«Қазақты қазақ құртады» деген қитұрқы ойға қарсымын мен, оқырман! Олай болуы нақ та емес, хақ та емес. Әлбетте, еліктеуге келгенде ала тонымызды алға сүйреп асыға адымдайтынымыз анық.
Он қазақ тұрып бір орысқа бола опырылып орысша шатпақтай кететініміз де рас, арасында ағылшынның азын-аулақ сөздерімен сөйлем саптайтынымыз да жоқ емес. Бар! Жалған емес! Ақиқат!
Қол соғып, қолпаштауға келмейтін осы қасиеттерімізге жауап беретін кез келгенде, «қанымызға біткен бірбеткейлік» немесе орысша сөйлескеніміз – дархандығымыз, ағылшынды білетініміз – көпшілдігіміз деп көпіртін ақтала салатынымыз бар.
Ендеше, қанға біткен бірбеткейлікке келейікші қайтадан. Батыстың бейәдеп болмысымен біте қайнасып біртүрлі болып жүргеніміз қалай, алты алаш? Түріктің түрлі телехикаяларын тырп етпей тамашалап, кәрістің киноларына қиыла көз сүзуіміз қандай құлдық, қазағым? Мемлекеттік мерекелер мен тұғырлы тойларымызға топырлатып тұрып «басқаларды» баса көктететініміз, ол қандай қылық, қандасым? Қазақ атты қазыналы байлығымыз, Қазақстан дейтін қатпарлы баспанамыз, Елорда деген еңселі есімді еңсерген Астанамыз, Әнұран дейтін аспан әніміз барда біз неге бағытымызды бұрып, басқаға тамсануымыз керек? Қажетінен де, керегінен де кемшін қалмаған қазаққа Құдайым нұрлы жолын ашып берді ғой. Ендеше, Алашымды ақ жолынан тайдырып, адастырған аралас тілге жол болсын. Кәусар тұнық тілім неге ғана аяныш күй кешіп жүр? Ашып тұрып ақиқатын аршуымызға нақты негіз бар. Біз қазақ халқы орыс тілін екінші анамызға айналдырып алғанымыз былай тұрсын, енді оны ана тілімізге құрметпен қосарлап қойып, «аралас тіл» дегенді енгіздік. Ол тіл – жаңа қазақтардың тілі. Заманауи деген сөз бар, біле білсеңіз. Оны кейбірі «модный» деп марқаяды. Қазақта да сән бар, әсемдік атты әдемі түсінік бар. Оны мода, модный сөзіне алмастырудың не қажеті бар? Сонымен, жаңа қазақтардың қосарлы да аралас тілін қазақша мүлде білмейтін қазақтар да қолданады. Осындай білгірлікті бұрын бағалап па едіңіз, оқырманым?
Қайдам… Қиыс кетсе, қазақты қыспағына қаталдықпен қамаған Кеңес заманының зілді тарихын тарқатып өзімізді ақтап алғандай боламыз. Ақиқатында, қазақты қазақтығынан айырған аталмыш одақ заманы емес. Әлде он бес елді езгісінде ұстаған Кеңес Одағының таңбасын қазақ қана сақтап қалып па? Қазақты ұлттығынан айырған Кеңес заманының қыспағы болса, тілім деп талай тайғақ кешуде тентіреген Тұрардың тарихын қайда тығып тастаймыз? Алашым деп талай тілекті арда көңілмен жанына арқау еткен ер Мұстафаны санамыздың соңғы сапына қиямыз ба? Иә, бұл баһадүрлер қуғындалды. Қасық қаны қалғанша қазақ атты ардақты сөзді саф жүрегімен жырлап, әлдері біткенше әлдилей білгендері үшін опық жеді емес пе? Неліктен біз төл тарихымыздың тылсым тұстарын тұмшалап, қазағының қайғысын кеудесімен қапсыра құшақтаған қасіретін қасық қанымен құндақтаған Қайраттай құрбандарды құрметтемейміз?
Сексен алтының сарышұнақ аязында саналарына ұлттық сезімді серік етіп саяси сергелдеңді сөндіреміз деп орыстың отына күйген сансыз сабазымыздың сапын біреу санады ма? Жыл сайын жанымызда жатталған Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззат есімдерінен өзге де ерлеріміздің бар болғанын болашаққа баратын балғындарымыз біле ме? Жалпы, ұлт пен ұлыстың тұтастығын, тәуелсіздігін сақтау мақсатымен алаңға шығып, ажалға ақ жүректерімен мойынсұнған марғасқалардың мерт болған күнін не үшін біздер «Тәуелсіздік күні» деп жариялап, өткенінде өкініші жоқ жандардай жыл сайын жайраңдап жүреміз? Қазақ үшін қаралы күн емес пе еді әу бастан! Ендеше, неге біздер тәуелсіздік дейтін тұғырлы түсінікті талай тарланымыз тәркіленген төңкеріспен теңестіреміз?
Аталмыш оқиғаны тілге тиек етуіме жанымды жаншыған себеп бар. 16 желтоқсанға қарсы біріміздің тәуелсіздікке, екіншіміздің Желтоқсан оқиғасына байланысты ақпарат жинайтын әдетіміз бар ғой. Сол желімен өткен жылы желтоқсанда «Жұлдыздар отбасы» журналы жарық көрді. Журналдың желтоқсандық санын мен «антоним» деп айтар едім. Себебі, бір бетінде қуанышы кеңірдегін керген қазақтың күйі де, екінші бетінде қасіреті қат-қабат болып, боздақ ботасын айтып берекесі қашқан Қайрат Рысқұлбековтің анасымен жүргізілген әңгіме жарияланыпты. Оны сыр-сұхбат депті, бірақ біздіңше бұл сұр-сұхбатқа көбірек келіседі. Қайратына жасалған қасақана қайғысынан қабырғасы қарс айрылған ана: «Желтоқсан – біреу үшін мереке болса, біз үшін қайғы!», – дейді. Әлбетте, қайғы. Бірақ тек сол алаңда ажалмен айқасқан ардалардың емес, барша Алаштың қайғысы деуге де сыяды емес пе? Ал, біз болсақ, алаңда ашынып, Алашы үшін алқынған ардақтыларымыздың аттарын атап қара жамылудың орнына, алаңсыз аңқаулықпен ел мерекесін ерекше тойлаймыз. Әрине, бұлай деуіміз – тәуелсіздікке қарсымыз демегіміз емес! Бірақ, 16 желтоқсан – нақты қазақ үшін қаралы күн. Осы фактіні түсіну үшін де, түсіндіру үшін де негіз бен дәлелдің қажеті жоқ.
Эльмира Абетжанова
Павлодар каласы
http://www.ulttimes.kz