сөйлеуде ешқашан бастауыш позициясында, яғни айтылудың субъекті ретінде келмейді; ал егер ол келетін болса, сөйлеудің көтеріңкі стиліндегі әдеби персонификация екендігі анық көрінеді» [29, 446б] – дейді. Автор бұларды «әдеби метафоралар» деп атайды.
Қайғы концептісінде тіршілік иесіне тән (кейіптеуге тән) белгілер бар: қайғы жетелеп, дедектетіп келеді, сындырады, отын өшіреді, әл-қуатын әкетеді, жан ұшыртып алып келе жатады, келеді, қайғыға тізгін бермеу, қайғыны жеңу.
Мысалы: Бұл уақытқа шейін Қасымды қайғы, жазықсыздық, ашу жетелеп, дедектетіп келіп еді (М.Ә. Жетім). Қайғы Абайды соншалық сындырып, «кеудедегі саулап жанған өнер отын да өшіріп кетті ме?» деген күдіктер, Дәрмен сияқты дос інінің ойына жиі келетін (М.Ә.Абай жолы). Ол әл- қуатын әкеткен қайғы соңында (М.Ә. Абай жолы). Осы сияқты ауыр мезгілде Қасымды тау ішінде жетімдік қайғысы жан ұшыртып алып келе жатты (М.Ә.Жетім). Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме (Абай). Қайрат деген қыран бар, қайғыға тізгін бермейтін (Байдалы би). Қайғыны қайратты жеңеді (мақал).
Қуаныш концептісінде тіршілік иесіне тән (кейіптеуге тән) белгілер болады.
Мысалы: Бұл білген дүниеде, бұл оралған ортада, қазақтың қалың көпшілік қауымында, сол жаңағыдай қуанышқа құшақ жая, қуана басқан халық бар ма, қауым бар ма? (М.Ә.Абай жолы)
Орыс тілінде бұл мынадай предикаттар арқылы беріледі: радость рождается, шевелится, растет, живет, просыпается, затихает, умолкает.
7) Халқымыздың түсінігінде «жас балаша қуану», «қарт адамдай қайғыру» деген ұғым бар. Осының өзі қуаныш пен қайғының белгілі бір өмір кезеңдерін – балалықты, қарттықты білдіруімен байланысты.
Қуаныш пен қайғыны жалпы шартты түрде алғанда белгілі бір жас мөлшеріне тән деп айта аламасақ та, халқымыздың ұғымында қуаныш балалықпен байланысты болса, қайғы кәрілікпен байланысты. Сол себепті де қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілейді. Қуаныш концепті көбіне уайымсыз- қайғысыз балалық, жастық шақты елестетеді.
Мысалы: Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды (М.Ә.Абай жолы). Абай бір шақта, жас сұлудың жүзінің бала қуанышын көрді (М.Ә.Абай жолы). Қаршыға қызығы үшін емес, Абайдың жеңілдігін, балаша қуанғанын мазақ етіп, мысқылдап келе жатыр (М.Ә.Абай жолы). Мынау Ботақан ошағында, бала шағынан талай жазды бастан кешірген неше алуан қуаныш, шаттық, күйініш, кейіс кездері ойына үзік- үзік түсіп өтеді (М.Ә.Абай жолы). Абай шешесіне дән риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты (М.Ә.Абай жолы).
Қайғы концепті керісінше егделікпен, қартайған шақпен, көп бейнет пен азап шеккендікпен байланысты кездеседі. Мысалы: Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, жиырылып тұр (М.Ә.Абай жолы). Қасым сол күнгі жылауынан бастап, үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті (М.Ә.Жетім). Көңілі күпті, қайғы басқан қартқа айналып барады (М.Ә.Абай жолы). Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары, қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә (М.Ә.Қорғансыздың күні). Беті- түсі айқын болмаса да, әр заманда, әр жерде күңіреніп, қайғы шеруін тартып жатқан кәрі әжесі сияқты, көп жасаған, көп қайғыны көрген, үлкен бір шері бар (М.Ә.Абай жолы). Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты (М.Ә.Абай жолы). Жалғыз-ақ құлазып тұрған иесіз үй, жетімдіктің суреті секілденіп отырған қайғылы кемпір үйге кірген сайын, иығын көтертпейтін сияқты.
8) Зооморфты метафоралар белгісін құрайтын топ: жылан.
Қайғы жылан кейпінде елестейді. Мысалы: Қайғы деген жылан бар, өзекті шағып өртейтін (Байдалы би).
9) Қайғы концепті от стихиясымен байланысты. Қайғы туралы көптеп кездесетін фразеологизмдердің өзі осыған куә: жүрегі от [өрт] боп жану; іші бауыры өртену; іші оттай күю [жану]; кеудесі өртену т.б.
Мысалы: Не десем саған еп,
Ғашығың да қайғы жеп.
Өртенген жүрекке,
Бір көрген болар сеп (Абай)
Мысалы: Соңғы алты ай ішінде, барлық жалын атқан қайғысы – жалғыз баласы Құтжан жайы (М.Ә.Абай жолы). Мынау үлкен балам жазылмай, тағы да қайталап жазым боп кетсе, әйелім мен шешем обадан бұрын қайғы- қасіреттен өртеніп өлетін (М.Ә.Абай жолы). Қайғы болды күйгендей ол қуатым еді рас (Абай).
Қуаныштың да біршама отпен байланысы мынадай фразеологизмдерден көрінеді: қуаныш оты жарқ етті; көзі шырадай жанды; өлгені тіріліп, өшкені жанды т.б.
Осы көрсетілген мысалдардан шығатыны: қайғыға кенелген адамның оттай күйуі, өртенуі, жануы ұзақ процесс ретінде сипатталса, қуанышты адамның қуаныш оты жарқ етуі, көзі шырадай жануы, өлгені тіріліп, өшкені жануы қайғыдағыдай ұзақ процесс емес, тез күтпеген кезде болатын құбылыс. Сонымен қатар осындағы қайғы сезімімен бірге жүретін от, жану сөздері көбінесе адамның ішкі әлемімен, көзге бірден көрінбейтін ішкі сырымен (жүрегімен, іші бауырымен, кеудесімен) байланысты болса, қуаныш сезімімен бірге жүретін осы сөздер адамның сыртқы бет-бейнесінен көріне алады.
10) Қазақ халқының танымында қайғы сұйықтық ретінде ұғынылуы мен елестетілуі орын алған.
1) ҚАН. Қайғымен қан жұту; қасіретпен қан жұту; қан жұту (фраз.). Мысалы: Бетінен осылар үшін қан ағып, жүзіне таңба түскенде « қаным да бұлардың қайғысына араласты, текке кетпесін!..» деп бекіген (М.Ә. Абай жолы). Ал Абай қайғысы үшін қан жылауға бар (М.Ә. Абай жолы).
2) Осы топқа енген «қайғыға» қатысы бар етістіктер көбінесе сұйық заттарды білдіретін сөздермен бірге айтылғандықтан, «қайғының» бойында сұйықтыққа тән қасиет барын көреміз. Мысалы: Көкірегі шерге толу; шер жұту (фраз.). Кемпір бәрін айтып жылап, қызы мен келіні ішінен тынып, қайғы жұтып отырған күйін ойлағанда, азырақ сілкінгендей болды (М.Ә.Қорғансыздың күні).
3) «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» – деп Абай атамыз айтқан. Шыныменен -ақ, қатты қайғырған адам зарлап, аңырап, ағылып кеп жылайды. Оның бәрі көзден жас болып ағады. (Ол туралы жоғарыда айтылды).
11) Сананың қуанышқа, қайғығы реакциясы – «есі кету» (көп мағыналы фразеологизм) ретінде көрінеді. Адамның қуаныштан да, қайғыдан да есі кетеді. Осыған байланысты орыс тіліндегі фразеологизмдер: обезуметь от радости, обалдеть от радости, не помнить себя от радости, потерять рассудок, потерять голову (ср. головокружительная радость). «Санамен сарғаю» деген де фразеологизм бар.
12) Жүрек – эмоциялар орын табатын орган. Қайғырған адамның «жүрегі қарс айырылады», «жүрегіне ине шаншылады», «жүрегі қысылады». Қуанған адамның «жүрегі атша тулайды», «қуаныштан жүрегі жарыла жаздайды» (орыс тілінде: сердце затрепетало, сердце готово выскочить из груди, сердце вырывается из груди, сердце бьется / стучит / колотится, сердце подпрыгивает). Субъектінің барлық эмоцияларының жиынтығы сондықтан да жүрек пен жан ішіне орналасады. Мысалы, жүрегі от болып жанды, жүрегіне ине шаншылды, жүрегі атша тулады, жанына батты, жаны қалмады т.б. (мысал жаз-идиома)
Қуанған кезде қуаныш адамның жүрегінде паналайды: Мысалы: Жүрегін толтырған қуаныш та, назды мұң мен толқынды ыстық ой да – барлық пердесіз, қалтқысыз шынын осы әнге табыс еткен (М.Ә. Абай жолы).
13) Қайғы да, қуаныш та аудиалды (вербалды) тәсілмен беріледі. Себебі адам өзінің физикалық кейіпі мен ішкі сезімін, қайғысы мен қуаныш сезімін тіл арқылы жеткізе алады. Қазақ халқы ертеден- ақ «қуанышты бөліссе – көбееді, қайғыны бөліссе азаяды» деп сенген. Өйткені жеке- дара табиғат аясында жүріп көрген, болмысына сіңірген әр түрлі жағымды, жағымсыз әсерлер қалайда сыртқа шығуы керектігін қазіргі медицинаның өзі дәлелдеп отыр. Елге, қауымға жетсе ғана, шаттанған, мұңайған жеке тұлғаның жан дүниесі босайды, жеңілденеді, еркіндікке сүйсінеді. Сондықтан да адам «қуанышы қойнына сыймай», «қуанышын ішіне сыйғыза алмай», «қуанышын жасыра алмай» жақсы хабарды елге жаяды. Мысалы: Енді өзім білген жақсатымды айтайын, Абай аға! – деп алып, ол Абай мен Дәрменді анық көңілдендіріп, қуантарлық хабарды бастады (М.Ә.Абай жолы).
Адам басына төнген қайғысын да өзгеге айтып босату – қайғымен қош айтысудың жалғыз және қажетті тәсілі. Мысалы: Шұбар бұған келгенде: «Қиыны осы болар- ау», «Қайғысын көпке паш қып еді» (М.Ә.Абай жолы). Кейінгі әңгімеде сол жөнде, өзінің көп өлеңіне көптен араласқан ел жайындағы қайғылы ойларын таратып айтты (М.Ә.Абай жолы). Ғазиза да екі шешесімен қосылып, жүректерін жеген қайғыларын сыртына шығарып сөйлескенде, бұрынғы өткен күндерін сағынушы еді (М.Ә.Қорғансыздың күні). Осындаймен қайғыны айтам деп, қайдағыны кезетін қаңғыма сөздер көбейген (М.Ә.Абай жолы).
Вербалды түрде жеткізілетін хабардың өзі қуанышты хабар және қайғылы хабар болады. Жер бетінде өз қуанышыңды жаһанға жар салып, сүйінші сұрау сезімі тек түркі тілдес халықтардың біразына ғана тән болған. Мысалы: Айтпақшы, шүйінші, осы бір жұмадан бері біздің ауылдардың барлығы жағалай той жасап, құнан шаптырып, қуаныш етіп жатыр (М.Ә. Абай жолы).
Қайғылы хабар көбіне елді күйзелткен жағдай, кісі өлімі, ауру- індет тарағаны туралы болады. Мысалы: Абай Ақшоқыдан «Оспан ауру» деген хабармен Жидебайға асығып жете бергенде, алдарынан қос атпен шыққан шапқыншы, қаза болған, қайғылы хабарын да білдірген (М.Ә.Абай жолы). Міне дәл осындай өзгеше өнімі бар, жемісі мол қоңыр күзде, тағы бір шаңқай түсте, ойда жоқ, өзгеше суық хабар жетті (М.Ә.Абай жолы)..
14) Дегенмен кез- келген адам өз басындағы қайғысымен бөлісе қоймайды. Оның өзі өзгеге айтпас сыр, үлкен жұмбақ іспетті.
Мысалы: Қайғылы бір сыр көрге бір- ақ кетсін дегендей болып, тысқа шықты (М.Ә.Қорғансыздың күні). Көңіліндегі кешегі күдігі, өзіне ғана мәлім, жасырын қайғылы сыры тағы да тас түйіндей төңкеріліп өтті (М.Ә. Абай жолы). Өйткені қайратты жас, еркек басымен өз ішіндегі уайым- қайғының жайын таратып айтып, көп сөз етуді лайық көрмеді (М.Ә. Абай жолы). Жан- жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерімен сазарғандай (М.Ә. Жетім). Қазір Мағрипаның уыздай сау жүзін, ыстық толқынмен көз алдына елестетіп келе жатқанда, өзінің жаңағы жасырын қайғысы есіне түсті (М.Ә. Абай жолы).
Қуаныш көпшілікке тән. Ел арасында мейрам, мереке тудырады. Мысалы: Қазір жәрмеңке басындағы Абайға тілеулес барлық халық өз бетімен қуаныш мәз- мереке жасап жатыр екен (М.Ә. Абай жолы) . Иә, халайық, бұл бір асыл мереке болды, шын қуаныш, қалтқысы жоқ халық қуанышы (М.Ә. Абай жолы). Бар кедей тобы жамырап қуанысты.
Қайғы көбіне жалғыз адам басына тән болады.
Мысалы: Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашадан жапа-жалғыз, қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді(М.Ә. Абай жолы). Қайғы жалғыздықта, әсіресе, жанға батады(М.Ә. Абай жолы).
Қуаныш және қайғы концептілерінің түрлі қырларын ашатын қосымша мысалдар: Қуаныш та шашылмаған лайық қой. Барлық көрісу-кездесудегі, ұзынды-қысқалы, қуанышты-зарлы барша сөзі жүрегімде, өз қаныммен жазылған өсиет хаттай. Екі шал қуаныштарын қойындарына сыйғыза алмай, қайта-қайта тамсанып, тамашалай береді. Осының бәрінің қатарында Әбіштен келген сәл ғана емеурінді иланғыш көңілмен, барынша қуанып қабылдаған. Қуаныштымын, екеуіңе де барынша ырзамын! Әбіш айтқан сөзден шошынарын да қуанарын да білмегендей. Сол ретте Әбіш пен Мағаш арасындағы ойда жоқ күйден туып ұлғайған мол махаббат жайын Дәрмен көп қуаныш етіп тамашалайтын. Ол екі жастың өздері де Дәрменнің бұларға деген тілеулестік достығын қатар қуаныш ететін. Үй ішіндегі барлық жан Абайдың айтқанынан қуаныш, сенім, жақсы бір елес сезгендей болса, мынаның үні сәл мысқыл, ажуа аңғарын танытқандай. Қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түн айырмасы жоқ боп тұтасып, мұнарға айналып барады. Әкенің өзі айтып білдірмесе, Абай мынау аналардың қуанышпен қарсы алған күндерін мұңайтқысы келмеді. Ол қуанышы – өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махабаттың қуанышы болатын.
Балалар да ояна жылап, шешелерінің етегінен ұстап, қайғыны сезіп қарбаласа, қақтыға зарлап жүр. Сендер бос жылап шұбырғанды, қайғы шаққанды қойыңдар. Оқу емес, ол ауыр қайғыда жатыр. Бірақ қайғыны шерте бермеу керек. Бірақ онысы қабақ шытқан, қан жұтқан қайғылының өлімін тілеуі емес. Әсіресе малшы-жалшының қайғы-қасіретін, қам-қамырығын ойлап, қиналып көрген кісі Ділдә емес. Ал Абай қайғысы үшін қан жылауға бар. Сол күйге, Абай қайғысына соңғы күндерде шұбырып келіп зар-наласын қосып жатқан жаяу-жалпы, аш-арық, көп жылаулар, дос-жар халық қайғысын тағы да қосады. Әңгімесін аузымен тоқтаса да, көңілінше соның аяғын тағы да созып, түкпірлеп ойлап, қайғының қабат-қабат шыңына ақылымен кіріп отыр. Бишаралық, иесіздіктің таңбасы басылған ескі лашықтың ішінде Ғазизаның балалығы, еркелігі және қайғысы, қасіреті қалған. Жалғыз баласы– Мақсұттан басқа сүйеніші, тілеуі жоқ әлсіз сорлы шешесі көкірегі қайғы-шерге толып, көздері мөлтілдеген улы жасқа толып, жаутандап, қуат-көмек сұрағандай болып, Мейірханға қарай береді. Жолдастарының көбі қайғыланып мұңайды. Ол бұл күнде сарылып отыратын ұзақ қайғыдан арылған. Төсекке жатқан сайын аунап, қызып ұйықтай алмай жатқанда, ойын қайғы билемей, көмескі үмітпен қызу билейтін әдет болды. Қайғы шеккен, дертті күйін ғана айтушы еді. Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей. Бұнда және анау Қорық бойында бүгін жылап отырған ана Қаражан шерінің қайғылы жоқтаудай ауыр ырғағы бар. Қам-қайғы ойлаған кісідей ме!
(Барлық мысалдар М.Әуезовтың шығармаларынан алынған) .
2.4 Қуаныш және қайғы концептілерінің лексико-семантикалық өрісі
Жеке сөздің концепті толықтай анығырақ түрде оның семантикалық және (немесе) ассоциативтік өрісі арқылы ашылады. «Сөздің семантикалық немесе ассоциативтік өрісінде жатқан ақпарат өзінің құрамында когнитивті және прагматикалық білімдердің элементтерін бейнелейді. Мысалы, сөздің ассоциативті өрісінде бар «семантикалық контекст» өз қатарында концептінің иерархиялық ұйымдастырылуындағы түрлі қатынастарды береді» [47, 5б].
Кең мағынада концепт құрылымын шеңбер ретінде елестетуге болады, оның орталығында негізгі ұғым, концепт ядросы болады да, ал перифериясында мәдениет, дәстүр, халықтық пен жекелік тәжірибе арқылы танылғандар болады.
Ядро – осы не өзге лексеманың сөздіктегі мағыналары. Периферия – субъективті тәжірибе, коннотациялар, ассоциациялар, лексеманы құрайтын түрлі прагматикалық құрамдастар.
З.Е.Сүлейменова «Қуан мағынасындағы етістіктің семантикалық құрылымы» деген зерттеуінде қазақ тіліндегі қуан – өрісін анықтап береді. Қуан лексико-семантикалық өрісінің ядросына мына етістіктер жатады: алақайла, арсаңда, дарди, дәсерле, жадыра, жайра/жайраңда, көңілден, қуан, қуанышта, масаттан/насаттан, мәзден/мәзсін, табала, шаттан және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері жатады: мәз бол, мәз-мейрам бол, мәре-сәре бол, төбесі көкке жет, жерден жеті қоян тапқандай қуан, әйелі ұл тапқандай қуан, әкесі базардан келгендей қуан, балаша мәз бол, бөркін аспанға (көкке) лақтыр/ат, шат бол, жүрегі жарыла жазда, қуанышы қойнына сыйма. Ядроға жақын аймаққа мына сөздер жатады: дели, пейілден, жайтаңда, мазатсы, майсаңда, масайра, мазаттан және идиоматизацияланған сөз тіркестері жатады: бір жаса, далиып сала бер, көңілге нұр құйыл, көңілі желдей ес, танауы желбіре, мұраты таулап отыр, мейманасы ас, мастық кір, құдайды құлағына ұста, қиын қуан, өлгені тіріліп, өшкені жан.
Периферияға жататын етістіктер: арсақта, арсалаңда, арсалақта, жайдарылан, жайма-шуақтан, жадыраңқыра, күптен, жарқыра, жетіс, ләзаттан, мастан, райлан, рақаттан, сүйсін, тойл, хоштан, мейрамда, мерекеле, мажыра, күл және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері: дәулетке мас бол, жүрегі лүп ет, жыларын да, күлерін де білме, шала байы, мейірі қан, ләззат ал, қарық бол, ақ түйенің қарны жарыл, жыртылып айрыл, көтені шелектей бол, сыртынан семір, көңілі шалқ, көңілі көтеріл, көңілі тасы, көңілі сергі, көңілі судай тасы, жадырап сала бер, соңынан күл шаш, көңілі жадыра, асыр [48, 11б].
Қайғыр лексико-семантикалық өрісінің ядросына мына етістіктер жатады: уайымда, мұңай, қайғыр, қайғылан, күйзел, қамық, жабығу және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері жатады: көкірегі қайғылы, көзі жасты; қайғыдан улану, у жұтқандай болу; қайғымен қан жұту; қасіретпен қан жұту; шер жұту; іш құса болу; сары уайымға түсу/салыну; қайғы басу; қайғы жеу; қайғы тарту; қайғы шегу; жүрегі от/өрт боп жану; жүрегіне ине шаншу; көкірегі шерге толу. Ядроға жақын аймаққа мына сөздер жатады: қобалжы, қапалан, түңіл, машақаттан, әурелен, сарыл, сарғай және идиоматизацияланған сөз тіркестері жатады: әкесі өлгендей, белі бүгілу, жер бауырлап жатып алу, жер таяну, қабырғасы сөгілу/қайысу/қақырау т.б.
Периферияға жататын етістіктер: аз, тоз, арықта, бозар және идиоматизацияланған етістікті сөз тіркестері: Асан қайғыға салынды; өлгені тіріліп, өшкені жану; көңілі болмау т.б.
2.5 Қуаныш және қайғы концептілерінің сөйлеу әрекетіндегі көрінісі
Осы зерттелетін концептілер әрекет (действие), ментальді әрекет (ментальное действие), сөйлеу әрекеті (речевое действие) сияқты үш түрлі түсінікпен байланысты.
Әрекет – адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасты реттеу орталығы болып табылады. Сол арқылы адам шындықпен қатынасқа түседі. Психология тұрғысынан: «Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс. Адамды түрлі іс- әрекетке итермелейтін оның түрлі қажеттері. Әрекет іс- әрекеттің шағын бөлігі. Ол жеке мақсатты орындауға бағытталады, әрекетті орындау тәсілдері операция деп аталады» (49, 56б) – деген анықтама беріледі. Қуану да, қайғыру да – эмоционалды әрекеттер.
Қуаныштың сыртқы көрінісі: билеу, күлу, жылау, қолды былғау, мақтану, қол соғу, секіру, жымию, қапылу, ұшып тұру, жүгіру, құшақтау, арқадан соғу, қолдау, менменсіну, қуану, жасару, семіру, ән салу, қатты айқайлау, әңгімелесу, қалжыңдау (соңғы төрт әрекет сөйлеу әрекетіне жақын).
Қайғының сыртқы көрінісі: жылау, бетін басу, мұңаю, қартаю, азу/жүдеу, қуару/солу, аһ ұру, күрсіну, аңырау, тынысы тарылу, шашы ағару, қабағы түсу, көзі қызарады, сілкінеді, жығылу, басын жерден көтермеу, жалғызсырау, ашулану, зарлау, дауыс шығарады, жоқтау айту (соңғы үш әрекет сөйлеу әрекетіне жақын).
Сөйлеу әрекеті. Әрекеттен сөйлеу әрекетіне өту әрі табиғи, әрі оңай түрде жүзеге асады. Оларды сәйкестендіру 1960 жылы Дж. Остин негізін салған перформативтер (лат «перфомо» – әрекеттенемін, істеймін) теориясынан бастама алады. Дж.Остин сөйлеу актісіне тең келетін амалдарды атады, олар ант беру, приговор, атақ беру т.б. Перформатив рәсімдеу, ритуалға жақын. Сөйлеу актісінің құрылымының өзі негізгі белгілерінде әрекет моделін қайта жасайды: онда ниет (пиғыл), мақсат пен жасалынатын әсер (нәтиже) бар.
«Сөйлеу – адамдардың материалдық өзгертуші іс-әрекеті процесінде тарихи тұрғыда қалыптасқан, тіл арқылы болатын қарым-қатынас нысаны. Психология үшін , ең алдымен, адамның жоғарғы психикалық функциялары жүйесіндегі орны, оның ойлаумен, санамен, жадпен, эмоциялармен байланысы назар аудартады; бұл орайда, оның тұлғаның және іс-әрекеттің құрылымын бейнелейтін ерекшеліктері ерекше маңызды. Сөйлеу іс-әрекеттің тұтас актісі (егер оның іс- әрекеттің басқа түрлерімен жүзеге аспайтындай арнайы мотивациясы болса) немесе сөйлеушілік емес қарекетке қамтылған сөздік қимылдар түріндегі көрінетін сөйлеу қызметі қарастырылады. Сөйлеу қарекетінің не сөздік қимылдың құрылымы принципінде кез келген әрекеттің құрылымымен үйлеседі, яғни бағдарлану, жоспарлану (іштей бағдарламалану нысанында), жүзеге асу және бақылану сатыларын қамтиды. Сөйлеу әр жолы жаңадан құрылатын белсенді және динамикалық сөздік стереотиптер тізбегі болып табылатын реактивті болуы мүмкін» [38, 204-205б].
Вербалды және вербалды емес әрекеттер уақыт арқылы көрініп, олардың басы мен аяғы болады. Сөз істі туғызса, әрекет сөзді туғыза алады.
Сөйлеу әрекетінің ерекшелігі – оның арнулылығы (адресованность). Сөйлеу әрекеті екінші біреуге бағытталыды. Олар: әлеуметтік қабылдаушы, таныс не жат, дос не қас, замандас не ұрпақ, аруақ, Құдай не әулие, тіпті әрекеттенушінің өзі болуы мүмкін.
Сөйлеу әрекетінің вербалды емес әрекеттен келесі айырмашылығы онда әрекеттің жүзеге асуында қатысатын толық не редуцияланған пайымдау (пропозиционалды мазмұн) болады.
Халқымыз қайғысын да, қуанышын да өзгеге сөз арқылы жеткізе білген. Жақын адамның о дүниеге атттануы, жазылмас дертке ұшырауы, ел басына түскен ауыр хал, қасірет, ауру- індет үлкен қайғыға батырады. Осы кезде туатын мұң-шер өлеңдері (қоштасу, жоқтау, естірту, көңіл айту) – ел басына түскен зарлы күйзелісті, қазаға ұшыраған жеке адамның, жеке үй ішінің мұң-шерін шертеді, көңілдің қайғылы, қаралы сезімдерін білдіреді. Қуанышқа кенелген жұртшылық той-думан жасайды. Сүйінші сұралып, құтты болсын айтылады. Халқымыз үшін сәбидің дүниеге келуі, оны қырқынан шығару, бесікке бөлеу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, сол балаларының ер жетіп отбасын құруы т.б. үлкен қуаныш. Осындай қуанышты тойларда айтылатын беташар, жар-жар, той бастар т.б. әндер айтылады. Осылайша ел өз қуанышын сөйлеу әрекеті арқылы білдіреді.
Халқымыз өз батасында да қуаныш пен қайғы туралы айтады:
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастархандарың мол болсын
Қатарларын көп болсын,
Уайым-қайғыларың жоқ болсын
* * * *
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
* * * *
Қуаныштан, шаттықтан,
Айырмасын құдайым.
Осы мысалдардан көретініміз халық танымында қуаныш жағымды, ал қайғы жағымсыз құбылыс. Сондықтан да айтылатын өсиет пен баталарда қуаныш көптеп тіленіп, қайғы, керісінше, балмауы тіленеді.
Сөйлеу актінің бір жағынан вербалды емес актілермен, екінші жағынан ментальді актілермен ортақ белгілері бар. Біріншісімен оларды мақсатты бағытталуы жақындастырса, екіншісімен пропозиционалды мазмұнның болуы жақындастырады. Сөйлеу әрекеті адамның ментальді және реалды қызметі арасында аралық рөлін атқарып, олармен бірге ортақ кешен құрайды.
Сөйлеу әрекеті сөйлеу актісін мезгіл категориясынан алыстататын ментальді әрекетке барынша жақындайды. Себебі пікір уақытқа қатыссыз (атемпоральді) деп саналады. Пропозиционалдық мазмұнның қатысуымен сөйлеу әрекеті этикалық, утилитарлы бағалаумен бірге ақиқаттық бағаға да ие болады. Сөйлеу әрекеті сөзге қатыссыз әрекеттермен оларды жақындататын ең алдымен мақсатты бағытталушылық, ал ментальді әрекетпен жақындататын пропозиционалды мазмұн. Сөйлеу әрекеті – ментальді әрекет пен адам әрекеті кезінде аралық рөл атқарады да өзара біртұтас кешен құрайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ұлттық дүниетанымда орын алған қуаныш пен қайғы сезімдерінің орны ауқымды. Себебі адамзат өмірі екеуіне де ортақ үрдіс ретінде танылады. Ал өмірдің ащысы мен тұщысы сияқты қуаныш пен қайғы өмір бойы араласып жүріп отырады.
Осы зерттеу жұмысында әлем бейнесінің түрлері ажыратылып, ерекшеліктері көсетіліп, осыған байланысты мынадай ойлар айтылды: «әлем бейнесі» – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар ұғымындағы оймен жасалған бейнесі; «әлемнің тілдік бейнесі» – белгілі бір тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі; «әлемнің ұлттық тілдік бейнесі» – әлем туралы кейбір түсініктердің ортақтығына қарамастан, оларға әр ұлт өзінше ерекше бір реңк үстеуі арқылы танылатын, көбіне ұлттық таным арқылы анықталатын әлем бейнесі; «әлемнің концептуалды бейнесі» – адам санасында жинақталған, белгілі бір тәртіпке түскен әрдайым жаңарып тұратын әлем туралы білімнің жүйесі болып табылады.
Концептінің ғылыми түсініктерін талдау барысында оның сөзбен, ұғыммен байланысы көрсетілді. Көптеген ғалымдардың пікірлерін келтіре отырып концептінің құрылымы күрделі екеніне көзіміз жетті.
Қуаныш және қайғы эмоцияларының адам өмірінде алатын орны зор, үлкен болғандықтан оларды концепт ретінде қарастырдық.
Қуаныш және қайғы концептілерін талдауға кіріспес бұрын осы сөздердің сөздіктегі мағынасы берілген және ол сөздердің қандай етістіктермен, сын есімдерден т.б. байланысатыны анықталған.
Әлемнің тілдік бейнесінің бір бөлшегі болатын концептілердің адам танымында алатын орны зор. Негізінен осы күнге дейін концептілер ретінде адамзат өмірінде үлкен рөл атқаратын ұғымдар алынды. Осындай адамның терең эмоционалдық күйін білдіретін қуаныш пен қайғы сияқты сөздер тілде де өз көрінісін тапқан. Олар жан-жақты түрде адамның жүрегінде, кеудесінде, басында, ойында орын табады. Ол сөз (жақсы хабар, жағымсыз хабар, сүйінші сұрау, көңіл айту ) арқылы, адамның сыртқы келбеті (көзі, қабағы, маңдайы, еріні, беті, шашы) арқылы, іс-әрекеті (шашу шашу, секіру, бет жырту, жылау, айқайлау, жер қазу, жалғыздыққа шалыну, асыр салу, билеу, алақайлау, қол былғау т.б.) арқылы көрініс табады.
Сонымен қатар осы зерттеу жұмысында қуаныш пен қайғы оппозиция ретінде алынып, олардың эмоцияларының, физикалық күйлерінің , белгілі бір жас мөлшеріне тәндігінің, өмірдегі ұстанымының, жыл мезгілі және ауа райына тәндігінің т.б. ерекшеліктері ашылады
Қуаныш және қайғы эмоциялары біріншіден әрекет болып табылады. Сонымен қатар олар сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асады, яғни адам баласы өз басына түскен қайғысы мен қуанышқа кенелген сезімдерін вербалды әрекет арқылы сыртқа шығарады. Қуаныш және қайғы әр халықтың танымындағы ментальді әрекетпен де байланысы болады.
Осы зерттеу жұмысында қолдданылған семантикалық әдіс арқылы қуан және қайғыр сөздерінің семантикалық өрісі анықталған.
Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі «қуаныш» пен «қайғы» концептілері түрлі аспектіден қарастыруды қажет ететін – тақырыптық аясы кең, этномәдени мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалдық өрісі ауқымды концепт болып табылады. «Қуаныш» пен «қайғы» концептілері қазақ дүниетанымының қалыптасу жолдарын көрсете алатын, өзіндік даму тарихы мен күрделі құрылымы бар мәдени концептілер деп айта аламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Сүлейменова Э.Д, Мәдиева Т., Шаймердеонова Н. Және т.б: жалпы ред. бастқ, Сүлейменова Э.Д. Тіл білімі сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1998. –540б.
2 Сергеев В.М. Когнитивные методы в социальных исследованиях // Языки и моделирование социального взаимодействия –Москва: Прогресс , 1987
3 Сулейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике –Алма-Ата., 1989. –160б.
4 Тұманова А.Б. О соотношений «картина мира», «языковая картина мира» и «концептуальная картина мира»// ҚазҰУ хабаршысы №9., 2004
5 Серебреников Б.А., Кубрякова Е.С., Постовалова В.И., и др. Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира. –Москва: Наука, 1988. –242б.
6 Бабушкин А.П., Жукова М.Г. Перевод в свете проблем когнитивной семантики // Проблемы культурной адаптаций текста. –Воронеж, 1999
7 Аитова Н.Н. Ғалам бейнесі және ғаламның тілдік бейнесі // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №7., 2004\
8 Вежбицкая А. Язык. Культура. Познание. Москва: Русские словари, 1996
9 Стернин И.А. Лексическое значение слова в речи. –Воронеж, 1985
10 Абақан Е.М. Тілдің мәдени философиясы. –Алматы: Айкос, 2002
11 Брутян Г.А. Языковая картина мира и ее роль в познании// Методологические проблемы анализа языка. –Ереван: Издательство Ереванского университета, 1976
12 Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (Семантикалық аспект). Монография –Алматы: Қазақ университеті. 1999.–309 б.
13 Гадамер Х.-Г. Истина и метод –Москва, 1988
14 Апресян Ю.Д. Избранные труды. –Москва,1995.–767б
15 Гумбольд В. Избранные труды по языкознанию. –Москва: Прогресс, 1984. 396б
16 Баранов А.Н., Добровольский Д.О. Лео Вайсгербер в когнитивной перспективе // СЛЯ. Том 49. №5 1990
17 Маслова В.А. Языковая картина мира и культура / В.А.Маслова // Когнитивная лингвистика конца ХХ века. Материалы международной научной конференции (в трех частях).- Ч.1. –Минск, 1997
18 Гиздатов Г.Г. Когнитивные модели в речевой деятельности –Алматы.: Ғылым, 1997
19 Беляевская Е.Г. Семантическая структура слова в номинативном и коммуникативном аспектах // Когнитивные основания формирования и функционирования семантической структуры слова // Автореф. дисс. д-р ф.н. –Москва, 1992
20 Телия В.Н. Русская фразеология. –Москва: Языки русской культуры, 1996. –288б.
21 Дворецкий И.Х. Латинско- русский словарь. –Москва.: Русский язык, 1976. –1069б.
22 Телия В.Н. Номинация // ЛЭС. –Москва, 1990
23 Языковая номинация. Виды наименований. –Москва: Наука, 1977
24 Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы: Қазақстан, 1993. –110б.
25 Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. –Алматы: Евразия, 1995. –178б.
26 Диброва Е.И. Коммуникативно-когнитивная модель текстопорождения //Семантика языковых единиц / Доклады V межд.конф. т 2. –Москва, 1996
27 Никитина М.В. Лексическое значение в слове и словосочетании. –Владимир.: Владимирский государственный институт, 1974. –222б.
28 Аскольдов-Алексеев С.А. Концепт и слово // Русская речь. Новая серия. Выпуск 2. – Ленингшрад, 1928
29 Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. –Москва: Школа Языки русской культуры, 1997. –824б.
30 Воркачев С.Г. Лингвоконцептология и межкультурная коммуникация: Истоки и цели // Филологические науки №4 2005
31 Неретина С.С. Концепт и концептология // Тропы и концепты// http: //www.Krotov. info/ index. һtm
32 Л.А.Грузберг Концепт как культурно – ментально – языковое образование. Пермский университет // http: // language. рsu.ru
33 Воркачев С.Г. Концепт счастья: понятийный и образный компоненты. Известия АН.Серия литературы и языка. 2001, т.60. №6
34 Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка// Известия АН.Серия литературы и языка. 1993 г. т.52.№1
35 Хамитова Г.А. Культурная концептосфера в языке и принципы ее вычленения // ҚазҰУ хабаршысы. Филолоия сериясы. 2004 . №2
36 Вежбицкая Семантические универсалии и описание языков. –Москва.: Школа «Языки русской культуры», 1999
37 Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико- фразеологической семантике языка. –Воронеж: Издательство Воронежского университета, 1996
38 Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Педагогика және психология. –Алматы, 2002
39 Антипенко Л.А. опыт концептуального анализа имен негативных эмоции в русском языке. Автореферат дис.канд. –Харьков, 1995. –20б.
40 Вольф Е.М. Эмоциональные состояния и их представление в языке // Логический анализ языка. Проблемы интенсиональных и прагматических контекстов. –Москва, 1989 ред. Арутюнова Н.Д.
41 Покровский М.М. Семасиологическая история имен прилагательных с основным значением «принадлежащий, относящийся к чем» // Избран. работы по языкознанию. –Москва, 1959
42 Сүгірбекова С.Р. Концепты контраста в романе Ф.М.Достоевского «Преступление и наказание». Фил. ғылым. канд. дисс. –Алматы, 2000
43 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы: Ғылым,1980. 5-том. –– 639б. ред. Ысқақов А.Ы.
44 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы: Ғылым. 1982. 6-том.–623б. ред. Ысқақов А.Ы.
45 Ильин Е. П. Эмоции и чувства. –Санкт-Питербург: Питер, 2001
46 Изард Кэррол Э. Психология эмоции / Пер. с англ. А. Татлыбаевой. – Санкт-Питербург: Питер, 2000 (оригинальное издание – Izard Carrol E. The Psychology of Emotions. N.-Y., 1991)
47 Гиздатов Г.Г. , Шеляховская Л.А. О соотношении концептуальных и языковых структур // Функционирование единиц языка и речи. –Караганда, 1994
48 Сулейменова З.Е. Семантическая структура глаголов со значением радоваться (на материале казахского, русского и английского языков). Автореферат диссертации на соиск.уч.степени к.ф.н. РК. –Алматы, 2001
49 Жарықбаев Қ. Психология. –Алматы: 1993.–265б.
ТІЛДІК ДЕРЕК РЕТІНДЕ ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Әуезов М.О. Абай жолы: Роман-эпопея. –Алматы:Жазушы, 1990. – Бірінші кітап. Абай жолы. –608б.
2 Әуезов М.О. Абай жолы: Роман-эпопея. –Алматы: Жазушы, 1990. Екінші кітап. Абай жолы. –616б.
3 Әуезов М.О. Әңгімелер. –Алматы: Жалын, 1987. –176б.