Соңғы жылдары Мәскеу қаласында білім алып жатқан қазақ жастарының арасында оқыс оқиға жиіледі. Жуырда ғана Губкин атындағы мұнай және газ университетінің 23 жастағы магистранты Бердақ Алтаев жұмбақ өліммен көз жұмды. Жат елде жапа шегіп, белгісіз себептермен қаза тауып жатқан қандастарымыз туралы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Әлеуметтану факультетінің магистрі, болашақ әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызы ашық әңгіме айтады. «Болашақ» бағдарламасының иегері бізбен Ресейдің әлеуметтік мәселелерін салыстыру арқылы Кеден Одағы шеңберіндегі қымбатшылықты қаузады.
«Гастрайбайтер қазақ жоқ»
– Айсұлу, жуырда ғана Мәскеуде жұмбақ өліммен көз жұмған Бердақ Алтаев есімді замандасыңыздың қазасы жөнінде не ойлайсыз: бұл қалыпты жағдай ма, жоқ, әлде оның қазасында бір сыр бар ма?
– И.М.Губкин атындағы мұнай және газ университетінің магистранты Бердақ Алтаевтың кенеттен өмірмен қоштасуы бәріміздің жанымызға батты. Өзім онымен таныс емес едім. Алайда Бердақтың жақын құрбы, достарының айтуы бойынша, ол өмір сүруге құштар, өте позитивті, ақ көңіл жігіт болған. Отандасымыздың өлімінің мән-жайын іздестіру органдары айта жатар. Бірақ әлі күнге дейін денеге жасалынған сараптама нәтижесі жарияланбады. Жалпы, ресейлік студенттер оның өзіне қол салды дегенге сенер емес…
– Сұрақты бұлай күдік пен күмәнға негізделіп қойған себебіміз, Мәскеуде қазақ жастарының қаза болуы – бірінші оқиға емес қой. Сондықтан да ол жақтағы қоғамдық-әлеуметтік орта туралы сізден толығырақ білгіміз келеді?
– 2011 жылы ғана дәл сол университеттің магистранты Ернар Әлиев бұзақылық шабуылдан қаза тапқан еді… Енді, міне, тағы да бір студентімізден айырылдық. Қоғамдық ортада, білім беру орындарында қазақ студенттерін біреу кемсітіп, психологиялық қыспаққа алып жатқан ешкім жоқ. Орыс тіліне өз ана тіліндей жетік біздің қазақстандық студенттердің білімі ресейліктерден асып түспесе, кем емес. Ал жалпы әлеуметтік ортаның «температурасына» тоқталатын болсақ, «…дефицит духовных скреп, милосердия, сочувствия, сострадания друг к другу, поддержки…» деп В.Путиннің өзі айтқандай, бүгінгі Ресей қоғамында адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, жан жылуы төмен деңгейде.
– Мәскеуде орыс ұлтшылдарының орталықазиялықтарды ішке тарта бермейтіні ашық жүрілетін сияқты, осыған не дейсіз?
– Кейбір орыстардың менталитетінде кешегі империалистік рухтың қалдығы әлі де бар. Оны жасырмаймын. Негізі, Ресейде Орталық Азия елдерінен, әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген еңбек мигранттары өте көп. Әрине, олардың көпшілігі орыс тілін өте төменгі деңгейде біледі. Күнкөріс қамымен келген оларды орыстар қанша жерден ұнатпағанымен, еңбек нарығы қарапайым жұмысшыларға зәру. Одан бөлек, Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттарының еңбегі арзан және олар кез келген жұмыстың қиындығына қарамай жалдана береді. Ашықтан-ашық оларды ешкім кемсітпесе де, психологиялық қысымның бары рас. Орталықазиялық және славяндық топтар арасында төбелестер болыпты дегенді құлағымыз шалып қалады кейде. Бірақ барлығы бірдей ұлтшыл, өзімшіл деп айтуға болмайды. Әсіресе, оқу орнында академиялық әділеттілік бар: білімің мен білігіңді ұстаздар бағалап, студенттер мойындайды.
– Мәскеудің әлеуметтік ортасындағы қазақтардың орны қалай? Писсимистік көзқарастағы кейбір азаматтар «қазақтар өз отанында да қораш өмір сүріп жатыр» дейді…
– Мәскеуде 25 мыңнан астам қазақ тұрады, көбі интеллигенция өкілдері мен кәсіпкерлер, студенттер. 1990 жылы Мәскеуде оқып жүрген аспиранттардың атсалысумымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамы бүгінгі күнге дейін жемісті жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар студент жастардың басын біріктіретін «Атамекен» ұйымы бар. Қазақтардың қоғамдық өмірі қашанда қызу қайнап жатады. Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің де бастамасымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша отандастарымызбен араласып, Мәскеуге тез бейімделіп кеттім. Мәскеуде күнін көре алмай немесе «гастрайбайтер» болып жүрген қазақты өзім көрмедім.
Кедей ауыл
– Соңғы жылдары алыс-жақын шет елдерде білім алып жатқан қазақ студенттерінің жұмбақ өлімдері көбейіп кеткені ешкімге құпия емес, осы жағдай көңіліңізге күдік ұялатпай ма?
– Шетелде оқу бүгінде әрбір жастың арманына айналғандай. Елден жырақ, жат жерде білім алу оңай емес. Ата-ана, туыстардың қамқорлығын айтпағанның өзінде, жаңа орта, өзге менталитетке бейімделуің керек. Тіпті әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарауыңа тура келеді. Себебі сен арқылы шетел азаматтары Қазақстанды танып, күллі қазақтар туралы танымын қалыптастырады. Сондықтан, жалаң арманмен «шетелде оқу» деген атына ғана қызығып қоймай, өзінің тіл білу деңгейі мен психологиялық, қаржылық дайындығын бағалап барып, жырақта оқу туралы шешім қабылдаған дұрыс. Сондықтан, біздің кейбір шетелде білім алып жүрген жастарымыздың жұмбақ жағдайда қаза табуына түрлі себептер болуы мүмкін…
– Әлеуметтанушы ретінде айтыңызшы, билік тарапынан ұлтшылдықты қолдау саясаты Ресейде жақсы жүрілетін сияқты ма, қалай? Ал өз отаныңызда ше?..
– «Ұлтын сүю» мен «ұлтшылдықтың» ара-жігін ажыратып алған дұрыс сияқты. Әсіреұлтшылдық кез келген қоғамда бақытқа бастамайтын жол екені анық. Ресейде білім туралы заңға енгізілген соңғы өзгертулер бойынша республикаларда орта білім беру жүйесінде ана тілін міндетті оқыту пәндері қатарынан алып тастады. Бұл өз кезегінде түрлі ұлттар мен ұлыстардан тұратын Ресей халқына ұнамағаны рас. Өткен жылы Ресей халықтарының ассамблеясына қатысып қалдым. Байқағаным, біздің ассамблея олардан әлдеқайда жемісті жұмыс істейтіндей көрінді. Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамы 20 жылдың ішінде бір рет те көмек алмаған, тек жанашыр отандастарымыздың демеуі мен қолдауы арқасында ғана жұмыстарын жалғастырып келеді. Менің таңғалғаным, қазақ тілін оқытатын мұғалімге елшілікте де штат қарастырылмаған. Қоғамдық бастама, таза интузиазммен сабақ өтіп жүрген «Қазақ тілі» қоғамында бір қыз бар. Қоғам шығаратын газеттің таралымы 999 дана ғана. Басты мәселе – қаржы жетіспеушілігі. Ресейдегі жағдайы жақсы қазақтар қайырымдылық ретінде көмек көрсетіп отырады екен, бірақ олар «бір реттік қана», – дейді қоғам басшысы…
Осы тұста Ресейдің «Русский мир» деген қорының өкілдіктері әлемнің көптеген елдерінде бар. Дүниежүзі бойынша орыстың тілі мен мәдениетінің таралуына қор үлкен маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Ал біз қазақ тілін шетелдегі өз отандастарымызға оқытуға шамамыз келмейді. Осы күнге дейін қазақтың тілін, тарихын, бай мәдениетін насихаттау мақсатында мәскеулік «Қазақ тілі» қоғамы ел Үкіметіне 27 рет жоба жасап ұсынған. Алайда бір де біреуіне жауап келмепті.
– Өз елінде қазақтың ұлттық мәселесі шаштан қалың: кедей де, әлеуметтік төмен топ та – қазақтардан көп кездеседі. Осы мәселе жаныңызға батпай ма?
– Елімізде тек қазақтар күнкөріс минимумынан төменгі деңгейде өмір сүреді деп біржақты қорытынды жасаған дұрыс емес. Әрине, саны жағынан көп болуы мүмкін. Бірақ ол жалпы қазақтардың басқа ұлттарға қарағанда, үлес салмағының көп болуымен сипатталады. Қарапайым статистиканы дұрыс қолданбаудың салдарынан кез келген мәселеден ұлттық астар іздеудің керегі жоқ деп санаймын. Ал жалпы елімізде ресми дерек бойынша, 2012 жылдың екінші тоқсанында 18 041 теңге күнкөріс минимумынан төмен табысты адамдардың үлес салмағы 4,1 пайызды құраған. Әсіресе, кедейшілік деңгейі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында және ауылдық жерлерде жоғары. Негізгі себептердің бірі – жұмыссыздық, төменгі жалақы. Елімізде аймақтардың хал-ахуалы мүшкіл. Тіпті мұны Елбасының өзі халыққа жолдауында айтты. Осы бағытта Аймақтық даму министрлігін құруды, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды алға қойды. Өкініштісі, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруда қарапайым инфрақұрылымның өзін жақсарттық деп айта алмаймыз.
Отандық өнімге зәруміз
– Сіз әлеуметтік желіде «Ресей бізге «қол салғандай» деп жазыпсыз. Таратып айтыңызшы, бұл ойыңызға не түрткі болды?
– Экономикалық астармен жазылған ой еді. Алматы қаласына оқудан келгенімде, сыртта жүрген 4-5 айдың ішінде Ресейдің бірқатар қызмет көрсету орталықтары мен сауда орындарының филиалдары ашылып үлгергенін байқадым. Бұл ортақ нарыққа жол бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістікті құру бағытындағы құптарлық қадам шығар. Алайда Астанадағы Экономикалық зерттеу институтының зерттеуінше, Кедендік одақ аясында Қазақстан бірінші реттік өңдеудегі өнімдер мен тауарларды көп экспорттайды, ал соңғы өңдеудегі және дайын өнімдер позициясы бойынша артта қалып отыр. Ал екінші өңдеудегі және дайын өнімдердің көп бөлігі (40 пайызы) қазір елімізге Ресей мен Беларусьтен келеді екен. Осылайша, экономист мамандардың зерттеуінше, Кедендік одақ күшіне енгелі Ресейдің орталық аймақтары мен Сібірге бағытталған компаниялары өздерінің өндірістік және шаруашылық қызметтерін Қазақстанға көшіруде. Сонымен қатар арналарымызда Ресей өнімдеріне деген жарнамалар мен шоу хабарларының көбейгенін байқадым. Мұндай өзгерістер қалың орыс арасынан елді сағынып келгенде, көзге бірден байқалды, көңілімді жабырқатып тастады. Яғни осының бәрі маған Ресей бізге «қол салғандай» көрінді.
– Біздің базарлар мен дүкендерімізде Ресей өнімдері қаптап тұрады, ал Мәскеуде біздің отандық өнім бар ма?
– Шынымды айтсам, Мәскеуде оқып жүргенде қазақстандық тауар тұтындым деп айта алмаймын. Мұның себебі, Қазақстанның ет-сүт өнімдері, шұжық, ірімшік, спирттік ішімдіктері, кондитерлік өнімдері әр түрлі кедергілерге ұшырап, Ресей нарығына шыға алмайды екен. Осылайша, ірі алматылық кәсіпкерлер Қауымдастығының мәліметтері бойынша, қазақстандық орта кәсіпкерлер Ресей мен Беларусьте қанат жая алмай отыр.
Байқап жүргеніміздей, біздің дүкендердегі өнімдер Ресейде орта тауарлар болып есептелінетін көпшілік тұтыну заттары мол. Тіпті орыс кәсіпкерлерінің тұтынушыларды тарту үшін тауар бағаларына «дэмпинг» (мақсатты түрде бағаны түсіру) жасағаны да көрініп тұр. Себебі, кейбір тауарлар бізде Ресей нарығындағы бағадан да арзан.
– Кеден Одағына мәскеуліктердің көзқарасы қалай? Сұрақты бұлай қойғанымыз – кейбір ресейліктер: «қазаққа қала салып берген, ғылым-білім үйреткен – біз. Кедендік одаққа кірсек, олар бізге тағы да масыл болады» деп даурығып еді…
– Керісінше, Қазақстанның бүгінгі әлеуеті мен геостратегиялық маңызын ресейліктер әбден біледі… Ал Кедендік одаққа байланысты Ресей қоғамында әртүрлі көзқарастың бары анық. Еуразиялық интеграцияның мәнін қарапайым халық көп түсіне бермейді. Біздегідей емес, үгіт-насихат жұмыстары да аз жүргізіледі. Бұл қарым-қатынасты тым саясиландырып, Ресей империясын қайта жандандыруға бағытталған қадам деп есептейтіндер де бар. Тіпті осылайша кейбір ғылыми орталарда да талқылаулар жүргізіледі. Өзім қатысып, куә болдым. В.Путиннің стратегиялық бастамасы санайтын кейбір ұйымдар осы бағытта өздеріне ұпай жинау үшін еңбек етіп жүр. «Жас Еуразия» ұйымы Еуразиялық Жастар Парламентін құрамыз деген бастама көтеріп жүр. Маған ұйымға мүше болуға ұсыныстар айтылды, бас тарттым. Менің пікірімше, қазіргі еуразиялық кеңістікте жастардың саяси байланысынан гөрі мәдени, ғылыми қарым-қатынасын дамыту маңызды.
– Кеден Одағы кіргелі бері халықты қымбатшылық қысып барады, ал Сіз білім алып жатқан қаладағы халық тұрмысынан ондай экономикалық ауыртпалық байқалмай ма?
– Кеден Одағы Мәскеу нарығында қымбатшылық, не керісінше, арзаншылықтың орнауына әсер етті деп айту қиын. Қазақстанға, Беларуське тауар шығарған кәсіпкерлерге тиімді болған шығар. Әрине, инфляция бар. Бірақ Мәскеу Ресейдің экономикалық дамыған, жұмыссыздық деңгейі ең төмен, қайнаған қызу тіршілігі бар қаласы болғандықтан, халықтың тұрмысы тым мүшкіл деп айта алмайсың. Алайда Мәскеу кез келген мегаполис сияқты қарама-қайшылыққа толы қала. Белгілі бір аудандарына байланысты халықтың тұрмыс-жағдайы да әртүрлі.
– Жас әлеуметтанушысыз ғой, «қазақ Кеден одағының құрамына кірсе, орысқа жұтылып кетеді» деген пікірмен келісесіз бе?
– Елбасымыз Мәскеуге келген сайын шегелеп айтатынындай, ешбір экономикалық интеграциялық процестердің елдің Конституциямен бекітілген егемендігіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Меніңше, саяси ерік-жігерге де көп нәрсе байланысты…
Тек әдемі сандарға ғана
– Сырттан, Ресейден қарағанда, әлеуметтік тұрғыда қазаққа не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Біз әлі де еліміздің тұрғындарының интеллектуалдық потенциалын көтердік деп айта алмаймыз. Білімділік коэффициенті бойынша Қазақстан халықтың 99 пайыздан астамын орта біліммен қамтамасыз етіп, жоғары білім беретін оқу орындарының саны жөнінен алда болғанымызбен, әлі де болса, қарапайым сапалы маман дайындай алмай келеміз. Кез келген салада білікті маман тапшы. Президент те шеттен топ-менеджерлерді тарту бастамасын көтерді. Сонымен қатар еліміз түрлі бағытта жоба, бағдарламалар қабылдағанға тым шебер. Олардың бюджеті де керемет. Әрине, бағдарлама арқылы мемлекеттік саясат жүзеге асырылып, қоғамда қордаланған мәселелер шешілуі керек. Алайда сол бағдарлама, жобалардың нәтижелері көңіл көншітпейді. Олардың тек экономикалық тиімділігі мен қаражаттың қалай, қай мақсатқа жұмсалғандығын ғана өлшеп келеміз. Жақында ҚР Есеп комитеті «Жасыл даму» бағдарламасының тиімді жүзеге асуына жүргізілген бақылаудың нәтижесін жариялады. Қоршаған ортаның ластануы деңгейін төмендету, экологиялық тұрақты дамудың механизмдерін жасау, ормандарды қорғау мен өсіру сияқты т.б. маңызды шаралар жүзеге асырылмағаны анықталды. Бюджеттік және заңнамалық талаптарды бұзудың жалпы құны 7,5 миллиард теңгені құраған, 52 көрсеткіштің 12-сіне, 33 индикатордың 7-не қол жеткізілмеген. Қазір әлемде мемлекеттік іс-шаралардың тиімділігін бағалауда саннан гөрі, сапалық көрсеткіштерге көп көңіл бөлінеді. Әсіресе, макро-экономикалық көрсеткіштерден бұрын халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқаты мемлекеттің даму деңгейін көрсетеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да, тек әдемі сандарға ұмтылу байқалады… Сыртқы имидж деп орталыққа көңіл бөлініп, аймақтардағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне көңіл бөлінбесе, қоғамда әлеуметтік шиеленістердің өрши беруі әбден ықтимал.
– Әңгімеңізге рақмет!
Жарас КЕМЕЛЖАН
http://jasqazaq.kz