Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы
— Құрылған уақыты — 1976 жылғы тамыз айы.
— Қазіргі ауданы: Қорықтың жалпы ауданы 71367 га, оның 26917 га-сын
құрғақ жер, ал 44450 га- сын көл алып жатыр. Қорық үш бөлікке бөлінген: 1. оңтүстік- таулы- орманды алқап- 6250 га, ол көлдің оңтүстік жағалауы мен Азу тауының солтүстік беткейін алып жатыр; 2. Көл жағалауы- 609 га, Тополевка мен Жирен Байтал өзенінің сағаларындағы солтүстік жағалаудың азғантай жерін қамтиды; 3. Солтүстік таулы- орманды алқап- 20050 га, Тополевка, Таутекелі, Тихушка, Сорвенок өзендерінің жрғарғы жағында Күршім жотасында орналасқан. Бұдан басқа Урунхайка өзенінің сағасындағы орталық усадьбаның 8 га жерін алып жатыр. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының айналасы ені 2 км болатын үзік сызықты қорғау аумағымен қоршалған.
— Әкімшілік орналасуы:
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Шығыс Қазақстан облысында, Оңтүстік Алтайдың шығысында Марқакөл қазаншұңқырында орналасқан. Ол солтүстігінде Күршім, оңтүстігінде Азу тау жоталарының арасында орналасқан Алтайға тән тектоникалық ойпатты алып жатыр. Көл 1449,3 метрлік абсолюттік биіктікте жатыр. Ең биік нүктесі 3304,5 метр (Ақсу- Бас тауы).
— Орталық усадьбаның орналасқан жері, мекенжайы,
байланыс телефоны:
пошта мекенжайы: 493560, Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысы, Урунхайка ауылы, Марқакөл мемлекеттік табиғи паркі;
телефон : 8-243-44-3-46 (директор); 8-243-44-3-19 (бухгалтерия)
ғылым бөлімінің бастығы Утяшева Татьяна Рафаэлевна — үй. тел. 8-243-44-3-41.
Табиғи жағдайы:
— Физикалық- географиялық сипаттамасы (табиғи аймағы, климаты, гидрологиясы, негізгі ландшафттары, геологиясы, топырағы):
Қорық Оңтүстік Сібір тауларының құрамына кіретін Оңтүстік Алтай тауларының шегінде орналасқан. Таулармен және Орта Азияның шөлді және жартылай шөлді аймақтарымен, Қазақ даласымен және орманды даламен шекаралас орналасқан Марқакөл көлі үнемі олардың әсерін сезінеді және олардың әрқайсысының өзіне тән табиғаты қорықтың табиғатында да өз көрінісін тапқан.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Оңтүстік Алтайдың табиғат кешенін, сондай- ақ бірегей альпі өзені Марқакөл көлін табиғи қалпында сақтау мақсатында құрылған. Марқакөл- Алтайдың ірі су қоймасы. Көл созылған сопақша формалы, солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай созылып жатыр. Су жинайтын бассейнінің көлемі 1180 кв. км құрайды. Көлдің ұзындығы- 106 км, ені- 6-19 км, ауданы- 455 кв. км, жағалауының ұзындығы- 106 км, көлдің орташа тереңдігі- 14,3 метр, максималды тереңдігі- 24-27 метр. Көлдің шарасында 6,5 кубометр су жиналған.
Марқакөл көлінен басқа қорықтағы негізгі қорғау объектілері, олар – Солтүстік Сібір таулары үшін қалыпты болып саналатын биік таулы ауданның балқарағайлы, самырсынды және шыршалы ландшафтары; Марқакөлге ғана тән майқан, хариус, талмабалық, теңгебалық түршелерінің жергілікті бірегей балықтар әлемі, құрамына біздің республикамызда, тіпті дүние жүзінде сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлердің көптеген қатары кіретін бай және сан алуан құстар мен сүт қоректілер.
Марқакөл көлінің пайда болуы альпілік тектоникалық циклдің ширек ғасырлық кезеңіндегі мұз дәуірімен байланыстырылады. Ол дәуірде жоғары көтерілулер мен жарылулардың нәтижесінде қазіргі жоталар мен тауаралық ойпаттардың өзіндік жүйелері пайда болды. Олар кейіннен мұз қатулардың әсеріне ұшырады. Мұның іздерін Күршім жотасының су айырықтарынан анық байқауға болады. Марқакөл көлінің қазаншұңқырына орташа таудың бөлшектенген, сүйір шыңды, тік беткейлі тау бедері тән. Тау беткейлері терең өзен алаптарымен кесіп өтілген. Күршім тау жоталарына таңқаларлық тау жұрнақтарынан құралған жартасты шыңдар мен тау айдарлары тән. Көптеген таулардың ұшар бастары ірі сусыма тас сынықтарымен жабылған, олар тастан құралған «өзендермен»- курумниктермен тау беткейінен төмен қарай түседі. Жотаның солтүстік- шығыс бөлігі ірі үзік- үзік шатқалдармен, каньондармен бөлінген. Ал бұлардың ортасында төменде таңғажайып әдемі көкпеңбек альпі көлі жатыр.
Азу тау мен Сорвенковский белок жоталары үшін су айырықтарының бастары тегістелген, күмбез тәрізді жоталы тау бедері тән. Су айырықтар кей жерлерде бөлек- бөлек жартастары бар, кейде маңайы шашылған шойтастар мен плиталарға толы тегістелген жер не жазық сипатты болып келеді. Мұнда альпі щалғындығы мен тау тундрасы анағұрлым байсалды көрінеді, ал қалың ергежейлі қайыңдар мен талдардың орнын аршалар басқан. Тау жоталарының баурайы төменде тау өзендері мен бұлақтары ағып жатқан терең тайга бөлшектерінен тұрады және анағұрлым тік.
Көлдің жағалауы батыста, солтүстікте және солтүстік- шығыста ені 1-2 км көл айдынын құраса, ал оңтүстігі мен оңтүстік- шығысында Азу тау жотасы көлге кіріге жанасатындықтан анағұрлым жіңішке болып келеді.Тау жоталарынан көлге келіп түсетін салалардан пайда болған мүйіске ұқсас жерлер осы өлкеге тән көрініс.
Климаты континенталды, қары қалың, қысы қатал, ал жазы қоңыржай жылы болады. Марқакөл- Қазақстанның ең суық ауданы: ең төменгі температурасы – 55 градусқа дейін төмендейді (Орловка ауылының маңайы). Бұл жерде Оңтүстік Алтайдағы жылдық ең төменгі орташа температура тіркелген (-4.1 градус), қаңтарда орташа температура 25.9 градус болғанда, шілде айының ең төменгі орташа температурасы 14.1 градус. Жазда температура 29 градусқа дейін көтерілсе, қыста -40-44 градусқа, кейдк – 53 градусқа дейін төмендейді. Күндік орташа температура 0 градустан жоғары деңгейде 162 күн, ал 0 градустан төмен деңгейде 203 күн тұрады. Аязсыз кезең- 60-70 күн. Урунхай ауа- райын болжау жөніндегі постың деректері бойынша көпжылдық орташа температура 0 градустан жоғары деңгейге ауысатын күн- 5 мамыр. Жылдық жауын- шашын мөлшері 321- ден 731- ге дейін ауытқиды. Айлық абсолютті ең жоғарғы жауын- шашын мөлшері 110-120- ға дейін жетуі мүмкін. Жылдың суық кезінде (15 қазаннан 5 мамырға дейін) 230-266 мм жауын- шашын жауады. Алғашқы қар қазан айының бірінші онкүндігінде байқалады. Тұрақты қар жамылғысы қараша айының бірінші онкүндігінде, ал кей жылдары қазанның аяғында қалыптасады. Қардың орташа қалыңдығы 40-70 см, ал кей жылдары 150 см- ге жетеді. Қар 160- 170 күн жатады. Өзен жағалауларында қар әдетте мамыр айының бірінші онкүндігінде, тауда- мамыр айының аяғында- маусым айының басында кетеді. Қар мамыр айының екінші онкүндігіне дейін жаууы, кейде тіпті тамыз және қыркүйек айларында басталуы мүмкін.
Жел көбіне оңтүстік шығыстан соғады. Бір жылда соғатын қатты жылдар мен дауылдардың саны 6- дан 12- ге дейін. Ең қатты жел- жергілікті шүмек желі. Ол кейде көктемде және жазда Марқакөл көлінің бетінде толқындарының биіктігі 1-2 метр болатын дауыл тудырады. Келесі бір жел- жергілікті жерде тихушка деп аталады. Ол оңтүстіктен соғады, көл бетіне қобалжу тудырады, жергілікті ырым бойынша- бұл ауа- райының өзгеретінін білдіреді. Анда- санда темірбек және маральник атты қатты дауылды желдер соғады. Кешкі және түнгі солтүстік желі- урынхай желі жыл бойы солтүстікке қарай үнемі соғып тұрады.
Жағалауы аз тілімделген, ирек сызықты, кей жерлерінде аздап шығып тұрған мүйістері мен кішкентай бұғаздары бар. Жағалауы көбіне лайлы, батбақты, сонымен қатар малта тасты, қойтас тасты және құмды. Жағасында қалың талдар, шоқ қайыңдар, шыршалар өседі, кей жерлері батпақ және жанаса жайласқан шалғынды кеңістік болып келеді. Марқакөл көлінің түсі өзінің әртүрлілігімен және әдемілігімен таң қалдырады: ашық күндері көл көк немесе көгілдір, ауа- райының өзгеруіне байланысты қара сұр немесе күміс реңдес түске енеді. Көл шарайнасы күні бойы әлденеше рет өзгереді. Көлдің суы ультратұщы, өте жұмсақ, аздаған қышқыл, кальций тобының гидрокарбонат класына жатады. Қыста көл қатады. Мұз құрсауы қазан айының екінші онкүндігінде пайда болады, мұз қататын орташа уақыт- 20 қараша. Қалжыр өзенінің бастауы қыста қатпайды, ал қыс жылы болғанда Марқакөл көліне құятын кейбір тау өзендерінің арнасы қатпай қалады. Мұздың қалыңдығы 60-120 см-ге жетеді. Көл мұздан мамыр айының бірінші онкүндігінде ашыла бастайды, ал толығымен мамыр айының аяғында ашылады. Көлге 95 ағын сулар келіп құяды, ал Қара Ертістің негізгі саласы болып саналатын жалғыз Қалжыр өзені (ұзындығы 128 км) ағып шығады. Көлге құятын өзендердің ішіндегі ірілері- Тополевка- 23 км, Төменгі Еловка- 9,5 км, Матабай- 7,5 км, Жирен- Байтал- 7,5 км және басқа да анағұрлым жіңішке арналы (2-3 метр) және онша терең емес (1-3 метр) және қарқынды жылдам ағысы бар кішкентай өзендер құяды. Әдетте бұл тау өзендерінің жоғарғы ағысында сарқырамалар болады. Марқакөл ойпатының топырақ қабаты тік белдеулікпен сипатталады. Шалғынды- далалы белдемде шалғынды- шымтопырақты сілтісіздендірілген және орманды- шалғынды топырақ (шығыс жағалау), сондай- ақ қаныққан қара топырақ тәріздес шалғынды орман топырағы көп. Жағалауда шалғынды- батпақты және жайылма сулы- шалғынды топырақ араласқан әртүрлі батпақты топырақтар көп кездеседі.Жер бетіне жақын жатқан жер асты сулары учаскелерінде батпақты шымтезекті- қопалы топырақ қалыптасады. Таулы- орманды белдемде таулы- орманды, әлсіз және жабық күлгінденген таулы-шымтопырақты, шалғынды оңтүстік және қара топырақ тәріздес таулы- орманды топырақ қалыптасады. Таулы- шалғынды белдемде альпілік шымтезекті, күлгінденген, толық қанықпаған (оңтүстік беткей бойынша) таулы- шалғынды субальпілік топырақ жақсы қалыптасқан. Таулы- тундралы белдемде таулы- тундралы күлгінденген және әлсіз және ірі қарашірік топырақ басым болып келеді.
Қорықта жота баурайларын алып жатқан, кейде көл жағалауына дейін түсетін балқарағайлы және самырсынды ормандар қалыпты жағдай. Ормандар үшін аңық байқалатын экспозиялық орайластық тән. Тайга ормандары тәрізді анағұрлым қалың ормандар солтүстік және батыс беткейлерде, сиректеулері- шығыс, аздары- оңтүстік беткейлерде орналасқан. Ормандар жеміс бұталарының көптігімен, қалың биік шөптерімен және бұзылмаған табиғи қалпымен таң қалдырады. Жота беткейлерінің су айырықтарында шөптерге бай субальпілік шалғын жақсы дамыған. Шөптердің ішінде көптеген марал тамырлары- сафлор тәрізді левзей, сондай- ақ Алтай тұрғындары арасында аса жоғары бағаланатын халықта қызыл тамыр аталатын тиынтақ көп кездеседі. Өзендер мен бұлақтардың тасты арналарында өзінің қасиеті жағынан қиыршығыстық женьшеньге (тамырдәрі) ұқсас атақты алтын тамыр- қызғылт семізот кездеседі. Таулы тундрада тал мен қайыңнан өсіп шыққан таңқаларлық «ергежейлі ормандар» кең таралған.
Қарлы шыңдарда жаз уақытында да қыс тынысын сезуге болады, ал тау етегінде көктем патшалығында болып, алғашқы тау жауқазының гүл ашуына куә болуға болады. Осы жерден көз тартарлық Алтай тауларынын панорамасын және Алтай тауларының тәңірі- Мұзтау тауын көруге болады.
— өсімдіктер әлемі, сирек және аса бағалы түрлер:
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағы Оңтүстік Алтай таулы және орманды- шалғынды дала аймағының орманды- шалғынды дала орташа және биік таулы геоботаникалық ауданының шегінде жатыр. Қазақстанның оңтүстік далалары, Орта Азияның жартылай шөлейттері және Оңтүстік Сібірдің тайга ормандарының шекералас болуы, таулы жер бедері, әртүрлі климаттық жағдайлар қорықтың өсімдіктер әлемінің өзінше ерекше және бай болуына әсерін тигізді. Қорықта 1000 аса жоғары сатылы өсімдіктер, оның ішінде 12 түрлі ағаш және 22 түрлі бұта бар. Шөптесін өсімдіктер ішінде көпжылдық өсімдіктер басым болып келеді.
Қорықтың өсімдіктер әлемінен 14 экологиялық топты атауға болады. Мезофит тобы көп, өсімдіктердің жақсы білінетін биік таулы белдемі психрофиттердің санының көп болуына себебін тигізеді. Өсімдіктер әлемініңде гидрофиттер мен гигрофиттердің болуы ірі су қоймасының ашылуымен байланысты. Петрофиттер жартастың жалаңаштануымен, а ксерофиты және мезофиты- оңтүстік далалы беткейлермен ұштастырылады.
Қорықта таралу аумағы қорықпен ғана шектелген өсімдіктердің жергілікті түрі жоқ. Бірақ мұнда алтай рауғашы, алтай уқорғасыны, қызғылт семізот- алтынтамыр, қазоты сияқты алтайлық жергілікті түрлер өседі.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында 5 биіктік өсімдік белдемі байқалады:
- Шалғынды дала
- Таулы- тайгалы
- Субальпілік
- Биік таулы
- Егіндік
Шалғынды дала белдемі- теңіз деңгейінен 1450-1600 метр биіктікте, жиматарғақ, түлкіқұйрық, шалғындық атқонақ, құрғақ айрауық және басқа астық тұқымдас әртүрлі шөптері бар көлдің жағалау жолағымен ұштасады. Шөп жамылғыларында жіңішке жапырақты күреңот, Лобель тамырдәрісі, көкшіл сұр қоянбұршақ, тілік балдырған, кәдімгі маралоты және басқа өсімдіктер кездеседі. Шөптің биіктігі 0,5- 1 метр. Қалың бұталарды татар үшқаты, орташа тобылғы, тікенекті итмұрын құрайды. Оңтүстік беткейлерде кәдімгі бетеге, шалғындық атқонақ, дала қоңырбасы, будан бөзкілем, коптамырлы сарғалдақ және басқа өсімдіктердің бетегелі- шалғынды топтары таралған. Таулы беткейлерде тошала, сібір бөріқарақаты, жуалар- қыржуа, желілік және қызғалдақ тәрізді, алтай рауғашы өседі. Көктемде оңтүстік беткейлерде дала шұғылығы, алтай шырышы, ашық құндызшөп және ала күлтелі қызғалдақ гүлдейді.
Таулы- тайгалы белдемде- теңіз деңгейінен 1450- 1900 метр биіктікте балқарағайлы орман көбірек. Негізгі орман құрайтын түр- сібір балқарағайы. Қорықта балқарағайлы орманның 19 түрі бар. Олар қорық аумағының 20%-н алып жатыр және орманды аймақтың 61 %-н құрайды. Балқарағайлардың орташа жасы 160 жыл, ағаштың орташа биіктігі 20-30 метр. Ағаш құрамын құрауға қотыр қайың, бірен- саран сібір самырсыны қатысады. Орман маңында татар бөріжидегі, Мейер қарақаты, кәдімгі таңқурай, орташа тобылғы, тікенекті итмұрынның қалың бұталары өседі. Шөп жамылғыларында жиматарғақ, жіңішке жапырақты күреңот, кәдімгі сәлдегүл және басқалар бар. Ылғалды жерлерде Лобель тамырдәрісі өседі. Қалың шөптің биіктігі 1-1,5 метр, қалың шөп жамылғысы 80- 90%- ды құрайды. Солтүстік беткейлердің жоғарғы бөлігінде балқарағай, қотыр қайың, көктерек пен сібір шетені араласа орналасқан сібір самырсынынан тұратын күңгірт қылқанды орман кең тараған. Таза самырсын ормандары азғантай жерді- бар- жоғы 1%- ды алып жатыр және тік солтүстік беткейлердің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Ағаштардың негізгі құрамын сібір самырсыны құрайды, ал сібір шетені, қотыр қайың толықтырады. Ағаштардың биіктігі 20-25 метрге жетеді, орташа жасы 90-100 жыл. Ағаштың ұшарбастарының жанасу көрсеткіші 0.8-0.9. Орман маңайындағы бұталар нашар дамыған және оны алтай үшқаты және мейер қарақаты құрайды. Сирек және аласа шөп жамылғысы (жабылуы 15-20%) қияқөлең, ақ гүлді қазтамақ, ботагөз, көк сұр қоянбұршақтан тұрады. Жасыл мүктер қалың жамылғы құрайды. Орманның жоғарғы шекараларында (1900 метрден жоғары) тасты беткейлерде сібір самырсыны жатаған болады. Марқакөл көліне құятын өзендердің алабында және оның жағалауында таулы- алапты шыршалы ормандар кең тараған. Негізгі орман құрайтын ағаш сібір шыршасы және оған сібір майқарағайы, сібір самырсыны, қотыр қайың қосылады. Ағаштардың биіктігі 20-30 метр. Мұнда әрдайым қаракөлеңке, дымқыл және тыныш. Топырақты күрең- жасыл мүктер, қияқөлең, қыналар, қырықбуындар мен сушырмауықтар жауып жатады. Құлаған ағаштар (жел құлатқан, дауыл құлатқан) ағаштар көп. Орманның маңы онша өспеген, қара және Мейер қарақаты, алтай ұшқаты кездеседі. Ағаштардың бұталарынан түтеленген сабалақ сұр қыналар салбырап тұрады. Бұл ормандардан әдемі солтүстік орхидеяларын: жапырақсыз орашық, үш сыздық маржантамыр, Фукс және балтық сүйсіндерін көруге болады. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағы арқылы самырсын қарағайының оңтүстік таралу шекарасы өтеді. Сондықтан ол бұл жерде сирек.
Субальпілік белдем- теңіз деңгейінен 1900- 2000 метр биіктікте, биік шөпті альпі шалғындарымен танымал. Шөптің қалыңдығы 50 см- ден 100 см- ге дейін, топырақты жабуы 70- 80%. Осы жерге тән өсімдіктер: ірі жапырақты сарғалдақ, оңтүстік сібір тиынтағы, ақ гүлді қазтамақ, Флоров шұбаршөбі, жалпақжапырақты шұбаршөп, әртүрлі жапырақты тікенқурай, сафлор тәрізді рапонтикум және басқалар.
Биік таулы белдем- теңіз деңгейінен 2000- 3000 метр биіктікте, бұл белдеуге альпі шалғындығы мен тау тундрасы аймағы кіреді. Аласа шөпті альпі шалғындығы өте әдемі. Астық тұқымдастар мен ашық көгілдір теңбіл қияқөлеңдердің арасынан шөмішгүл, ірі гүлді жыланбас және ірі жапырақты шерменгүл, ашық қызыл сары алтай күнгелдісі, сары сарғалдақ, алтай шегіргүлі мен ашық бұтақты көкнәр, оңтүстік сібір тиынтағы және қандыгүл көзге түседі. Бұлардың бәрі 10 см- ден 20 см- ге дейін ғана болатын аласа шөптер.
Тауға қарай биіктей түскен сайын өсімдіктер де климаттың қатал жағдайына сай бейімделе өседі. Олар жерге төселіп жабыса түсіп жастықша тәрізді әртүрлі форма құрайды.
Биік таулы тундра- альпі шалғындығынан жоғары басталады. Қорықта арасында алтай шегіргүлі, алтай сарғалдағы және басқалары бар мүгі, қынасы басым мүкті- қыналы тундра, дөңгелек жапырақты қайың мен ергежейлі талдары (0,5 метрден 1,0 метр биіктікке дейін) бар бұталы (аласа қайыңды) тундра, арша теңбілдері бар шөптесін тундраның әртүрлі құрылымдары кең тараған. Су айырықтарда таулы тундра тараған. Өсімдіктер жаппай жамылғы құрамайды, шығыр тасты және тасты учаскелердің арасында теңбіл- теңбіл болып орналасады. Мұнда төрт тұқымды семізот, сібір тасжарғаны, әсем кесте жусан, сібір тасшүйгіні өседі.
Егіндік белдемі- 3000 метрден жоғары, Күршім жотасын алып жатыр. Жоғары өсімдіктер жоқ. Тастар мен жартастардан аздаған қыналарды байқауға болады.
Марқакөл табиғи қорығындағы суда өсетін өсімдіктерді айтсақ, Марқакөл көліндегі суда өсетін жоғары өсімдіктердің 30- дан аса түрін атауға болады. Жағалау белдеуін қамыс тәріздес субидайық, қарақошқыл айрауық, торсылдақ қияқ, мұрын қияқ, батбақ зиягүлі, бірдей түлкіқұйрық және басқалары құрайды. Таяз суда өзен қырықбуыны, батбақ келтебасы, жалпақ жапырақты қоға, улы утамыр, кіші балықот өседі. Тереңірек жүзгіш жебежапырақ, үш құлақты балықот, масақты егеушөп аймағы басталады. 0,5- 1,0 метр тереңдікте қос мекенді самалдық кең тараған. 1-1,5 метр тереңдіктен қамтыма сабақты, жүзгіш, жылтыр шалаңдардың, шоқ болбырдың таралу аймақтары жақсы байқалады. Көл айдынының барлық жерінде батырылған мүйізжапырақ кең тараған. Қорықта азықтық, дәрілік, тағамдық, балшырындық, техникалық, эфир майлы өсімдіктер түрлерінің көбі өседі.
Мұнда әртүрлі дәрежедегі Қызыл кітаптарға енгізілген өсімдіктерден қар дәуаяғы, сібір қандығы, сафлор тәрізді рапонтикум (марал тамыры), дала шұғылығы, қызғылт семізот (алтынтамыр), алтай рауғашы, әртүрлі жапырақты қызғалдақ, сабақсыз бипан, жапырақсыз орашық қорғалады. Қорықта Алтай жергілікті түрлерінен жіңішке жуа, алтай рауғашы, ашық құндызшөп, ғажап тегеурінгүл, алтай уқорғасыны, алтай сарғалдағы және ірі жапырақты сарғалдақ, суық семізот, сабақсыз бипан және қазоты өседі.
Қорық аумағында көптеген бағалы түрлер: марал тамыры, алтынтамыр, тиынтақ, дала шұғылығы, кәдімгі сәлдегүл немесе кәдімгі шұғылық, жұқа жапырақты бадан, алтын шоқсары, кәдімгі киікоты, шілтер жапырақты шайқурай, қара жидек, итбүлдірген (қызылжидек), итмұрын және басқа да өсімдік түрлері өседі.
Фауна және жануарлар дүниесі, сирек және аса бағалы түрлер:-
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының жануарлар дүниесі де әртүрлілігімен ерекшеленеді. Әсіресе қазіргі кезде де аз зерттелігендердің қатарында қалып отырған омыртқасыздар әлемі сан алуан. Қорықта сирек кездесетін әдемі көбелектер- аполондар және махаондар, сондай- ақ алқызыл көбелек, ақкөбелек, ошаған көбелегі, қалақай көбелегі, қарала көбелек, көккөбелек, перламутрлы көбелектер және басқалары кездеседі.
Омыртқасыздардың су фаунасы әжептәуір зерттелген: қалқыма су организмдерінің 60 түрі, су түбі организмдерінің- 136 түрі, тұщы су малюскаларының- 11түрі ұсынылады. Қос мекенділердің ішінен сүйіртұмсық бақа, анда- санда кәдімгі құрбақа кездеседі. Бауырымен жорғалаушылардан кәдімгі сұржылан көп. Дымқыл шоқ қайыңды, шыршалы ормандарда және мүкті майқарағайлы ормандарда тірі туатын кесіртке, далалы тау беткейлерінде сұр кесіртке кездеседі.
Марқакөл көлінде түршелік деңгейдегі жергілікті түрге жататын 4 түрлі балық мекендейді. Сібір майқаны- Марқакөл тарихының бүкіл бір дәуірінің символы және қорықтың эмблемасы болып саналады. Балықтың көптігінің және ең алдымен сібір майқанының (ускуч) арқасында өзен маңайына қоныстану басталда. Алтайда сібір майқаны «ускуч» деген атпен танымал (бұл түрік тіліндегі атаудың шығу тегі қазіргі күнге дейін жұмбақ болып келеді). Уылдырық шашатын орындарда майқан пен хариусты (қарауыз) бақылаусыз және жыртқыштықпен аулау олардың қорының азаюына және балық шаруашылығының жаппай құлдырауына әкеліп соқты. Майқан негізінен көлдің тереңдеу жағын мекендейді. Мамыр айының басында майқандар мен хариустар тау өзендері мен ірі бұлақтардың сағаларында жиналады және уылдырық шашу үшін олардың бас жағына қарай жанталаса жоғары өрлейді. Қорық өзендерінен қазірдің өзінде ұзіліссіз жоғары өрлеген балықтар легін көруге болады. Өзен арналарының жіңішке жерлерінде майқандар бір- біріне жақынырақ жүзіп, суды шапшыта қайраңдардың бірінен соң бірінен өтеді. Осындай жерлерде, әсіресе сарқырама шұңқырларында, жағалаудағы, құлама үйінділердегі шайынды суларда балықтар көп жиналып қалады, тіпті қиналмай қолмен ұстап алуға болады. Кейде олар осы құлама үйінділерден, шұңқырдан шұңқырға, шұңғымадан шұңғымаға өтіп суы аз бұлақтармен ұрпақ жалғастыру үшін өздерін өлімге тігіп жоғары өрлейді.
Қызықтылығы жағынан осы түрден кем емес екінші жергілікті түр- хариус (қарауыз). Бұл- сирек кездесетін әдемі балық. Оның түрі ашық түрден қою түрге дейін өзгеріп тұрады, күміс қабыршақты, екі бүйірінде ұзынынан ұзақ теңбіл таңбалары бар. 1 Жастан 6 жасқа дейінгі хариустың ұзындығы 12-36 см, салмағы 21-480 грамм, кейде 700 грамм болады. Хариус негізінен көлде өмір сүреді. Тек уылдырық шашатын кезде майқап сияқты ұрпақ жалғастыру үшін жоғары жаққа қарай өрлейді. Өсімталдығы өте жоғары, 900- 4100 уылдырық шашады.
Көлде талма балықтар да кездеседі, бұл- ұзындығы 5-22 см, салмағы 80 грамға дейін болатын қызық және жұмбақ балықтар. Олар көбінесе су түбінде өмір сүреді және түнгі уақыттарда жүзеді. Марқакөл талмалары бір- бірімен дене құрылысы және өмір сүру дағдыларына сәйкес ерекшеленетін екі нәсілден тұрады. Жай өсетін нәсіл негізінен өзендерді және көлдің суы аз шығанақтарын мекендейді, ал тез өсетін нәсіл терең суларды мекендейді және өзендерге тек уылдырық шашу үшін келеді.
Көлде теңге балық көп. Ұсақ теңге балықтардың арасында ұзындығы 17 см және салмағы 70 грамға дейін ірілері де кездеседі. Маусым- тамыз айларында таяз суларда, жақсы жылынатын шығанақтарда уылдырық шашады.
1971 жылғы тамыз айында еуропа бақтақ балығын (патша балық) жерсіндіруге әрекет жасалды, бағымызға орай ол Марқакөл көлін жерсінбеді.
Қорықтың сүт қоректілер фаунасы сан алуан, құрамына 55 түр кіреді. Жәндік қоректілердің ішінен шалғындар мен орман алаңқайларын мекендейтін алтай көртышқаны, өзендер мен көлдерде өмір сүретін кәдімгі су жертесері және 6 түрлі түнде жүретін кішкене аңдар- жертесерлер кездеседі.
Жарғанаттар (қолқанаттылар) қорықта өте сирек. Кәдімгі құлақты жарқанат, ымырт жарқанаты, Бранд жарғанаты бірен-саран және қазаншұңқырдың кей жерлерінде ғана кездеседі. Тек су жарқанаттарын ғана көл жағалауларынан ымырт кезінде жиі көруге болады.
Ақ қоян қорық ормандары мен талды өзен жайылмаларын мекендейді. Қорегін жағалаудағы және жайылма сулардағы қалың талдардан табады. Кейінгі кезде ақ қояндар санының 15 жылдық интервалмен тоқырауы байқалады.
Биіктаулы аудандардың шойтасты сусымаларында шақылдақ тышқандар мекендейді. Олар тақтатастар мен қойтастардың саңылауларында өздеріне қысқа әртүрлі альпі шөптерінен кішкентай шөп шөмелелерін дайындайды.
Қорықта кеміргіштердің 20 түрі мекендейді. Қылқанжапырақты ормандарда түн аңы- ұшар тиыны кездеседі. Барлық ормандарды мекендейтін кәдімгі белка мұнда алтай түршесі ретінде танылған және өзіне тән жаздық қара түсі бар.
Шұбар тышқан- кәдімгі қарапайым түр және негізінен қылқанжапырақты ағаштарды мекендейді. Сұр суыр Күршім жотасының альпілік және субальпілік аймақтарын мекендейді.
Орташа таулы аймақтарда тиын тобының тағы бір өкілі ұзын құйрық суыр мекендейді. Алтай сұр тышқаны- Оңтүстік Алтайлық жергілікті түр- қазіргі кезде бұл жұмбақ аңның биологиясы жан- жақты зерттеліп жатыр. Атжалман тұқымдастардан қызыл тоқалтіс, қара тоқалтіс, кәдімгі тоқалтіс, су тоқалтісі, су тышқаны көп. Олар әртүрлі ормандарда, шалғындарда және бұлақтар мен өзен жайылмаларында мекендейді. Биіктаулық жалпақбас және үлкенқұлақ тоқалтістер жартастар мен тас шашылымдарынан бастап жалаң далаларға дейін мекендейді. Тоқалтістердің, сондай- ақ дала, орман, шығысазиялық тышқандардың санының көбеюіне тауды ауданның климаты, сондай- ақ жыртқыштардың, әсіресе сусар тұқымдастардың қысым көрсетуі кедергі жасайды.
Қорық үшін қалыпты кеміргіштердің ішінен алтай бұраубасын (моманай) атауға болады, олардың індерінің шығар аузына шығарылып тастаған топырақ үйінділерін жағалаудың шалғынды аудандарынан бастап альпілік аудандарға дейін байқауға болады. Кәдімгі атжалманның індері сирек кездеседі.
1952 жылы көлге су тышқаны (ондатр) жерсіндірілді. Аңдар тез көбейді және 1970 жылға дейін кәсіп етілді. Бірақ көл деңгейінің ауытқуына, қанағатсыз кәсіпшілік етуге байланысты және су тышқаны мекендейтін жерлерде оның нағыз қас жауы американ қара күзенінің пайда болуы су тышқанының мүлдем азайып кетуіне себеп болды.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында жыртқыш аңдардан қоңыр аю мекендейді. Қорықта аюға қарағанда қасқыр анағұрлым сирек. Негізінен жазда, қорық маңайында қой отарлары өріске шыға бастағанда пайда болады. Қасқырлар күзгі- қысқы азық іздеу кезінде қорыққа кіреді. Қорықта сусар тұқымдастар көп кездеседі. Ақкіс, аққалақ, ақшыл күзен, борсық, сарғыш күзен, сасық күзен, бұлғын үнемі мекендейді. Анда- санда құнуды көруге болады. Көлге құятын кейбір өзендердің сағасында кәмшат өмір сүреді. 70- жылдардың басында Марнқакөл көлінің бассейнінде Бұқтырма өзенінің алқабынан ауып келген американ қара күзені пайда болды. Қазіргі кезде бұл аңның көл мен оған келіп құятын өзендердің жағалауын мекендеуі қалыпты жағдайға айналды. Марқакөл қазаншұңқырының аймағында әртүрлі деңгейдегі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек түр- барыстың қорыққа бірнеше рет кіруі байқалды. Қорық ормандарында сілеусін кездеседі.
Марал мен елік — Марқакөл ормандарына тән тұяқты жануарлар. Бұрын құрып бітудің алдында қалған бұл түр қорық пайда болғаннан бері көптеп кездеседі. Бұрын маралдар мен еліктер қыс кезінде қара аз Қара- Қоба аудандарына және Қытайға қоныс аударып кететін, ал кейінгі жылдары қорықтың өзінде қыстап қалатындардың саны артып келеді. Кейінгі жылдары қорық аумағында бұландар да тұрақты мекендейді. Бұланның негізгі мекендеу аймағы Тополевка мен Жирен Байтал өзендерінің айырығындағы батпақты ормандар. Зайсан қазаншұңқырынан қабандар да жазда көбінесе көлге келеді.
Сібір тау ешкілері (таутеке) Күршім тау жоталарының Ақсу- Бас және Торғауыс тауларының жартасты және шатқалды аудандарын мекендейді.
Қорықтың орнитофаунасы (құстар әлемі) да бай және сан алуан. Барлық Оңтүстік Алтайда құстың 280 түрі байқалса, оның 248- і қорық аумағында кездеседі. Қазіргі уақытта 143 түр қорықта ұялайды. Қоныс аударушылардың қатарына 143 түр жатады. Марқакөл көлі әрқашан өзінің суда жүзетін құстарының молдығымен танымал болатын. Бұрын ұя салатын құстардың ішінен 8 түр қазір жоғалып кетті, олар: сұңқылдақ аққу, сұр қаз, қырманқаз, сутартар, ақбас тырна, өзен қарқылдақ шағаласы, лашын, ақиық субүркіт. Сирақтылардың ішінен қазіргі кезде көлде тек ғана қара дегелек ұя салады. Көккұтан мен үлкен аққұтан ұялаудан кейінгі қоныс аударулар кезінде ғана пайда болады. Қара қаздың (суқұзғын) саны әжептәуір. Батпақты жағалауларда үлкен тырна ұя салады, шәукілдек мекендейді. Шалшықшы құс кең тараған, көлде оның 26 түрі мекендейді. Олардың ішінен жартысына жуығы ұя салады. Шағалалардан көлге кіші және қара қарқылдақ шағала, көкшіл сұр шағала ұшып келеді, күміс шағала жиі кездеседі. Қазақстан фаунасындағы әдемі түрлердің бірі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қарабас өгіз шағаланы үнемі кездестіруге болады. Өгіз шағала көлде ұяламайды, бірақ жаз кезінде көл аумағында жас балапан өгіз шағалалар жүреді.
Кептерлерден үлкен түркептер (орман кептер), көк кептер мен құз кептері кездеседі. Құз кептері анағұрлым сирек.
Қорықта тауықтектестердің 8 түрі мекендейді. Әдетте құр, саңырау құр, бөдене жиі кездеседі. Сұр шіл мен сұр құр сирек. Тауда тундра шілі мен ақ шіл өмір сүреді. Күршім жотасының су айырықтарында Қызыл кітапқа енгізілген түр- алтай ұлары немесе тау күркетауығы кездеседі. Марқакөл қазаншұңқырында күзде таулардың далалы жартасты беткейлерінде кішкентай үйір- үйірлерімен жүрген кекіліктерге тап болуға болады..
Жыртқыш құстардың қорық аймағында 24 түрі байқалады, оның ішінде 11 түрі ұя салады. Бұлар- жағалтай, күйкентай, бөктергі, қарақұс (кезқұйрық), аққұйрық субүркіт, бүркіт, жамансары, аражегіш, балықшы тұйғын, қаршыға және қырғи. Ұя салатындардан лашын- сұңқар, ақиық субүркіт жоғалып кетті.
Қорықта үкі, маубас жапалақ, құлақты және саз жапалақ, орман байғызы, орал жапалағы, қаршыға- жапалақ ұя салады. Анда- санда кіп- кішкентай торғай байғызды кездестіруге болады.
Кәдімгі және саңырау көкек, бәбісек, тентекқұс кездеседі, қара және үш саусақты тоқылдақ, боз тоқылдақ және дүпілдек кездеседі. Қия жартастарда ұзын қанат қарлығаштар тізіліп отырады.
Қорықта торғай тәрізділердің 106 түрі мекендейді.
Марқакөл көлі- шығыс сібір ұзақ қарғасының ұя салатын мекені анықталған әзірге жалғыз жер. Шәуқарғалар да әдеттегіден өзгеше жағдайларда, қалқан жапырақты ормандарда, қуыс ағашты балқарағай ормандарында ұя салады.
Қорықта Қызыл кітапқа енгізілген және ерекше қорғауды қажет ететін сирек және құрып бара жатқан түрлерге ерекше көңіл бөлінеді. Көлде Қазақстанның шегіндде балықшы тұйғынның ең ірі көл популяциясы (10 жұп) мекендейді, ал республика бойынша олардың саны 25-30 жұптан аспайды. Осы жерде ұя салатын қара дегелек те мұнда Қазақстанның басқа аудандарына қарағанда жиірек кездеседі. Басқа сирек кездесетін құстардың ішінен бүркіт, аққұйрық субүркіт, үкі, сұр тырна ұя салады. Қорықта сондай- ақ өзінің оңтүстік- батыс таралу шегінде алтай ұлары кездеседі.
Қорықтың қазіргі жағдайы және міндеттері:
Марқакөл көлі- қазірге дейін әлемнің ең таза су қоймаларының бірі. Оның таза суының деңгейі 5-9 метрге дейін барады. Суда хлорлы органикалық пестицидтер мүлдем жоқ деуге болады. Көл жағалауларында қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың болуы қорықтың қорғалу аймақтарындағы уылдырық шашатын өзендердің аммиак қосындылары мен автокөліктердің жанар- жағар май материалдарымен (көктемде және күзде фермер шаруашылықтарынан тау өзендеріне лас сулар ағып құйылады) ластануына әкеп соғады. Бұл тек қана уылдырықтамаларға ғана емес көлдің таза суына да қауіпті.
Қорықтың табиғат кешенінің табиғи дамуына қорық шекарасына жақын орналасқан фермерлік және ауыл шаруашылық қызметтері қауіп төндіреді. Қорық қызметкерлері уылдырық шашылатын негізгі көлдерді қорғау үшін іс жүзінде көп жұмыстар атқарады, бірақ өкінішке орай бұл жұмыстар үнемі жемісті болмайды. Жыл сайын мамыр- май айларында сібір майқаны мен хариус уылдырық шашатын өзендерде қорықшы постары ұйымдастырылады, қорықтың аз адамнан тұратын негізігі штатына көмектесу үшін жедел бригадалар мен топтардың кезекшілігі жүргізіледі. Қорыққа кіретін жолдар үнемі бақыланады. Сонда да бұл шаралардың өзі уылдырықтамаларды браконьерліктен толығымен қорғай алмайды,
Қорық қызметкерлері маралдар мен еліктердің тұрақты мекен ететін жерлерінде сортаңтар мен стандартты оттықтар (кормушки) жасайды. Қыс кездерінде жануарларды үстеп қоректендірі үшін шөп дайындалады. Жәндік қоректі құстарды, сусылдақ үйректерді және бейнеарық үйректерді қолдан жасалған ұяларға қоныстандыру бойынша әртүрлі іс- шаралар жүргізіледі.
Қорықта үнемі жергілікті тұрғындарды экологиялық тәрбилеуге бағытталған үгіт- насиғат жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Үнемі әртүрлі басылымдарда қоршаған ортаны қорғау аспектілеріне, сондай- ақ жануарлар мен өсімдіктер әлемінің сирек және құрып бара жатқан өкілдерін сақтауға арналған ғылыми- көпшілік мақалалар жарияланады. Қорықтың 1980 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан табиғат мұражайында оқушыларға және туристерге, Уранхайка ауылының тұрғындарына лекциялар оқылады, әңгімелесулер жүргізіледі. Бұрын жыл сайын қорыққа 500-600 адам келсе, кейінгі жылдары қорық қызметкерлеріне байланысты емес себептермен бұл сан анағұрлым азайып кетті.
Қорық қызметкерлері жүргізетін табиғат қорғау кешенінің жұмыстары Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің толығымен қорғалуын қамтамасыз ете алмайды. Қорық маңайында қорық режимін, яғни қаумалдық режимдегі аймақ құрудың уақыты келген сияқты. Тек сонда ғана көл бассейнінің бірегей табиғат кешенін сақтауға болады, оның экосистемасының табиғи дамуы қамтамасыз етіледі және сонда ғана көл бай оңтүстік алтай табиғатының этолоны бола алады.