Аңырақай шайқасының маңызы
Өткен мен бүгіннің арасындағы терең тағылымды төл тарихымыз күннен-күнге толыға түсуде. Әсіресе, Отанымыздың бұрын көлеңкеде ысырылып қалған, елдігімізді айқындататын, сөйтіп, қоғамдық пікірді толыққанды қалыптастыратын тұстарымыз әлі көп. Қазақ жұртының еркіндігімен азаттығы үшін қаны мен жанын аямаған, есімдері аңызға айналған батырлардың ғажайып ерлігі барша қауымға жария етуде әзірге ол қылықтарымыз да жеткілікті.
Әсіресе, кейінгі 5-6 жылда халқымызды терең ойға шомдырған бір құбылыс – еліміздің көне замандағы орнықтылығын, саяси дербестігін қорғау жолындағы азаттық күрес туралы пікір жаңғырығы қатты естіле бастады. Соның бірі – Аңырақай шайқасының тарихы. Бұл соғыс, ондағы алып қашпа пікірлер, кейбір жағдайда тіптен тарихи шындықты бұрмалаған жәйттер, түрлі сауалдар туғызатынын байқап жүрміз. Мәселенің анығына көз жеткізу бұрынғы және шаң басқан архив құжаттары негізіндегі жаңа мәліметтерді сыни көзбен қарап, сараптауды талап етеді.
Аңырақай жеңісі бір ғана шайқастағы халық күресінің нәтижесі емес. Тарихтан белгілі, 1723-1727 жылдары «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы ел тағдырындағы моңғол шапқыншылығынан кейін қайталанып көрмеген жантүршігерлік қасірет болса, екінші жағынан, бұл оқиға қазақ хандарының көзін ашты, батырларының тізесін қосты. Тек қана халықтың қорғаныс мүмкіндіктерін бір уысқа шоғырландыру ғана жойқын апаттан елді құтқаруға жол ашатынын байқатты. Қазақ халқын жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалу мақсатында Ресей еліне Әбілхайырдың бас июін, орыс үкіметінің қамқорлығын қабылдаумен түсіндіретін ескі тұжырым тарихи шындықтан тым алшақ. Алайда, монокоммунистік өктем идеологиялық нұсқа басқаша, әсіресе, оны әлсірететін, не жоққа шығаратын ғылыми ой-пікірдің қоғамдық санада орын алуына жол бермегені түсінікті.
Тек елдің ішкі мүмкіндіктерін бір арнаға жүйелеу хандықтардың мұң-мұқтаждығын қорғап қалатындығы, барша күш-қуатты жұмылдыра үйлестіру ғана болашақ шайқастарда жеңісті қамтамасыз ететіні айқындалған еді.
1726 жылы Ордабасыдағы үш жүз өкілдерінің құрылтайы жауға бірлесіп соққы беруді ұйымдастыру жөнінде өте ұтымды шешім қабылдады. Бұл жиын тамыздың аяққы күндерінде өтті. Сонда Қанжығалы Бөгенбайдың «Қашанға дейін тазы ит соңынан қалмаған қоян сияқты боламыз» деп намысқа шапқан сөзі жеке ерлігімен көзге түскен, кең далада есімдері аңызға айналған жаужүрек батырларға терең ой салды. Құрылтайда жоңғарлардың әскери өнерімен жете таныс 36 жастағы Мұхаммедқазы баһадүр Әбілхайыр дара сардар ретінде бірауыздан сайланды.
Әбілхайыр саясатшы, тамаша дипломат, ел билеуде табандылығымен көзге түскен әккі билеуші ғана емес, сонымен қатар бүгін Орталық Азияда жаужүрек қлбасшылығымен атағы кең танылған сардар. 1726 жылы көктемде Торғай даласында, Бұланты өзені бойында, Қарасиыр деген жерде үш жүздің қолына бас болған Әбілхайырға пара-пар болған қолбасшыны табу қиын еді. Атышулы Қанжығалы Бөгенбай (сол заманның өзінде төрт қолбасшы Бөгенбай деген атпен белгілі еді), Қаракерей Қабанбай, Малайсары, Баян, Шақанай, Бөлек, Ошақбай т.б. жеке ерліктерімен алдарына жан салмаған батырлар болғанымен де үш жүздің біріккен қолының қимылдарын сұрапыл ұрыс даласында үйлестіруде және қан майданда салмақтылықпен басқаруда Әбілхайырдың жөні бөлек еді.
Айталық, сол Ордабасыда үш жүздің әскерін басқаратын үш қолбасшы анықталды – Ұлы жүзде – Саурық, Орта жүзде – Қабанбай, Кіші жүзде – Тайлақ.
Тағы бір мәселенің басын аша кетсек, 1998 жылы күзде Алматы облыстық әкімшілігі ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияда кейіннен сол ұрысқа басшылық еткен сардарлар қатарында Саурық батырдың есімін атағанымызда белді жазушылардың бірі ғылыми мәжіліс мінбесіне көтеріліп, бізді «XIX ғасырдағы Кенесары көтерілісіндегі Саурық батырмен шатыстырды» деп байбалам салды. Қазақ даласында хандардың да, батырлардың да, би-старшындардың да үш жүзде есімдері қайталанатындығы белгілі ғой. Мен ғана білетін екі Әбілхайыр (тағы бір зерттеушінің мәліметінде одан да көп), төрт Абылай,жеті Барақ (бір зерттеушінің кітабында 13), төрт Бөгенбай, үш Саурық бар.
1993 жылы 30 мың данамен «Қазақстан» баспасында жарық көрген «Кенесары хан» атты монографиада Ұлы жүздің басты қолбасшыларының бірі- Саурықтың 1837- 1847 жылдары көтеріліске белсене қатысқандығын әңгілегенбіз. Бұл арада сөздің арқауы болып отырған басқа Саурық Осы мәселе басқа да зерттеушілердің соңғы жылдардағы еңбектерінде пайымдалған.
Аңырақай шайқасындағы ұлы жеңістің басты кепілі, сөз жоқ, қазақ хандықтарының өзара, ішкі ынтымақтықпен тізе қосып күреске шығуы еді. Әйтсе де Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Орта жүздің ханы Сәмеке (Қосмамбет) және Ұлы жүздің ханы Болат болып тұрған тұста біздің әскерлердің қалмақтармен соғыста аракдік жеңіліс табуына өз ара ауыз бірліктің болмауы әсер еткен де жоққа шығара алмаймыз. Кейбір жағдайда сарбаздарымыздың ұтылып отырғандығының басты себептерінің бірі де өзара түсінушіліктің уақытша болса да іркілуінде еді. Әбілхайырдың бас хандыққа талпуын да, Сәмекенің (орыс деректерінде Шемак немесе Шахмұхамед) жоңғарлардың жойқын жорықтарын есептемей өз дербестігін күшейтуді ойлауы да, Жолбарыс хан (бір деректе Әбілхайыр оның туған інім дейді) өлгеннен кейін Болат ханның Ташкент бектерінен ымырға келуге тырысуда, Сәмекемен жеке бәсекелестігі де елдің тұтас қорғаныс қабілетін әлсіретті. Тек орда басындағы құрылтай Тәуекенің өлімінен соң үш хандық арасындағы тереңдеген жікшілдікті тоқтатпайынша, қалмақ шабуылдарын қанды қырғыннан қазақтар ұшырай беретін ашық айтып, оларды өзара бәтуластырды.
Аңырақай және басқа да ойраттар мен қанды шайқастарды салыстыра сипаттағанда, қару-жарақтардың сапасына, оларды орыс даласына пайдалану мүмкіндігіне ат үсті қарайтын сияқтымыз. Бұл мәселенің басын ашып алмайынша, көшпенді халықтарын, соның ішінде қазақ-қалмақ тартыстарының ұзаққа созылуы мен үсті үстіне қайталану ахуалының астарлары мен себептері анықтау өте қиын.
Мәселен, 1710-1711, 1715, 1717,1723-1727 жылдардағы ұрыстарда қалмақтардың мол қару-жарағы оларға едәуір басымдылық берді. Қалмақ әскерінің зеңбіректердің барлық дерлік түрлерімен қамтамасыз етілуі олардың тек қана қазақтармен ғана емес, XVII ғасырдың соңғы ширегінен XVIII ғасырдың 20-жылдарына дейін Цин империясымен, Алтай халықтарымен, басқа да елдермен шайқастарда жеңістеріне жетуіне себепші болған еді.
Қазақ-қалмақ соғыстарының қатпарларына үңілгенде, өкінішке орай, біздің отандық зерттеуші-тарихшыларымыз осы жайды естен шығарып, ағаттыққа ұрынады. Сыбан-Рабтан таққа отырғанға дейін де орыс зерттеушісі А.Титовтың пікіріне жүгінсек, XVII ғасыр соңында қалмақ әскерінде зеңбірек пен қарулары өте көп болған. Оның 1722-1724 жылдардағы Ұрғадағы (қазіргі Ұлан-Батор) жазбаларына және қалмақ билейшісі Сыбан-Рабтанның ставкасында болған орыс елшісі, капитан Иван Унковскийдің мұқият жинастырған жазбаларына қарағанда, қазақтармен шекаралас аудандарда бірнешезеңбірек жасайтын зауыттар жұмыс ісиеген. Мортира (ауыр зеңбіректер), сонымен қатар артиллерияның басқа да түрлері қалмақ әскерінің соғысу қабілетін бірнеше есе рет арттырған, 1709 жылы Полтава түбінде орыс тұтқынына түскен, 1716 қазіргі Павлодар маңында, Ямыш тұз көлі жанындақалмақтардың қолына ауысқан шведтік шпикюнкері (артиллерия сержанты) Иоганн Густав Ренат зеңбірек құятын өнерімен Сыбан-Рабтанның көңілінен шығып, қалмақтардың қытаймен және қазақтармен күресіне белсенді қатысқан.Қытаймен соғыста, тіпті, қалмақтардың бас қолбасшысы дәрежесіне көтерілген. Тек 1733 жылы ғана ол Сібір арқылы Швецияға қайтып оралады.
Аңырақай шайқасының қарсаныңда соғыс өнерін салыстырып сипатамай, бұл ұрыстың барысын, нәтижесінің негізін айқындау да қиын болар. Шыңғыс ханның заманынан кейін оның немересі Бату мен Жошы хан басқарған империяларының құрамына кіреген халықтарда соғыстың басты күші атты әскер болатын.
Қалмақтар ірі тегеурінді ұрыстарды ұйымдастыруда мол тәжірибе жинаған. ХVII ғасырдың соңы мен XVIIIғасырдың бірінші ширегінде қалмақтардың Қытаймен жойқын қақтығыстары, басқа да елдермен тайталасы олардың әскери өнерін шыңдады, ойраттар іргелес елдермен соғысуға әбден машықтанып алған еді.
Аңырақай шайқасы. 1729 жылы . Көктем. Ұрыс даласын арнайы таңдап алған Әбілхайыр хан қалмақтармен сан рет жойқы шайқастарға белсене қатысқан. Ол жоңғарлардың әскери артықшылығы-зеңбіректерді мүнкіндігінше іске қостырмаудың шараларын алдынала ойластырған. Әдетте, бұл шайқастың Алакөл маңында, Итішпес көлінің жағасында болғанын дәлелдейтін мәліметтер жеткілікті. Алайда, “Итішпес” деген атпен сол өңірдің өзінде үш көл кездесетін еді. Олардың бірі Талдықорған аймағындағы Алакөл, екіншісі Алматы, Жамбыл облыстарындағы шекарасында, тағы да біреуін жергілікті ақсақалдар сол Балқаш көлі маңында деп топшылайды.
Шешуші ұрыс басталған топонимикалық орын Аңырақай тауының маңында деуге толық негіз бар.Теңіз деңгейінен 1050 метр биіктікте Алматы жағынан,атақты Таңбалы тастан өтіп,екі кішігірім өзеннен өткенне кейін, тіпті жиырма шақты шақырым жерден тау сілемдері анық көрінеді. Оның бөктері, ені шамамен алғанда 4-5 шақырым жазық жер, сары күздің өзінде шөбі қурай болмаған. Балқашқа бағыт алған өзен бұлаңдап ағып жатыр.Айтылып отырған оқиға заманында мол сулы өзен болса керек.
Аңырақай тауы дегеннен, шыңы дегеніміз жөн болар. Ең үшкірленген басына шығу қиынға соқты. Биіктің орта беліне көтеріліп төменде жатқан далаға көз тастағанда, ата- бабаларымыздың көрегендігіне таң қалдым. Иә осы тау бөктерінен бірнеше шақырым ұрыс даласы алақанға сыйып кеткендей. Онда ұрыс қимылдарын еш қиындықсыз бақылап, бірнеше бұқпантай сайлардың арасында ұрысқа әлі де қосылмаған әскерлерді жау көзінен тасада жасырын ұстау мүмкіндігі қарастырылған.
Аңырақай шайқасын «Қалмақ қырылған» деп те атайды. «Қалмақтың қаны сасыған», «Қалмақ ыңыранған», «Қабырғасы қайысқан» деп те аталуына негіз бар. Алайда, қазақ өлкесінде осындай атаулармен бірнеше қоныстар белгілі: Павлодар өлкесінде, Баянауылдың шығыс сілемінде, Серен тас жотасының төңірегін жергіліктітұрғындар «Қалмақ қырылған» деп кетіпті. Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында да «Қалмақ қырылған» деген жерді кеңес дәуіріндегі картадан бір геолог тарихқа ой жүгірткен жолда сызып көрсеткен еді. Бізге дейін жеткен картографиялық, тарихи құжаттарды салыстыра сипаттасақ, бұл шайқастың ғылыми экспедиция жағасына дейін жеткен Отар стансасына 75-80 шақырым қашықтықтағ Итішпес көліне дейін созыла түскені анық.
Шайқастың тағы да бір тарихи-географиялық межесі-Іле өзені. Ұрыс даласы Іле жағалауынан тым қашық орналаспаған. Қалмақтардың күші шамамен алғанда42-44 мың, ал қазақтардың қол саны 38-40 мыңдай болған. Екі жағы да бір қанды шайқастың болмай қоймайтындығын түсінген. Бұл шайқаста атақты Қарасай батырдың ұрпақтары – Қаумен, Дәулет, Жапақ та қатысқан. Қазақ хандарының басты мақсаты – жауды Хантау, Далатау, Балқаш өңіріне қарай ысырып, Алатау бөктерінде, шұрайлы ойпаттарда көшіп-қонып жүрген ауылдарды аман сақтау болған. Әскер қимылдарын үйлестіру, яғни, жоғарғы басшылық ұлы жүздің өкілі Болат ханның қолында болды. Әскери мәселелерді шешудің түйіні атақты Әбілхайырдың қолында болса да, сол кездің кезінде есімдері аңызға айналған Қабанбай, Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай әскери топтардың қимылдарын бір жүйеге келтіруде жауапкершілікті мойындарына алды.
Аңырақай баурындағы жекпе-жек.
Қазақ-қалмақ шайқастарының көпшілігі батырларсайысымен басталатындығы және осындай арпалыстардың ұрыс тағдырына әсерін тигізетіні айғақ. Алайда, Абылай Шарышты 1741 жылдың жазында өлтірген.
Үмбетей жырау шумақтарынан төмендегіні аңғаруға болады:
Сажакөз сауытының қойған нәмі,
Болаттан шғршықтың еді бәрі.
Абылай хан атқан оғы тесіп өтіп,
Шеріштің тілге келмей шықты жаны.
1741 жылы көктемде қалмақ қолбасшысы Сарыманжы отыз мыңдық әскермен елге қайтадан басып кірді. Жоңғарлардың бір тобына Абылайды тұтқындап, байлап әкелу тапсырылды.
Абылай аң аңлауға қатты құмартқан. Бүркіт сап, қансонарда аңға шыққанда серіктері Құдайменді батыр,старшын Жапақ, аз ғана төлеңгіттерімен қолға түседі. Тек 1743 жылы 7 маусымды ғана еліне қайтады. Сұлтанды қалмақ қопасына босату үшін Әбілхайыр еш аянбады. И.Непелюевті Жоңғарияға мойор К.Миллерді жіберуге көндірген және шекараға дейін баласы Ералыны орысофицеріне қосып берген де Әбілхайыр еді. Сонымен Аңырақай түбінде Абылай Шарышпен жекпе-жекте тайталасқан жоқ. Соңдықтан 1741 жылғы оқиғаны жасанды түрде Аңырақай ұрысына телу тарихқа қиянат болар еді.
Аңырақай шайқасы шындығында бір емес, бірнеше жекпе-жекпен белгілі. Ұрыс бірнеше күнге созылған, әр қанды қырқыс батырлардың сайысымен басталған.
Алғашқы дара сайысты бастаған жаужүректігімен, алып күшімен бегілі Қанжығалы Бөгенбай қалмақтын басты батырын өлтірген. Екінші жекпе-жек – атақты Көкжал Барақ пен Шоян батырдың сайысы. Бұл жекпе-жек.
Еңкейіп соңда қалмақ төмен бұғып,
Бұрқырап аузынан миы шықты.
Жаужүрек қорықпайтын батыр Барақ,
Шоянды еңгезердей жерге жықты,
деген аңыз-жырға арқау болған.
Үшінші сайыс жоңғар қолбасыларының бірі – Анра мен Жетісуда атағы жайылған Бөлктің жекпе-жегі де қазақ қаhарманының жеңісімен аяқталады. Кеиіннен шайқас болған жердің Аңырақай деген атпен тарихта қалу осы оқиғамен байланысты.
ЖОҢҒАР батырының есімімен шайқас болған жерде және оқиғаны атап кету халықтың ерлік күресі мен батырлардың ғажайып табандылығына нұқсан келтірмейді. Шымалған, Қаскелен, Боралдай сияқты қалмақ батырларының сүйектері қазақ жерінде қалған. Бұған дәлел топонимикалық жер аттары аз емес.
Қазақ-жоңғар соғыстары XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының екінші жартысынан кейін ғана толастады. 1741 жылы қалмақ қолбасшысы Сарыманжы отыз мыңдық қолмен кенеттен өлкеге басып кірді. Бейбіт жатқан ел тағы да шегіне бастады. Алайда Жоңғарияның өз ішінде саяси таластың басталуы қалмақ әскерінің қайтіп келуіне себепші болды. Одан әрі 1745 жылы қыркүйекте Қалдан-Цереннің дүние салуы, билік үшін талас қалмақтардың қарсылық көрсету күшін сарқып, Пекин билеушілерінің жемтігіне айналдырды.
Қалмақ-қазақ соғысының соңғы көрінісі 1771 жылы қаңтар айындағы екі кескілескен шайқас дер едік. 1770 жылы желтоқсан айфнда Еділ бойындағы кем дегенде 80 мың шаңырақ торғауыт (бала-шағасымен 250 мыңнан асады) қазақ жері арқылы талқандалған, Қытайдың империялық басқармасына айналған Жоңғарияға қайтуға бет алады. 1771 жылы қаңтардың басында Сағыз өзенінің бойында Әбілхайырдың үшінші ұлы Айшуақ қолбасшы ағасы Нұралы ханның қолдауымен Еділ қалмақтарына күйрете соққы берді. Айшуақ бұрында қалмақтармен қанды шайқастарда қазақ әскерін басқарған. Ұрыс даласынан аман қалған әлі де ондаған қалмақтары бар екенін Нұралы уақытында ескертіп үлгереді де оларды Сұлтан Абылай Орта жүздің әскерімен талқандайды. Архив құжаттарына қарағанда бұл шынында қалмақтармен ақырғы шайқасқа Абылай қолбасшылық етті. Архив құжаттарына жүгінсек, кіші жүз ханы Нұралы мен Абылай сексен мың әскер жинайды. Осы жеңіс үшін үш жүздің өкілдері шайқас аяқталысымен Абылайды Түркістанға апарып, қасиетті орында ақ киізге көтеріп елдің бас ханы етіп сайлаған. Үш жүздің қарулы күшінің тізе бүктіруі қалмақтардың ақырғы күшін тас-талқан еткені соншалық, Қытай шекарасына әбден күйзелген, жеңілістен бас көтере алмаған бірнеше мың адам ғана аман жеткен. Алакөл тұсында қазақ қолының жеңісімен аяқталған бұл қанды шайқас Орталық Азияда ұлы Темір қолбасшы заманынан бері қайталанбаған ең ірі қақтығыс еді. Бұл ұрыстың түпкі деректері әлі баспа бетінде толық жария болмай келеді. Мәскеу архивтерінің бірінде сақталынған деректер де бар. Алла жазса, оны да оқырмандарға ұсыну ойымызда.
Міне, Аңырақай шайқасы туралы айтылар сөз осындай. Биылғы жыл осы ұлы жеңістің шынайы 270 жылдығы. Халқымыздың рухы мен ұлттық мерейін көтрегіміз келсе, ата-бабаның аруағын сыйласақ, осы оқиғаны лайықты атап өткеніміз абзал.
Қолданған әдебиеттер: Жанұзақ Қасымбаев
«Армысың, ата тарих-аңырақай»