Ер Мұқа, егей Мұқа, қайран Мұқа,
Жүрегі ақ — жүрісінен тайған Мұқа.
Күркірің күннен биік болғанымен,
Ақылың болғаны ма айдан жұқа.
Қайран, Мұқа!
Ақын емеспін, неге екенін білмеймін. Мұхтар, аға, сіздің: «Латын әліпбиіне көшу — қазақ халқын екіге бөледі» деген хатыңызды «abai.kz»-тен оқып отырып, осылай күбірлей бергенімді өзімде сезбей қалыппын. Сыртыңыздан сыйлайтын сан мың оқырманыңыздың біреуі ғана болсамда мына пікіріңізге бей-жай қарай алмадым.
«Анау айтты, мынау айттыңыз»-ға келсек, көзқарас-пікір ұқсамастығы және оның қуаттаушыларының өзіндік пәлсафасы ежелден егіз. Тіпті бір оқиға, жаңалық, ағым немесе заң-түзім жайында кейде екі түгілі одан да көпке бөлініп, өз ойын растайтын ғалымдар, ойшылдар аз болмайды. Дегенменде «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Тіпті айқайлап айтқан ақиғи ойымның көбі көлеңкеде қала ма деп жаңа бір «тәсіл» талдап, сіз қуаттағанның «керісін» аңсап, әдейі айтқан боларсыз дегенді де ойлап қоямын. Әй, қайдам, «Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкімет басшысына, Парламент депутаттарына» деп бірден «бас жаққа барғаныңызға» қарағанда мұныңыз «қалжыңға» ұқсамайды.
Аға, сәл сабырмен қайта ойланыңызшы, тіпті, сонау шетте жатқан — Еуропада, Қытайда дегендей өзгенің құшағында отырған өз бауырларыңыз не дейді екен. Керек болса өздерінен сұрайықшы:
— Алло, алло, Шет Қазақ, сізше қалай?
Шет Қазақ:
— Алло, алло, тыңдап тұрмын. Бұйымтайды білемін. Шахановты кіналауға келмейді. Ол кісі өз кеңістігімен, ақындық ақ көңілімен айтып жатыр. Баяғыда осы ағамыз қыран бүркітке жаны ашыған ақ ниетті ананың «байқұс-ай» деп құстың қисық тұяғын кесіп тастағаны жайындағы трагедияны жазбап па еді. Енді, мынасы, апырай-ә! Сіздерде күн шуақты болғанмен бізде суық боранның ызғары бар. Ә, айтпақшы, латын ба? Біз бүкіл Еуропа қазақтары бір-бірімізбен тек қана осы латынша арқылы байланысқа шығамыз. Енді Қазақстан соның ұйтқысы болып, Ленин жарықтықтың: «дүниежүзі пролетарлары бірігіңдер!» дегеніндей: «әлем қазақтары латынмен бірігіңдер!» десе оған бөркімізді аспанға атып қуанамыз ғой. Алло, алло… (абонент байланыс аясынан тыс жерде)
Естідіңіз бе, аға, алыстағы ағайынның жан дауысын!
Мұқа, шын мәнінде, біз кеш қозғалып жатырмыз. Бізбен туыстас түрік, өзбек, түркімен, әзірбайжан елдерімен қанаттас отырып, бір ғана әліпбилік ізбенен ертерек ес жиғанымызда көшіміз тағы біраз биікке жетер еді-ау. Өзіңіз көп айтатын «мәңгүрттену» құралының бірі өзге халыққа жасалатын тілдік отарлау екенін бізден жақсы білесіз. Қазақ тілін қанаттандырамын деп жүріп шыжымын кері тартпаңызшы. Енді, міне, білгір ұстаздың алдындағы шыншыл шәкірттей өзіңізге тіке қарап «тіліміздің шығып» тұрғаны мынау! Аға, ренжімей тыңдаңызшы, орысшаны одағайламаған қырғыздың қызығы мен шыжығы аз болып жатыр ма?!
Мұқа, сіз білмейтін шығарсыз, өз басым латынша, төтеше, ұйғырша, криллше, аздап қытайша дегендей бес жазуды бастан кештім. Алғашқы кезеңдерде бүгінгі біздердей шудың, қиындықтың болғаны рас. Ал, шын мәнінде, жалғыз-ақ күнде оқулық өзгерді, газет-журнал, кітап өзгерді, іс қағаздары өзгерді — біз бәріне де оңай көндіктік. Қазіргі компютерлік жүйе әліпбиі ауысқан бір тіл түгілі, өзге ұлттың тілін аударуға да құдыретті.
Ендеше, жазу өзгерсе,
«…Тұлғалардың еңбектері ұлттың даңқын асырған,
Сан миллион атпен дара кітап болып басылған.
Соның бәрі кириллица аясында қала ма,
Кім аударып бермек оны ертеңгі өсер балаға?» — деп алаңдаушылығыңыз басы артық уайым емес пе!
Латынға көшу Елбасы Нұрсұтан Әбішұлының қазақ мемлекетінің ірге тасын қалап, әлем қазақтарын отанына шақырғаннан кейінгі бар қазақ үшін істеген тарихи еңбегінің бірі және бірегейі болып қалады деп ойлаймын. Латын әліпбиінің басты табысының бірі — жер бетіне тарыдай шашылған әлем қазақтарының рухани бірлігін қалыптастыруында. Еуропа қазақтары латынға таныс. Қытай қазақтары бір кезде латынды бастан кешкен, енді біздің өзгерісімізді күтіп отыр. Ал басқа да елдердің бұл жазумен рухани бірлікте болуының негізі басым. Олай болса бұл көшу, қазақ қандының бір тілдік бағытқа бет бұруы ғана емес түркі ұлттарыныңда бір-бірімен ара-қатынасын жақындата түседі. Тіпті адамзаттық заманауи технологияларға да сайма-сай келеді. Ендеше, Мұқа-ау, сіз неден алаңдап отырсыз. Латын әліпбиіне көшу — әлем қазағының рухани тірегіне айналып қалмастан, түркі халқының бір тудың астына жиналуына да елеулі еңбек еткелі отырған жоқ па!?
Ер Мұқа, егей Мұқа, қайран Мұқа,
Қашанда тура жолдан тайман, Мұқа!
Күркіреп күннен биік тұрсаңдағы,
Сезімің жарқырайды айдан жұқа.
Мұхтар аға, латынға тезірек көшейікші, сіздің жыр жинақтарыңыз сол жаңа әліпбимен бірінші басылса, серкелік сеніміңізге ілесетін қараша халқыңыз бәріне дайын отыр ғой. Аға, а-ғ-а, тағы бір мәрте ойланыңызшы…
Інілік ілтипатпен Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
ABAI.KZ