Сақшының міндеттері
Сақшы—қол сұғылмайтын адам болып табылады (4-сурет). Сақшыға қол сұғылмайтындығы мыналардан көрінеді:
4 сурет. Постыдағы сақшы
- оның құқығы мен жеке басының қадір-қасиеттері заңмен айрықша қорғалатындығы;
- оның белгілі бір тұлғаларға ғана — қарауыл бастығына, қарауыл бастығының көмекшісіне және өзінің жұмысқа таратушысына бағынатындығы;
- бұл тұлғалардың сақшы қызметі бойынша айқындалған талаптарын сөзсіз орындауға міндеттілігі;
- Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының баптарында көрсетілген жағдайларда оған қару қолдану құқығы берілетіндігі.
Сақшы:
- өз постысын қырағы күзетуге және табанды қорғауға;
- қызметін сергек, еш нәрсеге алаңдамай атқаруға, қаруын қолынан шығармауға және оны ешкімге, өзі бағынатындарға да бермеуге;
- көрсетілген бағдар бойынша жылжи отырып немесе бақылау мұнарасында тұрып постыға кіре берісті, қоршауларды мұқият қарау және байланыс құралдары арқылы қызметті өтеу барысы жайында табельмен белгіленген уақыттарда баяндап тұруға;
- тіпті өз өміріне қауіп төнсе де, сақшы ауыстырылғанша не алынғанша, постыны тастамауға міндетті. Постыны өз еркімен тастап кету — әскери қылмыс болып саналады;
- ГжҚҚЖ-ның 115-бабында көрсетілген ереже бойынша постыда оқталған қару болуы және әрдайым әрекетке дайын болуға;
- постыларға табельде көрсетілген және тыйым салынған шекара көрсеткіші тұрған жерге жақын қашықтыққа қарауыл бастығы, қарауыл бастығының көмекшісі, өзінің таратушысы мен оларға ілесіп жүретін тұлғалардан басқа ешкімді жібермеуге;
- қарауылдың көлік құралдарының бағдары мен графигін, олардың тану белгілері мен сигналдарын білуге;
- постыдағы өрт сөндіру құралларын қолдана білуге;
- объект қоршауынан (постыдағы) ақау тапқанда және өз постынан жақын жерде не көрші постыда тәртіп бұзушылық байқалған кезде қарауыл бастығын шақыруға;
- қарауыл иттерінің үргенін естіген кезде немесе техникалық күзет құралдары іске косылғанда, бұл туралы қарауыл үй-жайына дереу хабар беруге міндетті.
Сақшыға: ұйықтауға, отыруға, бір нәрсеге сүйеніп тұруға, оқуға, ән айтуға, сөйлесуге, тамақ жеуге, су ішуге, темекі шегуге, табиғи қажеттілігін өтеуге, қандай да бір затты әлдекімге беруге немесе одан алуға қажеттілік болмаса патронды оқжатарға жіберуге тыйым салынады.
Сақшы тек қарауыл бастығының, оның көмекшісінің, өзінің жұмысқа таратушысының және тексеруге келген тұлғалардың сұрағына жауап беруі керек.
Сақшы өзіне немесе өзі күзетіп тұрған объектіге анық шабуыл жасалған жағдайда қаруды ешқандай ескертусіз қолдануға міндетті.
Қарауыл бастығы жұмысқа таратушылар мен қарауылдың міндеттерін нақты білуін тексереді, қаруды қолдану тәртібіне ерекше назар аудара отырып, қарауылдарға әр постыда қызмет атқару міндеттерін естеріне салады, ауысымды қарауыл үй-жайларынан шығарады да, қаруыл оқтайтын алаңда сапқа тұрғызып, «Ауысым, он жақтан бір-бірлеп оқта!» деп пәрмен береді. Осы пәрмен бойынша оң қанаттағы әскери қызметші алға қарай бір адым басып, сүңгіні бекітеді де, қаруды оқтайды, қарауыл бастығы қарудың оқталуын тексереді (ГжКҚЖ; 114, 115-баптар). Қаруды оқтап болған соң әскери қызметші: «Қару оқталды және сақтандырғышқа қойылды!» деп баяндайды, сонан соң жеке алып «Белдікке!» күйінде ұстап, бір адым кейін шегінеді.
Осындай тәртіпте басқа жұмысқа таратушылар мен қарауылдар қаруды кезектесіп оқтайды. Қару постыға шығар алдында оқталады. Қаруды оқтау және оғын алып тастау қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің пәрмені бойынша, қарауыл үй-жайында арнайы жабдықталған және оқ ұстайтын жабдығы бар жарық жерде, олардың тікелей бақылауымен, ал ауысымдар постыларға машинамен бара жатқан кезде, қарауыл бастығының нұсқауында көрсетілген орындарда, қажет болғанда, оқ ұстауға арналып жабдықталған орындарда жүргізіледі. Оқты салу және алу кезінде мылтықтың ұңғысы жоғары (45—60 градусқа) және жан-жағындағы тұрғын үй-жайлар мен күзетілетін объектілерден басқа жаққа бағытталуы тиіс. Егер қарауыл үй-жайының маңы мен айналасында тұрғын үйлер мен қызметтік үй-жайлар орналасса, қаруды оқтау мен оғын алып тастау оқ ұстауға арналып жабдықталған орындарда жүргізіледі. Қарудың оғын алу, оны қарау дереу қарауыл үй-жайларына келген бойда немесе қарауыл бастығына арналған нұсқауда көрсетілген орындарда жүргізіледі.
Қарауылды таратушы сақшылардың күзетке барар алдында қару-жарақтарын дұрыс оқтауын және постылардан келген соң оқтарын алып тастауын қадағалайды (ГжҚКЖ; 114, 115, 150,156-баптар);
Қарудың оғы қарудың тиісті түрлеріне арналған атыс ісі жөнінде басшылықта көрсетілген ережелер бойынша алынып тасталынады, бұл кезде патрон оқшантайға салынбайды.
Автомат жабдықталған оқжатармен оқталады. Оқтау алдында ол қарап-тексеріледі (бұл кезде оның шүріппесі түсіріледі) және сақтандырғышқа қойылады. Бекітпе жақтауы оқжатар қосылған соң жылжытылмайды.
Постыдан оралған сон қарудың оғы алынады. Қарудың оғын алдымен таратушы алады, содан кейін таратушы: «Ауысым, оң жақтан бір-бірлеп оқты алып таста!» — деп пәрмен береді.
Осы пәрмен бойынша, он қапталда тұрған қарауыл алға қарай бір адым жасап, таратушының бақылауымен өз қаруының оғын алады, жабдықталған оқжатарды (патроны бар оққалтаны) сөмкеге салады да, «Қарудың оғы алынды!»— деп баяндайды, содан соң бекіту тетігін артқа тартып, қаруын тексеруге ұсынады. Таратушы қаруды тексерген соң, қарауыл бекіту тетігін алға қарай қозғап, қарудың шүріппесін түсіреді. Қаруды сақтандырғышқа қояды, сүңгіш алып тастап, қаруды «Белдікке!» күйіне ұстап, артқа қарай бір адым шегінеді де, өз орнына барып тұрады.
Осындай ретпен қалған қарауыл ауысымдары кезектесіп өз қаруларының оғын алып тастайды. Одан кейін аға бастықтың пәрмені бойынша қарауылдар бұрынғы қарауыл орналасқан жерге, ал таратушылары — қарауыл үй-жайларына барады.
Сақшыларды ауыстыру тақ немесе жұп сағаттарда, 2 сағ сайын жүргізіліп отырады. Ауаның температурасы —200С жөне одан төмен, жел соғып тұрған және қатты аяз болмаған кезде сыртқы постылардың, сондай-ақ пеш жағылмайтын үй-жайлардағы ішкі постылардың сақшылары 1 сағ-тық кезекпен ауыстырылады.
Сақшыларды 1 сағ сайын ауыстыру туралы нұсқауды қарауыл (әскери бөлім) бойынша кезекші береді.
Егер сақшылар 1 сағ-тан кейін ауыстырылса, онда қарауыл бастығы пост ведомосында сақшылар қай уақыттан бастап 1 сағаттан кейін, ал басқа ауысым келгенде — қай уақыттан бастап 2 сағ сайын алмастырылып отырғаны жайлы жазып қояды. Қарауыл үй-жайларына кіре берісте сақшыларды қарауыл бастығы әрбір 30 мин сайын ауыстырып отырады.
Ауысым сақшыға 10—15 адымға жақын келгенде, қарауылдың жұмысқа таратушысы: «Ауысым, тоқта!» деп пәрмен береді де, бір қарауылға пост пен оның маңайына бақылау жасауды (ауысым машинамен жүргенде қаруды оқтап, бақылау жасауды) бұйырады. Мысалы: «Қатардағы сарбаз Данияров, пост пен оның маңайына бақылау жаса!»
Сақшы ауысым жақындағанда оларға бет бұрып, өздігінен автоматты «белдікке» (карабинді—аяққа) күйінде ұстайды. Сақшы жаңа қарауыл жұмысқа таратушысының пәрмені бойынша, мысалы: «Қатардағы жауынгер Васильев, постыға қарай адымда!» дегенде, тік тұрып оң жаққа бір адым жасайды, ал қарауыл сақшыға жақындап келіп, оның орнына қарсы бағытта бұрылып тұрады.
5-сурет. Сақшыны ауыстыру
Бұрынғы және жаңа қарауылдың жұмысқа таратушылары сақшы мен қарауылдың екі жағында бір-екі қадам арақашықтықта бір-біріне қарап тұрады.
Бұрынғы қарауылдың жұмысқа таратушысының: «Сақшы, постыны тапсыр!» — деген пәрмені бойынша сақшы посты ауызша тапсырады (5-сурет). Бұл ретте сақшы мен қарауыл бір-біріне қарай бастарын бұрады. Постыны ауызша тапсыру кезінде сақшы постының нөмірін атаған соң, постыны күзетуге келген қарауылға пост табеліндегі күзетуге жататын барлық объектілерді атайды, сондай-ақ қызметті атқару кезінде пост маңында байқалған жайттарға назар аударады.
Постыны ауызша тапсырып болған соң, сақшы жұмысқа таратушысының: «Сақшы, постыны қабылдап ал!» — деген пәрмені бойынша жаңа қарауыл жұмысқа таратушысымен бірге сақшы мен бұрынғы қарауылдың жұмысқа таратушысының қатысуымен күзетілетін объектілерді қарап шығуға және сақтау орындарының (қоймалардың), есік-терезелерін, қабырғаларын, жарықтаңдыру жүйесін, қоршауларын, құлыптардың, баулардың, мөрлердің (сүргілердің) бар-жоқтығын және олардың көшірме бедерлеріне сәйкестігін немесе күзетілетін ұрыс машиналарының (басқа қару-жарақ пен әскери техниканың) санын тексеруге, техникалық күзеттегі ұрыс машиналарының (басқа қару-жарақ пен әскери техниканың) санын тексеруге, сондай-ақ техникалық күзет құралдарының, байланыс, өрт сөндіру құралдарының және пост киімдерінің бар-жоқтығын, жай-күйін тексеруге міндетті. Постыны қабылдап алу кезінде қамалған адамдары бар камералар жанында тұрған сақшы, оған қоса, олардағы қамалып отырған адам санын тексеруге міндетті.
Егер қажет болса, постыда тұратын жаңа қарауыл жұмысқа таратушының көмегімен постыда тұрушыларға арналған киімді киеді.
Егер постыны тапсыру-қабылдау кезінде қандай да бір болмасын ақаулар (қоршаулар бұзылса немесе мөрлер, сүргілер, құлыптар, баулар, есіктер, терезелер бұзылса) немесе мөрлердің (сүргілердің) көшірме бедеріне, сондай-ақ күзетілетін ұрыс машиналары (басқа қару-жарақ пен әскери техника) пост табелінде көрсетілген санына сәйкес келмесе, жұмысқа таратушы постыны тапсыруды тоқтатады да, қарауыл бастығын шақырады; жаңа қарауыл постыларды қабылдаған кезде, бұл жағдайларда бұрынғы және жаңа қарауыл бастығы шақырылады.
Постыны тапсыруды және қабылдауды аяқтаған соң, сақшы мен постыға жаңа келген қарауыл жұмысқа таратушыға қарап тұрып, кезектесіп баяндайды.
Мысалы: «Сержант мырза! Қатардағы сарбаз Серіков нөмірі мынадай постыны тапсырды». «Аға сержант мырза! Қатардағы Васильев мынадай нөмірлі постыны қабылдап алды».
Баяндаудан және жұмысқа таратушыдан нұсқауларды алғаннан кейін, сақшы қаруды алып, постыдағы өз міндеттерін орындауға кіріседі.
Постыда өрт болған жағдайда — сақшы бұл туралы қарауыл үй-жайына шұғыл хабар береді, күзету объектісін бақылау жасауды тоқтатпастан, өрт сөндіру шараларын қолданады. Күзетілетін объектінің сыртқы және ішкі қоршаулары бар техникалық аумағы, сондай-ақ пост маңы өртенген кезде, ол бұл туралы қарауыл үй-жайына хабарлап, қарауыл бастығының нұсқауы бойынша әрекет етеді.
Аяқ астынан ауырып қалғанда (жараланғанда), сақшы қызметін тоқтатпастан, таратушыны не қарауыл бастығын шақырады.
Сақшының қаруды қолдану реті. Постыға немесе күзетілуші объектіге қабылдау кезіндегі сақшының іс-әрекеті
Сақшы өзіне немесе өзі күзететін объектіге тұтқиылдан шабуыл жасалған жағдайда, қаруды ескертусіз қолдануға міндетті.
Сақшы қарауыл бастығынан, өзінің жұмысқа таратушысынан, оларға еріп келген адамдардан басқа немесе постыға тыйым салынған шекараға жақындаған барлық адамдарды: «Тоқта, кейін!» немесе «Тоқта, оң (сол) жақтан айналыл өт!» — деп дауыстау арқылы тоқтатады.
Постыға немесе тыйым салынған шекараға жақындаушылар айтылған талапты орындамаған жағдайда, сақшы тәртіп бұзушыға: «Тоқта, атамын!» — деп ескертеді және дереу қарауыл бастығын немесе өзінің жұмысқа таратушысын шақырады. Егер тәртіп бұзушы бұл талаптарды орындамаса, сақшы оқшантайға патрон салады да, аспанға ату арқылы ескерту жасайды. Тәртіп бұзушы бұл талапты да орындамаған жағдайда, сақшы оған оқ атады.
Пост табелінде көрсетілген қашықтықтан постыға немесе тыйым салынған шекараға жақындаушыларды көру мүмкіндігі нашарлаған жағдайда, сақшы оларды: «Тоқта, кім келе жатыр?» — деп, дауыстап тоқтатады. Егер жауап болмаса, сақшы: «Тоқта, атамын!» — деп ескертіп, тәртіп бұзушыны кідіртеді. Кідіртілген тәртіп бұзушы туралы сақшы белгіленген дабылмен қарауыл үй-жайына хабарлайды, оны назарға ала отырып, өзіне тапсырылған объектіні күзетуін жалғастырады және тәртіп бұзушының іс-қимылын бақылап отырады.
Егер тәртіп бұзушы тоқтамаса және күзетілетін объектіге (постыға) басып кіруге тырысса немесе мұндай әрекеттерден кейін қашатын болса, онда сақшы аспанға ату арқылы ескерту жасайды. Тәртіп бұзушы бұл талапты да орындамаған жағдайда, сақшы оған оқ атады.
Егер сақшының дауыстауына: «Қарауыл бастығы («арауыл бастығының көмекшісі, жұмысқа таратушы) келеді» — деген жауап естілсе, онда сақшы: «Қарауыл бастығы (қарауыл бастығының көмекшісі, жұмысқа таратушы), маған кел, қалғандарың орындарыңда қалыңдар!» — деп бұйырады; қажет болғанда сақшы жақындағандардың бет-жүзіне жарық түсіруін талап етеді.
Өздерін атаған адамдардың шын мәнінде қарауыл бастығы (қарауыл бастығының көмекшісі, жұмысқа таратушы) екендігіне көзін жеткізген соң, сақшы келген адамдарды өзіне қарай жібереді.
Егер қарауыл бастығы деп аталған адам (қарауыл бастығының көмекшісі, жұмысқа таратушы) бейтаныс болып шықса немесе онымен келгендер сақшының орнында қалу туралы талабын орындамаса, онда сақшы оларды: «Тоқта атамын!» — деп ескертеді. Тәртіп бұзушылар бұл талапты орындамаған жағдайда, сақшы оларға оқ атады.