Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам
Жоспар:
- Құқықтық мемлекет туралы жалпы ілім
- Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидалары (принциптері)
- Азаматтық қоғам
- Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құқықтық мемлекет туралы жалпы ілім
Адамзат тарихында мемлекет және құқық пайда болғаннан кейін ұлы ойшылдар мен ғұлама тарихи тұлғалар билік жүргізуші топтардың басқаруды іс жүзіне асыруда заңсыздық пен бассыздық, шексіз билікпен тиранияға кеңінен жол ашып, адам құқықтарын басып-жаншыған, қырғынға ұшыратқан жантүршігерлік әрекеттерін қатаң сынға алды. Мемлекеттің шексіз билігін шектеудің тетіктерін қарастырды. Атап айтқанда ұлы Сократ, Платон, Аристотель, Хан Фей, Хамурапи, жаңа заманда Н.Макиавелли, Б.Б.Спиноза, И.Кант, Т.Гобсс, ДЛокк, Г.В.Гегель, Ш.Уәлиханов, Абай, А.Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Б.Сыртанов сияқты ойшылдар адам құқықтарының тиімді қорғалып, қоғамда әділеттіліктің орнауын ұсынған идеяларында басты мақсат етті.
Платон еңбектеріне назар аударатын болсақ, қоғамда заң үстемділігі орнау қажеттігі аса маңызды мәселе ретінде көтеріледі. «Мен, — деп атап көрсетті Платон — заңның күші жоқ және оның қайсыбіреудіңбилігінде болса, ол мемлекеттің күйреуінің жақын екенін болжаймын. Заң билеушілерге үстемдік еткен жерде олар оның құлдары және мемлекеттің құтқарылатынына сеніммен қараймын». Осындай пікірлер Аристотель, Цицерон сияқты ежелгі заман ойшылдарының еңбектерінде де жиі кездеседі. Феодализмнің ыдырау процесі басталған кезеңде билікке ұмтылып келе жатқан буржуазия орта ғасырдың абсолюттік басқару формасына, инквизацияға қарсы заңдылықтың орнауы, билікті бөлу, жеке меншікті ең қастерлі құқық деп жариялау, табиғи құқық идеясын асқақтату сияқты көптеген демократиялық мазмұндағы идеяларды жариялады. Джон Локк тұңғыштардың бірі болып қандай да болмасын «биліктің заңсыз әрекеттеріне қарсылық көрсету заңды» деген тұжырымдаманы ұсынды. Францияның ірі ойшылы Ш.Л.Монтескье мемлекетте билікті бөлу қажеттілігін демократиялық мемлекеттің ең негізгі іргетасы ретінде жариялады. Бір мемлекеттік органның қолында екі биліктің, ал үшеуінің тіптен шоғырлануына жол берілетін болса, ондай қоғамда нағыз бассыздық пен заңсыздық орнайтынын аса көрегенділікпен дәлелдеді.
Қоғамның дамуы ұлы ойшылдардың прогрессивтік-құқықтық идеяларының дұрыстығын және қажеттігін мойындап ғана қойған жоқ, сонымен қатар қабылданған құқықтық құжаттарға енгізіледі. Атап айтқанда АҚШ-тың 1787 жылы қабылданған Конституциясы, Ұлы Француз революциясының «Адам және азамат декларациясы» (1789) аталмыш идеяларды норма ретінде бекітті.
XX ғасырдың басында Ресей университеттерінде білім алған қазақ зиялылары Еуропаның, АҚШ-тың демократиялық құқықтық құжаттарын ой-саналарына сіңіргендіктен өздерінің идеяларында қазақ қоғамында да демократияның енгізілуін қалады. Мысалы, ірі қоғам қайраткері, отарлық саясатқа қарсы белсенді күрескен Барлыбек Сыртанов өзінің 1911 жылы жазған «Қазақ елінің уставы» деп аталатын еңбегінде Еуропа ойшылдарының прогрессивтік идеяларын қазақ қоғамына қажетті екенін дәлелдеді. Мысалы, сол Ш.Л.Монтескьенің билікті бөлу теориясын мына мағынада береді: «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады.Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады». Жалпы алып қарағанда мемлекеттің құқықтық негізде құрылуын И.Кант идеялық мағына дәрежесінде ұсынды. Өзінің «Мінездер метафизикасы» деп аталатын еңбегінде «Мемлекет деген құқықтық заңға бағынған көптеген адамдардың бірігуі», деген тұжырымды алға тартты. Бірақ, И.Кант «Құқықтық мемлекет» деген ұғымды қолданған жоқ. Бірақ, қабылданған заңдардың құқықтық қағидаларға сай келуін талап етуі оны ұлы ойшылдар санатына жатқызады. Ал, «құқықтық мемлекет» ұғымның саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихында тұңғыш рет немістің зерттеушісі Роберт Фон Моль (1799-1875) 1833 жылы өзінің жазған еңбегінде енгізді. Ж.Велькер, О.Бэр, Ф.Шталь сияқты неміс ғалымдары құқықтық мемлекеттің барлық қырларын және негізгі қағидаларын жан-жақты ашып көрсетті.
Қазан төңкерісінен кейін Кеңес мемлекетінің идеологтері мен заңгер-ғалымдары құқықтық мемлекет құру идеясын мүлдем жоққа шығарды. Мысалы, Л.Каганович өзінің «Кеңес мемлекетін құрудың он екі жылдығы және оппортунизммен күресу» деген баяндамасында мынандай мәлімдеме жасады: «Біздің заңдарымыз әрбір сәтке қолданылуда революциялық мақсатқа сәйкестікпен анықталады. Шынына келгенде біз құқықтық мемлекет ұғымын буржуазиялық мемлекетке де жарамсыз дейміз. Ал, оны Кеңес мемлекетіне қолдану — буржуазия заңгерлерінің жетегінде кетумен пара-пар». Осылай құқықтық мемлекетті құру емес, тіпті ол туралы қалыптасқан барлық ұғымдар мен идеялар тұншықтырылды, Кеңес мемлекетінің қас жауы ретінде танылды. В.Н. Кудрявцев пен Е.А.Лукашеваның пікірлері бойынша: «Кеңестік заң доктрина ұзақ уақыт бойы құқықтық мемлекет идеясының өзін қабылдауға болмайды деп санады, неге десек ол капиталистік қоғамдық құрылымда жарияланған. Мұндай догматикалық ыңғай таныту шын мәнінде мың жылдық даму барысында гуманистік ой-пікірде қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсылық білдірудің нәтижесі ғана».
Кеңес мемлекетіне құқықтық мемлекет жарияланған, «заңның құқықтық мағынаға ие болу» идеясын жоққа шығарады. Заң мен құқық бірдей деп санаудың нәтижесінде антидемократиялық заңдар қабылданды. Құқықтық қағидаларының тамырына балта шабылды және қабылданған заңдар халық атынан «әділетті» «халықтың еркін білдіреді» деген құқықтық сананы қалыптастырды. Заң әділетгі болғандықтан, ол қандай болса да орындау бәріне міндетті болды. Осылай коммунистік-тотолитарлық режим кеңес мемлекетіне қажетті заңдар шығарды. 30-жылдары аш-жалаңаш балаларына тамақ тауып беру үшін егістіктен бидайдың дәнін тергені үшін 10 жылға түрмеге жабу туралы, сотсыз тергеусіз «Ерекше кеңес» органы арқылы «халық жауларын» соттау, ату туралы заңдар қабылданды. Бұлардың барлығы заңды жолмен, тәртіппен қабылданған заң нормалары болды. Бірақ, бұл заңдар құқықтық сипатқа, мәнге ие болған жоқ.
Ежелгі Рим заңгерлері жекеменшік құқы хақында ең жетілген нормаларды қалыптастырды. Олардың осыдан 3—5 мың жыл бұрын жасаған меншік институты қазіргі кезде барлық мемлекеттердің азаматтық кодексіне енгізілген. Бірақ, сол классикалық құқық бостандықта өмір сүрген адамды төлемеген қарызы үшін, құлдыққа сатып жіберу нормасын да бекітті. Ал, заң құлдарды өлтіруге, сатуға, тіпті аш андарды тамақтандыруға күл иеленушіге кұкық берді. Бәрі заң бойынша жасалады, реттеледі, бірак заң құкықтық сипатқа ие емес.
Ал, құкықтық мемлекетте заңның мазмұны құқықтық сипатқа, мазмұнға ие болуды талап етеді.
Сонда құқықтық мемлекет деген не?
Құқықтық мемлекет дегеніміз мемлекетте гуманизм, адамгершілік, теңдік, бостандық идеяларынық құқықтық қағидаларға ұласып, құқық үстемдік еткен, бассыздық пен заңсыздыққа жол бермеу үшін биліктің барлық тармақтарын арнайы тетіктермен тежеу арқылы адам құқықтарының тиімді қорғалуы.
- Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидалары (принциптері)
Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидалары адамзат тарихын мың жылдық дамуы барысында саяси-құқықтық ой-пікірде біртіндеп, эволюциялық жолмен қалыптасты. Олардың пайда болуларының ең негізгі себебі — жалпы адамның табиғатына жат бассыздық пен заңсыздыққа тосқауыл қою және деспотизммен бір адамның мемлекеттегі шексіз билігін тежеу қажеттігі болды. Бұл жалпы адам табиғатының сұранысы, бостандық, теңдік, бақытты өмір сүруге ұмтылудың негізгі талаптарының бірі. Құқықтық мемлекет ғасырлар бойы қалыптасқан гуманистік ой-сананы, прогрессивтік құқықтық идеяларды қорытындылаудың нәтижесінде арнайы қағидаларды қалыптастырады. Сол қағидалар үстемдік еткен мемлекетте ғана құқықтық мемлекет орнайды. Қазіргі заң әдебиетінде құқықтық мемлекеттің қағидаларының бөлінуін, олардың қанша екенін әр зерттеуші өздерінің тараптарынан баға беруде. Осы күнге дейін қалыптасқан қағидаларға баға беріп, талдау жасап қарасақ, мынандай түрлерге бөліп қаруға болады:
- Заң тыйым салмағанның бәріне рұқсат. Ежелгі Рим заңгерлері қалыптастырған және кейін барлық елдердің құқықтық жүйелеріне енген «Libertas est potestas faciendi quod iure licet» «Бостандық деген құқық рұқсат еткен әрекеттерді істеу» талабы жаңа заманда қайта жарияланып, мемлекеттің негізгі қағидаларына ұласты. Құқықтық мемлекетте мемлекеттің парламенті, президенттің және басқа да конституция бекітіп, құзыр берген барлық органдар шығарған нормативтивтік-құқықтық кесімдер адамдар мен азаматтардың қайсы бір әрекеттерді жасауға тыйым салмаса, оларды жасауға рұқсат етіледі, яғни ешқандай қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, тәртіптік жауапқа тартылмайды. Құқықтық мемлекетте субъектілердің әрекеттері тиімді реттеледі де, көп салада рұқсат ету идеясы кең қолданылады. Тыйым салатын нормалар негізінде қоғамға қауіпті әрекеттер мен халықтың құлықтылық құндылықтарына зиян, нұқсан келтіретін мінез-құлықтарды тежеуге, болдырмауға бағытталған. Мысалы, дін бостандығын жамылып, дінді басқа мақсатта пайдалану. Адамдардың, топтардың мүдделері құқықтық мемлекетте іс жүзіне асырылуы барысында тыйым салынбаған әрекеттер санатына болулары шарт. Тыйым салынатын әрекеттерді болдырмау мемлекеттің бақылауында және жауаптылығында. Ал мемлекеттік органдар мен занды тұлғаларға құқықтық мемлекетте «Тек заңда тікелей көрсетілген рана рұқсат» деген қағида іс жүзіне асады.
- Мемлекеттің барлық саласында заңның үстем болуы. Бұл қағиданың талаптары бойынша құқықтық мемлекетте заң өмірдің, қоғамдық қатынастардың барлық саласында үстемдік етіп, заңдылықтың орнауы қатаң түрде қамтамасыз етілуі тиіс. Заңның үстем болуы негізінде екі бағытта іс жүзіне асырылады: Біріншіден, Президенттен бастап барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, лауазымды тұлғалар мен барлық адамдар заңға бағынулары тиіс. Ешкім заңсыз әрекеттері үшін жауапкершіліктен босатыла алмайды. Жасаған әрекеттерінің коғамға қауіптілігіне қарай жауапқа тартылатыны ешқандай дау туғызбайтын аксиома болуы қажет. Екіншіден, атқарушы органдардың шығарған нормативтік құқықтық кесімдері Конституцияға және басқа Парламент шығарған заңдарға қарама-қайшы келмеулері тиіс. Үшіншіден, қабылданған барлық заңдар құқықтық идеяға ұласулары қажет. Яғни, құқықтық қағидалар мен талаптар барлық заңдардың ең негізгі өзегіне айналулары тиіс. Олай болмаған жағдайда шығарылған заңдар репрессиялық, жауыздық және антигуманистік сипат алып, адам құқын аяққа таптауға кеңінен жол ашылуы әбден мүмкін. Мысалы, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес мемлекетінде осындай оқиғалар кең етек жайды. Қылмыстық жауапқа, тіпті атуға дейін он екі жастан бастап тартылды, отанды сату деген айып тағылумен сотталғандардың кәмелетке толған отбасы мүшелері сайлау құқықтарынан айырылып, бес жылға жер аударылды. Ал, 1931 жылы қабылданған заң бойынша жұмысқа себепсіз шықпай қалғаны үшін жұмыстан қуылып, тұратын тұрғын үйінен айырылатын болған. Қабылданған заңдар әділетсіз, гуманизм, құқықтық қағидалардан мүлдем ада.
- Адам құқықтарының ең жоғарғы құндылық деп танылуы, мызғымас болуы және жариялық өкімет тарапынан тиімді қорғалуы. Бұл қағида негізінен XVII — XVIII ғасырларда Орта ғасырлық саяси-құқықтык жүйеге, әсіресе Еуропада кең етек жайған инквизицияға қарсылық білдіруден туындады. Буржуазиялық қатынастар қалыптасып келе жатқан Еуропа елдерінде жаңа күш, буржуазия табы билікке ұмтылу барысында адам құқықтарының аяққа тапталмай олардың мызғымас болып, ең жоғарғы құндылықтар екенін саяси-құқықтық ой-пікірде асқан мақтанышпен паш етті. Атап айтқанда өмір сүру құқы, меншікке ие болу, жеке адамның құқықтарына қол сүқпау, дін, сөз бостандықтары, тең құқылық сияқты адамдардың құқықтарын табиғи деп жариялады, оларды қорғау, қамтамасыз ету адамның шықкан әлеуметтік тегіне байланысты емес, адам болғандығынан қамтамасыз етілуі тиіс. Адам құқықтарының мызғымас болуы туралы тұңғыш рет Англияның «Еркіндіктің ұлы хартиясы» 1215 жылы жариялауға ынта білдірді. Бұл құжаттың бірнеше баптарында заңсыз қамалмау, заңсыз меншіктен айыруға болмайтындығы, еркін, ешқандай кедергісіз Англиядан кетіп және қайтып келу (39,41-баптар) және тағы басқа нормалар енгізілді. Кейінгі ғасырларда адам құқықтарының негізгі қағидалары «АҚШ-тың тәуелсіздік декларациясынан» (1776.4 шілде) өзінің нақтылы шешімін тауып, кейінгі қабылданған құқықтық құжаттарға өзінің нақтылы шешімін тапты. Атап айтқанда 1789 жылы франция ұлы төңкерісінің «Адам және азамат декларациясы»: «Адамдар өз құқықтарында еркін және тең болып туылады. Қоғамдық айырмашылықтар тек қана көптің пайдасына негізделуі мүмкін», — деген норманы дүние жүзіне үлгі ретінде паш етті.
Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірде адам құқықтарының мызғымастығы, тиімді қорғалуы туралы идеялар негізінде XX ғасырдың басында тұңғыш рет «Қарқаралы петициясында» (1905) өзінің шешімін тапты. Адам құқықтарының табиғи екені және олардын ең жоғарғы құндылық болуы қажеттілігі туралы 1911 жылы ірі реформатор, Қазақстанның тұңғыш Конституциясының авторы, қоғам кайраткері, демократ Барлыбек Сыртанов (1866-1914) өзінің «Қазақ елінің уставында» нақтылы, концептуалдық мағынада жариялады. «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамдарға қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге құқы бар».
Мұндай талаптар жалпы мемлекеттің, адамның өмір сүруіне оның құқықтарын қамтамасыз етумен қатар, жағымсыз қасиеттері де өзінің функцияларынан айқын көрініс береді. Атап айтқанда кеңсе үстемділігі, сыбайластық жемқорлыққа, адам құқықтарын аяққа таптау, заңсыз әрекеттерге жол беру және тағы басқа көптеген бассыздықтар. Мемлекет жеке адамға тек қана билік жүргізу тұғырынан қарамауы тиіс, оның барлық қызметі құқық шеңберімен шектеліп отырулары тиіс. XX ғасырдың басында өмір сүрген А. Эсмен деген ойшыл аталмыш мәселеге мынандай пікірін білдірді: «Жеке құқықтардың жалпы сипаттарына тән бір қасиет бар: олар мемлекеттің құқықтарын шектейді, мемлекет белгілі бір салаларға араласудан сақтануы тиіс, жеке қызметтілікке белгі дәрежеде жол ашуы тиіс».
- Мемлекетте билікті бөлу теориясының нақтылы дәрежеде қалыптасуы. Билікті бөлу теориясы негізінде Еуропада буржуазиялық төңкерістер кезінде пайда болып, феодализмнің деспотиялық, шексіз билігіне қарсы бағытталған прогрессивтік идея болды. Монархтың тұқым қуалау арқылы қалыптасқан шексіз билігін тежеу, тосқауыл қою үшін ұсынылды және келешекте тиімді түрде іс жүзінде асырылады. Бірақ, бұл идея ежелгі Эллада елінде, тұңғыш рет адамзаттың саяси-құқықтық тарихында Солонның жасаған реформаларында көрініс берген. Атап айтқанда, Солон Афинада мемлекет құру барысында 400-дік Кеңеспен ареопаг органдарын қалыптастырып, екеуінің бір-бірін тежеп, биліктің тепе-тең болуын жақтаған. Джон Локк, Шарль Луи Монтескье сияқты буржуазия идеологтері билікті бөлуді демократияның дамуына тікелей ықпал ететін тетіктер ретінде бағалады. «Егер заң шығаратын және атқарушы билік бір адамның, немесе мекеменің билігінде болса, онда бостандық болмайды, себебі, бұл монарх, немесе сенат тирандық заң жасай бастайды… Егер сот билігі заң шығарушы және атқарушы биліктерден бөлінбеген жағдайда да бостандық болмайды». Ал, Барлыбек Сыртанов Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихында тұңғыш рет «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады», — деп Ш. Монтескье идеясын қазақ қоғамына пайдалануды ұсынды.
Билікті белу теориясы қазіргі кезде барлық демократиялық режимдегі мемлекеттерде қабылданған. Билікті бөлу жоқ мемлекеттерде құқықтық мемлекет құру мүмкін емес, бір адамның еркі үстемдік етеді, заңсыздықтың, бассыздықтың орнауына тікелей жол ашылады. Үш биліктің бір-бірімен ара қатынастары тепе-теңдік тежемелік қағида негізінде іс жүзінде асулары тиіс.
Сонымен қатар билікті бөлуде негізінде өкілетті органдардың үстемдігі қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндай талаптар жалпы халықтың егемен билік жүргізу идеясынан туындайды. Өкілетті билік барлық биліктің тармақтарының ұйымдасуын айқындайды.
- Мемлекеттің жеке адам алдында жауаптылығы, адамның мемлекет алдындагы жауаптылыгы. Мемлекет пайда болғаннан кейін өсе-өсе, үлкейе келе қуатты аппараты бар күшке айналады. Басқару, билік жүргізу барысында мемлекет халықтың бақылауынан шығып, ағылшындардың ірі ойшылы Томас Гобсс айтқандай, ешқандай әрекеттермен шектелмейтін алпауыт күшке айналып, адамдарға үстемдік ететін құралға айналды. Бірақ, адамдар мемлекетті өздерінің өмірлерін қорғайтын, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ететін күш ретінде құрғанымен, ол өзінің дегенін істейді, тырп етпей бағынуды талап етеді. Сондықтан мемлекет басқару үшін құрылған саяси жүйе ретінде өзінің заңсыз әрекеттері үшін жеке адам алдында жауап беруі қажет. Айталық, мемлекеттің органдарында қызмет атқаратын лауазым иелері бассыздық пен заңсыздыққа жол бергендері үшің заң алдында міндетті түрде жауапқа тартылулары тиіс. Көп жағдайда олар жауапқа тартылмайды. Мысалы, заңсыз қамау, заңсыз үкім шығару және т.б адам құқықтарын аяққа таптау сияқты әрекеттер үшін мемлекет қызметкерлері жеке адамның алдында жауапты болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік биліктің барлық мәртебесі құқықпен тиімді реттеліп, жауаптылығы нақтылы тетіктермен айқындалулары керек.
Сонымен қатар, жеке адам да өзінің құқыққа сай келмейтін әрекеттері үшін мемлекет алдында кінәсіне қарай жауапты. Құқықтық мемлекеттің бұл қағидасының маңызы өте зор және екі жақтың да жауаптылығын күшейту арқылы мемлекетте заңдылықтың орнауын қамтамасыз етеді.
Жалпы тарихқа жүгінсек мемлекеттің, билік жүргізушілердің, жеке адамдардың алдындағы жауапкершілігінің міндетті түрде қажет екенін XI ғасырда тұңғыш рет Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» атты шығармасында мына мағынада айтып кеткен:
Патшаларда қалың халық қақы бар,
Ал халық та патшалардың қақы бар.
Қара халық, күзетсін де патшасын,
Патша елінің жан мен тәнін сақтасын.
- Плюрализм (көппікірлілік) — құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде қоғамда еркін пікірталасқа толығынан мүмкіндіктер туады. Әркім өзінің пікірін еркін айтуға құқы бар және пікір таластың нәтижесінде әлеуметтік топтар, таптар, мүдделі азаматтар мемлекетке өз ойларын білдіреді. Батыс Еуропада плюрализм негізінде ірі социолог Фишердің страт теориясымен тікелей байланысты. Фишердің тұжырымдамасы бойынша қоғам әр түрлі мүдделердің (кәсіби, мүліктік, білімдік, жас, діни, жыныстық т.б) ұйымдасқан топтарынан қалыптасады. Оларды ұйымдастырған мүдделер қоғамда басқа мүдделі адамдар арасында еркін пікірталас тудырады. Ал, мемлекет болса сол көп пікіршілік пікірталаста төрелік функция атқарып, олардын арасындағы қарама-қайшылықтарды шешіп отырады. Пікірталастықтың шеңберін мемлекет айқындап, заңмен белгілейді.
Қазақстан Республикасында көппікіршілікке жол бермеу, тыйым салу, мынандай насихатты үндеуді құқық бұзушылык деп жариялайды:
- Мемлекеттік және арнайы құпияны жариялау, мемлекеттік мүддеге, қауіпсіздікке нұқсан келтіру.
- Конституцияның және мемлекеттік құрылымды күшпен, қару қолданып құлатуға үндеу тастау немесе шақыру.
- Қазақстан мемлекетінің егемендігін, аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру.
- Сот билігінің нағыз мағынада тәуелсіз болуы және адам құқықтарын әділеттілік негізінде қорғауы. Судьялардың әділ сот ісін іс жүзінде асырғанда тек заңға бағынуы — әділетті үкімдер мен шешімдердің нағыз кепілі. Құқықтық мемлекет еш уақытта атқарушы немесе заң шығарушы биліктің сот ісіне араласуға жол бермейді, Конституция және басқа арнайы құқықтық тетіктер арқылы тосқауылдар қояды. «Телефон құқы», «Мегафон құқы» сияқты қысым, әсер етуге жол бермеуге тиіс.
Бірақ, сот жұмысын жақсартудың теориялық және практикалық мәселелері әлі де баршылық. Атап айтқанда, сот жүйесінде кең етек жайған пара алушылық. Бұл дерттен құтылмай, көрініспен күресудің өзі ешбір нәтиже берер емес. Ал, әрбір іс бойынша судьялардын үстінен оперативтік жұмыс жүргізіп, жасырын алынған мәліметтерді дәлелге пайдаланып, судьяларды «қысу» ешқандай демократиялық құқықтық мемлекеттің қалыптарына сай келмейді. Тағы заңсыздыққа жол беріледі, адам құқы аяққа тапталады. Бүл дерттен құтылудың бір-ақ жолын көріп отырмыз. Судьялар санатына тек қана ары таза, терең білімді, дүниежүзілік мәдениетті, дәстүрлік мәдениетті, әдебиетті меңгерген адамдар ғана кіруі қажет. Кейде адам тағдырын шешіп отырған судьяның екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтынын, әдебиет оқымайтын, дөрекілікпен дікіңдеуден көз ашпайтын қатыгез тіпті надан болғанын құдайдың құтты күні кездестіреміз.
Қазіргі кезде судьялардың жауапкершілігін арттырудың бір жолы — жалпы оның атына, бюрократиялық қасиеттеріне, дөрекілігіне, істі былыққа батыру сияқты жағымсыз қасиеттеріне берілген шағым-арызға тез арада, жедел түрде назар аударылып, тәртіптік, қажет болса, қызметтен босатылып, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс. Сонда ғана судьялар жауапкершілігін сезінетін болады.
- Кінәсіздік презумциясы. Сот органдарының шығарған үкімдері негізінде айыпталған адам үкімнің заң күшіне енбейінше еш уақытта кінәлі деп саналмайды. Бұл жерде міндетті түрде Миранда ережесін еске алып, жаттанды қағидаға айналдыру парыз. Бұл ереже бойынша әрбір ұсталған, қамауға алынған адам және азамат өзін-өзі айыптауы тиіс емес. Ал, ұсталған сәтте немесе қамауға алынған адамның қолына блокнот беріледі және оның сыртында мынандай сөздер бар:
1) Егер сіз сөйлемеймін десеңіз, оған құқыңыз бар.
2) Егер сіз сөйлемеймін десеңіз, берген жауаптарыныз сізге қарсы пайдаланылуы мүмкін.
3) Сізден адвокаттың қатысуымен жауап алардан бұрын сіз адвокат арқылы ақылдасуыңызға құқыңыз бар.
4) Егер сіз адвокат алуға жағдайыңыз жоқ болса, сізге адвокатты әрбір жауап алардың алдында сот өзі тағайындайды және ол сізге ешқандай әсер етпейді.
5) Сізге құқыларыңыз түсінікті ме?
6) Егер түсінікті болса, сіз жауап бересіз бе? Әділ соттың нағыз үлгісі АҚШ-та ғасырлар бойы тәжірибеден алынған мынандай қағиданы сақтайды: бүгін нағыз қылмыскердің құқына қол сүғылса, ертең кінәсіз адамды түрмеге жабуы мүмкін.
- Азаматтық қоғам
Азаматтық қоғам деген жеке адамның, әлеуметтік топтардың, сан қырлы мүдделерімен талаптарын іс жүзінде асыру және қанағаттандыру үшін қалыптасқан қоғамдық, қатынастардың жиынтығы және содан туындайтын мемлекеттік емес ұйымдардың құқықтық негізінде құрылған жүйесі.
Немістің ұлы ойшылы Георг Вильгельм Фридрих Гегель азаматтық қоғам туралы былай дейді: «Азаматтық қоғам деген отбасы және мемлекет арасындағы диференциация (бүтінді болу), дегенмен азаматтық коғамның дамуы мемлекетке қарағанда кейінірек басталады. Өйткені дифференциация ретінде мемлекетті шамалайды және бөлу үшін өз алдында дербестік бірдемесінің бар болуы».
Азаматтық қоғамның құрамы негізінде тарихи даму барысында дәстүр мен бүкіләлемдік өркениеттік дамудың құндылықтары негізінде қалыптасады. Демократиялық қоғамда азаматтық қоғамның рөлі арта түседі және мемлекеттік басқару жүйесіне өзінің тікелей ықпалын тигізеді. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың мәні өте зор. Олардын мақсаттары мүдделерге байланысты құрылған топтар мен ұйымдардың мүдделерінің іс жүзінде асырылуына жағдайлар жасау және мемлекеттің саяси шешім қабылдауына ықпал ету, органдардың функцияларын жақсартуға, тиімділігін арттыруға кеңес беру, ұсыныстар енгізу болып табылады. Азаматтық қоғамның құрамына енген институттар мынандай талаптарға сай болулары қажет:
- Олардың құқықтық негізінде құрылуы.
- Алдына қойған мақсаттары қонституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырмаулары тиіс.
- Мақсат, мүдделерін іс жүзінде асыруда экстремистік әрекеттерге жол бермеулері тиіс.
Кеңес мемлекеті кезеңінде азаматтық қоғам институттары дамыған жоқ. Оған негізінде социалистік мемлекеттік және оның тоталитарлық идеологиясы тікелей кедергілер жасады, коммунистік идеологияны ыдырату деген көзқарасты қалыптастырды. Және К.Маркстің ілімі бойынша азаматтық қоғам қоғамдық өндірістік қатынастарға (базиске) тәуелді болып, мемлекет, құқық, құлықтылық, дін, өнер сияқты қондырманың құрамына енді, оның ажырамас бөлігі ретінде танылды. К.Маркс өзінің «Саяси экономика сыны жөнінде» деген еңбегінің «Алғы сөзінде» былай деп атап көрсетті: «Менің зерттеулерім мені мынандай нәтижеге жеткізді»: праволық қатынастары, дәл сол сияқты мемлекеттің формаларын да өзінен-өзін де, адам рухының жалпы дамуы дейтінінен де түсініп болмайды, керісінше, олар материалдық өмірлік қатынастарға негізделеді, бұл қатынастардың жиынтығын Гегель… «азаматтық қоғам» деп атайды, сондықтан азаматтық қоғамның анатомиясын саяси экономикадан іздеу керек… Өз өміріндегі қоғамдық өндірісте ықтиярларына қарамайтын, белгілі бір, қажетті қатынастарда — өндірістік қатынастарда болады, бұл қатынастар олардың материалдық өндіргіш күштері дамуының белгілі бір сатысына сай келеді. Осы өндірістік қатынастардың жиынтығы қоғамның экономикалық құрылымы, реалдық базисі болып табылады, осыған келіп заңдылық және саяси қондырма орнайды және бүған қоғамдық сананың белгілі бір формалары сай келеді. Материалдық өмірдің өндіріс әдісі жалпы өмірдегі әлеуметтік, саяси және рухани процестерді туғызады. Адамдардың санасы олардың болмысын билемейді, қайта, керісінше олардың қоғамдық болмысы олардың санасын билейді». Осындай тұжырым негізінде азаматтық қоғам қондырманың бір бөлшегі ретінде қаралып, мемлекетпен жұтылды. Ал, нарықтық қатынастар дамыған қоғамда жеке, топ мүдделері бәсекелестік негізде дамып, прогрессивтік қағидалар мен талаптарды өмірдің, мемлекеттің қажеттілігіне жаратады, демократияны жетілдіру процесіне пайдаланылады. Азаматтық қоғам институттарының мүмкіндіктерін, озық-ойлы идеяларын, қоғамды жетілдіруде пайдалану-прогрессивтік дамудың ең негізгі талаптарынын бірі. Мемлекет азаматтық қоғамның сынын, көрегендік пікірлерін толық ескерген жағдайда қоғамда үйлесімділік, келісімділік орнайды, қақтығыстардың шеңбері тарылады, индивидтердің бастарының бірігуіне жағдайлар жасалынады. Ал, азаматтық қоғамдағы идеялық келіспеушіліқтер пікірталас арқылы келісімге келу, жетуге жағдайлар туғызады. Бұл жерде мемлекеттің төрелік қызметі үлкен рөл атқаруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2,5 мыңнан астам мемлекеттік емес ұйымдар, 1 600-ден астам мешіттер бар. Сонымен қатар басқа діннің 547 ұйымдары да құрылған. Олардың бәрі азаматтық қоғамның құрамына енеді.
Азаматтық қоғамның мемлекеттік билік жүргізуге үлкен ықпалы негізінде саяси партиялардың қызметтерінен анық байқалады. Саяси партиялардың негізгі мақсаттары мемлекеттегі билік үшін күресу болып табылады. Саяси партияларға мақсат мүдделеріне байланысты әр түрлі мағынада сипаттамалар беріліп келе жатыр. Мысалы, XVIII ғасырда өмір сүрген ағылшын философы Э.Брек партияны «нақтылы идеялар мен мүдделерді ұсыну мақсатында құрылған адамдардың ұйымдасуы» деп бағалады.
Неміс ойшылы В. Хасбах XX ғасырдың басында «партия деген саяси билікке жету, өз мүдделерін іс жүзіне асыру үшін, саяси көзқарастары мен мақсаттары бір адамдардың одағы» деген ой білдірді. Ал, М.Вебер партияның мақсаттарын материалдық пайда табу және жеке адамның айырықша құқыққа ие болуы деп түсіндіреді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- ҚР Конституциясы. Алматы, 2000.
- М.Т.Баймаханов, Л.М.Вайсберг, А.К.Котов. Становление суверенитета Республики Казахстан. Алматы, 1994.
- Сәкен Өзбекұлы. Абай және адам құқы. Алматы, 1995.
- Сәкен Өзбекұлы. Ахмет Байтұрсынов құқықтық демократиялық мемлекет принциптері туралы. Кітапта: Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. Алматы, 2004.
- В.Г.Марача,АА.Матюхин. Гражданское общество и государство в Казахстане: основные понятия и особенности становления. Алматы, 1994.
- Социалистическое правовое государство: концепция и пути реализации. М., 1989.
- Ә.Қалмырзаев. Демократиялык қоғам және құқықтық мемлекет. //Халық кеңесі, 16 сәуір, 1993.
- М.Баглай. Правовое государство: от идей к практике. //Коммунист, 1989, №6.
- A.M.Барнашев. Теория разделения власте: становление, развитие, применение. Томск, 1989.
- Ю.И.Козлихин. Идея правового государства.
- Г.ПЛупарев. Социальное назначение религиозных организаций как основа их правового статуса. //Государство и право. 1992, №2.
- З.Черниловский. Гражданское общество. Опыт исследования. 1992.
- СА.Табанов.Салыстырмалы құқықтану негіздері. Алматы,2003.
- А.В.Малько. Правовое государство. //Правоведение. 1997, №3.