ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ
- Құқықтық тәрбиенін мазмұны, міндеттері
Оқушының мектептегі өмірі тұлғаның азаматтық қалыптасуының шешуші кезеңі болып табылады. Осы жылдары адамгершіліктің дүниетанымы, сенімдері, ұжымшылығы, тәртіптілігі, өзіне және басқаға талап қоюы, адалдығы мен шыншылдығы, қайырымдылығы мен ұстамдылығы, жігерлігі мен батылдығы қалыптасады.
Бұлардың мазмұнына мемлекет заңдары және қоғамда өмір сүру ерекшеліктерін құрметтеу, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзімсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау да енеді. Тұлғаның осы сапалы болашақ еңбек қоғамы азаматының құқықтық мәдениет болмай қоғам алдындағы міңдеттерді орынды шешу мүмкін емес. Құқықтық мәдениет екі тұрғыдан қаралады. Біріншісі кең мәнінде. Бұл құқықтық межелер, құқықтық қатынастар, құқықтық мекемелер әрекетінің ауқымын қамтиды. Екіншісі, тұлғалық, педагогикалық және психологиялық мәніне қарау.
Құқықтық мәдениеттің тұлғалық мәнінде — бұл тұлғаның сүрделі, кешенді қасиеттері. Негізінен тұлғаның құқықтың мазмұны бар әрекеттер мен қылықтарының орынды бағытын анықтайды.
Адамның құқықтық мәдениеті — күрделі. Әңгіме адам, оның анасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы туралы болғанда көптеген сұрақтар туындайды. Шындығына келсек, бұл сұрақтарға педагогика, психология, социология, медицина, заң т.б. ғылымдар әлі толық жауап бере алмай отыр.
Дегенмен, қоғам болашағын құқықтық мемлекет тағдырымен байланыстыра қарап отырған шағымызда аға ұрпақ іс-тәжірибесі мен қарым-қатынасты тәжірибесін негізге ала отырып, жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесі мәселесін педагогика ғылымы мазмұнында қарастырғанымыз жөн.
Талантты педагог В.А.Сухомлинскийдің «қоғамды мазасыздандырып отырған құбылыстардың басты себебі мектептегі оқу жылдарындағы зиялылық мұраттарының бишаралығы және қуыс кеуделілігінің негізінде дамып отырған жас өспірідер мен жастар арасындағы маскүнемдік, бұзақылық, уақытты мағынасыз өткізу» деген тұжырымымен толық келісуге болады.
Адамның құқықтық мәдениеті — күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды жағын бейнелейді. Нақты пайымдауға келмейтін құбылыстарды ұғыну үшін біз салыстыруды көп пайдаланамыз.
«Барлығы да салыстыру арқылы танылады» деген халық даналығы тегін емес. Ұлы орыс педагогы К.Д.Ушинский кез-келген түсіну мен кез-келген ойлаудың негізі салыстыру деген болатын.
Құқықты құрметтеу әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңгерлікті, сезіну – адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі. Осыдан келіп заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екендігін түсіну қиын емес. Заңдылықты сезінуқұқықтық межелер негізінде, ар – ұжданына сай шешім қабылдауға көмектеседі. Заңдылықты сезіну – ұяттылық мораль мен құқықтық мызғымас бірлігінен туындайды. Құқықтық тәрбие негізі үйелменнен басталады. Адам табиғатындағы жақсының бәрі ең алдымен үйелмен ауқымына жұмсалады. Туысқандармызға, жақындарымызға, қатынасымыз неғұрлым адамгершілікті болса, солғұрлым еңбек және қоғамдық өміріміздегі қылықтарымыз берік және жоғары болады.
- Құқықтық тәрбиенің формалары мен әдістері
Қазіргі кезенде қоғамның бірте-бірте демократиялық дамуы жалпы білім беретін орта мектептерде құқықтық тәрбиені зор шеберлікпен, шығармашылықпен іске асыруды мектеп басшыларынан, мұғалімдерден талап етеді. Сондықтан олар үкімет заңдарының барлық салаларымен жете танысып, тәлім-тәрбие жұмыстарында тиімді пайдаланудың үдемелі жолдарын іздестіреді.
Республика мектептерінде құқықтық тәрбиенің, кейбір формаларын атауға болады. Олар, құқықтық лекториялар, кинолекториялар, жасөспірімдердің заң тану мектебі, құқықтық білім клубтары т.б.
Құқықтық лекториялар. Мектептерде жоғары сыныптар оқушылары үшін ұйымдастырылады. Лекториялардың мақсаты — жеткіншектер мен жасөспірімдерді еліміздің заңдарына және халқына құрмет сезімін білдіруге тәрбиелеу, құқықтық біліммен қаруландыру, оны насихаттау.
Лекториялардың жоспары бір жылға жасалып, онда лекциялар тақырыптары көрсетіледі. Мысалы:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы — халқымыздың негізгі заңы.
- Демократиялық және құқықтық мемлекет.
- Жеткіншектік шақ және заң.
- Еңбек, азаматтық және қылмыстық заңдары.
- Жастардың құқығы және міндеттері т. б.
Осы сияқты көкейтесті тақырыптарға оқылатын лекциялардың теориялық мазмұнының бай өмір тәжірибесімен қабысуы оқушылардың сана сезімінің қалыптасуына, құқықтық біліммен қарулануына, жалпы қабілетінің дамуына игі әсер етеді.
Кинолекторнялар әр түрлі жастағы балалар үшін ұйымдастырылады. Оқушыларға жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі кинофильмдер көрсетуге болады. Олар көркемдік, хроникалы-құжаттық, ғылыми-қарапайым фильмдер. Көрсетілетін фильмді күн бұрын қарап шығу, ондағы іс-әрекеттің оқиға желісінің дамуын, яғни, фильм сюжетін оқушылар санасына жеткізе білу қажет. Кинофильмдер көптеп саналады. Солардың ішінде құлық және құқықтық тәрбиеге байланысты фильмдерді таңдап алып, оқушыларға көрсету, соңында олармен бірігіп сюжетін талқылау. Демек, оқушылардың түсінігін, пікірін анықтай білу.
Кинолекториялар жұмысын осы сияқты бағытта жүргізу оқушылардың құқықтық білімін, адамгершілік тәжірибесін байытады.
Жасөспірімдердің заңтану мектептері. Мұндай мектептерді жастар сарайы, жалпы білім беретін орта мектептердің жанынан ұйымдастыруға болады. Негізгі мақсаты — жас түлектерді құқық және еңбек, азаматтық және қылмыс заңдары жайлы біліммен қаруландыру. Заң тану мектептерінің оқушылары мұғалімдердін басшылығымен жүргізілетін семинарларға және практикалық сабақтарға қатысады, мектеп оқушыларының арасында құқықтық тәрбие жөнінде «Оқушы», «Табиғат және заң», «Конституция мемлекеттің негізгі заңы» сияқты тақырыптар бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Мектептерде құқықтық тәрбиенің басқа да формалары кездеседі. Мысалы: «Құқықтық білім факультативтері» құқықтық тәрбиенің бір рет жүргізілетін формалары: лекция, баяндама, әңгіме, пікірталас, олимпиада, кештер, сайыстар т.б. Осы формаларға сәйкес тақырыптарды құқықтық және адамгершілік тәрбиесі негізінде іріктеп алу және пайдалану керек. Мысалы, лекция тақырыбы: «Қазақстан Республикасы азаматтары міндеттерінің, еріктерінің және құқықтарының бірлігі», пікірталас тақырыбы: «Немкұрайдылық және арамзалық қылық» т.б.
Осындай нақты жұмыстарды істеудің нәтижесі құқықты бұзушыларға алдын ала ескерту жасайды және олар өз еркімен бірте-бірте қоғамдық өмірге қатысуға тілек білдіреді.
Мектеп жұмысының жүйесінде әр түрлі тәрбие әдістерінің қолданылатыны әркімге мәлім. Сол әдістердің біразын құқықтық тәрбиеде де пайдалануға болады. Тәрбиенің жалпы әдістері негізінде құқықтық тәрбие әдістері үш топқа бөлінеді:
Сөздік-ақпараттық топқа лекция, әңгіме, әңгімелеу, өнеге, түсіндіру, дәлелдеу, насихаттау бекерге шығару әдістері жатады.
Бұл әдістердің тиімділігі нақты материалды оқушыларға түсінікті тілде мазмұндай білуге байланысты. Осының нәтижесінде оқушылардың ұғымы дамиды, әр түрлі іс-әрекетіне қызығушылығы артады.
Ұқтыру, машықтандыру тобына кіретін әдістер: үйрету, тапсырма, жаттықтыру, талап.
Бұл әдістер оқушылардың іс-әрекеттері мотивтерінің қалыптасуына мүмкіншілік туғызады.
Ынталандыру және тежелу әдістер тобы: ынталандыру әдістері (сенім, жағымды баға, мақтау, мадақтаудың түрлері: алғыс айту, әр түрлі сыйлықтар, шарапаттар т.б.), тежелу әдістері (жазалаудың бірнеше түрлері: ұялту, сөгіс, ескерту).
Сонымен топтарда көрсетілген әдістерді құқықтық және құқықтық тәрбиесіне ортақ десек артық болмайды, өйткені, олардың бірлігі жалпы тәрбие жүйесінде болымды нәтиже береді.