Қасым Аманжолов (1911-1955)
Қасым Аманжолов – қазақтың аса ірі ақындарының бірі. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды.
Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды.
Қ.Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.
Өмірбаяны. Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Майданнан өлеңмен жазған «Ағайыма» деген хатындағы: «Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы» дегендегі Қызыл – сол туған жері. Әкесі де сонда қайтыс болады. Жас болса да Қасым соның бәрін есінде жақсы сақтап қалған. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды «ерке Қасымның» Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді. Жинаққа енген өлеңдерден болашақтағы кемелденген ақын поэзиясының отты, лепті, сыршыл мінезі танылатын жекелеген жол, шумақтар табылғанымен, тұтастай алғанда, жинақ ақынның әлі де үйрену, еліктеу үстінде екенін көрсететін еді. Әсіресе көзге ауыз әдебиетінің 7-8 буынды терме, толғау үлгілеріне бой ұруы жиі шалынатын. Өлеңіне арқау етіп алған өмір құбылыстарын сырттай таңырқап, тамашалауға, көрген-білгенін тәптіштеп, тізбелеп суреттеуге әуестік байқалатын.
Бірақ ақын бұл қалпында көп кідірмей, осыдан кейінгі не бары екі-үш жылда-ақ:
Ішім пысты, жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап.
Кенде қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса соған аяңдап –
немесе:
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса, қиын ба!..
Жығылам деп жүре алмаймын жай басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жұлт қарап, жай басып
Жығылсам да, жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін, –
дегеніндей-ақ, қатты талпынып, талантына мәдениеті қосылып, ақындықтың шырқау биігіне самғап көтерілді. Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлау, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйрену оның буырқанған күшті талантын тез қанаттаңдырды. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті.
1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Бұл кезеңдегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» (алғашында «Азғынбаев» деп аталған) секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін «қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде» болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы.
Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Мысалы: 1946 жылы 26 өлең жазыпты, солардың ішінен, әсіресе «Достар», «Туған жер», «Құрбыма», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Домбыра», «Май келді», «Күйім тасып барады, күйім тасып», т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, «Біздің дастан» поэмасын бастайды. М.Лермонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Ол туралы үлкен ақын әрі поэзия білгірі Әбділда Тәжібаев «Социалистік Қазақстан» газетінде «Дауылды жырлар» деген мақала жазып, аса жоғары бағалайды. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарады. 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі «Өзім туралы» толғауын аяқтайды.
Қасымның өлеңдері «Гроза» деген атпен 1946 жылы, «Стихи» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады.
Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды.
Өлеңдері. Соғыстың алдында Қасым «Өз елім», «Дауыл», «Нар тәуекел», «Талғар» тәрізді әдемі лирикалық өлеңдер жазды. Бұл өлеңдердің кейіпкері – өз елін, туған даласының табиғатын шексіз сүйген, «көк дауылдай кеуделі жігіт» болып өскен қайратты замандасы. Өмірге көзін ашпай жатып, «жетімдік тағдыр» желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлайды:
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Қайран да менің өз елім.
Қасымның ауыр толғақ, жан күйзелістері үстінде 1938 жылдың өзінде-ақ, жазған белгілі өлеңі – «Сұлтанмахмұт туралы балладасы». Ақын онда сол кезде екінің бірі батылдық жасай алмайтын шындықты айта алды. Сұлтанмахмұтты жақтайтын жас ақын мен оны жау санайтын әдебиетші ақын қабірінің басында пікір таластырады.
Бірі айтты: – Сұлтанмахмұт тірі, – деді,
Мәңгіге өлмес жанның бірі, – деді.
Қазақтың кең даласын аралап жүр,
Өзіндей өжет оның жыры, – деді.
Бірі айтты: – Қателеспе, өлген, – деді,
Жырын да, өзін де оның көмген, – деді.
Болған соң өзі дұшпан, өзі арам,
Тарихқа жазып солай бергем, – деді.
Сол арада Сұлтанмахмұт қабірінен шыға келіп: «Өлгем жоқ!» – деп дауыстайды. Жас ақынды қолтықтап алып, Жазушылар одағынан мүшелік билетін алуға кетіп бара жатып:
Сен, жігіт, өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр, –
деп, масқаралап кетеді. Ол жылдарда мұндай өлең жазу нағыз жүрек жұтқан ерлік болатын. Ал Қасым бір бұл емес, мұндай бірнеше өлең жазған. Оның «Біз кім?», «Ақынның мінезі», «Күлемін де жылаймын» секілді өлеңдері сондай дүниелер.
Жылама сен, күл, – дейді,
Күлсем және сенбейді.
Қара тер боп тергейді:
Неге күлдің сен? – дейді.
Тоталитарлық жүйе тұсында мықтап өркен жайған күдікшілдік, сенбеу, күйе жағу, пәле жабу сияқты кеселді бұлайша әшкерелеу, зығырданы қайнай айыптау да Қасым сияқты ілуде біреудің ғана қолынан келгені шындық.
Қасымның осы тақырыпқа жазған өлеңдері соғыс жылдарында, одан кейін де үзілген жоқ, қайта күшейе, салмақтана түсті. Ондай зілді, ызғарлы лебіздерді ақынның майданнан Ғалиға, Ғабдолға өлеңмен жазған хаттарынан да көруге болады.
Қасым поэзиясындағы патриоттық, отаншылдық сезім соғыс жылдарында ерекше күшейді. Соғыстың қатал да ащы шындығы ақынды да, оның жырларын да тың өріс, жаңа биікке самғатты.
40-жылдардың басында Қасым туған жер табиғатының әсем суреттерін жасаған тамаша лирикалық өлеңдер жазды.
Қиыр Шығыстан майданға аттанып бара жатқан жолда туған «Байкал», «Сарыарқа», «Ертіс», «Орал» атты өлеңдерінде ақын ел табиғатының әсерлі көріністерін адамның отаншылдық сезімімен терең байланыста көрсетеді. «Оралға» өлеңін:
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым, менің Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан
Үстіңнен өтіп барамын, –
деп бастап, онда өткізген жастық дәурен қызықты шағын ризалықпен еске түсіреді.
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
Кеудесі гүл болып, бұлбұл қонған бұла жастың бақыты қандай ыстық.
Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден.
Алушы ед тартып мені ылғи,
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?..
Біз де ақынмен бірге сол үй, сол терекке қызыға, тіпті күрсіне қарағандаймыз…
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда
Айтпақшы, қайда бораның
Кетейін алып майданға, –
деп, туған ел боранын қатерлі сапарға серік етіп ала кеткісі, сөйтіп, майданға бұрқыратып бірге кіргісі келеді. Ғажап емес пе?!
«Байкал» өлеңінде Байкалдың торғын тұман жамылған көлі, таң сәріден кернейлете құйған өзендері, көлге ғашық боп ерте оянған таң – бәрі де ақын қиялын тербетіп, сұлу суретке айналады. Жастық шағын өткізген ыстық қала – Оралға тоқтап, Ертіс, Сарыарқа тұсынан өтіп бара жатқан ақын туған жерге деген мол махаббатын, ел сағынышын төгілте жырлайды.
Осындай өр мінезді, сезімтал, патриот ақынның жаумен бетпе-бет кездесуі де есте қаларлықтай. Қасымның майдан жырларының лирикалық кейіпкері – кеудесі кек пен ызаға толы, аса қажырлы жан. Оның «ажалдың дегеніне көнбей», «сескену, қорқу дегенді» білмей, соғыстың ауыртпалығын әр төзіммен көтерген қайсар бейнесі көп өлеңдердің мазмұнын құрайды.
Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
Жоқсың деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаньм сірі.
Соңғы бір жолда қаншама тарих, терең мағына бар. Бұл – поэзиядағы бұрын айтылмаған жаңа сөз, тың образ. Онда кайғы да, қайсарлық та, сабыр мен даналық та бар. Бүкпесіз, шыншыл, сыршыл, кемеңгер ақынның:
Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік.
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,
Аралап жерде жаяу келем жүріп, –
деген сөздерін тебірене оқып, тереңіне ойлана үңілеміз. Ақтарыла сыр ашқан атақты «Ғалиға жауаптан» алынған бұл шумақтан әлдекімнің жат, суық, сұрқай сұлбасы да елес береді.
Ол өз аяғынан жүруді, өз көзімен көруді, өз қолымен істеуді ұнатады. Ол жалтармақ емес, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмек емес. Ол өмірдің қайнаған ортасында жүріп, көптің жүгіне өз иығын тосады, бой тасалауды ар көреді, ауыр жүкті арқалаушылардың сапында болу – ол үшін адамгершілік борыш, мерей, мақтанып. Қасымның ақындық көзқарасының, философиясының, эстетикалық принциптерінің түп қазығы – осы. Бұл – алып кайратты, сарқылмас жігерлі, туған еліне қызметші болуды абыройлы үлесім деп білген үлкен дарынның, үлкен қайраткердің өмір мұраты.
Қасымның майданда жазылған, оның ішінде елдегі ақын аға, қаламдас құрбыларына жазған шыншыл, сыршыл өлеңдерінен, хаттарынан ақынның өз бейнесін, Отан үшін жанын отқа салып жүрген солдаттың образын көреміз.
Елдегі ақын досы Ғабдолға:
Білмеймін, қайда жоғалттым
Сескену, қорқу дегенді?
Есігін қақтым тозақтың
Өлеңмен келіп мен енді, –
деп сыр ағытса, Ғали ақынға жазған ұзақ жауап хатында:
Ажалдың мен бе көнер дегеніне,
Келермін, күтші, достар, мен еліме, –
деп болашағына нық сенім артады.
Майдан жауынгерінің ер жүрек бейнесін танытар осы тәріздес жолдар Қасымның әскери лирикасында тіптен мол. Ақын өліммен бетпе-бет кездескен шақта пайда болған солдат мінезіндегі мұндай сипаттарды туған елінің тәуелсіздігін қорғау кезінде туған жаңа сапа, ерліктің үлгісі ретінде көрсетеді. Осымен қатар, Қасымда соғыстың ауыр шындығы жағдайындағы солдаттың адамдық сырлары, мұңы, шаттығы, бойын ел, жар сағынышы билеген кезі, сонымен бірге жауға деген кекке толы сезім күйі мол, әсерлі суреттеледі. Ақын соғыстың қиындығын да, үрейлілігін де жасырмайды.
Жылдап бір жүріп, қан жұтқан,
Адамды қылғып тірідей.
Түскендей жерге «тамұқтан»
Қап-қара алып бір дүлей.
Ырсиып темір тістерін,
Жалақтап, жалмап, жұтынып,
Істеп бір алып істерін,
Тұр әлі тоймай құтырып.
Соғыстың үрейлі кейпін ақын осылай бейнелейді. Ол мұндай жағдайда өлімнің де бір-ақ оқ екенін түсінеді. Сонымен бірге мәселе өлуде емес, өмір сүруде, өмір сүрудің тетігі – ерлікте деп біледі. Ақынның:
Өлім – жауым, өмір – дос,
Неге өлейін бостан бос, –
немесе:
Қорықпаймын жұтар деп оқ,
Қаршыға жаз жүрегім.
Қорықпаймын бір есерсоқ,
Салар деп қан шеңгелін.
Қорықпаймын жұрт сөзінен
«Тым арзан өлді» деген, –
деуі де сондықтан.
Мұңая күрсінген, көңілденген шақта да ол өмірлік мұратын, азаматтық парызын естен шығармайды.
Қан қақтаған жалпақ дала
Жалындай боп жатты өртеніп
Кешкі аспан қызыл ала
Төмен түсіп тұрды төніп.
Оралғандай тұмша бұлтқа
Отырдым мен бейне кұз тас.
Ішкі толқын теуіп сыртқа
Шашырады көзімнен жас.
«Қапанға» деген өлеңнен алынған осы үзіндіде өмір, өлім жағаласқан соғыс даласындағы солдаттың жан сезімі, күйзелісі өткір, бірақ нанымды берілген. Майдан даласының құбылмалы мінезі де солдат жанын неше түрлі күйге түсіреді. Ақын осы сезімді сол күйінде бүкпесіз суреттейді.
Ой, сезім еркіндігін Қасым өзінің туған даласының табиғатынан іздейді. Ғалиға жауабында»:
Табиғат – анама мен туғам тартып,
Күн болып күлемін мен балқып, шалқып,
Кек дауыл көкірегімде күрсінгенде,
Бұлт болып арпалысам, жалын шарпып, –
дейді.
Осы тәрізді сезім арпалысының талай кезеңін басынан кешіре отыра, Қасым кейіпкерлері қайсар, ер кейпінен танбайды, жеңіске берік сенеді, оны «қасарыса» күтеді.
Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,
Арпалысып жүрсек те қан-сөл көшіп
Күтудеміз сонау сұр окоптарда,
Өліп бара жатсақ та талып, өшіп.
Мейлі күтіп шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,
Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.
Жеңісті осылай күтудің өзінде қаншама қайсар рух пен ерік жатыр.
Ақын өмірдің әр алуан жайттарын, адам күйінің сан қилы мезеттерін алып жырлайды. Ол: «мен – солдат», «мен – батыр» немесе «Сен фашиссің, мен қазақпын» дегенде, елінің атынан сөйлейді. Өзі арқылы басқа адамдардың, отандастарының сезімін, ой-арманын бейнелеуге тырысады.
Мәселен, фашистерге жалғыз ол ғана емес, бүкіл халық, соның ішінде мыңдаған қазақтар да қарсы соғысты. Ақын осының бәрі үшін поэзия дәстүріне сәйкес бірінші жақта өз атынан сөйлейді. Оны, әдетте, лирикалық қаһарман дейді. Сондықтан әрдайым өз ісін, өз ойын ғана емес, өз ой-сезімі арқылы көпке ортақ, жалпыға тән күй-сырды айтады. Мәселен, фашистерді келекелеп, табалайтын жоғарыда аталған өлеңіндегі: «сен аспанда жұлдыз қақтың, мен далада түйе бақтым» деген жолдар Қасым жас кезінде түйеші болған екен дегенді білдірмейді. Ақын «түйе бақтым» деп ежелгі қазақ тұрмысына тән шаруашылық түрін айтып отыр. Әйтпесе, қазақтар қазіргі заманда ғылым, білімге, мәдениетке жетілген, инженер де, шахтер де, ғалымы да жетерлік халық. Бірақ басқыншылар оларды «тағы», «азиат» деп басынады. Ақын осы психологияны ұғады да, жауын өткір кекесінмен мысқылдайды.
Егер мен де түссем қолға,
Қамар ең-ау, темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.
Сен фашиссің, мен қазақпын,
Өзің айтқан «азиатпын».
Таң қаларсын «философым»
Ғажабына табиғаттың.
Көкірегін ұрып, әлемді аяғымның астында таптаймын деген гитлершілдер 1945 жылы өз жерінде күл талқан етілді. Лирикалық қаһарман осыған қуанады, масаттанады.
Ақынның өжет те өршіл рухы, жалынды жүрек, жайсаң жаны туған елінің ер мінез, ерен тұлға перзенттеріне ерекше кішіпейіл, айрықша ілтипатты. Сондықтан да қазақтың қаһарман батыр, қайсар перзенті, кемеңгер азаматына арналған «Бауыржан» атты өлеңінде:
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар
Алқындым, бір көруге болып кұмар
Көктемде күркіреген күн дауысын,
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар, –
деп, ағынан жарыла ақтарыла жырлайды.
Мұндай буырқанған бұла күшке, шат еркелікке толы, бірде шиыршық атып, тағы бірде қуатты серпіліспен шалқыған сезім драматизмі Қ.Аманжоловтың көптеген өлеңдеріне тән. «Сәбитке» деген өлеңінен автордың ақындық кредосы да, өз мінезі, табиғаты да жақсы аңғарылады.
Ақын қадірлі аға, үлкен суреткерге сырын-шынын бүкпестен, жан дүниесін баурап алған отты шабыт, арынды күйді ақтарыла айтып тастайды.
Ішімде жанартаудай жатыр жырым,
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.
Көрерсіз соның бұрқап атылғанын;
Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.
Өлеңнің қаптатармын отты селін,
Толассыз топанындай ертегінің.
Білерсіз кім екенін сонда, Секе,
Бұл күнде от шайнаған тентек інің.
Сәбит Мұқановқа арналған осы өлеңнен ақынның асау өрлігін, алғыр зейінін, қырағы да сергек қиялын, отты екпінін, арынды тегеурінін сезінеміз.
Майданнан ақын өлмес өмір өлеңін айтып қайтты. Өзінің туған елі – Қазақстанды, туған халқы – қазағын мақтан тұтты. Жүрегін өз Отанына деген шаттық сезім билеген ол «елім бар, Қазақстан» деген сөздерді бар дауыспен жар сала айтады:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Соғыстан соңғы халық шаруашылығын қалпына келтіру ұранына Қасым «Соғыстан соңғы бесжылдық» атты өлеңмен үн қосты. Бұл өлеңнің лирикалық кейіпкеріне де қайсарлық мінез, іскерлік, сертке беріктік тән.
Қасқара шықты майданға,
Қасақы жауды мерт кылдық.
Халқымыз анттан тайған ба,
Құлшына түстік, серт қылдық.
Қираған сәнді қаламыз,
Қаусаған алып заводтар.
Құлпыртып қайта саламыз,
Жағамыз, – дедік, – жаңа оттар!
Өртенген орман, күйінбе,
Сені де қайта егеміз.
Баяғы балғын күйіңе
Келесің қайта дегеміз!
Қайғырма, туған жеріміз,
Жиренген жауың жеңілді.
Бөлейміз нуға сені біз,
Жайқалтып алтын егінді.
Ақынның туған жерге деген жалынды перзенттік сүйіспеншілігі оның «Туған жер» атты ғажайып өлеңінде шалқыған шабытпен суреттелген.
Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
О шеті мен бұ шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің!
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем, –
Арманым жоқ бұл дүниеде, – дер едім.
Бұл – ақын жүрегін жарып шыққан, зор азаматтық сезімнен туған, патриоттық жыр.
Қасымның кейінгі шығармашылығында да соғыс тақырыбы едәуір орын алады.
«Дариға, сол қыз» өлеңі өмір шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен де, түр жағымен де айрықша жаңалық ретінде сүйіндіреді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең Қасымға дейінгі және кейінгі қазақ поэзиясында онша қолданыла қойған жоқ. «Дариға, сол қызда» майдан арпалысы, тарихи шындық, жеке адамның басындағы трагедия және соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық оптимистік рухта өрнектелген. Кейіпкердің жан дүниесіндегі бұлқыныстар белгілі тарихи кезеңдегі жеке адам мен қоғам өміріндегі әлеуметтік драматизмді бейнелейтін образдылыққа айналған. Көркемдік-философиялық жинақтаушылық мәнге ие жыр жолдары ақынның тағы бір биікке көтерілгенін танытты. «Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін, қаһарын төгіп тұр долы соғыс», «сапырды дауыл, тебіренді теңіз, тулады толқын, шайқалды шың-құз» деген жолдардан замана трагедиясын, «арманым бар ма өлсем бір көріп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?» дегеннен лирикалық қаһарманның өмірге деген құштарлығын, махаббат құдіретін, «дедім де тұрдым, жүгіре бердім, қолымда найза, шағылып айға» дегеннен әрі қайсар рухын сезінеміз.
Ақынның бұлайша өзіндік түр іздеуі отызыншы жылдары-ақ, белгі берген болатын. Мәселен, Пушкиннің қайтыс болуына жүз жыл толуына арналған «Ақынның ескерткішіне» (1937), «Отан үшін жан пида!» (1941) өлеңдері 15 буынмен жазылса, «Руставели Шотаға» (1937) өлеңі 16 буынмен жазылған. Мұндай көп буынды өлеңдер ол кезеңде некен-саяқ ұшырасатын. Кейінгі жылдары Қасым көркем аудармамен көп шұғылданды. Т.Шевченко өлеңдерін, Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүнін», А.Пушкиннің «Полтавасын», М.Лермонтовтың «Маскарадын», А.Твардовскийдің «Василий Теркинін», т.б. шығармаларын аударуы, ақын ойының тереңдей түсуіне, шеберлігінің өсуіне көп пайдасы тигізді.
Өмірінің соңғы кездерінде Қ.Аманжолов өлім, өмір, өмірдің мәні, азаматтық парыз, ақындық борыш жайында көп ойланып, көп толғанды. Ондай өлеңдері – елін, жұртын емірене сүйген азамат акынның жан сыры, ой-сезімі.
Ақын қарызды өтеу, борыштан құтылу жайында жиі айтады. Бойындағы табиғат сыйы – үлкен дарынын сарқа жұмсап, халық игілігіне жарайтын өнер жасасам, кейінгінің кәдесіне асатын мұра қалдырсам деп армандайды. Жеткен биігін місе тұтпай, одан әріге шарықтағысы келеді. Ішінде жанар таудай атылар жыр қазынасы жатқанын сезінеді. Сонау қанды майданда жүргенде: «Қорқамын жұрт сөзінен, тым арзан өлді деген», – деп толғанса, енді «өнерім өзіммен бірге өлмесе екен» деп мазасызданады. «Поэзия асыл жар, тек өзіңе тең болсам», «Көкіректегі күйіңдей жырыңды жаз ерінбей», «Бәрін де беріп ел-жұртқа, қарыздар болмай өлейік», «Көп борыш мойнымызда өтелмеген, ойым жоқ қарыздар боп кетем деген» сияқты өлең жолдарынан соны аңғарамыз. Ұзақ жазып, ақыры 1954 жылы бітірген «Өзім туралы» деген өлеңі акынның іштей ойлану, толғануы, жан сыры әрі кейінге қалдырған аманат сөзі іспетті. Қазір көпшілік жұрт жаттап алған осы өлеңде мынадай жан тербетер шумақтар бар:
Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.
Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Қандай адалдық, шыншылдық, қандай терең ой, отты сезім! Бар ғұмырын еліне, өлеңіне ғана арнаған, «барым да, бақытым да өлеңім» деп білген ақынның одан өткен куанышы мен уайымы жоқ.
Барын да, бақытын да өлең деп білген Қасым бар өмірін әдебиетке арнады. Оның қиындығын да жасырмады. «Нар тәуекел» деп «қиынға кұлаш ұрды». Өмірді шексіз сүйген ақын ауру шағында да рухани күйзеліске берілмей:
Нұрлы дүние – думанды елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен, –
деп жазды. Қандай өр рух, қандай сәулетті сезім!
Қасым шығармашылығы – қазақ поэзиясының асыл үлгілерінің бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастықта сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрынғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан.
«Ақын Өлімі туралы аңыз» поэмасы. Қ.Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының поэма жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі арқау болған. Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқой, отаншыл, қайсар жігіт екен. Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі. Бір үйдің шатырына паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады. Жау «Абдоллаға беріл, кінәңді кешеміз» деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді. Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады.
Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорьев: «Жау қоршауында жалғыз калып, арыстандай алысқан айбатты акынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», – деп жазды.
Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі.
Поэма аз сөзбен берілген соғыстың сұрапыл суретінен басталады.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай каптап,
Найзаға іліп ар-ұятты
Келе жатты сұм жендеттер.
Олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар – барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер.
Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та жаудың жауыздығын бейнелейді. Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан кек ұшқыны түскендей әсер қалдырады. Ол Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді.
Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек! –
деп шамырқанады. Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақ та өшіге өршеленеді. Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Кең даланы жүнше түтіп, орман шашын талдап жұлып, көл жағасы – жар құлатқан снаряд күші батырдың жүрегін шайлықтыра алмайды. Ол ақтық демі біткенше арыстанша алысады.
Ала алмайсың! – деді ер ұлан,
Алмай қойман! – деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау кұрсауы.
Бұл – кейіпкер тағдырының драмалық шиеленіске толы кезі. Үйге бекінген жалғыз адамды ала алмаған жау өрт қояды. Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен ерлік өлімді артық санайды.
Қызыл жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
Естісін, – деп, – қырсық жауым,
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын».
Қайсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жиып.
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілі тұрды сүйіп…
Абдолланың отқа жанып тұрған шағын да зор ақындық қуатпен ғажайып суретке айналдырған:
Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап.
Өрт топанып кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.
Бұл – екінің бірі айта алмайтын жыр, екінің бірі көрсете алмайтын сурет.
Өртеніп, жалынға айналып барып, күрт құлаған Абдолла бейнесінен иілмейтін, шарт сынатын қайсар мінез танылады. Ол әсер жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Ақын кейіпкерін өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады. Оқиға да, адам сезімі де қысталаң шақтағы қозғалысқа негізделіп, оның бойындағы рухтың әр күшін өткір бейнелейді.
Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды. Бұл – трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмір сүйгіштік күш барын танытады.
Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған (1943) бұл поэма сол кездің өзінде-ақ, жұртшылық назарын бірден өзіне аударды. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп жазды