ЖОСПАР
Сезім жөнінде түсінік.
Сезім ерекшеліктері
Сезім қасиеттері
Сезім негіздері.
Сезім түрлері
Мұғалімнің сезімдік ерекшеліктері мен қасиеттері
Сезім жөнінде түсінік.
Қоршаған ортада кезіккендердің бәрі адамда оларға деген қандай да бағамдау қатынасы мен сезімдер пайда етеді. Олардың бірі ұнап – қуантса, екіншісі – қапаландырып, жеккөрушілік тудырады. Сезім түрі сан – алуан. Төңіректегі нысандардың жеке қасиеттерімен сапаларының өзі де адамның белгілі сезіміне себепші болады, мысалы, түсі ұнамайды, дауысы жағымсыз, дәмі татымсыз т. б. Өмір жағдайлары мен тұрмыс оқиғалары күрделірек сезімдерге себепші келеді. Сезім ауқымы өте кең: өкініш пен қанағаттану, қуаныш пен қорқыныш, таңдану мен жиіркену – мұндай сезім түрлерін шексіз келтіруге болады. Сезім- бұл адамның қоршаған болмыс заттары және құбылыстарымен қатыннас жасауынан туындаған әрқилы формада көрініс беретін тоғаныс, күйзелістері. Адам сезімі тіршілік үшін керекті де пайдалы қасиет. Толғаныссыз өмір — өшкен өмір. Ұлы ғұлама Ә. Науаи «Сезімсіз адам – кесек, махаббатсыз адам — есек», — деген екен. Көп сезімдерге адамның өзі құштар. Егер сол сезімдер қандайда себептермен болмай қалса, адам «эмоциялық ашырқауға » келіп оның орнын толтыру үшін ән-күй тыңдайды, әсерлі фильмдер көріп не қым – қиғаш оқиғалы кітаптар оқиды.
Психологтар көп заманнан бері осы сезім мәселесінің төркінін ашумен айналысуда. 18-19 ғасырларда бұл сұрақ төңірегінде ортақ көзқарас пайымдалды, дегенмен интеллектуалистік теория бағыты кең өріс алды. Бұл бағыт мәні – адамдағы барша органикалық көріністердің негізі психикалық құбылыстардан деген тұжырымнан шығарылды. Неміс психологі Гербарттың ұйғарымы бойынша барша сезімдік дүниенің ірге тасы елестер деп саналды. Бұл теорияға орай сезім – елестер арасындағы байланыстарға сай қарама-қайшылықтарға жауап ретінде жүзеге келеді. Мысалы, дүниеден өткен адамның бейнесін тітілермен салыстырудан қайғы пайда болады. Өз негізінде бұл кейіп ырықсыз көп жасын төгуге не жалпы қасіретті күй білдіруші әрекет – қылыққа себепші болады.
Неміс ғалымы В. Вундт та осы бағытты қолдады, бірақ оның тұжырымдары эклективті, яғни әртүрлі психологиялық қарама- қарсы көзқарастарды қалай болса, солай қоса салуға негізделген еді. Оның пікірінше эмоция- бұл алдымен сезімнің елес жүрісіне тікелей ықпал етуімен сипатталатын адамның ішкі өзгерістері, ал кей жағдайда ішкі өзгерістердің сезімге әсері, ал органикалық процестер – эмоцияның салдары ғана.
Эоцияның қазіргі тарихы У. Джемстің 1884 ж. Жарияланған «Эмоция деген не ?» атты мақаласынан бастаоды. У. Джемс және бұған байланыссыз Г. Ланге пайымдаған теория бойынша: сезімнің туындау себебі – сыртқы ырықты қозғалыстар, сонымен қатар, ішкі ырықсыз жүрек толғаныстарынан болатын адамның кейіп өзгерістерінен. Осы өзгерістерден туындайтын адамәсерлернің бәрі – эмоциялық күйді танытады. «Біздің қайғыруымыз – жылағанымыздан, қорқуымыз – қалтырауымыздан, қуанышымыз күлгенімізден» (У. Джемс). Сонымен эмоция салдары болған дене шетіндегі органикалық өзгерістер, ғалымдар ойынша, сезімдер себебіне ауысады. Осыдан эмоциялардың ырықты реттелуінің қарадүрсін түсініктемесі беріледі: мысалы, ұнамды эмоцияға тән әрекеттерді әдейі жасаумен қажетболмаған қасірет сезімін басуға болады – мыс.
Джеймс – Ланге тұжырымы бірнеше қарсы көзқарастар пайда етті. Негізгі сын айтқан У. Кеннон: әртүрлі сезімдерге байланысты жауап әрекеттер бір-біріне өте ұқсас, сондықтан олар адамның сан алуан эмоциялық қасиеттеріне сай келе бермейді. Мысалы, қазақ келісу сезіміне қарай басын изейді, ал болгар шайқайды, африканың бір тайпа өкілдері сүйген адамының бетіне түкіретін көрінеді, ал қазаққа бүйтіп көр… Сонымен бірге адамның әдейі істеген жасанды әрекеттері қажетті көңіл күйді бере алмайды. Кейде мысалы, жағдайға орай «молдамыз» шығып, сіресе бағып, соңына шыдай алмай, күліп жіберетініміз осыдан.
Психологтардың үлкен тобы сезімді жай-күйлік қалып аймағынан шығарып, дененің әсер еткен жағдайға, оқиғаға болған жауап әрекеті деп танығанды жөн көрді. Мұндай түсінік Ч. Дарвин еңбектерінде де берілген. Эмоциялық әрекеттердің көбі өздерінің пайдалы болуымен қажет, мысалы, жануар қаһары жауын қорқыту үшін керек, немесе олардың кейбірі өткен эволюциялық дамудың бір кезеңінде қажет болған әрекеттердің нәсілден нәсілге ауысып келе жатқан қалдығы. Мысалы, алақанның қорқыныштан дымқылдануы бір уақыттары біздің маймыл тектес бабаларымызға қауіптер төнгенде ағаш бұтақшаларын берік ұстауға жәрдемін тигізген.Кейін бұл теорияны Э. Клапаред жалғастырды. Ол «қандай да бір сезімнің туындауы – адамның кезіккен жағдайға икемделе алмауынан. Егер адам қашып, құтыла алатын болса, ешқандай қорқыныш сезіміне түспейді», — деп жазады.
Ендігі бір оқшауланған теориялар тобы сезім табиғатын адамның ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланыстырады. Олар ішінде Л. Фестингердің сана үйлесімсіздігі теориясы өз алдына. Бұл көзқарастың мәні: адам бір нысан жөнінде біріне бірі психологиялық қарсы екі пайым ортасында таңдау ете алмай күйзеліс эмоциясына түседі, яғни санадағы «білімдер» үйлесімсіздігінен жағымсыз сезім пайда болады. Ал іс-әрекеттің нақты нәтижесі мен көзделген өзара сәйкес келсе, адамда жағымды сезім туады. Ақыл-ой үйлесімсіздігінен құтылудың екі жолы бар:
- өз ниетіңді шындыққа сәйкес өзгерту;
- ниетке сай болатындай әрекеттің жаңа жолдарын іздестіру.
Сонымен, когнитивтік теория адамның сезімдік кейпін оның әрекет, қылықтарының негізгі себепшісі ретінде қарастырады.
Сезім ерекшеліктері
Адам сезімі дара тұлғалық қасиет. Осыған орай әр адам нақты жағдайда бір зат не құбылысқа өзінше баға беріп, белгілі бір, екінші адамдағыға ұқсамайтын көңіл кейпіне беріледі. Аш адам мен тоқ адамның бір тамаққа болған әр түұрлі қатынасы осыдан. Еске түскен заттар не оқиғалардың да бағамының бірдей болмауы да осы себеппен түсіндіріледі: әдетте, қуанышты жағдайларда араласқан обьектер (адам, зат, оқиға) жылы сезіммен еске алынады. Әрқандай сезім жеке тұлғаның мәнді сипатын білдіреді.
Сезімдер адамның қоршаған дүниеге қатынасын білдіріп қоймастан, ол жөніндегі ақпарат көзі де болып табылады. Бұл тұрғыдан нысан бейнесі эмоцияның танымдық тарапы болады да, ал сол мезеттегі адам кейпі сезімнің субьектив элементін танытады.
Сезімдер адамның қасиеттерімен тығыз байланысты. Субьекті қажеттілігі және сол қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған ерекше қызметіне орай сезімдер екі ірі топқа бөлінеді. Біріншісі – қажет заттардың обьектив мазмұнына жаңа, айрықша мән қосып, оларды қанағаттандыру әрекетінің сеп- түрткісіне айналдырушы сезімдер. Мұндай толғаныстардың пайда болуы үшін аса қажетсіну және оған сай заттар қолда болуы керек. Көңіл-күй серпінісі қажеттікпен үйлесе келе іс-әрекеттің бастауын береді, оған ынталандырады, және бағыт- бағдарлы жетекшісіне айналады. Осылайша, мұндай іс-әрекетпен сәйкестікке түседі. Бұл эмоциялар психологияда жетекші ниеттер аталған.
Екінші эмоциялық құбылыстар тобына – жетекші ниет, яғни басталған ішкі не сыртқы іс-әрекет ізімен туындайтын сезімдер кіреді. Бұлар сол әрекеттердің орындалуына тиімді не кедергі болған жағдайларға (үміт, ыза), жетіскен нәтижелерге (қуаныш, өкініш), немесе қалыптасқан не мүмкін болар ситуацияларға (қатерлену, сенімді болу), субьектінің қатынасын сипаттайды. Мұндай сезімдік тоғаныстар жетекші ниеттерге негізделгеніне әдейі немесе ырықты деп аталады. Осыдан көзделген мақсатқа жетуде алда шыққан кедергі бір түрлі сезім туындатса, енді сол кедергі жаудан құтылуда пайдалы болуымен екінші бір сезім пайда етеді, яғни ырықты сезімдер нақты жағдайға, сол сәттегі өмірлік маңыздылыққа орай мән алады.
Сонымен, сезім екі себептен пайда болады, біріншісі-адамның обьектіге қатынасын айқындайтын қажеттіліктер; екіншісі-адамның осы нысанның тиісті қасиеттерін түсініп, оны санада бейнелеу қабілеті. Обьектив және субьектив жағдайлардың өзара байланысынан адамның қоршаған дүниеге саналы баға беруімен қатар жеке эмоционал көзқарасының себептері ашыпады.
Сезімдердің өзіндік ерекшеліктері олардың қарама – қарсылықты сипатынан көрінеді. Мұндай сипат қарапайым әсерленуге де (рахаттану, қысылу), сондай-ақ күрделі толғаныстарға да (ұнату- жек көру, қуаныш- мұң, көңілді -қайғылы, т.б.) тән.
Сезімдерге ғана тән аса маңызды сипат – олардың бірігімді (интегралды) келуі. Сезім бүкіл денені билеп, адам кейпін ерекше әсерге бөлейді. Барша дене қызметтерінің басын бір сәтте біріктірумен сезім өздігінен организмге пайдалы не зиян әсердің хабаршы қызметін атқарады. Сезімдік сигнал әсер орны мен дененің жауап әрекеті айқындалмай жатып та санаға жетуі мүмкін.
Сезімдердің және бір маңызды ерекшелігі – олардың денедегі тіршілік әрекеттермен тікелей байланыста болуы. Сезім ықпалынан адамның ішкі тән қызметі өзгеріске түседі: қан айналымы, дем алыс, асқорыту, ішкі және сыртқы секреция бездері. Шектен тыс ұзақ уақыт және қарқынды болған көңіл-күй толғаныстары организмді сырқатқа шалдықтырады: қорқыныш-жүрек ауруларына соқтырып, ашу-бауырды, жабырқау мен мұң – асқазанды бұзады.
Сезімдер тарихи-әлеуметтік негізге ие. Олар әр түрлі халықтарда, әр түрлі кезеңдерде мән-мағынасымен көріну формасын қарастырып отырған. Қоғам дамуымен сезімдер де өзгеріп барады. Түрлі дәуірде өмір сүрген адамдардың ұқсас, тіпті бір текті заттың өзіне жасаған қатынасы бірін бірі қайталамайды. Сезім ұдайы қозғалыста болып, тұрақты және ауыспалы элнменттердің тұтастай бірлігінен құралады. Бұл сезім желісінде, бір жағынан-бір ізді қысқа мерзімді толғаныстар құрылымын: пайда болу, өрбу, шыңына жету, сөну, екінші жағынан — әр түрлі толғаныстар түйдегінен түзелген ұзақ мерзімді сезімдер құрылымын айыруға болады. Барша сезімдер жүйесінің өлшемі бір – біріне қайшы келген екі бағытта беріледі: сүйсіну-жеркену, қозу-тыншу, көңілдену-мұңаю.
Егер сүйсіну не жеккөру сезімі көп жағдайда заттың өзіндік ерекшеліктеріне, олардың адам өміріндегі маңызына немесе нақты бір ситуация мәніне орай туындаса, одан болатын қозудың дәрежесі сол сезімнің өзімен шарттас келеді. Мысалы, қаһар-дүлей қызбалық формасында көрініс берсе, керісінше, қанағаттану-адамның сабырлы, байсалды күйінен білінеді.
Көп түрлілігі мен күрделі болуынан сезімдерді жете танып, қалтқысыз басқару мүмкін емес. Бұл жағдай өз сезіміңді суреттеп, айтып беру үшін сөз жеткізе алмауда байқалады: қолданған сөздердің мәні бұлыңғыр, көңіл-күй қалпына сәйкес болмай шығады.
Сезім қасиеттері
Адам сезімдері ұзаққа созылған филогенетикалық даму тарихына байланысты көптеген ерекше сипаттағы қызметтерді атқаратын болды.
Сезімнің бейнелеу қызметі оқиғаларға жалпыланған баға беруде көрінеді. Көңіл-күйдің бүкіл ағзаны билеуінен, сезім арқылы қандай да әсердің пайдалы не зиянды екенін оның салдары денеге белгілі бір таңба түсірмей тұрып ақ байқап, жауап не қорғаныс әрекетке келеміз. Мысалы жолды кесіп, өтіп бара жатқан жолаушы көшедегі көлік қозғалысын барластырумен әртүрлі деңгейдегі қорқыныш сезімінде болуы мүмкін. Оқиғалардың эмоционалдық бағамы адамның дара толғаныс қабілетінің негізінде берілуі ықтимал, бірақ мұндай сезімдік нәтиже көбіне өнер туындыларымен көпшілік ақпарат құралдары, т.б. арқылы басқа адамдармен қатынас жасау барысындағы көңіл-күй ортақтастығынан қалыптасады. Сезімнің бейнелеу қызметіне орай адам қоршаған ортада бағыт-бағдар топшылайды, заттар мен құбылыстарға қажетігіне қарай баға береді. Бұл тұрғыдан сезім ақпарат алды немесе хабар жеткізу міндетін атқарады. Денеде пайда юолған күйзеліс не көңіл-күй жайсыздығы адам қажеттіліктерінің қалайынша қанағаттандырылып жатқаны, кезігетін кедергілердің сипаты туралы, ең алдымен неге назар аударылуы қажет екендігі жөнінде субьектіге ақпарат жеткізеді.
Сезімнің ақпараттық небейнелеу мүмкіндігі ниеттеу немесе ынталандыру қызметімен тікелей байланысты. Мысалы, жолаушы алдына жақындап қалған транспортты көре, қауіп төнгенінен қадамын жеделдете түседі. Затқа одан кері бағытталған құмарлық, тілек, ұмтылыс эмоцияның өзіне тән, одан ажырамас, бірлікті құбылыстар (С. Л. Рубинштейн). Алда тұрған мәселенің шешілу жолына бағыт беретінде осы сезімдер. Эмоционалды толғаныс мазмұнында қажеттіліктің қанағаттандырылуы үшін керек заттың бейнесі көрініп, содан заттың өзіне деген әуесқойлық пайда болып, ол өз кезегінде адамды әрекетті орындауға ниеттейді, ынталандырады.
Оқу процесіне тікелей қатысына байланысты сезім қуаттау, қолдау қызметінде атқарады. Күшті эмоциональды көңіл-күйге себепші болған оқиғалар оқушы санасында жеңіл қабылданып, ұзақ уақыт есте сақталады. Табыс не сәтсіздік сезімдері баланың оқуға болған ынтасына күш, қуат беріп не оны тіпті өшіріп жіберуі мүмкін.
Белгілі сәтте маңыздылау қажеттілікті таңдау барысында сол қажеттілікке негіз болар көп сеп-түрткілердің таласы туындайды. Осы жағдайда сезімнің ауысы қызметі іске қосылып, эмоция адамды қандай да талғамға бағыттайды. Мысалы адам өзінің тума жан сақтау ниеті мен қоғамда қабылданған әлеуметтік талаптар арасындағы қарама-қарсылықты жеңе алмай, күйзеліске түсетіні белгілі, яғни қандай да әрекетті істейін десе — өз тіршілігіне зиян, істемесе – ұят, көпшіліктің сынына ұшырайды. Осындай қорқыныш және борыш, қорқыныш және ұят тайталасында сезім мәнін, оның өз талғам – талабына сай келу, келмеуін барластырумен адам көздеген іс-әрекетін сол сәттегі қажетті арнаға ауыстырады.
Жоғарыда аталған сезім қызметімен сыбайлас эмоцияның икемдесу қызметін де атап өткен жөн. Ч. Дарвиннің пікірінше сезімдер тіршілік иелерінің өз қажеттілігіне орай келген жағдайларды анықтау құралы ретінде пайда болған. Дер кезінде организмде пайда болған эмоциядан жануар қоршаған ортаға икемделу мүмкідігіне келген.
Сезімнің коммуникативтік (ақпарат алмасу) қызметі де адам өмірінде үлкен маңызға ие. Ым-ишара, дене қозғалыстары сезімдік белгі ретінде адамның өз толғаныстарын, қоршаған орта заттары мен құбылыстары жөніндегі өз қатынас талғамын басқаларға жеткізуге жәрдемін тигізетіні белгілі. Ым-ишара, қас-қабақ қимылдары, дене қалпы, үн ырғағы, бәрі де сезім «тілі» болуымен, адам ойынан гөрі оның көңіл-күй кейпін айқындау танытады. Зерттеулер дәлелденгендей, сезімдердің бәрі бірдей анықтала бермейді. Мысалы, өте айқын білінетін – үрей (сыналғандардың -57), одан кейін – жиіркеніш (48), содан кейін – таңдану (34).
Коммуникативтік қызмет аймағында сезім арқылы адам өзін қоршаған сыртқы ортаға не ішкі жан дүниесіне ықпал жасау қабілетіне ие. Мысалы, есейе қоймаған сәби шатқаяқтап жылағанымен ата-анасын өз дегеніне көндіретінін сезе қояды да, бұдан былай осы әдісті жиі қолданып, мүддесіне жетуді әдетке айналдырады.
Сезім негіздері.
Сезімдер организмде жүріп жататын ерекше процестермен байланысқан. Бұл процестердің көзі негізінен сыртқы дүние өзгерістерінде дегенмен, олар бүкіл дене әрекет қимылына әсер етеді. Осыдан мысалы, көңіл-күй қандай да күйзеліскен келсе, қан айналымы өзгереді, жүрек соғуы шапшаңдайда не бәсеңдейді, қан қысымы ауысадыне кемиді т.б. Нәтижеде бір жан толғанысынан адам қызарады, екіншісінен бозарады. Сезімдік өмірдің барша өөзгерістеріне өте нәзік адамның жүрек ағзасы. Халық ауызында көп жағдайға байланысты «жүрегім қатты соғып тұр», «жүрек шыдамайды», «жүрегім орнына түсті», т. б. Сөз тіркестерінің жиі қолданылатыны осыдан. Дене мүшелерінің қай-қайсысындағы болмашы өзгеріс жүрекке әсерін тигізбей өтпейді (ас қорыту, тыныс алу, бездер жүйесіндегі т.б.).
Алайда, адам организмінің құрылымы симпатикалық жүйке жүйесінің қызметіне тәуелді. Осы жүйенің қозуынан бүйректен адреналин сұйықтығы бөлінеді. Адреналин дене ағзалары әрекетіне өзгеріс ендіріп, оларды шектен тыс тән қуатын жұмсауға дайындайды: қауіп-қатер төнгенде бұлшық еттерге қан жеткізу күшейеді, ас қорыту ағзаларының жұмысы бәсеңдейді, ішкі органдардан қан сыртқа тебеді. Бұлшық еттерге қарқынды әрекетке келуі үшін көп мөлшерде қант жеткізіледі, себебі қант-бұлшық ет қуатының негізі.
Сезімдердің пайда болуы мен қалыптасуына үлкен ми жарымшарлар қабығы маңызды қызмет атқарады. Ми қабығы эмоция желісімен көрінісін реттеп, денедегі барлық құбылыстарды өз бақылауына алады, қабық асты орталықтарын тежеумен оларға басшылық етеді. Егер ми қабығында шектен тыс қозу туса, (шаршағанда, ішкіліктен), қабықтан төмен жайғасқан ми бөліктері ырықсыз әрекетке келіп, адам өзінің әдеттегі ұстамдылығынан айрылады. Үлкен ми жарымшалары алынған жануар болмашы себептен күшті әрі тұрақты эмоционалды күйзелісте болады. Ал кең жайыоған күйзеліске тап келсе, мұндай жануар сылбыр халге түседі, оның әрекетқылығы әлсірейді, жүрек қан тамыр жұмыстарымен тыныс алуы бәсеңдейді.
Сезімнің негізі болған физиологиялық процесс бастауын ми қабығында ала отырып, төменгі қабық асты орталықтарына тарайды. Эксперименттер кезінде мидың кейбір аймақтарын қоздырса жағымды эмоция туып, жануар сол әсердің қайталанғанын қалау сыңайын танытқан. Бұл ми бөлігі рахаттану орталығы аталған. Ал екінші бір ми аймағына әсер түскенде, жануар тынышсызданып, қиналған күй көрсеткен, осыдан мұндай жүйке жүйесі қиналу орталығы айналған. Осы күнде мидың сол жарым шарында жағымды эмоциялар туындап ал оң жарым шарында жайсыз сезімдер өріс алатыны дәлелденіп отыр.
Адамның эмоционалдық өміріне қуат беруші жүйке – ретикулярлы формация деп аталады. Әртүрлі сезім ағзаларынан жүйке ықпалдарын ала отырып, ретикулярлы формация оларды өңдеп, бас миының үлкен жарым шарларына жеткізеді. Қуат жинақтағышы ретінде бұл жүйке ми белсенділігін көтереді не төмендетеді, сыртқы тітіркендіргіштерге жауап әрекеттерді босаңсытады не іркіп барады.
Адамның сезімдік болмысында екінші сигналдық жүйенің маңызы үлкен. Толғаныс тек сыртқы әсерлерден туындап қоймайды, ол үшін сөз бен ойдың ықпалы күшті. Осыдан адам кітап оқудан не ақпарат естуден белгілі эмоциялық күйге түседі. Жоғары адами сезімдердің интеллектуалды, моральдық, эстетикалық- физиологиялық негізі осы екінші сигнал жүйесінде.
Екінші сигналдық жүйенің бірінші сигналдық жүйемен біртұтастық байланысынан адам өз сезімдерімен олардың қоғамға сай тысқы көріністерін саналы реттеп отырады.
Басқа тұлғалардың сезімдік кейпін олардың мәнерлі қозғалыс қимылдарынан, ым-ишарасынан, мойын бас бұруынан т.б. айқын тануға болады. Әрбір сезімнің өзіне сай әрекет түрі бар. Мысалы қорыққанда көз аларады, діріл пайда болып, бет бозарады, ал қуаныш жануар жарқылынан, бет қызаруы, әрекеттер жеделдеуінен білінеді.
Сезім әрине біздің ойымыз ғана емес, сол ойға болған қатынасымызды да білдіретін сөзіміз бен сөйлеу мәнеріміз де анық көрінеді. Мұндай дауыс ырғағының да рөлі үлкен. Осыдан біз тіпті де түсінбейтін тілде айтылып жатқандытыңдай отырып, айтушының қандай күйде екенін қалтқысыз тануымыз мүмкін. Толғаныстардың түрлі мазмұнына орай сөйлеу қарқыны өзгереді, сөйлем құрылымы бұзылады.
Сезім әлпеті ол сезімдердің өздері сияқты қоғамдық сипатқа ие. Әрқандай қауымның өзі қабылдап, қалыпқа айналдырған әдептілік, кішіпейілділік, тәрбиелілік шектері әр түрлі. Сезімдік әрекет қимылдардың шектен тыс болуын кейбір адамдар тәрбие кемшілігі деп біледі. Ал екіншісінде – бұл жағдай жалғандықпен ұштастырылады. Адамдардың жиі араласып қатысуынан сезімдік әрекеттер баиды, бір түрге бірігіп сан алуан эмоция реңктерін жеткізудің жалпыланған қорына айналады. Сонымен сезім білдірудің формаларымен олардың қолданымы нақты қоғамдық қатынастармен анықталып, әлеуметтік бақылау обьектісін құрайды.
Сезім түрлері
Адам сезімінің көріністері әрқилы: қарқынды да ұзаққа созылған, созылыңқы бірақ әлсіз (қайғы); күшті бірақ қысқа мерзімді (қуаныш); болуы мүмкін. Сонымен бірге сезімдер тереңділігі, саналылығы, тектілігі пайда болу және сөну шарттары, денеге әсері, даму желісі, бағыты, көріну тәсілі, т.б. жағынан әрқилы сипатты келеді. Сезімнің ішкі жайылу аймағы мен сыртқы әрекетіде бірдей емес.
Субьектив толғаныстарға байланысты сезімдер екі топқа бөлінеді: тіршілік қажеттіліктерді қанағаттандырып, рахатқа бөлуші ұнамды сезімдер; тіршілік қажеттіліктердің орындалмауынан қанағаттанбау кейпіне түсіретін жағымсыз сезімдер. Орындалып жатқан адам қажеттіліктерінің деңгейне орай сезімдер қарапайым және күрделі келеді. Қарапайымдары-ашу, қорқыныш, уайым, қызғаныш, күндеушілік т. б.; күрделілері-моральдық, эстетикалық және отан сүйгіштік.
Көріну әлпетіне орай барша эмоцияналдық қалыптар келесідей түрлерге жіктеледі: көңіл-күй, кейіп, эмоция, аффект, стресс, фрустрация, құмарлық, жоғары сезімдер.
Көңіл – субьектіге қандай эмоционалды реңкті сақтап қалуға не жоюға ықпал жасаушы психикалық процестің ерекше сигналдық түрі: кейбір түр – түс, дыбыстар, иістер өздерінің негізгі мәніне байланыссыз біздің есімізге түсуден жағымды нежағымсыз сезімдер туғызады. Мысалы, жақсы ән, тәтті тағамның өзі де ұнамай қалуы мүмкін. Мұның бәрі біздің сол сәттегі көңілімізге байланысты. Егер көңіл тұрақты жиіркенушілікпен ұштасса, бұл идиосинкразия сырқатының белгісі.
Көңілге қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың жиі кездесетін пайдалы не зиянды тараптарының жалпыланған бейнесі қалыптасады. Осының арқасында көңіл күтілген әсер жөнінде оны бұрынғы естегі ақпараттармен салыстырып отырмастан, күні ілгері шалт шешім қабылдауға көмегін тигізеді. Көңіл көбіне субьектив сипатқа ие: қызықты кітап, сыпйы сұхбаттас т.б. бір адамда жақсы сезім тудырса, екінші тұлғаға жақпай қалуы әдеттегі құбылыс. Көңіл сипаты іс-әрекеттің желісіне де байланысты. Қажетті бастауында ұнаған іс, бірақ өзінің ұзаққа созылғандығынан адамды жалықтырып, көңілсіз күйге түсіретіні белгілі. Сырттай байқала бермейтін адам көңілін танып, оны орнымен пайдаланса, жеке не қоғамдық еңбек, оқу жемісті нәтижесін береді.
Кейіп – біраз уақыт бойы адамның көңілін билеп, мінез-құлыққа әсер ететін жалпы эиоциялық күй. Өмір тіршілігінде адамның сезімі бір обьектіге бағытталып, оған қуанады не күйзеледі, біреуді сүйеді, бір нәрседен шошиды. Адам кейпінің көрінісі белгілі сезімге, себептерге байланысты. Мысалы, ұнамсыз хабар естіген адамның көңілі түсіңкі болып, оның бойын қобалжу, уайым билейді. Жұмысы сәтті болып, реттеле бастаса, оның көңілі тасиды, шаттық лебі ұзаққа созылады.
Адам кейпі тіршілік жағдайына байланысты құбылмалы болып отырады. Егер адам шаршап шалдығып, ауырып жүрсе оның кейпі солғын болады. Ал дені сау, ұйқысы қанық, көңілі көтеріңкі болса, адам мәз болып, жадырай түседі. Адамның кейпіне табиғат көрінісі, жыл маусымдары, ауа райы сияқты құбылыстарда айтарлықтай әсер етеді. Рухани байлығы мол, мақсат-міндеті айқын адам ауыр жағдайларға да мойын ұсынбай, өмір сүріп, жұмыс істей алады, өзкейпін меңгеріп, оған иелік етеді.
Эмоция (сезім шарпуы) – сезімнің тікелей қатынастағы уақытша көрінісі. Мысалы сахнадағы айтыскер ақындардың бір ауыз тапқыр сөзіне бола көрермендердің бір мезет дүрілдете қол соғып, қошемет айқай салуы.
Іс-әрекетке ықпал жасау тұрғысынан стеникалық және астеникалық болып бөлінеді. Стеникалық эмоциялар адамға қуат беріп, ісәрекетке ынталандырады. Бұл жағдайда адам «тау қопаруға эмоциялар» дайын тұрады. Керісінше, кейде толғаныстан адамның аяқ аласы байланады, енжарлық басады-бұл астеникалық эмоция көрінісі. Осыдан жағдайға, дара ерекшеліктерге орай, эмоция адам қылығына әртүрлі ықпал жасауы мүмкін. Мысалы қорқыныш сезімінің саналы болуынан адам өзін жинақтап, қатерге қарсы шабуылға шығады. Ал сол қорқыныш адамды шідерлеп «тізесі қалтырайтын» дәрежеге де келтіреді.
Қуаныш – орындалуы күмәнді болып тұрған қажеттіліктің толық қанағаттандырылуына байланысты туындайтын ұнамды эмоционалды күй.
Таңдану – күтілмеген оқиғаға байланысты пайда болатын эмоциялық белгі. Таңдану бұрыннан бар сезімдерді тежейді. Осыдан зейін толығымен таңдануға себеп болған нысанға ауысады, кейін ол қызығушылық ниетке жол ашады.
Қасірет – алғашында аз да болса сенім күттірген маңызды өмір қажеттілігінің орындалмауы не оның орындалмайтыны жөнінде ақпарат алудан болатын жағымсыз эмоциялық күй.
Қаһар – субьектте өте маңызды қажеттіліктің күшті кедергіге ұшырап, орындалу мүмкіндігінің кенеттен жойылуына байланысты пайда болып, дүлей көрініс беретін, ұнамсыз эмоциялық қалып.
Жиіркену – тікелей қатынаста болған обьектердің (заттар, адамдар, құбылыстар, оқиғалар т.б.) жеке адам идеологиясына, адамгершілік не эстетикалық талғамына ымырасыз қарама-қарсылықты болуынан туындайтын ұнамсыз сезім түрі.
Жек көру – адам аралық қатынастарда субьектінің көзқарас өмірлік салты мен сезім обьекті қылықтарының бір-біріне сәйкес келмеуінен жүз беретін ұнамсыз көңіл-күй.
Қорқыныш – субьектте өз тіршілігіне шын немесе болуы мүмкін қатер жөнінде ақпарат алумен бірге пайда болатын сезімдік құбылыс.
Ұят – субьектінің өз қылық-әрекеттері, ниеттері және сырт келбетінің басқалар күткендей не өз принциптеріне орайлас болмағанын түсінуден келіп, шығатын ұнамсыз сезім түрі.
Эмоциялық толғаныстар бір текті болмайды. Бір обьекттің өзі біріне бірі қайшы келген әр қилы сезімдік күйді пайда етеді. Бұл құбылыс амбивалентті (екі ұшты) деп аталады. Амбивалентті жағдай адамдағы тұрақты қалып пен нақты оқиғаға байланысты оның сезімі арасындағы қайшылықтан туындайды: мысалы, махаббат және қызғаныштан болатын өшпенділік екеуі бірге жүреді.
Өте күшті эмоциялық әрекет көрінісі – аффект қысқа да қарқынды өтуімен ерекшеленеді. Бұл сезім құбылысы субьекті үшін өте қажетті болған өмір жағдайларының кенеттен өзгеріске түсуінен болады.
Адамның көңіл күйінің кейпін білдіретін жәйттің бірі психологияда фрустрация (көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы) деп аталады.
Эмпатия – қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшыраған өзгелерге жанашырлық білдіріп, солардың ауыр халі өз басңа түскендей сезіну.
Құмарлық – адамның белсенді әрекетін оятатын күшті сезім. Оның ұнамды және ұнамсыз жақтары бар.
Мұғалімнің сезімдік ерекшеліктері мен қасиеттері
Өмір сүру процесінде қалыптасатын сезімдер жүйесі мен типтік эмоциялық күйлер жеке адамның эмоциялық жағын құрайды. Индивидуалды эмоциялық көріністердің көптегентүрлерінің арасынан педагогтың эмоциялық ерекшеліктері мен эмоциялық қасиеттерін бөліп айту қажет.
Іске деген сүйіспендік, оған шын берілгендік – талант пен қабілеттің дамуымен көрініс беруінің басты шарты. Дәл солай болмағанымен, бұл шындық. Таңдап алған мамандыққа құлай берілу – қабілетті өрістетудің басты белгісі. БҰған өмірдің мәні тровчествода деп түйген К.С. Станиславский мен (оның кітабы «менің өнердегі өмірім» деп тегін аталмаған) М. Горкийдің сөздері куә. «Суреттерге творчестволық жалын, жан қиярлық қажет. Егер жалыны күшті болса, суреттер жан тебірентерлік, құмартарлық картина жасайды, өйткені шығарма тек ақыл мен байқағыштықтың ғана емес жүрек жылуымен іске шексіз, берілуден туады». Репиннің сурет салуға құмарлығы соншама тіпті қонақтарымен дем алып, отырғанда да қолынан қаламы түспейтін болған. Ол оң қолы семіп қалғанда суретті сол қолымен салуға көшкен.
Іске беріле құмарта қарау, әрекеттің әлеуметтік маңыздылығын, оның нәтижелерін, табиғат пен қоғамдық өмір құбылыстарының жеке адамға қалайша әсер етуінің күш қуатын түсіне білумен тығыз байланысып жатады. Эмоциялық әсерлену күші бір жағынан адамның сезімталдығымен анықталады. Түрлі обьектілер адамға түрліше әсер етеді. Сондай-ақ бір обьектінің өзі де адамды сипаты қуаты алуан түрлі әсерге бөлейтіні белгілі.
Мұғалімдік қызметке деген бейімділік ұстаздық жұмысқа деген сүйіспендікті қалыптастыруға қажетті ішкі жағдайдан тұрады. Егер адамда мұғалімдік жұмысқа деген бейімділік болса, онда ол педагогтық қызметтен ләззат алады да, бар күш жігерін өзі сүйген іске жұмсауға талпынады. Осындай бейімділіктің ал кейіннен істі жан тәнімен сүюдің негізінде бастапқы кезде саналы түрде болмаса да балаға деген үйір сезімі, ал содан соң оларға деген айқындалған саналы сүйіспендіктің жатуы мүмкін.
Мұғалімнің эмоциялық қасиетіне әсерленгіштік, қайырымдылық, сондай-ақ адамның көптеген көріністеріне, тіпті оның бүкіл психикалық келбетіне ізін қалдыратын сезімдік сапалар мен олардың жиынтығы жатады. Қайырымдылық адамның ерекше маңызды әлеуметтік жағынан мәнді эмоциялық сапаларының бірі. Басқа адамдардың қуанышы мен қайғысын өзінінкендей сезінетіндер – қайырымды адамдар. Қайырымдылық басқа адамдардың толғаныс тебіреністерін түсіне білуді талап етеді, сонда ғана басқаның көңіл күйін сезінуге болады.
Қайырымдылыққа қарама-қарсы сапа – рақымсыздық. Мейірімсіз адам басқаларға томаға тұйық немқұрайды қарайды. Ол тек өзі үшін ғана өмір сүреді. Сөйтіп рухани жағынан азғындай береді. Рақымсыздықтың жоғарғы дәрежелі көрінісі адамға жаны ашымаушылық пен қаталдық. Сезгіштіктің дамуы қалыптасу үстіндегі субьектінің төңіекте болып жатқандарға қаншалықты үңіле қаратынына және айналадағыға қандай эмоциялық реакция жасайтындығына тәуелді болып келеді.
Тәрбие ісімен және өмір сүру процесінде біртұтас күрделі жүйені құрайтын өзара байланысты және өзара тәуелді сипаттар мен қасиеттері арқылы адамның психикалық келбеті қалыптасады. Психикалық келбет құрайтын және онда басым рөл атқаратындар арасында эмоциялық қасиеттер соңғы орын алмайды, тіпті өте анық болып келетіндіктен оларды жетекші деп айтуға негіз бар.
Егер жеке эмоциялық сипаттарды мұғалімге мінездеме беру негізіне алатын болсақ, онда бұл белгілерге қарай мінез эмоциялық, сентиментальдық, албырттық және ең соңында салқын қандылық болып бөлінер еді.
Эмоциялы адамдар эмоциялық жағынан қозғыш, тітіркендіргіштер әсерінен тез «лап еткіш» келеді.
Сентиментальды мінезділер еліге, сырттай қараушылықпен сипатталады. Сентиментальды мінезділер сезімшіл және енжар болады. Олардың сезімдері белсенді әрекет тудырмайды, көңіл күйлері сыртқа теппей бұғып жатады, әрекетпен ұштаспайды. Сезімінің өзіне бағытталуы, яғни көңіл күйін қызықтауға талпыныс байқалады.
Албырт адамдар айрықша әрекетшіл, талапкер және сүйікті ісіне берілген, олар мәнді де тынышсыз мол эмоциялы өмір сүреді. Олар әрқашан бір нәрсеге құмартады. Қайраттылық күшін сарқа жұмсау – бұларға тән қасиет. Бұлар терең сезімді адамдар.
Психикалық келбетінде эмоциялық жағы ерекше орын алатын адамдарға берілетін толық емес, сипаттама осындай.
Бірақ өмірі мен қызметінде сезімнің ерекше мәні болмайтын да адамдар кездеседі. Оларды салқын қанды немесе «байсалды есептің адамдары» деп атайды. Бұл адамдарды ешқандай сезімсіз, еш нәрсеге тебіренбейтін, қуанбайтын, ренжімейтін адамдар деуге болмайды. Бұларда сезімнің шамалы ғана көрініс беретіндігі сонша ол мінез-құлық, қылық, әрекетке іс жүзінде айтарлықтай әсер ете алмайды. Олар ақыл ыңғайымен өмір сүреді.