Этнопедагогика ғылымы туралы
т ү с і н і к
- Этностар мәдениетін зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негіздері.
- «Этнос» туралы ұғым.
- Халық тәлімінің тарихи кезеңдері және оның сипаты.
- Этностар мәдениетін зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негіздері.
Белгілі бір этнос адамдардың жан дүниесіндегі мінез-құлық, сана-сезім мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшелігі ұрпақтан-ұрпаққа ана тілі арқылы жетеді.
Ұлттық сана-сезімнің өсуі мен етуі, бір жағынан, ана тілдің тағдырын анықтаса, екінші жағынан, ана тілдің даму дәрежесі ұлттық сана сезім деңгейінің өлшеуіші болып есептеледі.
Ұлттық тәлім-тәрбиені (этнопедагогиканы) іске асыратын ұлттық тіл (этнолингвистика), ал оның ішкі жан дүниесімен, сана сезіммен байланысты (этнопсихология) жүргізіледі.
Этнолингвистика — тілді этносқа қатысы жағынан зерттесе, психолингвистика — оны адам психологиясына, ал социолингвистика — қоғам дамуына қатысы тұрғысынан қарастырады. Этнолингвистика-ғылымы мына ғылымдармен тығыз байланысты:
- Фольклористика
- Этнология
- Культурология
- Мифология
Себебі, бұлардың қай-қайсысы болсын, этнос табиғатын ашуға қызмет етеді және олардың зерттеу нысанасы (обьектісі) да ортақ.
Мысалы, диалектология — этностың жергілікті сөйлеу ерекшелігін, этнология мен фольклористика — этностың әлденеше ғасырға созылған мәдени даму үрдісін, заттық және рухани мәдениетін, салт-дәстүрін зерттесе, мифология — этностың дүниетанымын, сенім-нанымын өзін қоршаған ортаға деген көзқарасын зерттейді. Олай болса, бұлардың бәрі де тікелей этносқа қатысты, бері де этностық ерекшеліктерді сипаттайды.
Ұлт мәдениетін сөз еткенде, тарих, археология, этнология ғылымдарымен қоса, этнопсихология, этнопедагогика және фольклористика ғылымдарының қағидаларына сүйену қажет. Себебі, өткен замандағы ұлттық мәдени мұралардан ұлттық психологиялық және этнологиялық (салт-сана, әдет-ғұрып, көзқарас т.б.) ерекшеліктер айқын сезіліп тұрады. Сол арқылы әр ұлттың өзіне тән салт-тұрмысы мен тіршілік кәсібін, сана сезімі мен ойлау ерекшелігін байқауымызға болады.
Ал ұлт мәдениетінің озық үлгілері арқылы жас ұрпақты жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу — этнопедагогиканың ең өзекті мәселесі болып табылады.
Қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшелігін ғылыми теориялық тұрғыда зерттеп, анықтауда диалектикалық философияны басшылыққа алу қажет. Бұл жерде ұлт мәдениеті мен ұлттық тәлім-тәрбие тарихын салт-сана, әдет-ғұрып, флоьклористика, ұлттық психология мен ұлттық философия ғылымдарымен тығыз байланыста қарастыру.
Осыған орай, П.В.Плеханов методологиялық мынадай қағидалар ұсынады:
- Идеялардың жалпы қоғамның әлеуметтік даму процесіне тәуелді екендігін анықтау.
- Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның даму процесімен ұштастыра қарастыру.
- Тарихтың әр кезеңінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық өзіндік ерекшелігін ескеру.
Этнопедагогикалық зерттеулерге мынадай маңызды методологиялық талаптар қойылады.
- Деректердің барлық түрін кешенді пайдалану;
- Кешенді пайдалану арқылы деректердің бір-бірін тексеру және толықтыру;
- Барлық деректерді салыстыра отырып жинақтау;
- Деректерді зерттеуде шектес ғылымдардың (антропология, тарих, этнология, фольклористика, логика, психология, социология, археология) зерттеу әдістерінің жиынтығын кешенді түрде пайдалану;
- Деректерді талдау және педагогикалық тұрғыда түсіндіру қажет.
ІІ. «Этнос» туралы ұғым
«Этнос» гректің – etnos — тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос» термині қолданыла бастады. Бұл термин этностың негізгі тарихи түрі — «тайпа», «ұлыс», «ұлт» ұғымын түгел қамтиды.
Ұлт мәдениетін ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, тұңғыш рет құнды еңбек жазған атақты тарихшы ғалым Лев Гумилев болды.
Лев Гумилев «этнос» туралы соңғы уақытқа дейін әр түрлі түсінік — анықтамалардың болғанын анықтады. Айталық біреулер «Этнос дегеніміз -шығу тегі бір халықтар десе, екіншілері «этнос -тілдің бірлігіне негізделген мәдениеттің тууы» дейді. Ал үшіншілері «этнос — сана сезімдері бір адамдар тобы десе», тартіншілері «этнос — бір-біріне ұқсас адамдар тобы» дейді. Бесіншілері —«этнос» белгілі бір, қоғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы десе, ал алтыншылары «этнос — табиғаттың сыйы, этнос — әлеуметтік категория» дейді.
Л.Гумилев кеңестік ғалымдардың этнос жөніндегі көзқарастарын қорыта келе, үш түрлі көзқарасты бөліп қарастыруды ұсынады:
- В.А.Анучкин бастаған ғалымдар «бірыңғай географиялық жағдайда этнос мүшелерінің бірлесіп еңбек етуі олардың табиғи тіршілік заңдылығын туғызды» деп қарады.
- С.А.Токарев, А.Г.Агеев, И.И.Козлов сияқты екінші бір тарихшылар мен этнографтар тобы этносты «адам баласының әлеуметтік бірлестігінен туған феномен» деп қарады. Яғни, олар этностық әлеуметтік өміріне ерекше мән беріп, олардың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескермеді.
- Ал Л.Гумилев, М.И.Артомонов бастаған үшінші топ адамдардың шығу тегін зерттеу процесінде материяның қоғамдық және табиғи-диалектикалық даму заңдылықтарын, механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық қозғалу формасы мен қоғамдық-формациялық даму өзгерістерін кешенді түрде алып қарауды ұсынды.
Көрнекті тарихшы-этнограф Лев Гумилев «Этнос дегеніміз — жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік аймақтың бірлігінде жатқан, салт-дәстүрі, тұрмыс-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы» — деген анықтама берген.
ІІІ. Халық тәлімінің тарихи кезеңдері және оның сипаты
Қазақтың халықтық педагогикасының даму кезеңдері (шартты түрде.)
Бірінші дәуір |
Екінші дәуір |
Үшінші дәуір |
Төртінші дәуір |
Бесінші дәуір |
Алтыншы дәуір |
Жетінші дәуір |
Сегізінші дәуір |
Б.д.д тас, қола замандары |
Б.д.д. ҮІІ-Ш ғ.ғ Б.д. Үғ дейін |
ҮІ- ІХғ.ғ аралығы |
Х-ХҮ ғ.ғ. аралығы |
ХҮ- ХҮШ ғ.ғ. аралығы |
ХҮШ ғ- дан XX ғғ 20 ж. дейін |
1920- 1990 жж аралығы. |
1991 ж кейінгі егеменді ел. |
Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тәрбие |
Сақтар мен ғұндардың жауын- герлік тәрбиесі |
Үлы Түрік қаған аты кезіндегі тәлім тәрбие |
Араб шығыс мәдениеті орта ғасыр ойшылдарының тәлім- герлік ой- пікірлері |
Қазақ хандығы кезіндегі ұлттық тәлім тәрбие көріністері (жыраулар поэзиясын- дағы төлімдік ойлар) |
Қазақстан ның Ресейге қосылу кезінде ұлт-азат- тық қоз- ғалысы мен ағар- тушылық |
Кеңестік дәуірдегі ғылыми педагоги каның қалып- тасуы |
Тәуелсіз Қазақстан- дағы ұлттық тәлім тәрбиенің өркен жаюы |
- Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тәрбие
Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде тапсыз қоғам болды. Мұнда тәрбие жас пен жыныс ерекшеліктеріне қарай қоғамдық сипат алды. Ұлт балалар садақ тартуды, ал қыз балалар үй жұмысына араласты.
Тәрбие барлық адамдарға бірдей ортақ болды.
Алғашқы адамдар Қазақстан территориясының Арпаөзен, Қаратау, Тәңірқазған, Шарбақты және Ұлытау өңірлерінде мекен еткен.
- Сақтар мен ғұндар империяларының мәдени-жауынгерлік тәрбие дәстүрлері
Сақтар империясы, шамамен, біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ-ІІІ ғасырлар аралағында қазіргі Орта Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген.
Сақтардың көсемдері Африсиап, Томирис сол кездегі ірі мемлекет Парсы империясының патшалары Кирге, Дайриге, Александр Македонскийге қарсы күрес жүргізу барысында әскери көшпелі тұрмысты қалыптастырған. Жылқы жануарларын өте қатты қадірлеген, мал баққан. Осы тұрмыс тіршіліктерге байланысты сақтар өз ұрпақтарын дене, еңбек және эстетикалық тәрбие принциптері негізінде тәрбиелеп өсірген.
Сол замандарда өмір сүрген, Тәңір дінінің негізін салған данышпан Заратушра сақтар мен парсыларға әлемдегі тұңғыш «Авеста» кітабын жазған. Заратушра сол кездің өзінде рухани-танымдық, тәлім-тәрбиелік мәнді ойлар айтқан.
Ғұндар б.д.д. ІІІ-ғасыр мен біздің дәуіріміздің І-ІІ-ғасырлары аралығында сақ тайпалары мекендеген территорияның мұрагерлері болды. Ғұндар металл игерді, мал шаруашылығымен айналысты.
Бірақ, олардың ең негізгі кәсібі — әскери-жауынгерлік өнер еді. Олар өздерінің ұрпақтарын ер жүрек, алғыр, еиті болуға және зергерлік бұйымдар жасауға тәрбиеледі.
- Ұлы Түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұрагерлері.
Ұлы Түркі Қағанаты орта ғасырларда адамзат өркениетінің қалыптасуына аса зор үлес қосқан, сол дәуірдегі дамыған мемлекет болатын. Қағанаттың пайда болуы бір-бірінен ыдырап, бөлшектеніп кеткен дала халықтарының, тайпалардың бастарын қосты, тұрақты мен ғылымы дамыған бүгінгі түркі тектес халықтарға ортақ мәдениеттің қалыптасуы мен жасалуына зор ықпалын тигізген.
Ұлы Түркі Қағанаты бүгінде Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қызғызстан, Түрікменстан, Ресейдегі-Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Чувашия т.б. Қытайдағы Шығыс Түркістан өлкесі, Еуропадағы Венгрия басында да Шығыс Еуропа территориясын мекендеген халықтардың бастарын қосып, шығысында Алтай таулары батысында Карпат таулары, солтүстігінде Сібір жолдары, ал оңтүстігінде бүгінгі Қытай қамалына дейінгі орасан зор территорияны иеленген.
Белгілі ғалым, Айдаров:
«…Орхон ескерткіштерінен Түркі тайпаларының тарихы, мәдениеті, тілі мен әдебиеті әдет-ғұрпы, салт-сана жөнінде толып жатқан деректер табылады… «,-деп ұлттық салт-дәстүрлер мен тәлім-тәрбие жөнінде маңызды пікірлер тұжырымдайды.
Көне мұралардың ішіндегі бізге кеңірек мәлім болғандары Орхон-Енисей бойынан табылған, тасқа Қашап жазылған. ҮІ-ІІІғғ. ескерткіштер: Түркі көсемі Білге Қаған, Күлтегін батыр мен ақылгөй Тоныкөк құрметіне қойылған құлыптастар. Оларда Ұлы Түркі Қағанаты халықтарының тұрмысы мен салты, мәдениеті мен жауынгерлік жортуылдары айшықты да мәнерлі тілмен өсиет сөз үлгісінде баяндалады.
Ежелгі Түркілердің ауызекі поэзия дәстүрі IX ғасырда ғұмыр кешкен әнші, әрі сазгер небір тамаша күй шығарған Қорқыт атаның есімін жеткізді. Қорқыт өзінің жанын жегідей жеген ой-сезімдерін қазалы жанның үрейін, өлімнен қашып құтылудың амалын қобыздың азалы күйімен, поэзиялық көркем тілмен баяндайды. Ол эпос үлгісіндегі поэзиялық мұра ретінде біздің дәуірлерімізге жетті. Онда Сыр бойын мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын діни-наным сенімдерін бейнелейтін мәліметтер көптеп кездеседі. Олар тәлімдік жағынан да аса қызықты дерек болып табылады.
- Араб-Шығыс мәдениетінің Қазақ даласына тарауы, орта ғасыр оқымыстыларының тәлімгерлік ой-пікірлері.
ІХ-Х-ғасырларда Ұлы Түркі Қағанаты бірнеше мемлекеттерге бөлініп, Араб халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территорияларына үстемдік жүргізулеріне әкеліп соқты. Арабтар ислам дінін уағыздаумен бірге ғылым мен білім де келуі нәтижесінде түркі халықтарының ұлы ғалымдары: Әл-Фараби, Фирдауси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Иассауи, Баласағұн және басқалары араб тілі мәдениетін меңгерді. Оның үлкен прогрессивтік маңызы болды. Көптеген шаһарларда діни медреселер ашылды, ғылым мен білім деңгейі артты. Медреселер діни ілімдермен шектеліп қалмай, арифметика, медицина, астрология, дінтану және т.б. әлемдік маңызы зор деріснама беруді мақсат етті.
Мұнда Қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келген Шығыстың екінші Аристотелі атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің тәлімдік-ұстаздық еңбегі ұшан теңіз.
Оның сан-салалы трактаттарында атап айтқанда «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолында», «Риторика», «Қайырлы қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» және т.б. педагогикалық-психологиялық, философиялық, дидактикалық және әдіснамалық ой-пікірлері баяндалған.
XI-XII ғасырларда қазақ жерінде түркі тілінде жазылған этикалық-педагогикалық трактаттар көп тарады. Мысалы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» атты кітабы сол кездегі түркі тілдес халықтардың дүние тақырыбына жазылған алғашқы кітабы. Мүнда адамға білімнің қажеттілігі, оның тіршіліктегі мені, бақыт туралы адамның іс-әрекетінің оң терісі, тілден келетін пайда мен зиян, ел билеуші әкімдерге қажетті асыл қасиетгер, т.б. көптеген мәселелер жан-жақты сөз болған.
Сол сияқты тағы бір жазба ескерткіштердің бірі — Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат түрік» атты еңбегі болды. Мұнда этнопедагогакалық және моралдық психологиялық мазмұндағы қызықты топшылаулар берілген.
Атақты астроном Ұлықбектің әлемде теңдесі жоқ обсерваториясы ортағасырлық үлкен ғылыми жетістік болып саналады.
Алтын Орда мемлекетінің кезеңдерінде пайда болған «Бабырнама», «Махаббатнама», «Қырық бір батыр жыры», «Хусрау шырын», т.б туындылардың жас ұрпақтарға тәлім-тәрбиелік ықпалы өте зор.
- Қазақ хандығы тұсындағы ұлттық тәлім-тәрбие.
Қазақ хандығының құрылуы 14-15 ғасырларда, Алтын Орда мемлекеті мен Ақсақ Темір империясының өзара бақталастықтарының нәтижесінде әлсіреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келеді.
Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж) 250 жылдай тәуелсіз ел болып, дербес өмір сүрді. Бірнеше ауыр қасіреттерді, жойқын соғыстарды басынан кешірді.
Қазақ жерінің байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келісім-шарт жасасып, Қытай жоңғарларды, ал Ресей Қалмақтарды қарсы айдап салды.
Осындай саяси оқиғалар қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеді, көне ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан ғылым мен білімнің, тарих пен мәдениеттің, одан әрі дамуына қажетті жағдайлар туғыза алмады.
Қазақ халқының өзіндік мәдени, рухани, әдеби ұлттық дәстүрі қалыптасты. Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар, батырлар мен ақындар: Жәнібек, Керей, Асан қайғы, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Қасым, Есім, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Қазтуған, Ақтанберді, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әбілхайыр, Абылай, Бұқар, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Сырым т.б.
Қазақ жырауларының толғау тебіреністері, қанатты сөздері өзінің тәлімдік шарапаты жағынан ғана емес, сонымен бірге эстетикалық, отаншылдық мәні жағынан да аса маңызды болды.
ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерінің тәлімдік идеяларымен Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар Жырау секілді дала философтары ерекше көзге түскен еді.
Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы іргетасының қалана бастауына негіз болған Асан Қайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетай, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марқасқа т.б көптеген ақын-жыраулар болды.
Ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрін, ой-арманы мен тілек-мақсатын айқын аңғаруға болады, себебі, жыраулар толғауларынан халықтың небір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш-сүйініші келер ұрпақка айтар өнегелі өсиеті өзекті орын алған, яғни олар халықтық тәлім-тәрбие мектебінің ұлағатты ұстаздарының ролін атқарды.
- Ресей отаршылдығына қарсы қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстар және ағартушылық демократиялардың өркен жаюы
1730 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайыр өз билерімен келісе отырып, қазақ халқын сақтап қалу мақсатында Ресей империясына бодан болуға мәжбүр болды.
Қазақ жүздерінің басын қосуда қазақ халқының атақты, данышпан ханы Абылайхан өте үлкен саяси-дипломатиялық күрес жүргізеді.
Патшалы Ресей бай сұлтандардың балаларына арнап, мектептер салды.
Осындай мақсаттағы оқу орындары Қазақстанда 1789 жылы Омбы қаласындағы «Азиатское училище» және 1841 жылы Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында қазақ байларының балаларына арнап салынған мектептер болды.
Қазақ даласында білімнің дамуы мен қалыптасуына белгілі қоғам кайраткері, педагог, этнограф, ағартушы Ы.Алтынсарин өте көп еңбек сіңірді.
Ол патшалы Ресейдің орыстандыру, шоқындыру және балаларға байлардың жеке мақсаттары үшін білім беруді көздеген саясаттарын батыл айыптады.
Орыс-қазақ мектептерін ашу туралы мәселелерді насихаттаумен қатар, Алтынсарин тәрбие жұмысы барысында қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерін пайдалануды жөн көрді. Осының негізінде 1879 жылы өзінің «Қазақ хрестоматиясын» жазып, ұсынды.
Халық ағартушылары, қоғам қайраткерлері А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Қ.Сағырбаевтар ұлттық ғылым мен өнердің, мәдениеттің, философияның негізін салды.
Шоқанның ашқан ғылыми жаңалықтары, Абай өлеңдері мен қара сөздері және Құрманғазының музыка өнері жас ұрпақтарды жетілдіріп тәрбиелеуде зор ықпалын тигізді.
- Кеңестік дәуірдегі қазақ педагогикасының ғылым ретінде дамып, қалыптасуы.
Ресей империясының құрамында болып келген Қазақстанның зиялы қауымы саяси-демократиялық қозғалыстарға белсене араласты. Олар патшалы Ресейдің отаршылдық және орыстандыру саясатын батыл айыптады, қазақтың шұрайлы жерлерін қайтарып беру және жастардың білім алуларына жағдайлар туғызу, мектептер салу туралы талаптар қойды. Қазақтың зиялы қауым-өкілдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев т.б ұлттық сана-сезім мен тәлімдік идеялардың көсемдеріне айналды.
Кеңес Одағы кезеңінде қалыптасқан педагогикалық тәжірибелер коммунистік идеологияға негізделіп, «коммунистік тәрбие беру» атты саяси-педагогикалық диктатуралық жүйеге ұласты.
1937-1938 жылғы жүргізілген Сталиндік жаппай қудалаушылық пен 1941-1945 жылдардағы соғыста қазақ халқы өте үлкен қырғынға ұшырады. Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы азаматтары жеке басқа табынудың құрбаны болды. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін тежеуге әкеліп соқты.
Халық педагогикасы жөніндегі ғылыми зерттеулерге шек қойылды. Оқулықтармен оқу-әдістемелік құралдар орыс тілінің аудармасы негізінде пайдаланылды, қазақ тіліндегі құралдар назардан тыс қалды.
Дегенмен, ұзақ ғасырдан бері келе жатқан қазақ педагогикасының қоғамдық өмірдің қажеттілігіне айналуына бағытталған туындылар М.Жұмабаевтың «Педагогика», А.Байтұрсыновтың «Оқу құралы», «Сауат ашқын», «Тіл құралы», Ж.Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», «Психология» атты еңбектері жас ұрпақтың бойына ұлттық сана-сезім көзқарасын қалыптастырды.
- Егемен Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайта жандануы.
Кеңес Одағының құрамында болып келген Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялап, егемен мемлекет болды.
Халық педагогикасы мен психологиясын оқу-тәрбие жұмыстарына енгізу жолдарын ғылыми тұрғыда белгілеу мақсатында әр түрлі бағыттағы семинар-мәжілістер, пікір алмасу іс-шаралары, сондай-ақ ұстаздардың заман талаптарына сай білімдерін жетілдіру мөселелері қызу қолға алынды.
Қазақстан республикасы Білім министрлігі 1993 жылы «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы» атты көлемді құжат қабылдады. Тұңғыш «Қазақтың салт-дәстүрлері» атты оқулық басылып шықты.
1994-1995 жылдары «Рауан баспасынан қазақтың «Білім проблемалары институты даярлаған 14 ғасырды қамтитын «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы (құрастырған Қ.Жарықбаев, С.Қалиев) орыс-қазақ тілінде жарық көрді.
Әдебиеттер тізімі
- Әбілова З.Ә., Қалиева К.М. Этнопедагогика оқулығы. Алматы. 1999ж.
- Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы (оқу құралы) Алматы «Рауан» 1998
- Айдаров Г. Орхон ескерткіштерінің тексті Алматы «Ғылым», 1990
- Волков Г.Н. Этнопедагогика. Чебоксары, 1974
- Волков Г.Н. Педагогика жизни. Чебоксары 1989
- Елікбаев Н. Ұлттық психология. Алматы. Қазақ университеті, 1992
- Педагогическая энциклопедия М «Педагогика», 1986
- Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары. Алматы «Ана тілі»,1993 ж.
- Қалыбекова Ә.А. Ысқақов Ж.Ы., Әлсатов Т.М. Мұғалімдердің педагогикалық сөздігі мен анықтамалығы. — Алматы. Қазақ университеті, 2002.