Ресей телеарналарының орнын түркі арналары баса ма?
Бүгінгі жағдайға келсек, Кеңес одағы тұсында Мәскеудің орталық арналарын көруге мәжбүр болған көрермен әлі де ресейлік хабарларға тәуелді. Мұндай қолайлы жағдайды туғызып отырған кабельдік және спутниктік операторлар коммерциялық табыс жағын көбірек ойлай-ды. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ нарық заңы дегенімен, ғаламдастыру заманында арғы күнімізді ойламасақ, өзге тіл мен діннің, жат мәдениеттің оңай жемтігіне айналмасымызға кім кепіл?! Қазір кез келген кабельдік және спутниктік оператор орташа есеппен «Стандарт» пакеті бойынша 80-100-ге тарта телеарнаны көрермен назарына ұсынады. Таяуда Қазақстан үкіметі республика аумағында міндетті түрде таралуы тиіс теле-радио арналардың тізімін бекіткен соң, аталған операторлар отандық арналар санын біршама арттырды. Енді мәселен, «Алма ТВ» кабельдік операторының «Стандарт» пакетіндегі 80 арнаның, «Престиж» пакетіндегі 127 арнаның 22-і ғана отандық телехабарлар болып отыр?! Пайыздық жағынан алсақ, Қазақстанда таралатын арналардың 80-85 пайызы шетелдік, оның ішінде 90 пайызы ресейлік арналар болса, тілдік жағынан қандайда бір көрсеткіш келтірудің өзі қиын.
Түркітілдес медиа саласын сөз етсек, «Алма ТВ» желісінде Қазақстан аумағында Түркия, Әзірбайжан мен Татарстанның бірнеше арнасы тарайды. Бұл арада әсіресе, Орталық Азия аумағында ортақ ақпараттық кеңістік орнатып, онда бірігу идеяларының насихатталуы аса өзекті. Бұрнағы жылдары қазақ-өзбек шекарасында, күні кеше қырғыз-өзбек шекарасында болып жатқан жағдайлар тілі мен діні бір бауырлас халықтардың жыл өткен сайын алшақтап бара жатқанын аңғартпай ма?! Өз сұхбаттарында саясаттанушы Ерлан Қарин де: «Бүгінгі жағдай жайын айтсақ, түркі елдерінің ынтымақтастығын қамтамасыз етіп, ортақ ақпараттық, рухани кеңістікті орнату аса маңызды» дейді. Неліктен осы күнге дейін Орталық Азия одағы құрылмай келеді? Неге шетел сарапшылары бұл аймақта болашақта дағдарыс ошақтары орнайды деп болжайды? Неге бауырлас елдер арасында шекара даулары тыйылмайды? Себебі бауырлас халықтарды жақындастыратын ақпараттық-идеологиялық құрал – ортақ теле-радио арналар жоқ!
Тіпті кейде кабельдік желілерде түркі арналары көбеюдің орнына азайып бара жатқан жоқ па деп ойлайсың… Мәселен, 2009 жылдың желтоқсан айында «Түрксой» ұйымының бастамасымен құрылып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, сондай-ақ Татарстан, Башқұртстан, т.б. түркітілдес елдер аумағында таралуы тиіс «TMB tv» түркі музыкасының арнасы («Алма ТВ»-ның «Престиж» пакетінде болған – авт.) көрермен ықыласына бөленіп үлгерген еді. Өкінішке қарай, бұл жоба «Алма ТВ» желісінен жоғалып, оның орнын Ресейдің православие шіркеуінің тыныс-тіршілігін насихаттайтын «Спас» арнасы басты. Мұның өзі – түсінгенге бір белгі.
Ал «TMB tv» арнасына келсек, онда негізінен, қазақ өзбек, түрік және әзірбайжан халықтарының үздік клиптері көрсетіліп, ұғынықты тілдердегі әндер бауырластық сезімін оятатын. Тағы бір қуанарлығы, телеарнаның сайтын көрсеңіз, бүкіл түркітілдес халықтардың ішінде ең көп қаралған клиптер қазақ әншілеріне тиесілі. Атап айтсақ, Ақылбек Жеменейдің «Көк айдай» әні – 912 рет, «Ринго» тобының «Толғауы» – 431 рет, «Орда» тобының «Ғашықпын» әні – 420 рет қаралған, бұл – өзбек, не түрік әншілерінің клипін қараудан бірнеше есе көп көрсеткіш. Ал Түркі әлемінің ең үздік 40 әнінің ішіне қазақ әндері үздік ондыққа кіреді. Ән шеруінде көш бастап отырған орындаушылардың қатарында Өмірқұл Айниязов та бар. Мұның өзі қазақы бояуы қанық әндердің түркі әлеміне қаншалықты маңызды әрі қажет екенін аңғартпай ма?! Әйтсе де, жалпы аталған арна сайтының аз қаралуының өзі пиар жағынан біраз насихаттың жетіспеушілігін көрсетеді. Себебі 180 миллионға жуық халқы бар түркі әлемінің ортақ БАҚ-тарды қарау әлеуеті де жоғары екені даусыз. Тағы бір мәселе, «Түрксой» ұйымының бастамасымен құрылған арналар тек түрік тілінде сөйлеуі керек» деген мәселе жоқ. Яғни «ТMB tv» сияқты арналарда қазақ, не қырғыз тілдерінде, яғни кез келген түркі тілінде сөйлейтін жүргізушілер де болуы керек.
Стратегиялық жоспарлар жайын сөз етсек, «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай қазақстандық арналар 100 шет мемлекетке таралуы тиіс. Қазірше белгілісі, Қазақстанның өзі бір ғана Ресейден жүзге тарта телеарнаны қабылдап отыр. Мұндайда Ресейдің кеңестік заманды қайта елестететін «Ностальгия», орыс фильмдерін дәріптейтін «Русское кино», қару-жарақты көрсететін «Оружие» сияқты салалық ондаған арналардың орнына Қазақстан да өзінің ұлттық фильмдері мен қару-жарақтарын, аспаздық өнерін дәріптейтін салалық телеарналарды неге көбейтпейді деген сауал еріксіз туындайды. Түптеп келгенде, орыстілді БАҚ-тар саны осындай салалық арналар есебінен көбейіп, ақпараттық экспансияның құрамдас бөлігіне айналып отырған жоқ па?!
http://www.aikyn.kz