АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат.. ӘБУНАСЫР ФАРАБИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІ

 

ӘБУНАСЫР ФАРАБИ ЖӘНЕ ОНЫҢ

ҒЫЛЫМИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІ

 

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпактан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің катыгез сынынан мүдірмей өткен, сол адамзат ұлдарының, тарих перзенттерінің бірі Әбу насыр Фараби. Ол да осы Отырарда туды, осында «кірін жуып, кіндігін кесті». Қаратаудың тасына секірді. Сырдың суын ішті. Арыстың суын кешті, Қызыл-құмның аптабына күйді.

Фарабидің өмірі жөнінен бізге жеткен мағлұматтар үздік-үздік аңыз-шыны аралас болып келеді. Фарабидің толық аты-жөні — Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби, яғни өз аты Мұхаммед, әкесі Мұхаммед, оның әкесі Ұзлағ, арғы атасы Тархан. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атайды. Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда оның әкесі сол тұста көшпеліліктен отырықшылыққа ауысқан түркі тайпаларының бірінен шыққан әскер басы екен. Бір нұсқада Фарабидің руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетілген. Бұл шындыққа жақын келетін сияқты. «Тархан» деген атаудың төркінін екі түрде топшылауға болады. Бірінші жағынан, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған (қазір де мекендеп отыр) тарихқа ертеден мелім қаңлы тайпасында «Тархан» (кейде «Дархан деп те атайды») атты ру болған (қазір де бар). Екінші жағынан Кашқари «Қанды-қыпшақтардың атақтыларының есімі» деп жазады. Демек «қанды» мен Тархани байланысты. Сондықтан да Фараби қазіргі қазақ ұлтын құрған байырғы рулардың бірі қаңлы-қыпшақтан шыққан деп айтуға толық негіз бар.

Әбунасыр оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге өте құмартқан зерек Әбунасыр мұсылман бола тұра, тіпті кәпірлерден сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Бір нұсқада Фараби осы шәкірт шағында атақты оқымысты Абубәкір ибн Сиражбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген. Кейбір деректер бойынша тіпті ол 70 тіл білген деп те айтылады. Бұл әрине, асыра дәріптеу болар.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен адам. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Мұнда ол аса үлкен шыдамдылық пен ыждаһаттылық көрсетеді. Бір аңыз бойынша, ол Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін жүз рет, «Табиғи гармониясын» қырықрет, «Риторикасын» екі жүз рет оқыған көрінеді.

Міне осылай Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, дүние жүзінің ұстазы деген дәрежеге көтерілді. Ол алғашқы кезде Бағдатта істейді, кейіннен Дамаскіде, сонан кейін Алеппода (Сирия) әмірі Сайф әд-Дауланың қарамағында болады. Фараби өз бетінше ғылыммен үзбей шұғылдана берген. Мәселен, бір әңгіме бойынша ол Дамаскіде жүрген кезінде күндіз кала шетіндегі бау-бақшада қарауылдық қызмет атқарып, күндіз тапқан ақшасына сатып алған шырақ жарығымен түнімен ғылыми жұмыспен шұғылданады екен. Фараби өте қарапайым, канағатшыл кісі болған, жұпыны киініп, ырду-дырдудан барынша аулақ жүруге тырысқан.

Фараби өлерінің алдында Египетке барып қайткан. Ол бұрынырақ өз отаны — Түркістанға да барған, кейбір мағлұмат бойынша сол тұстағы Бұхардың әмірі Мансұр ибн Нұхтың өтінуі бойынша «Екінші тәлім» (Ат-Таһлім ас-сани) атты еңбек жазған. «Екінші ұстаз» деген лақапты осы оқиғаға байланысты алған дейді. Фараби хиджра есебі бойынша 339 жылы раджаб айында (бізше 950 жылғы желтоқсанның аяғы немесе 951 жылғы қаңтардың басы) Дамаскіде қайтыс болады. Тарихшы ибн Халлаканның айтуынша, Дамаскінің «Баб ас-сағир» (Кіші дарбаза) зиратына қойылған көрінеді.

Фараби Аристотельдің, әл-Киндидің ізін қуып фило­софия мен ғылымның барлық тараулары бойынша калам тартып аса ірі жетістіктерге жетеді. Ол ғылымның түрлі салалары бойынша 150-ге тарта ірілі-ұсақты еңбек жазған Фараби, әсіресе, философия ғылымын көп зерттеген. Оның философиялық еңбектерінің басым көпшілігі грек ойшылдарының, әсіресе Аристотельдің мұрасын зерттеуге арналған. Фараби Аристотельдің «Категориялар», «Мета­физика». «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика» т.б. бірсыпыра философиялық және логикалық шығармаларына түсініктемелер жазған.

Фарабидің Аристотель философиясына мұнша зейін қоюында үлкен мән бар. Аристотель дүниені материалистік тұрғыдан дұрыс түсіндіруші, жан-жақты білім иесі, данышпан адам. Ал орта ғасырларда кейде түсінбегендіктен, кейде түрлі діни ағымдардың әсерінен әдейі Аристотельдің құнды-құнды материалистік идеялары бұрмаланып, шатастырылып жіберілген. Тіпті араб Шығысында кейбір грек идеалистерінің еңбектерін Аристотельге телушілік орын алды.

Фараби Аристотельдің мұраларын, пікірлерін ондай бықсықтан тазалап, аршып өз калпында түсіндіруге тырысты. Әбунасырдың көзкарастарында да неоплатонизмнің, исламдағы суфизмнің біраз әсері байқалғанмен ол бүл міндетті тамаша атқарып шықты. Фарабидің Шығыс және Батыс үшін де, тарих және болашақ үшін де жасаған ғылыми еңбектерінін бірі осы. Сондықтан да Шығыс философтары оны «Ал муаллим ас-сани» — екінші ұстаз деп атаған. «Бірінші ұстаз» — «ал муаллим ал аууал» деп олар Аристотельді атаған.

Фараби Аристотельдің материалистік идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі кала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған.

Фараби Аристотель еңбектерін барлық қырынан зерттей отырып, өзі де жаратылыстану ғылымдарымен көп айналысқан. Ол ғылым күшін барынша насихаттап, адам ақыл-ойының дүние танудағы құдіретін дәріптейді. Кер-тартпа мұсылман діншілдері ғылымды дүние тануды тұншықтыруға күш салып баққан түнек заманда білім мен өнерді паш етудің өзі Фарабидің ғылым мен мәдениет тарихындағы кесек үлестерінің бірі. Ол ғылымның көп салаларын меңгеріп, тамаша табыстарға жеткен. Фараби ғылымының философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты, ғылымды оку және оқыту ретін белгіледі, әрқайсысының пәнін анықтап, мазмұнын ажыратып беруге тырысты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді, математикада үлкен жаңалыктар ашты, астрономия жайлы кесек еңбектер қалдырды, физика ғылымын жаңа идеялармен байытты, медицина, химия, минерология тәрізді жаратылыстану ғылымының маңызды салалары бойынша еңбектер жазды, ертедегі дүние оқымыстыларының пікірлеріндегі озық және тозық қағидаларды талдады. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т.б. ғылымдар жайлы жазғандары өз алдына бір тебе.

Мен рефератымда Фарабидің ғылыми жетістіктерін баяндауда осы жоспарды басшылыққа аламын. Казіргі қолда бар мағлұматқа қарағанда ұлы бабамыздың ғылымға белгілі (зерттелген-зерттелмегенін қосканда) 70-ке тарта шығармасы бар көрінеді. Олардың толық немесе үзінді түрінде кезінде КСРО халықтары тілдеріне бірсыпырасы аударылған. Олар мыналар: «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Ізгі кала тұрғындарының көзқарастары туралы кітап», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжаулардың дұрысы мен терісі тура­лы», «Вакуум туралы» трактат, «Музыканың ұлы кітабы» (кіріспесі қазақтіліне аударылған), «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарына түсініктеме», «Философияны оқып-үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы», Порфирийдің «Философияға кіріспе» атты кітабына түсініктеме, «Химия өнерінің қажеттігі жайлы», «Птолемейдің «Алмагесіне» түсініктеме» және қосымша кітап, «Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы жайлы», «Философиялық сұраулар және оған жауаптар», «Бақытқа жету туралы», «Адам ағзалары жөнінде Аристотельге қарсы шығушы Галенді бекерге шығару трактаты», «Ақылдың мәні тұралы», «Түсініктемелер», «Философияның дінге қатысы», ‘Әріптер туралы кітап», «Логикаға кіріспе трактат», » Геометриялық трактат» т.б.

 

 

 

 

 

ФАРАБИДІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ

Фарабидің қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады.

Фарабидің ғылыми-философиялық көзқарастары мен бағыт-бағдарлары өте күрделі саяси-әлеуметтік және экономикалық жағдайларда калыптасты. Ұзаққа созылған жаулаушылық саясаты нәтижесінде құрылған жаңа мемле-кет — араб халифаты тек қана жерлерді, елдерді, территорияларды қосып қана қоймай мемлекеттік дін дәрежесіне көтерілген ислам идеологиясы біріктірген әртүрлі мәдениеттерді қосып жаңа қоспа (синкреттік) мөдениет туғызды. ІХ-Х ғасырларда саяси, философиялық ойдың даму — таптық және діни ағым қайшылықтардың көрінісі болған әртүрлі ағымдар мен кешендердің осы шиеленіскен идеологиялык тайталасы, күресі жағдайында жүрді. Бұл ең әуелі кертартпа жөне ілгерішіл күштер арасында, Араб халифаты мүддесін кездеген ресми мұсылман дін басылары мен бағынышты, тәуелді халықтардың егемендігі мен еркіндігінің жоғын жоктаушылар арасындағы күрес болды, Мұндай жағдай философияда айқын боп қалды.

Араб философиясында Фарабиге дейін бірнеше ағымдар мен кезеңдер болды. Діни философияны VIII ғ. бас кезінде пайда болған мутакаллимдер қуаттады. Олар құдайдың мәнісі, дүниенің түпкі сыры жөнінде кұран қағидаларын бұлжытпай басшылықка алды, табиғи заңдылық және таби-ғаттағы себептілік принциптеріне қарсы шыкты. Мутакал­лимдер болмыстағы барлық қүбылыстар, оқиғалар тек бір қүдайдың еркімен болады, қүдайдың күдіретінсіз «адамның жалғыз шашы түспейді» дегенді уағыздады, дәлелдеп бақгы. Алайда араб халифатында, мемлекетінде ғылымның өркендеуі басқаша көзқарастардың, сенімдердің бой көтеруіне әкеп соқты. Олар сайып келгенде, мұсылмандық қатып қалған қағидаларға (догматтарға) қарсы бағыттап, рационалистік, материалистік көзқарастардың етек алуына жағдай туғызды. Мұндай ғылыми, рационалистік бағытты жактаушылар мутазилиттер, яғни дәстүрлі діннен «бөлініп кетушілер» еді. Олар адамзат ақыл-ойы шындыққа жетуде кұдайдың алдын ала сызып-пішіп қойған жолы емес, одан басқа ақыл, парасат жолын басшылыққа алу жөн деп есептеді. Мұндай күрес сол заманда философия мен ғылымды дамытуда үлкен маңызы болды. Екінші жағынан мутазилиттер Аристотельдің құдай туралы идеясына карсы шығып дүниенің мәңгілігін, ондағы орын алатын заңдылықтарды біртіндеп жоққа шығарды. Мутазилиттердің имамы, жетекшісі атақты әл-Ашари болды.

Араб философиясындағы жетекші бағыт перипатетизм, яғни аристотелизм болды. Бұлар да бірсыпыра өзекті мөселелер түрғысында Құран қағидаларына қайшы келді. Бірақ олар бұл кайшылыктарды, керағарлықгарды тігісін жатқызып, бітістіру үшін Алланың айтқаны да, философия мен ғылым тұжырымдары да шындыққа сай келеді, біріншісі баршаға бағышталған, екіншісі тандаулы адамдарға. даналарға арналған арнайы, шектеулі шындық, Міне осылай екі шындық ілімі, теориясы жасалады. Бұл теория ортағасырлар заманында прогрессивті кызмет атқарды.

Араб аристотелизмінің негізін салушылар қатарында әл-Кинди, Фараби, Ибн Сина т.б. жатады. Алайда фило­софия тарихшыларының басым көпшілігінін ұйғаруынша мұсылман шығысындағы ілгерішіл қоғамдык-саяси ой-пікірдің нағыз көш бастаушысы Фараби болды.

Фарабидің өз еңбектерінде кұдай бар деп мойындайды. Алайда, ол Аристотельдің ізімен құдай дүниені бар етуші, қозғалысқа келтіруші тек бірінші себеп — «алғашқы түрткі» қана, одан кейін табиғат (материя) өз бетімен, өз зандылығымен кұдайға тәуелсіз даму жолына түскен деген идеяны куаттайды. Бұл, әрине, мутакаллимдердің «жақсылық та құдайдан, жамандықта құдайдан» деген қағидасына мүлдем қайшы. Кертартпа дін басшылары мен оларды қолдаушы философтар (мәселен, әл-Ашари) осы сиякты «күпірліктері», кателері үшін Әбунасырды қудалаған кездері болған.

Фараби ақиқат біреу-ақ, бірақ оған әр жақтан, әр түрлі деңгейден қарауға болады, сондықтан ол туралы түрліше балама қорытындылар жасау мүмкін деп санайды. Оның философиялық көзқарастарын нақтылы тарихи жағдайда, белгілі бір дәуірмен байланысты қарағанда ғана ерекшеліктері мен сонылығын дұрыс түсінуге болады. Ол дәуірде материалистік философия жүйесі ашық қалыптаса қойған жоқ болатын. Сондыктан орта ғасырлар заманында философиялық ойдың дамуы құдайды дәріптейтін діни-тео-логиялық сипат алды. Демек, Фарабидің философиялық ілімі — негізінен дүниені бір құдай жаратты деген қағиданы басшылыққа алған идеалистік ілім. Фарабидің данышпандығы мен білімпаздығы, әрине, бұл идеализмге өзгеше түр бермей қала алмады. Араб тарихшысы Усейбидің айтқанына карағанда, Фарабидің философиялық жүйесінде маңызы кейінірек барып біліне, анықтала бастаған бірден көзге түсе қоймайтын жерлері көп, олар қазіргі заманғы терминология бойынша айтсақ, материалистік нышанды немесе идеализм мен материализм арасындағы ауытқуды білдіреді. Фарабидің философиялық жүйесі ортағасырлар философиядағы барлық проблемаларды қамтиды деп айтсақ артық болмайды. Олар: болмыс жөніндегі ілім, материя және оның дамуы туралы мәселе, адамның тану әрекеті — проблемасы, логика мәселелері, ақыл және оның адамның қоғамдық іс-әрекеттеріндегі алатын орны, этика, эстетика мәселелері, натурфилософия және ғылымдар методологиясы, проблемалары, т.б.

Фарабидің философиялық және логика-методикалық көзқарастарын жақсы түсіну үшін оның ғылымдар топтауын (классификациясын) қарастыру қажет. Бұл топтау Аристотельдің классификациясына ұқсайды, алайда Фарабиде табиғаттану-математика ғылымдары кең де әр түрде көрініс табады; бұл оның ортағасырлардағы Шығыс философиясының даму бағытын бейнелейтін рационалистік және материалистік талпыныстарының нәтижесі болып табылады.

Әл-Фарабидің философиясын зерттеушілер оның бұл саладағы трактаттарын терең талдай келіп Фарабидің философиялық мұрасында үш басты жайтты атап көрсетеді: дүниенің мәңгілігін тану, детерминизм — зерттеу прин­ципі, яғни себептілік сыр-сипатын ашу — ғылым-білімнің қайнар көзі; адам жанының өшпейтіндігін теріске шығарған ақыл туралы ілім. Бұл үш принцип — Фарабидің философиясының биік шоқтығы және ерекшеліктері болып саналады. Әрине, ғылымның даму деңгейі, саяси-әлеуметтік жағдайлардың салдарынан бұл мәселелер туралы ол кейде кері шегініс жасауға мәжбүр болады. Мәселен, дүниенің мәңгілігін, басының болмағанын мойындау ресми дін өкілдерінің дүниені құдай жаратқан деген доктринасына қайшы келеді. Фараби бұл жағдайда құдай бірінші, дүние екінші кезекте деген сияқты бұлдыр да бұлтарыс түсінік береді. Фарабидің пікірінше қозғалыс – мүмкіндіктен шындыққа көшу, уақыт та мәңгілік, ол қозғалыстың сипаттамасы (характеристикасы).

Ақыл туралы ілім Фарабидің философиядағы ірі жетістіктері санатына қосылады. Мұндағы ақыл ұғымы кең, бүкіләлемдік мағынада қарастырылып, оның космологиясына тірек болды. Әрекеттегі яғни жасампаз ақыл (яғни бірінші қозғаушы. Аристотельге айтканда, ойлаудың ойлауы) болмыс түзілісіндегі (иерархиясындағы) жоғарғы сатылардың бірі. Ең жоғарғы сатыны түпкі себеп — Алла иемденеді. Алладан кейінгі екінші сатыны — аспан денелері, болмыстың үшінші сатысы әрекеттегі ақыл және оған сай негізгі төрт элементтен (топырақ, су, ауа, от) тұратын ай асты әлемі. Болмыстың төртінші сатысы — адамның жаны. Ең төменгі бесінші сатыны форма мен материя алып жатыр. Бұл схемада бір жағынан әлемнің жаратылысы мен аспан мен жердің алшақтығы жайлы ресми мұсылман дінінің кағидаларына сәйкес келсе, екінші жағынан дүниеге материалистік, эволюциялық даму тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді.

Фарабидің көзқарасы бойынша, жасампаз акыл немесе ғарыштық (космостық) ақыл ай асты әлеміндегі бүкіл қозғалыстардың себебі ғана емес, ол — жер бетіндегі тіршілікке тән ақыл, бұл дүниенің заңдылығын реттеуші, билеуші. Әрбір тіршілік иесінің ақылы тек әлемдік, космостық ақылға қатысты дамиды, өркендейді. Ал әлемдік ақыл мәңгілік. Жеке тіршілік иесі өткінші. Осыдан барып жан өлмекші емес деген қағида теріске шығып діннің сара жолымен философияның талас мәселесі жанның ауысып, көшіп жүреді деген идея мансұқ етіледі. Фараби бұл аса маңызды да, мәңгі проблема бойынша анық бір пікірді ұстамағаны байқалады. Көп жағдайда ол жан өлмейтіні жайлы тезисті ашық қуаттайды. Бірде ол Аристотельдің идеясын қолдап дамытып жанның мәңгілігін бір адам үшін емес жалпы адамзатқа тән қабілет ретінде қарастырады. Енді бірде қайырымды, парасатты адамдардың жаны өлмейді, ал қайырымсыз, надан да пасық адамдар жаны оның тәнімен бірге өледі деген идеяны қолдайды. Бұл жағдайда ол жақсы адамның артында қалдырған ісінің, ізінің өшпегені, оның жанының өмір сүргені дегенді меңзейтін сиякты. Бұлай деп айтуымызға Фарабидің «Ұлы Зенонның жоғары ғылым бойынша трактаты туралы» еңбегінде ол дүниедегі өмір туралы жазған мынадай жолдары негіз болады: «Білім, яғни ғылыми мұра қалдырған адам өлгеннен кейін өз қамы үшін ғана харакет еткен адамнан қадірлі, білгіш, көреген болады, өйткені көп мал-мүлік күйттеу ғылымға кесірін тигізеді. Сондықтан рухани мұра қалдыру дүниеауи қам-харакетке қарағанда абзал да қадірлі, ол ғылымға кесірін тигізбейді. Ол дүниелік өмірде дәрежеге жетуге кедергі болмайды. Егер, бәлкім, ғылымның басқа адамдары, оның әріптестері бұл мұраны пайдаланса ол оған өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де игілік боп жұғады» (Тарихи-философиялық трактаттар).

Фарабидің философиялық жүйесінде материяға көп көңіл бөлінеді. Ол ай астындағы дүниенің шын мәнінде баp екенін, оның айдан жоғары орналасқан дүниемен, яғни аспан әлемімен бірлікте болатынын мойындайды. Біздің, яғни айдан төмен жер бетінде орналасқан дүниеде материя мен формадан тұратын заттар, нәрселер -— барлығы ақиқат. Олар негізгі бастапқы материя болып табылатын төрт элементтердің сан алуан, әр түрлі қосылыстарынан тұрады, түзіледі. Фарабидің материя мен форманың бөлінбес, ажырамас бірлігі туралы тезисі дұрыс материалистік сипаттағы қорытынды болды.

Таным проблемасын карастырғанда, зерттегенде Фараби өз заманындағы жаратылыстану ғылым жетістіктеріне сүйенеді және математика, астрономия, медицина, физиология, музыка теориясы және басқа салалар бойынша өзінің жан-жақты білім қорын мол, сарқа пайдаланады. Мұнда ол таным теориясына рационал сипат беретін ақыл туралы ілімді басшылыққа алады. Тану теориясының бірсыпыра мәселелерін ғылыми жолмен дұрыс қойып, түсіндіруде Фараби бірсыпыра психологиялық проблемаларды камтып, оң шешуін табуға тырысады. Мысалы, түйсіктің табиғаты, олардың сезім мүшелеріне байланысы; жан қуатының және адам қабілетінің жалпы схемасы, танудың екі негізгі формасы (түйсік арқылы және ойлау арқылы) т.б.

Фарабидің таным туралы ілімінің негізгі көздеген нысанасы — ғылымның рөлін көтеру, философия мен діннің қызметін даралау, бөлу, ең бастысы өзі үлкен ат салысқан, қатысқан танудың ғылыми әдістерін (метод-тарын) (эксперименттік-теориялық әдіс, табиғат туралы білімдерді математикаландыру) жасау және дамыту болып табылады.

Методологиялық дұрыс бағдарламаны басшылыққа алып, Фараби көптеген нақты ғылымдар (математика, астрономия, акустика, музыка теориясы т.б.) бойынша және оларды оқыту дидактикасын жасау жөнінде айтулы табыстарға жетеді. Алайда Фарабидің таным теориясы тұтас алғанда өміршең ілгерішіл бола түра, онда ғылыми қайшылығы бар бірсыпыра даулы қағидалар мен идеялардың да болғанын айтуымыз керек.

Фарабидің ғылыми-философиялық шығармашылық қызметінде логика мәселелері үлкен орын алады. Логика ойлау жүйесі мен пікірлерді мүлтіксіз дәлелдеуді қажет етеді, сондықтан да Фараби оны шындыкты табудың және оны негіздеудің бірден бір әдісі ретінде жоғары бағалайды. Логикалық тұрғыдан ол білімді аксиомалар мен алғышарттар түрінде өрнектелген бастапқы, не алғашқы және оларды ой қорыту салдары ретінде шығарылып алынған туынды, қорытынды деп екіге ажыратады. Ал логиканың заңдары мен ережелері жаңа білім шығаруға қызмет етеді. Тілде грамматикасыз күн жоктығы сияқты дұрыс ойлауда логикасыз аттап басуға болмайды. Фарабидің үйретуінше, адамның адам болуы ақыл, ойлау арқасында болса, онда мәдени, жоғары парасатты ақылды себетін логика адамзат үшін ең қажетті игілік болып саналатын ғылым, өнер көзі болады. Фарабидің логика жайындағы трактаттарының мәні өте зор. Онда автор категория, семантика, импли­кация теориясы т.б. мәселелер жөніндегі Аристотельдің бай идеяларын әрі карай дамыта түседі. Фарабидің философиясы өзінің өміршендігін, дұрыстығын нақтылы ғылыми зерттеулерден тауып, принциптері, қағидалары одан ары кемелденіп отырды. Оның ғылыми ойлау жөніндегі тапқан әдісі (методы), жеке, дербес заттарды, кұбылыстарды нақтылы қарастыру, бақылау жасау арқылы дедуктивті-аксиоматикалық теория жасаумен ұштастырылады. Бұл туралы толығырақ кейін Фарабидің ғылым, атаи айтканда музыка теориясын жасау әрекеттерін баяңдау барысында айтамын.

Фараби өзінің дүниеге көзқарасын социология, этика және эстетика мәселелерін қамти отырып жүйелендіре, нақтылай түседі. «Ізгі кала тұрғындарының көзқарастары», “Бақытқа жету туралы» трактаттарында ол адам қоғамының шығуы, өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің бейнесі туралы ой толғайды. Ол ең әуелі өзі өмір сүріп отырған қоғамның құрылымын талдайды. Адамдар қауымы өмір сүру ортасы ретінде қала халқын алады. Калаларды жік-жікке бөле келіп ол кемел де үлгілі құрылым ретінде «Ізгі қаланы» тандайды, оған жақын келетін және тұрмыстық байланыстағы құрылым – еңбекшілер тұратын «қажеттілік қаласы» деп қарайды. Фараби әрі карай «алыс-беріс қаласы» (саудагерлер мен алыпсатарлар мекені), «бақытсыздық пен бұзылғандық қаласын» (ұры-қарылар, арамтамақтар мекені) бөліп ажыратады.

Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда Фараби Платонға еліктеп мемлекетті әрбір мүшелері белгілі бір қызметті аткаратын адам тәніне ұқсас етіп қарастырады. Осыған сәйкес ізгі мемлекеттегі феодалдық құрылыс суреттеледі. Идеалистік түрде жақауратып айтылғанмен Фараби топшылауында адамдар арасындағы теңсіздік, артық-кешілік анық сезіледі. Мысалы, халық — мемлекеттің жүрегі саналғанымен, олар да күн көріс қамын, харекетін жасауға, ойлауға мәжбүр (ішіп-жеу, үйлену-жайлану т.б.) Фараби мұндай теңсіздікті, әділетсіздікті жоюдың бірден бір жолы ағартушылық, адамгершілік тәрбиесін күшейту деп қорытады. Феодалдық әділетсіздік езгі мен зорлық-зомбылық өріс алып тұрған сол ауыр заманның өзінде-ақ ол зорлықсыз, қанаусыз әділ қоғам болуы мүмкін деген батыл утопиялық (қияли) болжам жасайды. Фараби ондай ізгі мемлекеттің тууы, ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақыл-парасатына, ғұламалығына, талантына, тәрбиесіне тікелей тәуелді деп қорытынды жасайды (ағартушы-философ әкім идеясы). Кемеңгер-ойшылдың бұл пікірін түгелдей теріс деп айтуға болмайды.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпактан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің катыгез сынынан мүдірмей өткен, сол адамзат ұлдарының, тарих перзенттерінің бірі Әбунасыр Фараби.

Фараби Аристотельдің, әл-Киндидің ізін қуып фило­софия мен ғылымның барлық тараулары бойынша калам тартып аса ірі жетістіктерге жетті. Ол ғылымның түрлі салалары бойынша 150-ге тарта ірілі-ұсақты еңбек жазған Фараби, әсіресе, философия ғылымын көп зерттеген. Оның философиялық еңбектерінің басым көпшілігі грек ойшылдарының, әсіресе Аристотельдің мұрасын зерттеуге арналған. Фараби Аристотельдің «Категориялар», «Мета­физика». «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика» т.б. бірсыпыра философиялық және логикалық шығармаларына түсініктемелер жазған.

Мен рефератымда Фарабидің ғылыми жетістіктерін баяндауда осы жоспарды басшылыққа аламын. Казіргі қолда бар мағлұматқа қарағанда ұлы бабамыздың ғылымға белгілі (зерттелген-зерттелмегенін қосканда) 70-ке тарта шығармасы бар көрінеді. Олардың толық немесе үзінді түрінде кезінде КСРО халықтары тілдеріне бірсыпырасы аударылған. Олар мыналар: «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Ізгі кала тұрғындарының көзқарастары туралы кітап», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжаулардың дұрысы мен терісі тура­лы», «Вакуум туралы» трактат, «Музыканың ұлы кітабы» (кіріспесі қазақтіліне аударылған), «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарына түсініктеме», «Философияны оқып-үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі жайлы», Порфирийдің «Философияға кіріспе» атты кітабына түсініктеме, «Химия өнерінің қажеттігі жайлы», «Птолемейдің «Алмагесіне» түсініктеме» және қосымша кітап, «Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы жайлы», «Философиялық сұраулар және оған жауаптар», «Бақытқа жету туралы», «Адам ағзалары жөнінде Аристотельге қарсы шығушы Галенді бекерге шығару трактаты», «Ақылдың мәні туралы», «Түсініктемелер», «Философияның дінге қатысы», ‘Әріптер туралы кітап», «Логикаға кіріспе трактат», » Геометриялық трактат» т.б.

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

 

А.Кобжов. Әл-Фараби, Алматы, 1971.

Әл-Фараби. Философиялық трактаттар, Алматы, 1973.

Әл-Фара6и. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, 1975.

Әл-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. Алматы, 1974.

Аль-Фараби. Математические трактаты, А-Ата, 1972.

Aль-Фараби. Комментарии к «Алмагесту'» Птолемей. А-Ата, 1975

Аль-Фараби. Логические трактаты. Алма-Ата, 1975.