АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Құрмалас сөйлем

ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

 Құрмалас сөйлем синтаксисінің объектісі

Жай сөйлемдермегі қатар, синтаксистің қарауына жататын күрделі мәселенің бірі — құрмалас сөйлем. Сондықтан да синтаксисті әдетте жай және құрмалас сөйлем синтаксисі деп күрделі екі топқа бөледі.

Синтаксистің бұл екі тарауының әрқайсысының зерттейтін өзіндік объектісі бар. Жай сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жай сөйлемдер мен олардың түрлері, сөздердің бір-бірімен тіркесіп, сөйлем құрау — және сөйлем мүшесі болу жолдары мен шарттары сияқты мәселелер болса, құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өз ара тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Басқаша айтқанда, жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымдарды білдіретін сөздердің тіркесіп, сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өз ара тіркесіп, құрмалас сөйлем болуын және құрмалас сөйлемнің түрлерін, жасалу жолдарын тексереді. Сөйтіп, бірінің объектісі сөздер тіркесіне байланысты болса, екіншісінің объектісі сөйлемдер  тіркесіне  байланысты.

 

Құрмалас сөйлемнің анықтамасы және

жай сөйлемнен өзгешелігі

«Құрмалас» деген сөз практикалық тілде қолданылмайды, тек лингвистикалық әдебиеттерде грамматикалық термин ретінде ғана қолданылады. Бұл термин — «құра», «құрау» деген сөздерден туған туынды сөз. «Құрмалас» деген сөздің мағынасы өзі атау болған категорияның мазмұнына сай келеді. Өйткені «құрмалас» деп аталатын сөйлем — екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын құранды категория.

Функциялары жағынан алғанда, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен ешқандай өзгешелігі жоқ: екеуі де ойды жарыққа шығарудың (рас, алдыңғысы жеке бір ойды, соңғысы құрамды күрделі ойды), оны басқаларға білдірудің құралы. Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен өзгешеліктері — олардың сыртқы құрылыстары мен ішкі мазмұндарында. Бұл өзгешеліктерді байқау үшін төменде келтірілген екі мысалды талдап көрейік. Өзінің олақтығына ыза болған Сөйіт ауылға қарай тез аяңдап кетті. Аяқ басысы біржола түзеліп, тізесі бүгілмей, бөксесі боқшаланбай, көлеңке сымбаты да түзеле қалыпты. (Ғ. Мүсірепов.) Бұл мысалдың алдыңғысы — жай сөйлем де, соңғысы — құрмалас сөйлем. Құрам жағынан алғанда алдыңғы жай сөйлем жеке сөздерге ғана яғни сөйлем мүшелеріне ғана, жіктеле алады. Сөйлем мүшесінен күрделірек бөлшек оның құрамында жоқ. Ал соңғы құрмалас сөйлемді алатын болсақ, ол әрқайсысы өз ішінен жеке сөйлемге жіктеле алатын төрт түрлі сөйлемдік бөлшектерден құралған. Оның бірінші сөйлемі — аяқ басысы біржола түзеліп, екінші сөйлемі — тізесі бүгілмей, үшінші сөйлемі — бөксесі боқшаланбай, төртінші сөйлемі — көлеңке сымбаты да түзеле қалыпты.

Сөйтіп, құрамы жағынан алғанда, жай сөйлемдер жеке мүшелерден құралатын болса, құрмалас сөйлемдер жай сөйлемдерден құралады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          

Айтылмақшы ойдың көлеміне, контекске байланысты, жай сөйлем құрамындағы сөз санының әр түрлі болып келетіні сияқты, құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер саны да бірде аз, бірде көп болып құбылып отырады. Мысалы, жоғарыда келтірілген құрмалас сөйлем құрамында төрт жай сөйлем болса, Ащылы шөптің тұқымы да күшті, мал тез семіреді және ащыға семірген малдың еті де, сүті де тұщыға семірген малдан күшті болады (С. Мұқанов) деген құрмалас үш жай сөйлемнен құралған. Ербол Тоғжанды апарып тастады да, өзі қайта шауып кетті (М. Әуезов деген құрмаластың құрамында, екі жай сөйлем бар.

Әдеби тіліміздің фактілеріне қарағанда, прозалық шығармаларда, құрмалас сөйлемнің көп кездесетін түрлері — екі я үш жай сөйлемнен құралатындары. Ал поэзияда тіпті он шақты жай сөйлемнен құралып, бір ғана құрмалас болып тұратын шумақтар кездесе береді. Мысалы:

(1) Көктем келіп, (2) күн жылып,

(3) Тоң қақырап, (4) қар еріп,

(5) Гүрілдеп өзен сарқырап,

(6) Айдын көлдер жарқырап,

(7)Қиқулап ұшып қаңқылдап,                                                                                                                                                                                                                                                                           

Қараша қаз сымпылдап,   

Құстар қайтыгі келеді. (Жамбыл.)

(1) Ұршықтай саны бұлтылдап,                                                                                                                                                                                                                                                                                                           

(2) Құйындай шаңы бұрқылдап,       

(3) Алмас қылыш белінде,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

(4)Қолында найза қылтылдап,

(5) Төрт тұяқтан шыққан от

Шақпақ тастай жылтылдап,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                         

(6) Құлақ салсаң, (7) даусы                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Тау суындай сыңқылдап,

(8) Қолтығынан аққан тер

Төгіледі шылқылдап. («Қыз Жібек».)

Бұл арада ескерте кететін бір нәрсе — құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің бір-бірінен өзгешелігі — олардың бірінің көлемді, екіншісінің көлемсіз болуында, яғни олардағы сөз санына байланысты емес. Көлемі, сөз саны жағынан жай сөйлемнен әлдеқайда шағын болып келетін құрмалас сөйлемдер жиі кездесе береді. Мысалы: Бұл күнге дейінгі қазақ дәстүрінде жоқ бір мінездің тапа-тал түсте атой бергеніне Игілік те қатты түйсігіп қалды. (Ғ. Мүсірепов.) Түн ортасы боп қалды, бірақ Әсияда әлі ұйқы жоқ. (М. Әуезов.) Бұл мысалдың бірінші сөйлемі көлемі жағынан соңғы сөйлемнен екі есе үлкен. Бірақ соған қарамастан, ол жай сөйлем де, кейінгісі — көлемінің шағындығына қарамастан, құрмалас сөйлем. Өйткені соңғы мысал әрқайсысы өзіне тән бастауыш, баяндауышы және басқа да тұрлаусыз мүшелері бар сөйлемдік бөлшектерге жіктеле алады, ал мысалдың алдыңғы сөйлемінде ол қасиет жоқ. Бұл — жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен құрамдық-структуралық өзгешелігі. Сонымен бірге, құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің бір-бірінен мағыналық өзгешеліктері де болады. Сирек біткен жусан мен көдеден басқа жапырақты шөптердің бәрі де қурап кеткен. Өзге шөптердің иісі де жоғалып, жалғыз ғана жусан иісі қалыпты (Ғ. Мүсірепов) деген мысалдық алдыңғы сөйлемі жусан мен кедеден басқа шөптердің қурап кеткендігі жайындағы жалаң бір ғана ойды білдіреді. Ал соңғы сөйлем бір-біріне тіркесті екі түрлі ойды білдіреді: оның бірі өзге шөптердің иісінің жоғалуы жөнінде болса, екіншісі — жусан иісінің сақталуы жөнінде. Бұдан шығатын қорытынды — жай сөйлем қаншама жайылма болғанымен, олжалаң бірғана ойды білдіреді де, құрмалас сөйлем өз ара байланысты екі немесе одан да көп жеке ойлардан құралған күрделі ойды білдіреді.  Құрмалас сөйлемге берілетін анықтама да оның осы айтылған мағыналық және жоғарыда көрсетілген структуралық белгілеріне негізделеді. Сол белгілері тұрғысынан қарап, анықтама беретін болсақ, құрмалас сөйлем деп мағыналық жағынан бір-біріне байланысты екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі  ойды, білдіретін сөйлемді айтамыз.

Құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден  құралады дегенге қарап, оны кез келген жай сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге тағы да болмайды. Құрмалас сөйлем — компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын және біріне-бірі бағынышты, өз ара шарттас болып келетін күрделі мағыналық бір бүтін болып табылады. Оның құрамындағы компоненттер сөйлем деп аталғандарымен, әдеттегі дербес жай сөйлемдермен бір емес. Егер әдеттегі жай сөйлемдер интонациялық жағынан тиянақты, белгілі шамада болса да аяқталған ойды білдіретін, өз алдарына бір бүтін болып саналатын болса, құрмалас сөйлем компоненттері интонациялық жағынан тиянақсыз, аяқталған ойды білдіре алмайтын, бүтіннің бір бөлшегі ғана болып табылады. Ол бөлшек өзі сияқты басқа бір бөлшектермен байланыста тұрғанда ғана бір бүтін бола алады. Егер бұл бірліктері бұзылса-ақ олар өздерінің алғашқы мәндерін, құрмалас сөйлем құрамында тұрғандағы мәндерін, жояды. Мысалы: Балапандар қанаттанғанша, дәуіт те қанаттанады (С. Мұқанов.) деген құрмалас сөйлем — осы тұрған қалпында екі бөлшектен құралған бір бүтін. Оның бір жартысы — балапандар қанаттанғанша деген болса, екінші жартысы — дәуіт те қанаттанады. Бұл — екі жартының бірігіп, бір бүтін болып тұрғандағы білдіретін мағынасы олардың жеке-жеке тұрғандарындағы мағыналарындай, балапандардың немесе дәуіттің қанаттанатындығы жайында емес, солардың қанаттануларының бір мезгілдің ішінде болатындығы жайында. Ал бұл екі компоненттің бірлігі бұзылатын болса, осы негізгі мағына жойылады. Сонымен бірге, әр компоненттің формалық және интонациялык ерекшеліктері де өзгереді.

Осы жөнінде профессор Б. А. Богородицкийдің «Орыс тілінің жалпы курсы» деген еңбегінде айтқан мына пікірі өте орынды. Б. А. Богородицкий құрмалас сөйлем компоненттерінің өз ара байланысты бір бүтін екендіктерін айта келіп, сөздің морфологиялық бөлшектерінің сөзден тысқары өмір сүре алмайтыны, тек сөзбен бірге ғана қолданылатыны сияқты, құрмалас сөйлемнің бөлшектерінде де дербестік болмайды, олар да өз ара бірлесіп барып, бір бүтін болып тұрады дегенді айтады.

 

 Құрмалас сөйлемнің қалыптасу, даму жолдары

Тілдік категориялардың басқа да түрлері сияқты, құрмалас сөйлемдердің де өзіне тән қалыптасу, даму тарихы бар. Марксизм классиктерінің пікірінше, тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты.   Ойлаусыз тіл, тілсіз ойлау болмайды. Ой атаулының қандайы болса да тіл арқылы қалыптасып, тіл арқылы, тілдік материалдар арқылы өмір сүріп, басқаларға біліне алады. Сондықтан да тіл — ойдың тікелей шындығы, ой шындығы тек тіл арқылы ғана көріне алады дейміз.

Тілдік категориялар ішінде ойды білдіретін бірден-бір көрсеткіш — сөйлем. Сөйлемге «біршама аяқталған ойды білдіреді» деп, анықтама беретініміздің себебі де сол. Сөйлем мен ой— бірі форма, екіншісі соның мазмұны ретінде өз ара тығыз байланыста, берік бірлікте болатын категориялар. Бұл екеуі де — қоғамның өмір сүрген уақыты бойына болып келе жатқан және сол қоғамның материалдық, идеялық дамуына, соның қажетіне қарай бірте-бірте дамып отыратын қоғамдық құбылыс. Сөйлем ойдың формасы, ой сөйлемнің мазмұны болғандықтан, бұл екеуінің қалыптасу, даму тарихын да бірлікте қарау қажет. Ой дамып жетілмеген», күрделенбеген замандарда күрделі ойдың көрсеткіші болып табылатын сөйлемдердің, яғни құрмалас сөйлемдердің, болуы да мүмкін емес. Құрмалас сөйлем адамның ой өрісінің, дүние тануының кеңейіп, күрделі ойлардың туып, дамуына байланысты, сол ойдың көрсеткіші ретінде қалыптасып дамыған.

Тіл дамуының қазіргі дәуірінде тілдерде, солардың ішінде қазақ тілінде де, құрмалас сөйлемнің неше алуан күрделі түрлері кездеседі. Бірақ солардың бәрі бірдей белгілі бір уақыт ішінде, бірден пайда бола қалмаған. Олар тілдің өзіндік ішкі даму заңына лайықты бірте-бірте қалыптасып жетілген.

Көрнекті ғалымдардың айтуына қарағанда, тіл дамуының көнерек заманында сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын қазіргі дәнекерлер, тәсілдер болмаған. Ол уақыттағы сөздер, сөйлемдер арасында қазіргі тіліміздегідей бірі екіншісіне меңгеріліп, жетектеліп, бірі екіншісін меңгеріп, жетектеп, өзіне тәуелді етіп тұру сияқты байланысу тәсілдерінің анағұрлым берік түрлері болмаған. Сөздер, сөйлемдер байланысындағы тәсіл олардың тұрған орындарына, мағына желілерінің жақындықтарына қарай бір-бірімен қабыса, іргелесе байланысу тәсілі болған. Сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің бір-бірімен байланысы, арақатынасы тығыз, берік болмағандықтан, оларда дербестік, бір-біріне  тәуелсіздік күшті болған.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                           

Тіл дамуының мұндай сатыдағы дәуірінде құрмалас сөйлемнің тек салалас түрі ғана—яғни мағыналары бір-біріне жақын жай сөйлемдердің өз ара іргелесе, тіркесе айтылуы арқылы жасалған түрі ғана — болған.

Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі — яғни компоненттері бір-бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай іргелесе, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі—тіл білімінде паратаксис деп аталады. Құрмалас сөйлемнің әр алуан дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері де, тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде, бастапқы іргелес салаластың негізінде пайда болған.  

 Сөйтіп ең әуелі құрмалас сөйлемнің салалас түрі пайда болған да, кейінірек келе сол салалас құрмаластың негізінде сабақтас құрмалас сөйлемдер пайда болған.

Құрмалас сөйлемнің бастапқы түрі болып саналатын көне замандағы салалас құрмалас сөйлемдерді қазіргі тіліміздегі салалас құрмалас сөйлемдермен бірдей деп қарауға, әрине, болмайды. Қазіргі әдеби тілімізде кездесетін іргелес салалас сөйлемдер былай тұрсын, тіпті ең кене деп есептелетін ертегілерде, халық дастандарында кездесетін іргелес салаластардың өздері де құрмалас сөйлемнің алғашқы түрімен салыстырғанда дамудың талай өткелдерінен өткен, жетілген түрі деп қаралуы керек. Өйткені «заман сайын адам баласының қоғамдық, шаруашылық, мәдени тұрмысының бір басқыштан екінші басқышқа көшіп отыруына байланысты тілдің синтаксистік құрылысы да бірте-бірте дамып отырады. Неғұрлым қоғамның алыс уақыттағы дәуірлеріне терең-бойлай берсек, тілдің құрылысының да соншалық жабайы болатынын көреміз. Сол сияқты, неғұрлым осы заманға жақындаған сайын тіл құрылысының қиындағаның  жаңаланғанын көреміз».

Біз жоғарыда құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрі болып табылатын паратаксистен кейінірек келе жай сөйлемдердің бір-бірімен түрлі дәнекерлер арқылы сабақтаса құрмаласатын гипотаксис деп аталатын түрінің пайда болатындығын айттық. Бірақ мұндай алмасуды жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын жалғауыш дәнекерлер пайда болғаннан кейін, тіл дамуының көне заманындағы паратаксис компоненті болған жай сөйлемдердің ешқандай ішкі өзгеріссіз, дайын тұрған дәнекерлер арқылы бір-бірімен сабақтаса салуынан пайда болған деп түсінуге болмайды. Мұндай алмасу — сөйлем құрылысында, сөздердің синтаксистік байланысында болған үлкен өзгерістердің, сөйлемнің ескі құрылысының орнына жаңа құрылыстың пайда болуының нәтижесінен келіп шыққан.

Тілдің синтаксистік құрылысының дамуында алдымен сөздерді немесе жеке сөйлемдерді, бір-бірімен байланыстыратын дәнекерлер пайда болып, содан кейін барып синтаксистік байланыстың жаңа түрі туып отырмайды, қайта, керісінше, алдымен сол дәнекерлерді керек ететін мұқтаждық пайда болады да, сол мұқтаждықтың қажетінен барып, әр түрлі жалғауыш дәнекерлер бірте-бірте қалыптасады.

Индоевропа тілдерінің синтаксисін зерттеуші ғалымдар сөздерді, сөйлемдерді бір-бірімен байланысқа келтіретін әр алуан дәнекерлер хабардағы негізгі түйінді мәселені екінші қатардағы көмекші мәселелерден бөліп көрсету, соңғысын алдыңғысына бағындырып, соның айналасына шоғырландыру, сол арқылы сөйлемнің бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету қажеттігінен туды; паратаксистен гипотаксиске көшуді қамтамасыз еткен де осы қажеттік дегенді айтады.

Сөйтіп, мүшелері бір-бірімен берік байланыспай, бір орталыққа шоғырланыспай, әрқайсысы өз дербестіктерін сақтап тұратын сөйлемнің көне түрінің орнына мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста тұратын, көмекші элементтері негізгі элементтердің айналасына шоғырланып және соған бағынып тұратын жаңа түрлері пайда бола бастайды. Жай сөйлем құрылысындағы осы жаңалық бірте-бірте құрмалас сөйлем құрамына енетін жай сөйлемдер байланысына да қолданылатын болады. Сөйтіп, компоненттері бір-бірімен өте нашар байланысатын, әрқайсысы өз дербестіктерін толық сақтап тұратын құрмалас сөйлемнін бастапқы көне түрінің орнына компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста, бірлікте тұратын жаңа түрі пайда бола бастайды. Бірақ құрмаластың бастапқы түрі болып табылатын паратаксис пен соның негізінде туған гипотаксистің бір-бірінен өзгешелігі алдыңғысының компоненттерінің өз ара нашар байланыста болып, кейінгісінің компоненттерінің түрлі дәнеқер арқылы одан берік байланыста болуында ғана емес, сонымен бірге, олардың әрбір жеке компоненттерінің ішкі құрылысындағы жаңалықтарында. Паратаксиске компонент болғандар — жай сөйлемдердің жоғарыда айтылған көне түрі болса, гипотаксиске компонент болғандар — жаңа түрі.

Құрмалас сөйлемнің әр алуан күрделі түрлерінің қалыптасып дамуы жазу тілінің, әдеби тілдің қалыптасып дамуына байланысты болады. Өйткені «сөйлеу тілі сөйлемді онша ұластыруды, күрделендіруді көтермейді». (И. И. Мещанинов.) Сөйлеу тілі сөйлемнің ықшамды болып келуін керек етеді. «Көне замандағы тілдерде, мысалы, ру, тайпа тілдерінде, тіпті, қарапайым халық тілінде де, сөйлемдерді белгілі грамматикалық, стильдік жүйелі тілдермен құрмаластырып, ұластырып айтудан гөрі, жай сөйлемді дара, жеке айту дағдысы күшті болған. Керісінше, бірнеше сөйлемдерді, шумақты сөз тіркестерін ұластырып, қиюластырып, күрделендіру әдеби тілге тән». 

 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер

 

  1. Т Қордабаев «Қазіргі қазақ тілі» Алматы  1993 жыл
  2. М. Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» 1992 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ж о с п а р

  1. Құрмалас сөйлем синтаксисінің объектісі
  2. Құрмалас сөйлемнің анықтамасы және жай сөйлемнен өзгешелігі
  3. Құрмалас сөйлемнің қалыптасу, даму жолдары