АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жалғыз басты ананы жылатуға тиіс пе едік?!

Елбасымыздың өзі жоқ жерден қылмыстық іс қозғап, қоғамда қылмыскерлерді көбейте бермеу туралы айтса да, екі адамның қызмет барысында ренжіскені үшін де қылмыстық іс қозғау азаймай тұр

. Осындайда ата-бабамыздың ел ішіндегі араздасқан екі адамды мәмілеге шақырып, бітіспес даулардың өзін шеберлікпен шеше білген даналығына, істің соңын татулықпен бітірген төрелігіне қалай риза болмассың?! Редакциямызға шағым айта келген Қорғаныс министрлігіне қарасты Құрлық әскерлерінің Әскери институты оқу процесін қамтамасыз ету батальоны медициналық бекетінің фельдшері, прапорщик Төлеулиева Балнұрдың үстінен қозғалған қылмыстық іске қарай отырып, осындай ойға қалдық.

«Жалғызбасты анамын, екі балам студент. Олардың жалғыз асыраушысы өзім ғана. Жоқ жерден жала жауып, үстім­нен қылмыстық іс қозғап, жұмысымнан шығарылдым. Ақиқатты айтам деп жүріп, істі болдым. Әділдік қайда?» деп табал­дырығымыздан аттаған әскери киімді ананың арызын тыңдап, тиісті орындар мәселеге орай тек­се­ру жүргізіп, ақиқатты анықтаса деген ниет­пен қолымызға қалам алдық.

Балнұр ТӨЛЕУЛИЕВА:

– 2012 жылдың 5 қыркүйегі күні кезекті еңбек демалысынан кейін жұ­мыс­қа шықтым. Сол кезеңде меди­ци­налық бекеттің бастығының міндетін курсант Б.Мусаев атқарып жүрген. Мен Мусаевтың өз қызметіне салғырт қара­ға­нын айтып, сөзге келіп қалдым. Ашуланып, қатты айқайладым. Кейін 18-і күні «Мусаев мені боқтады» деп үстімнен арызданғанын білдім. Қасын­да болған қарамағындағы екі жас фельд­шер жігіттерді куәгерлікке тартып­ты. Содан олар арызды сотқа жіберді. Әскери сот маған алты ай шартты мерзім кесіп, бір жылдық сынақ мерзімінде тәртібімнің түзелгенін дәлел­деуге үкім шығарды. 

Қаңтар айының 16-сында аппеля­ция­лық сот болып, алғашқы әскери соттың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Енді касса­ция­лық сотқа шағымданған. Былтыр Елба­сы­мыздың өзі қазақ халқының тарихында бас жарысқанды жарастырған, текеті­рес­кенді татуластырған билер сотымен үндес медиация институтын дамыту жөнінде атап тұрып айтқан еді. Тіпті нақ осы еңбек дауларын, қызмет барысындағы еңбек жанжалдарын соттан тыс шешудің жүйесін дамытып, оның алдағы уақытта дамуына жағдай жасауды іс барысында қолдана отырып аясын кеңейтуді тапсырған бола­тын. Тіпті қызмет барысындағы екі адам­ның келіспеушілігінің барлығы сотқа дейін жете берсе елімізде үстінен қылмыстық іс қозғалмаған адам қалмас еді. Сондықтан «қызмет барысындағы мұндай келіспеу­ші­лікті сотқа дейін жеткізбей, институт бас­шылығының шешуіне болмас па еді» деген оймен Қорғаныс министрлігіне қарас­ты Құрлық әскерлерінің Әскери институтына арнайы бардық. Құрлық әскерлерінің Әскери институты бастығы, генерал мойор Аскен Тасболатовқа жолыға алмадық. Құрлық әскерлері Әскери институтының тәрбие және әлеуметтік құқықтық істер жөніндегі орынбасары Роберт Лұқманов мынандай түсініктеме берді.

Роберт ЛҰҚМАНОВ, Құрлық әскерлері Әске­ри институтының тәрбие және әлеу­меттік құқықтық істер жөніндегі орын­басары:

– Бұл – сот шешетін мәселе. Біз­дер­де әскери қызметкерді балағаттау сот арқылы қаралады. Біздің өз заңымыз бар. Тәртіпті сақтау үшін мұндай істерге ара­ласуға біздің қақымыз жоқ. Сіздер­дің де біздің ісімізге араласуға қа­қы­ларыңыз жоқ.

Алғашында «адвокаты секілді сөй­лей­сің» деп түсініктеме алмақ ниетте барған маған мекеме басшысы дауыс көтере сөйледі. Жай ғана мәселенің мән-жайын білмек болып, барған ниетіме сонша айқай­лағанын түсіне алмаған ренішімнен соң ғана, «менің даусым өзі сондай, сіз рен­жімеңіз» деп жуып-шайды. Демек, әске­ри қызметкерлер арасында дауыс көтеріп сөйлеу үйреншікті жайт секілді. Ендеше, екі қызметкер арасындағы дауды әкімшілік тұрғыдан шешуге болмас па еді.

Балнұр ТӨЛЕУЛИЕВАНЫҢ адвокаты:

– Қызмет барысында екі адамның мұндай келіспеушілігіне әкімшілік іс қозғап, әкімшілік жаза қарастырып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға, 10 күнге гауптвахтаға жабу­ға немесе қызмет барысына қатыс­ты шектеулер (бір жыл көлемінде сыйақы бермей, шенін көтермей) жасауына болатын еді.

Расында да, қылмыстық істен гөрі, әкім­шілік іс ретінде қарастырып неге осындай жолдармен жазаламасқа?! Ел қорғайды деген ерлеріміздің жалғызбасты ананың ісін, сотқа жіберіп, басын дау-дамайға қалдыруы олардың азаматтығына сын емес пе?! Егер әйел адам «мені ер-азамат балағаттады» деп арызданып жатса түсінуге болар еді, ал арыстай азаматтың «мені әйел адам боқтады» деп сотқа шағымдануын қандай ерлікке бағалауға болады?! Анасы, әпке-қарындасы, жесірі үшін жаумен айқасып, өмірін өлімге тігетін ер мінез бүгінгі азаматтардың бойынан табылмай жатқаны өкінішті. Бәлкім, әлі де болса азаматтар ойланып, бұл істің оң нәтиже табуына қолғабыс етер.

Әрине, осы уақытқа дейінгі сот шеші­міне таласымыз жоқ, заңның аты – Заң. Алайда алдағы уақытта болатын касса­ция­лық сотта Құрлық әскерлерінің Әскери институты басшылығы орын алған дауды бітімгершілікпен шешсе екен деген тілек бар. Қызмет барысында ренжіспек түгіл, кейде жол-көлік оқиғасында адам өлімі орын алып жатқан жағдайларда да екі жақ­тың келісімге келуімен сот ісі қысқар­тылып жатады. Сондықтан бұл мәселені Қор­ғаныс министрлігі, Жоғарғы әскери соты өз бақылауына алып, істің әкімшілік жазамен бітуіне ықпал етсе екен.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

фото Нургиса Елеубековтыкi

http://alashainasy.kz/