Бүгінде үйіміздің есігін ауыстырсақ та, таныс-білістен не жарнама газеттерінен өзбек пен қырғыз, қарақалпақ секілді өзге ұлт өкілдерін іздейтін болып алдық. Яғни жағдайымыз жақсы. Әлеуетіміз артып кеткен.
Қазақтың азаматтары төрде жатып теледидар қосып қойып, есігінің тұтқасын шекара асып, шеттен келгендерге жөндетеді. Немесе, керісінше. Келімсектің қолынан келген іске біздің ер-азаматтарымыздың ебі жоқ. Балға ұстап, шеге қаққанды ұят санайды. Ол аздай, ата-әже институтынан зәресі қашқан қалалық келін бесіктегі баласын ұлты басқа «апайдың» тәрбиесіне бергенді жөн көретінді шығарды. Ас-суын қарақалпақтың қызына дайындатқанды мақтаныш санайтындардың қарасы көбейді. Мұның бәрі ақкөңіл қазақтың кірін жуса да, еліндегіден екі-үш есе жоғары ақша табуға ниетті келімсектердің айын оңынан туғызды.
Жұмысқа емес, «қонаққа келушілер» көп
Өткен жылы Әлемдік банк Қазақстан мигранттарды қабылдайтын елдердің ішінде 9-орынды иеленеді деген деректі келтірді. БҰҰ сарапшылары біздің елге келетін еңбек мигранттарының саны 2050 жылға дейін өсе беретінін де болжап тастады. Бұл да мүмкін, өйткені өткен екі жылдың ішінде ғана 2 млн шетелдік біздің шекараны аттапты. Оның бір миллионға жуығы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары екен. «Қызығы» сол, Қазақ елінің табалдырығын аттағандардың бір пайызы ғана жұмыс жасауға келгендері жайлы құжат толтырса, 96 пайызы жеке шаруаларын алға тартқан. Бұл көрсеткіштің шындықпен жанаспайтыны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі жайт. Қазақ елінің бір қалтарысындағы мұнайлы Атырау бүгінде мигранттардың сүйікті мекеніне айналды. Өткен жылы жұмысқа тартылған шетелдік жұмыс күші 2011 жылмен салыстырғанда 31,5%-ға азайды делінгенімен, бұл тек қағаздағы көрсеткіш қана.
Айталық, 2011 жылы Атырауға бір ғана Өзбекстаннан 39245 адам келіпті, оның 28-і іскерлік мақсатта, 31-і жұмыс бабымен келгендер ретінде тіркелген. Қалғандары Жайық жағасындағы әдемі қаланы тек «тамашалап кетуге» келгенге ұқсайды. Күлкілі көрінсе де, құжатқа қатталған көрсеткіш осындай. Шындығында, Атырауға «қыдырып» келген «қонақтарды» құрылыс, сауда, қызмет көрсету салаларында жұмыс жасап жүрген жерлерінен кезіктіру де қиын емес. Өйткені Қазақ елінде бір ай ғана тұруға рұқсат қағазы бар кез келген шетел азаматы көршілес Ресей жеріне өтіп, екі-үш сағаттан кейін шекарадан өткен есепте қайта кіріп, жаңа құжат алады, сөйтіп, тағы бір ай жұмысын жалғастыра береді. Және оларды қызметке мекемелерден бөлек жеке азаматтардың да алатыны тағы бар.
Өзбектер еліне кетті, базар босап қалды.
Атырау базарларының «берекесін кіргізіп» отыратын өзбекстандық саудагерлер аяқастынан азайып кетті. Күнделікті ине-жіп, ілгек, қайшы секілді керек-жарақтарын солардан алып үйренген жергілікті тұрғындар келімсек саудагерлердің басына үйірілген қара бұлт жайлы Парламенттегі әңгімеден бейхабар болса керек, «Жаңа жылға елдеріне кеткен ғой, келер» десіп жатты. Биылғы 1-қаңтардан бастап сауда нүктелерінде кәсіпкерлік қызмет жүргізу үшін берілетін бір реттік талондардың қолданыстан алынғаны қара базарды қаңтарылған бос орындарға толтырды. Облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл Рзағұлова барлық саудагерлерге жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салық тәртібін таңдау мүмкіндігі берілгенін айтады. Яғни кәсібін жалғастырғысы келгендер патент, оңайлатылған мағлұмдама немесе салық төлеуі тиіс болатын. Және Заңға енгізілген толықтырулар нәтижесінде жеке кәсіпкер атанғысы келген шетелдік азаматтар Қазақстанда тіркелуі шартқа айналды. Бұған дейін ешқандай мәжбүрліксіз, күнделікті орынақысын төлеп қана саудасын жасап келген өзбек ағайындардың қиналып қалғаны да осы тұс. «Өткен жылы еш жерде тіркелмей, сауда жасап жүрген 1 100 резидент еместер анықталды», – дейді Айгүл Рзағұлова, – тексерулер нәтижесінде олардың саны азайды. Салық төлемей, заңсыз сауда жасап жүрген басқа ел азаматтарын анықтау үшін көші-қон полициясы қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз».
Облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Руслан Әділов заң талаптарын орындауға базар иелері де мүдделі болулары керектігін айтады. Жыл басынан бері заңсыз сауда жасап, қулығын асырған 158 шетел азаматына айыппұл салыныпты. Ал осы жағдаймен екінші рет ұсталғандар ел аумағынан шығарылатын болады.
Мигранттар мәселесін жылы жауып қоюдың ақыры елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа салқынын тигізуі әбден мүмкін. Себебі заңды түрде тіркелмеген, ешқандай медициналық сақтандырылуы жоқ, ел бюджетіне салық төлемейтін «қонақ» құттан бұрын жұт әкелуі кәдік. Экономикалық тұрғыдан алғанда да ұтылар тұсымыз аз емес. Әрине, шеттен ешкім келмесін деп, шекараны тас бекітіп отыруға тағы болмайды, бірақ бәрі де заң жүзінде болуы тиіс. Әйтпесе, гастарбайтерге сеніп, жастарымыз жалқау болып барады…
Автор: Бақытгүл БАБАШ, Атырау
Алаш айнасы газетiнен алынды
фото Нургиса Елеубековтыкi