Жастар денсаулығы – Қазақстан болашағы
Тәуелсіздік туын желбіретіп, өз алдымызға бөлек ел болып қалыптаса бастаған кезімізде баршамызды мазасыздандырған түйінді мәселелерді басымыздан өткізуге тура келгені бәрімізге де мәлім. Жаңа заман, жаңа леп жақсылығымен бірге бас шайқатар кемшіліктерін де ала келді. Бұған себеп, бұрын бір қалыпта, бір үлгідегі өмірімізге елеулі өзгеріс енді. Тас бекітулі шекаралардың ашылуы, елімізге лап берген шетелдік азаматтар, бизнесмендер, инвесторлар, тіпті алыпсатар саудагерлерге дейінгі топтар өздерімен көңілді селт еткізер жаңалықтарымен бірге ортаны ойсыратар кемшіліктерін де ерте келгені белгілі. Яғни, нарық заманы өмірімізді түпкілікті түрде өзгертті. Бірқатар жерлеріміз гүлденіп жатса, екінші жерімізде қуаңшылық басталды. Ауыл тұрғындарының тіршіліктің қамымен жаппай қалаға ағылуы бұрыннан сақталып келген қала мен дала тіршілігіндегі тепе-теңдікті бұзып, базарлар көркейіп, жұрттың тұтыну деңгейі жақсарғанмен де, ауылдағы өмір жұтаң тартты. Адамдардың пейілі тарылып, мінездерінде елеулі ауытқушылық байқалды.
Осы жәйттер ересектермен қоса жастардың да тұрмыс-тіршілігіне қатты өзгеріс енгізіп еді. Ең қорқыныштысы “есіре” бастаған ақшаның қолдауындағы “еркін махаббат” арқылы кең тарай бастаған жұқпалы аурулар, әсіресе тікелей өлімге апарар кездейсоқ жыныстық қатынастар, нашақорлық, есірткіге бас ию немесе жаман әдеттерге ұрыну, адам өлтіру, ұрлық жасау, зорлау, қинау сияқты дәл біздің қазағымызға жат қылықтар орын ала бастады. Сөйтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі өзінен-өзі туындады. Бұл, айтылған алапаттың алдын алуды қарастырудың бірден-бір жолы болатын.
1998 жылғы наурызда Шымкент қаласында облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарасты облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы құрылды. Қазірде бұл орталықта бірнеше бөлімдер мұқият түрде жұмыс істеуде.
– Біздегі ең негізгі бөлімдер: ол білім беру, мониторинг, ұйымдастыру-әдістемелік бөлімдері, – дейді орталықтың бас дәрігері Гүлсім Әбдіреева. – Басты міндетіміз – халық арасында теориялық, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, оны іс жүзінде де тәжірибелік негізде жүзеге асыру. Қызметкерлердің барлығы дерлік жоғары білімді мамандар. Іштерінде дәрігерлер де, мұғалімдер де бар. Олар әр тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып, іссапарларға шығып, семинар-тренингтер өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда аянбай еңбек етіп, алғысқа бөленіп жүрген жандар. Қазақстан тұрғындарының денсаулығы, жастардың ойдағыдай тәрбие алуы, ер-азамат атануы үшін орталықтардың сіңіріп жатқан еңбегі ойдағыдай деп сеніммен айтқан болар едім.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру СӨСҚ қызметіне қарасты аудандық және қалалық 2 СӨСҚ орталықтары мен 12 денсаулықты нығайту орталықтары бар. Әрқайсысы міндеттерін өз деңгейлерінде атқаруда. Облыстық газеттер мен телеарналарда түрлі тақырыптарға мақалалар жарияланып, сұхбаттар беріледі.
Бұдан кейін өз пікірін ортаға салған бас дәрігердің орынбасары Роза Жәукімованың айтқанындай, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру және денсаулықты нығайту орталықтарына арнайы түрде әр айдың соңғы жұмасында семинарлар өткізіліп тұрады. Әрине, облыс көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарды олар да өз әлдерінше, қолдарынан келетін деңгейде одан әрі жалғастырып отырады. Кейде өздерінің жеке түйінді мәселелеріне байланысты кемшіліктердің де байқалып қалуы мүмкін. Оған себеп, сол баяғы ауылдық жердегі мамандардың жетімсіздігі. Қазіргі оқу бітірген жастардың көбі айлықтың аздығын, тұрмыс жағдайларының нашарлығын сылтау етіп, өздерінің туған жеріне оралудың орнына, қалада қалуды көздейді. Осының бәрі тәлім-тәрбие жұмысының өркендеуіне едәуір кесірін тигізері анық.
Орталық қызметкерлерінің әр алуан тақырыптарға арналған іс-шаралары өте күрделі. Індеттердің алдын алу, жұқпалы аурулардан сақтандыру, қарқынды түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу анау айтқан оңай шаруа емес, едәуір тер төгуді қажет ететін іс.
Мақтаулы қызметкерлердің бірі, білім беру бөлімінің аға валеологі Бибігүл Әліқұлова менің “Жұмысыңды жемісті деп ойлайсың ба? Жасөспірімдер арасында жүргізген шараларыңның нәтижесі қандай?” деген сұрағыма былай деп жауап берді:
– Орталықтардың атқарып жатқан қызметі өте қажетті де, мәнді деп санаймын. Себебі, үгіт-насихат тек қағаз жүзінде қалып қоймай, адамдармен, әсіресе, жастармен етене араласып, әр түрлі тақырыптарға ойын-сауық, іс-шаралар ұйымдастырудың маңызы өте зор. Бұл олардың сана-сезімін жоғарылатып, өмірді сүйе де, бағалай да білуге үйретеді.
Өмірімізде өте күрделі құбылыс ретінде саналып отырған мемлекеттік тілдің мәртебесі де менің ойымша осы орталықтар арқылы да марқая түсер еді. Себебі, ұлттың ордасы іспетті оңтүстік өңірінде барлық құжаттар барынша мемлекеттік тілде жүргізіліп, іс-шаралар осы тілде ұйымдастырылуда. Қазақтың ұлы үш биі бас қосқан киелі өлкеде тәлім-тәрбие жұмысы өз тілімізде өркендеп, қанатын жайған дәл осы шақта жастар тәрбиесінің де гүлдене түсері сөзсіз.
Дәл қазір орталықтың педагог-валеологтары ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі “Қауіпсіздік бағыты” жобасы бойынша жұмыс істеп, медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан, жазылмас дертке айналған СПИД-ке (жұқтырылған қоздырғыш тапшылығының белгісі) қарсы күресті алдарына мақсат ретінде қойып, жұмыстарын қызу жүргізуде. Бағдарлама қозғалмалы ақпараттық көрме және ойын үйретумен үйлестірілген, яғни валеологтардың міндеті – жасөспірімдер арасында індетке қарсы ақпаратты таратып, өзін де, басқаларды да қорғауға дайындау. Бұл іс-шараға облыстың барлық аймағы дерлік қамтылды десе де болады.
…Адамзат әр кезде де баласының болашағына бақытты өмір тілеп, тәңірден оның аман болып, ұзақ та үлгілі өмір сүруін сұрап, осы мақсатқа жетуі үшін терін төккен. Бұрынғылардың салып кеткен сара жолын лайықты түрде жалғастыра білу – ұлы мұрат.