АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қарттар үйі қара шаңыраққа айналып барады

Бүгінде қазақтың қарияларынан қадір кетіп тұр. Бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып ақыл айтар шақта ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көбейді. Немерелерінің маңдайынан бір иіскей алмай

, қаншама жан өмірден өтіп те жатыр. Жыл өткен сайын Қазақстанда қарияларға арналған интернат-үйлердің саны көбейіп келеді, демек, сұраныс артып отыр. Өзге жетістіктерімізбен мақтансақ та, бұл мақтанатындай көрсеткіш емес, әрине.
«Қарттар үйі, жетімдер интер­на­ты» деген ұғымдар қазақ қоғамы үшін жат еді. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, батыстан бастау алған бұл үрдіс бізге де келіп жетті. Өткен ғасыр­дың 50-60-жылдары еңбекке жарам­сыз, қамқорсыз қалған жан­дар­ға арналып салына бастаған болатын. Жыл өте келе, бұл үйлерге ба­ла-шағасына керексіз болып қал­ған қариялар да алына бастады. Же­ті­мін жылатпаған, жесірін қаңғыт­па­ған қазақ қазір сол жаққа ақ сақал­ды аталары мен ақ жаулықты ана­ла­рын ойланбастан апарып өткізіп жа­тыр.

Соңғы дерек бойынша, елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердің саны 87-ге жеткен екен. Отыз мыңдай адам амалсыздан осы үйлерде тұрып жатыр. Тек Сол­түс­тік Қазақстан облысының өзінде екі бірдей интернат жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан мен Қостанай об­лыс­тарында қарттар үйлерінің саны өзге өңірлерге қарағанда көп шоғыр­ланған.

Қызылжар өңіріндегі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйі 1971 жылы құрылған болатын. Қырық жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда ұзын саны 360 адам тұрып жатыр. Бұрындары қарт­тар үйіндегі қазақтар саусақпен санар­лықтай ғана болатын, соңғы жылдары ондағы ата-әже қатарлары қалыңдап келе жатқаны байқалуда. Бүгінде мұндағы қаракөздеріміздің саны 40-қа жақындап қалыпты.

Еркін ЖАҚЫПОВ, қарттар мен мүге­дектерге арналған жалпы үлгідегі Смир­нов интернат-үйінің директоры:

– Қариялар үйіне әртүрлі адам­дар келеді. Араларында қазақтар да көп. Бүгінде мұнда­ғы­лардың ең кәрісі – 115 жасқа келген Күлшара апамыз. Интер­натқа келушілердің көбі ішімдікке салынғандар. Мұнда келген соң жаман әдетін қоймайтындар да бар. Көбінің бала-шағасы, жақын туыс-туғандары бар. Бірақ олар намыстанып, жасырып қалуға тырысады. Ай сайын зейнет­ақы­ларын алатын кезде ұялмай келіп тұратын балаларды да көріп жүр­міз.

Қарттар үйіне келушілердің артуы­ның көп себептерінің бірі – ішім­дікке салы­ну­шылық. Биыл жетінші жыл қатарынан қарттар үйінде қыстап жатқан Көшербай Төрежанов та «арақ қазақтың түбіне жетеді» деген пікірде. Мұндағы қариялардың бар­лық шығы­ны мемлекет есебінен төле­не­тін­дік­тен, зейнетақылары мен жәр­дем­ақы­ла­рын өздері алып, қалауларынша жұмсайды екен. Сондықтан әлі күнге дейін жаман әдет­тен арыла алмай жүргендер бар­шы­­лық.

 

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

 

Көшербай ТӨРЕЖАНОВ, қарттар үйінің тұрғыны:

– Барлық бәленің басында осы арақ тұрады. Күнде мас болып жүрген жанды қай келін сый­дыр­сын? Қарттар үйіне келіп жат­қан­дардың көбі сол ішіп кеткендер. Екіншіден, әкем марқұм «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп отырушы еді. Баланы дұрыс тәрбие­лемеудің кесірі осындай бола­ды. Менің жағдайым сәл басқаша, жал­­ғыз ұлдан айырылған соң, туыс­тарға масыл болмайын деп осында өзім келдім. Бір бай­қа­ға­ным, бауыр­лар­дан гөрі қарын­дас­тың жаны қатты аши­ды екен. Алып кеткісі келеді, бірақ қо­лы қысқа.

Қарттар үйінің көбеюі – қауіпті құбылыс. Бұлай жалғаса берсе әке-шешені қартайған соң интернатқа апарып өткізе салу жалпылама сипат алып кетуі де мүм­кін. Ал жауып тастауға тағы болмайды. Себе­бі тағдыр тәл­кегіне түскендер үшін бұл интер­наттан басқа барар жер, басар тау жоқ. Көбі жалғыздықтың кесірінен дала­да көму­сіз қалудан қорқады.

Қайыргелді СЫЗДЫҚОВ, қарттар үйінің тұрғыны:

– Жас кезімде талай қызмет істедім, совхозда қойма мең­герушісі де бол­дым. Кейін ауырып, 1979 жылдан бері екінші топтағы мүгедекпін. Әйелім тас­тап кетті, жалғыз қызым қайтыс болды. Осылай жүре берсем, бір жерде үсіп өліп қалуым да мүмкін еді. Сондықтан қарт­тар үйіне келдім. Екінші өмірім бастал­ғандай. Мұнда барлық жағ­дайымызды жасап қойған. Қарын тоқ, уайым жоқ.

Смирнов қарттар үйінің басшысы Еркін Айдарбекұлы «Қайыргелді ағай жақында үйленіп қалуы мүмкін» дейді қалжыңдап. Оның айтуынша, қарттар үйіне түскен соң көңіл қосып жата­тындар да көп екен. Оларға жеке бөлме де беріледі.

Интернатта керек-жарақтың бәрі бар, кө­ңілдерін аулау үшін ара-тұра концерттер де қойылып тұрады екен. Бірақ өз үйіне қай­дан жетсін. Көбінің арманы – неме­ре­ле­рінің маңдайынан иіскеу, қолдарына алып еркелету. Өкінішке қарай, бұл арман­ға жетіп жатқандар некен-саяқ. Тек бір жыл­­дың ішінде Смирнов интернатының өзін­де 60-70 адам о дүниеге аттанады екен.

Түйін
Жыл сайын елімізде ондаған-жүздеген балабақшалар салынып жатыр. Ата-ана жұмысбастылықтың кесірінен балаларын осы балабақшаларға тапсыруда. Ал әке-шешенің махаббатын сезінбей балабақшада өскен бала ертең туғандарын дәл солай қарттар үйіне өткізбесіне кім кепіл?

Маман пікірі

Нұргүл РАХМЕТОВА, психолог:

– Ғалымдардың зерттеуін­ше, кіш­кен­тай нәресте ана жылуын сезінуі үшін күніне 75 рет сәбиді қолға алу керек екен. Сәл есейе келе бала ата-ананың өзіне деген ықы­ласын тіпті қажет етеді. Негізгі тәрбие ошағы – отба­сы, ал бала­бақша мен мек­теп қосым­ша тәрбие құралдары екенін ұмыт­паған жөн. Өкінішке қарай, бүгінде отбасындағы тәрбие әлсі­­реп, бәрін бала­бақ­ша мен мек­­тепке артып қойдық. Бала көр­генін істей­ді, ата-анасы қан­дай бол­са, ол да сондай. Демек, қарт­тар үйіне ата-ана­ла­рын апа­рып тастап жатқандар от­ба­сында дұрыс тәрбие көрме­ген­­дер деп айтуға толық негіз бар.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

http://alashainasy.kz

коллаж Абай Омаровтыкi