Сондай-ақ «ТенгриФМ» радиосының эфир редакторы Шоқан Оразаевтан: «Айқын» газеті біздің радионы ел қайғырған күні сауық құрды деп айыптаған екен. Бүкіл Қазақстан мемлекеті қара жамылған сәтте біз де эфирдегі жаңалықтан басқа барлық хабарымызды тоқтатып қойып, қаза болғандардың аруағын сыйладық. Жаңалықтар әдеттегі дыбысынан әлдеқайда аз деңгейде шықты. Сонымен қатар, эфирдегі музыка осыған сай болды. Әндердің барлығы баяу ырғақты, минорлы болып таңдалды. Осыған байланысты мақала «ТенгриФМ» радиосына қатысты теріс пиғылмен жазылған деп санаймыз. Жақсылықпен аты шықпағанның әрекетін доғарып, шындықты жазып, ел алдында бізден кешірім сұрауды талап етеміз!» деген үшбу хат алдық.
Әрине, біз ешкімге жала жауып, жоқ жерден кінә іздеп отырғанымыз жоқ. Бірақ сол күні редакцияға түскен оқырман қоңырауынан кейін, аталмыш радио тораптарды кезек-кезек қосып отырып, шынында беріліп жатқан әндерден азалы әуенді байқамадық. Кей әннің ырғағына көңіл бөлінгенімен, мазмұнына мән берілмеген. Көкжәшікті қосқанымызда коммерциялық арналардың бірінен төсекте аймаласып жатқан екеудің әрекетіне тап болдық. Осыдан кейін «Күнделікті дағдысымен көңіл көтеріп, үйреншікті жұмыстарын жалғастыра берді» демегенде, не дейміз? Керісінше, «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Классик» радиоларын қосқанымызда ет-жүрегіміз езілді. Ұлттық арналар тікелей эфир ұйымдастырып, қоғам қайраткерлерін, имамдар мен зиялы қауым өкілдерін шақырып, халыққа басу айтты. Бұл тек мемлекеттік теле-радиолардың міндеті ме? Мейрам сайын құттықтау айтқызып, эфирді жаулап алатын жұлдыздарды осындайда шақырып, орын алған апатқа байланысты ойларын неге ортаға салмады? Болмаса «Digital» компаниясы сияқты эфирді мүлде тоқтатып қойса, одан бір күн ішінде өзгеріп кететін дүние жоқ қой. Біздің бар айтпағымыз осы еді. Сол күні құлағымызға түрпідей тиген эстрадалық музыкалар мен көзіміз көруден ұялған ерсі кадрларға тыйым болса де-ген ниетпен жеке ойымызды білдірдік.
Жалпы, «жаман айтпай, жақсы жоқ», қаралы күні қандай музыка берілгені дұрыс? Баяу ырғақты ән екен деп, мәтініне көңіл аудармау қаншалықты жөн болмақ? Біз бұл сұрақты мемлекет қайраткерлері мен білікті музыка мамандарына қойған едік…
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Құдай жамандыққа жорытпасын, мысалы, шетелде аза тұту күні жарияланған кезде эстрадаға қатысы жоқ, тек классикалық музыка береді. Эстрадалық музыка берсе де бұл жанрдың трагедияға еш қатысы жоқ. Қайғыратын музыка емес. Оны заңда астын сызып көрсетудің қажеті де шамалы. Әңгіме онда емес. Заң – әр адамның өзінің ар-ұяты. Адамгершілігіне байланысты. Егер ұяты бар адам болатын болса, жыртыңдаған музыка бермеуі керек. Ұяты болмаса, заңды өз ыңғайына қарай олай да, бұлай да бұрып алуға болады. Оның ретін табатындар көп. Сондықтан мұның барлығы әр адамның ар-ұятына, тәрбиесіне, оқып-тоқығанына, тіршілігіне кеп тіреледі. Ауыр апат болып жатқан кезде қайғыра білсе, табиғаты соған жараса, қайғырады. Егер жарамаса, мен ондай адамдарды түсінбеймін. Заңда оны ежелеп, жұта салатындай аузыңа шайнап салып бермейді. Заңда қағида бекітіледі, түсінігі бар адам сол қағиданы әрі қарай дамытып алуы керек. Шетелде де, Ресейде де классикалық музыка ойналады. Кеңес үкіметінің кезінде көсемдері қайтыс болғанда радио ғана емес, телеарналар да кешке дейін аза тұтатын. Симфониялық оркестрлер ойнап отыратын, бұрынғы кадрлер көрсетілетін. Этика деген, мәдениет деген, міне, осы!
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Баяғыда Орталық комитеттің басшылары қайтыс болғанда, тек симфониялық оркестрдің музыкала-рын тыңдайтынбыз. Қазір эстрадалық әндерді берудің қажеті жоқ. Заңда «Мына музыканы беру керек, бермеу керек» деп жазып қойған бап көрмейсіз. Бірақ аза тұту күндері өздері біліп, көңіл көтеретін музыкаларды тоқтатқан дұрыс. Азалы әуендер болмаса да қаралы күнге лайықты дүниелер таратқан орынды деп білемін.
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, композитор, «Астана Опера» мемлекеттiк опера және балет театрының бас директоры:
– Мұндай жағдайда эстрадалық жанрдағы жеңіл-желпі әндер тоқтатылып, классикалық музыка, халық музыкасы, оркестр күйлерін қойған дұрыс. Өйткені эстрадалық музыканың бағыты, төркіні, мақсаты басқа. Классикалық музыканың табиғаты азалы әуендерге жақын келеді. Қаралы күн жалғыз біздің мемлекетіміздің басында болып жатқан жоқ. Жер-жерде орын алып жатқандықтан, халықаралық жағдайлардан да көріп жүрміз ғой. Шетелдерде тек классикалық музыка ойнатады. Мейлі ол баяу ырғақты болсын, жалпы эстрадалық әндерді қойған қай жағынан алғанда да дұрыс емес. Бұл әндер адамның демалуы үшін, көңіл көтеруі үшін жазылады. Көңіл көтеретін музыканы қаралы күні қоюға болмайды. Ал классикалық туындылар адамға ой салуды көздейді. Заңда «Музыка» деп көрсетілмеген деп, оны негізге алу үлкен қате. «Музыка қойылмасын» деген өзгеріс енгізсек, онда музыканың ешқандай түрін қоюға болмайтын болып шығады. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі сияқты ұжымдар орындаған халықтық музы-ка берілуі қажет. Жалпы, ән қойылған дұрыс емес, аспаптық әуендер, күйлер қою керек. Ән қойылған күнде де ой салатындай мазмұнды болуы тиіс. Жеңіл-желпі, мәнсіз-мағынасыз, секеңдеген әндер қою – құрметсіздік. Оның орнын балет музыкаларымен, әлем классиктерінің симфониялық шығармаларымен, оркестр орындайтын күйлермен алмастыруға болады. Ал қаралы күні бұдан басқа әндер қою – бұл мазақ.
Камал БҰРХАНОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Құдай қаралы күндерді басымызға салмасын, беті аулақ! Барлығы осымен кетсін! Бірақ айтарым, Елбасының жарлығымен жарияланған азалы күн болғаннан кейін, Президенттің жарлығы – Заң. Заң – Қазақстан мемлекетінің территориясында және шетелдегі елшіліктерде міндетті түрде жүзеге асуы керек. Бұл – талқылауға жатпайтын нәрсе. Елімізде қаралы күн туып, ауыртпалық түсіп, арыстарымыз-дан айрылып жатсақ, осы елдің азаматы бола отырып, осы жерде түтін түтетіп отырып, коммерциялық болсын, жекеменшік болсын, басқа болсын, ән-би ұйымдастырып жатқаны сыйламағандықтың белгісі. «Заңда, жарлықта музыка туралы ештеңе айтылмаған, би жөнінде ештеңе көрсетілмеген деп, болмаса тағы басқа бірдеңе туралы ештеңе жазылмады» деген әңгіменің барлығы бос сөз деп ойлаймын. Жарлықтың өзінде нақты айтылған – қаралы күн. Біз бақилыққа аттанғандардың ағайындарымен бірге қайғыруымыз керек. Бейкүнә бауырларымыз мерт болды, кездейсоқ апатқа ұшырады. Сондықтан бұл жерде «Таксовать» етпе» немесе «Мына музыканы қоюға болады, ана музыканы
қоюға болмайды» деген әңгіме көтерілуі тиіс емес. Талқылаудың өзі артық. Әркімнің өзінің ар-ожданы мен адами қасиетіне сүйе-не отырып, шешім қабылдауы керек. Біреудің ән айтқанына тыйым салу қиын шығар, бірақ әркімнің өз шешімі қай деңгейде екенін білдіреді. «Заңда ән-би туралы ештеңе айтылған жоқ» деп, БАҚ-та түрлі-түсті дүниелер мен эстрадалық әндерді бере беру адамның ақылына мүлдем қонбайды. Бір мемлекеттің азаматы болғандықтан, осы мемлекеттің отбасына түскен қайғы бәріміздің ортақ қайғымыз болуы қажет. Бәріміз бір кемеде өмір сүріп келе жатқан адамбыз. Сол себептен «Заңда, Жарлықта анау айтылмады, мынау айтылмады» деу санаға сыймайтын сылтау.
Әрбір телеарна болсын, радио болсын, әрқайсысының редакторы бар. Олар эфирге не шығарады, не шығармайды, қай күні қандай бағдарлама береді, болмаса бермейді, күндіз қандай, кешке, түнде қандай хабарлар кестеге қойылады, соның барлығына тікелей жауапты. Әрине, халыққа тоқтам айтатын, рухани сүйеніш болатын, адами, жылы дем көрсетіп, күш-қуат беретін, сабырға шақыратын, еңсесін көтеретін әндер, бағдарламалар болса, жұрт жақсы қабылдайды. Бұл жерде сол редакторлар да адами қасиетінің деңгейін, сана-сезімін, дүниетанымын көрсетіп отыр. Мұндай адамдардың жасаған іс-қимылдары ұяттау.
Заңды – заңды түрде мойындау керек. Бұл жерде олар заңды, жарлықты мойындамай, менсінбей отыр. Қайғыны ойыншық ретінде көрген. Елдің басына қайғы бұлты үйірілген кезде бәріміз бір үйдің баласы сияқты бөлісуіміз керек. Қазақ «Жақсылықты бөліссе – көбейеді. Қайғыны бөліссе – азая-ды» дейді. Репертуарында, қорларында бар ма, жоқ па білмеймін, орыс тілінде болсын, басқа тілде болсын, осындай қиын кезеңде мұңды, адамға кішкентай болса да тірек болатындай музыкалар берілгені орынды. Олай болмаған жағдайда, мүлдем қою керек.