АЛТЫНОРДА
Новости

СҰЛУЛЫҚ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Бүгінде сән үлгілері сағат сайын емес, сәт сайын өзгеріп жатады. Көбіне шетелде не жаңалық шықса, соны жапсыра қоймаққа құмармыз.
Соның салдарынан бүгінде тым еуропаланып,  жасанды сұлулыққа жаппай көшіп  бара жатқандаймыз жатырмыз. Шашымыз әуел баста қара түсті болатын. Одан «қызарды», одан «Шымкент шоудағы» Берік Тұрсынбековшелесек шашымызды духовкаға тығып алғандай сары ала болды. Одан жаппай «блондинка» болып шыға келдік. Жарасып тұрса жақсы ғой. Ұлттық болмысымызға сай қыздарымыздың көбісі қоңырқай, қараторы болып келеді. Терісінің бітіміне қарамай, осындай қыздардың шаштарын сап-сары етіп бояп алып, клоун болып жүргендері де жетерлік. Енді соңғы сәнге құлақ түрсек «пшеница» түстес, яғни сұр түсті шаш сәнге айналды. Сонымен, уақыт ағымымен шашымыз бірде қарайып, бірде сарғайып жатыр. Ал КВН-шелесек, «бетіне әдемі қыздың суретін салып алатындар» көп арамызда. Бетті түгелімен «еуроүлгіде» жасатып жатырмыз. «Шпатлевка» жасап тастадық. Аппақ қыздарымыз соляриге барып сорлап, қарайып жатыр. Қара қыздарымыз косметиканың қасиетінің арқасында ағарып жатыр… 60-70-ші жылдары апаларымыз екі қасының арасын нүкте етіп бояп, үстінен қарайтып алатын. Оны кәдімгі оспамен инеге батырып жасайтын. Сол кездегі сәнқой апаларымыздың қастары әлі кетпеген, бүгінге дейін жеткен. Сол сән бүгінде қайтып келді. Қыздарымыз қастарының үстінен татуаж жасатып, қиылған қас, найзадай шаншылған кірпікті қолдан жасатып алып, сұлулардың қатарын толықтырып жүр. Жасанды сұлулық екені көзге бірден білінеді. Бірақ жанып тұрған мода болған соң оған үн қатпай қалыс қалу «колхозницалардың» тірлігі деп, аламан бәйгеге ат қосып қиқуды көбейтіп тұрғандар көп бүгінде. Қарлығаштың қанатындай қиылған қасты жасайтын мамандардың шеберлігіне қарай, бірінің қасы сұр, бірінікі қап-қара, енді бірінікі қоңырқай болып шығады. Тіпті бадырайтып қап-қара етіп боятып алатындары да баршылық. Енді осы жасанды сұлулықтың бағасын естісеңіз, басыңыз айналады. Майда-шүйде болып көрінгенімен. Шаштан бастайық. Шашты сарғайту, яғни мелировканың ең арзаны 5 мың теңге тұрады. Оны кезең-кезеңімен бояп, нағыз блондинкаға айналу үшін тағы да біраз шығындануға тура келеді. Сонда бір шаштың өзіне 15-20 мың теңгеңізді суырып бересіз. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» қағидасы осы жерде үстемдік құрады. Талай теңгеңізді сұлу болу үшін құрбандыққа шалуға тура келеді. Енді қастың бағасына келейік. Қастың татуажы да 5 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты 10 мың теңге, одан сатылап көтеріле береді. Кірпіктің жиегін қарайту да, еріннің жиегін қызарту татуажы да арзан емес –  5 мың мен 10 мың теңгенің аралығында. Сояудай кірпіктерді жапсыру да тегін емес, әрине. Одан жезтырнақтың тырнағындай етіп тырнақ жапсыру да 3 мың теңгенің о жақ, бұ жағына барады. Мұрнын тестіріп, қабағына сырға салу да сәнге еніп келеді. Оның қаншалықты зиян, зиян еместігіне қарап жатқан қыздар жоқ. «Құрбысынан қалмауы керек!».  Жанталасып жүріп, соңғы модаға ілесуі керек, әйтеуір. Көз алдыңызда жұтынып тұрған бойжеткеннің тұла бойына бажайлап қарасаңыз, жасанды жапсырманың түр-түрін табасыз. Тіпті айналаңызда сұрықсыз қыз жоқ, бәрі сұлу. Бірі бірінен өтеді. Алайда табиғи, нағыз сұлуды тап басып тану оңай емес. Сұлулық салондары да, пластикалық хирургия жасайтын клиникалар да қызметіңізге дайын. Жарнамалары жер жарады. Әдемі болу үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беретіндер жоқ емес. «Қисық аяққа қызыл кебіс не теңім» дейтіндей емес, бүгінде қамыт аяқты оқтай түзу аяққа айналдырып, жалпақ танауды кішірейтіп, беттегі қып-қызыл дақтарды ыдыратып, секпілді кетіріп, әжімді әдіптеп беретін қызмет орындары бүгінде тастың үстіне шыққан мүктей қаптап кетті. Денсаулыққа зияны болмаса жақсы ғой. Алайда оның тарттырар азабы да аз емес екенін әсемдікке құмар қыз-келіншектер жадыларына жаттап алса дейсің. Алайда жасанды дүниенің уақыт өте келе жанды жараға айналмауына да ешкім кепілдік бермейді. Оны төсін үлкейтіп, әдемілеу үшін силикон салдырам деп бармақ шайнап қалғандардың мұң-зарынан білуге болады. Жуырда ғана ресейлік басылым силикон салдырған қыздың уақыт өте келе онысы жарылып кетіп, онкологиялық ауруға душар болғанын жария етті. Осылайша бармақ тістеп қалмас үшін, құрбандыққа бармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн-ау. Ақ пен қараны айыра алатын, жасандылықты жаны сүймейтін жандар көп. Көзге ұрып тұратын, сатып алған сұлулықтан гөрі «…ай көрінер көзіне» дегендей, табиғи сұлулық тамаша емес пе?

Жаннұр ЖҰМАШ

http://www.halyksozi.kz